Әңгімелер ✍️
Кітап
Бұл оқиға сенбі күні басталды да, жексенбі кешімен аяқталды. Ал, әңгіме кейіпкері, Ленин атындағы колхоздың күзетшісі. Мейрам қарттың ұғуынша, бұл оқиғадан туып кеткен жайлар ешқашан ұмытылмас өмір дастаны тәрізденді де, оны қуаныш пен алғыс аралас бір тәтті күйдің сорабына салды.
Әңгіме былай еді: жексенбінің қарсанында Сәлім (қарттың немересі) фермадағы екінші үйіне, өзінің әке-шешесіне кеткенде, қарт түнгі күзеттен қайтып, үйінде қаннен-қаперсіз ұйықтап жатты. Кенет оның құлағына «тұр, тұрлаған» дауыс шалынып, көзін ашса өзінің кемпірі екен:
— Жұрттың бәрі кітап дүкеніне барамыз деп кетіп жатыр. Сәлімжанға сен де бірдеме алмаушы ма едің, — деді ол.
Соңғы күндерде колхозда кітап дүкені ашылғалы жатыр дегеннен Мейрам да хабардар болатын. Сол дүкенге арнап салынып біткен кішкентай ақ үйге де бір кіріп шыққаны бар. Әйтседе, сол дүкен дәл бүгін - ертең ашыла қояды деген оның ойында жоқ-ты. Мұнысын білгенде, немересін фермаға жібермес те еді. Мұны білгенде, бір айдан бері: «Талай тамаша кітап аламын» деп үміттеніп жүрген Сәлімнің өзі де кетпес еді.
Мейрам дүкен дәл бүгін ашыла қоюы мүмкін емес деген оймен кемпіріне:
— Неғып бүгін ашыла қалды? Сен қағыс естіген жоқпысың? — деп қайталап сұрады.
— Бұған бірдеңе айтсаң, әуелі өзіңді тергеп болады. Анық дедім ғой. Естай ұлын, Күлжәмила қызын ертіп мана кетті. Жұрттың бәрі кетіп жатыр.
— Барсам, барып-ақ қайтайын,— деп Мейрам жайлап орнынан тұрып, киіне бастады.
— Сен ырғалып-жырғалып барғанша ел көшіп, той тарқайды ғой.
— Ақша бер.
Шешей 50 сомдықтан екі қағазды ұсынып:
— Оны-мұныға жоқ қылмай, өзіне керек деген кітапты ал! — деп ескертті.
Шалы үнсіз шығып кетті.
«Өзіне керек деген кітапты ал». Біздің кемпір қызық! Оған қандай кітап керегін мен қайдан білем» — деп ойлады Мейрам жолшыбай.
Кемпірінің айтқаны шын боп шықты. Дүкен маңы адамға сыймайды, сапырылысқан жұрт. Біреулер кітап, дәптер құшақтап қайтып жатса, екінші біреулер ағылып келіп жатыр. Әсіресе, колхоздағы бала біткен сонда көрінеді. Өзара дабырласып, мәз-мәйрам болған олар қарттың кітап алуға келгенін көріп:
— Ата, дүкеннен мына кітапты алыңыз.
— Мына кітапты алыңыз!—деп ылғи бір жақсы тысталған кітаптарды кезек-кезек көрсетіп, шулап қоя берді. Қарт әрқайсысының аузына бір қарап, ананың да, мынаның да көңілін қалдырмай, едәуір уақыт солардың ортасында сөзге алданып тұрып қалды. Көз алдында асыр салған осынау кішкентай адамдардың бақытты балалық шағы, оның сонау адыра қалған сиықсыз балалық шағын есіне түсірді. Он біріне - бірі ұқсамайтын екі балалық шақ суретін ап-айқын етіп көз алдына алып келді. Бірі — келмеске кеткен өзінің аянышты жастық шағы — алыстан мұнартып, күні батқан қараңғы түндей тұнжырап, біресе күңгірттеніп, біресе мұңды шумен күңіреніп, ащы сарынмен көкейтесті күйін шертіп тұрғандай болады, ал екіншісі — қолтығына кітап қысқан кішкентай адамдардың балалық шағы — еркіндікті, шаттықты білдіріп, жарқын келешекке қол созады, жанын кітаппен жалғастыра, асқар өмірге қанат қағады...
Бала қызығына құмар қария осындай ойда тұрғанда іштен бір бұда кітап алып Сайдаш мұғалім шықты.
— Ақсақал, неғып тұрсыз? — деді ол қартқа бұрылып.
— Мына балаларымның кітаптарын көріп тұрмын.
— Өзіңіз кітап алмайсыз ба?
— Алсам ба деп едім. Адам тым көп көрінеді...
— Көп болғанмен сізге кезек бермес дейсіз бе, жүріңіз.
Мұғалім кітабын шәкірттеріне қалдырды да, өзі алға түсіп, қартты соңынан ертіп ішке бет қойды.
— Жолдастар, былайырақ сырылып, ақсақалға жол босатыңдар,— деп кезекте тұрғандардан ығысуды сұрады ол.
Жұрт Мейрамды көріп, жарыла жол берді. Қарт пен мұғалім көпшіліктің арасымен жайлап жылжып барып, дүкеншінің алдына тақалды.
— Жолдастар, сәл аялдаңдар, мына ақсақал керегін алсын — деп дауыстады мұғалім.
— Аялдайтын не бар, сол арада тұрып-ақ керегін айтсын да,— деді дауыстар.
— Мейреке, сізге қандай кітап керек? — деді дүкенші оған мойнын созып.
— Ал, айта қойыңыз,— деді мұғалім Мейрамға бұрылып.
Қандай кітапты сұрарын білмей, қарт сасайын деді.
— Ау, неге үндемей тұрсыз, керегіңізді айтсаңызшы...
Өмірі хат танымай келіп, Совет өкіметі жылдарында сауатын ашқан, кейін жасы ұлғайған сайын кітапқа үңілсе көзі суырын, белі де ауырып, ештеңе мандытпай қойған Мейрам, өзінен-өзі кітап әлемінен сырылып, шеттеп қалған еді де, соңғы жылдары немересінің оқып бергенін ғана місе тұтып алғанды. Сөзге келсе, алдына жан салмайтын, өзі теңдес қарттардың біріндей еңбек те ете білетін, үлкен-кіші арасында абыройы да бар ақсақал, жөнелдемеде таңдау айта алмай, кітап алдында сүрініп қалды.
Анталаған жұртты аузына қаратып, бөгеп қоюға қарттың дәті де шыдамады.
Мұғалімге:
— Маған несін қарайсың, немереме керекті қызық кітаптарды өзің - ақ айтып, ала берсеңші,— деді.
— «Полк баласы» бар ма еді?
— Әлі пысық, батыр бала жайындағы ма?.. Иә ол бар.
Мұғалім осындай бірнеше кітапты атап еді, қарт кейбірін білсе де, кейбірінің бар-жоғын айта алмады.
— Жұртты иіріп қойып, сақалыңды сипап, баптанып тұрасың ба, алатыныңды айтсаңшы,— деп немересімен терлеп-тепшіп тұрған Бижамал шешей реніш білдірді. Осындай қысылшаң жағдайда Мейрамның аузына түскен сөз мынау болды:
— Маған жұрттың бәрі қолдан-қолға тигізбей алып жатқан, ең қадірлі деген бір кітап әпер. Сонсоңғысын өз қалауың білсін.
«Ең қадірлі кітап» деген қалау мұғалімді көп ойландырған жоқ. Бұл кітап оған ежелден мәлімдей, қалтасынан 50 тиын алды да, дүкеншіге ұсынды. Дүкеншінің көңілінде де бұл кітап сайрап тұрғандай сезілді. Ол жұрттың бәрі алып жатқан, жұп-жұқа, жұпыны тысталған, кішкентай кітаптың бірін мұғалімге берді. Осыдан кейін мұғалім өз таңдауын айтып, тағы бірнеше кітап алды да, әлгі жұқа кітапшаға қосып қартқа ұстатты. «Өзі арзан, өзі көзге жұпыны, бұл не қылған қадірлі кітап» деп ойлаған Мейрам қарт тысқа шыға сала, сол жұқа кітапшаға үңілді де, көңілі толғандай миығынан күліп қойды.
— Бұл немеремнен де гөрі, өзіме керек кітап екен...
— Бұл немереңізге де өте қажет кітап,— деді мұғалім.
2
— Мен саған көп кітап алдым,— деп қуантты қарт немересін. Сәлім атасы алған кітаптарды көріп шықты да:
— Әттен бір кітап есіңізде болмаған екен,— деді.
— Ол қандай кітап еді? Мүмкін, мынау шығар? —деп қарт төс қалтасынан алып, манағы жұқа кітапшаны көрсетті.
— Нақ өзі,— деп бала қуанып,— мұны неге бөлек алып қалдыңыз?
— Бұл саған емес, өзіме алынған кітап.
Бала атасынын, бетіне таңдана қарады.
— Неге қарайсың?
— Сізге өзім оқып бермеймін бе?
— Оқуын оқып берерсің, ал сақтауын өзім сақтаймын...
— Ал менде тұрса қайтеді?..
— Бұл өте қасиетті кітап қой, балам, сенде тұрса әркімдер ұстап, кірлетіп, тоздырып тастауы мүмкін.
— Ой, қызық екенсіз, ата, бізге бүгін осы кітап бойынша сабақ басталды. Ал, сіз .сақтап қоям дейсіз...
— Әрине, оқуыңа болады. Тек ықтияттап, кітапты тоздырмай ұстау керектігін айтып отырмын.
Ол осыны айтты да, қолында тұрған кітапқа қайтадан бір көз тастап, күлімсірей қарап қойды. Сол шақ жүзі, рақат кешкен бір шырай туып, гүл-гүл жайнап кетті. Нұры сөне бастаған, айналасын қалың, терең әжім басқан көне көздері де осы сәт от жанғандай жарқ етіп, көп сырды баян еткендей боп, немересіне қадалды. Бала да өзінің мөлдіреген әдемі көзін атасының жүзінен тайдырмай:
— Оқымай құр сақтағаннан не пайда!—деп қалды.
Қартқа немересінің мына аңғал айтып салған сөзі түрпідей тиді. Жап-жаңа ғана өңінде тұрған жылы шырайдың бәрі демде жоқ болып кетті де, сай - сай болған, еті қашқан бет терісінің бәрін екі қасының арасына тыжыра жинап алып келіп, қатпарланған қабағын жауар күндей тұнжыратып жіберді.
— Өзім оқымасам, оқытпаймын ба саған, оқытпаймын ба басқаға?..
Атасынын жаратпай қалғанын аңғарған бала да өз ойын айқындауға асығып:
— Біреу оқып берген, қанша дегенмен, адамның өзі оқығандай болмайды ғой. Мен соны айтам,— деді атасынын қас - қабағына жаутаң-жаутаң қарап.
Қарт бұл сөзге жауап іздеп тілмарсымады. Бұл оған қаршадай бала айтса да, тауып айтылған пікір сияқтанды. Әрине, өзің оқығанға, ұлы адаммен өзің тілдескенге не жетсін!
Ұлы ой-пікірден шыққан асыл сөздерді кітап бетінен өз көзіңмен шолып, өз көңіліңмен оқып жүрекке құйсаң, тіпті де жақсы болар еді-ау, деп ойлады қарт.
Жыл сайын қаншама миллиондап шықса да, халық ішіне демде тарап, халықтың жанымен біте қайнап, әр жүрекпен жалғасқан, барлық совет адамының төрінде сақталатын, азаматтың бақытты тағдырын бір бойына сыйғызған, осы ұлы кітапты қарт аздан соң немересіне ұсынды.
Аталы-балалы екеуі— бірі өмір жолын аяқтауға тақалған қарт азамат, екіншісі сол жолға жаңа ғана бет қойған болашақ жас азамат — осы ұлы кітапқа күлімсірей қарап, едәуір үнсіз отырды.
— Бар ырыс, бар тыныс, бар тіршілік бір бойынан табылған бақыт кітабы — ұлы заң! — деді қарт даусы дірілдеп.
Бала үндемеді. Бірақ ата сөзін іштей қайталап, бұл ұлы заңды өз тілінде, өз бетімен оқи алатын күллі совет азаматының қуанышын білдіргендей, оның кішкентай жүрегі лүп-лүп соқты.
Ноябрь, 1940
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter