Өлеңдер ✍️

  02.05.2021
  279


Автор: Шырын Мамасерікова

Күләшқа

Кішіпейіл, инабатты, сыпайы,


Бір қалыптан өзгермейсің ұдайы.


Қуанамын менің атым озғандай,


Жыр сайыста асып түссе ұпайың.


Көршің, досың, туыс, таныс сұрасын,


Қысылғанға назарыңды бұрасың.


Қарлығаштай қанатыңмен су сеуіп,


Қашан көрсем құрақ ұшып тұрасың.


Үйде кімдер ақындықпен санассын,


Құшағыңда қос балапан - анасың.


Сегіз қырлы, бір сырлы боп жарыңның,


Бабын тапқан ақылдысың, данасың.


Аласарып неге енді бұғармын,


Әр жырыңнан тірлік сырын ұғармын.


Қыз болсаң да, ер жігітке бергісіз,


Өнеріңмен елдің даңқын шығардың.


Міндет жүктеп, кінә артып, сөгер шын,


Ел сенімін, еңбегіңмен өтерсің.


Қызыл аяқ қар кешкізген өлеңің,


Алақанға салып сені көтерсін!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу