Өлеңдер ✍️
Құттың қонар тұғыры
Абыройы артып ізгі ісімен,
Араздасып көрмеген бір кісімен.
Қанатбайдай кариясы бар үйді,
Құттың конар тұғыры деп түсінем.
Дүниеге келгеніңде шыр етіп,
Айналаңды шұғылалы нұрлы етіп.
Анаң саған мейірімді, иманды
Жан байлығын берді ме, аға, мұра етіп.
Мұнар күнде мұз жастанған асқақ ән,
Мәртебесін түсінер ме баска жан.
Жерді ойып жіберердей кердеңдеп,
Жүргеніңді көргеміз жоқ ешқашан.
Зұлмат жылдың тізгініне жармаспай,
Ақиқатқа суарылған алмастай.
Аман жеткен ашаршылық-тозақтан,
Бабалардың рухы сіңген марқасқа-ай!
Сабақ берсе Сіз секілді мұғалім,
Сергелдеңге түсіп неге бұғамын.
Сағымдай боп құбылса да тағдырым,
Жыр семсері сынбайтынын ұғамын.
Жауап таппай тірліктің сан сұрағы,
Тарқамаса шер кеудемнің мұңы әлі.
Қаратаудай қадірлі аға Қанатбай,
Өзіңізге ұқсағым кеп тұрады...
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter