Әңгімелер ✍️
Шариғат бұйрығы
I
Кәрібай молда сақарын ішіп, таң намазын оқығаннан бері дәйек тұтып үйде отыра алмады. Күн шығар-шықпастан-ақ азғана сиырын қорадан айдап шығарып, ауылдың сыртындағы шоқ шырпының арасындағы іркілген ауылдардың жілігімен қақпаланып айдап отырып, Құламбай томарының жел жағынан өріске бет алдырды. Ілесе ауылдың басқа адамдары да малдарын айдап өргізе бастады...
Уақыт апрельдің аяқ шені еді. Күн ашық, жылы, тынық. Жердің бетіндегі жаңа тап беріп келе жатқан көк, шықтың суымен малшынып, сәулелі күннің көзімен маржан секілденіп жылтылдап тұр. Аспан жүзі толған бозторғай шырылдаған үні құлақ тұндырғандай...
Кәрібай молда қолында қайың таяғы, табиғаттың әдемілігіне сұқтанған адам секілденіп жан-жағына аз-кем қарап тұрды да, томардың күнбатыс жағындағы ескі апандардың басына келіп, үйілген топырағына шықты. Тынық суда емін-еркін жүзіп жүрген үйректер Кәрібай молдадан сескенгендей, сол тыныштықты бұзғандыққа лағнат оқыған секілді. Томардың тұс-тұсынан пырылдап ұшып барқылдап ән қоса бастады.
Кәрібай молда оны ескерген жоқ. Оның есі-дерті ауылда келе жатқан Салқамбайда болды. Апанның басына келгенде де, биік топырағына шыққанда да оның түпкі ойы — Салқамбайға жолығу еді. Биік жерге шығып тұрса Салқамбайды күткендік білінеді. Молдекеңнің күтіп тұрғанын сезсе, Салқамбай сөзсіз қасына келеді...
Салқамбай малын өріске беттетіп, талтаңдап томарға бет алды. Кәрібай молда Салқамбаймен ұшырасудан көп нәрсе білем бе дейді. Ауыл бір болғанмен екі атаның баласы екі тап. Бір таптың бастық ақсақалы Кәрібай молда болса, екінші жағынікі Салқамбай. Екі атаның балаларының татулығынан араздық көп-ті. Болмашы нәрсені сылтау қылып біріне-бірі жала жауып, ақырында басы кетуге айналған соң сыртқы ақсақалдардың қона-түстене жатып айтқан биліктерімен екі жаты да сөзді тастайды... Сонда оқиғаның бірі қыс ішінде болып, алты айғы қыс шабуылдап, «бітімші» ақсақалдар етті бітіріл олжа қарастыра бастаған соң өзді-өзі ағайын болып табысып еді. Бірақ, «табыстық» деп біріне-бірі келгенде жылтырап сөйлесе де, іштегі кектері арылып кеткен жоқ. Арылмағандық көбінесе қатын-балалардан белгілі. Қатындардың болмашы нәрсені сылтау қылып ұрысулары, балалардың екі жік болып төбелесуі ескі араздық, ескі кектің әлде болса да тазарып бітпегендігіне айқын дәлел ісі. Кәрібай молданың Салқамбайды күтуі де сол жөнінен еді. Бүгін түнде Кәрібай бір іс істеп отыр. Ол істі шариғат жолымен қарағанда дұрыс деп тапса да, законға қарағанда қилап екенін сезеді, өзінше құдайға кінәлі болмаймын ғой деп белін байлаған соң, адам жағын көріп алармын деп істеп салған. Ендігі қысылатыны — ауыл көршілерінің біліп қоюы Салқамбай жағының құлағына тисе, дереу барып сүйінші сұрауы мүмкін, Кәріекен Салқамбаймен кездескенде оның ажарынан, сөйлеген сөзінен ыңғайын танимын деп тұр. Егер Салқамбай сөзшең болса, «туысымыз бір еді, алауыздықты қойып бүтінденейік» деп үгіттегісі келіп те түр.
II
Ақтаяғын артына ұстап, тері тымағының бір құлағы жымқырулы, ерінінде бұлтиған насыбайы, сиректеу бурыл сақалының көбі насыбай суының түкірігінің шашырандысымен боялып сарғылттанған, кішкене көзі ойнақшып Салқамбай келді. Сәлем берді.
— Жарықтық жаздың нышанашы әдемі-ау, — деп Салқымбай Кәріекеңмен қатарласа таятын жерге тіреп таяды.
— Құдай берер, өне бойы қыса берер дейсің бе?
— Құдай берер-ау, бірақ жұрттың бейілі түзелмей жүр ғой. Жұрттың бейілі түзелсе береке кірер еді, — деп Салқымбай Кәріекеңе қарады.
Кәріекең қызарайын деді. «Білген екен ғой» деп жүрегі тітіркеніп кетті.
— Жұрт тәубе-таупықтан кетті ғой, шариғаттың бұйрығын істейтін жан жоқ. Егер мұсылман баласы болып шариғаттың жолымен жүріп отырса, баяғы дәурен сөзсіз-ақ қайтар еді, деді Кәріекең. Өзінше істеген ісінің шариғатқа қилап еместігін Салқамбайға сездірдім бе деп ойлады. Бірақ Салқамбайдың қалай түсінгенін өзі білсін, бұрынғы ізінен танбады.
— Шариғат жарықтықтың жолын жұрттың көбі надандықпен білмейді. Бірен-саран біледі деген адамдар шариғатты аяғына басады, сонысы-ақ жәбір, деді.
Кәріекең бұл жолы бұрынғысынан да жаман қызарайын деді. Кеуілге күдік кірді. Молдалық жөнін салыстырғанда Салқамбайдың оқуы артық. Кәрібай ауыл молдасынан оқумен ғана молдалық құрып кеткен.
Салқамбай Таңатар қажының медресесінен екі жыл оқыды. Әкесі дәулетті болған соң, молдалық қалпын қумай, шаруашылығына айналып кеткен кісі. Жас кезінде шариғат салыстырғанда Кәрібайды жеңіп кете беретін. Оның үстіне бұл жолғы істеп отырған ісінің шариғат көзімен қарағанда дұрыс екендігіне Кәрібайдың өзі де күмәнді. Дәлел ғып ұстағаны — жас кезінде оқыған молдасы мен Ақсақ молданың риуаяттары, «кәпірдің және ұрылардың малын алып жеу дұрыс» деп Ақсақ молда талай айтатын. Кітаптан өз көзімен көрмеген соң, оның үстіне Салқамбай баспалатып жіберген соң Кәрібай терлейін деді. Сондықтан қолайсыз әңгімені екіншіге бұрды.
— Заманньщ, әйтеуір, бұзылған кезі ғой. Ағайынның татулығын сүйетіндер де, сүймейтіндер де бар. Әлден келгенше бірлік-берекеге тырысайық. Осы ауылда екеуімізден үлкен кім бар. Біз әділдігімізді, бүтіндігімізді айтып отырсақ, сырт бізге не қылар дейсің.
Салқамбай екі ұшты жауап берді:
— Ол дұрыс қой, бүтіндікті кім сүймейді. Сені мен маған қалғанда сөз жарасы жеңіл. Бірақ «ер жеткеннің еркі өзінде» деген, кейінгі жастардың міндетін алу қиын той... — деді.
Салқамбайдың екі ұшты сөзі Кәрібай молданың үрейін алды.
«Бұлар сүйінші сұрауға адам жіберген екен» деп ойлады. Бір орында тыншып тұра алмай, қайың таяғымен топырақты шұқып қаза берді. Салқамбаймен әшкере сөйлесіп, сырын айтып жалынғысы да келді. Бірақ, Салқамбайдың ағайыншылыққа көніп, әңгімені бүркейтіндігіне көзі жетпеді. Бәрінен бұрын істеген ісінің шариғат қарауынша дұрыс, дұрыс емес екендігін білмегендік қинады. Жол бойынша айыпты болса да, шариғат қарауыңда дұрыс болып көрінсе, ең болмаса баяғыдан бері молда атанып садақа алып жүрген атағына кемдік келмес еді. Жұрт анығын білсе де: «Бишара, қайтсін, шариғаттан шыққан жоқ екен ғой» дер еді...
Көкшолаққа жайдақ мінген бір бала шауып келіп:
— Ата! — деді.
Салқамбай жалт қарады. '
— Сізді папам шақырады.
— Неге?
— Білмеймін...
Таяғын артына ұстап Салқамбай ауылға жөнелді. Кәрібай молда апанның басында тұрып қалды. Ауыр күрсінді.
— Болмады... іс бұзылды. Құдай-ай, тым болмаса шариғат н қарауында дұрыс болып, абыройым ашылмаса игі еді... — деді. »
Қайтты. Кітаптарын ақтарып, бірер риуаятын табуға ойлады.
III
Кәрібай молда үйіне келгенде қатыны Қадиша, ұзыншалап салған пештің қасында, екі аяғын көсіліп, алдында жаюлы ескі тулақ, жүн түтіп отыр еді. Баласы Рақым түнде ұйқысы бөлінген адам секілді, төсегінен жаңа тұрып кішкене бөлме жақта қатынымен екі қара құманнан шай ішіп отыр еді.
Кәріекең ешқайсысына да назар салмады. Оның бірінші;р жұмысы кітаптарын ақтарып, күмәнді жұмысын адалдайтын бір «риуаят» қарастыру болды. Төсегінің бас жағындағы сөреде1 шаң-шаң болып қатарланып тұрған ескі кітаптарды біртіндеп алып жерге қоя бастады. Кейбіреулері түрлі түсті сисамен тысталған, бірсыпырасының сыртқы қатырғысы, бірер қағазы — қатыны салақ үйдің жамаулы құманы мен кеселері секілденіп қамырмен жамалған қырық құрау әлемденген кітаптар төсегінің үстін алып кетті. «Мынау не қылайын деп жатыр» деген адам құсап, ескен жүнін токтатып, қатыны қарады. Бұрын-сонды земленкеден киіз үйге шыққанда, я земленкелерге кіргенде болмаса, Кәріекең ұйықтап жатқан кітаптарының мазасын алмаушы еді.
Қатыны шыдап отыра алмады:
— Бірдеме іздедің бе? — деді.
— Нең бар?
Ашулы қалыппен ажырайып қарады. Төр алдындағы сабалақ жүнді тері көрпенің үстіне отырып омырау қалтасынан көзілдірігін алып киді. Ыдырап жатқан кітаптардың езіне таяуын қолына ұстады. «Қырыққадыс» екен, бір-екі қағазын аударып жіберіп оқуға кірісті. Арапшаның мағынасына түсінбесе де, қарап отырған қатынына сыр білдірмейін деген адам құсап, тамағын бір-екі қырып алып:
— «Қала» айтты пайғамбар ғалайсалам. «Мән» — бір мән, — дейді. Аяқ жағын аузын жыбырлатқан болып күбірлетіп жіберді. Шынына қалғанда, «қала» деген сөзді әптиек тәпсірінен үйреніп еді. Арапша кітаптарды көрсе, ашып оқыған жерінде «қала» деген сөз болмаса да, қараушылар сезіктенбесін деп, «қала» айтты пайғамбар талайсалам...» деу, Кәріекеңнің бұл әдеті — қатынына да, бала, келініне де мәлім еді...
Екінші кітапқа жармасты. Ашып жіберген ыңғайында өзінің молда болып жүрген күніндегі оқитын жері кездесе кетті. Тамағын бірер кенеп алып соғып жіберді:
«Көрің қадір-құдіретін,
Білсін даю сұңғатын.
Мұстафаның үмбетін,
Мұндағы тәжрап қылдия...»
«Қалай екен?» — дегендей қатынына көзілдірігінің астынан қарап қойды.
Имандық секілді бір кішкене кітапты ұстады. Бұл — «ісмі ағзам дұғасы» екен. Басынан тегіс ақтарды. Орта шеніндегі бір дұғалыққа тесе қарады. Ол мынау еді:
— Әгәр кім ерсе — бұ дұғаны күніне сексен үш мәртәбә оқыса, не бар мақсаты қасыл болып, жүзі жарқын болғай». Әгәр кім бұ дұғаны мойнына тұмар қылып тақса, дұшманлары аулақ болғай». Әгәр кім бүл дұғаны езіп ішсе, дұшманларынан сөзі үстем келгәй...»
Кәріекең қуанып кетті. Дұғалықты алдына қойып, басын жоғары көтерді. Көзілдірікті алып жанына қойды. «Сен не білдің?» деген адам тәрізденіп, қатынына қарады. Тозығы жеткен жамаулы көйлектің етегін, тізесін бүккенде жыртылып кетпесін деп, қатыны түріп отыр еді.
— Әй, мұндар, жапсайшы тізеңді, нәмахрамды білмейтін бе едің?! — деді.
— Байғұс-ай, мен келіншек пе едім.
— Келіншек болмай кемпірмісің?! Мен жігітпін деп жүрмін ғой. Кемпірлікті мойныңа ала берме, тастап кетермін, — деп жымыңдады.
Түнгі оқиғадан бері түйткілденіп не қыларға білмегендікген Қатша да ермек үшін түп отыр еді. Байының көңілденгеніне мұның да іші жылыды.
— Тастасаң таста, жесірің дайын той. Тек құдай ошақтың үш бұтына есендік берсін, — деп күрсінді. Бірақ молданың неге көңілденіп отырғанын сұрауға батыршылығы бармады.
IV
Кәріеке дұшпанының тісін батырмауға кіріспек болды. Қаптаған қалың жау келсе де, «ісім ағзам дұғасы» крепость кызметін атқаратын секілді болды. Жайнамаздың үстіне отырып сексен сегіз рет оқып шықпақшы болды. Ұзыншалау қағазға жазып, оң жақ қолтығына тұмар қылып тақпақшы болды. Бірақ қазіргі сағатында бір қиын жері Кәріекең ораза. Езіп дұға ішсе аузы ашылып кетеді. Кешті күтсе оған дейін «дұшпандардың» келіп қалуы да мүмкін.
Апалақтап тағы кітапқа жармасты. Бұл жолғы іздегені «Ғыбадатслам» кітабы еді. Одан оразаны қандай уақыттарда ашуға мүмкіндігін қарамақшы еді. «Ораза пасылын» ашып жіберіп қарай да бастады. Бірнеше заруаттарда ауыз ашуға болады деген, оның ішінде Кәріекеңе дөп келетіні «жау қамап, жан қысылғанда» деген жері. Керіекең нақ қазір қысылып тұрмағанмен ұзамай бір тықырдың болатындығын сезіп тұрған секілденеді. Сондықтан осы риуаятқа сыйғызып ауызды ашу керек.
Кітапты тастай беріп шегеде ілулі тұрған сия мен қауырсын қаламын алды.
— Кесе әкелші, қатын! — деді.
Кестелі алашадан істелген жайнамазын құбылаға қаратып жайып, шарт жүгініп отырды. Қауырсын қаламды қою сияға малып кесенің түбіне жаза бастады. Қатыны сыртында қараумен тұрды. Қызыл бояумен істелген кесенің ішін қып-қызыл қып бояп, артына қарады:
— Су әкелші, қатын! — деді.
Қатыны аң-таң, себебін сұрауға бата алмайды, дереу су әкелді. Бояуды шайып ішуге ыңғайланған соң қатыны шыдап тұра алмады білем:
— Байғұс-ау, ішпекпісің, оразаң қайда? — деді.
— Мен шариғаттың бұйрығынан тыс іс істемеймін ғой, жүніңді түте бер, қатын!.. — деді.
Езілген бояуды ішіп те жіберді. Тілше қағазға тұмар жазып, қатынына тыстатып алып оң қолтығына такты. Жаңылмау үшін алдына ишаннан алған таспиғын қойып, қасиетті дұғасын жетпіс екі рет оқып бола бергенде:
— Салаумалейкүм! деп біреу кіріп келді. Бүл Тайлақбай еді. Бет-аузы қап-қара болып түтіккен. Пішінінде бір түрлі ашу, ызаланғандық бар.
Тайлақбайды көргенде Кәрекеңнің тұла бойы дірілдеп кетті. «Ісім ағзам» бояуының қасиеті сағатында тимей қалды. Әйтсе де өзін-өзі ұстап, жайнамазда отырған күйі бұрылды.
— Тайлақбаймысың, жоғары шықсайшы.
— Мен төрге шығарлық болып жүргенім жоқ. Маңдайдағы жалғыз биемді бүгін ұры алды. Соның ізі осы ауылға келіп тіреліп тұр. Я менің биемді беріңдер, я ізімді шығарып бересіңдер.
Кәріекең сұрланып кетті. Жүгінген күйінде қалтырау күшейген соң, малдас құрып отырды. Сылтың-жұлтың бойына қарап, қатыны да жүнін жия бастады.
— Кәне, Кәріеке, отырмаңыз.
— Барайын, шырағым, Салқамбайларға, ана Дәуіттерге айт.
Тайлақбай жөнелді. Кәріекең аң-таң болып, есінен айрылған секілденді. Бағанаға сүйенген келіні ауыр күрсінді. Қатыны пештің артындағы қыстырулы ала қапты алып жүнін сала бастады. Сабалақ жүнді жуантық тарғыл мысық бөлме жақтан пырылдап келіп, кемпірдің алдына тығылды. Өзінше о да қорыққан, тығылуға жер іздеген тәрізденді, есік сықыр етіп ашылды. Кәріекең де, қатыны да, келіні де, тарғыл мысықта селк еткенді, жүрек те біліп ауызға тығылғандай, барлық дене қалтыраған секілді боп кетті. Қара бұжыр, делдек танау, көзі ұясынан шығып адырайған, ұзын бойлы, сөмпиген бір жігіт үйге кірді. Бұл Кәріекеңнің жалғыз баласы, қазақша айтқанда көзінің ағы мен қарасы. Бағанаға сүйенген келіншек соның қатыны. Пеш жанында қапқа жүн тығып жатқан сарғылт түсті, қорқақ пішінді кемпір — соның шешесі.
— Құдай-ау, пәле-жалаңды жалғызымнан аулақ қыла көр, — деп кемпір жылап жіберді. Енесінен қалмай келіннің көзінен де жас шұбырды.
Кәріекең батырланды.
— Қойыңдар!.. Немене, жоқ сұмдықты бастағандарың?
Жайнамазды жиып тастай беріп түрегелді. Бірдемеге ыңғайланған адам секілденіп баласына қарады:
— Салқамбайлар қайда екенін білдің бе?
— Үйінде шығар.
— Тайлақбайдың келгенін білдің бе?
— Білдім...
Әлденені ұмытқан секілденді. Кішкене кідіріп жүре берейін дегенде, «Ісім ағзам дұғасының» он алты рет оқитыны қалғаны есіне сап ете түсті. Қайтадан жайнамазын жайды, қайтадан жүгініп отырды. Көңілін жіңішкертіп, тілекті тілемекші болды Күбірлеуді қойып, ашық үнмен он алты рет саудырлатып оқып шығып, қолын жайып бата қылды.
— Құдай-ай, құлым дей көр, пайғамбар, үмбетім дей көр, Шадияр, достым дей көр!.. Дұшпанның бетін аулақ қылып, мәртебемді үстем қыла гөр, алла әкпар!.. — деп бетін сипады.
Пеш жанындағы кемпір, бағанаға сүйенген келіні, қорыққан пішінді баласы — үшеуі де қолын көтеріп, «әмин!.. әмин!..»десті.
Күңгірт тартқан үйдің іші бұлттан шыққан күннің сәулесімен жарқырады. Әлденеге төнген пәле серпілгендей, алдағы күнге үмітпен қараудың керектігі сезілгендей болды.
Төменгі жаулығының ұшымен көзінің жасын сүртіп:
— Бибіпәтимә пірім-ай, қолдайтын болсаң, бүгін қолдай гөр, — деді кемпір.
Келіні күрсінді, баласы түшкірді.
Бәрі бір дауыстан:
— Жәрекмалда!.. — деді.
V
Кәріекең үйден шыққанда ауылдың адамдары топтанып сирек шырпының оңтүстік жағында із кесіп жүр еді. Аяңдап басып Кәріекең де келді. Салқамбай таяғына сүйеніп тұрған күйінде қарсы алды. Кәріекеңе тесіле қарады.
— Сақалындағы қан не? — деді.
«Ісім ағзам дұғасының» қасиетті бояуының шашырандысы сирек сақалын бояп та үлгірген екен.
— Әшейін... әшейін шығар, деп саусағымен сақалын сипап тарап еді, күйектей сақалға жабысқан нәрсе бола қойсын ба, кетпеді.
Топтанып жүрген кісілердің ішінен Тайлақбайдың ащы дауысы шықты: — Мінеки із, міне көріңдер!
Жұрт жабырласып қарай бастады. Ағаштың жиегіндегі шалшық судың жағасында қатарынан жүрген екі жылқының ізі жатыр.
— Мынаның бірі ұрым; бірі менің бием... — деп Тайлақбай өршеленді. Жиылған жұрт бекер дей алмады.
— Жылқы осы ауылда да бар емес пе?! Көрінген ізді менікі деуіңнің жөні келе ме!.. деп Кәріекең кеңк ете қалды.
Шеткері тұрған ашаңдау.сары, қырма сақалды ауылнай мырс етіп күліп жіберді.
— Кәріеке, олай десеңіз, өзіңіз ұрының бастығы боласыз. Бұл ізді Тайлақбай ауылынан шығарып келе жатырмыз... Сіздің мұныңыз қарсы дау секілді, — деді.
Жастар өзара әлденеге күңкілдесті, сыбырласты, күлісті, бәрі де Кәріекең «бүліктің басы...» деген көзқараспен қараған секілденді.
— Осы сен ұрлап жүрген шығарсың, — деп шеткі ұзын бойлы жігітті біреу итеріп қалды. Арт жағында екінші біреу бүк түсіп жатыр екен, ұзын бойлы жігіт аяғы көкке қарап, шалқасынан құлады. Үсті балшық болып қалды, ашуланып боқтауға айналды.
— Қойсаңдаршы, балалар, жөнсіз ойынның керегі не, деп Салқамбай ақсақал кейіді.
Тайлақбай тыпыршып тұра алмады:
— Қане, ақсақалдар,қайтесіңдер?..
— Жақын ағайынсың. Ізіңнің келуі де рас шығар. Енді бізге не қыл дейсің?.. Қайткенде көңілің бітеді!..
— Тінту беріңіздер?..
— Болды. Бастығы молдамыз қылып тінт, біз риза, — деп Салқамбай ақсақалдық қылды.
Иіріліп тұрған жұрт ауылға қарай дүрлікті. Көптен қалмай сүйретіліп Кәріекең де келді. Лапасына кіре бергенде ауылнай қарсы шықты.
— Молдеке, сізден бастап тінтеміз.
— Ойбай, шырағым, біздің үйде не бар дейсің, тінтпей-ақ қойсаңдаршы.
— Жоқ, молдеке, малды біз сіздікінен табамыз ба деп тұрмыз.
— Біреу сілтеу берді ме?
— Сілтеусіз де таптық.
— Қалайша?
— Сақалыңызға жұққан қан бізге куәлік беріп тұр.
— Әй, ақымақ, бұл қан емес, нанбасаң кемпірімнен сұра... Жаңа «ісім ағзамның дұғасын» шайқап ішіп едім, деп сақалын сипады.
— Ол өтірігіңізді айтпаңыз, Кәріеке, оразада дұғалық шайып ішеді дегенге кім нанады, — деп ауылнай үйге кіріп кетті. Бара кемпірмен бажылдасқан даусы шықты.
— Сарайдың кілті жоғалып қалған, деп бажылдаған, жыламсыраған келіннің даусы да естілді. Кәріекең келінін де, кемпірін де аяды. Дәйек тұтып тұра алмады, есікті аша берейін дегенде ауылнай қарсы шықты.
— Сарайыңызды тінтеміз, бірге жүріңіз.
— Бара тұрыңдар, оқитын нәпілім бар еді, деп Кәріекең үйге кірді. Көзінде мөлдіреген жас, қалтыраған пішінмен келіні қарсы алды. «Атаеке-ау, тыныштықты неге бұздың! Неге бізді пәлеге қалдырдың!» дейтін адам секілді.
— Сорлы-ау!.. Сорлы-ау, — деп кемпірі өкіріп жылап жіберді.
Кәріекең босап кетті. Көзінің жанарына тығылған жас біртіндеп ағып сақалын жуа бастады. Жайнамазды жайып жіберіп жүгініп отырып тілекке кірді.
— Әй, құдай-ай, ата-бабамның істемеген кәсібі еді. Жамандыққа өзім де баса қоймайтын едім. Былтырғы жоғалған күрең ат пен ала биемді Тайлақбайдың өзі ұрламағанмен сол ауылдың сойғаны анық. Мен мал алдырғанда ақ малымның төлеуі деп алдырдым ғой... Аққа құдай жақ деп еді. Менің ақ ісім шынымен-ақ қараға шыға ма? Я құдай, сал оң назарыңды! Жалпы аруақ, әулиелер, әнбиелер, ата-бабамның ұрықтары қолдайтын болсаң бүгін қолда!..
Дала жаң-жұң, әлдкімді дүрілдетіп ұрғандай, әлдекім «қойыңдар» деп арашалағандай болды. «Ойбай-ойбай» деген біреудің ащы даусы айқындала берді.
— Ойбай, ене, әлгіні ұрып жатыр білем!.. — деп келіні қалш-қалш етті.
— Жалғызым, құлыным, — деп кемпір де, келіні де тұра жүгірді...
Кәріекең тілектен жаңылды, қорқып отырғанын да, қуанып отырғанын да білмеді. Әлдекім есікке жармасты. Есік ашылатын, тыстағылар үйге кіретін болды. Соларды көрмейін, солармен сөйлеспейін деген адам құсап, Кәріекең намаз оқымақ болды. Дәреті күмәнді болған соң тәйемимді соғып жібергенде, есік сықыр етіп ашылды. Кәріекең сасқалақтап тұр, құлақты қағып қалды. Не деп ниет қылғанын өзі де білмеді. «Сұпханеке» деп еді, аяқ жағы аузына түспеді. «Алқам» мен «құлқуалданың» қайсысын бұрын оқырын білмей жаңылды.
Жұрт дүркіреп кіре бастады.
— Молда қайда, молда қайда? Тайлақбайдың кіжінген даусы естілді. Кәріекең түрегеп тұрса, Тайлақбайлар кейіп сөгетін сияқты, ұрысып деп бетіне түкіретіндей болды. Солардың бетін көрмейін деген тәрізденіп сәждеге бүгіле бергенде, Тайлақбай келген бойы теуіп қалды. Кәріекең кәсті сүзе құлады.
— «Алла!» деді.
— Өй, атаңа нәлет! Аллада нең бар! Жалғыз биемді ұрлап сойып отырып, тағы құдайға құлшылық қылмақшысың ба?
Ойбайды салып кемпірі келді.
— Сорлы-ау, өлдің ғой, өлтірді ғой!..
— Жылама, деді Кәріекең, мен шариғаттың бұйрығын, істедім. Адам қаруында жазалы бол сам да, құдай қасында жазалы емеспін... мен — өлсем шаһидпін.
«Кәріекең ұсталыпты...» деген хабар тарағанда, жұрт екіге бөлінді: жастар, әсіресе мұғалімдер:
— Баяғыдан бері өтірік көз жұмып, жұрттың қанын сорып болып еді, — деп табалады.
— Шариғатқа қарсы іс істемеген шығар, ұстатып жүрген тік аяқтар ғой, деп шалдар жағы аясты.
Ауыл-ауылдың ақсақалдары жиналып барып, соттан кепілге алды. Тайлақбайды үгіттеп малының төлеуін беріп бітірді. Басқа келген пәлені жалпы ел боп қақты. Бірақ ұры деген атты жоюға жұрттың әлінен келмеді.
Кәріекең ұры атанды. Қатыны толғатқан қорқақ еркектер, баласы ауырған кемпірлеу әйелдер, зиянмасы бар қатындар бұрынғыдай аттан салып шауып, үшкіруді сиретті. Киімі көп, бай шалдар өлерінде «сүйегіме Кәрібай молда кірсін» деп өсиет қылмайтын болды.
Сөредегі қалың кітаптардың, бой тұмар қылған, езіп ішкен «ісім ағзам» дұғасының шарапатын Кәріекең көре алмады. Ескі атақ, ескі даңқ, ескі абырой көзінен бір-бір ұшты.
1923.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter