Өлеңдер ✍️

  01.05.2021
  405


Автор: Мұратхан Шоқан

Ақын Мұратхан Шоқанның өлеңдері

Ақын Мұратхан Шоқанның өлеңдері   адам жанын  түсінетіндей, өлеңдерін оқу арқылы ақынмен тілдескендей күй кештереді. Бұл ақынның нəзік сезімді  əдемі  суреттеуінің арқасы. Өлең - ақынның өмірі . Сол  өлеңдерінен ақынның бір күнін көрдім. Өз көргенімді сіздерге ұсынып отырмын оқып көріңіздер!

Үйден таңда шығып кеттім ертелеу,
Мүмкін болмай өзегімді өртемеу.
Бәлкім таныс, бәлкім енді танысар
Керек маған бір адамға еркелеу!..
Кез болады кейде үйіңді тар еткен,
Сөз болады айтатұғын жар өктем.
Бір-біріне, не деседе мақұл деп,
Күн кешпейді адамдардың бәрі еппен...
Көліктері қара нөпір кісі көп,
Қала жатыр бесті айғырдай кісінеп.
Нән шаһардың гүлзарында отырмын,
Жаңа оянған жанартаудай ішім от.
Көңіл бөлмес маған қамқор болып кім?
Талай таныс ақылдыға жолықтым.
Таппадым тек еркелейтін бір адам,
Күттім оны таңнан кешке толық күн...
Үйден таңда шығып кеттім ертелеу,
Мүмкін болмай өзегімді өртемеу.
Бәлкім таныс, бәлкім енді танысар
Керек маған бір адамға еркелеу!..
                    * * *
Бақшаға бұзақы жел басын сұғып,
Жасыл тал жылап алды жасын сығап...
Қарт емен шын аһұрды күйік кернеп,
Шырмауық ширатылды биікке өрлеп...
Көлдегі қарап тұрмын суретіме,
Тамшы мәз шеңбер сызып су бетіне...
Титтей құс өз тілінде айтады әнін,
Көп менің бақ ішінен байқағаным...
Аяңдап анда-санда бір кідіріп,
Ит ертіп орыс әйел жүр қыдырып...
Қарбалас кілең ұсақ қанаттылар,
Жүргендей бақта гүлді санап бұлар.
Қазір жоқ бұзаққы жел бағанағы,
Тал мұңлы көрінеді маған әлі...
Ескі орндық,екі адамдық бос біреуі,
Тілеймін алыстағы дос тіліуін...
Еһ шіркін,туған жерден жырақтамын,
Сағынған шығар ауыл Мұратханын...
                  * * *
Қала бүгін маған күле қарады,
Көретұғын қызықтарым бар әлі.
Құс үніне толып кеткен бақтардай,
Жырға толды көңілімнің парағы.

Мейірімді көрдім қала жүзінен,
Кірпігіме қалай ғана күз ілем?
Бір тырамвай өте шықты қасымнан,
Жүріп келем екі жастың ізімен.

Қайыршыға тиындарын тыстаған,
Қатты ұнайды қайырымды іс маған.
Адамарға көп кезіктім көшеде,
Адамдықтың саусағынан ұстаған...

Ізгіліктің кетпепті әлі күйісі,
Шатырларда көгіршіндер сүйісі.
Көңілімде армандардың алауы,
Мұрынымда махаббаттың иісі...

Қала бүгін мол шаттыққа бөледі,
Қандай ғажап күздің сарғыш желегі?!
Қала деген керемет деп баладай,
Қуанғаннан айғай салғым келеді!..
                  * * *
Жай күндер өтiп жатыр нешелеген,
Тағдырдан шығар, бәлкiм, пешенеден.
Күнде сол, анда барып, мында барып,
Айналып жүрiп қайтам көшеде мен…
Алматы, қайда не бар, бәрiн бiлем,
Қайда да маған таныс сарын кiлең.
Қайырсыз бiр ағамен кеңес құрам,
Ұғар деп айтам оған барымды мен...
Бiрi боп жаралыппын жай жүрместiң,
Кей кезде қамын ойлап қай бiр көштiң...
Күннiң соңғы нұрымен шалмалап ап,
Жалына жабысамын айғыр кештiң.
Ғаламға қажет бөлек серпiн бүгiн,
Қаламас шыққан түпкi төркiндi кiм?
Өзiне қайтарған жөн адамзаттың,
Қоғамға қолды болған еркiндiгiн...
Әр тармақ, әр сөзiнен сұс таматын,
Ғасыр бұл қатал заңдар ұстанатын...
Паспортсыз кейде әлемдi кезбек болам,
Қарызға сұрап алып құс қанатын.
Жай күндер өтiп жатыр нешелеген,
Тағдырдан шығар, бәлкiм, пешенеден.
Күнде сол, анда барып, мында барып,
Айналып жүрiп қайтам көшеде мен..
                   * * *
Кеш кірді, көлеңкесін жарыстырып,
Күн батты тартынбастан таныс күліп.
Ымырттың ыстық ернін аймалап мәз,
Суық жел таң сәрімен салыстырып..

Аздан соң жамылып ап қара шәлі,
Түн келіп тіршілікке бал ашады.
Келе алмай жалғыз күннің астарына,
Жамырап шырақ біткен таласады.

Демалып жолдар мезет жияды есін,
Айтайын ары қарай ия несін.
Жүйкесін жүнше түтіп отырады,
Қыдырып ақын ғана қиял өсін...

Кеш кірді, көлеңкелер көлбеңдеді,
Жиылып жын-перілер келгенбе еді.
Көтеріп көрден басын келе жатыр,
Көретін қараңғылық өлгендегі...
           * * *
Ұйқы ма, ұйқы кетті үркіп менен,
Қадалам түнгі аспанға кірпікпенен.
Аспанның терезесін ыс басып тұр,
Апырым-ай, неменемен сүртіп берем?

Аспан ыс, расымен кірлеген бе?
Ыс түтек айыға ма үрлегенге.
Ұйқы жоқ, ақыл-санам дүрбелеңде,
Кірлеп кеткен шығармын бірге мен де...

Аспан ыс, тұр-ау сірә құса басып,
Обалды болады ғой құс адасып.
Жеңіммен жеңілдетіп сүртейін де,
Ұйқтайын уыз таңға құшақ ашып!

Аспан ыс, әкеу, неге егесті кім?..
Ақ түнім, ерке қиял елес түнім.
Қап-қара қайдан жұқты қара бояу,
Тазармай ұйқым келер емес бүгін...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу