30.04.2021
  583


Автор: Мұқан Иманжанов

Қош бол, досым!

(Майданда қаза тапқан талантты жас жазушы, жан досым Баубек Бұлқышевтың өліміне)



Бұл өмірдің қызығы махаббатпен,
Көрге кірсең үлгілі жақсы атақпен.
Арттағыға сөзің мен ісің қалса,
Өлсең де өлмегенге боласың тең.


Абай



Ардақты дос, менің алдымда сенің армияда еткізген соңғы төрт жыл өмірін ішінде жазған хаттарың жатыр.


Мен осы хаттарды бүгін кайта оқып, терең ойға шомып отырмын. Мына бір топ хат бейбіт күнде жазылыпты. Мына біреуі — дәл соғыс басталар күнгі жазған хатын. Ал соғыс күндеріндегі жолдаған хаттарың өз алдына бір буда болып ол тұр... Осы хаттардың әрқайсысында өзекті өмір жатыр. Әр хат — әр уақыттағы жан күйіңді алдыма жайып салып, жас адамның үлкен ойын, досқа, елге деген отты махаббатын, жауына деген өшпенділігін көз алдыма елестетеді.


Міне, мен оқи-оқи келіп, дәл ұрысқа кірерден бұрын жазған бір хатыңа жеттім.


«...Достым, есіңде бар ма, Корчагин соғыста жараланып, ауруханаға келіп түскенде партбилетінің арасынан «Егер өле қалсам ағама білдір» деген адрес жазылған бір кішкене қағаз шығады ғой. Міне, сондай қағазды жазуға бізге де кезек келді. Аты-жөнімізді жазып, ез бойымызда сақтау үшін әрқайсымызға кішкентай медальон берілді. Бұл минут өмірі естен шықпас-ау! Осы кезде «Өлім, Өмір» деп жарыса ұшқан екі сөзді айтсаңшы! Мен айналамдағы жолдастарыма қарадым. Бәрі де үнсіз тына қалған. Бәрінің де жүзінен байсалды пішін, терең ой аңғарылады. Ия, достарым ойға кеткен. «Кімді жазу керек?» Біреудің әкесі ауылда, ағасы қалада деген сияқты, ен алдымен жаманат хабарды кімге естірту керек? Бұл, шынында, ойланатын минут.


Жігіттер жазуға кірісті. Біреулері туған жерінің, ата-анасының адресін, екіншілері ағасының немесе сүйген жарының адресін жазып жатыр. Қысқасы, әркім ең сүйікті, ең жақын адамын жазуда.


Әлден уақыттан кейін мен де жазуға кірістім. (Сол қағазды әлі сақтап жүрмін, жоғалтпай саған көрсетермін-ау!) Мен кімді жазды дейсің ғой? Ең жақын, ең досым деп жазған кісім сен б|ілмейтін біреу болды. Егер өліп кетсем сол жазған адамыма ете ауыр тиеді-ау деп те ойладым. Дегенмен, менің өлімімді басқа біреу естігенше, әуелі сол ең жақын адамым естісін дедім. Ол адам — адал досым еді, сен едің...»


Қайран дос, қайғылы қазаң үстінде жүрегіңнің қанымен жазған осы хатыңды бір емес, бірнеше оқыған болармын. Оқыған сайын асыл хаттың әрбір сөзінен өмірдің самал желі есіп, өлмес достықты мезгеп тұрғандай болады.


Адам жан күйер жақынын сағынғанда, ең алдымен, оның тәтті қылықтарын, қызық мінездерін еске түсіреді. Содан кейін оның бейнесі елес береді. Мен дәл осы сәтте толқынды ойға батып, толғанып отырмын. Көз жұмулы, көңіл ояу. Алдымда сен тұрсың. Балдай тәтті балалық шақ, білім берген мектеп, бір жүріп, бір тұрып өткізген қимас күндер, келешек туралы тәтті қиялды бөліскен жастық кездер кештей тізіліп өтіп жатты. Мен әлденеге асыққандай, ойымды алға оздыра түсем. Ой озып, бүгінгі күнге жақындаған сайын сенін тұлғаң толысып, зорая береді... Сабақталған ой жалғаса-жалғаса келіп соғысқа жетті. Одан сенің ең ақырғы минутына тірелді. Өлер алдындағы қанды шайқас көз алдымнан бұлаң берді. Жауға сұстанған бойың қабағыңнан кәр төгіп, қасқая алға ұмтылдың сен. Сенің жайдары жүзіңді ыза мен кек торлаған минутты мен, міне, тұнғыш көріп тұрмын. Күлімсіреп тұрған өткір қара көзің от шашып, жайнай түскен.


«Менің өмір сүргім келеді. Бірақ неміспен бірге өмір сүре алмаймын. Немісі бар дүние тар мен үшін... Бір жердің үстінде неміспен бірге жасай алмаймын мен. Сондықтан да, өлтіруім керек немісті... Мен Шығыс адамымын. Батысқа кетіп барамын. Меңің елім: «Шығыс ұлы, жолың болсын! Шығысқа жеңіспен қайт! Мен сені Алатаудың аясында қарсы алармын», — деп тұр дегендей боласың.


Осы үн төбеңде ту болып желбіреп, алға бастап бара жатқандай. Жолдастарың да сенен қалыспай, немістердің басына заманақыр орнатуда. Сендер дұшпанның бір бекінісін алып, екінші бекінісіне төндіңдер. Олардың бората жаудыраған оғы сендерді бөгей алған жоқ... Амал нешік, дәл осы минутта қаңғырған бір ажал оқ дәл сенің жүрегіңнің тұсынан қадалды. Сен тәлтіректеп барып кеудеңді басып отыра кеттің. Ақтық сағатың соқты. Аузыңнан «қош» деген бір ғана сөз ұшты. Дәл осы сәтте осы бір ғана сөзге сыйды бар ойың!


Жоқ, бұл әшейін елес қой. Мүмкін, ауыр жаралансаң да, жас жүрегің соғуын көпке дейін тоқтатқысы келмеген болар. Өмірді сүйген жан едің, өліммен қанша алыстың екен, жас азамат! Көкіректен аққан қан көзіңді мұнартып, талықсытса да, өлімге дес бермей біраз жаттың-ау, бауырым! Осы аз ғана минутта жарылған бомба, атылған оқ астында анаңдай сүйген Арқаңды жүйрік қиялыңмен неше шолып шықтың екен! Еліңнің сұлу Жаннасы, сүйікті құрбы-құрдасың, төл елің жүрегіңді жүз бұрап, жаныңды қандай толғандырды екен! Есіл ер, егілдің-ау сонда сен!..


Әлде төс қалтаңдағы комсомол билетің мен Жаннаңның суретін қолыңа алып жау алдында асқан тәкаппарлықпен кеудеңді көкке көтерген бойын:


— Риза бол, ел-жұртым, риза бол, жаным Жанна, ақтық минутыма дейін азаматтық арыма кір шалдырмай, қайтпас сапарға кетіп барамын! — дедің бе екен көз жанарыңа ұлан байтақ Отаныңды сыйғызып.


Я, өлер алдында сен осыны айттың! Осы сөзбен жұмдың сен. Сенің отты жүрегің маған осылай деп тур.


Қапаланбай, алаңсыз аттан дүниеден, бауырым! Ел алдында азаматтық, борышыңды ақтадым деп біл. Сен ерлерше күресіп, нағыз ерлерше қаза таптың. Азамат ақынша ойлап, кейінге ойыңнан мұра қалдырдың. Рас, сен енді жоқсың. Сенін аттай тулаған асау жүрегің соғуын мәңгі токтатты. Бірақ сен ойлаған ой, сендегі өзекті махаббат өлген жоқ. Есіңде ме, «Ерлердің өлімінде де өмір бар» деген жоқ па едің өзін? Сондай ердің бірісің сен!


Өмірде өлмейтін адам жоқ. Адамның алып анасы — қара жер перзентін құшағына бір алады. Адам көп дегенде жүз жасап сол анасының құшағына енеді. Адамға көп жасау ғана мұрат емес, оның үстіне, көп білу, кейінгіге көп енбек қалдыру мұрат. Адам бір ғасыр да өмір сүрмей дүниеден аттанады. Ал, оның ақыл-ой, еңбегінің тарихы мәңгі жасайды. Адам болып дүниеге келіп, адам болып дүниеден кету үшін ол, міне, осыны өз алдына мақсат етіп қояды.


Сен нағыз Адамша дүниеден қайтқан жансың. Шағын өміріңде дүниеге «Заман біздікі» деп тұнық ойынның бетін қасиетті, мағналы сөзбен аштың да, өз жүрегіңнің, бүгінгі жастар жүрегінің төрешісі бола білдің. Сол үшін құрбыларың сенің аз еңбегіңді көптей көріп, қолдарынан тастамай оқиды. Оқыған сайын олар атынды құрметпен ауызға алып, біздің заманымыздың, жастықтың жаршысы деп сені мақтаныш етеді. «Біз күресте тудық, сол күреспен өлеміз де. Осының бәрі сендер үшін, кейінгі ұрпақ!» — деген сөзін құрбыларыңның, іні-қарындастарыңның жүрегінде. Олар бұл сөзіңді ешқашан да ұмытпақшы емес! Ұмытылмайсың сен!


Естисің бе, Шығыс ұлы, сен олармен бірге өмір сүрудесің. Ендеше, қыршынымнан қиылдым деп егіле көрме!


Біз кеше Жаннаға сеңін қазаңды естірттік. Ауыр қаза жас аруға қатты батты. Ол алғашқыда көз жасына булығып, есі кеткен адамдай, сазарып отырып қалды. Бірақ ол ақылды еді ғой, сол ақылдылығын істеді. Көзден аққан жасын кенет сүртіп тастап, орнынан ұшып тұрды да:


— Жоқ, досқа деген махаббатты кез жасымен жуу — бишаралық. Біздің заман — бос егілудің заманы емес, күрес заманы. Адал досым арман еткен жеңіске, келешекке арналады бар ой, бар күш-қуатым. Ауыр қазаға жауабым осы болар менің! — деп өзі жұмыс істейтін заводқа жөнелді. Естимісің, Шығыс ұлы, жанын сүйген Жаннан осылай деді! Өзінше ойлап, өзінше ерлік іс етті.


Дәстүр, игі дәстүр есіме түседі менің! Халық үшін, Советтік Отан үшін кызмет ету — осы ғой біздің дәстүр. Осындай ұлы қасиетке баулып, білім беріп есірген совет мектебі қандай ыстық саған! Дәстүр! Халқымыздың көне заманнан келе жатқан шынайы дәстүрі совет елі тұсында жаңа арнаға құйылып, жаңа арнамен шалқып аққан еді. Осы арнадан өзіңе өзекті ой, ерен күш алып «екен едің сен. Абайдан ақыл мен ақындықты, Шоқаннан білім мен сүйіспеншілікті, Махамбеттен батырлық пен қайсарлықты үйрендің сен. Пушкин мен Толстой, Чехов пен Горький ше! Олардың тартқан сыйын қайдан ұмытарсың!


Ұлы ойдан улы арман, улы арманнан ұлы іс туған заманда жасаған ұрпаққа кәрі тарих кез тастап, жіті қарағанда сен де атаусыз қалмайсың. Осыған қуан, бауырым!


Міне, сендегі ой, сендегі қасиеттерді Жаннан алды. Бұл сенің де ұрпақ үшін кызмет еткеніңді көрсетеді. Абай мен Пушкинді, Белинский мен Шоқанды, Некрасов пен Махамбетті, Горький мен Маяковскийді сүйген халық солардың ұшқыны сияқты жарқ етіп, өше қалған сен сияқты асылын да ұмытпайды.


Сен азат жерді, өзіңнің Сарыаркаңды, бүкіл совет жерін қорғап жүріп мерт болдың. Саған топырақ туысқан. Украина жерінен бұйырды. Бұл жерде сен сияқты талай өндір бауырларың қаза тапты. Қазір сол жер, сендер қорғаған, жаудан кеп азап шеккен, қасіретті жер гүл-гүл жайнап, қайта кектеді. Әзің сүйіп жыр еткен Украина аруының апа-сіңлілері сенің жас қабырыңа сүйіспеншіліктің белгісі — қызыл гүл екті. Бүл — саған, сенің жолдастарыңа деген халық махаббаты. Сен украин қызын жеке бастың сүйіспеншілігін ауыр күнде Отанға деген ұлы махаббатқа ұштастыра білдің деп мадақтап ең, бүгін сенің құрбыларың сені де Жаннаға деген махаббатын өмірдің асқар шыңына көтеріп, ел махаббатына ұштастырды деп мадақтайды.


Ұлы арманның иесі, артына із қалдыруға ұмтылған, ерте жанып, мезгілсіз сөнген, сүйікті Шығыс ұлы, топырағың торқа болсын! Қош, бауырым!


Тауұлы


«Соц. Қазақстан» 1944. 21 май




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу