24.04.2021
  1531


Автор: Мира Сембайқызы

Мен «Ұланды» қалай іздедім?

Ата-анам ұстаз болғандықтан біз кітап, газет-журналға жақын болып өстік. «Балдырған», «Ұлан», «Ақ желкен» үшін бауырларымызбен кішігірім талас болатын. Кімнің қолына бірінші түссе, қалғанымыз соның артынан жүріп: «Оқи тұрайын, «Ұланның» бір бетін бере тұршы», – деп жалынатынбыз. Сол кезде біз үшін келе салған бетте түгел оқып шығу қызық болатын. Біздің үйдегі тағы бір дәстүр, келген газет-журналды бөлек-бөлек папка арнап, соған тігіп қоятынбыз. Өзімше еліктеп, мен де бірнәрселер шимайлай бастадым. Жазғандарымды «Ұланға» жібердім. Ең алғаш «Бала тілі – бал» айдарына жазғандарым шығып, 75 теңге қаламақы алғанда қуанғаным-ай! Мамам да мәз. Одан кейін бір шумақ өлеңім шықты да, қалған жіберген дүниелеріме Сұлтан Қалиұлының жауаптарын ала бастадым. Сол кезде хатымның жауасыз қалмай, талабың бар, тағы да көркем етіп жаз деген ақыл бергеніне қанаттанатынмын.


Сұлтан Қалиұлы мені өте жақсы танитындай сезінетінмін. Әрине, ол кісіні өкінішке қарай, жүзбе-жүз кездестірген емеспін. «Ұланның» жас тілшісі болуды армандайтынмын. Кейін мектеп бітіріп, Алматыға арман қуып келдік. Алғаш үлкен қалаға үйренісе алмай, көшелерін де білмей, өзімді қым-қуыт дүниеге жұтылып кеткендей сезініп жүрдім. Жатаханада жатып, жан-жағыма қарап, достар тауып бойым үйрене бастаған соң, өзімнің жаттап алған бір мекен-жайымды іздемек болдым. Жібек жолы даңғылы, 50-үй. Бір күн бұрын бұрын Көк базарға барып (бар білетініміз сол базар ғой ол кезде) әдемі шаш қыстырғыш, тағы бір ұсақ-түйек нәрселер сатып алдым. Өзімше әдемі болып барайын деген ой ғой.


Ертесі Бөгенбай батыр көшесіндегі жатақханадан шығып, адамдардан сұрап Жібек жолы көшесіне түстім. Содан үйлердің нөмірлерін санап отырып, 50-үйге дейін жаяу бардым. Сөйтсем, ол Көк базардың маңында екен ғой. Сегізінші қабат. Көтерілдім. Жүрегім дүрсілдеп, аяғым дірілдеп тұр. Қатты қобалжып тұрмын. Дәлізде ешкім жоқ екен. Ақырын, дыбысымды білдірмей жүріп, есіктердің сыртындағы жазуларға көз жүгірттім. «Дружные ребята», «Ұлан!». Бас редактор бөлмесі. Және оған қарама-қарсы бөлмеде Алма Үмбеттегі мен Әділ Балтаның аттары жазулы. Екеуі де менің сүйіп оқитын авторларым. Қатты қуанып кеттім. Енді есікті қағып, ішке кіру ғана қалды. Біраз тұрдым да, батылым жетпей төменге лифтімен қайта түстім. Біраз жүріп, қайта көтерілдім. Бұл жолы дәлізде Әділ Балта ағай бір кісімен сөйлесіп тұр екен. Мені көріп, жылы шырай танытып: «Бізге жазған нәрселеріңді әкелдің бе?» – деп сұрады. Мен «Жоқ» дедім де, есігі ашылған лифтіге мініп, қайта төмен түсіп кеттім. Түсіп, алып, өзімді жазғырдым. Енді алған бетімнен қайтпауға тырысып, қайта жоғарыға көтерілдім де, батылсыздау есікті қақтым. «Кіре ғой!». Кірдім. Алма апай мен Әділ Балта ағай маған күлімсірей қарады. «Сәлеметсіздер ме!» – деп ішке аяқ басқаным сол еді өзімді еркін сезініп кетім. Ол кісілер тап бір мені бұрыннан танитын адамдар сияқты әңгімеге тарта жөнелді. Біраз отырып, көңілім орнына түсіп, «Ұланның» бірнеше нөмірі мен сүйікті газетімді тауып алғандағы қуанышымды құшақтап, бірнәрселер жазатын болып, жатаханаға оралдым. Бірақ, сол кеткеннен мол кеттім, өкінішке қарай. Кейін, оқуды аяқтап, тұрмысқа шығып, балалы болып, үлкен қызым мектеп табалдырығын аттаған жылдан бастап «Балдырған» мен «Ұланмен» қайта қауыштым. Қазір қыздарым, «Балдырғанды», «Ұланды» қызыға оқиды. Мен де…




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу