Өлеңдер ✍️
Қызығамын ұясы бар құстарға
Бақ ішінде бірі қонып, бірі ұшып,
Бірі сайрап, бірі құлақ түрісіп.
Ұя салып, қарбалас боп құс біткен,
Кетті құрылыс жұмысына кірісіп...
Бірі биік, бірі таңдап төменді,
Бірі қайың, бірі таңдап еменді.
Өздерінше жасап жатыр иелік,
Жиі-жиі баққа келем мен енді.
Көңілсізбін, біздегі кей тұстарға,
Тілсіз, үйсіз қалай жүрміз күш барда?
Қызығамын, өз тілінде сайрайтын,
Қызығамын, ұясы бар құстарға...
Ана тілім қолданыстан тыс қалмай,
Ұзарса екен қолдарымыз қысқармай.
Сосын-сосын ала жаздай әр қазақ,
Бір-бір ұя салып алса құстардай!..
Қиын күндер береді ме жалғаса,
Шаршайды адам ақ үміттер алдаса.
Отансыздан не парқы бар адамның,
Отанында баспанасы болмаса?!
Көңілсізбін, біздегі кей тұстарға,
Тілсіз, үйсіз қалай жүрміз күш барда?
Қызығамын, өз тілінде сайрайтын,
Қызығамын, ұясы бар құстарға!..
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter