01.05.2021
  534


Автор: Бейімбет Майлин

Қара шелек

Әңгіме қара шелектен басталды. Айшаның атасының басындай сақтап жүрген шелегі ғой. Үшінші жыл болып барады, Айша шелексіз қалып, шелек сұраймын деп абысын-ажынға жексұрын көрініп, ақырында Бірмағамбетті бүріп, Кәстенкенің дүкенінен алдырған шелек еді.


— Шелек-шелек деп ішкен асымды кере ғып болып едің, сенен қорыққаннан темекі алатын ақшама шелек алдым, деп Бірмағамбет, Айшаның қолына шелекті ұстатқанда бұлдап нығыздап ұстатқан.


Бірмағамбет мұны айтқанда, Айшаны салақ деп, дүниесін бүлдіріп ұстайды деп айтқан емес. Айшаның сөзін аяқсыз қалдырмағандығын сездіргелі айтқан. Әйтпесе, Айшаның жинақтығы, күтімділігі, бірін мыңға балап ұстайтындығы бүкіл ауылға мәлім. Салақ қатындар Айшаны жаратпағанда, Айшаға мін таққысы келгенде:


— Көріне бірге алып кетсе, көрерміз: әйтпесе кімнен қалмаған дүние, — деп бұрқылдасады.


Сол қара шелек бүгін майып болыпты! Қожағұлдың қара тоқалы біреуден нәрсе сұрамай, алған нәрсесін бүлдіріп бермей жүре ме, бүгін келіп қара шелекті сұрай қойды. Айша — шелек сұраушыны жайшылықта маңына жүргізбейтін:


— Менен кедей емессіңдер ғой, керек болса, сатып алыңдар, —дейтін.


Бүгін сонысын айта алмай қалды. Айта алмай қалған себебі болды: бүгін айға толды Бірмағамбет жоқ! «Аудан жұмсапты, науқанға өкіл қылыпты, 5-ауылдың байларын Бірмағамбет протоколдап ауданға айдап жіберіпті...» деген сияқты хабар еміс-еміс естіледі. Науқаны несі? Байларда не жұмысы бар? Айлап қаңғырғандай, ай толғанша үй бетін бір көрмегендей не болды? Бұл не деген сұмдық? Қатын-баласынан безген адам бола ма екен деп бірер күннен бері Айша үздіксіз ойлаумен жүр. Күл шығарса да, от жақса да, жалғыз ала сиырды қақпалап суатқа апарып суғарса да есі-дерті Бірмағамбет болады да жүреді.


Бірмағамбеттің жүріс алғаны жалғыз биыл емес, екі-үш жылдан бері жүретінді шығарды. Ана жылы батырақтар съезіне сайланды да, содан былай «съезд», «топ», «қаулы» дегенді аузынан тастамайтын болды. Былтырдан бері ауылға өкіл келсе, алдымен Бірмағамбетгі шақырып алады. Бірмағамбет өкілдің қасында болады. Жиылыс болса өкіл баяндама істесе, екілдің ұсынған мәселесін шеше алмай жұрт бөгелсе, Бірмағамбет орнынан ұшып тұрады да:


— Жолдастар!-дейді.


Жұрт селк етіп оның аузына қарай қалады. Бірмағамбет жұрттың қытығына тие сөйлейді. Біреулерді қаси сөйлейді:


— Жолдастар! Біздің көбіміз байға жарамсақтанып, байдан қаймығып сөйлемей отырмыз. Әйтпесе, мұның жөні былай емес пе, неге сөйлемейсіңдер? — дейді.


Содан кейін жұрт серпіліп сөзге кіреді.


Жиылыстан тарап, үйлеріне келген соң, от басында күңкілдесіп отырып:


— Көрінгенге соқтығып, сотқар атанып не керегі бар, көжеңді ішіп үйде отырсаң да өлмейсің ғой, — дейді Айша.


«Ақылыңа болайын» дегендей, Бірмағамбет Айшаға ала кезімен қарап, кесесін домалатып жібереді. Бірмағамбетгің томырық мінезін тудырып алам ба деп, содан былай Айшада жым болды.


Өмірде не кездеспейді. Әсіресе, Айша мен Бірмағамбеттің басынан кешірмегені бар ма: малайлығыңды, күндігіңді, байдың таяғын, бәйбішенің бақыруын — бәрін басынан кешірген Айшағой. Үй болып, от түтетіп, өз алдарына өмір тілегендері 3-4 жылдан бері ғана. Онда да Бірмағамбет малайлықтан босаған жоқ. Былтыр конпеске малынан 2—3 қара тиіп, содан былай ғана басы босаңды.


Былтырдан бері Айшаның шаруашылығы мүлде күшейді. Аз дүниесін тап-тұйнақтай қылып ұстайтын болды. Тазалыққа әдет алды. Аш жүрсе де, жалаңаш жүрсе де, қолына іліккен 2-3 қараны саттыруға, сойдыруға қарсы болды. Бірмағамбет қолыр тайыншаны сатып көйлек әперемін дегенде:


— Мал сатты деген не? Үйренген жалаңаштық. Баяғыдан бері өлмегенде, елді өлмеспіз! — деп Айшаның шыж-быжы шықты.


Сондағы ойы — бір қара болса да қосыла берсін дегендік. Үй қатарына қосылайын дегендік. Кедейлікті жалғыз осының маңдайына жазып қойып па? Біреуге телміргені жеткілікті болған жоқ па!


Айша осыны ойлайды, ал Бірмағамбет ше? Айшадан Бірмағамбет бөлек пе? Айшаның көрген азабын Бірмағамбет он есе артық көрген жоқ па? Ендеше, қолы жала жеткен екен, үміт сәулесі елестеген екен, Бірмағамбет неге шаруаға қырсыз болып кетті? Үйінде отырса қайтеді? Бір-екі қарасып күтіп, бақса қайтеді? Жұрттың еркегі құсап, қағыстырып-соғыстырып, бір тиын болса да кіріс кіргізуге тырысса қайтеді?..


Бәрі де ойыншық-ау, Айшаның ойын әлек қып жүрген екінші бір жұмыс. Айшаның түсінбейтін жұмысы, Айша Айша болғалы, Бірмағамбетке қосылып, бірге өмір сүргелі — Айшаның істемеген жұмысы. Неге істегенін, қалай ілігіп қалғанын Айша өзі де түсінбейді. Ойлай берсе, басы қатады да, дұрыс-бұрыс екенін айырып біле алмайды. Әлмағамбеттен сұраса, ол мұның қайынысы ғой, әзілге шаптырып, Айшаның басын одан жаман қатырады. Осының салдарынан, басы қатып отырып, Қожағұлдың тоқалына қара шелекті қалай бергенін Айша білмей де қалып еді.


* * *


Ауылға өкіл келіп, «Шоқтал» басындағы ауылдың жалпы жиналысын шақырды. Ауыл болғанмен жиырмаға жетпейтін үй ғой, қанша адамы бар, бәрі Сартайдың үйіне жиналды. Әйелдер де қалмай келсін деп айтады деген соң, Айша да барды. Сартайдың үйі аузы-мұрнынан шығып отыр екен. Сақалы күйектей болып төрде Қайралап отыр. Бөтегесі бұлтиып Ыдырыс отыр. Екеуі де биылғы астық науқанында «майкот» болғандар. Сондағы бір жиылыста:


— Біздің арамызда шыршың бұзар байлар отырмаса екен, кедей мен батырақтың жиылысын өзіне берсе екен! — деп Бірмағамбет, осы Қайралап пен Ыдырысты жиылыстан айдатып шығып еді. Енді, Бірмағамбет ауылда болмаған соң дандайсығандай, екеуі бірдей жиылысқа келіп, қатар түзеп отыра қалыпты! Айшаның ашуы келген сияқтанды. Бірмағамбет жоқ деп неге басынады бұлар? Бірмағамбет ертең келгенде,Айша оған айтып, бұлардың төбесін тестірмей ме!


— Жоғары шық, Айша! Бірмағамбет алдыңа оралғы болып, жиылыстың қарасын көре алмаушы едің, Бірмағамбеттің жоғында сөйлеші бір шешіліп, — деді қайын інілерінің бірі қалжыңдап.


Айша мұның кекетінді сөз екенін ұғынып, бұрынғының үстіне тағы ашу жамады.


Орынбайдың, кекеші, кенеп дорбасын сүйрелеп, әркімге барып бір сөйлеседі. Жалбыр шашты қара жігіт, кекеш ауылнайға жаратпаған пішінмен қарап отырды да:


— Ауылнай жолдас, сыбырынды тоқтатып, жиылысынды ашсаң қалай болар еді? — деді.


Бұл жігіт — ауданнан келген өкіл болып шықты.


Жиылыс ашылды. Өкіл баяндама істеді. Баяндама коллектив туралы болды.


—... Сонымен, жолдас, берекесіз ұсақ шаруашылықты бітіріп, коллективтескен ірі шаруашылық құрамыз, социалдық шаруаға көшеміз! — деді өкіл.


Жұрт тынып, мүлгіп, маужырады да отырды.


— Қане, кімнің сұрауы бар? — деп мәжіліс ағасы екі-үш қайырып сұраса да, ешкім үн шығармады.


— Иә, алла, өзің медет бере гөр! — деп Қайралап ауыр күрсінді.


— Ау, неге үндемейсіңдер, сөйлесеңдерші!


— Айша төніп тұр ғой, бірдеме айтпақ шығар, — деді бір жігіт.


— Белсендінің қатыны ғой, айтса айтып та салар, деді екіншісі.


Ашу қысты ма, әлде сөйлегісі келіп кетті ме, Айша ілгерірек басып барып:


— Сөйлесе қорқады дейсің бе, айтатын сөзімді мен қашан болса да айтам. Байлардан қорқып үндемей отырған сендерден сақтасын, — деді.


Өкіл басын көтеріп алып, Айшаның бетіне қарай қалды. Айша мүдіріп, кібіртіктеп қалды.


— Тоқталма, желгей, айта беріңіз, — деп өкіл күлімсіреді.


— Мен айтсам, алдымен осының ішінде «майкот» болған екі адам отыр, солар шықса екен деймін!


Жұрт біріне-бірі қарады: Сатыбалды, Айшаға көзінің қырымен қарап, басын шайқап, таңданды. «Майкөт» болған адамды сұрап, өкіл ауылнайды бүріп барады. Ақырында біліп алып, Қайралаппен Ыдырысқа өкіл:


— Сіздерді кім шақырды? — деді.


— Ойбай, шырағым, осы ауылдан жан қалмай келсін деп айтты деген соң келгеніміз ғой. Келмей қалсақ, жазалы боламыз ба деп қорқып едік, — деп, Қайралап дәбдірлеп, үрейі ұшып кетті.


— Ал, жеңгей, байлар шығарылды, енді сөйлей беріңіз, — деді өкіл бір кезде.


Айшаның ойында айта қоятын ыңғайлы сөз болмады. Әйтсе де, өкіл айт деп өтініп отырған сияқты болған соң, сөйлемей қалудың ретін таба алмады.


— Мен айтсам, өкілдің сөзінің бәрі дұрыс, мен соған қосылам! —деді.


— Сен қосылсаң, нең кетіп барады, жан қиналып тапқан мал емес, конфискенің малын қосасың дажі бересің. Басқалар айтсын, —деді Құсайын.


Мал қосу, малды ортаға салу дегенге Айша, шыны, түсінген жоқ. Түсінбегені — өкілдің баяндамасын дұрыс тыңдамап еді. Өкілдің сөзін құлағы есітсе де, ойы басқа бір жұмыста болып, ұғына алмай қалып еді.


— Менің сұрауым бар, — деді Жаман, — ал, біз коллектив болайық. Еншімізді де қосайық. Сонда үйімізді қайтеміз? Осы күшідей бөлек отыра береміз бе, әлде, Ысматтың әулеті құсап қырық адам бір шөміштен ас ішеміз бе?


— Әрине, бір шемішке қысыласың, — деп, өкілден бұрын Құсайын жауап берді.


Өкіл Құсайынның сөзін бекерге шығарып, шаруашылық артелінің қай ретпен құрылатындығын, мүшелерінің қалай тұратындығын тағы бірсыпыра айтып, ашып түсіндіріп берді.


— Жолдас өкіл! — деді Тымақпай, — мәселен мен сияқты бір кедей болады. Өзі жалғыз басты, қаңғырып жүрген болады. Өзінің кәсібі тігін тігіп, тамағын асырау болады. Сонда сол кісі қайтеді, о да артелые алына ма?


Тымақпайдың арғынан Жүсіп, Қадырберген, Жақыптар сөз алып сөйледі. Бәрінің сөзінен де Айша: «Малды ортаға салу, біріктіру» дегенді ұғынып жатыр. Бұл қалай болды? Екі-үш қараның басы құралғаны осы еді. Былтырдан бері тамаққа да, киімге де жұмсатпай шыж-быжы шығып келіп еді. Енді, ортаға түсіп кетпекші ме? Жарықтық, емшегінің саласы жырта қарыс ала сиыр бір сауғанда бір шелек сүт береді. Былтыр Бұзаубай конфискеленгенде, сондағы өкіл Айшаны алып: «Жедгей, Бірмағамбет екеуіңнің еңбегің осы малға аз сідген көрінбейді ғой. Мына сиырдың ішінен таңдап тұрып біреуін ал!»—деп еді.


Бұзаубайдың сиыр тұқымында не оңды сиырлар — қасқа сиырдың тұқымынан шығатын. Ала сиыр да соның тұқымы. Айша жүгіріп барып осы ала сиырдың мойнынан құшақтай алған. Сол ала сиыр, енді, ортаға түсіп кетсе, ала сиырдың сүтіне, ала сиырдың майына Қожағұлдың қара тоқалы да ие болса, бәтір-ау, сонда не болмақшы? Бәрін де қойшы, малдың иесі Бірмағамбет үйде жоқ-ау, оның келуіне қаратар ма екен, әлде қазірден-ақ ала бере ме екен?


Сұрау сөз бітті. Мәжіліс ағасы дауысқа салуға кірісті:


— Қәне, коллектив боламыз дегендерің қол көтеріңдер! Жұрт біріне-бірі қарап, көтереріңде, көтермесінде білмеді.


Айшаның ойына Бірмағамбет түсе қалды:


«Ал, көтеріңдер!» — дейтін еді-ау ол. Айша, ойлап тұрған ойын ұмытып:


— Ал, көтеріңдер! — деп дауыстап жіберді.


Жұрттың қолы біртіндеп көтеріле бастады. Біртіндей келе үйде отырғандардың бәрінің қолы көтерілді.


— «Коллектив боламыз!» — деген қаулы бір дауыстан қабылданды.


Басқармаға адам керек болып, біреу мынаны айтып жатыр


еді.


— Менің ұсынысымды қабылдасаңдар, коллектив басқармасының ағалығын атап осы жеңгейді сайлаңдар! — деді өкіл.


— Қой, ойбай, — деп Айша ыршып түсті.


— Ол кісіні сайлауға көпшілік қарсы болмас еді, бірақ хат білмейді ғой, — деп Құсайын күмілжіп барып тоқтады.


— Хат білмесе, үйренер, Айша келіннің сайлауына мен өзім қосылам, ал, қолдарыңды көтер! — деп, Досым қолын көтеріп» еді, жұрттың қолы біртін деп көтеріле бастады.


«Жаңа тұрмыс» артелінің басқарма ағасы Айша болып сайланды.


Сол күнгі оқиға Айшаға әлі күнге түс сияқты. Ойламаған. жерден қайдан тап келген көсемдік! Бұл көсемдіктің аяғы неге . барып соғады. Бірмағамбет бұған риза ма? Бірмағамбеттің өзіне болса, осыны істер ме еді. Әлде, қарысып отырып алар ма еді. .


Айша үйіне келсе, сегіз жасар баласы — Қуандық ауылдың балаларын жинап алып асыр салып, үйін астан-кестен қылыпты: төріне шейін бұрқыраған шөп, шашылған күл, төгілген су, Жайшылықта үйге сөйлей кіріп, асыр салған балаларды тасқа яқтай қақтырушы еді, солай болады ғой деп, Айша үйге кіргенен-ақ, балалар ысырыла жөнелді. Айша бұл жолы —8 бұрынғыдай кәрленіп, кейін қалғанын желкеге бір нұқып шығармады. Балалар бірін-бірі итермелеп, есікке сығылысады. Айшаның онымен ісі болмады, пешке арқасын сүйей отырды да, терезеден тысқа қарады: дала боран. Терезенің алды күртік, күртіктің басынан асыра — долы жел жұмсақ қарды түтіндей бұрқыратып жатыр. Терезенің астыңғы көздері көміліп үй іші. қара келеке тартқан секілді.


— Коллектив! Бақытқа болатын жұмыс па, сорға болатын жұмыс па? Жиылыста отырған біреулер, әзілі ме, шыны ма:


— Әйелдерді де ортаға салатын болсақ екен, — деді-ау...


— Е, білдік, сенің көз дегенің Жексеннің қатыны ғой, — деп екінші біреуі оған жауап қайтарды.


Шынымен солай болса, әйелдер де ортаға салынса...


Айшаның ойына Бірмағамбеттің мінезі түсе қалды: қызғаншақ, күйгелек, томырық... «Сені жанымдай көремін, саған біреу тікелеп қараса, ішім күйіп кетеді...» дейтін Бірмағамбет кейде. Осыны шынымен айта ма екен? Шынымен айтса... «Қойшы әрі, қайдағы жоқты ойламайыншы» деп Айша осы жерде тоқталды.


Қожағұлдың тоқалы келді. Жаулығы салтақ-салтақ кір. Аяғындағы кебісі бір жамбастап қисайып кеткен. Жау қуып келгеннен жаман ентігіп, қотыр малдай пешке сүйене тұрды да:


— Апырмай, құдайдың күніне не болып еді, түбі түсіп кеткен шығар күнде боран, күнде боран, есті тандыратын болды ғой осы боран да ерігіп, жиылысқа келіп жүргендерін айтамау, «Шоқ қайыңның» 4—5 адамы үйге келіп, әкемдей болып сіресіп отырып алды. Осы күні жұртта не күй бар дейді екен? Жалғыз мәшке сойып едік, қалған жарты жаясын кеше бұзып алдық, одан басқа тұлдыр болса бұйырмасын, — деп өз алдына бұрқылдаумен болды.


Қара тоқал бір сыпыра желдіртіп келіп:


— Соларға шай қойып беріп құтылайын деп едім, екі шелекпен бармасам, боранда қайта-қайта барып жүру қиын, шелегіңді бересің бе, келін? — деді.


Қара тоқалдың не айтып, не қойғанын Айша ұғынған жоқ, өзіне құлақта салған жоқ. Жалғыз-ақ «шелек» дегенін ұғынып қалды. Жайшылықта безілдеп маңына жуытпайтын. Бұл жолы үйтпеді. Шелекті бермесе, қара тоқал мыжыңдап мазасын ала беретін сияқты болды. Содан құтылғанша асықты. Өзі үйде оңаша қалып, істеген ісін тағы бір ойлап шықпақшы болды.


— Ана жақта тұрған шығар, ал! — дей салды.


Қара шелек қолынан осылай шығып кетіп еді.


Кеш болып, үй іші қара көлеңке тартқан соң, суға барайын десе шелегі жоқ. Шелегін қара тоқалдың алып кеткені Айшаның есіне сонда түсті. Жаны шығып кете жаздады, үйткені, қара тоқалдың қолына түскен ыдыс сау қайтқан емес: кесе алса, екі бөліп қайтарады, құманша алса, шүмегін сындырып қайтарады, шелек алса...


Айша шыдай алмай, үйінен шыға жүгірді. Екі үйдің арасына жалданып тұрған қарға тізесінен батып малтықты. Оған да тоқтаған жоқ, қара тоқалдың үйіне жеткенше, қара шелекті көргенше асықты.


Шашы обырап, күлді бұрқыратып қара тоқал пештің алдында отыр еді. Есіктен кірген Айшаны көрді де, ашуланған пішінмен шымшуырмен отты көсеп-көсеп қалды. Құл бұрқырап пештің аузынан көлбеп ұша берді.


— Шелекке келіп едім, — деді, Айша ал денеден қорыққандай.


— Әлгі қағынғыр бала... Өзінің де сыйып бердім, — деп қара тоқал өшен бола берді...


Айша шошынып, сезіктеніп, қара тоқалға төне түсті. Тоқал қаймыққан түрмен қарап:


— Heгe төндің? Үлкенді сыйлап именсе қайтеді екен бұлар? Әне, жатыр шелегің, — деді.


Айша босағаға қараса, екі бүктетіліп, түбі аламайымен сөгіліп, қара шелек жатыр! Жаны шығып кете жаздады. Жалма-жан шелекті алып, қара тоқалға жіберіп ұрды. Ызаланып көзінен жасы ыршып-ыршып кетті.


— Ойбай, өлтірді мына иттің баласы! —деп, қара тоқал шаңқылдап, үйді басына көтерді.


Шам жаға Қожағұл келді. Бет-аузыңа жабысқан қар еріп, сақалынан тамшылап тұр. Көзі бұрынғысынан да үлкейіп, ұясынан шығып бара жатқан тәрізді. Тамсанып кішкене тұрды да:


— Келін шырағым, біздің әйелге қол тигізбей-ақ қойсаң болмай ма? —деп күрсінді.


— Сындырмасын, бүлдірмесін біреудің нәрсесін!


— Сындырмасын дегеніңіз дұрыс қой, бірақ, «біреудікі» дегенді қойса да болады ғой. Мана өзіңіз бар емес пе едіңіз, не деп еді өкіл? «Керекті құралды ортақ пайдаланасыңдар» демеп пе еді? Сол құралдың бірі шелек қой. Ортақ мүлікті алып-пайдаланар болар. «Сындырмасын» деңіз, оныңызға қосылам. Бірақ, «сен сындырамысың» деп ұруға бола ма? Өкіл олай деген жоқ еді ғой. Өзіңіз соған бастық болып сайландыңыз. Бастық адам ұрмас болар, «бастығымыз осыпай қылды, ұрды» деп арыз берсек, «пот-сот» кететініңізді білесіз бе?


Қожағұл Айшаға ақыл айтпақшы болып тұрып, бір сыпыра ауыр сөздерді ышқындырды. Айша үндемеді. Айша өзін тентекке салмады. «Мүлікті ортаға салу» туралы манағы жиылыста айтылған сөз Айшаның есінен шығып кетіпті. «Шынында солай екен: ортақ мүлік, алып пайдаланды. Сындырса да еркі бар емес пе?» — деп ойлады. Ойлап еді, көз алдына жапырылған қара шелек елестегендей болды. Шашы жалбырап пеш алдында албасты құсап отырған қара тоқал елестеген сияқтанды. Ашуланды ма, қорықты ма — Айша қалтырап, бойы тітіркеніп кеткен сияқтанды.


...Түн. Терезе қармен көмулі! Дала боран, жел дүрілдейді, ысқырады, ұлиды. Қараңғы үйде, Қуаңдығын бауырына басып, бүк түсіп Айша жатыр. Ұйқы қашқан. Ауыр ой кернеп, оқтасаң да күрсінеді.


Есікті біреу жұлқа-жұлқа тартты. Айша шошынып, басын көтеріп алды:


— Бұ кім?


— Мен!


Таныс дауыс. Айша орнынан ұшып кеткендей болды.


— Апырмай, боранда не ғып келдің? — деп Айша бәйек болып шешіндіріп жатыр. Үсті-басы қар, қырау, мұрты сүмбідей болып қатқан мұз, қызыл шырайлы тапал жігіт ысылдап, шешініп жатыр.


— Өй, қалқам, жүдеп қалған жоқсын ба, келші сүйейін! — деп, сауыстанған мұзымен Айшаны кұшағына тартып еді, Айша қыз күндегісіндей бұралып, бетін тосты.


Бұл келген Бірмағамбет. Бұл кеткелі қашан! Айша бүгін кейігеннен, келсе бетіне қарамаспын деп еді. Енді бетінен сүйгізіп тұр. Бірмағамбеттің мінезі солай. Басқа қазақ жолаушылап келгенде, қатынын «қарағым»демек түгіл, қатынының бетінен сүймек түгіл, адам деп елеп амандаспайды да. Бұл — Бірмағамбетке өзгеше біткен мінез...


Бірмағамбет жоқта басынан өткен оқиғаны Айша бастан-аяқ айтып шықты. Бірмағамбет бірін теріс демеді. Коллективке кіргенін, коллективке бастық болып сайланғанын айтқанда, Бірмағамбет мүлде қуанып қалды. Күліп, шек-сілесі қатты.


— Қоя тұр, күлме, қызығы бар, — деді Айша.


— Ал, айта ғой.


— Мені сотқа берем деп жатыр.


— Кім?


Қара шелек әңгімесі осы жерде келіп басталды. Қара шелек жайын сөз қылғанда, Айша қалтыранып, булығып кеткен сияқты болды.


— Түу, содан қорқып жүргенің бе? Қожағұл сотқа беруші ме еді? Қожағұлдың кім екенін білесің бе? ол саудагер, ол молда. Берікболдың жазасын шығарып қызыл бұзауды алғаны биыл күз емес пе еді? Мен неше рет айтсам да, Кәкімжанның баласы қисайып, соны налокке іліктірместен келді. Оны коллективтің малына жүргізбеу керек. Ертең мүшелеріңді жина, мен оның барлық кінәсін мойнына салып, айдатып шығайын. Ал, коллективте болсын-ақ, сонда біреудің мүлкін алып сындырсын дей ме екен? Ортақ мүлікке шелек қосушы ма еді?


— Сиыр ше, сиыр кіре ме?—деп, Айша күрсінді...


... Қараңғы түнде, төсекте жатқан күйінде Айшаның көзіне — желіні салпылдаған ала сиыр елестеп өткен тәрізденді. Жапырылған қара шелек елестеген сияқтанды.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу