Өлеңдер ✍️
Халық қазынасы
Елім менің жерге бай,
Айдынды шалқар көлге бай,
Төрт түлігі мыңғырған,
Егісі көз тұндырған,
Тауы тола кенге бай,
Москвадан барып ашылған,
Көрікті біздің көрме бай,
Ел байлығы тұтасқан
Жерді қаптай, ерді орай.
Жамбыл қалай шыдасын
Оны жыр ғып толғамай!
От оттаған жерімнен
Құлжадайын семірген
Қошқар менен қой да бар,
Тау текедей мүйізді,
Сүті шәрбәт уызды
Ақ бөкендей ешкісі,
Көрдің бе бізден басқа елде
Мұндай байлық қайда бар?
Көп малдың бір көрігі,
Жерді сызған желіні
Бұзауқанның анасы
Сиыр деген бізде бар,
Мүйізі көкті тіреген.
Сандай санды жылқы бар
Сауырынан түлеген.
Мыңғырған менің елімде,
Дегерез деген жерімде
Мың сан құлын енесі
Мама болған биесі,
Текежаумыт айғырдың
Арғымақ туған баласы;
Колхозды елдің қымызға
Иіндей толған сабасы.
Алматыдан андыздай
Үлкендігі қарбыздай
Бақшада өскен алмасы;
Туысқан елде тоғысқан
Шын еңбектің қызығы
Көрмеде тұр Мәскеуде
Грузиннің алмұрты,
Мейізі мен жүзімі,
Оған жалғас жайнаған
Өзбекстан өрігі;
Ұлпалы ақ мақтасы, —
Көрменің бір көрігі,
Түркменстан жерінің
Текежаумыт ат деген
Құлағымен ойнаған
Бейне таудың елігі;
Үйір-үйір жылқыдан
Жүгенін үзе жұлқынған
Арғымақты таңдап ел
Әскерге асыл ат берген,
Сталиннің саясы,
Сталиннің аясы
Бізге осындай бақ берген.
Маңғазды, маң-маң, маң
басқан,
Табанын шірей дәл басқан.
Түйе деген бізде бар;
Өркештері жар тастай,
Күн шалмаған маңдайын,
Дулығасы таудайын
Қызыл бұйра нарлар бар.
Ару ана жүр ойқастай,
Біздің халық еңбегі
Көк темірді жібіткен,
Біздің Отан өнері
Машинаны жүгірткен;
Он бір Одақ елімнің
Халқы бірге туысқан,
Он бір Одақ елімнің
Еңбегі, көркі тоғысқан.
Он бір Одақ өрге өрлеп,
Қызыл туы желпілдеп,
Тұғырға қонған қырандай
Отанға еркін қонысқан.
Елде де, еркін жерде де,
Мәскеудегі көрмеде
Жер жүзінен мойны ұзақ
Туы астында табысқан.
Құлашты алға сермейміз,
Күннен күнге ерлейміз,
Бұл байлықтың жалғыз да
Түйірін жауға бермейміз,
Жау тиіссе бір шеттен
Тас-талқан ғып түйрейміз!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter