01.05.2021
  237


Автор: Бейімбет Майлин

Қызыл жалау. Кен құшағында

(Романнан үзінді)


— Қойшығара, уа Қойшығара!.. Қойшығара деймін, боламысың? — деген дауыс алдыңғы бөлмеден зыңқ етті.


— Қазір, қазір, — деді Қойшығара қарбаңдап белбеуіне жабысып.


Бозарып атқан таң сәулесі үй ішін бұлдыр ғана жарық қылып, қарбалаңдап киініп жатқан Қойшығараның бет әлпетін айқын көрсетпейді. Пешпен қатарластыра салған төсек қарауытып үйдің бірсыпыра жерін алып жатқан секілді. Сол төсектің орта жерінде көйлегі ағараңдап бір әйел отыр. Басына жамылған жаулығы обырап мұның да бетін бүркеп көрсетпейтін секілді. Әйелдің маңында тойған қозыдай томпиып, таңғы ұйқыға маужырап жатқан жас балалар, анау-мынау дауысқа елең етіп оянар емес.


— Амандық болса, жазға қарай бір келіп кетермін... Жалғыз мен емес, талайлардың бас қосқан жері көрінеді ғой, — деді Қойшығара белбеуді буынып жатып.


— Келме, келме... Менде жұмысың болмасын, білдің бе?!


— Қой-ау, Әмине... Е, сен... Тап осы жолы шатақ шығармай-ақ... Жөнсіз жұмысқа өзім де желікпеймін ғой... Нұрышжанның бетінен иіскейінші, үй жаман неме!— деп беті болпиып жатқан таңқы мұрын қара балаға төне беремін дегенде, Әмине кенет қозғалып, Қойшығараның кеудесінен тіреп жібермеді. Қойшығара ызаланып па, қорқып па жүрегі кенет мұздай қалтыранған секілденеді. Өжеленіп балаға ұмтылмады. Бұл не сұмдық! — дегендей боп Әминеге қарады. Көзге көз қадалды: Әминенің көз жанарында тасқындаған сайдың суындай лықсып тұрған мөлдір жас еді. Бірақ ол өзін-өзі мүжіп, сол жастың бір тамшысын тамызбасқа сертпен отырған адам тәрізді еді.


— Өй, Әмине-ау, мұның не?


— Балада жұмысың болмасын! Бала да, қатын да табылар онда...


Қойшығара сүйретіліп тұрып, ауыр күрсініп, есікке қарай беттеді...


...Бұдан екі күн бұрын колхозшылардың жалпы жиналысы болып, ауданнан келген өкіл баяндама істеді. Қарағанды дейтін өндіріс орнымыз бар, қазақ пролетариатының бесігі... Колхозшылардың ішіндегі ең жақсы деген екпінділерді шартпен сонда жіберуіміз керек! — деді.


— Е, ол қалай? Жақсы екпінділерімізді өндіріске береді екеміз, колхоз жұмысын сонда кімге істетеміз? — деді Қаламбай шатынап.


— Ширетпен сөйлеңдер, бәріңе де сөз берем. Қаламбай, сен күте тұр... Қане, кім сөйлейді?.. Ау, екпінділер, ал, қане, ия... — деп Таңқыбай тұмсығын қоқитып, басы бір жағына қисайып, алдындағы үстелді аударып жыққандай боп асып-сасып орнынан тұрды.


Әйелдер жағының бірсыпырасы күбір сөзді күлкіге айналдырып, жиылыс үшін емес, осы Таңқыбайдың отырыс-тұрысын, сөзін бақылап, соған ішектері түйілгенше күлу үшін жиналған адам секілденіп отырды.


Жұрттың бөгеліп отырғандығын пайдаланып сөзді Қаламбай алды. Басқарманың үстелінің бір жақ бұрышына сүйене тұрып термен баттасқан елтірі бөрікті бастан сыпырып, оны Әбілмәжін хатшының қағазын бастыра қойды. Сол қолымен бүйірін таянды. Оң қолымен мұртын сипады. Сөйтті де, жұртқа қарап жымың-жымың күлді.


— Ау сөйлейін бе, жоқ па?


— Е, мұның қашанғысы емес пе?..


— Қайбір сөйлегісі келіп тұр дейсің, мазаққа шығып тұр да.


— Қадірлі жолдастар! — деді Қаламбай шалқая түсіп. — Біз надандықпен түсінбейміз, болмаса, жаңағы өкіл жолдастың әрбір сөзі мың алтынға татырлық емес пе?!.. Қадірін білу деген қайда? Партиямыз, үкіметіміз өз тілімізде түсіндіріп отыр. Не арман бар?.. Айналайын үкіметтен. Мен өзім осы кеңес тұсында көзімді аштым... Әбіш-ау, сен тыржыңдама, шаңқан тұқымынан басқаның саған бәрі құбыжық.


Таңқыбай үстелді тақылдатып Қаламбайдың сөзін бөлді.


— Ол сөзіңізді кейін айтарсыз, отағасы, мына жұмысқа байланысы жоқ оның... Қане, тағы кім сөйлейді?


— Қаламбайдың барғысы келіп тұрған шығар, сұрау керек өзінен, — деді кейінгі жақтан біреулер.


Қаламбай естімегенге салынып, үстел басынан тезірек жөнелді.


Бұдан кейін екі кісі шығып сөйлеп, олар еңбек күндерінің дұрыс жазылмай жүргендігін, жаз бойы жөнді еңбек сіңірмей келіп, авансты еңбек сіңіргендермен бірдей алып отырғандардың барлығын, тағы сондай кемшіліктерді айтып шықты.


— Мәселен айтайық — ол кім? — деп біреу сұрау беріп еді сөйлеуші кісі шіміркенбестен:


— Мәселен ол — Қаламбай сияқты жолдастар, — деді.


Жұрт дабырласып, кеу-кеулесіп, бірсыпырасы Қаламбайды ақтап, бірсыпырасы боқтауға кірісті. Қойшығара тап осы кезде орнынан тұрып, қолын көтерді.


— Ал, Қойшығара сөйлейді. Ал, Қойшығара, сөйле, сөйле! — деді Таңқыбай аптығып.


Қойшығара орнында тұрған күйі:


— Менің сөзім жоқ, өкіл жолдастан сұрау — деді. — Ол сұрауым мынау: өкіл жолдас, екпінділерді өндіріске жібергенде өндіріспен шартты кім жасайды? Колхоз басқармасы ма, әлде барушы екпіндінің өзі ме? Бұл бір. Екінші сұрауым — баратын екпінділер өздері тіленіп жазыла ма, әлде сен барасың деп колхоз басқармасы жіп таға ма?..


Бұл сұрауларға өкіл толық қып жауап берді.


— Түсіндім. Мені жазыңдар, барамын! — деді Қойшығара. Жұрт алақан ұрды.


— Өй сорлың, бәсе!


— Манадан бері не ғып қызбай отыр деп ем-ау.


— Бұл барса, қиратып-ақ жіберер... Ә, Жетпіс, сен бірдеме дейсің бе?


— Желөкпелікке салды-ау деймін.


— Рас, ұшқалақтығы да бар-ау, ә?..


— Атақ сүйгіштігін айтсайшы...


— Оның да рас...


Қатар отырған жұрттың шынтақтары түйісіп, иықтары тиісіп, ауыздары жабысып, күбір-күбір сөз. «Өрнек» колхозындағылардың осы мінездерін көргенде Қойшығара жарылып өле жаздайды. Биыл райком хатшысы келетінде осы колхоздан кетемін деп Қойшығара шынымен-ақ айтып еді-ау. Райком хатшысы бір жағынан ұрсып, екінші жағынан ақылын айтып, осы колхозды жөндес деп бірсыпыра міндетті осы Қойшығараға да жүктеп кеткен ғой. Ол бір ұзақ сонар әңгіме, тек әшейін мынадайда ойға түсіп кете беретіндігі...


— Өкіл жолдас... Әлгі өкілі қайсы еді? — деді қара торы әйел ербиіп орнынан тұрып.


— Менмін, жеңгей, менмін! — деп үстел басындағы шиқан бет сары жігіт көтеріле түсті.


— Өкіл жолдас сен болсаң, әлгі «барамын» деген кісіні жазба! Қайдан барсын, бара алмайды... соншама жерге жалғыз барып... Ел-жұрттан безіп жүрген кісі емес ол... Өшіріп тастаңыз!..


Сыбыр әңгіменің бәрі тоқталып, шынтақпен түртісудің үлкені енді басталды. Самсаған көз әлгі әйел мен Қойшығараның үстінде болды.


— Е бәсе, неғып бола қалды деп ем... Қатынымен ақылдаспай айтып отыр екен ғой.


— Қан жауғыр Әмине-ай, жанды жерден ілесің-ау, — деп Қаламбай сылқ-сылқ күлді.


— Ерегістірмеңдер Қойшығараны!


— Онда қайтеді дейді?


— Ау, тоқтаңдар, сабыр, сабыр. Қойшығара, не айтасың?


Қойшығара қасқиып орнынан тұрды:


— Мен түсінікті ғып айтқан жоқ па ем?


— Барасың ғой?


— Бармайтын болсам, айтам ба?..


Жұрт тағы қол ұрып, күбір сөзге кірді. Өндіріс орнының ұсынған шарт қағазы оқылды. Қойшығараның қандай колхозшы екендігі туралы мінездеме жазуды басқармаға тапсырып, жиылыс тарады.


Айсыз қараңғы түн еді. Қиыршықтаған қар ма, сылбыраған жаңбыр ма бетке жылбысып тиеді. Жұрт айқайласып, біреулері орға құлап, шомға сүрініп, тынық түнді шаң-шұң дауыспен даурықтырып барады. Қойшығара Әминені ерте қайтайын деп есік алдында бірсыпыра тосса да, жұрт шығып біткенше Әмине шықпады.


— Қойшығара, уа Қойшығара!.. Сен кімді тосып тұрсың? Әмине әлдеқашан кетіп қалды ғой, — деді Дүйсебай мұның жанына келіп.


Қойшығара үндемей үйіне беттеді. Дүйсебай мұның соңына ерді де отырды.


— Қойшығара, уа Қойшығара... Қойшығара деймін!.. Мен айтайын ба саған? Мен айтсам: мен мұныңа қосылмаймын!


— Қосылмасаң, қосылма. Қосыл деп сені кім зорлады?


— Жоқ, зорласаң да қосылмаймын, білдің бе! Сен қателестің.


Қойшығара үндемеді.


— Ә, Қойшығара, бірдеме дейсің бе? — деді Дүйсебай оған қатарласып.


— Атаңның басы деймін.


— Уай, құдай атсын, ойнамайтын жерде ойнап... Жоқ, бұл ойыншық емес, ойлап қарадың ба өзің? Сонау Қарағандыға бару деген... Еһе... шырағым, шелпек жеумен бір деп түсініп жүрме. Сен екпінді болсаң, мұнда ғана екпіндісің... онда барып қалып, қайтып үйінді таба алмай жүрсең... Үйің толған шиеттей жас бала... Мен айтсам, шынын айтам...


Дүйсебай бір қатарласып, бір кейін қалып, Қойшығараның үйіне жеткенше әңгімені қоздатумен болды. Қойшығара үндемеген сайын, сөзінің үстем келгендігіне сеніп Дүйсебай сөзінің көбін ақыл есебінде айтты.


Қойшығара қақпаға тіреліп тоқтады:


— Бітті ме сөзің? — деді Дүйсебайға.


— Жоқ, мен айтсам, шынын айтам. Мен, мен... — деп Дүйсебай сасқалақтап қалды.


— Бітір сөзіңді! Бітті ғой, ә... Үйге кірген соң бұл туралы жұмған аузыңды ашушы болма!


— Мейлің, үйіңе бармайын... Мен айтсам, шынын айтам, — деді Дүйсебай кейін бұрылып. — Өмірімде өтірік айтып көргем жоқ, мен шынын айтам, — деді анадай жерде кетіп бара жатып.


Қойшығара үйіне келді. Пеш жанында тымырайып Әмине отыр. Ешкінің лағынша секірген қара домалақ балалар бірінен соң бірі келіп асылса да, оларды күндегідей еркелетіп маңдайынан сипаудың орнына, Әмине қолымен итеріп, маңына жуытпайды.


— Кететін болдың ғой, ә? — деді Әмине шіміркене қарап.


— Кетем.


— Кет, кет... Кеткелі жүргеніңді білгем. Кеткенше асығып жүр ең...


Дауысы қалтырап, Әмине бірсыпыраға шейін үндемеді.


— Бетіңнен жарылқасын... мен де өлмеспін.


Бұдан артық булығуға шамасы жетпей Әмине жылады. Асыр салып ойнап жүрген балалар үйдің бұрышына жиналып үрпиісіп, «сен бүлдіріп отырсың-ау» дегендей боп жаутаңдап олар Қойшығараға қадалды.


Қойшығара сол түні Әминеге жайлап ұғындырмақшы боп көп сөйледі. Әмине ұғынудың орнына қатуланып қарсылығын үдете берді... Ертеңіне сықсиып Қаламбайдың шешесі келді, одан Борамбайдың шешесі келді. Олар біресе Қойшығараны, біресе Әминені жақтап сөйледі. Қаламбайдың шешесі әкесіз баланы бағудың қиындығын айтып қамығып та алды. Сол күні түс ауғанға шейін Қойшығараның Қарағандыға жүретін-жүрмейтіндігін ешкім ашып білмейтін секілденді... Ақырында бесін әлетінде Қойшығара басқармадан жол қағазын алып, темір жол станциясына апарып салатын ат әзірледі. Апарып салуға Дүйсебай белгіленді..


Әңгімеміздің бас жағындағы Қойшығара мен Әминенің арасындағы салқындық міне, осы әңгімеден туып еді. Қойшығара Әминені түсіндіре алмаған күйі аттанғалы жатыр еді.


...Қазан ішінің қатқақ күні. Көк жүзінде сұр бұлт ойнап, ызғырық желі денені шымшиды. Шөп біткен қурап сілтіге салғандай бозарған. Елсіз дала қаңырап қарауға көңілсіз — іш пыстырғандай. Үш аяқ жол біресе майдаланып, біресе адыр-бұдырланып арбаны салдырлатып, иесіз даланы басына көтергендей. Мәстек пішінді қара кер ат бойын бос сала жортып, жүрісті онша өндірмей келеді. Делбе ұстап отырған Дүйсебай. Тымағы шәукиіп, екі беті тымақтың жақтауынан торсиып шығып тұр. Оқта-санда бір ұмтылып қара кер атты сауырлата сипап қояды. Айдауы көңілсіз. Осыны сезгендей қара кер ат та жүруге көңілсізденіп келеді.


— Қойшығара, ә Қойшығара... Әминемен ризаласпай шықтың-ау...


— Онда не болады екен?


— Алыс жолға бара жатырсың... Жастан қосылған қосағың... Мен әшейін жөнін айтам.


— Жөн емес... Бетімен лақпасын!


— Қайтсын, бала-шаға болса бар...


Қойшығара үндемеді. Бір қырындау отырып көзді арт жағына салды: өлке бойы ақ тұманға бөленіп, ауылды көзден жасырып үлгіріп еді. Қойшығара ауыр күрсінді. Ой бұлдыр. Алас ұрған көңіл әлі күнгі бір тірекке мықтап жабысып, ұйғарындысын шығарып болмаған секілді. Осының өзі қызулықпен болған жұмыс секілділеу. Қойшығара осыны Қаламбайға ерегіскеннен істеген секілді болды. Қаламбаймен мұның арасында ерегіс көптен бар. Оның тарихы тым ұзақта жатыр. Қаламбайдың «болмайды» деген жұмысын Қойшығара болдыруға тырысады. Болдырып та шығарады. Көпшілік ондайда Қойшығараға алғысын береді... Бірақ неге екені белгісіз, Қойшығара Қаламбаймен ерегісіп, бірер жұмысты істемек болса, Әмине ылғи кесе түсуін қоймайды. Мұнда қандай сыр бар?.. Жоқ, ешқандай сыр болмауы керек. «Көпшіліктен бөлініп, көзге түсіп қайтсын» — дейтін шығар. Бірақ көзге түспей жүрген Қойшығара емес: Қойшығараның жаратылысы, балалық өмірі, жас күнгі жұмыстары бәрі оғаштанып, ала-бөле бөлек жатыр.


— Бүгін түн бойына кірпігім ілінбеді, — деді Дүйсебай атын айдай түсіп. —...Бала күннен бірге өсіп ек. Екеуміз де жетім ек. Қол ұстасып қаңғып, көрінген қораны, ескі кенді, даладағы үйген шөпті паналап жан сақтаушы ек... Мен бірін де ұмытпаймын. Әсіресе, сен жүремін дегелі соның бәрі қотарылып...


Дүйсебай сөздерін аяқтамай, даусы қалтырана түсіп, бетін Қойшығараға көрсетпейін дегендей бір қырын бұрылды.


Көп уақыт өтті. Алдарында кең аңғар. Сонау белестен асып түссе, бәйге атындай қадаңдаған телеграфтың бағаны көрінеді. Оның бойы темір жол. Қойшығараның іздеп келе жатқаны да осы жол.


— Ниет қылдың ғой, барып қайт, — деді Дүйсебай күрсініп. — Қаламбай иттің тілегі болды ғой. Бүлікті салар-ақ. Ізін аңдып, қарсы тұратын сен жоқ... Мені қойшы, мен сенімен тізе қоссам ғана адаммын.


— Сөз еместі айтасың, Дүйсебай. Колхозды колхоз ғып тұрған жалғыз мен бе ем? Жап-жақсы жігіттер бар; партия бар, комсомол бар, тізе қос та істе...


— Дұрыс қой, — деп Дүйсебай тағы күрсінді. — Әйткенмен де... ей Қаламбай ит бүлдірер-ақ... Нанбасаң қара: тап осы кезде сол сайтан Әминенің қасында отырған болар. Соның тілі деген тіл...


Дүйсебай сөзін аяқтамай тоқтап, Қойшығараға көзінің қиығымен қарап қойды. Қойшығара да қарады Дүйсебайға. Бұдан кейін бұл туралы екеуі де тіс жарып сөйлемеді...


...Қойшығара Қарағандыға келісімен Мүсірәліні іздеп тапты. Мүсірәліні тәу кергенде:


— Ойпырым-ау, Мүсірәлі-ау?.. Келші қарағым! — деп, жылағанын да, күлгенін де сезбей құшақтаумен болды. Жаным-ау, сен жұмысшы емес пе ең? Бұл күнге не ғып жеттің?


— Жұмысшы мендей болмайды деп кім айтты саған?


...Мүсірәлімен таныстырып өтейік: ербиген бойлы, үлкен көзді, тыртық бет қара жігіт. Қойшығараның туған жиені. Жасынан жетім қалып, Қойшығараның тәрбиесінде болды. Әжетке жараған соң өз бетімен кісіге жалданып 29-жылы осы Қарағандыдан келіп шықты. Содан бері Мүсірәлі мен Қойшығараның бұл бірінші кездесуі еді.


Станциядан тым ұзап шықпай, Мүсірәлінің пәтеріне жетті: жарқырап тұрған бөлме, үстел, орындық, кебіндеп тастаған төсек-орын, жылтылдаған тақтайын етікпен басуға адам қорынатын. Қойшығара өзін ұмытқан адамдай арсалаңдап күле берді:


— Уау-әй, мынауыңды бүлдіріп алмаймын ба?..


Дөңгелек жүзді қара торы әйел шашын келтелеп қырықтырып, жұпыны киімі бойына шағын ғана ұп-ұнамды боп тұр. Қойшығара осы үйге кіргелі әлгі әйелдің аяқ-қолы жерге тимей жүгіріп жүрген секілді.


«Келін бала болар, қайырлы болсын, адамын тауып алған екен» деп ойлады Қойшығара ішінен сүйініп.


Дембелше келген қызыл шырайлы жігіт есіктен күлімсірей келіп:


— Әлгі нағашым дегенің осы ма? Өзіміз сияқты мырқымбай екен ғой... Қане, қолыңды әкел, таныс бола берейік: Борабай Жанысбаев деген забойщигіңіз боламыз, — деп Қойшығараның қолын қаттырақ қысып амандасып орындық алып отырды. — Нешеге келдіңіз?.. Отыз алтыдамын дейсің бе? Ой антұрған, менімен құрдас екенсің ғой өзің, үндеме: забойщик қылып шығарам өзіңді. Өзім забойщик болғалы бүгін ойлап отырсам, жиырмадан аса жігітті үйретіп шығарған екем, үйреніп шыққанда олқы болса екен-ау, мынау деген забойщигің.


Борабайдың сөзі, мінезі, қалпы Қойшығараға бірден ұнап, өзі тасып отырған кісі одан жаман даурықты. Борабаймен көптен таныс адам құсап сөйлесті. Зыңғылдаған радио дауысы екінші жағынан мазаны алып барады.


— Уай, мынауың біздің Әбдырақтың әніне басты-ау, — деп Қойшығара оған төне түсіп еді.


— Оның мынадай да әдісі бар, — деп Борабай, салақтаған бір темірді Қойшығараның құлағына кигізді.


Қойшығараның аузы ашылып, бет-аузы, құлағына шейін күлген тәрізденіп, әнге әбден еліккеннен:


— Уаһой дегенің-ау!.. Уай өзі де қатырады екен-ау, ә? — деп қарқ-қарқ күлді.


Қатарланып көрінген үш турба «мехцех» деп аталады екен. Мүсірәлі Қойшығараны ертіп соған келіп кірді. Самсаған машина, салақтаған қайыс. Машина сайын бірден-екіден қыбырлаған кісі. Звонок ұрылып, машиналар бірі ызыңдап, бірі тоқылдап жұмысқа кірісті. Бір машина темірді егеп, біреулері жонып, біреулері бұрап жатыр. Қағылез пішінді қазақ әйелі бір машинаға келді де, бұрап жүргізіп, жеңді білектей жұмыр темірді бұрқылдатып тесуге кірісті. Темір бұранда ағашты қалай тессе мынауың темірді одан жылдам тесіп жатыр. Қойшығара шыдай алмай жетіп барып:


— Келін шырағым, осыны үйренумен білдің бе? — деді.


— Іштен туа білген кімді көріп едіңіз?


Осыны айтып әйел күлімсіреп Қойшығараға қарай түсіп еді, Қойшығара апалақтап:


— Ойбай, шырағым, машинаңа қара, бірдеңесін бұзып аларсың, — деді.


— Жаласы сізге жабылмас, қорықпаңыз.


Әйел тағы күлімсіреп, бұл жолы дәлдеп қарады. Қойшығара да қарады. Қараулары-ақ мұң екен, екеуі де қалшиып біріне-бірі қадалумен болды. Күлімдеген жүздері кенет сұрғылт тартты.


Тіл тұтығып сөйлеуге келмейтін тәрізденді. Қойшығара үнсіз қалып бірсыпыра тұрып, кенет қолын созды:


— Ау...Жаным... Мақпалмысың?


Әйел бұрынғыдан көрі де сұрлана түсіп, кенет сырт беріп жұмысымен бола берді. Қалшиып қатқан күйі Қойшығара тұрды. Өткендегі өмірдің адыр-бұдыр кезеңдері нақ сол минутта астан-кестен болып сапырылысып, көз алдынан түйдектеліп өтіп жатқандай болды... Қойшығара ауыр күрсінді. Көп тұруға орын тар, «жүрші-жүр» деп қылқылдап Мүсірәлі мазасын алды. Бірақ Қойшығара кете алатын емес секілді. Кетейін десе де сол тұрған жеріне шегеленіп қойғаннан жаман аяғы қозғалуынды білмейді, қайтсін-ау, өзі тірісінде бүйтіп Мақпалмен көзбе-көз кездесемін деп Қойшығара ойлап па еді сірә?!


«Мехцехтың» басқа бөлімдерін аралатып жүріп, Мүсірәлі Қойшығараның осы күйін сезгендей:


— Мақпалмен қайдан таныс боп жүрсің? — деді.


— Әй, шырағым-ай, менің бүлдірмегенім бар ма... сұрап қайтесің...


...Екі-үш сағаттың ішінде Қойшығара түсіне кірмеген нәрселерді көрді.


Көне тартқан кенеп шекпен киіп, сыптырғыдай боп буынып, қайласы белінде салақтап, Борабай келіп жетті.


— Е, Қойшығара, көріп жүрсің бе?


— Көріп жүрмін-ау, құдайдың құдіретімен жаралған ба дерсің.


— Құдайыңның қолынан келер ме екен мұны жарату, — деп Борабай Қойшығараға күлімсіреп қарайды. — Қане, жүр. Шахтыға апарайын.


Жерден едәуір биік қып салған шытырман темір алыстан қарағанда көпір сияқтанып көрінеді. Сол көпірдің астына әлдеқайдан созылып келген темір жол. Жолдың екі жағы ит арқалап үйген көмір.


— Мынаны «стакат» дейді, мына жолмен пойыз келеді... Мына көмірді осы жердің өзінен тиеп әкетеді...


— Ә...


— Анау ит арқаланып жатқан шахтының аузы, көмір сол жерден шығарылады, машинамен шығарылады, сосын мына стакаттың үстіне әкеледі.


— Ә...


— Қатының бар ма еді-әй!? — деді Борабай ілгері кетіп бара жатып.


Борабайдың бұл сұрауы Қойшығараның алдына Мақпалды әкеп тартқандай болды да, ол бірсыпыраға шейін үндемей:


— Бар ғой... — деді бір кезде немқұрайды қалыппен.


Ұзыншалап салынған барактың маңы қыбырлаған жұмысшы, бір топ жұмысшы қайласын асынып, шамын қолына ұстап, жұрттан бөлек өз алдына сөйлесіп тұр. Аласа бойлы қара сұр бала, беті көмір күйесімен айғызданып, маңына топтанған жұмысшыларға бүгін не істейтінін, қалай істейтінін айтып, түсіндіріп жатыр.


— Айтқаныңа түсіндік, сонда да өзің бір соғып кетерсің, ә ? — деді бір жұмысшы.


— Барамын, барамын.


— Алда разы болғыр бала ғой бұл, ерінуді білмейді.


— Осының өзін ылғи шахтыда көремін-ау... — деп бірсыпыра жұмысшы өзара дабырласып шахтыға беттеді.


Борабай екі шам әкеп, біреуін Қойшығараға ұстатты.


— Міне осы жерден түсеміз. Мұны «қара ауыз» деп атаймыз. Ә, неге күлесің-әй?.. Ал, менен қалма...


«Қара ауыздан» басын сұққанда, шахтының алғашқы көрінісі Қойшығараға сиыр қора тәрізденді. Жүрген сайын төмен түсіп алдыңғы жағы қараңғылана берді. Қолдағы шамның сәулесі табан ізді де жарық қылмайтын секілді.


— Қойшығара, келе жатырмысың?


— Келе жатырмын-ау.


— Төбеңе сақ бол!


«Мұны неге айтты?» деп Қойшығара төбеге қараймын деп төбесін келістіріп бір соқты.


— Қап, соғып алдым-ау.


— Е, ондай-ондай болатын...


Адыр-бұдыр кертеш жол Қойшығараның адымын ашырмайды-ақ. Аяғын аңдамай басса, түпсіз шыңырауға түсіп кететін тәрізді. Борабай қадандап Қойшығараны әр жерден бір тосып алады.


— Әй, колхозымыз жақсы деп мақтадың-ау осы.


— «Өрнек» колхозы өлкеде бірінші болар, шырағым.


— Малдарың көп қой, ә?


— Маңымыздағы колхоздар қырып сойып жатқанда біз тышқан мұрнын қанатқан емеспіз. Мал сойғандарға қарсы күрескен кісің біз: бригада болып тұрып көрші колхоздардың еліне үгіт жүргізгенімізді көрсең...


— Әне, қара тегін емессің өзің. Сол өнеріңді шахтыға салып көр, бізде де күресетін жұмыс аз емес. Мынаны көрдің бе, міне?..


Крепке салатын бөренені сүйреп біреу жол бойында тұр. Борабайларға түксие қарады.


— Шамыңды неге жақпайсың? — деді Борабай оған.


— Жанбаса қалай жағам? Бізге жанатын шам тие ме?..


Борабай оның қолындағы шамды алып, отыра қалып оттық сызып еді, шам жанып сәулесі әлгі кісінің бетін жарық қылды: күйек сақал, жарқабақ, қапсағай келген қара кісі екен, аяғында Ақмола елінің азаматтарының бір жылқының былғарысын тұтас ойып тігіп киетін кең саба етігі. Жамандаған шамы жанып кетіп жоқ жерде ұятты ғып, ол кісі Борабайға тура қарамай сырт айнала берді.


— Пай-пай етігіңе болайын! — деді Борабай тұрып бара жатып. Бірсыпыра жер барған соң Қойшығараға бұрылып: — Әлгімен күресу керек пе? Түсіндің бе не айтқанына? — деді.


— Түсіндім, — деді Қойшығара ентіге дем алып, тері бұрқырап, самайы айғыздана бастап еді.


Аяқ асты темір жол. Алдарында жылтыраған шам, дүркіреген дауыс. Борабай мен Қойшығара жолдан шығып тұра қалды: төрт вагон көмірді сүйреп бүлкіл жортыспен көк ат саулатып келеді. Алдыңғы вагонның үстінде шам ұстаған жұмысшы ыңылдап ән салып, аяқ жағын:


«Екпін, екпін, екпін-ай.


Мен көк атты жектім-ай.


Елге көмір керек боп,


Екпінді еңбек төктім-ай?..»


деп тоқтатады.


— Жаңағы «екпінді көк ат» дейтін атымыз, — деді Борабай.


— Ау, аттың да екпіндісі болғаны ма?


— Талай қызықты көрерсің әлі. Жаңағы көк аттар жегілетін жеріне өз бетімен келеді. Вагонды тартқанда сау желуін танбайды. Семіздіктен жарылайын деп тұрғанына қарамай мың ұрсаң аяғын бір баспайтын аттар да бар.


Борабай Қойшығараны ертіп жүріп шахты ішінің біраз жұмысымен таныстырып шықты.


— Міне, біз осы забойда шабамыз, — деді Борабай Қойшығараны бір түбекке ертіп келіп, қолындағы шамын креп ағашына ілді. Беліндегі қайланың бірін Қойшығараға ұстатты.


— Ал, құрдас, әдейі іздеп келген екенсің, сілтеп көр қайланы. Оңай жұмыс деп көңіліңді жұбатпайын, қиын жұмыс, ұлы еңбекті тілейтін жұмыс; бұған жігіттің жігіті-ақ шыдайды... Қиын деп көмір шығармасақ, зауыт-фабригіміз жүрмей қалады, хат танисың ба өзің?


— Жоқ.


— Оқытамыз, түсіндіреміз, түсінесің; көмірдің не үшін қажет екенін сосын білесің... Ал, мен шабайын бір Сыпыра уақыт қарап отыр, үйрен, сілтеудің өзінде де әдіс бар. Міне, былай отырасың ыңғайланып...


Борабай асығып-аптықпай жайымен сілтеп отыр, әйтсе де көмір кесек-кесек түсіп, алды үңгірленіп кетіп барады. Шахты іші қараңғы, меңіреуленген тілсіз; әлдеқайда ызыңдаған конвейердің, гүрілдеген вагонның дауыстары; біреулердің ышқынған айқайы:


— Досмағамбет, уа Досмағамбет! Иттің ғана баласы вагонын жолға тастап... — деп біреу кейіп, ұзаған сайын дауысы бәсең тартты.


— Қойшығара, бақылап отырмысың?


— Бақылап отырмын-ау.


— Партияда бар ма ең?


— Кіремін-ақ деп ем, хат танымаған соң шырмалып...


— Ал, қайлаңды дайында, қатарыма кел...


Өзі өз боп Қойшығараның жұмысқа жүрексінгені осы жолы болды: қайланы ұстағанда қолы қалтырап, жүрегі алып ұшып аузына тығылған сияқтанды. Ойлаған адамға бұл бір сын-ay: екі жыл ұдайы үкіметтен бәйге алып келген «Өрнек» колхозының екпіндісі Қойшығара Қошқарбаев Қарағандының жұмысына жарамай қайтса, одан ұят не бар?!..


— Әй, нар тәуекел, ынта-жігер, күш-қайрат қосылған жерде ер жігіттен еңбек құтыла ма екен, колхозыма қайтқанда мақтанып баратын болайын, — деп Қойшығара, қайланы құшырлана ұстап қайнап біткен тас көмірге дәлдеп сілтеді. Бастап сілтегенде қайласы шақылдап соғылып, қиыршықталған көмір от ұшқынындай шашырады. Сөйте келе шақпақталып түсетін болды...


— Е... жігітім, сілтеуіңе болайын... — деді Борабай сүйсініп кетіп.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу