Аңыздар ✍️
Адам туралы аңыз
«Адам — ардақты ат».
Максим Горький
1
— Шіркін, мен ақын болсам! Адам жанын, адам жүрегін, адамның ұлылығын терең сезімді тербете жырлар едім, достым! Адам бойындағы ерлік пен ізгілікті мадақтауға не жетеді!
— Біз сені үй салуды ғана үйренген қарапайым инженер ме десек, өзің үлкен романтик екенсің ғой, Бәкен,— деді құрылыс бастығы Петров, өткір қара көзімен алысты шолып, тотыққан қара торы бетінде қанатты ойдың елесі ойнаған жас инженерді арқаға қағып.
— Қалжың өз алдына, Николай Иванович. Көз салыңызшы төңірекке. Зәулім үй, сәулетті қала алақаныңыздың аясында тұрған жоқ па! Осыдан екі жыл бұрын сіз бен біз қайда кездесіп едік. Есіңізде ме, бірінші рет қол алысып төңірекке көз салғанда, қаусаған қаланы, бұзылған үйлерді, жалын жалап кеткен құр қабырғаларды көрмеп пе едік. Менің бір жолдасым: «Біздің еліміз ерлердің елі, әр күніміз — ұлы жорық» деуші еді. Өмірдегі қарапайым адамдардың ерлік ісін көргенде, осы сөз есіме түседі. Біздің өмірдің әр минутты бір дастан сияқты. Мынау үйдің әр кірпішінде дауыстап айтылмаған терең сыр жатқандай көрінеді маған...
Николай Иванович досының сөзін сүйсіне тыңдаған қалпында, ұшқыр қиял көңілді әлдеқайда әкеткендей, айналаға көз тастап, жас қалаға сұқтана қарап, үнсіз тұрып қалды. Төбесі жаңа ғана жабылған бес қатар ақ үйдің жотасында тұрған бұл екеуінің көз алдында саусақтың саласындай тізілген зәулім үйлер бірімен бірі бой салыстырғандай болып көрінді. Трактор заводының түтіні будақтап ақша бұлтқа тоғысып жатты. Толықсып аққан Еділдің толқыны еркін жатқан ел өмірінің елесіндей еді.
Осыдан екі-ақ жыл бұрын мынау көшенің бойында адам аяқ алып жүрерлік ашық жер жоқ еді. Үй орнында үйілген жота жататын. Көше бойы бомба қазып кеткен есепсіз шыңырау болатын. Жау жапырылып, Қызыл Армия батысқа бет бұрғанда, шығыстан қайтқан қаланың тұрғылықты халқы жер астын баспана еткен болатын. Олар кешке жер қойнына кіріп, таңертең бұзылған үйлердің әр қабырғасының астынан шығып жататын. Ол күндерде қала жоқ, аянышты суретпен арпалысып жатқан адамдар ғана болатын.
Енді, міне, сәулетті қала тұр Бұл — екі жыл бойына азаматтың күні-түні тынбай жұмсаған алып еңбегінің жемісі. Осы екі жылдың ішінде талай білек сыналды, талай ақыл таразыға тартылды. Бәкен мен Николай Иванович көз айыра алмай тұрған, көктемнің жасыл гүліне бөленген көшелер мен сымбатты зәулім үйлердің әрқайсысы халық қайратынын бейнесі тәрізді.
Егер халық қайраты асқар тау болса, біз екеуіміздің еңбегіміз соның жотасындағы бір уыс топырақтай. Игілікті іске сіңірген еңбек — өмір қуанышы ғой десетін олар. Құрылыс басшылары Николай Иванович Петров пен Бәкен Тәукеновтің бүгінгі қиял саяхатына шығуының басты себебі осы. Әдетте, олар жұмыстан тыс тақырыпта пікір алыспайтын, оған мұршалары да келмейтін. Жау жаралаған жарымжан қаланы емсек дәрігердей мәпелеп қалпына келтіру — құрылыс жұмыстарын тез аяқтау, қаланы соғыстан бұрынғысынан да көркем ету, ол үшін қолдағы бар мен бойдағы барды тек қана осыған жұмсау — соңғы екі жылда олардың ойын билеген арман желісі болатын. Осы ой, осы мақсат, осы арман өзге ойларға орын бермей ығыстыра беретін. Ал, дәл бүгін өздері төбесінде тұрған үйдің құрылыс жұмысы мерзімінен екі ай бұрын аяқталып, жұмысшылар түскі дем алысқа тараған. Бұлар үйдің кем-кетігін өз көздерімен ақырғы рет тексеріп шығуға келген еді. Мүлтіксіз шыққан әрі зәулім, әрі сымбатты үй олардың көңіл пердесін серпе тастап, сөйле, сырыңды айт, қиялды шарықтат дегендей еді.
— Маған романтик деп азан айтып, ат қойған едіңіз, өзіңізге жол болсыншы, Николай Иванович, әсем құрылысқа көз тұндыра қарап, ұшы-қиыры жоқ телегей-теңіз терең ойға шомдыңыз ғой. Сізді, кім демекпіз?— деп, Бәкен мырс-мырс күлді.
Николай Иванович ойын сергітіп, бойын тежегендей болды да:
— Әсем зат адамның ойын ұштап, қиялын тербетеді деген емес пе еді Алексей Максимович Горький. Сол рас. ойды өрбітіп өрістететін де, сезімді сергітетін де, шабытты шарықтататын да әсем өмір ғой, жігітім. Бонды билеген қуаныш сезімін бірер шумақ өлеңге сыйғызып қоңыр әуезбен айтып жүруге кім құмартпайды дейсің,—деп, Николай Иванович Бәкенді әжуалағандай жымыңдады.
— Сіз ойлаңызшы, қалай романтик болмассың, өмірдің өзі романтика емес пе. Біз алты кісі дәл осы үйді 1942 жылдың күзінде ұдайымен 34 күн қорғадық. Қабырғасын зеңбірек оғы жұлып кеткенде, табалдырығынан жалғыз немісті аттатпадық. Енді, міне, сол үйдің орнына бес қатар зәулім сарайды өз қолымен тұрғызғанның бірімін. Сол себепті де мен емес, мен жасаған өмір романтика деп қараймын...
— Біздің кезекті құрылыс жұмысымыз анау тұрған жатаған қоңыр үйге көшеді. Сен сол үйде бұрын кім тұрғанын білесін бе? — деп, Николай Иванович Бәкеннің сөзін бөліп кетті.
— Білмеймін, онда кім тұрған екен? Оны неге сұрадыңыз?
— Өзің аңсаған ақындықты жолықтырып, адамның ерлігі мен ізгілігін жырламақ болсаң, сол үйдің несі туралы дастан жаз демекпін.
— Әзіл өз алдына, айтыңызшы, ол кім еді?
— Ол бір қарапайым қария еді.
— Ол қазір қайда? Осында бар адам ба?
— Ол қайда дейсің - ау, Бәкен, ол әрі алыста, әрі жақында. Жау әкелген аза мен қазаны, қасірет шеккен совет адамдарын көз алдыңа келтірмек болсаң, сол қоңыр үйдің иесін біл... Иә, ол бір алып адам еді.
— Николай Иванович, жұмбақтай бермей баяндаңызшы адам туралы аңызды. Сіздің сөзіңіздің төркіні алыста жатқанға ұқсайды ғой.
Петров, қол сағатына қарап:
— Қолқалап қоймадың ғой, бүгінгі күннің құрметі үшін түскі демалысты саған қидым. Айтайын хикаясын алып адамның,— деді де, қалтадан темекісін алып тұтатып, ұзақ әңгімеге кірісті.
2
— Сұрапыл соғыстың қызу жүріп жатқан кезі. Немістер Россияның батыстағы байтақ даласын басып алып, Еділ бойына қол созып, осы қалаға шабуыл жасап жатты. Мен онда Донның арғы бетінде, Украина жерінде, партизан отрядында жүрдім. Бір күні жау әскері келіп орналасқан үлкен селоны барлап қайтуға отряд командирінен тапсырма алып, екі кісі сапарға аттандық.
Қыс түсе бастаған мезгіл. Ай сүттей жарық. Жер аппақ. Тымырсық аяз шымырлатып бетті сүйеді. Қару-жарақты пұшпағымызға түскен ақ плащтың, өңіріне жасырып, селдір орман ішімен жүріп келеміз Әлден уақытта орманның жиегіне келіп тоқтадық. Алдымызда отсыз, үнсіз, түнерген село тұр. Жарық түнде жазықта көзге түсіп қалмайық деген сақтықпен бой тасалап тың тыңдадық.
— Тыс! Адам!—деді жолдасым маған сыбырлап.
Екеуіміз де демімізді ішке тартып тына қалдық та, жалмажан село төңірегін көзбен шола бастадық. Селоның орман жағындағы жазық беткейіңде қалқиып тұрған адамға ұқсас бір тұлғаны көрдік. Қарай-қарай көз талды. Ол орнынан қозғалмады. Ескі әдет бойынша орман бетіне қойылған қарақшы ма деп те жорыдық.
Ай сәулесімен ақша қар шағылысып көзге мұнартып көрінді ме, не ол шынымен қозғалды ма, әйтеуір әлден уақытта адам тұлғалы «қарақшы» ілгері қарай жүргендей болды. Біз көз айырмадық. Шүбә ақиқатқа айналды. Оның адам екеніне көз жетті. Бейсеубет адам едәуір жер ілгерілеп, бізге қарай жақындап келеді. Бірақ, жүрісі өнбейді. Аяғын кібіртіктеп басып бір орында шыр көбелек айнала береді. Адымдап аяғын ілгері басқан сайын тәлтіректеп, бойын тежей алмайды. Кейде сүрініп, кейде бойын билей алмай жығылып кетсе, шүйіліп әрең тұрады. Ол ол ма, із тастағандай, кейде кері жүріп, кейде оңға, кейде солға лағып кетеді. Бір нәрсені ұстауға талпынғандай қолын ербеңдете береді. Орман жақтан бері бұрылып кетсе, аңырып тұрып қалып, жан-жағына құлақ тосып, бір дыбыстарды сезгендей болады да, бағытын түзеп, тағы ілгері жүре бастайды. Жел шайқаған теректей теңселіп, ілгері жүруінен тұруы көп. Біз оның әр қимылын суретке түсіріп алатын адамдай бағып отырмыз. Жүрісі өнбеді, үнемі қарай беруден жалыға бастадық, аракідік пікір алысып, күбірлесіп те қоямыз.
— Жаным - ау, бұл кім болды екен? Жау жайлаған, партизан торыған село маңында есі бар адам бұлай жүре ала ма!
— Мүмкін, мас адам шығар. Орыс бозасы көзін бозартып, ақылын алып сенделтіп жіберген жаудың елірме офицерлерінің бірі шығар.
— Ақшам мен екіндінің арасында қуыс үйді паналап, далаға басын шығаруға қорқатын фашист ұрпағына мұндай батырлықты кім берсін!
— Әлде бұл жаудың партизандарға құрған қақпаны болар...
Бір жоруды бір жору түрткілеп, бір ой екінші ойды оятып, талай сұрақ анталап келіп жатты. Толып жатқан топшылау мен қат-қабат ойлар үстінде жұмбақ адамды көре - тұра селоға кіруді көзсіз батырлық, астарсыз аңғалдық болар деп білдік. Бірақ, селоға баруға тиіспіз, тапсырма солай.
Сөйтсе де, мына жұмбақтың аңысып аңдадық.
Ғажайып адам жақындап келеді. Тәлтіректеу, бойын тежей алмау, кейде бет бұрып кету, аңырып тұрып қалу... сүйегіне сіңген әдеттей, бір сарыннан танбайды. Ол орман жиегіне «әу» дейтін жер қалғанда «кімсіңдер» деп бізге сөйлегелі тұрған адамдай, оң қолын орманға қарай созған бетінде қалқиып тұрып қалды.
Біздің шамалауымызша не удай мас, не ақылынан адасқан кісі. Басқа топшылаудың бәрі де жел айдаған қаңбақтай дәйексіз боп барады. Осы ой бізді жеңді, төбемізді торлап тұрған жорамалдар мен қауіп сағымдай серпіліп, тәуекел мен іске сәт, бұлт астынан шыққан жарық айдай, шұғыласына бөледі... Енді қимылдамау — кешігу деген ой мені мазалай бастады.
— Не де болса мен барайын. Сен осы арада қал, орныңнан қозғалма. Біз қоян аулап жүргеніміз жоқ, аңғалдықпен айлаға душар болсақ желіміз терістіктен шықса... отрядқа хабар беруін керек,— дедім жолдасыма.
Ол ойлы пішінмен мұңайғандай томсарып тұрып қалды да, кенет басын көтеріп бетіме қарап:
— Мен барайын,— деді.
— Жоқ, өзім барамын. Айтқанды орында!
Ағаш тасасынан шыға еңбектеп алға жылжыдым. Сақтықта қорлық жоқ, жолшыбай пистолетімді атуға әзірлеп, басқа қару-жарағымды да оңтайлап, тұтқиылдан тап болар қауіпті қапысыз қарсы алуға дайындалып барамын.
Міне, мен жұмбақ адамның қасында жатырмын. Қарсы алдымда бетін орманға беріп мелшиген бір аруақ тұр. Ол мені аңғармайды. Аңғарғысы да келмейді. Неге тұр ол? Не ойлап тұр ол? Бұл жұмбақ. Шешуі қиын жұмбақ. Егер мен ескі ұғымдардың шырмауындағы қараңғы адам болсам, мынау тұрған адам емес, түн несі — пері деген болар едім. Мен еппен айқасуға оңтайланып орнымнан тұрдым. Әлі оның менімен жұмысы жоқ, селт етіп сескенбейді де. Жүрегінің түгі бар ма деймін. Үнсіз түнде дүниенің төбесінен қарап маужырап тұрған асқар таудай бір алып.
Тіл қатуға болмайды. Кім де болса, мылтық даусын шығармай айқасып, жеңе қалсаң, тірідей қолға түсіруге не жетсін. Біздің мақсаттың өзі де сол ғой... Орнымнан тұрған бетте атылған оқтай шап беріп ту сыртынан қапсыра құшақтай алдым. Сол сәтте жүрегім су ете түсті, бойым мұздап маңдайымнан суық тер шып-шып шыға бастады...
Николай Ивановичтің әңгімесін еңсесін салып жіберіп тыңдап отырған Бәкен төзе алмады білем, жұлып алғандай:
— Неге? — деді.
— Сабыр ет, Бәкен, неге екенін айтамын ғой,— деді де, Петров темекісін тұтатып, әңгіме желісін жалғай жөнелді.
— Алғашқы қапсыра құшақтаған қарқынмен әрлі-берлі жұлқып, алып соғып астына басып жұмарламақ болдым. Жыға алмадым. Оны айтасың - ау, орнынан да қозғалта алмадым. Қапылыста жұлқудан алғашында аздап ауытқып қалды да, бой тежеп, қуатын жиып қарсыласуға шыққанда, қарт емендей сіресіп тұрып алды. Неткен күш! Ондай күшті адамды бұрын-соңды кездестірген емеспін. Шын алыпқа душар болдым. Не тіл қатпай, не бұлқынбай, не қол жұмсамай тұрып алғанда зәрем әлдеқайда кетті. Қатты састым. Дәрменімнің келгені жалғыз ауыз сөз болды. Ту сыртынан қапсыра құшақтаған бойымда:
— Кімсің? — дедім орысшалап.
— Сен өзің орыспысың? — деп, бірінші рет тіл қатты алып адам.
— Өзің ше? — дедім мен, жұлып алғандай.
— Мен орыспын. Босат қолымды! —деп бұйыра сөйледі ол.
Мен үндемедім. Арадан арандап шыққан арсыз бен ортадан оғаш шыққан опасыздардың бірі болар ма деген қауіппен құшағымды ырғай түсіп, жығуға әрекеттендім. Әрлі-берлі сілкілеген боламын, ол орнынан қозғалмайды.
— Ей, орыс жігіт, босат деймін қолымды! — деп дауыстап жіберді алып адам.
Мен босатпадым қолын.
— Ей, орыс жігіт, іздеген жоғын мен емес, мен де жоқшымын. Айқасар жауың емес, аймаласар бауырыңмен мен. Тіреспе менімен. Сыртымнан тілдесіп сырттандық етпе, жүздес менімен, қара менің бет әлпетіме.
Күшпен де, сөзбен де алып адам мені әлсірете бастады. Қолын босатайын, қарсылық етсе қару жұмсайын дедім де, құшағымды жаздым. Алып адам қарсыласуға қамдану ойында да жоқ, қар үстіне отыра кетті. Жаңа ғана жағаласқан жауым болғандықтан, оқшауырақ тұрып, ай сәулесі анық көрсеткен бетіне көз салдым.
О, сұмдық! Жан түршігерлік сұмдық көрдім мен сонда. Бойым мұздап, төбе шашым шымырлап кетті менің. Я қуаныштың я қайғы - қасіреттің ешқандай белгісі жоқ, адамның беті емес, түк басқан, тұтасып кеткен маңдай мен иек арасындағы жотаны көрдім. Беттің көркі, көңіл күйінің айнасы, өмірдің шам-шырағы, баурына қадала қарағанда сүйініш пен мейірім төгетін нұрлы көзді көре алмадым бет бейнесінен. Көз орнында қараңғы көрдің аузындай үңірейін екі қуыс тұрды...
— Кешір, кешір, атажан! Білмедім, білмедім!—деп, қисайып жатқан алып адамның басын сүйедім. Бұл кезде менің жолдасым да келген еді. Ол мына суретке таңдана қараған бойында, тұрған орнында қалшиып қатып қалыпты. Алып адам сұлқ жатты. Мен де үнсіз отырмын.
Орыс жерінің жау қолында қалып қасірет шеккен бір бұрышында, орман ішінде, Дон жағасында, айлы түнде, қысқы аязда далада отырмыз. Сақал-мұрты аппақ қудай, екі бірдей көзі жоқ, әрі қасиетті, әрі қасіретті орыс шалы арыстандай көсіліп алдымызда жатыр.
— Кімсің, кім боласың ағажан?—деп сұрадым, бір-екі минутқа созылған үнсіздіктің түндігін түріп.
Қарт қиюы қашқан ернін икемге келтіріп:
— Кімсің дейсің бе? Айтпасам қайтеді, шырақ қорқарсың!
— Айтыңыз, кездестік, жүздестік, енді тілдеселік те.
— Білмек болсаң жайымды, мен бе мен өз баламды, жалғыз ұлымды өлтірген адаммын, — деді қария даусы дірілдеп.
Шал сөзін естігенде бойым мұздап сала берді. Елжіреп тұрған жүрегім қара тасқа айналғандай болды. Отырған орнымнан шегіне түсіп, шалдан алыстап кеттім. Не дерімді білмей, сөз таппай аңтарылып қалдым. Ол мендегі сезімді аңғармады білем,бұйрық раймен:
— Ей, орыс жігіт, жеткіз мені Еділге. Қайран Еділді көрмесем де, самалына бетімді тосайын, долы толқынмен тілдесейін, көрсін ол менің жүзімді, сен үшін жаумен шайқастым, көзімді беріп, жүрегімді әкелдім дейін мен оған... Шын орыс болсаң, жеткіз мені орыстың ұлы өзеніне! — деді.
Өз баласын өзі өлтірген. Өз бөлтірігін өзі жеген бөрі емес пе! Бұл не деген сұмдық еді! Мен не естіп тұрмын, түсім бе бұл, өнім бе! Жоқ, жоқ, қате естіген болармын... Ойы кең орыстың байтақ даласындай, жаны жарқын — көктемнің мейірбанды күніндей, жүрегі таза — Еділдің мөлдір суындай, қайратты қайсар — бір долданса, үдере соғатын. Мұз мұхиттың дүлейіндей орыс шалын ардақтайтын сезім, бет бұрдың ба менен? Жүрегім суып барады ғой, адамдық мейірім, қайдасың!.. Осындай жан күйінің арпалысуы үстінде жұмбақ шалға тағы да бір тіл қаттым:
— Кім едің сен, ашып айтшы сырыңды.
Менің даусым ызаға булығып дірілдеңкіреп шықты білем, шал орнынан қозғала түсіп:
— Мен баламды, туған баламды өлтірген адаммын,— деді тағы да. Алғашқыда осы сөзді өзіне-өзі айтып отырған адамдай еді. Бұл жолы басын көтеріп, үңірейген екі көздің ұясын маған қаратып, саған айтамын дегендей, зілділеу үнмен сөйледі.
Қандай суық сөз! Жау жайлаған жерде, жеті түнде ғажайып шалдың аузынан мұндай сөзді естісең, қайтер едің, Бәкен? Неше саққа жүгірмес пе еді қиялық.
Николай Иванович оқиғаның арғы жағын қалай жалғастырып кету туралы аз ойланды да, әңгімесіне қайта кірісті.
— Соқыр адамның жылағанын көргенің бар ма, Бакен? Мен көрдім. Барлық, өмірімде алғашқы рет көргенім сол түні. «Өз баламды, туған баламды өлтірген адаммын» деп екінші рет айтқанда, кейіпсіз жүзіне көзім түсті. Суық сөз аузынан әрең шықты. Бет-аузы жыбырлап, кемсеңдеп жылағандай болды. Бірақ, үңірейген көз ұясынан жас тамбады. Көкірегі солқ-солқ, етіп, демі тарылып шықты. Сол минутта сөйлеу оған қандай қиын болса, жылау одан да қиын тәрізденді. Көкіректі кернеген шерді тарқату үшін екі көзден сорғалап аққан ыстық жастың зор сеп екенін мен сонда аңғардым. Шіркін-ай, төбеге төнген қасіреттің қара бұлтын серпілтуге екі көзден мөлтілдеп шыққан жас — көңіл көктемін жадыратып жіберетін нөсердей екен ғой. Адамға егіліп жылаудың да арманға айналатын күндер! болады екен-ау дедім!
— Ей шырақ, шошынба менен. Көз соқыр, көңіл шерлі болғанмен, кеудемде тулаған жүрек оты сөнген жоқ, жеткіз мені азат орыстың ортасына! Далада қаңғып өлу адамның арыма тиеді. Мен адаммын ғой!—деді қария, әлден уақытта өксігін басып.
Мен қайтадан келіп басын сүйедім...
— Шал кім екен? Баласын неге өлтіріпті? Соны айтыңызшы,— деді Бәкен мазасызданып.
— Өзім де соны айтпақпын, Бакен. Сонымен, соқыр шалды сүйемелдеп, орман ішімен, отрядқа қарай жүрдік. Ол жолшыбай басынан өткендерін бажайлап айтып берді. Шерлі оқиғаны шежіре қарт шешен тілмен баяндаған еді... Шіркін, соның өзіне сөйлетер ме еді. Ол үшін маған айтуға тура келеді,— деді де, Николай Иванович шал сөздерін есіне түсіре бастады.
— Еділдің, ерке Еділдің жағасында болғаның бар ма? — деп бастады қарт әңгімесін.— Көк толқынды, күміс көбікті, толғанып аққан орыс өзеніне шомылып, сайрап салып көріп пе едің, жігітім... Сол өзеннің жағасында туып, соның жағасында барлық өмірім өткен қартыңмын. Еділ жағасындағы даңқты қалада төрт бөлмелі үйіміз болушы еді. Ертең не ішем, не жеймін деуді білмейтін, көңіліміз шат, бақытты семья едік. Тұтқиылдан бұрқ еткен соғыс өртіне душар болдық. 1042 жылдың күзі де келіп жетті. Қаламызға жау төнді. Дамылсыз бұрқақтаған оқ нөсерінің астында өтіп жатты ауыр күндеріміз. Зәулім үйлер опырылып құлап жатты, қаламыз будақтаған қою түтіннен қара жамылды, кінәсіз жандардың өміріне қанды шенгелін салған ажалдан, тілін жалақтатқан қызыл жалын әр үйдің есігінен кіріп, төрінен шығып сумаң қақты. Қайғы-қасіретке душар болған қала халқы шұбырып, шығысқа кетіп жатты. Өрт құшағында қалып бара жатқан ата-мекен, құт қонысты қия алмай төгілген көз жасы Еділге құйылған нөсердей еді. Кешке ғана бақытты кәрілікке бөленген қария мен болашаққа бой ұрып, уілдеген жас баланың өлігін көргенде, көкірегімді қақ айырып, намысыма жау найзасы қадалғандай болды. Менің семьям шығысқа көшуден бас тартты. Аялдан тұруды мақұлдадық.
Бір күні шығысқа жол тартқан көршілерді Еділден өткізіп салуға барып, кешке үйіме қайттым. Келсем үйім жоқ, жалын жапқан төрт қабырғаны көрдім. От ішінде жатқан келінім мен кемпірімді көрдім. Жүрегімді қайғы торлады...
...Мен партизан отрядына кеттім. Қасіретті Еділдің елшісі болып Донға жеттім. Бір жылға жуық өмірім партизан отрядының басынан кешкен нелер сын сағаттың жуан ортасында өтті. Жүрегімде тұтанған көк ұшқыны өрт боп лаулап, жаудың талай қоймасын күл етті...
Талай складқа өрт қойдым, талай составты құлаттым, талай немісті сұлаттым. Оның әрқайсысы бір дастан, ұшы-қиыры жоқ ұзақ жыр ғой. Мен соған соңғы күнімді, сәтсіз күнімді баяндайын.
Осыдан алты күн бұрын ойда жоқта бір қуанышқа тап болдым. Не керек, жалт етіп көрініп сөніп кеткен құйрықты жұлдыздай, қысқа болды қуанышым. Шіркін, аялдаса не ететін еді! Бір тәтті шарапты жұтып дәмін ала алмай, арманда қала бергендей болдым...
Қарт күйінішін тереңірек суреттейтін тағы бір теңеулер іздегендей, сәл кідірді де, ауыр күрсініп, үзілген әңгімесін қайта сабақтады.
— Осыдай алты күн бұрын орман ішін қуалай жүріп қоныс аударғалы келе жатып шағын ғана партизан отрядын жолықтырдық. Солардың ішінен жалғыз балам Петяға кез болдым. Соғыс басталғалы хабарсыз едім мен одан. Бөлімі жау қоршауында қалып партизан отрядына айналғанына екі жылға тарта уақыт өтіпті.
Өшкенім жанып, өлгенім тірілді, сарғайтқан сағыныш өн бойыма тарап, буынымды алды, мас етті. Баламды құшақтап сүйе бердім, қуаныш жасы сорғалай беріпті.
— Үй іші аман ба? — болды, мен мауқымды басқаннан кейінгі, баламның бірінші сұрағы
— Мен кеткенде аман еді,— дедім, ауыр сапарда жас жүрегін жараламайын деген оймен. Петяның көмейінде айтылмаған тағы бір сөз барын сездім, ол келіннің саулығы еді. Сондықтан, «Келіннің де дені сау, шешең екеуі шығысқа көшкелі дайындық жасап жатқан еді» дедім.
Сол минутта менің басымды талай ойлар қамалап, көз алдымнан сан сурет өтіп жатты. Еділдің ерке толқынында қаздай қалқып сайран салған, ән шырқаған жастар, солардың арасында келінім мен жалғыз ұлым жүруші еді. Мен сырттарынан көз тоймай қарап тұрушы едім. Осындай кездесуді ойлап па еді мына Петя... Мен ой сергітіп, бой тежеп әңгіме тақырыбын басқа жаққа аударып жібердім. Ұзақ түн әңгімелестік, өткен күндерді еске түсірдік. Ал қызыл тудай, алаулап таң да атты... Аязды күнде мұнартып батқан күнді де ұзаттық. Қабағын түйіп түн де келді. Командирдің бұйрығы бойынша қасыма бір жігіт ертіп барлау жұмысына аттанбақ болдым. Серіктікке сенімді жігіт таңда дегенде мен: — Өзімнің ұлым — Петяны аламын,— дедім. Өйткені, ол артымда қалса, алақтай беретін сияқтандым.
Әбден сағынғандықтан ба, мен оны көзімнен таса еткім келмеді. Оның үстіне Петяның:
«Жорыққа сізбен бірге мен де барайын» деген сөзі қамшы болды.
Баламды ертуге командирден рұқсат алдым. Ымырт жабыла жау жатқан селоға тартып кеттік. Суыт жүріп, түн ортасы ауа селоға жеттік. Селоның күнбатыс жақ шетіндегі Александра Ивановна дейтін әйелдің үйіне келдік. Бұл үй біздің ылғи бой тасалайтын, үйреншікті мекеніміз болатын. Жаудың әрекетін үнемі сол кісі арқылы біліп қайтатынбыз.
Бұрынғы әдет бойынша Александра Ивановнаның есігін үш рет қақтық, ол есік ашты.
Александра Ивановна қараңғы үйде село жаңалықтарын баяндауға кірісті.
— Бүгін неміс штабына төбесі жабылған бес машина қару - жарақ келді.
Мына хабар менің балама ерекше қуат бергендей болды.
— Ол машиналар бізден құтылмайды, өрт қойып әлегін аспаннан шығарамыз, іске шұғыл кірісу керек, кешігіп қалмайық,— деді ол.
Мен бала сөзін мақұлдадым. Біз Александра Ивановнамен қоштасып есікке беттедік, қараңғы түннің қойнына кіріп жоқ болғалы тұрмыз, жау шебіне өрт қоюдың айласына кіріспексіз. Аталы-балалы бес машина қару-жарақты олжалап қуанышпен партизан мекеніне кетпек болдық сол түні.
Бұл біздің арманымыз еді. Тысқа да шығуға үлгірмедік. Қақпа есігін ашып, табалдырығын аттай бергенімізде, желкеге қона түсті аңдушы дұшпанның бір тобы. Біз қолға түстік. Міне, мерт болудың басы, осындай қапылыстан басталды, шырағым.
— Аталық сезім алдыңды болжай алмай соқырлық еттің - ау, сорлы баланы бекер-ақ алып шыққан екенмін,— деген өкінішті ой жан жүйеме шаншудай қадалды. Не шара, болар іс болды. Енді біз тұтқын борышын атқаруға кірісеміз, айуан жаудың азабына төтеп беру туралы ойлану керек.
— Берік бол, Петя! — дедім, бір топ немістің ортасында жағаласқан боймен қақпадан шығып бара жатқан балама. Оның маған жауап қатуға, менің тыңдауға мұршамыз болмады. Баламды белгісіз бір жаққа алып кетті. Мені қақпадан шығарып бара жатқанда:
— Мен анамын, ұрма мені...— деп, күйзеліп шыққан Александра Ивановнаның ащы үні естілді құлағыма. Ол сорлының содан кейінгі өмірі не болғаны маған белгісіз.
Сол түні аталы-балалы екі тұтқын сидиған шикіл немістің алдына келіп жеттік. Ол осы селодағы бөлімнің штаб бастығы, шені — капитан. Бастапқыда жылы шырай беріп жымия сөйледі ол. Бірақ, қаншама жүз құбылтқанмен біз мызғымадық. Ол күлді, біз суға төнген жартастай жауапсыз тұрдық. Ол қабағын түйді, біз мұз болып қаттық. Ол ақырды, біз түнеріп тіл қатпадық... Шикіл капитанның бізбен арбасуы едәуірге созылды.
— Партизандар қайда, айтасыңдар ма, жоқ па! — деді тары да көзі шатынаған шикіл неміс.
Тіл қатпадық Ол орнынан ұшып тұрып, мені жаққа бір-екі рет тартып жіберді. Қымсынбадым. Тағы ұрды ол, шыдадым.
— Ал, сен неге үндемейсің!—деп Петяға төнді де, иектің астынан жұдырықпен бірер нұқып өтіп бетіне қарады. Талдырмаш балам тәлтіректеп құлап түсе жаздады. Бірақ, лезде бойын тежеп алды да, бедірейіп тұрып қалды.
Бірінші түннің өзінде-ақ алдау, арбау, қорқытудың біреуі де бізге дарымайтынын сезген жендет азап пердесін ашты алдымыздан. Тырнақ астына ине қақты, жалаңаш етке қыздырып темір басты, жалаң аяқ қар бастырды. Екеуімізді екі бөліп суық сарайға қамады. Төздік азапқа. Баламның шыңғырған үні естілді бір уақытта... Азап сарайында үш күн өтті. Фрицтер кезекпен келіп өзі білген зұлымдықтың бәрін жасады, мен тіл қатпастан төздім. Бірақ, қансырадым, шөлдедім. Сарай қабырғасындағы қырауды жалап таңдай жібітуге де мүмкіндік бермеді. Әрі өзімнің әрі баламның азабын бірдей тартып әлсіредім, талып кеттім...
Есімді жиып, көзімді ашсам жылы бөлмедемін. Күнге кептірген арық балықтай, сидиып тағы да алдымда тұр жирен капитан. Ол маған төніп бірдемелер айтады, құлағым естімейді. Мен бір жұтым су сұрадым.
— Ей, ақымақ шал, тыңда рахымды немістің сөзін. Сен де, балан да азатсыңдар. Сен айтпаған партизан мекенін балаң айтты. Мә, іш мынаны, жи есіңді! — деді капитан маған орта стакан суды ұсынып.
Мен орнымнан ұшып тұрдым, ұсынған стаканды қағып жібердім де, үнсіз тұрып қалдым. Ол маған шегір көзімен сықсырая қарап:
— Мүсәпір шал, нанбайсың ғой. Қазір балаңның өзі айтады. Лейтенант мырза, келтіріңіз тұтқынды,—деп, қасындағы сулы көз, төбел немісті жұмсады.
Нәзіктікке жаным қас - көз болған қауіптен сырттап үрікпей, іштей арбасып, тайсалмай қарсы тұратын адам едім. Осы жолы бір осалдық бойымды билей бастады. Сол осалдық шүбәға айналды.
«Балаңның өзі айтады» деген сөз өн бойымды тітіркентіп жіберді, суық, сөз жүйке тамырым мен буын - буынымды қуалап кетті. Менің балам жау алдында бас иіп, өз бауырларын оққа байлаудың жолын айтып тұрса, мен үшін төбеден түскен жай оғы емес пе. Ей, сорлы бала, ел мен жерді қалай көресің сен ертең, ерке Еділге не айтпақсың? Орыс жері сенен жеркенбей ме! Арам пенде бетін жумасын деп, Еділ толқыны сені көріп кейін серіппей ме. Ей, ұлым, не істедің сен, ойландың ба? Азат ел, азат жер, бақытты өмірді сүйетінін қайда? Адамдық арын мен азаматтық антың қайда? Үш жыл бойы қан төгіп, соның бәрін қорғау жолында арпалысқаның қайда! Бар өміріңді бір минуттық тән рахатына құрбан еттің бе! Тәнің мен қаныңа, жанын мен арына сіңген совет мектебінің тәлімі қиын-қыстау күндерде таяныш бола алмағаны ма! Ұлым, қара менің жүзіме: атаңның көзінде соның бәрі жазулы.
Ауыр ойдың шырмауынан шығуға қарманғандай жан-жағыма қараппын. Көзім жексұрын неміс капитанының нұрсыз көзіне түсті. Ол маған тесіле қарап отыр екен.
— Шал, балаң келді,— деді.
Қарсы алдымда ұлым тұр. Қапылыс көргенде, тани алмай қалдым мен оны. Үсті-басы өрім-өрім, бет-аузы жосадай қан, шашы аппақ. Төбеден аққан қарақошқыл қан сол ақ шашты қуалай өтіп самайға құйылыпты да, сағал-сағал боп қатып қалыпты. Білеуленіп ісіп кеткен беттен екі көзі жылтырап әрең көрінеді.
«Мен қажыдым, әке» дегендей, маған қарап кемсең, деді ол.
— Ал, сөйле, жігіт, айт сырыңды әкеңнің алдында,— деді капитан, балама шақшия қарап.
Балам үндемеді. Менің жүрегімді қорқыныш билеп, мазам кете бастады. «Бала жаның қалайша сезбедім екен? Мекіреніп аймалағанға мәз болғаным ба! Қойнымда жылан өсіргенім бе!..» Мені осы ойлар тағы да тебіренте бастады.
— Әкемнің алдында айтамын дегенің қайда, сөйле енді, орыс жігіті,— деді капитан орнынан тұрып.
— Мен сендерге әкемді көру үшін айтқанмын. Әкемді көрдім, енді айтарым жоқ. Қош, папа, берік бол...— деді балам күбірлеп. Осы екі-үш сөздің өзің ол қатты қиналып айтты.
Бала сөзін естігенде иығымды басып тұрған жеті батпан қара тас сылқ етіп жерге түскендей болды. «Ризамын, ұлым, қойнымнан жылжып шыққан жылан емес, шарықтап ұшқан қыран екенсің. Төбем көкке жетті ғой» деп, құшақтап сүюге де ұмтыла жаздадым. Бірақ, сабыр еттім. Тіл қатпадым. Баламның «қош, папа!» дегеніне бас изеп, ымдағандай ғана болдым.
Манадан бері дәмеленген есер капитан мысы құрып, бармағын тістеп, не қыларын білмеді. Маған қарап тағы бірдеме айтқалы тұрған Петяға айғайлап:
— Тоқтат! — деді де, төбел лейтенантқа зілдене бұйырып: — Мына большевикке жазаның ең ауырын қолданыңыз, кеудесінде жанын сақтап азап тартсын! Бір күн өлмесін, мың күн әлсін! Күн тәулігіне он тіріліп, он өлсін. Көрсін жаудың қаталдығын. Баста сол жазаның ауырын мына әкесінің алдында!
Неміс капитан соңғы сөздерін айғайлап, көз қиығын маған аударып тұрып сөйледі.
Өлім аузында тарамысына ілініп тұрған жас жанға екі кеміс төне түсті. Бірінің қолында сүйір көздік, бірінің қолында сықсима білте шам. Жүрегім су ете түсті, жалғыз ұлымның шыңғырған даусын естімейін деп, құлағымды бастым. Бір кәрі неміс келген бойда Петяның бетіне шамның отын тигізді. Балам алғашында оттан сескеніп селк ете түсті де, кейін қатуланып орнынан қозғалмады. Тек қана тісін шықырлатып тістеніп, жұдырығын бір ашып, бір жұмып азап ауыртпалығын іштей шекті... Мен төзе алмадым. Іші - бауырым елжіреп кетті. Ыстықта таңдайы кепкен балапанына қанатымен тамшы тасыған қарлығаш құрлы да болмадым. Жүрегімнің бір бұрышы лаулап жанған от ішінде жатыр, сөндірерге шамам жоқ. Маңдайға шертпеген, өмірі бір ауыз қатты сөзге қимаған өлсе, көріне бірге түсетіндей, басы ауырса, еңбектеп өзегімді суыратын, әлпештеп өсірген жалғыз бала! Ойланшы, жігітім, көз алдында сол балаң ауыр азап тартын тұрса, сен не істер едің? - деп соқыр шал бір күрсініп, су сұрады, мен флягімді сарқып, сусын жұттырдым. Мейірі қанған қария әңгімесіне қайта кірісті.
— Аталық сезім шыдатпады, төзе алмадым. Ата жауымнан — жирен капитаннан бірінші рет тілек тіледім.
— Қинамаңдар баламды, мен айтамын! — дедім бар даусыммен айғайлап.
— Иә, шалым, ақылын жаңа кірді ме! Ал, сөйле,— деді капитан Петяны азаптаушыларға тыйым салып.
Мен оны ымдап қасыма шақырдым. Жирен неміс тебінгідей қалқан құлағын әкеп менің аузыма тосты.
— Баламның көзінше айта алмаймын. Ол мені жазғырады,— дедім сыбырлап.
— Әкетіңдер мынаны жылдам! — деп, зіркілдеген неміс менің балама қарап қолын сермеді. Екі-үш жендет Петяны үйден алып шығып кетті.
— Ал, сөйле!
Капитан бұл сөзді тым зілді, сені жеңдім деген пішінмен айтты.
— Капитан, біз орыс адамдары намысқор халықпыз. Жауға сыр айтудан — әділ өлімді артық тұтамыз. Бірақ, мен қажыдым. Қажыттыңдар. Сыр сақтарлық енді менде қуат қайран жоқ. Тек қана намысымнан қорғанамын. Мен сырымды ақтарамын. Бірақ, сендер әкең бәрін де айтты деп балама мақтанасыңдар ғой. Ол маған нәлет айтады. Содан ғана қорқамын.
— Біз оған айтпаймыз.
— Капитан мені жұтып жіберетін айуандай қарсы алдымда емініп тұрды.
— Сенбеймін мен сендердің айлалы сөздеріңе.
— Сеніңше баланды босату керек - ау. Қусың, шал! Ол бола қояр ма екен! Немістер ондай аңқаулықтың дұзағына түспейді.
— Мен олай демеймін. Сендер, немістер, ондай тілекті орындамайтындықтарына алдақашан көзім жеткен...
— Сонымен, не айтпақсың?—деді жирен капитан менің сөзімді бөліп, шыдамсызданып.
— Баламды өлтіріңдер?
— Бұл қалай? — деп, неміс сәл таңданғандай болды да,— жарайды, оны орындау, біз үшін аса қиынға түспейді. Бірақ, келісіп алалық, тілегіңді орындағаннан кейін қалтқысыз шыныңды айтасың. Тағы не тілегін бар?
— Баламның жанын қинамай өлтіріңдер.
— Жақсы,— деді неміс бұл шартыма да қол қойып.
Кеше таңертең жау менің тілегім бойынша көз алдымда баламды атты. Азап шеккен әлсіз дене ұлпа қарға құлап түсті де, сол бойымен қозғалмастан жатып қалды.
— Қош, жаным. Әкеңнің қолынан келгені осы болды,— дедім ыстық жас екі бетімді жуып. Міне, шырақ, жалғыз баламды өз қолымнан өлтірткен адаммын,— деді қария ауыр күрсініп.
— Немістер сені қалай босатты? Соғыс құпиясын айттың ба?—дедім мен шыдамсыздық білдіріп.
— Ей, шырақ, төзімді тоздырма! Бір жанға екі рет өлу әділетсіздік емес пе. Баламды өлтіріп, бір бүгілдім, енді арымды жерлемекпін бе! Иә, шырақ, бөле берме әңгімемді, өзім де аяқтағалы отырмын. Сабыр ет, төрешілік беретін орыс азаматы сенсің, саған баяндап отырмын сырымды.
Баламды атқан қанды балақ неміс капитаны қан шеңгелдеген қалпымен көзімнен жас сорғалаған маған қарап:
— Ал, тілегін орындалды. Ақтар сырыңды, орыстың шалы!— деді. Мен жасымды тыйып, қайратымды жиып:
— Ей, ақымақ неміс, еменнің майысқаны — сынғаны, орыстың сыр айтқаны — өлгені. Бар уайымым— балам еді. Ол қайтпас сапарға аттанды. Мен өлімнен қорықпаймын. Айтарым жоқ.. Арым үшін — жаным құрбан. Ат мені! — дедім.
Жаңа ғана жадырап тұрған неміс капитаны менің соңғы сөзімді естіп, төбесінен жай түскендей не дерін білмей мелшиіп тұрып қалды.
Ақымақ болғанын сезіп фашистер бір күн, бір түн ойланып, мен үшін ең ауыр жаза табуға бас қатырды. Олардың тапқаны мені азаппен өлтіру болды. Бүгін түсте мені селоның ортасына шығарып бар халықты жиып, сөз сөйледі неміс капитаны. Мен туралы балағаттап бір-екі ауыз сөз айтты да, екі көзімді ағызды. Мені паналатып жәрдем етушіге ауыр жаза қолданатындығын ескертті.
«Ұлы Германияның қас жауы ит өлімінде қаңғырып өлсін!» — деп мені селодан шығарып қоя берді. Міне, содан бері далбасалап жүріп келе жатқан бетім осы. Уақыт қанша, қай жерде тұрмыз? —деді қария.
— Таң атты,— дедім мен.
— Таң атты дейсің бе? Жарық дүниені көру арман екен ғой. Шырақ, ашшы менің көзімді, кең далаға құмарта қарайын,— деді қарт мұңайған үнмен...
Николай Иванович әңгімесін аяқтап:
— Есінде болсын, Бәкен, анау тұрған бұзылған жатаған қоңыр үйдің иесі сол қарт. Сіз бен біз сол қарттың ерлігі мен ізгілігіне мәңгілік ескерткіш етіп сол үйдің орнына тағы бір жаңа үй салуымыз керек.
Еңбек азаншысы — гудок айғайлады.. Екі дос орындарынан тұрып, жаңа құрылысқа қараң бет алды.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter