Ертегілер ✍️
Кішкентай Мук жайлы ертегі
Ертеде аласа бойлы, шағын денелі бір адам өмір сүріпті. Оның есімі Мукраһ болатын. Алайда ел оны Кішкантай Мук деп атаушы еді. Бойы бар болғаны үш футтай ғана болатын адамға осындай есім әбден лайық. Оның денесі шағын болғанымен, басы басқаларға қарағанда ерекше үлкен болатын. Мук үлкен үйде жалғыз өзі тұратын. Егер ай сайын белгілі бір күнде серуендеуге шықпаса, ешкім оның өлі-тірісін білмеуші еді. Оның көшеге шыққаны балалар үшін үлкен мереке болатын. Айына бір рет ашылатын есіктен әуелі үлкен сәлде ораған үлкен бас шығатын. Содан кейін өңі тозған шапан киген шағын денесі көрінетін. Содан кейін жалпақ белдік байлаған кең шалбарын да көруге болатын еді. Белдікте үлкен қанжар салбырап тұратын. Қанжардың үлкен болғаны сонша, Мук қанжар тағынып жүр ме, әлде қанжар Мукты көтеріп жүр ме, анықтау қиынға соғар еді. Сырт келбеті осындай Кішкентай Мук сыртқа аяқ басқан сәтте-ақ көше күлкі мен айқайға толып кететін. Біреулері қалпақтарын аспанға атып қуанса, басқалары оның айналасында билеп жүріп, әндететін:
Кішкентай Мук, Кішкентай Мук,
Жалғыз өзі тұрады.
Бір ай бойы көрінбей,
Тек бір күні шығады.
Кіп-кішкентай денесі,
Қазандай алып басы бар.
Кішкентай Мук қанекей,
Мықты болсаң ұстап ал!
Кішкентай Мук балалардың мазағына тіпті де ренжімейтін. Аяғындағы үлкен сандалын сүйреткен күйі олардың жанынан күлімсіреп өте шығатын. Серуен аяқталғаннан кейін ол үйіне кіріп кететін де, ол жерден бір ай бойы қарасын көрсетпейтін. Кішкентай Мухты елдер дәулетті деседі. Алайда, ол қашан көрсең де үстіндегі көне киімдерін тастамайтын.
Не үшін олай екен? Ол туралы білгің келсе, онда менің әңгімеме құлақ түр. Бұл киімдер Мукқа қайтыс болғаннан кейін әкесінен мұраға қалған. Ол кезде Муктың жасы он алтыға жаңа толған еді. Оның әкесі сұңғақ бойлы, сымбатты жан болатын. Сондықтан, Мукқа әкесінің киімдері қолақпандай кең болып шықты. Бірақ, оған жаситын Мук па, киімнің артық жерлерін кесіп тастап әкесінің көзіндей көріп, үстіне киіп алды. Беліне ораған белбеуіне қылыш сияқты етіп қанжарды қыстырып, қолына таяқ алып, өз бақытын іздеп жолға шықты.
Бақыт іздеп ол ұзақ жол жүрді. Жолда кездескен адамдар оның түрін көріп мазақтап күлетін. Муктың әкесі өзінің ұсқынсыз ұлы үшін ұялып, Мукты ешқашан сыртқа шығармай үйде қамап ұстайтын. Сондықтан, ұзақ жылдан кейін бостандыққа шыққан Мук қатты қуанғаннан кеудесін шаттық кернеп, елдің мазағын назарына да ілген жоқ. Көп жүрді ме, аз жүрді ме, бір кезде алыстан жарқыраған мешіттің мұнарасын көрген Муктың қуаныштан жүзі жайнап кетті. Ол ақыры өзі іздеген Бақыт қаласына жеттім деп ойлады. Бірақ, алыстан мұнартып көрінген мұнара жеткізер емес. Қарны ашып, өзегі талған, әл-қуаты қалмаған Мук аяғын әрең сүйретін алға жылжи берді. Екі күн бойы тоқтаусыз жүрген байғұс баланың жегені жабайы жидек, жатқаны қара жер болды. Үшінші күні таңертең ол үлкен қаланың қарасын көрді. Соңғы күшін жинап, алға жылжыған Мук тал түс болғанда қаланың шетіне ілікті. Қақпадан қуана кіріп, қала көшелерін аралай бастады. Бірақ, бәрі ол ойлағандай болмай шықты. Ол адамдардың барлығы үйлерінен шығып, «Кішкентай Мух, үйге кіріп тамақ жеп, сусыннан іш. Жақсылап жатып, тынығып ал» дейтін шығар деп ойлаған. Бірақ ондай қонақжайлық танытқан ешкімді көрмеді. Кенет үлкен бір үйдің терезесі ашылып, қартаң әйел былай деп әндете жөнелді,
Келіңдер, келіңдер, барлығың келіңдер,
Дастархан жайылып, сендерді күтеді.
Достарың әнекей көріңдер,
Бәріңе дәмді ас молынан жетеді.
Үйдің есігі ашылып, Мук ол жерге кіріп жатқан көптеген иттер мен мысықтарды көрді. Көп ойланып тұрмастан Мук та олармен бірге ілесіп үйге кірді. Мана терезеден әндеткен қартаң әйел одан не үшін келгенін сұрады.
— Сіз бәрін қонаққа шақырдыңыз ғой. Менің қарным аш. Сондықтан мен де келдім, - деді Кішкентай Мук.
Қартаң әйел күлді де, былай деді:
— Сен өзі қайда келгеніңді білесің бе, кішкентай адам? Бүкіл қала менің мысықтарыма тағам әзірлеп, оның достарын ғана дастарханға шақыратынымды біледі.
Кішкентай Мук әйелге әкесі қайтыс болып, үй-күйсіз қалған бақытсыз бала екенін айтты. Ахавзи есімді әлгі әйел Кішкентай Мукқа жаны ашып, оған өзінің үйінде жұмыс істеуді ұсынды. Оның міндеті аса қиын болған жоқ. Ахавзидың алты мысығы болатын. Әр таң сайын Мук олардың жүндерін тарап, қымбат маймен майлап, ал кешке жібек жастыққа жатқызып, кестелі жамылғымен қымтап жауып қоюы керек болды. Олармен қоса Мук үйдегі бір кішкентай итке де қамқорлық танытуы керек. Әрине, оған мысықтарға жасалғандай жайлы жағдай жасалмайды.
Біраз уақыт бойы Мук өзін бақытты сезінді. Қарны тоқ, қайғысы жоқ. Бірақ, уақыт өте келе ол осының бәрінен жалыға бастады. Ахавзи сыртқа кеткен кезде, мысықтар ойларына келгенін істейтін. Бөлмені айнала жүгіріп, көздеріне түскен заттарды лақтырып, сындырып, бәрінің астаң-кестеңін шығаратын. Бірақ, қожайын әйелдің келе жатқанын аяқ дыбысын естіген сәтте-ақ түк болмағандай монтиып, орындарына жата қалатын. Шашылып жатқан бөлмені, сынған ыдыстарды көрген Ахавзи бас-көз демей Мукты төпелей жөнелетін. Ол өзінің еш кінәсі жоқ екенін айтып қанша ақталса да, сөзін құлағына ілмейтін.
Сонша іздеген бақытын бұл жерден таба алмаған Кішкентай Мук қатты қапаланды. Ол бұл үйден кетпек болып шешті. Бірақ, кетпес бұрын ол Ахавзидің үнемі жабық тұратын құпия бөлмесінде не бар екенін білгісі келді. Ол бөлмеге қожайыннан басқа ешкім кіріп көрген емес.
Бір күні таңертең қожайын әйел әдеттегідей серуендеуге кеткен кезде, Мук әлгі бөлмеге кіріп көрмек болды. Бірақ, қалай кірмек? Сол сәтте жанынан бір елі қалмайтын кішкетай ит «Артымнан жүр» дегендей белгі беріп, оны шалбарынан тартқылады. Мук та ана беймаза мысықтарға қарағанда осы итті жанына серік тұтып, жақсы көретін. Иттің айтқанына көніп, артынан ерді. Ол Мукты жасырын есік арқылы көптен бері құпиясына қызығып жүрген бөлмеге ертіп келді. Ол жан-жағына таңдана қарады. Мұнда көнерген киімдер мен пішіні әртүрлі ыдыстардан басқа көзге түсер ешнәрсе де жоқ болып шықты. Хрустальдан жасалған әдемі өрнекті құмыраны көріп, қолына алып қызықтап тұрған Мук кенет оны түсіріп алды. Сұмдық-ай! Қатты қорыққан Мук орнына қозғала алмай қалды. Енді бәрі анық болды. Қожайын әйел келіп, оны өлімші етіп сабамай тұрғанда бұл жерден табанынан жалтырату керек. Ол бөлмеден апыл-ғұпыл шығып, қашпақшы болып еді, ит оған «Мына үлкен сандал мен арыстанның басы бейнеленген шыбықты ал. Сонда, жағдайың жақсарады» деп сыбырлады.
Мук аяғындағы етігін шеше салып, үлкен сандалды киіп, қолына арыстанның басы бейнеленген шыбықты алып, бөлмеден тез шығып, үстіне әкесінен қалған көне шапанын киіп, басына әкесінің сәлдесін орап алды артына қарамай қаланы бетке алып жүгіре берді, жүгіре берді. Оның қатты жүгіргені сонша, өмірінде осылай қатты жүгіріп көрмепті. Бірақ, неге екені белгісіз, тоқтай алар емес. Бір кезде ол аяғындағы сандалдың оны қалаған жағына қарай жүгіртіп жатқанын байқады. Бірақ, қанша тырысса да тоқтай алар емес. Тек шарасыздан жылап жіберіп, «Әй! Тоқта!»деген кезде барып, кілт тоқтады. Қатты шаршаған Мук жерге құлап түсті де, ес-түсін білмей терең ұйқыға кетті. Ұйықтап жатып түс көрді. Түсінде әлгі өзінен бір елі ажырамайтын ит оның құлағына «Кішкентай Мук, егер оң аяғыңдағы сандалдың өкшесімен айналсаң, онда қалаған жағыңа ұшып бара аласың. Ал қолыңдағы шыбық саған қазынаның жасырынған жерін көрсетеді. Алтын жасырынған жерде үш рет, күміс жасырынған жерде екі рет жерді ұрады» деп сыбырлайды. Шошып оянған Мук өзінің түсін сынап көрмек болып, дереу сандалды киіп оң өкшесімен айнала бастады. Бірақ, онысы сәтсіз шығып, жерге құлап түсті де, тұмсығын оңдыртпай ауыртып алды. Кенет оны есіне қолындағы шыбығы түсіп кетті. Ол соның көмегімен өкшесімен тұрып оп-оңай айналғаны сол еді, сандалы әуеге көтерілді де зулай жөнелді. Кішкентай Мук кірпік қаққанша қаладағы патша сарайының алдында тұра қалды. Қақпа алдындағы күзетші одан не үшін келгенін сұрады. Мук:
— Мен патшаның бас шабарманы болу үшін келдім,- дегені сол еді.
— Мына түріңмен, мына қысқа аяқтарыңмен бе? – деп сол жердегі сарбаздардың барлығы қыран-топыран күлкіге қарық болды.
— Тез бұл жерден табаныңды жалтырат. Бұл сенің әзілдесетін жерің емес,- деп күліп болғанан кейін Мукқа сес көрсетті. Алайда Мук айтқанынан қайтпай табандап тұрып алған соң, күзетші патшаға оның өтінішін жеткізді. Мұны қызық көрген патша қоластындағылардың барлығын сарай алдындағы алаңға жинауды бұйырды. Ол өзі төреші болып, желаяқтардың жарысын ұйымдастырмақ болды. Барлығы мақтаншақ Кішкентай адамның қалай жүгіретінін өз көздерімен тамашалау үшін алаңға ағыла бастады. Патша да балаларымен бірге тақтарына жайланып отырды. Кішкентай Мук пен оның қарсыласы сарайдың ең жүйрік шабармандары патша мен халықтың алдына келді. Кішкентай ғана күлкілі адамды көргенде алаң шуға толып кетті. Бұрын соңды қала халқы мұндай қызықты тамашаламаған еді. Мук қарсыластарына бірінші болып жүгіріп кетуін өтінді. Олар қара үзіп кеткеннің өзінде, аяғындағы үлкен сандалымен-ақ ол бәрін шаң қаптырып кетті. Халық шынайы жеңімпазды ду қол шапалақтап қарсы алды. Барлығы «Жарайсың, Кішкентай Мук! Нағыз желаяқ!» деп айқайлап, шуылдасты. Риза болған патша оны жанына шақырып алды да,
— Кішкентай Мук, бұдан былай сен менің ең сенімді, ең жүйрік шабарманым боласың. Үнемі жанымнан табылуың керек. Сый ретінде саған жүз алтын динар беремін.Күнде менің ең жақын уәзірлеріммен бірге тамақтанатын боласың,- дейді.
Кішкентай Мук ақыры өзінің көптен бері іздеген бақытын тапқанына сенімді болды. Алайда, көп ұзамай-ақ уәзірлердің оны қызғанып, өзін патшаға жамандайтынын түсінді. Қатты қапаланған байғұс Мук олардың көңілдерін қалай ауласам деп күні-түні уайымдады. Сарай бақшасына барып, не істеу керегін білмей әрі-бері сенделіп жүрді. Сол күні ол қолына әлгі шыбығында алып шыққан болатын. Кенет шыбықтың жерді үш рет ұрғанын байқады. Дереу сол жерге қанжарымен белгі салды да, сарайға оралды. Түн ортасы болған кезде күрек алып келіп, әлгі белгілеп кеткен жерін қаза бастады. Міне, ғажап! Мынау алтын ғой! Бір құмыра алтын! Кішкентай Мук алтыннан көтере алғанынша салып алды да, қалғанын көміп, алтындарын бөлмесіне әкеліп, жастығының астына жасырып қойды. Келесі күні ол алтындарын уәзірлерге теңдей етіп бөліп берді. Осылайша, олардың өзіне деген көңілін жібітпекші болды. Бірақ ол оңбай қателесті. Оның сонша алтыны бар екенін көрген уәзірлердің қызғаныштары одан әрі қоза түсті. «Ол- сыйқыршы!» деді бірі. «Жоқ, ол ұрлықшы. Патшаның қазынасы қол салды. Біраз уақыттан бері қазына біраз ортайып қалған болатын» деді екіншісі. Мұны естіген патша Кішкентай Муктың артына аңду салып, оны қылмысының үстінде ұстап алуға бұйрық берді.
Түн қараңғысы қоюланғанда Мук қолына күрек алып, кешегі алтын жатқан жерге келеді. Оның аңдып тұрған уәзір мен қазынашы Архаз Мук алтынды қалтасына толтырып жатқан сәтте тарпа бас салып ұстап алып, патшаға дедектетіп сүйреп әкеледі. Патша мезгілсіз уақытта өзін оятқанды ұнатпайтын. Түн ортасында ұйқысын бұзған желаяқ шабарманына қатты ашуланды. Тыңшылар өздерімен бірге шұңқырдағы құмыра мен алтын салған Муктың киімін қоса ала келген еді. Олар бәрін патшаның алдына тастады. Қазынашы Мукты алтын жасырып жатқан жерінен ұстап алғанын айтып жатты. Патша Муктан,
— Мыналардың айтқандары рас па? Егер рас болса, осынша алтынды қайдан алдың? – деп қатты ашумен сұрады. Байғұс Мук басының
бәлеге қалғанын түсініп, өзінің ешқандай алтын ұрламағанын, керісінше, бір құмыра алтынды бақшадан тауып алғанын айтып берді. Оның бұл сөзіне уәзірлер қарқылдап тұрып күлді. Кішкентай Мукқа жаны ашыса да, патша қатты ашуланып:
— Не деп тұрсың? Патшаң осындай сандыраққа сенетін ақымақ деп пе едің? Қарай гөр! Қазынашы Архаз! Қане айт, менің қазынамда қанша қаржы жетпейді? – деп айқай салды.
Қазынашы қазынадан біраз уақыттан бері көп алтынның ұрланғанын айтып ант-су ішті. Патша Кішкентай Мукты зынданға тастауды бұйырды. Оны ұрлық жасағанын мойындамайынша, шығармауға бұйрық берді. Ал қазынашы алтынды санай бастады. Кенет, алтыннан босаған құмыраның ішінен патшаның көз алдында бір қағаз түсіп қалды. Ол жерде «Бұл қазынаны тауып, ұлыма берген адамға менің ұлым мейірімділік көрсетеді. Сайд патша» деген жазу жазылған екен. Сайд патша қазіргі патшаның әкесі болатын. Соғыс кезінде ол осы қазынаны көміп кеткен. Алайда, ажалы жеткенде ол туралы ұлына айтып үлгермеген болатын. Патша сол сәтте-ақ Мукқа жала жабылғанын түсініп, патша қазынасынан ақша ұрлағаны үшін қазынашыны дереу жазалауды бұйырды. Содан кейін Кішкентай Мукқа қарап:
— Егер сен жылдам жүгіруіңнің құпиясын ашсаң, сені еркіңе жіберем, - деді. Кішкентай Мук бар құпияның сандалда екені айтты. Алайда, оң
өкшенің құпиясын жасырып қалды. Патша оның сөзінің рас –өтірігін сынап көру үшін сандалды аяғына кигені сол еді, жүгіре жөнелді. Тоқтайын десе, тоқтай алмайды. Ал Кішкентай Мук болса патшаны біраз жазалағысы келіп, үндемей тамашалап тұра берді. Патша әбден шаршап, ес-түсін білмей жерге құлап түскенде ғана сандал тоқтады.
Патша есін жиған кезде, Кішкентай Мукқа қатты ашуланды.
— Мен сені еркіңе жіберем дедім. Бірақ, жиырма сағаттың ішінде менің патшалығымнан кетпесең, қазынашы сияқты сені де жазаға тартамын!- деді.
Бұрынғы күніне зар болған Кішкентай Мук қатты қайғыланды. Оның үстіне сандалы мен шыбығын патша тарытып алып, қазынасына қосып қойды.
Салы суға кетіп, басы салбырап ұзақ жүрген Мук қалың орман ішіндегі бұлаққа жетіп бірақ тоқтады. Ол осында күні бойы жатты. Бір кезде бұтада салбырап пісіп тұрған інжір жемісін көріп, үзіп алып, дәмін татты. Содан кейін бұлаққа келіп, шөлін қандырмақ болды. Алайда, судағы өз бейнесіне көзі түсіп, Мук шошып кетті. Екі құлағы қалқайып, мұрны сорайып өсіп кетті. Бұрынғы қайғысы қайғы ма, мынау тіпті сұмдық болды. Қатты қорыққанан екі құлағын басып ұстап алды. Енді қайтсін, мұндай құлақты кім көріпті бұрын-соңды.
— Құдайым-ай, мынау есектің құлағы ғой. Енді қайттым? Бақыт іздеп жүріп нағыз бақытсыз жанға айналдым, - деп зар еңіреді байғұс Мук.
Қашан жыласын, көз жасы таусылған кезде тағы да көлеңкені саялап ағаш түбіне келді. Қарны ашып қалыпты. Қолын созып, басқа ағаштың жемісін теріп жеді. Бір кезде ол ұзын құлағы сәлдесін қозғалтып жібергендей сезініп, оны түземек болып еді, міне керемет, әлгі құлақ жоқ! Қуанып кетіп, бұлаққа жүгіріп келді де, үңіліп қарады. Бағанағы мұны қайғыға салған үлкен құлақ пен ұзын мұрын жоқ. Тек өзінің кішкентай құлағы мен мұрны ғана орнында. Әй, өмірінде осылай қуанбаған шығар! Ол екі ағаштың екі түрлі қасиеті бар екенін түсінді. Дереу, басына керемет ой сап ете қалды. Ол екі ағаштан өзі көтере алғанша інжір теріп алды да, жақын маңдағы қалаға жол тартып кетті. Қаладан өзіне сақал және бетіне жағатын қына сатып алды. Сақалды жабыстырып, қынамен бет-аузын бояп, әлгі өзін қуып жіберген патшаның сарайының алдына келді. Ол көп күткен жоқ. Патша аспазы келіп, оның жемістерін нағыз патша дастарханына лайық деп, түк қалдырмай сатып алып кетті.
Патша сол күні аспазына риза болып, оны бал тамған дәмді тағамдарын жеп, мақтау айтып отырған болатын. Бас аспаз бағанағы інжір есіне түсіп еді, күліп қоя берді:
— Істің жақсы екенін басталғаннан білесің деген. Мәртебелім, менің сізге арналған тағы бір дәмді сыйым бар, - деді. Патшаның қызы оның не
екенін білгісі келіп, шыдамсыздана бастады. Аспаз інжірді алып келген кезде бәрі қуанып кетті.
— Не деген керемет жеміс!
— Дәмі қандай керемет! – деп тамсана басын шайқады Патша. – Аспаз, сен қандай мақтауға да лайықсың!
Ханзадалар мен ханшалар екі-екіден, ал уәзірлер бір інжірден жеді. Ал қалғанын патша түгел өзіне қалдырды. Кенет Амаза ханшайым:
— Әкетай! – деп айқайлап жіберді.- Түріңіз не болып кеткен?!
Барлығы патшаға жалт қарады. Басында есектің құлағындай үлкен құлақтары салбырап, бетінде ұзын мұрын сорайып тұрған еді. Тек патша ғана емес, інжірден ауыз тиген барлық адамның жағдайы дәл осындай еді. Мұндай сұмдықты бұрын-соңды кім көрген?! Патша дереу ат шаптырып, елдегі барлық дәрігерлерді алдырды. Бірақ, олардың қайнатпалары мен дәрілерінен еш көмек болмады. Құлақ пен мұрынды кесіп көріп еді, қас қылғандай ол қайтадан өсіп шыға берді. Міне, енді Кішкентай Муктың күні туды. Ол ұзын шапан киіп, түрін өзгертіп келді де, өзін құлақ пен мұрынды емдейтін дәрігермін деп таныстырды. Әуелде оған сенген ешкім болған жоқ. Бірақ, ханшайым ол әкелген дәрілік жемісті жегені сол еді, құлағы мен мұрны бұрынғы қалпына келді. Патша Мукты қазынасына ертіп барып:
— Міне, мынау менің байлығым. Мені мына бәледен құтқар да, қалағаның ал, - деді. Муктың көзі бірден сандал мен шыбыққа түсті. Ол патшаға сыр білдірмей бірнәрсе таңдаған адам сияқты, қазынаны аралап жүріп сандал мен шыбықтың жанына келді. Оларды дереу ала салды да, сақалын жұлып алып, өз түрін көрсетті. Қатты таң қалған патша не істерін білмей тұрып қалды.
— Мейірімсіз патша! Сен маған әділетсіздік істедің. Сол үшін менен естелік ретінде осы құлақ пен мұрынды саған қалдырамын! – деп айқайлады да, үш рет оң өкшесімен айналып, патша көмек шақырғанша көзден ғайып болды. Ешкім Кішкентай Муктың қайда кеткенін білмеді. Бірақ, ол өзінің ғажайып шыбығы арқылы ең бай адамға айналғаны анық. Ол үлкен дәулетімен туған қаласына келіп, патшалардай өмір сүре бастады. Бірақ, бұл әңгіменің басында айтылғандай ол көшеге балаларды өзінің ебедейсіз түрімен қуанту үшін айына тек бір рет қана шығатын. Осы оқиғаны естігеннен кейін көше балалары Кішкентай Мукты мазақтамайтын болды. Керісінше, ол үйінен шыққан күнді асыға күтіп, оны қаладағы ең сыйлы адам ретінде құрметтейтін болды. Осымен ертегіміз тәмам.
Вильгельм Гауф
Ағылшын тілінен аударған Мира Сембайқызы
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter