Өлеңдер ✍️
Жігіт
Жердің жүрек, жүйкелерін емдеген,
Дәрігер бар дегенге жұрт сенбеген.
Салып тастар ойқы-жойқы соқпақты,
Айтыңдаршы хирургтен кем бе екен.
Таудың жонын тіліп құрыш қолдарың,
Төсеп асфальт, салдың түзу жолдарын.
Тас емшекті иіткендей жібіттің,
Мұз құрсанған топырақтың тоңдарын.
Аласартпай арманыңның асқағын,
Алшысынан қырды аудардың қас-қағым.
Сөйгүліктей сөге сілтер қолтығын,
Тең келеді жалын атқан жасқа кім.
Кейде ұмытып жардың ыстық құшағын,
Тұлпарыңды құла түзге тұсадың.
Жапан дала жайнауы үшін жаңғырып,
Биік самғар қыран құсқа ұқсадың.
Иілмейтін ерлігіндей еменнің,
Ұнатамын адамдардың тереңін.
Игілікті іс тындыратын әрдайым,
Ілиясты нағыз жігіт дер едім.
Жүрегіңнің түгі бар ер інімсің,
Жұрт алғысы өлеңімнен білінсін.
Жақсылығың шығу үшін алдыңнан,
Жаратқанның назарына ілінсін!..
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter