Өлеңдер ✍️
Кекті ашу
Бойымда қайнап кекті ашу,
Қаһарын төкті домбырам.
Өлеңім от пен у шашты,
Шапшыған бойда қызды қан!
Арқырап аққан өзендей,
Тасыды ашу аулымнан.
Буырқанды, бұрсанды
Мені туған күшті Отан
Ашу неге қызбасын —
Ұсталып отыр үш хайуан:
Троцкий деген ит
Қанды аузымен құтырған,
Қаппақ болған жерінде
Қандата соқтық тұмсықтан.
Зиновьев қара бет
О да қанға ынтыққан,
Каменев деген қасқырдың
Бұғауладық тұмсығын,
Азуын жұлып, ырситқан.
Соңдарында қорқаулар
Түнді таңдап жүр екен.
Отанымның бақытын
Алмақ болып жүр екен.
Базарына фашистің
Салмақ болып жүр екен.
Су орнына қан ішіп
Қанбақ болып жүр екен.
Сталинге оқ атып,
Сүйген елдің жүрегін
Жармақ болып жүр екен.
Қойынға кірген жыландай
Жатпақ болып жүр екен.
Кремльдің жұлдызын
Қақпақ болып жүр екен,
Адамзаттық жүрегін
Шақпақ болып жүр екен.
Күллі әлемнің ай, күнін
Атпақ болып жүр екен.
Ұшар ма жылан аспанға,
Ұмтылса күнге жетер ме?
Жер хайуаны түйеге
Бүркітше қанат бітер ме?
Ұлығанмен қасқырлар
Жұлдызға зиян етер ме?
Жанған отқа иттердің
Қанды тісі өтер ме?
Сталинім күн болса,
Иттердің ит екені
Айтыңдаршы, бекер ме?!
Көретін көзім — Сталин,
Сөйлейтін сөзім — Сталин,
Жүрегім — жаным Сталин!
Тірлігім — қаным Сталин!
Сталиннің дұшпанын
Бұғауладым, ұстадым.
Бұғауланған дұшпанды
Атылсын! — дейді, ауылым,
Поселка, қала, қыстағым,
Оқ берсін иттер жазасын;
Жасасын, күнім Сталин!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter