Әңгімелер ✍️
Қасқырды атқан қайсысы?
Аңшылар үшеу едік. Біреуі министр, біреуі ғалым, үшіншісі мен - жазушымын.
Арқамызда тотыдай құлпырған қызылды-жасылды бір-бір байлам қырғауыл. Әрең көтеріп келеміз. Ылғи еркегі - атасы, әкесі, баласы... Әжесіне де, шешесіне де, қызына да тигеніміз жоқ. Атпадық.
Аңшылық құмары әбден тарқады. Көп аттық. Биылдыққа бір аңшы келмеген соныға кездестік те, аңшысы келіссе екі жыл жыр болатын қырғауыл аттық. Қырғауыл қырынан да қулады, шалқасынан да құлады, тәйкесінен де құлады. Шаншылып құлап келе жатқан бойы қоржынға өзі де кіріп кетті...
Іленің төменгі жағында осындай бір соны қорық барын естіп құмартып келгенбіз. Шын екен. Өзеннің ортасында қалған үш арал. Екеуіне былтырдан бері адам аяғы тимеген, тұнып тұр. Қалың қара ағаш, шытырман жиде мен жыңғыл. Белуардан келетін қорық көк өлең. Үшінші арал үйір-үйір жыңғыл, шеңгел екен, аппақ құм қырқаланып жатыр. Дәл ортасында жалғыз өскен жуан тораңғы көрінеді.
Таңертеңгі бір шарлауда сонша көп қырғауыл атып, енді демалуға біз сол үшінші аралға келе жатырмыз. Шын аңшы аң көп кездескен жерден алыстап кетіп демалу керек. Біз де соны істеп, қырғауыл көп екі аралдан қашықтап барамыз.
Август айының аяқ шені болса да күн әлі ыстық. Су да жылы. Үшінші аралға ауысу үшін қырға шықпай-ақ су кешіп келеміз. Үшеуміз де орта бойлының о жақ бұ жағында болсақ керек, арқадағы қырғауылдың қызылды-жасылды құлпырған құйрықтары суға жүзін келеді.
Аңшылық алабұртуы басылған соң, артығырақ кеткеніміз де еске түсе бастады. Алынған рұқсат бойынша үш аңшы үш-үштен тоғыз қырғауыл атпақ едік, қазір тоғыз-тоғыздан асырып жіберсек керек. Осы бір түйткіл еске түсіп үшеуіміз де үнсіз келеміз.
Министр бәрімізден бұрын қырағылық көрсетіп:
- Асыра сілтеп жібермедік пе? Ұсталып қалсақ ұят болып жүрмес пе екен? - деді, бізге бұрылып.
- Түнде қайтамыз ғой, ұстала қоймаспыз... - деді ғалым.
Мен үндемедім. Арқадағы қырғауыл салмағы ауырлай түскендей болды.
Үшінші аралға келіп орналасқаннан кейін аңшылық қалпымызға қайта оралыппыз. Әркім өз атқан қырғауылын қоюырақ көлеңкеге тығып жатыр. Ғалым өз қырғауылдарын бір құмның етегін қазып жіберіп, сызды салқынға көмді. Жуан жалғыз тораңғы үй орнындай дөңгелене біткен қалың жыңғылдың дәл ортасына өскен екен, айналасына қою көлеңке түсіріп тұр.
Шын аңшылар орынды-орынсыз от жағып, түтін бұрқыратпаулары керек. Біз де алдымызға термостарымызды әкеліп қойдық. Шын аңшылар мырза келеді, біз де сумка біткенді, дорба біткенді ортаға қойдық. Ақ мойнақтар, қызыл мойнақтар қылтия бастады. Шын аңшылар дабырлап сөйлеспейді, біз де ақырын ғана күбірлесіп отырмыз. Шын аңшылар үнемі сақ отырады, біз де қолымызда кесе, көзіміз айналада, құлағымыз әр дыбысқа елең етіп қалып отыр.
- Ойбай, елік! - деп ғалым газет дастарханның үстіне бұға қалды. Мойны оқыс бұрылып, көздері «елік!» деген жағына қадалып қалыпты. Тырнақтының көзі, тістінің көзі, аңшының көзі!.. Кесесі қисайып, қарақошқыл коньяк төгіліп жатыр.
- Елік емес, қара құйрық! - деп, министр де бұға қалды. Оның кесесі де жантая құлап, оның коньягы да төгіліп жатыр.
Мен ешнәрсені көрмей-ақ бұқтым. Менің коньягім де төгіліп жатыр... Министр де жоқ, ғалым да жоқ, жазушы да жоқ, аңшылар қалыппыз...
Жыңғыл шыршасының азғана селдіреген жерінен жел жағымыздағы суға жақындап келіп тоқтаған үш қара құйрық көрінеді. Екі лағын ертіп келген ана киік елең қағып, елгезек тұр. Қауіп барын сезінгендей селк етіп қалады. Екі лағында табиғи сергектік, ата жөнелуге әзір тұрғандық бар. Сонымен бірге анасына сенген балалық, балаға лайық ойнақылық бар.
Екі лақтың бірі суға тізесінен ғана түсіп, суды бір ұрттады да басын көтеріп, тамсанып айналасына қарады. Тағының сақтығын, лақтың сақтығын істеп тұр. Лақ байғұс басын суға қайта еңкейте бергенде бір бүйірінен арс етіп қалып, суға атылып түскен көкжал арлан қасқырды көрдік. Ана киік қасындағы лағымен бірге жалт бұрылып, орғып-қарғып қыр асып кетті. Суда қалған лақ аз-ақ бассалмаған қасқырдан ыршып біздің аралға қарай қашып келеді. Орғып-атқылап, секіріп ыршып, ұшып келеді. Суға лақтан гөрі салмақтырақ батып, қасқыр да қалмай келеді. Біздің екі жігіт мылтықтарын қолдарына алды.
- Қасқырды, қасқырды! - десіп, ысылдасып қалдық.
Лақ қашып, қасқыр қуып келе жатқан су Іле өзенінің өзі емес, үш аралды күн шығыс жағынан орап кеткен жіңішке жармасы ғана. Терең де емес, ені де елу метрдей ғана. Байғұс лақ бір секіргенде екі метрдей кетеді де қасқыр одан шалымды емес, ауырлау малтығып келеді.
Қоян көжегіндей сұрғылт лақ құм аралға қалжырап шықты. Көкжал арлан бес метрдей кейін шықса да болдырмапты. Қайрақ құмға тырнағы іліккен соң-ақ лақпен арасы жақындай берді.
Тағы баласы қарауытқанға жақындамай, біздің оң жағымыздағы құм бұйраттың қырқасымен қашып келеді. Арлан қасқыр аузын араңдай ашып алған. Кеңірдек түбінен шыққан ызалы ырыл естіле бастады. Қашқан лақ, қуған қасқыр дәл біздің тұсымызға келгенде аралары үш метрдей-ақ еді. Көздері шұбартып кеткен көк тажал бар ызасымен енді бір арс етіп қалса, қорқақ лақ ұшып түскендей. Екі мылтық жалғаса гүрс етіп қалды. Мен селк ете түстім. Қорыққаннан емес екен...
Лақ байғұс өз екпінімен доңғаланып барып, тұмсығынан шаншыла құмға құлап түсті. Бар қамқорлығымыз - азаптамай, тез өлтіргенімізде болат та... Қасқыр жалт бұрылып, атжал құмның тасасына түсіп кетті. Жоқ болды.
Аңшылар бірімізге-біріміз қарадық та үндеспей қалдық.
- Қасқырды, қасқырды! - деп, ысылдасып қалғанымыз қайда?
Термос қақпағы ашылған жоқ. Әркім үнсіз орнынан тұрып, өз бұйымдарын жинай бастады.
Сол бетімізбен машинамызға қайттық. Тұнық қара көздері әлі мөлдіреп, мейірім тілеп жатқан өлі лақты ешкім алған жоқ.
Содан бері сол аңшы достарыммен кездескен емеспін...
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter