01.05.2021
  233


Автор: Бейімбет Майлин

Жайдары жеңді

Талқамбай үйінің іші тас-талқан: аузы ашулы сандықтары жайрап жатыр, бірен-саран терімен Тыстаған жастықтары оттың басында, тор алдында теңкиіп жатыр, құман, шылапшын, шелектерінің бәрі домалап, үйінің ішін сумен шылқытқан...


Үйде Ерман от басында көсіліп отыр. Қатыны Жайдары төсегінің үстінде солқылдап жылап жатыр. Ұлжан бәйбіше ашу кернеген пішінмен қолы қолына жұқпай жүнді шүйкелеп жатыр.


— Байы бар жалғыз сен емес, таяқ жейтін жалғыз сен емес... Байымыз өткен өмірімізде басымыздан таяқ айырмағанда да үн шығармай, шыдайтынбыз... Бетімен кеткендікті істейсің,— деп бәйбіше оқта-санда шаптығып қояды.


Жылап жатқан Жайдары төзейін десе де, шыдамады білем: — Сенен бұзық емес шығармын. Көрінгенге шуданды өзің үлестіресің де, жаласын маған жабасың. Мен сенің күндесің емеспін ғой, — деп жылау аралас өзінің ақтығын білдірді.


Бәйбіше Ерманды салып қалды:


— Көрім, көрім!.. Қатынды бетімен жіберіп отырған сен — көрім... Сен ызғарлы адам болсаң, мен өстіп сөз естіп отырмас едім.


Ашуы қайтпаған Ерман Жайдарыны тұра тағы текпінің астына алды.


* * *


— Тыр-р-р...


— Біреу келді білем, далаға шықсайшы, мынау сиқыңмен үйінде неғып отырмақсың,— деп бәйбіше Ерманға тағы қадалды.


Ерман салмақтанып тұра беремін дегенде есіктен сып етіп ауылнай кіріп келді. Ерман да, бәйбіше де сасыңқырап қалды:


— Жоғары шық.


— Немене, көшейін деп жатырсыңдар ма?


— Мына баламыздың істеп отырғаны ғой, — деп бәйбіше салмақтанып жауап берген болды. Үйдің ішінің шашылғанына, Жайдарының жылағанына ауылнай айырықша маңыз берген жоқ. Өйткені, ашуы құрғыр кернеп келгенде өзі де қатынын жүндейтін. Бұ да соның бірі ғой деп ойлады. Сондықтан ол өзінің жұмысына кірісті.


— Кеше ауылдық жиылыс болып еді. Қалада әйелдер жиылысы болады екен. Біздің ауылнайдан 7 әйел сайланбақшы еді, соның біріне Жайдарыны ұйғарды...


Бәйбіше шошып кетті:


— Қайдағы сұмдықты шығарып жүргендерің не? Жіберсеңдер, өздеріңнің қатындарың жоқ па? Атасы басқа деп бізді қорлағыларың келеді ғой...


— Жоққа ашу шығармақшы, сайласа сайлай берсін, қатынды кім жіберейін деп отыр, — деп Ерман күшейейін деді.


Жайдары басын көтеріп алды:


— Жібермейтін сенбісің? Барам! Қайтсем де барам!.. Шешеңнің азғырғанына еріп көкала торғайдай қылып ұрғаныңды төрелерге айтам! — деп баспалата бастады.


Ерман да, бәйбіше де жым болып, сөздерін қоя қойды.


Ауылнай араға бітім есебінде сөз айтты:


— Жалғыз Жайдары емес, Сылқымның да қатыны барады, Айжан да барады... Барып қайтсын...


Ерман әлденеге қорқайын деді. Ауылнайды аттандыруға ере шығып ақылдасып еді.


— Көп ортадан сайлаған соң жібермесең, жазалы боласың,— деді.


Ауыл ақсақалы Тынымға барып жолығып еді.


— Сайланбауы керек еді. Сайланып қойған соң апармасаң, бірдемеге ұшырап жүрерсің,— деп, о да жақындық қалыппен ақылын айтты.


Ендігі кеңесетін шешесі. Шешесі жібермеу жағын қолдаса да, бірер орыс келіп әлек шығара ма деп қорыққанынан пәлендей о да ешнәрсе айта алмады.


— Құдайға сыйынып апарып кел, — деп ақырында ризалық берді.


Жайдары сиезге жүрерде, енесі: "қарағым, келін" деп мәпелеп, арбаға көтеріп мінгізгендей болды.


* * *


Өзен бойын өрлеп пар атпен Жайдары мен Ерман келе жатыр. Екеуінде де үн жоқ. Екеуінің де ойлайтыны сиез. Ерман "сиезде қатын бүлік шығарып, сабағанымды айтып, өзімді жазаға ұшыратпаса игі еді",— деп ойлайды. Бірнеше жылдан бері отасып жүрген әйелі болса да, бұрын сырын жасырмай айтып, сеніп жүрсе де, нақ бүгін сенуден қалған тәрізді. Бұрын Жайдарыға өзін қожа деп санаса да, қазіргі сағатында Жайдарыны өзіне қожа деп сезерлік халге келген...


Жайдарының ойы екінші жақта. Елдің қатынының бәрі үйінде отырғанда өзінің сиезге не себепті шақырылғанына таңданды. Шынында, сиез деген сөздің не екенін білудің өзі қиямет болып келеді. Сиез — ойын ба, әлде жұртты жинап алып жұмысқа салатын жер ме?


Жайшылықта шақыртса, Жайдарының бармаймын деп айтуы анық еді. Байынан таяқ жеп, ызаланып, кегін немен аламын деп жатқан үстіне тура келген соң, бір рет атын қинатса да ашуы қайтатын секілді көрініп еді. Сондықтан барамын деп өжеттенген болар.


Көңілінде түйткеленген жұмбақ "сиез" болғандықтан, сиездің жайын Ерманнан сұрап білуге ойласа да, үндемей келе жатқан соң, ашуланып кетер деп ойлап, батырлығы бармады. Әйтпесе "сиезді" жұмбақ қылып қалдыруды лайық көрмей, сылтауратып сөз қозғады.


— Біз қайда барамыз?


— Сиезге барамыз.


— Сиезің не?


— Сиез — жиылыс.


Сиездің толық мағынасын Ерманның өзі де білмейді. Тек жұрттың бас қосатынын ғана сезеді.


Ерман сөзге кірісті.


—... Біраз жыл бірге өмір сүрдік. Араздық, татулығымыз ретіне қарай болған шығар. Бірақ оны кек қылмай, жарасып кете беруші едік қой... Бұл жолы да соның бірі ғой деймін. Сиезде пәлен-түген деп мені ренжітіп жүрмегейсің!


— Жарар! — деді Жайдары.


Бұдан былай екеуі ашылып, ойын-күлкіге кірді.


Жайдары мен Ерман сиезде болды. Жиналған қатындарды көрді. Қаладан келген өкілдің бірталай сөзін есітті. Оның сөзіне қарағанда Ерманға таң ату жоқ. Сиез аяғында Жайдары қаладағы сиезге баратын болып сайланды. Ерманда үн жоқ. Қайда сайланса да апара беруге мойын ұсынғандығын білдіріп отыр.


Сиезге сиез жалғасты. Әдейі сайласа да, қалжың есебінен сайласа да ауылнай Жайдарыны сайламай қалдырмайтын болды. Жайдары ауылдық кеңестің мүшесі болды. Облыстық жиылысқа өкіл болып барып, жәрдем комитетінің төрағасы болып алды. Үйде тұруынан түздегісі, жұмыстағысы көп болды. Енесі де, байы да бұрынғыдай ұрсу, сөгу, ұрудың орнына алақандарына салып мәпелейтін болды.


Жайдары ел жұмысымен жүріп келгенде базардан келгендей алдынан жүгіре шығатын болды.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу