Туындылар ✍️
ШЫҢҒЫСХАН және оның заманы - 2 кітап
Екінші кітап
ҰЙЫСҚАН ҰЛЫС
Бірінші бөлім БҰЛЫҢҒЫР
VII тарау
АЗАМАТ СОҒЫСЫНЫҢ АҚЫРЫ – АЛЫПТАР АЙҚАСЫ
Айырық
Күйтен шайқасынан соң майданға түспей-ақ жеңіліс тапқан, Арғұн өзенін құлдай қашқан Жамұқа-шешенді қуғындап кеткен Оң ханның бұдан соңғы соғыс қимылдары туралы дерек сақталмапты. Сыңайына қарағанда,
ешқандай қақтығыс тумаған, Жамұқа қол қусырып, Оң ханның алдынан шыққан және бағынышты бодан болмаса да, жолы төмен «іні» танылып, Керей ұлысының айнымас одақтасы ретінде келісім жасасқан. Жамұқа- шешен мен Оң ханның жаңадан жұғысуы Темужінге мүлде ұнамады деп
көрсетеді ескілікті деректер. Әрине, болар іс болғаннан соң. Ал Оң ханның өзі бұрынғы «інісін» қайта табу – «баласымен» арадағы туыстық, берік одақтастық қатынасқа көлеңке түсіреді деп ойлады ма екен? Пайымы келте Оң ханның тереңді байыптауы неғайбыл.
Жамұқаның араға келіп қыстырылуы ақыр түбінде бағзыдан қалыптасқан
«әкелі-балалы» ұжымға кесел келтірмегін Темужін бірден аңдайды.
Сондықтан да одақтастық, туыстық шартты бекітетін жаңа бір амалдар қарастырыпты. Қан араласқан құдалық жайы. Тайжуытпен соғыстан соң көп ұзамай-ақ, сол жылы қыста Темужін өзінің үлкен ұлы Жошыға Оң ханның қызы, Сәнгүнмен бір анадан туған Жауұр-бикені айттырады. Бұл ұсынысты Оң хан да мақұл көрген. Сәнгүннің ұлы Тұс-Бұқаға Темужіннің қызы Қожын-
бикені сұратады. Алайда, жақсы ниетпен басталған құдалық жөні ақыр түбінде біржола алыстаған араздықпен бітеді. Араздық – жаулыққа ұласыпты.
Орталық сақараны ғұзырында ұстап отырған және бүкіл Татан Даласындағы ең қуатты күшке айналған двуумвират – одақтас екі ханның арасының ашылуы – себеп-салдары мол, аса күрделі жайыт. Ең бастысы – Темужін осы аймақтағы барлық түрік руларын бір ту астына қарататын, бір ұлыс құрамында ұйыстыратын дара билікке ұмтылды. Әзірге ашып айтпағанымен, қарақты көз барлық болмысы, іс-әрекеті мен өзгеше саясатынан анық аңдар еді. Бұл жағдайды жұрттың алдымен байқаған – арамдығына ақылы сай Жамұқа-шешен еді. Осыған орай, дербестігінен айрылғысы келмеген
қаншама ру-тайпаның басын құрап, қуатты бірлестік ұйыстырды. Алайда,
Керей–Қият одағы барлық майданда басымдыққа жетті. Шын мәнісінде Оң ханның емес, Темужіннің жеңісі екен. Енді Жамұқа өзінің жеке басы тұрыпты,
Оң ханның билігіне де қатер тумағын кәміл таныған. Жалғыз-ақ жол қалып еді: Оң хан мен Темужіннің арасын бұзу. Әзірше, алалыққа ешқандай себеп жоқ сияқты. Өкіл баласына мейлінше риза Оң хан ақыр түбінде бүкіл патшалығын осы Темужінге мұра қалдырмағын ашық айтқан. Сөз жүзінде
болса да, жарияға шыққан жағдай. Жамұқа дәп осы арадан ұстайды.
Оң ханның сеніміне кірген соң, Сәнгүнмен мүлде бауырласып алды дейді. Екеуі анттасқан анда болады. Өзара әңгіменің ең басты тақырыбы – Темужін және одан қалай құтылудың жайы. Керей ұлысының заңды әрі нақты
мұрагері – ханның үлкен ұлы, қолбасылық қабілеті біршама танылған, кемел жастағы Сәнгүн емес пе! Ұлыстың бас билігі қолдан берілмеген күннің өзінде Темужін орта жолдан, опасыз шапқын, жойдасыз зорлықпен, әкені де,
баланы да ғұзырынан тайдырып, тартып алмасына кім кепіл? Темужіннің әзіргі барлық ісі – аярлық пен амал-айла. Сондықтан, ата тегі асылзада хандардан бастау алатын Оң хан әулетінің күні кешегі бодан, Қият
Темужінмен қыз беріп, қыз алысып құда болуы – сүйекке таңба. Ал ендігі жердегі одақтастық деген – тек қана апат әкелуі анық. Жамұқа әсерлі әуез, майда, өтімді тілмен Сәнгүнді барлық сөзіне сендіреді. Ең бастысы –
Темужіннен құтылсақ, Керей ұлысының ханы, жалғыз Керей ғана емес, бүкіл сақара жұртының қожайыны – өзің боласың деген кеп. Осыған орай, әуелде Сәнгүн, кейінде Оң ханның өзі сенді, сенбеді – Темужіннің опасыздық ниеті, дәп осы ретте мүлде қисынсыз жала – жең ұшынан Найман Таян ханмен
жалғасып, ақыр түбінде Керей Оң ханның ордасына шаппақ деген, үрейлі әңгіме.
Біз Темужіннің Батыс Найман ұлысы – Таян ханмен елшілік алмасуын теріске шығармас едік. Бұл кезде болашақ Шыңғыс хан өзін Оң ханнан мүлде
тәуелсіз, дербес әмірші санаған. Бірақ әзірше одақтастық шартын бұзуы неғайбыл. Таян ханмен жалғасса, Шығыс Найман ұлысы – Бұйрық ханға қарсы қимыл бірлігі туралы сөз болуы мүмкін, немесе, Батыс Найман – Дәшті-Қыпшақ қақпасында, ежелгі керуен жолдарының бойында тұр –
берідегі алыс-беріс, арғы жұрттармен сауда қатынасы төңірегінде келісім
жөні. Алайда, Жамұқаның Сәнгүн мен Оң ханды ескертуі мүлде негізсіз емес, Темужіннің ақыр түбінде дара билікке ұмтылары анық еді. Әлде, қартайып отырған Оң хан дүниеден өткен кезде, баяғы бір, мұрагерлік туралы уәдені алға тартып. Немесе, бар билікті қолдан беру турасында Оң ханның өзіне қысым жасап. Бірақ дәл қазір емес, тақаудағы жылдарда. Жамұқа мен
Сәнгүн тартысты тездетіп жібереді. Ақыры Оң ханның ғана емес, өздерінің де басын жойғанын көреміз.
Қарадүрсін Сәнгүннің Темужінмен бақастық сезімі Жамұқа-шешеннің өтімді үгіт, пәрменді насихатынан соң ашық өшпенділікке айналады. Әке мен арадағы әуелгі кеп, күмәнді шағым – құдалық турасындағы әңгімеден өрбісе керек. Теңсіздік жайы өз алдына, қыз алып, қыз беріскеннен соң Темужіннің мәртебесі айрықша көтеріліп кетпек. Асылданған Есугей ұрпағы уақыт оза
келе, Оң ханның әулетін босағада қалдырмақ. Ең бастысы – Темужін Найманмен одақтасып, Керей ұлысына қарсы соғыс ашуға дайындалып жатыр. Алдын алып, қарсы әрекет жасамасақ, құримыз дегенге саяды.
Оң хан мұның бәрі бекершілік деп, қаперіне алмапты. Темужін – тумаса да туғандай балам есепті, қаншама заманнан бері қол жалғасып келеміз, ал Жамұқа – жел сөзі көп, тайғақ, сенімсіз кісі, мен Темужін ұлымның пиғылы теріс деп ойламаймын, депті.
Бұл екі ортада, тәрізі, ежелден біліс Жамұқаның арнайы өкілдері арқылы жең ұшынан жалғасқан Алтан мен Құшар және Дәрітай-отшыген Сәнгүнмен
келісімге келеді. Бұрнада, Татар жорығы кезінде олжадан қағылған қорлығы тұрыпты, ауыр жазаға тартыла жаздады, оның үстіне, баяғыдай, жалғанды
жалпағынан басып, жарты патша болып жүруден қалған, бар билігі
Темужіннің қолында. Егер Сәнгүн мен Жамұқа Оң ханды ырқына көндіріп,
Темужінге қарсы аттанса, біз де аянып қалмаймыз, деседі. «Қастерлі
шежіренің» тілімен айтқанда, «Өгелін ұлдарының үлкенін өлтіріп саламыз, кішілерін кіріптар қыламыз» деседі. Қатарына жаңа күш келіп қосыларына көздері жеткен Сәнгүн мен Жамұқа Оң ханды қайтадан ортаға
алады. Жамұқа-шешен Темужіннің қазіргі астыртын әрекеті, алдағы опасыз шапқыны туралы сөздерін тұздықтап, жеткеріп айтады. «Менің андам
Темужін Найман Таян ханмен берік байланысты, әзірше өзіңізді Әке деп мүләйім көрінгенімен, пиғылы теріс, мақсаты бұзық. Қалайша ғана сеніп отырсыз? Алдын алмасаңыз, ақыры үлкен апатқа ұшырайсыз. Егер осы қазір Темужінге қарсы аттансаңыз, мен өзіңізге қосылам да, бір жақ бүйірінен
келіп тием, депті. Сонда да илікпеген Оң ханмен Сәнгүннің өзі оңаша сөйлеседі. Бүгінгі жағдайдың айрықша қолайлы болып тұрғанын, Темужін ұлысынан Алтан мен Құшар және Дәрітай-отшыген, оларға жалғас
Қарақыдай, Ебуген-Нұяқын, Сүкегетай-Тоғрыл мен Қашығұн бектер бастаған қаншама жұрт тілектесіп отырғанын айтса керек. Өз ағайындары «Темужіннің қолын байлап, аяғын тұсап әкелеміз» деп уағда қылды дейді. Басы айналған Оң хан бәрібір көнбейді. «Күні бүгінге дейін маған сүйеніш болған ұлым
Темужінді қалайша жамандыққа қиямын?! Анттан айнысам, мені Көктің кәрі соғады! Қойыңдар енді!» – депті. Сонда Сәнгүн: «Сен хан болып отырған
бүгінгі күннің өзінде туған ұлың менің қолымда ешқандай билік жоқ. Ақтан қараны айыра алмайтындай жағдайға жеттің. Атаң Марқұз бен әкең
Құржақұз хандар құрап берген айбынды ұлысың енді кімнің жемі болғалы тұр? Кімге тапсырмақсың? Маған сенбейсің. Ендеше, мені балам деп
санамай-ақ қой!» – деп, есікті қайыра серпіп, шығып кетеді.
Оң хан осыдан соң ғана баласының ырқына көніпті дейді. «Мен Тәңірінің кәрінен қорқып едім. Бәлкім алдағы заманда да бізге көзі түзу болып қала
берер. Кәрі сүйегі саудыраған мына маған тыныштық керек. Уайым-қайғысыз өлсем деймін. Сөзімді тыңдамадыңдар. Егер осы істеріңді жөн көрсеңдер, шамаларың жетеріне сенімді болсаңдар, ендігісін өздерің біліңдер!..» – депті барлық еркінен айрылған бейбақ хан.
1203 – доңыз жылғы көктем екен.
Айғақ
Қыстың басында қозғалған құдалық жөнін созбұйдаға түсіріп жүрген Сәнгүн Темужінге хабар салады. Туыстығымызды біржола бекітейік, Жауұр-бикені Жошыға береміз, құдаласу тойына келіңдер деген. «Қастерлі шежіренің» айтуынша, Темужінді шақырып алып, құдаласу үстінде тұтқындамақ екен.
Әлбетте, Оң ханның келісім, ризашылығы бойынша. Мұндай оқыс опасыздық жайы бұрын да айтылған. 1200 жылы, Тайжуыт–Меркіт одағына қарсы соғысқа шығар алдында, Сары-кегердегі құрылтай кезінде. Араға ешкім
жүрмей-ақ. Үгіт, насихатсыз. Оң хан Темужінді қапыда өлтірмек еді, бірақ
сәтін таппады дейді «Жинақты тауарихта» және «Алтын топшыда». Ешқандай қисынсыз кеп. Екі ұлыс бірігіп, ортақ жауға қарсы аттанғалы отыр, бұл жолғы майданнан соң тағы қаншама жаңа шайқас күтіп тұр, екі тарапқа бірдей тиімді одақтық шартты бұзуға ешқандай негіз жоқ. Кейінде, Оң хан мен Шыңғыс ханның араздығына себеп іздеу, қайткенде де Оң ханды жазықты қылып шығару мақсатынан туындаған, жапсырма, жалған мағлұмат. Енді,
«Жинақты тауарих» пен «Қастерлі шежіреде» қабатынан айтылатын, құдалық кезіндегі опасыздық жөніне де күмәнмен қарауға болар еді. Сонымен қатар, бұл жағдайды мүлде теріске шығаратын дәлеліміз және жоқ. Барды
баяндаумен шектелуге тура келеді.
Сәнгүннен арнайы шақырту алғаннан соң Темужін қасына небәрі оншақты кісі ғана ертіп, құдалыққа жүрді дейді. Жолай баяғы Мөңлік-әкейдің үйіне қоналқаға тоқтайды. Сонда Мөңлік айтыпты: «Бұлар қаншама уақыт бойы бізді қорлап, Жауұр-бикені бермейміз деп келіп еді. Аяқ астынан өзгере
қалуына не себеп? Кеше ғана кеудесін керіп, құдалықтан қашқан кісілер енді кенттен келіседі және өз тарабынан шақырту жібереді. Мұнда бір күмән тұр. Арамдығы анық. Өз аяғыңмен баруың жөн емес. Қазір ат арыған, қараөзек уақыт деген сылтаумен, өкіл кісілеріңді жібер», – депті. Осы кеңес бойынша, Темужін арнайы сапардан тартынып, кері қайтады, құдаласу рәсіміне Бұқатай, Кертай деген нөкерлерін жіберіпті. Бұл екеуі келген соң, сыңайына қарағанда, ешқандай құдалық рәсім өткерілмейді, іс мәнісін аңдаған Оң хан:
«Ойлаған шаруамыз әшкере болыпты! Енді тезінен, ертең ертемен аттанып, жаппай қоршалап, Темужінді ұстап алайық!..» – депті.
Осы шағын эпизодта бірнеше кілтипан аңдалады. Әлбетте, Темужін қайда, кімге барса да, оншақты кісімен жүрмейді, далайхан көтерілген алғашқы
күнінен-ақ жеке басының қауіпсіздігіне айрықша мән берген, әуелгі күзет әскері жүз елу жасауыл, кейін тұтас бір түмен – он мың аламанға жеткен.
Екінші, мұндай шолақ амал, көпе-көрнеу арамдық жайын әлдебір тауансыз шалдан бұрын Темужіннің өзі-ақ танып-білер еді. («Юань тарихында» дәп
солай. Көңілін күмән жайлаған Шыңғыс хан орта жолдан өзі қайтады. Екінші бір ерекшелік – құдалықтан бас тартатынын мәлімдеп, арнайы жаушы
жібереді.) Үшінші – бұдан бұрын Темужінге теріс жауап берілмеген, тек келісім мезгілі созылыңқырап кеткен, қайткенде де ол заманның өзінде
тиесілі рәсімге құдаласпақ басты кісілер ғана баруға тиіс. Ең ақыры – ордалы ұлыстың ханы болып отырған Темужінді «қоршалап ұстап алу» үшін біршама дайындық, қалың әскер керек және бір таңның шаруасы емес. Мейлі, орайы келген соң айттық.
Анығы – Оң ханның келісімін алған Сәнгүн Темужінмен белдесер зор майданға дайындалады. Бұл кезде Темужіннің ең жақын тумалары: Алтан,
Құшар мен Дәрітай және солардың ығындағы тағы бірнеше белгілі әскербасы бек өз ұлысынан ірге айырып, Сәнгүн–Оң ханның жағына өтеді. Кейінгі
зерттеушілер Темужін ұлысының тең жарымы, әйтпесе анық үштен бірі
бөлініп кетті деп санайды. Қайткенде де өте көп халық, жарақты қаншама әскер. Оң ханның өзіне тиесілі ұлан-байтақ жұртын, оған қоса Жамұқаның қол астындағы қауымды жинақтасақ, Темужінмен ара салмақ төрт те бір, бәлкім, бес, алты да бір болар еді. Кеше ғана шалқып, толқып отырған,
қарымды, қуатты Темужіннің алмағайып, қиын жағдайда қалғанын көреміз. Оның үстіне, «Қастерлі шежіренің» айтуынша, ту сыртында болып жатқан
мұндай істен мүлде бейхабар. Шын мәнісінде, Темужінге жалпы жағдай мағлұм, тек өзіне қарсы аттаныс қашан және қалай басталарын ғана нақты білмесе керек.
Әлбетте, қандай да бір жорық, шапқын күткен, немесе күтпеген ұрыс
алдында үлкенді-кішілі Әскери кеңес өткізілмек. Сәнгүн, әлде Оң ханның өзі ұйыстырған үлкен Кеңеске Темужінді тастап шыққан мәртебелі туыстар да қатынасқанын көреміз. Жамұқа-шешен де бел ортада. Алдынала келісім, дайындықтың түйінді мезеті. Біріккен, жаппай аттаныс туралы шешім
қабылданады. Әзірше бәрі де құпия. Алайда ұзақ сақталмапты.
Алтанның інісі Еке-Шерін кеңестен үйіне қайтып келген соң, төтенше оқиға – Темужінге қастандық жайын Алақ-Нидұн дейтін әйеліне айтып қойған екен. Сөзден сөз шығып, осылай әңгімелесіп отырғанда, саумал әкеліп, ішке кірген Бадай деген жылқышы іс мәнісін аңдап қалады. Естігенін Кішлік деген
көмекшісіне барып айтыпты. Ол да өз кезегінде жанасалай тыңдап, анығына көзі жетеді. Енді екеуі ақылдаса келіп, қайткенде де Темужінге хабар беруге бекініпті. Жолазығын молынан алып, меркіттен түскен Ақбоз бен Аққұла
дейтін екі атқа мініп, түн жамыла суыт жүріп кетті дейді. Сол беті Темужіннің ордасына жетеді. Үй сыртында тұрып жөнін білдіріп, содан соң жүздесіп,
барлық жағдайды мағлұм қылыпты.
Темужін қарауындағы жұртына шұғыл сауын айтып, ауыр ұрысқа дайындалады.
Қалалджыт-Әлет шайқасы
Жау шабар жайсыз хабар тиген кезде Темужін Арал деген жерде тұр екен. Бөгелместен, бала-шаға, қатын-қалаш, ұрысқа жарамсыз барлық жұртын – арбалы, күймелі көші, мал-жанымен қоса өзеннен өткізіп, орман асырып жібереді. Өзі қолда бар әскерін жинақтап, шапқын бағдарына қарсы жүрді
дейді. Артқы, тұтқауыл қосынды Желме-ноянға тапсырады. Өзі негізгі лекте. Алға қарауыл, хабаргер салады.
Бұл кезде Оң хан мен Жамұқа-шешен бастаған қалың қол Мағу-үндүр тау
жотасының терістік беті, қызыл тал өскен Құлан-бүрген дейтін жерге жеткен екен. Осы тарапта жылқы бағып жүрген, Темужін ұлысына қарасты екі жігіт алыстан, жалпағымен көтерілген ұбақ-шұбақ, қалың шаңды көріп, кері
шабады да, әскердің алдыңғы легіне хабарлайды. Күн бесіннен екінтіге ауған мезгіл екен. Темужін түн жамылып, тура аттанады. Екі жақ таң атып, күн шыққан кезде Қалалджыт-Әлет («Қастерлі шежіреде» – Қара-Қалжыт-Елет,
«Алтын топшыда» – Қалғажын-Алат) деген жерде беттеседі. «Күн найза бойы
көтерілген мезгілде екі жақтағы әскер де түзем құрып, ұрысқа сайланып тұрды», – деп нақтылайды Рәшид-әд-Дин.
Екі тарапқа бірдей қисапсыз өлім әкелетін қанды майдан алдындағы тұрыс сыпаты өзгеше. Түзем құрған әскер сырнай, керней тартып, ұран салады – Тәңіріден күш тілеген, Аруақтан медет сұраған мүнәжат, жаудан қайтпауға жұмылдырылған өршіл үндеу. Екі ішекті (тәрізі, домбыра кейіпті) аспапта жыр толғап, жаппай ән шырқайды – қаһарлы сөз, сырлы саз. Жауынгер атаулының рухы көтеріліп, соғысқа емес, мереке-серуенге шыққалы
тұрғандай күйге түседі, делебесі қозып, ажалдан тайынбас жағдайға жетеді. Ұрыс бас қолбасының арнайы, үлкен дабылы қағылып, жаппай шың соғылғаннан кейін ғана басталмақ. Оған дейін көңіл шалқытқан ән мен жыр,
Аруақ шақырған ұран мейлінше үдеп, тынымсыз жалғаса бермек. Жалпы
жұрт қанды шайқасқа асығып, тағаты таусылар шақта жаппай қырғынға жол ашылады.
Шыңғыс хан заманындағы соғыс атаулыға тән, нақты деректерде сақталған мұндай өзгеше ахуал Қалалджыт-Әлет ұрысына да тиесілі болса керек.
Өткендегі Түрік қағанаттары, бәлкім, ежелгі Ғұн дәуірінен қалыптасқан өзгеше дәстүр. Шыңғыс ханға дейінгі, ХІ ғасырдан сақталған тарихи
жазбаларда селжүктердің, сондай-ақ уыздар мен бешенектердің үлкен ұрысқа кірісер алдында кернейлетіп, өлең-жыр толғап, ұран салып көңіл
делбейтіні атап айтылады (Манцикерт шайқасы – 1071). Бұл ескілікті дәстүр Шыңғыс ханнан кейінгі заманға жалғасып, Алтын Ордадан өтіп, Қазақ Ордасында да ұмытылмағанын көреміз (Шалкиіз, Ақтамберді толғаулары,
«Ер Тарғын» жыры).
Қалалджыт-Әлет майданында Темужіннің туы астындағы аламанның жалпы қарасыны үш-төрт, бәлкім, бес-алты есе кем еді. Екі қатар етіп тұрғызыпты. Жау бетіндегі алғы лек – ұрұт пен маңғыт, екпінді, жаужүрек қауым,
Темужінге әуел бастан адал болып, барлық майданда тізе қосып келе жатқан таңдама жасақ. Келесі, негізгі қосынның саны бұдан әлдеқайда көп, қаншама тудан құралған, соңғы оншақты жыл орайында талай майданға түскен, шыңдалған әскер.
Жау жасағы бес қатар болып сап түзейді. Алғашқы лек – Қадақ-бахадұр бастаған жырқын жасағы; екінші қатар – Ашық-Шырұн бастаған түмен-
түбеген руы; үшінші кезекте – саны мол тұңқайыт батырлары; төртінші топ – Оң ханның қолбасы Қоры-Шыламұн бастаған жасауылдары мен торғауыттары; бұл төрт лек – түгелімен Керей ұлысының байырғы әскері
болса, бесінші қатар – құрама: Жамұқа-шешеннің жасағы және, ілкідегі оқиғалар қисынына қарағанда, Темужіннің ет-жақын туыстары – Алтан мен
Құшар және Дәрітай-отшыген және солармен ниеттес айнымалы бодан
бектер. Бұл әскердің, бұл жолғы ұрыстың бас қолбасшысы міндеті Жамұқа- шешенге жүктелген екен.
Темужін қанды қырғын алдында, ат үстінде шұғыл Әскери кеңес өткізеді. Шабуыл, әлде қорғаныс. Қалай және қайтіп.
Темужіннің өзі табанды қорғаныстан гөрі азшылық бола тұра шабуылға шыққанды мақұл көрсе керек. Нақты пікірлесу кезінде алғы лектегі, яғни, ең негізгі соққыны қабылдап алуға тиіс, әйтпесе, бірінші болып шабуға тиіс ұрұт пен маңғыт бектерінің ризашылығы қажет еді. Ұрұт Кәктай-ноян қамшының сабымен атының жалын тарамыштап, кесімді сөзін айта алмай, бөгеліп қалды дейді. Сонда маңғыт Құйылдар-шешен айтыпты: «Хан ием, шабамыз. Мен жаудың ту сыртындағы ана бір, Құтпан деген төбеге жетіп, ту көтерем. Содан соң арғы жақтан сүрен саламыз. Ажалым жетсе – ер өлімі. Артымда қалған бала-шағама қамқор болғайсың!..» – депті. Бұл сөзді екінші бір маңғыт бегі Бәжігер қостап шығады: «Ойланып-толғанып тұрмай, тезінен
бастайық. Қалғанымыз жау бетінен тура шабамыз. Тәңірінің қалауы болсын!»
– депті.
Құйылдар-шешен, әлбетте, жалғыз өзі емес, біршама, әйткенмен шектеулі, шағын жасағымен майдан бетін айнала шауып, жаудың ту сыртына өтеді де, көп ұзамай, атаулы төбеге ту тігеді. Осы кезде алдыңғы легі Кәктай-ноян мен Жүршедай-аға бастаған ұрұт жасағы, Бәжігер бек бастаған маңғыт жасағы тура шабуылға шығыпты. Оларға жалғаса Темужін әскерінің екінші легі ұрысқа кіріседі. Бұлар ең алдымен Оң ханның таңдаулы әскері саналатын
жырқын қосынын ортасынан ойып түсті, содан соң екпіндеп алға ұмтылды дейді. Осы кезде түмен-түбеген жасағы кері бұрылып, ту сырттан шапқан Құйылдар-шешенмен қақтығысты, саны басым жау әуелі маңғытты тоқтатты, содан соң еңсере тықсырып, кері шегіндірді. Құйылдар-шешен Ашық- Шырұнның найзасына ілініп, атынан ауып түсті дейді. Алайда, майдан беттегі ұрұт жасағы түмен-түбегеннің қатарын бұзып, тұңқайыт аламандарымен
бетпе-бет келді, оларды да ығыстырып, Оң ханның торғауыттарымен тайталасқа түсті дейді. Бірақ дәл осы кезде Сәнгүн қарсы шабуыл бастайды. Қансырап, қажып тұрған, қарасыны кемшін Темужін әскері тың күштерге төтеп бере алмапты.
«Жинақты тауарих» және «Қастерлі шежіре» мен оған сабақтас «Алтын топшының» үйлес әңгімелеріне қарағанда, ертеден кешке дейін созылған
«Қалалджыт-Әлет шайқасы табанды, мейлінше қатал және қантөгісті
болғаны көрінеді. «Қастерлі шежіре» мен «Алтын топшыда» әдепкідей, әсіре басым, Рәшид-әд-Дин деректері нақтырақ. Жинақтап келгенде, ұрыстың
ұзына сұлбасы айқын аңдалады. Маңғыт Құйылдар-шешеннің ежелгі
«Толғама» тәсілімен жаудың ту сыртына шығуы және қарсы жақ күтпеген, екі тарап тіке шабуыл нәтижесінде майданның алғашқы кезеңінде Темужін
недәуір табысқа жетеді. Жеңіс жақын көрінген. Алайда, «толғамаға» шыққан жасақтың санының аздығы және бүкіл Темужін әскерінің қарсыласынан
еселеген кемдігі ұзақ ұрыстың шешуші кезеңінде түбегейлі бетбұрыс жасай алмайды. Сәнгүн бастаған тосқауыл қосынның төтенше шабуылы
нәтижесінде Темужін жасағы қирап жеңіледі.
Енді түгі қалмай тозғындап, біржола жермен-жексен болса керек еді.
Темужіннің өзі қазаға ұшырап, немесе тұтқынға түсуі ықтимал еді. Кездейсоқ жағдай, әлде шынымен-ақ Тәңірінің қия тартқан кеңшілігі, Оң ханның ұлы, шабуылдың ұштығындағы қолбасы Сәнгүннің ашық, «шырайлы бетіне» оқ тиіп, атынан құлайды. Өлі ме, тірі ме – үзеңгілес нөкер, бұларды көрген басқа да жасауыл әскер ошарыла тоқтап, төңірегіне үймелепті. Тым жеңіл болмаса да, өлесі жарақат емес екен. Бірақ осы үрейлі қарбаласта шабуыл іркіліп қалған. Қайыра шыққанша, қашқан жау топтасып үлгеруі мүмкін. Оның
үстіне, қайта шаппақ болған жұртты Ашық-Шырұн тоқтатады. «Оң ханның дұғамен тілеп алған ұлы Сәнгүннің жарасын тазартып, тезінен ем қолдану керек. Жамұқа, Алтан мен Құшар бастаған қияттың көпшілігі біздің жақта. Темужіннің соңындағылар тоз-тоз болды. Ертең өздері іздеп келіп бас ұрмаса, жылқының тезегіндей, етегімізге теріп жүріп, жинап аламыз...» – депті. Бұл екі ортада кеш батып, қараңғы түседі. Сәнгүн жараланып
жығылмаған жағдайда, Темужін біржола құритын еді, деп жазған Рәшид-әд- Дин,
Шыңғыс ханның соғыс тарихындағы ең ауыр ұрыс өткерілген Қалалджыт- Әлет жазығы және оған тетелес Мағу-үндүр тауының қай тұста болғаны туралы әрқилы жорамал бар. Ішкі моңғол тарихшысы Саяшиял Халха өзенінің төңірегіне сілтейді. Ал бұдан бұрынғы қытай ғалымы Ту Цзи Құлын көлінің
терістік-батысы деп жазған. Осы және басқа да тұспалдардың әлдебірін
күмәнсіз қабылдау қиын. Бәлкім, сақараның шығыс бөлігі емес, орталығына жақын, басқа бір жер шығар. Жауласқан екі жақ Темужіннің ордалы
жұртынан алыс, Оң ханның ұлысынан да шалғай, татар тайпасына тиесілі өңірде беттесуі неғайбыл дейміз. Бұрнада айттық, Екінші Азамат соғысы – Құбылай мен Арық-Бұқа–Қайдудың әуелгіден әлдеқайда асып түскен қанды майданынан соң иен қалған ежелгі Татан Даласындағы үлкенді-кішілі жер атаулары түгелге жуық, көшкен жұртымен бірге жоғалды. Тек қағаз бетіне түскен тарихы ғана ұмытылмай, бізге жетіпті.
Балжын-көл босқыны
Қалалджыт-Әлет ұрысындағы ауыр жеңіліс нәтижесінде, Рәшид-әд-Дин айтқандай, біржола құрымаса да, жоққа жақын Темужін шалғай түкпірдегі Балжын-көл деген жерден барып бір-ақ шығады. Әлде лай сулы көл, әлде
батпақты, шұқанақ, жартымсыз бұлақты, әйтеуір жау қарымы жетпес, көзден таса, елсіз медиен. Арғұн-дарияның етегі (Ту Цзи). Қасында он сегіз серігі
ғана бар. Ауыз судың жарамсызы өз алдына, ішерге тамақ жоқ. Темужін бұл қиырға қашан және қалай барды?
Ескілікті дерек көздерінің айтуынша, Темужін сәтсіз шайқастан кейін, аман қалған әскерін жинақтайды, көп ұзамай қоңыратқа сөз салып, өз жағына қосып алады, Оң ханға елші жібереді, содан соң ғана Балжынға кетіпті. Аш- жалаңаш, арып-аршып. Бар әскерінен, азды-көпті жұртынан ажырап. Мүлде жымдаспай тұр.
Шындығында, жауынгер жасағы қираған, көпшілік әскері қазаға ұшыраған, қанды майданнан аман шыққандары жан-жаққа бытыраған Темужін ең алдымен жау қолына түспей, жан сақтауы керек еді. Оң хан мен Жамұқаның және өз туыстары Алтан, Құшар, Дәрітайдың мың сан жасауылы қайткенде де Темужінді өлі, немесе тірідей қолға түсіруге ұмтылмақ. Жалпағынан
жайылып, ен даланы сүзіп жүр. Сәтсіз ұрыстан соң түн жамыла қашқан Темужін соңғы сәтте қасынан табылған санаулы серігімен бірге ат басын
иенге бұрады. Өткен істің бәрі ғайыпқа айналғандай. Бас амандығы бірінші кезекке шыққан.
«Юань тарихының» төртінші бөлімі, 120-бап, Джафар-қожаның
ғұмырбаянында нақты айтылғандай, Балжын-көлге жеткенде азық-түлік сарқылып, Темужін тобы таршылыққа ұшырайды. Талғажау табылмапты. Не аң, не құс ілінбейді. Міне, осы кезде әлдебір саяқ тағы (Еуропа ғылымында
«лошадь Пржевальского», қазіргі моңғолдар «тахы» дейді, ежелгі қазақта
«тағы» – жабайы жылқы) алыстан, қиялай жортып бара жатады. Чжу-ван (яғни Темужіннің інісі Қасар) садағын толғай тартып, атып жығыпты. Аш-арық жұрт қолма-қол тағының терісін сыпырып, етін мүшелеп бұзып, жорық
қазанына Балжын-көлдің лайсаң суын толтырып, тас шақпақпен от тұтатып, былқытып асады. Ет жеп, сорпа ішіп, көңіл жайланған соң Тай-цзу (Шыңғыс хан) қолын көкке көтеріп, Тәңіріге мүнәжат етіп, ант берді дейді: «Егер
ойлаған мақсатыма жетіп, Биікке шықсам, осында отырған кісілермен жұбым жазылмайды – қуанышты бірге бөлісем, қиындықты бірге көтерісем. Осы сөзімнен айнысам, мында лайлы сумен бірге кетейін!» – депті. Көңілі
босамаған жан болмады, дейді. Сол арада барлығы да ханға адалдық, өзара бірлік туралы серт береді.
Кейін, Шыңғыс хан бар мұратына жеткен кезде осы Балжын-көлде болған кісілер айрықша құрметке бөленеді, «балжұнты» деген атақпен, ерекше есепте болады.
Балжын-көлдің лайлы суын ішіп, ең қиын күндерде қайтпас антқа келген
кісілердің ұзын саны – Шыңғыс ханның өзімен қосып есептегенде – он тоғыз. Кейінгі зерттеушілер бұл таңдама он тоғыздың аты-жөнін түгелге жуық айқындаған. Ру-тайпа жөнімен жіктей келгенде өзгеше құбылысқа ұшырасамыз: үш қият, үш керей, екі қидан және меркіт, қоңырат, маңғыт,
жетей, ұрұт, оронар, сұлдұс, ұраңқай және «Батыс өлкеден» (Хорезм, әлде Жетісу) шыққан сейіт – Шыңғыс ханның өзімен бірге, жөн-жосығы нақты
белгілі он жеті ардагер – аз-кем емес, тура он екі атаның өкілі екен. Бұлардың ішіндегі, бұрынғы-соңды мағлұм-мәшһүр тұлғалар: Шыңғыс ханның туған інісі, қият Қасар, Еке Ұлыста үнемі биік мәртебеде болған,
Өкетай, Күйік қағандардың кезіндегі бас уәзір, керей Шыңқай, қолбасы, ұрұт Жүршедай-ноян, Шүрженмен, Сұңмен арада елшілікте жүрген қидан Елүй- Ақай. Қалғандары да қаражаяу емес. Орайы келгенде атала жатар.
Қатерден қағыс Балжын-көлде тыным тауып, ес жиған Темужін серіктерімен ақылдасып, ойланып, толғана келе, қайтадан атқа қонады. Қимылы жіті, қарпымы өзгеше. Ерекше тәсіл, төтенше жоспар. Бірақ ойға алған ісін – амалсыз өлермендік деп қана бағалауға болар еді...
Серпіліс
Оң хан мен Жамұқаның жорық жолындағы қалың әскері өз ұлыстарына қайтқан соң, қауіпсіздік жағдайға көзі жеткен Темужін Балжын-көлден шығып, әр тарапқа хабаршыларын аттандырады. Тараған әскер, тозғындаған жұрт аз-мұздап қайтадан құрала бастайды. Көп ұзамай-ақ, байырғы
жасағынан 2 600 («Қастерлі шежіре»), бәлкім, одан көбірек – 4 600
(«Жинақты тауарих», «Әулие жихангер») әскер жинапты. Қуатқа жетпесе де, қарусыз емес. Әуелгі бір әрекет – әзірге ел-жұртынан алыстап кеткен салт- сабай аламанды азық-түлікпен қамтамасыз ету екен. Осы кезде көлденең
нәпақа кез болады. Түркстандық Асан деген көпес Тұр-Қорған бойындағы Оңғыт ұлысына барып, бір мың еркек қой саудалап, енді осы малын тиін, бұлғынға айырбастау үшін Арғұн өзенін құлдап келе жатқан екен. Өзі ақ
түйеге мінген дейді. Әлбетте, жалғыз емес, қаншама қосшы, қызметшісі бар. Яғни, Хорезм, Жетісу аймағымен алыс-беріс, керуен тарту бұл кезде әдепкі жағдай. Қиыншылық қыспағындағы Темужін осы мың қойды барымталап,
тартып алмайды, несиеге сұрапты. Әуелгі талғажау. Бұдан соң Халха аңғарында қамажау аңшылық құрады. Қажетті молшылық жасалды. Бірақ күтпеген қазаға ұшырапты. Қалалджыт-Әлет шайқасында жанкешті қимылымен саны басым жау шебін еңсере шауып, майданды тайталас
жағдайға түсірген ержүрек Құйылдар-шешен найзаға шаншылса да, аман қалған екен. Енді, жаппай аңшылық кезінде, айтқанға болмай атқа мінеді. Киік қайырып жүргенде, жазылып кетті деген жарақатының аузы ашылып, көп ұзамай дүниеден өткен екен. Сенімді нөкерінің от пен судан шығып,
көлденең қазаға ұшырауы Темужінді қайыстырса керек. Халха өзенінің жағасы, Орнағұн-Келтекей деген қырат басы, жартасты шоқының астына жерледі дейді.
Азды-көпті әскер құралған соң Темужін ыдырап кеткен ұлысын жаңадан ұйыстыруға кіріседі. Бұрнада өзінен бостан жағдайдағы, енді оңтайы келіп тұрған, сыртқары ағайындардан бастапты. Ең алдымен қоралас бағынады. Тәрізі, шалғайдағы әлдебір атасы. Өз қалауымен, деп көрсетеді «Қастерлі шежіре». Бұдан соң Халха өзенінің етегі, Бұйыр-нор жағасында қоңыраттың терге, әмелтен тармағы көшіп жүрген екен, Жүршедайды бас қылып, ұрұт жасағын жібереді. Қоңырат бізбен ежелден бері құда-андалы жұрт еді,
бауырласып, туысса, қайтадан табысамыз, бұра тартса тұрысар жерін айтсын, дейді. Қоңыраттар Жүршедайды ықыласпен қабылдап, Темужінге күш қосыпты. Қоралас пен қоңыраттың оқшау, саяқ бір бөліктерін қосып алған
Темужін, қазіргі шектеулі әскерінің негізгі тобын құрап отырған ежелгі жұртымен де жалғасуы күмән туғызбаса керек.
Халха аңғарында күш жинай бастаған Темужін жаңа шапқыннан сақтанып, қауіпсіздік шараларын да жолға қояды. Ғұзырындағы небәрі үш-төрт мыңдық жасағын қақ жарып, бір бөлігін батыс тарапқа, екінші бөлігін шығыс тарапқа қорғаныс, қарауылға белгілепті. Осыдан кейін кеше ғана өзін жұртынан ығыстырған жауларына арнайы елшілік аттандырады. Өкпе, уәжі де, айып, сөгісі де көп екен. Айла-шарғысы да жоқ емес. Кінәраты мол сәлем, емеуріні мол ескерту.
Елшілік
Темужін Оң ханға өкілетті елші ретінде Арқай-Қасар және Сүкегей-Жауын деген нөкерлерін жібереді. Хан-әкемен арыла сөйлесуге тиіс; содан соң қандас бауырлары Алтан мен Құшар екеуіне зілді сәлем жеткізу керек, тағы бір жамағайын туыс Тоғрылмен жеке кездесуі шарт. Жамұқаға айтатын
арнайы лепесі тағы бар.
Оң хан Темужіннің елшілерін қабылдап, барлық уәжін естіген соң әжептәуір абыржығаны байқалады. Басқаша жөні де жоқ.
Темужін айтыпты:
«Қазір біз Түнге-нор мен Түрке-Құрықанда тұрмыз. Суы таза, шөбі шүйгін қоныста азбан күліктеріміз әлденіп, әбден семірді», – дейді. Яғни, ауыр ұрыстан соң оңалдық, бұрынғы күш-қуатымыз қалпына келді деген сөз. Бұдан соң турасына көшеді.
«Хан-әке, анада соншама қаһарланып, атқа мінуің қалай? Мені қорқытпақ болдың ба? Егер пейілі теріс әлдекімдерді ықтырғың келсе, өзіңнің санасыз ұлдарың мен сұрықсыз келіндеріңнің тәтті ұйқысын бұзу керек еді.
Астыңдағы тағың омырылып, қирағалы тұр, шаңырақтағы түтінің шашырай ұшып жатыр. Саған не болды, хан-әке? Әлде арамның аяр сөзіне алданып қалдың ба? Әлде күншілдің көкіген сөзіне сеніп қалдың ба? Хан-әке, ескідегі келісім, уағдамыз қандай еді? Ор жылан ортамызға от қоя алмайды, өсек-аяң арамызды бұза алмайды дегенбіз. Көңіліңе күмән кірсе, менімен неге ғана ауызба-ауыз сөйлеспедің? Хан-әке, өзің жақсы білесің, мен қарауымдағы халқым аз болса да, көпке күнім түспес еді, ата-тегім кем болса да, алпауытқа бас имес едім. Арбаның екі дәртесінің бірі сынса, көлігі тарта алмас – мен
сенің екінші дәртең емес пе едім! Қос доңғалақтың бірі қираса, қия баса алмас – мен сенің екінші доңғалағың емес пе едім!» – депті. Есебі, Оң ханның орайсыз кінәсін бетіне баса отырып, оны әлі де әке санайтынын, бодан
ретінде қайтадан бауырына кіру мүмкіндігін байқастайды.
Бұдан соң өзінің Оң ханның алдындағы айрықша еңбегін санамалап шығыпты. Әкесі Есугей-бахадұрдан бастап, ең негізгілерін ғана атап айтқанда: бірінші – ағасы Гөрханды жеңіп, Оң ханды Керей ұлысына орнықтырды;
екінші – Найман ұлысының ауыр шапқынынан, оған жалғас Меркіт қыспағынан құтқарып қалды; үшінші – сыртқа сүйенген інісі Ерке-Қараның тепкінімен жұртынан қуылып, азып-тозып жүргенде хандығын қайтарып
әперді; төртінші – Найман Көксау-Сабрақты тықсыра қуып, ойрандалған ұлысын ұтысқа шығарды; бесінші – салжығұт, қатаған, дүрбен, татар тайпалары бас қосқан майданда және осы шамадағы барлық соғыста жеңіс әперіп, алым-албан, олжа-тем атаулыны хан-әкенің алдына тартты. Әлбетте, осы бес баптың әрқайсысын таратып, тәптіштеп айтқан және Темужіннің
сәлем-уәжі «Жинақты тауарих» пен «Қастерлі шежіреде», «Юань ши» мен
«Әулие жихангерде», шамалы ғана айырыммен, нақпа-нақ қайталанады. Кейінде қосылған әсірелі, үстеме сөз емес, өз кезіндегі нақты лепестің шынайы көрінісі екендігіне айғақ.
«Міне, хан-әке, мен өзімді сенің туған ұлың деп білдім, артық сыбаға сұрағам жоқ, артық мәртебе дәметкем жоқ, қаншама қызмет қылдым. Содан тапқан пайдам осы ма? Көрген қайырым осы ма? Хан-әке, маған неге ғана соншама қаһарың түсті? Егер, өкпе, наразың болса, елші жіберіп, анығыңды айт. Бұдан әріде келіспек болсаң, Құлбары-Құры мен Итүргенді («Жинақты тауарихта»
Алтын-Ашұқ пен Құлбарыны) жібер. Екеуін көп көрсең, біреуі – Итүрген келсін...» – депті. Бұдан соң, аталмыш елшілер шыға қалса, өзінің әуелгі
тұрағынан табылмасын білдіреді. «Егер мен жоғарғы жолмен (яғни, шығыс тарапқа,– М.М.) кетсем, Бұйыр-нор және [оған құятын] өзен (Халха, – М.М.) бойынан іздесін; төменгі жолмен (батыс жаққа,– М.М.) кетсем, Үш Өзен
бойынан іздесін», – депті бұлдыратып. Әлбетте, қауіпсіздік шарасы.
Оң хан Темужіннің сәлемін Арқай-Қасар мен Сүкегей-Жауыннан ауызба-ауыз тыңдап болған соң айтыпты: «Бұдан да өлгенім жақсы еді!..» – депті.
«Ұлымның ұлағатын ғана ұмытқам жоқ, ақиқат Төре заңын да естен шығарыппын. Ұлымнан ғана бас тартпаппын, адамдық қарыз-құрызымды да тәрік етіппін!..» – дейді күйініп.
«Қастерлі шежіренің» айтуынша, Оң хан осыдан соң шынашағының басын оқ жонатын кездігімен шетіп жіберіп қанын шығарып, қайыңның қабығынан ойылған кішкентай құтыға тамызып, Темужінге жолдапты. «Ендігіде ұлыма зәредей қастандық ойласам, дәп осылайша қаным төгілсін!» – депті. Нақты солай болды ма – айту қиын. Қайткенде де Оң ханның кезекті, ең соңғы анты сол жерде қалады. Бұл кезде Керей ұлысындағы барлық билік Сәнгүннің ғұзырына көшкен еді.
Темужіннің Жамұқа-шешенге жолдаған сәлемі тым қатқыл шыққан. Былай депті: «Сен кеудеңді өшпенділік кернеп, мені хан-әкемнен айырдың.
Әуелден-ақ ішің тар, қызғаншақ едің. Енді хан-әкенің қасында жалғыз қалдың. Қарық бол!..» Бұл сөздің тұсында бізге белгілі басқа ешбір нұсқада ұшыраспайтын өзгеше бір дерек бар. Баяғыда, бала кезінде Темужін мен Жамұқа екеуі Оң ханның ордасында бірге тәрбиеленген сияқты. Хан-әке мені сенен артық көрді, «мен ерте тұрып, ханның өзінің көк кесесінен ішетін
едім», – дейді. Әлбетте, Темужін – бодан болса да, қарулас анданың баласы. Ол да, сөз жоқ, билеуші әулеттен шыққан, жүрият руының басшысы Қара- Қадағанның ұлы Жамұқаның құрметі төменірек болуы заңды. «Сен мені сол кезден бастап жек көретін едің!..» – дейді Темужін. Алдағы уақытта
ешқандай мәмлеге келуі мүмкін емесін, қашанда жаулық жолын ұстанатынын ашық жариялапты. Осы орайда, өткен Қалалджыт-Әлет
соғысына қатысты, біз аттап өткен өзгеше бір жағдай. «Қастерлі шежіренің» көлденең әңгімесі бойынша, бас қолбасы болып тұрған Жамұқа шайқас
алдында Темужінге арнайы шапқыншы жібереді. Өзінің бұл жерге амалсыз келгенін араға тартып, ендігі шабуылдың барлық құпиясы – Оң хан жағының
әскери жоспарын хабарлайды. Орайы келмейтін, мүлде қисынсыз қыстырма. Әуелде Жамұқаны жолдан туған тексіз әулет өкілі ретінде күстана қалған,
яғни хандыққа хақысы жоқ, көлденең кісі ретінде бейнелеген құрама эпостың ендігі бір, басқаша көзқарастағы айтушылары оны андалық сертін ақырына дейін сақтаған ізгі тұлға есебінде көрсетіп, мүлде ақтап алмақ
болыпты. Темужіннің атаулы мәлімдемесі мұндай ертегілік оқиғаны біржола теріске шығарады. Темужіннің бүкіл ұлысы ыдырап, өзінің басы жойылуға шақ қалғаны, осыншама машақаты мен шырғалаңы – ең алдымен Оң ханды теріс жолға бұрған Жамұқаның кесірі. Алдағы уақытта екеуі де аяспақ емес.
Керісінше, Темужінің өзін сатып кеткен туыстары – Алтан мен Құшарға
жолдаған сәлемінің жосыны бір бөлек. «Сен екеуің мені өлімге кестіңдер, жермен-жексен болса, бетін топырақ бүркесе деп тіледіңдер. Екіжүзді аярлықпен мені тастап кеттіңдер. Соншама не көрінді?» – деп бастайды.
Бұдан әрі өткенді еске түсіріпті. Бұрнада, бәрің пәтуаласып, мені хан
көтерерде айттым емес пе, мұндай мәртебеге атамыз Бартан-бахадұрдың үлкен ұлының әулеті Сашы бек пен Тайжу лайық дедім. Екеуі қатарынан бас тартты. Содан соң әкеміз, Есугей-бахадұрдың ағасы Некүн-тайшының ұлы Құшар хандыққа орайлы дедім, Құшар да келіспеді. Бұдан кейін баяғыда
бәрімізді әкесі Құтұла хан билеген екен, тізгінді Алтанға берейік дедім, сен де бас тарттың. Ешқайсың мәмлеге келмедің. Мен содан соң ғана хан
көтерілдім. Келісу себебім – ата-бабамыздың байырғы мекенін жабайы арамшөп басып, иен қалмасын, ежелден тартылған арба жолына бұта-бүрген шығып, бітелмесін дедім. Менің жүрекжарды мақсатым – ел-жұртымның қамы болатын. Егер сендердің бірің хан сайлансаңдар, қалтқысыз
қызметіңде жүрер едім, жауларыңа алғыншы жасақта шабар едім, олжаның қомақтысын, арғымақтың асылын, қыз-келіншектің шырайлысын алдарыңа тартар едім, аңшылықта үлестің үлкенін сыбаға қылар едім. Енді менен кетіп, хан-әкемнің қызметіне кіріпсіңдер. Айнымаңдар, адал болыңдар. Сендер
берекесіз, тиянақсыз деген сөз шығып жатыр. Менің ет-жақын туыстарым ондай жаманатқа ілінбесін. Оң хан табиғатында толқымалы, тауансыз кісі.
Туған ұлы есепті маған опа бермегенде, сендерді жарылқай қоймас. Қазір
жаз, алдағы қысқа аман жетіңдер. Бар болыңдар. Біздің ата-бабамыздың құт мекені – Үш-Өзеннің бастауы әулет-зәузатымызға мирас болсын. Ежелгі
жұртымыз бөтен біреулердің теліміне кетіп жүрмесін. Басқа айтарым жоқ, депті.
Алтан мен Құшардың серттен тайғаны онсыз да анық жағдаят. Сәлемнің салмағы соңғы екі түйдек сөзде жатыр. Бірінші – ет-жақын туыстан кетіп, басқа бір әміршіге құлдық ұрдыңдар, бірақ онымен де опа таппайсыңдар
деген кеп. Екінші – осыған жалғас, ата-мекен жұртымыз енді Керей
ұлысының иелігіне айналуға мүмкін деген дүдәмал ескертпе. Жолдаманың негізгі мақсаты – Оң ханмен аралыққа сына қағу екені анық аңдалады.
Темужін өзінің ең жақын ағасы Дәрітай-отшыгеннің бар-жоғын мүлде ұмытқандай. Жиренішті ғана емес, мүлде елеусіз жан есепті. Сондықтан да, өзінен айнып кеткен топтың екінші қатардағы жобалғы тұлғасы – Екей-
Қонтақыр ұлы Тоғрылға таңдау түседі. «Тоғрыл інішек, сенің арғы атаң – біздің есігіміздегі құл еді, – деп бастайды. – Баяғыда менің бабаларым Шарақа-Лингүм мен Түмбине қаған шапқын кезінде Нұқта дегеннің үй-
ошағын ойрандап, өзін тұтқындап әкеліп, құлдыққа жеккен екен. Нұқтаның ұлы – Сүбегей құл, оның баласы – Көкеші-Қырсан, сенің үлкен әкең. Қордан туып, зор болдың. Бұдан әрі қандай биікке шықпақсың? Тыпырлап жүрсің, жағынып, жалмаңдап жүрсің. Алтан мен Құшар менің ұлысымды саған
билетпейді. Құлдың тұқымы туысқан іні атанғанын қанағат тұтсын», – депті. Ата-тегі төмен Тоғрылға арнайы сәлем жолдау – бір жағынан Дәрітай- отшыгенді қыжырту болса, екінші тұрғыдан алғанда, Алтан мен Құшар
тобына жік салу мақсатынан туындағанын көреміз.
Темужіннің елшілері Оң ханның алдынан өткен соң, Сәнгүнмен жүздесіпті. Арнап айтылған сәлем мейлінше зілді. «Мен айдыным асып, киімшең тудым, сен жұрт қатарлы жалаңаш тудың», – деп бастайды. Өзінің табиғи артықшылығын емес, Тәңірінің айрықша шарапатымен жаралғанын әйгілеп отыр. (Осы ретте Нысанбай жыраудың Кенесары хан турасында айтқан бір сөзі еске түссе керек: «Қоғамы күшті ер еді, – Киімді бала тудырған...») «Хан- әке екеуімізді теңдей көрді, тел өстік. Ақыры ортамызға арандатушы қыстырылды, сен мені шетке қағып, әкемнен алыстаттың. Жалғыз өзің қалдың. Енді ертемен де, кеште де хан-әкеміздің көңілін аула, жүрегіне салмақ түсірме. Мазасын кетіріп, тынышын бұзба. Туған әкеңнің көзі тірісінде хандығын аламын деп қарыса берме, бетін теріске бұрып, қаһарына қаласың!..» – дейді.
Осыншама ауыр айыптан соң, әуелгі рәсім жөнімен, келіссөзге шақырып, арнайы елші сұратады. Және кімдер келуі қажетін нақты көрсетіпті.
Жинақтап айтқанда, Оң ханның өз атынан екі кісі, Сәнгүннен екі кісі, сондай- ақ Жамұқа, Алтан, Құшар, Ашық-Шырұн және Қашығұн – әрқайсысынан екі кісіден – жиыны он төрт адамнан құралған үлкен елшілік талап етеді. Оң ханмен арадағы әңгімеден мүлде басқаша әуен. Жеңіліске ұшыраған, пұшайман жанның емес, терезесі тең әміршінің байыпты лепесі. Керек
десеңіз, мүлде өктем сөз. Темужіннің арнайы елшілігінің жай-жапсарын тәптіштеп жазған Рәшид-әд-Дин «Жинақты тауарихтың» «Шыңғыс хан
шежіресінің жылнамасы» дейтін, түйінді бір тарауында: «бұл кездегі негізгі
мақсат – Оң ханның секем-сезігін жойып, күдігін азайту болатын» деп, атап айтады. Оң ханға жолданған толғамалы уәж осы орайда құрылған. Ал қыңыр- қисық, топас Сәнгүнмен арадағы кеңес жөні – басқаша. Темужіннің түу
бастан-ақ әлденендей бітім жөнін ойламағаны, тек қарсы беттің ниет- пиғылын аңдап, уақыт ұтуды ғана мақсат еткені көрінеді.
Әлбетте, қатқыл сөзге орай, тасыр Сәнгүннің қандай жауап бермегі әуелден айқын. Темужін күткендей-ақ, Сәнгүн тарс ашуланады. Және түпкі ниетін де жасырмай, бірден жарияға шығарады: ешқашан да бітіспейміз, кім жеңсе, хандық сонікі болады, ту көтеріп, дабыл қағып, тезінен аттанамыз, дейді.
Аттаныс жайы, айтыла қалғанның өзінде, әдепкі қоқан-лоқы ғана. Әлдебір қиырда жан сауғалап жүрген Темужіннің нақты тұрақ-мекені белгісіз.
Шынында да ешқандай аттаныс болмайды. Сондай-ақ, хандық жайы да кейінгі қоспа. Темужін ойсырай жеңіліп, қу медиенге сүріліп кетті, қайта көтерілуі неғайбыл, тіпті, мүмкін еместей, қалай болғанда да, атаулы
санаттан тыс. Әйткенмен, Сәнгүннің бопсасы мүлде жадағай емес. Ұлысы ыдыраған, күші қайтқан Темужін бүгін болмаса, ертең біржола қирап, қазаға ұшырауы анық. Сәнгүннің басқаша емес, деп осылай пайымдауы күмәнсіз.
Оң ханның өзінен тартып, атаулы тұлғалардың бәрінің райын таныған соң, хан мұрагері, шын мәнісінде бүкіл ұлыс билігін қолына алған Сәнгүннің қатқыл жауабынан соң, Темужін елшілері өздерінің негізгі міндетін
орындадық деп біледі. Арқай-Қасар барлық жинаған ақпарын көңіліне түйіп, кері қайтады. Сүкегей-Жауынның отбасы-үйелмені осы тарапта қалған екен, бала-шағасына қарайлап бөгелді дейді «Қастерлі шежіре». Ал біз шын
мәнісінде, Темужін мейлінше сенім артқан, ғұзырлы екі елшінің бірі жолдан тайған жоқ, жаудың жұртында көз-құлақ ретінде, бұрнадан біліс ағайын жұрт арасына іріткі салу үшін, алдын-ала тапсырыс бойынша, әдейі аялдады дер
едік. Бұл Сүкегей-Жауын Темужінге баяғы алмағайып түнгі көш үстінде келіп қосылған, кейінде барлаушы-хабаргер жасақ жетекшілерінің бірі, бұдан соңғы кезекте әрқилы келісім, мәмлеге жүрген, басқа да мәнді жұмыстар атқарған сенімді серіктер қатарында. Жалғас оқиғалар Сүкегей-Жауынның осы жолғы ауыр елшілікпен сабақтас астыртын міндетін де сәтімен
тындырғанын көрсетеді.
Керей ұлысының қирауы
Қалалджыт-Әлет шайқасы көктем, тәрізі, мамырдың басында өткерілген. Темужіннің Балжын-көлде ес жиып, одан кейін азды-көпті жұрттың басын құрап, шағын да болса жауынгер жасақ ұйыстырып, ақыры жанкешті
қимылға бел буып, соның әуелгі бір шарты ретінде қарсы тарапқа елші жіберуі – жаз ортасы деп шамалар едік. Көп ұзамай-ақ, тамызда, кешегі
одақтастар арасында алауыздық шығады. Ілкідегі Темужіннің сәлемі қозғау салса, Жамұқаның кезекті айла-шарғысы негізгі себеп болғандай.
Алтан мен Құшар және Дәрітай-отшыген және Жамұқа-шешен, бұларды қостаған Барын Нұқта-бұғұл әулеті Тоғрыл, Маңғыт Тағай-Құлақай және Татар әмірі Құту-Темір өзара бәтуаға келіседі. Бұл топтың бел ортасында күні кеше ғана Темужінді төтесінен «тастап шыққан» арнайы елші Сүкегей-Жауын да
жүр. Бәрі бір ауыздан: «Темужінді танымаймыз, Оң ханды мойындамаймыз, біз өз алдымызға дербес ұлыс құрып, өзіміздің ханымызды сайлауымыз
керек!» – деседі. Бұл кезеңде Темужін үлкен есепте жоқ, сондықтан ең алдымен Оң ханды құлатуға ниет қылыпты. Жаңа ұлыстың хандығына кімді өткізері әзірше кейінге қалған сияқты, әуелі іргедегі Керей ұлысын талқандау қажет екен. Содан соң, гөрхан бола тұра бар ісі кері кеткен Жамұқаны емес, баяғы Алтанды ақ киізге көтермек тәрізді.
Дабырасы көп, ұйымдасы сылбыр төтенше оқиғаның хабары Оң ханға жетіпті. Одақтас ағайындар сияқты ырғатылып отырмай, тезінен әскер
жабады. Ұшқасып, қолдасып үлгермеген одақтастар қирап жеңіліп, тым- тырақай болыпты. Бас сауғалап үлгерген Алтан мен Құшар және татардың Құту-Темір бегі Найман Таян ханға қашады. Жамұқа Меркіт Тоқта бекті барып паналаған сияқты. Ал тауансыз Дәрітай-отшыген басар жер таппай,
қасындағы азғана кісімен Темужінге қайтып оралады. Бұрнада, әлейім- тәлейімде ажырап қалған сақайыт-керей және келеңгүт-үрәуіт енді
Темужінге келіп қосылыпты. Сүкегей-Жауынның тағдыры белгісіз. Кейінгі оқиғалар орайында Темужін ғұзырындағы өзі тұрғыластар қатарында аталмайды, соған қарағанда, аралық қақтығыс кезінде қазаға ұшыраған.
Кеше ғана өзін сатып кеткен ағайындардың тоз-тоз болғанын, Темужін,
әрине, теріс көрмейді, біраз жұрттың қатарына қайтадан тұруы – тіпті жақсы, сонымен қатар, ағасы Дәрітайдың осыншама бетсіздігіне қатты ашуланса
керек. Баяғыда панасыз бауырлары мен жесір жеңгелерін ай далаға тастап кетті. Одан соң, Темужін ту көтеріп, атқа мінгенде оған қарсы топта болды.
Амалсыздан қайта қосылды, өз аяғымен қайта кетті, енді тағы да мүсәпір кейіпте бас ұрып отыр. Опасыздың өзгеше бір көрінісі. Темужін өлім
жазасына кеседі. Алайда, сол сәтінде ең жақын серіктері, нояндары мен
бектері түгелдей ара түсіпті. Әкең Есугей-бахадұрдың көзі тірі жалғыз інісі, ең жақын ағаң, дейді. Өзіңмен болмаса да, әкеңмен бірге туған қандас туысты өлтіру – кейінгіге теріс үлгі, дейді. Бартан-бахадұрдың кенже ұлы, ошақ иесі отшыген, атаңның отын өшіру – жаман ырым, дейді. Ең ақыры, онсыз да пұшайман болып келіп отыр, өзінде қауқар жоқ, қарауында әскер жоқ, тілі
жұлынған жылан, зәрі қайтқан шаян, итшілеп жүре берсін, одан саған да, бізге де келіп-кетері жоқ, десе керек. Сонымен, Дәрітай кешірім алады.
Алайда өзі айнымалы, соған орай ешкімнің адал сөзіне сенбейтін Дәрітай- отшыген көп ұзамай-ақ Найман ұлысы, Таян ханға қашады.
Алтан мен Құшар және Жамұқа бастаған одақтастардың жеңіліске ұшырауы – кейінгі оқиғалар орайына қарағанда, тамыздың соңы. Енді Темужін тікелей аттанысқа әзірленіпті. Мана айтқанымыздай ту түбіндегі барлық әскері үш- төрт мыңның төңірегінде. Осы шағын ғана жасақпен неше түмен қалың қолы бар Оң ханның ордасын басып алмақ. Оспадар есерлік емес, жаужүрек
жанкештілік. Тереңнен, тиянақты ойластырылған шұғыл шапқын. Және ақыр түбінде Темужіннің барлық есебі қатесіз шыққанын көреміз.
Оң хан мен Сәнгүн мүлде қамсыз. Жазғытұрым Темужіннің өзін қиратып жеңіп, қарулы күштерін тоз-тоз қылды, жалпақ жұртын ғұзырына келтірді.
Міне, кеше ғана, көлденең бүлік шығарған кейінгі қауымы – Алтан мен Құшар бастаған, тағы қаншама батыр-бағландары қостаған қалдық жұртын талқан қылды. Тозған ұлысты қайта құрауы мүмкін Темужін әлдебір қиырда қаңғып жүр. Бітім, кеңшілік алмақ, тіпті бодан кірмек ниеті іске аспады. Сырттай
қанша күпсінгенімен, қолында күш жоқ. Дәрмені бітіп, біржола діңкелеуі тақау күндер орайында. Кеше елші жіберсе, ертең қол қусырып өзі келеді. Немесе, өстіп тентіреп жүріп, өзі-ақ өледі. Ежелгі Керей ұлысы Орталық Даладағы ең басты ғана емес, бірден бір, дара патшалыққа айналды.
Масаттық пен қуанышта шек жоқ еді. Бүкіл Орда ұлан-асыр той үстінде. Алыс шалғай түгілі, дәл іргесінде не болып жатқанынан бейхабар.
Бар қимылын нақты есепке құрған Темужін жаз ортасында атаулы
елшілікпен біршама алдаусыратып қойды. Бітімге бейім екен, Оң ханды әлі де әке санайды екен. Сол беті икемге келуі де мүмкін еді, Сәнгүннің тасырлығы бөгесін болыпты... Оң ханның дәп осылай ойлауы анық.
Темужіннің пұшайман жағдайына Сәнгүннің де көзі жеткендей.
Алды-артын қапысыз танып отырған Темужін күзге таман осы бағдардағы
екінші қадамын жасайды. Тетелес інісі Қасар Оң ханның сеніміне кіруі қажет. Қисынды жағдай. Қасардың бала-шағасы, бүкіл үйелмені ескі жұртта қалған, яғни Оң ханның ғұзырында. Осыған орай, туған інісі Қасардың өзі безіп шықса, Темужіннің халі тіпті мүшкіл деген сөз.
Темужін Оң ханның ордасына Қасардың арнайы өкілдері ретінде Жұрият Қалиудар мен Ұраңқай Жауырқан деген екі нөкерін жібереді. Қасардың атынан құлдық ұрып, кеңшілік сұрауға тиіс. Айтар сөздері өтімді. «Ағамнан көңілім қалды, – дейді Қасар. – Мінезі қырыс, ашуына адам шыдамастай.
Осы уақытқа дейін қалай көңілін табам десем де, жарасып, ұғыныса алмадық. Енді қазіргі жағдайымнан шығар жол іздемекпін. Естуімше, менің қатын-балам хан-әкемнің ғұзырында көрінеді. Менің өзім қаншама уақыттан бері астыма шөп төсеніп, басыма томар жастанып, иен түзде жүрмін. Жылы төсекті сағындым, бала-шағамды ойлаймын. Енді, хан-әке, өзіңе ғана үміт артып отырмын. Жасырын жағдайда аттандырған екі нөкерім арқылы рақым, кеңшілігіңді сұраймын. Менің еншілі жұртымды, жеке жасағымды, үй-жай, қатын-баламды қайтарып берсең, хан-әке, өзіңе ғана бағынышты бодан
болып, адал жүрегіммен қызметіңе жегілер едім...» – дейді.
Келген екі жаушы да Қасардың ордасындағы белгілі ұлықтар және Оң ханның өзі бұрыннан білетін құрметті кісілер екен. Темужіннің әлдеқайда
тентіреп жүргені рас. Інісі Қасардың одан бөлініп, тыныш өмір, жайлы тұрмыс іздеуі ықтимал жағдай. Оң ханның көңілінде ешқандай күдік болмайды.
Сонымен қатар, Есугей анданың екінші перзенті – Оң хан үшін Темужінге
тетелес, өз ұлы есепті. Және болашақта Темужіннің орнын басып, жолы кіші, одақтас хан болса несі бар...
Оң хан Қасардың барлық сөзін мақұл көреді. Елшілерді кері қайтарып,
жанына Итүрген деген нөкерін қосып береді. «Айтқаны анық болса, Қасар алдыма келсін. Барлық тілегі орындалады», – депті («Қастерлі шежіре»).
«Жинақты тауарих» бойынша, Оң хан Қасарды антқа байлау үшін мүйіздің ұштығынан жасалған құтыға азғана қан құйып жібереді.
Ертесіне ме, арғы күні ме, үшеуі ен далада келе жатса, алыстан әскер қарасыны көрінеді. Қалиудардың қырағы көзі Темужіннің алғы лектегі туын бірден таныпты дейді. Бұрнада Темужін айтқан екен, сендердің соңдарыңды ала біз де аттанамыз, деп. Келүреннің Арал-Қоғасында кездесерміз, деп.
Елшілік аз-мұз бөгелді ме, Темужін шұғыл жүрді ме, сәл ертерек ұшырасыпты. Енді астындағы аты жүйрік, тұра қашса жеткізбей кетуі анық Итүрген де іс жайын аңдап қалмасын деп, көлденеңдей тұрыпты. Атымның тағанына тас тығылып қалды, деп, жерге түседі, алдыңғы аяғын көтеріп,
көмектесіп жібер деп, Итүргенді де түсіріпті. Осы екі ортада ілгерідегі әскер де жетіп, Итүрген ұсталады («Жинақты тауарих»). Бұл оқиға «Қастерлі
шежіреде» сәл басқаша баяндалыпты. Алыстағы әскерді Итүрген де көреді. Тізгінін бұрып, жытырта жөнеледі. Қалиудардың аты ұшқыр екен, алдын орайды, бірақ тоқтата алмайды. Сонда аты шабан, артта қалған Жауырқан садақ тартып, Итүргеннің азбанына, алтын ердің асты, сауырға тигізеді. Екі
әңгіменің түйіні біреу: Итүрген кері қашып үлгермейді, тұтқындалады. Бұдан соң Темужін Оң ханның елшісін артқы топта келе жатқан Қасарға жіберіпті. Эпостық «Қастерлі шежіреде» Қасар Итүргенді шауып өлтіреді. «Жинақты тауарихта» мұндай дерек жоқ. Яғни, тұтқын тірі қалған. Шындығы да осы
дейміз. Дала дәстүрінде елшіге өлім жоқ. Кейінгі соғыстарда арнайы елшісін өлтірген жау жағына Шыңғыс ханның қаншалық мейірімсіз болғаны барлық шежіреден мағлұм. Тіпті, кейбір соғыстар – бейбіт елшінің өлімі нәтижесінде туындағаны белгілі.
Қалиудар мен Жауырқан Темужінге Оң ханның ордасындағы ахуал турасында нақты әрі толық мағлұмат береді. Оң хан мен Сәнгүн ұлан-асыр той қызығын тауыса алмай жатыр, мүлде қамсыз, күнұзақ және түнімен
үдере жүрсек, сол қалпында басып қаламыз, депті. Ескілікті нұсқаларда атап айтылмаса да, белгілі жағдай – Орданың үстінде жиын әскер жоқ, асса қарулы торғауыт жасағы және қарауыл, күзет әскері, ұлыстың неше түмен қалың қолы атаулы қосынмен, мыңдық, жүздігімен, әрқайсысы өз ру, өз қонысына тарап кеткен. Ордада тойға келген қолбасы бектер мен мәртебелі ұлықтар ғана отыр, соқа бастары дерлік, бәрі де арнайы жасақсыз, қажетті жарақсыз. Орданың алыс, жақын төңірегінде тұрғақ, тұтқауыл тағы жоқ.
Жағасы жаулау, мәз-мәйрам, қамсыз, қатерсіз жатқан бір жұрт.
Темужіннің жорық жасағында қанша әскер болғанын нақпа-нақ айқындау қиын. Ілкіде айттық, «Қастерлі шежіре» бойынша, небәрі екі мың алты жүз аламан. Қалалджыт-Әлет ұрысынан соң бытыраған жұртын жинастыра
бастаған кезі. Ал Рәшид-әд-Дин бойынша, төрт мың алты жүз. Кейінгі, Оң ханның ордасына аттанар кездегі әскер саны деп шамалауға болады. Бұл екі аралықта Темужінге қоралас руының бір бөлігі, қоңыраттың оқшау жүрген терге, әмелтен деген аталары қосылды және Алтан мен Құшардың Оң ханға қарсы бүлігінен соң тағы біраз қауым – нирун, барын, сақайыт-керей,
қоңқайыт-керей руларының жекелеген бөлшектері келіп жеткен. Соған орай, ең шешуші сәтте Темужіннің әскері төрт-бес мың емес, одан әлдеқайда көп, бәлкім бірер түмен шамасында болуы да ықтимал. Қайткенде де, ашық ұрыста Оң ханмен тайталасуға жеткіліксіз. Бар есеп – төтенше, тұтқиыл
шабуылға негізделген.
Қалиудар мен Жауырқан жол бастаған Темужін жасағы күнұзақ жүрді, әлде тәуліктен астам шеру тартты, көп ұзамай-ақ түн қараңғысында, күтпеген
жағдайда Оң ханның ордасына бас салады. Жасауыл әскермен жанкешті шайқас. Күш тең емес еді. Еселеген басымдық Темужін жағында. «Қастерлі шежіре» қан майдан үш күн, үш түнге созылды деп әсірелеген. Басқа, нақты деректердің ешқайсысында ұзақ соғыс туралы мағлұмат жоқ. Шұғыл, қысқа ұрыс. Асса жарым түн. Әйтпесе, екі-үш, бәлкім, тіпті, бірер сағат қана.
«Шыңғыс хан түн ішінде, күтпеген жағдайда басып қалды, Оң ханның әскерін талқан қылды», – деп жалғыз-ақ ауыз сөзбен түйіндейді, біз «Әулие
жиһангер» деп ықшамдап атайтын «Шэн-ву цинь-чжэн лу». «Шыңғыс хан түні бойы тоқтаусыз жортып, «Жеджір-үндүр» деген жерде Оң ханға жетіп, ұрыс
бастады... біржола жеңді», – деп жазылған «Жинақты тауарихта». «Жедел жүрісті, ың-шыңсыз түнгі шеру нәтижесінде, күтпеген жағдайда, тұтқиылдан шауып, Оң ханды қиратып жеңді», – деп тұжырады «Юань тарихы» – «Юань ши».
Темужіннің атқа мініп, майданға шыққаннан бергі, қиындықсыз, ең оңай ұрысы екен. Сонымен қатар, Шыңғыс ханның бұрынғы, кейінгі барлық соғысының тарихындағы ең үлкен ұтысы, ең ұлы жеңісі. Енді болашақ
жиһангерді ешкім де тоқтата алмайтын еді. Орталықта кенеусіз күшке жеткен Темужін арада жыл өтпей, бүкіл Татан өлкесін ғұзырына қаратуға тиіс. Одан соңғы ғаламат оқиғалардың барлығы да өз кезегімен жүзеге аса бермек...
Оң ханның қазасы. Сәнгүн
Ордасы ойран болған Оң хан, қасында Сәнгүн бар, шағын ғана торғауыт
жасағымен, түнгі қарбаласта, Жырқын Қадақ-бахадұрдың табанды қорғаныс шебін тасалай шегініп, аман-есен қашып құтылады. Керей ұлысының халқы мол, жері байтақ. Ордадан ығысқанымен, елдің басқа бір тарабында табан тіреп, шеткері халқын ұйыстырып, кешегі Темужін сияқты, тайталас күресін одан әрмен жалғастырса ғой. Бірақ ешқандай мүмкіндік жоқ. Тақта берік отырған кезінің өзінде жұртын бекем ұстай алмаған, елбасы әкімдер, тіпті, өзімен алыс-жақын туыстас ханзада, төре, шонжар атаулыны әбден запы қылған, біразын ертелі-кеш өлімге кескен, енді біразын алмағайып, қатерлі жағдайда, қылыш астында дірілдетіп қойған. Оның үстіне, ең сенімді,
беделді деген ұлықтары той үсті, түнгі топалаңда қазаға ұшыраған. Бұдан бұрын да екі мәрте елінен шеттеген – алғашқыда Есугей-бахадұрдың
күшімен, кейінде Темужін далайханның қолдауымен қайтып оралып еді, үшінші мәртеде ешқандай үміт жоқ. Бар дегбірінен айрылған, үрей буған Оң хан батысқа қарай қашады. Тәрізі, Найман Таян ханнан пана таппақ.
Алғашқы күні ме, келесі бір күнде ме, жол үстінде, қажып, қамығып келе жатқанда Сәнгүнге айтты дейді: «Екеуіміз әкелі-балалы туыспыз. Қандас
кісілердің бірі екіншісінің ажалына себеп болуы мүмкін бе?» Мүмкін екен. Оң хан осы кералаң жағдайдың басты күнәкары – өзінің туған ұлы Сәнгүн деп
біледі. Өлсе – қаны Сәнгүннің мойнында. Қалт еткен бір сәтте төңірегіндегі санаулы нөкерге қарата айтқаны: «Мен татулыққа лайық кісіден бөлініп шықтым ба, жоқ әлде араздыққа бейім кісіден ірге айырдым ба?! Басымдағы бүгінгі ахуал: елден безген жалғыздық, жапандағы қасірет пен азап,
тентіреген жүріс пен дәрменсіз бейшаралық – осының бәрі бет-жүзі ісініп долырған бір кісінің кесірі!» – депті. Яғни, бәріне Сәнгүн кінәлі. Бірақ екі
мәрте сөзінде де есімін атап, тура айта алмапты. Бір замандағы құдіретті хан енді ат жалындағы дәрменсіз шалға айналған, туған ұлының өзінен именеді. Ақыры, өкініш өзегін өртеп, қасірет-қайғысы көкірегіне сыймаған, бәлкім,
баласының көзі тайған бір сәтте онсыз да төңірегіне түсінікті лепесін ашық айтады: «Мені өзімнің туған ұлым тура жолдан айнытты, енді өкінгеннен не пайда, қайғырғаннан не қайыр...» – депті.
Қашқындар Батыс Найман ұлысының шегіне, Дыдық-Сақал деген жерге
жетеді. «Қастерлі шежіренің» айтуынша, Оң хан қатты шөлдеп, Некүн-ұсұн дейтін өзенге шығады. Сол арада, оқыс жағдайда найманның шекара жасағы
ұстап алыпты. Басшысының есімі Қоры-Сүбечі екен. Қауіп ойлап, артта қалған Сәнгүн аман қашып құтылады. Нақты тарихи жазбаларда ханның өз тобынан бөлініп, жеке кеткені туралы дерек жоқ, «Юань ши» найман қарауылы
жөнінде ғана айтады, «Әулие жиһангер» мен «Жинақты тауарихта» да осылай, тек найман қарауылын бастаған екі кісі – Қоры-Сүбечі және Тедиша (Тәтік-Шал) аталады.
Барлық жәдігердегі ортақ дерек – Оң ханның тұтқынға түсуі және Сәнгүннің, қандай жағдайда болса да, аман қалуы. Соған қарағанда, Сәнгүн әкесін
бұдан бұрын, орта жолда тастап кетті деп шамалау да қисынсыз емес.
«Қастерлі шежіре» Сәнгүн Дыдық-сақал, Некүн-ұсұнға соқпай, айналып өтті деп дәйектеген.
Күмәнсіз жағдай – қашқын хан әуелден-ақ Найман ұлысына бағыт алды, ерте ме, кеш пе, шекаралық жасаққа ұшырасуы қалыпты жағдай деуге керек. Енді тұтқынға түскен Оң хан өзінің кім екенін айтады. Алайда, қарауыл бастығы Қоры-Сүбечі мүлде сенбепті. Осы орайда екі тарам байып бар. Бірінші – Оң ханның үстінде хандық дәрежесіне сай, асыл киім болса керек еді. Қоры- Сүбечі хан деп танымаған күннің өзінде ұлкен ұлық, дәрежелі бек екенін аңдауға керек, яғни мұндай мәртебелі кісіні өз ханының алдына жеткізуге тиіс. Екінші – тұқынға түсер кезінде Оң хан шынында да жалғыз болған, ал
кейінгі оқиғалар орайынан байқалғандай, Сәнгүн екеуімен бірге шыққан
жасақшылар саны әжептәуір; мұндай жағдайда, екі жақ қақтығыспас бұрын жөн сұрасуы керек, тіпті, Сәнгүнге бейім жасауыл-торғауыттар өздері іздеп келе жатқан найман әскерімен соғысып, немесе соғыспай-ақ бас сауғалаған
жағдайдың өзінде, Оң ханның Темужіннен жеңіліске ұшырап, қашып келеміз деген сөзі қарауылға ой салуы керек. Түйіп айтқанда, неше тәулікке
созылған, күнұзаққы тойдан соң, түнгі ұйқы үстінде жау шапқан қысылтаяң бұлағайда Оң хан қолына ілінген киімімен қашқан және суға келген кезінде де жапа-жалғыз. Арып-аршыған, тозып, қажыған жаман шал. Сөзі ғана ірі.
Қоры-Сүбечі сенбеді дейді. Және, күмән жоқ, мұншама суайтқа ызасы
келген. Сол арада Оң ханды өлтіріп салыпты. Басын шауып алып, қызғылықты жағдайдың куәсі ретінде, Таян ханға жібереді.
Таян хан, әлбетте, бірден таниды. Қатты ренжіпті дейді. «Осындай ұлы ханды өлтіргені несі? Алдыма тірідей жеткізу керек еді!..» – депті. Содан соң Оң ханның бас сүйегін күміспен күптеп, бірталай уақыт бойы өзінің тағының үстіне қойды дейді. Айтулы ұлыс ханының мәртебесіне құрмет қана емес,
ежелгі әулеттің атадан балаға жалғасқан ырыс, құты өзіме де жұғысты болғай деген әбірет-жора. Рәшид-әд-Дин осылай жазады.
«Қастерлі шежіре» бойынша, Оң ханның басын Таян ханның шешесі (басқа
бір деректерде сүйікті қатыны) Гүрбесу алдырыпты. «Оң хан ежелгі патшалар әулетінен еді. Егер өлген кісі шынымен соның өзі болса, тиесілі құрмет
жасалуға керек», – дейді. Бас келгеннен соң, Оң ханның анық өзі екені
танылады. Үлкен ақ киіз төсеп, ортасына өлі басты қойып, құрбан шалады, балаларын, келіндерін түгел шақырып, жиналған жұрт алақандарын
беттестіріп, дұға қылады, ән-жыр толғап, жоқтау айтады. Осы кезде өлі бас ыржиып күлді дейді. Таян хан ыза болып, Оң ханның басын әрлі-берлі теуіп, табанымен езгілепті. Сонда Көксау-Сабрақ айтқан екен: «Оң ханның басын алғызған өзіңіз. Енді аямай тепкілеп салдыңыз. Мұныңыз жарамады. Әне, ит ұлып жатыр. Жаманшылық белгісі. Торлұқ-Таян хан ием, қазір сенің құс салып, аң қуғаннан басқа қам-қарекетің болмай тұр. Әкең Инаныш-Білге хан өзіңді Торлұқ-аруаққа дұға жасап, тілеп алып еді. Аруақтың алқауымен туған бірегей ұлым менің қара орман халқымның қамын ойлап, абзал жұртымды қапысыз меңгеріп тұра алар ма екен!» – деп, уайымдап кетіп еді...», – депті. Көксау-Сабрақ парықсыз ханға Керей ұлысын қиратқан, сақараның бүкіл шығыс және орталық бөлігін ғұзырына келтірген Темужіннен сақтану қажетін осылайша тұспалдап жеткізеді. Оң ханның өлі басының қорлануы – ұнамсыз қылық, дәл осы сәтте сыртта ит ұлуы – осыған орай жаманшылық қатерін
ескерту деп біледі, Темужінмен бұрын да талай шайқасқан тәжірибелі қолбасы.
Өлі бастың мысқылды жоспақ-ишараты Рәшид-әд-Дин тауарихынан да орын алған. Таян хан бірде Оң ханның тақ үстінде тұрған басына сауал салыпты;
«Бірдеңе айт!» – дейді. Әлбетте, болашақ ахуал төңірегіндегі болжал. Сонда өлі бас жылтыңдатып тілін шығарды дейді. «Бұл не?» – дегенде, Таян ханның ұлықтары: «Бұл – жаманшылық жоралғысы. Біздің ұлысымыз қирап, өзіміз түгелдей қазаға ұшырамасақ жарар еді...» – депті.
Таян ханның өлі басты алдыруы да, оны қастерлеуі де шындық болса керек. Жаңа айтқанымыздай, ежелгі әулеттің ең соңғы ханына құрмет, қайтқан құты жұғысты болғай деген ырым, сонымен қатар осындай жағдай бізге жетпесе
екен деген үмітті тасаттық. Ал өлі бастың тірі ханды мазақ қылуы – сөз жоқ, кейінде қосылған әпсана. Сонымен қатар, жазықсыз Оң ханның найман қарауылы тарабынан қажетсіз қазаға ұшырауы – ақыр түбінде бүкіл ұлысты үлкен апатқа бастайтын ауыр күнә саналғанын аңдар едік. Шынында да, аруақ қонған Керей ұлысы қирағаннан кейінгі кезекте, осы уақытқа дейін
Татан Даласындағы қым-қуыт дүрбелең, ғаламат майданнан тыс қалған, тіпті, туған бауыры Бұйрық ханға да қол созбаған Таян ханның өзі – өркөкірек Батыс Найман ұлысы тұрған.
Әкесі жауда қалған Сәнгүн аман-есен қашып құтылады. Осы ретте «Қастерлі шежіре» өзгеше бір хикаяның шетін шығарған. Сәнгүн медиен шөлге
ұрынады. Не ішім, не тамақ жоқ. Ақыры, әлдебір тұста су басында шыбындап тұрған бір үйір құланды көріпті. Атынан түсіп, садағын сайлап, бұқпантайлап, жақындауға тырысады. Сәнгүннің қасында жалғыз-ақ нөкер, ақтажы (ханның, әмірдің мініс аттарына иелік жасайтын ұлық, – М.М.) Көкеші және оның әйелі ғана бар екен. Кенет Көкеші Сәнгүннің азбанын жетектеп алып, тұра қашады. Сонда әйелі айтты дейді: «Ханыңды тастап қайда барасың?
«Менің Көкешім» деп, ерке-бұлан ұстап еді, тамақтың дәмді, тәттісін іштің, киімнің алтынды, асылын кидің. Мұның не?..» – деп іркіле береді. Сонда Көкеші: «Сен енді Сәнгүнмен шатыспақ болдың ба?» – депті. Сонда әйелі айтады: «Сен мені хайуанға балап тұрсың ғой. Хан ұлына тым құрса су ішетін алтын құтысын қалдырып кет», – депті. Көкеші алтын құтыны лақтырып тастап [әйелін ертіп, азбанды жетелеп], жүре береді. Көп ұзамай елге оралып, Шыңғыс ханның алдына барады. Осылай да осылай, Сәнгүнді [атын
алып, өлімге байлап] иен шөлде қалдырдым, деп мақтанады. Сонда Шыңғыс хан: «Бұл Көкеші деген ақтажы өзінің тума ханына опасыздық жасап, менің ғұзырыма келіп отыр. Мұндай аяр, алдамшы кісі кімге нөкер болып
жарытпақ!» – деп, Көкешіні шапқылап өлтіруге бұйырады, ал оның әйеліне мархамат жасапты.
Бұл – Шыңғыс хан берік ұстанған, әміршіге адалдық төңірегіндегі мысал
әңгімелердің бір тармағы. Қандай да бодан өзінің ханына қол көтермеге тиіс, оған қысас жасауға, жауына байлап беруге, немесе көпе-көрнеу өлтіруге жол жоқ. Мұндай жағдайда опасыз сатқын тек қана өлім жазасына кесілмек. Бұл ахуалдың екінші бір тарабы – тума ханның жеке басына қастандық жасамай, одан безіп шыққан және өз еркімен қарсы бетке өткен боданға кеңшілік,
кешірім, яғни, жаман, жаман болмаса да жаулас әміршіден (Тарғұтай- Қырылтұқ, Жамұқа, татар, меркіт бектері, т.т., ең ақыры – Оң ханнан) кетіп, Темужін-Шыңғыс ханға бас ұрған кісілер, жекелеген топтар мен тұтас рулар жаңа ұлыстан өздеріне лайықты орын алып отырған.
Хош. Сәнгүн «Қастерлі шежіреде» айтылғандай, жалғыз емес еді. Азды-көпті
жасағы болды дедік. Нақты тарихи жазбалардың куәлігі бойынша, әкесінің өлімінен соң Найман шегінен аулақтап, тура түстікке тартады. Сол беті Таңғұт жұртына өтіпті. Ілкіде ғана алыс-берісті, дипломатиялық қатынаста болған ел. Идзина (Рәшид-әд-Дин Ишик-балағасұн деп жазады, Эдзина, кейінгі Хара- Хото) қаласына жетеді. Жұртынан айрылған қашқын ханзада кімге керек.
Сүйеніш те, түсініс те таппайды. Одан әрі жылжып, Тибет аймағынан бір-ақ шығады. Осы шалғай төңіректе орнығып қалуды ойласа керек. Бірақ
жергілікті жұртпен сыйыса алмапты. Қарақшылықпен, барымта-ұрлықпен, тонаумен айналысып күн көреді. Ақыры тибет-туфан жұрты әскер топтап, Сәнгүннің жасағын ыдырата қуып, ел шетінен асырып тастайды. Енді Батысқа қарай ауған Сәнгүн Хотан мен Қашғардан асып, Қара-қытай ұлысының шегіне жетеді. Күсәнгу-Чергесмен деген жерде қалаш руының көсемі Қылыш-Қара деген бек қарсы шығып, кезбе жасақты біржола талқандайды. Тұтқынға
түскен Сәнгүннің де жарық күні осымен біткен екен. Бір заманда болашақ Шыңғыс ханның өзімен бақ таластырған зодыр ханзада ақыр түбі қаңғырған қарақшы кейпінде дүниеден өтеді.
Көп ұзамай, төңірегіндегі барлық жұртпен қатар, Еке ұлыстың дәргейіне бас ұрған Қылыш-Қара бек Сәнгүннің тірі қалған әйелі мен әлдебір ұлын Шыңғыс ханға тапсырыпты. Әйел затының жайы әуелден белгілі – жас болса, біреуге телінеді, құма, немесе қатын, кәртеміш болса – қызметші, күң. Ал атаулы ұл – Оң ханның немересі турасында дерек жоқ. Жаулас қана емес, өшпенді
Сәнгүннің ұрқы болғандықтан, ересек пе, жас бала ма – аяушылықтан тыс, өлімге кесілді деп қана шамалар едік.
Оң хан ұлысының тағдыры
Татан Даласының шегінде үш ғасырдан астам – ұзақ заман салтанат құрған, Ежелгі Түрік дәуірінен соң сақарадағы туыстас тайпалардың басын қосып, Цзубу, яғни Тоғыз-татар қағанатын орнықтырып, Терістік Қытай – Қидан империясына қарсы қайтпай күрескен, қисапсыз қырғынға ұшырап, ақыр
түбінде жеке хандыққа айналған, бұдан соңғы кезеңде Шүржен өктемдігіне тосқауыл болған Керей ұлысы құлады. Ежелгі, қайтпас жауынгер хандардың ұрпағы, беймінез долаң, дарынсыз тасыр Оң хан дербес патшалықтың ең соңғы әміршісі екен. Ол да ескілікті, іргелі ұлыс Найман тарабынан Оң ханның өлі басына көрсетілген құрмет – марқұмның өзіне емес, отырған ата тағына, қарауындағы қара нор халқына деген ықылас, пейілдің көрінісі
болатын.
Жеңіліске ұшыраған хан өлді. Енді кіріптар халқының жағдайы не болмақ?
Біз асыра сілтеуге бейім, қаһармандық жыр кейіптес «Қастерлі шежіредегі» бүкіл татар тайпасының қырғынға ұшырауы турасындағы дерек оның бір
бөлігіне ғана қатысты, онда да жартылай шындық екенін айғақтадық. Керей ұлысының жөні бөлек еді. Ежелден-ақ қият тайпасымен етене жұрт. Жолы үлкен одақтас. Беріден санағанның өзінде соңғы жиырма жыл бойы Оң хан мен Темужіннің бар тілегі ортақ болды. Кейінгі жауластық себебі – рулық,
нәсілдік қайшылықтан емес, жеке-дара билікке таластан туындаған. Қарашы жұрт ішінде татармен арадағы, атадан балаға жалғасқан өшпенділік жоқ,
бабадан шөбереге өткен одақтастық, ынтымақ пен бірлік қана бар, күні кеше ғана тізе қосып, қанаттаса ұйысып, меркіт пен татар, тайжуыт пен найманға, қатаған-салжығұт тобына, Жамұқа гөрханға қарсы бірге соғысқан етене қауым. Шын мәнісінде бір ұлыстың құрамдас екі бөлігі – конфедерация
есепті болатын. Өткен-кеткеннің бәрін жиып қойғанда, Оң хан әуелде Темужінге себесін, одан соң жебесін, түптеп келгенде, болашақ Шыңғыс ханның ұлылығына ұйтқы болыпты. Кездейсоқ жағдай ма, әлде тарихи заңдылық па, қайткенде де Темужін-Шыңғыс ханның көреген саясаты,
қолбасылық даналығы мен жанкешті ерлігі нәтижесінде қуат-күші әлдеқайда басым Керей ұлысы апатқа ұшырады.
Қан майданда ойсырап жеңілген жақ қашанда аз ба, көп пе, жапа шекпек. Дара билікке ұмтылған, біртұтас, қуатты мемлекет құру жолында күрескен Темужін Керей ұлысын дербестіктен айырды, хандық билігін жойды.
Жекелеген жазықты, қырыс топтарын таратып, өзінің белгілі әмірлеріне
бодандыққа береді. «Қастерлі шежіренің» айтуынша, жырқын руының бір жүздігін Сұлдұс Тақай-бахадұрдың қызметіне жегіпті. Бағзыда өзін төтенше шабуылдан сақтандырған Үрәуіт Бадай мен Кішлікке жасауыл, кешіктен
ретінде тағы біраз жұртты бөліп шығарады. Қысылтаяң шақта айрықша
ерлігін танытқан марқұм Құйылдар-шешеннің үйелменіне қызметке жырқын руының, Оң ханға адалдығын танытып, ақырына дейін шайқасқан, сол үшін кешірім алған Қадақ-бахадұр бастаған таңдама жүздігін сыйлапты. Алайда, жырқын табының қандыбалақ қарақшы батырларын біржола құрта алмады дейді; түмен-түбеген руын түгін қалдырмай үптеді, сондай-ақ, күнұзақ талап, тонағанымен, олон-тұңқайыт табын да жойып, қырып бітпеді, дейді. Бұл сөздерді әрқилы түсінуге болады. Кеңшілік жасалды, немесе анығы да осы
болар, уыстан шығып кетті. Қайткенде де, жазаға тартылғандар қатарында керей тайпасына тиесілі алты, әлде жеті рудың үшеуі, онда да тұтас емес, жекелеген аталары мен топтары ғана аталады: біржола қырылған емес, Темужінге айрықша қызметі сіңген бек, бахадұрлардың боданы, жасауыл, қызметшісі есебінде. Қалған жұрт... өз орнында. Тек бұрынғы өктемдік,
дербестіктен айрылған. Бұлардың ішінде сақайыт және тұңқайыттың бір
бөлігі әуел бастан-ақ Темужін жағында. Ал жетеудің қалған үшеуі – керейт, тұмауыт, албат жазаланған жұрт қатарында аталмайды.
Оң хан ұлысына тиесілі қауымның белгілі бір бөлігі айрықша жапа шеккені турасындағы дерек «Қастерлі шежіреден» ғана көрініс тапқан. Нақты тарихи жазбаларда жаппай қырғын жоқ. «Шыңғыс хан Оң ханды жеңіп, оның әмбе байлық-мүлкіне ие болды, бүкіл керей жұртын өзіне қаратты», – деп жазған Рәшид-әд-Дин. «Шыңғыс хан тұтқиылдан шауып, Оң ханның әскерін қиратып жеңді һәм бүкіл керей тайпасын бағынышқа келтірді», – деп қана түйіндейді
«Әулие жихангер». Шыңғыс хан «жедел және дабыр-дұбырсыз түнгі жорық нәтижесінде Жеджер-үндүр тауына жетіп, күтпеген және төтенше шапқын нәтижесінде Оң ханды күйретіп жеңді; керей тайпасының барлық жұрты
бағынышқа түсті», – деп айғақтаған «Юань ши». Әлбетте, шайқас атаулы шығынсыз болмайды және жеңген жақтың кіріптар қауымды жазалауы да табиғи жағдай – осы орайда Оң ханның ұлысы әжептәуір қазаға ұшырауы анық. Әйткенмен, қайталап айтайық, шектеулі майданға жалғас жаппай қырғын болмаған. Тұтастай алғанда, бүтіні бар, кетігі бар, алдыңғы соғыстан аман қалған керей атаулы Темужін ұлысының құрамына құйылғанын
көреміз. Шыңғыс хан турасында арнайы, мәнді еңбектер жазған Батыс оқымыстылары Л.Гамбис пен П.Рачневский және орыс ғалымы Е.Кычанов Оң ханның ұлысы құлағанымен, керей тайпасы біржола жойылып кеткен жоқ,
бұрынғы дербес, саяси бірлігін жоғалтса да, ілкідегі татар мен тайжуыт және басқа да жаулас, бірақ жеңілген қауым қатарында Шыңғыс хан
империясының құрамына сіңісіп кетті деп түйіндеген. Қатардағы қазақ үшін арнайы зерттеу, оқу-тоқусыз-ақ ақиқат, айқын жағдаят. Нақтылап айтсақ,
ежелгі керей тайпасы бұрынғы дәрмен-қуат, атақ-даңқынан айрылып, екінші қатарға түссе де, Еке Ұлыс құрамындағы елеулі күш болып қала берді. Бұдан соңғы ғұмыр-шеруі Алтын Ордаға жалғасып, кейінгі түрік халықтары, оның ішінде Қазақ тарихына ұласқанын көреміз.
Оң ханның әулеті
Керей хандарының ғасырдан ғасырға созылған ежелгі әулеті Оң ханмен,
Сәнгүнмен бітпейді. Әрқилы тарихи жағдай, әртүрлі кейіпте одан әрі жалғасқан.
Оң ханның бірге туған інісі – кейінгі тарихта көбіне-көп Жақағамбу атанатын Керейтай еді ғой. Әуелде Керей ұлысының Таңғұт беттегі бір аймағының
әміршісі («Жақағамбу» есімі де осы орайдан туындаған – таңғұт тілінде «Ұлыс бегі»). Бұл Жақағамбу-Керейтай хан-ағасымен бірде тату, бірде қату. Оң хан ең жақын туыстары – әкесінің інілері мен өзінің туған бауырларын түгел өлтіргенде Керейтай аман қалыпты. Кейде сенімге еніп, сырт жауларға қарсы
қол бастайды, кейде сезікке ілініп, Найман Бұйрық ханға, немесе Қият
Темужін далайханға қашады. Кеңшілік алып қайта оралып, көп ұзамай тағы да жан сауғалайды. Барлық уақытта да жалаң қылыш жалғыз аламан емес, қарауында біршама жұрты бар ханзада. Көбіне-көп Темужінге арқа сүйепті. Темужін ауыр жеңілістен соң қайта серпілген, соңғы тұтқиыл ұрыс қарсаңында және дәп сол бір тұста қандай кепте болғаны турасында атаулы мағлұмат жоқ. Алайда, қапысыз, нақты айту қиын емес. Темужінмен жең ұшынан жалғас болды. Ақырғы аттаныс кезінде әскери көмек бермеген
жағдайдың өзінде, Керей ұлысының қаншама жұртын бейтарап ұстап қалды. Жеңіліске ұшыраған Оң ханның өз елінде табан тірей алмай, жадағай қашқынға айналуының бір кілтипаны осы Керейтайға қатысты. Мұның айқын дәлелі – Оң ханды ығыстырып шығарғаннан соң Темужін Керейтайды өзімен теңдес, немесе теңге жақын әмірші деп таниды. Бейнелі түрде айтқанда,
«арбаның екінші дәртесі». Бағынышқа түскен керей жұртын біржола
тыныштандыру амалы, белгілі дәрежедегі дербестігін сақтауға кепілдік деп бағалар едік. Бәлкім, уақытша айла ғана емес, сол тұстағы шын ниет болуы да. Бұрнада Оң хан – әке, Темужін – бала болды, енді осыған мүлде
керісінше: Темужін – аға, Жақағамбу – іні. Әлбетте, қылдан таймаса, үнемі кішілік сақтап, бағыныштан жазбаса. Қайткенде де, шешуші майданнан соңғы, бастапқы екі үлкен құрылым және қаншама қосалқы қауым әлі
біржола ұйыспай, бөтендік, жаттық лебі тарқамай тұрған кездегі ұтымды саясат. Темужін одақтастық шартын берік бекіту үшін Оң ханның тұсында орындалмай қалған құдалық жөні – Керей ұлысының ежелгі хандық
әулетімен туысу шарасын жүзеге асырады. Жақағамбудың үлкен қызы Әбіке- бикені өз шаңырағына түсіреді, келесі қызы Бектұтмыш-бикені тұңғыш ұлы Жошыға әпереді, ал кіші сіңілі Сұрғақтан-бикені кенже ұлы Төлеге айттырады.
Үйлескен үлкен ұлыстың екінші дәрежелі әміршісі ретінде Жақағамбу
біржола бекіп қалуға тиіс емес-ті. Керей жұртының байырғы хан әулетінен, ерте ме, кеш пе, дербес билікке ұмтылуы мүмкін. Сондықтан Батыс Найман одағын талқандағаннан кейін, Ұлы Құрылтай алдында, шамасы 1205 жылы Жақағамбудың да кезегі келеді. Төңірегі түгел қирап біткен, енді Темужінге бағыныштан бөтен шарасы жоқ ханзада, бүлік шығарды, бөлініп кетті деген
көпе-көрнеу жалаға қалыпты. Шамалы ғана жасақпен арнайы аттандырылған Жүршедай-ноян Жақағамбуды алдаусыратып, оқшау шығарып алып,
қапелімде қолға түсіреді де, Темужіннің босағасына жеткізбей, өлтіріп жібереді. Озбыр істі мүлтіксіз атқарған Жүршедай мәртебе алып, мадақ
естиді. Енді біржола біріккен ұлыс ішінде ешқандай жік шықпайды деген сөз.
Шыңғыс ханның Бөрте, Есулін мен Есугеннен соңғы төртінші әйелі, құрметті қатын Әбіке-бикенің хан ордасындағы ғұмыры да тым ұзақ болмайды. Сірә,
әкесі Жақағамбудың қазаға ұшыраған шамасы. Шыңғыс хан Әбіке-бикені тым тәуір көрген екен дейді. Алайда, қасына алып қонған бір жолы, әлденендей жаман түс көріп, түн ортасында шошып ояныпты. Жарық жақтырады. Содан
соң Әбіке-бикеге айтыпты: «Мен саған үнемі оңынан қарадым, сенен де ешқандай жарамсыз мінез көрмедім. Бірақ әлгінде өзгеше бір түс көрдім.
Көк Тәңірісі мына сенен айрылыс, басқа біреуге тарту қыл деген жарлық
берді. Маған ренжіме...» – депті. «Сыртта кім бар?» – деп шақырады. Сол бір түндегі қарауыл бастығы – Кәктай-ноян екен. «Мен!» – деп дауыстайды.
Шыңғыс хан ішке кіргізеді. «Саған мына құрметті қатынды сыйға тартамын»,
– дейді. Кәктай-ноян шошып кетіпті. Шыңғыс хан оның көңілін жайлап:
«Қорықпай-ақ қой, шынын айтып тұрмын», – дейді. Содан соң Әбіке-бикеге айтыпты: «Енді басыңдағы ақ орда, үй-оғлан – жасауылың, қызметші, қоңсы- қолаң, қазына-байлығың, қоралы қой, үйір-үйір жылқымен – түгел сенікі.
Маған естелік ретінде қымыз ішіп жүрген алтын кесеңді берсең болғаны...» – депті. Әбіке-бикенің еншісі ретінде осының бәрін Кәктай-ноянға сыйлады
дейді. Тек әлгі алтын кесе мен дастарқан мәзірін қамдайтын бір қызметшісін ғана қалап алыпты.
Хан қатыны болған Әбіке-бикенің бұдан былайғы ғұмыр кешуі де мағлұм. Ендігі күйеуі Кәктай-ноян Шыңғыс хан тұсында белгілі қолбасы; бұдан кейін де ұлыстағы ұлық кісілердің бірі – жауланған Терістік Қытай тарабында өкім
құрған. Әбіке-бике Өкетай-қаған дүниеден өткен 1241 жылы әлі тірі. Төленің зайыбы, өзінің туған сіңілісі – болашақ ұлы хандардың анасы Сұрғақтан-
бикенің ордасына арнайы шақыртумен қонаққа келіп, ұзағынан аялдап,
сейіліп кетеді екен. Қаған сарайында да айрықша сыйлы, туған ұлдарының бірі Өкетай қағанның ғұзырында, бауыршы ұлық қызметін атқарған.
Жақағамбу-Керейтайдың екінші қызы Бектұтмыш-бике, Рәшид-әд-Диннің айтуынша, Жошыға жас кезінде атастырылған екен, бас бәйбіше болды
дейді. Жошы ханның ұзын саны қырықтан астам ұл перзенті болғаны мәлім. Қоңырат қыздарынан туған Орда мен Бату ханнан өзгелерінің аналары атап айтылмайды. Жақағамбудың қызы – Жошының бірінші қатыны деп білсек, әуелгі екі ұлға тетелес, кейінде Алтын Орда тағында отырған Берке хан осы Бектұтмыштан туды деп шамалауға мүмкін. Қайткенде де манағы қырық ұл және соншама қыз, шамасы сексен-тоқсан баланың ішінде Оң ханның
жиендері болмады деп айту қиын.
Аталмыш Сұрғақтан-бике Шыңғыс ханның кенже ұлы Төленің бас бәйбішесі, ең сүйікті жары болған. Көркі мен ақылына мінезі мен саясаты теңдей екен. Әуел бастан-ақ абыройлы ғана емес, аса құрметті, айрықша беделді. Шыңғыс хан 1226 жылы, өзінің ең соңғы, Таңғұт жорығына аттанар қарсаңда Сұрғақтан-бикеге шешек шығып, қатты ауырып жатыр екен, Төле әкесінен
сұранып, әйелінің жанында бөгеліп қалады – темір тәртіп, соғыс
жағдайындағы төтенше кеңшілік, өзгеше оқиға. Ақыры, бірер апта бөгеліп
барып, қатерлі дерттің райы қайтқаннан кейін ғана аттанады. Ауырып тұрған Сұрғақтанның бетін қорасан дағы шалып, бұрынғы көркінен айрылған екен.
Алайда, беделі мен салмағына нұқсан келмепті. Түпкі нәтиже, Шыңғыс хан әулетінің тарихында атақты Бөртеден кейінгі қасиетті екінші әйел саналады.
Сұрғақтан-бике Шыңғыс ханнан кейінгі заман – Өкетай қаған ордасында да әспетті, сыйлы болған, Күйік қаған кезінде де абыройы жоғары екен. 1246
жылы ел астанасы Қарақорымда болған Плано Карпини Сұрғақтан (Сероктан) қатынның бүкіл Татар қауымында императордың (бұл ретте Күйік хан, – М.М.) анасынан кейінгі ең ықпалды әйел екендігін атап жазады. Сұрғақтан-
бике әсіресе Күйік қағаннан соңғы аумалы-төкпелі кезеңде бүкіл Еке Моғұл ұлысының саяси-әлеуметтік өмірінде айрықша қызмет атқарған. Көреген ақыл парасаты, қатесіз, терең саясаты арқасында Төле әулетін Жошы
әулетімен берік одаққа келтіріп, үлкен ұлы Мөңкені қаған дәрежесіне
жеткізеді. (Осыдан соң көп ұзамай, 1252 жылы дүниеден өтіпті.) Сұрғақтан- қатынның екінші ұлы Құбылай – Мөңкеден кейінгі ұлы қаған және Юань
әулетін негіздеген Қытай императоры. Үшінші ұл Құлағу – Иранды жаулаған, Алғы Азиядағы Елхан ұлысын ұйыстырушы. Кенже ұл Арық-Бұқа – ол да ұлы қаған болып жарияланған, ата жұртының ұйықты ордасын сақтап қалу
жолында күрескен, Шыңғыс хан өсиетіне ең адал мұрагердің бірі. Қарап тұрсақ, ежелгі Керей ұлысының ержүрек, даңқты хандарының қыздан тараған әулеті әлденеше ғасыр бойы жарым дүниеге өкім құрған екен.
Әйткенмен... ең үлкен қызметі ақыр түбінде өзінің туған халқының мерейінен тыс, жат жұрттардың игілігіне айналғанын көреміз.
«Қастерлі шежіреде» Оң ханның жалғыз-ақ баласы айғақталады – Сәнгүн. (Тума есімі – Нилқа. Сәнгүн – Оң ханның Ордасына қатысты Шүржен елшілері берген есім сияқты, қытай тілінде «мырза бала», яғни шора. Тәрізі, жас
кезіндегі пәруайсыз, ерке-тентек мінезіне орай аталған. Тарихи әдебиетте – Нилқа-Сәнгүн, көбіне-көп тек қана Сәнгүн.) Ұзақ заман – отыз жылдан астам ел билеген, қаншама қатын, құмасы бар Оң ханның ұлдары да, қыздары да бірталай болуы күмәнсіз. «Жинақты тауарихта» Сәнгүнге тетелес тағы бір ұл – Айқу (Айқұш, Айғұр) аталған. Бұрынғы жайы, кейінгі пешенесі беймәлім. Бұл Айқудың қызы Тоғыз-қатын Құлағу ханның бас бәйбішесі болған, Иранның
кейінгі елхандар әулеті осы Тоғыз-қатыннан таралады. «Жинақты тауарихтың» тағы бір қалтарысында Сәнгүннің ұлы Тұсан-Бұқа («Қастерлі шежіреде» Тұсаха) жүр. Темужіннің тұңғыш перзенті Қожын-бикемен атастырылған екен. Яғни, аралық ашылар шамада кәмелетке толар-толмас жеткін. Бұдан соңғы тағдыры белгісіз. Бәлкім, кейінде Қылыш-Қараның
қолына түсіп, Шыңғыс ханға тапсырылған – осы Тұсан-Бұқа болуы да мүмкін.
Оң ханның осындай дерексіз, басқа да ұрпақтары қалуы табиғи жағдай.
Десе де, ежелгі қаракөк тұқымның еркек кіндікті тұяғы Сәнгүнмен және Керейтаймен бітпеген екен. Оң ханның «Жинақты тауарих» пен «Қастерлі шежіреде» арнайы аталмайтын ұлдарының бірі, бәлкім, немересі Тайбұға
(Тай-Бұқа), сірә, кейінгі Найман одағы жеңіліске ұшырағаннан соң, азды-көпті жасағымен Батыс өлкеге қарай қашып, Ібір-Сібірден бір-ақ шығады. Ертістің
етегі, Есіл мен Тобыл аңғарын жайлаған жергілікті түрік нәсілді, фин-угор текті ру-тайпаларды бағынышқа түсіріп, Сібір хандығын негіздепті. Арада
жиырма жыл өткенде Хорезмді, одан жалғас бүкіл Шығыс Дәштіні ғұзырына келтірген Шыңғыс ханның дүмпуін алыстан сезінген Тайбұға қол қусырып,
әлем әміршісінің дәргейіне барады. Қыран құс пен ұлпа елтірі, арғымақ аттарын алға тартып, кеңшілік сұрайды, мәңгілік бағыныш білдіреді. Қапияда айрылысқан Оң ханның өліп, тірілген ұрпағын көргенде Шыңғыс хан рақымы ғана түспеген, мейлінше мейірленген сияқты. Тайбұға әулетіне Ібір-Сібірді
біржола билеп тұруға өкілет береді, үлкен ұлыс ішіндегі мәртебелі иелік, хандық емес, бектік, соған орай Сібірдегі Оң хан ұрпақтары алдағы уақытта бек атануға тиіс екен.
Енді Оң ханың ұрпақтары Еке Ұлыстан соңғы Алтын Орда дәуірінің ұзына
бойында байтақ Сібірде билік құрады. Екі ғасырдан астам ұзақ заман. Алтын Орданың ыдырау кезеңінде Жошы-Шибан нәсілімен тайталас басталады.
Әуелде Шибан әулеті жеңіске жетеді, одан соң Тайбұға тұқымы қайтадан орнайды, одан соң тағы да аударыспақ; бұл қырқыстың ең соңғы өкілдері – Көшім хан мен Сейдақ (Сейіт-Ахмет) бек болды. Сібір хандығының Орыс патшалығына айтарлықтай қарсылық көрсете алмай, тезінен құлауының бір себебі осы, екі әулеттің елді тоздырған жүз жылдық күресі болатын.
Көшімнің ғұмыр кешуі белгілі. 1598 жылы түнекке батты. Ал Оң ханның ұрпағы Сейдақ бек одан он жыл бұрын, Тобыл қамалында, аяр опасыздық
нәтижесінде, қазақ сұлтаны Ораз-Мұхамедпен бірге тұтқынға түсіп, Мәскеуге жеткізілген. Сейдақтың бұдан соңғы тағдыры туралы дерек жоқ.
Керей хандарының әулеті Сейдақпен де бітпепті. Оң ханның Бас
ордасындағы ойраннан соң, Арсалаң деген бір ұлы аман қалған екен. Тәрізі, жас бала. Кеңшілік жасалады, бәлкім, Өгелін-ананың баурындағы асыранды ұлдар қатарында, немесе жақын алпауыттардың шаңырағында тәрбиеленген көп мүскіндердің бірі ретінде өсіп-жетеді. Кейінде Арсалаңға торғауыт
жасағының тізгіні тапсырылған. Бұл таңдама қосын әуелде Оң ханның торғауыт әскері негізінде құрылыпты – күзет гвардиясы, хан қарауылы. Бастапқы құрамы керей болса, Шыңғыс ханның тұсында оған найман мен меркіт жауынгерлері қосылады, уақыт оза келе басқа да ру, тайпа
өкілдерімен молығады. Кейін, Еке Ұлыс ыдырағаннан соңғы кезеңде
торғауыт жасағы дербес қауымға айналған, этникалық құрамы да мүлде жаңарып, моңғол текті рулардың үлес салмағы басым түседі. Ақыры, қалмақтың торғауыт тайпасы болып шыққан. Оң хан–Арсалаң ұрпақтары барлық уақытта торғауыт билігін ұстайды. Кейін, ХҮІІ ғасырдың алғашқы
ширегінде Дүрбін-Ойраттан бөліне көшіп, Сары-Арқаның солтүстігін көктей өтіп, Жайықтан аттаған, Ноғай Ордасы мен Башқұрт ұлысын талқандап, Еділ бойына қанат жайған қуатты торғауыт тайпасын бастап келген екпінді Хо- Өрлік тайшы баяғы Оң ханның тоғызыншы ұрпағы болатын. Еділдегі Қалмақ хандығында билік құрған атақты Аюке, одан соңғы Моншақ хандар, ең соңы, 1771 жылы Жоңғарға беттеген Торғауыт көшін бастаған Үбашы хан – бәрі де осы ежелгі әулеттен. Еділдегі Торғауыт-қалмақ хандығымен қатар, Ішкі
Моңғол тарабы, Көкө-нор төңірегінде торғауыттың үлкен шеруден тыс қалған тағы бір тармақтары бар екен. Олар да Оң хан–Арсалаң ұрпақтарының ғұзырында болған. Кейін хандық та, билік те жойылды. Алайда, Оң ханның
ежелгі әулеті мүлде құрып кетпеген, қатардағы қарашы ретінде қалмақ жұртының құрамына сіңген. Бүгінде із-тозы жоқ.
Оң хан әулетінің ғасырдан ғасырға өткен қилы тағдыры – адамзат шеруі, халықтар тоғысына қатысты біршама мағлұмат берсе керек. Сонымен қатар, нәсіл-тек, абзал, асыл тұқым турасындағы халық ұғымын жаңғыртады.
«Қасқа айғырдың баласы қасқа туады», – деген қазақ. «Қасқа тумаса да төбел туады», – деп үстейді. Сол қасқа мен төбел өз үйірінен алыстап кетсе, жат қана емес, жау болып шығуы да мүмкін екен. Арыдағы Қытай императоры Құбылай мен Дала қағандары Арық-Бұқа, Қайду арасындағы
қырық жылдық қырғынды айтпағанда, кейінгі, одан ауқымы өлшеусіз кеміс Торғауыт–Қазақ соғыстарының өзі ұлттық арқаудың алмасуы қаншама апат әкелерінің нақты айғағы болып табылады.
Оңғыт ұлысының қосылуы
Құдіретті Керей патшалығының қирауы Татан Даласындағы алыс, жақын барлық жұртқа тау құлағандай әсер етеді. Осы уақытқа дейін сақарадағы
мазасыз дүрбелең, қанды майданнан тыс болып келген Таян хан сонда ғана қатер ойлапты. Дүр сілкініп, үлкен соғысқа дайындалады. Өз күшіне қаншама сенімді болса да, төңірегіне түгел сауын айтады. Енді бұрынғы-соңғы
тынымсыз ұрыстарда жеңіліске ұшыраған ру-тайпалардың Темужін құрығынан тыс қалған, әлі де бодандыққа көнгісі келмеген жарқа-
бөлшектері, үлкенді-кішілі топтары бар үмітін Батыс Найман хандығынан күтіпті.
Қуатты, жаңа коалиция құру мақсатындағы Таян хан осы ретте қиыр шалғайдағы Оңғыт ұлысына да хабар салған екен. Темужіннің ту сырты, Шүржен шекарасы, Тұр-Қорғанды жағалай жайлаған жауынгер ру. Оңғыт әмірі Алақұш-тегін-Құрыға Жақұнан деген мәртебелі елші келіпті. Таян хан
айтқан екен: «Менің ұзынқұлақтан естуімше, Шығыс тарапта әлдебіреу өзін хан деп жариялапты. Аспанда жалғыз ай, жалғыз күн ғана бар. Жер бетінде бір халықта екі патша болуы мүмкін емес. Мен қалың әскермен аттанып,
әлгінің жағы мен қорамсағын тартып алмақпын. Осы жорықта менің оң қанатым болуға қалайсың?» – депті.
Терістік Қытай империясына жартылай бодан, Тұр-Қорғанның қақпасын қоритын күзет әскері есебіндегі оңғыт қауымы Шүржен ахуалына қанық, Шүржен қатерін де кәміл таныған, сонымен қатар, Орталық Даладағы қазіргі барлық жағдайдан жақсы хабардар еді. Қарт әмір Алақұш-Құры іргелес Татар ұлысын талқандаған, енді Керейді бағындырған, ақыр түбі Шүржен
өктемдігіне тосқауыл болуға мүмкіндігі бар Темужінге сырттай тілектес екен. Түпкі мақсатын ашпағанымен, Таян ханға қатқыл, нақты жауап береді. «Сенің оң қолың бола алмаймын!» – депті.
Осымен ғана тынбайды. Торбыташ деген кісісін (Рәшид-әд-Дин және «Әулие жихангер» бойынша; «Қастерлі шежіреде» керісінше: Торбыташ – Найман
елшісі, ал Жақұнан – Оңғыт жаушысы.) Темужін ордасына шұғыл аттандырады. Солай да солай, Найман Таян хан соғысқа сайланып, күш топтап жатыр, бізге де сөз салды, бірақ біз өзіңді жақтаймыз деген. Жай ғана қалыс емес, Темужіннің ғұзырына құлдық ұрмақ.
Ежелгі Қытайды тітіреткен ержүрек шато түріктерінің ұрпағы, жауынгер оңғыт руы енді ғана еңселене көтерілген Еке Ұлыс құрамына өз еркімен, осылайша қосылыпты. Арада жеті жыл өтіп, ел-жұрт әбден іргеленіп, Шыңғыс хан
Шүржен-Қытай империясына қарсы үлкен жорық бастағанда, оңғыт қауымы Тұр-Қорғанның тас қақпасын айқара ашып береді және бұдан соңғы Шығыс пен Батыстағы барлық майданға әскер шығарады.
Аттаныс алдында
1203 – доңыз жылы қоңыр күзде Оң ханды жеңіп, Татан Даласының бүкіл Орталық және Шығыс атырабын ғұзырына қаратқан Темужін енді еріксіз қосылған екі бөлек ұлысты ұшқастыру, біртұтас құрылымға айналдыру
бағдарында азды-көпті, әжептәуір жұмыс жасағаны аңдалады. Шын
мәнісінде нәсіл-тегі ортақ екі жұрт, дәстүр-салт үйлестігін, тұрмыс-тіршілік
кебін, далалық бірегей менталитет жөнін айтпағанда, соңғы ширек ғасыр бойы қанаттас, одақтас ретінде әбден араласып, заты бір, аты ғана бөлек,
үлкен патшалық құрамында ұжымдасқан, бірегей қауым болатын. Темужін әкімшілік басқару жүйесін ғана жаңғыртып, ортақ қалыпқа түсіреді. Осы
ретте және кейін де өзіндік жаңалық, өзгерістерімен, негізгі үлгі ретінде Керей ұлысының саяси құрылымын қабылдапты.
Темужін ең алдымен ұлыстың қарулы күштерін қайтадан құрады. Ендігі хан жасағы 45 мың аламанға жетіпті. Е.Кычанов және тағы бір зерттеушілер
Темужін бар әскерін жаңадан енгізілген ондық, жүздік, мыңдық жүйе
бойынша жасақтады деп біледі. Белгілі ескерткіштер дерегіне қарағанда,
жүздік, мыңдық бөлініс бұған дейін бар, оның үстіне, жаңадан шыққан емес, сонау Ғұн империясы, Мөде шаңғұйдың заманынан бері қалыптасқан,
кеңінен қолданыста болып, ешқашан ұмытылмаған құрылым. Темужін
біріккен ұлыстың қарулы күштерін осы ежелгі үлгі бойынша, сатылы, біртұтас шерік ретінде қайта құрды деп білу керек. Осыған орай бұрынғы серіктері
және кейінгі заманда көзге түскен нөкерлері қатарынан көтеріп, қырық бес мыңбегі тағайындалады. (Бұл әуелгі әскербасылардың толық және нақты тізімі сақталмаған.) Жекелеген түмен, қосындардың ноян, бахадұрлары
бекітіледі. Бұлардың бізге есімі нақты белгілі қатары: Жебе, Құбылай, Қасар, Бауыршы, Желме, Сүбітай, Темуге-отшыген...
Екінші бір өзгеріс – ұлыстың ішкі, әкімшілік жүйесі белгіленеді. Іс басқарушы, әрқилы шаруашылық саласын меңгеруші және ханның жасауыл мыңдығына жауапты тұлғалар – Темужіннің ең сенімді кісілерінен жиыны алты шерби
бекітіліпті.
Темужін өзінің жеке басының қауіпсіздігіне әуелден-ақ ерекше мән берген, кейін де сақтықтан айрылмаған. Енді кешіктен аталатын арнайы жасақ құрылады: түнгі күзет кептеуіл – 80 жауынгер, күндізгі қарауыл торғауыт – 70 аламан, жиыны (әзірше) 150 таңдама әскер. Сонымен қатар, бүкіл хан ордасының қауіпсіздігіне жауапкер арнайы мыңдық іріктеледі, мыңбегі
болып бұрнада талай сыннан өткен Арқай-Қасар бекітіліпті. Бірегей гвардия ұрыс-соғыс кезінде ханның көз алдында болуға тиіс, бейбіт күндерде
кешіктен қызметін атқарады.
Темужіннің үлкен ұлыс тізгінін алған кездегі әуелгі бір реформалары төңірегінде жеткен шектеулі дерек осындай. Сонымен қатар, ұлыстың ішкі
ісінде, негізінен жалпы жұртты тыныштандыру, ұйыстыру, ықтимал майданға жұмылдыру тарабында тағы қаншама шаруа атқарылуы күмәнсіз болса
керек.
Міне, осындай, ел басқару, әскер жасақтау ісін қадарынша жүзеге асырып, өзінің жеке билігін біржола бекітіп жатқан кезде Батыс Найман хандығы, ілкіде ғана қирап жеңілген, бірақ біржола бағынышқа түспеген ұлыс, тайпалардың жарықшақ, бөлшектерімен одақтасып, тікелей аттанысқа шыққалы жатқаны турасында суыт хабар жетті. Әлбетте, Темужін Татан Даласындағы ендігі ең үлкен күш Таян ханды тыныш қоймас еді, бірақ өзіне салса, дәл осы, тышқан (кейінгі есепте 1204) жылы соғыспақ емес. Жаңа ұлысын біржола ұйыстырып бітпеген, қаншама заманғы үздіксіз соғыстан,
өткен жылғы алағай-бұлағай күндерден соң тыныс тілеуі күмәнсіз. Енді ерте көктем, Темеген қыраты, Түлкілі-жұт деген жерде қамажау аңшылық құрып жүрген Темужін шұғыл құрылтай шақыртады.
Алдағы соғыс жөнін ортаға салғанда, бахадұр, нояндардың көпшілігі жедел аттаныстың қолайы келмес деген пікір айтады. Аттың мойнында жалы жоқ, жілігінде майы жоқ. Көлігіміз әлденсін, семірсін. Күзде көтерілейік, деседі. Сонда, тәрізі, Темужіннің емеурінімен, ханның кенже інісі Отшыген-ноян айтыпты: «Ат арық деп, жау шапқанын күтіп отыру керк пе!? Таян ханның
ниетін естідіңдер. Ол келіп үстімізден басқанша, біз өзіміз барып ойран қылайық. Не болары Тәңірінің еркінде. Аттану керек!» – дейді. Тетелес іні Белгүтай-ноян қостап шығады: «Егер наймандар біздің ханымыздың қорамсағы мен жағын тартып алса, қалғанымыздың сүйегіміз қайда
шашылмақ? Таян хан астам сөйлесе, ұлысының қуатына, халқының көптігіне, жерінің кеңдігіне, малының байлығына сеніп отыр. Біз алдымен басып
кірсек, кең даласы пана болмас, қалың жұрты пышырай сөгіліп, таудың
жықпылына, орманның түкпіріне қашып, тоз-тозы шығар, мыңғырған малы қараусыз, иен қалар. Күтпеген жағдайда, тұтқиылдан шапсақ, малы мен
жаны да, оғы мен қорамсағы да біздікі болады!» – дейді. Темужін осы соңғы сөздерді мақұл көріпті. Тезінен сауын айтылып, әскер жиылады. Көп ұзамай аттаныс болыпты.
Алайда, толық жасақталмаған, «жаздың алғашқы айының 16-жаңасы», яғни маусымда басталған жорық орта жолда бөгеледі. Шындығында, бұл жолғы әскер жиыны – шұғыл шапқын қатерінен сақтық, қорғаныс шарасы – тосқауыл болғанын көреміз. Қарауыл жасақтар ғана озғындап шығады.
Найман тарабы да әзірше мол әскер аттандырмай, байқастау, барлаумен
шектелген екен. Алғыншылар аңыс аңдау, жекелеген ұсақ-түйек қақтығыстан арыға бармайды.
Таян хан қапысыз соғар, қарымды күш топтап жатқан. Темужін де үлкен майданға әзір емес. Екі жақ та күзге қарай түп көтеріледі. Татан даласындағы ең соңғы, шешуші шайқасқа Тай-Бұқа – Таян хан да, Темужін – Шыңғыс хан да орасан дайындықпен келгенін көреміз.
Соңғы мезет
Өткен күзде ғана, Оң ханның ордасына шапқан кезде небәрі 2 600, асса 4 600 жауынгері болған Темужін арадағы алты-жеті ай ішінде біріккен, үлкен ұлысын біршама меңгеріп, жаңа жасағын ұзын саны 45 000 аламанға жеткізді дедік. Қытай тарихшысы Ту Цзи ескілікті деректерге сүйене отырып, бұл қалың қолдың көпшілік бөлігі керей тайпасынан құралған еді деп атап
көрсеткен. Түнгі, тұтқиыл шапқында Оң ханның жасауыл әскері және Орда төңірегіндегі, асса бірер мың қарауыл ғана апатқа ұшырады, бұдан соңғы жазалау, қуғын-сүргін де жалпылық емес, жекелік сыпатта болды, көп ұзамай-ақ қалған қауым бағзыдан үйреншікті, аралас, одақтас, туыстас
Темужіннің төңірегіне топталды деген сөз. Сонымен қатар, Темужіннің өзіне әуелден тиесілі, Қалалджыт-Әлет ұрысынан соң бытырап кеткен халық,
әрине қайтадан ұйысты және қарулы жұрты түгел сапқа тұрды. Есебі,
Темужіннің тез арада соншама әскер жинақтап үлгеруі табиғи жағдай еді.
Таян ханның туы астындағы құрама қалың қолдың ауқымы бұдан біршама көп болғаны аңдалады. Бүкіл Батыс Найман хандығына тиесілі қарулы жұрт жаппай атқа қонған. Бұларға өткен соғыстарда Темужін талқандаған
салжығұт, қатаған, дүрбен, татар тайпаларының Ақатұ-бахадұр бастаған ең соңғы жарқа бөлшектері, баяғы Алтан мен Құшарға қарасты қият қосыны, керейдің Алын-тайшы бастаған бір тобы, Тоқта бектің ғұзырындағы Меркіт ұлысының бар әскері және Жамұқа-шешеннің қарасыны мол, жауынгер
жасағы қосылады.
Алтайдан аттанған Таян хан, жолай одақтас ағайындармен тоғысып,
бірлескен қалың қолмен үдере шеру тартып, Қаңғай тауының шығыс беті,
Қажыр-ұсұн өзенінің аңғарында шеп құрып бекінеді. Алға қарауыл жасақтарын оздырыпты.
Таян хан мен оның одақтастары құраған мол әскердің жалпы жиыны, ұзын саны турасында нақты дерек жоқ. Кейінгі моңғол тарихшысы Ш.Сандаг шамамен – 50–55 мың деп белгілеген. Біздің есебіміз бойынша, бұдан
әлдеқайда артық болуға тиіс. Міне қараңыз. Батыс Найман ұлысы соңғы
жиырма жылда ешқандай қауға-қырқысқа қатыспады, Татан Даласындағы Азамат соғысынан тыс қалды. Ел іргелі, әскер айбынды. Өз ұлысының күш- қуатына сенімді Таян ханның Шығыс және Орталық сақарада билікке жеткен Темужіннің жолын кесіп, жаңа майдан ашуға бұрынырақ ниет танытуы
кездейсоқ емес. Қайткенде де басым түсеріне күмән қылмаған. Бар күшін
сарқа пайдаланса, қалың найман Темужіннің қида-қырғыннан өткен, біріккен жаңа ұлысымен тайталас, төрт-бес түмен шығара алар еді. Жарар, үлкен ұлыстың Батыс бөлігі ғана, бар әскері бұдан әжептәуір кем болсын. Үш
түменнің төңірегі дейік. Енді Таян хан қапысыз соғу үшін қол жалғасқан одақтастар. Меркіт әуелден-ақ саны мол, жауынгер тайпа. Рас, кейінгі он-он бес жылда жеңілістен көз ашпаған. Соның өзінде бүкіл Меркіт ұлысының
әмірі Тоқта бек бір жарым-екі түмен жасақтай алар еді. Меркіттің бұдан
былайғы, әбден қырылып, тозғындай шегініп, Қыпшақ Даласына өткен, 1218 жылы Жошы хан біржола талқандаған, ең соңғы жарақты жұртының өзінің қарасыны мол. Ойрат Құтұқа – кемі бір түмен. Бұған Алтан мен Құшардың, Алын-тайшының және Ақатұ-бахадұрдың жанкешті жасақтарын қосыңыз,
әрқайсысы екі-үш мыңнан артық болмаса, кем түспеуге тиіс. Жамұқа-
шешеннің жеке қосынын есепке алмағанның өзінде манағы межеден асып кетеді. Сонымен, Таян хан және оның одақтастары ықшамдай
жинақтағанның өзінде 60-65 мың әскермен аттанды деп шамалар едік.
Қиғаш-қиыс Жамұқамен қоса санасақ, 70 мыңның төңірегі. Молынан есептесек, бұдан да асып түсуі ықтимал.
Әскерінің негізгі күшін кейінгі жылдарда өзінің негізгі тірек-тұғырына
айналған Халха бойында жинақтаған Темужін Келүрен өзенін өрлей шығып, қарсы жүреді. Сол беті Сары-кегер жазығына жетіп аялдайды. Түн түсе онсыз да көп әскеріне бытырай шашылып, әрбір кісі бес оттан жақсын деген
жарлық беріпті. Найманның алғы, шалғыншы тобы кең далада қаптай жанған сансыз отты көріп, мүлде үрейленді дейді. Артта, Қажыр-ұсұн бойында тұрған Таян ханға тезінен хабарлайды. Жау әскері Сары-кегер алқабына сыймай барады, үсті-үстіне жаңадан келіп жатқан тәрізді, жаққан оттары аспандағы жұлдыздан да көп, дейді.
Көңілін қауіп жайлаған, ержүрек, сонымен қатар мейлінше сақ Таян хан Әскери кеңес шақырыпты. Алдымен өз шешімін айтса керек. Біздің
алғыншылар қолға түсірген мініс көліктерінің сыңайына қарағанда, бұлардың саны көп болса да, аттары арық, өздері де күйсіз. Дәл осы арада үлкен ұрыс ашу – алмағайып қатерлі, сондықтан өзгеше тәсіл қолданып, кері
шегінгеніміз жөн, соңымыздан шұбыртып, қатарын бұзамыз, Алтайдың етегіне жеткен кезде әскерімізді қайыра топтап, аттары арыған, өздері қажыған дұшпанға төрт тарабынан шабуылдап, қиратып саламыз, депті.
Тәжірибелі, қарт қолбасы Көксау-Сабрақ бұл ұсынысты мақұлдайды. Алайда,
Таян ханның мұрагер ұлы Күшлік бірден шалқалап түсіпті. «Бұлар аяқ астынан қалайша көп болып шықты? Қияттың басым бөлігі бізбен бірге,
Жамұқа-шешеннің қол астында емес пе!» – дейді. Қызба Күшлікті (кеше ғана Оң ханның ажалына қалған) Қоры-Сүбечі қостап шығыпты. «Хан ием, Көксау- Сабрақтың сөзі – қартайған, қайтқан кісінің қалтырақ лепесі. Сенің әкең
Инаныш-Білге хан ғұмырында жауға желкесін көрсеткен жоқ, атының сауыры теріске бұрылған емес. Ал сен қан майданнан қаймығып тұрсың. Енді
Гүрбесу-қатынды алдырып, ақыл сұрайық!..» – депті және талағы тарс айрылып, Кеңестен шығып кетіпті. Бұдан соң хан ұлы мен жас қолбасының сөзін қалған жұрт та қостаса керек. Найман көпшілігімен бірге, шешуші ұрысты кейінге қалдырмауға одақтас ағайындар – Меркіт Тоқта бек те, Алтан мен Құшар, қатаған-салжығұт басшысы Ақұтұ-бахадұр, Керей Алын-тайшы да айрықша мүдделі. Бұлардың өз жұртынан алыстап, қияндағы Алтайға дейін тентіреп жүре алмасы анық және қалың қол құрамындағы шұғыл майдан –
ең соңғы және аса зор мүмкіндік. Әлбетте, Жамұқа-шешен де үлкен және түбегейлі жеңістен дәмелі. Ақыры, Найман одағы бетпе-бет, жедел соғысқа бел байлайды.
Таян хан Қажыр-ұсұндағы берік шебінен қозғалып, Темужінге қарсы жүреді. Тамыр өзенін құлдап, Орқұн өзенін кесіп өтіп, Нақу-қоң дейтін таудың түстік беткейіне келіп тоқтап, түзем құрып, ұрысқа дайындалады. Темужін әскері бірер бел астында ғана тұр екен.
Жамұқа жал тапты
Түн өтті, таң атты, күн шықты. Енді табандасқан, қанды майдан басталмақ. Дәл осы кезде, қарсылас екі тарап та сәйгез жебені жаңбырша жаудырып, одан соң найзаның ұшынан қан, қылыштың жүзінен от шығарып, жаппай қидаласып кеткенге дейін, бетпе-бет қалың әскер түзем құрып, Аруақ шақырып, айқай-сүрен көтерген мезетте, алапат ұрыстың тағдырын шешпесе де, кейінгі тарихшыларға әжептәуір жұмбақ қалдырған өзгеше бір оқиға
болады.
Қияттың да, керейдің де әскер құрылымын жақсы білетін, далалық ұрыс тәсілдеріне жетік Жамұқа Темужіннің бар жасағын жаңаша құрғанын және
соғыс тәсілдерін де жаңғыртқанын бірден аңдапты. Ең бастысы – жауынгер жұрттың алымы басқаша. Сұсы үрейлі, пысы ауыр. Айрықша өлермендік, қайтпас қажыр, таймас ерлік бар. Қолбасы ноян, бахадұрлардың бітім-сойы да өзгеше екені бұрыннан мағлұм. «Қастерлі шежіреге» сенсек, Жамұқа шайқас басталмай тұрып-ақ жаннан кешеді һәм Шыңғыс ханның жасағын
жеңілмес, жойқын күш ретінде сыпаттап, Таян ханның көңіліне де үрей ұялатады. Әлбетте, мұның бәрі – эпикалық әсірелеу. Анығы – әскер
дислокациясына қарағанда, Жамұқа Таян ханның қасында тұрмаған, мүлде аулақ, өз жасағымен, басқа бір қанатта. Бірақ жаннан кешті ме, әлде бөтен, өзгеше бір ойға бекінді ме – Таян ханды тастап шығады. Ұрыс басталар-
басталмаста. Неге, қандай есеппен?
«Қастерлі шежіренің» жөнін аз-маз аңдадық. Шыңғыс хан, сөз жоқ, жеңіске жетуге тиіс. Осыған орай Жамұқа одақтастық шартын бұзумен ғана
шектелмейді, Таян ханның зәресін ұшырып, әуелгі берік бекінісінен
шегіндіреді, бірте-бірте тау басына дейін жетелеп, құзға құлайтын, дәрменсіз кепке түсіреді. Тығырық жағдайдан өзінің қалай құтылғаны жұмбақ, оның үстіне, аулаққа қашып бара жатқан кезінде Шыңғыс ханға сәлем жолдап, бар жағдайды баяндайды, зәресі зәр түбіне кеткен жауыңның енді қарсыласар қауқары жоқ, екпіндей ұмтыл да, біржола қират, дейді. Ертегілік жағдайдың түпкі мәнісін түйіндесек, Жамұқаның ісі – жан сақтау амалы ғана емес,
екіжүзді аярлық. Жай ғана кетпейді, бүлдіріп кетеді. Қайткенде де «Қастерлі шежіре» – тарихи жәдігер емес, тарихқа негізделген эпикалық көркем туынды екенін тағы да еске саламыз.
Төтенше оқиғаға байланысты «Әулие жихангердің» дерегі қысқа әрі нақты:
«Шыңғыс хан әскерінің берік қатарын және айбынды кейпін көргенде Жамұқа өзінің нөкерлеріне айтты: «Анданың әдемі әрі алапат жағдайын қараңдар. Наймандар терісін сыпырып, пұшпағын ғана қалдырамыз деп еді. (Түпнұсқаның басқашарақ бір ұғымы: «Наймандар теріміз сыпырылып, пұшпағымыз қалғанша табандап ұрысамыз деп еді», – М.М.). Енді қарсы тұрып көрсін...» Осылай деп, өзінің бар әскерін көтеріп, кетіп қалды».
«Юань ши» дерегі де осы орайда. «Жамұқа... Шыңғыс хан әскерінің берік
қатарда тұрғанын көрісімен, қасындағы кісілеріне былай деді: «Наймандар шеру тартып шыққанда [Темужін жасағын] түйтіксіз, дәрменсіз қозы-лақ
есепті көріп, терісін де, тұяғын да қалдырмаймыз деп байыптап еді. Қазір мен бұлардың қуатын да, екпінін де танып тұрмын...» – дейді де, ығысып жүре береді.
Ескілікті үш жәдігердің осы реттегі ортақ түйіні – ілкіде ғана Таян ханға өз қалауымен қосылған және соңында біршама әскері бар Жамұқаның ұрыс
басталмай тұрып-ақ майдан даласын тастап кетуі. Және бұл тауансыздықтың басты себебін – Жамұқаның Темужін жеңеді, Таян хан жеңіледі деген
сенімінен шығарған. Ақыры солай болды, бірақ тепе-тең, тайталас ұрыс
басталмай тұрғанда, оның соңғы нәтижесін кім болжап білген. Жамұқа да
болжай алмақ емес. Керісінше, әскері көп, әрі өлермен одақтастары бар Таян хан жеңіске жетеді деп байыптауға тиіс. Жамұқаның жарияға шыққан кету
себебі – кейінде қосылған долбар дейміз.
Осы орайда, «Жинақты тауарихта» келтірілген, Жамұқа өзінің нөкерлеріне қарата айтты деген сөз мүлде тосын, екіұшты: «Біле-білсеңдер, менің
андамның ұрыс тәсілі де, әскерінің құрылымы да мүлде басқаша болып шығыпты. Найман тайпасы ешкімге бұқаның пұшпақ терісін де қалдырмайды, бұлардан ешкімге де пайда түспейді», – депті. Осыдан соң шептен бөлініп, желе-жортып, ұрыс даласынан аулаққа бет бұрады. Түптеп келгенде, қисынды, табиғи әрекет.
Шындығында, Темужін жеңіп шықса, Жамұқаның бұдан соңғы тағдыры
күмәнсіз. Қазаға ұшырауы, қайткенде де басын жоюы анық. Ендеше, әуелгі
ниетінен айнып, Таян ханды тастап кетер жөні жоқ. Күшке күш қосып, аянбай шайқасуы шарт. Ақыры бір өлім. Мүмкін, өлмес, Таян ханмен бірге жеңіске жетер. Онда да... қиын жағдай. Таян хан ілкіде: «Бір жұртта екі хан
болмайды!» – деп кесіп айтты. Бұрын ойға келмеген, Темужіннің бүкіл сақараны өз туының астына қаратпақ ниетін танығаннан соң жеткен жері. Өткенде найманның өзі екі бөлек ұлыс еді ғой. Ендігінің жөні басқа. Бүкіл Татан Даласының бірден-бір әмірі – Темужін емес, Таян хан болуға тиіс!
Бәрібір ұтылыс екен. Кешегі дабыралы гөрхан жаңа, үлкен ұлыс ішіндегі кіші хан болып, тірі жүрмеуге тиіс... Пайымы зор, айласы артық Жамұқа екі
жағдайда бірдей апат табады екен. Ендеше... бірі өліп, бірі қалсын. Шын мәнісінде екі жақ та өлшеусіз қырғынға ұшырайды. Жеңісе алмайды.
Басымының өзі әлсіреп, әрең шығады. Ал кешегі гөрхан Жамұқа қарауындағы азды-көпті әскерін аман сақтауға тиіс! Бұдан соңғы,
талмаураған, әлжуаз Темужінді өзі қиратып салса несі бар. Жамұқаның анық пайымы, шын есебі осы болатын.
Ләкин... Жамұқа-шешен қалай тартса да, өзінің қайғылы тағдырынан құтылып кете алмасын ойлады ма екен. Нақты көзі жетпесе де, менмен көңілі сенбесе де, қатер лебін түйсінбеу мүмкін емес, тіпті, анық білуі
күмәнсіз. Бірақ ешқандай амалы жоқ еді. Қолынан бар келері – соңғы сәтін ұзарту. Бәлкім, Тәңірінің еркі басқаша шығар? Ақылды, шешен, айлакер Жамұқаның, өз заманындағы дарынды қолбасы, кешегі гөрхан Жамұқаның ешқандай шарасы жоқ еді. Тағдырына көніп, ағыстың ығын алғаннан басқа...
Нақу-қоң қырғыны
Таң атып, күн көтеріле Темужін жасағы биік беткейде және қырқа басында берік шеп құрған Таян ханның әскеріне қарай жылжып, беттесе жақындады дейді.
Қарақұрым жау сұлбасы көрінгенде Темужін айтыпты: «Көптің шығыны да көп болар, аздың қазасы да аз болар...» Яғни, Таян хан әскерінің көптігінен
пайда жоқ, алдағы майданда көбірек қырылуға тиіс. Содан соң айтады:
«Қозғалыста қарағандай қалың болыңдар, шабуылда шапқыдай өткір болыңдар!» – депті.
Темужіннің бар әскері үш лекке жіктелген екен. Маңдай қосындарын Жебе- ноян мен Құбылай-ноян және Желме-ноян мен Сүбітай-бахадұрға тапсырады. Бас қолбасы Темужін далайханның өзі, жасауыл мыңдығымен бірге, осы алғы лектің қалқасында болады. Әскердің негізгі, екінші легін
ханның тетелес інісі Қасар бастайды. Үшінші лек – кенже іні Отшыген-ноянға жүктеледі. Бірден байқалатындай, бұл соғыста ең жауапты тұлғалар –
Темужіннің туған інілері болып шыққан. Ал бас қолбасы, бүкіл майданды ұйымдастырушы – алғы лекке тетелес, ұтымды орын таңдаған Темужін- Шыңғыс ханның өзі екен.
Таян ханның әскері, көптігімен қатар, қорғанысқа қолайлы, қарсы шабуылға ыңғайлы майдан алаңына орналасқан, – өрде тұр, атса оғы ұзын, ұрса серпімі артық. Керісінше, Темужін әскері садағын биікке тартпақ, аттары барлыға шоқырақтамақ. Алайда, Темужін тіке шабуылға шығады. Бірден-ақ етектегі маңдай қосынын тықсырып, кейінгі тобына айдап тастады дейді.
Әлбетте, көшпенділер сонау Ғұн заманынан бері қалыпқа енгізген ұтымды тәсіл – зор майдан оқ шалым жерден садақ тартып, қарсылас дұшпанды жамсата атудан басталатын. Тобымен, дүрмек, легімен ойқастай шауып, жақындап төніп келіп, кері қайрылып, жаудың алымы жетпейтін шамадан
қанға бөктіретін. Жаулас тараптың өлім-қазасының үлкені де осы, алғашқы кезең. Алайда, дәл осы жолы үйреншікті амал-айла екі жаққа да етене.
Бәрінің де садағының қарымы ұзын. Сондықтан қанды жебе екі жаққа бірдей және ортақ шығын да екі есе артық болуға тиіс. Десе де, әдепкіден бір айырма – Таян хан әскері қолайлы, берік қорғаныста, бар жағдайы тиімді.
Осыған орай, Темужін әуелгі жаппай атыстан соң, бетпе-бет шайқасты ұтымды санаған тәрізді. Яғни, қайрыла шаппай, бірден-ақ қылыш айқастырған тіке шабуыл. Жамұқа ұрыс қызбай тұрып байқаған өзгеше тәсіл де осы болса керек. Ал жаңаша құрылым – бетпе-бетке ыңғайланып,
тереңінен құрылған үш қатар – ауыспалы үш толқын деп шамалауға мүмкін.
Алайда, алдыңғы, ең үздік, екпінді ноян, бахадұрлар бастаған таңдама қосындар Таян ханның шебін бұзып, еңсеріп әкете алмайды. Табандасқан қантөгіс басталыпты.
Майдан барысын тікелей басқарып отырған Темужін, сыңайына қарағанда, алғы лек қанға батып, қажи бастағанда кері қайырып, екінші лекті іске қосқан, одан соң өз кезегінде үшінші лекті жұмсаған тәрізді. Ақыры, түстен
кейін, әлде екінтіде соңғы нешеме жыл бойы үздіксіз соғыстарда шыныққан Темужін әскері дендей бастайды. Таян ханның жанкешті жасағы өрге, тау
басына қарай тықсырылып, бірте-бірте шегіне береді. Бұл кезде Темужін жағы аттан түсіп, жаяу ұрысты деп шамалар едік. Бұл – Нақу-қоң
майданының орталық бөлігі.
Бесін ауғанда, бәлкім, одан көп бұрын екі қанаттағы, Таян ханның мұрагер ұлы Күшлік бастаған найман, Құтұқа бектің қарауындағы ойрат, Тоқта бектің туы астындағы меркіт және керейдің Алын-тайшысы, Алтан мен Құшардың қият жасағы және басқа да одақтас қосындар – түгелдей қирап жеңілген.
Қырғыннан қалғаны тоз-тоз болып, әр тарапқа босқын тапқан.
Қалған әскері апат алдында тұрған Таян ханның да қашып құтылу мүмкіндігі бар екен. Бірақ қалың қолының негізгі бөлігі жусап түскен, енді айбынды ұлысы да қирап, құлауға тиіс Таян хан майдан даласындағы ақ өлімді артық көріпті. Ажал сұрап, қолма-қол ұрысқа тікелей араласса керек.
Кешке қарай Таян ханның ең соңғы жасағы бекінген Нақу-қоң биігі толық қоршауға түседі. Таян хан әлденеше жерден жараланған екен. Шегіне шайқасып, құз жартас басына жеткен кезде қансырап, құлайды. Қайтадан ұрысқа кіргісі келеді, бірақ аяғын басып тұра алмайды. Осы бір сәтті Рәшид- әд-Дин айрықша құрметпен, тамаша суреттеген.
Таян хан серпіліп, көтерілуге әлденеше мәрте талап қылды, бірақ ауыр
жарадан әлі құрыған, дәрмені жетпеді, дейді. Сонда қолбасы Қоры-Сүбечі қасындағы басқа да әмірлер мен нөкерлерге: «Сабыр етіңдер, мен оның
күшін қайырып, түрегелетін амалын білем», – дейді. Содан соң айтыпты:
«Таян хан, біз қияда тұрмыз. Орныңнан көтеріл, шайқасып бір көрейік!» – дейді. Таян хан бұл сөзді естіді, бірақ селт етпеді, жауап қатпады. Қоры- Сүбечі және айтты: «О, Таян хан, ақ ордаңда ару қатындарың таранып, сыланып, күтініп жатыр, ал ең сүйіктің Гүрбесу сұлу бар әшекейін тағынып, үлде мен бүлдеге оранып, сенімен тезірек қауышуға құмарланып отыр.
Түрегел, тезінен жұртымызға оралайық!» – дейді. Таян хан бұл сөздерді де естіді, бірақ тұруға талпынбады, қыбыр етуге шамасы да келмейтін. Сонда Қоры-Сүбечі айтады: «Егер ханымыздың бойында зәредей күш қалса, қимылдап бағар еді, тым құрса тіл қатар еді. Беті ары қараған екен. Енді біз Таян ханның ажалына куә болмайық, ханның өзі біздің қалай шайқасып,
қалай өлгенімізді көзімен көрсін!..» – депті. Содан соң, Таян ханның ең соңғы бахадұр, бектері ентелей төнген қалың жауға жалаң қылышпен қарсы ұмтылады. Беріспей, қаржыса ұрысқан қалыптары, сол бір қия бетте түгелдей қазаға ұшырайды. Шыңғыс хан көз алдында болған мұншама адалдық пен мәрттік, табанды, жанкешті ерлікке қайран қалып, риза, сүйінішін жасыра
алмапты: «Осындай нөкерлері бар ханның арманы не!..» – деген екен.
Бұл екі ортада кеш батады. Найман әскерінің тау басында, толық, бітеу қоршауда қалған соңғы топтары түн жамылып, тас қамауды бұзып шығу үшін ең соңғы шабуылға серпіледі. Алайда, айсыз, көрдей қараңғыда көбі құзға құлапты, одан аман өткендері түгел қылышқа шалынады. Ауыр жаралы Таян ханның өзі де таңға жетпесе керек.
Ертеңінде тау басында, жартас асты, жықпыл сайда қалған, шарасыз аламан атаулы қаруын тастайды. Қашуға жол таппай, тығырыққа тірелген, қаншама заманнан бері, әлденеше рет ойсырай жеңілсе де, қайыра көтеріліп отырған татар, қатаған мен салжығұт және дүрбен – әйгілі төрт тайпаның ең соңғы қосындары да біржола бағыныш білдіріпті. Біршама жасағымен майдан даласынан сүріліп шыққан, арттағы қалың қолдың тағдырынан бейхабар Күшлік ханзада Тамыр өзенінің бойында шеп құрып, қайыра ұрыспақ екен, бірақ арттан қуа шыққан әскерден тағы да жеңіліп, ығыса қашқан беті Алтайға тартады, әкесінің бірге туған інісі Бұйрық ханға барып жетіпті. Ойрат Құтұқа қаншама шығынға ұшырағанымен, негізгі күштерін сақтап, қатарын
бұзбай, кері шегінеді. Тоқта бек те қара үзіп, тақаудағы күндерде әлі де қарасыны мол жұртын жинақтап, қарсылыққа дайындалады. Алтан мен Құшар Күшлікпен бірге қашқан. Алын-тайшы бастаған керей тобының тағдыры белгісіз. Сірә, түгелдей қырылып кетсе керек.
Айрықша қантөгісті, аяусыз қатал әрі ызбар-сұсты Нақу-қоң ұрысының нәтижесінде Батыс Найман ұлысының қарулы күштері барлық одақтастарымен қоса, біржола қирады. Қуатты хандықтың шаңырағы
ортасына түсті. Темужін-Шыңғыс хан кеңбайтақ Татан Даласы – бүкіл Шығыс Түрік өлкесінің бірден-бір әміршісіне айналды.
Жалғас жорықтар Қайрылмас, қалтқысыз жеңіс.
Бұрнада өзара бақас тайпалар, тіпті, үлкен хандықтардың өзі ең қатал соғыстардың кезінде де ақырына дейін жауласпас еді. Жеңген жақ қарымы жеткенше шабады, жанын тұтқындап, малын олжалайды, артынып-тартынып кері қайтады. Аз ба, көп пе уақыттан соң мана жеңілген жақ серпіле
көтеріліп, қарымта зобалаң жасауы мүмкін. Түрік қағанаттары, Тоғыз-татар ұлысынан соңғы кезеңде Татан Даласындағы қарама-қайшы ұлыс, тайпалардың күш-қуаты шамалас болатын. Белгілі бір кезеңде басым тұрған
ұлыстардың өзі қалған қауымды бағынышқа түсіруді мақсат еткен емес. Мақсат етсе де, мұратына жетпес еді.
Болашақ Шыңғыс ханның ой тұрғысы мүлде басқаша. Әуелде Оң ханға арқа сүйеді. Қуатты Керей ұлысын алға салды. Сол бір, өктемдіктен алыс
заманның өзінде ақыр түбіндегі дара билікті ойламауы мүмкін емес. Елінің өткен шежіресін жақсы білетін, зорлықшыл Шүрженге қарсылық ниетін ата қаны, ана сүтімен бірге бойына сіңірген Темужін әзелден-ақ бүкіл сақара
біртұтас күшке айналса деген арман-ниет жетегінде болуы күмәнсіз. Бұл жолда қаншама алмағайып қатерден өтті, ең соңында, әжептәуір қуатқа
жеткен кезінде, күтпеген жағдайда, ойсырай жеңіліп, біржола құрып кетуге шақ қалды, ақыры, Тәңірінің алқауымен, қисынсыз ғажайыптың қиюы келді – құдіретті Керей ұлысын ғұзырына қаратты. Енді ең ақырғы, шешуші майдан – Найман одағына қарсы соғыс та сәтімен аяқталыпты. Ғаламат жеңіс. Соңғы замандарда қалыптасқан жора бойынша, Темужін мол олжаға жырғалып,
кейін қайтса керек еді. Жауын жеңді, байлыққа кенелді, одан артық не керек.
Ілкіде Меркітпен арадағы тынымсыз шабыс, тіпті, баяғы Шығыс Найман
жорығының өзі осылай аяқталған. Бірақ ендігі жағдай басқаша еді. Оң ханды жұртынан айырып, жаңа, зор ұлыстың билігіне жеткен Темужін бұл жолы олжа іздеп, алапа тілеп аттанбаған. Ел иесі Таян ханды биліктен тайдыру
керек еді. Ол үшін, әлбетте, қарулы күштерін қирату керек. Содан соң, бүкіл Найман ұлысын өзіне қосып алуы шарт. Байтақ жерімен, қалған барлық халқы, мал-жанымен қоса. Бұл мақсатты түбегейлі орындау жолында
жалғыз-ақ қадам қалған. Ізін суытпай Батысқа аттанып, ең соңғы қарсылық ошақтарын жаныштау.
Алайда, өзіне сенімді Темужін ең алдымен терістік тарап – желкедегі Меркіт ұлысына бет қояды. Соңғы жиырма жыл орайында үнемі жеңіліске ұшыраған, керегесі сөгілсе де, шаңырағы құламаған жауынгер меркіт әбден әлсіресе де, мүлде қауқарсыз емес еді. Жері кең, әскері де біршама. Бірақ
бұл сапарда Темужін өткен соғыстар кезіндегідей, орта жолдан тоқтамақ емес.
Қайыра қалың қол топтап үлгермеген удойыт-меркіт Тоқта бекті Темужін ұйықты жұрты, орманды алас Бура-Қараға жеткізбей, Сары-кегер даласының шегінде алдынан кеседі. Ұрыс Қаратал-Құжауыр деген жерде болыпты.
Жеңіліске ұшыраған Тоқта бек қалған қарулы жасағы, Құду, Жылауын, Мажар, Құлтұқан деген жауынгер ұлдарымен бірге Батысқа – Бұйрық ханға қашады. Арбалы көші, барлық үй-жай, мал-жаны қолда қалыпты. Осы қатарда Тоқта бектің үлкен ұлы Құдудың әйелі, төркіні найман, Төрегене- қатын да тұтқынға түскен екен. Темужін өзінің ұлы, болашақ екінші қаған Өкетайға қосыпты. (Бұл Төрегене – кейінде үшінші қаған болған Күйіктің
анасы және Өкетайдың мезгілсіз өлімінен соң, аралық кезеңде, 1241-1246 – тұтас бес жыл бойы регент – Еке Ұлысқа тежеусіз өкім жүргізген, бар тарихта мағлұм әйел.)
Бұдан соң Темужін Меркіт ұлысының шегіне бойлай енеді. Жорық жолы, Тар- мүрен дейтін өзеннің басында ұбас-меркіт көсемі Дайыр-Ұсұн алдан шығыпты. Соғыспақ емес екен. Қол қусырып, бағыныш білдіреді. Және
өзімен ерте келген Құлан есімді қызын Темужінге бермек ниетін танытады. Артықша сұлу, мінезі ашық, ақыл-парасаты да бірден аңдалған Құлан
Темужінге қатты ұнаған екен. Мәртебелі қатын ретінде қабыл алады. Сол мезетте әуелгі, бас бәйбіше Бөрте, кейінгі Есулін мен Есуген, оларға жалғас,
әзірше хан ордасына кіресілі Әбіке-бикеден соңғы, бесінші зайып. (Бірақ көп ұзамай-ақ, Бөртеден кейінгі екінші, шын мәнісінде бірінші орынға шығады.
Шыңғыс хан Құлан-қатынды айрықша жақсы көрген және бұдан кейінгі аттаныстарда, тіпті, ұзақ жеті жылға созылған Сартауыл жорығына да өзімен бірге алып жүрген.)
Темужін бұрынғы қуатынан айрылып, селдіреген ұбас-меркіт руын ұлыстың жаңа үлгісі бойынша, жүздік жүйемен бөлшектеп, тиесілі басшыларын
бекітіп, қарауына қабылдайды. Алайда, қыз әкесі Дайыр-Ұсұн көлігіміз кеміс, сауын мен сойыс малымыз аз, жағдайымыз нашар деген желеумен, әскер қатарына қосылмай, артта, ұғрұқ – яғни арбалы шаруашылық маңында қалады.
Ары қарай аттанған Темужін қару көтеріп, әр тарапта қарсы тұрған,
бытыраңқы меркіт руларын көп қиындықсыз-ақ ұйпалап жеңеді, удойыт-
меркіттің бір тобы бекінген Дайқал-қорған дейтін қаласын шабуылдап алады, сонымен қатар, мудан, төгеделін, жиын руларын ғұзырына келтіреді. Осыдан соң кері қайрылып, Алтай тарабына бет түзепті.
Аттаныс жолында Ойрат Құтұқа бек алдынан шығып, бағыныш танытады. Бұдан бұрын біріккен әлденеше майданда қарсы соғысқан. Алайда, Темужін өткеннің бәрін кешіріп, ойрат әміріне айрықша ықыласы түседі. Риза болмас жөні жоқ. Ойраттар Енисей – Кем-дарияның бастауы, Секіз-мүрен – Сегіз- өзен аңғарын мекендеген, түстіктегі қонысы найманмен шектес, алдағы заманда бүкіл Байкөл атырабын меңгеруге себесін ғана емес, баспалдақ
болатын жағдайы бар. Шынымен-ақ қалтқысыз боданға айналған Құтұқа жорық шеруіне бар әскерін қосып, өзі Алтайдың құз-шыңының арасы,
беймәлім сай-саласында жолбасшылық жасайды.
Міне, осы кезде Меркіт ұлысының өткенде бағыныш білдірген удойыт руы және, сыңайына қарағанда, мудан, төгеделін, жиын рулары да, оның үстіне,
өз еркімен бодандыққа кірген ұбас-меркіттер де жаппай көтеріліпті. Темужін ежелден кекті меркітке қатты қаһарланып: «Бұлар бағынышқа келгені үшін, біздің қол астымызда, бұрынғы жол-жорасымен ғұмыр кеше берсін деген
кеңшілік жасап едік, осыны көп көріп, бүлік шығарған екен!..» – депті. Енді біржола жаныштауды Борағұл-ноян мен баяғы Сорқан-Шираның үлкен ұлы Шымбайға тапсырады. Жазалаушы жасақ меркіттерді қырып-жойып, тірі қалғанын түгелімен тұтқындап, басқа тайпалардың арасына таратып
жібереді. Құлан-қатынның әкесі Дайыр-Ұсұнның тағдыры белгісіз. Сірә, келер жаздағы соңғы ұрыс – Қарауын-Қапшал бекінісінде қазаға ұшыраса керек.
Кейін Сартауыл жорығында аталатын мыңбегі Дайыр – мүлде басқа кісі, Керей Дайыр-бахадұр.
1204 жылдың соңғы айларында Темужін Алтай тауларының қойнауында жайбарақат аңшылық құрып жүрген Бұйрық ханға тұтқиылдан тиіп, қолға түсіреді һәм өлімге кесіпті. Рәшид-әд-Диннің куәлігі осындай. Әйткенмен,
Бұйрық ханның тағдыры дәп солай, кездейсоқта шешілді деп байыптау қиын. Осының алдында ғана туған ағасы Таян хан бүкіл әскерімен бірге қазаға ұшыраған. Осы ұрыста жеңіліп қашқан Күшлік ханзада пана сұрап келді, бар жағдайды жеткізді, қатер жөнін айтты. Бұдан соң, өз жұртынан пана таппаған Тоқта бек келді, ол да Темужіннің қарпымын танытуға тиіс. Қанша бейқам
болса да, қорғанысқа, ұрысқа дайындалса керек еді. Бірақ қайткенде де
Темужінге қарсы тұра алмақ емес. Әлде саятта, әлде тұтқиыл, шұғыл ұрыста басын жойды.
Сөйтіп, кеңшілік, кеніш заманда өзара сыйыса алмаған ағайынды Таян мен Бұйрық, біртұтас, қуатты Найман ұлысын екіге бөліп әкеткен, қиын күндерде өзара қолғабыс, көмек жайын ойламаған екі хан да сол, бастары қосылмаған қалыпта әр тарапта қазаға ұшырайды. Екеуінің араздығына әуелгі себеп
болған Гүрбесу-қатынды Таян ханның әлде әскерін қиратқан, әлде ордасын басқан күндердің бірінде Темужінге келтірген екен. Алдыңғы екі ханның
басын айналдырып, діңкесін құртқан атақты сұлу Темужінге оншама керемет болып көрінбесе керек. Қатын мәртебесін бермейді, құма – төсектес кәнизак ретінде ғана қойнына алыпты. Бұдан соңғы дерегі жоқ. Ал Бұйрық ханнан қорған тілеп келген Күшлік ханзада мен Тоқта бек соңдарындағы бар
жасағымен одан ары қашады. Дәрітай-отшыген ұрыс үстінде қаза тапса
керек. Алтан мен Құшар тірідей қолға түсіпті, тәрізі, рақым сұрап, бағыныш білдірген, алайда Темужін бұл жолы жібімей, екеуін де өлімге бұйырады.
1204 жылдан 1205 жылға қараған қыс айларын Темужін Алтай тауларының түстік бетінде өткеріпті. Әлбетте, жай ғана жатпаған, бейбіт жағдайға түскен, енді жаңа ұлыстың құрамына біржола қосылуға тиіс найман қауымын
тыныштыққа келтіреді. Жауланған, жат аймақ емес, үлкен ұлыстың алдағы
заманда ажырамас, құрамды бір бөлігі ретінде ұйыстырған.
Ерте көктемде Алтайдан ары асып, Бұқтырма өзенінің Ертіс-дарияға құяр сағасында Меркіт Тоқта бек пен Найман Күшлік ханзаданың біріккен
әскерімен беттеседі. Қарымы артық, қуаты басым Темужін меркіт–найман жасағын біржола қиратыпты. Ұрыс басталған сәтте алыстан атылған жебеге шалынып, Тоқта бек қазаға ұшырайды. Көп ұзамай-ақ жаппай қырғынға түскен меркіт, найман әскері түріле қашуға мәжбүр болыпты. Тоқта бектің ұлдары әкесінің сүйегін көтере кетуге мұршалары жетпей, жауда қалмасын деп, басын кесіп әкеткен екен. Сол беті, азды-көпті жұртымен тұпа-тура Батысқа – Қыпшақ даласына қарай төңкеріледі. Ал Күшлік ханзада майдан барысында Ертістің жағасына тықсырылған екен. Жан-жағынан жау қысқан опыр-топыр қарбаласта дарияға ат салады. Әскерінің көпшілігі суға кеткен, арғы бетке санаулы кісісімен ғана өткен Күшлік Жетісу – Қара-қытай хандығына бет түзейді.
Енді Темужін далайханның тұрғылас, ежелгі дұшпандарынан тек әлдебір шалғайда жан сақтап, тентіреп жүрген жалғыз Жамұқа-шешен ғана қалған еді.
Жамұқа-шешеннің ақыры
Темужін-Шыңғыс ханмен бақталас, тайталас, қанаттас, бәсекелес – қайткенде де терезесі тең, теңге жақын, тіпті, мәртебе, мерейі артық бұрынғы әмірші атаулыдан жалғыз Жамұқа ғана қалды дедік. Бұл кезде бар болса да жоққа
есеп. Әйткенмен, мүлде жоғы жақсы.
Бұл Жамұқа Шыңыс хан тарихындағы өзгеше жұмбақ адам саналады. Шын мәнісінде айтарлықтай жұмбағы жоқ, астары ғана бар. Кейбір зерттеушілерді сарсаңға салған, тіпті, теріс бағдарға нұсқаған шырғалаңның шешімі оңай.
Бар кілтипан «Қастерлі шежіреге» барып тіреледі.
Дау жоқ, «Қастерлі шежіре» – айрықша құнды мұра дедік. Шыңғыс хан
дәуіріндегі Еуразиялық номадтың рухани күш-қуатының, биік деңгейдегі сөз өнерінің көрінісі. Бірақ «Қастерлі шежіре» – деректі тарихи еңбек емес, тарихи деректерге құрылған көркем эпос. Белгілі бір дәрежеде, ортағасырлық тарихи роман дер едік. Және құрама шығарма. Бастапқы бөлігі
– ата-баба баяны. Рәшид-әд-Динмен салғастыра қарағанда, халық
санасында, жұрт аузында қалыптасқан кәдімгі (кейінгі қазақ пен қырғызда, ноғай мен башқұртта дәстүрге енген) ата-тек, ру-тайпа шежіресі. Бұған
жалғас, мазмұндық тұрғыдағы екінші бөлім – Шыңғыс ханның ата-анасының табысуы, өзінің дүниеге келуі және балалық шағының баяны. Қайталанбас, басқа ешбір ескерткіште жоқ мағлұматтар, тек белгілі мөлшерде «Жинақты тауарихпен» үндесіп жатыр. Есебі, түгел, немесе түгелге жуық шындық
ауқымында деген сөз. Бұдан соңғы, ең негізгі, орталық бөлім – Темужіннің ат жалын тартып мінгеннен хан тағына жеткенге дейінгі қилы хикаялары.
Романдық эпос, міне, осы арадан басталады. Шыңғыс ханға қатысты (тіпті,
жайлаған, қыстаған қоныстары, кеңес, құрылтай шақырылған, қанды ұрыстар болған жерлер, әр кездегі көш және жорық жолдары турасында) нақты
деректермен қатар, ел аузындағы әрқилы аңыз, әпсана, ұлы қағанның көзі тірісінде тарала бастаған қаһармандық және лиро-эпикалық жырлардың,
жекелеген толғау, мысал әңгімелердің жаңа қалыпқа түсіріліп, жинақталған әрқилы нұсқасы. Сырттай жүйелі көрінгенімен, ешқандай хронология сақталмайды, алғы оқиғалар мен кейінгі оқиғалар астасып, алмасып жатады, ертегіге ұқсап кететін тұстары тағы бар. Осы орайдағы таң қаларлық бір
жағдай – Шыңғыс ханға қатысты әрқилы, тіпті, қарама-қайшы көзқарастар сол қалпында бір арнаға тоғытылған. Әлбетте, кейінгі заманда Тәңірінің
тікелей алқауымен, нұрдан жаралған ғажайып тұлға деп танылған Шыңғыс ханға өз кезіндегі, әсіресе Азамат соғысының тұсындағы көзқарас бірыңғай болмаған. Енді Шыңғыс хан дәуіріне арналған үлкен эпосты құрастырушы, нақтылап айтсақ, әуелгі нұсқалаушы және кейінгі түзетуші, үстемеші
даңғылдар бастапқы көркем үлгілердің барлығын ортақ идея, бірегей арқау бойына жымдастыра алмаған, немесе, қажет таппаған. Осының нәтижесінде, көп ретте Шыңғыс хан бейнесі екіұшты болып шығады: кейде қоянжүрек қорқақ, кейде жүрекжұтқан батыр, бірде рақымсыз зұлым, бірде кеңпейіл
ізгі; керек десеңіз, Шыңғыс хан мүлде дарынсыз қолбасы, сәтті ұрыстардың барлығы да төңірегіндегі ақылман серіктерінің нұсқауымен ұйымдастырылады және жаужүрек ноян, бахадұрларының арқасында
жеңіспен аяқталады. Осы ретте, Шыңғыс ханның бала кездегі андасы, кейінгі бітіспес дұшпаны Жамұқаның тұлғасы да екідай болып шыққан. Әуелде
айныма, аяр, зәндем, кейінде ізгі, адал, тұрлаулы тұлға. Ақыр түбінде Шыңғыс ханға қарсы күрескер емес, оның жау жағындағы ең үлкен
жанашыры. Жинақтап айтқанда, жағдай мен замана құрбаны, трагедиялық кейіпкер.
«Қастерлі шежіредегі» Шыңғыс хан бейнесін ежелгі (мәселен, «Илиада»,
«Махабхарата» тұрғылас) ұлы эпос атаулыға тән, тірі пендені барлық қалтарысымен көрсететін кең өріс нәтижесі деп бұлдыратуға болар еді, бірақ Жамұқаның жағдайы ешбір сын көтермейді. Біз алдыңғы бір тарауда Оң хан мен Темужіннің (және «Жинақты тауарихта» түсіп қалған Жамұқаның) 1187 жылғы, Меркіт ұлысына қарсы жорығының осыдан төрт-бес жыл бұрын
өткерілген, Бөртенің тұтқындалуына қатысты оқиғамен астасып кеткенін, бұл
– кейінде шыққан «Темужін мен Бөрте сұлу» тақырыбындағы дербес лиро- эпостың сол қалыбында «Қастерлі шежіреге» енгізіле салған нұсқасы екенін дәлелдегендей болдық. Батыс пен орыстың, тіпті, жапон мен қытайдың білгір тарихшыларының өзі осы қалпында, шындық ретінде қабылдаған. Қасында қару көтеруге жарайтын екі інісі ғана бар, жалғыз ат, жалаң қылышты
Темужін қалайша Керей ұлысының Оң ханымен және Далалық тайпалардың танымал көсемі Жамұқамен теңдес болып шықты, тұтас бір түмен әскерді қайдан жасақтады деп бастары шатылған. Бірақ «Қастерлі шежіренің»
ертегісіне қалтқысыз сенген. Өйткені, білгірлігіне күмән жоқ бұл тарихшылардың ешқайсысы әдебиет зерттеуші, фольклорист емес. Халықтық эпос атаулының, тіпті, тарихи негіздегі көркем романның өзінің жанрлық
өзгешелігі болатынын білмеген. Сондықтан да Шыңғыс хан өміріндегі айрықша бір кезең, оның ғұмырбаянына қатысты төтенше жағдай күмәнді бұлдырға айналып, мүлде теріс ұғым қалыптасты. Жамұқаның жайы да дәп осы орайды.
Кезінде Шыңғыс хан турасындағы қаншама жыр, аңыз, тарихи әңгімелермен қатар, оның негізгі бақталасы, әйгілі қолбасы, дербес байрағының астына
жарым сақара топталған гөрхан Жамұқа жөнінде де әжептәуір әңгіме, жыр туындағаны аңдалады. Бірақ қаншама жұрт үміт артқан қаһарман сәтсіздікке ұшырады, Оң ханның көлеңкесінде жүрген, әуелде жұпыны көрінген
Темужіннің мерейі үстем шықты. Енді... жеңілген Жамұқа Шыңғыс ханның бала кезінен тілек қосқан адал досы, анттас, қарулас андасы ретінде
қайтадан қалыптанады. Жамұқа әлденендей бір амалсыздың күнімен қарсы бетте жүрсе де, үнемі Темужінге тілектес. Хан-әке мен өкіл-баласының арасына от жағып, Оң ханды бар әскерімен Темужінді біржола құртуға бастап әкеліп тұрып, андасына сөз салады, жауының барлық құпиясын ашып береді. Найман Таян ханды да Темужінге қарсы аттануға көндіріп, тағы да шешуші ұрыс алдында бар әскерімен тайқып кетеді және айнымас андасына сырттай көмектесіп, жау қатерін асыра суреттеп, одақтас ханның зәресін ұшырады; мұны аз десеңіз, майдан алаңынан кетіп бара жатқанда тағы да Темужінге
сәлем айтып, Таян ханның барлық жағдайын әйгілеп береді. «Қастерлі шежіреде» Жамұқаның нақты ісі және соған орай Темужін көзқарасы –
Жамұқаның кейінгі қарекеті мен айтқан сөзіне қарама-қайшы шығып
жатады. Л.Гумилев тұтас концепция құрған, басқа да бірталай тарихшыны адастырған «құпия», міне, осындай. Шын мәнісінде бәрі де оп-оңай.
Жамұқаның жоспарлы қаскөйлігі – зайыр, айғақты, бұған басқа да әйгілі мұралар – «Әулие жихангер» мен «Юань ши» және Рәшид-әд-Диннің атақты тауарихы нақты куәгер. Ал сол жымысқы шаруасына қарама-қайшы қимылы мен лепесі – эпикалық жыршының қиялынан туған, дерексіз және көзі қарақты зерттеуші бірден аңдайтын жапсырма. Бұл – мана айттық, Жамұқа- шешен турасындағы, өз заманында сақарада кеңінен тараған эпикалық
дастанның бастапқы қалыбын өзгертіп, «Қастерлі шежіре» құрамына кіріккен көрінісі. Бұрнада Шыңғыс ханмен тайталасып, қаншама заман қарсы
күрескен Жамұқа, ендігі ұлыстық идеология бойынша, екіжүзді, аяр бірдеңе болып шықты, сондықтан әуелде халық қаһарманы ретінде дәріптелген Жамұқаны жартылай болса да ақтап алу қажет екен. Басқалар емес, баяғы
гөрханға бүйрегі бұрыс топтың өкілі, кезекті бір өңдеуші тарабынан.
Жамұқаның қазасы төңірегіндегі қарама-қайшы екі дерек те осы екі тарап жағдайдың нәтижесі. Көпшілік жұрт ден қоятын, тіпті, Шыңғыс хан
турасындағы әрқилы, қаншама кинофильмнен көрініс тапқан әсерлі хикаядан басталдық.
Әуелі азғана, дәйектеме дерек.
Жамұқа қантөгіс Нақу-коң ұрысы қызбай тұрып, майдан даласынан шығып кетті. Қарауындағы әскер саны туралы нақты дерек жоқ. Қайткенде де қомақты жасақ. Өйткені, алдыңғы соғыстар кезінде айтарлықтай шығынға ұшырамаған. Нақу-қоң қырғынынан түгі қисаймай аман өтті, одан бұрынғы, 1202 жылғы Күйтен шайқасына кешеуілдеп келді және ұрысқа түспей, кері
шегінді – Жамұқа барлық уақытта да басқаның қолымен от көсеп, өзінің жеке жасағын бүтіндей сақтап қалуға тырысып отырған. Бұл екі атақты майдан аралығындағы екі жыл орайында Керей ұлысы қирады, ал Жамұқа
дүрбелеңнен тыс, өз жұртында отырды, ешқандай көлденең апатқа
килікпеген. Яғни, Таян ханды тастап шығарда байырғы жасағы түгел, немесе түгелге жуық. Жиыны қанша жауынгер? Әлбетте, баяғы, 1201 жылы, жарым сақараның әміршісі гөрхан болып көтерілген кездегі қалың қол жоқ. Әуелде жарлұқ-қоңырат пен қоралас кеткен. Осыдан кейін Жамұқа билігінен
бұрнада бас тартқан қуатты төрт тайпа – қатаған, салжығұт, дүрбен және алшы-татар, Таян хан талқандалған ұрыс нәтижесінде Темужіннің аяғына
жығылды. Сонда, Жамұқа-шешеннің туы астында – жүрият, тайжуыт, нұяқын, барлас, икерес-қоңырат және ұрұт пен барынның әлдебір бөлшектері ғана қалды дейміз. Әйткенмен, жалпы қарасыны біршама болуға тиіс. Түменге
жетпес, бәлкім, жеті-сегіз мың, кемі төрт-бес мың. Кең даланың қай тарабында болса да жан сақтауға себісін.
Найман одағын талқандағаннан кейін, әр тараптағы қарсылық ошақтарын біржола басу үшін Меркіт қонысына, одан соң Алтай-Ертіс тарабына жорық жасаған Темужіннің осы екі аралықта Жамұқамен қақтығысы туралы нақты мағлұмат ұшыраспайды. «Қастерлі шежіренің» айтуынша, Найман мен
Меркіт біржола қирағаннан соң, Жамұқа да өз ұлысынан айрылады. Қалай айрылды – жұрты өзінен-өзі тарап кетті ме, әлде төтенше, соғыс жағдайынан соң ыдырады ма – ол жағы дәйектелмеген. Ал «Жинақты тауарих» осы соңғы
жолы да Жамұқаның Шыңғыс ханнан жеңіліп қашқанын айтады. Яғни, үлкен бе, кіші ме, қарулы шайқас болған. Бұл, қайталап айтайық, Нақу-қоң
ұрысынан кейінгі жағдай. Темужін өткендегі, бар күшінен айрылған қарсыластарын енді мүлде зиянсыздандырып, түбегейлі тапап жатқанда, соңында біршама әскері бар, атақ-дәрежесі зор Жамұқаны бетімен
жібермейтін еді. Алайда, бар жасағы тоз-тоз болған, ел-жұртынан біржола айрылған Жамұқа санаулы ғана нөкерімен аман қашып құтылады.
Енді, Жамұқа тағдырының ең соңғы түйіні турасында, мана айтқанымыздай,
«Қастерлі шежіреде» келтірілген хикаяны байыптайық.
Ұлысынан қуылған, барар жері қалмаған Жамұқа-шешен, қасында небәрі бес-ақ нөкері бар, Таңлұ (қазірде Тыба шегіндегі Танну-Ола) тауында аң
аулап жан сақтап жүр екен дейді. Бірде арқардың құлжасын атып алып, етін отқа қақтап отырады. Сонда Жамұқа: «[Құла дүзде] арқардың етін азық қылып [тентіреп] жүрген кімнің ұлы?» – депті. Өткенге нала, бүгінге қайғы. Елден безген, иендегі ауыр тіршіліктен шыдамы таусылған бес нөкер Жамұқаны бас салып байлап алып, Шыңғыс ханның алдына әкеледі. Темужін Жамұқамен бірден көріспесе керек. Сонда Жамұқа ежелгі андасына сәлем айтады: «Көкмойын үйрек қара қарғаға тұтылды, қарашы құл хан-иесіне ұмтылды – хан-анда, кімді қалай жарылқайсың? Құладын көк ала үйрекке шүйілді, қызметші құлдар хан-иесін кіріптарлыққа бұйырды – хан-анда,
әкесін өлтіргенді қалай жебелейсің?!» – депті. Бұл сөздерді естіген Шыңғыс хан: «Өзінің тума әміршісіне сатқындық жасаған кісілердің жер басып жүруі ақылға сыймайды. Мұндай сұмырайлар кімге опа бермек!» – деп, манағы
бес нөкерді Жамұқаның көз алдында өлімге тартыпты және осы бесеуінің де тұқым-тұяғын түгел құртуға жарлық беріпті.
Осыдан соң Шыңғыс хан Жамұқамен жүздесіп, риясыз әңгімелеседі. Өткен өмірді, жақсы күндерді еске алыпты. Жамұқаның әр кезде өзіне жасаған, осы
«Қастерлі шежіреде» ғана айтылатын, қызмет, көмегін атап көрсетіпті. Жолымыз айрылса да, барлық уақытта маған дос пейілде болдың дейді. Ақыры, үлкен ұлыстың қатарлас әміршісі, бейнелі тілмен айтқанда, «арбаның екінші дәртесі» болуға ұсыныс жасайды. Жамұқа да арыла сөйлейді. Бала
кезімізден қалтқысыз дос едік, бізді қастас, екіжүзді кісілер айырды. Сенің мына жанашыр, ақ-адал сөзіңнен соң менің қызыл бетімнің бір қабат терісі сыдырылып түскендей. Бұрынырақ, қажетті кезінде қайта табыссам керек еді. Амал не, уақыты өтіп кеткен. Сен төңірегіңдегі қаншама патшалықты
бағындырдың. Енді, алдыңа бүкіл әлем бас ұрып тұрған кезде менің достығымның саған керегі қанша. Түнде түсіңе кірермін, күндіз көңіліңе көлеңке келтірермін. Жағаңа жабысқан жегі, етегіңе қадалған шөңге
болармын, дейді. Темужіннің кемеңгер анасының атына, білікті інілерінің
атына, қолбасы батырларына, олардың азбан күлік тұлпарына қарата қаншама мадақ айтады. Ақыры, «мені тезірек шығарып сал», жалғыз-ақ
тілегім – қаным төгілмей өлсем, дейді. Өтүкеннің биігіне жерле, менің жер жастанған мүрдем мәңгі-бақи сенің ұрпақ-зәузатыңды қорғап, қолдап
жатады, депті. Шыңғыс хан ескілікті андасының азалы тағдырына қаншама қайысқанымен, соңғы тілегін орындайды. Қан шығармай өлтіріп, құрметпен жерлейді.
Айттық, кейінгі заманда, тіпті, Шыңғыс хан жер-әлемге қанат жайған кезде, жолай қосылған, сентимент, романтикаға толы, жұпыны көңілге әсерлі, қайткенде де қисынсыз ертегі. Әлбетте, Жамұқаның құрметті өлім тілеуі – ықтимал жағдай. Сол замандағы ескілікті бір ұғым бойынша, адамның
барлық құты – қанында деседі. Қан шығармай өлу – арман, тілек екен. Алайда, әдепкі жағдай – майданда ерлікпен қаза тапқан батырдың қаны өзімен бірге кетпейді. Тәрізі, бұл ұғым – бейбіт күндерге ғана тиесілі болса керек.
Рәшид-әд-Дин тарихында да Жамұқаға құрметті өлім бұйырады. Бірақ мүлде басқаша зауал. «Линчи» – қидан рәсіміндегі ең қатал, әрі «мәртебелі» ажал – бұтарлап шабу. Дала жұртына баяғы Тоғыз-татар заманынан белгілі, кезінде Ләуо астанасында Моғұз далайханға қолданылған айрықша жаза.
Ұлысынан біржола айрылып, аулаққа қашқан Жамұқаның ең жақын туыс, серіктерден құралған алпыс адамы бар екен, дейді «Жинақты тауарих».
Бейбақ гөрханды ұстап, Шыңғыс ханның алдына әкелген соң, тең жарымы – кінәсі ауыр деп табылған отыз нөкер жазаға тартылады. Қалған отызын өзінің ғұзырына қабылдайды. Бұлардың ішінде әуелде тайжуыт тобында болған,
Далан-Балжұтттан соңғы дүдәмал кезеңде Темужінге септескен, кейінде
жақын аталасы Жамұқаға қосылып, онымен ең соңғы сәтке дейін қолдасқан Ұлұғ-бахадұрға рақым ғана емес, марапат жасалады. Ал ханымен қатар ұлысынан да айрылған жүрият руы туыстас басқа тайпалардың арасына таратылып жібереді.
Қайткенде де, бірбеткей, турашыл Темужін екіжүзді, аяр және барлық уақытта да, көбіне мүлде күтпеген жамандық жасап келген, Рәшид-әд-Дин
«тума табиғатынан іші тар зәндем, сұрқия зұлым, ұждансыз мекер» деп сыпаттаған Жамұқаны айрықша жек көруі, тіпті, оның бар ісінен жиренуі
күмәнсіз. Бірақ арасы ажырап кеткенімен, бір кездегі анттас анда. Сондықтан өз ордасында жазаға тартпайды. Осымен қатар, кесімді үкімін де
өзгертпеген. Кіші інісі, өткендегі қан майданның бірінде қазаға ұшырап, мезгілсіз кеткен Қашығұнның ұлы, өзі айрықша жақсы көретін бауыр
Елжідай-ноянның қолына тапсырады. Үй-жайы, дүние-мүлкі, қоңсы-қолаң,
аяқты малымен бірге. Таралымға түскен жүрият тобынан бір жүз аламанды тағы берген.
Жамұқа-шешеннің үкімі бірнеше күннен соң орындалады. Жазасын естігенде Жамұқа қаймығып, тайсалмады дейді. «Егер Тәңірі жар болып, жеңіске
жетіп, қолыма түссеңдер бәріңді де бұтарлап шабар едім, Көктің ықыласы сендерге ауды, енді мені аямай, тезірек кескілеп өлтіріңдер!» – деген екен. Аяқ, қолын шабарда, әрбір ретте «Міне, мына жерден!» – деп, өзі нұсқап отырыпты. «Әсте қорықпады!» – деп жазады Рәшид-әд-Дин.
«Линчи», қидан жорасымен бұтарлап шауып өлтіру – осы реттегі, далалық жұрт арасында көрінетін жалғыз мысал. Сондықтан Жамұқаның дәп осылай жазаланғанына күмән айтуға да болар еді. Анығында, Шыңғыс хан заманы, номад рәсімінде әлденеден кінәлі мүскіннің, тіпті, қайрылмас ажалға
кесілген дұшпанның жанын қинау, алдын-ала азаптау әдеті жоқ. Жамұқа- шешенді, басқа да ұлық тұлғаларға қолданатын қалыпты жаза бойынша, қан шығармай, киізге орап, тұншықтырып өлтірді деп шамалар едік. Әлбетте,
«Қастерлі шежіре» баяндаған толғаныс, екі жақты өкініш пен дағдарыссыз.
Қалай десек те, Жамұқаның ақыр түбінде Темужін тарабынан өлімге ұшырауы анық. Гөрханның қазасынан соң, кеңбайтақ сақарада далайханға қарсы күреске шығар көрнекі тұлға қалмаған. Тұлға табылса да, оның соңынан ертетін жұрты жоқ еді.
Ұзақ он бес жылға созылған, бүкіл түрік-татар қауымына қисапсыз қырғын
әкелген Азамат соғысы аяқталды. Тынымсыз қан-майданға толы Шыңғыс хан тарихындағы ең ауыр, алмағайып, алапат ұрыстар артта қалды. Темір өзек
Темужін – сайыпқыран Шыңғыс хан бүкіл Татан Даласында жеке-дара,
тәуелсіз және тежеусіз билікке жетті. Ең бастысы – даңқты Ғұн шаңғұйлары мен ержүрек Түрік қағандарының дәуірінен соң, арада бұлдыр-бұлыңғыр, аумалы-төкпелі үш жарым ғасыр, ұзақ уақыт өткенде Ұлы Дала қайтадан ұйысты. Күш-қажыры да, қарым-құлашы, ақыл-парасаты да бағзы
бабаларынан кем түспеген, көп ретте озық туған Шыңғыс хан қуатты, құдіретті жаңа ұлыстың шаңырағын көтеріп, іргесін бекемдей бастаған еді.
Бірінші Таңғұт жорығы
1205 жылы көкек айында, Алтай-Ертіс жорығынан соң, Темужін далайхан қалың қолын таратпаған қалпында, Си Ся – Таңғұт патшалығына басып кіреді.
Соңғы әлейім-тәлейім заманда Таңғұт шегі тыныш болған. Әйткенмен, Дала жұртының ежелгі дұшпаны әр кезде, әрқилы мінез көрсетіп тұратын. Кезінде Цзубу – Тоғыз-татар ұлысының Қидан империясынан жеңіліске ұшырауының бір себебі – осы, ту сырттан келіп тиген Таңғұттың кеселі болатын. Арада жүз жыл уақыт өтті, жазба тарих жоқ, бірақ ол заманда атадан балаға өткен ауызша әңгіме, естеліктер, халық жады ешбір таңбалы құжаттан кем емес (мәселен, қазақ санасындағы, қалмақтан көп бұрынғы қызылбас). Қайткенде де Түз жұрты үшін Таңғұт арыдағы Қидан, бүгінгі Шүрженге жалғас қатерлі дұшпан саналатын.
Біріккен үлкен ұлыстың бар ғұзырын қолына алған Темужін көшпенділер қаруының салмақ-күшін ең алдымен осы Таңғұт тарабында байқап көрмек болады. Ендігі замандағы барлық соғыс тек сырт жауларға қарсы
бағытталады демек және ұжымды күш қандай нәтижеге жеткізерін көрнекі түрде, нақты әйгілеу қажет еді.
Таңғұт жұртының солтүстік-батыс шекарасынан өткен Темужін кең далада
көлденең шыққан, жекелеген таңғұт қосындарын қирата ықтырып, аумақты, әрі бай Лигили қаласына жетеді. Қамалы мейлінше берік еді, алайда Шыңғыс хан толық қоршауға түсірген соң, көп ұзамай-ақ басып алды, деп жазады
Рәшид-әд-Дин. Ұрыс тәсілдері турасында айтылмаған. Лигили – Шыңғыс хан заманында көшпенділер жаулап кірген жат жұрттық алғашқы бекініс.
Бұрнада шүрженнің, таңғұттың қандай да бір қаласы дала жауынгерлерін қабырғасынан асырмас, тас абақ болатын. Сірә, сондықтан да және келешек қайыра шабыста бөгесін болмас үшін, қорғаныш қамалды ірге тасына дейін талқандап, біржола құлатып кетті дейді. Бұдан әрі әуелгіден де үлкен Клин- Лоши қаласына кезек келеді. Көп ұзатпай оны да жеңіп алып, түгін қалдырмай тонап, әбден үптейді. Темужіннің қалың қолы Ұлы Даламен
шектес өңірдегі екі үлкен тірек шаһардан соң, қанатын жайып, Таңғұт патшалығының тағы біраз жерін жайқап шығыпты. Межелі уақытында қайыра жинақталып, бас байрақ астына топталады.
Қалың әскер елге қайтар жолында Тұр-Қорғанның иіле созылған орталық тармағын жанасалай өтуге тиіс еді. Көшпенділердің төтенше шапқыны турасында хабарланып отырған Шүржен орта жолдан тұту үшін мол әскер шығарған екен. Тұр-Қорғанның базарлы, дулы Датұң қаласына бастайтын
бекініс-қақпасы есепті Ушаупау қамалының тұсында дүрсе шабуыл жасайды. Солтүстік Қытайды ғұзырына қаратқаннан бергі тоқсан жыл бойы үнемі өктем болып келген Цзинь қосындары әдеттегіше, көшпенділер шерігін тоздыра талқандамақ және қисапсыз олжаға кенелмек. Алайда бұл – өзге бір заман, ақыр түбінде әйгілі, жауынгер империяны біржола құлатқан жаңа дәуірдің
бастамы болатын. Шүржен мұқият дайындалып, сайма-сай тосып отырған, ал
көшпенділер мұншама көлемде күтпеген жөнекей шайқастың қалай
өткерілгені, қаншаға созылғаны турасында бажайлы мағлұмат жоқ. Анығы – өзіне сенімді, өркеуде шүржен әскері қирап жеңіледі. Мал тұрыпты, бас қайғы. Ұрыстан аман қалғаны тым-тырақай қашып, тас қорғанның тасасында жан сақтаса керек.
Бұл кезде әуелгі, дүркін соққыдан ес жиып үлгермеген Таңғұт патшасы Тоба Чюнь-ю, сарай алпауыттарының осыншама масқараға байланысты
наразылығы нәтижесінде асығыс әскер топтап, өздері иттен бетер кемшін санайтын “дүңгене татарлардың” соңынан аттандырған екен. Қуып жетер ме еді, жетсе не болар еді – барлық түйін орта жолдан шешіледі. Таңғұт
барлаушылары кешелі-бүгін ғана айбынды Шүрженнің қарақұрым қолы Тұр-
Қорған түбінде пұшайман болғаны туралы хабар әкеліпті. Енді дүдәмал
әрекеттен ештеңе шықпасына, бәлкім, әуелгіден де үлкен апатқа ұшырау мүмкіндігіне көздері жеткен таңғұт қолбасылары ат басын тартып, бар
әскерімен өз жұртына оралады.
Шыңғыс ханның жат жұрт тарабындағы алғашқы жорығының негізгі мақсаты
– байқастау болатын. Және, өткендегі жиырма жылдық сүргін, бұлағай дәуірде әбден күйзелген, көпшілік қауымы кедейшіліке ұрынып,
жоқшылықта күн кешіп жатқан жалпы жұртының аузын майлау қажет еді. Бағзы замандағы барлық соғыстардың, тіпті, ХХ ғасырдағы, күні бүгінгі қақтығыс-майданның негізгі бір мақсаты – мемлекеттік қауіпсіздікпен қатар, олжа-түсім, әрқилы кейіптегі заттық байлық болғаны және болып жатқаны ақиқат шындық. Шыңғыс хан да осы орайда қимылдапты. Шамасы екі-ақ ай, мамырдың орта шеніне дейін ғана созылған жеңісті, келте жорық
нәтижесінде Темужін далайханның ұлысы тем-табыс, албан-олжаға шаш етектен батады. Қаншама кіріптар тұтқын, әрқилы азық-түлік, дүние-мүлік үстіне, мыңғырған қара малға ие болыпты. Оның ішінде келе-келесімен
айдап қайтқан түйеде қисап жоқ еді дейді. Түйе сақарада бұрын да бар, бірақ тым сирек болса керек. Енді Ойсыл-қара тұқымы Дала жұртындағы негізгі төрт түліктің біріне айналыпты. Ең бастысы – күні кеше ғана қырық ру болып, бет-бетімен жатқан, қаншама ер болса да, Таңғұттың төтенше шапқынына,
Шүрженнің түбегейлі зорлық-зомбылығына қарсы ем таба алмаған Дала
жұрты енді біріккен жаңа ұлыстың дәрмен-қуаты еселеп күшейгеніне куәгер болды, ат үстінде өскен номадтың менмен көңілі өзінің айрықша артықшылығын түйсінген берік сенімге ұштасыпты. Басы қосылып, жаңа ғана ұжымдасқан көшпенділер алғашқы аттаныстың өзінде сол замандағы қуатты, ұлы империя – Таңғұттың сағын сындырды. Төтенше ұрыста, бұрын, қаншама заман басым болып келген Шүрженнің қалың қолын қиратып жеңді. Еңселі, ержүрек қауымның бар ісі оңға бұрылғаны айқын аңдалған.
Бүкіл Еуразия құрылығында Шыңғыс хан дәуірі басталды.
Жаңа, алып мемлекет, бұрынғы-соңды жиһан патшалықтарының бәрінен де зор, бүтін адамзат тарихын басқаша қалыптаған, атақ-даңқы жер-дүниені тітіренткен әлемдік империя – Еке Моғұл ұлысы бой көтеріп келе жатқан.
Екінші кітап, 1-бөлімнің соңы. 20.VII.2011 – 6.III.2012,
Прага.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter