Өлеңдер ✍️

  03.05.2021
  506


Автор: Мұхтар Шаханов

Үнсіздік

Бір танысым қонаққа шақырды да,
Топ адамның көзінше
Пікір пішіп өзінше,
Көңіліңді елемей аппақайдың,
Досым, сені жатып кеп даттады-ай бір.
Кеткен шақта әділдік заңға айналып,
Ақты қара деп айту қандай набыт.
Үнсіз қалдым.
Өзіңді нақ сол сәтте
Ақтап алар дәлелім болмай қалып.
Өткен күзде билетін жоғалтып ап,
Бір қарт әжей вокзалда жылап тұрды,
Жылап тұрды, еңсесі құлап тұрды,
Жанарында жалыныш сұрақ тұрды.
Кеткен шақта ізгілік заңға айналып,
Жомарттықты тұсаулау қандай набыт.
Үнсіз қалдым.
Қалтамда нақ сол сәтте
Көк тиын болмай қалып.
Өмір сансыз сауалын тартыпты алға,
Кездерім бар өзімді қор тұтқан да,
Мүмкіндігім жоқ сәтте мұңға батам,
Үнсіз қалып отырам сондықтан да.
Табиғаттың тымырсық ақпанындай,
Ақпанындай, жылдардың қақпанындай,
Мені осынау мейірімсіз үнсіздіктің
Азабынан әрдайым сақта, құдай!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу