Өлеңдер ✍️

  03.05.2021
  359


Автор: Мұхтар Шаханов

Қалдаяқов өзені

Бар қазақты тамсандырған,
Таңнан-таңға ән салдырған,
Өзің әнмен қарсы алдырған Шәмші едің,-
Зорсығанның көбісі құры сүлде,
Ешкім көзі тірісінде
Ән көгінен дәл өзіндей таба алған жоқ нар сенім,
Қандай ғажап кереметің бар сенің.
Ұлылыққа еліктегіш отсыз, нәрсіз көздер көп,
Біреулер жүр саусағының көмегімен сазгер боп,
Ал сен ұлы жүрегіңмен,
Пейіліңмен,тілегіңмен,
Күллі тамыр тірегіңмен,
Дарын едің алдына жан салмаған,
Ұлт сезімін арқалаудан талмаған.
Отырардың еңкеймеген рухын
Әр қазаққа ән арқылы жалғаған.
Бәлкім, содан маңдайыңның қасіреті тым қалың,
Пенделік пен кенделікті көп көрсең де сынбадың.
Заманыңда ұшырсаң да әннің небір сұңқарын,
Тіпті сазгер қоғамына мүше болмай кеттің-ау,
Ерлік шығар сондай сәтте еңкейместен тұрғаның.
Өкпелеме қазағыңа, өкпелеме, іңкәрім.
Жігіттің бір жарқыны едің,
Дәуірдің сом алтыны едің
Едің және арайы.
Бірақ сенен әлдеқайда қымбатқа
Бағаланды қалайы,
Солай көшкен бұл даладан ұлылардың талайы.
Мына шақта, ізгіліктің тауы тозған кезеңде,
Қырандардан қораздар мен тауық озған кезеңде,
Хас тұлпарды топ жабағы
Қалың шаңға жауып озған кезеңде,
Айналдың сен енді ешкім бөгей алмас өзенге.
Енді саған өшпес, өлмес атақ, данқтың кезегі
Келгендігін досың, түгіл қастарың да сезеді.
Кеш болса да жадырап ақ, еркелеп ақ еліңе
Ұлтымыздың ұлы өзені, Қалдаяқов өзені.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу