Өлеңдер ✍️
Әке үкімі
Шомбал жігіт кіріп келді ентелеп
Кірген бойда, Әке деді
Әке деді еркелеп
Жүруші едің
Маған ылғи өкпелі
Кеюші едің
Мал болмайсың деп мені
Сол сөзіңді сірә қайтып аласың-ау шамасы
Атышулы Баймағамбет сұлтанның
Маған берген сыйлығына қарашы
Төрде отырған әкесінің алдына
Маң-маң басып барды да
Алтын жіппен әдіптелген жағасы
Сұр ішікті тастай салды баласы
Иә, сөйле деді әкесі
Қандай ерлік көрсеттің
Екі ай бойы
Қане қайда жол шектің
Баласы айтты:
Топ бастадық төрт адам
Махамбеттің жақыны
Ықыласты үгіттеп
Мақтап қағып арқаға
Қосып алдық ортаға
Бұл түгелдей
Мына ұлыңның ақылы
Еркін жетер әңгіме ол бір таңға
Қапысызда қармақ салып
Махамбетті алдап соғып
Басын кесіп сыйға тарттық сұлтанға
"Ой залым-ай, жүзіқара залым-ай"
Мұнша залым екеніңді қалай келгем танымай
Бұдан өткен зор қасірет болар ма,
Бұдан өткен зор қасірет болар ма,
деп әкесі жас үйірді жанарға
Қабағыңды жаба қалды неге мұң
Әке сенің қай сөзіңе сенемін
Есіңде ме менің бала күнімде
Махамбетті жек көремін дегенің
Рас, ұлым айтылған сөз оқпен тең
Бір кезде мен Махамбетті жек көргем
Әлде кемшін шағым ба еді ол ақылға
Пенеделік қой алған мені тақымға
Оған себеп сенің анаң жасынан
Ғашық болған сол Махамбет ақынға
Азаппенен атса да асау таңдарым
Қайрағам жоқ қызғаныштың қанжарын
Іштен тынып жүре бердім төзген боп
Бірақ өзін құлай сүйген жан барын
Қайран ақын сезген жоқ
Анаң марқұм ол дегенде от жалындап көзінен
Тамсанушы ед
нақ бір бақыт табардай әр сөзінен
Ұлы ақынға деген іңкәр сезімін
Көрге бірге ала кетті ол өзімен
Ақын деген киелі аққу самғаған
Ал, ендеше аққуды атқан пендені
Қай атаңнан көріп едің, оңбаған
Бұ салада сен бірінші адамсың
Адам емес ең бірінші надансың
Ертең сені қойып желдің өтіне
Ызалы ұрпақ түкіреді бетіңе
Және бұл зар оңайлықпен тиылмас
Қанымыз бір жолымыз да шиырлас
Енді сенің кесіріңнен маған да
Туған жердің топырағы бұйырмас
Жә, не қайыр налы мейлі, налыма
Кеттік қәне
Ішігіңді ал қолыңа!
Ұясына күн тұр еді батқалы
Түксиеді меңіреу құм шатқалы
Олар үлкен қара жолға түсіп ап,
Бір төбенің басына кеп тоқтады.
"Мына төбе саған соңғы шығар шың
Болатынын ұғарсың
Сен, әрине, құралайды көзге атқан
Атқан оғын маздатқан
Менің мерген екенімді ұмытпаған шығарсың,-
Деді әкесі құлазып нар көңілі
Дір-дір етіп"Ұмытқам жоқ" деді ұлы!
" Балам үміт өмірімнің өлшемі
Өзің едің, қайғым болдың еңселі
Осы жолмен өткен жұрттың аузынан
Махамбеттің жырын тыңдап жат енді
Дала заңы - Баба заңы, қарағым,-
Деп әкесі қолына алды садағын!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter