Өлеңдер ✍️
Ышқыш бап сапары
Медірессе жата алмадым ішім пысып,
Көңіліме әр бір түрлі қиял түсіп.
Мәшһүрде бала жастан бар емес пе,
Кететін диуаналық мінез қысып.
Қоржынға кітап, құран салдым жинап,
Не таптым бала жастан нәпсі сыйлап?!
Ойландым бекер қарап жатпайын деп,
Біраз күн жүрейін деп жанды қинап.
Жастықта жүріп, тұрып қалайын деп,
Әр нәрсе көрсем, ғибрат алайын деп.
Қадам жай әулиені зиарат қып,
Хазіреті Ыдырыс, Ышқыш (Шықыш) бапқа барайын деп.
Мен жүрдім тілеп жәрдем бір Құдайдан,
Жарысқа қосылып ем құлын-тайдан.
Айында рабиғұл, әуел дүйсенбі күн,
Аттандық Қыбырай - Дүрман деген жайдан.
Байназар ақсақал мен Мыңбас, Ақпан,
Шықпайды жақсы кісі ынтымақтан.
Арғыннан бесеу, бізбен алтау болдық,
Жүсіпбай - жолдасымыз: Найман - Тоқпан.
Түбінде Баркөз төбе Нұрбек қондық,
Жанлармен Құдай сүйген жолдас болдық.
Тірілік, денсаулықтың арқасында
Әр жерден біз осылай кеңес құрдық.
Жол жүрдік дін жолында жанды қинап,
Демедім бай болайын, дүние жинап.
Өзі үйінде жоқ екен, Ташкент кетіп,
Үй - іші, қатын-бала күтті сыйлап.
Самауыр, қайта - қайта қойды, шайды,
Жей алмай азыққа алдық аппақ майды.
Құданың аз күн берген наубатыңда
Аралап тамаша еттік әр бір жайды.
Біз көрдік Ескендірдің мұнарасын,
Жол қылған кесіп жардың екі арасын.
Қаздырып тыңнан арық, су ағызып,
Княздің қылған абад бау ағашын.
Екі кент қатын айлық, қатар сайлық,
Денсаулық - тірі адамға үлкен байлық.
Тауға кіреберісте жол үстінде
Атанған Жанжалкент деп, ол - шын байлық.
Қазакент қалды ар жақта көрдік, әні!
Әр түрлі екен жолдың екі жаны.
Жаяу түсіп, зиарат қылып өттік,
Сахаба болған имам Ғақсыраманы.
Сарт - сауан жол үстінде Қожакенттік,
Түс болмай аяңменен соған жеттік.
Шыршыққа көпір салам деп жинаған,
Тастарын хазірет Ғалы тамаша еттік.
Екі тау: Қоңыр, Бұқа қалды жолда,
Баруда - қамшылар жақ болды онда.
Бесінде Шарбақтағы Жүсіп ханға
Барған соң мейман болып жаттық сонда.
Самауырын – қайта - қайта қойды шайын,
Атқа жем неше мезгіл берді дайын.
Сойды да бір сырбазды асып берді,
Жолшыбай үлестірдік аппақ майын.
Бар екен Ишан деген бір ағасы,
Көрінді ақпейілді сол шамасы.
Атасы нағыз әулет тұқымы екен,
Кісі екен табылмайтын, жоқ бағасы.
Аттандық онан ертең ерте тұрып,
Әңгіме түні бойы мәжіліс құрып.
Қадам жай қарауылшы көпірінен
Түнде өтіп, тауға қарай кеттік жүріп.
Сол жақта Бұрыш молда қала берді,
Бар Құдай баршамызға пана берді.
Әңгіме - әркімдерге ғибрат үшін,
Көргенін жазып Мәшһүр ала берді.
Сарқырып ағып жатқан Шыршық қайнап,
Біз көрдік барып басын Құдай айдап.
Қадам жай әулиенің ағашына
Отырдық біраз тоқтап, атты байлап.
Кетіппіз Құдайдаттан сол түн өтіп,
Байқамай қараңғыда өтіп кетіп.
Таң атып, намаз оқып, күн шыққан соң,
Имамхан көпіріне бардық жетіп.
Шыршықтың таң қаларсың тасқанына,
Сарқырап таудан, тастан асқанына.
Астында тіреуі жоқ ағаш көпір,
Солқылдар жалғыз аттың басқанына.
Жағалай жол үстінде тұрған мазар,
Бұл Мәшһүр көргенінің бәрін жазар.
Астың-су, үстің - аспан, ортасынан,
Жетектеп бір - бір атты өттік азар.
Тау қалды жолда оң қолда Абылқасқа,
Таулар көп толып жатыр онан басқа.
Құдайдың құдіретіне таң қаларсың,
Қатарлап жиған жүктей тұрған тасқа!
Жер екен Шиман деген таудың басы,
Шілмахыраб Абылқасқа хан ортасы.
Ауызында Бұрыш молда көпірінің
Бар екен тас боп қалған адам басы.
Шыршықтың Алатаудан шыққан басы,
Таусылмас айта берсем тамашасы.
Бар екен Хазірет Ғалы дүлділінің
Жем жеген екі жерде ахыр тасы.
Бір өзен Қожакенттен Өкем құйған,
Суына көрген адам ішпей тойған.
Тастар бар жол үстінде бек тамаша,
Ойларсың - біреу әкеп қолмен қойған.
Қожакент көпірінен өтіп жүрдік,
Көтерген Хазірет Ғалы тасын көрдік.
Бір емес, көпірінен және де өтіп,
Аяндап тауға қарай жортып желдік.
Шыршыққа құяды екен Пішкәм келіп,
һаммасын жаза бердім хатқа теріп.
Басында Шайхы Ғұмар баба жатқан,
Сыртынан көрмесек те, өттік біліп.
Қасында екі кент бар: Шежек, Нанай,
Қыстақтар адам білмес қалған талай.
Көк судың құйған жері - Бұрыш молда,
Жаратқан құп тамаша Тәңірім қалай?!
- Алатау - басы толған қар, - деп айтты,
- Пішкәмнің (Біскемнің) жолы қиын, тар, -
- Сахабауыл Ғабдолла аңсары мен Әулие
"Күміс кептер" бар! - деп айтты.
Көрерсің көп тамаша ол Шарбақтан,
Аққан су тарау-тарау әрбір жақтан.
Баршасын жүріп тамам керуіңе
Шықпайтын жолдас керек ынтымақтан.
Ат керек сымдай берік мұндай жолға,
Және де өзі аяңшыл болсын жорға.
Болғанда түс мезгілі зорға жеттік,
Атанған: "Нұр тауы, "- деп, сеңгі нұрға!
Шай іштік ат шалдырып шоқ қамысқа,
Ел - жұрттан ұзап кеттік біз алысқа.
Жер екен жүйрік озар асып күші,
Жасынан талай түскен көп жарысқа.
Бұрылып оңға шиыр із жол кетті,
Жалғаннан әурелікпен әркім өтті.
Қоңыратбай, Жақып пенен - Көктөбелік,
Сол жерде артымыздан қуып жетті.
Алатау: жері - шүйгін, малы семіз,
Қызығын жатыр екен көріп Қырғыз.
Ойдағы - қырдағы Арғын бас қосқанда,
Түп - түгел бас - аяғы болдық сегіз.
Ауылынан өтіп кеттік Атай - Қырғыз,
Бір жерде және түсіп, шай іштік біз.
Көк пен жер ортасындай жермен жүрдік,
Бір жағың тау болғанда, бір жағың - құз.
Бірі-әрі, бірі - бері жүрген адам,
Айта алман көргенімнің бәрін тамам.
Шай ішіп, намаз оқып, жайланып ап,
Өріне Найзақызыл бастық қадам.
Таулар көп: өркеш-өркеш, түйе мойнақ,
Құлын, тай, болатұғын бота, тайлақ.
Ер кетіп, сыпырылып ат көтіне,
Секіріп иығына міндік жайдақ.
Білмедім қалды қайсы жақтан келіп,
Қарамай ерге жайдақ алдым мініп.
Түсірмей ерді жерге шапшаңдықпен,
Қолымен алды қағып Ақпан келіп.
Ойладым: түссем жерге, мәнім болмас,
Жығылсаң, оңдырар ма қып - қызыл тас.
Тар жер, тайғақ кешуде қайырылысқан,
Деп соны айт: " қияметтік жақсы жолдас"
Басында Найза қызыл қауын сойып,
Қызықпен ішпей - жемей жүрдік тойып.
Атты ондап ерттеп алып, қайта мініп,
Жөнелдік енді төмен бетті қойып.
Жол емес жүрер адам жолын тауып,
Жер емес жүретұғын желіп, шауып.
Бәрінен біткен жұрттың басып озып,
Өзенге барып қондық - "Бақырауық."
Жалайыр, Арғын, Қыпшақ тобыменен,
Құлан сай таудан түскен қобыменен.
Көпірден теріс құйған жерден өтіп,
Ат салған Қайқыш қорған жолыменен.
Бұл жолда денсаулық пен керек жастық,
Шоңқайып ат көтіне таудан астық.
Құданың о да болса, жеткізгені:
Бұлт пенен аспандағы араластық.
Алатау, кешіп өттік Құлат сайын,
Біз көрдік әулиенің Қадам жайын.
Екі өзен қатар ағып Шыршық құйған,
Дейді екен: "Сасық қайың", "Боқты қайың.
Шыршықтан әрлі - берлі өткеніміз,
Талайды тастап жолда кеткеніміз.
Шатқалда - Хазіреті Ыдырыс тауларына,
Аяңдап шаршы түсте жеткеніміз
Жылқының мінсең жүйрік пырағына,
Жеткізер, желсең жердің жырағына.
Тазалап күнә, кірін жуғанымыз –
Ол соны Даштияның бұлағына.
Жігіттер, бұл замана ақыр екен,
Нанбаған айтқан тілге кәпір екен.
Ишандар тыстан келген қырық-елу жан,
Басында сол бұлақтың жатыр екен.
Жер екен Ышқыш бапқа жақын таяу,
Түседі айтқан сөзге көңілі ояу.
Шынымен ықылас қойған— әулиеге
Сол жерден барады екен болып жаяу.
Ол күні олар онда қалды жатып,
Халық, жұртты жүрісіне таңырқатып.
Бұрынғы қазақшылық қалпымызбен,
Атпенен барып түстік тасырлатып.
Аң - таңбыз бұрын, сірә, көрмеген соң,
Жол білер даналармен жүрмеген соң.
Бірі боп барған көптің кете бардық,
Мән-жайын бұрын естіп білмеген соң.
Бесінде Қадам жайға барып түстік,
Шырақшы қазақ Шайхымен жүз көрістік.
Өлі аруақ, тірі аруақты зиарат қып,
Пейіштен шыққан көзі судан іштік.
Қанарсың әңгімеге менен жарып,
Солардың бәрін жүріп көрген ғаріп.
Қырғыздан бір басшы алып молда
Ақпан мен Арасан бұлағына қайттық барып.
Бұлаққа түнде бардық жолмен айдап,
Жарықтай қараңғыда гүл - гүл жайнап.
Жып-жылы қолың салсаң, жылытқан судай,
Қазандай шымыр - шымыр жатқан қайнап.
Жол жүріп ғаріплікпен күн-түн қаттық,
Әр жердің Құдай айдап тұзын таттық.
Жете ме ойға алғанға адам, сірә,
Қылмаса жаннан кешіп азаматтық?!
Таусылмас көзбен көрген тілмен айтып,
Қинадық аз күн жанды бейнет тартып.
Дәнеме ұйықтап жатқан бітірген жоқ,
Таң атпай орнымызға келдік қайтып.
Нұсқа боп жазылған сөз қалар хатқа,
Татқыздық талай жердің суын атқа.
Аяңдап молда Ақпанмен тағы шықтық,
Жұма күн ертең ерте зиаратқа.
Шомылдық абрахымат суға түсіп,
Шарбатқа һураганан қандық ішіп.
Үміт қып жаһитлардан ыстығанат
Ортасын көп мазардың өттік кешіп.
Көп шаттық (шатлық) көңілімізге болды пайда,
Мазар боп қалсаң дүние сондай жайда-ай!.
Балқыған қорғасындай болып кеттік,
Айырған тортасынан сары майдай.
Қарайды базар барған қалтасына,
Сүйсінер тоғай барған балтасына.
Отырдық біраз кіріп, пайыз алып,
Жар салған ишанлардың алқасына.
Кеп барған хисабы жоқ ноғай, сарттың,
Қаншама ортасында жас пен қарттың.
Жұманың парызын ада қылғанымыз
Бес жүздей ортасында жамиғаттың.
Көп шығар бәлки мұнан, айттым шақтап,
Не түрлі маңғаздары барған ақтап.
Қасиет әулиенің кереметін,
Айтсам да жарасады қалай мақтап.
- Құдай-ау, өзің бізді қолда! - дедім,
- Қалдырмай жер ортасы жолда! - дедім.
- Қырықшілтен, ғайып ерен - бірқатарың
Барсың ғой Хызыр Ілияс мұнда! - дедім.
Қайтқанда Кіші бурыл астық таудан,
Жер екен боз бетеге, қалың қаудан.
Жүсіп жүр шыр айналып құтыла алмай,
Аңдысқан бала жастан нәпсі жаудан.
Аулынан Атай қырғыз қымыз ішіп,
Тізілген тырнадай боп, құстай ұшып.
Қымызға мас болғанын білмей қалып,
Жығылып Оразымбет тасты құшып.
- Байқамай айран ғой деп іше беріп,
Алды ғой, - дейді, - алған соң атқа мініп.
Ала алмай судан дәрет буыны босап,
Бірталай қызықшылық қылдық күліп.
Көп болды жолдасынан сонда адасқан,
Алма мен жаңғақ тердік жолда ағаштан.
Дүлділдің ахырының астындағы
Қайтарда өтіп шықтық тесік тастан.
Сөз таппас Өлеңші ата дарымаған,
Сөзім бар ескірмеген, қарымаған.
Бұл жолда есі бүтін деген жандар,
Таяғын қалпағы мен танымаған.
Ауырып жолда бір ат өлмей қалған,
Сонда да емес еді жүрмей қалған.
Тықылдақ, пысық қана жас балалар
Екенін күннің қай күн білмей қалған.
Көп болмай қалған емес ойға алғаным,
Айтарлық болды әңгіме бұл барғаным.
Қасымда жан жолдастың жоқтығынан,
Дариға-ай, іште кетті көп арманым!
Ой ойлап, ми тауыстым ертеңді - кеш,
Рудан жалғыз болдым еңбегім еш!
Жете алмай ой түбіне шаршағаннан,
Баста ми, көңілде ғақыл, қалмаған ес.
Қара атты семіртпедім жаздай шауып,
Мінбедім жемге байлап, кежім жауып.
Білімге-жат, ғақылға алаш болып,
Кетемін өз-өзімнен есім ауып.
Жеткізген ұшқан құстай қанатым-ай!
Күн жауса, су болмайтын манатым-ай!
Асырған Алатаудан жаяулатпай,
Жолдасым елден ерген, Қара атым-ай!
Жануар, салдым сені тауға, тасқа,
Байлаулы тұрып қалдың әр ағашқа!
Көзіме рулы елдей көрінесің,
Жылқыға мінгім келмес сенен басқа!
Дер кезің: он-он бірге келді жасың,
Балшықтай илеп бастың таудың тасын.
Жегізіп Сарыарқаның жауылшасын,
Жануар, босатармын арқа-басың!
Иншалла, оған дейін жүрсем тірі,
Қылармын сені есепті малдың бірі.
Итген озық, кісіден кейін болып,
Жүре бер бүкең-бүкең онан бері.
Барады іште кетіп арманымыз,
Бар еді әр түрлі ойға алғанымыз.
Сөз болды бес-алты ауыз бозбалаға,
Бір сапар Хазірет Ыдырысқа барғанымыз.
Жабылар арғымақтан бұл күнде озды,
Ат арып, азаматтың тоны тозды.
Көңілін есіл ердің жабырқатып,
Имансыз бір мүнафиқнадан бұзды.
Бұл Мәшһүр Бұхар барған, Қоқан барған,
Ойы бар: барсам деген онан да арман.
Дегенге ер: "Жетемін!"- мал жеткізбей,
Барады-ау іште кетіп әрбір арман!
Бүл Мәшһүр Бұхар барған, Қоқан барған,
Ойы бар барсам деген онан да арман.
Түлеген аққу құстың қанатындай,
Жерінде жүрген-тұрған сөзі қалған.
Жалғанды жалғыз кезген басым еді,
Бір асыл қолға түспес тасым еді.
Зиарат ЬІшқышбапқа бұл барғаным-
Жылым-қой, отыз жеті жасым еді.
Ташкентке қырық тоғызда тағы бардым,
Сау көріп ұстаз пірді мәз боп қалдым.
Молда Ақпан сау-саламат аман екен,
Бір кітап жетпіс сомдық память алдым.
Құдай-ау, ризамын бергеніңе!
"Көздемей тұра - тұр!"- де мергеніңе!
Былқылдақ бір домалақ мес сықылды
Ғибрат пен назар көзбен көргеніңе!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter