Өлеңдер ✍️

  13.04.2021
  173


Автор: Сұлтанмахмұт Торайғыров

Қайғы

Асты мұз, үсті де мұз, өзі қалың,
Ақ дария қаптаған жердің бәрін.
Көріп тұрмын «жаныңды қоймаймын» деп;
Терісінен суық желдің долданғанын.
Үскірік, күңгірттенген, ауа шаңыт,
Жүрегім шыдамайды, түрін танып.
Өз көзіме сенбей жүр өз көңілім,
Құдай-ау, мен де кедей болдым ба анық.
Баласы емес пе едім Құтпанбайдың?
Мыңды айдаған нағашым және қайным.
Бар ма еді бұл маңайда бір ай бұрын,
Менен сүйген кісісі бір құдайдың?
Майда жал, қаз мойынды тобым қайда?
Бәрінен сыпырылдым бір-екі айда.
Үстіне жел шықпаса, адам шықпай,
Бұла өскен ая көзім қандай жайда.
Тарамыс таспасы да қолға түспей,
Қу сүйек болды, қалды әрбір сайда.
Неше жыл бейнеттеніп өсіргенде,
Қайғысы өз басыма болған пайда.
Терлесе жаным шыға жаздаушы еді,
Кім мініп, кім жемеді бар ма айла?
Отырдым біржолата қара малдан,
Бәрі өледі, көтерем ана қалған.
Өлімсекке қу қамыс не болады,
Сасқандықтан қораны бұзып салған.
Бұра тартар көлік жоқ, жүрмін жаяу,
Онда жоқ ет азайған, аштық таяу.
1919
* Бұл арада 20 шақты беттей жоғалған.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу