03.05.2021
  5040


Автор: Талап Сұлтанбеков

Лұқман Хакім

(фантастикалық әңгіме)


I. ЖҰМБАҚ ХАТ


Менің бұл жолға сапар шегуіме себепкер болған түсініксіз бір хат еді. Көк, сарғыш, ақшыл конвертті хаттардың ішінде ол көп уақыт елеусіз жатыпты. Бізге Қазақстанның түкпір-түкпірінен алуан түрлі хаттар күн сайын жауып жатады. Оларды редакция қызметкерлері кезекпе-кезек аша береміз. Кейде сыртындағы фамилиясын тексермей, бір-бірімізге келген туыстық, жолдастық сәлем хаттарды ашып қоятын жайымыз болады. Оған ешкім кінәлі де емес. Тек оқымаса болғаны дейміз. Бұл жолы да дәл солай болды.


Хат менің атыма келіпті. Оны ашқан мектеп бөлімінің қызметкері Сая екен.


— Мына қараңызшы, сіздің атыңызға бір хат келіпті, байқамай ашып қалғаныма ғафу өтінемін. Бірақ өзі бір қызық хат,— деді ол күлімсіреп. Мен жыртылған конверт ішінен бір жапырақ қағазды қолыма алдым.


«Ардақты Боппоз» деп басталыпты әлгі хат. Содан кейін ақ беттің әр жерінде «...Лұхман Хакім... естуші тірі... тездетіп...» деген бес сөз жазылыпты да, ең аяғына «сәлеммен» деген сөз теріс түсіпті.


Мен қызарып кеттім. Есіме бұдан он жылдай бұрын бірге оқыған жақын жолдасым түсе кетті. Одан басқа ешбір тірі жан менің Боппоз екенімді білмейтіні маған аян. Мен хатты алдым да, бір бүктеп тартпама сала қойдым.


— Жәй, менің бір құрдасымнан келіпті,— дедім қасымда кібіртіктеп тұрған Саяға.


Ол кетісімен есігімді ілдім де, хатты қайта қолыма алдым. Көз алдыма көптен бері хабар-ошарсыз жүрген парталас досымның бет бейнесі елестеді. Біз оны бала кезімізде, неге екені белгісіз, Қайрақ деуші едік. Қайрақ Алматыда ПИ-ді бітіргеннен кейін, Қарағанды облысының бір түкпіріне мұғалім болып кеткен деп естігенбіз. Хат жазысып, хабарласпайтынбыз да. Тұңғыш жазған хатының сиқы мынау. Мен түсініксіз сөздер жазылған қағазды әрі бері төңкеріп, зерттей бастадым. «Бәтшағардың мұнысы несі, жұмбақтамай-ақ жазса несі кетті», деп ойладым. Әрі аудардым, беpi аудардым. Есіме екеуміздің бала кезіміздегі бір ойынымыз оралды. Мен дереу шылым тұтаттым да, хаттың әлгі үздік-үздік бес сөздің арасындағы ақ жолдарды отпен қыздыра бастадым. Көп ұзамай оның сүйкектете жазған хаты әріп-әріпімен толық көрінді. Сондағы хаты былай еді:


«Ардақты Боппоз! Сау-сәлемет боларсын. Сенің Лұхман Хакім жайында зерттеп жүргеніңді есітуші едім. Қеудеңде жаның болса, тездетіп маған жет. Мен оны таптым. Тұрағы — Қарағайлы. Әлі тірі көрінеді. Бәлкім Қайрақтың есі ауысқан деп ойлауың мүмкін. Шынайы Боппоз болсаң асық, өкінбейсің.


Сәлеммен Қайрақ».


Бұл хаттан кейін біраз күн дел-сал боп тұнжырап жүрдім. Қызметтес достарымның арасында да өзімді бір ыңғайсыз сезініп, тіс жарып ештеңе айтпадым. Аздан соң арамызда ол бір жай әзіл хат екен деген ортақ пікір туды да, жұмбақтың бұлты сейілгендей болды. Мен бұл мәселенің неғұрлым елеусіз қалуын тіледім. Ал шындығында көңіл күйім алай-дүлей еді. Күні-түні жадымнан Лұхман Хакім шықпай қойды.


Лұхман Хакім — шығыс ауыз әдебиетіндегі аңызға айналған адамның есімі. Ол өз заманында асқан дәрігер, адам тағдыры үшін бүкіл өмірін сарып қылған ақыл-ой иесі болған екен. Оның жасаған шөп дәрілерінен жазылмайтын дерт жоқ екен. Аңыздардың айтуына қарағанда ол тіпті табиғаттың заңына қарсы тұрып, ажалмен айқасқа түскен, оны жеңіп шыққан көрінеді. Адам баласы үшін мәңгілік өлмес өмір іздеген.


Лұхман Хакім жөніндегі адыздарды бала кезімде естігенім болмаса, кейін ол туралы еш мәлімет таба алмай, ұмыта бастаған едім. Қайбір аңыз адамның жадында қалады. Алайда ұлы ғұламаның өмірі мен іс-әрекеті, оны ойлап шығарған адамдардың қиялдары жүректі ерекше баурайды, тебірентеді. Адам ғылым атаулының бесіктен белі шықпай жатқан кезінде-ақ ажалдың құдіретіне күмән келтірген ғой.


Аңыз десе елегізіп құлақ түре, қызығып қиялға қиял жалғап өскен балалық шақ кімге де болса қызық. Оның жүректе, адамның рухында қалдырған кейбір іздері кейін есейген шақта қайта жадғыруы ықтимал нәрсе. Ол алған әсерге де байланысты. Мен бұдан екі жыл бұрын Қарағайлы ауданына барған едім. Демалыс күндердің бірінде тау аралап, саятшылық етуге мүмкіндігім болған-ды. Жарытып ештеңе атып алмасам да


табиғат көркін тамашалап, күн ұзағына жаяу-жалпы көп сенделгенмін. Сол кез кешкітұрымғы уақыт еді. Қызыл жартасты бір таудың сол жақ қапталын ала еңістеп келе жатқанмын. Көзіме жалтырап әлдеқандай нәрсе көрінді. Жоғары көтерілуге ерінбей біраз мықшыңдап, жартасты өрлеп шықсам, үлкендігі алақанның аясындай ғана кішкентай тас екен. Көтеріп алып қарадым, бетінде арабша жазулар көрінді. Сол арабшаға сауатым мығым емес-ті. Дегенмен ежіктеп отырып оқып шықтым.


«Хұрмәтлу саятшы, екі қадақ ашудас, бір тустахан тотияйын табып бер» деп жазылған екен. Жазудың астында «Лұхман Хакім» деген домалақ мөр тұр.


Бұл не ғажап! Мына тас қайдан келді бұл жерге? Мен жан-жағыма қарап ешқандай сезікті нәрсе көре алмадым. Содан кейін тасты қалтама салып алып, үйге тарттым. Лұхман Хакімнің есімі менің қиялымды екінші рет осылайша қозғап еді. Не болса ол болсын, бір ғылыми құнды тас тауып алдым деген ниетпен жатқан үйіме келіп біраз дем алдым. Содан кейін үй иесі келгенше тасты тағы бір көрейінші деген оймен қолыма алып қарадым. Ғажап! Тастың бетіндегі жазудың бәрі өшіп қалыпты. Және өзі мен тауып алған кездегідей нұрлы да емес. Жай бір қара қошқыл кесек. Жазуды көргенім, оқығаным өзіме аян. Бұл қайда кетті? Ертеңіне күнге шығарып қарадым, отқа қыздырып көрдім, ешбір жазудың өзі тұрмақ жымжылас ізі де көрінбейді. Сол жердің адамдарының бір талайына көрсетіп едім, ешкім тіс жарып ештеңе айтпады. Тез қамданып Алматыға қайтып келдім. Геологиялық институтқа апарып тексергенде, ол кварцтың жай кесегі болып шықты. Ал жазу ізін микроскоп та таба алмады. Содан соң мен Лұхман Хакім жөнінде деректер жинай бастадым. Ал Қарағайлыға қайта баруға бір жолым түспей қойған-ды.


Содан бері небәрі екі-ақ жыл өткен-ді. Міне тағы бір ғажайып жұмбақ. Лұхман Хакімді Қайрақ қайдан біледі? Оны тірі, Қарағайлыда жүр деп жазады. Әлде менің арабша жазуы бар тас тауып алғанымды біліп қойды ма екен? Бірақ мен ол туралы ешкімге ләм-мим деп тіс жармаған едім ғой. Жоқ, Қайрақтың осы хаты мен жұмбақ тастың арасында тікелей байланыс болуға тиіс! Маған шұғыл жүру керек!


 


II ҚАЙРАҚ ЖӘНЕ ОНЫҢ ҚОЛЫНДАҒЫ КҮНДЕЛІК...


Самолет мені Қарағайлыға түс кезінде алып келді. Он шақты жолаушының ішінде бір бұрышта елеусіз отырдым. Қарқаралы тауының сілемдері тармақ-тармақ боп көрінгенде көңілім өрекпіп, тағы бір толқып қалдым. Қандай құпияны жасырып жатыр екен ол өзінің қойынында?! Аэропортта мені ешкім қарсы алмады. Өйткені, дәл сол күні келетінімді Қайрақ білмейтін-ді.


Мен қол чемоданымды көтеріп үйіне кіріп келгенде, ол жас балаша қуанды.


— Мәссаған безгелдек! Сені мұндай жылдам деп кім ойлаған бәтір-ау! Өзіңде өң-түс дегеннен ештеме қалмапты ғой, жәй ма,— деді ол қуақылданып. Мені чемоданымды қоюға үлгертпей, қапсыра құшақтап дөңгелентіп әкетті.


Қайрақтың аузын томпайтып сөйлейтін Қадиша деген ұялшақ әйелі, төрт-бес баласы бар екен. Бәріміз шұрқырасып қалдық. Қайрақ төрт бөлме ағаш үйде қалаша тұрады екен. Ең үлкен бөлмесін кәдімгі ең жаңа мебельдермен жасаулапты. Мен өте көңілді зал үйіне кіріп жұмсақ креслоға отырмақшы едім, ол қоярда қоймай басқа бір кішкене бөлмесіне алып кетті.


— Орындыққа отыра-отыра шаршаған шығарсың, сен біле білсең ауылға келдің, жүр біздің қазақы үйге, — деді.


Қайрақтың қазақы үйі де сүйкімді екен. Төр алдында жаюлы кілем, дөңгелек стол.


Қадиша төрге қабаттап көрпе салып, мамық жастық тастады. Мен ықыласыммен жантайып отыра кеттім.


Жол азабын тартпай, сәтті келгеніме ме, әлде Қайрақтың семьясын, тұрмысын көріп қуандым ба, дүдә-мал, күдік шырмауында жүрген көңілім жайланып орнына түсті.


Амандық, саулық сауалдары біткен соң Қайрақ:


— Ал енді сен жатып дем ал, біз Қадиша екеуміз сені тойғызудың қамына кірісейік, шөлдеген, қарның ашқан шығар,— деді.


— Көп ешнәрсеге әуре болмаңдар,— деп күбір еттім мен.


Біз сораптап шәй ішіп отырмыз. Қадиша қып-қызыл семіз бауырсақтарды кәмпит араластырып дастарханға тау-төбе ғып үйді де, ара-арасына кәдімгі қолдан пісілген сары майды тостағандап қойды. Көп ұзамай жаңа сойылған қойдың қуырдағы келді. Хрусталь рюмкаларды сыңғырлатып шарап іштік. Мен дастархан мәзіріне шын ықыласпен ден қойғансып, өзімнің ішімдегі тағатсыз көңілімді алдырмай еркін отырмын. Ретін тауып мәселені бүйірден қойып қалуға батпаймын. Оның мінезін білемін. «Баламысың, дегбірсізденбей байсалды отыр» десе не деймін.


— Әй осы жазушылар-ай,—деді сәлден соң Қайрақ. Ар жағыңда бірдеңе тығылып тұрғандай не болған саған. Шаруаң ешқайда қашпайды, шайдың тоғын басып, аздан соң ет жейміз. Онан да астанада, үлкен өмірде нендей жаңалықтар боп жатыр соныңды айта отырсаңшы. Алақ-жұлақ етіп, аһ-уһ деп отырсың.


Қадиша, сықылықтап күліп:


— Қайрақ-ау, құрдастың тамаққа зауқы жоқ шығар. Жол жүріп келген, шаршаған адамда не баға болушы еді. Зорлама,— деді.


— Бала кезінде осындай желекпе еді, алқын-жұлқын боп үнемі асығыс жүретін, әлі қоймапты сонысын,— деп Қайрақ орнынан тұрды.


Мен төмен қарап күле бердім.


Қадиша дастарханды жинай бастады.


Қайрақ ауыз бөлмеге шықты да есіктің алдынан қайта бұрылды:


— Жарайды, ерегескенде ішегіңді біраз созайын деп едім. Болмас, қонақсың ғой. Жүр енді. Мен лып етіп көтерілдім де ілесе шықтым. Ол зал үйіне алып келді.


— Бұл бір өзі түсініксіз нәрсе. Сенер-сенбесімді білмей әбден ақымақ болдым. Құрғырдың қайдан ғана менің қолыма кеп түскенін шайтан білсін бе?!


Қайрақ осылай деді де кітап сөресінен тозығы жетіп жыртылған бір көкала дәптерді суырып алды.


Дәптерді жел қағып, су тиген тәрізді. Шет-шеті жұлма-жұлма. Тағатым таусылып елегізіп тұрған мен Қайрақтың қолынан оны тартқандай боп жұлып алдым да аша бастадым. Дәптердің беттері тышқанның ізіндей ұсақ жазуларға толы.


— Ал енді мен саған кесел болмайын, асықпай, абдырамай мұқият оқып шық. Сон соң маған сөйлеп бересің,— деді де Қайрат есікті жауып тысқа шығып кетті. Мен өзіммен өзім жеке бөлмеде жұмбақ күнделікті қолыма ұстап қала бердім.


Дәптер бетіндегі жазу баланың қолынан шыққан сияқты. Бадырайып анық түсіпті. Бірақ көп жерінің сиясы езіліп, қағазы оңып кеткеннен, толық оқуға мүмкін емес.


25 июль. Өмір — арпалыс. Өмір — күрес. Дарындылық дегеніміз — өсімдік. Дарын адамда ғана емес, табиғатта да бар. Адам өмірі табиғат өмірінің тура көшірмесі. Адам ауырады, табиғат та ауырады. Табиғат тілсіз мылқау ма? Жоқ. Онымен сөйлесе білу керек. Ол адамға күн сайын көп нәрсе айтады. Бірақ адам өр мінезді, тәкаппар. Ол өзі сол табиғаттың перзенті бола тұрса да, одан ішкі рухы, сезім түсінігі жағынан алшақтап кеткен,— деп басталыпты күнделік.


26 июль. Мен бұл өмірде жалғызбын. Мені ешкім түсінбейді. Жұрттың бәрінің тағдыр жолы сызулы. Ал мен бір адасып жүрген жан. Сол себепті адамнан гөрі табиғатты ұнатам. Адам маған: бос жүрме, харекет қыл, оқу оқы, жұмыс істе дейді. Не үшін? Күнелту үшін. Қызық. Сонда мен бүкіл өмірімді тамақ асырап, күн көру үшін ғана сарып етуге тиіспін бе?


Табиғат маған керісінше сыр шертеді. «Адам өмірі қысқа. Оған асығу керек. Беймаза күйбеңмен жүріп талай қызықтан, шынайы өмірден құр қалдың. Сен менің құпиямды ізде, тілімді тап. Сонда мен сараң мәңгілік өмір жолын сілтеймін»...


27 июль. Мен тау кезгенді ұнатам. Жалғыз жүріп табиғатпен бетпе-бет қалғым, сырласқым, ішкі рухыммен үндескім келеді. Мен табиғаттан дарынның кілтін сұраймын. Ол мені түсінеді. Аялайды, тербетеді. Алыстан үздігіп шыққан үн естимін. Дарынның кілті — от! Оның шоқтары өсімдік бойында. Іздеп тап та,


кеудеңе дарыт. Мен табиғаттан мәңгілік өмір сұраймын. Ол тағы жауап береді. Мәңгілік өмір оты да әсімдік бойында. Ізде, тап, ол сені күтіп тұр.


28 июль. Мен тап сол күні өте ерте тұрдым. Күндегі әдетімше қол чемоданыма бір күндік азық салдым да, тау кезіп кеттім. Табиғат ғаламат үлкен кітап сөресі тәрізді. Бірақ одан кітап сұрап алып оқудың өзі — қиямет нәрсе. Қолыңа ұстата салмайды. Көп қиыншылықпен азап шегіп, кей күні түксіз оралам. Алайда осы сапарым өте сәтті болды. Мен бір үлкен сергелдеңге түсіп, қиямет қайымның өзінен бір-ақ шықтым деуге болар.


Не болса да қалай болғанын тәптіштеп жазуға тырысып көрейін. Бұл оқиғаға естіген адамныц сенбейтіндігіне көңілім кәміл.


Қарқаралы тауының терістік-шығыс жағында Мыңқой үңгірі бар еді. Мен соған барып жүргенде бір өте тар қуысты байқағанмын. Алғашында қасқырдың іні ме деп ойлап, қолымда қаруым жоқ болғаннан кейін кетіп қалған едім. Алдында алақандай-алақандай іздер жатқан болатын. Бұл жолы қолыма қалта шамын алып, мылтық асынып келдім. Менің көңілімді аударған қуыстың ішінен естілген гуіл еді. Таяз апан құдықтар олай гуілдемейді. Мен қуыстың аузына келіп, шам жағып қарадым. Үңгірдің іші самаладай жарық болып кетті. Қуыс бір-екі метр төмен түседі екен де, бір жағына қарай үңгірленіп қазылған екен. Мұндай жерде аңдардың мекендеуі мүмкін емес. Мен қолымдағы мылтығымды түсіріп қарадым. Мылтықтың дүмі еркін жетті. Артынан сырғанап өзім түстім. Керегесі қызыл гранит, табаны құмдақ. Біреулер күрекпен қазды деуге келіңкіремейді. Табиғаттың өз қолынан шыққаны байқалады. Апан құдықта алды-артымды зерттеп біраз уақыт отырдым. Ары қарай жүре беруге бір сәт көңілім толқып, жалғыздығым есіме түсті. Әрі-беріден соң аяғына дейін барлап қайтуға ұйғардым. Қуыстың ішімен біраз еңбектеп жүруге тура келді. Өткір тастар тіземе батып, біраз ыңғайсыздық тудырды. Біраздан соң үңгір мүлде кеңейді. Мен еңкейіп жүруге мүмкіндік алдым. Ұзыннан-ұзақ сопиған үлкен тас коридор. Адам баласының, не хайуанаттың ізі жоқ. Бір ғажабы — ауасы соншалықты таза. Тас коридор тауды үңгіп бірте-бірте төмендеп кетіп барады. Әлден уақытта құлағыма аққан судың дыбысы келді. Жерасты өзені болуға тиіс деп ойладым. Алдымда — қалта шамының сәуле шоғыры. Арт жағым қою қараңғылық. Өзімнен өзім келе жатып селк ете қалдым. Тақ артымнан біреу демігіп, пысылдап тұрған сияқты. Жалт бұрылып шаммен жарықтандырып, тіміскілеп өттім. Бақсам, өзім ентігіп тұр екем. Судың салдыры мұндай қорқынышты қапаста кәдімгідей көңілге медеу. Мен ілгері аттап кеттім... Еріксіз үрейдің әсері ме, жоқ әлде асып-састым ба, қате басқан екем. Салдыр-гүлдір бір апанға домалай жөнелгенімді білем. Жанұшыра айқайлап жібердім. Қолымнан мылтығым, дорбам ұшып кетті. Жолшыбай тастарға соғылып есеңгірегенімді білем. Басқасы есімде жоқ.


29 июль. Сарқырап тау суы ағып жатыр. Жанға жағымды үйреншікті дыбыс. Мұрныма хош иісті гүлдердің иісі келеді. Таңғы самалдың салқын лебі анда-санда бетімді шарпып өтеді. Мен қатты ұйқыдан оянып келе жатқан сияқтымын. Өзімді өзім ұмытып қалыппын. Қай жерде, қалай жатқаным да есімде жоқ. Санама әртүрлі ойлар оралды. Жас кезімде бір қатты ауырып төсек тартып жатқаным бар еді. Сонда өзімді-өзім осылайша ұмытып, ерекше бір күйде жатқаным бар-ды. Бірақ мұрныма таудың иісі келеді. Әлде тауда, Шыңбұлақ жағасында жатырмын ба? Ойдан ой туындап, есіме үңгірдің ішінен келе жатқаным түсе кетті. Апырмау мен құлап едім ғой. Одан қалай аман қалдым екен?! Сол кезде орнымнан атып тұрмақшы болып әрекет жасадым. Ешбір дене мүшем өзіме бағынбайды. Әрең дегенде көзімді аштым. Жатқан жерім алакөлеңке үлкен үңгірдің іші. Көк аспан дейтін аспан жоқ. Төніп тұрған жақпар тастар. Дәл қасымнан тастан-тасқа секіріп кішігірім өзен ағып жатыр. Қандай күйге ұшырағанымды енді ғана түсіндім. Денемде сау-тамтық жер жоқ. Сипалап қарасам, екі қабырғам қирапты. Жамбас сүйегімде де бір пәле болу керек: зар қақсатып, ауырып барады. Аузым кеуіп өте қатты шөлдеп жатырмын. Сумен арамыз бір-ақ метр. Бірақ соған жетудің өзі маған өте қиынға соқты. Үш рет ұмтылып, үш рет көзім қарауытып талып қалдым. Азар дегенде сүйретіліп суға жеттім де, қомағайлана сімірдім-ай кеп. Содан кейін бір үлкен тасты жастанып жаттым. Не істеу керек?


30 июль. Аштан аш өлім халінде жатқаныма екінші күн. Оны қолымдағы сағатымнан білдім. Менің қайда кеткенімді үйдің іші де, ауыл да білмейді. Іздеу салып, артымнан біреу келеді дегенге ешқандай үмітім жоқ. Дегенмен анда-санда айқайлап дауыстаймын. Бұрынғы ауруыма енді тағы бір ауру қосылды. Ол ішім. Барлық өкпе-бауырым езіліп кеткен сияқты. Кешке жақын ыстығым көтеріліп, санам тұмандана бастады. Қозғалудан мүлде қалдым.


31 июль. Есім кіресілі-шығасылы. Тек істейтін әрекетім сағатымды бұрай берем. Басқа ештемеге дәрмен жоқ. Су да ішкім келмейді. Қарным да ашпайды. Жанымды жеген ауыр азаптан бір секунд болса да


құтылғым, өзімді өзім ұмытқым келіп жатыр. Бостан босқа ақымақтық жасап айдалада өліп қалғаныма өте назаланам. Көзімнен ыстық жас сорғалайды.


Қай күн екенін білмеймін. Өте талықсып жатырмын. Көзімді ашуға да әл жоқ. Әлдекім келіп ауызыма су тамызып жатыр. Бет-аузыма біреудің шашы тигендей болады. Міне, қолымды көтеріп, тамырымды ұстады. Ауызымды ашып бір ащы дәрі құйды. Аз уақытта өнебойым қызынып, денеме қан жүгірді. Баттасқан қаннан, жарадан бір көзім мүлде ашылмай қалыпты. Екінші көзімді сығырайтып қарап едім, шошып кеттім. Алдымда беті-аузы сабалақ-сабалақ жүн, сақалы қауғадай біреу тұр. Мен түсінбейтін бір тілде былдырлап сөйлеп менен жауап алғысы келеді.


Адам! Адам екен ғой бұл! Әлде түс көріп жатырмын ба? Жоқ, түсім емес.


Содан кейін тағы есім ауып қалды. Бір кезде оянсам жұмсақ арбаның үстінде жатырмын. Шал мені өзеннің бойымен бір жаққа әкетіп бара жатыр. Анда-санда тоқтап, жараларымды қарап бірдене деп күбірлейді. Қолымды, белімді бір ағаштың тамырларымен таңып буып тастапты. Мен қалғып келе жатырмын. Ойым онға, санам санға бөлінеді. Бұл қайдан жүрген шал? Қайда апара жатыр?


3 август. Мен үлкен бөлмеде жүмсақ шөп төсектің үстінде жатырмын. Бөлме деймін-ау, үңгір. Бірақ керегелері нақыштап ойылған, сұр тас. Төбеден әр жерден жыланша иіріліп ағаш тамырлары көрінеді. Көзіме үш қабат кітап сөресі түсті. Қаз-қатар жиналған қалың-қалың кітаптардың мұқабалары жыртық. Шүберекпен, ағашпен қаптап қойған. Шал бір бұрышта кішігірім столда шұқшиып отыр. Мен өзімнің оянғанымды сездірмей жан-жағымды түгел бақылап алмақшы болдым. Шалдың столына басқыш тәрізді тас текшелер жалғасқан. Үсті алуан түрлі құмыра, шыны сауыт. Кітаптардың түбінде айқыш-ұйқыш арабша жазулар жазылған. Ескіше хат танымайтындығыма жатып қиналдым. Біресе күлкім келді. Соншама жұпыны киінген шалдың мынау үйі кәдімгі алхимиктердің лабораториясынан бірде бір кем емес. Есік жақ бұрышта үлкен пеш тұр. Үстінде кәдімгі қазақы қазан. Оны шыны қалпақ күмбездеп жауып тұр. Күмбездің үстінен тарам-тарам болып шыны түтіктер шығып, ол тас текшенің үстіндегі кейбір құмыралармен жалғасқан.


Бір құмыра ерекше нұрлы. Өзінен өзі сәуле шашып, жарқырап тұр. Кәдімгі шам сияқты. Не екен ішінде жанып тұрған? Газ дейін десем газ емес, электрге де ұқсамайды. Кәдімгі күннің сәулесін уыстап әкеліп құйып қойған тәрізді. Менің аяқ жағымнан да тас текшелер көрінді. Үстінде түрліше ыдыстар, шөптің тамырлары. Осыншама көп тамырды өмірде тұңғыш рет көруім. Алуан түрде, алуан формада. Кейбіреулері қорқынышты жәндіктерге ұқсайды. Кәдімгі қызылша, шалқан, шомыр сияқты сопақша, домалақ, буынтық-буынтық, тіпті жалпақша түрі де бар. Менің жыбырлағанымды біліп қойды ма, шал орнынаң тұрып қасыма келді. Шашы мен сақалы түп-түгел тұтасып кеткен. Қабағы түксиіңкі. Өзі құсмұрын. Үстіме төніп келгенде аппақ бүркіт екен деп ойлап қалдым. Қөзқарасында суық от бар.


— Халің нешік, балақай?


Шалдың дауысы қырылдап, жарықшақтанып шықты. Сөзі таза қазақша емес. Бірақ жақсы түсіндім.


— Сіз кімсіз, ата?


— Мен бе? Мені сен білмейсің.


— Сіз мұнда жалғыз тұрасыз ба?


Мен ымдап көзіммен үйдің ішін шолып өттім. Шал басын изеді.


— Сенің өзегің талған шығар, ас дәмдеп жіберейін,— деді де, ол қапыл-құпыл орнынан тұрды. Үстінде собалаңдаған кенеп көйлегі бар. Белінде тозығы жеткен күміс "белбеу. Аяғында басы қайқиған кебіс.


Шал қалбалаңдап барып тас текшедегі құмыраның біреуін алды. Оны қабырғадан жарып ағып жатқан кішкене бұлаққа жуды. Содан кейін қазанның күмбез қақпағын жылжытып ашып, ішінен тағы бір құмыра алып шықты. Ол кәдімгі қабақтан істелген екен. Кішкентай шүмегі бар. Шал шомыр тәріздес бір-екі домалақ тамырды алды да, пышақпен аршып ұсақтап турады. Содан кейін үстіне аппақ қою бірдеңені құйды. Қолындағы ағаш қасықпен былғап езді. Қоймалжың ботқа пайда болды. Шал оны темір табаққа салып нұрлы құмыраның үстіне апарып қойды. Содан кейін қазанның астынан бір тетікті бурап еді, құмыраның ақшыл нұры қызғылттанып қоюланды. Көріп жатырмын температурасы жоғарылаған сияқты. Аздан соң ботқаның буы бұрқырап пісті. Шал осы кезде саумалдық тәріздес басқа бір тамырларды аршып жатыр еді. Әпсәтте тағам дайын болды. Екеуміз отырып жаңағы ботқаны жедік. Анда-санда тамыр-сабақтарды тістеп отырмыз.


Шалдың тағамы маған соншалықты дәмді, жұғымды сезілді. Сарайым ашылып, көзім шырадай жанды. Содан кейін шал бұрыштағы кітпектен екі тостаған су құйып әкелді. Бірақ ол су емес екен. Бір белгісіз өсімдіктің нәрі. Ішінде жүзімнің, алманың, қарбыздың дәмдері бар.


— Сіз өзіңіз туралы айтып беріңізші, ата,— дедім мен тамақты ішіп болып жайғасқаннан кейін. Өнебойым түгел айығып кеткен сияқты. Бірақ тұруыма шал рұхсат етпеді.


— Мен бір елден безген диуанамын, қарағым. Жарық дүниеден, өмірден кетіп, осы тар қапасқа қамалғаныма екі жүз жыл болды.


— Сіз мен құсап адасып келдіңіз бе? Әлде сізді біреулер қамап қойған ба?


Шал кеңкілдеп күлді.


— Екеуі де емес. Мен өз еркіммен осында түстім.


— Мынау тамырларды өзіңіз өсіресіз бе? Жоқ әлде ол даладағы өсіп тұрған ағаштың тамырлары ма?


— Әрине, өзім өсірем. Бұл сенің айтқаныңдай жай тамырлар емес. Кәдімгі шөптер, жемістер жердің астында күннің көзі жоқ жерде осылай өседі. Анау бір өсіп тұрған буынтық-буынтық тамыр кәдімгі алма. Саған біреуін үзіп берер едім, әлі піскен жоқ. Ал соның қасындағы кіп-кішкентай ұсақ тамыр жүзімнін жемісі.


Менің көзім қабырғадан салбырап тұрған адам мүсіндес шөптің тамырын шалып қалды.


— Анау не?


— Ол адам өміріне өмір қосатын — женшень.


Екеуміздіқ алғашқы күнгі әңгімеміз осымен аяқталды.


— Сен жатып ұйықта. Әлі оңала қойған жоқсың,— деді де шал өзінің жұмыс орнына кетті...


7 август. Мен ауруымнан жазылып, үйдің ішінде қыбырлап жүретін болдым. Шал керемет қуанып жүр. Анаған-мынаған жұмсап, мені көбірек қимылдатқысы келетіндей. Өйткені, жамбас тұсым әлі де болса сіресіп тұр. Жүрсем сықырлайды. Мен сан жетпес ұсақ-түйек құмыраларды, шыны түтіктерді жуамын. Ауыз бөлмеден барып ыстық су әкелемін. Ол кәдімгідей жердің астынан бұрқылдап шығып жатыр. Екі рет өзен жағасына барып топырақ ойып әкелдім. Шал оны ақшыл ұнтаққа араластырып, су құйып илейді де, шөптің тамырларына қаптап қояды.


Өзім мектептен алған білімім бойынша, өсімдіктің күнсіз жерде өспейтінін білуші едім. Мынау бір ғажайып нәрсе екен. Тамырларға ешбір күн сәулесі дарымайтын тәрізді. Дегенмен өсімдік бойындағы зат алмасу процесі қалай жүреді екен? Соны білгім келді. Әрбір тамырдың қасына барып шұқылап қарап жүремін. Шал менің ойымдағы күдікті сейілткісі келді ме, әлде менің денсаулығымды тексермекші болды ма, бұл жұмбақтың сырын өзі ашты.


Ол мені қасына шақырып алды да үлкен орындыққа отырғызды. Белуарыма дейін шешіндім. Содан кейін текшедегі бір құмырадан маған су ішкізді. Сол сол-ақ екен ішкі дүнием, көкірек тұсым, асқазаным жып-жылы болып кетті. Ішіме кәдімгідей бір күннің сәулесі түсіп тұрғандай. Қыздырып барады. Шал осы кезде стол үстінен қолыма бір айна ұстатты. Міне ғажап, айнадан мен өзімнің көкірегімді тақ рентгендегідей көрдім. Екі өкпем, асқазаным, тіпті қабырға, омыртқаларым, өңешім аппақ нұр болып жарқырап тұр. Сол жақ екі қабырғамның сынған орнын да көрдім. Аздап қарайыңқырап барып бітіпті. Жүрегім солқ-солқ етіп соғады. Қан тамырларыммен жылжып қан ағып жатыр!


Шал көрдің бе дегендей қуақыланып жымың-жымың етеді. Мен айран-асыр боп үнсіз отырмын. Санамда түрлі ойлар тізбегі құйындап өтті. Мына өсімдік тамырлары осы сәулемен еседі екен ғой. Шал кәдімгі сәулені суша пайдаланады екен. Бұл нендей ғажап заңдылыққа бағынған? Шіркін-ай, өзін жер үстіне шығарып, көрсетер ме еді! Мен бұл жұмбақ шалмен мықтап сөйлесуге бекіндім.


Алайда жер асты ғалымы бойына дарытпайды. Шұқылап өзінің жұмысын істей береді. Бір тамырды екінші тамырға телиді, сан алуан сұйықтарды біресе сүзіп, біресе қойыртпақтап нұрға жуып жеке-жеке құмыраларға бөліп қояды. Кейде отырып арабша жазулар жазады. Жазатын қағазы жоқ болғандықтан ба,


кітапханасында жиналған арабша кітаптың бәріне шимайлап жазып бітіріпті. Сиясы да, қалам ұшы да шөптің тамырынан жасалған. Қасына барып тілдесейін десем, қорқамын. Жұмыс істеп отырғанда оның жүзі өте суық. Қараңғы қапаста мұздан жасалған адам сияқты. Мен екі-үш күн шалдың лабораториясының ішін, төңірегін барлап шықтым. Лаборатория үлкен үңгірдің ішінен тастан қашалып жасалыпты. Бар-жоғы екі бөлме. Менің жатқан бөлмем — шалдың жұмыс істейтін орны. Ал екінші бөлмесінде ол ұйықтап дем алады. Онда қауқиған шөп төсектен басқа іліп алар дәнеңе жоқ. Бөлменің бір жақ бұрышынан бұрқылдап қайнап бұлақ ағып жатыр. Температурасы 40-50 градус ыстық су.


Лабораторияның есігі ұзын коридорға шығады екен. Қоридордың бір жағы тұйық, екінші жағы үлкен аңғарға алып шығады. Аңғардың ішімен өзіме таныс өзен ағып жатыр. Өзеннің ұзындығы жүз метрдей-ақ. Бас жағы және аяқ жағы жердің астына кетіп жатыр. Қайдан келіп, қайдан түскенімді қаншама қарап жүріп таба алмадым. Жан-жағы тұйық сом-сом жақпар тас. Бір құпия есік бар ма деген дүдәмал оймен өзен жағасының тастарын қолмен сипалап кеп зерттедім. Бірақ ешбір құпия тесіктің ізі де білінбейді. Осылайша жүріп әбден ішім пысты.


15 август. Шал менің ішқұса болып жүргенімді сезіп қойыпты. Менімен қатнасы бұрынғыдай емес, салқындап кетті. Мен өзімді өзім қолынан түк келмейтін жатыпішер жалқаудай сезіндім.


Бір күні төсегімде жатқанда шал қасыма келіп отырды. Маған айтатын әңгімесі бардай. Шалдың суық жүзінен тайсалып, кірпіше жиырылып қалдым.


— Балақай, мен саған бір ертегі айтып берейін. Сен оны мұқият тыңдап, түсін,— деді. Содан кейін бір күрсініп алды да шал әңгімесін бастап кетті.


— Баяғы бір заманда мұсылман жұртында Лұхман Хакім деген дәрігер-ғалым болыпты. Ол бүкіл адамзат басына төнген ауру атаулыға қарсы тұрған екен. Ел кезіп, жер кезіп, жұрт ішінен жазылмас дерт іздеп, оны жазуды өзіне мақсат етіп қойған. Лұхман Хакімнің мұндай өнеріне бүкіл адамзат баласы риза болған екен. Бірақ ол бақытсыз болыпты. Ол ауруды жеңгенмен ажалды жеңе алмапты. Қайда барса да алдынан әзірейіл-жаналғыш шығып, оның қасиетті ісіне кесел жасай беріпті. Ажалы жеткен халық өле беріпті. Күндерде бір күн сол ажалдан Лұхман Хакімнің жалғыз баласы дүние салыпты. Бұдан кейін Лұхман өзінің барлық өмірін ажалды жеңуге жұмсамақ болған. Бүкіл дүниені шарлап өлмес өмір дәрісін іздеп шығыпты ол. Сол бір кез қытымыр да қиянатшыл түнек дүние еді. Әділетке, ғылымға жол табу аса қиын-ды. Лұхман Хакім өзінің ұзын-сонар іздену жолында үлкен жан азабын тартып, қиыншылықтарға ұшырапты. Бір күні қиянатшыл жандар оның үйін тонап, кітаптарын өртеп жіберіпті. Надандық пен топастық жайлаған қияпас өмірде Лұхман Хакімге тыныш орын табылмапты. Содан соң ғұлама ғалым елден безіп, ғайып болыпты. Кейбір аныздарда ол ажалмен айқасып дүние салған екен дейді. Бірақ бұл бекер. Лұхман Хакім сол кеткенде халыққа қызмет ету үшін, өлмес өмір дәрісін іздеп табу ушін ұзақ жылдық сапарға аттанған еді. Егер де дәрі табылса, ол өзінің адамзатына қайтып оралады. Сол Лұхман Хакім мен, қарағым. Екі ғасыр уақыттан бері көріп отырған тірі адамым жалғыз сен. Бұған мен үлкен шүкіршілік етемін. Өйткені, Лұхман ажалды әлі біржола жеңген жоқ. Оған көмекші мирасқор қажет. Мен осы бір сен отырған тар қапастағы өмірде үш рет өліп-тірілдім. Сонда қасымда аузыма су тамызар тірі пенде болмады. Үшеуінде де мына тамырлардың арқасында ажалды жеңіп шықтым. Мұндай күй менің басыма енді түспейді. Егер түссе менің басыма, істеп жатқан жұмыстарыма үлкен хауіп төнеді. Ал сен менің ғылыми өмірімнің жалғасы бол. Ендігі азғантай өмірім ішінде мен саған өзімнің барлық жиған-терген білімімді ұғындырып берем. Сен менің тәжірибелерімді ары қарай жалғастыра бересің. Ажалды мүлде жеңетін дәріні тапқанда ғана саған жер үстіне шығуға болады. Одан беріде сен жер бетіне шығуды аңсама. Егер де сен нағыз адамзатқа әйтеуір бір пайдалы нәрсе жасағың келсе, өзіңді осы бір ұлы мақсатқа арнауың қажет.


Лұхман Хакім әңгімесін аяқтап, төмен қарап үн-түнсіз отыр. Мен жалма-жан тұрып киіндім де, Лұхман Хакімнің жанына келіп отырдым. Өне бойымды осы бір ғажап қасиетті адамға деген құрметтеушілік сезімі билеп кетті. Қандай бақытты, қандай ұлы адам!


— Ата, сіз жердің үстіне шығуыңыз керек. Біздің қазіргі қоғам сіз ойлағандай емес. Ажалды жеңу жолындағы ғылыми жұмыстар жер үстінде де кең көлемде жүргізіліп жатыр. Онымен сіз сияқты мыңдаған ғалымдар шұғылданады. Адамзат дүниеде бар аурудың көпшілігін жеңді. Топастық, надандықтан да арылды. Сіздің мынау істеп отырған жұмыстарыңыз жерүсті ғалымдары үшін аса құнды. Жүріңіз, жол бастадыз. Мен сізді академияға алып барайын.


— Академия? Ол не?


— Ол халық үшін қызмет ететін сан алуан ғылым адамдарының ортақ үйі.


Лұхман Хакім менің сөзімді түсінбеген тәрізді. Қатты налығандай кейіп білдіріп, орнынан тұрды да, шығып кетті.


25 август. Лұхман Хакім менімен мүлде сөйлеспей қойды. «Айтқаныңызға көнейін. Мені оқытыңыз. Мен қалуға қарсы емеспін»,— деп алдына әлденеше рет бардым. Ол құлақ аспады. Күн санап көз алдымда қаусап, жүдеп таусылып бара жатыр. Бір күні төсек тартып жатып қалды. Мен жаман састым. Қасында отырып неше күнді ұйқысыз өткіздім. Ымдап шақырады, ымдап жұмсайды. Өзінің тағамын жасап берем, әпер деген дәрісін әперемін. Аз күннен кейін Лұхман Хакім оңала бастады. Бетіне қан жүгіріп біраз әлденді.


— Жер үстіндегі ғылым жайында маған біраз сөйлеп берші,— деді бір күні ғұлама.


Мен самолет, машиналар, телевизор жайында, космос ракетасы мен спутниктер жайында қарапайым тілмен сөйлеп бердім. Адамзат ұрпағының қолы жеткен социалистік қоғамы жайында айттым. Коммунизм жөнінде мәлімет бердім. Лұхман Хакім ерекше ықыласпен сүйсіне тыңдады.


— Сендерде шөптің тамырларын мен сияқты өсіре алатын адам бар ма? —деп сұрады Лұхман Хакім.


— Жоқ,— деп жауап бердім мен.


Лұхман Хакімнің көзінде қуаныш, мақтаныш сезімінің оттары жылт ете қалды..


— Сендер сәулені тұтқындай аласыңдар ма? Мәселен, мен сияқты ыдысқа құйып, өсімдіктің, адамның бойына дарыта аласыңдар ма?


— Жоқ,— деп қуана басымды шайқадым.— Осылар бізге керек! Жүріңіз, жердің үстіне шығайық.


Лұхман Хакім қызарандап басын шайқады:


— Жоқ айнам. Маған жер үстіне шығуға болмайды. Мен кең, мол күн жарығының әсерінен сол сәтте күйіп өліп кетер едім...


28 август. Лұхман Хакім мүлде оңалып жайнап кетті. Жүрісі де шымыр. Көңілі де хош. Маған өзінің ғылымы жайлы үйретпекші болып көп әуреленді. Мен оны түсінбей, ол мені түсінбей біраз шатыстық. Оның атом, молекула, элемент, зат алмасу жайында тамаша білетінін аңғардым. Бірақ мұның барлығын ол өзінше атап, өзінше сөйлейді. Мәселен, атом Лұхман Хакімнің тілінше әлжам, молекула — нәкіс, зат алмасу — махбурласу.


Лұхман Хакімнің ойы бойынша адам қартайған кезде махбурласу азаяды. Алдымен ағзадағы сүйек ескіреді. Адамзатты қартайтпау үшін сүйектің ішіне баһынур деп аталатын сәуле нұрын құю керек. Ол махбурласуді қайта жаңғыртады. Сол кезде семіп қалған ағаш қалай қайта гүлденсе, адам да солай қайта жасарады. Махбурласу процесі адамның организмінде әрбір жүз жылда бір қайта жаңарып отыру керек екен. Сонда адамның өмірі алты жүз жылға дейін созылмақшы. Мұның кілтін ол тауыпты. Бірақ адамның нәкістен тұратын ағзасы әлжамдардың кездейсоқ ыдырауынан ескіре береді екен. Осы жері Лұхман Хакімге белгісіз.


1 сeнтябрь. Мен өзіме төніп келе жатқан хауіпті сезбеген екенмін. «Лұхман мені түсінді. Енді біраз күнде оны азғырып жер үстіне алып шығамын деген үміт құшағында жүріп мен күтпеген оқиғаға ұшырадым. Балалығым ба, әлде теріс ойлап, шолақ тұжырым жасадым ба, мен Лұхманның жазған кітаптарын бір қоржынға салып тығып қойған едім. Ойым қашатындай мүмкіндік туса, өзіммен бірге ала кету. Кейінірек келіп шалды да қазып аламыз ғой деп ойлаған болатынмын.


Шал оны біліп қойыпты. Ол көңілінде ештеңе жоқ, жайраңдаған күйі мені түскі тамаққа шақырды. Екеуміз бағынур қосылған шарап іштік. Содан кейінгісін білмеймін. Mac болғам ба ұйықтап қалыппын. Ояна келсем, Мыңқой үңгірінің сыртында бір жартастың үстінде етбетімнен жатыр екем...


Мен жанұшыра қарғып тұрдым да қайтадан Мыңқой үңгіріне кірдім. Ішінен дорбамды, мылтығымды тауып алдым. Қу шал барлық дүниемді лақтырып сыртқа шығарып тастапты.


— Ата, кешіріңіз, мені қайтадан алыңыз. Мен бүкіл өмірім жеткенше сізге қызмет етуге уәдемді беремін. Менің бұл дауысыма тек тау ғана жаңғырықты. Әлде кім мазақтап қарқылдап күлген сиякты болады...


Күнделік осы жерден үзілген. Аяғында, басында ешкімнің қолы, аты-жөні қойылмаған. Менің ғажайып күнделікті соншалықты қызыға оқығандығымнан ба, маған бір сәт бүкіл дүние ұмыт болыпты. Өзім сол бір белгісіз баламен бірге Лұхман Хакімнің лабораториясына кіріп шыққандай болдым. Тұра қап айқай салғым, далаға жүгіргім келді.


Үйге Қайрақ кірді. Күлім-күлім етіп менің қолымдағы дәптеріме, салбырап дел-сал боп тұрған кейпіме мысқылдай қарайды.


— Қайрақ-ау, мынауың не, әзілің бе, шының ба?


— Бұл әзіл емес, шындық. Анау қолыңдағы тұрған күнделікті Байзақ Жарылқасынов деген менің оқушым жазған. Оның өзі бір барып тұрған Лұхман Хакім. Ол оныншы класты бұдан екі жыл бұрын бітірді. Қазір Алматыда бір биолог ғалымның лабораториясында қызмет істейді деп естідім. Ол сегізінші кластан бастап көптеген дәрі шөптер жинап жүруші еді. Алматының, Москваның көптеген ғалымдарымен хат та алысып тұрған.


Ал мына күнделіктің қай кезде жазылғанын және осы оқиғаның болған-болмағанын білмеймін. Дәптерді мен оқушыларымның жазған шығармаларының ішінен тауып алдым. Мардымды бірдеңе білгің келсе, сен енді Байзақты Алматыдан іздеп тап.


Мен күнделікті бүктеп қалтама салып алдым.


— Қайрақ, осы екеуміз біраз тау аралап сейілдеп қайтсақ қайтеді.


Ол күлімсіреп қолымнан алды.


— Жүр кеттік, Лұхман Хакімнің үңгіріне...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу