02.05.2021
  437


Автор: Жүсіпбек Аймауытов

Жол үстінде

Ұзын жолдың шегіне,
Кімнің көзі жетеді.
Өгіздердің тұяғы,
Қыбыр-қыбыр етеді.


Қазынаның көк арбасына шаңырақ мүйіз екі дәумытты жегіп, біз қаладан шыққанда, сарғылт-қызғылт сәулесі селдір орманның басын жалап, қыркүйектің қырқылжың күні ұясына таянып еді. Айна таздың басындай жалтыраған аспанның жұлығында, сайлаудан кейінгі азбандардай, сұрқыл бұлттар сандырап жүр еді. Тымық ауада кебістері тырпылдап өрістен қайтқан қаланың кебеже құрсақ мөшкелері көшені бұрқыратып, сан түтінмен ұласып, қаланы қара тұман басып еді. Өгіздеріміздің итің аяңымен беткейге шықпасақ, қарсы алдымыздан кештің қоңыр самалы еспесе, қаратұманның сілемінен жуырда арыла алмайтын едік. Беткейге жеткен соң, даланың күңірсіген исі мұрынды жарып, көкірегімізді кере-кере соны ауаны алғашқы көрген уыз қымыздай сімірдік.


Көңілдегі жерге тез барып қалатындай, арбаға таласа-тармаса отырсақ та, өгіздердің қыбырын көрген соң, тауымыз шағылайын деді.


— Шаңнан тезірек шығайық; өгіздеріңді айда! — дейміз Құлтумаға. Құлтума:


— Но-о-о! — дейді, өгіздер мыңқ етпейді; мәукіл бастары, шаңырақ мүйіздері ырғаң-ырғаң етіп, құйрығын асықпай бір сипап, қыбырлай береді. Өгізінің сыры өзіне мәлім болса керек, Құлтума «өк» демейді, құрмаға маужырап отыр. «Айда!» деп қанша қақсасаң да, Құлтумадан «но-одан» басқаны естімейсің. Жасынан орыста малайлықта жүріп, қалша болған байғұс «но-о-ны» жақсы жаттап алыпты. Одан басқа орыстың бір мінезі жұқсашы.


Алдымыздан астық тартқан мұжықтар килігіп еді, Құлтума «соба-собаны» қақты, сол жақтағы ашаң қызыл қасындағы қырсау қоңырды итермелеп, оң жаққа қарай бұрыла берді. Бірақ жолдан қиыс бұрылмады, қыңыратқып қайта жолға түсті. «Соба» десе оңға, «соп» десе, өгіздер солға бұрылады екен. Тура тарта бер де-генде: «но-о» деп қояды екен. Күн жаңылып батыстан шықса да, қамсыздығын, қара басының қамын жаңылып, қазақ мәдениетті жұртшылыққа айналса да, Құлтума, Құлтума «но-одан», өгіздер аяңынан танар емес, бір сыдырғы тарта беретін тәрізді.


Арбада жиырмаға тарта шәкірт (ученик) бармыз. Бір-бір буда төсек-орнымызды астымызға басып, құрманың арасынан үйшіктегі қозыдай көзімізді жылтыратып, үйме-жүйме отырмыз. Нағыз қозы — үшкелге жаңа түскендер едік. Шаштарын үрпите қайырған, қазынаның киімін киген, бұрын түсіп жер алған «қалпелер» де бар. Олар үшкелді әкесі салдырып бергендей, қазынаны өздері арқалап жүргендей, тұмсықтары көтеріңкі, тартқандары шылым, сөздері будан, айтқандары боғауыз. Олар таласа сөйлейді, қарқылдап күледі, ойнаса, бірін бірі қойып жібереді, бас-басына бір-бір дәу, біреуі «опыраблайштты» шашынан жұлып сабағанын, біреуі орыстың үш баласын үш қойып ұшырып жібергенін, біреуі үшетілдің қызымен гуләйт соққанын айтып, мақтанысып отыр. Әңгіме қыза келе, кім не болатындығын да айтысты. Қайырбек дейтін мұртын тазының құйрығындай шығыршықтаған, қыр мұрынды, бұқа көз, шүйдесі тоқпақтай балуан денелі жігіт: «Мен крестиянский нашалнік болам», — деді (онда патша заманы еді); иір қара, салпауыз Сарбасов: «Мен енженер болам» деді. Тышқан көз, ашаңдау сымсың қара: «Мен төре болмаймын, атбекет болып, қазаққа қызмет етем» деді. «Әрине, бәріміз де қазаққа қызмет етеміз; елге пайда келтіре алмаған соң, оқып не керек?» деп өзгелері де іле түрегелді. Жаңа түскен біздерге мыналар жетіліп қалған сықылды көрінді. Бәрі де күпсіне сөйлейді, осал-оңтағайы жоқ. Боранды күні қасқыр қамағандай алды-артымызды орап, көзімізге қар боратып келеді. Жексен басбақыл қу жігіт екен . Қайырбек пен Сарбасовты егестіре, жел бере сөйлеп қояды. Бір уақта Қайырбек:


— Бір тулағаннан қалдырсам, бәрің жабылып аузымды бәленше ет!.. — деп білегін сыбанды.


— Сенің бір тулағаныңа түсіп қалсам, қазынаның наны жылмай ақсын, — деп Сарбасов та дүрсе қоя берді.


— Ендеше қызылкеңірдек болатын не бар? Дала кең, жер жұмсақ, сынаса қойыңдар! — деп Жексен қозғалған кезде, Қайырбек арбадан атып түсті. Бәріміз де түсе қалдық. Құлтума артына жымиып бір қарады да, аяңдай берді.


Балуандар етікті тастап, балтырды, білекті түрініп, жекпе-жекке шыға келді.


— Қалаған жеріңнен ұста! — деп, Қайырбек екі қолын бос салып, қасқайып, шабынып тұра қалды. Қоян ала алмай, жығыла беретін ерсісі биік аңсағай көк тазыша, жіліншігі сидиып, Сарбасов екі мықыннан ұстап, көнбеді, «болдым» дегенде Қайырбек Сарбасовтың арбаңдаған сирағын анда-санда жерден бір тигізіп, дөңгелете тулай жөнелді. Әйтсе де Сарбасов мосының аяғындай аяғын тарбитып, алыстата берді. Алғашқы тулаудан аман қалды.


— Молодес Сарбасов! — деп жұрт шу ете түсті. Қайырбек долда-нып кетті. Иықтағы қолын шығарып алып, белбеуден салып, теріс сілтеп, қайта лоқытып екі аяғын серең еткізіп, арқалай соғып жіберді.


— Молодес Қайырбек! — деп тағы шуласты.


Арбаға қарайлап қойдық. Біреуді біреу желкеге түйіп кетіп, аяқтан шалып кетіп, сүріне-қабына арбаға жеттік.


Солығымызды басып, гуілдесіп отырғанда, солқылдақ тарантасқа қос жиренді жеккен үшкел бастығы жібектей үлбіреп, сағыздай созылған Сарышкесін қыпшадан қысып, желдіртіп өте шықты. Бізге ұлықтығын білдіріп қыр көрсетейін деді ме, жеккен атына, қасындағы қатынына мастанып мақтанайын деді ме жан екен деп бізге қайырылмады. Олар өткен соң, Қайырбек жұдырығын білеп: «Әй, бір сойсам-ау!» — деді. «Үштілді соятын бұл неткен жүрек жұтқан! Басы біреу ме, екеу ме? Мына қазан бұзар, әпербақан жігіт қазынаға қалай сыйып жүрген?» — дегендей, ішімнен таңданып келем. Жексеннің құлағы шала алмай қалған екен.


— Не дейсің, Қайырбек? — деп қайта сұрады. Қайырбек әлгі сөзін тағы айтты. Сарбасов көзін алартып:


— Арам болар, — деді.


— Әй, сезбес! — дегендей, өзгелер де бетін тыржитып, мырс етісті.


Біреулері отырып, Сарышкемен танысуға бәстесті. Бұлардың көзсіздігіне таңданып, ойыма әлде нелер түсті.


Мен ойлап келем. Қиялдың шегі-түсі көрінбейді. Алдымда қиялдай бұраңдап, зымырап, іңірдің қою қараңғылығына сүңгіп жоғалған қара жол жатыр. Ай қорғалап қалса керек, көрінбейді. Шығыстан көтерілген қара түні көкке шапшып, батыстың ақсаңдағын жұтам деп, қара туырлықтай қанатын айқара жабады. Меңіреу түнде қара көк аспанға меруерттей шашу шашып, о жер, бұ жерде жұлдыздар жылтыңдап, сыңсып келеді. «Мен жарықпын» деп, бір жұлдыз туса, «мен сенен де жарықпын» деп, тағы біреу шыға келеді; «сендерден — біз жарықпыз» дегендей, әлде нешеуі тағы туады. Қараңғы іңірдің қарабарқын көгіне нұр берем деп жұлдыздар таласады. Көк жүзі әнтек бозғылт тартып, шырай кіргені болмаса, сәулесі бірікпеген сандырама уақ жұлдыздарға ырық беріп, қараңғылығын оңайлықпен жеңдіретін емес, сондықтан қараңғы іңірде қай жұлдыздың жарық екені білінбей тұр.


Жолдың екі жағындағы диқаншылардың балағаны, тұсаулы ат-тар, мұжықтың көк арбалары көрінеді. Қала маңындағы егіндер орыстардікі болса керек. Қалаға қарай астық тартқан мұжықтың кейбір арбасында қазақ тымағының құлағы делегейленіп, желп еткендей болады, орысқа малай болған қазақ екен деп ойлайсың.


* * *


Әңгімеден жалығып, жігіттер саябырлаған кезде жолдың екі жағында қадау-қадау қарайғандар көріне бастады. Ол жылқы боп шықты. Құлын, тайы, қүнажыны аралас байсалды айғырдың үйірлері шоғырмақталып, өз алдына бір одақ болып, дөңгеленіп жайылып жатыр; әр айғыр бір сауырлап, зықысы шыққан сәуіріктер қайда барарын білмей, шоғыр жылқыдан шеттеп, оқшиып тұр. Ат екені, бие екені белгісіз төрт-бес тау шолақ, құйрықтары шолтаңдап, саяқ аттың ішінде жүр. Дәу де болса, дәурені өткен, қызығы кеткен, соғымға жіберілген малдар ғой деп ойлайсың.


Қаланың көшесінде шаң жұтып, одан шыға екі өгіздің итің аяңымен іші пысып , ерігіп қалған жігіттер жылқы даусын естігенде, құлағына жылы лебіз кіргендей, елең қағып, бастарын көтеріп алысты.


— Жылқы! Жылқы!.. Құдай берді!


— Ал, түсіңдер!..


Бас жіп, қайыс белбеу, төсек буғыш кендірлерімізді алып, жүгіріп жылқыға жөнелдік. Қараңғыда сидаңдап, самбырлап, тобымен дүрсе қоя берген неткен адамдар дегендей, жылқы бізді таңырқап, топтанысып, құлағын тігіп, осқырып, үрке бастады.


— Ай-ай, құр-құр, так, жануар!.. — деп дыбысымызды шығарып, бытырап, аяңдап арасына кірген соң, қазақ екенін танығандай, жылқы үріккенін қойды. Әйтседе, «жүрісің бейсауат, сенбеймін» дегендей, жүйткіп, сырдаңдай берді.


Бес-алты басжіпті буғыштап жалғап арқан істеп алғамыз. Көрген арқанға қарай жылқыны қайырмалап, шетке шыққанын омыраудан орап, тоспауылдай ұстап жатырмыз. Бір-екеуін ұстап, еріндіктеп мініп алған соң, жылқы қайыру оңай болды. Түйдек-түйдегімен арқанға қамап, шытырлатып ұстай бердік. Тойып кеткен кей жануар тосаңсып қалады білем, мініп алғанда бір-екі лықсып, өршіп түседі; тулағанын керек қылатын біз бе, жылқының сыры өзімізге мәлім, аяқты қолтыққа тығып жіберіп, айдап кетеміз. Күзетші қажып жүріп ұйықтап қалды ма, әйтпесе, ауыл қыдырып тамақ аңдып кетті ме, әйтеуір, иесіз жатқан көп жылқы емін-еркін қолымызға тиді. Бәріміз, бір-бір атты болғанша, биенің екі сауымы өткен шығар.


Жылқыны қуа-қуа қара жолдан алыстап кеткен екенбіз; атқа мініп алған соң көңіліміз тасып судай көпіріп, желдей есіп, қиқуды салып, жолға қарай жарысты жібердік. Тойып тұрған жануар артынан атқытып келеді. Қараңғыда сатырлатып шапқан жиырма шақты аттың дүбірі естіледі. Өз дүбірімізге өзіміз қыздық; әр қайсысымыз қыз алып қашып келе жатқандай, жау түсіріп қайтқандай желігіп, қараңғыда орды, жарды таңдамай, қос өкпеге тепкілеп, андағайлатып айдап келеміз. Айт пен тойдағыдай кейбірі жерден күміс алып барады; біреуді біреу жұлып кетіп, аударысып, құйрықтан алып, ат-матымен домалатып барады. Ой, сайранды салдық-ау! «Жолға тарт! Жолға тарт! — деп шулаймыз; Құлтуманың қасынан зуылдап өте шықпақпыз. Қыбырлаған өгізге мынауым қалай демекпіз».


Астымдағы мінгенім тарпақ үркек мал екен, бай малы-ау деп ойлаймын; жарқ беріп, лоқып қалып келеді. Жаманбайдың мінгені тесік өкпе, шобыр екен. Жануар арқасының жалағы да бар екен, анда-санда бір шегініп бөктеріншекке отыра алмай келеді. Қызуға кіріп айдап келе жатқанда, қолым босап кетті білем, еріндігім шығып кетіп, атым сыңар езулеп ала-ақ жөнелді. Қақпалаймын, болмайды, шығанға шығып барады . Бір уақытта ат үстінен еріндіктейін деп мойнын құшақтап едім мөңкіп-мөңкіп, қойды да кет-ті. Мойным астына келе жер құштым. Есім ауып қалыпты...


Есімді жисам — түн, иен дала. Аттан жығылғанымды білдім. Жолдастар жым-жылас. Мойным сіресіп, жамбасым ауырып қалыпты. Қай жаққа жүрерімді білмеймін. Үшкелге жаңа түскем, бұ жақтың жері жай. Не қалада, не арбада, не баратын егінде жоқ, не маңайда білер елім жоқ, жапан түзде мөңіреп қалдым-ау деген ой келді. Бұл ойды ойлаған сайын үрейленемін. Мертігіп қалдым ба деп бір қорқамын. Жолдас шіркін қарайласпайды екен-ау, бәрі бірдей тастап кеткені бе? Құдайдың әмірі, қайдан желіктім! Арба-да тыныш ұйықтап жататын кісі едім. Бірақ, елдің бәрі атқа мініп жатқанда кеудесінде жаны бар, тулаған жастық қаны бар кісі шыдап тұрар ма? Қайткенмен хал мүшкіл болды... Сүт пісірімдей отырып, орнымнан тұрдым. Жүрдім... жым-жылас. Таң білінбей-ді...


Орағытып жол таба алмай, өкпем өшіп келе жатқанда аттың тықыры, тықыл жолда сүйреткен сойылдың даңғыры естілді. Сөйткенше болмады қараңдай бір атты адам көрініп қалды. Сал-дым айқайды. Тұра қалды. Тағы шақырдым. Бұрылды. Келді. Жөн сұрастық. Жалтыр түнгі шыңға жосылған жылқының ізімен қырағы жылқышы салған екен. Ат мінген қазына үшкеліндегі қазақ балалары екенін білген соң, көңілі жайланды. Мені артына мінгестіріп алып, жолмен жорытып келеді. Мен аттан жығылғанымды айтып келемін.


— Қайта құдай сақтаған, о бір шалкес мал еді, — дейді.


Иттің дауысы шыққанға мойнымды бұрып қарасам — ауыл екен.


Түн қараңғысында алқа қотан ақ күмбездері, ақ қайыңды ауыр қотан қойлары ағараңдаған, үйдің маңын қара малы барқындатқан, қыз-келіншегі даланы жаңғыртып, шырқап ән салған, маң төбеттері саңқылдаған ауыл бұл емес. Ақ балшықпен сылаған текшедей кірпіш үйлері қаздай тізіліп, бау-бақшасы желбіреп, бозбаласы көшеде сырнай тартып, ән салған мұжық қаласы бұл емес. Тойдан тоз-тоз болып қайтатын қазекем өрісі тарылып, малы кеміген соң, тырағайлап, тоз-тоз болып, бет-бетімен жалп етіп отыра кеткен екен. Ауыл емес, қала емес, бес-алты тамның арасында некен-саяқ киіз үйлері бар, сондай ауылға кез келдік. Ауылда иттен басқа «ау» деген жан жоқ, түн жамылып, бырқырап ұйықтап жатыр.


Жылқышы даладан тұрып сөйлес қылды. «Кісі-місі келген жоқ па?» деп сұрады. Ауыл: «Жоқ» — деді.


Әлден уақытта жолмен ілбіп бара жатқан көк арбалы Құлтумаға жеттік. Ояттық.


— Жігіттер қайда?


— Алдыңғы ауылға барамыз деп, мана кеткен.


Мен арбада қала бердім. Жылқышы: «қап!» деп таңдайын бір қағып, тағы жөнелді.


Құлтума тағы қалғыды. Үркер төбеге келіп қалыпты. Жол баяғысындай созылып жатыр. Көпке шейін жайдақ атқа мініп келе жатқан тәрізденем. Мойнымды сипалап жатып, менің де көзім ілініп кетіпті...


* * *


Жаң-жұң дауыспен ояна келсем — жігіттер екен. Бәрі ат үстінде, ортасында жылқышы.


— Жап-жақсы жігітсіңдер, ұят емес пе?


— Отағасы, ұрыспаңыз...


— Қазақтың малын жау малындай осынша қан сорпа қыла ма екен?


— Бұл мал болса, біз қазақтың баласымыз ғой. Қазақ бір тайын сұрасақ та береді...


— Мына қызыл май болған үш жылда да оңбайды.


Жігіттер айыбын мойнына алғандай ұялайын деді, аттарына қарасты. Қара терге шомылып, бәрі де сүмектей болып сеңделіп қапты.


— Отағасының айтатын жөні бар. Рас енді, обал болды; кәне, жігіттер, аттарын жіберейік, — деп Жексен түсе қалды. Өзгелері де пәлен демей түсіп, еріндіктерін алысты. Есеңгіреген мал босанысымен сілкініп, аунап, ыңқылдап, күрсініп, демін алып, жерге бас қойды. Жылқышы аттарын қайырып, айдап бара жатып:


— Түу-у! Қарашы, міне біреудің өлгелі қалғанын... Мына түрлерімен қырарсыздар... — деп күңкілдеп жүр...


Жылқышы малының бүлінгеніне кейіп жүрсе, біздің жігіттер шалбар, дамбалы сауыс тер болып, құйрығы ойылып қалғанын уайымдап: «Иттің малы!» деп мінген аттарын боқтап мықшиып, талтақтап жүр.


— Әй, аузыңды... Қайырбек-ай! Арбада тыныш ұйықтап жата-тын кісі едік, — деп біреу жүр.


— Қайырбек қайда? — деп сұрадым.


— Ол ит кетті.


— Қайда кетті?


— Опыраблайыштың көшірі болып кетті.


— Өз көшірі қайда?


— Қазақ ауылында майды жеп-жеп күпті болып қапты.


— Мана ұрам деп отырып, енді оның божысын ұстап... Әй, кісінің намысын келтіреді... — деп Жексен жамандай бастады.


— Опыраблайшы жүр деген шығар.


— Ойбай өзі, жарамсақтанып жүрген.


— Жоқ, мен білсем, ол Сарышкені айналдырайын деп кетті,


— деп Ыбырай Қайырбекке ара түсті.


— Сарышке?! — Маңдайына дари алар ма екен. Оныкі опыраблайшке жақын кісі боп, бізге қожаңдамақ. Өгіздің арбасына мінгенді ол ар көреді. Біздің жігіттер емес пе бір жатқан. Бізбен бірге барғаннан орыстың көшірі болғанды артық көргені . Одан басқа түк емес. Жайда аузымен орақ орып жүріп, осындай жерде жолынан тайып кеткеннен жек көрерім жоқ... — деп Жексен Қайырбекті бірталай жерге апарып тастады.


Жексеннің сөзін естігенде? «Күншілдікпен айтып отыр ма? Кезі келсе, өзің де сүйтер едің» деп ойлаймын. Жексен тағы шала бүлінді:


— Әлгі Сарбастың қара төбеті ұлық жігітімсіп, лаумен келем деп, бір қызы бар үйде қалды. Бұл иттер оңад дейсің бе?


— Тағы біреулерің ғой...


— Әлгі Ынтан ет аңдып қалды... Бір-екеуі атынан жығылып қалды ма? Жоқ...


— Сендер де жолдасқа қайырымды екенсіңдер...


— Саған не болды?


Мен атым алып қашып, далада жығылып қалғанымды айтып, ренжідім.


— Мен алдымен кеткем, көргем жоқ, — деп Жексен өзін ақтай бастады.


«Менің атым бой бермеді», «мен байқадым». «Мен өзің келер деп едім»... — деп әр қайсысы ақталу сөздерін айтты: «Өзің де шірік екенсің» деп, кейбіреуі өзімді кемітуге айналды.


Жексен жантая беріп:


— Не қылғанмен мұнымыз үлкен жындылық болды. Бәрі Қайырбектің кесірі. Олардың соңына еріп керек емес еді. Бізді сол алып жүрген жоқ қой. Біздің де басымыз бар ғой. Құр көкірегін керген сұрқиялықтан (демагогтік) басқа оларда түк жоқ. Солар болмаса, манағы ауылда шай ішіп алатын кісі едік...Таңдайымыз кеуіп қапты. Сендер де шөлдеген шығарсыңдар? — деп жолдаста-рына қарады.


— Аузымыз кепердей боп келеді, — деп біреуі түкірінді.


— Шіркін-ай, алдымыздан бір тегене қымыз қашар ма еді? — деп Жексен тағы сөйледі.


— Әй, несін айтасың! Алдымен сен ұмтылар едің.


— Сендер де ақыларыңды жібермессің... Тоқта, әуелі кімге жол берер едіңдер? — деді Жексен.


— Жол-молыңды тыңдағалы отыр ма жұрт?


— Сонда да. Қазақпыз ғой. Үлкендете ішу деген болмай ма?


— Үлкендетсе, сен ішерсің...


— Е, мұның ішкені бізге тамақ бола ма?


— Әркімнің өз тамағы жақын да...


— Уай, бос сөзді доғарыңдаршы. Кішкене көздің шырымын алайық, — деп Домбауыл аяғын көсілді.


— Ой, аяғыңды әрі сал, біз де жантаямыз...


— Жантайсаң жер жетеді ғой.


— Құйрығым... саным... иығым!.. Тарт қолыңды... аулақ ойбай Жындымысың өзің... — деп жігіттер біріне бірі ұрсып, арт жағына нәрсе жолатпай безектеп, ойбайласып жатыр.


— Алла-ау! Мына қалпымызбен жұмысты қалай істейміз?


— Жұмысы құрсын! Құйрықты айтсайшы!..


Құлтуманың да мазасы кетті білем, басын әнтек қырындатып, бір көзін сығырайтып:


— Ой, шулай бермей жатсаңдаршы!.. — деп дауысы дүңк етті.


— Әлі ұйқың қанбады ма?


— Саған не керек?


— Ашуланып жатсың ғой...


Құлтума жаратпаған кісіше бетін тыржитып, қоздайтын қойша ыңыранды.


— Ашуыңыздың жөнін айтуға болмай ма? — деп біреуі тағы өкшеледі. Құлтума теріс қарап, жауырынын құрыстырып:


— Малды сонша қинай ма екен, — деп күбір етті.


— Кісі жас болған соң, ондай болмай тұра ма? — деп Жексен шайып-жуған болды...


— Жас болсаң қимылыңды ертең егін басында, жұмыс қылғанда көрерміз, — деді де, Құлтума сөзін тоқтатты.


«Егін», «жұмыс» дегенде, жігіттер де күшенейін деді:


— Не де болса, жетсек екен, — деді біреуі.


«Жетсек екен» деп мен де ойладым.


Торғай дауысы шыр еткенде, басымды шапанымнан шығарсам, таң ауандап келеді екен. Іңір көгіндегі шығыстың көп жұлдыздары ығысып, шығар күннің дүмпуінен қашқан екен. Төңірек алас-елес көрініп қапты. Жолдың маңдайы түндегідей емес, жарық.


Жігіттердің озып кеткені де, қалып қойғаны да болды. Оны елең қылған Құлтума да, өгіздер де болған жоқ. Әуелгісіндей ұзын жолмен тартып келеді.


Ұзын жолдың шегіне
Кімнің көзі жетеді?
Өгіздердің тұяғы
Қыбыр-қыбыр етеді.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу