Әңгімелер ✍️
Дос қайғысы
(Қазақ қызының күнделік дәптерінен)
I
Не деп жазсам екен бүгінді? Аузыма сөз түспейді. Ойлансам болды, өне бойым дірілдеп, көзіме жас толады... Жоқ жазуым керек. Дос үшін қайғырған жүректің суреті ақ қағазға түссін.
Тым уайымшыл болғаным ба? Атамаңыз. Басқа құрбыларым сияқты мен де қуаныш кешкен жанмын. Бірақ ойсыз қуаныштан аулақпын. Қуансам, шын қуанып, қайғырсам, шым қайғырамын. Шын қайғыра білмеген жүрек — шын қуана да білмейді деп түсінетін адаммын мен. Әңгіме дос қайғысы жөнінде болғандықтан дәптеріме бүгінгі жазатын сөздерім де күндегіден өзгеше болмақ. Егер бұл жазғаным әлдеқалай бір құрбымның қолына түсе қалса, үстірт қарамас, жан сырын ұғар, достықты бағалар деп сенемін.
Ойға түсіріп көрейінші әуелі. Түнгі сағат 12-де институттан кайтып, үйге келгеннен басталды бүл қайғы. Үйге кіре су ете түсті жүрегім. Мен сабаққа кетерде ғана жайраңдап тұрған Шолпан апайдың шашын жайып, егіліп отырғанын көргенде не болғанымды білмедім. Аза бойым қаза болып:
— Не болып қалды? — деп келіп құшақтай алдым. Тіл қатпады ол. Сәл селт етті де, өксігін баса алмай, жағын таянған күйі үнсіз отыра берді. Көзім стол үстінде жатқан бір жапырақ қағазға түсті. «...Қаза тапты» деген екі сез баян етті бар сырды. Жақсы ағаның қазасы қатты батты жаныма. Ыстық жас бұршақтап ыршып кетті көзімнен. Әйтсе де, шыдауым керек. Жан жарынан айрылған қаралы жұбайды жұбатудың орнына қоса егілсем, не болғаны! Бірақ, өз жүрегін қоса тулап, егіліп тұрғанда сөзуарлық қайда! Жан күйер жақынына жылама деп ділмәрсу оңай болып па! Не демекпін, не деп жұбатпақпын? Оған қымбат Хасен маған да қымбат еді, бірге туған бауырымдай еді, Тәрбиесінде өсіп едім мен. Сол аяулы ағадан айрылыппыз!
Екі көзім Шолпан апайда. Тіл қатып, тоқтау айтқым келді. Әттен дүние, сөз түспейді аузыма! Бар тапқаным:
— Жыламашы, егілмеші! — дей беремін.
Уақыт жылжып өтіп жатыр. Жеті түнде, оңаша үйде күңіреніп біз отырмыз. Қашан атады тан?.. Міне, ол мөлт-мөлт тамған көз жасын сүртті де маған бұрылды.
—Жаным, Жанна! Шынымен-ақ аңырап қалғаным ба? — деді көз жасын парлатып.
Жүрегімді солқ еткізді Жанна деген жалғыз сез. Жанат демей, Жанна деді-ау ол мені. Жайшылықта айтпайтын бұл есім аузына қайдан түсті екен? Әлде Баубегім сүйіп қойған ат жүрегіне жақын сезілді ме қазір?.. Қайран Баубек!..
Менің ауыр ойға шомғанымды аңғарды ма, әлде жүрегін қарс айырған қайғыны сыртқа шығармақ болды ма?
— Шынымен-ақ аңырап қалғаным ба? — дегенді тағы айтты. Бұл сөзді неге айта беретіні маған аян. Зілдей ауыр қайғы бар жүрегін қайғыдан да ауыр ой басқан. Достық қарыз туралы ойланып көргендеріңіз бар ма? Ойлап көрген кісі мұның жайын жақсы біледі.
Дос өлді. Енді ол жоқ. Ендеше достықтың да өлгені ғой. Жоқ, жоқ, достық өлмейді! Қалайша?! Бұл әншейін қимағандықтан айтылған сөз емес пе? Егер олай болмаса, сол достықты әрдайым айқын бейнелеп отыратын өмірде бір белгі болса керек қой. Ол қандай белгі?..
Оның жасқа толған қара көзі маған осы ойды аңғартады.
— Жаным Жанна, — деді ол кенет сергіп кеткендей болып, — Баубек марқұмның елім туралы жазған бір өлеңі болушы еді ғой, қалай басталатын еді?
Мен оның қай өлеңді ойлап отырғанын біле қойдым да, айтып бердім:
Не қайғы дүниеде: өлім қайғы —
Сүйген жар кейін қалса, жас жұбайы,
Қайткенде ғазиз жаның егіледі,
Жас жүрек шыдамайды, шыдамайды!
Шолпан апай өлеңді тыңдап болды да:
— Жас жүрек шыдамайды, шыдамайды! — деп күбірледі. Мен де осы жолды ішімнен бір қайталап шықтым да, көңілім бұзылып, теріс айналдым. Дәл сол кезде, Баубектің қабырғада ілулі тұрған суретіне көзім түсті.
— Жас жүрек шыдамайды, шыдамайды! — дегенді қазір айтып тұрған сияқтанды ол. Екінші жаққа бұрылып едім, қарсы алдымнан Хасеннің суреті де:
— Жас жүрек шыдамайды, шыдамайды! — деп тұрғандай болды.
Қайран достар, аяулы ағалар! Сендермен асыр салып бірге өткізген тәтті күндер ұмытылар ма?! Қайғы дегенді кім білген ол кезде!
Міне, сондай асыл достын екеуі де жоқ енді. Бірақ достық қалмай ма? Толғантады, егілтеді, тебірентеді бұл сұрақ.
Ауыр оймен біз отырмыз. Таң да енді жуық болар. Шолпан апай бұрынғысынан да мазасыздана бастады. Маған:
— Жаным Жанна! Ұйықта, демал! — дейді. Мен ұйқым келмейтіндігін айтсам да, «жат» деп болмайды. Оған таңды жалғыз күзеттіріп, ұйықтамақпын ба мен? Қайдағы ұйқы!
— Өзің жатшы, біраз тынысташы! — деймін мен. Ол басын шайқайды.
— Сәулешім, жата бер, мен де қазір жатамын!
Адамды ауыр ой басқанда, кейде жалғыз отыруды жарататынын мен жақсы білемін. Мүмкін, дәл осы минутта жанында ешкім болмағанын ұнататын шығар Әлде маған демалсын дей ме екен?
— Жатшы, жаным! — деді тағы да. Мен оның жүзінен де, дірілдеген даусынан да, қиылып сұраған жалынышты пішінінен де жалғыз отырғысы келетінін аңғардым. Көңілін қимай, амалсыз өз бөлмеме келіп, төсегіме қисайдым.
Ол орнынан тұрып, ерсілі-қарсылы жүре бастады. Мен көзімді алмай телміре қараудамын оған. Аздан кейін, сандықты ашты да, кеп хаттар алып, оқуға кірісті. Бұл хаттар бір кездегі өмірді көз алдына тағы әкелді. Әсіресе бір хатқа көп тесілді де, көкірегіне басып:
— Хасенім, Хасенім, ақтық жазған хатың мынау. «Көруге асығамын өзіңді», — дейсің. Мен де көруге асықпадым ба?.. Қайтып шыдармын енді? — деді күбірлеп. Өне бойым дірілдеп көзім қарауытқандай болып кетті.
Ол, міне, екінші бір сандықты ашып, ішінен әлденелерді іздей бастады. Көп заттың арасынан қолына кішкентай бір көйлек ілінді. Оның солғын жүзіне аздаған бір қуанышты шырай пайда болған тәрізді. Көйлекті қайта-қайта иіскеп, көз жасын төгіп-төгіп жіберді. Шыдап жату қайда, мен де келдім қасына.
— Көрдің бе, Жанна жан, кішкентай Досболымның көйлегін. Тым болмаса, бұл да тірі болмады, жоқтатпас еді ғой Хасенді. — Кенет, көйлекті иіскеді де: — Қандай әдемі! Иісі қандай жақсы! — деді.
Онысы рас, бір хош иіс менің де мұрнымды жарып тұр.
Таң да атты-ау, әйтеуір! Жаман хабар жата ма, дос-жарлар жиылады қазір. Мен оған дейін Шолпан апайдың сабақ беретін мектебіне барып, оның бүгін келе алмайтынын айтып шығуым керек. Я, отырмайын. Жүгіріп мектепке кеттім. Тез оралдым. Келсем, ол кісі жоқ. Зәрем ұшып кетті. Суық хабарды естіген көршілер де көздеріне жас алып, қамығысып тұр.
— Байғұс, жақсы көруші еді ерін, кім біледі? — дейді бір шешейлер.
«Кім біледі» деген сөз мені қатты қобалжытады. Достық қарыздың жауабы осы «кім біледі» болғаны ма?.. Мүмкін емес!...
Қайда кетті Шолпан?..
Уһ, шаршап кеттім ғой! Бүгінге осы да жетер. Жалғасын кешке отырып жазармын...
Қайда кетті Шолпан?
Осылай бастасам ба екен күнделікті дәптеріме бүгінгі жазатын сөзді? Жоқ, достық мәңгі өлмейді деп бастауым керек. Жұртқа қайдам, өзіме осы ұнайды.
Достық мәңгі өлмейді! Достық мәңгі өлмейді! Осы сөзді қайта-қайта жаза бергім келеді. Жүрегімді кернеп тұрған да осы сез...
Жә, оқиғадан озбайын. Сонымен, қалада өзім білетін жерден бармағаным жоқ. Ешкім білмейді.
Салым суға кетіп, үйге кайттым. Келсем, үйдің іші толған адам. Таныстардың бәрі жиылған. Көрші әйелдер бірі шай қойып, екіншісі ет асып, табанынан тік тұрып, қызмет етіп жүр. Манағыдай емес, үй ішіне өң кіріп қалған сияқты. Келген бетте көзім Шолпан апайға түсті. Қайда барды екен деген ой қонақтар кеткенше есімнен кетпеді. Қонақтар тарасымен:
— Қайда болдың, қайда болдың? — деп кұшақтай алдым.
— Жаным Жанна, Жаннатым! Осындамын! Ұзап қайда кетуші едім!
Ол көзіне жасын ірікті де, менің шашымды сипады. Дәл осы минуттағы оның пішіні баласын уатқан ана сияқты болып көрінді маған. Мен қатты құшақтап алып сүйе бастадым оны. Ол да мені құшағына тартты. Жанды жеген қайғыны осылай іштей баяндап едәуір уақыт үнсіз тындық екеуміз де. Міне, ол құшағын жазды да:
— Сен маған жана қайда болдың дедің бе, Жаннат? Айтайын қайда болғанымды, — деді. Содан кейін аз кідірді де: — Жаннат, біз бұрын екеу болсақ, енді төртеу боламыз! Естіп отырсын ба, біз енді төртеу боламыз! — дегені ғой.
Өне бойым мұздап қоя берді.
— Не деп кеттің, ұқпай қалдым!
— Төртеу боламыз.
Бүл не ғажап, ұқпаймын! Ақылынан адасқан ба, байғұс?
Ол мені кішкентай балаша тағы да шашымнан сипап, аз отырды да:
— Сен ана дегеннің не екенін білесің бе, Жаннат? — деді көз қиығымен сүзіле қарап.
Бүл сұрақ тағы да орынсыз көрінді маған. Таңданған пішінмен:
— Оның несін сұрадың? Білемін! — дедім.
— Бекер айтасың, Жаннат, білмейсің! Сен әлі жассың, ана болып көрген жоқсың. Аналық сезім қандай болатыны саған тұман. Ал, мен білемін. Досболымды туған күннен бастап маған аналық сезім пайда болған. Естіп отырмысың, аналық сезімді сонда ғана білгенмін мен!...
Не айтпақшы ол маған? Бұл қай сөзуарлық?
— Мана, — деді ол қалын ойдан серпілгендей болып, — кішкентай Досболымның көйлегін көргенде әжем марқұмның өлер алдындағы бір сөзі есіме түсті, Жаннат! «Құдая тоба, арманым жоқ, езім өлсем, артымда балаларым қалды. Бәленшенің ұрпағы деп жүрсе, кемпір-шалдың атаусыз қалмағаны». Бұл сөздің мағынасына мен ол кезде жетпеген едім. Енді ойласам, қазақтың қарапайым кемпірінің осы бір сөзінде көп ой жатқан сияқты, Әттең, сен аналық сезімді білсең-ау, Жаннат! Сонда жақсы түсінер едің мені... Мен жармын, мен анамын, Жанна! Ауыр қайғы үстінде жалғыздыққа төзу қиын анаға. Жұбаныш, ермек керек оған... Мен бүгін балалар үйінде болдым, Жанна! Талай тамаша сәбилерді көрдім, қайнаған өмір көрдім балалар үйінен. Солардың ішінен апа деп етегіме оралған екі бөбекті тәрбиеме алатын болдым. Естіп отырмысың, Жаннат, ертең оларды үйге әкелеміз. Бала — өмірдің көркі, қызығы. Ол жүрген жерде қасіретке орын жоқ. Жар қайғысы салған жан жарасын осылайша емдеуге кіріспекпін.
Ол ойлы пішінмен едәуір уақыт үнсіз отырды да, кенет сәл жадырап:
— Біз енді төртеу боламыз, қос перзент — Баубек, Хасен өмірінің жалғасы. — Олар маған бала, саған іні болады, Жанна! — деді.
— Қуанттың ғой, қуанттың ғой, апатай! Дәптерім қайда жазып қояйыншы, «достық мәңгі өлмейді» деп бастайын...
1945 ж.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter