Өлеңдер ✍️

  15.04.2021
  137


Автор: Жамбыл Жабаев

Москва туралы жыр

Жүрегім жыршы домбыра —
Бахытты қартың Жамбыл, мен!
Естиді Отан даусымды,
Бөгелме, Жамбыл, сөйлеуден!
Оралдан асып, даладан,
Еділден асып айқара.
Заулатты мені от арба,
Жорғалайын шайқала.
Мінгізген жүйрік керемет,
Күн Сталин, көп рахмет!
Отаным қандай кең байтақ,
Москвам неткен тамаша!
Айналам шаттық, байлық, бақ,
Көз тоймайды қараса.
Қартайдым қажып демес ем,
Жасасам тағы тоқсан жыл.
Көрініп тұрса Мавзолей,
Шақырса күнде Кремль.
Көрсеткен маған сый хұрмет,
Күн Сталин көп рахмет!
Кіндігі жердің Мавзолей,
Жатыр онда ұлы адам.
Табыты күндей нұр шашқан
Ақылы мұхит данышпан.
Атын әлем жаттаған
Жатқан Ленин — арыстан.
Қалмаған жан жарыстан,
Жығылмаған алыстан
Бірге туған Ленинмен,
Ұлы Сталин, күнім сен!
Кремльге кірдім мен
Кілең достар айналам.
Көзім түсті, отырды
Барлық жаннан ұлы адам.
Аты туы әлемнің
Асқан бойы жаһаннан.
Марқабатты, сүйкімді
Қақты әкемдей арқамнан.
Көрсеткен маған сый хұрмет,
Күн Сталин, көп рахмет!
Түстім келіп метроға
Домбырамды өңгеріп,
Жөнелді алып от арба
Жұлдызы жанған дем беріп.
Көсемнің досы Лазарьдың
Поезын ұшқыр сүйемін,
Москвада да, аулымда
От арбама иемін.
Күреспен ашқан көзімді
Жырлаймын көсем өзіңді!
Көгерді халқым достығы
Туысты орыс қазақпен,
Отаным тыныштық тірегі /
Өрбіген бахыт көктеген,
Сталиншіл қырандар,
Күзетшісі жерімнің.
Батыр Клим бастаушы
Сүйген ұлы елімнің.
Бақытымды күшпен қорғаған,
Сталин, рахмет, көп саған!
Үстімде жібек шапаным,
Басымда бөрік құндыздан.
Заманым көктем, нұр төккен
Жарығым—шамым жұлдыздан
Бахыттың кені Отаным,
Жайлауым алма бағындай,
Құшағында Сталин —
Жетілдік жауға жалынбай,
Жерде бахыт жасаған,
Рахмет көсем, көп саған!
Жолдасым замандасым сен,
Құрдасым сен жігіттей,
Отанмен бірге жырламай
Отырам қалай күй төкпей:
Сталин — біздің жүректе,
Сталин — біздің өлеңде.
Сталин — ту бар елде,
Сталин — күн әлемге.
Жаса, жаса, Сталин!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу