Өлеңдер ✍️

  15.04.2021
  173


Автор: Жамбыл Жабаев

Халық туысқандығы

Тыңдаушым, келіп маған сендер сынды,
Жырла — деп, сұрадыңдар өткен күнді.
Өткенде домбырамды күйлеп едім,
Қозғады ол — үн орнына қайғы, мұңды.
Ызыңдап мұң шаққандай желден жаман,
Ашқысы келмейді аузын ескі жарақ.
Ақынға күй кернеген үн бере ме,
Бұлдырап кеткен құрғыр зарлы заман.
Ойласам ескі жара от боп жанад,
Өлең-жыр күй кернетіп айқай салад.
Қамаған халқын Ресей тар қапасқа —
Өткен күн — қарысқан жақ, қатқан қабақ.
Түтіккен қара түнде күнді көрмей,
Арман ғып таң сәулесін қолды сермей,
Көтеріп ауыр жүкті өткен елім!
Қан қара, жаны жара тек қана өлмей.
Қаһарлы жауыз патша халықты алдап,
Бүлдіріп, ойран салып, елді жалмап,
Қорғады соныменен таж бен бағын,
Ол күлді, ел жатқанда уайым сарнап.
Қырқысты қазақ, қырғыз айдауменен,
Шабысты түрік, армян қайрауменен,
Түн, бұғау, алдау, арбау, дін-шариғат,
Қан құйып халық көзін байлауменен.
Еврейді «жүйіт» қойып тентіретті,
Сарт, ноғай, қырғыз, қохол — құбыжық етті.
Үгіттеп өштестіріп өзді-өзіне,
Туыстар бірі қанын бірі төкті.
Бастаған сәуле нұрға адамзатты,
Ленин қара түнде дабыл қақты.
Миллион ер көтеріліп, бірге шықты,
Зорлықты талқандады бейне абақты.
Оқ-мылтық, қылыш, найза қаруланып,
Ленин мен Сталиннен нұсқау алып,
Төңкеріп жауыздарды тастады елім,
Капитал қолқасына қолды салып.
Жыйырма жыл босатқанға елімізді,
Бөледік, гүлге орадық жерімізді.
Бахыттың ұлы отаны одақ құрдық,
Жинадық, түрдік етек-жеңімізді.
Ерікті ел армян, қазақ, тәжік, қырғыз,
Бас қосты алпыс ұлт — жайнады жүз;
Жарқырап ортасында ұлы Мәскеу
Жүрегі Отанымның жарық жұлдыз.
Кілемдей қайда барсаң жайнаған жер,
Кең дүние еңбек қызу қайнаған жер;
Бақ орнап, ен далаға нұрын төгіп,
Ішінде ақын бұлбұл сайраған жер.
Бәрі дос қайда барсаң жаттығы жоқ,
Бір кезде қамшы орнатып, атылған оқ;
Жерлерден тату-тәтті, сөз естисің,
Жарқын жүз бір бауырдан туғандай боп.
Бірі жоқ тұман түнде кектескен ел,
Жауласып жазықсыз қан ағызған сел,
Қасқырдай бірін-бірі басып жейтін
Аяусыз айуан заңы тентегі тел.
Сталин нұры астында мәңгі жарық,
Туысқан қол ұстасты барлық халық,
Бір туған бахытқа ортақ ел жасалды —
Білмеген, жасамаған бұрын тарих.
Он бір ұл егіз туып түзеген сап,
Айтуға сөз жетпейтін түр мен сымбат,
Алтын заң құшағында еркін өсіп,
Үйреткен дүниеде достық қымбат!
Ызалы, қара пиғыл жау жаралы,
Tic қайрап құтырған ит көз салады,
Оған қарсы күн санап достық өсер,
Тірегі Отанымның — күш қамалы.
Ол қамал мәңгі шеккен тастап берік,
Болаттай шегендеген қызған көрік,
Орнықты Кремльдің қорғамындай,
Басында Ленин қабыры бергендей серт.
Жайна елім, гүлде, көгер, шырқа, әнге сал!
Дүкен құр, өмір жаса бір тәтті бал.
Егін ек, бақшаңды өсір, қала тұрғыз,
Қайыссын, жерді бассын қаптаған мал.
Шөл дала сусын ішсін — шөлі қансын,
Алма өссін, гүл бақшасы жапырақ жарсын.
Сайрандап адам ұлы кең дүниеде
Бұлбұл құс бойы балқып әнге салсын.
Атымен ұлы Сталин жеңген халық,
Қоймасын адам өмірі алды ақтарып,
Бахытқа ұшан-теңіз қолы жетті,
Мұхитта шомбығандай алтын балық.
Жасасын, алғыс айтам Сталинге!
Сөйлейді данышпанды барлық тілде,
Жеткізген барлық елді қуанышқа,
Жырлаймын Сталинді күн де, түн де.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу