Әңгімелер ✍️
Аманкелді
Тоғыз cyретті драма
ҚАТЫСУШЫЛАР:
Аманкелді – он алтыншы жылғы қозғалыс бастығы, батыр.
Мұқан. Сейіт– Аманкелдінің үзеңгі жолдастары.
Андреев – орталықтан келген жұмысшы, коммунист.
Мәмбет – оқытушы, коммунист.
Баян– бұл да.
Қамар – оқытушы қыз.
Әсия– қызметкер қыз.
Абдол – наборщик.
Қайдар,
Серке,
Құлатай – ауыл қазақтары.
Кәрім – Аманкелдінің көмекшісі.
Ахмет
Міржақып,
Шоңмұрын,
Мырзағазы,
Кенжеқара – «Алаш» бастықтары.
Тайбай – Міржақыптың көшірі.
Әбіш – Міржақыптың адъютанты.
Айбала– Міржақыптың әйел і.
Аманбай – болыс.
Әзірет.
Хан.
Тағы басқалар.
БІРІНШІ СУРЕТ
Ортада кеңсе бөлмесі. Екі есігі бар, бірі тысқа, екіншісі бөлмеге шығады. Кеңсе бөлмесінде Сейіт пен Мұқан. Сейіт қамшы ондап отыр. Мұқан жалбаланған ескі қысса оқып тұр. Аз тыныс.
Сейіт (орнынан тұрып, қамшысын білемдеп). Жаңа келісті білем... Мұның да керек орны болады, шырағым. Оқып тұрғаның «Қыз Жібек» емес пе, әй? Төлегенмен қосылған жерін соғып жібересің бе?
Мұқан. Ғашық па ең?
Сейіт. Қыссаның екі-ақ жерін жаратам: бірі соғыс, екіншісі ғашықтығы. Бірақ сол ғашық болғандардың мұратына жете алмай қалғандары-ақ өлтіреді.
Мұқан. Сен болсаң қайтер ең?
Сейіт. Мен болсам ба? Жауымның бәрін қырып салып сүйгеніме қосылар ем. (Жан-жағына қаранып, сыбырлап.) Біреуге көңілім ауып жүр, әй.
Мұқан. Кімге?
Сейіт. Осындағы Әсия дейтін қызға...
Мұқан. Сенің тәлкегіңе көнбес ол қыз.
Сейіт. Неге? Әлде өзіңді құдай ұрып қалып па еді? Кешегі күлісулеріңді жек көріп ем. (Мұқанды иығынан тартып.) Әй, шыныңды айт, түйісіп қалып жүрмейік. Мен саған одан зорын да қиям. Қайтейін... (Сейіт қайғырған болады.)
Мұқан (қадала қарап). Мазағыңды қоймасаң менен бір тартарсың сазаңды!
Сейіт (күліп). Қойдым, қойдым... Өзі соқтыққан әйел болмаса, сен... (Тыстан Әсия кіріп,үй ішін жиюға айналады.)
Сейіт (Мұқанды түртіп қойып, Әсияға). Қабағыңыз тым жабыңқы екен, қайғырудан саумысыз, қарындас?
Әсия (кеңсе үстелдерін дұрыстап қойып жүріп). Орынсыз қайғыру өз басыңыздан кетпесін!
Сейіт. Қыз қарғаса семіре беретін сайтаным бар.
Әсия. Байқаңыз, жазым боп жарылып кетіп жүрмеңіз.
Сейіт (Мұқанға сыбырлап). Шыға тұр деймін, сөзім кетіп барады. (Сейітке кейіген түрмен қарап Мұқан шығады, Сейіт Әсияға.) Көмекейіңде бір нәрсе бар секілденіп сөйледің-ау қарындас.
Әсия (бұрыштағы үстелге отырып). Жоққа дәмеленеді екенсіз.
Сейіт (орындық әкеп Әсияға жақындап отырады). Қызға салған қармағым қаппай қалған жігіт емес ем.
Әсия. Бұл отырысыңызға жол болсын!
Сейіт. Қолдамақ сізден болсын. Қарындасқа көңілдің қалауын сездірсем деп...
Әсия. Сезе алмай қалып жүрмесек.
Сейіт. Әңгіме – сездіре білуде ғой.
Әсия орнынан тұрып кете берем дегенде, Сейіт шап беріп білегінен ұстайды.
Әсия (сұрлана түсіп). Мұныңызды не деп білемін?
Сейіт. Сездіре бастағаным... Отыршы өзің.
Әсия (қолын жұлқа тартып). Тәлкек керек болды ма? Кім көрінгеннің тәлкегінде жүретін қорғансыз қыз деп отырсың ғой ойың? Жақсы, Көкемнің алдында сөйлесейік.
Сейіт (шошынып). Ау, Әсияжан... Әзілге ашуланғаның ба?
Әсия. Әбден ашуланам! Айтпай қоймаймын Көкеме!
Сейіт (қысылып). Апырмай, енді... тым болмаса арам көңілім болса екен-ау. (Көпке қарап.) Көкемнің құлағына тисе, сорымның қайнағаны ғой! (Күрсініп, кетуге айналғанда Мұқан кіреді. Сейіт оған сыбырлап.) Бүлдіріп алдым. Көкеме айта көрмесін, сен ие бол.
Сейіт кетеді. Мұқан Әсияға күлімсіреп қарайды.
Мұқан. Ұрсысып қалдыңдар ма?
Әсия. Жоқ-ау, мінезі өрескел өзінің, тарпа бас салады кісіге.
Мұқан. Арамдық ойы жоқ болар, ауыр алып жүрме көңіліңе.
(Мұқан босағада тұрған мылтықты алып, шығады.)
Әсия (аз тұрып, күлімсірейді). Тым қысып жібердім бе байғұсты. Көкеме айтам дегенімде көзі ұясынан шыққандай болды. Жоқ, сөйтіп сескендіріп қоймасам, өзі тым... (Кішкене үстелге отырып, қағазға айналысады. Аз отырып басын көтереді.) Әлде шын ойы бар ма екен? (Күлімдеп.) Шын ойын дұрыстап сездіре алмайтын топас жігіттер жоқ дейсің бе. (Бірсыпыра жазып, қолы илікпей, жазғанын оқиды.) Әсия Шыныбай қызы... Енді не жазсам екен? Тоқта, өлең шығарайын оған.
Көрші бөлмеден Қамар шығады.
Қамар. Әсия-ау, Мәмбет бір жаққа кеткен бе? (Әсия жазып отырған қағазын жасыра қояды. Қамар жақындап.) Неге жасырасың? Жазғандарыңды көрсетіп отыр дегенім қайда?
Әсия. Әшейін еді.
Қамар. Әшейін болса да көрсет. Жаман жазған екенсің деп кетеді деймісің?.. Қатаң болса, дұрыстап берем. Кітабыңды оқыдың ба бүгін?
Әсия. Қамар-ау, соған тіпті, уақытым жоқ.
Қамар. Уақыт табу керек! Бәріміз де сен құсап жүріп оқығанбыз.
Әсия. Сен де мендей болдың ба, Қамар-ау?
Қамар. Сенен де ауыр күйде болдым. Әбдіғалім деген учительдің балаларын арқалап есіріп, тамағымды асырадым. Сөйтіп жүріп орыс тілін үйрендім.
Әсия. Бәтір-ай... (Қамар өз бөлмесіне кетуге айналады.) Қамар-ау, сенен бірдеме сұрармын деп ем.
Қамар. Не туралы еді. Сұрай ғой. (Әсия ұялған адамның түрімен төмен қарайды, Қамар оған жақындай түсіп, шашын сипайды.) Ұялшақсың Әсия. Менен ұялуың орынсыз ғой. Әкел жазуыңды көрсетіп берейін.
Әсияға жазу көрсетіп беріп, Қамар кетеді.
Әсия (аз отырып). Туған апамдай көрем-ау. Тіпті одан да жақын көрем бе-ay өзін... Жылап өскен сорлы ем, көз жасың құрғады-ау ақыр. Мәмбетті туған ағам секілді көрем; «қызым, ә қызым» дегенде, төбем көкке екі-ақ елі тимейді. (Ойланып, күлімсіреп.) Мәмбетті сұрайды келіп, сұрайды келіп. Қамарды айтам-ау... Қызық өздері: бетпе-бет келсе, «сіз-біз» деп сызылады да қалады. Әзілдесіп ойнағандарын бір көрген емеспін. Одан да Сейітке ұқсап... (Кенет бұртиып.) Қойшы,. соны несіне дәріптеймін..
Қағазына үңіледі. Тыстан Қайдар мен Серке кіреді.
Серке (Қайдарға). Сұрашы деймін: біреудің пәтеріне кірген болмайық.
Қайдар. Амансыз ба, қарындас... Қаталаспасақ, осы үй мәкәмә болар, ә?
Әсия. Қаталасқан жоқсыз.
Қайдаp. Мәкәмә болса, мұның бастықтары қайда деп білеміз?
Әсия. Кім керек еді?
Қайдар. Кім деп... Қайсысын біліппіз. Атап көріңізші, танитынымыз табылар ма екен.
Әсия. Ең үлкен бастығы Аманкелді деген кісі.
Қайдар. Ә... Іздегенім сол кісі еді? (Серкені түртіп қояды.)
Әсия. Одан соңғысы – Мәмбет дейтін учитель.
Қайдаp. Ә... Оның да керек кісінің бірі еді.
(Тағы Серкені түртедi.)
Әсия (сәл күлімсіреп тұрып). Сосын... Сейіт дейтін жігіт бар!
Қайдар(Серкеге). Әй, Сәтпектің Сейіті емес пе екен?
Әсия (көпке). Сейітті білмейтін қазақ болсайшы! Қалада жалшы боп жүріп таныса берген білем бәрімен.
Қайдар (Серкеге). Іздегеніміздің бәрі алдымыздан шықты-ау, тегі жолымыз болар. (Әсияға.) Ал, бұ кісілерді қайдан таптық?
Әсия. Ол кісілерді ме? Жүріңіздер, тауып берейін.
Қағаздарын жияды.
Қайдар (Серкеге сыбырлап). Ашығын көрдің бе өзінің... Сенің қатының секілді қабағынан қан жауған адам емес екен. Дұрыс сөзіне жауап бермейді-ау ол әлі.
Серке. «Ойық желке, көк ерін» деп өзің мазақ қыласың, неге жауап берсін саған.
Қайдар.Шынының өзі де сол, менің қатыным, сенің қатының, ана Әбдірақтың қатыны – бәрі бір сортты қатындар ғой.
Әси . Қане, жүріңіздер.
Қайдар. Ал жүрдік.
Бұлар кетеді. Сахна бірсыпыра бос. Міржақып, Шоңмұрын, Тайбай үшеуі кіреді. Тайбайдың қолында қамшы, ол босағада ілулі тұрады. Міржақып пен Шоңмұрын интеллигент киімінде.
Міржақып (жағалай қаранып). Ешкіні апа, текені жезде деген заман болды ма? «Алаш» тілегі үшін бұлардың да босағасын аттадық...
Шоңмұрын. Жақа! Мен мынаны сұрар ем сізден: өзгерістің бастапқы жылы сонау Ақтөбеде болатын съезде сіз осы Әлібиді съезден қудырып шығып едіңіз-ау.
Міржақып. Менің дегенім болса, бүкіл қазақ топырағынан қумақшы ем Әлібиді. (Күрсініп.) Қайтейін, құдай қай тілекті беріп отыр. Аңқау қазақ пен надан мұжықты әуелендіріп алып, енді мынау төбемізге қамшы ойнатып отырғаны.
Шоңмұрын. Әлі де болса айтар ем сізге: «Алаш» өкіметін құрып алмай, бізге күн жоқ деп.
Міржақып. Соның үшін де алдымен осыларды тізгіндеуіміз керек: бір жағынан желіккен мұжықпен, екінші жағынан бұлармен алысып отырып, біз «Апаш» бола алмаймыз. (Жағалай қаранып.) Қайран школа! Ақырында келіп большевиктің ойнағы болған екенсің.
Шоңмұрын. Сіз мынаны білесіз бе: бұл школды кеңсе қылу себептері – оқытушылармен қоян-қолтық отырып...
Қамар (көрші бөлменің есігін кенет ашып). Әсия! Әсия деймін! (Міржақыптарды көріп таңырқанады.)
Міржақып. Келіңіз, келіңіз... Ұмытпасам, сіздің атыңыз Қамар болар? (Қамар қол ұстасып амандасады.)
Міржақып (күлімсіреп). Қазақ даласына сыймаған кейбір қыздар большевик кеңсесінен бостандық дәме етіп жүр деп естіп ек. Бірақ сізді үйтеді деуге...
Қамар. Менің пәтерім осында ғой.
Міржақып (басын шайқап). Сізден күтілмеген жұмыс еді: ұлтын сүйген оқытушының большевик кеңсесімен бірге отыруы... Сен қалай дейсің, Шоңмұрын?
Шоңмұрын.Әрине, большевик өкіметі заңды өкімет болса мен қарсы болмаған болар ем.
Міржақып (күліп). Мәселенің түйінді жері де осы емес пе?
Қамар. Пожалуйста кіремін десеңіздер... (Қамар бөлмесіне кетеді.)
Міржақып (Шоқмұрынға сыбырлап). Сыңайын байқайық өзінің... (Екеуі Қамардың бөлмесіне кіреді.)
Тайбай (жалғыз). Әйел құтылар ма екен Жақаңнан сірә. Әлгі байғұсты екі ауыз сөзбен үйірілтті. (Үстел үстіндегі Әсияның жазуына үңіліп.) Мына бір жазудың ірісін-ай, бір-бір таяғының өзі сырықтай болмағанмен, бақандай бар екен.
Сырттан Әсия кіріп, жазуға үңілген Тайбайға таңырқай қарап тұрады.
Әсия (Тайбайды иығынан қозғап). Былайырақ тұрыңыз. (Тайбай шегіне түседі, Әсия үстелге отырып, қағазын дұрыстап.) Жұмысыңызды айтыңыз.
Тайбай (көпке). Осының өзі жауап алатын адам секілденіп...
Әсия. Жұмысыңызды айтыңыз деймін.
Тайбай. Әу... Жұмысым ба?.. Түк жұмысым жоқ.
Әсия (қадала қарап күлімсіреп). Жұмысың жоқ болса, кім шақырды?
Тайбай. Әу... Мені ме? Жақаңа еріп келгенім ғой.
Әсия. «Жақасы» кім?
Тайбай. Алты алашқа белгілі Міржақып дейтін кісі.
Әсия. Белгілі болса өзіңе белгілі шығар, бізге белгілі емес. (Әсия жазуға кіріседі.)
Тайбай. Қалай белгілі емес сізге? Өлеңдері кітап боп шыққан кісі.
Әсия. Не деген өлең, айтшы.
Тайбай. Әу, не деген өлең дейсің бе? (Аз тұрып, тамағын қырынып.)
Қазақтың қандай еді мағишаты,
Бір күнде көшіп қонған рақаты!..
Әсия. Әй... Жындымысың өзің? Мекемеде тұрғаныңды, білемісің? (Тайбай аңырып тұра қалады. Аздан кейін Әсия.) Хат танимысың?
Тайбай. Қайдағы хат... Әкем марқұм тірісінде молдаға беріп еді. Молда болғанда – атасының көрі жаңғыр еді бір: сабақты біліп отырсам да, мені ұратын ғой... сосын тастадым да кеттім. Содан әкем өлді. Әке өлген соң, қашырдым да қалдым. Содан сүйтіп, Міржақыптың, босағасында жүре бердім, жүре бердім.
Сейіт кіріп,Әсияға қарамай үстелдің жанынан бірдеме қарап жатады.
Әсия (елеңдеп). Не іздедіңіз?..
Сейіт үндемей, бірдемені алып, шығып кетеді Әсия күлімсіреумен қалады.
Әсия (күлімдеп). Тағы қандай өлең білесің?
Тайбай. Әу... Мен бе? (Ойланып.) «Бақытсыз Жамалды» бастан-аяқ білем.
Әсия. Әндетпей ғана айтып көрші.
Тайбай (тақпақтап).
Міржақып төмендердің аласасы,
Сөзімнің бар ма, жоқ па тамашасы...
Әсия. Бақа кісі ме өзі?
Тайбай. Орта бойлы, дембелше ғана.
Тыстан Аманкелді, Қайдар, Серке кіреді.
Әсия (Тайбайға сыбырлап). Жүр, алдағы үйге шығайық.
Екеуі кетеді.
Аманкелді (сөйлей келеді). Сонымен елдерің не деп отыр?
Қайдар. Ел не десін, аң-таң. Біреулер «қызылдар орнайды екен»,–дейді; біреулер «ақтар орнайды екен», –дейді. Сіз осында деген соң атқа міндік те жүре бердік.
Аманкелді. Ендеше... Қызылдың өкіметі – мына мен! Сымсыз телеграммамен сонау Мәскеуіңмен сөйлесіп жатырмын. Онда Ленин деген данышпан кісі бар, Көкең солардың жолдасы болып алды!.. Торғай өлкесіне советті орнатып, елді өзің биле деп отыр маған. Кедейлердің басын қос дейді. Әй, осы сендер кедей ме еңдер?
Қайдар. Менің өз басым, нағыз сіңірі шыққан кедеймін. Ал мына Серке...
Серке. «Бай» демекшімісің?
Қайдар. «Бай» демеймін, орташа дәулетің барын жасырамысың?
Аманкелді. Серкені қойшы, ол өз адамым... (Ойланып біраз отырады.)
Қайдар. Ал, не істе дейсің бізге? Бірдеме айтамын деп едің ғой.
Аманкелді. Айтсам... Қазір елдеріңе жөнеңдер. Менің өкіметімді орнатындар. Мен айтты дендер...
Қайдаp. Дерміз ғой, бірақ...
Аманкелді. Немене?
Қайдар. Елді меңгеріп, бауыр басып қалған адамдар бар. Серке екеуміз көбінің есігін ашуға да қаймығамыз.
Аманкелді. Мен дейтін болсаң – именбе! Мен көрмеген құқай жоқ. Жайсаң қасқа мен жағаласпай бәйге алмайсың, біреуіңді болыс, біреуіңді ауылнай ғып сайлап берем. «Аманкелдінің әкіміміз» деңдер де, бұрқыратыңдар! Кәрім, уа Кәрім! Қайда кеткен шіркін, сендерге куәлік жаздырып берейін деп ем...
Қайдар. Кәріміңіз... Тоқтар бидің баласы емес пе?
Аманкелді. Әкесінің би болғанын қайтейін, өзі іскер бала көрінеді: орысша-қазақшаға ұста. Жазусыз күн жоқ көрінеді ғой. Әсіресе осы күні керегіп барады. Қайдар шырақ, басыңа бақ орнаса, дұшпаның алдыңа мысық жорғалайды... (Аз отырып.) Сол «бақты» орнататын да өзің, ешкім әкеп бермейді. (Аздан кейін.) Кәрімге барып «Аманкелдінің адамы» дегізіп қағаз жаздырып алыңдар, сосын өзім мөр басармын.
Қайдар мен Серке кетуге ыңғайланады.
Серке (сыбырлап). Қағаз аламыз деп қараланып қалып, жүрмеспіз бе? Аударыспақтың кезі...
Қайдар. Қорықсаң кете бер елге. Мен өзім Көкеңнің қағазымен барамын!
Серке. Жоқ-ау, ақылдасып алайық дегенім ғой.
Екеуі кетеді.
Аманкелді (терезені ашып желпініп). Ай, айқай, арқамның самал желі-ай! Жан жадырап сала бергендей... (Желпініп отырып, алысқа қарап, ыңылдап ән салады):
Алыстан мұнарланған асқар тауым,
Сағымның сәнді сұлу, бұлақ-шәйім.
Асынып сауыт-сайман, сарбаз ертіп,
Сарыарқа! Ақтөсіңді аймалайын
Көрші бөлмеден Міржақып пен Шоңмұрын шығып, Аманкелдіні көріп, аңырып тоқтайды. Аманкелдінің оларға қадала қарайды. Тыстан Кәрім кіреді, Міржақыптарға ишарамен амандасады.
Амакелді (жүзін суытып). Ым... Сөйле, Міржақып мырза!
Міржақып (кенет жылмаңдап). Алдымен сәлем беріп, саулық сұрасып алайық, батыр.
Аманкелді. Сәлемің сатулы болса, бермей-ақ қой... Ал менің саулығыма тілектеспін деп өзің де айтпассың.
Міржақып. Олай демеңіз, батыр, ие... «Өсер елдің жігіті бірін-бірі батыр дейді» деп... Атыңыз алты алашқа әйгі болған батырымызсың...
Аманкелді. Бірақ сенің батырың емеспін!
Міржақып. Киіз туырлықты қазақ абыройыңызға ортақ болса, ие, мен де сол қазақтың бір баласымын деп жүрмін...
Аманкелді. Міржақып мырза, түлкі мінезділікпен атағың шыққан жігіт ен. «Алды-артын білмейтін аңқау шал ғой, алдап кетейін осыны» деп тұрған шығарсың. Алдай алмассың! Сенің тұзағыңа ілігуден кеткен шалмын! Он алтыншы жылдың ылаңында орыстың солдатын соңыма салып, ой-шұңқырды қалдырмай қуғызатының менің есімнен оңайлықпен шыға қоймайды!.. (Аз тұрып.) Келген жұмысың не, соны айтшы алдымен?
Міржақып. Сәлемдесу, дидарласу...
Аманкелді. Сәлемің өзіңе! Дидарымды көрдің. Енді ұзамай жөніңді тап! Әйтпесе... Ашуыма тие берсең...
Міржақып. Бұл қалай, батыр? Шүйіркелесіп сөйлесудің орнына...
Аманкелді. Сенімен шүйіркелесе алмаймын! Ашық далада кездессең екінші түрлі сөйлесер ем, әттең, үйіме келіп тұрсың. (Міржақып пен Шоқмұрын біріне-бірі қарайды.)
Аманкелді. Мына жаныңда тұрған бітік көз сарың кім?
Міржақып. Шотпай бидің баласы. Білмейтін шығарсыз. Бұл жігіт бұрын Орынборда окружной соттың переводчигі болып тұрды.
Аманкелді. Ым... Ығаймен Сығай екенсіңдер ғой. Енді білдім, есте болар.
Шоңмұрын шошыған түрмен Міржақыптың сыртына ысырылады. Тыстан Әліби мен Мәмбет кіреді. Міржақыптар сәлем беріп, қол алысып, амандасады. Мәмбет қолын самарқау береді.
Міржақып (Мәмбетке күлімдеп). Үйдей өкпең бар адам құсап...
Мәмбет. Саған не деген адам өкпелер?
Әліби. Мәмбетжан ба? Сені аузынан тастамайды.
Міржақып. Бірақ мақтамайтын болар.
Мәмбет. Әрине.
Әліби. Жай келдің бе, Міржақып?
Міржақып. Сәлем беру. Дидарласу. Батырмен екеуіңізге Ақаңның айтқан сәлеміде бар еді. Батыр өкпесін айтып, маңына жуытар емес.
Әліби. Ашу үстіне кездескенсіңдер ғой. Ашуланса, батыр сөйлеспейді. Жүріңдер, сөйлесейік. Батырдың ашуы басылар.. (Әліби үйден кетеді. Міржақып пен Шоңмұрын Аманкелдіге ала көздерімен қарап, олар да шығады, Мәмбет жазу үстеліне отырады).
Мәмбет. Міржақып тым жылмаңдап кетіпті, қысылып келді ме екен бірдемеден?
Аманкелді. Атқа мініп, елге беттеп бір шығайын, қысылудың әкесін сосын көрсетермін оған!
Кәрім. Көке, біреулерге қағаз бер деген екенсіз...
Аманкелді. дедім.
Кәрім (аз бөгеліп). Байқағаныңыз жөн емес пе: кім көрінге далақтап шауып, ел ішін бүлдіретін болып жүрмесін.
Аманкелді (күрсініп). Кәрімжан, осымен үш рет қайтардың-ау сөзімді. Мен айтпайтынмын; айтсам қайтпайтынмын! Мен сенетін адамымды білемін. Менің адамым еш нәрсені бүлдірмейді. Бер қағазды, тоқтатпа!.. (Кәрім үндемей кетеді.) Уа тоба, осының өзі...
Мәмбет. Көке, есіттіңіз бе, бізге Петроградтан Андреев дейтін басшы келетін болыпты ғой.
Аманкелді.Е, оны кім шақырыпты? Басшы сұрап па ем мен? Қазақ даласын менен жақсы біле ме екен?
Мәмбет. Андреевті бізге Петроград жұмысшылары өкіл ғып жіберіп отырған көрінеді. Сізге ылғи айтам ғой: орыс жұмысшыларымен қол ұстасып бірлессек қана біз дегенімізге жетеміз. Мен Әлекеңнің, жанына барайын, Міржақып не жұмыспен келді екен.
Мәмбет кетеді.
Аманкелді (жалғыз). Тоба... Қолға түспей жүрген адам еді, қотаныма келіп тайрандауын... Не істесем екен бұған? (Ойланып.) Апырмау, әлгілердің мына бөлмеден шыққаны қалай? Бұл есік неге бекітілмейді осы күнге шейін? (Дауыстап.) Қызым, ә қызым! ( Тыстан Әсия кіреді.) Мына бөлмеде тұратын біз өкшенің мынадан басқа есігі бар ма?
Әсия. Ар жағында бір есігі бар.
Аманкелді. Бар болса, мынау есік неге бекітілмейді?
Әсия. Қамар айтады, бекітпе дейді.
Аманкелді. «Қамар айтады...» Ол қайдан шыққан әулиешілік? Менің кеңсемді билейтін сол ма екен? Мәмбетке айт, бекіттіріп тастасын! (Аз отырып.) Қызым, Сейітті шақырып жіберші маған. (Әсия кетеді. Аманкелді терезеге қарап желпініп біраз отырып, ыңылдап баяғы әнін қайта салады.)
Кемсеңдейді, әйелдер қыңсылайды.
Атым бар әлем білген – Аманкелді!
Сарыарқа сирек көрді мендей ерді.
Қыр мен Сыр құбылам да Алатауым
Қадайын қызыл туды қылып белгі!..
Сейіт пен Әсия кіріп, есікте тұрады. Аманкелді оны сезбейді.
Әсия (Сейітті түртіп сыбырлап). Әлгіңді Көкеме айттым, жағынды ұсатамын деді, бәлем!
Сейіт өкпелеген түрмен бір қырын тұрады.
Аманкелді (әнмен)
Аймағым Арғын, Қыпшақ өскен елім,
Қыс қыстап, жаз жайлауға көшкен елім!
Салғанда мен ұранды, атыңа мін!
«Біз дайын, сен шақырсаң» дескен елім...
Ән соңынан артына бұрылғанда Сейітті Әсияның жұлқылап ойнап тұрғанын көреді.
Аманкелді (күлімдеп). Уа, шіркін ит жастық! Ойнап-күле беріңдер, қарақтарым, мен батамды бердім. (Сейіт кенет жайраңдап Әсияға бұрылады. Әсия алыстайды. Аманкелді аздан кейін орнынан тұрып.) Сейітжан! Ертең таңсәріден Торғайға аттанамыз. Қару-сайманымыз қандай екен, қарап өтейікші. Әліби жүруге ыңғайланды ма?
Сейіт. Қазір жүреді..
Аманкелді. Ендеше шығарып салайық, Мұқан қайда жүр!
Аманкелді шығуға ыңғайланғанда тыстан Қайдар, Серке, Мұқан кіреді. Қайдарлардың қолыңда қағаз.
Аманкелді. Е,жаздырып алдыңдар ма?
Мұқан. Зордың күшімен жазылды білем.
Аманкелді. Неге? (Өзі мөрін ыңғайлайды.)
Мұқан. Сіздің ұйғарған адамыңыз Кәрімге ұнамай қала береді-ау деймін.
Кәрім келеді. Мұқанның сезін естіп қалады.
Кәрім. Көкеме жамандап жатырсың ба мені? (Күлімдейді.)
Мұқан. Шынын айтсам да ма?
Кәрім. Түсінбейсің, Мұқан, Көкемнен ауызекі сұрамай, көрінген кісіге мандат беруге қақым жоқ.
Аманкелді (мөрін басып). Мөрің өте жақсы басылды, жолдарың болады екен. Болыс болған қайсының?
Қайдар. Мына Серкенің тұқымы шикілеу еді, осының аруағы көтерілсін деп...
Аманкелді. Неліктен шикі?
Қайдар. Білмейтін бе едіңіз: мұның түбі құл той.
Серке.Жер жүзіне жар салып-ақ болдың-ау.
Күлісіп, бәрі шығады.
Әсия (аз тұрып). Бетім-ау, ұят бола жаздағанын, Сейіттің ашуын тарқатам деп тұрып... Шын айтты ма әлгі сөзді? Әлде кекетіп айтты ма екен?
Жазуға отырады. Тыстан Мәмбет, Баян кіреді. Мәмбет Әсияның сыртында тұрып, жазуына үңіледі, Әсия сасып қалып, жазуын тыға қояды.
Мәмбет. Мұның не, Әсия-ау? Бүйтіп жүріп жазу үйренесің бе?.. Жазғаныңды көрсетіп, білмегеніңді сұрап алсайшы.
Баян. Қожанасыр айтқан көп қой: өзім білмеймін, білгеннің тілін алмаймын деп.
Мәмбет. Қожанасырды қоя тұр, жиылыс өткіздің бе?
Баян. Кірпіш зауытында өткіздім. Енді тері зауытына барамын. Күніне он доклад. Доклад сайын бір жарым сағаттан сөйлегенде, он бес сағат сөйлейді екем күніне. Қожанасыр айтқан көп қой: сөз бір бұлақ, сөз тыңдаудан тозбайды құлақ деп.
Мәмбет. Сен осы большевик партиясының программасын түсіндірудің орнына, Қожанасырдың сөзін соғып жүрген жоқсың ба?
Баян. Ретті жері болмаса, өзі де қыстырылмайды. Ретті жерінде қайдан ұстап тұрасың. (Қалтасынан махоркенің сабағын шығарып, пышақпен жонуға кіріседі.) Міржақып келді деп есіттім бе? Не арызы бар екен?
Мәмбет (күлімдеп). Ағайыншылық ымыраны ұстап келіпті: «Ат төбеліндей қазақтың баласы ек, ала қойды бөле қырықпайық» деген теория тауып алыпты.
Баян. Өй дайт дейсің-ау... Қожанасыр айтқан көп қой...
Тыстан Абдол кіреді.
Мәмбет. Жай келдің бе, Абдол?
Абдол (қағаз ұстап). Вот, Мәмбет ибдаш, қара әлі, мінә бұ жері бірде келіп шықми... Мінә, нәрсе дигән: «большәбикләр партиясы бибауырмал ди, яғни иш кімни жаратми тұрған жәбрәйлар партиясы» ди.
Мәмбет. Мұны кім жазып жүрген?
Абдол. Кімдер жазған енді шолай шатасып... шұқынғыр тігі кәрәктір: «сакласный аргинал жибірергә» деп азғына падбалит етмәдиұри, мен әйтәм, Мәмбет еғдәшка көрсәтәргә дейім.
Мәмбет (Баянға). Оқымай жіберіп пе ең мына мақаланы?
Баян.Хатшы оқыдым деген соң, сене салмаймын ба... Қожанасыр айтқан көп қой: мен қатынға сенем, қатын маған сенеді деп.
Мәмбет. Қожанасырың бар болсын! Контрреволюционерге жұмысыңды тапсыр да, өзің темекі жонумен отыр.
Баян. Көбірек әзірлеп алмасам. (Трубкеге темекіні толтырып жатады.)
Мәмбет. Мынаны қарап шық өзің.
Баян. Кешігіп қалам, былғары зауытында сағат алтыда баяндамам бар. (Сағатына қарап.) Он минуты кем алты. «Ұшпақ болсаң зымыра» деп Қожанасыр айтқандай.
Мәмбет. Кімге қаратсам екен мұны?
Баян (трубкесін тұтатып, көрші бөлмені нұсқайды). Қамар қарындасқа бер, қарап шықсын.
Мәмбет. Жетістіреді екенсің партияда жоқ адамға газет, материалын қаратып.
Баян. Партияға кіргізіп ал өзін.
Мәмбет. Жоқты айтады екенсің...
Баян.Жоқты айтпаймын, барды айтамын: жолдас қып алсаң, жап-жақсы қызметкер болады. Өзің ебін таба алмасаң маған довернис бер.
Мәмбет. Баян! Бала боп кетемісің?
Баян. Бала емей, шал ма ек. Жүр, Абдол, кеттік. (Шығуға ыңғайланып.) Ячейкелерінің жиылысы қашан?
Абдол. Ертәгә сағат алтыға назначит етіләр. (Екеуі кетеді.)
Мәмбет (ойланып). Кімге қаратсам екен мұны? Өзімізге тән қызметкердің аздығы-ай!.. Ең арғысы оқытушылар да нейтральный боламыз дегенсіп, бойларын аулақ салады. (Сәл отырып.) Әсия, Қамарды шақыршы... (Әсия Мәмбетке қарай жүріп, Қамарды шақырып шығады. Мәмбет амандасып болып.) Сізге бір жұмыс тапсырсам деп ем.
Қамар. Пожалуйста. Тапсырыңыз.
Мәмбет. Әрине, сізге сенгеннен тапсырам.
Қамар(күлімдеп). Сенбесеңіз, тапсырмаған болар едіңіз.
Мәмбет. Рас, солай екен-ау... (Қағазды ұсынып.) Мына бір мақаланың аудармасын орысшасына салып, праверит етсеңіз. Сосын маған тапсырар едіңіз.
Қамар қағазды алып, Әсияға барып сыбырласып сөйлесіп, өз бөлмесіне кетеді. Аздан кейін.
Мәмбет (жұмыс істеп отырып). Әсия, Қамар бірдеме дей ме?
Әсия. Әшейін...
Мәмбет. Мен жоқта да келе ме кеңсеге?
Әcия. Ылғи келеді.
Мәмбет. Не туралы сұрайды? (Әсия үндемейді.) Ұялшақ болма, Әсия. Айтамын деген сөзіңді жарып айтып шығатын бол.
Әсия (көпке). Өзінен ұялшақ адам жоқ, Қамармен жөндеп бір әзілдескен емес.
Мәмбет (жұмыс icтеп отырып). Сен келешекте үкімет адамы боласың, Әсия. Мемлекет жұмысын басқарасың. «Әсия Шыныбай қызы» деген атағыңды Қазақстанның сексендегі шалы, сегіздегі баласына шейін білетін болады...
Әсия. Шын ба, Мәмбет аға?
Мәмбет. Шын!
Әсия (аз отырып). Ендеше, айтайын, Мәмбет аға, Қамар ылғи сізді сұрайды.
Мәмбет. Мені. Мені қайтеді?
Әсия. Оншасын білмедім, Мәмбет аға. Керексінсеңіз, сұрап білейін.
Мәмбет. Қой, оның балалық болады. (Аз тыныс, Мәмбет жұмысымен болады.)
Әсия. Міржақып деген кісі келіп, бірсыпыра отырды сонда.
Мәмбет(басын көтеріп алып). Қамардың пәтерінде ме? Не айтыпты?
Әсия.Оншасын білмедім, Мәмбет аға. Керексінсеңіз, сұрап білейін.
Мәмбет (aз отырып күрсініп). Жоқ, сұрама.
Қaйтaдaн жұмысына кіріседі. Далада «Амангелді» әніне салған әскер өлеңі.
Шымылдық
ЕКІНШІ СУРЕТ
Дала тігілген шатырлар. Ортадағы шатыр штаб. Ту, самсаған мылтықтар. Пулемет. Ортадағы шатырда Кәрім кітап оқып отыр. Сахна ортасында Аманкелді, жаныңда жұпыны киімді қазақ. Аманкелді сахна сыртына қараумен тұр. Сахна сыртында «Аманкелді» әніне салған әскер өлеңі. Бірен-саран мылтық атылған дауыс.
Аманкелді (аздан кейін). Қап!.. Мына шіркіндердің қор қылғанын-ай. Теңгеге ата алмады деген не масқара! Маған ертең жігіт мергендікте алдына жан салмауы керек! Менің көңілім сонда ғана бітеді. Әй... Сонау кім өзі... Мылтықты ұстауың келіспеді, шырақ, тоқта, өзім көрсетіп берейін.
Аманкелді мен жанындағы қазақ кетеді. Сахна сыртында, Аманкелдінің мылтық атқан даусы. Жігіттердің таңданып даурығуы.
Кәрім (аздан кейін басын көтеріп). Мергендігімен мақтанып шалқып-ақ болды-ау осы. Мерген болған кісінің бәрі көсем бола берсе... Сорлы жұртпыз ғой.
Сахна сыртында дабыр сөз. Кәрім қайтадан кітабына үңіледі. Сахнаға екі жігіт ертіп Мұқан шығады.
Мұқан. Кәрім-ау, мына жігіттер байдың есігінде жүрген батырақтар екен, Көкеңе жігіт боламыз деп маған еріп келді.
Кәрім (бірсыпыра үндемей отырып). Не өнерлері бар?
Мұқан. Не өнер сұрайсың бұлардан? Не көрді дейсің сорлылар.
Кәрім. Арамтамақтың керегі жоқ.
Екі жігіт қынжылған түрде біріне-бірі қарайды. Мұқан Кәрімге қадала қараумен тұрады. Аз тыныс.
Бір жігіт. Ең болмаса әскердің атын бағар ек.
Кәрім. Әскер атын өзі бағады.
Мұқан. Сонда... Мұндайларға маңымыздан жүрме демекпіз бе?
Кәрім (ашулы). Мұқан! Сен өз жұмысыңды біл. Әскер үшін Көкеңнің алдында мен жауаптымын. Орынсыз әкіреңдеп мазамды ала берсең Көкеңе айтармын да...
Мұқан (кекеген түрмен). Қаңғыртып жіберерміз де... Ол бола қойса...
Кәрім Мұқанға алара бір қарап, қайтадан қабына үңіледі.
Мұқан(жігіттерді оңашалап). Жүріңдер, Көкеңе жолықтырайын, алмағанын көрейін мұның!
Екі жігітті ертіп Мұқан кетеді.
Кәрім (Мұқанның сыртынан). Апырмау, осының өзі неткен болар! Бір емес, екі емес – қыр соңымнан қалмағаны-ақ өтті-ау осының.
Асамбай келеді. Алқынған. Кәрім онымен сыпайы түрде амандасады.
Асамбай. Ойпырмай, Кәрімжан-ай... «Атаң өлсе өлсін, атанды көрген өлмесін» деп еді. Атаң Тоқтар биді көре қалған кісі ем. Бірсыпыра желбас жігіттер, рас-өтірігін білмеймін, сендердің адамдарың деп есітем, тал түсте талқанымды шығарды. Аруақты шаңырағымның үстінде әлдекімдердің қамшысы ойнады.
Кәрім. Тым қызбай сөйлеңіз.
Асамбай. Қайтейін-ау, Кәрімжан. Туасы көрмеген қорлығым еді, құр шыбыным келді алдыңа.
Кәрім (жымиып). Сарыуайым ғой.
Асамбай. Апырмай, Кәрімжан-ай, сенің де айтқаның ба бұл сөзді.
Кәрім. Басқа не айтайын? «Тісі шыққан балаға шайнап берген ас болмайды» деп өздеріңіз айтатын едіңіздер. Сіздің шаңырағыңызға қамшы ойнатқан екен деп біз жігіттерімізді жазалай қоярмыз ба?
Асамбай. Қайткенде жазаланады, соны ғана айтсайшы!
Кәрім (күлімдеп). Бұрын білетін секілді едіңіз, қартайып кеткеніңіз бе?
Асамбай (жайраңдап). Е... Түсіне бастадым. Солай екен - ау... Дұрыс, оны ойлап табуға болады. Онда құдай берді.
Асамбай кетеді. Кәрім кітабын жинап, аздан кейін о да кетеді. Сахна сыртында әскер өлеңі. Сахнаға Аманкелді келеді, жанында манағы қазақ.
Аманкелді. Құлатай-ау... Құлатай! Сені қандай төрелікке сайласам екен? Болыс боламысың?
Құлатай. Болдыра алмаспын, Көке. Он алтыншы жылы өзіңізге еріп шығатынымда байда жалшылыққа жүрген кезім еді ғой. Өзіңіздің жаныңызда жүрсем, маған ең әдемісі сол болар еді.
Мұқан келеді. Жаныңда әлгі екі жігіт. Олар сәлем беріп, Аманкелдімен керіседі.
Аманкелді. Жай келдіңдер ме, шырақтарым?
Мұқан. Мен ертіп келдім, Көке, сізге жігіт боламын дейді.
Аманкелді. Әбден жақсы, қабылым бар.
Мұқан. Кәрім алмаймыз деп бұларды...
Аманкелді. Е, сүйтеді ол. Алдымен маған жолықсын деген шығар. (Кәрім келеді.) Кәрім, мына екі жігітті жазып ал: ат бергіз, қару бергіз екеуіне.
Кәрім. Мен бұл жігіттерді алмай жіберіп ем.
Аманкелді. Есіттім.
Кәрім. Есіткенде – себебі бар, Көке. Осы жігіттерді жанына ертіп, мына Мұқан елді шулатты деп – арыз түсіріп отыр үстерінен. (Аманкелді шошынады, Мұқандар аң-таң.)
Аманкелді. Не істепті?
Кәрім. Арыз иелерінің өздері келсін дедім, өз құлағыңызбен тындарсыз.
Аманкелді. Мұқан, бұл не сөз?
Мұқан(шошынған түрде.) Бұл жала, Көке!
Кәрім. Жала болса ақталып шық, соның керек бізге. Әйтпесе... «Аманкелдінің жігіттері сүйтіпті» деген ат бізге оңай емес.. Онсыз да дұшпандарымыз біздің жұмысымызды неше саққа жүгіріп жүрген болар.
Сейіт келіп, Мұқандармен қатар тұрады. Аманкелді бірсыпыраға шейін үндемей отырады.
Аманкелді. Неше жылдай жаныма ертіп баулып ем шіркін, не көрінді нақ бір кезенді сапарға атыма кір жұқтырып.
Мұқан (қалтырана сөйлеп). Бұрынды-соңды бұзықтығымды көрген жоқ едіңіз, Көке, нақақтан қаралаймын деген біреу болмаса, мен қараланбаймын!
Сахна сыртында бажылдаған, ойбайлаған дауыс. Отырғандар елеңдеседі.
I- дауыс. Ойбай-ау, неғып қана шыдаймын бұл қорлыққа! Қайда барып аламын теңдікті?
II- дауыс. Қойындар деймін, қан жауғырлар! Батырмен өзім барып сөйлесейін.
Аманкелді. Бұл не сұмдық?
Кәрім. Арызшылар бұлар. Бұл басы ғана шығар.
Алқынып Асамбай келеді. Сәлем беріп, Аманкелдінің қолын алмақшы болады.
Аманкелді (қолын алмай). Айта бер жұмысыңды!
Асамбай.Уа, әшейін... Ел бүлініп, Еділ бұзылған ешнәрсе жоқ. Сіздердің елге шыққан жігіттеріңіз еркелік істеген бе-ау. «Ондай-ондай хан қызында да болатын, қайтыңдар елге!» – деп шулаған жұртқа ұрыстым.
Аманкелді. Ым, түсіндім. «Аманкелді сендерге тендік бермейді» дедің ғой?..
Асамбай. Атай көрмеңіз, батыр. Оларды шулатып жүргенше, өзім-ақ сөйлесейін деп.
Аманкелді (ашулы). Тарт тіліңді. Мынадай тентегім бар деп мен саған билік айтушы ма ем? Кәрім! Келсін де мында.
Кәрім кетеді. Аз тыныс.
Сейіт.(Мұқанға сыбырлап). Неден құдай атып жүр?
Мұқан. Түк істемесем де ме?.. Көкеңе тіл тигізіп отыр деп естідім де, мына жуанға қамшыны батырыңқырап ем, соның кегі болар.
Сахна сырты тап шулайды. Көрімге еріп екі еркек, екі әйел келеді. Шулағанда бәрі бірден шулайды да, бірден тынады.
Аманкелді. Не жәбір көрдіңдер менің жігіттерімнен?
Көктұқыл. Несін сұрайсың батыр, бәрібір... (Кемсеңдейді, әйелдер сыңсылайды.)
Асамбай. Қойындар, батырдың мазасын алмай. Қан жауғырлар...
Аманкелді (Асамбайға). Әй, тек отырамысың?
Асамбай (шегініп). Қан жауғырлар, сендер үшін мен өлетін болдым ғой.
Бір кемпiр. Тым болмаса он беске де жеткен жоқ еді. Қалқам-ай... Жылап... Шыңғырып...
Аманкелді. Мұқан! Айт шыныңды!
Мұқан. Көке... Нансаңыз, нақақпын! ,
Аманкелді. Нанбаймын! Ниеті қара, бейбіт елді шулатып... (Арызшылар сыңсылаумен тұрады. Аманкелді басын бүгіп бірсыпыра отырады. Бір кезде басын көтеріп.) Сейіт! Көрсетпе мынаны көзіме! (Сейітке қарап.) Неге орындамайсың айтқанымды! Мені өлтіретін жерің осы ма еді.
Сейіт дереу жігіттерін шақырып, Мұқанның құралын алып, қолын артына байланды. Жігіттер Мұқанды әкетеді. Арызшылар дереу кетеді. Аз тыныс. Аманкелді ауыр қозғалып орнынан тұрады.
Аманкелді. Сейіт, бері келші. (Сейітті оңашарақ алып шығып, иығынан ұстайды.) Мұқан екеуің бірің қанат, бірің құйрық секілді ең. Қайтейін... Ел өсегін арқалап қайда сиямын. Жаныңа бірсыпыра жігіт ал. Денесін дұрыстап тәрбиеле. Басына белгі қой. (Сейіт кетеді. Аманкелді сол орнында бірсыпыра тұрады. Бір кезде Асамбайға.) Әй, сен болыстығыңнан түсесің! Кәрім, мына Құлатайға қағаз жаз: «Аманкелдінің болысы» де, «Аманкелді осыған сеніп тапсырды» де. «Кімде-кім Құлатай бес күрекке қарсы келсе, ол кісіні Аманкелді аямайды» де... (Кәрім қағаз жазады. Аманкелді Құлатайдың иығына сүйеніп аз тұрады.) Құлатайжан! Арамдық істеп, елді шулатып жүрме. Бір кедей үстіңнен арыз әкелсе, мен аямаймын сені!
Аманкелді ойланған түрмен отырады. Кәрім жазған қағазын Аманкелдіге береді. Аманкелді самарқау қозғалып, мөр басып, Құлатайға береді.
Аманкелді. Мә, енді болыс болдың. (Асамбайға.) Әй, қиқандамай ғана мынаған ісінді тапсыр! Егер о деп, бұ деп жүрдің бар ғой, миыңды шағамын! Қылыштың жүзінен өткіземін.
Аз тыныс. Бір жігіт пен бойжеткен қыз келеді, Аманкелді елеңдейді.
Аманкелді. Жұмыстарың не, шырақтарым?
Жігіт. Көке, құлдығымыз бар: бостаншылық іздеген жастармыз.
Аманкелді (аз отырып, көпке). Уа, шіркін ит жастық! (Қызға.) Мына жаман жігітке өзің риза болдың ба, қызым? Зорлап әкеп жүрмесін. (Қыз ұялып үндемейді.)
Жігіт(қызға сыбырласып). Бірдемеде, Разия-ау... Әйтпесе Көкеңнің мінезін есіттің ғой.
Қыз (қысылған түрмен күлімсіреп). Ризамын!
Аманкелді. Бәрекелді. Менің беретін батам: көрпелерің ұлғайсын, үбірлі-шүбірлі болыңдар! Некелеріңді мына болыс қиып берсін. (Қыз бен жігіт үрейленген түрмен Асамбайға қарасады.) Болыстарың ол емес, қызым, міне мынау отырған қара жігіт! (Қыз бен жігіт Құлатайға қарап, таңырқасады. Аманкелді аз отырып.) Сәті болды, Құлатай, бірінші адымды тоймен бастайтын болдың. Ал, отырма. Кәрім, мына Құлатайға адам қосып бер, ісін әперсін.
Кәрім. Асекең жөн білетін кісі ғой, өзі де тапсырмас дейсің бе. (Аманкелді Кәрімге қадала қарайды.)
Асамбай. Батырдың ашуына кездестім, әйтпесе бұдан үлкен жұмысқа да сенім бере алсам керек еді.
Аманкелді (кейіп). Кәрімжан, кейде абайламай сөйлейсің: Асамбай сияқтылар жөн біледі де, басқаның бәрі жұрттан шыққан жөнсіз болмақ па? Өзіңе тән адамды, киімнің, ішкі бауындай ғып, ішке тарта жүруге қашан үйренер екенсің? «Аюға намаз үйреткен таяқ» деп, құдай көрмей Асамбай менің адамымды менсінуші ме еді? Қосып бер жігітті! (Кәрім Құлатайды ертіп кетуге ыңғайланады. Аманкелді қыз бен жігітке.) Барыңдар, қарақтарым, Құлатайдан қалмаңдар. Беттеріңнен жарылқасын! (Күліп.) Қыз бен жігіттердің бәріне де сәлем айтыңдар, сүйгендеріне қосыла берсін!
Жігіт. Көке, мына қызыңыз өтініш қып тұр: үйге барып бас жеп, батасын беріп кетсе екен дейді.
Аманкелді. Рақмет, қарақтарым! Бұл жолы асығыспын, тағы келем. Оған шейін ұлды болыңдар, үйлеріңе түскенде алдыма алып сүйетін болайын. Жас нәрестеден жақсы көретінім жоқ. (Қыз бен жігіт өзара күлісіп кетеді. Аманкелді күрсініп.) Уа, шіркін ит жастық!
Кәрім, Асамбайлар да кетеді. Құлатай айналақтап кете алмайды. Аманкелді түнеріп ауыр ойда тұрады.
Аманкелді. Құлатайжан, бері келші.(Құлатайдың иығына қолын салып.) Мұқан деген қимастық жігітімнің бірі еді. Талай тар кезеңдерде жолдас болып еді... Тым тас бауырлық істеген жоқпын ба? Шын болар ма екен жаңағылары?
Құлатай. Анығын білмеген соң айту қиын, Көке. Әйткенмен, өтірік-шының ашып барып аттырғаныңызда өкініші кетпейтін еді.
Аманкелді. Апырмау, ашу үстінде асығыстық істеген болдым ба? Ашу қысса, анау-мынауға қарамай кететіндігім бар еді.
Құлатай. Ашуыңызды көрген соң, біз бетіңізге келе алмадық.
Аманкелді. Солай ма еді? Әлдекімдердің тіліне еріп, азаматтарымның белін қайыстырғандай болам ба?
Құлатай. Көке, бір өтінішім, бұйрығыңызды кідірте тұрыңыз, ертеңге шейін анығын ашып берейін.
Аманкелді. Шыны сүйтемісің? «Аманкелді алжыған екен, айтқаннан шықпады» деп жүрмес пе сырт дұшпан? «Бұзықтыққа өзі бас болды» деп тағы гулеседі ғой. Әлде... Әлде... (Алыста бірнеше мылтықтың қабат атылған даусы естіледі. Аманкелді кенет шаншу тигендей түйсініп.) Болмады. Кешіктім... (Құлатай үнсіз тұрады. Аманкелді аздан кейін бәсең.) Бар, жұмысыңды ал. Әй, жаңағы оқиғаның анығына жет. Егер өтірік болып шықса, ісім Асамбаймен түссін!
Құлатай кетеді. Аманкелді сол орнында бірсыпыра тұрып қалады. Бір кезде қоңырлатып ән салды.
Өр көңілім, елім керіп жараландың,
Ыза-кек әлдекімге балаладың.
Қолқанат, қолтық сүйер таянышым,
Осылар соңыма ерген қараларым...
Қасқырдай өз күшігін өзі жеген
Қалайша бұл қапалық етті менен?
Басқандай өң бойымды қара топырақ,
Түршікті батыр жүрек, балуан денем...
Аманкелді ауыр басып сахнадан шығады.
Сахна бірсыпыра бос. Әскер жігіттерін ертіп Сейіт келіп, шатырларды жығып жинап жатады.
Бір жігіт (екіншісіне). Неге солбырайдың, көтер ананы!
Екіншісі. Құрсын. Бір ауыз сезге келмей атылатын болсақ. Мұқан сияқты жігітті атқан соң...
Сейіт(селт етіп). Әй, аузыңа ие бол! Көкең ешкімнің бұзықтығына жолдас емес? Нақақтан біреудің маңдайынан шертті ме, айтшы қане?
Бірінші. Нақақ атты демейміз, анықтау керек еді. Кім біледі... Кәрімнің сөзіне соншама сене бергенше.
Екінші. Асамбай болыс пен Кәрімнің сыбырласып тұрғанын көрген жігіттер бар, тым болмаса соны анықтау керек еді.
Сейіт (аз тұрып). Мұқанның жан дегенде жалғыз жолдасы мен ем. Маған сенесіңдер ғой?
Жігіттер. Саған сенеміз.
Сейіт. Сенсеңдер, үн шығарушы болмаңдар!
Жігіттер нәрсені әкетіп жатады. Қатты қайғырған пішінмен
Аманкелді келеді. Сейітті оңашалап.
Аманкелді. Сейітжан! Егіз қозыдай болып жүруші едіңдер. Қалай болды менің ісім? Жігіттер тым ренжіп жүр ме?
Сейіт. Көке! Өткенге опық жемеңіз. Ісіңізде қата жоқ! Сіз ренжісеңіз, біз одан жаман босаймыз.
Аманкелді (аз тұрып). Сейітжан-ай, қысылғанда сүйеп жіберетінің бар-ау. Сендей жолдасты қайдан табар екем. Жігіттерге жиналсын де, бір-екі ауыз ағалық сезімді айтайын.
Сейіт кетеді.
Аманкелді (аз тұрып). Бүлдірсем де,түзесем де күңкілім өз ішімде бітетін. Билік айт деп мен ішкімнің алдына бара қалман.
Ірі басып шығады. Сахна бос. Аздан кейін Аманкелдінің даусы естіледі.
Дауыс. Уа, ер азамат! Ұлы жолдың үстінде тұрмыз, екі ауыз сөз айтып өтейін.
Сахнаның тұс-тұсынан ел адамдары шыға бастайды.
Бірінші. Бұл қалай болды, тым тез аттанды-ау батыр.
Екінші. Бүлдіріп отырған өзіміз: батырды сілкіндіргендей жұмыс істедік.
Бірінші. Апырмай, шын солай дейсіз бе?
Екінші. Асамбайдың жайын білгендей болғамыз жоқ па? Баяғы талас апатта бір кедейдің кемпірін атқа сүйреттіріп өлтіріп, жаласын қарсы партияға жауып, қаншама адамын Сібірге айдатты. Мұның беті шылп етпейді.
Бірінші. Сонау пәле салушылар жалданып келе ме сонда?
Екінші.Әрине, жалданып келеді. (Бұл екеуі өзара сөйлесіп тұрады.)
Бірінші пысық (екі пысық оңашаланып). Бақ аспанда деп жүрсек, аяқ астында екен ғой. Құлатайдың болыс болғанын есіттің бе?
Екінші пысық, (күлімсіреп). Арзан атақтың сорпасы татымай жүрмесе.
Бірінші пысық. «Алпыс күн атан болғанша, алты күн бура бол» деп, қолтығына кіріп көреміз бе? Қолайымызға жақпай бара жатса, тайып отырамыз.
Екінші пысық. Құдай сақтасын! Қолқанат жігітің аттырып отырған Аманкелді кімге опа көрсетер дейсің. (Сыбырлап.) Жігіттерінің бірсыпырасы тараймыз деп бүлініп жатыр.
Бірінші пысық. Солай ма? Құрысын!..
Шал. Уа шіркіндер, даурықпай тоқтаңдаршы, түгі...Аманкелді атағы шыққан еріміз, ұлы асқар беліміз еді. Ер ерлігін істеді: сендердің шайпаулықтарыңнан өз қолын өзі кескендей болды. «Халық ұйғарса хан түйесін сояды» деген осы. Қайғысын жүрегіне жасырып, ашу үстінде аттанбасын: орталарыңа түсіріп, қонақасы беріңдер. Көңілге күдік болғандай күмәнді жұмыс болды бұл, сұрқиялы сұмдықтың сырын ашып, бұзықты ұстап, батырдың қолына беріңдер! Сонда ғана батырдың еңбегін ақтайсыңдар.
Дауыстар: Дұрыс айтты қария!
– Қонақасы жегізбей, жібермейміз!
– Ең болмаса, бүгінше еру болсын!
– Ашып береміз сұмдықты!
Біреу. Тоқтаңдар!
Жұрт тәртіптеліп тұрып тына қалады. Сахна сыртыңда әскер даусы.
Ат мініп сахнаға Аманкелді шығады. Ту ұстаған Сейітжанның да, қалың көп құрмет көрсетіп сәлем береді.
Аманкелді. Арқаға пана, маңдайға қалқа болған қалың елім, аманбысыңдар!
Дауыстар: Сапарыңыз он болсын!
– Алдыңыздан жарылғасын!
Шал.Уа, бұқараның белін көтерген, қалыңға шапқан жолбарыс секілденген ардагерім! Сені көргенде өлгеніміз тірілгендей, өшкеніміз жанғандай боп масайрап тұрмыз. Сырттанына қошамет көрсете алмады деп сырт дұшпан табаламасын, ортамызға түсіп, бірер күн мейман боп кет!
Аманкелді. Уа, жұртым! Қалың елім бар еді деп мардамсып шапқанымда, құшақ жайып қарсы алдыңдар. Осы ықыластарыңа ризамын! Қонақасы ешқайда қашпас. Мен алдымен сертіме жетейін. Торғайға жетіп, мына қызыл туды желбіретіп шанышпай, маған ас батпайды! Маған шын тілектес болсаңдар, ойың болып, қырын болып советтің туын көтеріңдер!
Менің үкіметім қара қылды қақ жарған әділдік үкімет. Менің жолдастарым сонау Мәскеудегі Ленин деген кісіні жақтаушылар. Уа, жұртым! Кейбіреулердің қаңқу сөзі білте боп, өз қанатыма өзім оқ атқандай болдым. Жан жарасы жазылар. Бірдің орнына мыңың барсыңдар, мен сендерге сүйендім! Тағы оралып келемін... Сарбаз! Тарт сырнайды! Ұр дабылды!
Сахна сыртында команда. Сырнай. Өлең. Аманкелді жөнеледі.
Шымылдық.
ҮШІНШІ СУРЕТ
Сахна ортасында магазин. Маңдайында «Торговый дом братья Яушев и кампания» деген ескі жазу. Магазиннің алдыңғы қабырғасы алмалы-салмалы, керегінде қалпынша ашылады. Магазиннің бір жағында саудагер будкасы, екінші жағында күзетшінің күркесі. Телеграф бағаны. Шетте бірер ағаш. Ағаш түбінде скамейка, магазин алдында базар, алып-сату. Ерсілі - қарсылы өткен адамдар. Аздан кейін...
I- жуан. Ассалаумағалейкүм!
II- жуан. Уағалейкүмсалам! Уа, Сыздықпысың! Мал-жан амандық па?
I- жуан. Шүкір, шүкір, алда деп... Өзіңіз де солай ма? Мал базарлы болсын-ақ!
II- жуан. Айтқаның келсін. Базар іздейтін де кез емес еді балалардың басы құралып, Торғайдың өздері билеп тұр деген соң келе қалып ек.
I- жуан. Әбден жақсы болған. Әзір тыныштық көрінеді ғой.
II- жуан. Солай ма екен? Илаһим, тыныштық болсын...
Қайдар мен Серке базар аралаған боп бұлардың, сөзін тыңдай қалады.
I - жуан. Аманкелдінің салып келе жатқан ылаңын есіттіңіз бе?
II - жуан. Е, бәсе, соны сұрармын деген екем-ау. Менен гөрі құлағың түрік еді.
I- жуан. Игі жақсылардың көбі елден безіп, осы Торғайға келіп тығылып жатқан түрлері бар.
II- жуан. Япырмай, онда қалай болғаны?
I- жуан. Мұндағы азаматтар да, бастығы Міржақып болып, қам істеп жатқан көрінеді. Бүгін съездері болмақ. Аманкелдіге қарсы әскер жиямыз дейді білем.
II-жуан. Ей... Мұнысы игі екен.
Бұлардың қасына Әбіш келеді.
Әбіш. Съезге мандат алдыңыздар ма?
I - жуан. Болады деп есіттік, одан басқасын білмейміз.
Әбіш (екі жуанға мандат беріп). Съез тап мына магазиннің ішінде болады, кіре беріңіздер барып.
Бұлар магазинге беттей бергенде.
Қайдар(ұмтыла түсіп). Әй, көзілдірікті шырағым, ол съезіңізге біз кіре алар ма екенбіз? Кіре алатын болсақ, қағазыңыздан мақұрым тастамасаңыз.
Әбіш (ақырып). Сіздер кімсіздер?
Қайдар. Біз бе? Біз де мына кісілер секілді базаршылармыз. Жүздеп-мыңдап мал айдап келмегеніміз болмаса...
Әбіш (шытынап). Қойыңыз қылжақты, сіздер үшін шақырылған съез емес. (Әбіш Қайдарларға қарай түсіп, магазинге кетеді.)
Серке (ренжіп). Елге барып ек, елге батпады басымыз, мұнда келіп ек, мұнда батпады. Сүтке тиген күшіктей болдық-ау...
Қайдар (Серкеге қарай түсіп). Жоқ жерде жаси қалатының-ақ жаман сенің. Бастап аттанарда-ақ айтып ем ғой: қорықсаң үйінде отыр деп.
Сахнаға Міржақып, Шоңмұрын, Мырзағазы, Кенжеқаралар келеді. Қайдар Серкені түртіп қойып, соларға қарай ойысады.
Міржақып. Ал, мырзалар! Көптен күткен, көпті үміт еткен съезіміз осы... (Жақындаған Қайдарды көріп, соған бұрылады.) Сізге не керек?
Қайдаp. Бізге ме? Біз базаршы ек. Мынау Серке Қожалақов деген кісіміз.
Шоңмұрын. Оныңды қоя тұр, өз жұмысыңды айтшы.
Қайдар. Біз бе? Осында бір союз бар ма дей ме-ау... Досқа мата береді екен дей ме-ау.
Міржақып. Басқа жерден сұраңыз, біз білмейміз. (Қайдарлар алыстай түсіп тұрады. Міржақып жолдастарына.) Біз ауыз бірлік қылсақ қана съезді көңілдегідей өткізе аламыз. Ие, осы сияқты тар кезеңде, ұлтын сүйген азамат – Алаш тілегінен шыға жайылмас деп ойлаймын.
Шоңмұрын. Бұл сөзіңізге толығымен қосылумен бірге сізден сұрар едім: съезде не істеуіміз керек, қалай өткізуіміз керек, соны да айтсаңыз деп.
Міржақып. Съездің мақсаты туралы мен қысқа ғана түсіндіріп өтермін. Содан кейін бірден ұсынысқа кіріссек. Ия... Ұсынысты мына Шоңмұрынға тапсырсақ деп ем.
Шоңмұрын. Мұныңызды әбден мақұлдаймын. һәм және Мырзағазы, Кенжеқара мырзада қарсы болмас деймін.
Кенжеқара. Алаштілегіне кім қарсы келердейсің.
Магазиннен Әбіш шығады.
Міржақып (Әбішке). Съезге келушілерді қамсыз ете алдың ба?
Әбіш. Базарға келген игі жақсыларға түгел мандат тапсырдым, Жақа.
Міржақып Әбішті оңашалап сөйлеседі. Шоңмұрын магазинге кіреді. Мырзағазы Кенжеқараны иықтан тартып тоқтатады.
Мырзағазы. Әй, сен сонау Оралдан келгенде Міржақыптың қанжығасына байланылғалы келіп пе ең, әлде...
Кенжеқара.Сен сабыр ет, Мырзағазы. Аманкелдінің жер сілкінтіп келе жатқаны анау. Алдымен осы қыспақтан құтылудың қамын істеуіміз керек.
Мырзағазы. Әй, білмеймін-ау...
Мырзағазы мен Кенжеқара, одан кейін Әбіш пен Міржақып магазинге кіреді.
Қайдар (Серкеге). Көмекейлерін байқадым. Жүр базарға. Бірсыпыра кедейді жиып келіп біз де араласайық бір шетінен.
Бұлар кетеді. Сахнада саудагерлер. Бірсыпыралары магазинге кірiп жатады. Қала жігіттері гармонь тартып билеп сахнадан өтеді. Аздан кейін қолтықтасып Айбала мен Антонов келеді.
Айбала. Не ужели сіз солай деп ойлайсыз?
Антонов. Солай ойлауға өзіңіз повод бересіз...
Магазин ішінде құран оқыған дауыс естіледі. Сахна сыртында гармонь даусы, Айбала мен Антонов магазинге барып кіреді. Гармонь мен құран даусы аралас естіліп жатады. Аз тыныс. Бір пысықтау кедейді ертіп сахнаға Серке мен Қайдар келеді.
Қайдар (сөйлей келеді). Аманкелдінің келуіне тілектес болған, осыны істейсің, білдің бе! Бұлар елден жігіт жиямыз деп, ақша жиямыз деп, осы съезге соны бекіттіріп алғалы отыр. Күні ертең, съездің қаулысын орындай келдік деп қоқырандағандары сендейдің төбеңді ояды алдымен.
Кісі. Сонда... Не деп айт дейсің маған?
Қайдар. Ой, сен өзің кеще неме екен сің ғой... Жігітте бере алмаймыз, ақша да бере алмаймыз де. Сөз осы. Басыңды кесіп алмайды.
Магазиннің алдыңғы қабырғасы тепсе ашылады. Съезд залы. Байлар, ақсақалдар, молдалар. Президиум үстелінде: хан, хазірет, Міржақып. Қайдарлар артқы жаққа отырады. Міржақып сөйлеп тұр.
Міржақып. Біз алаш ұлының қамын түгел жейміз, ие. Біз өз үкіметімізді құрып, өз әскерімізге арқа сүйемесек, ие, елді большевик өртіне ұшыратамыз. Больщевиктер келсе, күйлерінің нешік болатынын осы отырған халық ұғар деймін.
Дауыстар: Ұғамыз... ұтамыз...
Быпыр-быпыр қол ұру. Асығыс Асамбай келіп Міржақыпқа жолығады.
Міржақып. Азаматтар! Ия, мынау тұрған Асамбай болысты танырсыздар деймін.
Дауыстар: Танимыз!.. Танимыз!..
Міржақып. Танысаңыздар, большевик ылаңынан елі сүргінге ұшырап, өзі қуғынға ұшырап, мұңын шаққалы алдарыңа келіпті. (Жұрт үрейленіп Асамбайға қарайды.)
Асамбай (алқынып). Көрген азабымның қайсы бірін айтайын. Тек мұсылман баласының басына бере көрмесін деп тілеңдер. (Жұрт жағаларын ұстасады. Асамбай қызып.) Уа, жұрт! Игі жақсы боп бастарыңды қоса қалған екенсіңдер, естерінде болсын: бейғамдық өзімізде. Бүгінгіні ойлаймыз деп, ертеңгіден айрыламыз. Аманкелдінің аз ғана жігітінен құқай көріп, елімді жауға алдырдым деп алдарыңа жылап келуім мен сияқты кісіге ар емес пе еді. Арлансам да келдім. «Өгізге туған күн бұзауға да туады» деп, бейқам отыра берсеңдер менің кебімді сендер де киесіңдер. Ен даланы сілкіндіріп Аманкелді келе жатыр. Елдігін істеп, оның бетін қайтарған ешкімді көргем жоқ. Балақтағы бит өрмелеп басқа шығып, құл құдайын танымағанның кебі болды. Отырасыңдар ма ұйлығып? Шықпайсыңдар ма қарсы? Әлде...
Дауыстар: Жұртшылығымызды істейік!
– Бастаңдар!
– Көмегімізді аямайық!
Асамбай (дауыстап). Уа, ер азамат! Ендігі жұмыс найзаның ұшына, білектің күшіне тірелді; бардың малына, жоқтың жанына тірелді. Бойкүйездікке салынсаң, өлгенің, малды да, жанды да сал ортаға! Мен өзім – осы жұмысқа деп он мың сом саламын орталарыңа.
Дауыстар: Уа, бәрекелді!
– Бәріміз де береміз!
– Аямаймыз!..
Шоңмұрын (дауыстап). Ұсынысым бар. (Жұрт тына қалады.) Халымыздың өте ауырлығын еске алып, мен сіздерге мынаны айтар ем:
1. Қазірден бастап өзімізді «Алашорда» болдық деп жариялайық.
2. «Алаш» үкіметін қорғап, большевиктермен күресу үшін уез қол астынан үш мың нөкер жинайық. Бұл нөкер үш күннің ішінде жинап беруді осында отырған құрметті ақсақалдарға, мырзаларға, болыстарымызға міндеттейік.
3. Нөкер шығыны үшін түндік басы жүз отыз сомнан ақша жинайық.
4. Кімде-кім жігіт жиюға, яки ақша жиюға қарсылық білдірсе, ол кісіні большевик деп біліп, тез түрде тексеруді «Алаш» сотына тапсырайық.
Дауыстар: Дұрыс... Дұрыс...
– Тезірек болса екен, тезірек!
Кісі (Қайдардың жанындағы). Міржақып мырза, игі жақсы боп өздерің кесіп-пішіп жатырсыздар, қара бұқара біз қайда қаламыз осы?
Міржақып. Сіз кімсіз?
Кісі. Ауыл қазағымын. Мына салығыңның салмағын да, е, жігітіңнің салмағын да көбіне-көп көтеретін мына біз боламыз. Ал біз болатын болсақ...
Дауыстар (шулап): Ау, неге сөз бересіңдер?
– Керек емес сөзі!
– Кім өзі тұрған?
– Большевик болып жүрмесін?..
Мырзағазы (дауыстап) Ұсынысым бар. (Жұрт басылады.) Біз «Алашорданы» өз бетімізбен құра алмаймыз. Біздің арқа сүйеп отырғанымыз – адмирал Колчак отағасы. Бізге көмегін іс жүзінде көрсету үшін мына Антонов мырзаны жіберді бізге. (Жұрт қол ұрады. Антонов орнынан тұрып бас иіп, қайта отырады.) Колчак отағасыға съез атынан: большевикпен ақтық қанымыз қалғанша күресетіндігімізді айтып, құрал күшін сұрайық; һәм ол кісіге көңіліміздің алаңсыз таза екендігін білдіру үшін, осы съез атынан со кісіге «қазақтың құрметті ақсақалы» деген атақ беріп, қаулымызды жіберейік.
Дауыстар. Жөн-ақ!..
– Ал, қол ұрыңдар!
Шоңмұрын (қолын көтеріп). Біз «Алаш» болып үкімет тізгінін қолымызға алдық. Сондықтан ұсынар ем: Аманкелді Иман ұлы «халық дұшпаны» деп жарияланып, «Алаш» заңынан тысқары адам деп саналса екен. Оның үшін уез қол астына хабар таратып, қай жерде кездессе де ұсталатын болса екен!
Дауыстар: Ұсталсын! Ұсталсын!..
– Ой, жөн-ақ-ау!..
Әбіш сасқалақтап келіп Міржақыппен оңаша сөйлеседі. Жұрт соларға қарай қалады. Аз тыныс. Міржақып сұрланған пішінмен үстел басына келеді. Әбіш, Шоңмұрындармен сыбырласады.
Міржақып (тұрып). Кенжелеп қала беретін әдетіміз ғой, бұл жолы да солай боппыз. Бірақ «игіліктің ерте-кеші жоқ» деген, сертіміз серт: біз «Алашты» аттың жалында жүріп те құрамыз!.. Әзірге съезімізді асығыс жапқалы тұрмыз, үйткені... (Аз тұрып.) Аманкелді келіп жетті деген хабар бар.
Жұрт (шу етіп). Ойпырмау!..
Біреу.Тоқтаңдар!.. (Бәрі тыңдай қалысады.)
Алыста мылтық, пулемет даусы. Әскер әні. Жұрт жапа-тармағай қашады. Магазин есігі жабылады. Сахнада Қайдар, Серке, манағы кісі қалады.
Қайдар (аз тұрып). Өй иттер-ой! Мұндай да арсыз болар ма. Аманкелдіні ұстаймыз деп ашқан аузын жұмып та үлгірген жоқ, борсаңдап қашып бара жатқандары анау... (Әскер дабылы жақындайды. Ән айқын естіле бастайды. Серкеге.) Ал, Серке, сен ренжімеші: қашып бара жатқан аналарға қосылғың келе ме? Әлде келе жатқан мыналарға қосылғың келе ме?.. Қалғанын өзің істеші.
Серке. Менікі әшейін... Ақылдасу ғой. Көкеңе айтып қойып жүрме. (Дабыл жақын. Ән айқын.)
Қайдар(қадала қарап). Есіл ерім, келіп жетті! Жүріңдер алдынан шығайық. (Бұлар жүгіріп кетеді.)
Аз тыныс. Тәртіпті әскер жүрісі. Атпен сахнаға Аманкелді шығады. Ту ұстаған Сейіт.
Аманкелді. Шөлді кешіп, құмды басып өткендегі аңсағаным Торғай еді... Сейіт! Торғай менікі болды, желбірет қызыл ту туды!
Магазин маңдайындағы ақ туды жұлып, Сейіт қызыл ту қадайды.
Қайдар (Аманкелдіге). Көке! «Алаш» адамдары жаңа ғана сізді «халық дұшпаны» деп атамақ боп, ұстауға қаулы істеп еді, сіз солардың өзін ұстауға қалайсыз!
Аманкелді.Сейіт! Бар,бірін қалдырмай қуып кел топырлатып! «Халық дұшпаны» кім екенін көрсетейін мен оларға!
Кәрім. Көке! Рұқсат ет, мен әкелейін оларды.
Аманкелді (Кәрімге қарап аз тұрып). Барып көр...
Кәрім кетеді.
Шымылдық.
ТӨРТІНШІ СУРЕТ
Бірінші сахна сол күйінде. Бюро мәжілісінде Андреев, Мәмбет, Баян, Кәрім, Абдол, тағы бір орыс жұмысшылары. Шымылдық ашылғанда Баян темекі турап отырады. Аңдреев сөйлеп отырады.
Андреев (аз тұрып). Әліби жолдастың бұл келісімге көнуіне, мен не деп мағына берерімді білмеймін. Әліби жолдас мұны істесе, саяси зор қате жасаған болар еді. «Алаш» әскерін қару-жарағымен Торғай қаласына кіргізу деген сөз – өз қолыңды өзің байлап беру болады. (Кәрімге қарай түсіп.) Кәрім жолдас Көкеңе көмекші есебінде Торғайға жіберілгенде – партия атынан бірсыпыра міндеттер жүктелген екен. Бұл міндеттердің қаншалықты орындалғанын біз көре алмай отырмыз, бұл бірінші. Екінші жағынан – Кәрім жолдас ондағы көзі ашық коммунисіміздің бірі. Бұл сияқты қата жұмысты көре тұрып, қарсы шықпауы, пікірін айтпауы – коммунистке ылайық жұмыс емес.
Кәрім (Андреевке). Мен сізге айттым ғой, келісім мәселесінде Әлекең менің пікіріммен есептеспеді, өз правосын қолданды деп.
Андреев. «Есептеспейді» деген сөз бола ма екен? Партия жолынан көре-біле ауа жайылған адамды күшпен тоқтату керек!
Мәмбет. Кәрім, сен мынаны айтшы: осы келісімнің болатындығын Көкең сезді ме?
Кәрім. Көкең сезген жоқ, ол кісі бұдан бұрын аттанып кетті.
Андреев (Мәмбетке). Көкенді бүгін келеді деген жоқ па ең сен?
Мәмбет. Қабарына Қарағанда бүгін ерте келуге тиіс еді.
Баян (трубкесіне темекі толтырып жатып). Менің де осы мәселенің шешуін Көкене қаратсақ деймін. Қожанасыр айтқан кеп қой...
Мәмбет (күліп). Қожанасыр тап осы мәселе жөнінде еш нәрсе айтпаған болар.
Абдол (терезе жанында отырған). Киләләрақырысы.
Бәрі. Кім? Көкең бе?
Тыста әскердің жүрісі. Қосылып салған «Көкең» әні.
Андреев(тыңдап). Әндері қалай жақсы!
Мәмбет. Әскеріміз мұны Көкең әні деп салады. (Орнынан тұрып.) Мен алдынан шығайын.
Мәмбет пен Кәрім кетеді, Андреев терезе жанында тұрып, тысқа қараумен болады.
Андреев (күлімсіреп). Да... Кім екенін түрі-ақ айтып тұр. Әскер қалай тәртіпті! Мұндай кісімен істесуге болады.
Тыста дабыр дауыс. Аманкелдіні ертіп Мәмбет пен Кәрім келеді. Аманкелді Андреевті көргенде қадала қарап тұрады. Андреев күлімсіреп, жақындай түседі.
Мәмбет. Көке, Андреев жолдас осы кісі.
Андреев (Аманкелдінің қолын ұстап). Ә... Аманкелді батыр! Көппен бірге мен де сізді «Көке» дейін.
Аманкелді (Андреевті бастан-аяқ қарап етіп). Тоқташы өзің, тым жылмаңдап барасың. Алдымен маған мынаны айтшы:о кім боп келдің осында?
Андреев. Партия жұмысына келдім.
Аманкелді.Оныңды қоя тұр,орныңды айт: уез бастығымысың? Губерне бастығымысың?
Мәмбет. Көке, түсінбей тұрсың.
Аманкелді (кейіп). Мәмбетжан-ай! Ен даланы сарбазға қаптатып, Николайға қарсы шапқанымда да, ешкім түсінбейсің – деп айтқан жоқ еді. Адал дос сырын алғанға салады деп, алдағы күнде шын достасатын болсақ, көңіл кірін осы бастан ашып айтуымыз керек! Шырағым Андрей! Маған басшылық қылам деуге – қазақ даласын менен артық білмейсің. Оқығандар мен жайсаң қасқалар «Алаш деп ұран салғанда, мен «кедей» деп салдым ұранды. Кімнің кім екені білінді: қалың бұқара маған еріп, үкіметті қолыма ұстадым! Мен айтпайтынмын, айтсам, қайтпайтынмын! Ленинге сертімді бергем: Торғай даласын қолыма ұстап шығамын деп, сол сертім серт!
Андреев (күлімдеп). Ендеше, Көке, мен сізге осы жұмыста көмек бере келдім.
Аманкелді (аз тұрып). Онда... Менің үкіметіме бағынатын боласың ғой?
Андреев. Сіздікі қандай үкімет еді?
Аманкелді. Менікі – Ленин үкіметі. Мен солардың жолдасымын.
Андреев. Бағындым, Көке, бағындым!
Мәмбет. Көке-ау, мына Кәрімнің келген жұмысын сұрамадыңыз-ау.
Аманкелді. Бұл неге келіпті?
Мәмбет. «Алашордамен» келісім жасап, қару-жарағымен оларды Торғайға кіргізетін боп келіпті.
Аманкелді. Ей, арамы, не бүлдіріп жүрсің сен?
Кәрім. Сабыр етіңіз, Көке, себебін айтайын.
Аманкелді. Тыңдамаймын! Шыныңды айт, әйтпесе осы отырған жерінде тұрармын!
Кәрім. Бұл келісімді «Алашпен» істеуші Әлекең. Әлекеңнің бұл келісімге көнуіне екі түрлі себеп болды ғой деймін. Бірінші – совет үкіметі қазаққа автономия берсе, «Алаш» адамдары советті танып, бас иетіндіктерін білдірді.
Аманкелді. Әй, не шатасып отырсың? Совет үкіметіне бас игізбей қоям ба екен мен оларды. Танымаса да танытам! Күшпен танытам! Алдыма салып борсаңдатып қуып жүргенім сол «Алаш» емей, кім деп ең? «Алаштың» шаңырағын ортасына түсірмей, үзеңгіден аяқты суырмаймын дегем, сол сертім серт!
Андреев. Дұрыс... Көкеңнің мына сөзіне қарағанда, келісім жұмысына жан-тәнімен қарсы екендігі көрініп тұр. Көкең риза болмаған жұмысты, әрине, біз де істей алмаймыз. Олай болса, келісім бекітілмейді; «Алаш» адамдары Торғайға кіргізілмейді. Сіздің айтайын дегеніңіз осы ғой, Көке, ә?
Аманкелді. Осы! Ағайын келісімін істеп, «Алашпен» құшақтасып отыратын кісің мен емес. Өлсем, көрім басқа болсын дейтін адаммын. Қара талақты әлде болса алдыма салып борсаңдатыңқырамай, менің кегім бітпейді.
Андреев. Меніңше, осы келісім сөзінің астарында бір үлкен сыр жатқан секілденеді де тұрады. Саяси жау салғыласпай, өз еркімен тізе бүгіп алдыңа келеді дегенге бала да нанбайды. Біз мұнда: «келісімді бекітпейміз, «Алаш» әскерін Торғайға кіргізбейміз» деген боп отырмыз. Нақ қазіргі сағатта сол «Алаштың» Торғайға кіріп отырмағандығына кім кепіл болады?
Аманкелді. Қой-ау... (Шошынып.) Шырағым Андрей, жаман сөзді айта көрмеші!
Андреев. Жаман айтпай, жақсы жоқ, қауіптің алдын ала ойлануымыз керек. Ұлт ұранын бетіне ұстап, «Алаш» үкіметін құрып, әскеріне арқа сүйеген болса, бұл өз ішімізден шыққан ең қауіпті жау! Мұның аса қауіпті екендігі мына келісім сөзінен де көрініп тұр. Мұндай келісім – кейбір арам ойлардың бұқпантай саясатынан шығады: ішіне кіріп, құрт боп жайлайын дегендік, бір жағын алдаусырата тұрып, екінші жағын тап берейін дегендік. Тап осы отырғанның өзінде маңымызды торып алған болуы да мүмкін. (Жұрт елеңдеседі.). Менің де, бүгіннен бастап бар күшті «Алаш» ылаңын басуға жұмсауымыз керек! Әсіресе Торғай үстіне түнерген бұлт тым қою. Көкең қарсы болмаса, Көкеңе көмекші ғып тағы бір адам жіберсек деймін.
Аманкелді.Теріс емес.
Андреев. Ендеше, Көкеңмен бірге Мәмбет барып қайтсын. Уком жұмысын уақытша Баянға тапсырайық.
Баян. Андреев жолдас, мен Укомда отырсам, күніне он доклад істейтін кім болады?
Андреев (күліп). Екеуі де өзің боласың. Мен бүгін бас штабқа жөнелем, ертең келем. Көке, кішкене сөйлесіп аламыз ба? Бізге тапсыратын жұмысыңыз болса, айтып кетер едіңіз. (Аманкелдіні қолтықтап.) Әлгіде келіп түскендегі жігіттеріңіздің салған әні маған мықты ұнады.
Аманкелді. Менің жігіттерім ән салып жүріп соғысады.
Андреев. «Интернационалды» біле ме?
Аманкелді. Оның не нәрсе?
Андреев. Өзім үйретем, Көке. Өзіңіз де үйреніңіз.
Аманкелді ... (Андреевпен кете беріп бұрылады.) Кәрімжан, ашу үстінде азырақ ұрсып алдым білем.
Кәрім. Сіздің ұрысқаныңызды көтере берем ғой. Өзім де ойлап ем: Көкем естісе, шаңымды аспаннан келтіреді ғой деп.
Аманкелді. Ендеше... Сен тұрма, жөнел. Сонау қара талақтағы бір сұмдық істеп, Торғайға басын сұғып жүрмесін. Ол кірсе, бүлдіреді. Қолмен қалағандай ғып жұмысты жаңа ғана бастап келе жатқанымызда... (Андреевке.) Шырағым Андрей, қазақ аулында жаңа жұмыс бастаудан ауыр не бар екен жалғанда! Әйтеуір болдырдық қой. (Кәрімге.) Қазір жөнел. Мен жолда бір елдерге соға жүрем.
Кәрім, Андреев, Абдол, Аманкелділер кетеді. Үйде Баян мен Мәмбет. Баян темекі жонумен отырады.
Мәмбет. Өй, тасташы темекіңді!
Баян.Қазір, қазір...
Мәмбет. Кеңсеге біреу сөйлесем деп келсе, сен темекі тураумен отырасың.
Баян. Қожанасыр айтқан көп қой: «аузын көпте болсын, қолың шетте болсын» деп.
Мәмбет. Сен осы алдымен Қожанасырыңды құртшы! Укомда отырып ертегі айтуың келіспес.
Баян. Мың жылдан бері келе жатқан Қожанасыр, құри қоя ма. (Сағатына қарап.) Он минуті кем алты. Менің докладам бар еді, айтатының болса тез айт.
Мәмбет. Жұмыстың бәрі өзіне белгілі ғой, істей тұрасын да.
Баян. Дұрыс. Өзің келгенше, Қамарды партияға кіргізіп қояйын ба?
Мәмбет. Баян! Бала болып кетемісің?
Баян (күлімдеп). Қойдым... Есінде бар ма, Мәмбет, двух класнида оқып жүргенімізде Прокофий Васильевич дейтін учитель болды ғой.
Мәмбет. Қой, жөнел, жиналысыңа кешігерсің.
Баян. Дұрыс. Кеттім. (Портфелін алып кетеді. Есікке барып тоқтайды. Оралып Мәмбетке келеді.)
Мәмбет. Бірдеме айтайын дедің бе?
Баян. Қожанасыр айтқан көп қой: «Қорықпай, қуанбайсың» деп.
Мәмбет (күлімдеп). Қожанасыр олай деп айтқан емес өмірге.
Баян. Ол айтпаса, мен айттым, бәрі бір емес пе. Сен қазір жүремісің?
Мәмбет. Жүрем.
Баян. Жүрсең... Андреев жолдастың әлгі бір сөзі маған көп ой түсірді. Біз осы бейғамдық істеп, жаудың сырттығын көтеріңкіреп жібердік пе деймін. Торғай өлкесін ылаңнан тазартпай, қайтпа! Мұндағы жұмысты ақсата қоймаспын. Сатан еркелейтіндігім болмаса, оңашада өзім кәдімгідей серьезный адаммын.
Мәмбет. Сенгіштігің көбірек.
Баян. О да саған арқа сүйегендіктің салдары. Сен келгенше бәрінен де арыла тұрып, Кожекенді де қысқартып, өзіңнің точный копияң бола тұрайын. Айтпақшы, осы Кәрім не істеп жүр өзі?
Мәмбет. Анығын ашармыз, не істегенін сонда білмесек.
Баян. Арам ойы болса, менің қолыма бір бер өзің.
Мәмбет. Тағы мылжыңдап кеттің, жиылысыңнан қаласың ғой.
Баян. Сен келгенше сағынып қалам ғой деп... Ұзақ жолға барасың. Қауіп-қатердің ортасы. (Қамыққан түр.)
Мәмбет. Қой, балалығың ұстады ма! Біз большевикпіз. Қиындықтың қандайына да жеке шабатын адамдармыз..Біз бір-бірімізге сенімімізді ұлы майдандағы күрес арқылы көрсетуіміз керек! Қане, қош бол!
Екеуі қоштасып, Баян кетеді.
Мәмбет. Әй, тұра тұршы, бірге шығайық.
Баянмен бірге Мәмбет кетеді, тыстан Әсия кіреді. Оған ілесіп Сейіт кіреді.
Сейіт. Әсия деймін!
Әсия. Тыңдай қалдық.
Сейіт. Айтсайшы ынтықтырмай.
Әсия. Нені айт дейді осы?
Сейіт. Жаңағының жауабын.
Әсия. Мазағыңнан аулақ!
(Сейіт мылтығын оқтауға кіріседі, Әсия қарап тұрады.)
Сейіт. Мылтықтың атуын үйреніп ал, керек болар бір жерде.
Әсия.Сүйтейінші...үйретші. (Сейіттің жанына отырады. Сейіт үйретеді.)
Әсия. Сенен сұрармын деп ем-ау: Мұқан қайда?
Сейіт(күрсініп). Өзімде білмеймін.
Әсия. Неге білмейсің?
Сейіт үндемей, мылтықпен айналысады. Әсия қараумен отырады. Мылтығын жасап, оқталып көреді.
Сейіт. Әсия деймін!
Әсия.Тыңдаған секілдіміз. (Әсия тұрып, бұрыштағы үстелге отырады.)
Сейіт. Бай-бай, менің сорыма шешен боп кеттің-ау.
Әсия. Мылқау болғанды сүюші ме ең?
Сейіт(жақын барып отырып). Қой, сөзге жұбауратпа.
Әсия. Немене тағы тарпа бас салуға ыңғайланып жатырсың ба?
Сейіт. Әзіл өзіне басқа, Әсия, жұрт бізді әлдеқашан қосып қойыпты. Жол бойы Көкем де қалжыңдап келді: «Сейітжан, қызым күтіп отыр-ау кеңседе», – деп.
Әсия. Қойшы? Шын айта ма сүй деп? Бетім-ай.
Сейіт. Е, несі ұят оның? Көкем батасын берген соң... (Әсияға жақындай түседі. Әсия күлімсірейді. Сейіт күрсініп.) Менде арамдық бар деме. Маған өмірлік жолдас керек. Сол жолдас сенсің! Әсия. Кім білсін: мен бе, басқа ма...
Сейіт. Жоқ сенсің! (Әсияны құшақтамақшы болады.)
Әсия (бұлқынып). Қоя тұр деймін!
Сейіт. Жоқ, қоймаймын!
Еріксіз құшақтай беремін дегенде, көрші бөлмеден Қамар шығады.
Сейіт(ұялған түрмен). Е, Қамар қарындас, жол болсын.
Қамар (күліп). «Жол болсын» деп жол жүретін адамға айтады, мен ешқайда да бармаймын.
Сейіт. Сен жүрмесең, мен жүргелі жатырмын, бәрі бір емес пе. Мәмбет те жүреді.
Қамар (елең етіп). Мәмбет неге жүреді?
Сейіт. Бізбен бірге Торғайға барып қайтады. (Қамар ойланған түрмен терезеге барады.)
Сейіт (Әсияға сыбырлап). Неге өзгеріп кетті түсі?
Әсия. Сүйіп жүр-ау деймін Мәмбетті.
Сейіт Әсияның қолын қатты қысып, шығады. Әсия аз тұрып, күрсінеді. Қамар бұрылады.
Қамаp. Сейіт кетіп қалған ба? Қызық жігіт өзі.
Әсия. Оңбаған жігіт.
Қамар (күліп). Сүйгенін шұнағым деген-ау...
Қамар өз бөлмесіне беттейді.
Әсия. Қамар деймін, бір нәрсе сұрайын ба?
Қамар (бұрылып). Сұра.
Әсия (аз бөгеліп). Осы сен, өзіңді бізден бөлек санаған сияқтанасың ба-ау... Бізбен етене боп араласып кетпейсің бе-ау... Әйтеуір, білмеймін... Келістіріп те айта алмай тұрмын ба...
Қамар (аз тұрып). Оның рас.
Әсия. Неге олай, Қамар, ә?
Қамар. Өзім де білмеймін. Соңғы әзірде әлденеге көп ойланатын болып жүрмін. Сол ма еді сұрайын дегенің?
Әсия. Ия. (Қамар үндемей өз бөлмесіне кетеді. Әсия аз тұрып.) Қанша айтқанмен оқыған адам-ау, ірі ұстайды өзін. Айтпағанмен ойының не екенін білмей тұрмын ба. Менен сұраса той, бұрқылдатып бәрін айтып берген болар ем.
Әсия жазуға отырады, тыстан Мәмбет кіріп, қағаздарын ыңғайлайды. Біраз тыныс.
Әсия. Мәмбет аға, «ойына келгенді жасырмай айтып шығатын бол» деп едің-ау.
Мәмбет(аңырып). Ия.
Әсия. Мен ешнәрсені де білмеймін ғой. Әйткенмен ойлаймын да жүрем. Қамар сізді ылғи сұрайды. Сізге айтатын сөзі бар адам секілденіп неше рет келді де... Сіз ылғи сөйлеспейсіз...
Мәмбет. Ә... Солай ма? Уақыт жоқ қой, өзің көріп жүрсің.
Әсия. Бос уақытыңыз болса, сөйлесер ме едіңіз?
Мәмбет. Бос уақыт болса сөйлесем ғой.
Әсия. Ендеше мен жібере қояйын.
Әсия дереу Қамар бөлмесіне беттейді.
Мәмбет(апалақтап). Әсия!.. Әй, Әсия. (Әсия естімеген боп бөлмеге кіріп кетеді. Мәмбет не қыларын білмеген түрмен аңырып отырады.) Мұнысы несі. (Аз отырып, күлімдейді.) Ауылдан келгенде кісі бетіне қарай алмайтын қыз еді, көрдің бе мұның ысылып... (Қамар келеді.)
Қамар. Сіз шақырттыңыз ба?
Мәмбет. Ә... ия, отырыңыз?
Қамар отырады. Мәмбет жұмысына айналыса береді.
Қамар(Мәмбетке). Бір нәрсе айтпақшы ма едіңіз?
Мәмбет. Ия, солай еді. (Аз ойланып.) Мен жүріп барам. Уақытыңыз болса, мұндағы жолдастарға жәрдемдесіп тұрсаңыз.
Қамар. Мақұл... (Бірсыпыра үнсіз отырады.) Сол ма еді айтайын дегеніңіз?
Мәмбет(апалақтаған түрмен). Ия. Айтайын дегенім... (Көпке.) Апырмау, мына Әсияның бүлдіргенін қарашы. Не деймін бұған?
Қамар (көпке). Бірдеме айтқысы кеп отыр-ау. Ұялшақтығы ма екен? Айтқызбай қоймаймын бұған. (Мәмбетке.) Басқа жұмысыңыз болмаса кетейін.
Мәмбет. Ия... Басқа жұмыс болғанда... іс білетін адамдарымыз аз. Қол ұшын беріп тұрсаңыз.
Қамар (күліп). Ол туралы жаңа ғана айтып едіңіз ғой. Бұрын да әлденеше рет айтып едіңіз.
Мәмбет. Бәсе, сүйткен екем-ау.
Қамар. Басқа бір айтатыныңыз болып, есіңізге түспей тұрмасын.
Мәмбет. Солай ма екен? Не айтпақшы ем?
Қамар. Онда... Асықпай ойланыңыз, Торғайдан келгенше есіңізге түсер.
Мәмбет. Сүйтер ме екен?
Қамар орнынан тұрғанда Мәмбет те тұрады. Қамардың күлімсірегенін көріп, Мәмбет те күлімсірейді. Екеуі қоштасу ретінде қол ұстасады. Мәмбет ойға батқан адам секілденіп, Қамардың қолын жібермейді. Көрші бөлмеден Әсия басын шығарып, есікті қайта жабады.
Қамаp. Жібермейсіз бе қолымды? Әлде ұмытқаныңыз есіңізге түсіп тұр ма?
Мәмбет(күрсініп). Сүйтті білем...
Қамарға қадала қарайды. Қамар төмен қарайды. Үнсіз бірсыпыра тұрады. Кенет есік ашылып, Аманкелді кіреді. Бұлар сезбейді, Аманкелді аз тұрып, қақырынады. Бұлар кенет айрылып, Қамар дереу өз бөлмесіне кетеді.
Аманкелді (Қамар өз бөлмесіне кіріп кеткенше қараумен тұрып, көпке бұрылып). Өкшесінің біз дейін...Уа, шіркін ит жастық! Уақыт талғамайтын жұмыс-ау бір... (Күрсініп.) Мәмбетжан, жөнейік. Қоштасатын адамдарың болса қоштасып шыға қой.
Қамардың есігіне қарай түсіп, Аманкелді шығады. Ізінше үнсіз түрде Мәмбетте шығады. Әсия Қамардың бөлмесінен шығып, сыртқы есікке қарай асығыс жүре бергенде, алдынан Сейіт кездесіп, жолын кес-кестейді.
Сейіт. Шыныңды айт, менімен қоштасып қалуға асықтың ғой?
Әсия. Сені қайтейін, Көкеме қоштасам.
Сейіт (кенет өзгергендей). Қаталасқан екем ғой. Бара ғой...
Жолды босатады. Әсия есікке бара түсіп, тұрып қалады. Аз тыныс.
Сейіт. Әлде шыныңа келемісің? (Аз тұрып .) Құшақтай алып, сүйейін десем, тағы ұрсып жүрерсің.
Әсия (өкпелеген түрмен). Өткенді ұмытпайды-ақ екенсің.
Сейіт. Ал, ұмыттым ендеше.
Құшақтаған күйі үйінен шығады. Сахна бірсыпыра бос. Далада әскердің аттанған даусы. «Аманкедді» әні. Дауыс ұзайды. Сәуле көмескіге айналады. Көшеден гармонь тартылып, «Ғалия бану» әніне салған жастар. Әсия ішіме жағып әкеп үстел үстіне қояды. Терезеге барып, күрсініп тұрады. Ән алыстан үзіліп естіледі. Кенет телефон шырылдайды.
Әсия (телефонда). Ә?.. Мен бе?.. Мен Әсиямын. Қандай Әсия, кәдімгі Әсия де... Ә? Өзің кімсің? Өзің? «Алаш» комиссары болсаң қайтейін. Ә? Қайда болсын? Бәріде осында. Ә? Өзіңді құдай атсын. (Телефонды қойып.) Алдағанға айта қоятын адамды тапқан екен! (Терезеге барып, қадала қарайды.) Жаным-ау, мынау Тайбай ғой! «Алашпен» бірге кеткен жоқ па еді бұл? Мұнда қашан келді екен? Тайбай! Тайбай деймін! (Терезенің тұсына Тайбай келеді.) Мұнда неғып жүрсің?
Тайбай. Ау...Мен бе, Жақаңнан тығыз қағаз әкелдім, осында жатқан бір кісіміз бар ғой.
Әсия. Ол не істейді мұнда?
Тайбай.У а... Ол ма? Большевиктермен күреседі.
Әсия (көпке). Не мүңкітіп тұр осы? Анығын білейінші. (Тайбайға.) Әй, қазір шығам, күте тұр.
Әсия дереу шығады. Сахна бірсыпыра бос. Далада гармонь.Өлең.Жан-жағына қарана түсіп Кәрім кіреді. Үстелді ақтаруға кіріседі.
Кәрім. Мөрлері таптыра қойса жарар еді. (Мөрді тауып.) Ә, мұнда екен... (Мөрді басуға ықғайланып, қолындағы қағазға қарап тұрады, оқиды.)
«ТОРҒАЙ, ЖАНГЕЛДІГЕ.»
Көшірмесі «алашорда» – Дулат ұлына. «Алашордамен» істескен келісімдегі шарттарыңызды түгелімен бекіттік. «Алашорда» әскерін қару-жарағымен Торғайға кіргізе бер. Өзің тез келіп кет.
Андреев,
Мәмбет.»
Кәрім (күлімдеп). Келісім бекітілді. Бекітілмесе, мөр басыла ма бұған?
Мөрді құшырлана баса бергенде, көрші бөлмеден Қамар шыға келеді, Кәрім қағазын -қалтасына тығады.
Қамар(аң-таң боп). Не істеп тұрсыз?
Кәрім. Ым... Странный вопрос. Менің не істегенімде сіздің қаншалықты жұмысыңыз бар? Алдымен осыған жауап беріңізші.
Қамар. Иесіз кеңсеге кіріп, мөр басқаныңыз маған да странный көрініп тұр. Ақ қағазға мөр басу ұрының кәсібі дейтін еді.
Кәрім. Тым таусылып айттыңыз, қарындас... «Әзіл сөзге шын жауап бер» деген еді, есіңізде болсын: мен большевик партиясының жауапты мүшесімін. Бұл кеңсе маған да ортақ кеңсе. Сондықтан, мына мөрді толық пайдалана алам. Ал басқа біреулерден қоримын десеңіз, оныңызға қатты қуанам. Түсінікті ме, қарындас. (Камарун демейді, Кәрі мәз тұрып, күлімсіреп.) Ал кеңсеге енді иелік қыла беруіңізге болады. Әлде сізге тапсырып кетіп пе еді?
Қамаp. Тапсырмаған екен деп кім көрінгенге кеңсенің мөрін бастыруға бола ма?
Кәрім. Мен «кім көрінген» болам ба? Ғапу етіңіз, қарындас! Тап осы сөзді менің айтуым керек еді сізге. Бірақ сізді... (Күлімсіреп кішкене тұрып.) Жақсы бір нәрсе айтайын деп ем, әуелі кім екеніңізді анықтаңқырап...
Кәрім кетеді. Қамар аң-таң боп аз тұрып.
Қамар. Қызық екен өздері. Мөрін бос тастағаны несі? (Мөрдің жазуын оқиды.) «Уездный комитет партии большевиков». (Күрсініп мөрді тартпаға салады. Үстелге отырады.) Шын-ау: осылардың мөрін қоритын кім едім мен? Құйысқанға қыстырылған... (Ойланып.) Мен дейді қазақ: «әрі-сәрі»дейтін бе еді? «Шөре-шөре» дейтін бе еді? (Aз ойланып, кейіген түрмен.) Өте келісті рөл алып жүрмін-ау өзіме.
Бірсыпыра ойланып отырады. Асығыс Әсия келеді, түсі үрей.
Әсия. Сұмдық!.. Сұмдық!..
Қамар. Не болды?
Әсия (аптығып). Тайбай айтады: Торғайдан осында қағаз әкелдім дейді, сосын дейді: Мәмбеттер Торғайға барса, оларды ұстайды да дейді, жабады дейді, сосын дейді осы қатаны алуға дейді, көп әскер келеді дейді.
Қамар. Қой, бекер болар, аяқ астынан шыға келген не қылған жау?
Әсия. Шын дейді, Қамар-ау... Маған айтады: қалада қазір соғыс болады: еремін десең Торғайға алып кетейін, –дейді. Сосын бар ғой, осында келе жатқанымда зәрем кетті, ылғи құрал асынған он шақты салт атты сау етіп былай қарай өте шықты.
Қамар (шошынып). Не дейді осы? Шеттен келген жау болса, мұндағылар неғып сезбейді? Баян қайда жүр бұл? (Телефон шырылдайды. Қамар тыңдап.) Иә уком... Қамармын, Баянбысың? (Шошынып.) Не дейсің? Қала мен вокзалдың арасын жау үзді дейсің бе? Ә... телефонның басында бол дейсің бе? Қайда жіберейін, қайда? Ия, ия... жарайды. (Қамар телефонды қояды. Түсі үрей.) Шын болды!..
Әсия. Енді қайттік, Қамар-ау?
Қамар. Білмеймін. Маған телефон басынан кетпе деді.
Әсия (ойланып). Тайбаймен бірге Торғайға кетсем қайтер еді, Кекемдерге хабар тигізер ем.
Қамар. Шын сүйтемісің?
Әсия.Сүйтейін, Қамар, сақтандырайын.
Қамар (аз ойланып). Осы дұрыс болар... Тез жөнел! Мәмбетке айт: қаланы жау қамап алды де, Баяндар вокзал жағында қалды де... Қане, бетіңнен сүйейін. (Екеуі құшақтасып сүйісе береміз дегенде, алыста сатырлаған мылтық, пулемет дауыстары естіледі. Екеуі шошынып, екі айрылып, үнсіз тұрып қалады. Аз тыныс. Қамар сасқан түрмен терезеге барады). Басталды... Басталды. Әсия! Тұрма, жөнел!.. (Әсияның қолын ұстап.) Мәмбеттің қолын ұстап сәлем айт: Қамар Укомда телефон басында отыр де.
Қамарда қамыққан түр. Тағы мылтық даусы. Екеуі селт етіп, тағы айрылысады. Қамар Әсияны асықтырып есікті аша бергенде, мылтық дауысы сартылдайды.
Әсия (шегініп қалды.) Суқан-ай!
Қамар. Әсия! Жаным, ер бол... жолдастарыңды сүйетінің шын болса, барасың.
Әсия. Рас, бару керек!
Қамармен ақтық рет қоштасып Әсия кетеді. Алыста мылтық даусы жиілете түседі.
Қамар (бірсыпыра ойланып тұрып). Не істеуім керек? Кім боп тұрмын осы мен? Қаланы ақтар алса, мен қайтем? (Ойланып тұрады, телефон шырылдайды.) Ия, кімнің отряды? Дереу вокзалға жөнеліңдер, Баян сонда күтіп тұр. Ә?.. Дұрыс, дұрыс... Оныңызды ескереміз. (Телефонды қойып, ойланып.) Мен осы тұрғанда большевик адамы боп тұрған жоқпын ба?
Тыстан Қамар мен Серке кіріп, аңырып тұрады.
Қамар. Кім керек сіздерге?
Қайдар. Бізге ме? Бізге Мәмбет керек еді.
Қамар. Ол кісі үйде жоқ. Жұмыстарыңызды айта беріңіздер.
Қайдар. Сізге айтамыз ба? Қалайша сізге айтамыз? (Телефон шырылдайды.)
Қамар(тыңдап). Ия, Уком...
Қайдар (Серкеге сыбырлап). Айта аламыз ба бұған?
Серке. Кім білсін, қожайынсып тұрған біреу.
Қамар (телефонда). Қамар дейтін кісімін. Ә?.. Мәмбеттің жолдасымын.
Қайдар(Серкеге). Мынау Мәмбеттің әйелі боп шықты.
Қамар (телефонда). Ә?.. Тері зауытынан құрылған отряд па? Дереу вокзалға жөнеліңдер! Ә?.. Нешеу? Дұрыс... (Телефонды қояды.)
Қайдар. Шырағым, мен Қайдар деген кісімін. Мынау Серке Қожалақов деген кісі, аты-заты белгісіз. Түрікпен бе, қарақалпақ па...
Серке. Көрінген кісіге жариялап болсайшы.
Қайдар. Е, құл екеніңді жасырасың ба?
Қамар. Айта беріңіздер. (Ойланып.) Қайда көріп ем осы кісілерді?
Қайдар(Серкеге сыбырлап). Тәуекел деп осыған айтсам деймін.
Қамар(шошынып). Неге сыбырласасыздар?
Қайдар. Оның себебі бар еді, шырағым. Көрінгенге айтыла бермейтін сыр еді.
Қамар. Мәмбеттің жолдасымын деп тұрмын ғой.
Қайдар. Жолдас көп қой, қандай жолдас деп ұғынамыз сізді.
Қамар. Тіпті жақын жолдасымын.
Қайдар (Серкеге сыбырлап). Байқаймысың, нағыз әйелі боп шықты. Түрі де келген екен өзінің.
Қамар. Қызық адам екенсіздер: сыбырсыз сөздеріңіз жоқ. (Телефон шырылдайды. Қамар тыңдап.) Ә?.. Баянбысың? Не дейсің? Ә?.. Естілмейді... Баян! Алло... (Біраз тыңдап, телефонды қояды.) Телефонды да үзді. Енді қайттім! Осы кеңсе жау қолына іліксе, мен әдейі тапсырғандай болам-ау... (Аз ойланып, кенет қырланып.) Айтыңдар шыңдарыңды: доспысыңдар, қаспысыңдар?
Қайдар. Біз бе? Біз қас болармыз ба большевикке, Көкең бізді болыс қып, ауылнай ғып елге жібереді. Біз бара бұрқылдатамыз. Сүйтіп жатқанымызда, аяқ астынан ақтың адамдары кездеседі де, бізді қуады да шығады. Көкең түнеугі Торғайды алатында, бізді тыңғылықты қып-ақ сайлап беріп еді. Болысымыз мына Серке Қожалақов. Абыройсыз да емес едік. Сүйтіп тұрғанымызда «Алаштың» бір адамы келмеген ме қоқыраңдап: «ақша жиям, жігіт жиям» деп. «Шырағым, сен осы бізді әуре қылмасаң қайтеді. Көкен тірі тұрғанда біз алашыңа көне қоймаспыз», – деп әлгіге қазақша да айтып көрдік, орысша да айтып көрдік. Көндіре алсақшы... Сосын, қоқырақтай берген соң, өзін (қолымен нұсқап) бүйте салдық. Сол – сол-ақ екен, бір күні салып ұрып толып жатқан солдаты келіп жетті. Сұрайтыны баяғы Серке мен Қайдар. Ал, туды зобалаң... Абырой болғанда, ауыл-аймақтың бәрі біздің тілегімізде ғой. Олар бір үйді тінтіп жатқанда, біз екінші үйде ет жеп, шай ішіп отыра береміз. Сүйтіп жүргенде бір күні... Сейсембі күні шығар деймін, Серке, ә? Ордасын арқалап жүрген нағыз «Алаштың» өзі келіп жетпесін бе. Беталыстары Торғай. Бұрынғы бізге тісін қайрап жүргендердің мұрады берді-ай келіп...
Қамар. Қысқартыңқырап айсаңыз қайтер еді.
Қайдар. Өзі де біткен болар. Серке екеуміздің қашқанымызды айтпасақ...
Алыста мылтық, пулемет дауыстары. Қамарлар елеңдеседі.
Серке. Қалаларыңыз тыныштық па? Мына атылған мылтықты не деп білеміз?
Қамар. Қалада көтеріліс бар. Біздің адамдарымыз вокзалда: тап осы тұрғанда біз жаудың қолындамыз. (Серке шошынып Қайдарға қарайды.) Құралдарыңыз бар ма?
Қайдар. Кішкене бірдемелеріміз бар еді, көрсетейік, Серке, ә?
Екеуі де ішкі қалталарынан наган, қойындарынан бомбы шығарады.
Қамар. Ендеше... Ақтық сағатқа шейін осы кеңсені аман сақтайық. Баян отряд жіберемін деді, ұзамай олар да келер.
Мылтық жақындап атылады. Аяқ дыбыстары естіледі. Қамар дереу барып есікті бекітеді.
Серке(сұрланып, Қайдарға). Ойға барсақ та Қорқыттың көрі, қырға барсақ та Қорқыттың көрі болды-ау...
Қамар(тың тыңдап). Осы үйді қоршады білем. Терезеге ие болыңыздар, мен есікте тұрайын. (Қайдар мен Серке терезенің жанына барады.)
Серке. Қайдар-ау, соғыс көрмеген кісі ем, қалай болар екен осы?
Қайдар. Әйел құрлы жоқсың ба, қарашы ана әйелге. (Қамардың қолында наган.)
Серке (Қайдарға). Қолындағысын көрдің бе? Сен оны «әйел» дейсің-ау...
Қайдар. Әй... Сенің қатыныңа мылтық беріп тұрғызып көрер ме еді солай?..
Серке.Тұра алмас деп пе ең? Кешегі жолы, біз екеуміз жүк астына жасырынып жатқанымызда, «Алаш» жігіттерімен аспай-саспай сөйлесе алған біздің қатын емес пе. Егер сасып, сыр білдірсе, біз екеуміз сол жерде қолға түсіп, табанда тұралмайтын ба едік.
Қайдар. Әй, рас, шын ерлік істеді сенің қатының.
Терезеге оқ тиіп, шыны қирайды. Серке шошып, мылтығын түсіріп алады.
Қайдар(мылтықты көтеріп). Әй, мынаны сасқанда жерге тастау үшін ұстап жүр ме ең?
Серке. Болыстығың да бар болсын, әкімдігіңде бар болсын!
Қайдар. Қайтқың келсе, қайта ғой ауылға.
Серке.Тыныш отырғызар әбден...
Қайдар. Енді қайт дейсің байғұс-ау. Ауыл арасына атымды шығарып бер деп ең, ауыл түгіл бүкіл өлкеге жайдым атынды, Сонау Орынбордан шұбырып келе жатқан Ахмет, Міржақыптардың тізбесінде кімнің аты тұр, білемісің. Кәдімгі аты шулы Серке Қожалақов! Сенің бір өзіңді ұстауға жүздеген солдат шығарғанын білмеймісің? (Күліп.) Әй... Сені солар жұрттан шыққан мерген деп жүрген шығар.
Оқ тиіп терезенің тағы бір кезі қирайды.
Серке(шошып). Әй, қой деймін, әзілдің орны емес қой.
Қайдар. Құдай әзілден айырмасын! Әзілмен жатып атсаң, қандай қызық! (Қамарға.) Қарындас, қолым қышып тұр, бірер оқты жіберіп алайын ба?
Қамар. Әзір ерте. Оқты сақтай көріңіз.
Тың тыңдау. Дала тыныштық Қамар терезе жанына жерге отырады.
Қайдар. Серке, дорбаңды әкелші. (Серкеден темекі дорбасын алып, шылым орауға кірісіп.) Әй, елбеңдемей отыр, қаңғырған, оққа шығын боларсың.
Екеуі де шылым орауға кіріседі.
Қамaр (бұлардың отырысын көріп, көпке). От басынан шығуға қорқатын қазағың... Енді мынау, майдан әскерінің бірі боп... (Үстел қасына барады.)
Қайдар.Тынышталды-ау деймін, қарындас. Қамар. Қандай тыныштық екенін кім білсін. (Аз отырып.) Мен бір ой ойлап отырмын: бұл көтерілістің аяғы не болары белгісіз. Көкең мен Мәмбет әлгіде ғана Торғайға аттанып кетіп еді. Солар тым ұзақ та емес-ау деймін де тұрам.
Қайдар. Хабарландыру керек дейсіз бе?
Қамар. Барасыздар ма?
Қайдар. Мына Серкенің атын айдай әлем біледі, мұның жүруі қиынырақ болар. Ал мен деген кісі қайда барсам да тастай батып, судай сіңе алам. (Күліп.) Күлемін-ау... «Алаштың»он шақты жігіті қоқыраңдап Серке екеумізді іздеп келді. Мен алдарынан шықтым. Менімен ақылдасты, қалай ұстаймыз деп. «Әй, кәпірлер ұстатпас. Әсіресе Серке дейтіні атқан оқ, шапқан қылышқа қарсы шабатын адам» деймін әлгілерге...
Серке. Келістіріп жүр екенсің, әйтеуір менің соңыма сала беру ғой сенің ойың.
Қайдар. Байғұс-ау, сенің даңқың шыға берсін деймін ғой.
Қамар. Мен хат жазып берейін, алыңыз да жөнеліңіз. (Қамар хат жазуға кіріседі.)
Қайда (Серкені оңашалап). Әй, мен кетіп бара жатырмын ғой. Жолдан кездестіре алмасам Торғайға шейін барамын. Сен ауылға қайт. «Алаш» азбандары ендігі сиреген шығар. Әзілге айтам: сатан қатерін тігіп жүрген ешкім де жоқ. Олардың іздеп жүргені мен. Сосын... Осы мен кешігіп қалып жүрмес пе екем. Кешігіп қалғандай болсам, біздің қатынға айтарсың: қоңыр құнажынды сатармын деп жүр едім, сатпасын, қысқа қарай соғымға керек қой. Енді не айтсам екен? Әй, мені қайда кетті деп сұраса, біздің қатынға не дейсің?
Серке. Бәсе, не деймін?
Қайдар. Онда ма... Онда былай де: большевиктердің үлкен бір жұмысымен төре боп кетті де, ұсақ жұмыспен кетті десең, ашу шығарады ол. Мінезін білесің ғой... «төре» болып кетті десең, үндей қоймас, төрелікті жек көре қоймайтын.
Қамар. Баратын болдыңыз ба?
Қайдар. Әбден...
Қамар (хат ұсынып). Мәмбетке тапсырарсыз.
Қайдар. Мақұл... Кеттік, Серке, сені қаладан шығарып салайын. Қош, қарағым. Жолда жете алмасам, Торғайға шейін барам. (Кете беріп Серкеге сыбырлап.) Алған соң осындай қатын алу керек.
Бұлар кетеді. Аз тыныс. Қамар үстелде отыр. Алдында наган.
Қамар (күлімсіреп). Осылай отырғанымда ақтың әскері келсе ғой, большевиксің деп ұстайды... «Большевик емеспін» дегеніме тіріде нанар ма?
Далада «Көке» деген дауыс, атыс. Аманкелдінің командасы, Қамарда үрей. Телефон.
Қамар(тыңдап). Иә... Ә... Баянбысың, Көкең?.. Көкең қаланы қайтып алды дейсің бе?.. Е, ия. (Қуанышты түрмен сөйлесіп тұрады. Тыстан Аманкелді кіреді, Қамар оны сезбейді, Аманкелді шошына қарайды.)
Аманкелді (ұмтылып телефонды ұстайды). Кіммен сөйлесіп тұрсың? Кім ұрықсат етті саған?
Қамар (сасқан түрмен аз тұрып). Телефонды беріңіз! Мен күн ұзаққа большевик штабының басында тұрған адаммын. Қызметімді толық орындауға міндеттімін. (Аманкелді аңырып телефонды береді. Қамар тыңдап.) Алло... Баян! (Кенет.) Ә? Бас штабтан? Ия, Уком... Қамар дейтін кісімін. Большевикпін. Қала, өз қолымызда. Ақтың аз ғана жырынды әскерін Аманкелді отряды аш бөріше қырды. Ту жығылған жоқ, жыққызбаймыз да! Дұрыс... Орындаймыз. Қош. (Телефонды қойып.) Пожалуйста. Телефон керек болса... Мен міндетімді атқардым.
Аманкелді (тасып). Атқарған жоқсың, жаңа ғана бастадың. Міндеттің үлкені алдымызда. (Сәл тұрып.) Түсіндім, қарағым... Өкіл ата болайын, дұрыс па!.. (Қамар төмен қарап күлімсірейді.) Кел, маңдайыңнан сүйейін. (Қамарды маңдайынан сүйіп, шашынан сипап.) Мәмбетке тез қайт дермін... Тез қайтарармын. Уа, шіркін ит жастық!
Шымылдық
БЕСІНШІ СУРЕТ
Үлкен зал, есік: бірі төргі бөлмеге, екіншісі тысқа шығады. Төргі бөлменің есігі тым кең. Залда ұзын үстел. Қабырғада диван. Үстел үстінде түрлі тамақ, арақ, ыдыстар. Шымылдық ашылғанда төргі бөлмеде пианино тартылып, Антонов пен Айбала билеп жүр. Би біткеннен кейін зал кішкене бос тұрады.
Аздан кейін Айбала мен Антонов қолтықтасып төргі бөлмеден кетеді.
Айбала. Түсіне алмаймын... Тым тез сияқтанады.
Антонов. Несіне түсіне алмайсыз? Айлап-жылдап өмір өткізетін жұмыс па?
Антоинов оған төне түседі. Үстелді оралып кетеді. Tөpгі бөлмеден Міржақып пен Шоңмұрын келіп диванда отырады.
Міржақып (сөйлеп келеді). «Бостандық» деген сөзді сен тым тар мағынада аласың. Ия. Сенің заң статьяларыңа қазіргі жұмыс сәйкес келе бермейді.
Шоңмұрын. Әйткенмен біздің осы келісіміміз – большевик программына сыймастық-ақ еді.
Міржақып (күліп). Сыйғызған өзіміз емес пе!
Шоңмұрын. Бірақ мен ойлаймын сіз мынаны байқаған боларсыз деп: біздің келісімімізді бекіткен телеграм келісімен, келісім шарттарының он бес тармағына муапық–Әліби мен Ақаң осы Торғай қаласынан бірге аттануға тиісті болса да, шарттың сол он бес тармағына қилап ретінде Ақаңның аттануына қарамай, Әліби жүріп кетіп отыр.
Міржақып. Кетсе, барып отырсын! Мәскеу бізді маңдайдан сипайды дегенге мен өзім сенбеймін. Менің тілегім әскеріммен осы Торғай қаласына бас сұғу еді, сол тілегіме жеттім. (Өзара сөйлесіп отырады.)
Төргі бөлмеден Мырзағазы мен Кенжеқара сөйлесіп шығады.
Мырзағазы. Сенің маған қоятын обвинениең – «менмендігін күшті» дейсің. Скажите пожалуйста, Шоңмұрын құсап Жақаңның аузына телмір де отыр дейсің бе?
Кенжеғара. Қазіргі момент біздің бірауыздығымызды тілейді. Мына келісімді жасаумен, біз большевизм өртінен құтыла алмаймыз.
Мырзағазы. Шепуха... Большевизм дегенің случайное явление. Арандаған мұжығың, тынық шапқан ат құсап, күні ертең сабасына түседі.
Кенжеқара.Саяси мәселеге сенің тым жеңіл қарайтындығың міне осыдан көрінеді.
Тыстан Тайбай кіреді.
Тайбай. Ақандар келе жатыр.
Тыстан Ахмет, хазірет, Асамбай кіреді. Үйдегілер салем беріп, орындарынан тұрады.
Әбіш (тақпақтап):
Көш бастаған көсемім,
Топ бастаған шешенім.
Қамал бұзып, жау алған,
Қайтпаған еш меселін.
Арыстаным, келіңіз!..
Жұрт қол ұрады.
Міржақып. Күткен қонақтарымыз келіп болды. Ақаңның, Мәскеуге аттануына арнап істелген құрметті «тоқымқағар» басталды деп білемін. Бәріңіз де дәмге жақындаңыздар!
Жұрт жағалай отырады. Ахмет үстелдің басына отырады. Бас салған табақты Тайбай Ахметтің алдына қояды. Әбіш арақ құйып , жатады. Өзара сөздер.
Ахмет (стаканын көтеріп). Құрметті ақсақалдар! Зиялы жастар! Қалдың ауырлығы әр түрлі әдіс қолдануға итермелеп отыр. Болашақты ойлап большевиктермен мына келісімді істедік. Біздің одақтасымыз Сібірде – Колчак, бұл жақта Дутов, Орал, Орынбор атты қазақтары... Құтты қадам, ұлы тілек үшін мына дәмді ішіп жіберулеріңізді сұраймын!
Жұрт ішіп, қол ұрысады. Тайбай Міржақыпқа телеграмма әкеп береді.
Міржақып (телеграмды жайраңдап оқиды):
«Алаштың ардақты көсемдері – Ахмет пен Міржақып бастаған жұмыста қателесу бар деп ойламаймыз. «Алаш» ұлтын ел қыламыз деген ұлы ниетімізге пайдасы тиетін істің бәрін де қолдануларыңыз керек. Істеріңді құттықтап, әсіресе келісімде өткізген шарттарыңызды құттықтап, Әлихан. (Қадуру.)
Міржақып. Әлекеннің саулығы үшін ішіп жіберулеріңізді сұраймын!
Әбіш. Ішеміз Әлекең үшін!
Бәрі ішіп, даурығысады. Қызулық. Өзара сөздер.
Асамбай (көтеріліп). Былтыр Міржақыптың телеграмын алып Орынбордағы қазақ-қырғыз сөзіне бардым ғой. Әлихан деген кісіні сонда көріп ем: иманжүзді, әдепті, үлкенді сыйлайтын, «елім» дегенде жүрегі қарс айрылатын кісі еді. Насыбай ататын секілді еді.
Мырзағазы. Асеке! Аманкелдінің қолына түскенде не істедім дедің, соны айтшы. (Жұрт қарай қалады.)
Асамбай. Аманкелдің бар болсын, жанымды шығара жаздады ғой. Ойын өзіне басқа, Ақа, қазақ баласынан мен сол жерде түңілдім: бұрын ұтқылап салғанымда талай топтың тас-талқанын шығарып ыдыратушы ем, сол Аманкелдінің жігіттеріне тісім батпай-ақ қойғаны. Оны айтасыз-ау, Аманкелдіге әуеленіп, «Аманкелдінің жігітін нақақтан атқызады» деп елдің өзіме тап бере жаздағаны-ақ өтті-ау. Қашып пышып жаным қалды ғой...
Ахмет (ренжіп). Қашқандарыңызды айтып дәріптемесең де болар еді. «Ер шекіспей, бекіспейді» деп, ер емессің бе, неге тіресе түспедің?
Асамбай (көпке). Бәрекелді, батыр болса, Орынбордан өзі неге қашып шықты екен?
Шоңмұрын. «Алаш» үкіметі заң мен шариғат жолынан қатар жүргізетін болғандықтан, заң атынан да, дін атынан да, құрметті имамымыз – Әбдірахман әзіреттің осы сияқты құрметті мәжілісте речь держать етуін сұрар едім.
Қазірет (стаканын көтеріп). Ислам ұлдары! Дін ислам курият, радалат, мусауат негізіне құрылған бір бина өліп, қияметке қадар бақұйдүр. Шүнки дін ислам құриғат арқасында тарақи етті... Біз, Орал, Торғай ғұламалары кәзіргі құриғат ғадалат, мусауат заманында, дін басшыларына ылайық уазипалары ықтидарымыз дәрежесінде белгіледік: яғни– не как, талақ, мирас, ғалия низағылары, уабасқалары мақкамай шариға назаратынында болсын деділар... Дін ғұламалары «Алаш» үшін» уа адмирал Қалшақ үшін жанын пида ета дур. (Қол уру.) Ислам дінінің тазалығы үшін ішіп жіберулеріңізді өтінем!
Ішу. Қол шапалақтау. Қызу күлкі. Жұрт үстел басынан, шегінісіп, дивандарға отырысады. Бір сыпыралары қолтықтасып жүре бастайды. Музыка тартылып, төргі бөлмеде би басталады. Билеушілер офицер, әйелдер. Жұрт бөлмеге шығады. Сахна аз-кем бос. Тайбай келіп рөмкелерде қалған арақтың бірінен соң бірін ішеді. Әсия келіп Тайбайды жауырынынан тартады.
Тайбай. Әу, бірдеме дейсің бе, Әсия?
Әсия. Жұрттың сарқынын жиып ішкендей, өліп барамысың? Ындынын құрып бара жатса, ана шыныдан неге құйып.. ішпейсің?
Тайбай. Әу... Шыныдан ба? (Шыныдан құйып жатып). Сені қарындасым еді деп бәйбішені құдайдай нандырдым.
Әсия. Әбден, осы үйге малайлыққа келген шығармын... Көкемдерді тауып бер!
Тайбай (қолымен Әсияның аузын басып). Не болды, Әсия? Бұл үйде Көкенді аузыңа алма дегенім қайда?
Тағы құйып ішеді.
Әсия (қынжылып). Бәтір-ау, тығыз жұмысым бар жолығатын.
Тайбай (тағы ішіп). Әу... Жолығатын ба?
Әсия (көпке қарап, күрсініп). Мынаны құдай ұрды, бүгін түнде тауып бере алмайды екен. Өзім іздегенмен таба алмаймын-ау. (Тайбай тағы құйып іше берем дегенде Әсия қолындағы рөмкесін төгеді. Бөтелкенің тығынын жабады. Үстел үстін жинауға кіріседі. Тайбай қараумен тұрады.)
Тайбай (бірсыпыра ыдыстарды көтергелі тұрып). Мынадай қатының болса!.. Осының өзі маған тым еркінси келеді: мені басына ма екен әлде. (Күлімсіреп Әсияға қарап қояды.) Үндемейін... Бүлдіріп алармын. Құр қарасын көріп жүргеннің өзі қандай. Жүрек күйіп барады, жүрек...
Үстелді жиып, Әсия екеуі кетеді. Зал бос, төргі бөлмеден Мырзағазы мен Кенжеқара шығады.
Мырзағазы. Әй, «Алаш» көтерсе болғаны деп жүріп, аузыңды ашумен қаласың сен.
Кенжақара. Неге?
Мырзағазы. «Алаш» тағдырын өздері ғана шешіп, бізді табақшы қып қоюдан тайынатын емес. (Әбіш бұлардың сыртын оралады. Мырзағазы жалт бұрылып.) Әй, Әбіш, жағынды ұсатып жіберермін! Менің ізімді аңдушы болма!
Әбіш (апалақтап). Ғажап!.. Бұл байланысуында нендей «гәп» бар?
Мырзағазы. Қой деймін сөзді. (Әбіш аз тұрып, кетеді. Мырзағазы Кенжеқараға бұрылып.) Иттің баласы, Калшақтың тыңшысы жалғыз өзі ғана секілденіп... (Екеуі үнсіз жүреді.)
Төргі бөлмеде музыка. Би. Мырзағазылар да соңда барып кіреді. Зал бос. Сыртқы есіктен тез басып Әбіш кіріп, төргі бөлмеден залға Міржақыпты ертіп шығады.
Әбіш. Кәрім келіп тұр, Жақа. Тығыз жұмысым бар дейді.
Міржақып. Мына есікті бекіт, ешкім көрмесін.
Әбіш төргі бөлменің есігін жабады. Тыстан Кәрім кіреді. Сыртына желең жамылған.
Міржақып (амандасып). Сөйле, мырза, қашан келдің? Тағы немен қуантасың?
Кәрім. Келісім бекітілмеді. Андреевтің атынан телеграм соққан мен. Қазір әскерімен Аманкелді келіп кіреді қалаға.
Басқа сөздері естілмейді. Төргі бөлмеде музыка. Аздан кейін Кәрім кетпеген болады.
Міржақып. Әбіш, шығарып сал Кәрімді, ешкім көрмесін.
Кәрім мен Әбіш кетеді. Міржақып аз тұрып, төргі бөлмеге шығады. Зал бос. Аздан кейін Айбала мен Антонов қолтықтасып келеді.
Антонов (қызу). Сізбен болған бір минут, бір секунттің өзі маған қаншалықты бағалы екенін білсеңіз еді.
Айбала. Сұраймын: сабыр етіңіз. Мен уәдемді жұтпаймын. Білемісіз, менің ерім... (Артына қарай түсіп Антоновка сыбырлап айтады.) Енді ұқтың ба? (Күлімдейді.)
Антонов. Соншалықты ұқтым.
Төргі бөлмеден Міржақып, Шоңмұрын, Мырзағазы, Кенжеқара, Әбіш келеді.
Міржақып. Отыра қалыңдар, мырзалар. Айбала, сен бара тұр. Есікті жап, ешкім кірмесін. (Айбала төргі бөлменің есігін жауып кетеді, жұрт отырады. Міржақып аз тұрып.) Тойды асығыстау істеп жатыр екеміз: келісім бекітілмепті!
Жұрт. Қалайша?
Міржақып. Оны кейін естірсіңдер, алдымен мынаны шешейік: Қазір әскерімен Аманкелді келіп кіреді Торғайға! Біздің тойлатып жатқанымызды естісе, күлімізді көкке ұшырады. (Отырғандар үрей.) Не істеуіміз керек? (Жұрт тым-тырыс.) Соғысты жеңе алармыз ба Аманкелдінің?
Кенжеқара. Айта көрме, ел талаудан басқа біздің жігіттер нені біледі деп отырсың.
Міржақып. Сонда... Қол қусырып, аяғына жығылу керек дейсіндер ме?
Шоңмұрын. Жақа, сұрар едім: мені көрсете көрмеңіз Аманкелдіге. Мені көрсе сөзсіз атады ол.
Міржақып. Ала-бөле не істеп едің оған?
Шоңмұрын. Мен?.. Мен... Түнеу күні бір ауылда отырғанымызда, қызып кетіп...
Міржақып. Мас болмай жүретін күнің болар ма?
Шоңмұрын. Мастықтан емес, ол күні бір-ақ бөтелке коньяк ішкем. Сөзден қызып деймін... Мен сонда абайламай: «Аманкелдіні ату керек!» – деппін.
Міржақып. Десең ше? Қолыңа түссе атпай, атаңның басын бітірмекпісің?
Шоңмұрын. Ол екінші мәселе. Ойда – орыс, қырда – қазақ Аманкелдінің хабаршысы деп білем. Сондықтан менің жоғарғы айтылған сөзім оның құлағына тиген болу керек деп ұғынам.
Отырғандар күліседі.
Міржақып. Мырзалар! Меніңше, жалғыз-ақ жол бар: біздің қазіргі сағатта Торғай қаласында отырғанымызды Аманкелді сезбесін.
Мырзағазы.Оны қалай сездірмейсің?
Міржақып. Тырс етпеңдер, ол жағын өзім орындаймын. Сосын... Бүгін түнде осы қалада көтеріліс істеп, қаланы алуымыз керек.
Мырзағазы. Бәрекелді. Аманкелдінің әскері алдыра қояр саған. Бір-біреуі мыңға баланып отырған жігіт...
Міржақып. Мен сол әскерді бір сағаттың ішінде амалмен қырып берейін. Аманкелдіні ұстауға сен барасың ба?
Кенжеқара.Осы сөзіңізді талдаңқырап ұғындырасыз ба?
Міржақып. Несін талдайсың: әр үйде бірден екіден бытырап жатқан жігіттер емес пе?
Кенжеқара. Енді түсіндім. Жақаң осы айтқанын орындап шықса, Мырзағазы, Аманкелдіге сенің баруың керек.
Аз тыныс.
Міржақып. Ал, мырзалар... Сөзді осыған байладық па?
Кенжеқара. Әрине... Ең дұрысы осы. Аманкелді түнде сезбегенмен, күндіз жердің тесігіне тығыламыз ба?
Әбіш. Жақа! Мен не істейтін болам?
Міржақып. Сен бе? Сен менімен бірге боласын.
Шымылдық
АЛТЫНШЫ СУPET
Сахнаның жартысы бөлме. Терезе. Қалған жартысы кеше. Алыста үйлер, дүкендер, телеграф бағандары. Кеше жағы көмескі түн. Бөлме ішінде кереует, орындықтар. Шымылдық ашылған соң бірсыпыра бос. Далада дабыр. Аманкелді, Кәрім, Сейіт келіп кіреді. Жол киімінде. Алыста «Көкең» әні естіліп тұрады.
Аманкелді (сөйлеп келеді). Ойпырмай, Кәрімжан-ай, көңілім жаңа орнына түсті ғой. (Шешініп жатып .) Әйтеуір, тыныштық қой, ә?
Кәрім. Тыныштық, Көке.
Аманкелді (отырып). «Алаштың» қайда екендігінен дерек сезіле ме?
Кәрім. Мен де жаңада тана келіп түстім.
Аманкелді. Ay, тоқташы... Алдыңғы күні ғой, бюроның жиылысы бітісімен, саған Торғайға жөнел дедім. Сол күні кешке қалада болыпсың, оның қалай? Қалада көтеріліс болғанда сен қайда жүрсің?
Кәрім (түсінбеген боп). Қайдағы көтеріліс?
Аманкелді (ренжіп). Кәрімжан, менің сырымды білесің: арамдықпен қаным қас! Мені бірақ алдарсың, екіншіде желкең қиылады... Сол күні кешке сол қалада болғаның – мені мықты шошындырды. Ал, болып-ақ қой. Кеңсеге де барыпсың. Соның артынша көтеріліс болды, сен қайда жүрдің сонда?..
Кәрім қысылған түрде үндемей тұрады. Сейіт тысқа шығып кетеді.
Кәрім. Көке, шыныма наныңыз, мен ол қалада болған көтерілістен хабарсызбын. Мен кеңседен шыққан бетімде жүріп кеттім.
Аманкелді. Ал,жүріп-ақ кет. Сонша кешігіп,түн ішінде кеңсеге бару себебің не еді?
Кәрім (аз тұрып). Жастықтың салдары ғой, Көке.
Аманкелді. Қандай жастық?
Кәрім (ұялған боп). Кеңсемен көрші тұратын Қамар дейтін қыз бар емес пе?
Аманкелді. Білем.
Кәрім. Сол қызбен сөйлестім де... Отырып қалдым.
Аманкелді. Ым... Солай ма? Ол қалай болғаны, ә?.. (Аз, ойланып отырып.) Штабқа бар. Орныңда қалған жігіт кім еді, сұра содан. «Алаш» адамдарының қайда екенін біле ме екен. Білсе дереу хабар бер, түн ішінде аттанамын! (Кәрім кетеді. Аманкелді бірсыпыра ойланып тұрып.) Бұл қалай болғаны, ә? Мені алдағаны ма ол қыздың. Мен оған: «өкіл ата болам» дедім, «Мәмбетті тезірек қайтарамын» дедім. Мәмбет демекші, соны бекер кейін қалдырдым-ау, таң атқанша келіп жетер ме екен? (Ойланып.) Уа, шіркін ит жастық! (Күлімдеп.) Әйелдің сырын бетіне бір қарағанда-ақ сезсем керек еді, шынымен қартая бастағаным ба?Уа дәурен!.. Шіркін ит жастық!..
Тыстан Сейіт кіреді.
Сейіт. Көке, тынығып алсаңызшы жатып, жол соққан болар.
Аманкелді. Ат үстінде жүргенге адам шаршай ма екен. Айтшы бірдеме, ермек болсын.
Сейіт. Әзірет өлінің соғысын айтайын ба?
Аманкелді. Уай, сол құрғырды қайтесің, бір шыны жоқ ішінде. Батыр болса, қазір келіп соғысып көрсін!
Сейіт. Көке, сіздің алдыңызда кешілмейтін бір күнәм бар.
Аманкелді. Нендей?
Сейіт (аз отырып). Сіз дегенде шығарға жаным жоқ екенін өзіңіз де білесіз. Сіздің айтқаныңызды екі етпеспін деген сертім де болушы еді. Бірақ өмірімде бір рет мен бұйрығыңызды орындамадым.
Аманкелді. Айтшы ынтықтырмай!
Сейіт. Мұқан атылған жоқ.
Аманкелді. Мұқан атылған жоқ? Қалайша?
Сейіт. Атқалы алып шықсам да, қолым бармады. Көз жанарым жаспен толды. Көке! Мұқан шын ер жігіт екен. «Көкеңнің сөзі екі болмасын, ат!» – деп қасқиып тұрып алды. Мен жалынып, зорға қашырдым. Бірақ өзімнен басқа жанға сездірмедім.
Аз тыныс, Аманкелді ойланумен отырады.
Аманкелді. Кештім күнәнді... Азамат еді, сау қалғаны жақсы болған. (Аз отырып күліп.) Басқа күнәң жоқ па? Айт, бәрін де кешірейін. (Сейіт те күледі, Аманкелді күрсініп.) Уа, шіркін ит жастық!..
Сейіт. Көке, сол жолы Мұқанға жала жапқан осы Кәрім болды ма деймін де тұрам. Сенбеймін осы Кәрімге.
Аманкелді(аз тұрып). Өзім де сезіктене бастадым. Анығын ашармыз. Көрерміз...
Аманкелді шынтақтап жатып, ойға батады. Сейіт ыңылдап ән салады.
Аманкелді (селт етіп басын көтеріп). Тоқта, тоқта... Әлгі Андрейдің үйреткен әнін салшы. (Сейіт ойланып «Интернационалға» салмақшы болады.) Тоқта, ана бір жерін тым келте қайырдың. (Ойланып, аз салып көреді.)
Оян, қарғыс таңба басылған
Жалаңаш, аш құл қайрат қыл!
Қайнап баста миың ашынған,
Майданға қанды айдап тұр!.
Екеуі бірі бастап, бірі қосылып, «Интернационал» айтумен болады. Кенет терезе сынып, үйге бомбы түседі, жарылмайды. Оқ жауып кетеді. Көше жақ қараңдап, ерсілі-қарсылы жүгірген адам болады. Аманкелді мен Сейіт ойпаң-тойпаң боп, мылтыққа жабысады. Аманкелді біресе мылтықпен атып, біресе бомба лақтырады. Сейіт асығыс мылтық жасаумен болады. Көшедегі солдаттар Аманкелдінің оғына шыдамай, серпіледі, өлгендерін әкетіп жатады. Аздан кейін саябыр. Аманкелді ентігіп, тың тыңдап тұрады.
Сейіт. Көке! Кезекті маған бересің бе?
Аманкелді. Өлім кезегін сұрамас болар. Мылтықты жасауды біл. Жауды өз қолымнан топырлатпасам, өмірге көңілім көншімейді. (Көше тым-тырыс. Аманкелді тыңдаумен тұрады.) Топалаң тигендей ғып қырып-ақ салдым ба бәрін?
Сейіт. Әскер қайда жүр, Көке-ау? Кәрім қайда?
Аманкелді. Тоқташы! (Алыстан мылтық атылған дауыстар.) Сонау мылтық біздің жігіттердікі болар ма? Әлде жаудың оғы ма?
Сейіт. Кім болады сонда? Қайдан келген пәле?
Аманкелді. Тоқта... Екеуі де тыңдайды. Алыста «Көкең» әні. (Аманкелді тыныштанғандай.) Солар. Өз жігіттерім. Не пәле болды, жаным-ау? Неғып оңай біте қалған жау? (Босағада жатқан бомбыны аяғымен қозғап.) Шіркін, күшті зат-ау, жарылмай қалып жан сақтадық.. Он алтыншы жылы қолыма түспей қылып ең.
Далада дабыр дауыс. Аяқ дыбысы. Асығыс Кәрім кіреді.
Кәрім. Ойпырмау, саумысың, Көке?
Аманкелді. Мезгілімен келдің.
Кәрім. Келгенімше осы болды, әйтпесе айрылатын болдық.
Аманкелді. Ұстадыңдар ма?
Кәрім. Біреуін тірі ұстадық.
Аманкелді. Кім екен?
Кәрім. «Алаштың» жігіттері. Бірсыпырасы қаланың осы жағына қарай қашты, қуғыншы жібердім.
Аманкелді. Тоқта! Бұл қалада «Алаш» жоқ дегенің қайда?
Кәрім. Шеттен келіп отыр ғой. Келісімнің бекітілмегенін сізден көріп, өшігіп жүргенін көрмеймісің.
Аманкелді. Сұрадың ба ұсталған жігіттен, қайда екен «Алаш»?
Кәрім. Өзіңізді ала отырып сұрайын деп сізге жүгірдім.
Сейіт(сыбырлап). Көке, осы алдау ма деймін.
Аманкелді. Кәрімнен келген пәлені көріп алдым. Жолға керек нәрсені әзірле, қазір аттанамыз. Мен штабқа барып келейін. (Кәрімге қадала қарап.) Алдыма түс. Кімді ұстадың екен, көрейін. (Кәрімді алдына салып Аманкелді кетеді. Көше жақтағы – қараңдаған солдаттар «Көкең» әнін салады. Аз тыныш. Сейіт аңырып тұрады. Тыста аяқ дыбысы. Асығып Әсия кіреді.)
Сейіт(құшақтай алып). Әсия!
Әсия (алқынып, Сейіттің құшағынан босанып). Көкең қайда?
Сейіт. Штабқа кетті.
Әсия. Қайдағы штаб? Ойбай-ау, біттіңдер ғой!.. Бүліндіңдер ғой(Жылап жібереді.)
Сейіт(шошынып). Әсия! Не болды? Айт тезірек!
Әсия. Қаланы кездім сендерді іздеп, бір үйге кіре берем дегенімде, Міржақып қарсы шықты. Жанында біреу бар. Тығыла қалдым. Міржақып жанындағы жігітке сыбырлап: «Бітті ме осымен?»–деді, анау «Бітті!»–деді. Жүрегім су ете қалды. Жүгіріп үйге кірсем... (Әсия бетін басып, көзі аларып, көпке қарап тұрады. Түсі өтe қорқынышты.)
Сейіт. Ия, ия, сосын?
Әсия (Сейітке сүйеніңкіреп, көпке қараған күйі). Екі жігіт жатыр екен. Бастары бір бөлек. Денелері бір бөлек.
Сейіт(шошып кетіп). Ойпырмау... ойпырмау... Не болғаны? Көкем!.. Көкем!.. (Кенет тыңдай қалады. Алыста «Сейіт!.. Сейіт!» деген дауыс талып естіледі. Сейіт кенет ышқынып. ) Көкем даусы! Көкем даусы!.. Малғұндар.
Асығып, апалақтап қару-сайманын ала жүгірем дегенде, тыстан мылтық, атылып, оқ тиіп Сейіт құлайды. Әсия шошынып, үй қабырғасына сүйеніп қалады. Аз тыныс. Тізерленіп Сейітпен басына келеді. Бетін сипайды. Көзінде жас. Музыкада қайғылы күй. Көше жаққа екі солдат келеді. Дабыр дауысқа Әсия да селт етеді.
Бір солдат.Ойпырмау, зорға ұстадық-ау өзін! Бес жігітті өлтіріп үлгерді ме? Біреуі соның әлгі Міржақыптың «ат ұлтаны» болып жүретін Әбіш дейтін бе?
Екіншісі. Әбіш тірі қалды.
Біріншісі. Тірі қалғаның қалай, басқа тепкілеп жатқан жоқ па еді соны? Аманкелді тепкілесе, сау қалдырушы ма еді?
Екіншісі. Оны қайтесің, мынаның үйіне кіріп көрейік, не бұйымы бар екен.
Әсия сескеніп, бойын жия түседі.
Бірінші. Бұйым құтылмас, қызы не келіншегі бар ма екен десейші.
Екінші. Әйде, кірейік!
Әсия ыршып тұрып, Сейіттің қолындағы мылтықты алады.
Бірінші.Тоқта! Өліп барамысың, антұрған... Үйінде біреу. болып, сойқанымызды шығарып жүрмесін.
Солдаттар терезеден сығалайды. Әсия құшырланып екі рет атады. Жігіттің біреуі құлап, екіншісі қашады. Аз тыныс. Әсия мылтыққа сүйеніп тұрады, Қайдар кіреді. Үрей. Үй ішіне қарап біраз тұрып, көпке бұрылады.
Қайдар. Көкең жігіттерінің бұл ең ақырғысы. Тегіс қырылды. (Сәл тұрып, Әсияға қарап.) Жоқ, біреу қалған екен. (Бұрыштағы сүйеулі винтовкені алып Әсияға қатарласады.) Мен екінші!
Шымылдық
ЖЕТІНШІ СУРЕТ
Банкет болған үй бұрынғыдан көрі кеңсеге ыңғайланған. Шымылдық ашылған кезде – Шоңмұрын жазу үстеліңде, көзінде көзілдірік. Айбала диванда отыр. Әсия қызметкер әйел есебіңде үй ішін тазартып жүр. Бірсыпыраға шейін: «ананы алай қыл», «мынаны былай қыл» деген Айбаланың бұйыру сөзі. Жұмысын бітіріп Әсия төргі бөлмеге кіреді.
Айбалa (Шоңмұрынға қарай түсіп). Соғысқандарың қызық екен, атыс жоқ, шабыс жоқ, астыртын бітіп жатқан бірдеме.
Шоңмұрын.Дұрыс айтасыз, ханым, бұл соғыс өнерінің жаңа тактикесіне бағынған жұмыс. Осы туралы мен де жаңа ойланып, заң статияларын ақтарып жатқаным еді.
Айбала (көпке). Заңмен миы шіріген жігіт қой бұл. Әйелдің нәзік көңілін сөзсіз ұғыну қайда бұған! (Күрсініп). Жалпы, еркек атаулының типі қызық: «әйелдің не ойлағанын бір қарағанда білеміз» деген болады. Қайда білу оларға! Біздің көңіліміз астан-кестен боп сапырылысып жатқан асау теңіз. Қызық-ау... Жалпы әйел солай ма екен, әлде жалғыз мен бе? Бүгін көрген еркегім – ертең ескірген секілденіп. (Күлімсіреп отырады.)
Шоңмұрын (даурығып, алдындағы кітапты шұқып). Құрметті Николай! Рұқсат етіңіз сіздің статияларыңызға түзету кіргізуге. Мәселен, сіз саяси сенімсіз адамдарды Сібірге айдау шарасын қолдандыңыз; мен бұл статияңызды былай деп өзгертер ем: «Алаш» құрылысына саяси қауіпті деп танылған адам жиырма төрт сағат ішінде атылсын» деп. Мүмкін былай да өзгертуге: «он екі сағат ішінде атылсын...»
Төргі бөлмеден Әсия кіреді. Су құйған сауытты Шоңмұрынның үстеліне қояды. Стакан әкеле жатқанда тез басып Міржақып кіреді. Көтеріңкі.
Міржақып. Шоңмұрын мырза, сүйінші! ( Үйдегілер қарай қалады.) Аманкелді қолға түсті.
Әсия селк етіп, қолындағы стаканын түсіріп алады. Қалтыранып, жылауға ыңғайланады. Бас қатар қарай қатады.
Айбала. Қой әрі... Бір стакан үшін сені ешкім атпас. Аманкелдінің қолға түскен садақасы. Істей бер жұмысыңды. (Әсия оны-мұны шұқынып кетпейді.)
Шоңмұрын. Аманкелді қолға түссе, Торғай өлкесі жүз процент «Алашорда» қолында деп жариялауға правомыз бар.
Міржақып (Әсияға қарай түсіп). Заң жағына оформить ете бер. Ұстау да оңай болмады өзін, соғыспен ала алмай, алдаумен түсірдік қолға.
Шоңмұрын. Жақа! «Алдаумен түсірдік» деген терминді қолданбауыңызды сұрар едім. Заң тармақтарына да сәйкес емес. Сондықтан мен Шоңмұрын Шотпаев келешекте «Алаш» үкіметінің термин жұмысына да зор еңбек сіңіретінімді еске алып, ұсынар едім сізге: «Аманкелді Иманов – соғыс тактикесінің жаңа жолына миуапық қолға алынды» – деп констатировать етсек...
Міржақып (Әсиядан көз айырмай). Мейлі, сеніңше-ақ болсын. (Әсия төргі бөлмеге кетеді.)
Айбала (бұртиып). Жақа, жат әйелден көз айырмайтын не сайтаның бар сенің? Басқасы аз болғандай...
Міржақып. Айбала! Орныңды біл, жұрт анасы секілденіп отырсың.
Айбала. Бола алмадық «анасы».
Міржақып. Енді несі боласың? (Айбала үндемейді, Міржақып аз тұрып.) Мен оған сезіктеніп қарадым, қайдан пайда болған өзі!
Айбала. Жұмысың болмасын!
Шоқмұрын (күліп). Бұл қаупіңізді тым орынсыз деп санар ем, Жақа... Сол әйелден келген пәлені мен-ақ көріп алар ем.
Міржақып(теріс қарап). Әбден... Қиратарсың... шатасып... (Әбіш келеді. Басы таңулы.)
Әбіш. Жақа! Мәмбетті ұстау қауіпке айналды: қаланың барлық адамы жиналып, просто мешайт... жиналуында бір гәп бар, көтеріліс жасай ма деп қорқам.
Міржақып. Одан айрылсақ, бүлінгеніміз, барлық күшті, төгіңдер! Мырзағазыларға айт, барсын. Әшейінде тықылдағанда –,құдайдай бар, түсіндірсін ана көпшілікті! (Әбіш кетеді.) Шоңмұрын, сен де бар.
Шоңмұрын. Әбден барам...
Шоңмұрын кетуге ыңғайланып, мышығын қарайды, наганның шүріппесі ескі түрі. Кетеді. Аз тыныс. Міржақып үй ішінде жүреді.
Міржақып. Айбала! Жүсіпке жолық: ендігәрі Антоновпен байланысатын болса, менен жақсылық күтпесін. Осы жұмысқа сені жауапты қылам!
Айбала. Өте бір құрметті жұмыс тапсырдың.
Айбала ашумен шығады.
Міржақып (үй ішінде жүріп). Қаз дауысты Қазыбек! Қанатында өскен ұрпағың бүгін бақыттың шыңына қол сермеді. Жету бізден, жебеу сізден.
Үстелге отырып, ойланады. Тыстан Мұқан кіреді: бұрынғы киімінде, бірақ құралсыз. Міржақып оған бақшиып қараумен болады.
Міржақып Елмісің, жаумысың?
Мұқан. Елмін... Есіңізде бар шығар, мен Аманкелдінің жігіті ем ғой.
Міржақып. Білем.
Мұқан. Білсеңіз, Аманкелді мені атуға бұйырған болатын.
Міржақып. Өй, сол сен бе ең? (Қолын ұсынып.) Сабазым! Құтылған екенсің ғой?
Мұқан. Құтылғам.
Міржақып. Ал, ағаңа етің қызып келуден саумысың?
Мұқан. Саумын. Алсаңыз, жігіт болмақшымын сізге.
Міржақып. Бәрекелді. Өз ойым да осы еді. Саналы Алаш азаматының өз тобыма қосылатындығына сенем. (Аз отырып.) Антонов дейтін офицеріміз бар, сол кісімен сөйлесіп, бір орынға белгілермін. (Күліп.) Аманкелді секілденіп мен сені атуға бұйырмаймын.
Мұқан. Онда кейінірек келейін бе?
Міржақып. Сүйт. (Мұқан кете бергенде.) Әй, тоқташы... Біздің үйге бір қызметкер әйел пайда болды, сен танимысың соны? Бері келші. (Ортадағы әйнекті қабырғадан көрсетеді.) Әне, сонау тұрған әйел.
Мұқан (көпке). Апырмау, Әсия ғой мынау. (Міржақыпқа.) Көрген әйелім емес.
Мұқан кетеді. Міржақып өз үстеліне отырып, ойланады.
Міржақып. Да... «Алаш» тілегін қамсыз еткендей үкімет құру керек. Шоңмұрынға тапсырғанмен, Николай үкіметінің системасын ұсынар да тұрар ол. Одан басқа білетіні бар ма сорлының. Бірақ маған шын преданный жігіт.
Тыстан Шоңмұрын кіреді. Қолыңда манағы мылтығы, шүріппесі ашулы. Міржақыпқа дәлдеп көздеген адам секілді. Міржақып сұрланып, қолын көтере бастайды.
Міржақып. Шоңмұрын! Не жазығым бар?
Шоңмұрын. Виноват, Жақа, мен сізді атпақшы емеспін, мына құрғырдан құтқарсаңыз болғаны.
Міржақып. Қалайша?
Шоңмұрын. Жақа, сұрар едім, тезірек алыңызшы.
Міржақып күліп, мылтықты алып, шүріппесін жабады.
Шоңмұрын. Уһ!.. Жаным жаңа жайланды ғой. (Міржақып ішек-сілесі қатып күледі. Шоңмұрынның өзіде күліп.) Қызығы бар, Жақа, крестьяндардың ортасына барып, речь держать қып тұр ем. Бір мұжық қыр соңымнан қалмайды мазақтап. Әй, бәлем, дедім ішімнен. Содан кейін қайтып келе жатсам әлгі мұжық тағы еріп келеді. Қалар емес артымнан. Ойладым: осы мені өлтіргелі жүр-ау деп. Мылтығымның шүртпесін аштым да, «стой» дедім мен оған. Ол қалт тұра қалды да: «Дурак!» – деді маған. Соны айтып, бұрылып жүре берді. Тап сол жерде қалт есіме түсе қалды, мылтығымның жасаулы екені. Шүріппесін жабайын десем, атылып кету қаупі бар, жаппайын десем тағы...
Міржақып. Осы күйі ұстап келдің бе үйге?
Шоңмұрын. Енді қайтейін... (Тыстан Антонов кіреді.)
Антонов. Құттықтауларыңызға болады: Мәмбетті ұстадым.
Міржақып, Шоңмұрын. Рахмет, офицер Антонов!
Далада дабыр. Екі солдат Мәмбетті әкеледі: аяғы байлаулы, бет-аузы қан. Төргі бөлменің есігінен Айбала, Әсия қарайды. Әсия ұмтыла түсіп, Мәмбетті көріп, кейін шегіне береді. Шегінумен төргі бөлмеге кетеді.
Антонов. Дегендей шықты, господин полковник. Керосинді құйдырып, екі жерден отты жібертіп ем, шыға келді сабаздарым. Қа-қа-қа... «Келе ғой, ақмақ қазақтарым! Арқаларыңды бит қышытса, қышуын қандырайын» деп, құшағымды жайып қарсы алдым. Қа-қа-қа...
Мәмбет. Сенің құшағыңа кірген ешкім жоқ, қан сорғыш жылан!
Антонов. Е, отпен құшағымды жайған жоқпын ба? Арқаңның қышуын қандырдым білем. Көрсетші мына ағаларыңа. (Майбеттің арқасын жұртқа көрсетеді, жосып тұрған қан.) Қа-қа-қа...
Мәмбет. Міржақып! Ойдағы-қырдағы бай-патшалармен қол ұстасып, Октябрь төңкерісін көмемін десең де, көме алмассың! Өлімтікке үймелеген құзғындар, Октябрьге өрелерің жетпес! Арамдықпен қолға түсіріп тұрғаныңды ұмытпа! Бүгін арқамның қанын сорғалатқанға күлсең, ертең табанымның күсін жалауға тоңқандарсың.! Апар апаратын жеріңе! Қаланың қақ жартысын мыналарың өртеп келді, сөндірт! Шулап жүрген сорлы әйелдерді солдатыңның ойыншығынан босаттыр! Көрінген жерде сойылып жатқан кедейдің малын қайтарт!
Міржақып (қолымен құлағын басып). Әкет! Әкет!..
Мәмбет (тіресіп). Баспа құлағыңды! Қолыңмен істеген жұмысыңды құлағыңмен есіткің келмей ме? Қазақтың қорғансыз қызы мен келіншегін басқанда ұялсаң қайда қалдың? Мына Шоңмұрын екеуің...
Міржақып.
Шоңмұрын. Әкет!.. Әкет!.. (Солдаттар әкетеді. Аз тыныс.)
Айбала. Жақа! Әлгіні істеулерің шын ба? Елге шығып келгенінде «дым көргем жоқ» деп момақансып келмейтін бе ең?
Міржақып (қызараңдап). Пәлеқор неме бұл... Патша кезінде де талай peт оқытушылықтан алынып, сотқа тартылатынын білемісің.
Антонов. Осында жеткенше аузы дамыл көрмеді өзінің.
Міржақып. Көшедегі жұртқа баяндама істетіп әкелдім десейші.
Антонов. Жоқ, господин полковник, қамшыны жаңбырдай жаудырып келе жатқанымда да, бір тартпады тілін.
Міржақып. Соның атын баяндама дер болар: өзімізге қарсы үгіт, жұртты өзімізден бездіру, большевикке топ жиып беру болады.
Антонов. Олай емес, господин полковник, большевикті аямайтындығымызды көпшілікке таныту болады.
Міржақып. Қаталасасың: көшедегі ақымақтық–көпшілікті өзіңнен бездіру болады.
Антонов. Одан да қазаққа тиген қамшыға өзімнің арқам ауырады десейші.
Міржақып. Тарт тілінді! Маған олай деуге қайдан өрен жетті?
Антонов. Менің Колчак офицері екенім есіңізде болсын!
Міржақып. Мен де Колчактың офицерімін.
Антонов. Офицерсіз бе, жоқ па, оны өзіңіз де білетін шығарсыз?
Шоңмұрын. Құрметті полковник, Міржақып мырза, һәм жаңа құрметті ақсақалымыз Қалшақ отағасының құрметті офицері Антонов мырза! Араларыңыздағы кедір-бұдыр сөздерді ұмытып, қазіргі уақытқа бәріміздің бірдей жауапты екенімізді ескеріп, бірлікпен іс істеулеріңізді сұрар ем.
Міржақып. Кіші үлкенге бағыну керектігін офицер Антонов ылғи ұмыта береді.
Антонов. Бағынудың шегі бар, господин полковник.
Айбала келіп, Антоновқа жағынған түрмен сыбырлап тұрады.
Шоңмұрын. Офицер Антонов! Полковниктің алдында ғапу етуіңізді сұрар ем. Сіз жас адамсыз. Дұрыс-бұрыс деп тексерудің керегі шамалы деп білем. Бірге жүріп істескендігіміз үшін, һәм және бас үкімет Қалшақ пен «Алаштың» бірлігін күшейту үшін мен сізден қатты өтінем! Өтінем, офицер Антонов мырза.
Антонов. Жақсы... Господин полковник! Арамызда болған аз ғана көңілсіздікті ұмытайық. Адам қызғанда не демейді. Беріңіз қолыңызды!
Міржақып (қолын беріп). Мен ұмытшақ болдым.
Айбалаға еріп Антонов кетеді.
Шоңмұрын. Шатақ тумаса игі еді деп шошынғаным.
Міржақып (aз отырып басын шайқап). Үлкен бір қате істеппіз. (Шоңмұрын бақшия қарайды.) Егер күн бұрын әзірленген болсақ... Оралда да, Семейде де, Омбыда да, Қостанайда да осындай келісімді жасап жіберіп, қала-қаланың бәріне әскерімізбен кіріп алып, барлық қалаларда да бір күнде төңкеріс жасап жіберген болсақ... (Таңдайын қағып.) Онда жаңағылардың әкіреңдеуінен де құтыламыз ғой.
Шоңмұрын (бұ да таңдайын қағып). Неғып қана еске түспеді екен! Жақа! «Алаш» тарихын жаза қалсаңыз, осы еңбекті айрықша отметить етерміз деймін.
Мырзағазы мен Кенжеқара келеді.
Міржақып. Е, келіңдер, мырзалар. Үкіметті қолға алдық. Енді, мұның басқару жағы қалай болады, ойландыңдар ма?
Мырзағазы. Үкімет құрылысын жобалауды, мен соғыс кеңесі атынан мына Кенжеқараға тапсырдым.
Міржақып (шошынып). Е,сені кім сайлады «соғыс кеңесі» ғып?
Мырзағазы. Е, сені кім сайлады «полковник» қып?
Міржақып (қалтыранып, көгеріп). Сенің бұның бассыздық! Заңсыздық!
Мырзағазы. Сенің айтып тұрғаның қайдағы заң! «Алашорданың» өзі заңсыз үкімет емес пе! «Заңсыз» үкіметтен «заңды» жұмыс күтуге ешкімнің қақы жоқ!
Міржақып үндей алмай отырады.
Шоңмұрын. Жақа! Халымыздың осы сияқты ауырлығын еске алып, мен Шоңмұрын Шотпаев, «Алашорда» трибуналының бастығы болуыммен бірге, Мырзағазы мырзаның «соғыс кеңесінін бастығы» болуын заңды деп тануыңызды сұрар ем.
Отырғандар аңырып, Шоңмұрынға қарасады.
Міржақып. Әй... Не былжырап отырсың? «Трибунал»-ғып сені сайлаған кім!
Шоңмұрын. Үкімет құрылған жерде «трибунал» құрылуы заңды жұмыс деп тануыңызды сұрар ем. Трибунал құрылған жерде – Шоңмұрын Шотпайұлының бастық болуы да табиғи жұмыс деп тануыңызды сұрар ем.
Мырзағазы. Правильно! Қанша айтқанмен заң адамы ғой, түйінді жерді шешіп берді.
Кенжеқара.Таласпай бөліп ала көріңдер, мырзалар, мен сендерден мүше дәметпеймін. (Әбіш келеді.)
Әбіш. Жақа! Қостанайдан шыққан Таран отряды келіп жетті деген сыбыс бар. (Отырғандар селт етеді.) Қарсы шықпасақ, қалаға келіп кіреді.
Шоңмұрын.Әбіш мырза! Торғай қаласының «Алашорда» үкіметі қолында екенін ұмытпауыңызды сұрар ем. Сондықтан, «қалаға кіреді» деген сөзіңізді артық деп санар ем.
Әбіш. Кіруінде сөз жоқ: соғыссақ, соғысып кіреді; қашсақ, қуып кіреді. Жүз елу әскері бар дейді: бес қаруы түгел, тастай тәртіпті...
Жұрт аң-таң.
Кенжеқара. Мәссаған керек болса! Біз төрелікті бөліп те болғамыз жоқ. Жақа, сіздің пікіріңізді сұрар ем бұл туралы!
Міржақып (мысқыл түрмен). Соғыс кеңесінің бастығы ғой, Мырзағазы айтсын шарасын.
Мырзағазы. Соғыс кеңесі жұмыстың жалпы принципін ғана шешеді. Орындаушы әскер болады. Сен – әскер бастығысың, мен саған бұйырамын: Таран отрядын тас-талқан ғып, өзін қолға алуды! Қалай соғысасың, қандай шаралар қолданасың – ол сенің ішкі жұмысың.
Мырзағазы төргі бөлмеге кетеді.
Міржақып(аз отырып). Қазақ баласында өзімнен шақар жан болмас деп ем, мына Мырзағазының нахалдығы менен асып түсті, барып тұрған нахал екен! (Кенжеқараға.) Бірге жүріп, бірге тұрасың көбіне, қой деп айтпайсың ба сірә әлгіге?
Кенжеқара. «Тай тулап үйірінен шықпас» деп, Мырзағазы бүлдіре қоймас... Мына Таранды қайтеміз, соны кеңесейік те.
Шоңмұрын. Сүйтіңіз, Жақа. «Алаш» заңының основасы туралы бірнеше проект ойлап үлгіріп ем. Сұрар едім: менің настроениемді бұзғандай жұмыс болмаса екен деп.
Міржақып (кекеп). Бесікке бөлеп қоярмыз сені. (Аз отырып, Кенжекараға.) Кенжеқара мырза! Күндердің күнінде ауыр салмақты бірге арқаласатын жігіт қой деп ойлаушы ем сені. Тұңғиық терең сырды ішке бүккен адамдай тұнжырауыңды неге жорырға білмей қынжылам.
Кенжеқара. «Алаш»жолындағы шын адалдыққа жорыңыз: омырылып керегең қырыққа туралғанда жұртта қалған сағанағыңды жия жүретін кісіңмін. Тағы айтам: мына Таранды қайтеміз?
Міржақып. Таранның жарасы жеңіл. (Күлімдеп.) Кәрім тірі болсын. (Әбішке.) Кәрімді шақыр. ( Әбіш кетеді. Міржақып аз отырып.) Алаш азаматтары таразыға тартылып, кімнің кім екені айқындалғандай болды. Шіркін, шын асыл жігіттеріміз бар екен!
Шоңмұрын. Жақа, сұрар едім: «Алаш» тарихын жаза қалсаңыз, Кәрімнің заслугасын особый отметить етуіңізді.
Міржақып. Дабыра қылмай тура тұруыңызды мен де сұрар едім. Екеуің де бара тұрсаңдар деймін, қанша айтқанмен ол «большевиктеу» ғой. (Күлімдеп.) Кісі көзінше қысылыңқырап қалады.
Шоңмұрын. Правильно, Жақа... Жүр, Кенжеқара. (Кенжеқараны ертіп есікке бара беріп.) Жақаңның жасырын сөйлесуін мен дұрыс деп білем, үйткені, өзіміз охранкеде жасырын қызмет еткенде...
Кенжеқара. Әй, құдай атсын, өшір үніңді!
Екеуі төргі үйге кетеді.
Міржақып (аз отырып). Ия... Кенжеқара адал сөзін айтты. (Күлімсіреп.) Кенжеқараны бөліп алып, Мырзағазының әуселесін сосын көрейін! (Кәрім кіреді. Міржақып амандасып, отырғызады.) Кәрім мырза, тағы қысылдық.
Кәрім. Есіттім.
Міржақып. Не істеу керек деп отырсың?
Кәрім (күлімсіреп). Аманкелдінің помощнигімін ғой, Таранды менің қарсы алуым керек болар.
Міржақып. Жөн.
Кәрім. Ақ туларыңды желбіретпей, қызарта тұрсаңдар...
Міржақып. О да жөн.
Кәрім. Әскерін кейін қалдырып, Таранның өзін ғана алып кірермін қалаға.
Міржақып (күлімдеп). Керегінің өзі де сол... Сосынғысына өзім де қожамын...
Кәрім орнынан тұрғанда Міржақып та тұрады.
Кәрім. Торғайды алдық деп тыныш жатасыздар ма, әлде...
Міржақып. Тыныш жатқызса, жатарсың... Әдіби cay тұрғанда менің тамағымнан ас өтер ме.
Кәрім (аз тұрып). Казачидің әскерімен қанаттасын бағыңдар. Таранды бірыңғайласам, бүгін түнде жүріп кетермін. (Күлімдеп.) Тобыма қосылуым керек қой. Тіл астында тіл бар, біреу құлманымды ашып үлгірмесе.
Міржақып. Ол жағынан қауіптенбе. Әсекеңді елге шаптырдым: «Аманкелді ұсталды, Кәрім қашып құтылды, көрінген жерде ұсталсын» деген хабарды тарат деп. Осы хабар өзіңнен бұрын большевиктің штабына барып жетсе, сенің жолың ашық. (Дауыстап.) Әй, тыста тұрған қайсының? Кел бері... (Кәрімге.) Алдағы жұмыстарымыз қандай болады, оны жүреріңде сөйлесермін.
Тыстан Мұқан кіреді, құралды, Кәрім екеуі біріне-бірі қадалады, Кәрім шегіне түседі.
Кәрім (шошынған түрмен көпке). Бұл неге тірі?
Міржақып. Мұқанды танитын боларсың-ау?
Кәрім. Танитын ем.
Мұқан. Көрден тұрып келді ме деп шошынып тұр ғой деймін. .
Міржақып. Шошыма. Мұқан тірі. Өзің сияқты намысшыл азаматтың бірі. Саған әдейі түйістіріп тұрмын: мына сапарға ертіп барсын деп.
Кәрім (Мұқанды кекеп). Қызарып та, ағарып та үлгірген екенсің.
Мұқан. Құбылу жалғыз өз қолыңнан ғана келеді деп ойлап па ең?
Міржақып. Мұқан! Ескі кекті пілтелеме. Өткенге салауат, Кәріммен достас. Кәрім, ерте кет Мұқанды.
Кәрім (тұрып). Жігітім жеткілікті. (Міржақыпты оңашалап.) Қасқырдың бөлтірігін асырап не қайыр табам деп жүрсің?
Міржақып (күліп). Қасқыр бөлтірігін «қанжығада кездесейік» деп маңдайға теппей ме, бұ да соның кебі...
Төргі бөлмеден Әсия кіреді. Кәрімді байқамайды. Кәрім оны бұрын көріп, теріс бұрылып, Міржақыпты ертіп тез жөнеледі. Мұқан мұны сезіп тұрады. Аз тыныс. Мұқан Әсияға бұрылғанда, Әсия шошынып, босағаға сүйеніп қалады.
Әсия (көпке). Мұқан... Мұқан...
Мұқан. Таныма мені! Мен «танымаймын» дедім сені.
Әсия. Мұқан... Есіттің бе мына сойқанды?
Мұқан.Тыс-с... Не деп тұрмын мен саған? (Жан-жағына қаранып.) Берірек кел. (Әсия жақындайды.) Сенің қолыңнан келетін жұмыс емес бұл, басынды қорға; жаңа Кәрім көріп қалды сені.
Әсия. Біздің Кәрім бе?
Мұқан (басын шайқап). Қаталаспа, Кәрім сіздікі емес. (Күрсініп.) Осы ауылдың Кәрімі көрінеді ол.
Әсия. Бетім-ай! (Аңырып.) Қайда бармақпын: Көкемдер түрмеде жатыр. Сейіт өлді.
Мұқан(селт етіп). Сейіт өлді?.. (Әсия кемсеңдеп жылайды. Мұқан налыған түрмен.) Сейіт өлді... (Кенет Әсияға жақындап.) Елеусіз боп осы үйден шықта, қаланың күнбатыс жағына қарап жүре бер. Оң жақ қолдағы ең шеткі үй менің пәтерім. Мені сонда тос. (Тыста дабыр сөз, Мұқан тағы бір нәрселерді сыбырлап айтады. Әсия дереу төргі бөлмеге кетеді. Тыстан Мырзағазы кіреді, соңында – Қайдар. Қайдар кірген ыңғайында Мұқанды байқамайды.)
Мырзағазы. Ат бата білем дейсің бе?
Қайдаp. Aт бағуды ма? Менен артық білетін қазақ сирек болар.
Мырзағазы. Жорғаны үйрете білесің бе?
Қайдар. Жорғаны ма? Әлденеше жорға үйреткен кісімін.
Мырзағазы. Күте тұр, қазір келем.
Мырзағазы төргі бөлмеге кетеді. Қайдар Мұқанды көріп, аңырып тұрып қалады.
Мұқан. Қайдарсың ғой сен?
Қайдар (шошынып, көпке). Мына сойқанға қайдан кездесіп ем. (Мұқанға.) Болсақ болармыз.
Мұқан. «Көкең өлген жерде өлемін» дейтінің қайда?
Қайдар. Мен бе? Мен олай деп айттым ба екен? (Көпке.) Жаным-ау, мынаны қай жағында деп білем?
Мұқан (Қайдарға қадала қарап аз тұрып, иығынан ұстап есікке апарады). Менің пәтеріме бар. Сол жерде сөйлесейік.
Қайдарды шығарып, ізінше өзі де шығады. Сахна бірсыпыра бос. Төргі бөлмеден Тайбайды ертіп Шоңмұрын келеді. Шоңмұрын үстелге отырып, қағазын ыңғайлайды.
Тайбaй (көпке). Осының өзі жауап алатын немедей...
Шоңмұрын. Сіз, Тайбай Тайшықов, «Алашорда» штабына большевиктің тыңшысын ұялату туралы өзіңізді айыпты деп санайсыз ба?
Тайбай (көпке). Айттым ба... Жаңа тыста қадалуы жаман еді-ау.
Шоңмұрын. Мен сізден сұрап отырмын.
Тайбай. Әу...
Шоңмұрын. Большевик кеңсесінің қызметкері Әсия Шыныбай қызы қайдан келіп шықты мұнда? Сіз ол кісімен қалайша байланысып жүрсіз?
Тайбай. Әу... Мен бе? (Көпке.) Не деп құтылсам екен бұл иттен? (Ойланып.) Екеуміз нелеу ек...
Шоңмұрын. Заң статьясына жауапты аштық беруді керексінеді.
Тайбай (ойланып). Екеуміз кездесе кеттік. Сосын ол күлді. Сосын мен де күлдім, сосын ол: «Жақсы жігітсің ғой», – деді маған. (Көпке.) Өтірікке де ебім жоқ-ау осы?
Шоңмұрын. Дәлші.
Тайбай. Сосын сол...
Шоңмұрын. Ә... Түстің тұзаққа: большевизм иісі сасып барады бойында.
Тайбай. Жаңа жеңгейдің иісмайын ұрлап жағып ем.
Шоңмұрын (үстелді ұрып). Малчайт!
Тыстан Міржақып кіреді. Tөpгі бөлмеден Айбала кіреді. Екеуі де аңырып тұрады.
Міржақып. Жай ма?
Шоңмұрын. Большевиктің қордасын таптым.
Міржақып. Бұл қашпас... (Тайбайға.)Әлгі қызметші әйелді шақырып кел.
Тайбай кетеді
Айбала (тыржиып). Түсінбеймін, Жақа, оң мен солын білмейтін жаман әйелден сонша қорқып.
Міржақып. Қата айтасың, Айбала, бізге ең қауіпті жау сол «он мен солын білмейтіндер». (Айбала иығын қиқаңдатады. Міржақып Шоңмұрынға.) Жауап алғанда үстелде мылтығың тұрсын. Әйел ғой, сескенсе, шынына келер. Бұл біздің ішімізге әдейі жіберілген әйел, бұдан көп нәрсе сұрап білеміз.
Шоңмұрын наганын үстелге қояды. Қоқырайып отырады. Төргі бөлмеден Тайбай жалғыз келеді. Отырғандар соған қадалады.
Міржақып. Қайда әлгі қыз?
Тайбай. Әу. . Ол қыз ба? Ол қыз жоқ!..
Міржақып. Ым... Қашып үлгірді ме? Айбала, енді нандың ба: «он мен солын білмейтін әйел» қалай екен?
Айбала. Бетім-ай, қу қатынның ісін қара!
Шоңмұрын «Алаш» заңының төртінші тармағы бойынша, мен Шоңмұрын Шотпаев жариялаймын...
Міржақып. Тоқта! Ол қыз құтылмайды. Торғай уысымызда. Ия... Тапқызам. (Тайбайға қадалып.) Қазіргі сағаттан бастап сені әскер қатарына кіргізем. Ия, тәртіпке үйренесің сонда. Мұқан! (Мұқан кіреді.) Мына Тайбай сенің қолында болсын, тәртіпке үйрет өзін: кімнің кім екенін білсін!
Тайбай аңырып Мұқанға қарайды.
Шымылдық.
СЕГІЗІНШІ СУРЕТ
Дала. Штаб. Әскер. Штаб жанында Кәрім мен Баян. Баян трубкасын сорып, Кәрімге сыртын бере отыр. Сахнаның бір жағында Әліби мен Андреев тұр, түстері солғын.
Андреев (аз тұрып). Да... Күтілмеген жұмыс болды. Көкең қапы бермесе керек еді, астыртын істелген айлалы арамдық Көкенді шырмаған болды. (Ойланып.) Біздің арамызда бұқпантайлап жүрген кім болады сонда?
Әліби. Кәрім өсек айтып отыр ғой, Қамар қарындас туралы.
Андреев (басын шайқап). Кәрімнің сөзіне қаным ұйымай-ақ барады. (Аз тұрып.) Сұмдық осының өзінде ме деп шошынам.
Екеуі сөйлесіп тұрады.
Кәрім (Баянға қарай түсіп). Бекер қызараңдайсың, Баян. «Келісім бекітілді. «Алашты» әскерімен Торғайға кіргізе бер» деген телеграмның Уком атынан соғылуы анық. Бізді бүлдіріп отырған осы телеграмма.
Баян. Сеніңше, сол телеграмды мен соққан болам ғой, ә...
Кәрім. Сен демеймін.
Баян. Енді кім?
Кәрім. Қамар... Қамардың ісі деп білем.
Баян жақтырмаған түрмен отырады. Андреев пен Әліби бұлардың қасына келеді.
Әліби. Кәрім, маған бір түсініксіз жері бар: қаланы «Алаштың» алғанын жан сезбеуі қалай? Жол бойы бір адам неғып сездірмейді сендерге?
Кәрім. Мен айттым ғой сізге: «Алаш» қаланы алғанын жанға сездірмей, жұмысын жасырын жүргізіпті деп. Қараңғы түнде кірдік. Көшеде әскер, айтқандары Көкеңнің өлеңі. Біздің жігіттеріміз бұрынғы қалпымен үйді-үйге бөлініп түсті. Көкеңдер өз үйіне кетті. Мен өз пәтеріме түсіп жайланып, енді штабқа барам деп отырғанымда сасқалақтап жігітім келді: «Біз алданыппыз, қала жаудың қолында екен»,–деп. Дереу Көкеңнің пәтеріне жүгірдік: біздің алдымызда ғана әкеткен екен.
Баян.Оңайын қара... Қожанасыр айтқандай...
Андреев(күрсініп). Рас... Тым оңай.
Кәрім (бәсең). Қайтейік. Адам нанғысыз жұмыс. Қайдан шырмалып...
Қамар келеді. Бәрі соған қарасады. Қамар Кәрімге қараумен болады.
Баян.Неге келдің, Қамар! Кеңседе кім қалды!
Кәрім (мысқыл күлкімен). Кеңседегі жұмысын бітірген соң келгені болар қарындастың!
Кәрімнің сөзіне таңырқағандай боп Қамар аз-кем тұрып қалады.
Қамар (Баянға). «Келісім бекітілді» деп Укомнан біреу телеграм соққандай дей ме! Шын өсек пе осы!
Кәрім. Өтірік-шынын өзіңіз білмесең...
Қамар (шіміркеніп). Білгендігім үшін келдім!
Жұрт қарай қалады.
Кәрім. Айтып көр. Сезікті секірердің көбі боп жүрмесе.
Қамар (Кәрімге қадалып). Орағытпаңыз алдымды! Сергелдеңді сезік кімнің басында екенін білеміз.
Кәрім. Ия, білеміз.
Қамар (Андреевтерге). Уком атынан сол телеграмды соққан мына Кәрім.
Жұрт тіксініп Кәрімге қарай қалады.
Кәрім. Әй... шын айтып тұрмысың өзің?
Қамар. Өтірік-шының өзіңіз айтыңыз, мына телеграмыңыздың тексін поштадан тапқызып алдым.
Жұрт телеграмма тексіне жабысады. Аз тыныс.
Кәрім. Түсінікті, қарындас. Телеграм тексінің қайда жатқанына шейін біледі екенсіз-ау. Оп-оңай тауып алғаныңызды айтам.
Андреев. Кәрім, кішкене сабыр етемісің!
Кәрім. Өтірік пәле өлтіріп барады күйдіріп.
Андреев. Қамар жолдас, ашығырақ айтып көріңізші. Кәрім сияқты адамды айыптау үшін дәлеліңіздің толық болуы керек.
Қамар (аз тұрып). Көкеңмен бірге Торғайға аттанатын жолы– кешке жақын Кәрім Укомда болды. Мен үстінен абайсызда шықтым: бір қағазға асығыс мөр басып жатыр екен. Мені көрді де қағазын тыға қойды. Міне, сол қағаз осы деп білем.
Жұртта аңырған түр.
Андреев. Дұрыс... Кәрім осыны істеді деп содан бері біреуге сездірдің бе сірә?
Қамар (аз тұрып). Сездірмедім. Себебі бар еді. «Иесіз кеңсенің, мөрін неге басасың» деп шатақтасқанымда Кәрім өзіме дүрсе қоя берді: «Кеңсе өзімдікі, мөр өзімдікі, сенің не жұмысың бар?» –деп. Менің шет жүрген кезім еді ол. Керекті қағаздарының бірі шығар деп ем. Мына телеграм хабарын есіткен соң есіме сап ете қалды.
Кәрім (мысқылдап). Үйлестіре білуін.
Қамар. Қалжақты қойыңыз, құтыла алмайсыз бұдан!
Кәрім. Сізден келген пәле болса, көре қалдық. (Қалтасын қарманып.) Андреев жолдас, Міржақыптың бір хаты қолға түсті деп пе ем, міне сол хат. Боқша ақтарысатын болдық қой...
Андреевке қағаз береді.
Андреев (қағазды оқиды): «Құрметті Қамар қарындас!
Әйел басыңызбен сіздің сіңірген еңбегіңіз «Алаш» тарихына алтынмен жазылатын болды. Жұмысыңызды осы бағытпен жүргізе беріңіз. Керекті нұсқауды ондағы Н. мырза арқылы жіберіп тұрармын.
Қолыңызды сүйіп: Міржақып.»
К. А.– Мәмбетпен әзіліңіз тым жарасымды дегенді естіп, іш қызғанады. Жұмыс бабында болса қарсылығым жоқ... М.»
Жұрт аңырып Қамарға қараумен болады. Көрімде мысқыл күлкі.
Кәрім. Бәлкім, бұған да бір дәлел табарсыз?
Қамар (қалтыранып). Подлецтер! Подлецтер!
Кәрім. Тартыңыз тіліңізді! Кімнің подлец екенін көріп тұрмыз. (Қамар қысылып жылап жібереді).
Андреев. Кәрім! Сол күні кешке Укомда болмағандығыңды сен немен дәделдейсің!
Кәрім. Мені Укомда болды деп тұрған Қамардың өз басы ғана. Қамардың кім екенін сезген шығарсыз деймін. Ал менің басымды Көкең ақтап алады. Мен Көкеңмен бірге жүріп, бірге тұрдым. Көкеңнің қолға түскенін естіп, енді қайтып шықпайды деп тұр ғой деймін қарындас. Қаталасасыз, қарындас, біз тұрғанда Көкең өлмейді.
Қамар. Сол екен ғой ұстатып келгенің.
Кәрім. Көкенді ұстатқан мына сіздің телеграммаңыз.
Қамар. Подлец.
Кәрiм. Ау... Мынау...
Кәрім наганына жабысқанда Баян тіксініп қарай қарайды.
Баян. Абайла, Кәрім... Далада жатқан адам жоқ.
Кәрім. Бүйрегіңнің неліктен бұратынын білемін.
Баян. Білсең айтып көр.
Әліби. Қойыңдар, жігіттер. Көкеңді көрмей бұл шатақты шеше алмаймыз, сірә.
Андреев. Мен де солай ойлаймын.
Баян (орнынан тұрып). Мен совершенний басқа ойдамын: бұл телеграм Қамардікі емес!
Кәрім. Өтейт дерсің... Мен соққан болам ғой телеграмды!
Баян. Сен бе, басқа ма – ашылады кейін. Сен тызалақтауыңды қойшы. (Аз тыныс.)
Андреев. Әлеке, отырмайық, Баян екеумізге ертетін жігіттеріңді шығар. Біз қазір жүреміз. Сендер де ұзамай аттаныңдар. (Әлібиге оңашалап.) Кәрімге сақ бол! Мен содан шошынам. Біздің ішімізде мықты предатель бары анық болды.
Әліби, Андреев, Кәрімдер кетеді. Сахнада Қамар мен Баян.
Қамар (аз тұрып). Баян! Не болды бұл? Бір подлецтің тіліне еріп мені шынымен қаралайсыздар ма?
Баян. Кейін қайта тұр сен. Көкең мен Мәмбетті жау қолынан босандыратын күн болса, бәрін де анықтармыз.
Қамар. Мәмбеттер босанбаса, мен қараланумен қалам ба?
Баян (аз тұрып, салқын). Ондағысын тағы көрерміз...
Баян кетеді. Қамар сахнада отырумен қалады. Аз тыныс. Сәуле көмескілене түседі. Сахна сыртында әскердің аттанған командасы. Аздан кейін Кәрім ортадағы шатырға кіріп, жатады. Түн. Күзеттегі жігіттер. Құлатай келе жатады.
Қамар (жалт қарап). Құлатай! Ағеке! Маған қол ұшыңды бер.
Құлатай. Не істеуге?
Қамар. Мені Торғайға жеткіз, ретін таба алсам, Мәмбеттермен сөйлесіп көрейін.
Құлатай. Қорқыныш емес пе, қолға түсіп қалып жүрмеспіз бе?
Қамар. Қолға түссек, өлерміз: Мәмбет пен Көкеңнен аяйтын жан жоқ!
Құлатай (Қамардың бетіне бірсыпыра қарап отырып.) Ат әзірлейін бе?
Қамаp. Әзірле. Сұраушы болса кейін қайтамыз де. (Құлатай кетеді. Қамар бірсыпыра отырып, көпке.) Күрестің үлкенін көрмей жүр екем. «Шешінген судан тайынбастың» кебі келді: ия Кәрімді қарабет қып шығарам, ия өзім өлем!
Қамар кетеді. Аз тыныс. Шатырда жатқан Кәрім басын көтеріп аз отырады.
Кәрім. Біздің ойлағанымызша болмады: бұлар қатарын нығайтыпты. Бас сақтау керек. Қараланбауым керек... (Аз отырып.) Аманкелді босанса, алдымен маған салады шеңгелді. Осыны сездіруім керек.
Ойланып жатады. Аз тыныс. Сахна сыртында біреу «Көкен» әнін салады. Дабыр дауыс, құралды екі жігіт сахнаға Әсияны алып келеді, Әсия еркек киімінде.
Әсия. Қызық екенсіздер ғой... Әлекең таниды деймін.
Жігіт. Таныса, таң атқан соң сөйлесерміз. Түн ішінде Торғайдан келген адамның маңдайынан сипай алмаймыз. Байла қолын!
Әсия. Бетім-ау, не болған сендерге. Шынымды айтайын: еркек емеспін, әйелмін.
Екі жігіт (таңырқасып). Қалайша әйелсің?
Әсия (сыртқы киімдерін шешіп). Енді нандыңдар ма?
Жігіттер (біріне бірі). Шын әйел ғой өзі...
Бұлар даурығып тұрғанда, Кәрім шатырдан басын шығарып Әсияны көреді.
Кәрім (көпке). Нағыз сойқан енді болған шығар.
Жігіт (екіншісіне). Жауап алсам деймін өзінен.
Екінші. Саған әл беретін әйел емес бұл.
Жігіт. Әбден... Сен қирата қоярсың...
Кәрім (шатырдан шығып). Бұ не, жігіттер?
Кәрімді кергенде, Әсия шошынып, шегіне түседі.
Әсия. Суқан-ау...
Кәрім. Ә... Әсиямісің? Торғайдан келдің ғой, ә? Не хабар бар.
Әсия. Хабар болғанмен сізге айтылмас.
Кәрім. Бәлкім айтылып қойып жүрсе.
Әсия. Айта алмадық.
Жігіт(екіншісіне сыбырлап). Кәрімді іліктірмей әкететін адам едік.
Әсия (жігіттерге). Әлекеңді тауып беріңдер маған! Кәрім (жігіттерге). Ұстай тұрыңдар, мен сөйлесіп келейін Әлекеңе. (Әсияға.) Хабарыңызды сосын тыңдармыз.
Кәрім кетеді. Әсия аңырып тұрып қалады. Екі жігіт сыбырласады.
Әсия (көпке). Суқан-ау, соншама бүлікті салып, не бетімен келді екен бұл қарабет? (Ойланып тұрады.)
I- жігіт (сыбырлап). Көзі әдемі екен.
II- жігіт. Шашы ұнап тұр маған.
I- жігіт. Әзілдесіп көреміз бе?
II- жігіт. Сен бастап көр, мен қостайын.
Әсия (көпке). Әлекеңе жолықтырмай жазым қып жүрсе қайтем?
I - жігіт. Құрбым... «Түсі игіден түңілме» деген екен. (Әсия қадала қарайды. Жігіт апалақтап.) Мынау Өгізбай дейтін жігіт. Әсия. Болса қайтеміз?
I - жігіт. Есіңізде болсын дегенім еді.
Әсия (аз тұрып). Жақсы, есте болсын. Алдымен менің өтінішімді орындаңдар: Әлекеңе жолықтырыңдар қазір.
Әліби мен Кәрім келе жатады.
Әліби. Сөйле, шырағым.
Әсия (аз тұрып). Кәрімнің көзінше айтпасам деп ем.
Кәрім (мысқыл күлкімен). Аяқ алысын байқадыңыз ба, Әлеке...
Әліби. Айта бер, шырағым. Кәрім өзіміздің жігіт.
Әсия (шіміркеніп). Кәрім сіздікі емес! Кәрімнің Торғайда не істегенін айтуға келген адаммын.
Кәрім. Айтып көр...
Әсия. Қой әрі... Көкеңнің қаншама жігітін бейкүнә қырғызып, не бетіңмен келіп тұрсың? Көкенді алдап ұстаған кім, білемісің?
Кәрім ышқынып, беліндегі наганды ұстайды.
Әліби (шіміркеніп). Кәрім, қолыңа ие бол!
Кәрім. Көрдің бе бұлардың: бірі – бір, екісі – екі бейкүнә қаралап... Білем кімнің жіберіп отырғанын.
Әліби (Кәрімов қадалып бірсыпыра тұрып). «Шөп басы жел тұрса ғана қозғалады» дейтін еді. «Сезікті секірер» дейтін де мәтел бар еді. Кәрім! Сен осы кімсің? «Алашордамен» сонау келісімді бастаған да сен.
Кәрім. Ұмытпаңыз, келісімді мақұлдаған өзің болатынсың.
Әліби. Солай ма? Сеніңше Көкенді ұстап берген де мен болам ғой сірә. ( Шіміркеніп.) Жігіттер! Ал құралын Кәрімнің! (Екі жігіт шап беріп Кәрімнің құралын алады. Әліби аз тұрып.) Сақ болыңдар! Қашып жүрмесін, мұның тағдырын Торғайға барған соң шешем. (Әсияға.) Жүр, қарындас, сөйлесіп көрейік.
Әсия жайраңдап Әлібиге еріп кетеді. Кәрім үнсіз тұрып қалады.
Жігіт(жолдасына). Байқадың ба аяқ алысын.
Жолдасы. Сенен гөрі пысықырақ-ау деймін... (Сахна сыртында «Көкең» әні.)
Жігіт (көпке қарап аз тұрып). Но... Қыз екен!..
Шымылдық
ТОҒЫЗЫНШЫ СУРЕТ
Сахна алаң есебінде. Сахнаның бір жағында түрме, алды решетке, екінші жағында – «Алаш» штабының үйі – есігі. Шымылдық ашылғанда Аманкелді түрменің алдындағы решеткеде сүйеніп көпке қарап тұрады. Аздан кейін күңіреніп ән салады.
... Ағандым аймағыма Амангелді,
Алдына көш басшы ғып елім ерді.
Арамза жұрттан шыққан бір қарабет
Қапыда жау қолына ұстап берді.
Мерт болдым қапияда... сынды сағым,
Әлемді тітіркеген аруағым.
Кек алып қан майданда кескілеспей,
Болды ма жау қолында өлер шағым!..
Қанат-құйрық: Әліби, Сейіт қайда?
Қол ұшын бермеді ме осындайда?
Көкеннің жүрегіне қан қатырып
Шынымен таппадың ба, жұртым, айла?!.
Мұқан сахна арқылы штабқа беттеп бара жатады.
Аманкелді Мұқанды көріп, шошынып басын көтереді. Мұқан штабқа барып кіреді.
Аманкелді (аз тұрып). Мұқан! Мұқан! Шіркін! Не болды бұл? Шыққыр көзім шынымен көріп тұрсың ба? Шіркін... Қандасқандай не боп ед? Қанатымдай боп өскен жігіт емес пе еді, қас дұшпанымның қолтығына кіріп, сол арқылы менен кек алмақшы ма? Болмаған екен... Болмаған екен... Әттең дүние!
Аманкелді ызаланып решеткеге сүйенеді. Сахна арқылы саудагерлер өтіп жатады. Аманкелдінің жанына Мәмбет келеді. Аманкелді жабыққан түрмен «Интернапионал» айтпақшы болады. Аманкелді жаңылғанда Мәмбет аузына салып жіберіп тұрады. Аздан кейін солдаттар Аманкелділерді түрмеге әкетеді. Мырзағазы келеді, жанында Қайдар. Штабтан Міржақып пен Мұқан шығады.
Міржақып (күлімдеп). Соғыс кеңесісің ғой, не хабар бар деп сұрасайшы менен.
Мырзaғазы. Айтып көріңіз.
Міржақып жан-жағына қаранады.
Мұқан (Қайдарға). Әй, сен қазақ... Селтимей әрі кетші. (Қайдар алыстайды .)
Мырзағазы.Менің көшірім ол. Түгіне түсінбейді, айта бер.
Міржақып. Кенжеқарадан телеграмма алдым. Дутовпен шарт жасасып, құрал алыпты, әскер алыпты. Бірер күнде келіп жетпек.
Мырзағазы.Теріс емес.
Міржақып. Бірақ Жанкелдин қабағы тым жағымды емес: ойда – орыс, қырда – қазақтың бәрін соңына ертіп, жер қайыстырып келе жатыр білем.
Мырзағазы. Біздің Антонов қайда? Неге қайырмайды бетін?
Міржақып (оны оңашалап). Неге қайырмайды дейсің. Аянып жатыр дейсің бе... Елдің алалығы сорлатып отыр бізді: біздің әскеріміздің не істеп жатқанын Жанкелдинге жеткізіп тұратын көрінеді. (Екеуі сөйлесіп тұрады.)
Қайдар (Мұқанға). Мырза.. Жаныңызға жақындауға болама?
Мұқан. Аулақ! (Міржақыптарға қарай түсіп, Қайдарға.) Баққан аттарың бабына келді ме?
Қайдар. Лып етіп, тізгінді ұстауыңды біл. (Міржақыптар сөйлескен күйі кетеді.)
Мұқан. Қанша адам бар?
Қайдар. Адам жеткілікті. Жұрттың кебі түтіннің шығуын андып түр ма деймін. (Сахнаға Серке шығып, түрмеге қарап аңырып тұрады. Қайдар оған.) Әй, неге қадалдың оған? Кіргің келіп қызығып тұрсың ба? (Серке үрейленген түрмен Қайдарға келеді. Көзі Мұқанда, Қайдар күлімсіреп.) Болыс болуға қалайсың? Болғың келсе, шыныңды айт, Міржақыпқа сөйлестіріп, сайлатайын.
Серке (Мұқанға қарай күрсініп). Ажалымнан бұрын өлтіресің ғой мені.
Мұқан кетеді.
Қайдар (аз тұрып). Келді ме аттарың?
Серке.Құрсын, жаным шықты... «Бұл не қылған көп ат?» – деп бір солдат сүлікше қадалып...
Қайдар. Сосын қайттің? Былықтырып қойған жоқсың ба?
Серке. Қазақ баласымыз ғой, «ауызбастырық» берейін, үндеме, азырақ саудам болушы еді, – дедім.
Қайдар. Ия.
Серке(күрсініп). Ақша санап бергелі әмиянымды шығарып ем, әмияным да кетті, ақшам да кетті.
Штаб үйінен Қамар мен Айбала шығады, Қамар Қайдарларға беттеп, Айбала есікте тұрып үйдегі біреумен сөйлеседі.
Қамар (Қайдарға жақындап). Құдаларыңды қашан аттандырмақсыздар?
Қайдар. Құдай қосса, бүгін аттандырамыз деп тұрмыз.
Қамаp. Күйеу жолдасына адам таптыңыздар ма?
Қайдар. «Мен барам да, мен барам!»–деп бәрі таласып жатыр.
Қамар(күлімдеп). Аттанарда хабар айтарсыз, мен де шығарысып салайын күйеуді.
Қайдар. Сізді шақырмай күйеу аттандырамыз ба...
Қамар Айбаланы тосады.
Серке (сыбырлап). Әй, ол қайдағы күйеу?
Қайдар (түрмені нұсқап). Артындағы үйді көрдің бе, соның іші толған «құда» мен «күйеу...»
Айбала Қамарға келеді.
Қамар (Айбаланы қолтықтап). Айта беріңіз, жеңеше, Кәрім туралы еді ғой сөзіңіз.
Айбала. Кәрімнің несін айтасың, шырағым, Аманкелдіні ұстаудағы оның еңбегі.
Серке (күрсініп). Кімге қосылғанын байқадың ба әлгінің? Сен соған сыр айттың-ау бір кезде.
Қайдар.Солай екен-ау... Мә... Сорың қайнады, Серке, сенің ақтардан қашып жүргеніңді әлгі қатынға айтады-ау ол.
Серке. Айтушы ем ғой: мені ажалымнан бұрын өлтірерсің деп.
Қайдар. Мына түрмеге бір кірсең ғой, өмірі шыға алмайсың.
Серке (шошынып). Жақсы сөз бұйырмай ма саған.
Қайдар (күлімсіреп аз тұрып). Бәрінде көрген жақсы, Серке. Әзір тамаққа екінің бірі-ақ не бола кетер. Біз еңбек сіңіріп жүрміз. (Күрсініп.) Көкеңдерді құтқарып алсақ, еңбектің жанғаны. Жүр, аттарды аман сақтайық, тағы біреуі қоқаңдап жүрер.
Екеуі кетеді. Сахна бос. Асығыс Әбіш келіп, штабқа кіреді.
Қайта шығып, аңырып тұрады.
Әбіш (дауыстап). Жақа!
Сахнаға Міржақып, Шоңмұрын, Мұқан үшеуі келеді.
Міржақып. Не бар?
Әбіш (қағаз ұсынып). Кәрімнен хат.
Міржақып хатты дереу ашып оқиды.
«Жақа!
Манағы хатқа қосымша айтатыным: Қамар сендерге барыпты. Жолшыбай Андреевке соғыпты, жасырын тапсырыс алған болар. Не істегендеріңді бұлжытпай жеткізіп жатыр Қамар. Қайдар деген біреу Мырзағазының көшірі деп естимін. «Аманкелділерді қашыруға керек» деп елден көп ат алдырыпты. Көз алдарында болып жатқан жұмысты көрмей, не істеп отырғандарыңды білмеймін... Қамар мен Қайдардың көзін жоюға тығыз шара қолдана көріңіз.
Азамат Алаш ұлы».
Міржақып (сазарып аз тұрып). Шоңмұрын, естіп тұрмысың?
Шоңмұрын. Мына бұрышына: «трибуналға» деген сөзді қондыруыңызды сұрар ем.
Міржақып (қағазды Шоңмұрынға беріп). Мұқан! Қамар мен Қайдарды ұстатып, мына Шоңмұрынның қолына тапсыр, тығыз жауап алсын...
Шоңмұрын.Сүйтіңіз, Мұқан мырза!
Мұқан (дауыстап). Тайбай!
Міржақып. Ә... Неткен болады бұл қазақ ит?
Шоңмұрын мен Мұқан штабқа кіреді. Тайбай келеді.
Мұқан. Қамар деген әйелді білесің бе?
Тайбай. Әу... Қамарды ма?
Мұқан. Қайдар деген кісіні білесің бе?
Тайбай. Әу... Қайдарды ма?
Мұқан (аз тұрып). Ұстап, айдап кел екеуін. (Тайбай аңырып тұрады. Мұқан ашулы.) Атаңның басына тұрмысың?
Тайбай дереу кетеді. Мұқан есік алдыңда ерсілі-қарсылы жүреді. Аз тыныс.
Айбала (алқынып сахнаға келіп). Бетім-ау, әлгі салдақының тыңшы боп келгенін көрдің бе. Шашын талдап жұл, қарағым... (Тайбай Қамар мен Қайдарды әкеледі. Айбала тістеніп.) Салдақы!
Қамаp. Мәдениетті адам сондай сөзді айта ма екен?
Айбала бұрқырап кетеді.
Мұқан (Қамарға). Сізді түрмеге жөнелтем. Қамар. Мақұл.
Мұқан (Қайдарға). Сен штабқа жүресің, жауап бересің. Қайдар. Апырмай, солитінді былшылдатпай-ақ... Мұқан. Сөйлеуге болмайды. (Сахна шетіне үрейленіп Серке келеді.) Кім керек сізге?
Қайдар. Ол менің Серкем.
Мұқан (Тайбайға). Мына кісіні түрмеге апарып жап.
Тайбай Қамарды әкетеді. Мұқан Қайдарды штабқа әкетеді. Сахнада Серке жалғыз қалады.
Серке (күрсініп). Құдай екен жаңа оңдады білем. Ендігі кезек маған келетін болды. (Ойланып.) Атамның басына тұрмын ба осы жерде? ( Kетe беріп тоқтайды.) Қайдарды қайтер екен? Босағандай болса, мазақтап сорлатады ғой мені.
Серке тұрады. Тайбай келеді жанына.
Тайбай. Елден келдіңіз бе? Жолда бір адам кездестірмедіңіз бе?
Серке. Қандай адам?
Тайбай. Әу, қандай дейсің бе? Орташа бойлы қараторы қыз. Жақсы көретін адамына қарағанда–көзі күлімсіреп тұрады.
Серке. Көре алмадым.
Тайбай (күрсініп). Қаңғып өліп қалды ғой деймін де тұрам. Жақаңның қара жүректігінен қорқып, қашып кетті. Жақаңның мінезін білмейсің ғой сен? Әу, ол ма? Ол – ерегіскен адамын «апар да ат» дейді. Сол қыздың өшін менен аламын деп мынау солдат қып қойғаны, әйтпесе, солдаттықта нем бар менің.
Штабтан Мұқан шығады. Тайбайды түрмеге қарауылға қойып, бұрынғы қарауылдарды жібереді. Серке сахнадан кетуге ыңғайланады.
Мұқан. Отағасы, бері келіңіз. (Серке шошынып, жақындайды.) Қайдардың жолдасы боласыз ба?
Серке (қыбыжықтап, көпке). Сорым қайнады, ұсталатын болдым.
Мұқан. Жақын жолдасы болсаңыз, сізге шын ақылымды айтайын деп ем.
Серке. Ендеше, туған жолдасымын.
Мұқан. «Туған жолдасы» болсаң, манаты елден әкелінген аттың маңына жуыма, ұсталып қаласың. Бар, жүре бер. (Серке кетеді. Мұқан аз тұрып, Тайбайға.) Менің не істеп жүргенімді сеземісің?
Тайбай. Әу, мен бе? Түтін де сезбеймін.
Мұқан. Маған сенемісің өзін?
Тайбай. Әу, саған ба? Құдайға сенбесем де, саған сенем.
Мұқан. Әсияның қайда екенін білемісің?
Тайбай. Әу, Әсия ма? Қаңғырып өліп қалды-ау деймін сол.
Мұқан. Әсия тірі... (Тайбай селт етеді.) Ұзамай кездесесің. Маған сенсең, айтқанымды екі етпейтін бол. Көргеніңді, естігеніңді – менен басқа жанға сездірме.
Тайбай. Мақұл.
Штабтан Шоңмұрын Қайдарды шығарады,
Шоңмұрын. Мұқан, мынаны тыға сал түрмеге.
Мұқан. Қайдарды алдына салып түрмеге беттейді, Қайдар ше? решеткеге кіреді.
Мұқан. Қайда барасың?
Қайдар. Түрмеге кірмеймін бе?
Мұқан (жақындап, сыбырлап). Мынаны былай орал да жөнел! Жігіттеріңді дайын ұста, хабар өзімнен болсын.
Қайдар. Әй, қақпасына кіріп қалдым ғой, Көкеңе сәлем бере шығайын.
Мұқан. Болмайды. (Қайдар дереу кетеді. Мұқан аз тұрып Тайбайға.) Бұдан не түсіндің?
Тайбай.Түк түсінсем бұйырмасын! (Мұқан кетеді. Тайбай аз тұрып.) Өтірік момақан болып жүремін-ау осы... Менің білмейтінім жердің жеті қабат астында болар ғой. (Күрсініп.) Мейлі, үйінен қуған Жақаңның өзі, енді Тайбай аттамас босағасын. Не көрсем Мұқанмен бір көрейін. Әсияға жолықтырам деді-ау ол? Айналайын Әсиям, қай жерде жүр екен. (Сәуле көмескіленеді. Түн. Тайбай өзіне-өзі команда беріп біраз жүреді. А сығып Асамбай келіп, штабқа беттейді.)
Тайбай (кесе тұрып). Барып тұрыңыз.
Асамбай. Міржақыпты іздеп келген кісімін.
Тайбай. Мақама жабық, жолатуға закон жоқ.
Асамбай. Асығыспын деймін.
Тайбай. Закон такой... Ертең кел. Кетемісің?
Штаб есігі ашылып, Міржақып шығады.
Міржақып. О не?
Асамбай. Міржақып-ау, мен.
Міржақып. Келіңіз. Тыныштық па?
Асамбай. Тыныштық емес: жер қайысқан қолмен Әліби келе жатыр. Аманкелді ұсталғаннан бері ашулары тым қатаң білем. Елдің «игі жақсылары» осылай қарап шұбырулы... (Қалтасынан қағаз шығарып.) Осы бір қағаз Кәрімнен білем. Қолыма тиген соң алдым да, шаптым. (Қағазды дереу ашып, оқиды).
«Жақа
Құрмандарыңды шалып, тезірек қоныс аударыңдар.
Үлкенбек Күшейгенов».
Асамбай. Ұнамды хабар емес қой сірә?
Міржақып. Ұнамды емес пе (тұрып.) Әлібидің әскері қай шамада келіп жеткендей мұнда?
Асамбай. Бөгелмей жүріп отырса, ертең түсте шаң бермес пе екен.
Алыста мылтық, пулемет дауыстары. Міржақып пен Асамбай селк етеді.
Асамбай. Сойқан болды. Солар!..
Сахна сыртында: «Әліби», «Жанкелдин» деген дауыстар. Ерсілі-қарсылы жүгіріс. Мырзағазы, Шоңмұрын, Антонов, Әбіш, Мұқандар келеді.
Бәрі. Келіп қалды!.. Қайтеміз, Жақа?
Міржақып. Бар әскерді төгіңдер жолына! Қатын-балаға азық-түлік дереу жөнелтілсін.
Ерсілі-қарсылы жүгіріс. Сасу. Мырзағазы, Әбіштер кетеді. Сахнада Міржақып, Мұқандар. Алыста мылтық, пулемет даусы.
Міржақып (аз тұрып). Мұқан! Алып шық Аманкелдіні!
Мұқан Тайбайға бұйрық береді. Шоңмұрын келесі, мылтығы сатақтап бір артынан, бір алдынан шығады, қойнында бір құшақ қағаз.
Міржақып. Қағазың не?
Шоңмұрын. Бірсыпыра терминдер еді, Жақа, керек бола ма деп ала шыққаным.
Тайбай түрмеден Аманкелдіні алып шығады. Аманкелдінің көзі Мұқанда. Мұқан төмен қараумен тұрады.
Міржақып. Аңғал батыр, Арқаның кең даласына сыймай бүлініп ең, енді тынышталарсың. «Алаш» бетіне күйе жағамын дегеніңмен жаққызбадық.
Аманкелді. Әй, не шатасып тұрсың: күйеленбеген беті бар ма еді «Алаштың?»
Міржақып. Айт иманыңды!
Алыста мылтық, пулемет дауыстары.
Аманкелді. Есітемісің, мына дауысты? Кімнің айтуы керек иманды?
Міржақып. Мұқан! Көзде дұшпанға! (Аманкелді селт етіп Мұқанға қадалады. Мұқан қозғалмайды. Міржақып шіміркеніп.) Мұқан! Екінші рет айтам, кезде мылтықты! (Мұқан үнсіз тұрады.) Ақтық рет айтам: «Алаштың» адал ұлы болсаң, кезде жауға!
Мұқан қозғалмайды. Міржақып қолын наганға жөнелтеді.
Аманкелді (көпке). Мыңның ортасынан іріктеліп шыққан асыл алмасым еді. Жауға таба қылмады, Мұқаныма ризамын!
Міржақып кенет наган шығарып, Аманкелдіні атады. Мұқан жалт бұрылып Міржақып ұмтылам дегенде, оны да атады. Аманкелді мен Мұқан екі жерге құлайды. Аз тыныс.
Аманкелді (ыңырсып). Мұқанжан!
Мұқан. Көке!..
Екеуі жақындай түседі. Алыста мылтық даусы.
Міржақып. Тайбай! Алып шық Мәмбетті.
Тайбай. Әу... Мәмбетті ме?
Міржақып. Алып шық деймін тез!
Тайбай. Әу... Неге алып шығамын?
Міржақып (Шоңмұрынға). Не болған бұларға?
Міржақыптың сырт жағынан мылтық ұсынып Қайдарлар шығады.
Шоңмұрын. Жақа...
Міржақып артына бұрылып, шошынып шегіне түседі. Түрме жағынан тағы мылтықтар. Шоңмұрын екеуі шегінген күйі сахнадан шығады. Түрмеден Мәмбет пен Қамар қол ұстасып жүгіре шығып, Аманкелділерді көріп, кенет өзгеріп ақырын басына төнеді. Музыкада қайғылы күй. Мәмбеттерде үнсіз жылау. Тайбай келіп, о да бұлардың қатарына тұрады. Сахна сыртында әскер, команды. Әскерді бастап сахнаға Әліби, Андреев, Баяндар шығады. Аманкелдінің үстіне ту иіледі. Әскер өтіп жатады.
Әліби. Азаматтар! Алып шығыңдар бері. (Көпке.) Үлкен аға, кіші іні – аранды көрген жаудың кім екенін танып қал, алдарыңнан өткізейік. (Міржақыптарды бір-бірлеп сахнадан айдап өтеді. Әліби дауыстап.) Танып қал!.. Танып қал!.. Танып қал!..
Шымылдық.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter