Әңгімелер ✍️
ҚАРА МУЗЫКА
(ғылыми-фантастикалық әңгіме)
Көшеде мылтық атылды. Тағы атылды. Бір кезде үлкен сары үйдің қалқасынан жан ұшыра жүгіріп әлдеқандай адам шыға келді. Шашы салбырап көзіне түскен, үстіндегі ықшамды спортшы костюмы былғаныш, дал-дүл. Адам бұрылды да, қолындағы пистолетпен өзінің келген жағына қарай дүркін-дүркін атып жіберді. Тротуармен келе жатқан қалың жұрт қақ жарыла жол ашты. Бірақ оның түрі қорқынышты емес еді, гангстер қарақшыға мүлдем ұқсамайды. Аң-таң тобыр ошарылып қалды. Әлгі адам алақ-жұлақ қарап алды да, бір үйден салбырап тұрған өрт сөндірушілер басқышымен жоғары өрлей бастады.
Жұрт дауылдасып тұр. Қашқын 15 қабат үйдің 4-ші қабатынан асты. 2-ші, 3-ші қабаттағы тұрғындар нәлесінен аулақ» дегендей терезелерін сарт-сұрт жауып, перделерін түсіріп жатыр. Әне-міне дегенше қуғыншылар да келіп қалды. Полиция формасын киген жуан сары біреуі пистолетін көтеріп жоғары қарай көздемей атып салды. Оның қасына ашаң жүзді шляпалы біреу жетіп келді.
— Атпаңыздар! Оны біз тірідей ұстауымыз керек!
Қашқын 10-шы қабаттың тұсына келгенде, шаршады білем, кібіртіктеп қалды. Жерде жыпырлап тұрған полисмендерге селқос көз тастап, мойнындағы кішігірім чемодан тәріздес сумкасын шешіп алды. Жайлап басқышқа отырды да, чемоданын ашты. Жұрт енді көрді. Қашқыннын, қолындағы радиоқабылдағыш екен. Кенет әсем музыка әуені естілді. Сол сол-ақ екен полисмендер құлақтарын екі қолымен басып тырым-тырақай қаша жөнелді. Полиция машинасындағы жуан дауыс репродуктор саңқылдап қоя берді.
— Сақтаныңдар, сақтаныңдар, бұл естіп тұрғандарың қара музыка! Қара музыка! Ол жұқпалы ауру таратады. Сау адамды жындандырады! Қашыңдар, естімеңдер,— деді. Полицияның қамшысынан ба, әлде жаңағы сөздердің әсері ме жұрт дуылдасып бірін-бірі баса-көктей қаша жөнелді. Қара музыка сазды ырғағымен ойнай берді, ойнай берді. Көше әп-сәтте босап қалды.
...Мицио Танида қара музыканың әуеніне бірінші peт тебірене құлақ түрді. Өзі жасаса да ол бұдан бұрын дәл осылай құмарлана тыңдамаған екен. Жан түршігер музыканың әуені себеп болды ма, әлде оны қуған тағдыр қамшысының уыты өтіп кетті ме, ол бір тар қапас томаға-тұйыққа тірелгендей ышқынып-ышқынып жылап жіберді. Көз алдынан осы бір қара музыкадай өткен өмірі елес берді.
Тым жас еді ол кезде Мицио. Өмірден ешбір алаңы жоқ құлыншақтай орғып жүрген шағы. Әке-шешесі, тал-шыбықтай тете екі ағасы бар-ды. Семьядағы төрт ересек адамныц төртеуі де Нагасаки портында кәсіп ететін. Тапқан-таянғандары киім-тамағына мол жетуші еді. Арасындағы ерке жалғыз Мицио. Күндер де бір күн бұлардың өмірін қайғы бұлты торлады. Сұрапыл соғыс басталды. Мейірімсіз ажал келіп кірді бұлардың үйіне. Майданда екі ағасы қаза тапты. Бұл ол кезде ауылда әжесінің қолында болатын-ды.
Соңынан...соңынан мұның сүйікті қаласы Нагасакиге атом бомбасы түсті. Аздан соң өз ажалынан ба, әлде күйіктен бе қарт әжесі дүние салды. Сөйтіп бұл да далада қалды...
Қайда бармақ? Қайтіп күн көрмек!? Адам шындығында да тағдырға көнбіс қой. Бүкіл семьядан жалғыз қалып ары қарай өмір сүргісі келу ешкімнің демі қолынан келе қоймас. Ол өзінің ішкі бар жүрек түкпірімен қатты назаланып өмірден, құдайдан әділет іздемекші болды. Нендей жазығы бар еді оның бұл дүниеге!? Өмірге ол не үшін келіп, не үшін кетпекші? Мұның жауабын айта алатын адам бар ма, жоқ па?
Жастығы ма, кім білсін, әлде тұйықтығы ма, ол бұралқы иттей түрлі жалдама жұмыстарда, кісі есігінде кеп жүрді. Бірақ бәрі де тамақ асыраудың қамы болды. Әйтседе біреу өлмей, біреудің күні жоқ қой. Жазықсыз қазалылар Нагасаки құрбандары, үшін үкімет азынаулақ жәрдем беретін болып шықты.Оның үстіне әке-шешесінің өлімінен, қираған үй-жайдан оған біраз мұра қалған екен. Есептеп көріп еді төрт-бес жыл талшық етуге жарайтындай. Мицио ол қаржымен астанаға барып оқу оқымақшы, мамандық алмақшы болды.
Токио мұны өгей шешедей мейірімсіз қарсы алды. Тиын-тебені болса да біраз сандалуға тура келді. Ол электрондық музыка аспаптарын жасайтын заводқа жұмысқа кірді. Ал кешкі уақытын оқытушы жалдап физика пәнінен білім алуға жұмсады. Мицио не музыкант, не ағаш шебері емес. Лабораториядағы қарапайым ғана жұмысшы. Көп ұзамай жұмыстан шығып қалу хауіпі туды. Ол жаман састы. Не оқу жоқ, не жұмыс жоқ не істеу керек? Дегенмен көнілінің бір түкпірінде тәтті үміт бар-ды. Мицио физика курсын екі жылдай
құлшына оқыды. Өмір бойы бүйірі шығып, тамаққа тоймаған ашқарақ адам дәмге қаншалықты обыр болса, ол ғылымға да сондай обыр еді. Қомағай кірісіп қоңайып бір ғажап қиялға азық тапқан-ды. Ол әсіресе дыбыстар дүниесіне қызығатын. Музыкалық аспаптардың үнінен ол жұртқа белгісіз ерекше сиқыр әуендер сазын еститін. Осылардан мүлдем жаңа, адам баласы ешқашан естіп білмеген сай-сүйекті сырқыратар тосын үн шығаруға болмас па екен,— деп көп қиялдаушы да еді ол.
Өзіне-өзі: «Адам неге музыканы жақсы көреді?» Музыкалық үндердің адам организміне әсер ететін қандай құпия сыры бар? Ол дыбыстардың адам жаратылысына пайдалы, немесе зиянды жағы болуы мүмкін бе деген сұрақтар қоятын-ды.
Бұл сұрақтардың жауабы жаңа дыбыс көзін табуда деп ойлайтын ол. Сол себепті де Мицио ішінара тәжірибе жасап жүретін. Оның арманы — электронмен ойнайтын бүкіл дүниеде жоқ музыкалық аспап жасау.
Бір күні ол өзінің бұл ойын қожайынына айтты. Дүйім қара жұрттың табан ет, маңдай терін ғана бағалайтын капиталист Мамака алғашында сенбей Миционы қуып жібермекші болды. Бірақ электрге қосылған аккардеон үнін тыңдағанда ол қайран қалды. Тіміскі сезімі жаңа ақша көзін тапқандай болған соң, Мидиоға бір бөлме пәтер берді, жалақысын жоғарылатып, түрлі тәжірибе жасауға жағдай туғызды.
Бұдан кейін Миционың жағдайы күрт жақсарды. Ол тәжірибеден тәжірибе жасап, жаңа дыбыстар дүниесіне сүңгіп жөнелді. Ара-арасында музыкалық сауатын ашып алды.
Ол көрші цехта істейтін Эмико деген қызды ұнатушы еді. Талай рет жұмыстан бірге қайтып, талай стакан кофені бөлісіп ішкен кездері бар. Араларында өзара сыйластық, жанашырлық, достық қатынастан басқа оншалықты ештеңе бола қойған жоқ-ты. Миционың тәжірибелерін Эмико да қызық көріп, сырттай жаны ауырып жүретін.
Ғажайып дыбыстар үндестігі талай кеш бұлардың жанын баураған. Оны шығаратын Миционың сонғы перзенті — электр-скрипка. Мицио скрипкасын тыңдау өте бір қызық-ақ. Өзара ортақ әуенмен байланыспаған жеке ноталардың өзін ғана ойнағанда әлдеқандай ыгтық-суық әсер алады адам. Біресе құлазыған жапан түзде жалғыз қалғандай боласың. Немесе ішкі сарайыңды азынаған суық кеулейді. Кейде жүрек тұсыңнан бірдене үзіліп түсіп, құлай береді, құлай береді. Жаныңды жегідей жейді. Кейбір сәттерде жүрегің кеудеңе сыймай алып ұшып, төрт керегелі бөлме, машина толқыны жөңкіген көше, мұнар тартқан Токио аспаны тар болады саған. Мұндайда Эмико сыйқыр бар музыкада дейтін. Өйткені әрбір күйден кейін и імң ішкі дүнием, сезімім езгерген сияқты болады. Бұл музыкадан мен бүкіл дүниені үмытам. Ол бейне-бір жүмбақ бесік тәрізді. Жан-жүйемді баурап тербеп әкетеді,— дейтін ол.
Мицио бірте-бірте радиоқабылдағыштан шығатын музыканың бояуын, ырғағын, тонын өзгертетін әдістерді игерді. Оның қолынан шығатын музыка, мейлі ол кәдімгі скрипкадан, немесе рояльдан, қала берді радиодан шықсын, бәрібір ғажайып түрге еніп, адам баласы естімеген, үйренбеген ырғақта мың құбылып тарайтын болды.
Эмико күнде келіп жүрді. Сиқырлы музыка әуеніне елтіп жүріп, екеуі қалай қосылғанын білмей де қалды. Ресми той болған жоқ. Сөз де байласпады олар. Жайдан жай жүріп бірге тұрып кетті. Сүйем деген сөз екеуінен де шықпады. Алайда, оларды жақындастырған белгісіз бір күш бар еді...
Бір күні Мицио жұмыстан кешігіп қайтты. Қелсе Эмико оның бес октавалы жаңа аппаратын алдына алып отыр екен. Өң жоқ, түс жоқ. Есіктен кірген Миционы көрді де, жылап жібере жаздады.
Мицио! Мен өлдім,— деді ол. Сенің мына аппаратыңнан ба білмеймін жынданған сияқтандым. Жаңа өзімнен өзім отырып сенің атыңды ұмытып қалдым. Жарты сағат әуреленіп, азар есіме түсіріп едім, енді өзімнін, атымды, бүгін қай күн екенін, бәрін де ұмытып қалыппын. Мен қазір ештеңе білмейтін сияқтымын. Дәнеңе жоқ есімде. Қайтем енді, не істеймін?!
Мицио қорқып кетті. Бірақ физикадан, адам психикасынан біршама хабары бар ол миында әлдеқалай ойлар тулап, асығыс тұжырымдар жасап, ойында жүрген бір күдігін есіне түсірді.
— Қай октаваны қойдың?
Эмико тек аппаратқа қарады. Мицио аппаратты ойнатуға батпай, ұзақ тұрды. Тәжірибені ойынға айналдыруға болмайтындығын ол енді түсінген сияқты. Бір жағы қуанып кетті. Ол осындай бір шектен шыққан оқиғаны іштей күтіп жүрген болатын.
— Бизнес!—деді ол айғайлап.— Енді адам санатына қосылдық дей бер, Эмико! Айтқаның рас болса, сенің миыңа ультрамузыкалық дыбыс әсер етті. Мен бұл аппаратпен бүкіл дүние жүзін дүр сілкіндіремін. Талайды жорғалатам алдымда. Ха-ха-ха!
Біз байимыз. Естідің бе, Эмико! Байимыз. Өзіміздің машинамыз болады.
Ол жас балаша қуанып, әрі-бері жүгіргенмен, Эмико қуанбады, селқос қалды. Ол ештеңеге түсінген жоқ еді.
Миционың Эмикомен ісі болған жоқ. Ол аппаратты сынаудың таяудағы жоспарын ойластыра бастады. Әрине, Эмикоға сынауға болмайды. Ол менің әйелім ғой. Оның есіне өзін преферанс ойнап ұтып жүрген байсымақ Кикава түсті.
Мицио сонда тартты. Қаланы қалың тұман торлап тұр. Әрлі-берлі өтіп жатқан адамдар, ызғып кетіп бара жатқан машиналар бұлдырап көрініп ғайып болып жатыр. Миционың басындағы ойлары да осы бір тұманды күндей бұлыңғыр. Түсінбейді және миы жетпейді. Топшысынан жаралы бақыт құсы алдап ұшып әлдеқайда жетелеп бара жатқандай. Мицио әне жетіп, міне жетіп келеді. Әуелі мүлде көз жазып қалатындай да көрінеді. Әйтсе де дегбірін ала желкелеген бір беймәлім күш оны дедектетіп отырып Кикаваның үйіне алып жетті. Досы үйінде екен. Күндегі әдетінше екі-үш адамды жинап карта соғып отыр. Үйі бай жылпос алыпсатар Кикава бұл дүниелерді неше алуан зымиян жолмен тауып алған. Мынау ойнап отырған карта оның қосымша табысының көзі. Кикава Миционы майшелпек ретінде бағалайтын. Оның талай ақшасын ұтып алған. Есіктен ентелей кірген Миционы сол себепті де жылы шыраймен қарсы алды.
— Қолыңдағы не, қандай пері сені мұнда айдап келген, — деп дабырласып қалды отырғандар. Мицио Кикаваны жеке бөлмеге алып кетті.
— Достым Кикава,— деді ол есікті жауып өздері ғана қалғаннан кейін.— Мен бүрсікүні жалақы алам. Соған дейін маған 10 мың иен бере тұршы. Мен сол күні-ақ, өткендегі қарызыңды және осы ақшаның бәрін қосып қайырам. Кикава саудагер болғанымен қарыз беруге мырзалығы мол жан. Миционың бір сөзді екенін де біледі. Ол көп ойланбай-ақ төс қалтасынан сытырлатып бір буда ақшаны шығарды да сұраған оң мыңын Миционын қолына ұстатты. Оның қолы дір-дір етіп, жүрегі лүпілдеп тұр. Ақшаны қапыл-құпыл тыға салып, жай ғана елеусіз түрде өзінің жаңа музыкалық аппарат жасағанын айтты.
Мә, тыңдап көрші, бір ғажап үндер шығады мына құлақшыннан. Чертежін бітіргеннен кейін мен мына өзіміздің заводқа ұсынам,— деді ол Кикаваның басына кигізіп жатып.
Кикава Миционың желпілдеткен сөзінен, қимылынан бас тарта алмай, музыка тыңдауға мәжбүр болды. Аз-кем уақыт өткеннен кейін ол құлақшынды жұлып алып:
— Өй, мынауың өне бойымды кеулеп, шекемді солқылдатып жіберді ғой. Әйтсе де шығарған әуені ғажап екен. Мен бұрын-соңды естімеген едім мұндай музыканы,— деді ол.
Мицио аппаратын жинап кетуге айналды. Ойында алып ұшты күдік... Не болар екен аяғы!? Аз ұстадым ба әлде жеткілікті ме осы мөлшері. Көз қиығын Кикаваға тастады.
Қараса ол бір жақ шекесін ұстап маңдайын тыржитып, бірдеңені есіне түсіре алмаған адамша қалт тұрып қалған екен.
Осы сен неменеге келіп едің, айтпадың ғой жұмысыңды,— деді ол сәлден соң. Қуанғаннан ба, әлде қорыққаннан ба Миционың тілі байланып кекештеніп қалды.
— Ме-ме... Мен... ой сен, әлгі, жай әншейін.
Мицио енді ғана ұқты. Қолындағы аппараттың шындығында да ғаламат қасиеті бар екен. Адам миына жана ғана енген ой түсініктерді ол колма-қол өшіре алатын болып шықты! Мицио тез-тез қоштасып үйден шыға жөнелді.
Ал Кикава карташы достарының қасына миығынан күліп келген еді.
Ойын қайта қызып кетті.
Сол күні түнде Миционың досы өмірінде тұңғыш рет оңбай ұтылды.
Мицио сол күннен кейін өзін-өзі бүкіл дүниенің құдыретіндей сезінді. Олай болмағанда ше? Оның аппараты үрейлі атом бомбасынан да күшті ғой. Бұл адамды қырмайды, өлтірмейді. Тек оның миындағы жазуды, түсінігін өзгертеді. Қабілетінен айырады. Білгенін ұмыттырады. Егер, шіркін осы аппараттың үнін шартарапқа жайылатындай кез келген қашықтықтан әсер ете алатындай аса зор етіп жасаса! Сонда ғой бүкіл дүниеге әйгіленер едім деп қиялдады Мицио. Бірақ оған жету қайда, жалғыздық қой бұған кесел болатын. Егер өзіңе дос, қолдаушы тауып алсаң, күндерде бір күн оның сатып кетуіне шәк болмас. Бұл заманда өзіңнен басқа адамға сену нағыз ақмақшылық емес пе. Мицио осындай ойда талай уақыт жүрді. Өзі танитын алып-сатарлардың талайын алдап біраз ақша жинап алды. Көпе-көрнеу барып бір капиталистің кассасын да тонап кетті.
Жұрт дел-сал болды. Кассаны тонаған адамды іздейміз деп Токио полициясы аяғынан тозды. Завод дәрігерінің де есі шықты. Соңғы кезде келген аурулардың бірталайы өздерінің ойда жоқта ұмытшақ болып кеткендіктерін айта бастап еді, үрейлі сыбыстар, алып қашты өсек-аяңдар гу-гу етті.
Әр жерден ақша жоғала берді. Бұл іске полициямен бірге қауіпсіздік орындары да араласты. Алайда мардымды ештеңе ашыла қоймады. Газет беттерінде жалған сыбыс таратушы адамдарды тұтқынға алу керек, кассаны тонаған сол завод маңының адамдары. Алдымен ойда жоқта ұмытшақ болып кеткен адамдардың өздері пендешілік жасап жүрмесін деген мақалалар басылып жатты.
Мицио тырнағын ішіне бүгіп тыныш қалды. Абыр-сабыр көп уақыт дуылдап келіп ешбір нәтиже бермей басылды. Бірақ Мицио аппаратын қайта қолдануды жөн көрмеді. Ол кең масштабта басқа сезіксіздеу жерде пайдаланбаққа ұйғарды. Ойпырау сонда қайда бару керек? Құр босқа ақша табумен бұл аппараттың қызметі шектелмеуге тиіс қой. Оның болашағы зор.
Мицио көп ойланды, көп толғанды...
...Дүрс-дүрс есік қағылды. Ұзақ уақыт бейжай болып, қорқыныш ұялаған көңілі оның нервісін тарамысша тартқылап, оны су жүрек еткен еді. Ол осы сәтте бүкіл өне бойын күшті ток соққандай селк етіп шошыды. Әйтседе амалсыз есік ашты. Есіктен нағыз
франтша киінген ұзын бойлы шляпалы бейтаныс кісі енді. Ұзын кірпік астынан жіті тесіліп тұрған көгілдір көздер, қоңқақ мұрын мен шығыңқы иек, атлетке біткендей қапсағай дене оның европалық екенін бірден танытқандай. Өктемдік сыртқа теуіп тұрған мүсін тұрпаты қожалық жасап үйренген адамның бейнесін аңғартады.
Мицио бірден білді. Бұл — американдық. Қонақ таза жапон тілінде сәлемдесіп, ешбір ілтипатты күтпей-ақ төрге еркін барды да, бас киімін столға лақтырып тастады. Есікті жауып аңырып қалған Мициоға сыңай бір қарап, диванға жантая кетті.
— Танысып қоялық, Чарльз Рестон,— деді ол екі аяғын стол үстіне салып. — Сізді айтпасаңыз да білем.
Мицио Танида. Дүние жүзіндегі теңдесі жоқ данышпан музыкант! Ол қарқылдап күлді. Отырыңыз. Қорықпаңыз,—деді сөзін жалғастырып.
Мицио шеткерірек орындыққа барды да, кірпіше жиырыла қалды. Көзі Рестонда.
— Дос, сенің барлық харакетің бізге белгілі,— деді Рестон.— Көп созбай тіке әңгімеге кешкенімді ғафу етерсің. Мен ұсыныспен келіп отырмын.
Мицио енді сезді. Ие бұл жау болып шықты. Эмико үйде жоқ. Әлде сол айтып қойды ма? Бірақ неге айтады? Аппараттың да қашық болғанын қарашы! Ол бір қуарып, бір қызарып тынышсызданып кеттi. Көзі стол үстіндегі радиоға түсті.
Рестон мұның ішкі дүниесінде не болып жатқанын дөп басып түсінетіндей.
Ол жай әурешілдік. Қарама радиоға,— деді түсін суытып ол. —Мен достық қолымды ұсынамын саған. Біз американдықтар өнерлі жандарды өте бағалаймыз. Оларды ұстап бермейміз. Қаласа жұмысын дамыта беруге жағдай тудырамыз.
Рестон орнынан тұрып Мициоға келді.
— Мен достық ниетпен келдім бұл үйге, қайталап айтам саған. Көтер басыңды,— деді ол қайта көңілденіп.
— Қандай шартыңыз, нендей мақсатыныз бар? — деді Мицио. Орнынан ол да тұрды. Екеуі бір-біріне тесіле қарап тұр.
— Міне, бұл нағыз ердің сөзі,— деді Рестон.— Мақсат айқын. Біріншіден, сені қылмысты ретіндегі жазадан арашаламақпын. Екіншіден, сенің өнеріңді, яғни мынау шайтан машинаңды жетілдіріп, оны тиісті орында пайдалануды қарастыру керек. Үшінші, нағыз өнерлі ғалым ретінде сен лайықты бағаңды, жұмысыңды алуың қажет. Ақшаны қалталап, қаптап және адал жолмен табатын боласың. Қалай ұнай ма бұл саған?
Мицио төмен қарап ойланып тұр.
— Не істеуім керек ол үшін?
— Оған бір-ақ жол бар. Ол Америкаға кету,— деді Рестон.
Миционың іштей күткені де осы іспеттес бірдеңе еді. Алайда ол сену-сенбеудің амалын таппай делдал болды. Бәлкім олар аппаратын қолға түсіріп, өзін өлтіріп тастар?!
...Түн. Мицио тынышсызданып ұйықтай алмады. Құлағында әлдеқандай ызың. Жат дыбыстар, түсініксіз сөздер естіледі. Оның Америкаға келгеніне бір жылдан астам уақыт болған. Рестон уәдесінде тұрды. Мициоға құпия лаборатория берілді. Апталық табысы да мол. Әрбір дүйсенбі сайын счетына 300 доллар түсіп отырады. Оның қожайыны — Пентагон. Құпия бөлімнің генералымен ғана байланыс жасайды.
Келісімен ол бір ғана нәрсені ұқты. Оның аппараты бар-жоғы шпиондық қару ғана екен. Одан басқа пайдаланатын орны жоқ. Мициоға ашық айтылды.
«Көнсең де, көнбесең де осы. Аппаратыңмен өзің шпиондық қызметке көшесің». Оның көнбеуге амалы жоқ.
Пентагон а дегеннен Мидиоға СССР-ды ұсынды. СССР-дың ғылымы қарыштап алға кетіп бара жатыр. Инженер-техник қызметкерлері де мол. Әсіресе олар ракета ғылымы саласында озық. Шегеру керек сондықтан.
Басты-басты ғалымдарын осы аппараттан өткеріп алған жөн. Ұмытсын бар білгендерін.
Генерал Гейнтс түсі ызғарлы, қасқа тістері сойдиған шегір көзді адам еді. Миционы ол осы суық жүзімен, дөрекі ықпалымен рухани жаншып алған болатын. Мицио сонғы кезде генерал не айтса да, шыбындап бас шұлғитын еді.
Телефон шыр ете түсті. Мицио аунақшып атып тұрды.
Генерал!
Трубканы алса өзінің ойлағанындай Гейнтстін адюданты. Дауысы саңқ етті.
— Танида, генералға!
Түн ортасында бұлай шақыруы осымен екінші рет. Тағы не боп қалды екен? Менің аппаратымды тартып алып өлтіріп тастамаса не қылсын?
Жалт-жұлт сары жезбен оймышталған үлкен есік ауыр ашылды. Мицио аттап ішке кіргенде, генералда тағы бір кісі бар екен. Шүңірек көз, арық, тәпелтек. Маңдайы торсықтай, кемиек. Неон лампасының ала келеңкесінен бе ол бозарып тоңып отырғандай көрінді. Түксиген қабақтың астынан тышқанның көзіндей бір шырақ жылт-жылт етеді. Кабинет меңіреу. Қабырғаның көпшілік жері ауыр шашақты шымылдық перде. Қай жері есік, қай жері терезе, немесе шкаф екені белгісіз. Біртұтас дөңгелене келіп, тек генерал отырған жері ойықталған үлкен қара стол тарбиып шегеленіп қалған бір тасбақа жәндік секілді. Алдында екі шалқайма жұмсақ орындық. Стол үсті пирамида формалы сия сауыт, бір жағы ақ, көк, қызыл түсті телефондар. Алып кесертке тәріздес стол лампасы да тұр. Генералдың оң жағында жалт-жұлт еткен болат сейф.
Генерал семіз қара папканы ашып қағаз аударыстырып отыр.
Мицио столға таяп келіп, бас иіп ишарат көрсетті.
— Отырыңыз,— деді генерал.
Ол арқасы тоңазып қорқып кетті.
...Мицио 15 қабат үйдің төбесіне шықты. Қуғыншылар қарасын үзіп, зым-зия жоғалыпты. Ол шатырдың төбесіне жантайып отыра кетті. Көше жым-жылас.
«Бизнес осымен бітті» — деп күбірледі ол өзіне өзі. Көз алдына генералмен кездескен соңғы минуттары елестеді. Олар Мидионың өзегінен шыққандай мына нәрестені тартып алғысы келді. Заводқа чертежін жіберіп көбейтеміз,— дейді. Американдықтардың жаппай қаруы болмақшы екен оның аппараты. Ал, Мицио СССР-ға бармақ. Жоқ, олай бола қоймас!
Ол аппаратын тағы да ойнатты. Құлақшынды басына киіп шатырдың төбесінде сұлап жатты. Қара музыка оның жан жүйесін езгілеп сұңқылдай берді...
Ертеңінде полисмендер үйдің төбесінен Миционың өлігін тапты. Ол өзінің аппаратын быт-шыт қып қиратып тастаған екен.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter