Өлеңдер ✍️
Астана
Бақ нұрының толқыны тербетіле,
Орнатқандай жұмақты жер бетіне.
Ару қала Арқаның төріндегі
Астанамның көз толмас келбетіне.
Тамыры алтын бәйтерек жайқалуда,
Қонақ түгіл тұрғының таң қалуда.
Баба рухы оралған абат жерге,
Қыдыр дарып жатқаны байқалуда.
Әшекейлі фонтандар жаққан шамдай,
Әсем, асыл алқаны таққан жандай.
Алма мойын, аршын төс сұлуға ұқсап,
Асқақтайды ажары атқан таңдай.
Ғимараттар жұлдызбен таласады,
Ерке Есілге нән көпір жарасады.
Салтанатын паш еткен Ақордага
Көктегі ай, күн қызығып қарасады.
Қауқар кеміп, кеткенде қуат қашып,
Бауырымдай қарсы алдың құшақ ашып.
Жүректерді мың үзік көктеу үшін,
Жаралдың ба тұрмаққа шуақ шашып.
Ата - анамның аяулы есіміндей,
Ғашықтардың махаббат сезіміндей.
Ыстықсың сен, Астанам!
Көркейе бер,
Өнер, ғылым, білімнің бесігіндей.
Заман озбай, жаңғырмай тұрады ма,
Жаңалыққа жұрт бетін бұрады ма.
Сегізінші керемет әлемдегі
Ару қалам жетсе екен мұратына.
Дариядай тасыған дәулетімен,
Даңқы өрлеген ғажайып сәулетімен.
Тәуелсіз ел байрағын желбіреткен,
Әз Астанам, айналдым әулетіңнен!..
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter