Өлеңдер ✍️
Өлеңдер ✍️
15.04.2021
271
Жаңа жыл сәлемі
Жастар маған гүл тартып,
Мен жастарға жыр тартып,
Жаңа жылды тойлағам.
Жан қызыққа құмартып,
Өмірімді ұзартып
Ортасында ойнағам.
Жасаулы жас қарағай —
Жас өспірім баладай
Қарасам, көз тоймаған.
Соған ұсап гүл жайнап,
Жүруші еді жыр сайрап
Қыз балам мен бозбалам.
Жаугершілік күн туып,
Жұрт майданға ұмтылып,
Ұмытылды ол заман.
Енді көрсем жастарды
Тас түйілген қаһарлы,
Халық қамын ойлаған:
Күн сарылып, түн қатқан,
Қабағына қар қатқан,
Қару асқан зор адам;
Мұздай темір құрсанған,
Алыптарға ұсаған,
Аспафанды толғаған.
Қарлы боран ішінде,
Қаһарманның түсінде
Елестейді сол маған.
Оққа төсеп кеудесін,
Күшпен басып жау десін,
Туған елін қорғаған.
Қызым менен ұлыма
Соғыстың жаңа жылында
Сыйлығым — жыр жолдаған.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter