Өлеңдер ✍️
МАРГАРИТА
(М.Г. Жуковага)
Көкірегімді тілгелеген зары мың,
Көрмесем де сұм соғыстың жалынын.
Көрген едім әжелерді жылаған,
Көрген едім аталарды жаны мұң.
Көрген едім қалаларды қираған,
Жетімдерді масақ теріп жинаған.
Періштедей ғұмыр кешкен адал боп,
Жесірлерді шаңырағын сыйлаған.
Көріп өскем фашизмнің зардабын,
Шаттық кернеп атса дағы әр таңым.
Бізге мынау жеңіс күнін әперген,
Сенің әкең - менің де әкем, ардағым!
Сын сағатта қол бастауға жараған,
Жуков жайлы аңыздар көп тараған.
Кешір мені, Маргарита, қызығып,
Кезім болса қызғанышпен қараған.
Отаным деп соққан алып жүрегі,
Сенің әкең ұлы адамның бірі еді.
Суворовтай, Кутузовтай тарихта,
Сәуле шашып мәңгі өмір сүреді.
Ең жоғарғы лауазымдар ішінен
Құрметтісі қаһарман деп түсінем.
Перзент болу оңай емес Жуковқа,
Жек көретін даңқ құмарды ісінген.
Болсаң дағы халық қызы қалаулы,
Әр адымың санаулы ғой, санаулы.
Маргарита, түсіндірші әкеңдей
Қастерлеуді Жеңіс туын - жалауды.
Бүгінгі жас тірлік мәнін ұғып па,
Қиындықты жеңіп пе, әлде бұғып па.
“Өмір - күрес. Бородино шайқасы”,-
Деген екен сенің әкең Жуков та.
—Ақыл, қайрат, шыдам, еңбек, адалдық,
Алып шығар тұңғиықтан қалқан ғып,-
Деп жазыпты және саған хатында,-
Тағдыр деген еркелетпес, қатал, ұқ.”
-Қысылғанға бере алсам қол ұшын,
Бір жақсылық дәметпесем ол үшін.
Әке үміті ақталғаны,- дейсің сен,-
Сонда ғана орындалар борышым!..
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter