Өлеңдер ✍️
Адам ата мен шайтан
Жаралған ең әуелі Адам ата,
Жайылған жанның бәрі- соған бота.
Хауа ана шайтан малғұн тілін алып,
Жұмақтан шықпады ма біржолата?!
Шын әмір келгенде жалғыз Хақтан,
Адам мен Хауа шықты ол жұмақтан.
Тағы да шайтан келді өш алмақ боп,
Жарандар, мықты болсаң, сонан сақтан!
Шайтанның баласы бар, аты- Ханнас,
Дұшпанға сенген адам қашан да оңбас!
Хауаға шайтан айтты:
-Тұра — тұрсын,
Аз ғана серік болып саған жолдас.
"Тұра тұрсын!"- деуменен торын жайған,
Көп бөгелмей сонан соң кеткен арман.
Бір жақтан Адам ата келе қалса,
Шайтанның баласы жүр болып хайуан.
-Бұл кім-деп- жаныңдағы?- сұрақ берді,
Мұның малғұн екенін көзі көрді.
- Хайуан- деп,- мойын бұрған бұл араға
- Адамға Хауа ана жауап берді.
Ханнасқа Адам ата қаһарланды:
- Бұл малғұн кімге жолдас болған мәңгі?!
Қасына жетіп барып қылышпенен
Қылады пәре-пәре ол шайтанды.
Бір жаққа кетісіменен пенде адам,
Жылт етіп келе қалды тағы шайтан.
Келген соң, баласы жоқ, көзі көрді,
Демеңдер: қауіп қайдан, пәле қайдан?!
- Балам жоқ қасыңдағы, көзім көрді,
- Ол қайда?- деп сұрап, көңіл бөлді.
Хауа айтты:
- Адам ата қаһарланып,
Қылышпен шапқаннан соң, содан өлді.
- Ханнас!-деп, сонда шайтан дыбыс қылды,
-Ләбек!-деп, өлген бала қайта тұрды.
- Хайуан! - деп, тағы мұнда қоймақ болды,
Тағы да ол малғұнды Құдай ұрды.
Хауа ана:
- Қалдырма!- деп , зарлық етті,
Тыңдамай зытып алып малғұн кетті.
Дағдарып осылайша тұрғанында,
Бір жақтан Адам ата келіп жетті.
Тағы да ол малғұнды көзі көрді,
Қылышын қолына алып, тағы төнді.
Малғұнның тірілуін қауіп етіп,
Төрт жаққа, өлтірді де, етін бөлді.
Шайтан кеп:
- Менің балам қайда? !-деді,
Хауа оған:
- Істің артын ойла!-деді.
- Қылышпен Адам ата бөлшектеді,
Сендерден бізге болмас пайда!- деді.
- Ханнас!- деп, шайтан қайта дыбыс берді,
Иа, ата, ләбек!- деп, малғұн тұрып келді.
Тағы да:
- Бала қалсын келгенімше,
- Деді де, шайтан малғұн сырғып берді.
Хауа айтты:
-Тілегің бір тынсын!-дейді,
- Бұл кәпір бала болмай құрысын!- дейді.
- Сен шықсаң, мен де кеткем ол жұмақтан,-
Деп шайтан малғұндықпен іркілмейді.
Жетіп кеп Адам ата қатуланды,
Хауаға қаһарланып қамшы салды.
Білсеңіз, ашуланып қатын ұрмақ
Мирас боп кейінгіге сонан қалды.
Тағыда қылышпенен қатты ұрады,
Қайнатып, қазанға сап, ас қылады.
Хайуанды енді қайта тұрғызбасқа,
Екеулеп оның етін жеп тынады.
Тағы да Адам жоқта шайтан келді,
- Қайда ол қасыңдағы балам?!- деді.
Хауа айтты:
- Енді қайта тұрмауы үшін,
Еті оның асқазанға барған!-деді.
Тағдырдан ешкім қашып құтыла алмас,
- Ханнас!-деп, шайтан тағы болды қалмас!
Хауаның қарынынан шығып дауыс:
- Әй, ата, мен мұндамын!- деді Ханнас.
Шайтан сонда:
- Жайғастың, балам!- дейді,
- Сен іштен, мен тыстан шалам!- дейді.
Адамды жан-жағынан біз азғырсақ,
Жанбай ма жаһаннамда олар?!- дейді.
- Байқатпай дүние кеңін - тарлығын да,
Қайткенде қамту үшін барлығын да,
Сонан бері шайтандар жайлап алған
Қан секілді адамның тамырында.
Мен айтсам, көзім жеткен шынды айтам,
Қан болып тамырыңда жүр-ау шайтан!
Тартарсың қияметте сен жазаны,
Малғұнның денедегі тілім алсаң!
Демеңдер: "Мәшһүр мінді таба берер!"
Алғандар шайтан тілін аза берер!
Алдымен арақ ішіп бұзылғанға,
Құдайым айрықша жаза берер!
Және айтқан біздер үшін пайғамбарым:
- Ауырса, арақ ішіп, сұрама халін!
Тәубе қылмай, дүниеден өтер болса,
Оқымаңдар жаназа намаздарын!
Кімде-кім: "Бұл арақты - десе-халал!"
Тап сол жан діннен шыққан кәпір болар!
"Төрт кітаптың төртеуіне аян!"- дейді,
Алғиза, билләһи, иа Зүлжалал!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter