Әңгімелер ✍️
ОТАН ОТБАСЫНАН БАСТАЛАДЫ
Тарихқа көз жүгіртетін болсақ, кең байтақ өлкемізде буыннан-буынға жалғасып, инабаттылық, ұяттылық, әдептілік, көрегендік, мейірімділік салтанат құрып, үйлесім тауып жатқан. Міне, сол қымбат, асыл қасиеттердің бәрі отбасы, ошақ қасында бүршік атып, бұтақ жайған. Сондықтан, отбасы – қоғамның негізі болып табылады. Өйткені, қоғамды құратын адамзат атаулы отбасында өсіп-өрбиді, тұлға болып қалыптасады. Қоғамдық әлеует, қоғамдық ақыл-ой биігі өз тамырын осы ұядан тартады, ұлттың діні де осы отбасы. Қоғамды жекелеген адамдар, жеке тұлғалар құрайды, яғни, салауатты қоғамның негізі қуатты өнегелі, рухани мықты отбасы болып табылады.
Отбасы – Отанымыздың ошағы. Өйткені, адам ең алғаш дүниеге шыр етіп келген сәтінен бастап, осында ер жетіп, отбасының тәрбиесін алады. Сондықтан да, отбасы – адамзаттың аса қажетті, әрі қасиетті мектебі. Оның мүшелерінің жас шамасы әр түрлі болса да, олардың арасындағы бір-бірімен рухани жақындығы, мақсат, ынтымақтастығы бар. Отбасы – ол да бір шағын мемлекет. Әр мемлекеттің өзіне тән өндірісі мен өнім бөлісі, сыртқы және ішкі саясаты, кіріс-шығыс бюджеті, қастерлеп ұстанатын рәміздері ,т.б. болатыны сияқты әр отбасы болмыс тіршілігінің де соған ұқсас жақтары бар. Оның жаратылысы да басшылық пен қосшылықты қажет етеді. Сондықтан, отбасының құрамына зор мән беріп, мәнін қорғаған, отбасының ар-намысын сақтауға, сырын ашпауға, мүшелерін бір-біріне қатысты адалдыққа тәрбиелеген. «Отан отбасынан басталады» деген сөздің мәні де осында. Отбасы келесідей төрт сипаттамасы бар күрделі құрылым болып табылады, ол қоғамның шағын əлеуметтік тобы; жеке тұрмысты ұйымдастырудың аса маңызды түрі; ерлі-зайыптылық одақ; ерлі-зайыптылардың туыстармен, яғни, бірге тұратын жəне ортақ шаруашылық жүргізетін ата-аналармен, аға-інілермен, əпке-сіңлілермен, ата-əжелермен жəне басқа да туысқандармен, көптарапты қарым-қатынастары. Бала өмірдің алғашқы сабақтарын отбасында алады. Оның ең алғаш ұстаздары мен тəрбиешілері – əке мен шеше. Бала үшін отбасындағы күнделікті қуанышты сəттер мен реніштер, сəттіліктер мен сəтсіздіктер – мейірімділік пен сезімталдықты, адамдарға деген қайырымдылық сезімдерін қалыптастыратын бастаулар болып табылатыны ежелден-ақ дəлелденген. Отбасында баланың бойында адалдық пен зұлымдық, адамгер-шілік өлшемдері, еңбекке бейімділіктің бастапқы сабақтары туралы алғашқы ұғымдар қалыптасады. Өмірлік жоспарлар мен адамның идеалдары да дəл осы отбасында қалыптасады. Киіз туырлықтылардың баулу жүйесінде, отбасы – адамзат ұрпағы үшін еш нәрсемен салыстыруға жатпайтын алтын діңгек, қасиетті өмірлік мектеп. Осыған сай, қазақ отбасында атқарылуы тиіс ерекше функциялар қалыптасқан еді. Айталық; репродуктивтік – өмірге бала əкелу, халықтың өсіп-өну функциясы; –шаруашылық-экономикалық функция отбасының өмірі мен тұрмысын ұйымдастыру, отбасылық бюджетті қалыптастыру мен жұмсау мəселелерін қамтиды; – генеративтік (латынша regeneratio-қайта түлеу, жаңару) функциясы белгілі бір мəртебені, ата-тегін, мүліктерді, əлеуметтік жағдайды мұрагерлікке алу дегенді білдіреді; – оқу-тəрбие (əлеуметтену) функциясы-əкелік немесе аналық тиістілік міндеттерді қанағаттандыру, балалармен тығыз байланыста болу, оларды тəрбиелеу, балалардың өмірдегі өз орнын табуы; бастапқы əлеуметтік бақылау саласы-отбасы мүшелерінің өмірдегі əр түрлі салалардағы тəртібінің моральдық тұрғыдағы реттелуі, сонымен қатар, ерлі-зайыптылардың, ата-ана мен баланың, аға жəне орта буын ұрпақтар арасындағы өзара қарым-қатынастардағы жауапкершілік пен міндеттердің реттелуі; рекреативтік (латынша recreatio-қалпына келтіру, жаңғырту) функция демалысқа, бос уақыт өткізуді ұйымдастыруға, отбасы мүшелерінің денсаулығы мен амандығы туралы қамқорлыққа байланысты; рухани қарым-қатынас функциясы отбасы мүшелерінің тұлға ретінде дамуын, рухани байлықты молайту дегенді білдіреді; əлеуметтік-мəртебелік функция – отбасы мүшелеріне белгілі бір əлеуметтік мəртебенің берілуі, əлеуметтік құрылымның өсіп-өнуі; психотерапевтік функция отбасы мүшелеріне өздерінің жақсы көру, құрметтеу, мойындау, эмоциялық қолдау, психологиялық көмек сияқты қажеттіліктерін қанағаттандыруға мүмкіндік береді; қалпына келтіру функциясы жұмыс күнінен кейін адамның күш-қайратын, психологиялық, эмоциялық жəне рухани қуатын қалпына келтіруге бағытталады; тұлғаның бос уақытты өткізуге деген белгілі бір қажеттіліктерін қанағаттандырады; эмоционалдық функция эмоциялық қолдауға ие болуды, психологиялық көмек алуды, сондай-ақ, жеке-дара тұлғаның эмоциялық тұрғыдан тұрақтануы мен оның психологиялық терапиясын білдіреді. Міне, қазақ отбасында осы қызметтер өз ерекшеліктеріне, тарихи қалыптасу салтына сай атқарылып келді. Бүгінгі қазақ отбасында аталған функциялардың жүзеге асырылу жағдайы, олардың дәреже өресі тым төмендеп кеткен. Ең қиыны баланы өмірге әкелу, оны асырап бағу, дамытып жетілдіру, тәрбиелеп баулу қызметі отбасының хал қауқарынан асып кетіп, бүгінгі отбасының шама-шарқы жетпей қалған. Айталық, қазақ ділі мен тұрмыс әдебінде болмаған, оң жақта отырып, некесіз балалы болу, жасы толмай, мектеп партасынан әке-шеше атану немесе жасанды түсік жасату, ернінен омырау уызы кеппей жатып, қыршын өмірін қиып, өзіне-өзі қол салу, бауыр еті баласын қоқысқа лақтыру, шиеттей жас баланы зорлау қатарлы хайуани қылықтардың етек алуы бүгінгі отбасының тәрбиелік функциясының жүзеге аспай қалғанының бір көрінісі екені даусыз. Мұндай жағдайға жетуіміздің көп себебі бар екені белгілі болумен қатар төмендегі үш жағдай ерекше ықпал етіп отыр. Бірінші. Бүгінгі қазақ отбасының құрылымы айтулы өзгеріске ұшыраған.Аз балалы отбасы егер бақуатты болса еркелер мен серкелер солардан шығатын болған. Себебі, тұңғыш та өзі, кенже де өзі болған соң шара жоқ. Тойып секіретіндер де солар. Қалтасына сай қайдан болса да, оқу-білімге қол жеткізетін, дәулет пен мүлікті иеленетін, өзімшіл жандар, қылмысын да қисынына келтіретін, оңай, жеңіл жазамен құтылатын осылар болатын тәрізді. Егер, отбасының тіршілік жағдайы төмен, әлеуметтік әлсіз болса, арқаланар ағасы жоқ, сүйенер інісі жоқ, жалғызілік әлжуаз, ағайын-туыстың мейір-шапағатына зәру жасөспірім шыға келеді. Көп балалы отбасы көзге түрткі бола бастады. Бүгінгі қазақ отбасы бала санымен ғана ерекшеленбейді. Мысалы: аралас некедегі отбасы, жалғызбасты отбасы, ажырасқан отбасы, азаматтық некедегі отбасы, бір жынысты отбасы, некесіз отасқандар жұбы, т.б. Бұлардың қай-қайсысын алып қарастырсаңыз да, ұрпақ тәрбиелеуде үлкен қиындықтың бар екенін байқайсыз. Халықаралық беделді ұйымдардың бірі ЮНИСЕФ таратқан ақпаратқа сенсек, Шығыс және Орталық Еуропа, Орталық Азия елдерінде балаларға жасалатын тұрмыстық зорлық-зомбылық кеңінен таралып, жегіқұрттай тамырын тереңге жайып бара жатқан көрінеді. Оның ішінде Қазақстанда 1-14 аралығындағы балалардың 53 пайызы үйде озбырлықпен тәрбиелеу әдісінің құрбаны болған. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, Қазақстан әлемде суицид бойынша үшінші орында. Жыл сайын 8000 қазақстандық өзіне қол жұмсайды, яғни шамамен сағат сайын бір адам суицидке барады. Бұл сан соңғы 2 жылда 6 пайызға артты. Өмірден баз кешетіндердің көбі 14 пен 17 жас аралығындағылар. Оған ата-аналарымен, ұстаздарымен арадағы кикілжің мен әлімжеттік себеп. «...В советские времена Казахстан был одним из лидеров в СССР по количеству браков, заключаемых между представителями разных этносов. Насколько такие браки распространены сегодня? – В течение последних пяти лет они составляют в Казахстане около 15,5 процента от общего числа бракосочетаний. Другими словами, каждый шестой брак является межнациональным. – Какой тренд наблюдается – в сторону увеличения или, наоборот, уменьшения? – Полную картину дают результаты переписей населения, которые проводятся обычно раз в десять лет. Менее подробная информация содержится в текущих учетных данных, предоставляемых комитетом по статистике. А в целом цифры таковы. В 1959-м доля межэтнических браков в Казахстане составляла 14,4 процента, в 1970-м – 20,6 процента, в 1979-м – 21,5 процента, в 1989-м – 23,9 процента, в 1999-м – 21,4 процента, в 2005-м – 18,8 процента, в период с 2013-го по 2017-й – 15,5 процента. То есть в 1960-1980 годах наблюдался рост количества межэтнических браков, а в постсоветский период, наоборот, шло сокращение». «Ұлттық Экономика министрлігі Статистика комитеті Қазақстанда соңғы он жылда ажырасушылар қатарының артқанын айтады. Он жыл аралығында елде 1,5 млн үйлену дерегі тіркелсе, жарты миллионы осы уақыт ішіндегі ажырасушылар сапында болған». «Экономист ретінде, мен үшін барлығы экономикамен байланысты. БАҚ бетінде соңғы кезде ажырасатындар қатары артып барады деген мәселе жиі көтерілген соң, таяуда мен статистиканы қарап шықтым. Бізде жыл сайын 140 мың адам некесін қияды екен, бірақ, өкінішке қарай, 55 мыңы ажырасады», – деді министр. «Әлеуметтанушы Айсұлу Молдабекова «ажырасудың әсерінен елімізде толық емес отбасылар, жалғызбасты ана, жалғызбасты әке, «тұл жетім» емес «әлеуметтік жетім балалар» саны артқанын» айтады. Ол: «Елімізде 400 мыңнан астам аналар, 40 мыңнан астам әкелер 1 миллионға жуық баланы жалғыз өздері әкесіз, не анасыз тәрбиелеп отыр» – деген. Осы отбасыларында баланы қай тілде оқыту, қай ұлттық құндылықтармен тәрбиелеу мәселесі шешімін табуы ата-аналар үшін ауыр жүк, бала үшін қабілет-қарымын дамытуда үлкен бөгетке айналған. Сәби тәлтіректеп аяғын басып, қай тілде сөйленуінің өзі сан құбылып, кешеуілдей жөнеледі. Әке мен шешенің бала тәрбиелеудегі борышы мен міндеті тең болмаған соң тәрбие толыққанды нәтиже бермейді. «Бала өз тілінде тәрбиеленбесе, өз халқына қызмет ете алмайды», – дейді Алаш арысы Ахмет Байтұрсынов. Анығында жоғарыда аталған отбасында шет жұрт үлгісімен тәрбиеленген ұрпақ өз ана тілінің қайнар бұлағынан сусындап, мейірін қандыра алмайды. Ана тілінде ұлттық құндылықтарымызбен танысып, көкейіне тоқып, болашағына бағыт-бағдар ала алмайды. Себебі, ұлттық уызға жарымаған бала әр нәрсеге, шетелге еліктегіш келеді. Өз ұлтына мұрнын шүйіре қарайды. Өз ұлтын менсінбейтін ұрпақ өз елін де, жерін де сүймейді. «Тәрбие шетжұрттан әкеліп жаба салатын жабу емес. Біреудің екінші біреуге ұсынатын сыйлығы да емес» (М.Ғабдуллин) болғандықтан ұрпақ азуға мәжбүр болады. Екінші. Отбасына орнаған кедейшілік – ұрпақтың азуына басты себепші болып отыр. Еліміздегі жалпы отбасының саны 2,3 млн-нан астам деседі. Жарияланған деректерге сүйенсек, олардың сексенге таяуы әлемдік бақуатты байлармен теңесе алатын шамада екен. Жалпы, ұлттық буржуйлардың негізі қаланған тәрізді. Екінші жағынан кедейлер де оларға сай, қалыспай өсіпті. Білікті Уәлидің сөзіне қарағанда, әлеуметтік жағынан аз қам-тылған отбасы – 600 мыңға таяу көрінеді. Оларды тақыр кедейге санайтындар да бар екен. Қазақ қоғамының өткен тарихына көз жүгіртсеңіз, өлкемізде, жалпы аумақта тыныштық орнап, адамдар алаңсыз өмір сүріп, тірлік кешкен, «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған да», аштықтан қырылып-жойылып, тентіреп безіп, ауып-көшіп, зар еңіреген заман да болыпты. Бірақ, қай-қайсысы да ұзаққа созылмапты. Яғни, қазақ халқы тәуелсіздік үшін бір сәт те бос отырып, уақыт өткізбеген. Қалыпты тірлік жасау үшін ешуақытта күрессіз қарап жатпаған. Үшінші. Ұлттық құндылық – ұлттың тірегі. Сол тіректі арқау ететін әр ұрпақтың өмір сүрген уақытына қарай өзіне жүктелетін тарихи еншісі болады. Аға ұрпақ соған адал болуы арқылы келешек ұрпақтың адаспай өмір сүруіне жол ашып, бағыт-бағдарын да айқындап беріп отырады. Ал, қазақ халқының ұлттық құндылықтарының ішіндегі ең асылы – ата-ананы ардақтау, үлкенді сыйлау, кішіге құрмет көрсетіп, ел дәстүрін сақтау. Тек бұл ұрпақтан ұрпаққа мұрты бұзылмай ауысса ғана сол ұлттың ұлттық құндылығы сақталғаны. Ал, қазақ отбасының мына екі құндылығының жойылуы қазіргі қазақ отбасының тұрақсыздығын туғызған, әлсіреуіне алып келген. Ең бастысы қазақтың барлық отбасында ортақ, отбасы мүшелерінің бір-бірінің алдында атқарылуы тиіс айқын міндет, абзал борыш, арнаулы парыз жазылмаған заң ретінде қалыптасқан. Ол әдептік заңдар бұлтарыссыз әрекет етіп, бақылауда болып жұмыс жасаған. Сондай-ақ, отбасы тіршілігінде қатаң тыйым салынған, шек қойылған тыйымдар мен ырымдар болды. Бұлардың кейбірі діни шариғат заңдары мен хадис кесімдері арқылы бекіп, Пайғамбарымыздың сүннеті, айтқан өсиеті, өнегелі істері мен мінездері арқылы тиянақталған болатын. Бүгінгі отбасында бұл құндылықтар жойылып, кейбірі жеңіл, жетесіз түрге көшкен. Төртінші, отбасы салтындағы ағайын туыс, көрші-қолаң, дос-жарандардың ынтымақ-берекесі төмендеп, қарым-қатынаста суықтық пиғыл, жатсыну, «алыстан бақылау» орын алған. Мысалы, жиенінің тәлім-тәрбиесі, оның өмірден орын табудағы нағашының парызы, міндетін бүгіндері көпшілігі білмейді, орындамайды. «Ұлға отыз үйден тыйым», қызға қырық үйден тыйым деген тәрбиелік қағида бар. Бұл қағида ұл мен қыздың неше жасында, қай шағында қалай жүзеге асырылу тиіс екендігін, оның мазмұны не екенін бүгінгі ата-аналардың көпшілігі білмейді, әрі өмірде ұстанбайды. Ата мен әженің немере мен шөбере, ұл мен қыз, келін мен күйеу жігіт, ене мен қайыната қатарлы адамдар арасындағы сыйластық, демеулік, құрметтік қатынастар ыңғайлы, жарасымды рәсім-тәмсілдерге толы болған, оларды ыңғайын келтіріп, қазақ отбасында жүзеге асырып келген. Айталық, құда түсіп, қыз айттырып, қыз ұзату ғұрпында құда мен құдағилар арасында өздері ғана жеке отырып, «ант ішіп, сөз байласу» деген ғұрып болған. Себебі қазақ құдасын құдайдай сыйлап, екі жастың бақыты үшін жеке бастарының ықпалы мен міндетін осы ғұрыптық рәсімде ашық айтып, міндет алатын. – Иә, құда, «атасы басқаны дәм қосады, үйірі басқаны ноқта қосады» дегендейін балалардың арқасында құда болып, құйрық-бауыр жесіп, кеуде түйістіріп, дәм ауыстырып жатырмыз. Менің қызым жар болар жасқа жетіп, өмірлік жарын тапты ма деп отырмын. Бұл екеуінің қатардағы отбасы болып аяқтан тұрып кетуі, сіз бен бізге байланысты. Қызымның ендігі ғұмырының бақытты болуының бас сенімі, тірегі Сіз деп ойлаймын. Оның көз жасы, уайым-қайғысы ендігі жерде сіздің мойныңызда болады деп санаймын. Әрине, Сіз де қыз тәрбиелеп, құтты жеріне қондырған, ұл өсіріп отау көтерген ұлағатты адамсыз, айтулы атасыз. Сондықтан да, бар сенімім Сізде, әрі бұл үміт абыроймен орындалатынына сенімдімін... – Айтқаныңыз рас, балалардың бақытты болуына, жаным тірі тұрса бар дәулетімді, ақыл-кеңесімді, көмек-демеуімді аямаймын ғой. Алла Тағала алдыңғы ағалары мен апайларының жолын беріп, бұл екеуінің де ел қатарлы отбасы болып кетеріне сенімім толық. Маған сенім артып, балалар үшін қам жеп, үлкен өтініш-тілек айтқаныңызға рахмет! Сеніміңізді ақтаймын! – Иә, құдағи, «қыз жат жұрттық» десек-тағы, сіз бен біз де өз үйімізде өмір мен тіршіліктің барлық қыры мен сырын біліп ұғып жетілген жоқпыз. Осы шаңыраққа келіп, енемізден, абысын-ажындарымыздың тікелей көмегімен, ақыл-кеңесімен адам болып, азаматымызды ардақтап, ұрпағымызды мәпелеп өсіре алатын дәрежеге жеттік. Қызым білімсіз де емес, көргенсіз де емес. Алайда, «жақсысын асырып, жаманын жасырып» адам болдырып кемелдендіріп жеткізу сіздің міндетіңіз. Қазақ ененің келін алдында сегіз парызы бар дейді. Бұл міндеттерді бұрын да атқарып келдіңіз. Енді де жалғасын табады деп сенемін. Аяулы қызымды алақаныңызға салдым, құдағи, оның бар тағдыры енді Сіздің қолда, сүйеуші, демеуші, ақылшысы болыңыз. – Құдағи, сеніміңізге селкеу түсірмей, қызыңызды өз қызымдай аялап бағып, әдепті келін, асыл жар болуына бар күшімді аямай, шын ниетіммен кірісе аламын. Осы екеуінің табанына кірген шөгір, енді менің маңдайыма кірсін! Жетпегенін жалғап, жеткенін шайқалтып төкпей сабырлы да салихалы отанасы болуына көмектесіп, оның дұрыс жүзеге асуын өз міндетіме аламын! (Керейлер құдалығы әңгімесінен). Амал қанша, бүгінгі құдалықта, серттесіп – сөз байласу кемшін түсіп жүр. Атам, Қиса Дүзкеұлы (1900-1974) қазақтың шаңырақ иесін дайындау жөнінде айтқан кеңесінен бір үзінді келтірейін. ...Қарашаңырақтың қазан-аяғын ұстап, отын жағып, ас-суын дайындап, ата-енесін күтетін келінді таңдап тауып, оны тәрбиелеп шыңдауда ата-ененің міндеті ауыр да, салмақты болу керек. Мысалы, қарашаңырақта отырған ата, келіннің қамқоршысы болуға тиіс (Бұрын естімеген екенмін). Келіннің киген киімі көнетоз, жүрісі олпы-солпы, әдебі дөкір болса, сөйлеген сөзі сұйық, істеген ісіне орашолақ болса атаға сын, әрі оның намысына тиеді деп есептелген. Отбасында келін өте ұнамды киініп, ісмер, өнегелі болып көрінуі және солай дағдылануға міндетті болған. Ал, келін, ас-суы дәмді, татымды, тамақ дайындауда өте қылап, нағыз қазақ маман аспазшы болмаса, ол жағдай ененің үлкен кемістігі саналатын. – Үлкен апамыз абажадай болып отырып алып, келінге ештеме ұқтыра алмағаны несі деп абысындар-ақ кіна-лайтын. Кешегі күні, қара шаңыраққа келген әр қонақтың дәрежесіне, туыстық қатысына сай қазанға салынатын еттің мүшелерін дұрыс салу үлкен оқу еді ғой. Келін ойын-тойға, қонаққа барғанның өзінде киінетін киімі, ат-тұрманы, көлігі, апаратын шашуы, сый-сыбағасының өзі көп көзіне шалынып, сынға ілінетін болғандықтан, атасы оның бәріне көз қиығын салып, ұлына саусағымен ымдап қана білдіріп, реттеп, ыңғайлап отыратын болған. Ал, енесі болса сыбаға түйетін орамалдың өң-түсі, тар-кеңдігі, салынған шашу дәмнің асыл-жасығын, дәм-тұзын үнемі қадағалап отыратын болған. Біздің ауылдағы: «Бозайдың қарашаңырағынан келген дастарханнан, қоржын шашуынан бәріміз ауыз тиеміз, әкел ортаға» делінетін тәмсіл содан қалыпты. Бұл не? Атаның әйел ісіне мән беруі қатынбасшылығы ма, ененің қазымырлығы ма? Жо-оқ. Қазақтың отбасылық құндылығын келер ұрпаққа қалпы бұзылмай, асылы жоғалмай жеткізудің қамы еді. Бірақ, біз отбасылық қазақ құндылығының нелер озық дәстүрлерін жоғалтып алдық. Егер, салт-санамыз заман талабына сай жаңғырса, күнделікті тұрмысымызға ендірілетін болса, нақтылы жаңару іс жүзіне асса, оның бәрі өз орнына келер еді. Қазақтың отбасы құндылықтарында нелер тамаша дәстүр болды ғой. Ұл әкесінің рұқсатынсыз, анасының келісімінсіз ажыраса алмайтын. Ең соңғы шешім болып, келесі рет отбасын құруға, тоқал алуға рұқсат беретін. Тіпті, ерікті күндестер табылатын. Қазіргі телефонмен танысып қосылу, онлайн ажырасу біздің салтымызға мүлдем келмейтін іс. Бірақ, заманға сай, үйленудің, ажырасудың төте жолы осы шығар. Ол үшін ешкімді жазғыра алмаспыз. Алайда, үйленгенде және ажырасқанда, қазақи салт-дәстүрдің кейбір рәсімдерін ескеру, оны өмірде басшылық етудің ешбір зияны жоқ екенін, керісінше сенің тіршілігіңде септігі тиетінін ескертеміз.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter