Өлеңдер ✍️
Райқұл ата (немесе Нұрғайшаның монологы)
Ақ-қараны таразылап жүретін,
Жүйрік баптап, арғымақ ат мінетін.
Кімнің қашан туылғаны есінде,
Жалпақсаздың бар сәбиін білетін.
Балалар да оны жақсы көретін,
Кездескенде шулап соңына еретін.
Қайран менің Райқұл атам, қайдасың,
Үлестіріп кәмпит, тәтті беретін.
Күрестіріп бір- біріне жыққызған,
Жеңіс оңай келмейтінін ұққызған.
Қайран менің Райқұл атам, қайдасың,
Қаһарланса Қаратауды ыққызған.
Өз етігін өзі тігіп киетін,
Шебер еді тастан түйін түйетін.
Қайран менің Райқұл атам, қайдасың,
Шаң жуытпас тазалықты сүйетін.
Ауыл-аймақ ішетұғын күн ұзын,
Дәнебала апамның бал қымызын.
Райқұл атам екеуінің мәртгігі-ай,
Міндет етіп сатқан емес ізгі ісін.
Шындық таудың құзарына өрлеген,
Маңдайынан шертіп ұлын көрмеген.
Ақиқаттың алмас қылыш, қанжарын,
Үміттайым арамдарға сермеген.
Перзентіне артып арман, сенімін,
Қызындай ғып әлпештеген келінін.
Қайда десем Райқұл атам жүр екен,
Жүрегінде шежіре боп елінің!..
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter