Өлеңдер ✍️
Бозторғай
«Қиын жол қияметтің - тар-ды» - дейді,
«Бір жағы- су, бір жағы от, жар-ды» - дейді.
«Хазірет Ғалы пайғамбар заманында
Маңайында бір мүсәпір бар-ды!» - дейді.
Көңілінде ол мүсәпір аласы жоқ,
Ерлі-байлы екі бас , баласы жоқ.
Жарлығы Жаратқанның сондай қатты:
Бір жалғыз тым болмаса қарасы жоқ.
Құдайы береді екен есіне алып,
Асы жоқ ішеріне байғұс кәріп.
Күнінде амалы жоқ ол бейшара,
Суларға жүреді екен қармақ салып.
Ұшқан кұс, жүгірген аң, - бәрі тамақ,
Шәкірттер ұстазынан алар сабақ.
Ұзын күн қармақ салып жүрсе-дағы,
Тілінер қармағына жалғыз шабақ.
Ол жарлы қармақ салып, қайтады екен,
Кедейлік мүсәпірге батады екен.
Екеуі бір шабақты қорек қылып,
Соныменен ауқаты өтіп жатады екен.
Ол жарлы бұрынғыдай бола алмады,
Көңілі күндегідей тола алмады.
Бір күні күні бойы қармақ салып,
Еш нәрсе қармағымен ала алмады.
«Қиын жол қияметтің - тар-ды» - дейді,
«Бір жағы - өрт, бір жағы от, жар-ды» - дейді.
«Ол күні аш болған соң жазған кәріп,
Кәпірге тамақ сұрай барды», - дейді.
Жоқтықта қинар нәпсі кәріп жанды.
Көреді ол мүсәпір атпас таңды.
Не берсін тегін тамақ ол кәпір де
Бір теңгенің тамағын қарызға алды.
ГІайғамбар бізден бұрын өтті дейді,
Кемелге тілеулі құл жетпейді.
«Пәлен күні кегіл тауып беремін!»-деп,
Бір күнді болжал қылып , кетті дейді.
Ол жарлы бұрынғыдай бола алмады,
Көңілі күндегідей тола алмады.
Болжал күні болғанда, барып еді,
Берерге жалғыз тиын таба алмады.
Жоқтықта қинар нәпсі кәріп жанды,
Көреді ол мүсәпір атпас таңды.
Күнінде ол теңгесін өтей алмай,
Енді жарлы мойнына өсім салды.
Жоқтықта қинар нәпсі кәріп жанды,
Көреді бұ мүсәпір атпас таңды.
Күнінде ол теңгесін өтей алмай,
Мың қылып, бір теңгесін хатқа салды.
Жарлыға мың теңге ақша түсті дейді,
Кедейлік бәрінен де күшті дейді.
Ақшасы мыңға жетіп кеткеннен соң,
Жарлыны: «Ақшам бер!» - деп, қысты дейді.
- Қайдан тауып беремін саған? - дейді,
- Аз ғана аян берші маған! - дейді.
- Саған берер бір тиын еш нәрсем жоқ,
Барайын Мұхаммедке таман! - дейді.
Жаман жоқ бұрыс басқан асқанынан ,
Бір теңге мыңға қадам басқанынан.
Мысырды бұл мүсәпір қырық айналды,
Барарын білмей қайда сасқанынан.
Шаһарда бұл бармаған есік қалмай,
Бас салып ешбіріне кіріп бармай.
Сылтау ғып әне-міне дегенменен,
Теңгесін қояр емес кәпір алмай.
Ол жарлы бір Аллаға налып келді,
Қоймасын ол кәпірдің танып келді.
Өзінен берер нәрсе жоқ болған соң,
Сасқаннан Мұхаммедке алып келді.
Құдайдың салғанына көніп келді,
Енгенде Мұхаммедке күліп келді.
Мұхаммед, сақабалар - бәрі отырған
Жерінде сәлем беріп кіріп келді.
- Уағалейкум әссалам, ай, мүсәпір,
Бұл қалай қасыңдағы жүрген кәпір?
Екі көзің жылауда, а, мүсәпір,
Қай жаққа алып сені бара жатыр?
- Сыйынсаң бір Аллаға, бұрын сыйын,
Іс өткен соң сыйынсаң, болар қиын.
Бар еді бұ көпірдің менде ақшасы,
Берерге таба алмадым жалғыз тиын.
- Жаратқан бәрімізді бір Құдай-ды,
Жаратты жарық қылып Күн мен Айды.
Өзіңнен берер нәрсең жоқ болса егер,
Барасың мұны ертіп енді қайда?
- Жаратқан жабдығымыз бір Құдай-ды,
Жатқанға шалқасынан дүние қайда ?
Он сегіз мың ғаламның патшасы - сіз,
Бір пайдаңыз тиер ме екен осындайда?
Өзіне мал жимады ол пайғамбар,
Малы көп сақабалар пейілі тар.
Жан-жағында отырған сақабалар
Қараса, Мұхаммедім жерге қарар.
Ашуы ер Ғалының енді келді-ей,
Көңілін кең жаратқан хақ шалқар көлдей.
- Бабам жерге қарады - деп, хазірет Ғалы, -
- Бата бер, мен үзем! - деп, тұра келді-ей!
- Бата бер, мен үзем! - деп, тұра келді-ей
Ашуы ер Ғалының қатты келді.
Адамның өн бойына біткен түгі
Киімнен найзадай боп, шыға келді.
Ол Мұхаммед пайғамбар бата берді,
Ғалының айтқан сөзін қабыл көрді.
Бабасынан бата алып хазірет Ғалы
Ерітіп ол мүсәпірді үйге келді.
Шүкір қылдым Құдайдың бұл ісіне,
Тағы тәубе қыламын әр ісіне.
- Ақша бар ма кәпірге беретін? - деп,
Үйдің ішін тінттірді Бибісіне.
«Жоқ еді!» - деп, аузына ала алмады,
Көңілі күндегідей бола алмады.
Үйдің ішін ақтарып қараса да,
Берерге жалғыз тиын таба алмады.
Қайғысыз хазірет Ғалы ер-ді дейді,
Берер нәрсе таппады енді дейді.
«Бұл ақшаңды тауып үзермін!» - деп,
Екі ұғылын (ұлын) кәпірге берді дейді.
Хасен мен Хұсайынды алды дейді,
Қуанып кәпір үйге барды дейді.
Екі етегін беліне түріп алып,
Бір жаққа бетін түзеп салды дейді.
Жолында хазірет Ғалы жалғыз жүрді,
Жалғыз жүріп, көп ұлт мола көрді.
Ол моланың басына келді-дағы,
Отырып хазірет Ғалы дұға (дуа) қылды.
Молада бір торғай отыр, кезіп салды,
Торғайды көремін деп көңіліне алды.
Ер Ғалы айналдырып көріп еді,
Сол жерде көргеннен соң, қайран қалды.
«Ұстап алып торғайды көрсем!» - дейді,
«Хасен мен Хұсайынға берсем!» - дейді.
«Еріккенде ермек қылып, ойнар еді,
Алып барып оларға берсем!»-дейді.
Не күшті, ойлап тұрсам, Құдай күшті,
Аузыма айтып едім, Құдай түсті.
Шап етіп аяғынан ұстап еді,
Торғай құс жұдырықтай алды да, ұшты.
Ер Ғалы бір Аллаға нанып кетті,
Боларын бір тамаша танып кетті.
«Маған енді не пар?» - деп, жүрген Ғалы -
Жұдырықтай бір торғай алып кетті.
Жаратқан жер дүниені жексенбі күн,
Қараңғы өлгендерге болады түн.
«Хазірет Ғалы, торғайдан айрылма!» - деп,
Артынан ащы дауыс шығады үн.
Ол торғай аспанға шырқап шықты, қайрылмады,
Сөйтсе де хазірет Ғалы қайғырмады.
Ерлікпенен торғайды тұтып еді ,
Ақырында ерлікпен айрылмады.
Қайғырып хазірет Ғалы саспады енді,
Бір жолға Құдай тағала бастады енді.
Ол торғай аспанменен алып келіп,
Ғалыны жапан түзге тастады енді .
Ер Ғалы бұрынғыдай күле алмады,
Қалды жаяу астына ат міне алмады.
Ғалыға бір зор уайым енді түсті,
Өзі қайдан келгенін біле алмады.
Ер Ғалы тәубе қылып, күлді дейді,
Болғанын бір ғажап іс білді дейді.
- Иа, Құдай, өзің оңға баста! - деумен
Аяңдап бет алдына жүрді дейді.
Жүре - жүре бір асқар белге келді,
Өзі туып көрмеген жерге келді.
Әр жолға Құдайымның өзі бастар.
Бір көп жойқын ен жатқан елге келді.
Ер Ғалы елге қарай жүрді дейді,
Бір шалқардың ілгіне кірді дейді.
Бір еркек жоқ көрінген, бәрі ұрғашы,
Бір қараша үй көріп, келді дейді.
Келді де қараша үйге сойлес кылдьг,
Сөйлес қылса, бір жаман кемпір келді.
- Кемпір-ау, тірі еркегің еліңде жоқ,
Сұраймын, жөніңді айтшы, не елсің? - дейді.
- Айтайын жөнімізді сізге батыр,
Сұрасаң, жөніміздің өзі кәпір.
Бар еркегі елімнің тойға кетті,
Патшамыз осы уақта той қыш жатыр.
Ғалының ауады енді тентек ойы,
Кемпірдің қозғалады тұла бойы.
- Қимылдаған еркегің бәрі кетіп,
Ол қылған патшаңыздың ненің тойы?
- Бір жерге тамам кісі орнайтұғын,
Мойынын бөтен жаққа бұрмайтұғын.
Патшаның мәжілісі бар жұма сайын,
Сауық қып, кеңес қылып жырлайтұғын.
- Кетіпті тірі еркегің тамам! - дейді,
- Не болды онда бармай саған? - дейді.
- Мұсылманның дініне кіргізейін,
Ол тойың тура сілте маған! - дейді.
- Барар болсаң, көп тұрма мұнда - дейді.
-Менің айтқан сөзімді тыңда! - дейді.
-Сонау жерге барғанда, дауыс шығар,
Той қылып, шулап жатқан сонда! - дейді.
- Бір жақсылық қылайын, кемпір! - дейді,
- Тіліңді калимаға келтір! -дейді.
- Мұсылманның дініне кіргізейін,
- «Лә-ила-ила-Алла!» - келтір! - дейді.
- Дінімді бермен, тілімді берсем-дағы,
Көңілім бермен, сөзіңе ерсем-дағы.
Тілімді калимаға келтірмеймін,
Өз кұмымнан шықпаймын өлсем-дағы!
Сонан соң хазірет Ғалы тасты дейді,
Кемпір жаман ол қорқып састы дейді.
- Өз кұмыңнан шықпайтын неме екенсің,
- Деп кемпірді дарға (дараға) асты дейді.
Кемпірден бір ашуын алды дейді,
Кемпір байғұс тырайып қалды дейді.
Екі етегін беліне түріп алып,
Ер Ғалы тойханаға барды дейді.
Сол тойға келді жаяу батыр,
Кәпірге-жүрген жері - заман ақыр.
Самсаған сары қолға келді жетіп,
Той қылып, шуылдап жатыр тамам кәпір.
Хазірет Ғалы сол тойға келді жайнап,
Кәпірлер шулап жатыр күліп-ойнап.
Кіріп барып отырды ортасына
Сансыз құлдың бәрінің көзін байлап.
Сыйыңды хазірет Ғалы Алласына,
Кіріп барып отырды ортасына.
Мас болған арақ ішіп, сауық қылып,
Енді кеңес айттырмақ молдасына.
Кәпірлер өз есінен шықты дейді,
Бір-бірін арақ беріп жықты дейді.
Сол азан салдыртқалы молдасына,
Басына мұңтарапың шықты дейді.
- Жігіттер, ал тыңдайық, кідіріңізші,
Тыңдасаңыз құлақ салып: «Е!» - деңізші!
«Мұнараның басына шыққаннан соң,
Азанда айтатұғын не?» - деңізші!
Боқтайды: ораза, намаз әуел иман,
Боқтайды тағы онан соң кітап «Құран».
Жүз жиырма төрт мың пайғамбар боқтап беріп,
Түк қалдырмай төрт жардан, сақабадан.
Ол молда бұрынғыдай бола алмады,
Көңіліне күндегі сөз қона алмады.
Айтайын деп ентелеп келсе-дағы,
Айтуға бір ауыз сөз таба алмады.
Аруағы ер Ғалының күшті дейді,
Молда бақыр көтінен пісті дейді.
Сөзінің күнде айтатын біреуі жоқ,
Молданы тамам кәпір қысты дейді.
Қиын жол қияметтің тар, білемін,
Төрт шадияр пайғамбарға жар білемін.
Сөзімнің күнде айтқан біреуі жоқ,
Бір адам пайғамбардан бар білемін.
Молданың көңілі болды күпті дейді,
Бір ауыз сөз таба алмас тіпті дейді.
- Пайғамбардан кім бар, қане, осында?! - деп,
Кәпірлер түс-түс жақтан тіпті дейді.
Ол молда бұрынғыдай күле алмады,
Көңіліне күндегі сөз қона алмады .
Кәпірлер түс-түс жақтан тінтсе-дағы,
Ғалыны ішіндегі көре алмады.
Ер Ғалы ортасында отыр жайнап,
Кәпірлер дулап жатыр күліп-ойнап.
Ғалыны ішіндегі қайдан тапсын,
Бәрінің қойғаннан соң көзін байлап.
Аруағы ер Ғалының күшті дейді,
Молда батыр көтінен пісті дейді.
- Сен өтірік айтасың, адам жоқ! - деп, Молданы:
- Өлтірем! - деп, қысты дейді.
Ойласам, Бисмилланың пірі отыр-ды,
Көңілге бисмилладан себеп кірді.
- Пайғамбардан кейінгі мен бармын! - деп,
Ер Ғалы ерлігімен түрегелді.
Дәметпеген тамақтан аш қалады,
Қиямет қайым болғанда, тас жанады.
- Мінеки, мен бармын! - деп, түрегелді,
Жиылған тамам кәпір бас салады.
Ер Ғалы бір Аллаға нанып келді,
Болғанын бір ғажап іс танып білді .
- Өзі жаяу, бір адам жүр екен! - деп,
Ғалыны патшасына алып келді.
Қылышын жасауылдар қайрайды-мыс,
Мылтығын жасауылдар сайлайды-мыс.
«Бұл кісіні қалай қылып өлтірем?!» - деп,
Патшасы молдасы мен ойлайды-мыс.
Молда айтты:
- Жүр екен бұл мұнда келіп,
Тәлкектеп, өлтірейік мазақ қылып.
Бұл кісіні: «Аллалап» өлтірейік,
Мойнына бір нәрсені кінә қылып.
- Иа, молда, сіз айтсаңыз олай қылып,
Құдайым берді бізге оңай қылып.
Бұл кісінің міндетін сізге бердім,
Сіз мұны өлтірсең де, қалай қылып.
- Бір адам әлдеқалай келіпті кез,
Жігіттер, шамаң келсе, қимылда тез!
Тапсаң сен, таба алмасаң, өлтірейік,
Жұмбақ қылып айтайық екі ауыз сөз.
Молда ашпады Ғалыға:
- Нанармысың?
Менің айтқам тілімді алармысың?
Жұмбақ қылып айтамын он ауыз сөз,
Бір ауызын қалдырмай, табармысың?
Ғалы айтады молдаға:
- Нанармысың?
Менің айтқам сөзімді алармысың?
Тапсам, таптым, таппасам, өлемін ғой,
Тапсам, үш ауыз сөз айтайын, табармысың?!
Молда айтады:
- Сөйлесіп, танысалық!
Таппағанды қылышпен шабысалық.
Әуелі мен сұрайын, жауап берші.
Кезектесіп жұмбақты, табысалық!
- Сөйлейін, сөйле десең, Жаббар Құдай,
Шарапаты Мәдиненің тұрсын былай.
- Өлтірермін, ойламай, тапшы жылдам:
«Бір-екеу болмақ жоқ, мұным қалай?
- Сөйлейін, сөйле десең, Жаббар Құдай,
Шарапаты Мәдиненің тұрар былай.
Ол неге екеу болсын, шұпамыр құл,
Жаратқан бәрімізді жалғыз Құдай.
- Сөйлейін, сөйле десең, Жаббар Құдай,
Шарапаты Мәдиненің тұрсын былай.
Дереу басың кесермін, тапшы жылдам,
Екеу үшеу болмақ жоқ, оным қалай?
- Үндерде не жақсы, Құран үйі,
Түндерде не түн жақсы, Қадір түні.
Ол неге үшеу болсын, кәпір дұшпан,
Жаратқан бір Құдайдың Ай мен Күні!
- Сөйлейін, сөйле десең, Жаббар Құдай,
Шарапаты Мәдиненің тұрар былай.
Өлтіртемін, ойламай, тапшы жылдам,
Үшеу төртеу болмақ жоқ, оным қалай?
Айтайын, білгенімді, жиылған көп,
Мен айтсам осылай қып, болар ма еді?
Ол неге төртеу болсын, кәпір дұшпан,
Хұптанның аяғында отыр Уәжіп.
- Сөйлейін, сөйле десең, Жаббар Құдай,
Шарапаты Мәдиненің тұрар былай.
Өлтіремін, ойламай, тапшы жылдам,
Төртеу бесеу болмақ жоқ, оным қалай?
- Төрт шадияр: екеуі: Омар, Оспан,
Біреуі - хазірет Ғалы - елден басқан,
Біреуі - Әбубәкір сыдық болар,
Ол неге бесеу болсын, кәпір дұшпан?!
- Сөйлейін, сөйле десең, Жаббар Құдай,
Шарапаты Мәдиненің тұрар былай.
Өлтіремін, ойламай, тапшы жылдам,
Бесеу алтау болмақ жоқ, оным қалай?
- Шырақтың алды менен арты болмас,
Кітаптан шыққан сөздің қалты болмас.
Дәрет пенен бес уақыт намаз болар,
Шұнамыр құл, ол - бесеу, алты болмас!
- Сөйлейін, сөйле десең, Жаббар Құдай,
Шарапаты Мәдиненің тұрар былай.
Өлтіремін, ойламай, тапшы жылдам,
Алтау жетеу болмақ жоқ, оным қалай?
- Қияметтің қыл көпірі қиын жер ме,
«Исрафил соры» - деген қызыл жел ме?
Ол неге жетеу болсын, кәпір дұшпан,
Жаратқан имандыға алты кәлима.
- Сөйлейін, сөйле десең, Жаббар Құдай,
Шарапаты Мәдиненің тұрар былай.
Өлтіремін, ойламай, тапшы жылдам,
Жетеу сегіз болмақ жоқ, оным калай?
- Сенің айтқан сөзіңнің бәрі анық,
Менің айтқан сөзімді қылма танық.
Ол неге сегіз болсын, кәпір дұшпан,
Қылмысты құл орны тұр - жеті тамұқ.
- Сөйлейін, сөйле десең, Жаббар Құдай,
Шарапаты Мәдиненің тұрар былай.
Дереу басың алармын, тапшы жылдам,
Сегіз тоғыз болмақ жоқ, мұным қалай?
- Қылмыссыз кұлға орын - жұмақтан тақ,
Он екі иман көңілімде болады нақ.
Ол неге тоғыз болсын, шұнамыр құл,
Қылмыссыз кұлдың орны - сегіз жұмақ (ұжмақ).
- Сөйлейін, сөйле десең, Жаббар Құдай,
Шарапаты Мәдиненің тұрар былай.
Өлтіремін, ойламай, тапшы жылдам,
Тоғыз ой болмақ жоқ-ты, оным қалай?
- Ай, кәпірлер, мен айтайын сөздің жайын,
ГІайдасы жоқ сөзіңді не қылайын?!
Ол неге оң болсын, шұнамыр құл,
Тоғыз ұлды пайғамбар Ибрагим (Ибрайым)!
- Сөйлейін, сөйле десең, Жаббар Құдай,
Шарапаты Мәдиненің тұрар былай.
Өлтіремін, ойламай, тапшы жылдам,
Он он бір болмақ жоқ, мұным қалай?
- Жеті қабат жер мен көк - бәрі ғалам,
Бейіш бетін көре алмас қылғысты адам .
Ол неге он бір болсын, шұнамыр құл,
Он ай кұрсақ көтерген ұрғашы адам.
Ол дүние бұл дүниеден қатты дейді,
Қызығы бұ дүниенің тәтті дейді.
Ол молда он ауыз сөз айтып еді,
Бір ауызын қалдырмай тапты дейді.
Ғалы айтты:
- Тіліме нанармысың,
Менің айтқан тілімді алармысың?
Он сөзді айтып едің, бәрін таптым,
Мен үш ауыз сөз айтайын, табармысың?
-Көп сөзің бар ішіңде сенің- дейді,
- Ашуыма көп тиме менің! - дейді.
- Әлде не деп айтасың маған? - дейді,
- Ол сөзіңді айтпаймын сенің ! - дейді.
Аруағы ер Ғалының күшті дейді,
Көтінен молда бақыр пісті дейді.
- Бұ айтқан соң, сен неге айтпайсың? - деп,
Молданы тамам кәпір қысты дейді.
- Қоймадың, ай, патшам, халімізге,
Келді бір зор қайғы шәрімізге (шағарымызға).
Мұның айтқан үш сөзін айтар ем мен,
Мен айтқанда, айтар болсаң бәріңіз де.
- Өтерсің бір нәрсені көңіліңе алып,
Таппасаң, байғұс молдам, болдың кәріп.
Сенің айтқан сөзіңді біз де айтармыз,
Бұ жерде не болармыз сенен қалып?!
- Айтайын, солай болса, мен! -дейді-міс,
- Менің айтқан сөзіме көн! - дейді-міс.
- Айтатұғын сөзіңді сұра менен,
Сөзіңді айтшы, білелік, сен! - дейді - міс.
- Ойласам, бисмилланың бірі зат-ты,
Болғанда тілім - шежіре, көңілім - хат-ты.
Бұл сөзімді ойламай, жылдам тапшы,
Жұмақтың есігінде не жаратты?
- Қияметтің қыл көпір жол бар дейді,
Ұзындығы мың жылдық мол бар дейді.
Жұмақтың есігінде есіткенім:
«Бисмилла ал-рахман рахим!» - сол бар дейді.
- Ойласам, бисмилланың бірі зат-ты,
Болғанда тілім-шежіре. көңілім - хат-ты.
Бұ сөзімді ойламай, тапшы жылдам,
Жұмақтың тап төрінде не жаратты?
- Қияметтің қыл көпір жол бар дейді,
Ұзындығы мың жылдық мол бар дейді.
Жұмақтың тап төрінде есіткенім:
«Лә-ила-Алла-ила-Алла!» - сол бар дейді.
- Ойласам, бисмилланың бірі зат-ты,
Болғанда тілім-шежіре, көңілім - хат-ты.
Бұ сөзімді ойламай, тапшы жылдам,
Жұмақтың мәуесінде не жаратты?
- Қияметтің қыл көпір жол бар дейді,
Ұзындығы мың жылдық мол бар дейді.
Жұмақтың мәуесінде есіткенім:
«Лә-ила-Алла-ила-Алла» - сол бар дейді.
Ол молда үшеуін де білді дейді,
Тілдері калимаға келді дейді.
- Бәрімізге ұстат болып, имам болдың,
Не аласыз біздерден енді?! - дейді.
- Жеткізген мұнда мені бір торғай құс,
Үйден мені шығарған жарлы байғұс.
Не берерсіз біздерге, не бермессіз,
Керек еді біздерге алтын, күміс.
Тамам кәпір мұсылман болды дейді,
Шайтан қашты, періште толды дейді.
Алтын менен күмісті жинап еді,
Үлкендігі бір таудай болды дейді.
Ер Ғалы енді ойлайды ойды дейді,
Алтын менен күміске тойды дейді.
Арқасында көтеріп салып еді,
Ер Ғалы көтере алмай, қойды дейді.
Ер Ғалы бір Аллаға нанып кетті,
Құдайдың шеберлігін танып кетті.
Екіншілей арқалап көтергенде,
Торғай құс келді де алып, алыс кетті.
Ер Ғалы сабыр қылып, саспайды енді,
Алла тағала бір жолға бастайды енді.
Ол торғай аспанменен алып кетіп,
Ғалыны өз үйіне тастайды енді.
Алып келіп кедейге берді дейді,
Кедей байғұс қуаты күлді дейді.
Кедей барып кәпірдің борышын төлеп,
Дін мұсылман мұны естіп білді дейді.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter