Өлеңдер ✍️
МІНЕЗ
Көңіліңдегі қазынаңды тіліңмен,
Жеткізе біл тәтті сөзбен, біліммен.
Қандай адам екендігің, жарқыным,
Тіпті киім киісіңнен білінген.
Ізгіліктің мұрты сынып көрмеген,
Жомарт жанның тасы дәйім ерлеген.
Ұшқалақтар шыққан емес ұшпаққа,
Оларға арман құрмет деген, төр деген.
Азаматтық ісіңді жұрт сыйласын,
Ашу, қайғы - жан зынданы қирасын.
Әспеттегін бабалардың қалдырған,
Әдептілік - ең қымбатты мирасың.
Ізетті ұрпақ мұңға ұлтын батырмас,
Іріткінің шырмауына шатылмас.
Жаман мінез - жаратқанның жазасы,
Көргенділік көк базарда сатылмас.
Жақсыларды мақтамайды бекерден,
Ер игісі елдің жүгін көтерген.
Туған жерге титтей пайдам тимесе,
Өмір бойы өкінумен өтер ем.
Қызықпадым аз-көбіне айлықтың,
Қанағаттан қарын тояр жайды ұқтым.
Жалпағынан басу үшін жалғанды,
Жармасқам жоқ шаужайына байлықтың.
Жүрегімде сән-салтанат құратын,
Биязылық болды мақсат, мұратым.
Иман жүзді жанның бәрін дос тұтам,
Жан-жағына шуақ шашып тұратын!...
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter