Өлеңдер ✍️
Жамбылдың халық үшін қалған жасы
Жүзге кеп бақыт тапқан ақын Жамбыл,
Дүниеге түгел кеткен атың Жамбыл.
Тілекке көп аңсаған бүгін жеттің
Далада жасасаң да ғасыр Жамбыл.
Француз, Испан, Үнді, бүкіл одақ,
Оқыдың арнап жазған хатын Жамбыл,
Ел сөзі әрі мақтан, әрі міндет,
Сөзіңді терең ойға батыр Жамбыл.
Құйған соң алқабыңа нұр тасқыны
Мұхиттай шарықтаған тасы Жамбыл,
Тасытқан Сталиндік алтын ғасыр,
Сондықтан көкке жетті басың Жамбыл.
Сүңгі де түбі терең тұңғиыққа
Жырыңның жина қымбат тасын
Жамбыл.
Қаймағы адамзаттың көсем үшін
Татымды жыр шербетін сапыр Жамбыл.
Өң берген, өpic берген, өмір берген,
Тойыңа бақыт, ырыс шашу Жамбыл,
Халыққа соны берген заманыңды
Шарықта, шыңға шығар атын Жамбыл!
Күш құйған жүрегіне, жігер берген
Ардақтап, артық сүйед халқын Жамбыл.
Бір минут оны ойынан шығара ма
Жасаса тағы жүз жыл жасын Жамбыл.
Халық үшін терге төсеп төсек етер
Ағарған сақалы мен шашын Жамбыл.
Көтерген көкке төбе тірелгенше
Иеді көпшілікке басын Жамбыл.
Мен Жамбыл ғасыр тұрған жүздегі қарт, •
Сайлауға ұсыныпты ел, депутат.
Депутат — Ұлы Совет мүшелігі,
Қол жетпес ұлы міндет, орны қымбат.
Есалаң ел басқарған қауымдарға
Мендей қарт күн етеді қайыршылап,
Қай уақта ел сайлаған қадірлісін
Жүргенде бірі күліп, мыңы жылап?
Болмаса Сталиндік күндей заңы
Еш елде болмақ емес адам азат:
Сайлауға сүйген ұлын ұсынуға
Қолында ердің ерік болуы шарт.
Сондықтан бізде ғана бірдей сайлау
Талғаусыз қатысатын бар азамат;
Мейрімді бірлік берік, қою достық,
Жайраңдап, не істесем көңілім шат.
Мейілі — мың жасасын, жүз жасасын,
Мұндай күн көрген емес еш адамзат.
Лениншіл-Сталиншіл большевиктер,
Елімнің ұйтқысы мықты ынтымақ.
Тірегім коммунистік қызыл туым,
Жеңімпаз жеңілмейтін күшті қуат.
Ел сенген депутаттық кандидаты
Ішінде кандидаттың Жамбыл қарты.
Ұл десе ел, басымды иіп қызмет етем
«Төрелік» депутаттың емес аты.
Ол маған өз дауысын сеніп бермек,
Мойнымда Алатаудай елдің ақы.
Біткенше ақырғы дем айтам жырын
Елімнің үстем болсын мәртәбасы.
Соғайын асыл жырдың асқар тауын
Түскендей күллі әлемге шұғыласы.
Көркейіп көркем өнер өрістесін,
Шарықтап шат елімнің салтанаты,
Өңім — қарт, өмірім — жас қажымайтын,
Қуатым Сталиннің шарапаты.
Мен әскер, сап алдында садақ тартқан
Елімнің өшпенді жау келсе қасы.
Жырымның жанарланған болмақ гүлі
Отанның өрлеп өскен шаруасы.
Сайлаушы халық алдында ант етемін
Жамбылдың халық үшін қалған жасы.
Тынымсыз күні-түні етпек қызмет
Жамбылдың кәрі жаны, домбырасы.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter