Әңгімелер ✍️
Бала би Досбол
Досбол Кіші жүз Ахмет ханға бас би болып тұрған дәурінде Бағаналы елінде Бөрібас деген бай болады. Үш мың қара қасқа жылқысы болады. Сол жылқының нақ жартысы жорға болады. Соның ішінде бір қара қасқа жорға өте жақсы жорға болып, жорғасымен қасқыр, түлкі соғады. Бөрібас бай сол жорғасын өте құрметтеп ұстап, күндіз-түні үйге қойып бие сүтімен суғарып, екі мезгіл жаңартып астына кілем төсеп тұратын болған.
Қарақасқа жорғаны қалмақтың бір ханы:
— Бес жүз жылқы берейін, маған бер, — деп сұраған. Өзбекте бір хан:
— Бес жүз қара нарға қазына артып беремін, маған бер, — десе де, оларға:
— Сендердің менен дәулеттерің артық емес және жігітшіліктерің артық емес, жалғыз-ақ менен хандық бақыттарың артық. Маған малдың қажеті жоқ, жаз қонған жерімнен көшуге шамам келмей, күз әрең көшемін. Барлығы — малдың, шаруаның көптігі, — деп ат саудалаушылардың көңілін қайтарған.
Ахмет хан Қарақасқа жорғаны сұрайын десе де, саудалаушылардың берген бағаларының ауырлығын көріп бата алмай жүреді. Ақырында көңілі бала би Досболды жіберіп сұратуды ұйғарып, Досболды «не болса да Қарақасқа жорғаны алып кел!» — деп жібереді.
Досбол жанына бірнеше сөз білетін адамдарды ертіп алып жүріп Бөрібас байдың аулына келсе, Бөрібастың үйінің артында көп қонақ аттары тұрады. Байдың саятшылары алдынан шығып, Досболды құрметтеп үйге кіргізеді. Үйдегі қонақтар Қаракесек Әменке биі, Бағаналы Құлтас биі және Жантас билер екен.
Досбол барлығымен амандасып, кеңесіп отырған Бөрібас бай астында төсек, жан жағында жастықтан қорған қойып отырып:
— Досбол, ханның биі жол болсын! — дегенде, Досбол:
— Ханың сәлем айтты ғой:
«Жаңабай ұлы Бөрібасың.
Маған беріп жіберсін,
Қарақасқа жорғасын.
Сұлулығы өзіңдей,
Жуандығы өзімдей.
Жорғалығы Қаракесек
Әменке бидің сөзіндей.
Беріктігі Қолтастай,
Жүйріктігі Жантастай,
Жорғалатып жүргенде,
Мұзға аяғы таймастай.
Топқа мініп барғанда,
Артында кіні қалмастай.
Шеру тартып жөнелсе,
Алдына жан салмастай.
Дұспанға таба қылмасын,
Барған кісім сынасын.
Түсініп сөздің затына,
Бағаналы Бөрібас бай».
дегенде, Бөрібас артындағы жастыққа шалқасынан құлай кетті. Оған да дамыл алып жата алмай, жан-жағындағы жастақтарға кезек-кезек сүйеніп дамыл сызданып-толғанып ойға кіріп, біраздан кейін:
— Жарайды, Қарақасқа жорғаның күні жаңа толды, бес зор адамның құнына құны жетті. Бірінші — өзім, екінші — Ахмет хан, үшінші — Әменке би, төртінші — Қолтас би, бесінші — Жантас би. Енді берейін, — деп, беріп жібереді.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter