23.04.2021
  359


Автор: Қобдабай Қабдыразақұлы

Дана ұстаздар

Зертеуші ғалымдар Абайдың үлгі-өнегелік мектебін-әдебиет мектебі деп атағаны белгілі. Абай атамыздың балалық шағынан үлгі-өнеге үйреніп, өсіп-өнген ортасы, азамат болып, ақыл-ойының кемелденген шағында, бар қазаққа бас ұстаз болған дәуіріндегі Құнанбай әулетінде жұмыстаған мектептердің жалпы атауын «Дана мектебі»-деп атап отырмыз. Себебі, сол кезеңде, Өскенбайдан ұласқан қарашаңырақ ақсақалдар мектебі (Құнанбайдың өзі бас болған), ана мектебі (Сары апа, Зере, Ботантай т.б.), сауат ашу мектебі (Ғабитхан, Әуез ата бастаған), ақындық мектебі (Абай бастаған) қатарлы әулет мектебінің барлық түрі толыққанды жұмыс жасаған. Бұл мектепті жұмыстатқан ұстаздардың барлығы да дарынды адамдар еді. Сондығы болар, мектеп түлектері ылғи даналар болып шыққан. Алайда, дана мектебі-даналарды дайындау үшін құрылған жоқ. Ауыл өрендерін, жас өспірімдерді оқытып, білім беру, қатардағы адам санатына оларды қосу ниетінің нәтижесінде осындай жандар қалыптасқан. Алланың жазғаны солай болған шығар, Құнанбай әулетіне, дана ұстаздардың топтасуы тегіннен-тегін емес екен, дана мекетебінен, шынында ақылгөй дана, ақын, өнерлі ұрпақтар молынан дайындалған. Дәлірек айтқанда, әулет мектебінің дана ұстаздары тағдырдың тоғыстыруынан бір әулетке топтасса, даналар тәрбиелеуге толық мүмкіндік бар екенін айқын аңғартады.          


Зере әже (1785-1873) Абайдың әжесі Зеренің азан шақырып қойған аты Тоқбала.Зерені Ырғызбай тұқымдары, барша ауыл адамдары «кәрі әже» деп атаған. Қартайған шағында құлағы естімей қалған. Зере немерелеріне дұға оқытып, үшкіртеді екен. Ақылды, зейінді, мейірімді Зере немерелерінің ішінде Ибраhимді ерекше жақсы көріп, оны Абай деп еркелеткен. Ізгі жүректі, үлкенге қамқор, кішіге пана бола білген Зере әже Абай өміріне, ақындығына игі әсерін тигізген. « – Е-е…Бұлдыр-бұлдыр күн өткен. Бұрынғыдан кім өткен?» деп басталатын Абайдың әжесі - Зеренің ұлағатты әң­гімелерінің өзі неге тұрады десеңізші?! М.Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясының «Қайт­қанда» дейтін тарауында: «Абай биыл ғана анық бағалады. Бұ­ның әжесі бір түрлі шебер әңгі­меші екен. Қызық сөйлейді. Әң­гіме­сі­нің барлық жерін дәмді ғып, қы­зықтырып айтады. …Әжесі әуелде көп-көп ертектер айтқан. «Еділ – Жайық», «Жұпар қо­рығы», «Құла мерген» – бәрі де ай­тылды. Оның әңгімелерін түсте де, кешке де, тіпті көш бойы да Абай айтқыза беретін болды. Бертін келе, тәуір болып алған соң, әжесінен тағы бір әңгімелер тапты. Ол осы ел іш­ін­де Зеренің жасынан бергі көр­­гені, естігені жайындағы әңгі­ме­лер. Ел мен елдің шабысы, та­ласы жайында бірталай күндер айтты. Осыдан жиырма-отыз жыл бұрын Най­ман­ның осы елге, осы ауылға шап­қанын, сонда Бостанбек деген өзінің асыран­ды баласы өлгенін және Найман қолынан осы ауылға тұтқынға түсіп, жыл жарымдай кісенде жатқан Қожам­берді деген ақын жайын айтады. Соның көп өле­ңін шұбыртады. Бас­қа да «Қа­ра­шор шапқан» си­яқты шабысты, жортуылды айта­ды. Тағы бір күн­дер Мамыр, Ең­лік­тей қыз­дар­дың қайғыларын да айтып берді. Абай қажымай, жа­лық­пай ылғи ғана ынтыға тыңдайтын. Зере ел шабысын әңгіме еткен­де, сол істердің бәрін ел ба­сына әлек салған, ұлардай шу­лат­қан кесел күндей айтатын. Кіш­кентай күнінен ертек-әңгі­мені көп сүйе­тін бала осы жазда, тіпті көп есітіп, көп біліп ал­ған сияқты» деп келетін жолдар бар ғой.       


Бұл бала Абайдың дана Абайға ай­налуына әсер еткен мысалдың бірегейі десек те болады.. Осы мысалдың өзі-ақ, «Әже» тұлға­сы­ның қоғам­да­ғы рөлін айшықтап, жеріне жеткізе бейнелеп тұр. М.Әуезовтың атақты «Абай жолы» романына соғыс жылдары Б.Момышұлы жоғары баға бере отырып былай деген екен: «Зере мен Ұлжан Абайдың емес, барлық халық анасы.Аналық сезімі мол, елдің мұңын мұңдап, жырын жырлаған аналар болып ақиқат көрсетілген».    


Өскембай бидің бәйбішесі, Құнанбай қажының анасы, Абайдың ұлы шешесі Зере 1785 жылы Бектемір отбасында дүниеге келген. Әкесі Найман ішіндегі Матайдың Қойгел руынан шыққан еліне сыйлы, қадірлі адам болған.         


Құнанбай Өскенбай бидің жасы 26-ға тақағанда туған.Ахат Шәкерім ұлының дерекнамаларында Зере Құнанбайды көтергенде ерекше түс көрген. Түсінде Өскенбай алтын сақа иіріп отыр екен. Зере түсті жақсыға жориды. Мезгілі жеткенде өзге балалардан дара, кесек тұлғалы Құнанбайды туады. Бұл кезде Зеренің жасы 18-дерде ғана көрінеді. Осы жасының өзінде Зере ананың иманы өте күшті болған. Тектілігі, имандылығы, тазалығы, мейірімділігі соншалық - Құнанбайды дәрет алып, кеудесін жумай емізбеген екен.


1850 жылы 72 жасында Өскенбай би қайтыс болып, ел билеп, ел басқару ісі Құнанбайға өтеді. Ел басқаруда Құнанбай алдыңғы аталарынан ілгері болып, ақыл-ойында, қажыр-қайраты мен батырлығын да пайдалана білген. Зере жалғыз ұлы Құнанбайдың балалы болып, өсіп-өніп келе жатқанына қатты қуанады. Әсересе, Ұлжаннан туған екінші немересі Ибраһимге ерекше ықыласы түсіп, қатты елжірейді. Асыл ана немересінің халқына қалаулы, ұлы ақын болатынын сезгендей аса мейірленеді. Ибраһимді Абай атандырған да әжесі. «Әлди, әлди Абайым, Атқа тоқым жабайын. Тыста жүрген анасын, Қайдан іздеп табайын,»-деп үнемі өлеңмен уатып, қолынан түсірмейді екен. «Тәрбие басы тал бесік». Абай жастайынан әжесі айтатын бесік жырларына, қызықты әңгімелеріне әрі қаныға, әрі құныға, әрі қызыға өседі. Тәрбиенің күштілігі, ананы, үлкенді сыйлау мәдениетінің бір ғана кепілі «Абай жолында Абай оқудан қайтып, ауыл аймақпен амандасып, анасына келгендегі «...Ұлжан көп ұстаған жоқ. Әжеңе бар, әнеки! Деп үлкен үйдің алдына қарай бұрып жіберді» деген жолдардан анық көрінеді.


Зере ана болашақ ақынның ақын болып қалыптасуына зор септігін тигізген. Бала Абайлды жақсы мен жаманды айырып, халқы үшін қызмет етуге, жарлы мен панасызды қорғауға шақырған.     


Абай тұңғыш өлеңін әжесіне арнаған. Кәрі әжесі жасы ұлғайып, құлағы естімей қалғанда: «Ұшады бозша торғай көдені ықтап, Басасың аяғыңды нықтап-нықтап. Кәрі әжем естімейді, нана берсін, Берейін өлеңіммен шын ұшықтап,»-деп өлеңдетіп үшкірген болады екен.          


Зере ананың бүкіл болмысы, өр тұлғасымен қатар жүретін мейірімі, жұмсақ мінезі, ақыл-парасаты, даналығы мен имандлығы – оны,- «Ел анасы» атандырған. Өскембай шаңырағы - жеке Құнанбайға ғана емес сол елдің бас баспанасы - қасиетті ордасына айналуына Зере әже үлкен үлес қосқан. Зере әже 1873 жылы Жидебай қыстағында Ұлжан мен сүйікті немересі Абайдың қолында көз жұмады.Зере ана Жидебай қыстағына жерленіп,1886 жылы басына кесене орнатылады.       


Ұлжан Ана (1810-1887) Құнанбайдың екінші әйелі, Абайдың анасы Арғы атасы Орта жүз Қаракесектен тарайтын Шаншардың Нұрбике деген әйелінен туған. Бертіс биден: Мөшке, Битен, Шитен деген немерелері өрбиді. Битеннен Қантай, Тонтай, Тұрпан, Тұрпаннан-апалы-сіңлілі Ұлжан, Молқара дүниеге келеді. Ұлжаннан: Тәңірберді, Ибраһим (Абай), Ысқақ, Оспан туады. Ұлжан өте сабырлы, кең мінезді, сөзге ұста, тапқыр, шешен кісі болған. Абай анасының осындай асыл қасиеттерін жастайынан бойына сіңіріп өскен. М. Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясында Ұлжанның бейнесі тамаша жасалған. Құнанбайдың екінші әйелі Ұлжанмен тағдырлас болуы да Алланың жасаған кереметі дерсің. Ұлжанды алғаш Құнанбайдың інісі Құтпанбетке атастырады. Құтпанбет ру арасындағы бір қақтығыста найзаға түсіп өледі де қалыңдығы Ұлжан оң жақта қыз күйінде қалған соң, екінші әйел қып Құнанбай алады. Ақылды келін Ұлжан енесі Зеремен аса бір ынтымақтастықта ғұмыр кешкен. Жер дауына байланысты оқтын-оқтын тұтанып отыратын Тобықтының өз ішіндегі бас араздық осы Зере-Ұлжан ауылында бітім тауып жататынды.    


Сол кездегі ата дәстүр бойынша Ұлжанның бар баласы өз қолында тәрбиеленбеген. Әуезовтің айтуынша үлкен ұлы Тәңірберді жас кезінде Өскенбай бидің қолында болса, Ысқақ Күңкенің тәрбиесінде болған. Абай мен кенже інісі Оспан Зере мен Ұлжанның тәрбиесінде болып, Абай жасынан бір ауыл боп отырған Құнанбайдың үшінші әйелі Айғызбен өз үйінің ортасында жүріп Телқара атанғаны белгілі. Жалпы Абай тәрбие алған ел аналарының есімдерін әріден бастауға болады.         


Сонау Абайдың төртінші атасы Айдостың әйелі Айпара сөз бастаған шешен, ел бастаған көсем болған. Кейіннен төрт рулы ел болған төрт баласының бүгіні мен ертеңі төрт-ақ ауыз сөзге сыйғызған аузы дуалы ел анасы. Бертінгі Құнанбайдың қарындасы Тайбала өзінің ешкімге ұқсамас өрлігімен, ақыл-дылығымен қалыңдық боп түскен елінде сыйлы болады.     


Құнанбайдың асырап алған баласы Ізғұттыны бала етіп еліне жіберген тосын шешімі ел аузында сақталған. Аз ғана сөзі "Абай жолы" арқылы жеткен Сары апаң дейтін ақынжанды анамыздың тәлімі Абайға аз әсер етпегені анық. Деректерге жүгінсек: "Сары апаң - Тобықты ішінде Тоғалақ, Тайсоймас дегеннің қызы. Уақ елінің нашар адамына атастырылып, күйеуімен екі жылдай тұрған соң, бір тоқтысын сойып, ауыл ақсақалдарын жинап былай депті: - Мен аруақты сыйлап келдім. Екі жыл тұрдым, енді басыма рұқсат берсеңіздер екен. Төркініме барып, мал жиып алып, мына күйеуіме қалың төлеп, әйел алып беріп, содан соң кетем, - депті. Сонда ақсақалдар әрі ойлап, бері ойлап, ақырында рұқсат беріпті. Сары апаң айтқанын орындап, күйеуіне әйел алып беріп төркініне келіпті. Осыдан кейін Сары апаң күйеуге шықпапты. Ел ішінде суырып салма, тапқыр, айтқыш болып құрметке бөленген адам".


Шәкерімге тәлім-тәрбие берген, өсіріп баққан, Құдайбердінің екінші әйелі - Ботантай ана.Ол - Құнанбай әулетінде жұмыстаған ана мектебінің аяулы ұстаздарының бірі. Ол - тобықты Мамай батырдың нәсілі. Төлебике (Құдайбердінің алғашқы әйелі) келін болып түскен соң үш-төрт жылға дейін  бала көтермей,сондықтан Құнанбай Құдайбердіге осы Ботантайды айттырып, алып береді. Ботантай тұңғышы Әмірді дүниеге әкелгенде, оны Төлебике бауырына салады. Төлебикеден төрт ұл; Омар (жасқа толмай шетінеген), Нұртаза, Шаһмардан (Шәке), Шәкерім туған. Ботантайдан: - Жылқыайдар, Ырыз-ықбай. Жылқыайдар өмірден тым жас кеткен. Шәке (1856-1901) мен Ырызықбай (1866-1919) би, болыс болып ел жұмысына араласқан азаматтар. Болашақ ақынға анық тәлім берген кісінің бірі Ботантай әже тұқымына тартқан өжет кісі болыпты. Әменгерлік жолмен аламын деп әуреленген қайнысы Тәңірбердіге көнбеуі, басқа да қайныларын ықтырып отыруы, кейін ел ағасы болған Шәкерімнің өзіне де, айтатын жерде айтып өнеге беретін, ұрсатын жерде ұрсып тыйым салатын болғандығы осыған дәлел. Құдайберді жасынан жабысқан, өкпе науқасынан айыға алмай, 1866 жылдың көктемі-мамыр айының басында 37 жасында дүниеден өткен. Құдайберді дүниеден өткенде Төлебике 36 жаста, Ботантай 33 жаста жесір қалған. Күндес әйелдер апалы-сіңлілердей бір шаңырақта тату-тәтті ғұмыр кешкен екен. Сондықтан Шәкерімнің де бал дәурен балалық шағы уайым-қайғысыз өтіп, қос шешенің аялы алақанында «телғара» болып өседі. (Асан Омаров)     


Ұлжанның әкесімен бірге туысқан ағалары Қонтай, Тонтай қалжыңымен даңқы жайылған, белгілі мысқылшыл, тапқыш күлдіргілер болған. Бұл әдет Бертіс, Шаншар руына түгел жайылған мінез. Көрші ел, Шаншардың қулары дегенде: кісіні жазым қылып кететін ит-құсты сөз қылғандай сөйлейді. Жәрмеңке сияқты қалың жиындарда, бір жерде тобымен жиылып, күліп сөйлеп келе жатқан Шаншарды көрсе, көп елдің кісілері: "ойбай, Шаншар келе жатыр!" деп өрттен қашқандай дүркірей қашады екен. Бұл әдет Шаншардың мысқыл, мазаққа ұста болып, тауып айтқыш өткір тілдігінен туған нәрсе. Қандай жанның болса да мінін таппай қоймайды, мінін тауып алса түңлігін ұшырғандай қылып соқтығады. Сөз табуымен кімнің де болса есін шығарып, есеңгіретіп кетеді. Осы Шаншардың бұрынғы-соңғы заманға шейін аузынан тастамайтын атақты "қуы"  Тонтай болған. Тонтайдың барлық өмірі тұтас күлкі болып кеткен. Түгелімен, бастан-аяқ жеке-жеке күлкі әңгімеден құралады. Сол әңгімелерге қарағанда Тонтайлар қалың қазақ ортасының үнемі көңілін көтеріп жүрген, таусылмайтын думаны, ұдайы қызық күлдіргісі.         


Ұлжан сабырлы мінезді кісі болған. Абай - балалық шағын сөз қылғанда өз шешесіне қатты ырза болып, Айғызға іші ренжіңкірейді екен. Анау күндестікті көп сыртқа шығарып, білдірмесе де, Айғыз сол жағынан белгі бергіш болса керек. Бұнысы - өзгемен бірге көп әйелді әулеттің зәрін татып өскендігін де сездіреді. Ұлжанда тұқымының тауып айтқыш қалжыңшылдығы әбден болған. Анда-санда әлдеқалай айтып қалған сөздері қалжың болып, ел есінде ұмытылмай сақталып қалған. Тонтай өлерінде маңайына жиылып келіп отырған қожа-молдаларға қарап: "жазыла, жазыла қожа-молдалардан да ұят болды, енді өлмесек болмас" деп айтты деген сөз, екінің бірі білетін мәтел сөз сияқты болып кеткен. Осындай тапқыштық және біреудің мінін ащы тілмен қатты түйрегіштік, нағашысы мен шеше жағынан Абайға да мол келген.          


Құнанбай жанның бәріне суық болған қалпында, өзінің балаларына да қатты, зілді болған. Сол қаталдық, зілін, ауыр өмір бұйрығын жас шағында еріксіз орындап, Абай да әке мінезінің ауыртпалығын көп көреді, басынан көп кешеді. Ал Ұлжан мінезді адам болғандықтан орайы келгенде, өзінің бала, бауыр, қайын сияқтыларына мысқыл әзілді айта береді екен. Қалжыңмен жауаптасуды Абайға бала күнінен өзі де еккен сияқты. Осының бір мысалы: Абайды сүндетке 8-9-ға ілініп, ересек болып қалғанда отырғызса керек. Сонда Абай қашып жылап "құдай, бүйткенше қыз қып жаратпаған екенсің!" депті. Ұлжан оған: "Балам-ау, қыз болсаң бала таппас па ең, содан қиын боп па",-дейді. Абай: "Ә, онысы тағы бар ма еді!"-деп қуанады екен. Құнанбай: Бәйбіше, үй серігім ғана емес, өмір серігім едің. Ұзақ кешкен тірлікте қай белдің астында жүрсем де, артымда отырған бір бел өзің едің. Өзіме тағдыр бақ берген жанмын деуші ем. Айтыспасақ та, жер танытып отыратын қабақ пен жүрек бар еді, соған сенуші ем де, кейде шәлкес, кейде қия да басып кете беруші ем. Бағыма масайып еркелегенім болса керек. Енді қай дөңнің басында қалармыз, кім біледі. Сенің айтар кінәң болса да, менің саған артар бір түйірдей назым жоқ. Адал жүрек, ақ бейілің үшін балаларыңның бағы ашылсын. Мен айтарды өзің айтыпсың. Менің арманымды өз арманың етіпсің. - деді Бұл – Мек­ке­­ге жүрер алдындағы Құнанбайдың Ұл­жанға айтқан сөзі. Қалың туыс, үйірлі ағайын, шоғырлы бала-шаға, дос-жаран, та­мыр-таныс, нешеме әйелдер ішінен жалғыз Ұлжанмен арыздасты.          


Ұлжанның нұрлы біткен ақшыл-қызғылт жүзі ішін тоңазытқан сезімнен көкшіл тартып, қатты өзгерді. Бірақ көпке шейін үндемей отырып, жүрек тоқтатты.    


- Мырза, аталық арманыңды ақтар балаң болсын. Сен үшін де, өзім үшін де тілер бар тілегім осы ғана! Мынадай сапарыңа кінә түгіл, наз ертсем, оным білместік болар еді. Мені дардай етіп көтеріп айттың. Бірақ мен ондай емеспін ғой. Әр кездегі ісімді ойласам, өзімнің де кінәм көп. Жөн бе, теріс пе, білмеймін, мырза, - деп күйеуінің бетіне салмақпен қарады."


Құнанбай әулетінде жұмыстаған ана мектебінің аяулы ұстаздарының, ортақ ерекшелігі:    


Олар: - ұрпақ тәрбиелеу әдіс амалын, ұлттық рухани құндылықтарды осы әулетке келгеннен кейін үйреніп тоқыған жоқ. Амал-айлаларын бекітіп мығымдап, дамытып өркендеткені даусыз. Ең бастысы: олар өз отбасында, әулетінде, ауылындағы әулет мектебінде оқып, үйреніп, біліп дағдыланып келген. Бұл дегеніңіз, қазақ-қыздарын ұрпақ өсіріп, оны тәрбиелеп жетілдіре алатын дәрежеде өмірге дайындағанын айғақтайды.  


Олар:  - тәрбиелеу ұлттық құралдары: ауыз әдебиеті, ұлттық ғұрып- салттары, ойын түрлерін, өнерлерін толық игеріп, пайдалана алатын дәрежеде өмірге дайындағанын айқындап тұр.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу