Өлеңдер ✍️

  02.05.2021
  156


Автор: Шырын Мамасерікова

Өрен

Ақылымен асқар шыңды билеген,


Құшағынан қуат табар күйреген.


Өрен көрдім ел деп Соққан жүрегі,


Өнерліні демеп өрге сүйреген.


Үзіп тастап үстемдіктің шынжырын,


Жұртқа берер жүректегі кұн нұрын.


Тау төзімі түсірмейді тұзаққа,


Өңі алдырмас ішкі арпалыс, қынжылын.


Қызғаншақтың запыс еткен сұрағы,


Қақпанға аңдып түсірсем деп тұрады.


Әулекімен ауылдас боп көрген жоқ,


Әділ жанға бүйрегі оның бұрады.


Мінезі ауыр бейне болат құрышы,


Майдаланбас Кеңесбектің ірі ісі.


Мәрт ұл туған арманбар ма анада,


Маңдайының кере қарыс ырысы!...


Тың сүрлеу салсам деумен жыр шыңына,


Тағдырдың сан кезіктім кырсығына.


Ойымды өлең етін шудаладым,


Уақыттың шыр айналған ұршығына.


Қиялдың ілінгендей қармағына,


Сара жол таба алмадым арманыма.


О, тәңір! Шыдайтұғын қуат берші,


Қайғының қырық батпан салмағына.


Күлкі ғып дос-дұшпанға табалатпа,


Халқымды сенім артқан қапалатпа.


Бес күндік мынау фәни дүниеде,


Қалдырма перзентіңді жаман атқа.


Өледі өмірімен мұңдас деген,


Өнерде ақын сағы сынбаса екен.


Бал тамған таңдайынан туған жердің,


Бұлбұлын қара орманы тыңдаса екен.


Қанаты қырандардың қайырылмасын,


Қылыштар қалайыдай майырылмасын.


Маңдайы тасқа тимес үшін ел-жұрт,


Ынтымақ, бірлігінен айырылмасын.


Мылтықтың баса көрме шүріппесін,


Қаймағын тыныштықтың ірітпесін.


Адамдар, айналайын абайлаңдар,


Бақ құсы азаттықтың үрікпесін!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу