Әңгімелер ✍️
Ағайынды Карамазовтар. I
Роман
І
Аударған Нияз Сыздықов
Сіздерге ақиқатын, шындығын айтамын: егер бидайдың дәні жерге түскен соң өлмесе, онда ол сол жалғыз дән күйі қалмақ; ал егер өлсе, онда ол бітік өнімін бермек.
(Иоан інжілі, XII тарау, 24-бет)
Анна Григорьевна Достоевскаяға арнаймын
АВТОРДАН
Кейіпкерім Алексей Федорович Карамазовтың өмір жолын баяндағалы отырсам да, ішімде аздаған күмәнім де жоқ емес. Алексей Федоровичті кейіпкерім деп атағанмен, оның әсте кемеңгер кісі емесін білемін, сондықтан да: кейіпкер етіп аларлықтай оның қандай керемет қасиеті бар еді? Ол соншама не істеп еді? Оны кім біледі, ол қандай ісімен әйгілі болды? Оның өміріне қатысты деректерді зерттеуге мен, оқырман, неліктен уақытымды зая кетіруім керек? — деген сияқты сауалдардың тумай қалмайтындығын күні бұрын сезіп отырмын.
Сүріндірсе — соңғы сауал сүріндірер деймін, өйткені мен оған: "Мұны, бәлкім, романнан өздеріңіз оқып білерсіздер", — деп қана жауап бере аламын ғой. Ал егер романды оқып шыққан соң, одан ғажап дерлік ештеңе таппаса ше, менің Алексей Федоровичімнің керемет деген қасиеттерін байқамаса ше? Бұлай дейтінім, солай боларым күні бұрын сезіп, қапаланып та отырмын. Меніңше, ол ғажап жан, алайда, мұны оқырманға дәлелдеп үлгере алар ма екем деп тағы да қатты күдіктене берем. Гәп мынада болып тұрғаны: ол, бәлкім, қайраткер де шығар, бірақ өлі айқын тұлғаланбаған, дүмбілездеу қайраткер болар. Сонан соң, бұл заманда жұрттан пәлендей бір жарқыраған айқындықты талап етудің өзі әбестік секілді. Сірә, бір-ақ нәрсе күмәнсыз: ол түсініксіз жан, тіпті жүрген бір әпенді десе де болар. Әйтсе де, әсіресе жұрттың бәрі жекелеген ерекшеліктердің басын біріктіріп, мына жапатармағай парықсыздықтан қандай да бір жалпыға ортақ парық-пайым іздеп табуға жанталасып жатқанда, әпенділік пен түсініксіздіктің назар салуға тұрарлықтай болғанынан гөрі, тигізетін зияны көп пе деймін. Әпенділік көп ретте даралану мен оқшаулану ғой. Солай емес пе?
Ал егер сіздер менің осы соңғы пікіріммен келіспей: "Олай емес" немесе "Дәйім олай бола бермейді" десеңіздер, онда кейіпкерім деп отырған Алексей Федоровичтің маңыз-мағынасына менің тіпті жаным марқайып қалуы да мүмкін. Өйткені әпенділік "дәйім" даралану мен оқшаулану бола бермейтіні былай тұрсын, қайта, мұның керісінше, кейде бір тұтастықтың өзегін тек сол ғана бойында сақтағандай, ал онымен замандас адамдардың бәрі қайсыбір ұйтқыған желдің әсерінен одан әлдеқалай уақытша бөлініп қалғандай көрінетін жағдай да кездесіп жатады ғой...
Алайда, менің осынау мүлде тартымсыз, көмескі түсініктемелерге бармай-ақ, ешқандай алғы сөзсіз, жай ғана бастап кеткім де келер еді: ұнатса — онсыз да оқып шықпай ма; бірақ, қырсық қылғанда мен баяндағалы отырған ғұмырнама — біреу де, роман — екеу.
Басты роман — екіншісі, онда кейіпкерімнің осы біздің замандағы, дәл қазіргі кезеңдегі қызметі әңгіме болады. Бірінші романдағы оқиға осыдан он үш жыл бұрын өткен, ол кейіпкерімнің балаң жігіт шағының бір сәті ғана болғандықтан, оны тіпті роман деудің өзі қиын. Әйтсе де, осы бірінші романнан аттап өте алатын емеспін, өйткені екінші романдағы көптеген жайттар онсыз түсініксіз болып қалар еді. Сөйтіп әуелгі қиыншылығым осылайша тағы да шиеленісіп отырғаны: егер менің өзім, яки ғұмырнамашы, ондай жұпыны, дүмбілез кейіпкерге бір романның өзі де көптік қылмас па екен деп күдіктеніп отырғанда, енді келіп екі бірдей романды алға тартуым қалай болар екен, мұндай асқақтық танытқанымды қалай түсіндірер екенмін?
Осы сауалдардың шешімін таба алмай қиналғандықтан, енді ешқандай жауап іздемей-ақ, орағытып өте шығуға тәуекел етпекпін. Сөз сыңайын ә дегеннен осыған әкеп саятынымды байқаған сұңғыла оқырман мұны, әлбетте, әлдеқашан сезіп, менің бөстекі сөзге салынып, қымбат уақытымды неліктен зая кетіретініме іштей ренжіген де шығар. Бұған нақпа-нақ жауабым әзір: аса қымбат уақытымды бөстекі сөзге шығындасам, біріншіден, бұл сыпайыгершілік көрсеткенім, екіншіден, кейбір жайттарды алдын ала құлақ қағыс етіп едім ғой деген бақай қулығым да жоқ емес. Әйтсе де, романымның "тұтастығы оншама бұзылмай" өзінен-өзі екі хикаяға бөлінгеніне мен тіпті қуаныштымын да: оқырман бірінші хикаямен танысқаннан кейін: екіншісін оқу қажет пе. жоқ па? — деген сауалды өзі шеше жатар. Әрине, ешкім де толық оқуға міндетті емес; алғашқы хикаяның екі бетін оқығасын-ақ кітапты лақтырып тастап, қайтып қолға алмауына да болады. Бірақ, оқырмандардың ішінде кітапқа қапысыз, әділ пікір айту үшін оны ақырына дейін оқығысы келетін әдептілері де бар ғой, мысалы, орыс сыншыларының бәрі сондай. Міне, ондайлардың алдында, қалай дегенмен, онша қысылмайсың: олардың керемет ыждағаттығы мен адалдығына қарамастан, романдағы алғашқы оқиғаға тап болғанда-ақ кітапты лақтырып тастауына, бір жағынан, нағыз орынды сылтауды мен өзім тауып беріп отырмын. Барлық алғы сөз міне осы. Оның мүлде артық екендігіне көзім жетеді, бірақ жазылып қойғандықтан, мейлі қала берсін.
Ал енді іске сәт делік.
БІРІНШІ БӨЛІМ
БІРІНШІ КІТАП
БIP ӘУЛЕТСЬІМАҚТЫҢ ШЕЖIРЕCI
I
ФЕДОР ПАВЛОВИЧ КАРАМАЗОВ
Алексей Федорович Карамазов осыдан он үш жыл бұрын бір күдікті жағдайда қайғылы қазаға ұшыраған біздің уездегі Федор Павлович Карамазов деген помещиктің үшінші ұлы; кезінде Федор Павлович ел-жұртқа осы оқиғадан кейін (бізде бұл жайында қазір де еске алып жатады) белгілі болған, бірақ бұл жайында кезегі келгенде, кейінірек әңгіме ете жатармыз. Бұл "помещик" жөнінде (ол өмір бойы өзінің мекен-жайында тұрмаса да, бізде оны осылай атай беретін) әзірше айтарымыз мынау ғана: ол әлі де едәуір жиі кездесетін таңғаларлық тип, жай жексұрын, жай азғын емес, сонымен қабат нағыз парықсыз адамның типі еді; бірақ, қалай десеңіз де, бұл типтегі адамдардың бәрі байлық жинауға келгенде жанығып кететін кіл осындай парықсыздар ма деп қаласың. Мысалға Федор Павловичті алайық, ол ең жарымаған, кішкентай помещиксымақ болатын, алайда, өз үйінен бүйірі шығып тамақ ішпегесін бөтен үйдің дастарқанын аңдуды дағдыға айналдырған пендеңіз бақи дүниеге аттанып кеткенде артында таза ақшалай жүз мың сом қалдырыпты. Ол өмір бойы біздің уездегі ең парықсыз делқұлылардың бірі саналған еді. Тағы да қайталайын: бұл жай ақымақтық емес; мұндай делқұлылардың көбін ақыл мен қулықтан әсте құралақан дей алмаймыз, әңгіме нақ парықсыздықта, оның үстіне бір ерекше, ұлттық сипаты бар парықсыздықта болып отыр.
Ол екі рет төсек жаңғыртқан, үш ұлы болатын — үлкен ұлы, Дмитрий Федорович, бірінші әйелінен, қалған екеуі, Иван мен Алексей, екінші әйелінен. Бірінші қосағы біздің уездегі помещиктердің бірі, бай десең бай, ақсүйек десең ақсүйек Миусовтардың әулетінен еді. Анау-мынау емес, жасаулы қыздың, оған қоса айдай арудың, ол аз болса, көркіне ақылы сап өжет қыздың сол кезде жұрттың бәрі іске алғысыз "сүмелек" деп атап кеткен жігітке қалап ғана басын байлағанын оншама бажайлап жатқым келмейді: айтарым: біздің қазіргі ұрпақ ішінде ондай қыздар аз емсе, әйтсе де, ондайлар өткен замандарда да болған ғой. Мен өткендегі "романтикашыл" ұрпақтан сондай бір бикешті білетін едім: қайсыбір көк етіктіге талай жылғы жұмбақ ғашықтықтан кейін, ешбір әуре-сарсаңсыз соның етегінен ұстап, тұғырға қона қоюдың орнына, ол қайдағы жоқ қиямет-қайымды өзіне-өзі ойлап шығарып дауылды түнде биік құз тәрізді жарқабақтан төменде сарқырап жатқан тұңғиыққа құлап, Шекспирдің махаббат жолында құрбан болған Офелиясынан артықпын ба деген өзінің жөнсіз қыңырлығынан ғана мерт болған еді; егер қыздың көптен бері көкейіне ұялатып, аялаған биік құзы сондай керемет көрінбей, оның орнында жұпыны жайпақ жұғалау жатса, онда бұл қайғылы оқиға болар ма еді, болмас па еді. Бұл ақиқат айғақ, біздің орыс өмірінде, соңғы екі немесе үш ұрпақта, мұндай немесе осы тәрізді айғақтар аз болмаса керек. Аделаида Ивановна Миусованың бұл қылығы да сол айғақтар секілді өмірдегі жат сарынның жаңғырығы, тұтқын ойдың күйініші болғандығы күмәнсыз. Кім біледі, бәлкім, ол әйел басының тәуелсіздігін көрсеткісі келген шығар, бәлкім, ол қоғамдық жағдайларға қарсы өз туыстары мен өз әулетінің қаныпезер қаталдығына қарсы наразылық білдіргісі келген болар, бірақ қыздың алып ұшқан қиялы, шындығында, әншейін бір шырт етпе сайқымазақ Федор Павловичтің, бөтен дастарқанды аңдушы ашкөз деген аты шыққанына қарамастан, жақсылыққа бастайтын өтпелі заманның ең бір батыл, сонымен қабат ең күлкілі адамы болып жүргеніне, айталық, бір сәтке болса да оны иландырса, бұған не лаж. Тағы бір қызықтысы, Аделаида Ивановнаның көктен тілегені жерден табылып, істің ақыры жігіттің оны алып қашуымен тыңдап еді. Қайтсем мансапқа жетем деп алақанына түкіріп жүрген Федор Павлович те осындай оқыс әрекетке әрі-беріден соң өзінің әлеуметтік жағдайы себепті де әбден дайын-ды; дәулетті тұқыммен туыстасып, қалыңдықтың еншісіне тиетін мол дүние-мүлікке бір кенелу оны қатты қызықтырған. Ал екеуінің арасындағы махаббатқа келсек, қыз тарапынан да, тіпті Аделаида Ивановнаның сұлулығына қарамастан, жігіт тарапынан да осынау асыл сезімнің жұрнағы да болмаған секілді. Сол себептен мұның өзі, кетәрі емесін сездірсе-ақ, кез келген ұрғашының соңынан кете баруға қашан да әзір тұратын тым әйелжанды Федор Павловичтің өміріндегі бірден-бір айырықша оқиға болуы да мүмкін. Ал құмарлық тұрғысынан онда пәлендей бір әсер қалдырмаған тек жалғыз осы әйел екен.
Аделаида Ивановна таңдаймын деп тазға жолыққанын, бойында оған деген титтей де ыстық сезімнің жоғын алып қашқаннан кейін іле-шала, тез аңғарады. Сөйтіп, асығыс некенің салдары лезде байқалады. Болар іс болып бояуы сіңген соң, амал бар ма, әке-шешесі көп кешікпей қашып кеткен қызының еншісіне тиісті дүние-мүлкін бөліп бергеніне де қарамастан, отбасының шырқы бәрібір жараспайды, жұбайлардың арасында бітпес ұрыс-керіс басталады. Федор Павловичтен гөрі жас жұбай әлдеқайда зор кеңпейілділік пен ізгілік көрсеткенін барша жұрт жыр ғып айтатын; Федор Павлович онда — бұл енді ғана анықталды — келіншегінің қолына жиырма бес мыңдай ақшасы тиісімен-ақ, оны дереу құлқынына қағып алады, содан кейін қыруар байлық тастай батып, судай сіңіп жоқ боп кетеді. Федор Павлович келіншегінің еншісіне тиген кішігірім деревня мен шаһардағы тәп-тәуір үйді де ебін тауып өз атына түсіріп алуға көп әрекеттенеді, тынымсыз бопсалаған, тілемсектенген арсыздығынан әбден мезі боп, оны өлердей жек көріп кеткен жұбайы төзімі таусылғасын, былайша айтқанда, бұл сұмырайға беріп құтылмаса болмас деп қолын бір-ақ сілтегенде, бұл мақсатына да жететін еді, бірақ, бақытына қарай, Аделаида Ивановнаның үй іші араласып, озбырды дер кезінде тізгіндеп үлгеріпті. Жұбайлар жаға жыртысып, жұдырықтасып қалып та жүрсе керек, алайда, жұрт аузындағы аңыз бойынша, сабайтын Федор Павлович емес, керісінше, Аделаида Ивановна екен, осынау адуын өжет, шытынаған қара торы келіншекке тәңірім қара күшті аямай-ақ беріпті деседі. Ақыр соңында, ол жоқшылықтан титықтаған бір семинарист-мұғалімнің етегінен ұстағанды артық керіп, Федор Павловичтен қашып кетеді, сөйтіп үш жасар Митя әкесінің қолында қалады. Федор Павлович көп кешікпей үйін жын-ойнаққа айналдырып, ішкіліктен бас алмайтын болады, арадағы қылт еткен үзілістерде бүкіл губернияны түгел дерлік аралап жүріп, кез келгеннің бәріне Аделаида Ивановнаның оны тастап, басқа біреумен қашып кеткенін айтып шағынады, ең жаманы, ерлі-зайыптылар арасындағы өзге тірі пенде білмеске тиісті қасиетті құпияны ашуға да ұялмайды. Бастысы, жұрт көзінше мазақ болған күйеудің күлкілі рөлін ойнау, өзінің қалай жәбірленгенін бүге-шігесіне дейін әсірелеп баяндау оған қатты ұнайтын, оны тіпті қызықтыратын секілді еді. Мысқылшылар оған: "Федор Павлович, сіздің шен алғаныңызда не түр, онан да қайғы-қасіретіңізге қарамастан, мәз-мәйрам боп жүргеніңізді айтсайшы", — дейтін. Көп адамдар бұған қоса тіпті: ол енді болмашы ғана жаңарған сайқымазақ боп көрінуге құмар, жұртты күлдіру үшін ол өзінің келемеж болғанын жорта сезбегенсиді дейтін. Әйтсе де, кім біледі, бұл оның аңқаулығынан болуы да мүмкін ғой. Ақыр-соңында, ол қашып кеткен әйелінің ізіне де түседі. Ол бейбақ сол кеткеннен Петербургтен бір-ақ шығыпты да, өзінің семинарисімен не істесем де өз еркім дейтін жүгенсіз еркіндікке жетіпті. Федор Павлович дереу жолға қамданып, Петербургте жиналады, — бірақ, не үшін барады? Мұны, әлбетте, өзі де білмейді. Рас, оның сол жолы жүріп кетуі де мүмкін еді; алайда ол осындай шешімге келгеннен кейін, жолға шығар алдында арақ-шарапты судай сапырып тағы бір сайрандасам қайтеді ден ойлайды. Міне дәл осы кезде жұбайының үй іші Аделаида Ивановнаның қайтыс болғаны туралы Петербордан хабар алады. Бейшара бір үйдің шатыры астында жан тапсырыпты, біреулер — сүзектен кетіпті деседі, екіншілері — аштан өліпті-міс дейді. Әйелінің өлгенін естігенде Федор Павлович удай мас екен; біреулер — ол көшеге жүгіріп шығып, қуанғанынан екі қолын жайып көкке қарап: "Жаббар ием, өзің кешіре гөр", — деп жалбарыныпты десе, екіншілері — кәдімгі сәби балаша еңіреп жылағанын көргенінде, оны қаншама жек көрсең де, жаның ашиды екен деседі. Олай да, бұлай да болуы әбден мүмкін, яки ол басына бостандық алғанына қуанып та, бұған еркіндік берген әйелін жоқтап та жылауы әсте ғажап емес. Көп ретте адамдар, тіпті зұлымдар да, біздің білетінімізден әлдеқайда аңқау, ақ көңіл болып келеді. Әрі-беріден соң, біздің өзіміз де сондаймыз.
II
ҚЫБЫН ТАУЫП ҮЛКЕН ҰЛЫНАН ҚҰТЫЛДЫ
Әрине, ондай адамның қандай тәрбиеші және қандай әке бола алатынын көз алдыңа елестету қиын емес. Егер кешегі құдай қосқан қосағы Аделаида Ивановнадан қалған қаршадай ұлын қараптан-қарап есінен шығарса, ол қалай әке болмақ; бұл оның баланы жек көргендігінен немесе өзінің жұбайлық сезімінің қандайда бір қорланғандығынан емес-ті, ол кішкентай жетімегін мүлде ұмытып кеткен еді. Ол қазаға қайғырғансып жылап-сықтап жұрттың мазасын алып, үйін нағыз азғындық қордасына айналдырып есіріп жүргенде, үш жасар Митяны осы үйдің адал ниетті малайы Григорий бауырына басқан, егер сол кезде сәбиге жалғыз соның жаны ашымағанда, бейшараның үстіндегі көйлегін ауыстыратын тірі пенде табылмауы да мүмкін еді. Мұның үстіне, алғашқы кезде ол бейбақты нағашы жұрты да ұмытқандай болды. Сәбидің нағашы атасы, яки Аделаида Ивановнаның әкесі, Миусов мырза, ол кезде дүние салған; ал оның жесір қалған әйелі, яки Митяның нағашы әжесі Мәскеуге көшіп барғалы бері ауыр науқас-ты, ал Аделаиданың сіңлілері, яки Митяның нағашы апалары тұрмысқа шығып кеткен; осы себепті кішкентай Митяның бір жылдай сол малай Григорийдің қолында, ауладағы үйшікте паналай тұруына тура келді. Әкесі тіпті баласын есіне түсірген күнде де (дегенмен, туған әкесі емес пе, баласын мүлде ұмытуы қиын ғой), өзінің дәукестік әдетіне бөгет болмауы үшін оны бәрібір малайдың баспанасына қуып жіберер еді. Бірақ, дес бергенде, марқұм Аделаида Ивановнаның немере ағасы, Петр Александрович Миусов, осы кезде Парижден қайтып келеді; кейін талай жыл тапжылмай шетелде тұрған Петр онда әлі қылшылдаған жас жігіт болатын; білімділігімен, астана мен шет жұрттың тұрмыс салтына машықтығымен, өмір бойы өзін еуропалық санап, ақырында қырқыншы, елуінші жылдардың либералы атанған ол Миусовтар әулетіндегі бір ерекше жаралғаны еді. Ол мансап қуған өмірінің он бойында сол заманындағы Ресей мен шет елдегі шынайы либералдардың талайымен табақтас, тіпті Прудонмен де, Бакунинмен де таныс болған, ел аралап жер көрген қызықты өмірінің аяғына таман әсіресе қырық сегізінші жылы Парижде болған ақпан төңкерісінің үш күнін еске алуды ұнатушы еді және де баррикадалардағы шайқасқа бейне өзі де қатысқандай майын тамызып әңгімелейтін. Бұл оның жастық шағының ең қуанышты естеліктерінің бірі еді. Қара басына жетерлік байлығы да бар-ды, ертеректегі есеп бойынша бір мыңдай басыбайлы шаруасы болса, бұл аз ба, Оның құтты мекені біздің шаһарсымақтың тап іргесінде, әйгілі монастыріміздің жерімен іргелес орналаскан-ды, осы мекен-жайдың мұрагері болысымен-ақ Петр Александрович тіпті жас жігіт кезінен бастап, өзеннен балық аулау хақысы үшін бе, әлде орманнан ағаш кесу хақысы үшін бе, бұл арасын анық білмеймін, әйтеуір бітпес бір дау-шардың соңына түсті, "клерикалдармен" соттасуды керек десеңіз өзінің азаматтық һәм біліктілік парызы деп есептеді. Аделаида Ивановнаның қайтыс болғаны, оның артында Митя деген баласы қалғаны жайында бәрін естіп білген соң — әлбетте, ол немере қарындасын ұмытқан жоқ-ты, бір кезде оған көзі түскені де бар-ды — Федор Павловичке қаны қайнап, бойын ашу-ыза кернесе де, албырт жігіт бұл іске араласа кетті. Ол Федор Павловичпен осы жолы алғаш рет танысқан. Жетім қалған сәбиді тәрбиелеп өсіруді өз міндетіме аламын деп оған ашық мәлімдеді. Федор Павловичпен Митя жайында сөйлескенде, мұның қай баланы айтып тұрғанын мүлде түсінбей, үйінде сондай бір кішкентай сәби бар дегенге таңданған кісіше оның тіпті аңырып тұрып қалғанын Петр Александрович кейіннен, естен кетпес оқиға ретінде, көпке дейін айтып жүрді. Оның бұл әңгімесінде әсірелеушілік те жоқ емес шығар, бірақ онда қалай дегенмен шындыққа жанасатын бірдеңе сөзсіз болуға тиіс. Бірақ тәлімси қалу, кісінің алдында кенеттен бір күтпеген жаңа рөлді ойнау, ең бастысы, кейде тіпті ешбір қажеттігі болмаса да, мысалы, дәл осы жолғы сияқты, өзіне көпе-көрнеу зиян келіп жатса да, сол рөлді ойнамай қоймау Федор Павловичтің сүйегіне сіңген әдет болатын. Әйтсе де, мұның өзі өте көп адамдарға, Федор Павлович түгіл, тіпті аса парасатты деген кісілерге де тән қасиет. Петр Александрович істі қызу қолға алды, тіпті сәбиге (Федор Павловичпен бірге) қамқоршы болып та тағайындалды, өйткені баланың шешесі өлгеннен кейін артында жаман-жақсы болсын иелігі — үй мен мекен-жайы қалды емес пе. Сонымен, Митя шынында да осы немере ағасының қолына барды, бірақ, өзінің отбасы болмағандықтан, ол баланы Мәскеудегі бір барыня — немере апасының тәрбиесіне берді де, иеліктен алатын ақшаның уақытылы жіберілуін реттеген соң іле-шала тағы да Парижге ұзақ уақытқа кетіп қалды. Парижге барғаннан кейін, әсіресе өзінің ой-санасына сондай қатты әсер еткен, кейіннен өмір бойы есінен кетпеген ақпан төңкерісі басталған кезде баланы ол да ұмытты. Мәскеудегі барыня қайтыс болады, сөйтіп Митя оның күйеудегі бір қызының қолына барады. Ол бейбақ бұдан кейін де тұрағын төрт рет ауыстырған болу керек. Федор Павловичтің осынау үлкен ұлы туралы әлі талай жайттар баяндалатындықтан, қазір менің бұл жөнінде сөз еткім келмейді, әзірше тек ең қажетті мағлұматтарға тоқталумен шектелейін, мұнсыз романды тіпті бастай алмайтын секілдімін.
Қалай дегенмен бірсыпыра дәулеттің иесімін, демек, кәмелетке жеткесін біреудің аузына қарамайтын шығармын деген сеніммен өскен Дмитрий Федорович, біріншіден, Федор Павловичтің үш ұлының бірі ғана-ды. Оның бозбалалық, жастық шағы жөн-жосықсыз өтті: гимназияда оқып еді — бітіре алмады, сонан соң әскери мектепке түсті, одан кейін Кавказдан бір-ақ шықты, әйтсе де қызмет бабымен өспей қалған жоқ, бірақ біреумен дуэльде атысып шенінен айырылды, кейіннен қайта көтерілді, армансыз думандатып-ақ, көрді, сөйтіп жүріп қыруар ақшаны шашып тынды. Кәмелетке жеткенше әкесі ештеңе татырмағасын ол бұл кезде біраз борышқа батып та үлгерген еді. Жас жігіт өз еншісіне тиген дүние-мүлкі жайында сөйлесу үшін біздің жаққа арнайы келгенде ғана әкесін алғаш рет көріп, көзбе-көз жүздескен. Әкесі оған сонда-ақ ұнамаса керек; ол әкесінің үйінде көп жатқан жоқ, азын-аулақ ақшасы қолына тигесін иеліктен түсетін табысты бұдан былай қалай алып тұратыны жөнінде шала-пұла келіскен болды да, асығыс жүріп кетті, алайда ол иеліктің қандай және қанша табыс беретіні туралы (қызық емес пе) бұл жолы әкесінен ештеңе біле алмаған. Митяның мол байлықтың иесімін деген теріс ұғымда жүргенін Федор Павлович алғаш көргенде-ақ байқаған (мұны жадымызда сақтауымыз керек). Арамзалығын ішіне түйген Федор Павлович бұған қуанбаса, ренжіген жоқ-ты. Жеңілтек, әулекі, құмартқыш, тағатсыз әрі жүргіш болу керек, ендеше, болмашы бірдеңемен алдай салсаң, соған мәз боп азғана уақытқа болса да сол сәтте-ақ тынышталатын шығар деп ойлаған-ды. Федор Павлович баласының міне осы осалдығын пайдаланып бақты, яки анда-санда бейне садақа бергендей, жартымсыз тиын-тебен жібере салып, бірдеңені уақытша бере қойып алдарқата берді, мұның ақыры мынамен тынды: төзімі таусылған Митя төрт жылдан кейін әкесімен біржола есеп айырысу үшін шаһарымызға тағы бір келгенімде, кенет өз иелігінен ештеңе қалмаған болып шыққанына таңғалды; әкесінен өзінің еншісіне тиген дүние-мүліктің барлық құнынан оның ақшалай қанша артық алып қойғанын есептеп шығарудың өзі бір қиямет, бәлкім. өзі борышты болып қалған шығар; ал, мынадай-мынадай уақытта жарналастыққа өзі ризалық берген мынадай-мынадай келісімдер бойынша бірдеңе дәметуге оның тіпті хақы да жоқ, т.т. деген секілді. Бұған қайран қалған жас жігіт әкесі көпе-көрнеу өтірік айтып, оны алдап отыр деп күмәнданып, тұла бойын ашу кернеп, есінен танғандай халге түскен. Міне, дәл осы жағдай менің бірінші кіріспе романымда баяндалатын немесе дұрысырақ айтқанда, оның сыртқы көрінісі саналатын қайғылы оқиғаға әкеп соқтырған-ды. Бірақ, бұл романға кіріспестен бұрын, әуелі Федор Павловичтің қалған екі ұлы, Митяның інілері, қашан және кімнен туғанын баяндап берейін.
IІІ
ЕКІНШІ HEКE, ТОҚАЛДАН ТУҒАН БАЛАЛАР
Төрт жасар Митядан құтылған соң, Федор Павлович көп ұзамай екінші рет төсек жаңғыртқан. Тоқалымен сегіз жыл отасты. Бір жайтсымақпен бірге болмашы бір мердігерлік іспен басқа губернияға соққанында ол Софья Ивановна деген уылжыған жас қызға үйленін қайтады. Федор Павлович ырду-дырдумен, ішкілікке салынып, жүрген жерін ала тайдай бүлдіріп жүрсе де, өзінің капиталын қажетті іске жұмсауды еш уақытта ұмытпайтын, қолға алған ісін дәйім сәтті тындыратын, әлбетте, мұның өзінде арамзалығы әрқашан бірге жүретін. Софья Ивановна "жетім қыз" екен, бір қараңғы дьяконның жөргектен шықпай жатып жетім қалған сәбиін генерал Вороховтың жесірі, ақсүйек кемпір-генералша өзінің қамқорлығына алып тәрбиелейді. Осынау дәулеті шалқыған бай үйде, қатыгез кемпірдің қолында жетім қыздың қандай қорлықта күн кешкенін бүге-шігесіне дейін білмеймін, бірақ тірі пендеге қарсы тіл қатпайтын, ақ көңіл, момын қызды бірде шоланда асылып өлгелі жатқан жерінен арашалап қалыпты-мыс деген сыбысты естігенім бар; кекшіл болмаса да, парықсыз тірліктің бос дырдуынан есіріп кететін, қыңыр кемпірдің отырса опақ, тұрса сопақ еткен көз түрткісіне бейшара қыз шыдамаса керек. Федор Павлович қызға сөз салады, бірақ кім екенін сұрастырып білгеннен кейін оны үйден қуып шығады, сонан соң ол алғашқы үйленгендегісіндей, алып қашпақшы болады, қыз келіседі. Федор Павловичтің қандай адам екенін дер кезінде толығырақ сетіп білген болса, оған тіпті бұл қыздың да тимеуі әбден мүмкін еді. Бірақ басқа губернияның адамы туралы қысылтаяңда жөнді не біле аласың; оның үстіне он алты жасар қыз қаһар кемпірдің тепкісінде жүргенде суға кетіп өлуді артық көргеннен басқа, нені түсіне алушы еді. Сөйтіп, бейшара қыз есіркегіш мыстаннан құтылғанмен, жарылқағыш жексұрынға таң болды. Бұл жолы Федор Павловичтің қолына соқыр тиын да тимеді, өйткені генералша бұлқан-талқан болын қызға түк те татырмады, ол ол ма, екеуін аямай қарғап-сіледі; бұл жолы оңай олжаға кенелермін деп Федор Павловичтің өзі де дәмеленген жоқ-ты, оны тек бейкүнә қыздың хас сұлулығы қызықтырған еді, ең бастысы, ұрғашының жалаң тән сұлулығына әлі күнге сілекейі шұбыратын әйелжанды жігітті уыздай қыздың үріп ауызға салғандай пәктігі естен тандырған. "Осынау періште көздер онда менің бүкіл жан-дүниемді ұстараша тіліп өткен еді" — дейтін ол кейіннен өзінің жеркенішті жырқылына басып. Әйтсе де, бұзық жолға түскен адамда осының өзі де тоятсыз көңілдің елігуі болуы мүмкін. Ешқандай сый-сияпат көрмеген соң, Федор Павлович әйеліне назданып жатпады, былайша айтқанда, сен менің алдымда "кінәлісің", мен сені "ажалдан арашаладым" дегенді бетіне салық қып, бұған қоса, оның таңғаларлық момындығы мен тілсіз көнгіштігін пайдаланып, ерлі-зайыптылар арасындағы тіпті кәдімгі жай сыпайыгершіліктің өзін аяққа басудан да тайынбады. Үйіне қайдағы бір бұзық қатындар жиналып алып, әйелінің көзінше жын-ойнақ қылатынды шығарды. Сонан соң, мына бір жайтты да айта естиін: бұрынғы барынясы Аделаида Ивановнаны суқаны сүймеген, зердесіз болса да, қыңырайып алып өсиет айтуға құмар, тұнжыраған малай Григорий бұл жолы жаңа барыняны жақтап, соны қызғыштай қорғап, Федор Павловичтің бетінен ала түскенде өзінің жаман малай екенін де ұмытып кететін болады, ал бір жолы жын-ойнаққа жиналған бұзық қатындардың барлығын үйден дүркіретіп қуып та шығады. Бала кезінен біреудің қасы мен қабағына қарап өскен жасқаншақ бейшара, жас келіншек, кейінен көбінесе деревня әйелдері арасында кездесетін талма ауруға шалдықты, ондай науқасты жұрт әдетте желікпе деп айтады. Софья Ивановна қояншығы ұстағанда қатты қиналып, кейде тіпті есінен танып қалады екен. Дегенмен, ол Федор Павловичке Иван мен Алексей деген екі ұл тауып береді, біріншісі — некенің алғашқы жылы, екіншісі — үш жылдан соң туады. Ол қайтыс болғанда Алексей төртке шыққан еді, бірақ шешесі ғұмыр бақиға — әлбетте, көрген түстен болып — оның жадында қалыпты, бұл таңғаларлық, бірақ мұның солай екенін мен білемін. Жетім қалған екі сәби бір кездегі Митяның кебін киді: әкесі бұл екеуін де мүлде естен шығарып, бағу-қағусыз қалдырған соң, олар сол баяғы Григорийді паналап, соның жаман үйшігінде күн кешіп жатты. Қос жетімнің қыршын кеткен шешесін бала кезінде қолына алып, тәрбиелеген адуын кемпір-генералша екі баланы сол жаман үйшіктен табады. Кемпір әлі тірі болатын және осы сегіз жыл бойы намысқойлығы ұстап іштен тынып жүретін еді. Осы уақыт ішінде ол "Софьясының" өлмеші тіршілігі жайындағы анық хабарды үнемі қолма-қол алып тұрған, оның науқас екенін, үйінің жын-ойнақтың қордасына айналғанын естігенде өзінің ас ішіп, аяқ босатушыларына: "Оған сол керек, жақсылықты түсінбегені үшін оған құдайдың қарғысы тиген", — деп екі рет пе, әлде үш рет пе қайталап айтыпты.
Софья Ивановна қайтыс болғаннан кейін дәл үш ай өткесін генералша бір күні шаһарымызға сап ете қалып, салған жерден Федор Павловичтің үйіне барды. Айналасы жарты-ақ сағат болса да, кемпір көп істі тындырып кетті. Кешкі мезгіл болатын. Сегіз жыл бойы жүзін көрмеген кемпірді қарсы алуға шыққанда, Федор Павлович удай мас екен. Генералша оның сиқын көргенде, тіпті ләм-мим деместен, оны жағынан оты шығатындай етіп екі мәрте тартып жіберіп, сонан соң шашынан алып екі-үш рет тұқырта жұлқыған соң, үн қатпастан үйдегі екі бейшараға барыпты-мыс деседі жұрт. Көйлек-дамбалы жуылмаған, үсті-басы кір-кір балаларды көрген бойда-ақ ол Григорийді де жағынан шапалақпен тартып жібереді де, оған балаларды алып кетемін дейді, сонсоң оларды далаға алып шығып, күймеге жылы орап отырғызып кете барады. Григорий шапалаққа қыңқ етпейді, бір ауыз дөрекі сөз шығармайды, қайта, адуын кемпірді күймесіне дейін шығарып салып, иіліп тағзым етіп тұрып оған: "жетімектерге қайырымдылығыңыздың есесі құдайдан қайтсын" — дейді естірте сөйлеп. "Жоқ, сен бәрібір кещесің!" — дейді даңғырлай сөйлеген генералша кетіп бара жатып. Сәтін салайын дегенде бәрі осылай өзінен-өзі орайласа қалатынын тез түсінген Федор Павлович балалардың генералшаның қолында тәрбиеленуі жөніндегі ресми келісімнің бірде-бір шартына ешбір қарсы болған жоқ. Ал кемпірдің шапалағынан көзінен от жарқ еткенін бүкіл шаһарға оның өзі жайып жүрді.
Осыдан кейін көп кешікпей генералша да дүние салады, бірақ, дес бергенде, ол жетімектердің әрқайсысына бір мың сомнан ақша қалдыратыны жөніндегі өсиетін хаттап үлгеріп, бұл ақша "соларды оқытуға және түгелдей тек сол екеуінің қажетіне жұмсалсын және де олар кәмелетке келгенше жететін болсын, ондай бейбақтарға бұл аз қаржы емес, ал бұдан артық жұмсағысы келген кісі өз қалтасынан шығарсын" және тағысын тағылар деп ескертіп кетіпті. Өсиетті мен өзім оқыған жоқпын, бірақ, онда нақ осы секілді таңғаларлық бірдеңенің шайпау жазылғанын есіттім. Кемпірдің бас мұрагері, бүкіл сол губерния ақсүйектерінің басшысы Ефим Петрович Поленов адал адам болып шықты. Федор Павловичпен хат арқылы хабарласқаннан кейін оның өз балаларын тәрбиелеуге қалтасынан бір тиын шығарғысы келмейтіндігіне тез көзі жеткен соң (Федор Павлович мұндайда еш уақытта аузын қу шөппен сүртпейтін, тек әне-міне деп сөзбұйдаға салып, кейде тіпті елжіреген сезімін де төгетін), Ефим Петровичтің жетімдерге шын жаны ашып, әсіресе кішісін, Алексейді, жақсы көріп кетті — сол себепті бала ұзақ уақыт тіпті оның үйінде өсті. Мен оқырманнан осы бір жайтты әуел бастан жадында сақтауды сұраймын. Жас өспірімдер өздерінің тәлім-тәрбиесі мен оқып білім алғаны үшін нақ осы Ефим Петровичке өмір бойы борышты еді. Өмірде өте сирек кездесетін аса ізгілікті әрі адамгершілікті кісі болғандықтан ол балаларға генералша қалдырған ақшаға тиген жоқ. осының нәтижесінде олар кәмелетке жеткенде әрқайсысының бір мыңы пайызымен есептегенде, екі мыңға дейін өскен-ді, ал оған дейін Ефим Петрович балаларды өз ақшасына тәрбиеледі және де әрқайсысына бір мыңнан әлдеқайда көп шығынданды. Мен бұл арада олардың балалық, жастық шағы қалай өткенін бажайлап жатпаймын, әзірге тек айтуға тұрарлық жайттарға ғана тоқталып өтпекпін. Үлкені — Иван туралы айтарым: ол бір түрлі тұнжыраған, тұйық болып өсті, бірақ жасқаншақ жасық емес-ті; ол інісі екеуі бөтен үйде, жат кісілердің рақымшылығымен бірдеме ғып жер басып жүргенін ал әкесі тіпті соның баласымын деп айтуға да ұят біреу екенін он жасында-ақ ұққан зейінді болды. Ваня тіпті сәби кезінен-ақ (қалай болғанда да жұрт осылай дейтін) оқуға таңғаларлық, ғажап қабілеттілігін танытады. Қалай болғанын анық білмеймін, бірақ он үшке толар-толмаста ол Ефим Петровичтің үйімен қош айтысып, Мәскеудегі гимназиялардың біріне, сол кездегі бір тәжірибелі әрі атақты педагогтың пансионына орналасады, ол кісі Ефим Петровичтің бала кезіндегі досы екен. Барлығы, былайша айтқанда, данышпандық қабілеті бар бала данышпан тәрбиешінің қолына тиюі керек деген идеяға еліккен Ефим Петровичтің "игі іске берілгіштігінен" болған еді деп кейіннен Иванның өзі айтып жүрген еді. Оның бер жағында балаң жігіт гимназияны тамамдап университетке түскенде, Ефим Петрович те, данышпан тәрбиеші де бұл дүниеде жоқ еді. Адуын генералшаның өсиеті бойынша өзіне тиісті несібені, өсімімен қоса есептегенде енді екі мыңға жеткен ақшаны алу Ефим Петровичтің заңдастырып үлгермеуі және бізде етектен тартпай қалмайтын әр түрлі немқұрайдылық пен сөзбұйданың салдарынан ұзаққа созылып кетті де, университетте оқыған алғашқы екі жылда жас жігіт көп таршылық көрді. Әлде өзінің тәкаппарлығынан ба, немесе оны жек көргесін бе, әлде ондай әкеден қиналғанда қол ұшын береді деп үміттенуге болмайтынына көзін жеткізген байсалды әрі байыпты пайымынан ба, таршылықтан қатты қиналып жүрген кезінде де ол әкесімен тым болмаса хат арқылы хабарласуға да әрекет жасағысы келмегенін айта кеткен жөн. Қалай болғанда да, жігітіміз асып-сасқан жоқ, қоймай жүріп жұмыс та тауып алды, әуелі күніне жиырма тиынға сабақ берді, содан кейін газет редакцияларына көше оқиғалары жайында "Көрген кісі" деп қол қойып, он жолдық болса да мақала жазып, жарғақ құлағы жастыққа тиген жоқ. Бұл шағын мақалалар әмәнда қызықты ,әрі тартымды жазылатын, сол себепті тез басылып та жататын деседі, астаналарда оқитын жастардың ішінен жоқшылықтан көз ашпайтын, көптеген бақытсыз жігіттер мен қыздар, әдетте, ертеден қара кешке дейін газет-журналдардың табалдырығын тоздырып, французшадан аударма жасау немесе қағаз көшіру жөніндегі бәз-баяғы бір өтініштерін қайталаудан өзге ештеңе ойлап таба алмай жүргенде. ол жалғыз осы қарекетімен-ақ іскерлік пен зерделілік жағынан олардан өзінің шоқтығы биік тұрғанын дәлелдеп те үлгерген еді. Редакциялармен танысып алған соң, Иван Федорович бұл байланысты кейін де үзген жоқ, университетте оқыған соңғы жылдары әр алуан тақырыптардағы кітаптарды өте шебер талдаған мақалаларын басқызып тұрды, соның нәтижесінде тіпті әдеби үйірмелерде де танымал болған. Алайда, ол оқырман назарын өзіне әлдеқалай тек соңғы кезде ғана кенет көбірек аударған, жұрттың көбі оны сонда ғана байқап, жадында сақтаған. Мұның өзі бір өте қызықты оқиға еді. Университетті бітіргеннен кейін Иван Федорович өзінің екі мың сом ақшасына шет елге саяхат жасауға дайындалып жүрген кезінде ойда жоқта көлемді газеттердің бірінде қызықты мақаласын жариялады. Мұндағы ең бастысы сол, мақала оған мүлде бейтаныс нәрсе жайында жазылғандықтан, — өйткені ол оқуды табиғат зерттеуші мамандығы бойынша бітірген еді, — ол мақалаға тіпті басқа мамандықтың адамдары да назар аударды. Мақала сол кезде барлық жерде шіркеу соты туралы көтерілген мәселе жайында жазылған еді. Осы мәселе жөнінде айтылып жүрген кейбір пікірлерді талдай отырып, ол өз пікірін де білдірген. Бастысы — мақаланың сарынында және кенет ғажап қорытынды жасалғандығында еді. Оның бер жағында, шіркеу қызметкерлерінің көбі мақаланы өз адамдарының бірі жазған шығар деген кәміл сенімде болды. Сөйтіп, мақалаға олармен бірге ойда жоқта былайғы жұрт қана емес, тіпті атеистердің өздері де қол шапалақтауға айналды. Сайып келгенде, кейбір сұңғылалар мақаланы бастан-аяқ не бары әдепсіз мазақ пен дөрекі әзіл ғана деп түйді. Мұны ескертіп жатқаным, мақала шаһарымыздың тап іргесіндегі, жалпы алғанда, шіркеу соты туралы мәселеге елеңдеп назар салып отырған әйгілі монастырьге де дер кезінде жетіп, мұндағыларды қатты таңырқатқан еді. Автордың аты-жөнін естіген соң, оның осы шаһардың түлегі, оның үстіне "әлгі анау Федор Павловичтің" баласы екені де анықталды. Дәл осы кезде ойда жоқта мақала иесінің өзі де келіп жеткен-ді.
— Иван Федорович сонда біздің шаһарға неге келді екен? — деген сауалдың мені сонда-ақ бір түрлі мазасыздандырғаны әлі есімде. Оның кейіннен соншама қырсыққа ұшыратқан бұл құтсыз келісі маған көпке дейін тіпті үнемі дерлік күдікті болып қалған. Сондай білімді, сондай тәкаппар және сырттай қарағанда сақ жігіттің сондай азып-тозған үйге, оны өмір бойы елемеген, онымен еш уақытта көріспеген-біліспеген, егер ақша сұраса, өліп бара жатырмын десе де, оған, әрине, бір тиын да бермейтін, екі баласы, Иван мен Алексей, ақша алуға келсе қайтемін деп өмір бойы қалтыраған сондай азғын әкеге жетіп келуі шынында да таңғаларлық еді. Сөйтіп, осындай тәп-тәуір жігіт сондай жексұрын әкенің үйіне келіп жайғасып, бір ай емес, табандатқан екі ай тұрады, екеуі тіл табысады. Екеуінің бір үйде қалай тұра алғаны мені ғана емес, көптеген басқа адамдарды да қайран қалдырған. Федор Павловичке бірінші әйелі жағынан жекжат боп келетін Петр Александрович Миусов — ол жайында мен жоғарыда айтып өткемін — біржола ірге теуіп алған Парижден дәл сол тұста тағы да бізге, шаһар іргесіндегі өзінің мекен-жайына келе қалған еді. Назарын тартқан жас жігітпен танысып, іштей өкінсе де, кейде онымен білім сайысына түскен нақ сол кісінің оған өзгелерден гөрі көбірек таңырқағаны менің әлі есімде. "Ол тәкаппар, өзіне керек тиын-тебенді әрқашан өзі таба алады, шет елге саяхатқа жететін ақшасы бола тұра, ол мұнда несіне келген? Әкесінен ақша сұрап алуға келмегені жұрттың бәріне аян, өйткені ол бәрібір түк те татырмайды. Ол шарапқа қызара бөртіп алып, бұзықтыққа салынатын кісі емес, соған қарамастан, шалдың оған бауыры жабысып қалғанын көрмейсіңдер ме!" — деген ол сонда Иван Федорович туралы бізге. Бұл шындық еді; жас жігіттің әкесіне тіпті ықпалы бары да сезілген; өте ашушаң, кейде тіпті тым бір беткей шадыр шалың оқта-текте баласының айтқанына құлақ асатын секілді де көрінген; кейде тіпті өзін сыпайылау ұстайтын да болған...
Иван Федоровичтің мұнда, бір жағынан, ағасы Дмитрий Федоровичтің өтініші бойынша, соның бір шаруасымен келгенін біз кейін ғана білген едік; Мәскеуден осында келер алдында өзінен гөрі Дмитрий Федоровичке көбірек қатысты бір маңызды іс жөнінде онымен хат алысқаны болмаса, ағасын бұрын еш уақытта көрген жоқ-ты, онымен тек осында келгесін жүздесіп, жақын танысқан. Ол қандай іс екенін оқырман кезі келгенде бүге-шігесіне дейін біле жатар. Бірақ, осы бір ерекше жағдайды естіп білгеннен кейін де Иван Федорович маған жұмбақ жан боп көріне берген, оны біздің шаһарға қай құдай айдап әкелгенін мен түсіне алмағам.
Бұған қосарым, Иван Федорович онда әкесі мен ағасының, әкесімен бітпес дауға түсіп, оны тіпті сотқа да берген Дмитрий Федоровичтің арасындағы делдал, сол екеуін жарастырушы секілді көрінген еді.
Осынау әулетсымақ, қайталап айтайық сонда ғана бірінші рет төрт көзі түгел жиналған да, әкелі-балалылар бірін-бірі өмірінде сол жолы ғана көрген. Ең кішісі Алексей Федорович қана мұнда ағаларынан бұрын келіп, бір жылдан бері осында тұрып жатқан. Міне, осы Алексейді роман сахнасына шығармастан бұрын кіріспе әңгімемде оны сипаттап беру маған бәрінен де гөрі қиынға соғып тұр. Бірақ, ол жөнінде де алғы сөз жазу парыз, мұның өзі ең алдымен аса бір таңғаларлық жайтты, атап айтқанда: болашақ кейіпкерімді романда ә дегеннен кең жеңді, шұбатылған кең жеңді қынама бел қара бешпент киген мүрит кейпінде суреттеуге неліктен мәжбүр болғанымды алдын ала түсіндіру үшін қажет. Иә, онда Алексейдің біздің монастырьда күн кешіп жатқанына бір жыл өткен-ді, маған ол ғұмыр бақи соның тұтқыны болуға әзірленіп жүргендей көрінетін.
IV
КЕНЖЕ ҰЛЫ АЛЕША
Онда Алеша не бары жиырма жаста болатын (тетелес ағасы Иван жиырма төртке, үлкен ағасы Дмитрий жиырма сегізге шыққан еді). Алдын ала айтып қояйын, осынау жас жігіт әсте фанатик емес-ті, сосын меніңше, қалай дегенмен, тіпті мистик те болмаған. Менің ол жөніндегі кәміл пікірімді де біліп қойыңыздар: ол екі аяқты пенде біткенге қаршадайынан жүрегі елжірегіш жан еді, ал оның тақуалық жолға түсуінің бір ғана себебі бар. Онда Алешаны тек жалғыз осы жол ғана еліктіріп, былайша айтқанда, пендешілік ыза-кек түнегінен жарық сәулеге ұмтылған жан дүниесіндегі махаббаттың жетер мақсат-мұратын көзіне тек осы жол ғана айқын елестеткен еді. Сонсоң, бұл жолдың оны еліктірген себебі, онда ол, өзінің пікірінше, таңғажайып адамды — біздің монастырьдегі әйгілі әулие қария Зосымды кездестіріп, ынтыққан жүрегінің алғашқы ыстық махаббатымен соған үйіріле қалған. Әйтсе де, оның тіпті сол кездің өзінде таңғаларлық жан болғанына таласып жатпаймын, ол сәби кезінен сондай-ды. Айтпақшы, шешесі дүние салғанда төртке енді ғана шыққан сәби оны өмір бойына ұмытпаған-ды, шешесінің бет-жүзі, оны қалай еркелеткені "көз алдында ол бейне тірі тұрғандай елестейтін еді" — мен мұны жоғарыда айтып өткенмін. Ал мұндай естелік бұдан да кішірек кезден, тіпті екі жастан да есте қалуы да мүмкін (бұл баршаға аян), бірақ ол өмір бойы қараңғы түнде төбеңнен оқта-текте бір жылтылдаған әлсіз жарықтай ғайып болған үлкен бір ғажап көріністің қалып қойған бір пұшпағындай боп қана елестейді. Осындай бір көрініс Алешаның да жадында қалған: жазғы маужыраған кеш, батар түннің қиғаш сәулесі ашық терезеден ішке түсіп тұр (бәрінен де осы қиғаш сәуле көбірек есінде қалыпты), төр жақ бұрыштағы икона алдында шырағдан сығыраяды, мұны кеудесіне қысып алған шешесі еденде тізерлеп тұрып, Мариям-ананың аруағына сиынып, осы бүлдіршініме шапағатың тие көрсінші деп жылап-еңіреп, бір кезде оны құшағынан босатып, жоғары көтере бергенде... кенет күтуші әйел кіріп келіп, зәре-құты қалмай мұны оның қолынан жұлып алған еді. Қандай ғажап көрініс! Алеша сонда шешесінің бет ажарын да жадында сақтап қалыпты: қаншалықты есімде қалғаны қайдам, бірақ, сол ширыққан күйінің өзінде де оның жүзі бір түрлі нұрланып тұрған секілді еді дейтұғын ол. Алайда, ол бұл естелігін кез келгенге аша бермейтін. Ол бала күнінде де, есейе бастағанында да онша тентек болған жоқ, тіпті сөзге де сараң-ды, әйтсе де, бұл оның сенбегендігінен, жасқаншақтығынан немесе тұнжыраған тұйық мінездігінен емес-ті, қайта керісінше, мүлде басқа бірдеңеден, тек бір өзіне ғана байланысты, өзгелерге қатысы жоқ, тек өзіне ғана өте маңызды, сол себепті басқаларды мүлде ұмыттыратын қандай да бір ішкі уайымнан болатын. Дегенмен, ол адамдарды жақсы көрді: ол адамдарға деген кәміл сенімінен өмір бойы айнымаған секілді еді, солай бола тұрса да, оны тірі пенде еш уақытта я ашық ауыз, я аңқау деп санаған емес. Алешаның бойында жұртқа төреші болғым келмейді, біреуді кінәлауды міндетіме де алмаймын және еш уақытта ешкімге ондай кінә да тақпаймын деп тұратын және де осыған кісіні иландыратын бірдеңе (кейіннен ол өмір бойы осылай болған) бар еді. Алеша іштей жиі қатты күйінсе де, тіпті титтей де кінәламастан бәріне көне беретіндей көрінетін. Ол ол ма, бұл мағынада ол тіпті өзін ешкім таңдандыра да, қорқыта да алмайтын дәрежеге жеткен, ол тіпті балаң жігіт кезінде осындай еді. Әкесінің нағыз жын ойнаққа айналған үйінің табалдырығын жиырмаға шыққанында аттаған адал, жаны пәк жас жігіт көз алдындағы сұмдықты көріп отыруға дәті шыдамағанда үйден үн-түнсіз шығып жүре беретін, бірақ бұл үшін біреуді жек көргендіктің немесе кінәлағандықтың титтей де белгісін сездірмейтін. Бір кезде тамақ асыраушы болып жүргенінде әбден сұңғыла боп алғандықтан, қас пен қабақтың кірбіңін қалт жібермеуге үйренген әкесі алғашта оны күдікпен, тұнжырап қарсы алғанмен ("әйтеуір үндемейді, не бәлесі болса да ішінде"), көп кешікпей, айналасы бірер жұма өткесін-ақ, оны қайта-қайта құшақтап, бетінен жиі-жиі сүйетінді шығарған; көбіне-көп ішкіліктің әсерінен көзі жасаурап, көңілі босап кететіні рас-ты, бірақ оның кенже ұлын өте жақсы көретіндігі әманда сезіліп тұратын; ол өзге біреуді еш уақытта тап мұндай шын пейілден сүймеген шығар...
Осынау балаң жігітті қайда болса да жұрттың бәрі жақсы көріп кететін, тіпті бала жасынан осылай-ды. Оны қамқорлығына алып, тәрбиелеген Ефим Петрович Поленовтың үй ішіне Алешаның бауыр басқаны сонша, ол осы үйдің өз баласы саналып кеткен еді. Әйтсе де, бұл үйге келгенде ол бақай қулыққа, жылпостыққа немесе біреуге ұнаймын деп жағымпаздануға ауызданбаған сәби болатын. Демек, адамның жүрегін елжірете білу, былайша айтқанда, оған табиғаттың бергем сыйы, бойына туа біткен табиғи, етене қасиеті-ді. Мектепте де осылай болған, алайда соған қарамастан, Алеша жолдастары күдіктене қарайтын, кейде мазақ қылатын, тіпті алакөздік те көрсететін балаға ұқсайтын. Мысалы, басына бір он келгенде ол өзге балалардан оқшауланып алатын. Бала күнінен-ақ бір бұрышқа барып оңаша отырып кітап оқығанды ұнататын, бірақ жолдастары оны жақсы көрген, мектепте оқып жүргенінде ол бәрінің сүйіктісі саналды десек — бұл асыра айтқандық бола қоймас. Алешаның асыр салып, мәз-мәйрам болатын сәттері өте сирек кездесетін, алайда бұл оның қандай да бір жабырқаулығынан емес, қайта керісінше оның ашық, жайдары бала екенін оны көрген бойда-ақ бәрі сезе қоятын. Ол еш уақытта құрбыларынан ерекше көрінуге де тырыспайтын. Оның ешқашан да және ешкімнен тайсалмағаны, бәлкім, осыдан шығар, ал оның бер жағында балалар ол өзінің батылдығына әсте мақтанбайтындығын, өзінің қорқуды білмейтін керемет батылдығын тіпті безбейтінін тез түсінген-ді. Еш уақытта өкпешіл де болған жоқ. Кек сақтамайтын, арада бір сағат өтпей-ақ жәбірлеушісіне жауап қата беретін, немесе екеуінің арасында ештеңе болмағандай, аңқылдаған, жайдары қалпы онымен өзі сөйлесіп кететін. Мұндайда ол көрген жәбірін әлдеқалай ұмытқандай, немесе оны жорта кешіргендей де пішін байқатпайтын, ондай нәрсені жай елеусіз қалдыратын мінезі балаларды үйіріп әкетіп, өзіне тартып тұратын. Дегенмен, Алешаның бір ерекшелігі де бар еді, гимназияда оқып жүргенінде осы бір қызық мінезі үшін ол төменгі сыныптан бастап тіпті жоғарғы сыныптарға дейін жолдастарына ұдайы мазақ болды, бірақ жолдастары оны сондай бір жек көргендіктен емес, жай қызық көріп қана келемеждейтін. Ол ұялшақ болғанда да тым жөнсіз ұялшақ-ты, оның пәк жандылығы да шектен тыс еді. Ол әйел жайындағы елең еткізбей қалмайтын белгілі сөздер мен әңгімелерді тыңдай алмайтын. Біздің сорымызға, мектептерде осы бір "елеңдеткіш" сөздер мен әңгімелер әлі құритын түрі жоқ. Ана сүті аузынан кетпеген, пәк жанды, жүрегі таза балалардың сыныпта отырғанда өзара күбірлесіп, тіпті дауыстап та жиі айтатын сөздері, керек десеңіз, дөрекі солдаттардың аузынан әмсе шыға бермейді, ол ол ма, біздің зиялы, ақсүйек қауымның уыздай жас балалары естіп-біліп үлгерген ондай нәрселердің көбісін солдаттар тіпті білмейді де, түсінбейді де. Мұны әзірше адам құлқының азғандығы деуге бола қоймас, іштей бұзылған, нағыз арсыздық та жоқ шығар. Бірақ бұларда ұятсыздықтың сырттай көрінісі бар. Міне, осыны балалар кейде тіпті әдептілік, нәзік бірдеңе, жігіттік белгісі, еліктеуге лайықты өнеге деп есептейді. "Сол нәрсе жайында" әңгіме басталғанда "Алешка Карамазовтың" екі құлағын саусағымен тығындап тұрып алғанын көрген кезде балалар кейде қасақана тобымен оның жанына барып, қолын жұлып тастап, екі құлағына айқайлап боғауыз айтатын, ондайда Алеша жанталаса бұлқынып бағатын сосын еденге қылжия кетіп, екі құлағын қолымен басып алатын, бірақ, бір ғажабы, көрген жәбіріне қыңқ етіп наразылық білдірместен, үн-түнсіз шыдап бағатын. Алайда, балалар оны кейін бұрынғыдай әурелемейтін болған, оны "сен қызсың" деп мазақтамайтын, ол ол ма, олар бұл тұрғыдан оған тіпті жанашырлықпен қарайтын еді. Айтпақшы, Алеша өз сыныбында сабақты дәйім жақсы үлгірді, алайда, еш уақытта бірінші шәкірт саналған жоқ.
Ефим Петрович қайтыс болғаннан кейін Алеша губерниялық гимназияда тағы екі жыл оқыды. Марқұмның қайғыменен қан жұтқан жесірі күйеуі дүние салғасын іле-шала дерлік, отбасындағы кіл қыз-қырқынды ертіп алып ұзақ уақытқа Италияға кеткен. Алеша Ефим Петровичке алыс жекжат саналатын, бұл еш уақытта көрмеген, білмеген екі ханымның қолында қалған, бірақ ол өзінің неліктен бұл үйде тұратындығының жан-жапсарын білген жоқ. Оның бір ғажап қасиеті — оны кімнің не үшін асырап-сақтайтыны жайында әсте қам жемейтін. Бұл жағынан Алеша университетте оқыған алғашқы екі жыл бойы өз еңбегімен күнелтіп, көп қиыншылық көрген, біреудің жанашырлықпен беретін бір үзім нанына көз сатушы екенін бала жасынан сезген кіндіктес ағасы Иван Федоровичке мүлде қарама-қарсы жан еді. Алешаның мінезіндегі бұл таңғаларлық қасиетті, әйтсе де, тым қатал сөгуге болмайтын секілді еді, өйткені онымен азғана таныс-білістігі бар адамның қайсысы болсын Алексей өзіне тіпті аяқ астынан тап болған мол байлықты да бірінші боп сұраған кісіге, немесе бір ізгілік істің қажетіне, болмаса, бәлкім, тіпті жай бір епті алаяққа, егер ол сұраса, ойланбай-ақ ұстата салатын әпенді екендігіне кәміл сенетін де, ол жөніндегі сауалдың жауабы айқын бола қалатын. Жалпы, ол ақшаның құнын мүлде білмейтін секілді еді, әлбетте, тура мағынасында емес. Алешаның өзі еш уақытта сұрамаса да, оған қалталық ақша берілгенде, ол бірнеше апта бойы онымен не істерге білмейтін, немесе шашып-төгіп жұмсап, ақшасының қайда кеткенін де сезбейтін. Ақша мен буржуазиялық адалдық сырын нәзік сезетін Петр Александрович Миусов кейіннен, күндердің бір күні, Алексейге көз салып отырып, ол жөнінде: "Миллион тұрғынды бейтаныс шаһардың халық сапырылысып жатқан алаңында жалғыз өзін бір тиын ақшасыз адастырып тастап кетсең, аштан да өлмейтін, көштен де қалмайтын, кез келген біреу жанашырлық білдіріп сол сәтте тамақ беріп, паналататын, ал егер алда-жалда ешкім паналата қоймаса, өзі бірдеңе ғып басына пана табатын, бұған ешбір қиналмайтын, қорланбайтын, паналатушысы оны масыл көрмей, қайта ғанибет санайтын адам дүниеде бар болса, ол осы жігіт шығар" деген нақылды айтқан еді.
Ол гимназияны тастап кеткен; оқуын бітіруге бір жыл қалғанда, өзін бағып-қағушы екі әйелге бір шаруа болып тұрғаны, сондықтан әкеме баруым керек деп мәлімдейді бір күні. Баланың бұл шешіміне олар өкініш білдіріп, оны тіпті жібергілері де келмейді. Жолдың шығыны онша көп емес-ті, сол себепті екі әпкесі оған жетерліктей ақша береді, сонсоң бастан-аяқ үр жаңадан киіндіреді, оны өз баласындай көрген қамқоршысының үй-іші сыйлаған сағатын зақылетке салуға рұқсат етпейді. Алайда, Алеша қалай да үшінші класты вагонда отырғым келеді деген сылтаумен ақшаның жартысын оларға қайтарып береді. Біздің шаһарсымаққа келгеннен кейін ол әкесінің: "Оқуыңды бітірмей қайтып келгенің не?"' — деген алғашқы сауалына тура жауап қайтармай, өзгеше бір ой құшағында үн-түнсіз отырыпты деседі. Біраздан кейін ол шешесінің қабірін іздеп жүргені белгілі болады. Онда Алеша мұнда тек осыған бола келдім деп өзі мойындаған секілді еді. Бірақ оның бұл келуінің барлық себебі мұнымен ғана шектелер ме екен. Көкірегінің бір түкпірінде бұғып жатқан қандай сезімнің кенеттен оянып, оны осынау қаперіне де кірмеген, беймағлұм сапарға аттануға ынтықтырғанын онда оның өзі де білмеуі әбден мүмкін және мұны тіпті әсте түсіндіре де алмас еді. Федор Павлович тоқалының қабірін баласына көрсетіп бере алмады, өйткені ол өлікке топырақ салғаннан кейін зират басына еш уақытта барған жоқ-ты, енді арада талай жыл өткен соң марқұмның қай тұсқа жерленгенін мүлде ұмытқан еді...
Енді Федор Павлович туралы айта кетелік. Ол осының алдында ұзақ уақыт басқа жерде тұрған. Тоқалы қайтыс болғаннан кейін үш-төрт жыл өткесін, ол Ресейдің оңтүстігіне кетіп қалып, сонау Одессадан бір-ақ шықты да, бірнеше жыл тапжылмастан сонда болды. Оның өз сөзімен айтқанда, әуелі "көптеген жәйттермен, жәйтсымақтармен, солардың қатын-балаларымен" танысады, сонан соң жәйттерді былай қойып, тіпті "еврейлермен де танысып біліседі". Ол жоқтан бар ғып ақша табудың алуан түрлі амал-айласына, сірә, дәл осы кезде машықтанса керек. Федор Павлович шаһарымызға осыдан не бары үш жыл бұрын, яки Алеша келерден азғана бұрын біржола оралған. Қаусаған шал болмаса да, ол өзінің ескі таныстарына сұмдық қартайып кеткен секілді көрінген. Адамгершілік жолына түсті ме десе, онан бетер арсызданып алыпты. Мысалы, бұрын оның өзі сайқымазақ болса, енді ол басқаларды сайқымазақ қылуды шығарыпты. Ал әйел жынысымен істейтін бұзықтығы, бұрынғы бұрынғы ма, тіпті көрер көзге ұят. Келген соң көп кешікпей-ақ уездегі көптеген жаңа шарапханалардың иесі болып алды. Жүз мыңдай ма, әлде соған жетер-жетпестей ме, әйтеуір, қыруар ақшаны жамбасқа басып қайтқаны көрініп тұрған. Шаһар мен уездің бірсыпыра тұрғындары одан өте сенімді зақылетке қарыз алып, тез арада белшеден борышқа батқан. Соңғы кезде толысқан денесі олпы-солпыланып, беті салынып кеткен ол сабырлылықтан айырылып, ұстамсыз бола бастаған, тіпті нендей бір ұшқалақтыққа бой ұрып, бірді айтып бірге кететінді, алды-артына қарамай ішіп, жиі-жиі мас болатынды шығарған; егер бәз-баяғы малай Григорий болмаса — бұл кезде ол да едәуір қартайып қалған-ды, бірақ кейде оны балаша бағып-қағуын әлі де қоймайтын — Федор Павлович, бәлкім, бұлайша жағасы жайлауда тұрмыс құра алмас та еді. Алешаның келуі оған тіпті игі әсерін тигізгендей боп, осынау күнінен бұрын қартайған кісінің көкірегінде әлдеқашан өшіп қалған бір сезім қайта оянғандай көрінген. Ол Алешаның бетіне тесіле қарап тұрып: "Желікпенің аузынан түскендей екеніңді сен білемісің?" — деп жиі айтатын. Ол өзінің марқұм әйелін — Алешаның шешесін осылай атайтын. Ақыры, "желікпенің" қабірін Алешаға малай Григорий тауып берген. Ол Алешаны зиратқа ертіп апарып, оған арғы жақ бұрыштағы марқұмның аты-жөні, атағы, жасы, қайтыс болған жылына дейін жазылған бір жұпыны, бірақ мұнтаздай шойын құлпытасты көрсетті, төменгі жағында тіпті орташа адамдардың бейіттерінде жиірек кездесетін ескілікті бір ауыз өлең секілді бірдеңе де келтіріліпті. Таңқаларлығы, бұл құлпытасты Григорий қойған екен. Марқұмның басына бір белгі орнату керек еді деп қақсағанына қарамастан, қосағының қабірі түгіл, оның көзі тірісіндегі бейнесіне қолын бір-ақ сілтеген Федор Павлович, ақыры, Одессаға тайып бергеннен кейін бейшара "желікпенің" басына осы белгіні Григорий өзінің жартымсыз тиын-тебеніне орнатыпты. Шешесінің қабірі басында Алеша ешқандай елжіреген сезім білдірген жоқ; Григорийдің осы құлпытас жайында маңыздана баяндаған, әбден орынды әңгімесін тыңдап болған соң, ол басын төмен салып біраз тұрды да, ләм деп тіл қатпастан кете барды. Содан бері табандатқан бір жыл өтсе де, ол зиратқа, бәлкім, бір рет те бармаған шығар. Бірақ, осы елеусіз оқиғаның өзі Федор Павловичке де әсер етпей қалмаған. Тіпті ғажап әсер еткен. Ол біздің монастырьге ойда жоқта бір мың сом апарын берді, алайда, ол бұл ақшаны өзінің тоқал әйелі, Алешаның шешесі, "желікпенің" аруағына бағыштаған жоқ, бірінші әйелінің, өзін талай рет сабаған Аделаида Ивановнаның аруағына дұға оқуға арнады. Сол күні кешке ол мас болғанша арақ ішіп алып, Алешаға тақуаларды жамандаумен болған. Оның өзі діншіл емес-ті; өмірінде икона алдына бес тиындық балауыз да қойып көрмеген шығар. Ондайлардың басында кенеттен таңғаларлық сезімдер мен ойлардың қалай туатыны қызық қой.
Оның денесі толысып кеткенін жоғарыда айтқанбыз. Оның өткен өмірінің бар сыр-сипаты мен мән-мағынасы енді сықпытынан анық сезілетін болған. Дәйім шүбәлана әрі мысқылдап қарайтын, арсыз жіпсік көздерінің астындағы күлтеленген етті қалталар мен қушиған, ешқандай бетіндегі әжімдердің терең иіп майына сүйір иегінің астындағы жұдырықтай, сопақ жұтқыншағы келіп қосылғанда оны бір түрлі жеркенішті, құныққыш залым етіп көрсететін. Енді осыған қоса қызылшыл, далба ауызды, көнтек еріндердің ар жағынан мұжылып бітуге айналған қап-қара тістерінің кішкентай түбірлері жылтылдап тұратынын елестетіп көріңізші. Сөйлегенде аузынан сілекейі шашырайтыны және бар. Әйтсе де, ол өзінің осы пошымына өкпесі жоқ секілді болғанмен, өзін-өзі келемеждеуді жек көрмейтін. Ол әсіресе өзінің онша үлкен де емес, бірақ өте жұқалтаң, тым дөңестеу мұрынын көп айтатын: "Нағыз римдік мұрын емес, оған мына жұдырықтай жұтқыншақ қосылғанда құлдырау дәуіріндегі ежелгі римдік ақсүйектің келісті келбеті шықпай ма? — дейтін ол Мақтан етігі айтатын секілді еді.
Шешесінің қабірін тапқасын көп кешікпей Алеша әкесіне өзінің монастырьға кететінін, тақуалар оны мүрит етіп алмақшы болғанын айтты. Сонсоң, мұның өзі оның көкейкесті тілегі екенін, сол себепті де осы бір құдайы қадамына әкесінің ризашылық беруін сұрайтынын түсіндірді. Монастырьдің мінәжатханасында паналаушы Зосим деген пірәдардің "момақан балаға" ерекше қатты әсер еткенін әкесі білетін еді.
— Ол шал, әрине, солардың ішіндегі ең адал тақуа, — деп күбір етті әкесі. Бірақ Алешаны үнсіз, зер салып тыңдағам ол баласының өтінішіне мүлде таңданған жоқ деуге болады. — М, менің момақан ұлымның кеткелі жүрген жерін қараңдар! — Ол шала мас еді, қулығы мен мекерлігі аралас масаң күлкісіне басып, бір ыржиып қойды. — М, сенің осындай бірдеңені шығармай қоймайтыныңды өзім де сезуші едім, сен мұны ұғасың ба? Өзің де соған бейім едің. Бір тәуірі, сенің енді маңдайыңа басқан екі мың ақшаң бар, демек, еншің дайын, бірақ мен сені, періштем, еш уақытта ұмытпаймын, егер анда бірдеңе дәметсе, сен үшін барымды аямауға тіпті қазір де дайынмын. Ал егер ештеңе сұрамаса, өзіміз барып килігіп қайтеміз, солай ғой? Оның үстіне, сен ақша жұмсауға келгенде аптасына екі дәнді қанағат қылатын торғай секілдісің ғой... һм. Білесің бе, мен бір монастырьден шаһарға жақын қыстақты көрген едім. Онда тек "монастырьдің қатындары" ғана тұратыны жұрттың бәріне аян, онда оларды осылай деп атайды, меніңше, отыз шақты болып қалар... Мен онда болғам, білесің бе, қызық екен, әлбетте, өз тұрғысынан, әр түрлісінің дәмін тату мағынасында. Бір жаманы, өңшең орыс қатындары, француз әйелдері әлі келмепті, олар неге жоқ, олар керемет қой. Құлақтанса — келер. Ал мұнда басқаша, әйел заты емге жоқ, ал тақуалар екі жүздей болып қалар. Бәрі де адал Оразашыл. Шынымды айтайын... һм. Сонымен, сенің ғой тақуа болғың келеді? Қайдам, Алеша, илансаң, мен сені шынымен жақсы көріп кетіп едім, сондықтан, бір жағынан жаным ашиды. Алайда, бұл да орайы келген іс шығар: біз үшін құдайға мінәжат қыларсың, мұнда біз белшеден күнәға батып жүрміз ғой. Бір кезде мен үшін құдайға құлшылық етіп дұға оқитын біреу табылар ма екен? — деп өзім де ойлай беруші едім. Дүниеде ондай адам бар ма екен? — дейтін едім. Сүйікті балақаным-ау, ол жағынан алғанда менен асқан ақымақ жоқ қой, әлде менің бұл айтқаныма сен, бәлкім, сенбейтін шығарсың? Сұмдық қой бұл. Қаншама зердесіз болсам да, оқта-текте дегенмен ойлаймын; оны ұдайы ойлайтын кім бар дейсің. Өлген соң мені сайтандардың ілмек таяқпен өздеріне қарай тартып алуды ұмытуы мүмкін емес қой деп ойлай беремін. Сонсоң, тағы мынадай ойлар келеді: Ол неғылған ілмек таяқ? Оны қайдан алмақ? Неден істейді екен? Темірден бе?
Оны қай жерде соғып жасамақ? Сонда, немене, олардың фабрикасы болғаны ма? Анау монастырьдағы тақуалар, мысалы, тамұқтың төбесі жабық болар деп ойлайтын шығар. Өз басым тіпті тамұққа сенуге де бармын, тек сол құрғырдың төбесі ашық болсыншы, сонда сыпайырақ, сауаттырақ, яки лютерандарша болып шығады. Алайда, шындығында бәрібір емес пе: төбесі жабығы не, ашығы не? Қарғыс атқан мәселе міне қайда жатыр! Егер тамұқтың төбесі болмаса, онда ілмек таяқтың да болмағаны ғой. Ал ілмек таяқ жоқ болса, онда бәрі де босқа қалады, демек, тағы да ештеңе ақылға сыймайды: онда мені ілмек таяқпен кім сүйреп алмақ, егер маған мұны істемесе, онда, қалай, бұ жалғанда шындықтың болмағаны ма? faudrout lеs inventer, бұл ілмек таяқтар маған, тек жалғыз маған ғана арналуға тиіс, өйткені менің қандай арсыз екенімді сен білсең ғой, Алеша!..
— Иә, онда ешқандай ілмек таяқ жоқ, — деді баяу ғана Алеша әкесіне қарап тұрып. Оның даусы байсалды шықты.
— Солай, солай, онда ілмек таяқтың көлеңкесі ғана болуға тиіс. Бір француздың тамұқты "Г аі vu Г ombre d'un cocher, qui avec Г ombre d'unc brosse froittait l'ombre d'une carrosc" — деп суреттегені сияқты. Сен, жарқыным, онда ілмек таяқтың жоғын қайдан білесің? Сен әуелі тақуалардың арасында біраз жүріп көр, сосын өзгеше әуенге басасың әлі. Әйтсе де, жолың болсын, сонда барып шындыққа көзіңді бір жеткізші, сонан соң осында келіп маған айтып берерсің: ақирет дегеннің не екенін анық білсең, қалай дегенмен, елу де оңай болады ғой. Содан кейін менің жанымда болғанша сол тақуаларыңның арасында жүргенің әдептірек шығар, періште сияқты бой-басыңа ештеңе жұқпаса да... қыз-қырқынмен ішкілікке салынатын мына маскүнем шалдан жырақ жүргенің жөн. Мүмкін, ол жақта жаныңа жаманшылық дарымас, осыған сенгесін де рұқсатымды беріп отырмын саған. Миыңды шайтан шағып жеген жоқ қой. Лап етіп тұтанып, жалп етіп сөнерсің де, айыққасын қайта ораларсың. Мен сені күтемін: бұ жалғанда мені кінәламайтын біреу болса, ол сен екенін неге сезбейін, сүйікті ұлым, мен мұны сеземін, сезбей отыра алмаймын!..
Сөйтіп, шал тіпті кемсеңдеп кетті. Ол күйрек болатын. Әрі күйгелек, әрі күйрек еді.
ПІРӘДАРЛАР
Бәлкім, оқырмандардың ішінен біреу-міреу менің бұл жігітімді ауру-сырқаулы, тым еліккіш, оған қоса жетесіз, құрғақ қиялшыл, жүдеубас, шілбиген біреу шығар деп ойлап қалар. Жоқ, Алеша бұл кезде сымбатты, екі беті нарттай, жанары жайдары он тоғыз жасар сабаудай бозбала болатын. Бойы сұңғақтау, шашы қоңыр сары, сәл ат жақтылау бет-жүзі қияпатты, ашық қоңыр сұр көздері алшақ, өте ойшаң және мінезі аса байсалды көрінген балаң жігіт онда тіпті өте сұлу көрінетін, бәлкім, беті нарттай болса қайтейік, фанатик немесе мистик болуға оның қандай бөгеті бар дер: ал меніңше, Алеша тіпті кімнен болса да көбірек реалист секілді. О, әрине, монастырьде ол түрлі ғажайыптарға кәміл сенетін болған, бірақ, меніңше, қандай ғажайып болсын реалисті ешқашан да таңырқата алмақ емес. Реалисті дінге бейімдейтін ғажайыптар емес. Шынайы реалист, егер ол діншіл болмаса, ғажаптарға сенбеу үшін өзінің бойынан күш пен қабілетті әманда таба алады, ал егер ғажайып оның алдында даусыз айғақ болып қасарып тұрып алса, онда ол осы фактіні мойындағаннан гөрі ең алдымен өзінің сана-сезіміне сенбейді. Ал егер мойындаса, онда тек осыған дейін өзіне бимағлұм боп келген табиғи айғақ ретінде ғана мойындайды. Реалистің сенімі ғажайыптан тумайды, қайта, ғажайып оның сенімінен туады. Егер реалист бір мөрге сенетін болса, онда ол нақ өзінің реалистігі себепті ғажайыпты да сөзсіз мойындауға тиіс. Өзім көрмей сенбеймін деп мәлімдеген апостол Фома көзімен көргеннен кейін: "Жаратқан жаббар ием тәңірім менің!" деген екен. Сонда оны сенуге зорлаған ғажайып бірдеңе ме? Жоқ, әсте олай емес, оның сенген бірден-бір себебі — сенгісі келген, бәлкім, тіпті: "Өзім көрмей сенбеймін" деген кездің өзінде-ақ көкірегінің бір түкпірінде кәміл сеніп те үлгірген шығар.
Бәлкім, Алеша жетесіз, топас, оқуын тастап кеткен және тағы бірдеңе дер. Оның оқуын бітірмегені рас, әрине, бірақ оны жетесіз немесе топас деу барып тұрған әділетсіздік болар еді. Жоғарыда айтылғанды жай ғана қайталайын: ол тақуалық жолға түссе, оның себебі мынау ғана: ол кезде оны тек жалғыз осы жол ғана еліктіре алған, былайша айтқанда, түнектен жарық сәулеге ұмтылған жан-дүниесінің мақсат-мұратын көзіне бір-ақ елестеткен еді. Енді бұған Алеша ішінара біздің соңғы дәуірдің жас ұрпағы екенін яки жаратылысынан адал, шындықты көксейтін, оны іздеп тапқысы келетін және оған сенетін, ал сенгеннен кейін оған бүкіл жан-тәнімен беріле дереу араласып кетуді, тезірек ерлік көрсетуді талап ететін және осы ерлік үшін нені болса да құрбандыққа шалуға, тіпті өзінің өмірін де қиюға дайын тұратын жігіт екенін қосыңыз. Бірақ, біздің сорымызға, көп ретте бұл құрбандықтардың ішіндегі ең оңайы қыршын өмірді қия салу екенін жас жігіттер түсінбейді, мысалы, жігері тасыған жастық шағының бес-алты жылын, тым болмаса, сол өзі ынтыққан шындық пен өзі қалаған және жан-тәнімен құлшынған ерлікке қызмет етуге бойындағы күшін еселеп арттыру, қиямет-қайым, қиын оқуға, ғылымға бағыштау — міне, мұндай құрбандық көбісінің қолынан әрдайым келе бермейді. Алеша тек барлығына қарама-қарсы жолды ғана таңдап алған, бұл жолға бәз-баяғы ерлікке жан-тәнімен ынтыққасын түскен. Байыптап ойлағасын мәңгі өлмеу мен құдайдың барына сеніп ғажаптағаннан кейін іле-шала оның өзіне-өзі: "Мәңгі өлмеу үшін өмір сүргім келеді, жартып келісімге көнбеймін" — дегені түсінікті. Ал егер Алеша мәңгі өлмеуге де, құдайға да сенбеймін деп ұйғарса, онда ол дереу атеист, социалист болып кетер еді (өйткені социализм дегеніміз тек жұмысшы мәселесі, яки төртінші сословие деп аталатының мәселесі ғана емес, сонымен қабат көбіне-көп атеистік мәселе, атеизмнің қазіргі замандағы іске асу мәселесі, жер бетінен заңғар көкке көтерілу үшін емес, қайта заңғар көкті жерге дейін төмендету үшін құдайсыз-ақ салынатын Бабыл мұнарасының мәселесі). Алешаға бұрынғыша тіршілік ету енді таңғаларлықтан, тіпті мүмкін еместей көрінген. "Егер кемел болғың келсе, барыңды үлестіріп бер де соңымнан еріп жүр" — деген емес пе. Сонсоң да, Алеша өзіне-өзі: "Мен "барымды" үлестіріп берудің орнына, екі сом ғана бере алмаймын, "соңынан ерудің" орнына тек түскі ғибадатқа ғана жүре алмаймын" — деген. Оның сәбилік шағынан, бәлкім, шаһар түбіндегі монастыріміз жайында — шешесі баланы сонда түпкі ғибадатқа алып баруы мүмкін ғой — бірдеңе жадында қалуы да ғажап емес. Мүмкін, желікпе аурулы шешесі оны бұрыштағы икона алдында көтеріп тұрған сәтте терезеден түскен күннің қиғаш сәулесі де әсер еткен шығар. Ол бізге алғашта ойға батып келгенінде, бәлкім, мұнда барлығын түгел беретінін, немесе екі-ақ сом беретінін көруге ғана келіп, монастырьдан анау пірәдарды кездестірген шығар...
Пірәдар деп отырғаным — жоғарыда айтылған Зосим пірәдар, осы арада біздің монастырьлардағы "Пірәдарлар" деп аталатындардың кімдер екені жайында да жалпы бірер сөз айту керек сияқты, тіктеп отырғаным. Дегенмен, келтелеу қайырып, үстірттеу баяндасақ та, бірдеңе деп көрелік. Біріншіден, бұл жөнінен білікті және хабардар адамдардың айтуынша, біздің орыс монастырьларында пірәдарлар мен пірәдарлық рәсім жуырда ғана тараған, оған тіпті жүз жыл да толғап жоқ, ал бүкіл православиелік Шығыста, әсіресе Синай мен Афонда оған мың жылдан асып кеткен. Пірәдарлар біздің Русьта да тіпті сонау бағы замандарда болған немесе сөзсіз болуға тиісті еді, алайда, Ресей күйзелістердің, монғол шапқыншылығының, аласапыран дәуірлердің, Константинопольді жаулап алғаннан кейін Шығыспен ежелгі қарым-қатынастың үзіліп қалуының салдарынан ұмыт болды да, оларға тыйым салынды. Өткен ғасырдың аяғында бізде ұлы сахабалардың бірі Паисий Величковский (оны осылай атап кеткен) мен оның шәкірттері пірәдарлықты қайта жаңғыртты, алайда, содан бері де жүз жылдай өтсе де олар санаулы монастырьларда ғана орнықты, кей кездерде тіпті Ресейдегі алабөтен жаңалық есепті қудалауға да ұшырады. Бізде әсіресе Ресейдің оңтүстігіндегі Козельская Оптина деген әйгілі мінәжатханада кең тараған. Біздің шаһар іргесіндегі монастырьға пірәдарлықты кімнің қашан әкелгенін айта алмаймын, әйтсе де, тақуалардың абызы үшінші рет ауыстырылғаны анық әйтеуір, Зосим пірәдар солардың соңғысы еді, бірақ оны да төрінен көрі жуық, енді оның орнын кімнің басатыны да белгісіз. Біздің монастырь үшін мұның өзі өте маңызды мәселе: өйткені құдайы орын есебінде осыған дейін оның аты шығып көрмеген: онда әулиелердің мүрделері де, діндарларды ғажайыптандыратын сиқырлы иконалар да жоқ, тіпті өз тарихымызға байланысты белгілі аңыз-ертегі де болған емес, отан алдында сіңірген ерекше еңбегі мен көрсеткен тарихи ерлігі бар деп те мақтана алмаймыз. Оның абыройын көтеріп, күллі Ресейге даңқын асырған тек осы пірәдарлар болатын, соларды көріп, уағызын есту үшін жалпақ Ресейдің қияндағы түкпір-түкпірінен діндар қауым топ-тобымен осында ағылып келіп жататын. Сонымен пірәдар дегеніміз кім? Ол сіздің жан дүниеңіз бен еркіңізді өзінің жан дүниесі мен еркі егіп қосып алушы. Өзіңізге пірәдарды таңдап алғаннан кейін сіз өз еркіңізден бас тартып, өзіңізден өзіңіз безініп, толық соның ырқына көнетін боласыз. Мұндай тауқыметті, мұндай қиямет-қайым. өмір жолын қалаған адам оны өз еркімен қабылдайды, бұған ол өмір бойғы мойынсұнғыштығымен кәміл еркіндікке жету, яки өзінен-өзі ерікті болу үшін, өзінің кім екенін өмір бойы біле алмай өткендердің кебін кимеу үшін осындай қиын-қыстау сыннан өтіп өзін-өзі жетілдіріп, өзін-өзі билей алатындай болармын деген үмітпен тәуекел етеді. Бұл, яки пірәдарлық теориялық жаңалық емес, ал шығыста тәжірибеден туған нәрсе, бұл күндерде оған мың жылдың жүзі болған. Оның алдындағы парыз біздің орыс монастырларында да ежелден болып келген кәдімгі жай "мойынсұнушылық" емес. Мұнда пірәдарға телінген пенделердің өле-өлгенше мінәжат етуі телінген адам мен телуші адамның бір-бірімен ажырағысыз байланыстылығы мойындалады. Мына бір хикаяны мысалға алайық: баяғы христиан заманында бір мүрит болыпты, ол бірде өзі пір тұтатын пірәдардің қайсыбір талабын орындаудан бас тартып, монастырьді тастап басқа елге, Шамнан Мысырға кетіп қалады. Онда жүріп талай ұлы ерлік іс істегеннен кейін, ақырында, дін жолында азап шегіп, шәйт боп кетеді. Сонсоң шіркеу оны әулиеше қастерлеп жерлеу рәсіміне кіріскенде дьяконның: "Парықсыздар, тайып тұрыңдар" дегем даусынан өлік жатқан табыт кенет тұғырдан өзінен-өзі көтеріліп ғибадатханадан сыртқа ұшып шығады, үш мәрте осылай болады. Бұл шейіт болған діндардың бір кезде пірәдарына мойынсұнбай одан кетіп қалғандығы, осы себепті сол пірәдарының рұқсатынсыз оған тіпті сондай ұлы ерліктеріне де қарамастан кешірім берілмейтіндігі кейіннен ғана анықталады. Ақыры, ол шіркеуге арнайы шақыртылған пірәдары оның мойынсұнбағанын кешірдім деп рұқсатын бергесін ғана жерленіпті. Әрине, бұл бағы замандағы аңыз ғана. Ал енді жуырда болған мына бір шын оқиғаға тоқталайық: осы замандағы тақуаларымыздың бірі Афонды паналап жүрсе керек: бір күні оған пірәдары: құдай тағаланың нұры жауған құтты мекен деп жақсы көретін Афоннан енді кетуің керек, әуелі қасиетті орындарға барып аруақ-құдайға сыйынып дұға оқу үшін Иерусалимге барасың, содан кейін қайтадан Ресейге оралып солтүстікке, Сібірге кетесің, "сенің орның мұнда емес, сол жақта" — дейді. Қайғы басып, еңсесі түскен тақуа Константинопольдегі бүкіл әлемдік патриархқа барып, пірәдарының талабын орындамауға рұқсат сұрап жалбарынады. сонда бүкіл әлемге әмірі жететін патриарх: бұған бүкіл әлемдік патриарх бола тұра мен де мәулет бере алмаймын, жер бетінде сенің бұл өтінішіңді қанағаттандыратын билік ешкімде жоқ және ондай билік сол әмірді берген пірәдарыңнан өзге ешкімде болуы мүмкін емес деп жауап беріпті. Міне, бұл кейде пірәдарлардың билігі тіпті ақылға сыймайтындай шексіздігін көрсетеді. Біздегі көптеген монастырларда алғашқы кезде олардың қуғынға ұшырай жаздағаны осыдан. Оның бері жағында халық ондай пірәдарларды әуелден-ақ құрметтейтін болған. Мысалы, біздің монастырьдің пірәдарларына тізе бүгіп тағзым етіп, көкейіндегі күдігін ақтарып, күнәсынан арылып, қайғы-қасіретін айтып, ақыл-кеңес сұрау үшін былайғы қара халық та, асыл текті бекзаттар да ағылып келіп жататын. Мұны көргенде олардың дұшпандары басқа да айып тағумен бірге, мүриттің немесе жай адамның пірәдарға келіп, құдайға мінәжат қылуында құпия дерлік ештеңе болмаса да, олай еткенде мінәжат құпиясының құны кетеді, ол сұмдық қорланады деп байбалам салатын. Дегенмен, пірәдарлық әйтеуір жан сауғалап қалған, енді олар орыс монастырларында біртіндеп орын теуіп жатыр. Мінез-құлықты құлдықтан еркіндікке бейімдеп өзгертіп, жетілдірудің осынау сыннан өткен, мың жылдық құралы алмас қылыштай қатерлі қаруға айналуы да мүмкіндігі, сірә, шындық шығар, сол себепті ол кейбіреулерді жансебіл көнбістікке, салмақты сабырлылыққа баулудың орнына, керісінше, нағыз жан түршігерлік өркөкіректікке, еркіндікке емес, шынжыр бұғауға душар етуі де ғажап емес.
Зосим алпыстың бесеуіне келген тақуа қария еді, ата-тегі помещик, жасында әскери қызметте, Кавказда обер-офицер болған. Ол жан дүниесінің ерекше бір қасиетімен Алешаны баурап алғаны сөзсіз. Алеша өзін жақсы көріп кеткен пірәдардың құжырасында онымен бірге тұрған. Монастырьда болған кезінде Алешаның көбінесе еркін жүргенін, бір жаққа барғысы келсе күн ұзаққа кетіп қала алғанын, ал егер сол тақуалар киетін жұқа қара подрясник киіп жүрсе, мұны тек монастырдағылардың ешқайсысынан оқшауланбау үшін ғана өз еркімен істегенін ескерте кеткен жөн. Әйтсе де, подрясник оның өзіне де ұнайтын. Албырт жастың қиялына пірәдар уағызының құдіреті мен оның атақ-даңқы да әсер етуі мүмкін. Пірәдардың оған жүрек сырын ашып, жанға шипа боларлықтай жылы лебіз естуге ынтығып келушілермен талай сұхбаттасқанында олардың ағынан жарылған сырын, қайғы-қасіретін, тәубешілігін бар жан дүниесімен қапысыз мол ұққандығы сонша, ақырында, ол бейтаныс кісінің неге келгенін, оған не керегін, тіпті жанын жеген қандай ой екенін де оның жүзіне бір қарағанда-ақ айнытпай айтатын сәуегей болып алған еді, келуші пәм демей жатып оның ішіндегі көкейкесті сырын толық біліп отыратындығымен оны таң-тамаша ғып, әрі-беріден соң тіпті абыржытып, зәре-құтын қашыратын еді дейтін көптеген адамдар Зосим қария жайында. Оның бер жағында Алеша пірәдармен оңаша сұхбаттасуға бірінші рет келгендердің көбісі, тіпті барлығы дерлік, оған әлденеден қуыстанғандай мазасыздана кіріп, одан әрі қашан дерлік жүздері жадырап, қуанып шығатынын, ең тұнжыраған кісінің өзі бейне бақыт нұрына бөленгендей болатынын үнемі байқап жүретін. Алешаны қайран қалдырған нәрсе — пірәдардың әсте қатал еместігі еді: керісінше, ол келген адаммен әманда жайдары сөйлесетін. Тақуалар ол нақ күнәсі ауырлау және көбірек күнәға батқан кісіні өзіне бәрінен де гөрі жақынырақ тартып, оны жан-тәнімен жақсы көретін еді дейтін пірәдар жайында. Жарық күні батуға айналған шағында тақуалардың арасынан оның дұшпандары мен бақталастары да табылған еді, бірақ та уақыт өткен сайын олар азая берген, мысалы, солардың ішінде тамаққа ғажап төзімділігімен таңғалдырған, керемет үндемес бір қаусаған шал секілді бірнеше атақты, аузы уәлі тақуа болса да, олар енді үн шығармайтын болған. Алайда, олардың басым көпшілігі Зосим пірәдардың жағында екендігі күмәнсыз еді, бұлардың ішінен көбі қарияны тіпті жан-тәнімен беріліп, шын сүйетін; ал кейбіреулері ол үшін тіпті отқа да, суға да түсуге дайын-ды. Ондайлар Зосим қария — әулие, бұған енді ешбір күмән жоқ деп жар салмаса да ашық айтқан, шалдың уақыты санаулы екенін сезіп, тіпті дереу бір ғажайыптың болуын, пірәдардың бақи дүниеге аттануынан ең таяу уақытта монастырьдің абырой-атағы өсуін күткен-ді. Алеша шіркеуден сыртқа ұшып шыққан табыт жөніндегі хикаяға қалай күмәнсыз сенсе, пірәдардың таңғажайып құдіреттілігінде де сондай күмәнсыз сенген. Ауру балаларын немесе ересек туыстарын алып кеп, пірәдардың оларға қол салып дұға оқуын жалбарынып өтінген көптеген адамдардың көп кешікпей, ал кейбіреулерінің тіпті ертеңіне-ақ қайтып келіп, пірәдардың алдында көзіне жас алып тізерлеп тұрып, науқастарын емдеп жазғаны үшін алғыстарын аямай төккенін Алеша көріп жүрген. Бұл адамның шын сауыққаны ма, әлде аурудың беті өзінен-өзі бері қарағаны ма — Алеша үшін мұндай сауал болған жоқ, өйткені ол ұстазының рухани құдіретіне кәміл сенген оның атақ-даңқы мұның өз мерейінің үстемдігі тәрізді көрінген. Пірәдарды бір көріп, оның пәтиқасын алуға жалпақ Ресейдің түкпір-түкпірінен келген діндар қара халықтың мінәжатхана қақпасы алдында әдейі тосып тұрған тобына оның қалай шыққанын көргенде Алешаның жүрегі бір түрлі лүпілдеп, жүзі нұрланып кететін. Олар пірәдардың алдында жерге бас ұрып, көзіне жас алатын. оның аяғынан, табаны тиген топырақтан тәуіп етіп, еңіреп жылап жіберетін, қатындар болса оған сәби балаларын созатын, оның алдына желікпе ауруға шалдыққан әйелдерді жетектеп әкелушілер де болатын. Пірәдар олармен дидарласатын, сосын қысқаша дұға қайырып, пәтиқасын бергесін қоя беретін. Соңғы кезде ауруы меңдеуі себепті кейде қатты әлсіреп қалатындықтан, ол құжырасынан әрең шығатын болған, мұндайда келген діндарлар монастырьда оны бірнеше күн күтіп жататын. Алеша өлер пірәдарды не үшін сүйеді, оның алдында не үшін маңдайын жерге тигізе шұлғып, оның жүзін бір көргеніне неліктен соншама елжіреп, егіледі екен? — деп ойланған емес. Еңбек пен қайғы-қасірет, ең бастысы бітпейтін әділетсіздік пен әуелі өзінің, сосын бұ жалғандағы бітпес күнәкарлықтан азап шеккен қара табан орыстың көнбіс жан дүниесі үшін пір тұтарлық қасиетті бірдеңені немесе әулиені іздеп тауып, соның алдында иіліп-бүгіліп, "Бізді күнә, өтірік-өсек, алдау-арбау шырмап отыр, бірақ бір жақта, әйтеуір бір жерде қасиетті әулие, құдірет бәрібір бар, оның есесіне шындық сонда, оның есесіне шындықты білетін жалғыз сол, демек, бұ дүниеде шындық өлмек емес, олай болса, бір кезде ол бізге де жетеді, сөйтіп, уәде етілгеніндей, ол шындық жер бетінде түгел үстем болады" — деп тәубешілік етіп, өзін-өзі жұбатудан артық тілек жоғын ол өте жақсы түсінетін. Алеша халықтың нақ осылай сезініп, тіпті осылай деп пайымдайтынын білген, мұны түсінген, әлгі жұрт аңсаған әулие, құдайы шындықты халық алдында қастерлеп сақтаушы дәл осы пірәдар екендігіне жылап тұрған мұжықтармен бірге, сәбиін көтеріп пірәдарға көрсетіп тұрған олардың ауру қатындарымен бірге оның өзі де ешбір күмәнданбаған. Пірәдар ақиретке аттануымен монастырьды осыған дейін құлақ естімеген бір даңққа бөлейді деп тап Алешадай ешкім де сенбеген шығар. Әсіресе соңғы кезде оның жүрегінде жан дүниесін баураған нендей бір шын сүйсіну сезімінің оты барған сайын маздай түскен еді. Оның алдында осынау аруақты қарияның қалай дегенмен жеке-дара тұрғандығында ол ешбір қысылмаған: "Бәрібір, ол әулие, баршаға керек жаңарудың құпиясы, ақыр-соңында, жер бетінде шындықты орнататын күш-қуат соның жүрегінде; сонда жұрттың бәрі күнәдан арылып. бірін-бірі сүйетін болады, байлар да, кедейлер де, асып-тасқандар да, қорланғандар да болмайды, барлығы бір құдайдың пенделері саналады, хақ пайғамбарды пір тұтқан заман келеді". Алешаның жүрегіне міне осындай қиял ұялаған-ды.
Осыған дейін көрмеген екі ағасының келуі Алешаға аса қатты әсер еткендей еді. Дмитрий Федоровичтің кейінірек келгеніне қарамастан, екінші ағасы (кіндіктес) Иван Федоровичке қарағанда, ол онымен тезірек және етене жақындасып кеткен. Ол Иванның да неткен жан екенін білуге ынтыққан, бірақ, ағасы келгелі бергі екі айда қаншама жиі ұшырасып жүрсе де екеуі әлі ешбір жанаса алмаған: Алешаның өзі де үндемеген, ол әлденені күткендей, әлденеден ұялғандай еді, ал Иван алғашқы кезде інісіне көз тоқтата, барлай қарап жүрді де, — мұны Алеша сезген, — көп кешікпей оны тіпті ұмытып кеткендей көрінген. Мұны сезгенде Алеша едәуір қысылып қалған. Ол ағасының немқұрайлылығын екеуінің жасындағы алшақтықтан, әсіресе біліміндегі айырмашылықтан шығар деп жорыған. Бірақ, Алеша басқа бір ойға да қалған еді: Иванның бұған соншалықты ілтипат білдіре қоймауының, бәлкім, бұл мүлде білмейтін өзге бір себебі бар шығар. Неге екені белгісіз, Иванды көкейкесті, аса маңызды бірдеңе мазалайтындай, ол нендей бір, бәлкім, тіпті қол жетпестей мақсатқа ұмтылатындай, сондықтан оның мұнымен сөйлесуге мұршасы келмейтіндей, ағасының оған селқос қарауының бұдан басқа сыры жоқтай көріне беретін. Алеша бұл арада оқымысты атеистің зердесіз мүритке дегем әлдеқандай бір жеккөрінішінің нышаны жоқ па екен деп те ойлаған. Ол ағасының атеист екенін анық білетін. Ағасы оны тіпті жек көрген күнде де бұл оған өкпелеп алмас еді, бірақ ағасының өзі қашан бауырына тартатынын бұл өзіне де түсініксіз, бір түрлі күдікті именумен қалай дегенмен күтіп жүре берген. Үлкен ағасы Дмитрий Федорович Иванға аса зор құрметпен қарап, ол жөнінде бір түрлі ерекше ілтипатпен әңгімелейтін. Соңғы кезде екі ағасын керемет жақындастырған маңызды істің барлық бүге-шігесін Алеша содан естіп білген. Иванмен салыстырғанда Дмитрийді тіпті қараңғы деуге болады, жеке тұлғасы мен мінезі тұрғысынан екеуін қатар қойғанда бір-біріне мұншалықты кереғар басқа екі кісіні іздеп табу мүмкін емес сияқты еді, сол себепті де Дмитрийдің Иван жөніндегі сүйсінген пікірі Алешаға алабөтендеу көрінген.
Алешаға төтенше ықпал еткен пірәдардың құжырасында өткен осынау парықсыз үй-ішінің кездесуі, дұрысырақ айтқанда, төрт көзі түгел жиналуы, міне, дәл осы кезде болған еді. Шындығында, бұл бас қосыстың сылтауы жалған-ды. Дмитрий Федоровичтің өзіне тиісті енші мен дүние-мүлік бойынша есеп айырысу жөнінен әкесі Федор Павловичпен дүрдараздығы, тегі, нақ сол тұста шектен шықса керек. Әкесі мен баласы ат құйрығын кесісуге жуықтап, қарым-қатынастары төзгісіз болуға айналған еді. Бәріміз Зосима қарияның құжырасында бас қоссақ қайтеді деген ойды жай әзілдесе де бірінші бон Федор Павлович білдірген; бұлай деп ишара білдіргенде пірәдар қолма-қол бітістірмесе де, тым болмаса, өзінің атақ-дәрежесімен, қала берді ортамызда қатысып отыруымен дау-дамайсыз мәмлеге келуімізге бірдеме ғып ықпал етер деп дәмеленген. Пірәдардың алдына бармаған, оны тіпті мүлде көрмеген Дмитрий Федорович, әрине, әкесі мұны осылай бір ықтырып алмақшы ғой деп қана топшылаған еді; әйтсе де, ол әсіресе соңғы кезде әкесімен тартысында тым дөрекі кетіп қалғаны үшін іштей өзін-өзі кінәлайтын, сол себепті бұл ұсынысқа қарсылық білдірген жоқ. Айтпақшы, ол, Иван сияқты әкесінің үйінде емес, шаһардың екінші шетінде, бөлек тұратын. Сонан соң Федор Павловичтің бұл ойына осы кезде біздің шаһарда тұрып жатқан Петр Александрович Mиусов та жармаса кеткен. Қырқыншы және елуінші жылдардағы либерал, еркін ойшыл һәм атеист болғасын ба, әлде зеріккендігінен, әлде қызық көрген жеңілтектігінен бе, ол осы іске әйтеуір шұғыл араласты. Оның кенет монастырьды, "әулиені" көргісі келді. Ол өзінің осы монастырьмен көптенгі дауы әлі бітпегендіктен, олардың қарауындағы жерлердің шекарасы, орманнан ағаш кесу, өзеннен балық аулау жөніндегі құқық пен тағысын тағылар жайындағы тартысы әлі күнге созылып келе жатқандықтан, осы дауды бірдеме ғып жең ұшынан жалғасып бітіруге болмас па екен? — деп пірәдар игуменмен өзім тілдесіп көрейінші деген сылтаумен орайласқан сәтті пайдаланып қалмақшы болды. Монастырьда жай әуесқой біреуге қарағанда мұндай ізгі ниетті адамды, әлбетте, анағұрлым зор ілтипат көрсетіп қабылдауы мүмкін ғой. Соңғы кезде құжырасынан шығудан қалып, ауру болғасын тіпті жай келушілерді де қабылдамай қойған пірәдарға, бәлкім, монастырдағылардың кейбір әсері тиюіне осы жайттардың барлығы дәнекер болуы ықтимал-ды. Ақыры, пірәдардың келісімі алынып, оған баратын күн де белгіленді. Алешаға жымия қараған ол тек: "Мені олардың еншісін бөлуге кім тағайындап еді?" — деген.
Кездесу жайында естігенде Алеша қатты абыржыды. Әйтсе де, ол егер осы таласып-тартысып, жүз жыртысып жүргендердің ішінен бұл бас қосысқа байсалды қарайтын біреу болса ол, күмән жоқ, ағасы Дмитрий екенін, ал қалғандары пірәдарға қорлаушылық боп көрінетін парызсыздық ниетпен келетінін ол түсінген. Ағасы Иван мен Миусов келсе, бәлкім, нағыз дөрекілікке ауысқан әуесқойлықтан, ал әкесі болса тағы бір кісі күлерлік сайқымазақтық үшін келмек. О, Алеша үндемесе де, өз әкесін әбден һәм қапысыз біліп алған. Қайталап айтайын, бұл бала жұрт ойлайтындай тым аңғал емес-ті. Ол белгіленген күнді күтіп қыпылдап жүрген. Оның үй ішіндегі осы бір кикілжің неде болса бітіп тынса екен деп тілегені күмәнсіз. Алайда, ол пірәдардың қамын бәрінен де көбірек ойлаған еді, ол қарияның өзі мен оның абырой-атағы үшін қалтыраған, біреуі оған әлдеқалай тіл тигізбесе жарар еді деп қорыққан, әсіресе Миусовтың сызылған, нәзік мысқылы мен оқымысты ағасы Иванның маңғаз тұспалынан қауіптенген. Алеша тіпті келіп қалуы мүмкін осы бір адамдар туралы пірәдарына бірдеңе деп ескертіп қойғысы да келді, бірақ ойланып көрді де үндемеді. Айтулы күннің қарсаңында ол бір танысы арқылы Дмитрийге өзінің оны жақсы көретінін және ол берген уәдесін орындайтын шығар деп күтіп жүргенін айтып сәлем жолдаған. Дмитрий ойланып қалған, өйткені інісіне қандай уәде бергені есінде жоқ-ты, дегенмен "арамзалықтың алдында" қал-қадарымша ұстамдылыққа тырысамын, пірәдар мен інім Иванды қатты құрметтесем де, осы арада маған нендей бір тұзақ құрылып, немесе бір масқара мазақ іс дайындалып жатқанына күмәнданбаймын деп хат жазып жіберген. Дмитрий: "Солай бола тұрса да, сенің пір тұтатын әулие кісіңе құрмет-қошеметтен тайсам тілім кесілсін", — деп аяқтаған өзінің хатын. Алешаны бұл хат онша сергіте қоймаған.
ЕКІНШІ КITАП
ЖӨНСІЗ БАС ҚОСУ
I
МОНАСТЫРЬҒА КЕЛДІ
Жылы, ашық күн ғажап еді. Тамыздың аяғы болатын. Олар пірәдармен сәскелік намаздан кейін, сағат он бір жарымға таман кездесуге келіскен. Алайда, біздің монастырьға келетін адамдарымыз ғибадаттың басталуына үлгермепті, жұрт тарқап жатқанда зорға келіп жетті. Олар екі жеңіл арбамен келіпті; сүліктей жарау қос ат жегілген сәнді күймеде Петр Александрович Миусов отыр, қасында ағайындас туысы, жиырмалардағы жас жігіт Петр Фомич Калганов бар. Жігіт университетке оқуға түсуге дайындалып жүрген. Неге екені белгісіз, уақытша сол жігіттің үйінде тұрып жатқан Миусов оны өзімен бірге шет елге кетіп, Цгорихтың немесе Иенаның университетіне түсуге үгіттеп жүрген. Бірақ жігіт әлі шешімге келмеген. Ол көп ойланғыш ұмытшақ секілді көрінетін. Жылы жүзді, мығым денелі, едәуір сұңғақ бойлы болатын. Оның кісіге қарағанда таңғаларлық бір әдеті бар еді: өте ұмытшақ кісілердің бәрі сияқты, ол да кейде тесіле және ұзақ қараса да сізді бәрібір көрмес еді. Ол үндемейтін және ұялшақтау болатын, бірақ, - әлбетте, тек біреумен оңаша қалғанда ғана - ойда жоқта керемет сөзшең, қызба және оқта-текте неге күлгенін өзі де білмейтін тым күлекеш те болып кететіні де бар-ды. Алайда, ол кенеттен қалай тез еліксе, дәл солай шапшаң басылып, кілт тыйыла қалатын. Дәйім өте жақсы, тіпті сәнді киініп жүретін; ол өзін тәуелсіз ұстарлықтай бірсыпыра дәулеттің иесі болатын, ал келешекке одан да молырақ мұраны иемденуге үміттеніп жүрген. Алешамен дос еді.
Салдырлаған, ескі, бірақ аумақты жеңіл арбамен баласы Иван Федоровичті ертіп алып Федор Павлович те келіп жетті, оның қос боз жирен мәстегі Миусовтың күймесіне зорға ілесіп келіпті. Дмитрий Федоровичке кездесудің күні мен сағаты алдын ала хабарланған-ды, алайда, ол кешігіп қалды. Барлығы ат-арбаларын орам сыртындағы мейманхана алдында қалдырып, өздері монастырь қақпасынан жаяу кірді. Федор Павловичтен басқа үшеуі, тегі, еш уақытта ешқандай ғибадатхананың есігін ашпағанға ұқсайды, ал Миусовтың шіркеуді көрмегеніне, бәлкім, тіпті отыз жыл болған шығар. Оның жан-жағына сұқтана көз салуынан өзін әдейі дөрекілеу ұстайтындығы сезіліп тұрды. Бірақ, монастырьдің ауласында шіркеу мен шаруашылыққа қажетті, кәдімгі дағдылы құрылыстардан басқа айтарлықтай ештеңе жоғын ол байқағыш зердесімен бірден-ақ пайымдаған. Бөркін қолына алып шіркеуден шоқынып шығып жатқандардың соңғылары өтіп жатыр. Қара халықтың арасынан жоғарғы қауымның адамдары да, екі-үш ханым, бір қаусаған кәрі генерал да көзге түсті: олардың бәрі де мейманханаға тоқтаған. Біздің адамдарды қайыршылар тез қоршап алып еді, бірақ ешқайсысы садақа бере қойған жоқ. Әмиянынан он тиындықты алып, қараптан-қарап өзінен-өзі қысылып: "Бірдей ғып бөліп аларсыңдар" — деп бір қатынның қолына қыстыра салған тек Петруша Калганов болды. Оның бұл қылығына серіктерінен ешкім үндемеген, ендеше оған қуыстанатындай да түк жоқ-ты: бірақ мұны сезгесін ол онан бетер қысылды.
Алайда, таңғаларлық; шын мәнінде бұларды күтіп алуға тиісті еді, тіпті азды-көпті қошеметпен қарсы алса да артық емес-ті: біреуі осы жуырда ғана шіркеудің мұқтажына мың сом ақшасын берген, ал екіншісі шалқыған бай помещик әрі өте білімді адам; былайша айтқанда, өзеннен балық аулауға келгенде, — соттың ақыры немен бітуі тұрғысынан алғанда, — осындағылардың барлығы ішінара соған тәуелді еді ғой. Солай бола тұрса да, бұларды ресми адамдардан ешкімнің қарсы алмауы қалай. Шіркеудің тап іргесіндегі құлпытастарға селсоқ көз салған Миусов мұндай "қасиетті" орынға жамбас тигізу тым қымбатқа түскен болар-ау дегісі келіп еді, бірақ үндемеді: оны жүзіндегі либералдық зілсіз мысқыл енді ішін кернеген ызаға ұласа бастаған-ды.
Сұмдық қой бұл, мына өңшең парықсыздардың қайсысынан сұрап білерсің... Уақытты зая кетірмей осыны шешіп алуымыз керек еді, — деп кенеттен күбір етті ол, өзімен-өзі сөйлескендей.
Өстіп тұрғанда үстіне қолпылдаған жазғы пәлте киген, жылмаң көз, қасқа бас егделеу бір мырза кенет бұларға келді. Қалпағын көтеріңкіреп қойғасын жарамсақтана сөйлеген ол өзін тулалық помещик Максимовпын деп жалпы таныстырып өтті. Біздің жолаушылардың неге қам көңіл болғанын ол тез сезе қойды.
— Зосима пірәдар өзінің тас түйін жабық мінәжатханасында тұрады, осы арадан төрт жүз қадамдай жерде, орман ішімен баруға болады, орман ішімен...
— Орман ішімен бару керегін мен де білемін, — деді оған Федор Павлович, — көптен келмегесін жолды ұмытыңқырап қалғанымыз.
— Міне, мына қақпадан шыққан соң, тура орман ішімен... Жүріңіздер. Мен... өзім-ақ... ертіп апарсам қайтеді... Міне, мына жаққа... былай қарай...
Олар қақпадан шығып, орманға қарай беттеді. Помещик Максимов алпысты қусырған кісі екен бір бүйірден елпеңдеді де отырды, дұрысырақ айтқанда, жүгіре басып, бұлардан көз аудармай, тінте қарайды. Бадырақ көз кісінің қадала қарағаны қандай қызық.
— Білесіз бе, пірәдарда біздің бір шаруамыз бар, - деді Миусов қатаң үн қатып, - былайша айтқанда "ол кісі" бізді қабылдамақшы еді, сондықтан оған бізбен бірге кірмеуіңізді өтінеміз, ал жол көрсеткеніңіз үшін рахмет сізге.
— Мен болғамын, мен ол жарықтықта болғанмын... Un chevalier parfait!1 — деп помещик саусағын шошайтып сырт еткізді.
— Chevalier?2 — деп тұрғаныңыз кім? —деп сұрады Миусов.
— Пірәдар ғажап адам ғой. Монастырьдің абы ройы артып, даңқы аса гөрсін деңіз тек, Зосима. Ондап пірәдар бола қояр ма екен.
Бірақ, оның дабдырлаған сөзін бұлардың соңынан қуып жеткен, басына клобук3 киген, аласа бойлы жүзі аппақ құдай бір шілбиген жас тақуа бөліп жіберді. Федор Павлович пен Максимов тоқтай қалды. Тақуасымақ иіліп тағзым етіп, өте сыпайы үнмен былай деді:
— Игумен пірәдар сіздердің бәріңізден, мырзалар, мінәжатханадан шыққасын оның дастарқанынан бұйырған дәмді татып кетуді өтінеді. Сіз де келіңіз, — деді ол ақырында Максимовқа қарап.
— Мен мұндай өтінішті орындауға әрқашан дайынмын! — деді дәмге шақырғанға қуанғасын даусы қатты шыққан Федор Павлович, — мен сөзсіз барамын. Және білесіз бе, бәріміз де құдайы орында инабаттылық сақтауға уәделестік... Ал сіз ше, Петр Александрович, барасыз ба?
— Неге бармаймын? Барамын. Осындағылардың барлық әдет-ғұрпымен танысуға келмегенде, мені не үшін келді дейсің. Тек бір-ақ нәрседен қиналып тұрғаным, сонда мен енді, Федор Павлович, сізбен бірге...
— Иә, Дмитрий Федорович әлі келген жоқ қой.
— Иә, егер ол келмесе, тіпті жақсы болар еді, әйтпесе сіздердің мына шалағайлықтарың менің жаныма жағып тұр дейсіңдер ме, оның үстіне тағы сіз қосылсаңыз? Игумен пірәдарға біздің алғысымызды айта барыңыз, түске қарай келеді деңіз, — деді ол тақуасымаққа қарап.
— Жоқ, мен сіздерді пірәдарымызға өзім ертіп апаруға тиістімін, — деп үн қатты жас тақуа.
— Онда мен игумен пірәдарға барын келе қояйын, тез кіріп қана шығамын, — деп помещик Максимов жыпылдай қалды.
— Игумен пірәдардың қазір қолы бос емес, әйтсе де өзіңіз біліңіз... — деді тақуа қорғалақтаған үнмен.
— Неткен беймаза шал еді. — деді Миусов даусын көтеріп. Бұл сәтте помещик Максимов монастырьға қарай кейін жүгіріп бара жатқан-ды.
— Фон Зоннан айнымайды, — деп күбір етті Федор Павлович.
— Сіздің бар білетініңіз осы... Ол неліктен фон Зоннан айнымауға тиіс? Сіз өзіңіз фон Зонды көріп пе едіңіз, тым болмаса?
— Оның суретін көргем. Бет-жүзі ұқсамаса да, түсіндіруге қиын бірдеңесімен содан айнымайды екен. Егіздің сыңары ма дерсің. Бет әлпетін көргенде-ақ тани кетемін сабозыңды.
— Бәлкім, солай да шығар: бұл жағынан сіз білгішсіз ғой. Тек мынаны жадыңызда сақтаңыз: Федор Павлович, есіңізде ме, біз өзімізді инабатты ұстауға уәделестік деп ілкіде ғана өзіңіз айтқан болатынсыз. Ендеше, сол сөзіңізде тұрыңыз. Сайқымазақтық бірдеңе көрсетемін деп ойламаңыз, өйткені мен өзімді сізге қосақтап тәлкек қылғанын қаламаймын... Мынаның қандай кісі екенін көріп тұрсыз ғой, — деді ол енді тақуаға қарап, — парасатты адамдардың табалдырығынан онымен бірге аттауға менің тіпті батылым 1бармайды.
Тақуасымақ үн қатпастан, болар-болмас жымиғанда бозарған, қан-сөлсіз еріндерінен оның ішінде бір сасық қулығы да жоқ емесі сезіліп қалды, бірақ ол ләм деп жауап қатпады: оның намыс сақтап қана үндемегені бесенеден белгілі еді. Миусов онан сайын тыжырая түсті.
"О, сұмдық-ай, ежелгі мекерліктен шыққан мына сызылған бет әлпетті қарашы, ал шындығында бұл тек шарлатандық пен сандырақ қой!" - деген ой келген оның басына.
— Міне, мінәжатханаға келіп те қалдық! — деді көтеріңкі дауыспен Федор Павлович — қақпасы жабық тұр.
Сонсоң ол биік қақпаның маңдайшасы мен екі бүйіріне салынған әулиелердің суреттері алдында шұлғып тұрып қолын сермей шоқына бастады.
— Бөтен монастырьға келгенінде өз ережеңді жинап қойғаның жөн, — деді ол. — Осы мінәжатхананы жиырма бес тақуа паналайды, бірінен-бірі көз алмай отырып капуста жейтіндер өңшең. Бір ғажабы, мына қақпадан бірде-бір әйел аттай алмайды. Бұл шындығында да солай. Бірақ, м н пірәдар келген әйелдерді қабылдайды екен деп естіген едім, сонда бұл қалай болғаны? — деді ол кенет жас тақуаға қарап.
— Былайғы қара халықтың әйелдері қазір де осында, әне анау шағын галерея жақта демалып жатыр қабылдауды күтіп. Ал ақсүйек қауымның әйелдеріне арнап мына галереяда, бірақ орамның сырт жағынан кіретін екі бөлме жабдықталған, әне анау екі терезе пірәдар сауыққан кезінде ішкі жолмен сол бөлмелерге барады, яки орамның сыртына шығады. Харьков губерниясынан келген бір помещик әйел, Хохлакова ханым, ауру қызын алып келген екен, қазір сонда күтіп жатыр. Соңғы кезде тым әлсіреп кеткендіктен, жиналған жұрттың алдына әрең шығып жүрсе де, ол ханымды қабылдауға уәде берген ғой деймін.
— Демек, келген ханымдарға мінәжатханадан бірдеме ғып баратын жол бәрібір қалдырылған екен ғой. Бірақ, қасиетті діндарым, менің бұл айтқанымды жаманшылыққа жорымассыз деймін, жай айтам. Сіз естідіңіз бе, жоқ па, Афонда әйелдің келуіне рұқсат жоқтығы былай тұрсын, онда жалпы ұрғашы біткенге тыйым салынған, керек десең тауықтың мекиені мен ұрғашы танаға да көз салуға болмайды...
— Федор Павлович, мен қазір үйге қайтамын, сіз осында жалғыз өзіңіз қаласыз, бірақ, алдын ала айтып қояйын, мен кеткен соң сізді желкеңізден алып қуып шығаратыны сөзсіз.
— Менің сізге қандай бөгетім бар, Петр Александрович. Әне, қараңызшы, бұлар раушан гүліне оранған жерде тұрады, — деді даусы қатты шаққан ол мінәжатхана орамынан сыртқа аттай беріп.
Шынында да солай, қазір раушан гүлі болмағанмен, гүл отырғызуға жарамды жердің бәрінде күзгі гүлдердің өте сирек, тамаша әдемі түрлері тұнып тұр екен. Тәжірибелі бапкер күтетінге ұқсайды. Шіркеудің орамы мен бейіттердің арасы да гүлзар. Пірәдардың құжырасы бір қабат ағаш үйде екен, кіреберіс галереяның айналасына да гүл отырғызып тастапты.
— Бұрынғы пірәдарларын, Варсонофийдің тұсында бұлай болып па еді? Оның әсемдікті суқаны сүймейтін, тіпті отырған орнынан атып тұрып әйел жынысына таяқ ала ұмтылатын әдеті де болған деседі ғой, — деді Федор Павлович баспалдаққа көтеріле беріп.
— Варсонофий пірәдардың кейде диуаналығы болғаны рас, бірақ ол жөнінде айтылып жүрген ақымақтық сөздер де көп. Ол еш уақытта біреуге таяқ жұмсаған емес, — деп жауап қатты тақуасымақ. — Енді, мырзалар, осы арада сәл аялдай тұрыңыздар, мен сіздердің келгендеріңізді айтып шығайын.
— Федор Павлович, естисіз бе, ақырғы рет келісіп алайық. Өзіңізді дұрыс ұстайтын болыңыз, әйтпесе сазайыңды тартқызам, — деп күбірлеп тағы бір ескертіп қойды Миусов.
— Осыншама неге күйгелектейтініңізді біле алмай қор болдым-ау, — деп мырс етті Федор Павлович, — немене, әлде күнәңіз көп болғасын қымсынасыз ба? Кісінің көкейдегі ойын ол көзінен-ақ біледі дейді ғой. Сіз секілді Парижде тұратын озық ойлы мырзаның сол кісінің пікіріне осыншалық тәнті болғаны ғажап екен, мені таңғалдыратын нәрсе міне осы!
Бірақ Миусов бұл мысқылға жауап беріп үлгермей жатып, оларды ішке кіруге шақырды. Ол сәл ашулы кірген...
"Ал, енді бәрін қалай бүлдіріп алатынымды білем, ашу билеп барады, айтыса кететін шығармын... қызбалана бастармын — сөйтіп өзімді, ойлаған ойымды қор қылармын", — оның басына осы бір ой сап ете түскен еді.
II
ҚАҚПАС САЙҚЫМАЗАҚ
Бұлар құжыраға кірген сәтте өзінің жатын бөлмесінен пірәдар да бері шыға берді. Онда мінәжатхананың екі Иеремонағы қарияның келуін бұлардан бұрын күтіп отыр екен, бірі — кітапханашы пірәдар, екіншісі — Паисий пірәдар; соңғысы қартайып тұрмаса да ауру-сырқаулы кісі еді, жұрттың бәрі оны керемет оқымысты кісі дейтұғын. Бұдан басқа, бұрыш жақта тағы біреу түрегеп тұрған (кейін ол сол күйі түрегеп тұра берді), ол үстіне дағдылы сүртүк киген, жиырманың екеуіндегі жас жігіт, неге екені белгісіз, монастырь мен діндар қауым барынша қамқорлық жасайтын семинарист, болашақ дін маманы еді. Сұңғақ бойлы жігіттің жүзі ажарлы, бет сүйегі шығыңқы екен, зерделі, сергек қара көздері сығырая қарайды. Бет әлпетінен жағымпаздыққа жанаспайтын, әдептен озбаған, нағыз паңдық сезіледі. Өзіне тең санамады ма, әлде, керісінше, бейне бағынышты, тәуелді адамдардай көрді ме, бұлар бөлмеге кіргенде, ол тіпті бас изеп сәлемдескен де жоқ.
Зосим пірәдарға бір мүрит пен Алеша еріп шықты. Иеремонахтар түрегеліп, саусақтары еденге тигенше еңкейіп тағзым етті, оның потиқасын алған соң қолынан тәуеп етті. Пірәдар оларға батасын бергеннен кейін енді өзі де саусақтарын еденге тигізе еңкейіп тағзым етті де, әрқайсысынан енді өзіне пәтиқасын беруді өтінді. Күллі рәсім ерекше бір ілтипатпен өте байсалды атқарылды, қайсыбір дағдылы салтқа әсте ұқсаған жоқ. Алайда, Миусовқа мұның барлығы кісіні ұйытып тастау үшін жорта істелетіндей көрінді. Ол өзімен бірге кірген серіктерінің алдында тұрған. Ешқандай идеяларға қарамастан, жай сыпайыгершілік үшін ғана (мұндағы әдет-ғұрып осындай болғасын) пірәдардың алдына барып пәтиқасын алуы керек еді, қолынан тәуеп етпесе де, тым болмаса, пәтиқасын алғаны жөн еді — мұны ол тіпті кеше кешке-ақ ойластырған. Бірақ иеремонақтардың жаныға иіліп-бүгілгенін, қарияның қолынан өліп-өшіп сүйгенін көргеннен кейін, ол әлгі шешімін тез өзгертті: ақсүйек қауымдағыша маңғазданып, байсалды ғана сәл бас иіп тағзым етті де, орындыққа қарай шегінді. Федор Павлович те дәл осылай істеді, бірақ ол Миусовты маймылша келемеждеп бақты. Иван Федорович та қаздиып тұрып мардымси, сыпайы тағзым етті, ал Калгановтың сасып қалғаны сонша, ол пірәдарға тағзым етуді тіпті ұмытып та кетті. Пірәдар пәтиқасын беру үшін көтере берген қолын түсіріп, оларға екінші рет тағзым еткен соң барлығынан жайғасып отыруды өтінді. Алешаның беті дуылдап барады; ол ұялғанынан жерге кіре жаздады. Бір жамандықты іші сезіп еді, міне, сол орындалды білем.
Пірәдардың өзі бағзы бір заманда қымбат ағаштан жасалып, былғарымен қапталған кішкене диванға барып жайғасты, ал екі иеремонахтан басқа, төрт мейманын қарсы қабырға жақтағы қара былғарысы қажалып бітуге айналған, сондай қымбат ағаштан істелген төрт орындыққа қатар отырғызды. Иеремонахтардың біреуі есік жаққа, екіншісі терезе алдына барып отырды. Семинарист, Алеша және мүрит түрегеп тұрды. Құжыра өте тар және бір түрлі солғындау көрінген. Ең қажетті заттар мен жиһаздың өзі дөрекі, жұпыны екен. Терезе алдында гүл отырғызған екі құмыра тұр, бұрыш жоқ иконаға толған, олардың бірі — Мариям-ананың үлкен суреті, тегі, шіркеудегі жіктеліске дейін көп бұрын жазылса керек.
Алдында шырағдан сығыраяды. Онымен қатарласа жылтыр қапсырмалы тағы екі икона, бұлардың жанында қылымсыған періштелердің суреттері, кішкене фарфор жұмыртқалар, піл сүйегінен жасалған католиктік кресті құшақтаған Matcz dolorosa1 және өткен ғасырлардағы ұлы итальян суретшісінің шетелдік бірнеше гравюрасы ілулі тұр. Осынау нақышты әрі қымбат бедер суреттердің жанына барлық жәрмеңкелерде су тегінге сатып жататын өте қарапайым орыс литографиясынан әулиелердің, дін жолында азап шеккен діндар, тақуалардың, мәртебелі пірәдарлардың және басқаларының бірнеше суреті назарыңды тартады. Қазіргі және өткен замандардағы орыс архмрейлерінің бірнеше суреті де бар екен. бірақ олар басқа қабырғаларға бөлек ілініпті. Миусов осынау "ресмиліктің" бәрін көзбен бір шолғасын пірәдарға қадала қаран отырып қалды. Ол өзінің осы бір әдетін ұнататын, оның елуді артқа салғанын, ал мұның өзі ақсүйек қауымның дәулет қонған, парасатты адамы өзін-өзі әманда, тіпті өзінің еркінен тыс құрметтегіш келетін кемел шақ екенін ескерсек, оның қалай десек те өзіне кешірімді осындай бір осалдығы да бар еді.
Пірәдар оған ә дегеннен-ақ ұнамады. Шынында да, қарияның ұсқынында Миусовтан басқа да көптеген адамдар жақтырмауы мүмкін бірдеңе бар еді. Ол не бары алпыс бес жастағы, алайда, аурудың салдарынан кемінде он жасқа анағұрлым кәрі көрінетін аласа бойлы, бүкірейген, аяғынан әл кеткен кісі болатын. Өте солыңқы бетін ұсақ әжім басқан, әсіресе екі көзінің айналасындағы шимай өте қалың еді. Жылтыраған екі түйме секілді кішкентай көгілдір көздері құбылғыш, самайындағы бес тал шашы аппақ, шоқша сақалы сирек, қаймыжық еріндері тым жымиғыш еді. Мұрны құстың тұмсығы секілді сүйірлеу, бірақ ұзын емес.
"Сұрқына қарағанда мына шал тегі кекшіл кісі болар, тәкаппарсымақтығы да бар шығар" — деп ойлады іштей Миусов. Жалпы, ол өзіне-өзі мүлде ырза емес-ті.
Сағаттың дық еткен дыбысы әңгіме бастауға белгі бергендей болды. Қабырғадағы арзан қол кішкентай сағат он екіні соққан еді.
— Уақыт болды, — деді даңғырлап кеткен Федор Павлович, — ал менің балам Дмитрий Федорович әлі келген жоқ. Қасиетті қариям, оның кешігіп жатқанына кешіре көріңіз! ("Қасиетті қариям" дегенді естігенде Алеша селк етті). Өз басым әрдайым дәлдікті 2ұнатамын, сыпайы король кешікпес дегенді жадымда сақтап, дәл сол минутында келемін...
— Бірақ, сіз король емессіз ғой, — деп күбір етті қапелімде өзін ұстай алмай қалған Миусов.
— Иә, король емеспін, бұл рас. Алайда, Петр Александрович, біле білсеңіз, мұны мен өзім де сезем, құдай ақына! Бірақ, дәйім осындай бірдеңені былжырататын әдетім! Әулие пірәдар! — ол кенеттен ерекше бір шабытқа мінді. — Сіздің алдыңызда отырған пақырыңыз бір сайқымазақ жан, шын сайқымазақ! Танысып қоялық, ол мына мен. Амал бар ма. сүйекке сіңген дағдым бұл! Ал егер кейде жөн-жосықсыз бөсіп кетсем, жұртты күлдіріп, ұнап қалу үшін әдейі істеймін. Басқаларға ұнаған жаман ба, солай ғой? Осыдан жеті жыл бұрын бір шаһарда болған едім, сондағы кейбір көпессымақтармен жең ұшынан жалғасып жүргесін бір болмашы шаруамен барғамын. Исправникке бардық, одан бірдеңені қолқаламақ, сонсоң бізге келіп мейман болуын өтінбек ойымыз бар-ды. Исправник бізден сөйлесуге шықты, өзі де бір еңгезердей, толық денелі, ақсары, тұнжыраған бәле екен, — мұндайда олардан сақтанбасаң болмайды: бауыры беріштеніп қалған олардың, бауыры мәз емес. Аусар басым тоқ етеріне бір-ақ көшіп еркінсіген ақсүйекше: "Исправник мырза, бізге, былайша айтқанда, Направник болыңыз" деппін ғой. — "Ол неғылған Направник?" — дейді ол. Байқаймын, қалжыңымнан түк шықпаған секілді, исправнигіміз міз бағар емес, сонсоң мен де айылымды жимадым: "Жай әзілдегенім ғой деймін, бір көңілденіп қалайық деп, неге десеңіз Направник мырза — біздің әйгілі орыс капсльмейстері, ал бізге қолға алған ісіміздің қайырлы болуы үшін нақ сондай бір капсльмейстер керек секілді..." Дұрыс түсіндіріп, орынды салыстырған жоқпын ба, солай ғой? "Ғапу етіңіз дейді, мен исправникпін және де атағымды тәлкек қылғанды көтере алмаймын дейді". Ол теріс айналып жүре берді. "Иә, сіздікі дұрыс, сіз исправниксіз, Направник емессіз!" — деп мен қалдым. — "Жоқ, Направник деп атаған екенсің, мен енді Направникпін!" — деп қасарып ол кетті. Ақыры, барған ісімізден түк шықпады! Барлығы менің қырсығым, әманда өсітемін. Құданың құдіретімен жағымпазданған жақпайды маған! Осыдан біраз жыл бұрын аса беделді адамдардың біріне: "Сіздің зайыбыңыз керемет әйел ғой", — демесім бар ма, бұлай дегенде мен ол әйелдің адалдың, былайша айтқанда, адамшылық қасиеттеріне меңзегем, ал ол маған: "Оның кереметін сіз қайдан білесіз?" — деп дүрсе қоя берді. Үндемей құтылатын мен бе, қағытып өткім келіп: "Білмегенде ше", - дедім.
Сонсоң, ол маған білгенді көрсетті... Бұл ертеректе бастан кешкен оқиға болғасын ерсілігі жоқ шығар деп айтып жатқаным ғой, әманда өзіме-өзім осылай зиян келтірем де жүрем!
— Сіз қазір де сүйтіп тұрсыз, — деп күбір етті кіржие қалған Миусов.
Пірәдар екеуіне де барлай қарады.
— Солай де! Біле білсеңіз, Петр Александрович, мұны да сезгем, не істейтінімді, керек десеңіз, тіпті алдын ала білгем, сіздің байқамай қалмайтыныңызды, бірдеңе деп іліп-қағатыныңызды аузымнан сөзім шықпай жатып-ақ сезген едім. Қалжыңымнан түк шықпағанын көргенімде, әулие пірәдарым, менің тілім байланып қалатыны бар, былайша айтқанда, жағым қарысып қалған секілді көрінеді: ақсүйектердің дастарқанын аңдып күнелткен жас өскін шағымнан бар бұл әдетім. Сайқымазақтық менің сүйегіме сіңген, туғалы бері осындаймын, диуана да бір мен де бір, әулие пірәдарым. Таласым жоқ, бәлкім, менің көкірегіме шайтан ұялаған да шығар, бірақ, ол кішкентай шайтансымақ қой деймін, егер үлкенірек болса, өзге біреуді таңдамас па еді, алайда сізді емес, Петр Александрович, сіз оған жарамайсыз. Бірақ оның есесіне мен діншілмін, құдайға сенемін. Тек соңғы кезде ғана күмәнданып жүргенім, енді міне оның есесіне кемеңгерлік уәж күтіп отырмын. Мәртебелі пірәдар, мен пәлсапашы Дидероттың кебін кидім. Екатерина патшаның тұсында пәлсапашы Дидероттың митрополит Платонға барғанын естіп пе едіңіз, әулие пірәдарым. Ол кіріп барған бойда: "Құдай жоқ", — деп қойып қалады. Сонда әулиелердің әулиесі қолын көтеріп: "Мынау ақымақ не дейді, құдай бар!" — деп жауап беріпті. Пәлсапашымыз сасқанынан оның аяғына жығылып: "Құдайға сендім, мені шоқындырыңыз" — деп жалбарыныпты. Сонсоң, оны сол арада дереу шоқындырады. Оны шоқындырғанда княгиня Дашкова мсн Потемкин қатысып тұрыпты...
— Федор Павлович, сізге дауа жоқ! Өтірік соққаныңызды және осы зердесіздік анекдоттың жалғандығын біле тұра несіне қылымсисыз? — Мүлде шыдамы таусылған Миусовтың даусы дірілдеп шыққан еді.
— Жалған екенін өмір бойы өзім де сезіп жүргенім! — деді онан сайын бөсе түскен Федор Павлович. — Оның есесіне, мырзалар, мен сіздерге бар шынымды ақтарайын: ұлық қариям! Кешіре көріңіз, Дидероттың қалай шоқындырылғанын осы қазір ғана, бөсіп тұрған сәтте ойдан шығарған едім, бұрын тіпті еш уақытта қатеріме де келмеген нәрсе. Сөзім дәмді болсын деп қосыңқырап жіберіп ем, Петр Александрович, егер қылымсысам — мүмкін, сүйкімді көрінгім келгені шығар. Әйтсе де, неге бүйтетінімді кейде өзім де білмеймін. Ал Дидеротқа келсек, мен ол "мынау ақымақ не дейдіні" жас кезімде осындағы помещиктерді паналап жүргенімде солардан жиырма рет естіген шығармын: Петр Александрович, ол жайында мені тіпті сіздің әпкеңіз Мавра Фоминишнадан да естігемін. Олардың барлығы құдайға сенбейтін Дидероттың митрополит Платонға құдай жайында таласуға барғанына осы күнге дейін сенеді...
Төзімі біткесін Миусов тіпті отырған орнынан қалай тұрып кеткенін де сезбей қалды. Зығырданы қайнаған еді, сондықтан өзінің күлкілі халге түскенін түсінген. Шынында да, құжырада мүлде ақылға сиғысыз бірдеңе болып жатқан еді. Осыдан қырық немесе елу жыл бұрын, өткендегі пірәдарлардың тұсында да бұл құжыраға келушілер болған ғой, бірақ, олар осы құттыхананы қастерлеп құрмет тұта білген емес пе. Келгендердің барлығы дерлік құжыраның табалдырығын аттағанды өздеріне өте зор ілтипат көрсеткендік деп түсінген. Көбісі кіргеннен кейін тізерлей кетіп, қашан шыққанша сол қалпынан тырп етпейтін. Керек десеңіз, "ақсүйек қауым" адамдарының, тіпті аса оқымысты кісілердің көбісі ол ол ма, әлде жәй қызық көріп, әлде басқа бір себеппен келген кейбір еркін ойлы адамдар да құжыраға басқалармен бірге келгенде немесе өздері жеке жолығысқанда қабылдау біткенше шын құрметтеушілік пен сыпайыгершілік сақтауды бәрі дерлік өздеріне ең бірінші парыз санайтын; оның бер жағында мұнда ақшаға жол жоқ, бір жағынан — тек сүйіспеншілік пен рақымшылық көрсету болса, екінші жағынан -тәубешілік пен жанын жеген бір түйінді мәселені шешуге немесе жүрек лүпілінің бір қиын сәтін жеңілдетуге деген құштарлық қана болатын. Сол себепті Федор Павловичтің өзі отырған құттыхананы сыйламаушылық көрсетіп, кенет мынадай сайқымазақтық жасағанын көргендер, кем дегенде солардың кейбіреулері, түкке түсінбей, бұған таң қалысқан. Бағанадан бері беттері бүлк етпеген иеремонахтар пірәдар не дер екен деп зерлене күтуде болатын, әйтсе де, Миусов сияқты, бұлар да орындарынан тұрып кетуге жақын еді. Басын төмен салып тұрған Алеша жылап жіберуге жуық-ты. Ол бәрінен де ағасы Иван Федоровичке қайран; ол әкеме ықпал ете біледі ғой, оны тежесе сол тежер деп тек соған ғана үміт артқан еді, бірақ ағасы орындығында тырп етпестен төмен қарап отыр; ол осында әлдеқалай келген бөгде кісіше осының ақыры немен бітерін тіпті бір түрлі қызыға түскен секілді. Ракитинге (семинаристке), — ол Алешаға жақсы таныс әрі жақын болатын, — Алеша тіпті тура қарай алмады да; ол Ракитиннің ойын білетін (бүкіл монастырьда оның ойын жалғыз Алеша ғана білетін).
— Ғапу етіңіз... — деді Миусов пірәдарға қарап, — мына орынсыз қалжыңға мен де қатысқан секілді болып, қараптан-қарап қысылып отырғаным. Сіздей аса қадірменді қарияның алдына барғанда тіпті Федор Павлович сияқты адам да өз міндетін түсінетін шығар деп сеніп қалдым — менің бар қателігім осы... Онымен бірге кіргенім үшін... кешірім сұрауға тура келетіндігін білсем...
Петр Александрович сөзін аяқтамады, сонан соң, ұялғанынан отыра алмағандай, бөлмеден шығып кетуге ыңғайланды.
— Босқа қапаланбаңыз, сізден өтініп сұраймын, — пірәдар орнынан тәлтіректеп түрегеліп, Петр Александровичті екі қолынан алып қайтадан креслоға отырғызды. — Мазасызданбаңыз, өтінем сізден. Менің мейманым болуды әсіресе сізден көп өтінер едім, - деді қария, сонан соң ол басын иді де, қайтадан өзінің кішкентай диванына барып отырды.
— Ұлық пірәдар, өзіңіз айтыңызшы, менің қара жерді басып жүргенім сізді қорлағаным ба, жоқ па? — деп айқайлап жібергенінде креслоның жақтауынан екі қолымен қысып алған Федор Павлович пірәдарды аузынан шығатын лебізбен бірге атып тұрғысы келгендей болды.
— Сізден де өтініп сұраймын босқа налымаңыз, қысылмаңыз, — деді оған пірәдар өктем үнмен... — Қысылмаңыз, өз үйіңіздей көріңіз. Ең бастысы, өзіңізден өзіңіз сонша қымсына бермеңіз, өйткені қырсықтың бәрі содан шығады.
— Шын өз үйімдегідей отырайын ба? Яки тәңірінің жаратқан күйі ме? О, мұныңыз тым артық болмас па екен, бірақ — айтқаныңызға құлдық, қабылдаймын! Білесіз бе, тәңірінің рақымы түскен әулием, мені қаз қалпымда отыруға итермелеп қайтесіз, өйткені бұл қауіпті... ондай күйге әрі-беріден соң өзім де түсемін. Мұны әуелі сіздің қамыңызды ойлап ескертіп жатырмын. Кейбіреулер мені жексұрын ғып көрсеткісі келсе де, қалғаны беймағлұм, одан ары не боп не қоятынын тірі пенде білмек емес. Мұны, Петр Александрович, сізге айтамын, ал сізге, ақ пейілді әулием, жаным сүйсінген қуанышымды айтамын! — Ол түрегеліп, екі қолын жоғары көтеріп тұрып: "Сіздей ұлды тоғыз ай тоғыз күн құрсағында көтерген, ақ сүтімен асыраған анадан айналайын!" — деді. "Өзіңізден өзіңіз сонша қымсына бермеңіз, өйткені қырсықтың бәрі содан шығады" - деп ілкіде айтқан уәжіңізбен сіз менің іштегі сырымды оқығандай болдыңыз. Біреумен жақындассам-ақ бұ жалғанда менен оңбаған кісі жоқтай, жұрттың бәрі маған сайқымазақ деп қарайтындай көрінеді де тұрады, сонан соң "олай болса, қазір сайқымазақтың қандай болатынын көрсетейін, сендердің қаңқу сөздеріңнен қорықпаймын, өйткені сендердің бәрің менен де жаман оңбағансыңдар!" — деп кірісіп кеп кетемін. Менің сайқымазақ болатыным содан, ұялғанымнан сайқымазақпын, ұлық пірәдар, ұялғанымнан солаймын. Сабырлы болсам, кінәмшілдігімнен ғана шығар деймін. Ал егер кіріп барғанымда үйде отырғандардың барлығы сол сәтте мені аса сүйкімді, өте ақылды кісі деп қабылдап, ақырына дейін солай санаса, — құдай біледі, онда менен артық ізгі жан табылмас еді! Абызым! — деді ол кенет тізерлей кетіп, мәңгі өлмеу үшін не істеуім керек! Оның қылжақтап отырғанын, әлде шынында да жан жүйесі иіп тұрғанын қазір де ажырату қиын еді.
Пірәдар оған күлімсірей қарап былай деді:
— Не істеу керегін өзіңіз де әлдеқашаннан білесіз, бұған ақылыңыз әбден жетеді: маскүнемдік пен сөзуарлыққа салынбаңыз, нәпсінің құлы болудан тыйылыңыз, әсіресе ақша құмар болмаңыз, сонсоң өзіңіздің ішкілік орындарыңызды жабыңыз, бәрін тастай алмасаңыз, тым болмаса, екеу-үшеуін құртыңыз. Бізге ең бастысы, ең керегі — өтірік айтпаңыз.
— Яки Дидерот туралы ма, солай ғой?
— Жоқ, Дидерот жайындағыңыз түк емес. Ең бастысы, өзіңе-өзің өтірік айтпа. Өзіне-өзі өтірік айтушы және сол өтірігіне әуелі өзі құлағын тосушы түптеп келгенде, өзінен де, өзгелерден де шындықты көруден қалады, демек, ол өзін де, өзгені де құрметтемек емес. Ал ешкімді құрметтемегесін ол ешкімді жаратпайды да, ал ешкімді жаратпағасын өзіне бір ермек іздеп тауып, көңіл көтеру үшін қайдағы жоқ бір құмарлыққа, дөрекі ләззатшылдыққа беріледі, сөйтіп өзіне-өзі және басқаларға ұдайы өтірік айтудан бұзықтыққа берілуінде екі аяқты хайуанға айналады. Өзіне-өзі өтірік айтатын адам өзгеден бұрын өкпелегіш те болуы мүмкін ғой. Жоққа бола өкпелеу кейде жанға жағымды емес пе, солай ғой? Оны ешкім ренжітпегенін, мұны өзі ойдан шығарғанын, сөзін мәнерлемекке өтірік айтқан, иландырмаққа әдейі әсірелеген, сөзге жармасып, түйме дейді түйедей етіп көрсеткен өзі екенін біле тұра, ең алдымен өзі өкпелейді, сөйтіп, сайып келгенде, шын қастасуға көшеді... Тізерлеп тұрғаныңыз жетер енді, түрегеліп дұрыстап отырыңыз, бұл қылығыңыз да жай мекерлік...
— Құдайдың рақымы жауған пірәдарым! Қолыңыздан тәуіп етейінші. — Федор Павлович пірәдардың алдына жетіп барып, оны жүдеу қолынан шөп еткізіп сүйіп алды. — Дәл солай, өкпелесем жаным рақаттанады. Сіз ғажап айттыңыз, бұл менің осыған дейін естімеген сөзім. Дәл солай, менің ғұмыр бақи әманда жаным жай таба, рақаттана өкпелеп келгенім рас, өйткені өкпешілдіктің жанға жағымдылығы өз алдына, кейде тіпті ғажап жарасымды да көрінеді: — Сіз осы жағын айтуды ұмыттыңыз. Ұлық пірәдарым ғажап әдемі көрінеді! Мұны қойын дәптеріме жазып қоймасам болмас! Мен өмір бойы өтірікті судай сапырып келе жатырмын, өтірік айтпаған күнім, не сағатым бола қойды ма екен. Өтіріктің біреуін мініп, екіншісімен қамшылап жүреді деген міне осы! Әйтсе де, жаңылысып кеттім бе қалай, соның екіншісімен қамшыламай-ақ, біреуін мініп жүрсем де жетпей ме маған. Тек... періштем... кейде Дидерот жөнінде рұқсат шығар! Дидероттан келер зиян жоқ, ал өзге бір сөздер зиянды. Айтпақшы, ұлық пірәдарым ұмыта жаздағанымды қарашы, осыдан дәл үш жыл бұрын осында соғып, яки арнайы келіп бәрін сұрап білмекке ниеттеніп едім: тек сіз Петр Александровичтің сөзімді бөлуіне тыйым салмай-ақ қойыңыз. Мен мынаны білмекші едім: ұлық пірәдарым, өзіңіз айтыңызшы, Четьи-Минейдің1 бір жерінде дін жолында азап шеккен бір әулие тақуа жайында баяндалғаны — ақыр-соңында, басы шабылғаннан кейін ол түрегеліп, жерде жатқан басын көтеріп алып, "емірене бір сүйген" соң жүре беріпті, басын қолына көтерген күйі ұзақ жүріпті деген сөздер шындық па? Ақ ниетті пірәдарлар, айтыңыздаршы, бұл шын ба, әлде өтірік пе?
— Жоқ, шындық емес, — деді пірәдар.
— Четьи-Минейлердің бәрінде де мұндай ештеңе айтылмаған. Сіз қай әулие жайында солай жазылған деп тұрсыз? - деп сұрады иеремонах, кітапханашы пірәдар.
—Оны мен қайдан білейін. Білмеймін. Біреудің айтқанына иланып, алданып қалдым ғой деймін. Естіген құлақта жазық бар ма, мұны кім айтты дейсіздер ғой? Петр Александрович Миусов жаңа ғана Дидеротқа бола aту шақырды ғой, мұны айтқан дәл соның өзі.
— Мен сізге мұндай ештеңе деген жоқпын, сізбен жалпы еш уақытта сөйлескен емеспін.
— Рас, сіз мұны маған айтқан жоқсыз, осыдан төрт жыл бұрын мұны бір мәжілісте айтқан болатынсыз, онда мен де отырғанмын. Мұны еске алғаным, осы күлкілі әңгімеңізбен сіз, Петр Александрович, менің дінге сенімімді әлсіреттіңіз. Сіз ештеңе білген де, сезген де жоқсың, ал мен болсам үйіме дінім күйрей жаздап оралдым, содан бері барған сайын қалтырауық болып барам. Иә, Петр Александрович, сіз сұмдық күнәнің себепкері болғансыз! Мұның жанында Дидерот пе тәйірі!
Федор Павловичтің тағы да аярланып тұрғаны бәріне айдан анық болса да, ол қызбаланып алған еді. Қалай дегенмен ол Миусовтың намысына қатты тиген.
— Неткен сандырақ еді, бұның бәрі сандырақ қой, — деп күбірледі Миусов. — Қайдам, бір жерде айтсам айтқан да шығармын... бірақ әйтеуір сізге емес. Бұл басқа біреудің маған айтқаны болар. Мен мұны Парижде естігемін, Ресейде Четьи-Минейді түскі ғибадат кезінде оқиды екен деп бір француз айтып еді... Ол Ресейдің статистикасын арнайы зерттеген аса оқымысты кісі... көп уақыт орыстардың арасында тұрған... Мен өзім Четьи-Минейді оқыған жоқпын... тіпті оқығым да келмейді... Дастарқан басында кім не деп мылжыңдамайды?.. Онда ол екеуміз түстеніп отырғанбыз...
— Міне, көрмейсіз бе, сіздер қарын тойғызасыздар, ал мен болсам дінімнен айрыламын! — деп келемеждеді Федор Павлович.
— Сенің дініңде менің не шаруам бар! — Айқайлап жібере жаздаған Миусов кенет тежеліп қалып: — Сіз барған жеріңізде алаңдатпай отыра алмайсыз ғой, — деді тыжырынып.
Пірәдар кенет орнынан түрегеліп, баяу үнмен отырғандарға былай деді:
—Мырзалар, сіздерді бірнеше минутқа ғана тастан кетпекпін, кешіріңіздер. Сіздерден бұрын келіп, мені күтіп отырғандар бар еді. Ал сіз дегенмен өтіріктен тыйылыңыз, — деді ол содан кейін Федор Павловичке көңілдене қарап.
Содан кейін ол шығуға ыңғайланып, пірәдарды баспалдақтан қолтықтап түсіру үшін Алеша мен мүрит оның соңынан ұмтылды. Алқынып тұрған Алеша сыртқа шығатынына қуанып кетті, бірақ ол қарияның қабақ шытпай, жайдары болғанына одан бетер қуанды. Пірәдар өзін күтіп отырғандарға пәтиқасын беру үшін галерея жаққа бармақшы еді. Бірақ құжыраның есігіне қарай барғанда, ол арт жағынан Федор Павловичтің даусын естіп кідіріп қалды.
— Құдайдың рақымы жауған пірәдарым! — деді ол жаны тебіреніп, — қолыңыздан тағы бір тәуеп етуіме рұқсат етіңізші! Жоқ, сізбен тіл табысуға, бірге өмір кешуге болады екен! Сіз, қалай, мені үнемі өтірік соғып, сайқымазақ боп жүреді деп ойлайсыз ба? Онда біліп қойыңыз, осында келгелі бері мен сізді бір сынап көрейінші деп бәрін қасақана істедім, әдейі сайқымазақтандым.
Сізбен тіл табысуға бола ма екен? — деп бағанадан бері сіздің тамырыңызды басып көрумен болдым. Тәкаппар жүрегіңіз менің жанкешті көнбістігіме жібір ме екен? — деп ойладым. Енді сізге мақтау қағаз бере аламын: сізбен бірге өмір кешуге болады екен! Енді аузымды жаптым, үн қатпаймын. Дыбысымды шығармай кресломда отырамын. Петр Александрович, сөз кезегі сіздікі, өйткені енді жолы үлкен сіз боласыз... он минутқа.
ІІІ
ДІНДАР ҚАТЫНДАР3
Орамның сыртқы қабырғасына жапсарластыра салынған ағаш күнсаяның алдында бұл жолы кіл әйелдер, жиырма шақты қатын күтіп тұрған. Пірәдар бұларға пәтиқасын беруге шығатын болды деп құлақтандырған-ды, олардың мұнда жиналған себебі осы. Помещик әйел Хохлакова мен оның қызы да күнсаяға барған; қарияның келуін ақсүйектерге арналған бөлмеде олар да күтіп отырған. Хохлакова ханым шылқыған бай, дәйім сәнді киінетін, әлі де тұғырдан түспеген, өте ажарлы жүзі сәл бозаң тартқан, құбылған мойыл қара көзді әйел еді. Отыздың үшеуіне енді ғана шыққан келіншектің жесір қалғанына бес жыл толған. Оның он төрт жасар қызы екі аяғынан сал ауру болатын. Бейшара қыз жарты жылдан бері жүре алмай қалғасын оны доңғалақты, ұзынша жайлы кресломен алып жүретін. Оның аурудан сол ашаң тартқан сүйкімді жүзі жайдары еді. Қайқиған ұзын кірпіктерінің астындағы аялы қоңыр көздерінде шалдуарлық оты жалқындайды. Шешесі оны шет елге алып баруға көктемнен бері қамданған, бірақ мекен-жайдың жабдығынан жаз бойы қолы босамаған. Олардың біздің шаһарға келгеніне бір жұмаға жуықтаған, алайда ханымның тәңіріге мінәжат етуден гөрі өз шаруасымен айналысқаны көп, пірәдармен жүздесуге осыдан үш күн бұрын бір-ақ рет барған. Пірәдардың кісі қабылдауға шамасы жоғын біле тұрса да, тағы бір мәрте "ғажайып тәуіптің алдына баруды" өздеріне шексіз бақыт санап қайта бір соққаны еді.
Пірәдардың сыртқа шығуын күткен шешесі қызының креслосы жанындағы орындықта отырған, одан бірер қадам жерде бір тақуа шал тұрған, ол солтүстік жақтағы жұрт онша біле бермейтін алыс монастырьдан келіпті, бұл жердікі емес. Оның да бар тілегі -пірәдардың пәтиқасын алу. Бірақ қария күнсаяға шыққасын тура жиналған жұртқа қарай етті. Жұрт күнсаяның аласа үш баспалдағының алдына ұйлыққан. Пірәдар жоғарғы баспалдақта тұрып эпитрахильді1 киген соң алдында анталаған әйелдерге ақ батасын бағыштауға кірісті. Бір желікпе ауру әйелді екі қолынан алып оның алдына әкелді. Оны көргенде бейшара өкіріп-бақырып, ықылық атып, қояншығы ұстағандай дірілдеп-қалшылдап кетті. Пірәдар әйелдің басына эпитрахильді тигізіп, қысқаша дұға қайырып еді, ол заматта тынышталып, бақырғанын тыя қойды. Қазір қалай екенін білмеймін, бірақ менің бала кезімде деревнялар мен монастырларда осындай желікпе ауруларды жиі көргенім бар. Түскі ғибадатқа алып келгенде олар қыңсылап жылап немесе ит боп үретін еді, бірақ бір ғажабы, алып шыққан қасиетті сыйлық дәмнің алдына апарғанда "желігі" пышақ кескендей тыйылып, әрқашан біразға дейін тыныштала қалатын. Бала болғасын ба, мен бұған таң-тамаша қалатын едім. Алайда, сонда менің сұрақтарыма кейбір помещиктер мен шаһардағы ұстаздарымның олар еңбек еткісі келмегесін бәрін жорта істейді, қаққанда қанын, соққанда сөлін алсаң түзеліп жүре береді деп, бұған әр түрлі анекдотты дәлелге келтіргені әлі есімде. Әйтсе де, кейін маман дәрігерлерден естігенім мені қайран қалдырды: жорта істейді деген өтірік екен, бұл көбінесе біздің Русьте кездесетін, село әйелдерінің ауыр тағдырын көрсететін, дәрігерлік көмек болмағасын қатты қиналып. азаптанып4 босанған соң іле-шала тағы да ауыр жұмыс істегендіктен болатын әйелдердің жан түршігерлік ауруы екен, жанды жеген қайғы-қасіретке, ұдайы ұрып-соғуға, тағы басқа азапқа кейбір әйелдер түптеп келгенде шыдай алмайды. Дірілдеп-қалшылдап, өз жанын өзі жеген ауру әйел алдындағы қасиетті нан мен шарапқа жақындаған сәтте-ақ таңғаларлықтай, кенет сауығуы маған мұны қулық, тіпті "клерикалдардың" өздерінің сиқыры деп түсіндіргенмен, тегінде, әбден табиғи нәрсе болса керек; егер ауру әйелді қасиетті дәмнің алдына апарып, маңдайын жерге тигізе бір еңкейтсе, оның ішін жайлап алған сайтан бұған шыдай алмайды, ол сыртқа атып шығады да, адам бойындағы кеселден құлантаза жазылады дегенге аурудың әлгі қасиетті нан мен шараптың алдына апарған қатындар, ең бастысы, ауру әйелдің өзі даусыз ақиқат деп кәміл сенетін болуға тиіс. Сондықтан да жүйкесі жұқарған, оның үстіне ақыл-есіне кінәрат түскен әйелді тәңірінің құдіреті дарыған қасиетті нан мен шараптың алдына апарып тағзым еткізген сәтте оның күллі жан-дүниесінде қашан да бір ғаламат сілкініс болып жатады (және болуға тиіс те), бұл — сауығып кетуіме ғажайыптың неғып жәрдемі тимес екен деп тілеуден және осы тілегінің сөзсіз орындалатындығына күмәнсіз шын сенуден туатын сілкініс. Сөйтіп, ауру әйел бір сәтке сондай ғаламат сілкіністі бастан кешеді. Міне қазір де пірәдардар ауру әйелдің басына эпитрахильді тигізер-тиместе дәл сондай бір сілкініс болған еді.
Оның алдында тұрған әйелдердің көбі осынау қуанышты сәттің әсерінен көзіне жас алды; біреулері оның етегінен тәуеп етуге ұмтылса, екіншілері күбірлеп аруаққа сыйынып жатты. Пірәдар барлығына батасын берді, ал кейбіреулерімен сөйлесті де. Желікпе әйелді ол танитын еді, оны монастырьдан не бары алты шақырым жердегі бір деревнядан алып келген, ол бұдан бұрын да оның алдында бірнеше мәрте болған.
— Ал анау әйел алыстан келген! — Ол әлі тұғырдан таймаған, бірақ өте жүдеу, қажып біткен, беті қайыстай қара әйелді көрсетті. Әйел пірәдардан көзін аудармай тізерлеп тұрған. Жанарынан іштегі күйініш секілді бірдеңе сезіледі.
— Жырақтан келдім, қария, жырақтан, осы арадан үш жүз шақырым. Жырақтан, пірәдар, жырақтан әкелдім, — алақанымен жағын таянып, басын баяу шайқаған әйел даусын созып күбірледі. Зарланып сөйлейтін секілді. Халықта үнсіз, сабырмен көтеретін қайғы болады; ол дымын шығармай, іште бұғып жатады. Бірақ өзекті өртейтін қайғы да бар: ол көз жасымен бірге шығады да, сол сәттен бастап зарлануға ұласады. Әсіресе әйелдер осылай. Алайда, ол іштен тынатын қайғыдан жеңіл емес. Зарланудан жан жарасын ушықтырып, жүректі майын еткеннен басқа келер пайда жоқ. Мұндай қайғы жұбаныш та тілемейді, ол өзінің бес батпан ауыр жүгін қорек етеді. Зарлану жан жарасының бетін дамылсыз тырнай беру ғана болып шығады.
— Тегі, мещан боларсыз? — деді пірәдар әйелге зерлей көз салып.
— Шаһарлықпыз, пірәдар, шаһарлықпыз, бұрын шаруа едік, қазір шаһарда тұрамыз. Пірәдар, өзіңмен дидарласайын деп әдейі келдім. Сен жайында естіп жатамыз, пірәдарым, бәрін естіп жатамыз. Сәби ұлымды қара жердің қойнына салған соң құдайдан сауық тілеп ел кезіп кеттім. Үш бірдей монастырьда болдым, бәрінде де маған: "Настасьюшка, сонда бар, яки, пірәдары, сізге бар деп еді". Сосын келгенім ғой, осында кеше жетіп едім, бүгін өзіңіздің алдыңызда тұрмын.
— Неге осыншама зарланасың?
— Сәбиімді жоқтап жылаймын, пірәдар үшке келетін еді, не бары үш ай қалған еді үшке. Бөбегімді қайғырам, пірәдар, бөбегімді жоқтап зарлаймын. Төрт баладан қалған жалғызым еді. Никитушка екеуміздің баламыз тұрмай-ақ қойды, пірәдар, енді қайттік, баламыз неліктен шетіней береді. Алғашқы үшеуіне дәл мұндай қабырғам сөгілмеп еді, ал соңғысының өлімі есімнен кетпейді. Көз алдымда елестейді де тұрады. Жаным құлазып бітті. Оның көйлек-дамбалын немесе кіп-кішкентай етігін көрсем-ақ, көзіме жас тығылады. Сәбиімнің киімдерін, ойыншықтарын алдыма жайып салам да, екі көзіме ерік берем. Никитушкаға: қожайын-ау, босатсаңшы мені, бір жаққа барып жаратқанға құлшылық етіп қайтайын деймін. Менің күйеуім арбакеш, біз кедей-кепшік емеспіз, пірәдар, бәрі де бар, керуен ұстаймыз, ат-арба, тағы басқасы, бәрі өзіміздікі, шүкіршілік. Бірақ, енді бізге байлықтың керегі не? Ол байғұс менің көзім тайса ішетінді шығарды, Никитушкамды айтам, қайтсін, қайғысын ұмытқысы келетін шығар. Енді сорлы басым ол байғұсты да ойлаудан қалдым. Үйден шыққалы үш айдың жүзі болды. Бәрін ұмыттым, бәрі естен шықты, ештеңені жадымда сақтағым да келмейді: енді онымен бірге күн кешкеннен не барқадар? Керегі жоқ, бәрі, бәрі бітті енді. Үй-жайымды да, дүние-мүлкімді де көргім келмейді, бәрінен бездім!
— Құлақ салғын, Әзіз ана, — деді оған байыптай сөйлеген пірәдар, — бағы замандағы бір ұлық әулиеміз бір күні ғибадатханада тәңірім өзіне шақыртып алған жалғыз баласын жоқтап зарланған дәл өзіндей бір әйелді көрген екен. "Бұл қалай, — депті оған әулиеміз, — әлде сен тәңірімнің алдына барғанда ол сәбилердің қандай өжеттік танытқанын білмейсің бе? Жеті қат көкте сол мұндардан батыл басқа біреулер тіпті бола қояр ма екен: жаратқан, бізге өмірді сыйлаған да өзіңіз, дәмін енді ғана тата бергенде оны қайтып алған да өзіңіз депті олар құдайға. Сәбилердің именбей, батыл сөйлегені сонша, тәңірім оларға дереу періште деген атақ беріпті. Ендеше, — деп уәж айтады әулиеміз, — бәйбіше, сен де қуан, жылама, сенің сәбиің қазір жаратқан тәңіріміздің жанындағы періштелердің арасында жүр". Ерте заманда зар еңіреген анаға әулиеміз міне осылай деген екен. Ол ұлық әулие болатын, оның жалған айтуы мүмкін емес. Ендеше, әзіз ана, сен де біліп қой: сенің сәбиің де қазір жасаған жаббар иемнің тағы алдында тұр, жайдары, қуанышты, құдайдан сізге шапағат тілейді. Сондықтан сен жыласаң жыла, бірақ балаңа қуан.
Оның уәжін әйел алақанымен жағын таянып, төмен қарап тұрып тыңдады. Сонсоң, қатты бір күрсінді.
— Никитушка да осылай деп жұбатушы еді, сіздің айтқаныңызды ол да айтқан: "Сен ақымақсың, дейтін ол, несіне жылайсың, ұлымыз қазір жаратқан жалғыздың алдында, мүмкін, періштелермен бірге ән салып отырған шығар". Мені осылай деп жұбатады да, өзі менімен қосыла жылайды. "Білем, деймін мен оған, Никитушка-ау, өзі беріп өзі алған баламыз жаратқан тәңірімнің қасында отырмағанда қайда болушы еді. Бірақ, ол екеуміздің қасымызда жоқ қой, Никитушка-ау, болса бұрынғыша жанымызда отырмас па еді!" Тым болмаса, бір көрсем деймін, бір-ақ рет көз салсам екен, оған жақындап бармай-ақ, бірдеңе деп үндемей-ақ қояйын тіпті, тасада тұрып бір көрсем, даусын естісем болды. Аулада ойнап болған соң үйге кіріп: "Мамка, қайдасың?" - деуші еді арсалаңдап. Үйдегідей кішкентай аяқтарымен тық-тық басып алдымнан бір өткенін естісем арманым болмас еді: аяғын тық-тық еткізіп жиі басқаны, бірдеңе деп былдырақтап, мәз боп күліп маған қарай жүгіргені, бәрі әлі есімде: егер есітсем, аяғын тықылдатып басқанынан-ақ таныр едім! Бірақ, пірәдар, ондай бақыт қайда маған, оның даусын енді еш уақытта ести алмайтын шығармын! Міне, белбеуі ғана қалды, ал өзі ғайып болды, енді мен оны көре де алмаймын, оның даусын да ести алмаймын!..
Сонсоң, ол қойнынан баласының кішкентай зерлі өріс белбеуін алып еді, көрген бойда көз жасы көл боп еңіреп қоя берді, көзін басқан саусақтарының арасынан ағыл-тегіл жас кетті.
— Сенің бұл жылағаның, — деді пірәдар, — ертеде өткен "Рахильдің өз балаларын жоқтаған болар, ол да балаларынан айрылып қайғы-қасірет шеккен", бұл дүниеде тағдырдың байғұс аналарға тарттырар тауқыметі осы. Жылап-сықтай бер, жоқтай бер балаңды, саған жұбаныш болмақ емес, тек жоқтаған сайын құдай тағаланың жанындағы періштелерінің бірі - өз балаңның жеті қат көктен саған көз салып, сені, сенің көз жасыңды көріп, соны хақ тағалама көрсетіп қуанатынын әрқашан есіңе алсаң болғаны. Сенің аналық көз жасың әлі талай уақытта тыйылмас та, бірақ, ол ақырында жаның жай тапқан қуанышқа айналар, қайғы-қасіреттің көз жасы күнәдан сақтайтын таупықты сүйініштің, ағарған жүректің көз жасы болар. Ал сәбиіңді дұғаммен қалдырмаспын, аты кім еді?
— Алексей деуші ек, пірәдар.
— Аты қандай сүйкімді еді. Құдайдың сүйікті құлы Алексей деп бата қайырамыз ғой сонда?
— Солай, пірәдар, құдайдың сүйікті құлы Алексейге тие берсін деңіз!
— Оның жаны пәк! Әзіз ана, балаңды ұмытпаймын, тәңіріме мінәжат қылғанда оны да, сенің қайғы-қасіретіңді де еске алуды ұмытпаспын күйеуіңе де денсаулық бере гөр деп тілермін құдай тағаладан. Бірақ, сең күйеуіңді тастама, күнәға батпа. Үйіңе қайт, сен оған керексің. Егер әкесін тастап кеткеніңді көрсе, көктегі балаң сендерді уайымдап жылауы мүмкін, әлде, өз балаңның бақытына кедергі болғың келе ме? Балаң өлген жоқ, ол тірі, өйткені адамның жаны өлмек емес, үйде жоқ десеңдер де ол өздеріңмен бірге, жандарыңда көрінбей жүреді. Үйімнен бездім десең ол сендерге қалай келмек? Әкесі мен шешесінің бірге түтін түтетіп отырғанын көрмейтін болса, балаң қалай келмек? Оның түсіңе кіре беретіні содан, сені қайғы басатыны да содан, үйіңе қайтсаң, ол саған жақсы түс көрсетеді. Тез күйеуіңе жет, бүгіннен қалмай үйіңе қайт.
— Онда сөйтейін, жарқыным, сенің айтқаныңды екі етпейін. Жүрегімді елжіреттің ғой тіпті. Құдай қосқан қосағым, Никитушка, мені күтіп сарғайдың ғой! — әйел осылай деп зарлана бастағанда, пірәдар ел ақтаған біреуше емес, шаһар тұрғынынша киінген бір кәрі кемпірге назарын аударды. Оның бір шаруасы бары, оған бірдеңе демекші екені көз қарасынан анық сезіледі. Ол унтер-офицердің жесірімін, алыс жерден келгем жоқ, осы шаһарданмын деді. Комиссариаттың бір жерінде қызмет істеген Васенька деген баласы Сібір Иркутскіге келіпті. Онда барған соң екі-ақ рет хат жазған, содан кейін баласынан хат келмегеніне бір жыл өткен, сұрау салмақшы болған екен, бірақ, шынын айтқанда, оны қайдан іздеуді де білмейді.
— Бізде Степанида Ильинишна Бедрягина деген бір бай көпестің әйелі бар еді, сол осы жуырда ғана маған, Прохоровна, дейді, сен балана дұға оқытуды ойла дейді, шіркеуге бар дейді. Балаңның аруағы риза болады дейді, сонда, бәлкім, хат та келер дейді. "Бұл айтқаным күмәнсыз шындық", — дейді Степанида Ильинишна. Бірақ. қайдам, күмәндана берем... әулие қариям, осы рас па, әлде өтірік пе, айтыңызшы, олай еткенім жөн бола қояр ма екен?
— Не деп тұрсың. Мұндай сұрақ қоюдың өзі ұят емес пе. Көзі тірі баласына дұға оқытам деуге туған анасының дәті қалай шыдамақ! Кешірілмес күнә бұл, керек десең сайтанның ісі, мұны тек сенің білместігің үшін ғана кешіруге болады. Онан да сен қаріп-қасерді елеп-жебеуші жасаған иемнен балаңа саулық тіле, әлгі күпірлігіңе кешірім сұра. Саған тағы бір айтарым, Прохоровна: көп кешікпей оның өзі келеді, немесе одан хат аласың. Бұған шүбәланба. Уайым жемей үйіңе қайта бер енді. Балаң тірі.
— Айтқаның келсін, сүйікті пірәдарым, бізден болмаса құдайдан қайтар, бәріміз үшін, біздің күнәміз үшін оқыған дұғаңыз дәйім қабыл болсын, бұл менің ақ тілегім сізге.
Бұл кезде пірәдар топтың ішінен жүзі сынықтау, көкірек аурулы ма қалай, бір жастау шаруа әйелдің одан көз алмай тұрғанын байқап қалған еді. Үнсіз қадалған қос жанары бірдеңені сұрайтындай, бірақ бейшара бұған жақындауға именетін секілді.
— Қарағым, маған бірдеңе демекші ме едің?
— Әкетай, сізге шыбын жаныма сауға іздеп келдім, — деп ақырын, баяу күбірлеген әйел тізерлеп отыра кетіп қарияның аяғына бас ұрды.
— Күнәға баттым, әкежан. Сол күнәмнан қорқа берем.
Пірәдар төменгі баспалдаққа отырды, әйел тізерлеген күйі оған жылжыңқырай түсті.
— Жесір қалғаныма үшінші жыл — деп күбірледі тұла бойы дірілдеп кеткен әйел. — Күйеуім қаусаған кәрі еді, басымнан таяқ айырмады, сонсоң дәм-тұзымыз қалай жарассын. Бірде төсек тартып жатып қалғанында: ауруынан айығып, аяғын басып кетсе, халім тағы не болмақ? — деп ойладым. Сонсоң, бір жамандық...
— Сабыр ет, — деді пірәдар құлағын оның аузына тосып. Әйел оған бірдеңе деп сыбырлап жатты, оның сөзін түсіну мүмкін емес еді. Ол тез бітірді.
— Үшінші жыл дейсің бе?
— Иә, үшінші жыл. Әуелі ештеңе ойлаған жоқпын, енді ауыра бастадым, жабырқаймын да жүрем.
— Алыстан келдің бе?
— Осы арадан бес жүз шақырым.
— Шіркеуге барып құдайға құлшылық қып күнәңа кешірім сұрап па едің?
— Сұрағам, екі мәрте қайталап сұрағам.
— Құдай тағаламның рақымы түссін деп қасиетті дәмге қол ұшыңды тигізіп пе еді?
— Тигізген. Бәрібір қорқам. Өлімнен қорқам.
— Ондай түк те жоқ, ешқашан да қорықпа, жабыға да берме. Тек тәубешілігің кемімесін де — сонда тәңірім бәрін кешіреді. Құдай тағаламның шын опынғанға кешірмейтін күнәсі жоқ бұл дүниеде және болуға тиіс те емес. Ондай кешірілмес күнәға бату үшін жасаған иемнің рақымшылығы бұйырмаған адам болу керек қой. Әлде сенің күнәң тіпті хақ тағаламның рақымшылығынан да басым бірдеңе ме? Жаратқаннан кешірім сұрау жатсаң-тұрсаң есіңнен шықпасын, қорқу деген ойыңа келмесін. Қаншама күнәлы болсаң да, тәңірім сені қандай жақсы көретінін сен тіпті түсінбейсің, ал ол сені сүйеді, бұған сенуің керек. Жасағанға он тақуаның берер қуанышынан таупықтылық тілеген біреудің әкелер қуанышы артық деген ғой әлмисақтан бері. Үйіңе қайта бер, бекерге қорықпа. Жұртқа ренжіме, біреуге өкпелеп ашуға берілме. Марқұмға жүрегіңде зіл сақтама, оның қорлағанын ұмытатын бол, онымен шын ниеттен татулас. Опынғаныңды сүйгенім деп біл. Ал сүйеді екенсің, онда сен құдайдың сүйікті құлысың... Махаббатпен барлығы өтеледі, бәрі құтқарылады. Мен де өзің секілді күнәлі пендемін, бірақ саған жүрегім елжіреп, сені аядым емес пе, тәңірім де солай етеді саған. Махаббат баға жеткісіз асыл қазына, оған бар әлемді сатып алуға болады, оған қоса ол тек өзіңнің ғана емес, сонымен бірге басқаның да күнәсінің өтеуіне жарайды. Қорықпай үйіңе қайта бер.
Пірәдар әйелді үш мәрте шоқындырып, мойнындағы пайғамбардың кішкентай суретін алып оның мойнына ілді. Әйел қолын жерге тигізе еңкейіп оған үнсіз тағзым етті. Енді қария түрегеліп, емшектегі баласын көтеріп тұрған бір денелі әйелге көз салды.
— Әкетай, Вышегорьеден келіп ем.
— Бұл арадан алты шақырым ғой, сәбиің бар екен, шаршаған шығарсың. Қандай шаруамен келдің?
— Өзіңді бір көрейінші деп келгенім. Ұмыттың ба, талай рет келіп ем ғой алдыңа? Мені ұмытсаң, жадыңда ештеңе тұрмауға айналғаны ма. Сені сырқат деп естіген соң өз көзіммен көрейінші деп әдейі келдім: енді міне көріп те тұрмын, ауру кісі сендей болушы ма еді? Тәңірім жазса, тағы жиырма жыл жасайсың! Дүйім жұрт сенің саулығыңды тілеп жүргенде науқасқа қалайша берілесің?
— Жылы лебізіңе рахмет, қарағым.
— Айтпақшы, болмашы бір өтінішім бар еді: мына алпыс тиынды әдейі ала келдім, менен де сорлы біреуге берсін деп. Осында шығарда: қайыр-садақаны сен арқылы берейін деп ойлаған едім, өйткені оны кімге беруді менен гөрі жақсы білесің ғой.
— Рахмет, қарағым, рахмет, ақ желеңім. Сені жақсы көріп кеттім. Қам жеме, өтінішіңді орындаймын. Қолыңдағы қыз бала ма?
— Қыз, әкежан, аты Лизавета.
— Жасаған ием жар болсын екеуіңе де, өзіңе де, сәбиің Лизаветаға да оның рақымы жаусын. Бір жасап қалдым ғой. Қош, қарақтарым, қош болыңдар, қымбатты, сүйікті пенделерім.
Пірәдар жиналғандардың барлығына батасын беріп, бәріне бас иіп тағзым етті.
IV
ДҮМШЕ ХАНЫМ
Пірәдар қарияның қара халықпен сұхбаттасып, бәріне пәтиқасын беріп жатқанын көргенде, осында келген помещик ханым да үнсіз шыққан көз жасын қол орамалмен сүртіп тұрған. Ақыры, қария оған да жақындап барғанда, ханым қуанып кеткен.
— Мына жан тебірентерлік көріністен менің де көңілім босап... — ол толқығанынан сөзін аяқтай алмады. — О, сізді халық сүйеді, мен мұны түсінем, халықты мен де сүйем, оны сүйгім келеді, ақ пейілділігінен бір жазбайтын ұлы халықты, біздің ғажап орыс халқын қалай сүймессің!
— Қызыңыздың денсаулығы қалай? Сіз менімен тағы да сұхбаттасайын деп пе едіңіз?
— О, мен қолқалап өтіндім, жалбарынып сұрадым, сіз қашан қабылдағанша тіпті үш күн, үш түн болса да терезеңіздің алдында тізерлеп күтіп тұруға бақұл едім. Біз сізге, құдіретті тәуібім, шын ықыласты алғысымызды білдіруге келдік. Сіз менің Лизамды ауруынан айықтырдыңыз ғой, бейсенбі күні қызымның басына қолыңызды тигізіп тұрып, дұға оқығаннан кейін құданың құдіретімен құлан таза жазылып кетті. Сосын қасиетті қолыңыздан тәуеп етіп, сізге деген сүйсінген, алғыс сезімімізді ақтарғанша асық болдық!
— Айықты деймісің? Онда креслода жатқаны қалай?
— Түн баласында денесі дірілдеп жаны тыныштық таппаушы еді, бейсенбіден бері, екі тәулік бойы соның бәрі сап болды, — деді ханым ағылып. — Тіпті аяғына әл бітті. Бүгін таңертең сергек оянды, түні бойы қаннен-қаперсіз ұйықтаған еді, бетіне қан жүгіріп, жанары жалқындана қалғанын қараңызшы. Бұрын көзінен жас кетпеуші еді, енді күледі, көңілді, жайдары. Таңертең аяғымды басқым келеді деді, тұрғызып ек — ешқандай сүйемелдеусіз өзі табандатқан бір минут тұрды. Екі жұмадан кейін кадриль билеймін деп менімен бәс тігеді тіпті. Осындағы дәрігер Герценштубені шақыртып едім, ол келіп көрген соң: таңым бар, бұл не хикмет деді. Осыдан кейін мазаласақ та сізге келуге қалай ынтықпайық, өзіңізге деген алғыс сезімімізді қалай аяп қалмақпыз? Lise тағзым ет, пірәдарға алғысыңды білдір!
Күлімдеген, сүйкімді бет-жүзі кенет салмақтана қалған қыз креслодан шамасы келгенше көтеріліңкіреді, сөйтіп, пірәдарға қарап басын иіп екі қолын кеудесіне басты, сонсоң әлденеге шыдай алмағандай мырс етті...
— Мен анаған күлдім, анаған! — Ол Алешаны көрсетіп, шыдамсызданып күліп жібергені үшін өзіне-өзі балаша өкінді. Егер осы сәтте қарияның артында бір қадам кейінірек тұрған Алешаға біреу көз салса, оның екі беті алаулап қызарып сала бергенін байқар еді. Алешаның жанары бір жалт етіп, төмен түскен-ді.
— Оның сізге, Алексей Федорович, аманаты бар... Қалай, денсаулығыңыз жақсы ма, — деді қыздың шешесі сөзін салмақтай түсіп. Ол енді Алешаға қарап, сүйріктей сұлу қолын соза берді. Пірәдар арт жағына бұрылып, кенет Алешаға зерлене қарады. Алеша Лизаға жақындап келіп, бір түрлі ыңғайсыздана күлімсіреп, оған қолын созды. Lise мардымси қойды.
— Сізге мынаны Катерина Ивановна беріп жіберіп еді, — деп ол Алешаға бір жапырақ қағазды ұстатты. — Сізді келіп кетсінші, тезірек келсінші деп бек өтінді, алдап кетпесін, қалайда келсін деп еді қиылып.
— Ол мені шақырып жатыр ма? Мені ме... Не үшін? — деп күбірледі таң-тамаша болған Алеша. Оның бет-жүзі лезде алабұрта қалды.
— О, Дмитрий Федоровичке және... әлгі соңғы оқиғаларға байланысты шақырған шығар, — деп түсіндіре бастады Лизаның шешесі. — Катерина Ивановна бір байламға тоқтаған... бірақ, оның бұл үшін сізбен қалайда жүздесуі қажет... Не үшін дейсіз ғой? Оны айта алмаймын, әрине, әйтеуір сізден тез келуді өтінеді. Оның бұл өтінішін елеусіз қалдырмассыз, орындайтын боларсыз деп ойлаймын, мұны тіпті христиандық борышыңыз талап етеді.
— Мен оны бір-ақ рет көрдім ғой, — деді әлі де түкке түсінбеген Алеша.
— О, ондай жаны асыл перизат бола қояр ма екен!.. Қаншама қасірет шекті... Оның бастан кешкенін, қазіргі теперішін ақылға салып көріңізші, алдында тағы да не күтіп тұрғанын ойлаңызшы.... жаның түршігеді тіпті!
— Мақұл, барайын, — деді Алеша қайтсеңіз де бір келіп кетіңіз деген өтініштен басқа, ештеңе түсіндірілмеген бір жапырақ жұмбақ хатты оқыған соң.
— Аһ, бұл сіздің тарапыңыздан қандай сүйінерлік, ғажап іс болар еді, — деді жүзі жайдарылана қалған Lise дауысы қаттырақ шығып. — Ал мен мамама: ол әсте бармайды, ол бас сауғалап жүр. Өзім де әрқашан сізді тап осындай керемет кісі шығар деп ойлаушы ем! Мұны сізге айтып қойғым келеді.
— Lise! — деп анасы айбындана күбірледі де, қайтадан күлімсіреді.
— Сіз бізді де ұмыттыңыз, Алексей Федорович, біздікіне тіпті мүлде төбе көрсетпей кеттіңіз ғой, — деді ол содан кейін, — ал Lise маған тек сізбен бірге отырса ғана бір түрлі көңілденіп кететінін екі мәрте ескертті. — Алеша тұнжыраған көзін жоғары көтеріп еді, кенет беті тағы да алаулап, неге екенін өзі де білмей, тағы да мырс етті. Бірақ, пірәдардың назары бұл сәтте басқа жақта еді. Ол бағана біз айтып өткендей, Lisе-нің креслосына жақын тұста күтіп тұрған бір келімсек тақуамси әңгімеге кіріскен. Бұл, тегі, ең қарапайым, атақ-дәрежесіз, жай тақуалардың бірі, яки шолақ ойға мығым, бірақ дінге берік, қисайған жағынан тұрмайтын қасарған біреу болу керек. Ол сонау қиыр солтүстіктен, Обдорскіден, әулие Сильвестрден, не бары тоғыз тақуаның басын біріктірген бір жұтаң монастырьдан келгенін айтты. Пірәдар оған батасын беріп, қалаған уағында құжырама келерсің деді.
— Мұндай ғажап тегін адамның қолынан келе бермейтін шығар? — деді тақуа кенеттен маңғазсыған пішінмен Lisе-нi көрсетіп. Ол қыздың "сауыққанына" меңзеген еді.
— Олай деуге, әрине, әзірше ерте. Аурудың беті қайтқаны әлі толық айығу емес, оның өзге бір себептен де тәуірленуі мүмкін ғой. Ал егер қандайда бір күштің шипасы тисе, ол тек бір тәңірімнің құдіреті деп білу керек. Барлығы бір құдайдың қолында. Маған келіп кетерсіз, діндар бауырым, — деді ол тағы да тақуаға, — сау кезімде келмесең, кейін сенімен кездесуге мұршам келмей қалар: ауырамын, дәм-тұзым таусылуға жақын, мұны білемін.
— Жоқ, жоқ, о не дегеніңіз, құдай тағалам сізді біздің арамыздан әкетпейді, сіз әлі де ұзақ жасайсыз, — деді даусы қатты шығып кеткен қыз шешесі. — Ауру дегенді қайдан шығарып жүрсіз? Бойыңыздан әл-қуаттың кетпегені, көңілді, бақытты екеніңіз жанарыңыздан сезіліп тұр ғой.
— Бүгін өнебойым керемет сергіп кетті, бірақ бұл бір сәттік сергу ғана, мұны өзім де білемін. Мен қазір ауруымды қапысыз бағдарлаймын. Егер сіздерге өте көңілді боп көрінсем, онда бұл ілкідегі жылы лебіздеріңнің қуанышынан болар, сіздер мені өзге ештеңемен және еш уақытта дәл мұндай қуанта алмас едіңдер. Өйткені адам бақыт үшін жаралған, шын бақытты адам өзіне-өзі: "Бұл жалғанда құдай тағаламның өсиетін орындап шықтым", — деп тартынбай айта алады. Тақуалардың бәрі, әулиелердің бәрі, дін жолында азап шеккендердің бәрі бақытты болған.
— О, қандай ғажап сөз еді, мұндай батыл, мұндай асқақ ойды тек сіз ғана айта аласыз, — деді қыздың шешесі тағы да лепіре сөйлеп. — Сіз бірдеңе дегенде кісінің көкірегін көзбен ақтарғандай боласыз. Ал оның бер жағында бақыт деген — қайда ол? Өзі жайында мен бақыттымен деп кім айта алады? О, егер сіз бүгін өзіңізбен тағы бір дидарласу үшін бізге рақымшылық етсеңіз, онда менің өткен жолы айта алмаған, батылым бармаған нәрсенің бәрін, мені көптен бері қайғы-қасіретке салған жайттың бәрін де тыңдайтын болыңыз! Бұл дүниеден қайғы-қасіретпен өтетін болдым, ғафу етіңіз, менің жаным жай табар емес... — Сөйтіп, ол пірәдардың алдында нендей бір ыстық сезіммен екі қолын кеудесіне басып тұрып қалды.
— Сонда сізді қинайтын не?
— Мені қинайтын... сенбеушілік...
— Немене, құдайға сенбеуге айналдыңыз ба?
— О жоқ, жоқ, ондай ой қаперіме де кірмейді, бірақ болашақ өмір — бұл сондай бір жұмбақ қой! Сонсоң, оған ешкім де, ешбір тірі пенде жауап бере алмайды! Сіз тәуіпсіз, адам жанының абызысыз; ендеше, сізге айтпағанда, кімге айтам: әрине, мен сізден сөзіме кәміл сенуді талап ете алмаймын, бірақ, ақиреттегі болашақ өмір туралы ой жанымды түршіктіріп, зәре-құтымды алатынын... шолақ ақылдылықтан айтпайтындығыма ең қасиетті сөздерді аузыма алып сізді иландырғым келеді. Кіммен ақылдасарға білмеймін, бұған ғұмыр бақи дәтім бармады... Енді міне тек өзіңізге ғана сырымды ашып отырмын... О тәңірім, өзің кешіре гөр, сіздің енді мені қандай адам деп ойлауыңыз мүмкін! — Әйел екі қолын жоғары көтерді.
— Менің пікірім жайында күмәнданбаңыз, — деп жауап қатты пірәдар. — Сіздің уайымыңыздың ақиқаттығына мен кәміл сенемін.
— О, көп-көп рахмет сізге! Көріп тұрсыз ба, мен көзімді жұмып, ойға шомамын; егер жұрттың бәрі дінге сенсе, мұның өзі қайдан келген? Осы арада мұның бәрі алғашта табиғаттың алапат құбылыстары алдындағы дәрменсіздіктен туған, ал шындығында бұлай емес деп сендіре бастайды. Сонда бұл қалай деп ойлаймын, мен өмір бойы дінге сеніп өтсем, өлгеннен кейін түк те жоқ екен ғой, бір жазушының кітабынан оқығанымдай, "бейітіңнің топырағына көк жусан ғана өседі екен". Сұмдық қой бұл! Немен, қалай қайтарарсың жоғалтқан сенімді? Әйтсе де, мен ештеңе ойламайтын, сәби бала кезімде ғана дінге сенген едім... Сіздің аяғыңызға бас ұрып, осы жөнінде сұрап білейінші деп келгенімді қалай дәлелдесем екен. Егер мен осы бір орайлы сәтті пайдаланбасам — онда маған ғұмыр бақи ешкім де жауап бере алмас. Қалай дәлелдесем, қалай иландырсам екен? О, бақытсыз басым-ай! Айналамды анық көріп тұрмын: барлығына не болса да бәрібір сияқты, барлығына дерлік осылай секілді, енді тіпті мұны ойлап жатқан ешкім жоқ, бұған шыбын жаны қиналатын жалғыз мен ғана. Бұл өлім ғой, өлім!
— Иә, күмән жоқ, бұл өліммен тең. Бірақ, бұл арада ештеңе дәлелдей алмайсың, ал көз жеткізуге болады.
— Қалай? Немен?
— Ынтыққан махаббат тағылымы ғана жәрдемдесе алмақ бұған. Жақын бауырларыңды шын ықыласыңызбен үнемі жақсы көруге тырысыңыз. Махаббатта мерейленген сайын құдай тағаламның барына да, шыбын жаныңыздың мәңгі жасайтындығына да көзіңіз жете түспек. Ал егер де жақынға деген махаббатыңызда кәміл жанкештілікке жетсеңіз, онда көкейіңізге ешбір күмән ұяламақ емес. Бұл дәлелденген, дәл ақиқат.
— Ынтыққан махаббат дейсіз бе? Тағы бір сауалдың туындағанын қараңызшы, сауал болғанда қандай және! Білесіз бе: менің адамзат баласын жанымдай жақсы көретінім сондай, нанасыз ба, кейде бар дүние-мүлкімді қызыма тастап, қаріп-қасер ауруларды күтуші болғым да келеді. Көзімді жұмып алып ойға шомып, қиялға берілген сәттерімде бойымда ғаламат бір күш барын сезінемін. Ешқандай жарақаттан, ешбір іріңдеген жарадан жеркенбес едім деймін. Сол жараларды өзім жуып тазартып, өзім таңар едім, қажет болса ернімді тигізіп тәуеп етуден де сескенбес едім, науқас бейшаралардың басында күндіз-түні отыруға да қажымас едім...
— Сіздің басқа бірдеңені емес, нақ осыны армандағаныңыздың өзі де аз дүние емес, бек жақсы-ақ бұл ниетіңіз. Оқта-текте әлдеқалай болса да бір ізгілікті істі тындырсаңыз, бұл аз ба.
— Солайы солай ғой, бірақ, мен мұндай өмірге ұзақ төзе алар ма едім? — деді ханым қызбалана, тіпті булыға сөйлеп. — Ең басты сауал көзімді жұмып аламын да, өзімнен-өзім былай деп сұраймын: өзің қалаған осы жолда сен қанша уақытқа шыдай алар едің? Егер ауру адам өзінің жарасын жуып тазартқаның үшін саған рахмет айтудың орнына, сенің біреуге істеген ақ адал қызметіңді сезбей, бағаламай, қыңырлық көрсетіп азапқа салса, саған жекірсе, дөрекілік танытса, тіпті бастықтардың біріне шағынса (өте ауыр науқастардың арасында мұндай жағдай жиі кездеседі) — сонда қайтер едің? Осыдан кейін ондай кісіні жақсы көре алар ма едің, әлде оған деген сүйіспеншілігің сарқылып біте ме? Сонымен, — мұны біліп қойыңыз, — жаным түршіксе де былай деп ұйғарып қойдым: егер менің адамзат бадасына деген "ынтыққан" махаббатымды суыта алатын бірдеңе бар болса, ол тек жақсылықты сезбеушілік қана. Қысқасы, мен не істесем де ақыға істейтін адаммын, тиісті ақымның қолма-қол төленуін талап етемін, яки марапаттағанды, өзімнің сүйіспеншілігіме дәл сондай сүйіспеншілікпен жауап беруді тілеймін. Әйтпесе, мен еш уақытта сүйе алмаймын!
Әйел өзін-өзі шынымен кінәлаған қызбалығы басылғасын, мен айтарымды айттым дегендей, пірәдарға тесіле көз тастады.
— Ертеректе маған бір емшінің айтқаны бар еді, мынау дәл сондағыдай болды-ау, — деді қария. — Егде тартқан, шын ақылман кісі еді. Сіз сияқты, ол да, күйінішті әзілмен айтса да, ағынан жарылған-ды; мен дейді, адамзат баласын сүйемін дейді, бірің өзіме бір таным бар: жалпы адамзатты неғұрлым көбірек сүйген сайық жеке кісі ретінде, яки бөлектеп алғанда адамдарды соғұрлым аз сүйемін. Бірдеңені армандаған кезімде дейді, адамзатқа қызмет ету хақында басыма керемет ойлар келеді, егер әлдеқалай кенеттен қажет болса, адамдар үшін, бәлкім, шынында да шәһит болар едім, бірақ ешкіммен оңаша бөлмеде тым болмаса екі күн бірге тұра алмайтынымды өз тәжірибемнен білген соң амал бар ма. Біреу жаныма сәл жанасса-ақ болды, оның түр-тұлғасы намысыма тиіп, еркімді тарылтады. Мен тіпті ең ізгі ниетті адамның өзін де бір тәуліктің ішінде-ақ жек көріп шыға келемін: біреуін дастарқан басында қаужаңдап ұзақ отырады деп жек көрсем, екіншісін үнемі тымауратып жүргендіктен жөн-жосықсыз сіңбіре береді деп жек көремін. Сәл жақындасса-ақ болды, кімге болса да дұшпан боп шыға келуім қиын емес дейді. Оның есесіне дәйім былай болып жатады: жеке адамдарды неғұрлым жек көрген сайын, менің жалпы адамзат баласына деген сүйіспеншілігім соғұрлым күшейе түседі дейді.
— Сонда менің не істеуім керек? Мұндайда қалай еткен жөн? Әйтпесе, тірліктен күдер үзуің мүмкін ғой тіпті?
— Жоқ, өмірден күдер үзбейсіз, сіздің осылай опынғаныңыздың өзі де жетіп жатыр. Қолыңыздан келген істен аянып қалмасаңыз болғаны, бұл ескерусіз қалмайды. Ал сіз қазірдің өзінде бірсыпыра істі тындырған секілдісіз, кісі өзін-өзі осыншама терең әрі шын түсіне алса — бұл аз ба екен! Егер де сіз қазір менімен әңгімелескенде адалдығыңыз үшін менен тек мақтау естуге бола алғаусыз сөйлеп тұрсаңыз, онда ынтыққан махаббат үшін істейтін ерлік істеріңізде ештеңеге жете алмайсыз; барлығы сол өзіңіз қиялдаған күйінде қалады, бар ғұмырың көрген түстей өте шығады. Мұндайда ақиреттегі екінші өмір жайында да ұмытып кететініңіз түсінікті, ақыр-соңында, бірдеме ғып өзіңіз тынышталасыз.
— Мені тұқырттыңыз ғой тіпті! Жақсылықты білмегенге шыдамайтынымды айтқанда, мен өзімнің осы адалдығым үшін шынында да сізден тек мақтау естігім келгенін енді ғана, өзіңіз айтқандай, тек осы сәтте түсіндім. Сіз маған өзімнің қандай адам екенімді аңғарттыңыз, мені ұқтыңыз да, өзіме-өзімді түсіндіріп бердіңіз!
— Сіз шын айтасыз ба? Енді, мынадай мойындауыңыздан кейін, мен сіздің адалдығыңызға, жүрегіңіздің мейірімділігіне қалай сенбеймін. Бақытқа жете алмаған күнде де өзіңіздің дұрыс жолда екеніңізді әрқашан жадыңызда ұстаңыз және жолдан таймауға тырысыңыз. Бастысы, жалғандықтан аулақ болыңыз, өтірік атаулыдан, әсіресе, өзіңізге өзіңіз өтірік айтудан сақтаныңыз. Алда-жалда аузыңнан жалған сөз шығып кетсе, оны сағат сайын, тіпті минут сайын зер сала қадағалайтын болыңыз. Өзіңізге де, өзгеге де жеркене қарама: өз бойыңдағы жеркенішті нәрсе, оны өзің көріп білгесін, өзінен-өзі аласталмақ. Қорқыныш деген бәледен де сақтанғайсың, өтірік атаулының салдары ғана болса да, одан сақтанған абзал. Сүйіспеншілікке бөленем деп жүріп күйректік көрсетіп алғаныңның асып-сасып, бұл ретте тіпті теріс қылықтарыңнан да онша қысылып-қымтырыла берудің де қажеті жоқ. Сізге қуанышты ештеңе айта алмайтыныма өкінемін, өйткені ынтыққан махаббат қиялшыл махаббатпен салыстырғанда қатал әрі қорқынышты. Қиялшыл махаббат жұртты таңғалдыратын, жарқ етпе ерлікті аңсайды. Мұнда шынында тіпті махаббатқа шыбын жанын қиюға дейін барады, тек ұзаққа созылмаса, сахнадағыдай тез іске асса, жұрттың бәрі көз алмаса, бұны марапаттап жатса болғаны. Ал ынтыққан махаббат—бұл кәдімгі жұмыс істеу, төзімділік көрсету, ал кейбіреулер үшін, мүмкін, тағлым аларлық үлкен сабақ та болар. Бірақ, алдын ала айтайын, бар күш-жігеріңді салғаныңа қарамастан, мақсатыңа жете алмағаның былай тұрсын, қайта, одан тіпті қашықтай түскеніңді жаның түршіге сезген сәтте де — міне тіпті осы сәтте де сіз кенет мақсатыңызға жетіп, өзіңізді дәйім жақсы көріп, шапағатын тигізген құдай тағаланың құдіретін анық көресіз. Кешіріңіз, енді кетейін, мені күтіп тұрған адамдар бар. Қош болыңыз.
Ханым жылап тұрған-ды.
— Lise, Lise! Қызыма пәтиқаңызды бермейсіз бе, өтінем сізден, — деді шешесі кенет бойы сергіп сала беріп.
— А, ол жақсы көруге тұрмайды. Оның бағанадан бері қалай қылжақтағанын көрдім, — деді пірәдар әзілдеп. — Сіз Алексейге неге үнемі күле бердіңіз?
Ал, Lise бағанадан бері Алешамен шынында да қылжақтасып отырған. Одан ұялып, бұған тура қарай алмайтынын өткен жолғы кездесуде-ақ байқаған соң, Lise оның осы қылығын қызық көрген еді. Ол Алешаға қадала қарап, оның көзімен ұшырасуды аңдыған: қыздың сұқтана қарағанына шыдай алмаған Алеша нендей бір сиқырлы күштің әсерінен оқта-текте емді өзі де қызға лажсыздан назар салатын болған, осы кезде Lise оның көзіне тесіле қарап масайрап күліп жіберетін. Ұялып қалған Алеша онан сайын қысылатын. Ақыры, ол теріс айналып кетіп, қарияның тасасына барып тығылды. Бірнеше минуттан кейін тағы да әлгі сиқырлы күштің әсерімен ол өзіне қарап тұрған-тұрмағанын тексеру үшін қайта бері бұрылғанда креслодан аяғын салбыратып отырған Lisенің бұған бір бүйірден қарап, мұның оған көз салуын шыдамсыздана күткенін көрді; ал өзінің көзі оның көзімен ұшырасып қалғанда мәз-мәйрам боп күлгені сонша, бұған тіпті пірәдар да шыдамай кетті білем.
— Әй, тентек қыз, сен оны неге ұялта бересің, — деді ол ойда жоқта, кенет қызарып кетіп, жанарын бір жалт еткізген Lisе-нің жүзі керемет байыптана қалды да, ол өзінің өкпе-назын айтып күйгелектене, шапшаң сөйледі.
— Ол неге бәрін ұмытады? Кішкентай күнімде ол мені көтеріп жүрген екеуміз бірге ойнағанбыз. Мені кітап оқуға үйрету үшін біздікіне келетін, сіз мұны білесіз бе? Осыдан екі жыл бұрын қоштасқанымызда, ол сені еш уақытта ұмытпаймын, екеуміз мәңгілік шын доспыз деген еді! Ал қазір маған маңайлауға қорқады тіпті, немене, мен оны жеп қоям ба? Жаныма неге жақындамайды сөйлесуге неге именді? Біздікіне неге келгісі жоқ. Әлде сіз оны жібермейсіз бе: бірақ, біз білеміз, ол барғысы келген жерге бара береді ғой. Маған оны үйге кел деп шақыру ретсіздеу, егер ұмытпаса, оның өзі бірінші болып сөйлесуі керек емес пе. Жоқ, қазір ол басын қорғауда! Оған мына шұбатылған бірдеңені несіне кигізгенсіз... Жүгіргенде аяғына оратылып құлайды ғой...
Содан кейін Lise шыдамағасын бетін алақанымен жаба қойып, иығын селкілдете, дыбыс шығармап, тоқтаусыз, ұзақ күлді. Қария оны күлімсіреп тұрып тыңдап, мейірлене батасын берді; қыз пірәдардың қолынан тәуеп еткен соң кенет көзіне апарып жылап жібереді:
— Сіз мені сөге көрмеңіз, мен ақымақпын, жосықсызбын, Алешаның мендей күлекеш қызбен бірге жүргісі келмейтіні, бәлкім, дұрыс, тіпті өте дұрыс та шығар.
— Мен оны қалай да жіберейін сіздің үйге, — деді пірәдар.
V
СОЛАЙ БОЛДЫ, СОЛАЙ БОЛМАҚ КЕРЕК!
Пірәдардың құжырадан шығып кеткеніне жиырма бес минуттай уақыт өткен. Сағат он екі жарымнан асты, бірақ бәрі осында Дмитрий Федоровичке бола жиналса да, ол әлі де келмеген еді.
Қария қайтып оралғанда меймандары өзара қызу әңгімелесіп отырған; Дмитрий Федорович ұмыт болғандай еді. Әңгімеге белсене қатысып отырған Иван Федорович пен екі иеромонах. Арагідік делебесі қозғанда, Миусов та араласып отырған, бірақ оның бұл әрекеті тағы да сәтсіз боп шыққан; тегінде, өзгелері мұны елемеген сөзіне жөндеп жауап та бермеген, сосын онсыз да ішін кернеген ашу-ызасын мұның өзі онан сайын өршіте түскен бе қалай. Мәселе мынада болатын — ол бұдан бұрын да Иван Федоровичпен бірнеше мәрте білім сайысына түсіп көрген, сондықтан бұған мұрын шүйіріңкірей қарағаны қытығына тиетін: "Осыған дейін, тым болмаса, Еуропадағы озық дегеннің бәріне лайық болып-ақ келіп ек, мына жаңа ұрпақтың мүлде елемеуін қайтерсің", — деп ойлаған ол өзі жөнінде. Аузымды жауып, тыныш отырамын деп уәде берген Федор Павлович біразға дейін шынында да үндеген жоқ, алайда ол, өзімен қатар жайғасқан Петр Александровичтің күйгелектенгеніне қыбы қанғандай, мысқылдай күлімсірей оны бағып отырды. Одан қайтсе де бір қарымын қайтаруды көптен бері аңсаған ол осы бір орайы келген сәтті пайдаланып қалмақ. Ақыры шыдай алмады білем, көршісінің құлағына еңкейіп, күбірлеп тағы да бір қағытып өтті:
— Бағана "сұлу-сыпайы сүйіскеннен" кейін неге кетіп қалмадыңыз, мына әдепсіз адамдардың арасында несіне отырсыз? Айтайын ба: сіз өзіңізді өлердей кемсініп, қорланғандай сезіндіңіз де, бұларға есемді қалай жібермекпін деп парасаттық танытпаққа бекіндіңіз. Енді сол парасатыңызды көрсетіп болғанша тырп етпеңіз.
— Тағы да бастадыңыз ба? Отырмаймын, қазір кетемін.
— Бәрінен кейін, ең соңынан кетпейсіз бе? — деп Федор Павлович тағы бір түйреді. Дәл осы сәтте пірәдар құжыраға кіріп келген еді.
Талас бір сәтке тыйыла қалды, бірақ орнына барып жайғасып, отырғандарды көзбен бір шолып шыққан пірәдар әңгімелеріңді жалғастыра беріңдер дегендей рай танытты. Оның мүлде қажып, зорға отырғанын бет әлпетінің әрбір құбылысынан біле қоятын Алеша бірден сезді. Соңғы кезде ол аурудан әлсіреген соң кейде талып қалатын болған еді. Ондайдың алдында ол бозарып кететін, қазір де оның бетінен сондай бір қуқылдық байқалып, еріндері бозарып бара жатты. Әйтсе де, ол мына бас қосысты таратқысы келмеген болу керек; бұл жөнінен өзінің бір мақсаты да бар ма қалай — бірақ ол қандай мақсат екен? Алеша пірәдардан көз алмады.
— Мына кісінің өте қызықты мақаласын сөз етіп отыр едік, — деп кітапханашы, иеромонах Иосиф пірәдарға Иван Федоровичті меңзеді. — Көп жаңалық айтқан, алайда, идеясы қайырлы да, қайырсыз да болуы мүмкін. Шіркеулік-қоғамдық сот және оның құқысының кеңдігі туралы мәселе жөнінде көлемді кітап жазған бір дін қайраткеріне осы мәселе жайында журналдағы мақаласымен жауап беріпті...
— Өкінішке орай, сіздің мақалаңызды оқымаған едім, бірақ ол жайында естігенім бар, — деп жауап қатты Иван Федоровичке зерлеп, қадала қараған пірәдар.
— Ол кісінің пайымы қызық, — деді сөзін одан ары сабақтастырған кітапханашы иеромонах, — ол шіркеулік-қоғамдық сот туралы мәселеде шіркеудің мемлекеттен бөлінуін мүлде терістейтінге ұқсайды.
— Қызық екен бұл, әйтсе де, қай мағынада алғанда? — деп сұрады Иван Федоровичтен пірәдар.
Ақыры, ол қарияның сұрағына жауап берді, бірақ Алешаның күні бұрын қауіптенгеніндей, кекірейген жалған әдептілікпен емес, қайта титтей де алғаусыз, тым кішіпейіл, ибадатты, ұстамды жауап берді.
— Мен мына қағидаға сүйенемін: шіркеу мен мемлекеттің жеке бөлектерін, яки мән-мағыналарын, жеке-жеке алғанда бір-бірімен шатастырушылық, әрине, мәңгі-бақи бола береді және де мұның әсте мүмкін еместігіне, оны қалыпты жағдайға түсіру былай тұрсын, тіпті қандай да бір үйлесімді түрге келтіруге де болмайтындығына қарамастан. бұл әмәнда осылай бола бермек, өйткені істің түп негізінде жалғандық жатыр. Мысалы, сот мәселесі сияқты мәселелерде мемлекет пен шіркеудің арасында толық және таза мағынасындағы ымыраласу, меніңше, мүмкін емес. Менің қарсылық білдірген пікіріме әлгі дін қайраткері мемлекетте шіркеудің алатын орны анық әрі дәл белгіленген деді. Ал мен оған шіркеу мемлекеттің бір пұшпағына ғана жайғасуға тиісті емес, мұның керісінше, шіркеу бүкіл мемлекетті өзіне толық қамтуға тиіс деп онымен келіспедім, ал егер де қазір бұл мүмкін болмай отырса, мұның белгілі бір себептері бар шығар, ал шынында бұл мәселе христиандық қоғамның бұдан былайғы бүкіл дамуының тікелей және ең басты мақсаты ретінде қойылуға тиіс дедім ең соңында.
— Әбден дұрыс айтқансыз! — деді сөзге сараң, оқымысты иеромонах Паисий пірәдарды нығарлай сөйлеп.
— Бұл нағыз әсіре монтандық қой! — дегенде сабырсыздықтан екі аяғын бірінің үстіне бірін қайта-қайта ауыстырып салған Миусовтың даусы саңқ етті.
— Ә, бізде ондай тау да жоқ қой! — деп айқайлап жіберді Иосиф пірәдар; содан кейін ол пірәдарға қарап былай деді: — Әйтседе, ол өзімен айтысушының мынадай "негізгі әрі елеулі" қағидаларына жауап берген, мұны жадыңызға сақтағаныңыз жөн. Бірінші: "бірде-бір қоғамдық одақ өкімет билігін өзіне иемдене алмайды және қожалық етпеуге тиіс". Екінші: "қылмысты іс және азаматтық сот жөніндегі билік шіркеудің қолында болмауы керек, өйткені бұл тәңірінің өзі белгілеп берген тәртіп тұрғысынан да, адамдарын діни мақсаттағы одағы тұрғысынан да шіркеудің табиғатымен сәйкес келмейді" және ақыр-соңында, үшіншіден: "шіркеу дегеніміз ақиреттік әлем..."
— Сөзді бұлайша құбылту дін жолын қуған адамға мүлде лайықсыз екен!—деп шыдамы таусылған Пансий пірәдар оның сөзін бөліп жіберді. — Сіз сынаған кітапты мен оқығанмын, — деді ол Иван Федоровичке, — сонда оның "шіркеу дегеніміз — ақиреттік әлем" деген сөздеріне қайран қалғанмын. Егер ақиреттік әлем болса, онда шіркеу жер бетінде қалай өмір сүрмек, бұл әсте мүмкін емес қой. Қасиетті інжілде "ақиреттік" деген сөз басқа мағынада айтылған. Ондай сөзбен ойнауға болмайды. Пайғамбарымыз Иисус Христос жер бетінде шіркеуді орнықтыру үшін келген. Әлбетте, көктегі әлем-жерде емес, көкте, бірақ, сол ақиреттік әлемге тек жерде іргесі қаланып, орнықтырылған шіркеу арқылы ғана кіруге болады. Сондықтан бұл мағынадағы бұра сөйлеушілік мүлде жөнсіз және лайықсыз іс. Ал шіркеу болса үстемдік етуге тиісті ең шынайы әлем, түптеп келгенде ол бүкіл жер бетінде күмәнсіз үстем болуға тиіс, — бұған берген уәдеміз бар...
Ол өзін-өзі тежегендей кенет тына қалды. Оны ілтипатпен, зер сала тыңдаған Иван Федорович пірәдарға қарай, мейлінше байсалды, бірақ бұрынғысынша ықыласты және жайдары сөйлеп кетті.
— Менің мақаламда айтылған барлық ой мынау: бағзы замандарда, христиан дінінің алғашқы үш ғасырында, христиан діні тек шіркеудің міндетін атқарған, шіркеу ғана болған. Римнің мәжусилік мемлекеті христиан дінін қабылдауға тілек білдіргенде, мұның ақыры былай болып шықты: ол христиан дініне көшкенде тек шіркеуді өзіне қосып алумен тынды, ал өзі көп жағынан бұрынғысынша мәжусилік мемлекет болып қала берді. Шынында да, күмәнсыз осылай болып шығуға тиісті еді. Бірақ, мемлекет ретінде алғанда Римде өркениеттен, мәжусилік даналықтан, мысалы, мемлекеттің мақсаттары мен негіздері сияқты көп нәрсе өте мол сақталып қалды. Ал Христос орнатқан шіркеу мемлекетке қосылғаннан кейін өзінің түп негіздерінен, өзінің іргетасынан, күмән жоқ, ештеңені жоғалтпайтын еді; ол тек құдай тағаланың өзі бекем алға қойып, көрсетіп берген мақсатқа жетуден басқа ештеңені де көксей алмады, ол мақсат — бүкіл әлемді, демек, күллі ежелгі мәжусилік мемлекетті шіркеудің аясына алу болатын. Сонымен (яки болашақ мақсатында), "кез келген қоғамдық одақ" ретінде, немесе "адамдардың діни мақсаттағы одағы" (мен сынаған автордың шіркеу туралы айтқанындай) ретінде де шіркеу мемлекеттен өзіне белгілі бір орын іздемеуге тиіс, қайта мұның керісінше, жер бетіндегі мемлекеттің бәрі де түптеп келгенде толығымен шіркеудің аясына кіріп, тек шіркеу ғана болуға, діни мақсаттан өзгенің бәрін ысырып тастауға тиіс. Әйтсе де, бұл мемлекеттің беделін ешбір түсірмек емес, ұлы мемлекет ретінде оның абыройын да төкпейді, мемлекеттің даңқын да, оның әмірлерінің даңқын да аяққа баспайды, қайта оны жалғандықта мәжусиліктен арылмаған қате жолдан мәңгілік мақсатқа жеткізетін бірден-бір дұрыс, ақиқат жолға түсіреді. Міне, сондықтан да "Шіркеулік-қоғамдық соттың негіздері" туралы кітаптың авторы, егер ол осы негіздерді іздегенде және бізге ұсынғанда оған қазіргі күнәһар, әрі-сәрі заманымызда әзірше қажет болып отырған ымырашылдық ретінде ғана қараса, онда дұрыс пайымдаған болып шығар еді. Бірақ кітаптың авторы осы негіздерді атауға сол ғана ишара білдірсе, ұсынғалы отырған негіздерді, оның біразын жаңа Иосиф пірәдар атап өтті, мызғымас, стихиялық және мәңгілік негіздер екенін айтуға емеурін білдірсе-ақ болғаны, онда ол шіркеуге қарсы, оның мәңгілік мызғымас, қасиетті міндетіне қарсы шығады. Менің бүкіл мақалам, оның қысқаша мазмұны міне осы.
— Яки екі сөзбен айтқанда, — деді тағы да Пансий пірәдар әрбір сөзін нығарлай түсіп, — біздің он тоғызыншы ғасырда мейлінше айқындалып отырған кейбір теориялар бойынша, шіркеу біртіндеп мемлекетке айналуға тиіс екен ғой, кейіннен ғылымға, замана рухымен өркениетке орын беріп, өзі мемлекет ішінде сіңіп кету үшін, былайша айтқанда, шіркеудің төменгі түрінен жоғарғы түріне айналуға тиіс қой. Егер бұған көнбей қарсылық білдірсе, онда мемлекет те оған бір пұшпақтан ғана, — онда да бақылау қойылып, — орын беріледі екен ғой, — қазіргі уақытта Еуропада барлық жерде осылай болып жатқан жоқ па. Ал орыстардың ұғымынша және бұған сеніп үміт қылуынша, шіркеу өзінің төменгі түрінен жоғарғы түріне, яки мемлекетке айналмауға тиіс, қайта мұның керісінше, яки мемлекеттің өзі түптеп келгенде, басқа ештеңе де емес, тек қана шіркеу болып шығуға тиіс. Солай болады, солай болмақ керек!
— Шынымды айтсам, сіз мені тіпті біраз көңілдендіріп тастадыңыз, — деп тағы да бір аяғын екінші аяғының үстіне салған Миусов мырс етті. — Менің түсінуімше, сонда мұның өзі алыстан мұнартқан, қашан орындалары бимағлұм бір бұлыңғыр мұраттың іске асуы болмақ қой. Қалай десек те бәрібір. Соғыс деген бәле жоғалатын, дипломаттар, банктер және тағы басқалары болмайтын тәтті қиял бұл әрі-беріден соң социализм тәрізді бірдеңе. Әйтпегенде, мен тіпті бұның бәрі шын болар, енді шіркеу, мысалы, қылмыстыларды соттайтын шығар, дүре соғуға, каторгаға айдауға кесік айтар, сірә, өлім жазасына да үкім шығара бастар деп ойлап қалып едім.
— Егер тіпті қазірдің өзінде тек шіркеулік-қоғамдық сот қана болса да мейлі, онда шіркеу тіпті қазір де каторгаға айдатпас еді немесе дарға асуға кеспес еді. Онда қылмыстың өзі және оған көзқарас күмәнсіз өзгеруге тиісті болар еді, әрине, кенеттен және дәл бүгін таңда емес, біртіндеп, дегенмен, таяу уақытта... — деді Иван Федорович кірпік қақпаған байсалды үнмен.
— Сіз шын айтасыз ба? — деп Миусов оған қадала қарады.
— Егер барлық билік шіркеуге тисе, онда шіркеу қылмыс жасаған, дінге мойын ұсынбаған қаскөйді қарғыс айтып аластар еді арамыздан, бірақ адамның басын шапқызбас еді,— деді сөзін сабақтап түскен Иван Федорович. — Сіз айтыңызшы маған, сонда аласталған кісі қайда кетпек? Онда ол, жұмыр басты пенде біткеннен ғана безіп кетпей, тіпті Христостың өзінен де безінбей ме. Қылмыс жасағанда ол адамдарға ғана емес, сонымен бірге Христостың шіркеуіне де қарсы шығады ғой. Жария етілмейді демесең, бұл шын мағынасында қазір де солай, әрине, сол себепті қазіргі қылмыскердің ақтауға тырысушылығы тым жиі кездеседі: "Ұрлық қылғаным рас, бірақ шіркеуге қарсылығым жоқ. Христосқа дұшпан емеспін" — қазіргі қылмыскер екінің бірінде осылай дейді; ал шіркеу мемлекеттің орнын басқан күнде қылмыскерлердің бұлай деуі қиындар еді, онда ол: "Барлығы да қателеседі, барлығы да жандарын баққан шіркеу біткенді жалғандық жайлаған, кісі өлтіруі де, ұрлық қылған да жалғыз өзім, — әділетті христиан шіркеуі" — деп жер бетіндегі бүкіл шіркеуді мансұқтамаса, әсте олай дей алмас еді. Өзіңе өзің бұлай деу өте қиын, ол үшін қажетті жағдай онша жиі кездесе бермейді. Енді, екінші жағынан, қылмысқа шіркеудің өз көзқарасын алып қараңыз: ол мәжусилікпен толық арылмаған қазіргі қалпынан өзгеруге тиісті емес пе, қоғамды аман сақтау үшін, қазір істеліп жатқандай, қағынған мүшені жай сылып тастаудан адамды қайта жаңғырту туралы, оны қайта тірілту, оны құтқару туралы идеяға жалған түрде емес, толық айналуға тиісті емес пе...
— Яки бұл қалай? Мен тағы да түкке түсінбеймін, тағы да бір қиял, — деді Миусов, оның сөзін бөліп. — Бұлыңғыр бірдеңе, түсіну қиын. Аласталғаны қалай, ол неғылған аластау? Иван Федорович, мен сізді әзілдеп отыр ма деп шүбәлана бастадым.
— Шындығында, қазір де солай емес пе, — пірәдар сөзге араласқанда отырғандардың бәрі оған қадала қарап қалды, — егер де қазір Христостың шіркеуі болмаса, онда қылмыскер жауыздық жасағанда мүлде бой бермей кетер еді, кейіннен ол жазаланбас та еді, яки жаңағы айтылғандай, бас шабатын жай жаза емес, — бұл жаза көп ретте тек жаныңды түршіктіреді, — бірден-бір шынайы, бірден-бір қорқынышты және өзінің ар-ожданымен атқызған соң тыныштандыратын нағыз шын жаза да болмас еді.
— Айтыңызшы, сонда бұл қалай өзі? — деп сұрады Миусов жұлып алғандай.
— Ол былай, — деп бастады пірәдар. — Сүмеңдетіп жұмысқа салу, бас салып ұрып-соғу ешкімді түзетпейді, ең жаманы, одан ешбір қылмыскер қорықпайды, сөйтіп қылмыстың саны азаймағаны былай тұрсын, қайта уақыт өткен сайын көбейе береді. Сіздер менің бұл айтқаныммен келісетін шығарсыздар. Сонымен, қоғам мүлде қорғаусыз қалады, өйткені қысас мүшесінің басы шабылғанмен немесе ол ит өлген бір қиянға айдалғанмен, оның орнын сол сәтте екінші кылмыскер, бәлкім, тіпті екі қылмыскер басады. Егер тіпті біздің қазіргі заманымызда да қоғамды қорғап, қылмыскерді түзейтін, тіпті оны мүлде басқа кісі етіп шығаратын бірдеңе бар болса, ол тағы да сол — ар-ожданмен мойындату арқылы түзейтін Христостың заңы ғана. Өзінің кінәсін пайғамбардың үмбеті, яки шіркеудің перзенті ретінде мойындаған адам ғана қоғам алдындағы, яки шіркеу алдындағы кінәсін шын мойындамақ. Ендеше, қазіргі қылмыскер өзінің кінәсін мемлекет алдында емес, тек шіркеу алдында ғана мойындамақ. Ал егер де қоғамның соты шіркеудің соты болса, онда ол аластаудан кімді қайырып алып, қайтадан пенделерінің қатарына қосуды білер еді. Ешқандай пәрменді соты болмағасын және тек адамгершілік тұрғысынан айыптаудан өзгеге шамасы келмегесін қылмыскерді пәрменді жазалаудан қазір шіркеудің өзі қашықтап барады. Шіркеу қылмыскерді өзінен аластамайды, оны өзінің әкелік ғибратымен ғана түзеуге тырысады. Ол ол ма, қылмыскермен тіпті христиандық шіркеудегі барлық қарым-қатынас сақтауға тырысады: оны шіркеудегі намазға кіргізеді, қасиетті дәмге жібереді, оған садақа береді, сөйтіп оған айыпкерден гөрі қолға түскен тұтқынша қарайды. 0, тәңірім! Азаматтық заңның қылмыскерді мансұқтап, оны өзгелерден аластайтыны сияқты, егер христиан қауымы да, яки шіркеу де оны тап солай мансұқтаса не болар еді? Егер де мемлекеттік заң жазалағаннан кейін әр ретінде шіркеу де іле-шала оны өзінен аластаса, мұның ақыры немен бітер еді? Біздің орыс қылмыскеріне бұдан артық өмірден күдер үзіп торығушылық болуы мүмкін де емес, өйткені олар діншіл. Әйтсе де, кім біледі: бәлкім, онда бір сұмдық жағдайға тап болар ма ек қайтер ек — қылмыскердің жүрегінде, бәлкім, құдайға деген сенім біржола сөніп бітер ме еді, онда біз қайтер едік? Бірақ, қатал жазалаудан, мейірімді, сүйікті ана сияқты, шіркеудің өзі тартынады, өйткені, кінәлі адамды мемлекеттік сот онсыз да тым ауыр жазалайды, енді оған тым болмаса өзге біреудің жаны ашуы керек қой. Оның бұл тартынуының басты себебі шіркеу соты — ақиқатшылдық дарыған бірден-бір сот, сондықтан ол ешқандай басқа сотпен өзінің мәні мен адамгершілік тұрғысынан үйлесе алмайды, тіпті уақытша да ешбір ымыраласа алмайды. Бұл арада мәмле мүмкін емес. Шет елде қылмыскер айыбын сирек мойындайды деседі, өйткені осы заманғы ең жаңа ілімдер қылмыскердің зердесіне оның істеген қылмысы — қылмыс емес, тек оны әділетсіз езуші күшке қарсылық білдіру ғана деген ойды құятын көрінеді. Қоғам қылмыскерді аластағанда. оны тек зорлықпен аластайды, оның үстіне жек көріп аластайды (Еуропада олар өздері жайында тым болмаса осылай деп баяндайды), аластаған соң өзінің бұрынғы туысының тағдыры оған бәрібір, ол оны мүлде ұмытады. Сонымен, мұның барлығы шіркеу тарапынан титтей де өкінішсіз болып жатады, өйткені көп ретте ол жақта қазір шын мәнінде шіркеу деген атымен жоқ, тек шіркеушілер мен шіркеулердің ғажап ғимараттары ғана қалған, ал шіркеу деген нәрсе ол жақта шіркеу ретіндегі төменгі түрде мемлекет ретіндегі жоғарғы түрге көшіп, соған біржола сіңіп кетуге тырысып жатқанына қай заман. Кем дегенде лютершіл елдерде осылай болса керек. Ал Римде шіркеудің орнына мемлекеттің мерейі үстем болғанына міне мың жыл. Сондықтан да қылмыскер өзін ендігі жерде шіркеудің мүшесімін деп санамайды, одан аласталған соң баз кешіп жүреді. Ал егер қоғамға оралса, кейде оның бойында өшпенділіктің қоздайтыны сонша, ол енді оны қоғамның өзі аластағандай сезінеді. Мұның ақыры немен тынатынын өздеріңіз ойлай беріңіздер. Көп ретте бізде де солай болып жататын тәрізді, бірақ бізде істің мәні мынада: бізде белгіленген соттардан басқа, бұлардан тысқары, шіркеу бар тағы да, ол қылмыскерді әлі де болса өзіне қымбат, сүйікті перзенті санап, онымен қарым-қатынасын еш уақытта үзбейді; мұның сыртында тым құрығанда ойымызда болса да шіркеу соты бар секілді және ол сақталып отырған тәрізді, әзірше пәрменді қызмет етпегенмен, ол келешек үшін болса да өмір сүріп келеді, оны тіпті қылмыскердің өзі де ішкі түйсігімен күмәнсіз мойындайды. Осында ілкіде айтылған мына сөз де әділетті: егер шынында да шіркеу сотына төрелік тисе және ол сот өзінің күшін барынша толық көрсететін болса, яки бүкіл қоғам түгелдей шіркеуге жүгінсе, онда шіркеу соты қылмыскердің түзелуіне қазіргіден әлдеқайда күшті әсерін тигізіп қана қоймас еді, сонымен бірге, бәлкім, қылмыстың өзі де әлдеқайда көп азаяр ма еді, қайтер еді. Оның үстіне шіркеу де, күмән жоқ, болашақ қылмыскердің пиғылын түсінер еді, ал келешекте қылмыс көп ретте қазіргісінен мүлде өзгеше болар еді, сөйтіп ол аласталғанды өзінің аясына қайтарып алар еді, қылмыстың алдын алып, азғандары адалдық жолына қайтарар еді. Рас, — деді сонан соң пірәдар миығынан күліп, — қазір христиандық қоғамның өзі бұған әлі дайын емес, ол тек жеті тақуаның иығына сүйеніп тұр; бірақ шіркеу жұтамақ емес, сол себепті ол, қалай дегенмен, мәжусилік одақ тәрізді қоғамнан мерейі үстем болған, біртұтас әлемдік шіркеуге толық айналатын сәтін бекем күтіп отыр. Бұл солай болмақ, әйтеуір бір замандарда осылай болмақ, өйткені тәңірім тек осылай болмаққа жазған! Ендеше, ол заман қашан туады деп бас қатыру лапықсыз, неге десеңіз барлығы бір құдайдың даналығында, хақ тағаланың көрегендігі мен сүйіспеншілігінде. Басы жұмыр пендесінің есебінше әлі тым алыста көрінетін нәрсе жасаған иемнің жазуымен, бәлкім, тіпті енді-енді көрінгелі, тіпті есік қағып тұруы да мүмкін. Бұл осылай болады, болмай қалмақ емес.
— Болады, болады! — деп мақұлдай жөнелді қошеметтей сөйлеген Пансий пірәдар байсалды үнмен.
— Таңым бар, міне, қызық! — деді Миусов іштен тынған ызалы үнмен, бірақ ол қызбаланған жоқ.
— Сізді соншама таңғалдырған не болды екен? — деп Иосиф пірәдар ептеп қана сөз тартып көрді.
— Жер бетінде мемлекет деген жойылады екен, ал шіркеу болса мемлекет дәрежесіне көтеріледі екен! Сонда не болғаны бұл? Мынау жай әсіремонтандық емес, әсіремонтандықтың көкесі ғой! Бұл папа Григорий Жетіншінің де көзіне елестемеген шығар!
— Сіз мүлде теріс түсінгенсіз! — деді Пансий пірәдар салмақты үнмен, — шіркеу еш уақытта мемлекетке айналдырылмайды, мұны ұғып алыңыз. Бұл айтқаныңыз — Рим және соның көкейін тескен арманы. Бұл сайтанның үшінші азғыруы! Керісінше, мемлекет шіркеуге айналады, шіркеу дәрежесіне дейін көтеріліп, бүкіл жер жүзінің шіркеуіне айналады ал бұл әсіремонтандыққа да, Римге де, сіздің пайымдауыңызға да қарама-қарсы нәрсе және мұның өзі православиенің фәни дүниеде атқаратын ұлы міндеті ғана. Мұндай жұлдыз Шығыстан нұрын төкпек.
Миусов сестеніп үнсіз отырып қалды. Бүкіл пішінінен ала бөтен маңғазсу сезіледі. Бір кезде оның езуінен тәкаппарсып кешірген күлкі табы байқалады. Осының бәрін көзбен бағып тұрған Алешаның жүрегі лүпілдеп барады. Мына әңгіме оның жан дүниесін қатты тебірентті. Әлдеқалай Ракитинге көзі түсіп еді, ол көзін төмен салғанмен құлақ түре тыңдап және зерлей қарап босаға жақтағы бәз-баяғы орнында қимылсыз тұр екен. Бірақ оның жүзіндегі алаулаған қызыл шырайдан Ракитин де мұның өзінен кем қобалжымағанын аңғарған; оның неліктен толқитынын Алеша білетін еді.
— Мырзалар, рұқсат болса, мен сіздерге қазір бір кішкентай анекдот айтып берейін, — деді кенет Миусов салмақты, ерекше нығызсыған пішінмен. — Бұл осыдан бірнеше жыл бұрын Парижде болған еді: желтоқсан төңкерісінен кейін кеп кешікпей, бір күні керемет тәкаппар, ол кезде әлі іс басындағы бір танысыма сәлемдесуге барғанымда, оның үйінен өте-мөте таңғаларлық бір мырзаны кездестірдім. Ол жай тыңшыдан гөрі саяси тыңшылардың үлкен тобының басшысына, өзінше әжептеуір ықпалды қызметтегі кісіге көбірек ұқсас көрінді. Сонсоң, осы қолайлы сәтті пайдаланып онымен сөйлесе кеттім, ойым — неғылған жан екенін біліп алу; өзі кісі ретінде емес, ал бастығына белгілі жайттарды хабарлауға келген бағынышты шенеунік болғасын қабылданып отырғандықтан және бастығының мені қалай қабылдағанын көрген соң, менімен біршама ашыла сөйлесті, — әлбетте, белгілі бір мөлшерде ғана, яки алғаусыздығынан гөрі сыпайыгершілігі басымдау болды, мұндай сыпайыгершілік тек француздарға ғана тән, оның үстіне мені шетелдік біреу деп есептеді ғой деймін. Бірақ мен оны қапысыз ұқтым. Ол кезде қуғындалып жүрген социалист-революционерлер туралы әңгіме болған еді. Әңгіменің басты мәнін бажайлап жатпай-ақ, сол мырзасымақтың аузынан абайсызда шығып кеткен мына бір аса қызық жайтты ғана айтайын сіздерге: "Біз, — деді ол, — шындығында бұл социалистердің бәрінен — анархистерден, құдайсыздар мен революционерлерден — оншама қорықпаймыз да; біз олардың басқан ізін аңдып отырамыз, қайда баратындары бес саусақтай белгілі. Алайда олардың арасында, аз болса да, бірнеше ерекше адам бар: олар құдайға сенеді және нағыз христиандар, бірақ, солай бола тұра, социалистер. Біз, міне осылардан көбірек сескенеміз, бұлар өте қауіпті! Құдайсыз социалистен гөрі христиан социалист қорқыныштырақ". Осы сөздерге мен сонда қайран қалып едім, енді міне, мырзалар, сіздердің араларында отырған кезде әлдеқалай есіме түскені...
— Яки сіз оларды бізге әкеп теліп, бәрімізді социалист санайсыз ғой? — деп Пансий пірәдар ешбір көлтексіз, тоқ етеріне бір-ақ көшті. Алайда, Петр Александрович бұл сұраққа не деп жауап қайыруды ойластырғанша кенет есік ашылып, осыншама көп кешіккен Дмитрий Федорович кіріп келді. Бұлар оны күте-күте қажыған-ды, енді оның ойда жоқта жетіп келуі алғашқы сәтте отырғандарды тіпті біршама таңырқатып та тастады.
VI
МҰНДАЙ АДАМ НЕ ҮШІН ЖЕР БАСЫП ЖҮР ЕКЕН!
Дмитрий Федорович жиырманың сегізіне келген, орта бойлы, ажарлы жігіт болатын, алайда ол өзінің шын жасынан әлдеқайда ересектеу көрінетін. Дене бітімінен әжептәуір әулеттілік сезілетін, солай бола тұрса да, оның бет-жүзінен нендей бір ішкі дерттің табы білінетін секілді еді. Жақ еті суалған, жадау жүзі сырқат адамның бетінше бір түрлі сарғыш тартып кеткен-ді. Тасырайған үлкендеу қоңыр көздері тесірейе қарайды, бірақ, бір түрлі тұнжырлау. Тіпті абыржып, күйіп-піскенде де жанары ішкі көңіл-күйінің ырқына көнбей, кейде сол сәтке мүлде үйлеспейтін өзге бірдеңені білдіретін секілді еді. Онымен сөйлескендер кейде: "Оның не ойлап тұрғанын аңғару қиын", — десетін. Дмитрий Федоровичтің жанарынан жабырқау мен мұңды байқағандар оның нақ солай тұнжырай қараған кезде басына нендей бір көңілді, ойнақы ой келгендей, кенет сақылдап күлетініне таң-тамаша болатын. Әйтсе де, оның ажарының қазіргі сәл солғындығының бір себебі бар-ды: оның әсіресе соңғы кезде тым мазасыз, "думанды" тіршіліктің ырду-дырдуына көбірек беріліп кеткенін жұрттың бәрі білетін немесе естіген, оның үстіне алашақ ақшасын даулап, қандай ұрыс-керіске түсіп жүргені де баршаға мәлім-ді. Шаһарда бұл жайында бірнеше анекдот тараған. Рас, ол жаратылысынан осындай ашушаң еді, ал егер бітістіруші судьямыз Семен Иванович Качальниковтың бір жиналыста оған берген сипаттамасына жүгінсек, ол "ұшқалақ ойлайтын дәлдір" болатын. Ол нәзік талғаммен, сәнді киініпті, сүртүгінің түймелері салулы, бес саусақ қара биялай киген, қоқиған қалпағын қолына ұстаған. Әскери қызметтен жуырда ғана кеткендіктен, ол мұрт қойып, сақалын қырып жүретін. Қысқа ғып қырқылған қоңыр сары шашы самайдан маңдайға қарай бір түрлі қызық қайырылған. Аяғын дікілдете басып, әскердегіше кең адымдайды. Ол босағада сәл кідіріп, бәрін бір шолған соң, мына қария болар деп тура пірәдардың алдына барды. Қолын жерге жеткізе иіліп тағзым етіп, оның пәтиқасын сұрады. Пірәдар орнынан сәл ғана көтеріліңкіреп батасын берді, оның қолынан қошеметпен тәуеп еткесін Дмитрий Федорович қатты әбігерленіп, тіпті кейіп тұрып былай деді:
— Осыншама күттіргеніме кешіре көріңіз. Әкем Смердяков деген малайын жіберген екен, ол менің қай уақытта жиналмақпыз деген сұрағыма сағат бірде деп екі мәрте қайталады. Мында келсем.
— Оқасы жоқ, абыржымаңыз, — деп пірәдар оның сөзін бөліп жібереді. — Аздап кешіккеніңіз ештеңе етпес...
— Кешіргеніңізге дән ризамын, сіздің мархабаттылығыңыздан күткенім де осы еді. Осылай келте қайырған соң, Дмитрий Федорович қарияға тағы да тағзым етті, содан кейін ол кенет "әкетайы" отырған жаққа бұрылып, оған да қолын жерге жеткізе иіліп ізет білдірді. Ол өзінің қалай тағзым ететіндігіне күні бұрын ойластырғаны және бұл арқылы қошемет көрсетіп, адал пиғылын білдіруді өзінің парызы санағаны сезіліп тұрды. Әуелі сасып қалған Федор Павлович тез түзелді: ол креслосынан атып тұрып, баласына оның өзі секілді қолын жерге тигізе тағзым етті. Оның тәкаппарсып, маңғазси қалған бет-жүзі, алайда, мүлде ызбарланып кетті. Дмитрий Федорович бөлмедегілердің бәріне үнсіз бас иіп жалпы тағзым етті де, аршындай, батыл адымдап терезеге қарай өтіп, Пансий пірәдарға таяу тұрған жалғыз ғана бос орындыққа барып, ол кіріп келгенде үзіліп қалған әңгіменің жалғасын тыңдау үшін кеудесін сәл ілгері салып отыра кетті.
Дмитрий Федорович келгелі бері не бары екі минуттай уақыт өткен, демек, әңгіменің аяғы өлі суып үлгірмеген еді. Бірақ, бұл жолы Пансий пірәдардың кейіңкіреп қойған қасақы сауалына Петр Александрович жауап бермегенді жөн көрді.
— Бұл жайында мен үндемей-ақ қойсам қайтеді, — деді ол маңғазсыған селқостықпен. — Оның үстіне мұның өзі бір өте қызық тақырып қой. Әне Иван Федорович бізге миығынан күліп отыр: бәлкім, оның бұл жөнінде бізге қызықты бірдеңе айтқысы келетін шығар. Содан-ақ сұрасаңдаршы.
— Жалпы алғанда еуропалық либерализм, тіпті біздің орыстың либералдық дилетантизмі де, социализмнің түпкі нәтижелерін христиан дінінің берер жемісімен жиі және көптен бері шатастырып жүр деген болмашы ескертпеден өзге ешқандай ерекше пікір айта алмаймын, — деп Иван Федорович оған іле-шала жауап қатты.
— Бұл дөрекі қорытынды, әрине, бәріне тән. Әйтсе де, бақсақ, социализмді христиан дінімен тек либералдар мен дилетанттар ғана емес, олармен бірге көп ретте, әлбетте, жандармдар да, яки, шетелдік жандармдар да шатастырады екен. Петр Александрович, сіздің Парижден әкелген анекдотыңыз бұл жөнінен әбден назар аударарлық.
— Мен тағы да өтінем, осы тақырыпты қоя тұрсақ қайтеді, — деп қайталады Петр Александрович, — онан да, мырзалар, мен сіздерге Иван Федоровичтің өзі туралы бір аса қызықты әрі көкейге қонымды анекдот айтып берейін. Шамасы бес күн бұрын, осында бір бас қосқан жерде — онда әйел қауымы көбірек жиналған еді — айтысып отырып ол масайған күйі былай депті: адамдарды бір-біріне сүйіспеншілікпен қарауға бұ жалғанда еш нәрсе де зорлай алмайды, басы жұмыр пенде адамзат баласын сүймей тұра алмайды дейтін табиғаттың заңы да атымен жоқ, ал егер бұл жалғанда осыған дейін ондай сүйіспеншілік болып келсе және ол қазір де бар болса, бұл — табиғи заңнан емес, ал адамдардың мәңгі жасаймыз деп сенетіндігінен ғана. Содан кейін Иван Федорович табиғи заңдылықтың бар мәні де осында, адамзат баласын өзінің мәңгі жасайтындығына сенімінен айырыңызшы, сол сәтте-ақ онда сүйіспеншілік қана емес, күллі әлемдік тіршілікті одан ары жалғастыратын жанды күштің бәрі де таусылады; ол ол ма: онда тіпті бұл имандылыққа жатпайды деп тыйым саларлықтай ештеңе қалмайды, не істесең де еркің, тіпті кісі етін жеуге де тыйым салынбайды деп ескертіп өтті. Бірақ бұл да жеткіліксіз, деді ол қорытындысында, мысалы, қазіргі біздер секілді енді құдайға да өзінің мәңгі жасайтындығына да сенбейтін әрбір адам үшін табиғаттың имандылық заңы бұрынғы, яки діни заңға толық қарама-қарсы мағынада дереу өзгеруге тиіс, адамның өзімшілдігі зұлымдыққа дейін жетуіне бөгет болмайтыны былай тұрсын, қайта, оның жағдайында мұның өзі тіпті қажетті, ең ақылға қонымды, ізгілік қасиет дерлік нәтиже саналуға тиіс. Ойда жоқта айта салатын оқыс пікірімен жұртты таңдандыруға құмар мархабатты Иван Федоровичтің тағы не деп таңдандыратынын осы бір оқыс пікірінен өздеріңіз пайымдай беріңіздер, мырзалар.
— Бұл қалай, — деп Дмитрий Федорович кенет айқайлап жіберді, — мен жаңсақ естіген жоқпын ба: "Зұлымдыққа жол берілетіндігі былай тұрсын, қайта ол кез келген құдайсызға тіпті қиындықтан құтылудың ең қажетті, ең ақылды амалы болғаны ма!" Солай ма. әлде басқаша ма!
— Дәл солай, — деді Пансий пірәдар.
— Онда мұны ұмытпау керек екен.
Осыдан кейін Дмитрий Федорович әңгімеге қалай тез киліксе, дәл солай кілт тынды. Ол енді қайтер екен дегендей, бәрі одан көз алмады.
— Адам жанының мәңгі өлмейтіндігіне сенімнен айрылған күнде оның осындай зардаптары болады дегенге сіз шынымен-ақ сенесіз бе? — деп сұрады пірәдар кенет Иван Федоровичтен.
— Иә, солай дегенім рас. Адам жаны мәңгі өлмейтін болмаса, ізгілік те болмақ емес.
— Егер бұлай ойласаңыз, онда сізден бақытты жан болмады ғой, әлде нағыз бақытсыз бейбақ болып та үлгердіңіз бе?
— Неліктен бақытсыз болуым керек? — деді Иван Федорович күлімсіреп.
— Олай дейтінім, сіз кеудедегі шыбын жаныңыздың өлмейтіндігіне, тіпті шіркеу мен шіркеу мәселесі жайында жазғандарыңызға да, тегі, өзіңіз де сенбейтін болуыңыз керек.
— Мүмкін, сіздікі дұрыс та шығар!.. Бірақ менің айтқаным тек әзіл ғана емес... — деп лезде қызарып кеткен Иван Федоровичтің бұлайша тез мойындауы таңғаларлық еді.
— Тек әзіліңіз ғана емес, бұл ақиқат. Бұл ой сіздің жүрегіңізде әлі де шешімін таппаған, жүрегіңіздің сыздайтыны содан. Бірақ, азап шеккен адамның торыққасын кейде өзінің осы торығушылығын қызық көретіні де болады. Торығып кеткесін сіз де біресе журналға мақала жазып, біресе дегдарсыған айтысқа түсуді ермек қыласыз, бірақ, өз диалектикаңа өзің сенбейсің және оған іштей күйініп тұрып күлесің... Бұл мәселе көкірегіңізде шешім таппаған, сіздің ең ауыр қайғыңыз нақ осында, өйткені ол мәселе қалай да шешімін табуы қажет...
— Сол ойдың менің көкірегімде шешілуі мүмкін бе? Оң шешімін табуы мүмкін бе? — Иван Федорович пірәдарға әлі де түсініксіз күлімсіреп тұрып таңғаларлық сауал қойған еді.
— Егер оң шешімі табылмаса, еш уақытта теріс шешімі де табылмақ емес, жүрегіңіздің бұл қасиетін сіз өзіңіз де білесіз; жүрегіңіздің езілетіні осыдан. Бірақ, тәңірімнің сізге осындай азапты көтере алатын асыл жүрек бергеніне шүкірлік етіңіз, "даналық көкте, даналықты көктен күт, өйткені бізге көкте де ғұмыр бар" деген ғой. Жасаған ием жар болып жүрегіңіздегі шешімге осы дүниеде жетіңіз, ақ жолын берсін құдай тағалам!
Иван Федоровичті отырған орнында шоқындырайын деп пірәдар қолын көтере берді. Бірақ ол орындығынан атып тұрып, қарияның алдына келіп пәтиқасын алды, содан кейін оның қолынан тәуәп еткесін үн-түнсіз өзінің орнына барып отырды. Ол бекем, байсалды еді. Иван Федоровичтің бұл қылығына, пірәдармен жаңағы күтпеген, жұмбақ әңгімесіне және онымен бір түрлі маңғазсып сөйлескеніне құжырадағылардың бәрі қайран қалып, бір сәтке үйсіз отырып қалған, ал Алешаның тіпті зәресі ұшып кеткен. Миусов болса кенет иығын қомдап қойған, осы сәтте Федор Павлович та орнынан атып тұрған еді.
— Жасаған иемнің рақымы жауған, әулие пірәдарым! — деп айқайлап жіберген ол Иван Федоровичті нұсқады. — Бұл менің жұлынымды жарып шыққан бел балам, сүйікті перзентім! Былайша айтқанда, ол менің қадірлі Карл Морым, ал жаңағы келген ұлым, Дмитрий Федорович — мен сізден оны ақылға салуды өтінемін — ол ондай құрметке лайықсыз Франц Mop, — екеуі де Шиллердің "Қарақшыларындағы" кейіпкер, ал мен өзім, демек, Regierender graf von Moor1 болып шығамын. Өзіңіз төрелігін айтып, жанымызды жай таптырыңызшы! Құдай сөзін естуге ғана емес, оған қоса сіздің сәуегейлігіңізге тәнті болу үшін де келдік.
— Жадыгөйсімей жай сөйлеңіз, үй-ішіңізге тіл тигізіп қайтесіз,— деп жауап қатты пірәдар әбден қажыған үнмен. Қария шаршаған болу керек, уақыт өткен сайын әлсірей берді.
— Бұл мазақ ету, осылай боларын мен осында келе жатқанда-ақ сезгенмін! — Ызаланып кеткен Дмитрий Федорович те орнынан атып тұрып айқайлап жіберді. — Қасиетті пірәдар, ғапу етіңіз, — деді ол сосын пірәдарға, — мен білімсіз кісімін, тіпті сізді қалай атауды да білмеймін, біздің осында жиналуымызға келісіп, сіз асқан ізгілік көрсеттіңіз, бірақ сізді алдаған болатын. Менің әкемді тек дау-дамайға жібер, не үшін — мұны оның өзі ғана біледі. Оның қашан да өз есебі бар. Әйтсе де, мен оның неге бүйтетінін енді білетін секілдімін...
— Мені бәрі, бұлардың бәрі кінәлайды! — деп Федор Павлович те айылын жимады, — анау Петр Александрович те кінәлайды. Петр Александрович, сіз мені кінәлағансыз, 5кінәлағансыз! — Онымен тәжікелесу Петр Александровичтің қаперіне кірмесе де, бұл Миусовқа дүрсе қоя берді. — Мені баласының ақшасын жымқырды, жеп кетті деп айыптайды: бұл қалай сонда, әділін айтатын сот бар емес пе? Дмитрий Федорович, қолхаттарың, хаттарың мен шарттарың бойынша менде қанша ақшаң болғанын, оның қаншасын алғаныңды, енді қаншасы қалғанын сот есептеп береді саған! Петр Александрович неге үндемейді? Дмитрий Федорович оған бөтен емес қой. Бәрің мені кінәлайсыңдар, ал Дмитрий Федорович түптеп келгенде маған берешек болып отыр, ұсақ-түйек емес, бірнеше мың берешек, барлығына қағазым бар — оның жиеніне болыса алмай отырған себебі осы! Оның думандатқан тіршілігі күллі шаһардың құлағын сарсытты емес пе! Бұрынғы қызмет істеген жерінде періштедей қыздардың басын айналдыруға бір мыңнан, тіпті екі мыңнан да төлеген; Дмитрий Федорович, мұның барлығы белгілі бізге, тіпті бүге-шігесіне дейін білеміз, мен мұны дәлелдей аламын... Әулие пірәдар, нанасыз ба, жоқ па: үйленемін деп сөз салып, абырой-атағына дәулеті сай үйдің асыл текті бикеші, өзінің бұрынғы бастығы, ержүрек полковник, ерекше еңбегі үшін семсерлі Анна орденін алған адамның сүйікті қызының абыройын аяққа басты ғой бұл, қазір ол қыз жетім, осы шаһарда тұрады, оның қалыңдығы саналады, ал бұл ант атқан, қыздың көзін бақырайтып қойып, осындағы бір сайқалға барып жүреді. Бірақ ол әйел, осындағы бір қадірменді адаммен, былайша айтқанда, жай азаматтық некеде болса да, ешкімді жанына маңайлатпады, оған бейне құдай қосқан қосағындай адал болды, өйткені оның адамгершілігі күшті. — иә-ә! Әулие пірәдарлар, оның адамгершілігі өте күшті! Ал Дмитрий Федорович осы тас қамалдың қақпағын алтын кілтпен ашпақшы, сол үшін де маған қоқиланады, менен ақша алғысы келеді, ол сайқалға қазірдің өзінде бір мыңды шашып үлгерді, сол үшін қарызға белшесінен батып болды, әйтсе де, кімнен қарыз алады дейсіздер ғой? Митя, айтайын ба, әлде айтпай-ақ қояйын ба?
— Жап аузыңды! — деп зекірді Дмитрий Федорович, — тым болмаса, мен шығып кеткенше шыдай тұр, асқан ізгілікті бикешке менің көзімше тіл тигізбе... Оны ауызға алуға сенің қалай дәтің барады, бұл масқара... Аузыңды ашпа!
Ол ентігіп кетті.
— Митя! Митя! — деп міңгірледі Федор Павлович күйгелектеп, көзіне әзер жас алып, — мұның қалай, әкеңнің ақ батасын алғың келмегені ме? Егер теріс батамды берсем қайтпексің?
— Сен арсызсың, несіне мүләйімси қалдың тағы да! — деп Дмитрий Федорович зіркілдей жөнелді.
— Мынаның туған әкесіне қалай ақырғанын естідіңдер ме! Өзгелерге қайтпек? Мырзалар, өздерің ойлап қараңдаршы: осында қолы қысқа болса да, бір қадірменді кісі бар еді; мен ойда-жоқта басына бұлт айналып, қызметінен кетуге мәжбүр болған, бірақ сотқа барып дабыра ғып жатпай, абыройын сақтап отставкаға шыққан, ақар-шақар жаны бар бір капитанды айтып отырмын. Осыдан үш жұма бұрын шарапханада біздің Дмитрий Федорович сол бейшараны сақалынан алып далаға сүйреп шығарып, менің болмашы бір ісім жөнінде жасырын сенімді өкілім болғаны үшін осы көшедегі жұрттың көзінше сабады.
— Шылғи өтірік! Сырттай қарағанда шындық, ал ішіне үңілсең жалған! — деп ызаға булыққан Дмитрий Федорович қалшылдап кетті. — Әке! Мен өзімнің теріс қылығымды ақтамаймын; иә, баршаңыздың алдыңызда кінәмді мойындаймын: мен ол капитанға айуандық жасадым, қазір сол дөкірлігіме өзім де өкінемін, тіпті соншама неге ашуланғаныма жеркенемін; бірақ сіздің капитаныңыз әлгі өзіңіз сайқал деп қорлаған ханымға барып, оны сіздің қолыңыздағы менің вексельдерімді алып, егер мен еншіме тиісті дүние-мүлікті талап етіп мазалай берсем, осы қолхаттардың көмегімен мені түрмеге тығып қоюға азғыра бастапты. Мені айналдырып алуға оны өзіңіз үйретесіз де, енді келіп мені сол ханымға көңілі кетіп жүр деп кінәлайсыз! Ол маған мұны анықтан-анық айтты, сізді келеке ғып әңгімеледі! Ал сіздің мені отырғызып қоюды көксеуіңізді, бір-ақ себебі бар: сіз ол ханымды менен қызғанасыз, ғашықпын деп оны өзіңіз айналдырып жүрсіз, маған бұл да бастан-аяқ мәлім, ол сізді тағы да күлкі қылды, — естимісің — маған барлығын сізді мазақтап күліп отырып айтып берді. Ақниет жарандарым-ау, баласын бұзықсың деп кінәлайтын әкенің сиқы міне осындай! Куәгер мырзалар, қатуланып сөйлегеніме ғапу етіңіздер, бірақ, мен мына зұлым шал сіздердің бәріңізді мұнда осы жанжалды көрсін деп жинағанын алдын ала сезген едім. Бірақ мен осында келгенде, егер ол маған татуласайық деп қолын созса, оған да кешірейін, өзім де кешірім сұрайын деп келдім! Алайда, тек мені ғана емес, өзім пір тұтқандықтан қазір тіпті есімін атауға да дәтім бармайтын аса ізгілікті бикешті де қорлағандықтан, туған әкем болса да, оның барлық зымияндық амал-айласын алдарыңызға жайып салғым келді!..
Дмитрий Федорович сөзін одан ары жалғастыра алмады. Жанары алақ-жұлақ етіп, ентіге тыныстады. Оны көріп құжырада отырғандардың барлығы абыржыды. Пірәдардан басқасы әбігерленіп орындарынан тұрды. Иеромонах пірәдарлар сұстана қарайды, әйтсе де олар қарияның бір ишара білдіруін күтетін секілді. Ал оның өңі бозарып кеткен, бірақ бұл абыржығандықтан емес-ті, оны науқасы діңкелеткен еді. Ол жымия қарап қана жалбарынатындай; терісіне сыймай кеткендердің аптығын басу үшін ол әлсін-әлі қолын көтерген болады, әлбетте, мына кикілжіңді тоқтату үшін оның қолын бір сермеуі-ақ жеткілікті еді; алайда, пірәдар олай етпеді, тағы не боларын күткісі келді ме, әлде өзіне өлі де көмескілеу бірдеңені ұғып алғысы келді ме, олардан көз алмай бағып отыр. Ақыр соңында, Петр Александрович Миусов намысына дақ түсіп, масқара болғандай сезінді.
— Мына жанжалға біздің бәріміз кінәлымыз! — деді ол қызбаланып, — бірақ, осында келгенде кіммен бас қосатынымды білсем де, ештеңе сезбеппін, бұлан боларын қайдан білейін... Мына кикілжіңді тез тоқтату керек! Мәртебелі пірәдар, илансаңыз, жаңағы айтылған істің барлық бүге-шігесін мен тіпті анық білген емеспін, оған сенгім келмейді, осында бірінші рет естіп отырмын... Әкесі бір көргенсіз әйелді баласынан қызғанады және сол сайқалмен бірігіп алып баласын абақтыға жаппақшы болады деген не сұмдық... Осы жексұрындармен бірге мені мұнда қай құдай айдап әкелді екен... Мен алданып қалдым, өзімнің басқалардан кем алданбағанымды бәріңізге айтуым керек...
— Дмитрий Федорович! — деді кенеттен Федор Павлович ащы дауыспен, — әттең өз баламсың, әйтпесе сені сол сәтте-ақ дуэльге шақыратын едім... үш қадам жерден... тапаншадан атысатын едім! Көзімді таңып тастап атысатын едім ғой шіркін! — деді ол екі аяғымен жер теуіп.
Өмір бойы көлгірсіп өтетін кәнігі суайттардың аярланғанда, дәл сол сәтте (немесе бір секундтан кейін): "Өтірік соғып тұрсың ғой, сен суайт, "қасиетті" ашуын мен ыза қысқан "қасиетті" минуттарыңа қарамастан, қазір де айлалы қулығыңа басып тұрсың ғой" — деп өзіне-өзі басу айтуға мұршасы келіп тұрса да, көңілі толқығасын шынында да тұла бойы қалшылдап, көзінен жас парлауға дейін жететін сәттері болады.
Дмитрий Федорович қабағын қарс жауып, әкесіне шүйіле қарады.
— Мен... мен, — деді ол бір түрлі баяу, байсалды үнмен, — періштедей қалыңдығыммен қол ұстасып туған үйіме оралармын, қартайған әкемді әлпештеп күтермін деп ойлап едім, оның мұндай әйелқұмар бұзық, жексұрын сайқымазақ екенін қайдан білейін!
— Дуэльге шық! — деп тағы да еліргенде шал ентігіп, аузынан сілекейі шашырап кетті. — Петр Александрович Миусов, сіз ғой жаңа сайқал деп ол әйелге тіл тигіздіңіз, ендеше, біліп қойғын, құрметтім: ондай абзал жан, одан адал, естисіз бе, — одан адал әйел, бәлкім, сіздің бүкіл әулетіңізде атымен жоқ және болмаған да шығар! Ал сен, Дмитрий Федорович, сол "сайқал" әйелге қалыңдығыңды айырбастап жіберді ғой, ендеше, сүйген қызыңды ол әйелдің басқан ізіне тұрмайды деп тапқан өзің — сендер қорласаңдар да, ол міне осындай әйел!
— Неткен ұят! — деген сөздің аузынан қалай шыққанын Иосиф пірәдар сезбей де қалды.
— Ұят, масқара! — Бағанадан бері үнсіз тұрған Калганов алабұртқан күйі айқайлап жібергенде балаң даусы дірілдеп шықты.
— Мұндай адам не үшін жер басып жүреді екен! — иықтарын бір түрлі тым жоғары көтергендіктен бүкірейіп кеткен Дмитрий Федорович терісіне сыймай бара жатқасын гүж ете түсті, — маған айтыңдаршы, мұндай залымды қара жер қалай ғана көтереді екен, бұған қалайша төзуге болады, — ол отырғандарды көзімен шолып шыққан соң қолымен шалды көрсетті. Ол бір қалыппен, баяу сөйлеген еді.
— Естисіңдер ме, тақуалар-ау, мынаның не деп тұрғанын естисіңдер ме, мынау бір күні әкесін өлтірер, — деп Федор Павлович Иосиф пірәдарға дүрсе қоя берді. — Сендердің "ұят" деген сөздеріңе қайтарған жауап бұл! Не ұят? Жан сауғалаушы иеромонах мырзалар, сол "сайқал", қайдағы бір "көргенсіз әйел", бәлкім, сендердің өздеріңнен де өткен тақуа шығар! Бәлкім, ол сүрінсе — өскен ортаның әсерінен жасында сүрінген шығар, бірақ ол "махаббатқа көп берілген ғой", ал көп сүйгенді Христос та кешірген емес пе...
— Христостың кешіргені мұндай махаббат емес... — деп қалды шыдамаған соң момын Иосиф пірәдар да.
— Жоқ, тақуалар, пайғамбарымыз дәл осындай махаббат үшін кешірген, осындай махаббат үшін! — Ал сіздер мұнда қырыққабат жеп бас сауғалағанға тақуа бола қалдық деп ойлайсыңдар! Шабақ балықты қорек етесіңдер, күніне қолдың басындай бір шабақ қана жегенге құдайды алдадық деп ойлайсыңдар!
— Сұмдық, сұмдық қой бұл! — деген дауыстар шықты құжыраның әр тұсынан.
Алайда, осынау жөн-жосықсыз ұрыс-керіс күтпеген жерден сап тыйыла қалды. Пірәдар кенет орнынан түрегелген еді. Қарияның денсаулығы үшін, сосын мыналардың барлығы үшін зәресі кетіп сасқалақтап тұрған Алеша, әйтсе де, оны қолтығынан демеп үлгірді. Пірәдар Дмитрий Федоровичке қарай жүрді, оның алдына жақындап барған соң шалдың тізесі бүгіле берді. Алеша ол әлсірегендіктен құлап бара ма деп ойлаған еді, бірақ олай емес екен. Тізерлеп тұрғаннан кейін қария Дмитрий Федоровичтің аяғына бас иіп, айқын, әдейі тағзым етті, тіпті маңдайын жерге тигізді, бұған таң қалған Алеша жерден көтеріле берген пірәдарды демеп жіберуге де үлгермеді. Шал өзінің бұл қылығына сәл ғана жылмиған болды.
— Ғапу етіңіздер! Баршаңыз да ғапу етіңіздер! — деді жан-жағына бұрылып, меймандарына бас иіп тағзым еткен пірәдар.
Таң-тамаша болған Дмитрий Федорович бір сәтке аңырап тұрып қалды: оның аяғына жығылып тағзым еткені несі? Ақырында, кенет: "О, тәңірім!" — деп айқайлап жіберген ол қолымен бетін басып, бөлмеден сыртқа қарай ұмтылды. Ұялғандарынан қарияға тағзым етіп, қоштасуға мұршасы келмеген меймандар да оның соңынан жапатармағай далаға шықты. Пірәдардың пәтиқасын алу үшін иеромонахтар ғана оның алдына барған еді.
— Оның аяққа жығылғаны несі, бұл ненің белгісі болды екен? — деп өзінен-өзі тез жуаси қалған Федор Павловичтің әңгімені қайта бастағысы келді, бірақ, оның бұл сөзді біреуге тура қарап айтуға батылы бармады. Бұл кезде олардың барлығы мінәжатхана орамынан шығып бара жатқан еді.
— Жындыхана мен жындылар үшін жауап бере алмаймын, — деді оған іле-шала зілдене жауап қатқан Миусов, — бірақ, Федор Павлович, енді сіз барған жерге, нансаңыз, ғұмыр бақи аяқ баса қойман. Бағанағы тақуа қайда екен?..
Алайда "бағанағы тақуа", яки ілкіде шүмендікіне түстікке шақырған адам өзі табыла кетті. Ол меймандар құжыраның баспалдағынан түскесін-ақ, бағанадан сол арада күтіп тұрған кісіше, бұларды қол қусырып қарсы алды.
— Құрметті тақуам, егер сіз игумен пірәдарды менің оны зор қадір тұтатынымды айта барсаңыз, сонан соң, оның дастарқанынан дәм татуды өзіме құрмет санайтыныма қарамастан, аяқ астынан тап болған бір себеппен онда бара алмағаныма мәртебелі пірәдардан мен үшін кешірім сұрасаңыз, маған керемет жақсылық істеген болар едіңіз, — деді тақуаға Петр Александрович кейіген пішінмен.
— Сонда аяқ астынан тап болған себебің — мен ғой! — деді Федор Павлович жұлып алғандай. — Тақуам естіп тұрмысың, Петр Александрович менімен бірге отырғысы келмейді, әйтпесе барар еді. Неге бармасқа, Петр Александрович, игумен пірәдардыкіне рақым етіңіз және де ішкен асыңыз бойыңызға жұқсын! Білгіңіз келсе, барғысы келмей тұрған сіз емес, мына мен. Үйіме қайтамын, қонақтап жүруге ыңғайым келмейді, үйде тамақтанамын. Менің аса сүйікті туысқаным, Петр Александрович, міне солай.
— Сізбен туыстықтан құдай сақтасын, мен сізбен ешуақытта жекжат болған емен, сіз арамзасыз!
— Қытығыңа тиейінші деп жорта айтамын, өйткені сіз менімен туыстықтан қашасыз, қалай жалтарсаңыз да мейлі, сіз маған бәрібір туыссыз, мұны мен шіркеудің кітабы бойынша дәлелдей аламын, Иван Федорович, егер барғың келсе, сен қала бер, алып кетуге кейін ат жіберермін. Ал Петр Александрович, сіз игумен пірәдардыкіне тіпті сыпайыгершілік үшін болса да баруға тиістісіз, сіз бен біздің жаңағы лайықсыз қылықтарымыз үшін кешірім сұрау керек қой...
— Шынымен-ақ кетесіз бе? Өтірік соғып тұрған жоқсыз ба?
— Петр Александрович, әлгі оқиғадан кейін не бетіммен барамын! Елігіп кетіппін, кешіріңдер, мырзалар, елігіп кетіппін! Оның үстіне күйзеліп тұрмын! Ұят екені өз алдына. Мырзалар, кейбіреулердің жүрегі — Ескендір Зұлқарнайынның жүрегіндей, екіншілерінікі — Фиделька деген күшіктің жүрегі сықылды. Менің жүрегім — сол Фидельканың жүрегіндей. Арт жағым бүлкілдеп кетті! Әлгіндей әлек-шәлектен соң түстік жеуге қалай барарсың, монастырьдың дәмі тамақтан қалай өтпек? Ұят, бара алмаймын, кешіріңіздер!
"Кім біледі, мүмкін, ол алдайтын шығар!" — деген ойдан Миусов тоқтап тұрып, кетіп бара жатқан сайқымазақтың соңынан таңырқай көз салды. Анау артына бұрылып. Петр Александровичтің қарап тұрғанын көргесін қолының ұшынан сүйіп, онымен қоштасқан болды.
— Сіз ше, игуменге барасыз ба? — деп сұрады Иван Федоровичтен келте қайырған Миусов.
— Неге бармасқа? Мені игумен тіпті кеше арнайы шақырған болатын.
Тақуасымақтың бәрін естіп тұрғанына да мән берместен, Миусов қатты кейіген күйі сөзін қайта жалғастырды.
— Қырсыққанда, түстік қонақасы құрғырға шынында да бармауға болмайтын секілді. Жөнсіз қылығымызға кешірім сұрау үшін және оған біздің кінәміз жоғын түсіндіру үшін болса да бару керек қой... Сіз қалай ойлайсыз?
— Иә, біздің кінәсіз екенімізді түсіндіру керек шығар. Бір тәуірі, онда әйтеуір әкем болмайды, — деді Иван Федорович.
— Жетпегені сенің әкең еді! Түстігі құрысын бүйткен!
Алайда, түстік ішуге бәрі бара жатқан. Тақуасымақ бұларды үнсіз тыңдап келеді. Тоғай ішімен өткенде ол игумен пірәдардың күтіп отырғанына біраз уақыт болды, сіздер жарты сағаттай кешіктіңіздер деп бір рет қана үн қатты. Оған ешкім жауап берген жоқ. Миусов Иван Федоровичке алакөздене қарап қойды.
"Түстік ішуге келе жатқанын қарашы, тіпті ойында түк жоқ! Нағыз жез маңайдың өзі, Карамазовтарда ар-ұят болушы ма еді" — деп ойлады ол.
VII
МАНСАПҚОР СЕМИНАРИСТ
Алеша өзінің пірәдар қариясын жатын орынға апарып, кереуетке отырғызды. Бұл ең қажетті жиһаздар ғана қойылған үйшік бөлме еді: тар, темір кереуетке жұмсақ төсек орнына киіз тастай салған. Бұрыштағы иконалардың алдында кішкентай биік үстел тұр, оның үстінде крест пен Інжіл жатыр. Әлсіреген пірәдар кереуетке сылқ етті; көзі жылтырап, ауыр тыныстайды. Отырғаннан кейін ол, әлденендей ойға шомғандай, Алешаға қадала қарады.
— Сен жүре бер, жарқыным, жүре бер, Перфирий қалса жетеді маған, ал сен тез бар онда. Сен онда қажетсің, игумен пірәдарға бар, меймандарын күтуге қолқабыс ет.
— Жаныңызда қалуға рақым етіңізші, — деді Алеша жалбарынышты үнмен.
— Сен онда қажеттірексің. Татулық жоқ онда. Қолқабыс етесің, бірдеңеге септігің тиеді. Шайтан азғыра бастағанда дұға оқы. Сонан соң, балам (қария оны осылай атағанды ұнататын), бір нәрсені зерделеп ал: келешекте сенің орның бұл жер емес. Мұны жадыңда сақта, жігітім. Құдай тағалам мені бақи дүниеге шақырып алғаннан кейін монастырьдан кететін бол. Біржола кет мұннан.
Алеша селк етті.
— Шошығаның не? Әзірге сенің орның бұл емес. Жасаған ием саған таупық берсін тек. Талай жерге барасың, талай жерді көресің әлі. Үйлі-баранды болуың керек, бұл парызың. Мұнда қайта оралғанша, бәрін бастан кешуге тиіссің. Атқарар ісің көп. Бірақ саған күмәнім жоқ, сондықтан да сені жіберіп отырмын. Христос жар болсын. Пайғамбарды көкірегіңде сақтасаң, ол сені қорғайды.
Қайғы-қасіретің аз болмайды, бірақ сол қайғы-қасіреттен өз бақытыңды табасың. Саған айтар өсиетім: бақытыңды қайғы-қасіреттен ізде. Жұмыстан тартынба, қажымай-талмай істе. Айтқанымды қазірден жадыңда тұт, өйткені қазір сенімен сұқбаттасып отырсам да, демім таусылуға жуық, күнім санаулы.
Алеша тағы да жыламсырап, иегі кемсеңдеп кетті.
— Мұның не сенің? — деп қария ақырын жылмиып қойды. — Дүние салғандарды жылап-сықтап шығарып салатын дүнияуи жұрттың әдеті, ал мұндағы біздер құдай жолын қуған пірәдардың бақи дүниелік болғанына қуанамыз. Қуанамыз да, оған дұға қайырамыз. Енді жүре бер, балам. Дұға оқуым керек. Кідіріп қалмай, тез бар. Ағаларыңмен бірге бол. Біреуінің емес, екеуінің де қасында болуың керек.
Пірәдар ақ батасын беруге қолын көтерді. Оның қасында қалғысы келіп тұрса да, кетпеймін деуге Алешаның дәті бармады. "Ағайым Дмитрийге тағзым еткеніңізді қалай түсінуіміз керек?" — деп сұрағысы да келді, бұл сөздер тілінің ұшына да үйірілді, бірақ аузын ашуға батылы бармады. Мүмкін болса, мұны пірәдардың өзі сұратпай-ақ түсіндіретінін ол білетін еді. Егер ол түсіндірмесе, оның соны жөн көргені. Ал қарияның бұл қылығыңа Алеша қатты қайран болған, сол тағзым етудің бір құпия мәні барына ол ойланбай-ақ сенген. Оның құпия мәні де, бәлкім, тіпті сұмдық мәні де болуы мүмкін. Игумендікіндегі түстік қонақасы басталғанша монастырьға жетіп үлгеру үшін (әрине, тек дастарқан басында қызмет ету үшін ғана) мінәжатхана орамынан тез шыға бергенде жүрегі сыздап сала берген ол кілт тоқтай қалды: пірәдардың санаулы ғана күнім қалды деген сәуегейлігі тағы да құлағына келді оның. Пірәдардың сәуегейлігі, оның үстіне сондай керемет дәлдікпен болжағаны қалайда күмәнсыз орындалуға тиісті еді, Алеша бұған кәміл сенетін. Бірақ, ол өлген соң бұл қайтпек, оның дидарын көрмей, даусын естімей қалай жер басып жүреді? Сонсоң, кеткенде қайда бармақ? О тәңірім, жылама дейді, монастырьдан кет дейді! Алеша дәл бұлайша көптен бері мұңайған жоқ еді. Ол құжыраларды монастырьдан бөліп тұрған тоғайдың ішімен тез жүрді, еңсесін басқан бес батпан ойдың әсерінен сүрлеу жолдың екі қапталындағы жүз жылдық зәулім қарағайлардан көз алмай келеді. Баратын жері онша алыс емес, не бары бес жүз қадамдай ғана. Бұл мезгілде біреу-міреу қарсы ұшырасар деп ойламап еді, жолдың алғашқы бұрылысында-ақ Ракитин кездесе кетті. Біреуді күтіп тұрғанға ұқсайды.
— Мені күтіп пе ең? — деп сұрады Алеша онымен қатарласа беріп.
— Нақ сені күтіп тұр едім, — деп күлімсірей жауап берді Ракитин. — Игумен пірәдардыкіне асығып барасың ғой. Білем; ол үйде бүгін қонақасы. Бірде архиерей мен генерал Пахатовты қонақ қылып еді ғой, есіңде ме, содан бері мұндай мол дастарқан болған жоқ. Мен онда бармаймын, ал сен бар, тұздық әкеп беріп тұрасың. Алексей, сен маған мынаны айтшы: ілкідегі көрген түсіміздің мәні неде? Сенен осыны сұрайыншы деп едім.
— Ол қандай түс?
— Сенің ағаң Дмитрийге тағзым еткенін айтам. Тіпті маңдайын жерге соқты ғой!
— Зосим пірәдарды айтамысың?
— Иә, Зосим пірәдарды.
— Маңдайымен деймісің?
— А, дөрекі сөйлегенімді қарашы! Мейлі, дөрекі-ақ болсын. Сонда бұл түстің мәні неде?
— Оның мәнін өзім де білмеймін, Миша.
— Ол саған мұны түсіндірмейтінін өзім де біліп едім. Әрине, мұнда керемет дерлік ештеңе жоқ, әманғы жай бір игі ниетті зердесіздік шығар. Қасақана істеген айласы-дағы. Шаһардағы тақуасыған монтаныларға жақсы болды: олар "Бұл түстің мәні, тегі, неде болды екен?" — деп гуілдесіп бүкіл губернияға жаяды енді. Меніңше, шалың шын сәуегей: ол бір қылмысты күні бұрын сезген болу керек. Сіздің үйден өлексе иісі шыға ма қалай.
— Сен қайдағы қылмысты бықсытып тұрсың?
Ракитин бірдеңені айтқысы келіп ынтығып тұрған секілді.
— Сендердің үйлеріңде бір қылмыс болмай қалмас, сірә. Сенің ағаларың мен бай әкеңнің арасында болады ол қылмыс. Зосим пірәдардың соны мегзеп маңдайымен жерді соққан себебі осы. Содан кейін барлығы: "Аһ, мұны әулие пірәдар алдын ала болжап еді ғой", — десіп даурыға бастайды, — ал оның маңдайымен жер соққанында қандай сәуегейлік бар? Жоқ, бұл, былайша айтқанда, ишара, тұспал деп, тағы бірдеңелерді айта бастайды! Мадақтап-мадақтап қылмыстың боларын күні бұрын сезді, қылмыскерді көрсетті деп өзін-өзі иландырды. Диуаналардың шарапханаға шоқынып тұрып, мінәжатханаға тас лақтыратын дағдысы емес пе. Сенің шалың да солай: тақуаны таяқпен қуып, кісі өлтірушінің аяғына жығылады.
— Қандай қылмыс ол? Кісі өлтірушің кім? Сен өзің не деп тұрсың? — Алеша қалшиып қалды, Ракитин де тоқтап тұрды.
— Қандай деймісің? Неғып білмей қалдың? Бәс тігуге бармын, сен өзің де осы жайында ойлағансың. Сен қызықсың: әманда екі орындықтың ортасына барып отырсаң да, шындықтан айнымайсың. Алеша, саған осындай ой келді ме, жоқ па, осыған жауап берші?
— Ойлағаным рас, — деді Алеша ақырын ғана. Бұл жауапқа тіпті Ракитиннің өзі сасып қалды.
— Не дедің? Сенің де солай деп ойлағаның ба? — деп айқайлап жіберді ол.
— Мен бе... қалай десем екен, — деп міңгірледі Алеша, — сен жаңа қайдағы бір қылмыс жайында таңғаларлық әңгіме бастадың, сонсоң өзім де солай ойлайтындай көрінді маған.
— Көрдің бе (сен мұны айқын білдірдің), көрдің бе? Бүгін сен әкең мен ағаң Митенькаға қарап отырып, қылмыс жасалатын шығар деп ойладың, солай емес пе? Демек, менің қателеспегенім ғой?
— Сабыр ет, сабыр ет, — деп абыржыған Алеша оның сезін бөліп жіберді, — мұны сенің қайдан білетініңе таңым бар?.. Бұның сені осыншама мазалаптыны неліктен, осыны айтшы алдымен.
— Екі сауалың екі бөлек, бірақ, орынды сұрақтар. Сондықтан әрқайсысына жеке-жеке жауап берейін. Қайдан білесің дейсің бе? Егер мен бүгін сенің ағаң Дмитрий Федоровичті кенет бүкіл болмыс-бітімімен, қаз-қалпында бірден түсінігі ұқпасам, ештеңе білмес те едім, әрине. Қайсыбір жалғыз ғана қасиетінен оны қапысыз таныдым. Ондай өте адал, бірақ әйелжанды адамдардың әсте аттап етуге болмайтын бір қасиетті шегі бар. Аттап өтсе-ақ болды, ол туған әкесіне пышақ салудан да тайынбайды. Ал әкесі маскүнем, әулекіленген бұзық, ынсаптылық пен ұстамдылық дегенді ғұмыр бақи білмеген адам, демек, ә десе мә деп ұстаса кетеді де, екеуі бірдей жарға құлайды...
— Жоқ, Миша, олай емес, егер тек осы ғана болса, онда сен мені қуанттың. Бірақ, іс оған жетпейді.
— Ал сен неге, дірілдеп кеттің? Немене, бірдеңе білуші ме ең? Мейлі, Митеньканы адал-ақ дерлік (ол ақымақ болса да адал), бірақ ол — әйел жанды. Оның ішкі жан-дүниесінің бар мәні бір сөзбен айтқанда осы. Оның бұл арамза әйел жандылығы бұзық әкесінен ауысқан. Алеша, менің саған таңым бар: сен қалай ғана періште боп тұрғансың? Сен де Қарамазовтардың бірі емессің бе! Сендердің әулетіңде әйел жандылық сүйекке сіңген дерт қой. Енді міне әйел жанды қаны бір үш адам... етігінің қонышына қанжарын тығып алып бірін-бірі аңдуда. Бір қазанға қошқардың үш басы түгіл екі басы да сыймайды, ал сен, бәлкім, төртінші боларсың..
— Сен ол әйел жөнінде қателесесің. Дмитрий оны... жек көреді, — деп күбірледі Алеша бір түрлі тітіркеніп тұрып.
— Грушеньканы ма? Жоқ, бауырым, жек көрмейді. Жек көрсе, өзінің қалыңдығын оған айырбастап жіберер ме еді. Бұл арада... бұл арада, бауырым, сенің ақылың жетпейтін бірдеңе бар. Еркек қайсыбір перизатқа, әйел мүсініне, немесе тіпті сол сұлу мүсіннің бір мүшесіне ғашық болмасын де (мұны әйел жанды адам түсінеді), ғашық болды-ақ құрыды дей бер: онда сол әйел үшін ол өзінің балаларын да береді, атасы мен анасын да, Ресейді, Отанын да сатады, адал бола тұра — ұрлыққа бас тігеді, қойдан жуас момын бола тұра — пышақ салады, сенімді бола тұра — сатып кетеді. Тіпті әйел аяғының жыршысы Пушкиннің өзі де өлеңдерінде сиқыр аяқтарды жырлаған ғой; өзгелері әйел аяғын жырламайды, бірақ сиқыр аяқтарға тітіркенусіз қарай да алмайды. Бұл арада гәп тек аяқта емес... Бұл арада, бауырым, ұнатпаудың жәрдемі шамалы, ол Грушеньканы тіпті жек көрсе де мейлі, мұның еш септігі жоқ. Ұнатпаса да безе алмайды.
— Мен мұны түсінем, — деп қойып қалды Алеша абайсызда.
— Солай ма? Демек, ә дегеннен түсінемін деп өзің мойындасаң, онда сенің шынында да бірдеңені ұққаның, — деді Ракитин оны табалап. — Сен абайламай айтып қалдың, аузыңнан қапияда шықты. Бұл мойындауыңның құндылығы да сонда: демек, бұл саған таныс әңгіме болды ғой, бұл жайында ойланғансың ғой, әйел жандылық сенің де көкейіңе ұялай бастаған ғой. Мен сені періште деп жүрсем! Сен, Алешка, қой аузынан шөп алмассың, сен пәксің, бұған қарсылығым жоқ, бірақ, мен момын болсаң да талай нәрсені ойлап, талай сұмдықты біліп үлгергенсің! Періште болсаң да талай өткелектен өткенсің, — мен мұны көптен бері байқап жүрмін. Сен нағыз Карамазовсың, сен әбден Карамазов болып алғансың — демек, тұқымыңа тартқаның ғой. Әкеңе тартып әйелжанды, шешеңе тартып диуана болғансың. Неге дірілдеп кеттің? Әлде мен шындықты айттым ба? Білесің бе, Грушенька маған: "Сен оны (яки сені) ертіп келші, мен оның үстіндегі шұбатылған бешпентін сыпырып бір көрейін", — деді. Қайтсең де оны ертіп келші деп қалай жалынғанын көрсең! Ол саған осыншама неліктен құмарта қалды екен? — деп қайран қалдым. Білесің бе, ол да бір ғажап әйел ғой!
— Тағзым ет оған, бармаймын деп айтты де, — Алеша қылымси күлімсіреді. — Михаил, бастаған екенсің, бүкпелемей толық айт, менің ойымды кейін естисің.
— Бүкпелейтін ештеңе жоқ, бәрі айқын. Мұның бәрі, бауырым, ескі әуен. Егер сен әйел жанды болып шықсаң, онда сенімен жатыры бір Иванға не жорық? Ол да Карамазов қой. Карамазовтар әулетінің қанына сіңген қасиет — сендердің бәрің әйел жандысыңдар, ашкөзсіңдер, диуанасыңдар! Сенің ағаң өзі атеист бола тұрса да, діни мақаласымақтарын адам түсінбейтін бір ақымақтық ниетпен әзірше қылжақтап басқызып жүр және де осы арамзалығын өзі мойындайды — сенің ағаң Иван, міне, осындай. Сонан соң, ол Митяның қалыңдығын өзіне қаратып алмақшы, сірә, бұл мақсатына да жететін шығар. Бұған ағасының өзі келіссе, қалыңдығын інісіне ысыра салып, өзі тезірек Грушенькаға бауыр басқысы келіп тұрса қайтсын. Тағы бір жадыңда сақтайтын нәрсе, осының бәрі риясыздықпен, ақ көңілден істеледі. Түбіңе жететін міне осындайлар! Осыдан кейін сендерді түсініп көре өзінің арамзалығын өзі мойындайды да, арамзалыққа өзі бас тігеді! Тыңдай бер, қызығы әлі алда: енді Митеньканың жолына қақбас әкесі кесе көлденең тұр. Грушенькаға көңілі құлағандықтан, ол шал алжасуға айналған, оны көргенде аузынан сілекейі шұбырады. Ілкіде ол құжырада неге жанжал шығарды дейсің? Тек қана сол үшін, Миусовтың оны қайдағы бір сайқал дегені үшін ғана еліріп түрегелді. Кәдімгі мауыққан ата мысық. Осыған дейін Грушенька тиісті ақысын алып, оған көмектесіп келген еді, ал енді шалың бірдеңенің иісін сезгеннен кейін тіпті құтырынып кетті, олай етейік, бұлай етейік деп, — мұнысы адал ұсыныс емес, әрине, оның басын айналдыра бастады. Ендеше, осы жолда әкесі мен баласы жағадан ұстасатын болар. Ал Грушенька анаған да, мынаған да ыңғай білдірмей, бұлаң құйрыққа салып, екеуін де арбап, мазақ етіп жүр, қайсысы тиімдірек болады деген ішкі есебі де бар. Өйткені шалдан қыруар ақша түсіруге болады, бірақ, ол үйленуге дәмеленбейді, ақырында, бәлкім, әбден жәйттеніп алып, әмиянын ашпай қоюы да мүмкін. Олай болған күнде Митенька да әжетке жарап кетеді; әрине, оның ақшасы жоқ, бірақ, мұның есесіне ол үйленеді. Иә-ә, ол үйлене алатын жігіт! Алайда, оның бай қалыңдығы, полковниктің қызы, айдай ару, ақсүйек Катерина Ивановнаны тастап, кәрі көпес, азғын мұжық, дуан басы Самсоновтың бұрынғы ашынасына үйленуінің ақыры не болар екен; мұның ақыры шынында да бір қылмысқа апарып соқтыруы ғажап емес. Сенің Иван ағаңның күтетіні осы, егер бұлай болып шықса, оның көктен тілегенін жерден бергені дей бер: өзі ғашық боп жүрген Катерина Ивановнаға қолы жетеді, сөйтіп оның алпыс мыңы мұның қалтасына келіп түседі. Ол сықылды елеусіз, жалаңбұт кісіге бір жолға аз дүние емес бұл.
Сосын мынаны да миыңа салшы: ол Митяны ренжітпейтіні былай тұрсын, қайта оның өзін өле өлгенше өзіне қарыздар етеді. Өткен жұмада трактирде сыған әйелдерімен бірге шарап ішіп мас боп отырып қалыңдығы Катенькаға өзінен гөрі ағасы Иванның лайық екенін өзі айқайлап айтқан болатын — мұны мен анық білемін. Ал Иван Федорович сияқты сырбазға, сайып келгенде, Катерина Ивановнаның өзі де, әрине, кет әрі болмайды, ол қазірдің өзінде екеуінің арасында толқулы. Бәрің бірдей осыншама қошеметтейтіндей сол Иван сендерді немен сұқтандырып қойды? Ал ол көктен тілегенімді жерден беріп жатса, тәңіріме неге риза болмайын деп сендерге мұртынан күледі.
— Осының бәрін сен қайдан ғана білесің? Бұлайша пайымдауға қандай дәлелің бар? — Кенет қабағын түйген Алеша сұрақты тік қойды.
— Онда сен өзің неге сұрайсың, менің жауабымнан күні бұрын неге қорқасың? Шындықты айтқаныма өзің келіскенің бе?
— Сен Иванды ұнатпайсың. Ол ақшаға қызықпайды.
— Әһ, қайдам? Ал Катерина Ивановнаның сұлулығын қайтесің? Алпыс мың қызығарлық нәрсе болғанмен, бұл арада гәп тек ақшада ма екен.
— Иван ұсақшыл емес. Ол мыңдаған ақшаға да қызықпайды. Оның іздейтіні ақша да, тыныштық та емес. Ол, бәлкім, жан азабын аңсайтын шығар.
— Тағы да қандай жұмбақ? Сендер-ақ... осы ақсүйектер-ақ!
— Еһ, Миша, сен білмейсің, оның жаны мазасыз, ақыл-парасаты бұғаулы емес пе. Оны шешімі табылмай қойған бір үлкен ой мазалай береді. Ол миллиондаған ақшаға қызықпайтын, тек өзінің жанын жеген ойдың шешімін таппай тыным көрмейтін адамдардың бірі.
— Алешка, бұл сөзің әдеби ұрлық қой. Сен пірәдарыңның айтқанын өңін айналдырып қайталап тұрсың. Дегенмен, Иван сендерге бір қиын жұмбақ қойды ғой, ә! — деп Ракитин ызалана айқайлап жіберді. Оның тіпті сұрқы бұзылып, аузы қисайып кетті. — Бірақ шешуге тұрмайтын, ақымақтық жұмбақ онысы. Өзің ойланып көрші, — түсінесің. Мақаласы ақылға қонбайтын, кісі күлерлік бірдеңе. Бағана оның зердесіздік теориясын естідің бе: "Адам жаны мәңгі өлмейтін болмаса, онда ізгілік те болмақ емес, демек, не істесең де ықтиярың" (айтпақшы, ағаң Митеньканың: "Мынаны жадымда сақтайыншы!" — деп қалай айқайлап жібергені есіңде ме.). Арамзалардың жанына жағатын теория ғой... Менің жыным келеді, бұл ақымақтық... арамзаларға емес, "шешілмес терең ойлы" мектеп бөспелеріне лайық. Нағыз мақтаншақтық, бірақ, мәні ап-айқын: "Бір жағынан, мойындамасқа болмайды, ал екінші жағынан — мойындамау мүмкін емес!" Оның бүкіл теориясы — арамзалық! Тіпті адам жанының мәңгі өлмейтіндігіне сенбеген күнде де адамзат баласы ізгілік үшін өмір сүруге өзінің бойынан күш-қуат таба алады. Бостандыққа, теңдікке, бауырластыққа деген сүйіспеншіліктен табады...
Қызынып алғандықтан Ракитин енді өзін-өзі ұстай алмауға айналған-ды. Алайда ол, бір нәрсе есіне түскендей, кенет тыйылды.
— Ал, жетер енді, — деп ол бұрынғыдан да қылымси күлімсіреді. — Сен неге күлесің? Мені пасық деп ойлайсың ба?
— Жоқ, сені пасық деп ойлау қаперіме де кірген жоқ. Сен жылпоссың, бірақ... қайтесің, мен түсінбей қалып күлдім. Миша, тызалақтап қалуың мүмкін, әйткенмен айтайын. Тым елігуіңнен Катерина Ивановнаға сен өзің ғашықсың, мен мұны, бауырым, көптен бері сезіп жүрмін, сенің Иванды ұнатпайтының осыдан. Сен одан қызғанасың ғой, солай емес пе?
— Мүмкін, оның ақшасын да қызғанатын шығармын? Мұны неге айтпайсың?
— Жоқ, ақша жайында дәнеңе демеймін, сені ренжітіп қайтемін.
— Сен өзің айтып тұрған соң сендім, әйтсе де, сенің сол Иван ағаңды қойшы! Оны Катерина Ивановнасыз да өлердей жек көруге болатынын ешқайсың түсінбейсің. Міне қызық, сонда мен оны не үшін жақсы көруім керек! Оның өзі ғой мені жамандап жүрген. Ендеше, оны жамандауға менің неліктен хақым жоқ?
— Мен оның сені я мақтап, я даттап бірдеңе дегенін еш уақытта естіген емен; ол сен жайында ештеңе демейді.
— Ал мен бұрнағы күні Катерина Ивановнаныкінде ол мені жерден алып жерден салыпты деп естідім, — сіздің пақырыңызды оның қалай келістіргенін енді өзіңіз шамалай беріңіз. Осыдан кейін, бауырым, кімнің кімді қызғанатынын — мен қайдан білем! Егер ол ең таяу уақытта архимандриттікке көңілі толмап, діни жолға түсуден бас тартса, онда қалай да Петербургке барып, бір қалың журналда және де қалай да сын бөлімінде қызмет істейтін болады, он шақты жыл бұрқырап жазғаннан кейін журналды, ақыр соңында, өзінің атына түсіріп алады деп сыртымнан тон пішіпті. Содан кейін журналды қайтадан шығара бастайды және де қалай болғанда да либералдық, атеистік бағытта, социалистік сарынмен, керек десеңіз социализмнің болар-болмас жылтырағымен шығарады, бірақ, сақ құлақ болады, яки, шын мағынасында, оларға да, бұларға да бірдей көрініп, ақымақтарды алдайтын болады депті.
Ағаңның ойынша, менің мансап қуған қимыл-әрекетім былайша тынбақ: журналға жазылудан түскен қаржыны банктегі ағымдағы есепке емін-еркін аудара беруіме, кейіннен редакцияны сонда көшіріп апару, ал қалған қабаттарына пәтерге кісі жіберу үшін Петербургте дағарадай үй салғызып болғанша сол ақшаны бір жәйттің ақылымен айналымға жіберуіме социалистік сарын, тегі, әсте кедергі жасамайды. Тіпті ол үйдің салынатын орнын да белгілеп қойыпты: Неваға салынатын Жаңа Тас көпірдің қақ аузы; Петербургте Литейная жағынан Выборг жағына өтетін осындай бір жаңа көпір салу жобаланып жатыр деседі ғой...
— Аһ, Миша, қара да тұр, сенің осы айтқаныңның барлығы, бәлкім, бірі де қалмай іске асады әлі! — Алеша шыдамаған соң көңілдене күліп, айқайлап жіберді.
— Алексей Федорович, сіз мысқылдауға айналдыңыз ғой.
— Жоқ, жоқ, жай әзілдегенім ғой, ғапу ет. Менің ойымда мүлде басқа нәрсе. Алайда, мынаны айтшы: ол әңгімені осындай бүге-шігесіне дейін саған кім жеткізе алады, сен мұны кімнен естуің мүмкін. Ол сені әңгіме етіп жатқанда Катерина Ивановнаныкінде болған жоқсың ғой?
— Менің болмағаным рас, бірақ, оның есесіне Дмитрий Федорович болды, ал мен барлығын Дмитрий Федоровичтің аузынан өз құлағыммен естідім, яки, егер білгің келсе, ол мұны тіке маған айтқан жоқ, Дмитрий Федорович басқа бөлмеде осының бәрін баяндап жатқанда, Грушеньканың жатын бөлмесінен шыға алмай, ол кеткенше сонда тығылып отырғанымда, әлбетте, амалсыздан естуіме тура келді.
— Аһ иә, ұмытып барады екем ғой, ол қыз саған туыс емес пе еді...
— Қайдағы туыс? Грушенька туыс па маған? — Алабұртқан Ракитин айқайлап жіберді. — Сен, немене, есіңнен адасқаннан саумысың? Миың ашыған ба?
— Не? Әлде туыс емес пе? Қайдам, мен солай деп естіп ем...
— Сенің мұны қайдан естуің мүмкін? Жоқ, Карамазов мырзалар, сендер жеті атамыздан ақсүйекпіз және әйгілі ақсүйекпіз деп кісімсінесіңдер, сонда қалай, әкелеріңнің бір кезде бөтен үйдің дастарқанынан тамақ асырап, сайқымазақ боп жүргенін ұмытқандарың ба. Жарайды, мен поптың баласы-ақ болайын, сендердей ақсүйектермен салыстырғанда түкке тұрмай-ақ қояйын, бірақ, мені осыншама мазақтап, беталды қорлағандарыңа не жөн. Алексей Федорович, менің де намысым бар. Мен Грушенька секілді жәләп қызға туыс бола алмаймын, бұны ұғып алыңыз!
Ракитин буырқанып тұрған.
— Құдай үшін ғапу етші, бұлай боларын білмей қалғаным, сонсоң оны сенің жәләп дегенің қалай? Неғып... ондай болды екен? — деді лезде қызарып кеткен Алеша. — Қайталап айтам, ол қыз сенің туысың деп естіп ем. Оның үйіне сен жиі барасың ғой, сонсоң онымен ешқандай ашыналығым жоқ деп маған өзің айтқансың... Сен оны мұншама жек көрер деп ойлаған жоқ ем! Ол қыз шынымен сондай болғаны ма?
— Оның үйіне барып жүрсем, мұның бір себебі болғаны ғой, онда сенің не шаруаң бар. Ал туыстыққа келсек, сенің ағаң немесе әкеңнің өзі ол қызды менен гөрі саған туыс етіп жүрмесін. Міне келіп те қалдық. Сенің ас үй жаққа барғаның жөн шығар. Әй! Анау не, мұнда не боп жатыр өзі? Әлде кешігіп қалдық па? Түстік қонақасының мұншама тез бітуі мүмкін бе? Әлде Карамазовтар тағы да лаңдатты ма екен? Тегі, солай болар. Әне сенің әкең, оның соңында Иван Федорович келеді. Игумендікінен сытылып шыққан түрлері ғой. Әне Исидор пірәдар олардың артынан бірдеңе деп баспалдақтан айқайлап тұр. Сенің әкең де адуындап, қолын сермейді, тегі, ұрсысқан болар. Мәссаған, әне Миусов та күймесімен қозғала берді, көріп тұрсың ба. Әне помещик Максимов та зырлап келеді — жанжал болған ғой; демек, жылы-жұмсақтан құрамай қапқан! Игуменді сабап кетпеді екен өздері? Әлде бұлар таяқ жеді ме екен? Сөйтсе ғой, шіркін!..
Ракитин бекерге таңырқамаған. Шынында да жанжал болған еді, құлақ естімеген, күтпеген жанжал шыққан. Барлығы "шабыт үстінде" бұрқ ете түскен-ді.
VIII
ЖАНЖАЛ
Миусов пен Иван Федорович Игуменнің табалдырығынан аттар алдында Петр Александрович ілкіде бекер-ақ ашу шақырғанына өзінен-өзі ұялды; бұл аса инабатты һәм сыпайы кісінің қалай дегенмен әдептен аспау керек еді деп іштей опынғаны еді. Федор Павлович секілді оңбағанды шын жек көрсем, пірәдардың құжырасында сабырлылық сақтап, сыр білдірмей отыруым керек еді ғой, ал менің қараптан қарап соншама күйіп-піскенімді не деп ойлады ол ішінен. "Әйтсе де, бұл арада тақуалардың ешқандай жазығы жоқ, — деп түйді ол ақыры игумен үйінің баспалдағында тұрып, — ал егер мұнда да инабатты жандар жиналса (анау игумен Николай пірәдар да ақсүйек қой деймін), онда неліктен солармен бірге сұлу-сыпайы, жайдары, жарқын отырмасқа?.. Ешкіммен сөз таластырмаймын, керек десең тіпті құптай берем, сыпайыгершілікпен арбап аламын, сонсоң... ақыры, анау Эзоп, анау сайқымазақ, анау Пьеро менің теңім емесін, басқалармен бірге мен де ұрынып қалғанымды оларға дәлелдеп беремін..."
Петр Александрович орманнан ағаш кесу, өзеннен балық аулау төңірегіндегі дау-дамайды (мұның бәрі қай жерде болып жатқанын оның өзі де білмейтін), тіпті әуре-сарсаңға да татымайтындықтан, біржола, мәңгі-бақиға, бүгіннен қалдырмай тоқтатып, өзінің монастырьға қоятын талаптарынан бас тартуға ұйғарды.
Бұлар игумен пірәдардың дастарқан жайылған бөлмесіне кірген кезде оның осынау ізгілікті пиғылдарының бәрі онан сайын орныға түскен еді. Айтқандайын, игуменнің үйінде бөлек асхана жоқ-ты, өйткені мұнда шындығында екі-ақ, бөлме болатын, бірақ, олар пірәдардың құжырасындағыдан әлдеқайда кең әрі қолайырақ еді. Үй ішінің жиһаздалуында да алабөтен ерекшелік жоқ-ты: былғарымен қапталған, жиһаз сонау жиырмасыншы жылдарда қызыл ағаштан ескі үлгімен жасалған нәрселер; тіпті едені де боялмаған; оның есесіне барлығы да мұнтаздай таза, терезелердің алдына көптеген қымбат гүлдер қойылған; бірақ, дәл осы сәтте бәрінен де ғажабы, әлбетте, мол дастарқанды, әйтсе де, мұнда да ағыл-тегіл ештеңе байқалмайды: аппақ дастарқан үстінде — жылтыраған ыдыс-аяқ, былқылдаған нанның үш түрі, екі шөлмек шарап, монастырьдің екі шөлмек ғажап балы мен осы маңға түгел әйгілі екі үлкен құмыра квасы ғана. Арақ атымен жоқ. Кейіннен Ракитин айтқандай, бұл жолы түстік бес түрлі тағамнан әзірленіпті: сүйрік сорпасы мен балық самсасы; сонан соң дәмдеп, ерекше, былбыратып пісірген балық; одан кейін қызыл балық котлеті, балмұздақ пен компот, ақырында, блан-мапже тәрізді кисель. Ракитин шыдамағасын игуменнің ас үйіне әдейі барып, сондағы таныстарынан осының бәрін сұрап біліп алыпты. Оның кез келген жерде тамыр-танысы болатын, қайда барса да бірдеңені сұрап біліп жүретін әдеті бар-ды. Жүрегі тым албырт, қызғаншақ-ты. Ол өзін әжептәуір қабілеттімін деп санайтын, бірақ қара басын дәріптеуге келгенде сол азын-аулақ қабілетін жөнсіз асырып көрсетуге тырысатын еді. Ол өзіміз қандай да бір қайраткер болатындығына күмәнданбайтын; бірақ, оған тым үйірсек Алешаны мазалаған нәрсе — досының арамдығы мен осы арамдығын оның мүлде сезбейтіндігі, кайта керісінше, біреудің үстеліндегі ақшасына тимейтіндігін білгенге — мұны асқан адалдықтың белгісі деп санайтындығы болды. Бұл арада Алеша ғана емес, тіпті өзге біреу де ештеңе істей алмас еді.
Ракитин елеусіз көптің бірі болғандықтан қонақасына шақырылған жоқ, оның есесіне Иосиф пірәдар мен Пансий пірәдар, олармен бірге тағы бір иероманах шақырылған. Петр Александрович, Қалғанов пен Иван Федорович келгенде олар асхана бөлмесінде игуменді күтіп тұрған. Былайырақта помещик Максимов та тұр. Игумен пірәдар меймандарын қарсы алуға бөлменің ортасына қарай шықты. Ол биік бойлы, арық, ақшулан қара шашты, тұнжыраған, сопақ бет, тәкәппар жүзді, әлі де күш-қуаты қайтпаған шал болатын. Игумен үнсіз бас изеп қана амандасты, бірақ, меймандар бұл жолы оның пәтиқасын алу үшін алдына жақын барды. Миусов тіпті оның қолынан тәуеп етуге ыңғайланып еді, алайда, игумен қолын тез тартып алған соң ол сүйе алмай қалды. Оның есесіне Иван Федорович пен Калганов риза болып қалды, яки оның қолынан аңқылдаған ақ көңілден, қарапайым халықша шөп еткізіп сүйіп пәтиқасын алып үлгерді.
— Мәртебелі пірәдар, — деп бастады ыржиып күлген Петр Александрович маңғазсыған, қошеметшіл үнмен, — бізбен бірге жол серігіміз Федор Павловичті де дәмге шақырып едіңіз, бірақ, ол келе алмады, бұл үшін сізден кешірім сұрауға тиістіміз; тегі, бір себебі болу керек. Қасиетті пірәдарымыз Зосиманың құжырасында ол өзінің туған ұлымен екі арадағы баянсыз дау-дамай жөнінде қызулықпен артық кетіп қалғаны... былайша айтқанда, мүлде лайықсыз сөздер аузынан шығып кеткені... Бұл жайында, мәртебелі пірәдар, сізге мәлім болуға тиіс (ол иеромонахтарға көз салып қойды). Сондықтан, өз кінәсін өзі түсініп және бұған шын ниеттен опынып, қатты ұялғанынан мұнда келе алмайтын болды да, бізден — менен және өзінің баласы Иван Федоровичтен — сіздің алдыңызда лайықсыз қылығына шын өкінетінін, кінәсін мойындап, райдан қайтатынын білдіруді өтінген еді. Қысқасы, ол кейіннен бұл ағаттығының өтеуін табармын деп үміттенеді және солай еткісі де келеді, ал қазір сіздің пәтиқаңызды тілеп, болған жайды ұмытуды өтінеді...
Миусов тына қалды. Соңғы сөзіне дейін төкпелетіп өткеніне өзіне өзі разы болғаны сондай, осыған дейінгі көңіл кірбіңінің ізі де қалған жоқ. Ол адамзат баласын тағы да жан-тәнімен және шын сүйетін болды. Оның сөзін маңғаздана тыңдаған игумен басын сәл ғана иіңкіреп жауап қатты:
— Ол кісінің келмегені өкінішті-ақ. Дастарқан басында бұйырған дәмді бірге тата отырып, біз оны қалай ұнатып кетсек, бәлкім, ол да бізді солай жаратып қалар ма еді, қайтер еді. Ал енді, мырзалар, дәмге рақым етіңіздер.
Ол иконаның алдына барып, дауыстап дұға оқи бастады. Жиналған адамдардың бәрі басын төмен салып тұрды, ал помещик Максимов тіпті алабөтен ықылас білдіргенсіп, екі қолын жайған күйі алға шығыңқырап тұрды.
Міне дәл осы сәтте Федор Павлович өзінің соңғы құйтырқысын шығарды. Айта кеткен жөн, ол шынында да кетіп қалмақшы болған еді, өйткені пірәдардың құжырасындағы масқара қылығынан кейін, бейне түк болмағандай, игумендікіне түстік қонақасыға шынында да бара алмайтындай сезінген. Бүйткенде ол өзінің қылығына соншалықты қатты ұялып, өзін-өзі кінәлаған жоқ-ты; бәлкім, тіпті керісінше болған шығар; дегенмен, ол қонақасыға барудың ретсіздігін түсінген. Бірақ, ол мейманхана баспалдағының алдына келіп тоқтаған салдырлаған тарантасына отыра беріп кенет тоқтай қалды. Пірәдардың құжырасында қайтқан сөзі есіне түсіп кеткен еді. " Жұртпен жақындассам-ақ, дүниеде менен оңбаған кісі жоқтай, бәрі маған сайқымазақ деп қарайтындай көрінеді де тұрады, сонан соң, олай болса, қазір сайқымазақтың қандай болатынын көрсетейін, сендердің қаңқу сөздеріңнен қорықпаймын, өйткені сендердің бәрің менен де жаман оңбағансыңдар!" — деп кірісіп кеп кетемін. Ол өзінің сұмпайылығы үшін әлгілердің бәріне қысастық жасап қалғысы келді. Енді ол ертеректе, бірде, өзіне: "Сіз пәленшекеңді не үшін жақтырмайсыз?" — деген сауал қойылғанын кенет есіне түсірді. Онда Федор Павлович сайқымазақ арсыздығына бағып былай деп жауап берген еді: "Не үшін бе: рас, ол маған ешқандай жамандық қылған жоқ, бірақ, оның есесіне мен бір нағыз оңбағандық жасадым ғой оған, осыдан кейін өзімнің осал сұмпайылығым үшін оны жек көріп кеттім". Осы жауабын есіне алған ол бір сәтке ойға батып тұрып, ақырын, зілмен мырс етті. Жанары алақ-жұлақ етіп, тіпті еріндері дірілдеп кетті. " Бір істі бастаған екем, солай бітіруім керек қой" — деп ұйғарды ол кенеттен. Оның осы сәттегі көкейкесті сезімін: "Енді өзімді бәрібір ақтай алмаймын, ендеше, ар-ұятты қоя тұрып, олардың бетіне тағы бір неге түкірмеске: білесіңдер ме, сендерден ұялып жатқан мен жоқ! — деген сөздермен білдіруге болар еді. Ол көшірге осы арада тоса тұр деп тапсырды да, өзі шапшаң басып монастырьға оралып, тура игумендікіне барды. Өзінің не істейтінін анық білген жоқ, бірақ, ол енді өзін-өзі ұстай алмайтынын сезді — сәл түртіп қалса-ақ бір оңбағандықтың ақырғы шегіне жетпей тоқтамайтыны айқын еді, әйтсе де, ол қандай да бір қылмыс жасауға немесе сотқа тартылуы мүмкін теріс қылық көрсетуге дейін жетпейді. Бір ғажабы, жазаланатын бұзықтықтан ол әманда тартына білетін және кейде бұндай ұстамдылығына оның өзі де таңданатын. Федор Павлович асхана бөлмесіне кіріп келгенде, дұға оқу аяқталып, барлығы дастарқанға жақындаған еді. Ол табалдырықта тұрып, жиналған жұртты көзімен бір шолған соң, оларға адырая қарап ашулы, арсыз, созалаң күлкіге басты.
— Мыналар ғой мені кетіп қалды деп ойлады, ал мен міне келіп тұрмын! — деп айқайлады ол бүкіл залға естірте.
Бір сәтке бәрі оған тесірейе қарап үнсіз қалды, сосын олар ақыры қып-қызыл жанжалмен бітетін бір жаман ағаттық болғалы тұрғанын лезде сезе қойды. Бағанадан бері ақ көңіл Петр Александрович оны көргенде қитыға қалды. Жүрегіндегі ызаның сөнген қоламтасы лезде қайта тұтанып бара жатқандай көрінді.
— Жоқ, мен бұған төзе алмаймын! — деп айқайлап жіберді ол,— мүлде шыдамаймын... енді шамам жоқ!
Петр Александровичтің қаны басына шапты. Ол тіпті жаңылыса бастады, бірақ, ондайда сөзіңді саралауға мұршаң келе ме, ол қалпағын қолына алды.
— Төзе алмағаны несі? — Федор Павловичтің даусы да шаңқ етті, — "мүлде шыдамаймын, енді шамам жоқ" дегені қалай? Қадірменді пірәдар, кірейін бе, жоқ па? Дастарқандас болуға рұқсат етесіз бе?
— Рақым етіңіз, жоғарылатыңыз, — деп жауап қатты игумен.
— Мырзалар! Мен, — деді ол кенет сөзін одан ары жалғастырып, — араларыңыздағы кездейсоқ кикілжіңді ұмытып, бір-біріңмен, жақын туыстарша шүңкілдесіп отырып, тәңіріме мінәжат қып, бұйырған дәмнен татуды шын жүректен өтіне алар ма екем...
— Жоқ, жоқ, ол мүмкін емес, — деп баж ете түсті сабырсызданған Петр Александрович.
— Петр Александрович мүмкін болмаса, маған да мүмкін емес, мен де қалмаймын. Осындай ниетпен келдім мен. Енді қайда болса да Петр Александровичтен екі елі ажыраспаймын: Петр Александрович, сіз кетсеңіз, мен де кетемін, қалады екенсіз — мен де қаламын. Игумен пірәдар, сіз оны жақын туыстарша шүңкілдесіңдер деп орынды қағытып өттіңіз, бірақ ол менімен туыстықтан қашады ғой! Солай емес пе, фон Зон? Міне фон Зон да тұр. Сәлеметсіз бе, фон Зон!
— Сіз... мені айтасыз ба? — деп міңгірледі аң-таң болған помещик Максимов.
— Әрине, сені айтам, — деп шіңк етті Федор Павлович. — Енді кімді деп ең? Игумен пірәдарды фон Зон демеймін ғой!
— Мен де фон Зон емеспін ғой, мен Максимовпын.
— Жоқ, сен фон Зонсың. Мәртебелі пірәдар, сіз фон Зонның кім екенін білесіз бе? Мынадай бір сот болған: оны жәләпханада өлтірген-ді, — ондай орындарды сіздер солай атамайсыздар ма, — егде тартып қалғандығына да қарамастан, оны өлтірген соң тонайды да, жәшікке салып бекітіп, нөмірлеп багаж вагонына салып Петербургтен Москваға жөнелтеді. Өлікті жәшікке салып бекітіп жатқанда, жәлеп қатындар ән салып, гуслиде ойнап думандатып жатыпты. Менің фон Зон дегенім міне сол кісі. Ол өліп қайта тірілген ғой, солай емес не, фон Зон.
— Бұл неғылған сандырақ? Мынау не деп кетті? — деген күбір естілді иеромонахтар тобынан.
— Кеттік! — деді Калгановқа Петр Александрович даусы шаңқ етіп.
— Жо-оқ, рұқсат етіңіз! — деп шіңкілдей жөнелді Федор Павлович, бөлмеге тағы бір адымдап, — менің де айтатыным бар. Пірәдардың құжырасында ибасыздық көрсетті, атап айтқанда шабақ, балықты сөз еттің деп мені жазғырдыңдар. Менің туысым, Петр Александрович Миусов, өзінің сөзінде plus dc noblesse que de sinccritc1 болғанын ұнатады, ал мен, керісінше, өзімнің сөзімде plus de sinccritc que dc noblesse2 болғанын жаратамын, түшкіргенім бар noblesse-re3! Солай емес пе, фон Зон? Рақым етіңіз, игумен пірәдар, сайқымазақ болсам да және тап қазір сайқымазақтанып тұрсам да, мен де ар-намыстың адамымын, сондықтан ішімді кернеген нәрсені айтып қалғым келеді. Иә-иә, мен ар-намыстың адамымын, ал Петр Александровичте намысқойсып басқа не бар дейсің. Бағана осында келгенде мен, бәлкім, өз көзіммен көріп, айтатынымды айту үшін келген шығармын. Менің Алексей деген балам осында папалап жүр. Әкесі болғандықтан, мен оның тағдырын ойлаймын және ойлауға тиістімін де. Мен құлақ салғансып тәлімси бердім, сөйтіп, ептеп көз салып та отырдым, енді сіздерге сол тәлімсіген ойынымның соңғы белгісін көрсеткім келеді. Бізде қалай болып жатады дейсіздер ғой? Бізде бірдеңе құлаған екен, ол сол арада жатуға тиіс. Жығылған екенсің ғұмыр бақи жатуың керек сұлаған күйіңде. Олай бола қояр ма екен! Егер менің түрегелгім келсе ше! Әулие пірәдарлар, мен сіздерге ренжулімін. Құдайдың алдында күнәңді мойындап мінәжат қылуда үлкен құпия бар, өз басым сол құпияға құлдық ұруға дайынмын, ал бағана бәрі тізерлеп тұрып алып дауыстап мінәжат қыла бастады. Ондайда дыбыс шығарғанды қайдан көріп едіңіз? Әулие пірәдарлар мақұлдаған ереже бойынша күнәні құлаққа сыбырлап қана мойындамаушы ма еді, мінәжат тек сонда ғана құпия қалмай ма, бұл ежелден осылай еді ғой. Әйтпесе, мен жұрттың көзінше, мысалы, бір кезде сөйтіп едім... яки, ұғасыз ба, бірдеңе етіп қойып едім деп қалай түсіндіре алам? Кейде тіпті аузың бармайды ғой. Қып-қызыл жанжал емес пе бұл? Жоқ, пірәдарлар, бұл арада сіздер мен бірге, бәлкім, ұлтшылдыққа да ұрынарсың... Ә дегеннен-ақ синодқа арыз жазамын, ал баламды үйге алып кетемін...
Осы арада бір жайтты ескерте кетелік. Федор Павловичтің естігені жай қаңқу сөз-ді. Бір кезде пірәдарларды тым асыра құрметтейтін болды-мыс, бұл тіпті игумен атағын кемсітеді-міс, оның бер жағында, олар мінәжат құпиясына қиянат жасайды-мыс және т.т. деген қаскөйлік өсек тараған, бұл өсек тіпті архиерейге дейін (біздің ғана емес, пірәдарлардың орныққан басқа монастырьлардың архиерейлеріне де) жеткен. Бұл бізде де, барлық жерде де өзінен-өзі ұмытылған қисынсыз ғайбат еді. Бірақ, Федор Павловичті желіктіріп, жарға қарай одан ары итере түскен сұмырай сайтан оның құлағына осы ескі ғайбатты сыбырлаған; Федор Павлович оның тіпті әу деген алғашқы сөзін де түсінбеген еді. Және де оны жөндеп айтып та бере алмады, ол ол ма, бұл жолы пірәдардың құжырасында ешкім тізерлеп тұрмаған да, күнәсын дауыстап мойындамаған да, сол себепті Федор Павловичтің бірдеңені көруі неғайбыл, ол шала-шарпы есінде қалған ескі қауесет пен өсек-аяң бойынша бөскен. Бірақ, ол құдай атын, бір бос сандырақтың аузынан шығып кеткенін сезген соң, дереу тыңдаушыларын, әсіресе өзін жаңағы айтқаны әсте сандырақ емесіне иландырмақшы болған. Әлді әрбір сөзі ілкідегі шатпағына бұрынғыдан да ерсі, дөрекі бой үстемелеп жамала беретінін тым жақсы біле тұрса да, ол өзін ұстай 6алмаған, сөйтіп құздан құлаған тастай домалай берген.
— Неткен пасықтық! — деп айқайлап жіберді Петр Александрович.
— Ғапу етіңіздер, — деді кенеттен игумен. — Баяғыдан қалған сөз бар емес пе: "Сөйтіп маған бірдеңені, тіпті қайдағы жоқты айта бастады. Мен бәрін естіп алғасын өзіме-өзім: бұл Иисустың ем-домы болар, оны менің тәкәппар жанымды түзеу үшін айтқан шығар дедім". Сондықтан қымбатты мейман, біз де сізге бас иіп алғысымызды айтамыз!
Сонан соң игумен Федор Павловичке еңкейіп тағзым етті.
— Тс-тс-тс! Жәдігөйлік пен ежелгі жылтыр сөз ғой бұл! Ескі жылтыр сөз бен ескі арамзалық! Әлмисақтан бергі жалғандық пен әншейін иіліп-бүгілу ғана! Тағзым етудің ар жағында не жатқанын білеміз! Шиллердің "Қарақшыларындағыдай", "ауыздан сүйіп тұрып, жүрекке қанжар салу" ғой бұл Пірәдарларым-ау, мекерлікті суқаным сүймейді, мен ақиқатқа құштармын! Бірақ, ақиқат шабақ балықта емес, мұны сіздерге мына мен айтып тұрмын! Пірәдарсыған тақуарым-ау, несіне ораза ұстайсыздар? Бұл үшін ол дүниеге барғанда неге сыйлық күтесіздер? Ондай сыйлық тосып тұрса, мен де ораза ұстармын! Жоқ, әулие тақуам, сен бұл дүниеде ізгілікті бол, монастырдағы дайын асқа құнықпай, ақиреттегі сыйлықтан иегің қышымай қоғамға пайдаңды тигіз, — бірақ, бұл оңай іс пе. Игумен пірәдар, жылтыр сөзге менің де икемім бар ғой. Дастарқанға не қойды екен? — деп ол үстелге жақындап барды. — Ежелгі Фактори портвейні, ағайынды Елисеевтердің бал сырасы, тақуасымақтарым-ау, мыналарың не! Шабақ балыққа әсте ұқсамайды ғой. Шөлмектерді қаз-қатар қалай тізгенсіздер, хе-хе-хе! Ал осының бәрін мұнда кім әкелді? Мұны әкелген орыстың еңбеккер мұжығы, ол құс басқан қолымен тапқан-таянғанын қатын-баласының аузынан, мемлекетіміздің мұқтажынан жырымдай сендерге әкеледі! Пірәдарсыған пірәдарларым-ау, халықты қашанғы сора бермексіңдер!
— Сіздің аузыңыздан шығатын сөз емес қой бұл, — деп күбірледі Иосиф пірәдар. Пансий пірәдар міз бақпай тұрған. Миусов бөлмеден жылыстай берді, оның соңынан Калганов та сыртқа шықты.
— Ал, пірәдарларым, Петр Александровичтің соңынан мен де кеттім! Енді қайтып оралмаймын, тіпті аяғыма жығылып жалынсаңдар да келмеймін. Бір рет мың сомды жібергем сіздерге, енді иектерің қышымай-ақ қойсын, хе-хе-хе! Енді түк те тамызбаймын. Жастық шағымның барлық өкініші үшін барлық көрген қорлығым үшін кегімді қайтаруым керек! — деп жұдырығымен үстелді қойғылады арқасы құрыстаған Федор Павлович. — Бұл монастырсымақ маған не қылмап еді! Соның қырсығынан қаншама қайғы-қасірет шектім! Сендер менің желікпе ауру әйелімді маған қарсы айдап салғансыңдар. Шіркеудің жеті жиынында мені қарғап-сілеген де, осы маңға түгел жексұрын қылған да сендерсіңдер! Сол да жетер енді, пірәдарларым, қазір пікіріңді қысылмай айтатын заман туған, пароходтар мен темір жол заманы. Сендерге мың сом да, жүз сом да, тіпті жүз тиын да татырмаймын, менен енді қара бақыр да алмайсыңдар!
Тағы бір ескертпе. Федор Павловичтің өмірінде біз айтқан монастырьдың еш уақытта және ешқандай ерекше мәні болған емес, монастырьдың қырсығынан ол ешбір қайғы-қасірет те шеккен жоқ. Бірақ, оның елігіп кеткені сонша, бір сәтке осы қылығына тіпті өзі де сенгендей болды; елжірегендіктен тіпті жылап жібере жаздады; алайда, дәл осы сәтте ол тізгінді тарту қажетін сезе қойды. Игумен оның қаскөйлік жаласына төмен қарап тұрып, сұстана тағы да былай деді:
— Баяғыдан қалған тағы бір сөз бар: "Лажсыздан масқара болсаң да, бұған ренжіме, төзімді бол, қысылма, әлгі масқаралаған кісіні жек көрме". Біз де солай етеміз.
— Тс-тс-тс, өштеспе-қастаспа! Және тағы сондай шатпақ қой бұл! Сөге жамандамаңдар, пірәдарларым, мен кеттім. Ал ұлым Алексейді әкелік құзырыммен біржола алып кетем. Иван Федорович, қадірлі ұлым, сізге соңымнан ер деп бұйыруға болар ма екен! Фон Зон, мұнда қалғанда не бітірмексің! Онан да қазір шаһарға, менің үйіме бармайсың ба. Көңіл көтересің. Айналасы бір-ақ шақырым жер, өсімдік майының орнына былбыраған жас торай етін жейсің ботқамен қосып; түстенеміз; алдыңа коньяк қоям, сосын ликер ішесің; мамуровка1 бар... Эй фон Зон, аузыңнан жырылмасын!
Ол арпылдап, қолын оңды-солды сермеп шыққан. Міне дәл осы кезде Ракитин оны байқап қалып, Алешаға көрсеткен-ді.
— Алексей! — деп айқайлады әкесі анадайдан, — бүгіннен қалмай үйге біржола қайтатын бол, жастығың мен төсегіңді ала кел; қараңды жоғалт мұннан.
Қалтиып қалған Алеша көз алдындағы көріністен көз аудармай үнсіз қарап тұрды. Бұл кезде Федор Павлович тарантасына отырып жатты, одан кейін тұнжыраған Иван Федорович те үндеместен арбаға отыруға ыңғайланды; ол Алешамен қоштасуға бұрылып та қараған жоқ. Міне, осы сәтте тағы бір кісі күлерлік, қызық оқиға болды. Кенеттен тарантастың қорабына помещик Максимов жармаса кетті. Қалып қоймау үшін оның қалай ентігіп жеткенін Ракитин мен Алеша көріп тұрған. Оның жан таласқаны сонша, Иван Федорович тіпті сол аяғын тепкішектен алып үлгермей жатып, бір аяғын тепкішекке салған бұл қораптың жиегінен ұстанып, оны артынан итере тарантасқа секіріп мінуге тырысты.
— Мені де ала кетіңдер, мен сендермен бірге кетемін! — деп жалынды жырқ-жырқ күлген ол бірдеме ғып ілесе кеткісі келіп.
— Бұл фон Зонның өзі деп сендерге айтпап па едім! — деп мардымсыды Федор Павлович. — Өліп қайта тірілген фон Зон бұл! Сен қалай сытылып шықтың? Сен онда қандай фонзондық істеуің мүмкін, ондай қонақасыны қалай ғана көзің қиып кеттің? Мұндай нағыз жез маңдай болуға бола ма! Менікі бір сәрі, бауырым, ал саған не жорық, соған таңым бар менің! Секір, секір тезірек! Жібер оны, Ваня, көңілді отырамыз. Аяғымызда жатады ғой бірдеме ғып. Бүктетіліп жатасың ғой, фон Зон? Әлде көшірдің қасына отырғызамыз ба?.. Фон Зон, кәне секір көшірдің отырғышына!..
Бірақ Иван Федорович өзі отырғаннан кейін үндеместен, барлық күшімен Максимовты кеудеден теуіп жіберіп еді, ол бір сажын жерге ұшып кетті. Тек әлдеқалай құламады.
— Кеттік! — деп зілдене дауыстады көшірге Иван Федорович.
— Сенің мұның не? Не болды сонша? Оны кеудеден тепкенің не? — деп дүрсе қоя берді оған Федор Павлович, бірақ бұл кезде тарантас қозғала берген еді. Иван Федорович жауап қатқан жоқ.
— Өзің емес пе едің! — деп міңгірледі бірер минуттан соң Федор Павлович, баласына алакөздене қарап. — Сол монастыры құрғырды ойлап шығарған өзің едің ғой, қолтығыма 7су бүріккен де, мақұлдаған да өзің, енді несіне бұртия қалдың?
— Сандырақтағанды қойсаңызшы, тым болмаса, енді азғана тынышталыңызшы, — деп қатал кесіп тастады Иван Федорович.
Федор Павлович тағы да бірер минут үнсіз отырды.
— Мұнда да ептеп коньяктан ұрттаса ғой, — деді ол сонан соң ғибратты үнмен. Бірақ, Иван Федорович тағы да жауап қатпады.
— Барған соң, сен де ішесің.
Иван Федорович тіс жармады.
Тағы бірер минут күткеннен кейін Федор Павлович былай деді:
— Қадірменді Карл фон Мор, бұл сізге тым жайсыз тиетіндігіне қарамастан, мен Алешканы қалай дегенмен монастырьдан қайтарып аламын.
Иван Федорович тыжырайып, иықтарын бір көтеріп қойды, сонсоң теріс айналған күйі жолға қарап отыра берді. Бұдан кейін үйге жеткенше бір-біріне тіл қатқан жоқ.
ҮШІНШІ КІТАП
ӘЙЕЛЖАНДЫЛАР
I
МАЛАЙЛАР ТҰРАТЫН ҮЙДЕ
Федор Павлович Карамазовтың үйі шаһардың орталығынан онша алыс та, жақын да емес-ті. Ескі болса да сырттай тәп-тәуір, қызыл темір төбелі, сұрғылт түске боялған мезонині бар, бір қабат дағарадай, жайлы үй әлі де ұзақ уақыт тұруға жарайтын. Әр түрлі кілттері мен қуыстары, қайдағы жоқ бір баспалдақтары көп еді. Егеуқұйрық өріп жүретін, бірақ, Федор Павлович бұған онша қабақ шытпайтын, қайта: "Кешкілікте жалғыз қалғанымда онша зерікпеуіме жақсы", — дейтін ол. Оның шынында да кешке малайларды флигельге жіберіп, өзі түні бойы жалғыз қалатын әдеті бар-ды. Флигель деп отырған ауладағы оңаша үй кен, берік болатын; Федор Павлович үйде тамақ пісіретін арнайы бөлме болса да, ас үйді де сонда көшірген: ол ас үйдің исін жақтырмайтын, сол себепті дайын тамақ қысы-жазы бірдей ашық аула арқылы әкелінетін. Жалпы, ақар-шақар отбасына лайықтап салынған үлкен үйде қожайындар да, малайлар да қазіргісінен бес есе көп тұра алатын еді. Әйтсе де, біз сөз етіп отырған кезде онда Федор Павлович пен Иван Федорович қана, ал флигельде не бары үш-ақ адам: Григорий мен Марфа деген шал-кемпір және Смердяков деген жас малай жігіт қана тұратын. Осы үш малай жайында біршама толығырақ баяндап өту керек тәрізді. Григорий Васильевич Кутузов жайында жоғарыда бірсыпыра тоқталып өткенбіз. Бұл діттеген нысанасына тайсалмай, тура тартатын табанды, қайсар адам еді, бұл үшін әлгі діттегені қандай да бір (кейде таңғаларлықтай қисынсыз) себептен оған күмәнсыз ақиқат көрінсе болғаны. Жалпы, ол адал, турашыл еді, Марфа Игнатьевна өмір бойы күйеуінің ырқынан шығып көрмегеніне қарамастан, мысалы, шаруаларға бас бостандығы берілгеннен кейін: енді Москваға кетейік, сонда ұсақ сауда-саттықпен (олардың тірнектеп жинаған аздаған тиын-тебені болатын) бірдеме ғып күнелтерміз деп шалының мазасын ала берген; бірақ Григорий онда қатын деген шатаса береді, "өйткені қатын біткеннің бәрі арамза", сондықтан біз бұрынғы қожайынымыз қандай болса да одан кетпейміз, "өйткені бұл біздің парызымыз" деп оның аузын аштырмаған.
— Парыз деген болады адамда, сен мұны түсінемісің? — деген ол Марфа Игнатьевнаға.
— Парыз дегеннің не екенін неге түсінбейін, Григорий Васильевич, бірақ біздің осында қалуымыздың неліктен парыз саналатыны миыма кірмейді менің,— деп нықтап жауап берген Марфа Игнатьевна.
— Миыңа кірмесе мейлі, бірақ айтқаным айтқан. Бұдан былай ауыз ашпайсың.
Ақыры солай болды: олар кетпейді, ал Федор Павлович кемпір-шалға жартымсыз болса да жалақы тағайындап, оны төлеп тұрды. Оның үстіне Григорий өзінің қожайынына ықпалы барына күмәнданбайтын. Ол мұны сезетін және мұнысы әділ-ді; тақыс, қиқар сайқымазақ Федор Павлович, өзі айтқандай, "өмірдің кейбір мәселелеріне келгенде" жетесіздік байқатып, бұған тіпті өзі де таң қалатын. Қай жағынан осал екенін білетін, сонсоң да көп нәрседен қорқатын. Өмірде кейбір жағдайда өте сақтық керек, ондайда қасыңда сенімді адамың болмаса қиын, ал Григорий өте сенімді кісі еді. Тіпті былай да болған: Федор Павловичтің осы жүргенде талай рет аузы күйе жаздаған күйгенде де оңдырмай күйе жаздаған, сонда оны әмәнда Григорий құтқарған, кейін оған тағы да ақыл айтуға тура келетініне қарамастан, үнемі құтқарып отырған. Бірақ, тек аузы күю ғана болса, онда Федор Павлович бұдан қорқа қоймас еді: қасында сенімді, жақын біреудің жоғын кенеттен, өте шұғыл сезінген сәтте мұның себебін, бәлкім, тіпті өзі де анық түсіндіре алмайтын өте қиын, тіпті тым шетін әрі қиямет-қайым жағдайлар да болған оның басында. Әрі-берідесін бұл бір дертпен теңтұғын: барып тұрған бұзық, әйелжанды ақсайтан Федор Павловичтің кейде, мас кезінде, өзінен-өзі жаны түршігіп, иманы қасым болатын, мұның өзі оған, былайша айтқанда, біреу жүрегін тебен инемен шабақтап жатқандай сезілетін. Ол кейде: "Ондай сәттерде шыбын жаным мұрнымның ұшында тұрғандай болады", — дейтін. Міне, дәл осындай сәттерде ол қасында, жақын жерде, өзі жататын бөлмеде болмағанымен, тіпті флигельде болса да, өзіне шын берілген, сенімді адамның, өзі сықылды ақ сайтан емес, бірақ, болып жатқан бұзықтықты көріп, құпия сырға қанықса да, шын берілгендігі себепті соның бәріне көз жұмып, наразылық білдірмейтін, ең бастысы — бетіңе салық қылмайтын, о дүниеде де, бұ дүниеде де қоқан-лоқы көрсетпейтін адамның болғанын ұнататын және алда-жалда басына бұлт айналса, оны қорғайтын болса, — бірақ сонда оны кімнен қорғауы керек? Әйтеуір, қорқынышты, қауіпті беймағлұм біреуден қорғайды да. Бар гәп мынада-ды: жаны құлазып кеткенде қасына шақырып алып, оның бетіне қарап, әншейін бірдеңені сөз етіп көңіл аулайтын ескілікті, дос-жар екінші біреудің болуы керек-ақ; егер ол сөзіңе құлақ салса, қабақ шытпаса, көңілдегі кірбің тарқайды, ал ашуланса мұңайып қаласың. Бір минутқа келіп кетші деу үшін ғана Федор Павловичтің түн ортасында төсегінен тұрып ауладағы үйге барып Григорийді оятқан күндері де (әйтсе де мұндай жағдай өте сирек кездесетін) болған. Қарт малай келетін, Федор Павлович онымен әншейін бірдеңе жайында сөйлескен соң, кейде тіпті мысқылдап, әзілдеп оны көп кешіктірмей қоя беретін де, өзі төсекке қайта қылжия кетіп қаннен-қаперсіз ұйықтап қалатын. Алеша қайтып келгеннен кейін де Федор Павлович осы секілді халге түскен. Алеша онымен бірге "тұрып, бәрін көрсе де, ләм-мим деп кінәламағандығымен оны қайран қалдырған еді. Ол ол ма, тіпті таңғаларлық мінез көрсеткен: кәрі әкені жек көргендіктің зәрредей де нышанын байқатпаған, қайта керісінше — ондай ілтипатқа лайық болмаса да, оған әманда мейірімді болған, ақ көңілден беріліп кеткен. Мұның бәрі осыған дейін "жамандықтан" өзге түк сезбеген қу бас, кәрі жәләпқа мүлде күтпеген, таңғаларлық нәрсе еді. Алеша кеткеннен кейін ол осыған дейін түсінгісі келмеген кейбір жайттарды енді ғана түсінгенін өзіне-өзі мойындаған.
Федор Павловичтің бірінші әйелі, тұңғышы Дмитрий Федоровичей шешесі Аделаида Ивановнаны Григорийдің қалай жек көргенін, ал оның екінші әйелі, желікпе аурулы Софья Ивановнаны тіпті апырақ қожайынының өзінен және оны, ғайбаттаған немесе ол жайлы теріс пікір айтқысы келгендердің бәрінен қалай қорғағанын әңгімеміздің басында айтып өткенбіз. Оның сол бейбаққа деген ілтипаты келе-келе нендей бір қасиетті сезімге айналған, сол себепті Григорий жиырма жыл өткесін де, тіпті кімнің аузынан шықса да мейлі, ол туралы тұспалдаған мансұқтауға да төзе алмайтын болған, ондай жәбірлеушіге шал дереу тойтарыс берген болар еді. Сырттай қарағанда ол салмақпен, байыптап сөйлейтін, жүзі суық, тоңмойын адам-ды. Сондай-ақ, оның қойдан жуас, момын әйелін сүйетін-сүйметінін де бірден ажырату қиын еді, ал шындығында ол әйелін сүйетін және зайыбы мұны түсінетін де. Марфа Игнатьевна зердесіз еместігі былай тұрсын, қайта, тұрмыс құру жөнінен, бәлкім, күйеуінен гөрі ақылдырақ болуы да мүмкін, солай бола тұрса да, ол күйеуіне қосылған күннен бастап оның ырқынан қия баспай, дегеніне үнсіз көніп, адамгершілігі үшін оны риясыз құрметтейтін. Бір ғажабы, келеңсіз тіршіліктің күнделікті күйбеңі жайында болмаса, екеуі өмір бойы ерлі-зайыптыларша шүңкілдесіп әңгімелескен емес. Тәкәппар, айбынды Григорий барлық шаруасы мен мұң-мұқтажын әмәнда жалғыз өзі ойластыратын, сол себепті Марфа Игнатьевна күйеуі оның ақылына зар емесін әлдеқашан біржола түсінген-ді. Күйеуі оны үндемей жүре беретіні үшін бағалайтын, сол үшін оны ақылды деп санайтынын кемпірі сезетін. Бірде аздап еркектік сес көрсеткені болмаса, Григорий оған еш уақытта қол көтерген емес. Федор Павлович Аделаида Ивановнаға үйленген алғашқы жылы, бір күні деревняда, онда әлі басыбайлы әйелдер мен қыздар ән салып, би билеп ойын-сауық құруға қожайынның ауласына жиналған еді. "Во лузях" әнін шырқата жөнелгенде, ол кезде әлі жас келіншек Марфа Игнатьевна кенет хордың алдына жайраңдап шыға келіп "орыс биін", өзге әйелдер сияқты деревнядағыша билемей, бай Миусовтардың үйінде күңдікте жүргенінде помещик үйіндегі театрда Мәскеуден жалдап алдырған танцмейстер үйреткен мәнерде әсірелеп билеген. Келіншегінің қалай билегенін көріп тұрған Григорий үйге қайтқасын бір сағаттан кейін оны бұрымынан алып біраз сүйрелеп тәубесіне келтірген болатын. Содан кейін ол өмір бойы әйеліне қол тигізбеген, сосын Марфа Игнатьевнаның өзі де енді қайтып билемеске ант берген еді.
Құдай оларға бала бермеген, бір сәби көріп еді, ол да өліп қалған Ал Григорий балажан болу керек, мұны тіпті жасырмайтын, яки айтуға ұялмайтын. Аделаида Ивановна қашып кеткенде, артында қалған үш жасар Дмитрий Федоровичті ол қолына алып бір жылдай бағып-қаққан, шашын өзі тарайтын, астауға отырғызып қойып оны өзі шомылдыратын Содан кейін ол Иван Федоровичпен де, Алешамен де әуре болған, бұл үшін кейін шапалақ та жеген; бірақ, мен мұның бәрін баяндап өткенмін. Григорийді өзінің бел баласы Марфа Игнатьевна аман-есен босанса екен деп тілеп жүрген кезде ғана қуантқан-ды. Ал шырылдап жерге түскенде әке жүрегін қарс айырып, қасіретке батырған. Бала алты саусақты болып туды. Мұны көргенде Григорийдің жаман қапаланып, сәбиді шоқындыратын күнге дейін үн қатпағаны былай тұрсын, тіпті тірі жанмен тілдеспеу үшін үнемі бақ ішіне кетіп қалып жүрді. Жазғытұрым еді, ол үш күн бойы бақшада жүйек қазды. Үшінші күні сәби шоқындырылатын еді; оған дейін Григорийге бір ой келген. Үйде сәбиді шоқындыруға әзірлік жасалған, меймандар жиналған, ақырында, шоқындырушы ата боламын деп Федор Павловичтің өзі де келген; Григорий үйге кіргесін священникке тұнжырап, тесіле қарап тұрып: "сол баланы шоқындырмай-ақ қойса қайтеді", — деп күбірледі әр сөзін тісінің арасынан әрең шығарып.
— Неге? — деп сұрады таңғалған священник көңілді үнмен.
— Өйткені ... аждаһа ... — деп міңгірледі Григорий.
— Не дейді, қайдағы аждаһа?
Григорий біразға дейін үндемеді.
— Жаратылысы шатасып кетіпті...— ол мүлде түсініксіздеу болғанмен, өте бекем міңгірледі, тегі, одан ары ештеңе дегісі келмеді білем.
Біраз күліп алғасын, әлбетте, бейшара бала, шоқындырылды.
Діни рәсім кезінде Григорий ықыластана шоқынды, бірақ өзінің жас нәресте жөніндегі пікірін өзгертпеді. Әйтсе де, ол дімкәс туған баланың екі жұмалық қысқа өмірінде оған бір де көз салмастан, оны тіпті байқағысы да келмей, көбінесе үйден шығып кетіп жүргені болмаса, ештеңеге кедергі жасаған жоқ. Алайда, екі жұмадан кейін сәби аузы уылып өлгенде, ол жұдырықтай өлікті кішкентай табытқа өзі салып, ауыр қайғыға батып қарап отырған, ал бала кішкентай шұңқырға көмілгеннен кейін төмпешіктің басында тізерлеп отырып, маңдайын жерге тигізе тағзым еткен. Содан бері талай жыл өтсе де, ол баласын еш уақытта аузына алмаған, оның көзінше тіпті Марфа Игнатьевна да іштен шыққан перзентін бір рет те есіне алған емес, ал егер өзінің "бөбегі" туралы біреумен әңгімелессе, Григорий Васильевич болмаса да, сыбырлап қана сөйлейтін. Марфа Игнатьевнаның пікірінше, сол кішкентай төмпешіктен кейін ол "тәңірге мінәжат қылуды" жиілетіп, Четий-Минейді оқитын болған; үлкен дөңгелек күміс көзілдірігін киіп алып, көбінесе жалғыз отырып ішінен оқитын. Ұлы ораза кезінде болмаса, дауыстап оқи қоймайтын. Айуб пайғамбардың кітабын қолынан тастамады, бір жерден "біздің құдайы пірәдарымыз" Исаак Сириннің сөйлеген сөздері мен уағыздарының көшірмесін тауып алып талай жыл тынбастан оқыды, бұл кітаптан ол түк те түсінбейтін, бірақ оны, тегі, сол үшін өте жақсы көріп, жоғары бағалаған болу керек. Соңғы кезде ол хлыстшылдыққа құлақ түріп, оның мәнін ұғуға тырысқан еді, бұған жақын маңда болған бір оқиға қатты әсер етті ме қалай, бірақ жаңа дінге ауысуды қажет деп таппаған. "Құдай сөзін" жаттаудың әсерінен оның кейіп-келбеті, әлбетте, бұрынғыдан гөрі тәкаппарлана түскен-ді.
Бәлкім, ол мистицизмге бейім шығар. Баласының алты саусақ боп тууы мен өлімі, қас қылғандай, екінші бір мүлде таңғаларлық, күтпеген, қызық оқиғамен тұспа-тұс келген еді, кейін бірде, оның өзі айтқандай, бұл оқиға оның жан дүниесінде "таңба" қалдырған-ды. Дімкәс нәрестені жерлеген күні Марфа Игнатьевна түнде оянып кеткенінде жаңа туған сәбидің шырылдағанын естігендей болған. Ол шошып кеткесін күйеуін оятқан. Григорий құлақ түріп тыңдағаннан кейін: жоқ, біреу ыңырситын сықылды, "әйел даусына ұқсайды" деген. Ол төсегінен тұрып, киінген; мамырдың май тоңғысыз жылы түні еді. Есік алдына шыққасын ол бақ ішінде бір жерден әйелдің ыңырсығанын анық естіді. Алайда, бақ биік, мықты дуалмен қоршалған, түн баласына қақпағы құлыпталады, ендеше ішке қалай кіруі мүмкін? Григорий үйге қайтып келіп панарды тұтатты, сонан соң, әйелінің жас нәрестенің шырылдаған даусын естідім, тегі, ол мені шақырып жатқан кішкентай бөбегімнің даусы шығар деп зәре-құты қалмай безектегеніне қарамастан, сыртқа шығып кетті. Ол ыңырсыған дауыстың бақ ішінен, қақпаға таяу моншадан шыққанын, шынында да әйел даусы екенін анық аңғарды. Григорий моншаның есігін ашып, ішке көз салған соң мелшиіп тұрып қалды: кешеде қаңғып жүретін, бүкіл шаһарға Сасық Лизавета деген жалған атпен белгілі диуана қыз бұлардың моншасына кіріп, жаңа ғана баласын туыпты. Нәресте жанында жатыр, өзі жан тәсілім үстінде екен. Сөйлей білмегендіктен бейшара қыз ештеңе дей алмады. Алайда, мұның барлығын, сірә, байыптап түсіндіру керек шығар.
ІІ
САСЫҚ ЛИЗАВЕТА
Бұл арада Григорийдің бұрынғы жан түршігерлік, жеркенішті күдігіне біржола иландырып, оны қатты қайран қалдырған алабөтен бір жағдай бар-ды. Сасық Лизавета өте тапал қыз болатын, ол өлгеннен кейін шаһарымыздағы діндар кемпірлердің көбісі бейшараны "екі аршыннан сәл ғана қалқыңқы" еді-ау деп еске алған. Жиырмадағы қыздың торсиған, жалпақ, нарттай бетінен нақұрыстығы көрініп тұратын; тұнжырап мөлиген көздері бір түрлі жеркенішті еді. Ол өмір бойы, қысы-жазы бірдей, жалаң аяқ жүретін, кенеп көйлектен өзге лыпасы болмайтын. Көмірдей қара дерлік керемет қалың, бұйра шашы сырттай қарағанда ол басына дағарадай сеңсең бөрік киіп алғандай әсер қалдыратын. Оның үстіне, кез келген лас жерге қисая кетіп ұйықтағандықтан, шаң-тозаң, шөп-шалам, ұсақ шырпы, жаңқа шашына жабысып жүретін. Илья деген әкесі үйсіз-күйсіз, жұтап қалған, ауру-сырқаулы мещан болатын, ол көп жылдан бері шаһардағы бір ауқатты мещан қожайынның есігінде малай боп тамағын асырап жүрген. Шешесі ертеректе өлген-ді. Аурудан шықпайтын, ызақор Илья қызы зәуімде бір үйге соққанда, оны аямай ұрып-соғатын еді. Бірақ, құдай жолын қуған диуана Лизавета жұрттың қайыр-садақасымен күнелткендіктен әкесінің үйіне сирек баратын. Ильяның қожайындары да және оның өзі де, тіпті шаһардағы қаріп-қасерге жаны ашығыш рақымшыл адамдардың көбісі, әсіресе көпестер мен олардың әйелдері Лизаветаға үстіндегі кенеп лыпасынан гөрі тәуірлеу киім-кешекті талай рет берген, қысқа қарай үстіне жылы тон, аяғына етік те кигізген; бірақ қыз әдетте ол киімнің бәрін қарсылық етпестен киіп кететін де, бір жерге, көбінесе үлкен шіркеу басқышының алдына барған соң, үстіндегі тәп-тәуір киімді сыпырып тастап — бас орамал ма, юбка ма, тон ба, етік пе бәрібір, бұрынғысынша жалаң аяқ, жалаң бас, жалғыз көйлекте кете баратын. Бірде жаңа губернаторымыз бізге келгенінде, шаһарды аралаудан алған тәп-тәуір әсері көшеде жүрген Лизаветаны көргенде зая кеткен соң, оның "диуана" екенін түсінсе де және оған солай деп түсіндірсе де, жап-жас қыздың жалаң аяқ, жалаң бас, жалғыз көйлекте жүруі көргенсіздік болады, бұдан былай оның бұлай жүруіне тыйым салынсын деп ескерткен де. Бірақ губернатор кеткен соң Лизавета сол қалпы қала берген. Ақыры, оның әкесі өліп қалған, бұдан кейін шаһарымыздағы діндар атаулының жетім қызға бұрынғыдан да көбірек жаны ашып, оны аяйтын болған. Шынында да, жұрттың бәрі оны жақсы көретін секілді еді, тіпті балалар да оны мазақтап, қорлауын қойып кеткен, ал біздің шаһардың балалары сотқар, әсіресе мектепте тым тентек. Лизавета тіпті бейтаныс үйлерге де именбей кіре беретін және де ешкім оны қуып шықпайтын, қайта, бәрі рақымшылық көрсетіп, бір қара бақырды қолына ұстата салатын. Бұл ақшаны ол сол сәтте шіркеу немесе абақты алдындағы бір қайыршының тостағанына апарып салатын. Базарға барғанында біреулер оған тоқаш немесе қалаш берсе, оны шыққан бойда алғашқы кездескен балаға ұстата салатын, ол ол ма, шаһарымыздағы қайсыбір ең бай ханымды да тоқтатып, соған беретін әдеті де барды; бір ғажабы, әлгі ханымдар оның сыйлығын тіпті ықыласпен алатын. Ал өзі тек қара нан мен суды қорек ететін. Кейде ол бай дүкендердің біріне кіріп жайланып отыратын, қымбат заттары жаюлы жатса да, ақшасы ашық тұрса да, қожайындары одан еш уақытта сескенбейтін, өйткені Лизаветаның көзінше тіпті мың сомды жайып қойып, сол күйі ұмытып кетсе де, оның бір тиынына да қиянат қылмайтынын білетін. Ол шіркеуге сирек кіретін, ал ұйқысы келгенде не шіркеу басқышы жанына, немесе біреудің шарбағынан (бізде тіпті бүгінге дейін дуал орнына шарбақ әлі де көбірек) секіріп түсіп, бақшаның бір жеріне қисая кететін. Үйіне, яки марқұм әкесі малайлықта жүрген қожайынның үйіне шамамен жұмасына бір соғатын, ал қыста күнде келетін, бірақ тек қараңғы түсе оралып, сенекте, немесе сиыр қорада түнеп шығаратын. Жұрт мұндай тіршілікке ол қалай ғана төзеді екен деп таңғалатын бірақ оның еті өліп кеткен еді; ол, тым тапал болса да, керемет шымыр-ды. Мырзалардың арасынан ол менменсіп қасақана өстеді деушілер де табылған, алайда, бұл пікірдің тіпті ешбір қисыны келмейтін: оқта-текте шолжыңдап міңгірлегені болмаса, дұрыстап бір сөз айта алмайтын жарыместе қандай менмендік болуы мүмкін. Бірде (тіпті ертеректе), қыркүйектің сүттей жарық, жылы түнінде, бір топ масаң мырзалар, бес-алты адам, клубтағы сауық-сайраннан үй-үйдің "арт жағымен" тым кештетіп келе жатады. Шолақ көшенің екі қапталы сол маңдағы үйлердің бақшасын қоршаған шарбақ; шолақ көше бізде кейде өзен деп дардай қылатын сасық судан салынған жаман көпірге барып тірелетін. Желіккен мырзалардың шарбақ түбінде, қалақан мен түйе жапырақ арасында қаннен-қаперсіз ұйықтап жатқан Лизаветаға көзі түседі. Қызып алған адамдар ол бейшараға төне қарап қарқылдап күліп, ауыздарына келген боғауызды судай сапырып тұрады. Араларындағы бір байшыкештің басына: "Дәл қазір мына малғұнды әйел деуге аузы баратын біреу біздің арамыздан табыла қояр ма екен және т.т. деген сұмдық ой келеді. Барлығы мұрын шүйіріп, ондай есуас жоқ деп ұйғарысады. Алайда, осы топта Федор Павлович те бар-ды, ол оны әйел деп санауға әбден болады және оның еркекті қызықтыратын бір ерекшелігі де болуға тиіс және т.т. деп қоқиланып шыға келеді. Ол кезде Федор Павлович өзінің сайқымазақтығын көрсетуге тіпті құлшынып тұратын, шыға келіп мырзаларды күлдіріп тышталаңдағанды жақсы көретін, бірақ өзін олармен тең ұстауға тырысқан сайқымазақтығының бәрі шындығында нағыз көргенсіздік болып шығатын. Бұл оның Петербордан өзінің бірінші әйелі Аделаида Ивановнаның қайтыс болғаны туралы хабар алып, қалпағына қара байлап ішкілік пен бұзақылыққа салынып жүрген кезі еді, оның бұл қылығын көргенде шаһардағы ең бұзық деген адамдар да қызаратын. Әрине, мұндай тосын пікірге масаң тобыр мәз-мәйрам боп күліскен: біреуі тіпті Федор Павловичті жаңағы айтқаныңды қалай дәлелдейсің деп ерегістіре де бастаған, ал қылжағы әлі де басылмаған өзгелері, бұрынғыдан бетер түкірімді, сөйтіп, ақыры бәрі де өз жөніне кеткен. Кейіннен Федор Павлович онда басқалармен бірге мен де кетіп қалғамын деп ант ішкен-ді; солай болуы да мүмкін, алайда, мұны ешкім анық білмейді және еш уақытта білген де емес. Бірақ арада бес-алты ай өткесін Лизавета екіқабат боп қалыпты деген қауесет шаһарда гу-гу тарап, бейшараға шын жаны ашыған бәз біреулер: бұл кімнің күнәсі, оны қорлаған кім болды екен? — деп ызамен сұрап жатты. Міне, дәл осы кезде оны қорлаған анау Федор Павловичнің өзі деген таңғаларлық қауесет жайылып кетті. Бұл қауесет қайдан шығуы мүмкін? Сондағы масаң мырзалардан ол кезде шаһарда бір-ақ адам қалған-ды, оның өзі де жасамыс, қадірменді статский советник болатын, үйлі-баранды, бойжеткен қыздары бар кісінің тіпті сондай бірдеңе болған күнде де оны жұртқа дабыралап жатпайтыны түсінікті; басқа бес адам жан-жаққа тарап кеткен. Бірақ тұпа-тура Федор Павловичтің атын атаудан айнымаған қауесет әсте басылмаған. Әрине, ол бұған тіпті оншама шамдана да қоймаған: қайсыбір көпессымақтар мен мещандарға жауап беріп жата ма. Онда Федор Павлович тек өзімен дос-жар шенеуніктермен, ақсүйектермен ғана сөйлесіп, тәкаппарсып жүретін және оларды көңілдендіре де білетін. Осы кезде Григорий өзінің қожайынын ақтап алуға білек сыбана кірісіп, осынау өсек-аяңның бәрінен оны қорғаумен ғана тынбаған, ол үшін жұртпен ұрсысып, таласа кетіп, көбісін иландырған да. "Ол, арамза, өзі кінәлы", — деген Григорий бәрін білетін кісіше, — ал қорлаушының атын естігілерің келсе, ол — әлгі "Жексұрын Карп"(ол кезде губерниялық абақтыдан қашып шығып, шаһарымызда жан сауғалап жүрген бір атышулы қарақшы тұтқынды осылай атайтын еді), Карп жұрттың есіңде болатын, күзге салым, сол бір түндері оның осында жүргені, үш адамды тонағаны ұмытылған жоқ-ты, сондықтан Григорийдің айтқаны шындыққа жанасатындай көрінген. Бірақ, бұл оқиға мен осы өсек-аяңның барлығы диуана қызға жұрттың жалпы жанашырлығын кемітпегені былай тұрсын қайта, бәрі оны бұрынғыдан да көбірек аяп, қамқорлық жасайтын болған еді. Кондратьева деген бір бай көпестің жесірі тіпті былай етеді: көкек айының аяғында Лизаветаны үйіне ертіп келіп, оған босанғанша осында боласың дейді. Оны ешқайда шығармайды; бірақ үй-іші қаншама қырағы күзетсе де, Лизатета ең соңғы күні ымырт түскесін, Кондратьеваның үйінен байқатпай кетіп қалып, Федор Павловичтің бағы ішінен бір-ақ шығады. Айы-күні жеткен әйелдің берік дуалдан қалай ішке түскені жұмбақ боп қалған. Біреулер оны "көтеріп түсірген" десе, екіншілері өзі "секіріп түскен" десіп жатты. Оның бақ ішіне қиын болса да, өзіне үйреншікті әдіспен түскендігі көкейге қонатын секілді: Лизавета түнеп шығу үшін кез келген бақшаның шарбағынан секіріп түсе беретін, ендеше оның бірдеме ғып Федор Павловичтің дуалына шығуы, сонан соң, өзінің хәліне қарамастан және зақымданатынын біле тұра, ішке секіріп түсуі әбден мүмкін. Григорий үйге қайта жүгіріп келіп, Марфа Игнатьевнаны толғатқан Лизаветаға жіберіп, өзі сол маңда тұратын кіндік кесуші бір мещан кемпірді алып келді. Сәби тірі қалды, ал Лизавета таң алдында жан тәсілім етті. Григорий қызылшақа баланы жердей көтеріп алып үйіне әкелген соң әйелін отырғызып, нәрестені оның қолына құшақтатқаннан кейін: "Мына жетімекті сен екеумізге ермек болсын деп құдай тағаламның өзі жіберген. Ақ сайтан мен тақуадан жаралса да, өлген баламыздың өгеуіне жарар. Бауырына басып асырай бер де, бұдан былай жыламайтын бол — деді. Марфа Игнатьевна жетімекті осылай тәрбиелеп өсірген. Оны шоқындырғанда Павел деп ат қойылды. ал әкесінің аты, ешкім айтпастан, өзінен-өзі Федор аталып кетті. Федор Павлович ештеңе қарсылық еткен жоқ, бала менікі емес деп азарда-безер болуын қоймаса да, осының бәрін ол тіпті қызық көргендей еді. Оның тастанды баланы қолына алып, асырап отырғаны жұртқа ұнап қалған. Федор Павлович кейіннен тастанды балаға фамилия да тапты: шешесінің Лизавета Смердящая, яки Сасық Лизавета деген жалған аты бойынша оны Смердяков деп атады. Міне, осы Смердяков кейіннен Федор Павловичтің екінші малайы болған да, біз баяндап отырған хикаяның бас кезінде ол өлмелі кемпір-шал Григорий мен Марфаның қасында, ауладағы кішкентай үйде тұратын. Аспаз боп жүретін. Ол жөнінде арнайы тоқталып, бірдеңе деу керек-ақ еді, алайда, мен сондай қарапайым малайға бола оқырманның назарын бөлуге тіпті ұялып отырмын, сондықтан оқиғаның одан ары өрбуіне қарай Смердяков жайында айтпағымыздың бірдеме ғып реті келе жатар деген үмітпен енді өзімнің әңгімеме кірісейін.
ІІІ
АЛБЫРТ ЖҮРЕКТІҢ ШЫН СЫРЫ. ӨЛЕҢМЕН
Әкесін монастырьдан аттанарында, арбаның үстінен айқайлаған жарлығын естігеннен кейін Алеша біраз уақыт түкке түсінбей аңырап тұрып қалған. Бірақ, ол мүлде мәңгіріп қалмаған еді, олай болған жоқ-ты. Мұның керісінше, қаншама абыржығанмен, ол дереу игуменнің ас үйіне барып, жоғарғы бөлмеде тағы нені бүлдіргенін сұрап біліп алды. Алайда, сонан соң, ол шаһарға жеткенше көкейден кетпеген сауалдың жауабын бірдеме ғып табармын деген үмітпен жолға шықты. Алдын ала айтайын: әкесінің "жастығың мен төсегіңді алып" үйге қайтатын бол деген жарлығынан ол титтей де қорыққан жоқ-ты. Үйге қайт деп айқайлап әдейі қоқиланған жарлықтың "қызып кеткендіктен", былайша айтқанда, тіпті әсірешілдіктен берілгенін ол өте жақсы түсінген; жуырда осы шаһардағы бір мещан туған күніне арналған кеште араққа сілейіп алып, меймандардың көзінше өзіне тағы да арақ ішкізбегеніне бұлқан-талқан боп, үйіндегі ыдыс-аяқты сындыра бастайды, өзінің және әйелінің киімін жыртады, үйдегі жиһаздарды қиратады, терезенің әйнегін быт-шыт қылады, және де осының бәрі бәз-баяғы бір әсірешілдіктен істеледі; оның әкесі, міне, сол мещанның кебін киген. Мас болған мещанның ертеңіне, басы айыққан соң, өзі сындырған шәшкелер мен тәрелкелерге, әрине, іші удай ашиды. Шал да ертең мұны монастырьға қайтаратынын, тіпті бүгін де босатуы мүмкін екенін Алеша білген. Әкесі басқа біреуді ренжітсе де, мұны ренжіте қоймайтынына ол кәміл сенген. Алеша бұл дүниеде оны ешкім еш уақытта ренжіте қоймайтынына, ренжіткісі келмейтіні былай тұрсын, оны тіпті ренжіте алмайтынына сенімді еді. Бұл оған көп сөз қылуды тілемейтін, басы ашық ақиқат секілді көрінген, сөйтіп ол бұл жайында ешбір уайымсыз ілгері жүре берген.
Бірақ дәл осы сәтте оның көкірегінде қандай екенін өзі де айта алмайтындықтан онан бетер жанға бағатын мүлде басқа тектес, екінші бір қорқыныш оянған, бұл бір әйелден, атап айтқанда, бағана Холакова ханымнан беріп жіберген бір жапырақ қағазында мұны бірдеңеге керексің, қайтсең де келіп кет деп қолқалаған Катерина Рвановнадан сескену еді. Оның бұл талабы және оған қалай да бару қажеттігі Алешаның жүрегінде кенеттен бір түрлі қатты қиналған сезім туғызып, таңертеңнен бері, одан соңғы кикілжіңдер мен монастырдағы, одан кейін игумендікіндегі хикаяларға, тағы басқаларына қарамастан, уақыт өткен сайын өршіп, жанына бата берген. Қорыққанда ол Катерина Ивановна бұған не дейтінін және өзінің оған не деп жауап беретінін білмегендігінен қорықпаған. Және одан әйел деп те қауіптенген жоқ-ты: әйел затын ол, әрине, аз білетін, бірақ, қалай дегенмен де өмір бойы, сәби кезінен монастырьға кеткенше, тек солардың арасында өмір кешті ғой. Ол дәл осы әйелден, нақ Катерина Ивановнадан ғана қорыққан. Ол одан алғаш көргенде-ақ сескеніп қалған еді. Ал оны көрсе бір ме, әлде екі ме, тіпті, бәлкім, үш пе көруі мүмкін, бір жолы әлдеқалай бірер сөз тіл қатысқан да болуға тиіс. Сұлу, тәкаппар, өктем қыздың бейнесі есте қалған. Бірақ оны қинайтын қыздың сұлулығы емес, басқа бірдеңе-ді. Нақ осы бір түсініксіз қорқыныш Алешаны одан бетер үрейлендіре түскен Қыздың аса ізгілікті бір мақсатқа берілгенін ол білегін; ол қыз өзінің алдында кінәлы болып қалған Дмитрийді құтқармақ және де мұны тек ақ пейілділігінен істемек. Енді міне сол бикештің үйіне жақындаған сайын, осынау ғажап, ақ пейілді сезімнің әділеттілігін өзінің толық түсінетіндігіне қарамастан, оның жон арқасы мұздай берген еді.
Алеша Катерина Ивановнамен өте жақын жүрген ағасы Иван Федоровичті ол үйден кездестіре қоймаспын деп ойлаған: ағасы қазір әкесінің үйінде болуға тиіс. Ал Дмитрийді кездестірудің мүлде реті жоқ, мұның себебін ол күні бұрын сезген. Сонымен, екеуі оңаша отырып әңгімелесетін шығар. Алайда, оның осы қиямет-қайым сұхбатқа дейін ағасымен жүздесу үшін оған соға кетуі керек секілді. Онымен хатты көрсетпестен пікірлесер еді. Алайда, Дмитрий алыста тұратын және қазір үйінде болмауы да мүмкін. Ол бір минуттай тоқтап тұрды да, ақыры, бір шешімге келді. Ол әдеттегісінше, тез шоқынғасын, әлденеге жымиып күлді де, соншалықты үрейін алған ханымның үйіне қарай тайсалмай жүрді.
Алеша оның үйін білетін. Егер ол әуелі үлкен көшеге шығып, сосын алаңмен тағы бір жерлерден өтіп барса, онда тым ұзақ жүрер еді. Біздің кішігірім шаһарымыз өте бытыраңқы болатын, сол себепті кейде баратын жерің мүлде қашықтап кетеді. Оның үстіне үйде әкесі күтіп отыр, ол жарлығын әлі ұмытпауы да мүмкін, ендеше ренжіп қалуы ықтимал, сол себепті анда да, мұнда да үлгіру үшін асығу керек. Осындай ойлардан кейін Алеша үй-үйдің арт жағымен, төтелей тартуға ұйғарды, мұндай жерлерді ол бес саусағындай жақсы білетін. Бұл үшін дуалдарды бойлай сырт жақпен жүру, кейде тіпті бөтен шарбақтардан қарғып түсіп, оны кез келгені тани кететін және бәрі амандасып жүретін үйлердің аулаларын орағытып өту керек еді. Бұлай жүргенде ол Үлкен көшеге шығатын жолды екі есе қысқарта алатын. Бір жерде оған әкесінің үйіне өте жақын тұстан, атап айтқанда, өздерінің бағымен жапсарлас, төрт терезелі қисайған кішкентай ескі үйдің бағы жағынан өтуге тура келді. Бұл үйдің иесі шаһардағы бір аяғы жоқ мещан кемпір екенін, ол қызымен бірге тұратынын Алеша білетін. Жуырда ғана астанада бір генералдың үйінде әлеңкедей жаланған қызметші боп жүрген қыз шешесі науқас болғасын осыдан бір жыл бұрын қайтып келіп, әдемі көйлек киіп сәнденіп жүретін. Алайда, кемпір мен қыз жаман жұтап қалған еді, сөйтіп олар көрші хақы бойынша Федор Павловичтің ас үйінен күнде келіп сорпа-суын, нан алып тұратын. Марфа Игнатьевна қабақ шытпай құйып беретін. Әйтсе де, кемпірдің қызы бөтен үйден сорпа-суын алып жүрсе де, бірде-бір көйлегін сатпаған, бір көйлегінің етегі тіпті тауыстың құйрығындай еді деседі.
Соңғы жайтты Алеша, әрине, шаһардағы оқиғаны бәрін білетін досы Ракитиннен кездейсоқ естіген, содан кейін, әлбетте, тез ұмытқан да. Бірақ, ол көрші кемпірдің бағына жақындағанда сол қыздың етегі шұбатылған көйлегі кенет есіне түскен соң, төмен қарап ойға батып келе жатқан басын тез көтеріп алып еді... күтпеген жерден бір кездесуге тап болды.
Көрші бақтың ішінде, бірдеңенің үстіне шығып алып, кеудесін шарбақтан жоғары бұғындыра ағасы Дмитрий Федорович тұр екен, айқайламақ түгіл, біреу-міреу естіп қалмасын деп дыбыс шығаруға қорыққан кісіше, қолын олай-бұлай сермеп оған бірдеңені ымдайды, мында кел деп шақырады. Алеша шарбаққа қарай тез жүгіріп барды.
— Өзің көргенің қандай жақсы болды, әйтпесе айқайлап жібере жаздап тұр едім, — деп тез сыбырлады қуанып кеткен Дмитрий Федорович. — Бер жаққа түс! Тез! Ah, келгенің оңды болды ғой. Жаңа ғана сені ойлап едім...
Шарбақтан қалай қарғып түсерін білмегені болмаса, Алешаның өзі де қуанған. Бірақ "Митя" әлуетті қолымен оны шынтағынан демеп жіберді. Шұбатылған етегін жинап алған Алеша шаһардың жалаң аяқ баласынша ішке бір-ақ секірді.
— Ал жүр, кеттік! — деп сыбырлады қуанышты Митя.
— Қайда барамыз? — Жан-жағыңа көз салғаннан кейін екеуінен басқа тірі пенде көзге түспеген бақта тұрғанын сезген Алеша да сыбырлап сөйлеген. Бақ кішкентай еді, алайда, қожайынның баспанасына дейін кемінде елу қадамдай болып қалар. —Мұнда ешкім жоқ қой, сен неге сыбырлайсың?
— Неге сыбырлайсың дейсің бе? Аһ, құдай атып мен неге сыбырлайтын болғамын? — деп Дмитрий Федорович кенет бар дауысымен айқайлап жіберді. — Міне, өзің көріп тұрсың, шатасайын дегенде адам аяқ астынан шатаса береді ғой. Мен бұл арада жасырынып тұрмын, сондықтан құпиялық сақтауым керек. Кейін түсінем ғой, бірақ құпия секілді көрінгесін жасырын сөйлейтін, ақымақ адамша қараптан-қарап сыбырлап сөйлесетін болыппын. Кеттік! Анау жерге қарай! Оған дейін үніңді шығарма. Сенің бетіңнен сүйгім келді ғой!
Дүниедегі қасиеттінің даңқы артсын,
Бойымдағы қасиеттің даңқы артсын!..
Мен мұны жаңа, сен келердің алдында, осында отырып қайталап айттым.
Бақтың көлемі бір десетина немесе одан сәл көбірек болып қалар; бірақ алма ағашы, үйеңкі, жеке ағашы, қайың тек айнала қоршаған шарбақты бойлай ғана отырғызылған. Ортасы ашық көгал, жазда одан бірер шөмеле шөп алынатын. Көктем шығысымен кемпір бағын азын-аулақ ақшаға жалға беретін. Таңқурай, қарлығап, қарақат та бар-ды, бұлар да шарбаққа жақын отырғызылған; тегі, жуырда ғана егілген болу керек, көк өскін жүйектері үйдің тап іргесінде еді. Дмитрий Федорович інісін бақтың үйден алысырақ бұрышына апара жатқан. Қалың жөке ағаштары, қарақат пен аю бадам, шәңгіш пен сиреннің ескі бұталары арасынан әбден тозғасын қарайып, қисайып кеткен жасыл күнсаяның торкөз қаңқасы секілді бірдеңе көрінді, бірақ төбесі жабық екен, жауын-шашыннан паналауға жарайтын секілді. Оның қашан салынғанын құдай білсін, оны осыдан елу жыл бұрын, мынау үйдің сол кездегі қожасы, отставкадағы подполковник Александр Карлович фон Шмидт тұрғызыпты-мыс деген аңыз ғана бар. Бірақ, бәрі шіріп біткен, еденнің бұзылған тақтайларының бәрі шайқалып тұрған, ағашын дым тартқан күнсаяның ішінде төрт аяғын жерге көміп орнатқан жасыл ағаш үстел тұр, айнала дәл сондай жасыл тақтай сәкі жасалған, олар әлі отыруға жарайтын еді. Алеша әуелі ағасының жүзі жайнап сала бергенін байқап еді, күнсаяға кірген соң кішкентай үстел үстінде жарты шөлмек коньяк пен оймақтай рөмке тұрғанын көрді.
— Мынау коньяк! — деді қарқылдап күлген Митя. — Ал сен ғой маған: "тағы да ішкілікке салынған ба?" деп қарайсың.
Тобырға сенбе өсек қуған, жеңілтек,
Күмәніңді ұмытсаңшы өзіңнің...
Мен ішкілікке салынғаным жоқ, анау Ракитин доңыздың айтатынындай, тек "дәмін алып" қана жүрмін; ол әлі статский советник болады, сонда да үнемі "дәмін аламын"дейтін шығар. Отырсаңшы. Мен бар ғой, Алеша, сені құшақтап алып, кеудеме шыңғыртып жібергендей ғып қатты қысқым келеді, өйткені бұл дүниеде... шындап... шын мәнінде...(миыңа салшы! миыңа салшы!) тек жалғыз сені ғана жақсы көремін!
Ол соңғы сөздерін бір түрлі шамырқанып айтты.
— Жалғыз сені, сосын тағы бір "арамзаны" ғана жақсы көремін; ол әйелге ғашық болдым да, ақыры, өзімнің түбіме жеттім. Бірақ ғашық болу сүю деген сөз емес. Жек көріп тұрсаң да ғашық болуың мүмкін. Бұл есіңде болсын! Енді көңілденіп сөйлеймін! Міне, мына жерге, үстел басына отыршы, сенен көз алмай жаныңда қырын қарап отырып әңгімелесемін. Сен үндемей-ақ қой, ал мен сөйлей беремін, сөйлей беремін, өйткені айтып қалатын кезім келді. Әйтсе де, білесің бе, шынында да ақырын сөйлеу керек қой деймін, өйткені мұнда... Мұнда күтпеген жерден бір тыңшы шыға келуі мүмкін. Бәрін түсіндіремін, айттым ғой: әңгіменің жалғасы алда деп... Неліктен сені көргім келді, ілкіде, осы бір күндері саған неге құштар болдым дейсің ғой? (Менің осы арадан орын тепкеніме бес күн болды). Осы күндері, қазір де саған неге құштар болдым дейсің? Өйткені тек саған ғана бәрін айта аламын, өйткені осылай етуім керек, өйткені маған сен керексің, өйткені ертең көктен құлаймын, өйткені ертең ғұмырым бітіп, қайта басталады. Таудың басынан етектегі орға қарай құлағанды бастан кешкенің, немесе түсіңде көргенің бар ма? Ал мен қазір солай құлағанымды түсімде көріп тұрған жоқпын. Мен қорықпаймын, сен де қорықпа. Яки қорқамын, бірақ, осының өзі менің жаныма жағады. Яки жаныма жақпайды, бірақ қуантады... Жарайды, мейлі, не де болса да мейлі. Рухымыз күшті болса да, әлсіз болса да, тіпті қатынның рухындай болса да мейлі! Табиғатты марапаттайық: көріп тұрсың ба, күннің нұры қанша, аспан қандай ашық, жапырақ біткен жап-жасыл, әлі де жадыраған жаздың өзі, түс ауып сағат төртке кетті, айнала тып-тыныш! Қайда бара жатыр ең?
— Әкемнің үйіне бара жатқам, бірақ әуелі Катерина Ивановнаға кіріп шықпақшы едім.
— Алдымен оған, сосын әкеңе бармақшы екенсің ғой! Мәссаған! Дөп келгеніңді қара! Мен сені не үшін шақырды, неге көргім келді дейсің, жан-дүниемнің барлық қыртысына дейін жазылып, тіпті мүйізіме дейін сырқырап сенімен кездесуге неге құштар болды дейсің? Сені әкеме, сосын Катерина Ивановнаға барып кел деп жұмсау үшін, содан кейін ол әйелмен де, әкеммен де істі ақи-тақи бітіру үшін күттім ғой мен сені. Періштені жұмсау керек болды. Басқа кісі де табылатын еді, бірақ менің сендей періштені жібергім келді. Енді міне ол әйел мен әкеме сен өзің бара жатыр екенсің.
— Шын мені жұмсағың келді ме? — деп сұрады Алеша оған жаны ашыған пішінмен.
— Тоқта, сен мұны білгенсің. Сенің бәрін ә дегеннен-ақ ұққаныңды көріп тұрмын. Бірақ үндеме, әзірше ештеңе демей-ақ қой. Маған аяныш білдіріп, жылаудың қажеті жоқ!
Дмитрий Федорович түрегеліп, ойға батқан күйі, саусағын маңдайына апарды:
— Ол сені өзі шақырды ма, саған өзі хат жазып па еді, әлде сені оған баруға мәжбүр еткен басқа бірдеңе болды ма, әйтпесе, сен оған барар ма едің?
— Міне хаты, — деп Алеша қалтасынан бір жапырақ қағазды алды. Митя хатқа тез көз жүгіртіп шықты.
— Сөйтіп, сен ғой үй-үйдің арт жағымен тарттың! Сені осы жолға салған жасаған иеме мың да бір рахмет! Әйтпесе, сен ертектегі алжыған балықшы шалдың ауына түскен алтын балықша маған тап болар ма ең! Алеша, бауырым енді тыңдай бер. Енді сенен ештеңені бүгіп қала алмаймын. Әйтеуір біреуге ақтарылуым керек қой. Көктегі періштеге сырымды ақтарғамын, енді жердегі періштеге ақтарайын. Сен жердегі періштесің. Сен мені тыңдап, төрелігін айтып, кешірерсің... Менің тілейтінім де сол, әйтеуір мәртебелі біреу кешірім жасаса екен маған. Сөзіме құлақ салғын: егер жаратқанның екі пендесі кенет жер бетіндегі тірліктен безініп, ғажайып әлеміне ұшып кетсе немесе тым болмаса екеуінің біреуі кетсе, сөйтіп ол ғайып боларында немесе өлерінде екіншісіне келіп: маған тек жан тәсілім үстінде болмаса, басқа еш уақытта тірі пендеге сен сөйте қойшы деп айтылмайтын бірдеңені істеңізші деп қолқаласа, — онда біріншісі бұл өтінішті неғып орындамас екен... егер шын дос, бауыр болса?
— Мен орындаймын, бірақ, не боп қалғанын тез айт, — деді Алеша.
— Тезірек пе... һм. Саспа, Алеша: сен асығып, абыржып тұрсың. Енді асығудың қажеті жоқ. Енді әлем жаңа көшеге ауысты. Еһ, Алеша, сенің қуанышты сезбеуің қандай өкінішті! Әйтсе де, саған мұны несіне айтып тұрмын? Сезбеген кісі сендей бола ма екен!
Адам болсаң — ізгі бол!
Саған осылай деген ақымақ басым-ай. Бұл кімнің өлеңі еді?
Алеша сәл кідіргенді жөн көрді. Ол өзінің тындыратын ісі енді, шынында да, тек осы арада болуы мүмкін екенін түсінген еді.
Үстелге қолын шынтақтап қойған Митя алақанымен жағын таянып, азғана ойланып қалды. Екеуінде де үн жоқ.
— Леша, — деді Митя, — бұл қылығыма күлмейтін жалғыз сен ғана! Мен жүрек жарды сырымды...Шиллердің қуаныш гимнінен...бастығым келеді. An die frcude!1 Бірақ, мен an die freude дегеннен басқа, немісше түк білмейтін ғой. Мені мастықтан мылжыңдап отыр деп ойлама. Мас емеспін. Коньяктің аты коньяк, бірақ, екі шөлмексіз мен мас бола қоймаймын, —
Силен ғой нарттай екі беті,
Сүрінген көк есектің үстіндегі,
— ал мен шөлмектің төрттен бірін де ішкен жоқпын және Силен де емеспін. Бірақ, Силен болмасам да, мен күштімін, өйткені ғұмыр бақилық бір шешімге келдім. Сен менің сөздің мағынасын бұрып сөйлегенімді кешір, сен бүгін маған ол түгіл, басқа көп нәрсені кешіруге тиістісің. Езбелеп отырып алар деп қорықпа, мен іс жайында айтып отырмын және лезде тоқ етеріне көшемін. Орынсыз қинап жатпаймын. Тоқташы, қалай еді...
Ол басын көтеріп, ойланып отырды да, кенеттен бастап кетті:
Жалмауыз, тағы, құбыжық,
Жартаста жүрген тығылып.
Жан-жағын жалмай келеді
Әпшісін жердің қуырып.
Қолға алып садақ, найзасын.
Асырмақ аңшы айласын...
Бейшара болды бейбақтар
Жағаға шығып қалғасын.
Олимптің құзар басынан,
Церера ана асыл жан
Презерпинді іздеп келеді,
Құлазып жатыр жасыл маң.
Үйі жоқ онда, сыйы жоқ,
Құдірет ана күйі жоқ,
Ғибадатқа ешкімнің
Табылар бүгін түрі жоқ.
Мұндағы тойдың сыйында
Жеміс жоқ тарар ырымға
Қанды құрбан қалдығы
Түтейді ұқсап шылымға
Табылмай ешбір сенері,
Церера мұңға енеді.
Жан-жағын түгел қаптаған
Бейшара жанды көреді.
Сонан соң, Митя еңіреп қоя береді. Ол Алешаны қолынан ұстай алды.
— Достым-ау, мен қор болдым ғой, қор боп өттім ғой бұл дүниеден. Жер басып жүрген пенде сұмдық көп жапа шегеді екен, оның көрер көресіні басынан асады екен! Мені коньякты судай сіміріп, бұзықтықтан өзге дым білмейтін офицер шеніндегі найсап шығар деп ойлап қалма. Мен, бауырым, тек осыны ғана, қорлықтағы адам туралы ғана ойлаймын, тек бұл айтқаным шындық болғай. Енді өтірік айтудан, өзімді марапаттаудан құдай сақтасын мені кісі жайында ойлай беретінім — мен өзім дәл сондай адаммын ғой.
Жан дүниесін тазартып,
Көтерсін десең еңсесін,
Жер-анаға наз артып,
Достыққа шақыр пендесін.
Бірақ мәселе мынада ғой: мен жермен қалай мәңгі-бақи одақтаспақпын? Мен топырақты тәуеп еткен жан емеспін, жердің төсіне де түрен түсірген емен; сонда менің мұжық немесе бақташы болуым керек пе? Әйтеуір келе жатырмын, бірақ сасық нәжіске құлап масқара болғанымды, немесе шұғылалы сәуле мен қуанышқа бөленгенімді білмеймін. Қырсық міне қайда жатыр, өйткені бұл жалғанда бәрі жұмбақ емес пе! Бұзықтықтың тіпті ең масқарасына белшеден батқан сәттерімде (маған жазғаны тек қана осы ғой деймін) мен әманда Церера туралы, адам туралы осы өлеңді жатқа айтамын. Бұл өлең мені түзеді деймісің? Еш уақытта түзеген емес! Өйткені мен Карамазовпын ғой. Өйткені мен, егер құрдымға қарай құлайды екем, онда тек басыммен, омақаса құлаймын да, нақ осылай аяғым аспаннан келіп құлағаныма тіпті риза болып, керемет істедім ғой деп масайраймын. Міне, дәл осы масқара сәтте кенет осы гимнді бастаймын. Мейлі қарғыс атсын, мейлі арамза, найсап болайын, бірақ мен сонда да жасаған иемнің шалғайынан тәуеп етуден жазбаймын; мейлі сайтан азғырып, соның соңынан ерейін, бірақ мен, жаббар ием, бәрібір сенің перзентіңмін, сені сүйемін, сөйтіп бұған шаттанамын, ал шаттықсыз дүние жоқ және болмақ та емес.
Тәңірінің берген тірлігін,
Қосумен жырға қуана.
Бір қуат бойда дүрлігіп
Тіршілік нұрын құя ма!
Шуаққа нұрлы талпынып,
Көк шалғын жатыр тебіндеп,
Демікті дүние алқынып,
Мезгілге сыймай желіндеп.
Әлемге тосып уызын,
Табиғат-ана еміренді,
Жұтқандай самал қымызын,
Адамзат толқып тебіренді.
Өңмеңдеп досың ортеке,
Сөліңді сорып семірер
Тас кенеше жабысып...
Періште барар құдайға.
Әйтсе де, елеңдеткенім жетер! Менің көзімнен жас кетті, сондықтан сен менің жылағаныма қарсылық етпе. Бұл жұрт күлетін ақымақтық-ақ болсын, бірақ сен оған күлмейсің. Әне сенің де жанарыңнан от жылтырады. Енді өлеңді доғаралық. Мен саған енді мақлұқаттар туралы, тәңірім ләззатқұмар етіп жаратқандар жайында айтайын:
Тас кенеше жабысып!
Бауырым, дәл сол мақлұқатың мына мен және осының бәрі мен жайында арнайы айтылған. Және де біздің Карамазовтар әулетінің бәрі осындаймыз, періште саналатын сенің көкірегіңе де сондай бір мақлұқат ұялаған, ол сенің де қаныңды қыздырады әлі. Бұл әсте жай қызу емес, ол ләззатқұмарлықтың қызуы. Сұлулық—бұл қорқынышты, сұмдық нәрсе! Қорқынышты болатыны — оны анықтаудың қиындығынан, ал анықтаудың қиындығы — тәңірім бәрін жұмбақ қып қойған ғой. Осы тұста жағалаулар тоғысады да, қайшылықтардың бәрі бірге тіршілік етеді. Мен, бауырым, өте білімсізбін, бірақ осы жайында өте көп ойландым. Құпия сұмдық көп қой! Жер басып жүрген адамды жұмбақтың тым көптігі езеді.
Білгеніңше шешімін тап та, бойыңа су жұқтырма. Сұлулық! Мен кейбір, тіпті жүрегі асыл, ақылы шалқар адамның да әуелі Құдай-ананың мұратынан бастап, сосын нағыз бұзықтықты мұрат тұтумен аяқтағанына төзе алмаймын. Ал егер кісі нағыз бұзықтықты жан дүниесімен мұрат тұта тұрып, Құдай-ананың мұратын да мансұқтамаса, сөйтіп бұдан оның жүрегі күйіп-жанса, бейнебір бейкүнә жастық шағындағыдай шынымен күйіп-жанса, бұл одан да жаман қорқынышты. Жоқ, адам далиып кеткен, тым далиып кеткен, мен оны тарылта түсер едім. Білесің бе, бұл не болғаны сонда! Ақыл-парасатыңа масқаралық боп көрінген нәрсені жүрегің бастан-аяқ сұлулық деп қабылдайды. Бұзықтық сұлулық белгісі болғаны ма? Илансаң, қисапсыз көп адамдар үшін бұл дәл солай, — бұл құпияны сен білуші ме едің, әлде білмейсің бе? Ең жаманы сол — сұлулық қорқынышты ғана емес, сонымен бірге құпия нәрсе. Бұл арада ібіліс құдаймен айқасқа түседі, ал шайқас майданы — адам жүрегі. Әйтсе де, әркім өзінің шымбайына батқан нәрсені айтады ғой. Тыңдай бер, нақты әңгіменің кезегі енді келді.
IV
АЛБЫРТ ЖҮРЕКТІҢ ШЫН СЫРЫ. АНЕКДОТТАР
Менің онда жын-ойнақпен жүргенім рас. Бағана әкем мені әйелдердің қойнына бару үшін мыңдаған ақшаны шашты деді ғой. Бірақ бұл арамзаның жай далбасасы, мен еш уақытта олай еткен емен, ал бірдеңе болса, "оған" шындығында ешқандай ақша кеткен жоқ. Әдемі бірдеңені сыйлап, күйдім-жандым деп арбап, қыбын таба білсем, ақшаның керегі не. Бүгін айдай арумен бір төсекке жатсам, ертеңіне оның орнын көшедегі бір жас қыз басады. Ақшаны уыстап шашып, музыкалатып, думандатып, сыған әйелдерін билетіп, кербез бикештің де, қарапайым қыздың да көңілін аулаймын. Қажет болса, ақша да беремін өйткені алғанды кім жек көреді, сонан соң айта кету керек, берген ақшаны ықыласпен алып, риза болғасын алғысын да жаудырып жатады. Бикештер мені жақсы көретін, әрине, бәрі емес, бірақ қатты ұнатқандары болды; бірақ мен әманда қайдағы бір шолақ көшелерді, көзден тасалау, жықпыл-жықпыл, қараңғы қуыстарды, алаңның сырт жағын ұнатушы едім, — небір хикаялар, небір оқыс оқиғалар сол жақтарда болып жатады, одан тіпті аяқ астынан саф алтын да табуың мүмкін. Бауырым, мен саған әдейі тұспалдап жатырмын. Біздің шаһарда кісі тонайтын ондай қағаберіс жерлер болған жоқ, ал абыройды айыратын қағаберіс болған. Егер сен менің орнымда болсаң, онда мұның не екенін түсінер едің. Мен бұзық жолдың қызығын да, масқара ұятын да бірдей сүйдім. Құныққанды жараттым: тас кенеше жабысатын қансорғыш болмағанда, мен кіммін? Айттым ғой — Карамазовпын деп! Бірде күллі шаһар боп жеті үштікпен сейіл құруға шықтық: қыстыгүні қараңғыда шанамен келе жатырмыз, көрші үйдің қызы қасымда отырған, мен оның қолын әуелі қайта-қайта қыса бердім, сосын ептеп аузынан сүюге икемдедім; сүйкімді, момын, көнгіш байғұс бір шенеуніктің қызы еді. Қараңғыда ол маған қарсылық білдірген жоқ, көне кетті. Бейшара мені ертеңіне үйіне барып, оған сөз салатын шығар деп ойлады білем (ең бастысы, мені үйленетін жігіт деп бағалайтын); ал мен одан кейін бес ай бойы онымен хабарласпай кеттім. Бірде жұрт билеп жүргенде (бізде тек билеу үшін ғана жиналады ғой) залдың бір бұрышынан оның көзбен тағатсыздана бағып тұрғанын көргенімде, ішіндегі өкінішті реніштің оты жанарынан алқындап тұрғанын байқағаным бар. Көзбен аңдысқан бұл ойын мендей әйел жанды мақлұқатқа әншейін бір ермек қана еді. Бес айдан кейін қыз бір шенеуіктің етегінен ұстап, басқа жаққа кетіп қалды... кім біледі, мені әлі де сүйгендіктен өкпе-назы ішінде кеткен шығар. Қазір олар бақытты тұрмыс құрып жатыр. Біле білсең, мен осыны тірі жанға айтқан емен, қызды масқаралаған жоқпын. Мен қара ниет, арамзамын, бірақ басқаның намысын сақтаймын. Сен қызарып кеттің ғой, екі көзің алақ-жұлақ еткені несі. Саған осы айтқан пасықтығым де жетер. Көкірекке орнап алған таскене өсіп торсия бастаса да, бұл әлі жай әншейін бірдеңе, Поль де Коктың ишарасы ғана, бауырым, айта берсем, менің естеліктерім тіпті бір альбом болар. Тәңірім оларға, менің сүйкімділеріме, тек денсаулық берсін. Мен әйелдермен дау-дамайсыз ажырасып кете барғанды ұнатушы едім. Ешқашан да сыр ашқан емен, еш уақытта ешбір әйелдің атын атап масқара еткен жоқпын. Алайда, осы да жетер. Саған қол бұлғағанда осы сандырақты айту үшін ғана шақырды деймісің? Жоқ, мен сені бұдан да қызық нәрсені айтуға шақырдым; бірақ, сенен неліктен ұялмайтыныма таңданба, мен бұған қайта қуаныштымын.
— Мұны мен қызарып кеткесін айтып тұрсың ғой, — деді кенеттен Алеша. — Сенің сөздеріңе, сенің қылықтарыңа бола қызарған жоқпын, қайта, мен де дәл өзіңдей екенімді сезінгенсін қызардым.
— Сен бе? Қой, аздап бөсіп кеттің ғой деймін.
— Жоқ, бөскен жоқпын, — деді Алеша қызбаланып (Сірә, бұл ой оның басына көптен бері келген).— Екеуміз де бәз-баяғы бір баспалдақта тұрмыз. Айырмашылығы — мен төменгі басқыштамын, ал сен жоғарысында, шамасы, он үшінші басқыштасың. Өз басым бұл іске осылай қараймын, бірақ мұның бәрі бір-біріне ұқсас, біртектес нәрсе. Төменгі басқышқа табаны тиген адам жоғарғы басқышқа да шықпай қоймайды.
— Демек, мүлде аяқ салмау керек пе?
— Мүмкіндік болса, салмағаны жөн.
— Ал, саған ше?
— Тегі, салуға болмайтын шығар.
— Үндеме, Алеша, үндеме, жарқыным, жүрегім елжіреген соң қолыңнан сүйгім келгенін қарашы. Әлгі Грушенька, сайтан неме, адам таниды ғой, ол бірде маған кезі келгенде сені жеп қоятынын айтқан еді. Қойдым, қойдым! Енді шыбын нәжістеген жиіркенішті нәрседен менің басымдағы қасіретке көшейік, ол да шыбын нәжістеген, яки кіл арамзалықпен ластанған нәрсе. Әңгіме мынада: біздің шал бейкүнә бикештерді қармаққа түсіру жөнінде өтірік соқса да, мұның өзі, шындығында, дәл солай екені рас, тек бір-ақ рет болған, онда да іске аспаған. Болмаған істі менің бетіме басқан шал мұны қайдан білсін: мен еш уақытта тірі пендеге айтқан емен, сенің алдыңда бірінші рет аузымнан шығып тұр. Ал Иванды есептеме, ол бәрін біледі. Иван әлдеқашан естіп білген. Бірақ, ол тіс жарамайды.
— Иван ба?
— Иә, солай.
Алеша бар зейін-зердесімен тыңдады.
— Мен сол байырғы батальонный прапорщигі саналсам да, бәрібір жасырын бақылаумен айдауда жүрген адам секілді болған едім. Ал тұрған шаһарымыз мені керемет жақсы қарсы алған. Ақшаны оңды-солды шаштым, жұрт менің бай екеніме сенді, әрі-беріден соң бұған тіпті өзім де сенгемін. Әйтсе де, мен оларға басқа бір жағынан да жақтым ғой деймін. Бәрі тек бас изесе де, оларға ұнаған секілді едім. Подполковнигім егде кісі еді, аяқ астынан мені жек көріп кетті. Қит етсе ұрсатынды шығарды. Ыға қоятын мен бе, оның үстіне бүкіл шаһар менің жағымда болғасын оншама иықтай қоймас деп ойладым. Өзім де кінәлымын, оған тиісті қошемет көрсетпеймін деп қырсығатын нем бар еді. Өр көкіректік қой. Осынау онша жаман да емес, көңіл түскенде көлдей, қонақжай қыңыр шалдың бір кезде екі әйелі болыпты, бірақ екеуі де өлген. Бәйбішесі қарапайым біреудің қызы болса керек, одан бір қыз қалыпты, ол да шешесі сияқты қарапайым. Мен келгенде жиырманың төртеуіндегі кәрі қыз марқұм шешесінің апасы екеуі әкесімен бірге тұрады екен. Әпкесі момын қарапайым болса, немере сіңлісі, подполковниктің үлкен қызы нағыз өжет қарапайымның өзі еді. Оны еске алғанда ілтипатты сезімді айтпай кете алмаймын: Бауырым-ау, мен әйел затында тап сол бикештің мінезіндей ғажап мінезді еш уақытта көрген жоқпын, аты Агафья еді, білгің келсе, Агафья Ивановна деп атайтын. Сонсоң ол, айдай ару болмағанмен, көріксіз де емес-ті, нағыз орыс талғамына сай сұңғақ бойлы, тығыршықтай, толықша ғана еді, бет-жүзі жобалғы болса да, көзі қандай ғажап. Екі адам сөз салса да, күйеуге шықпаған, бірақ шат көңілден айрылмаған. Менің ол қызбен жақындасуымда ешқандай қулық-сұмдық жоқ, бәрі таза, былайша айтқанда, достықпен табыстық. Мен әйел көңілін көбінесе күнәға батпай, жылы лебізбен-ақ табамын ғой. Сыпайыси бермей, неде болса ашығынан кет! — ұрғашы дегенің сонда күліп мәз-мәйрам болады. Әйелдің көбі, бұл есіңде болсын, ашық сөйлескенді ұнатады, мұның үстіне қызбен сырласатын болғандықтан өзіңнің де қөңілің қош отырады. Және де ол қызды ақ саусақ деуге әсте болмайтын еді. Әкесінің үйінде әпкесімен бірге тұратын қыз өзге жұртпен теңесуге ынтықпай, өзін біртүрлі төмен ұстайтын. Әйгілі тігінші қызды бәрі жақсы көретін, оған бәрінің ісі түсетін: өнерпаз бикеш қызметін сатпайтын және сыйлаған адамдарына ғана тігетін, қол ақысын өздері ырым жасаса ғана алатын. Ал подполковникке келсек, оның жөні — мүлде басқа! Біз тұрған жерде ол ең беделді кісілердің бірі саналды. Ол шалқыған тұрмыс құрып, шаһар адамдарына дастарқанын кең жайып, арнайы кешкі қонақасы беріп, ойын-сауық құрып жататын. Мен батальонға қызметке тұрғаннан кейін бүкіл шаһар таяуда астанадан подполковниктің екінші қызы келеді екен, айдай арудың өзі, ақсүйектер оқитын бір институтты енді ғана бітірген деп шуласты. Екінші қызы деп отырғаным — өзің білетін Екатерина Ивановна, ол подполковниктің тоқал әйелінен туған. Марқұм жуан тұқымнан болса керек, бірақ дардай генералдың қызына үйленсе де, подполковниктің қалтасына ештеңе түспепті, мұны мен анық білемін. Демек мықтымен туыстасқаны болмаса оның қолына сылдыраған ақша тимеген, ал келешектен қандай үміт күткенін кім білсін. Алайда, институт бітірген қыз келгенде (біржолата емес, тек аунап-қунап жатуға) бүкіл шаһар бейне жайнап-жасарып кеткендей көрінген, әуелі жоғары мәртебелі екі ханым, біреуі полковниктің зайыбы, одан кейін сорпа бетіне шығар өзге әйелдердің бәрі қызды құшақ жайып қарсы алып, кезектесіп қонаққа шақырып, мәре-сәре болды, қыз арнайы кештер мен шаһар сыртындағы серуен-сейілдің көркі саналды, тіпті қайсыбір гувернант қыздарға жәрдемдесеміз деп ғажап суреттер де жасалынды. Үн-түнсіз, бұрынғыша сайрандап жүр едім, бүкіл шаһар боп шу ете қалған бір оқыс қылықты дәл сол кезде көрсеткенім. Бұл батарея командирінің үйінде болған еді, байқаймын, кербез қыз мені анадайдан көзбен шолатын секілді, бірақ мен оған жақындамадым: сенімен танысқым келмейді деген сыңай таныттым. Сонан соң, біраз уақыт өткесін, тағы да бір арнайы кеште, қыздың жанына барып тіл қатып ем, ол ернін шүйіріп, әрең көз аударған болды, сосын мен де қитықтым: ішімнен тоқтай тұр, бәлем, есесін қаңтаратын кез келер! —деп түйдім. Онда мен көп ретте сұмдық дөрекі, топас болатынмын, мұны әзім де сезетін едім. "Катеныса" оқуын жаңада бітірген пәк жанды қыз ғана емес, оған қоса өр мінез, тәкаппар және шынында да ізгілікті, ең бастысы — зейінді, оқыған қыз екен, ал менде ақыл да, білім де жоқ.— менің ұққаным осы болды. Сен қалай ойлайсың, мен оған сөз салғым келді деймісің? Әсте олай емес, мендей сырбаз жігітті менсінбегені үшін жай қарымын қайтарғым келген. Әзірше тағы да жын-ойнақпен, бірдеңе бүлдірумен жүре бердім. Ақыры, подполковник мені үш күн қаматып қойды. Әкеме осы жолы біраз ақша жіберсең, екеуміз толық "есеп айырысамыз" да, бұдан кейін сенен ештеңе сұрамаймын деп ресми түрде хат жазғаннан кейін, дәл осы кезде одан алты мың сом ақша келе қалмасы бар ма. Онда мен ештеңені пайымдамаған едім; бауырым, осында келгенше, тіпті ең соңғы күндерге дейін, бәлкім, тіпті бүгінге дейін де әкем екеуміздің арамыздағы ақша дауынан түк түсінсем бұйырмасын. Бірақ соны қойшы, кейін айтармын. Ал онда, алты мың қолыма тигеннен кейін бір досымның жазған хатынан мына бір қызықты жағдайды, бастықтардың подполковникке қырын қарайтынын, ол бір былық іске араласқан деп күмәнданатынын, қысқасы, дұшпандары оған ор қазып жатқанын біліп алдым. Содан кейін шынында да дивизия бастығы келіп, подполковниктің аяғын бір етікке тықты. Біраздан соң оған отставкаға шық делінді. Мұның бәрі қалай істелінгенін саған бүге-шігесіне дейін тәмамдап жатпай-ақ қояйық бірақ оның дұшпандары болғаны рас, шаһарда оның өзіне және бүкіл үй ішіне бұрынғы ілтипат су сепкендей басылып, жұрттың бәрі одан кенет теріс айналып кетті. Міне, дәл осы кезде мен алғашқы оқыс қылығымды көрсеттім: Агафья Ивановнамен әрқашан достық қарым-қатынаста болатын едім, бір жолы кездесіп қалғанда оған былай дедім: "Әкеңнің қолындағы қазынаның ақшасынан төрт мың бес жүз сомның жетпейтінін сіз білесіз бе?". — "Не деп тантып тұрсыз, бұған сіздің қалай аузыңыз барады? Жуырда генерал келгенде, бәрі де түгел болатын..." — "Онда түгел болса, қазір түгел емес", Агафьяның зәресі ұшты: "Қорқытпаңызшы, сіз мұны кімнен естідіңіз?" — "Абыржымаңыз, менің аузым берік, мен мұны дабырлап жатпаймын, бірақ сізге, былайша айтқанда, "алда-жалда бірдеңе бола қалса" деп, бір нәрсені күнілгері құлақ қағыс етпекші едім: әкеңнен төрт мың бес жүзді талап еткенде, ол ақша болмай шықса, ол сотқа тартылып, қартайған шағында солдат сорлының тағдырына душар болсын демесең, анау оқымысты сіңліңді ешкімге сездірмей маған жібер, жуырда ақша алып едім, төрт мың деген не, ондай қызға, бәлкім, бере салармын да, дабыра ғып абыройын да төкпеспін". —"Аһ, сіз өзіңіз барып тұрған сұмпайы, оңбаған екенсіз ғой! (дәл осылай деді). Неткен кекшіл, оңбаған едің! Бұған қалай аузың барады!" — деді. Ол ызаға булығып кете барды, мен соңынан қарап тұрып: мен сыр шашпаймын, жабулы қазан жабулы қалады деп айқайладым. Бұл екі әйел, яки Агафья мен әпкесі, саған алдын ала айтып қояйын, осы оқиғада шын періште боп шықты, олар сіңлісі, тәкаппар Катяны, жанындай жақсы көріп, оның алдында жалдамалы күңінше елпең қағып жүретін... Бірақ Агафья әлгі оқиғаны, яки болған әңгімені сіңлісіне сол сәтте жеткізген екен. Бұл маған кейін бес саусақтай белгілі болған. Ол жасырмапты, әлбетте, менің тілегенім де осы еді.
Батальонды қабылдауға ойда жоқта жаңа майор келеді. Ол қабылдап алады. Мұрттай ұшқан кәрі подполковниктің қимылдауға шамасы келмейді; ол қазынаның ақшасын тапсырмай, екі тәулік бойы үйінде жатады. Кравченко деген дәрігеріміз кейіннен ол шынында да ауырып жатқан еді деп сендірген. Бірақ, мен мына бір құпияны бүге-шігесіне дейін тіпті әлдеқашаннан білетін едім: бастықтар келіп тексергеннен кейін қолдағы ақша уақытша жоқ боп кететін, бұл төрт жылдан бергі жағдай-ды. Подполковник ақшаны өзінің сенімді адамы, біздегі бір кәрі бойдақ көпес, алтын көзілдірікті, қауға сақал Трифоновқа қарызға бере тұрады екен. Ол жәрмеңкеге барып, әлгі ақшаға сауда-саттығын жасап үстеме пайдасын жамбасқа басқан соң, подполковникке қарызын толық қайтарып, оған қоса базарлығын да, базарлыққа қоса пайдадан тиісті сыбағасын да береді екен. Бірақ, бұл жолы (онда мен осының бәрін Трифоновтың мұрагері, жас өскін ынжық ұлынан әлдеқалай естіген едім; ондай бұзық бала бұл дүниеде бола қояр ме екен) Трифонов жәрмеңкеден қайтқан соң бір тиын да қайтармайды. Подполковник жүгіріп оның үйіне барады. Көпес оған: "Мен сізден еш уақытта қарызға ақша алған жоқпын және алуым да мүмкін емес қой", — дейді. Сасқан подполковник басын сүлгімен орап алып үйінен шықпайды, үй ішіндегілер үш күн бойы оның басына мұз қойып әуреге түседі; сосын бұйрық кітабын алып шабарман жетіп келеді. Онда: "Қазынаның ақшасы бүгін, дереу, екі сағат ішінде тапсырылсын" — делінеді. Шал қол қояды, — кітаптағы оның қолын мен кейін көрдім, — сосын түрегеліп, мундирімді киемін дейді де, өзінің жатын бөлмесіне барып, аңшының қос ауыз мылтығын оқтап алған соң, оң аяғының етігін шешіп, мылтықтың аузын кеудесіне тақап қояды да башпайымен шүріппені басып қалуға ыңғайлайды. Менің сөзімнен кейін бір жамандыққа ұшыраймыз ба деп сезіктеніп жүрген Агафья де берісінде жетіп үлгереді: ол бөлмеге жасырынып кірген соң әкесін арт жағынан келіп қапсыра құшақтай алғанда, мылтық әйтеуір төбеге атылады; ешкімді жарақаттамайды; сосын басқалары да жүгіріп келіп, шалды екі қолынан ұстап тұрып мылтықты тартып алады... Оқиғаның барлық бүге-шігесін мен, әрине, кейіннен естідім. Ол күні мен үйде едім, ымырт түскен-ді, бір жаққа барайын деп киініп, таранып, қол орамалыма әтір сеуіп, енді фуражкамды ала бергенде, біреу кенет есік ашты, қарасам — алдымда, пәтерімде, Катерина Ивановна тұр.
Таңғаларлық жағдай бола береді ғой: оның маған келе жатқанын көшеде тірі жан байқамапты, сол себептен шаһарда бұл оқиғаны ешкім сезген жоқ. Ал мен шенеунік күйеулері әлдеқашан өлген екі кәрі кемпірдің үйінде пәтерде тұратын едім, кірімді жуып, тамағымды пісіріп беретін де солар-ды, кісі сыйлайтын мосқал әйелдер айтқанымды екі етпейтін, тірі пендеге тіс жармайсыңдар деп ескертіп едім, екеуі де тілсіз қара тас болды да қалды. Мен, әрине, бәрін лезде түсіндім. Катерина Ивановна үйге кірген соң маған тура қарады, қоңыр көздерінде нендей бір батылдық, тіпті өжеттік те бар секілді, бірақ еріндерінен, екі езуінен іштей қаймыққандық сезілетінін көріп тұрмын.
— Апайым айтып еді, егер мен сізге... өзім келсем... сіз маған төрт мың бес жүз сом ақша береді деп. Міне келіп тұрмын... және бересіз бе!.. — Қыз шыдамады білем, алқынып, зәресі ұшып, үні үзіліп, еріндері дірілдеп, екі езуі жиырылып кетті. — Алеша, сен тыңдап отырсың ба, әлде қалғып кеттің бе?
— Митя, сенің шындықты бүкпесіз айтатыныңды білемін ғой, — деді толқыған Алеша.
— Менің айтайын дегенім де сол егер шындықтың ақтарылуын тілесең, былай болған, мен тіпті өзімді де аямастан айтайын саған. Әуелі басыма карамазовтық пасық ой сап ете қалды. Бірде, бауырым, мені бүйі шағып, екі жұма денем күйіп-жанып дөңбекшіп жатқаным бар еді; міне, сол бүйі енді мені дәл жүрегімнен шағып алғандай сезіндім. Ал бүйінің қалай шағатынын сен түсінемісің? Мен қызға бастан-аяқ көз жүгірттім. Сен өзі көріп пе ең оны? Сұлу-ақ қой. Бірақ, онда оның сұлулығы көркінде емес-ті. Оның дәл сол сәттегі сұлулығы мынада болатын: ол асқан ізгілікті еді де, мен бір оңбаған жауыз едім, ол ақ пейілділігімен, әкесі үшін өзін құрбандыққа шалуымен асқақ көрінсе, мен кәдімгі қан сорғыш таскене боп көріндім. Міне, сондай қызды түгелімен, күллі болмыс-бітімімен, жанымен де, тәнімен де мен сықылды қан сорғыш сұмырайдан тәуелді етігі, аяғыма әкеп жыққасын қайтерсің. Сезіліп тұр. Мен саған ашығын айтайын: осы ой, бүйінің ойы жүрегімді билеп кеткені сонша, егер бір сәтке шыдамсыздыққа берілсем, тіпті ар жағы не боларын да білмеймін. Ешқандай арпалыс болмайтыны анық еді: нақ тас кенеше қадалып, зәрлі бүйіше аямай шағу керектей сезіндім... Тіпті тынысым тарылып кетті. Тыңдай бер: онда менің, әлбетте, ертеңіне қыздың үйіне барып, былайша айтқанда, болған істің аяғын қайырлы ету үшін, демек, бұл оқиғаны тірі жан білмейтіндей және біле алмайтындай ету үшін құда түсуім керек болар еді. Өйткені мен қара ниет болсам да, қиянатшыл емеспін. Бірақ, осы сәтте біреу кенет артымнан келіп құлағыма: "Ертең оған құда түсуге барғаныңда мұндай тәкаппар қыздың сені қарсы алмақ түгіл атшысына ауладан қуып шық демесіне кім кепіл. Бүкіл шаһарға жайсаң, мейлі жая бер, сенен қорықпаймын десе қайтесің! — деп сыбырлағандай болды. Сосын қызға көзім түсіп еді, түйсігім дұрыс екен: әрине, дәл солай болады. Мені желкемнен алып қуып шығады, бұл бет әлгістінен-ақ сезіліп тұр. Қаным қайнап кетті, нағыз оңбағандық, доңыздық, көпеске тон бір сорақылық көрсеткім де келді: қыздың бетіне мысқылдай қарап, тап осы арада, әзірше алдымда тұрғанда нағыз көпестің әуенімен бірдеңені айтып, есінен бір тандырсам қайтеді деп ойладым:
— Төрт мың тым көп қой! Мен жай қалжыңдап айтқанмын, о не дегеніңіз? Бикеш-ау, сіз есепке шорқақ екенсіз ғой. Екі жүзді тіпті ешбір ойланбастан, қиналмай-ақ тастай салуым мүмкін, ал төрт мың сом — бұл, бикешім, нәпсінің желігіне шашатын ақша емес. Бекерге келгенсіз.
Бақсаң, онда қыз үйден шығып жүре берер еді де, мен, әрине, бәрінен айрылар едім, бірақ, оның есесіне бұл әзәзілдік, кекшілдік боп шығып, қалғанының барлығына татыр еді. Кейін сонда мен неліктен сөйттім екен деп өкініп, өмір бойы бармағымды шайнап өтер едім! Илансаң, осыған дейін мұндай сәтте мен олардың ешқайсысына, тіпті бірде-бір әйелге ешқашан да тап бұлай өшігіп қарамаған шығармын, — тіпті крест ұстап ант етейін: онда мен Катеринаға үш секунд па, әлде бес секунд па өлердей өшігіп қарап тұрдым; ондай өшігіп қарау мен махаббат отына күюдің арасы қылдай емес пе! Сосын терезеге барып, маңдайымды мұздай суық әйнекке тигізіп тұрғанымда, оның бейне қызған темірдей қарығаны әлі есімде. Абыржыма, ұзақ тұрғам жоқ, жалт бұрылып, үстелге бардым да, суырмадан кісінің аты жазылмаған бес мың сомдық бес пайыздық билетті алдым (ол французша сөздігімнің ішінде жатқан). Содан кейін билетті оған көрсетіп, бүктеп, қолына ұстатқан соң, өзім барып есікті аштым да, кейін шегініп тұрып, нанасың ба жоқ па, барынша құрмет-қошемет көрсете еңкейіп тағзым еттім! Селк ете түскен қыз бір секундтай қадала қарағанда беті аппақ шүберектей қуарып кетті, сонан соң ол, тағы да ләм деместен, асықпай, жайлап қана, баяу еңкейіп, тік аяқ қызша емес, маңдайын жерге жеткізе кәдімгі орысша тағзым етті! Сосын, жүгіріп шығып кетті. Сапым белімде еді, қыннан суырып алып, тап сол арада өзімді мерт қылғым келді, неге өйткенімді қайдан білейін, мұның барып тұрған ақымақтық екені анық, әрине, дегенмен қуаныштан ғой деймін. Түсінсең, адам кейде қуанғанымнан да өзін-өзі мерт қылуы мүмкін, алайда, мен өлгем жоқ, сапымды ерніме тигіздім де, қайтадан қынға салдым, — мұны саған айтпасам да болатын еді, бірақ жарайды енді. Саған жанталас жайттарды бүге-шігесіне дейін баяндаймын деп тіпті өзімді мақтаңқырап кеттім ғой деймін. Адам жүрегінің әзәзілдеріне амал бар ма, мейлі солай-ақ болсын! Катерина Ивановнаның екеуміздің арамызда болған барлық "оқиға" міне осы. Енді бұл туралы әуелі Иван, содан кейін сен ғана білесің!
Дмитрий Федорович түрегеліп, толқыған күйі бір аттады, екі аттады, сосын қол орамалын алып, маңдайының терін сүртті де, қайта отырды, бірақ, бұрынғы орнына емес, басқа жерге, қарсы қабырға жақтағы орындыққа барып отырды, Алешаға енді оған қарап отыру үшін бұрылуға тура келді.
V
АЛБЫРТ ЖҮРЕКТІҢ ШЫН СЫРЫ. "ТОҢҚАЛАҢ АСУ"
— Енді мен бұл істің бірінші жартысына қанық болдым, — деді Алеша.
— Бірінші жартысын сен түсіндің: бұл — драма, ол ана жақта болған. Ал екінші жартысы — трагедия, ол осында болмақ.
— Оқиғаның екінші жартысынан мен осы күнге ештеңе түсінбеймін — деді Алеша.
— Ал мен ше? Мені бірдеңе түсінеді деймісің?
— Тоқта, Дмитрий, бұл арада бір аса мәнді сөз бар. Айтшы: Сен оған үйленбекші емессің бе, қазір де солай ғой?
— Қазір емес, мен ол қызға сол оқиғадан кейін үш айдан соң үйленуге ниеттенгенмін. Онда мен өзіме-өзім екінші күні-ақ, — бұл шынында да солай болған-ды, — осымен бәрі бітті, тәмамдалды, үміт қалған жоқ деп айтқанмын. Қыздың үйіне барып, оған сөз салуға намыстандым. Содан кейін біздің шаһарда болған бір жарым айдың ішінде ол да өз тарапынан, тым болмаса, бір ауыз сөзбен өзі жайында ештеңе хабарламады. Рас, тек бір рет қана: ол келіп кеткеннен кейін, ертеңіне сол үйдің күтуші әйелі маған бір пакет әкеп берді, бірақ ештеңе деген жоқ. Сыртында пәленшекеңе деген жазуы ғана бар. Ашсам — бес мыңдық билеттен қайтарған ақша екен. Керегі төрт мың бес жүз еді, бес мыңдық билетті сатқанда, екі жүзден астам шығын шексе керек. Анық есімде жоқ, шамасы, екі жүз алпыс сомдай қайтарды ғой деймін, өзге дәнеңе, не бір жапырақ қағаз, не бір ауыз сөз жоқ. Пакеттің бір жерінде қарындашпен салған таңба бар ма екен деп те аударыстырып қарадым — түк те жоқ! Не істейін, қалған ақшам біткенше сайрандап жүре бердім, мұның ақыры жаңа майордың маған сөгіс жариялауымен тынды. Ал подполковник қазынаның ақшасын түгел орнына салып жұрттың бәрін таңғалдырды, өйткені оның қолында ақшаның барына ешкім сенбеген еді. Ақшаны тапсырған соң ол кенеттен ауырып қалды, үш аптадай жатты ғой деймін, сосын миға шапқан дерттен айналасы бес күнде дүние салды. Отставкаға шығып үлгермеген еді, әскери сый-құрметпен жерленді. Әкесін қойғаннан кейін бес күн өткесін Катерина Ивановна апайы мен әпкесін алып, Мәскеуге кетіп қалды. Жүрері алдында, дәл сол күні (мен оларды көрген де, шығарып салған да жоқпын) мен одан кішкентай ғана пакет алдым, көгілдір әдемі қағазға қарындашпен: "Күтіңіз, сізге кейін хат жазамын. К."— деп қана жазыпты. Бар болғаны осы.
Енді саған бірер сөзбен түсіндірейін. Москваға барғаннан кейін олардың жағдайы араб ертегісіндей қиюласа кетіп, тез жақсарады. Катяның ең жақын туысы боп келетін әлгі генералшаның ет жақын екі немере сіңлісі бар екен, бір жұманың ішінде сол мұрагерлерінің екеуі де қызылшадан қайтыс болады. Қасірет шеккен кемпір Катяның келгеніне жоғы табылғандай, құдай тағаланың елеп-желегеніндей қуанады да, өсиетін дереу соның атына ауыстырады, сосын оны кейіннен аласың, ал әзірше еншің ретінде мен саған сексен мың беремін деп, ақшаны тура қолына ұстатады. Мен оны кейін Мәскеуде көргем, адуын әйел еді.
Сонда ойда жоқта поштамен төрт мың бес жүз сом ақша алғам; әлбетте, түкке түсінбедім, аң-таң болып аңырдым да қалдым. Үш күннен кейін уәде берген хаты да келді. Ол қазір де қолымда, ешқашан да жанымнан тастамаймын өлсем өзіммен ала кетем — қалай, көрсетейін бе? Оқып шығуың керек: мен сенің қалыңдығыңмын, маған үйлен депті, "сен мені сүймесең мейлің, мен сені бәрібір жан-тәнімен сүйемін, тек маған үйленсеңіз болғаны. Аяққа оралғы болар деп ешбір қорықпаңыз, жазылып төсек, бүгіліп жастық болуға әзірмін... Сізді ғұмыр бақи сүюге бармын, мен сізді өзіңізден қорғағым келеді..." — деп жазыпты. Алеша, мен тіпті осы сөздерді өзімнің пасықтық сөздеріммен, үйреншікті жексұрын әуеніммен қайталап айтып беруге де лайық емеспін ғой; сүйекке сіңген осы әдеттен өмір бойы арыла алмай-ақ өріп барамын! Бұл хаттан жүрегім осы күнге дейін елжірейді де тұрады, енді менің басымдағы қасіретті түсініп көрші қане, маған оңай деймісің? Мен оған дереу хат жаздым (Мәскеуге баруыма ешбір мүмкіндігім болмады). Еңіреп отырып жаздым; тек бір нәрседен күні бүгінге ұяламын: сен енді жасаулы, бай қалыңдықсың, ал мен болсам топас, қыңыр қайыршымын деппін ғой — ақшаны сөз ғып нем бар еді! Олай демеуім керек еді, бірақ аңдамай жазғамын ғой. Сонсоң, Мәскеудегі Иванға дереу хат жазып, оған хал-қадерімше бәрін түсіндірдім, алты бет хат еді, сөйтіп Иванға қызға барып жолық дедім. Маған неге бұлай қарайсың, неліктен таңданасың? Иә, Иван оған ғашық болып қалған, қазір де ғашық, мен мұны білемін, сендерше, ақсүйектерше мен ақымақтық жасадым, бірақ біздің бәрімізді бәлкім, менің нақ осы ақымақтық ісім құтқарар! Уһ! Оның Иванды қалай ардақтап, құрмет тұтатынын сен, немене, көрмей жүрсің бе? Екеумізді салыстырып көрген соң, ол мен секілді жігітті, оның үстіне әлгі оқиғалардың бәрінен кейін қалай ғана сүймек?
— Мен оның Ивандай адамды емес, сендей адамды сүйетініне сенемін.
— Ол мені сүймейді, жай әншейін өзінің ізгілігіне тәнті боп жүр, — деген сол ашулы сөздер Дмитрий Федоровичтің аузынан аңдамай шығып кетті. Ол күлді, бірақ заматта көзі алақ-жұлақ етіп, жүзі күреңітіп, жұдырығымен үстелді қатты қойып қалды.
— Ант етемін, Алеша, — өзіне-өзі зығырданы қайнап, ашу қысқан Дмитрийдің дауысы қатты шығып кетті, — мейлің сен, мейлің сенбе, құдай бір, пайғамбар хақ деп ант етемін, ілкіде мен Катяның асыл сезіміне күлсем де, оның жан дүниесінен менің құлқым миллион мәрте төмендігін, оның бұл ізгілік сезімі көктегі періштенің сезіміндей пәк екенін мен білемін! Менің бар қасіретім де осыны кәміл білетіндігімде. Кісінің сәл тақпақтап сөйлегенінде не тұр? Мен тақпақтап тұрмын ба? Мен шынымды айтып, ағынан жарылып тұрмын ғой. Ал Иванға келсек, сондай парасатты бола тұра, енді табиғаттың мың хикметіне оның енді қалай қарғыс айтып қарайтынын да білемін! Кімді, нені артық көргені сонда? Осында келген соң да, жұрттың бәрі үйленгелі жүр деп, мені көз алмай бағып отырғанда — ең жаманы, қалыңдығының көз алдында! — өзінің дәукестігін тізгіндей алмаған жауызды артық көрген. Сөйтіп, мен сықылды азғынды артық көреді де, асылдан теріс айналады. Сонда не үшін бүйтеді? Бұлай ететін себебі, менің мәрттігіме риза болғандықтан ол өзінің өмірі мен тағдырын тәркі еткісі келеді! Сандырақ бұл! Мен Иванға бұл мағынада ешқашан да ештеңе деген емеспін, әлбетте, ол маған еш уақытта бұл жайында емеурін де білдірген жоқ, титтей тұспал да жасаған жоқ; бірақ, бәрі тағдырдың қолында, лайықты адам өз орнын алады да, лайықсызы қалтарысқа — өзі ұнататын, өзінің жанына жағатын лас шолақ көшесіне қарай ығысады, сөйтіп ол сонда, көң-қоқыс, иіс-қоқыс арасында өз еркімен жаны жай тауып өледі. Мен бөсіп кеттім ғой деймін, сөзімнің бәрі азып-тозғасын тәуекелге басып жатқан секілдімін, бірақ менің айтқаным болмай қалмақ емес. Мен шолақ көшенің бойында шарбақ түбінде өлемін, ал Катя Иванға күйеуге шығады.
— Бауырым, тоқтай тұршы, — қатты абыржыған Алеша оны бөліп жіберді, — сен маған дегенмен бір нәрсені әлі де түсіндірген жоқсың: сен үйленбекші едің ғой, сен оның үйінде болып келісіп қойған жоқсың ба? Егер қалыңдығың қаламаса, қалайша безінесің?
— Мәскеуге күйеу боп ұрын барғанымда сән-салтанатпен, ресми келісілген болатын, пайғамбардың бейнесі алдында екеумізді құдай қосқан қосақ деп жариялаған, бәрі де оп-оңды. Генералша ақ батасын да берген, сосын, нанасың ба, Катяны тіпті құттықтаған да: таңдауың жақсы екен дейді, мен оның жан сарайына шейін көріп тұрмын дейді. Нанасың ба, кемпір Иванды ұнатпады білем, оны құттықтамады. Мәскеуде болғанымда мен Катямен өте көп сырластым, өзімнің қандай адам екенімді адал ниетпен, ешбір бүкпесіз анық сипаттағам. Бәрін де құлақ қоя тыңдаған:
Қылымсып ұялып,
Сызылып үн қатқан...
Тәкаппарлық сөздер де айтылған. Онда Катя мені түзелемін деп ант ішуге көндірген. Мен оған уәде бергем. Енді міне...
— Енді не болды?
— Бүгін сені осы араға қол бұлғап шақырып алғанда, — бүгін қай күн екенін жадыңнан шығарма! — сені дәл бүгін Катерина Ивановнаға жұмсап...
— Сосын, айтсаңызшы?
— Енді оған еш уақытта бармаймын деген сәлемімді жеткізуді тапсырайын деп едім.
— Бұл мүлде мүмкін емес шаруа ғой?
— Мүмкін болмағасын да сені жұмсап тұрмын, әйтпесе мұны оған өзім қалай айтпақпын?
— Сонда сен қайда бармақсың?
— Шолақ көшеге.
— Грушенькамен қайта табыспақшымысың! — деді күйініп кеткен Алеша қолын сермеп. — Ракитиннің айтқаны шындық болғаны ма? Ал мен сені оған жай әншейін баратын болар, енді қойған шығар деп жүрсем.
— Күйеу жігіт бола тура онда қалай барамын? Анадай қалыңдығым барда, дүйім жұрттың көзінше бұл мүмкін бе? Ар-намысым қайда. Грушенькаға барған күні-ақ, сол сәтте мен күйеуліктен де, адалдықтан да ада-күде болғанмын, мұны түсінем ғой мен. Неге осынша таңырқай қарайсың? Түсінесің бе, мен әуелі оны бір сабайыншы деп барған едім. Маған қоқан-лоққы жасап, енді ештеңе талап етпеуге көндіру үшін әкемнің сенімді өкілі, әлгі штаб-капитанның Грушенькаға менің вексельдерімді апарып бергенін білетінмін, қазір де анық білемін. Мені қорқытқылары келген. Грушеньканы сабамақшы болғаным осыдан. Бұрын да көзім түскені бар-ды. Сілекей шұбыртатындай ештеңесі жоқ. Көпес шалын да білетінмін, ол қазір төсек тартып ауырып жатыр, бірақ бірсыпыра ақша қалдыратын шығар. Шалдың ақшаға әбден құныққанын, ол оңбаған қақбастың пәленбай пайыз өсімімен қарызға берген кісінің терісін сыдырып, байыған үстіне баюға құштарлығын да білетін едім. Сабаймын деп барған басым сол үйде қалып қойыппын ғой. Құдай тас төбеден ұрды, жылан арбаған көжектей тыпыр ете алмай қалдым ғой мен онда, енді бәрін тәркі еткенімді, енді ешқашан да өзге ештеңе бұйырмайтынын білемін. Өтті, кетті. Менің халім міне осындай. Жайшылықта қайыршы боп жүруші ем, қас қылғанда сол күні қалтама кенеттен үш мың сом түсе қалмасы бар ма. Грушенька екеуміз Мокросға тартып отырдық, бұл осы арадан жиырма бес шақырым жер, сосын сығандар мен сыған әйелдерін тауып алдық, шампан судай ақты, кез келген мұжықтар мен қатындарды, қыздарды сілейте суардым, ақшаны шаштым-ай кеп. Үш күнде сымпиып шыға келдім. Сонда мен мақсатыма жетті деймісің? Маңайлатқан да жоқ. Грушенька белі бұралған ақ сайтан ғой, бұл оның балтырынан да, тіпті сол аяғының кішкентай башпайынан да сезіліп тұратын. Сол бұраң белге кезімді сатып, тамағынан бір сүйгеннен басқа, дәнеңе болған жоқ — ант етемін! "Керек болса, саған-ақ тиейін, сен қайыршысың ғой. Мені ұрмаймын-соқпаймын, не істесең де еркің, алдыңнан шықпаймын деп уәде бер, сонда, бәлкім, тиермін", — деп күледі. Тіпті қазір де күледі.
Дмитрий Федорович бір түрлі шамырқанғандай боп түрегелді, ол кенет мас кісіге ұқсап кетті. Екі көзі лезде қанталады.
— Сен шынымен-ақ соған үйленбекпісің?
— Маған тиемін десе, дереу үйленемін, ал тимесе, қайтем; аула сыпырушы болсам да, сол үйде жүремін. Сен... сен... Алеша... — ол кенет інісінің алдына барып, оны иығынан қапсыра ұстап қатты сілкілей бастады, — сен, бейкүнә балақан, мұның бәрі жай сандырақ, ақылға сыймайтын далбаса екенін, өйткені бұл арада бір қасірет барын білесің бе? Алексей, менің пасық, қара ниет, азып біткен кісі болуым мүмкін, бірақ Дмитрий Карамазов еш уақытта ұры, қалтаға түсетін, ауыз үйдегі ұсақ-түйекті жымқыра жүретін сасық ұры болмайтынына сенің көзің жете ме. Ендеше, біліп қой, мен енді ұры боламын, қалтаға түсемін, ауыз үйді аңдимын! Грушеньканы сабауға барардың алдында, дәл сол күні таңертең Катерина Ивановна мені шақырып алып, губерниялық шаһарға барып, поштамен Мәскеудегі Агафья Ивановнаға үш мың сом ақша салып жіберуді тапсырған, сені жұмсап отырғаным — мұны тірі жан сезбеуі керек, ешкімге білдірмей істе деген (оның неге бүйткенін білмеймін, әлде нақ солай ету керек болды ма екен). Үш мың қалтама түскесін Грушеньканың үйінен бір-ақ шығыппын ғой. Мокросдағы сауық-сайранға да сол ақшаға барып қайттым. Содан кейін Катяға барып келдім, ақшаны салдым дедім де, поштаның қолхатын көрсетпедім, оны кейін әкеп беремін деген едім, содан ұмытқан боп осы күнге берген жоқпын. Сен қалай ойлайсың: сен ғой бүгін оған барған соң: "Сізге сәлем айтып еді" — дейсің, ал ол сенен: "Ақша қайда?" — деп сұрайды. Онда сен: "Ол әйелжанды оңбаған, өзін тізгіндеп ұстауды білмейтін дәлдір. Ақшаңызды салып жіберудің орнына, жын-ойнаққа жұмсап қойыпты, өйткені ол нәпсінің құлы емес пе" — деп айта алар ма едің. Сонан соң, бұған қоса: "Бірақ ол ұры емес, үш мың сом ақшаңызды беріп жіберді, міне алыңыз да Агафья Ивановнаға енді өзіңіз жіберіңіз. Ол сізге дұғай сәлем айтты" — деп айтар ма едің. Ал егер кенеттен тағы да: "Ақшаны әкелдің бе?" — деп сұраса, сасып қалмайсың ба.
— Митя, сен бақытсызсың, солай ғой! Бірақ, өзің ойлағандай, тап соншама күйзелетіндей емес шығар, — осыншама неге торығасың нали бермесеңші!
— Сен, немене, үш мың сом ақша таба алмасам, атылып өлер деймісің? Гәп — менің өйте алмайтынымда болып тұр ғой. Кейінірек болмаса, қазір бұл қолымнан келмейді. Мен енді Грушенькаға кеттім... Құрамай қалсам амалым бар ма!
— Онда барған соң не істемексің?
— Оған үйленемін, күйеуі боламын, ал ашынасы келгенде басқа бөлмеге барып жатамын. Достарының шәркесінің шаң-тозаңын сүртемін, самауырдың отын үрлеймін, онда-мұнда жүгіретін қол баласы боламын.
— Катерина Ивановна мұның бәрін түсінеді, — деді Алеша кенет көтеріңкі үнмен, — сенің бес батпан қасіретіңді ұққаннан кейін кешіреді. Ол өте ақылды әйел, басындағы қайғы-қасіреттің барлық зілін өзі де көреді.
— Жоқ, ол мұны кешірмейді, — деді Митя ыржиып. — Бауырым-ау, бұл арада ешбір ұрғашы кешіре алмайтын нәрсе бар ғой. Онан да қалай еткен жақсы екенін сен білесің бе?
— Не?
— Үш мыңды қайтаруым керек.
— Оны қайдан алмақсың? Менде екі мың бар, Иван бір мың берер, мүмкін, сол үш мыңды апарып берерсің.
— Сен айтқан үш мың менің қолыма қашан тимек? Сен әлі кәмелетке де жеткен жоқсың, ал маған ақша табылса да, табылмаса да, сенің оған дәл бүгін барғаның керек, өйткені істің тығырыққа тірелгені сондай, мен бұдан ары соза алмаймын. Ертең кеш болады, мүлде кеш болады. Мен сені қазір әкеме жұмсамақпын.
— Әкеме деймісің?
— Иә, алдымен әкеме барып келесің. Одан үш мың сом ақша сұрайсың.
— Митя-ay, ол ақша беруші ме еді.
— Білем, әрине, бермейді. Алексей, өмірден күдер үзу дегенің не екенін сен білесің бе?
— Білемін.
— Ендеше, тыңдай бер: заң жүзінде оның маған ешқандай берешегі жоқ. Мен ақшамның бәрін алдым, бәрін, мұны өзім де білемін. Бірақ оның әкелік парызы қайда, солай ма, жоқ па? Шешемнің жиырма сегіз мыңы қолына тиген соң, оны жүз мыңға жеткізіп отыр ғой. Сол жиырма сегіз мыңнан ол маған үш мыңын, тек қана үш мыңын берсін де, жанымды тамұқтың отынан құтқарсын, сонда оның көптеген күнәсі де кешіріледі! Үш мың сом берсе, саған ант етейін, осымен іс бітеді, бұдан былай ол мен жайында бір ауыз сөз естімейді. Сәті түсіп тұрғанда ақырғы рет әкелік парызын өтесін. Осы қолайлы сәтті оған тәңірімнің өзі туғызып отыр деп айтатын бол.
— Митя, ол ешқашан да ақша бермейді.
— Бермейтінін білемін, бұған ешбір күмәнім жоқ. Әсіресе қазір. Ол — ол ма, мен тағы бірдеңені білемін: осы таяуда ғана, тіпті кеше ғана болуы да мүмкін, ол Грушеньканың қылжақты қойып, маған шынында да тиіп алуы мүмкін екенін бірінші рет байыптап (есіңде болсын: байыптап) сезсе керек. Ол сайқалдың мінезін біледі шалың. Оған өзінің сілекейі құрып жүргенде, оның үстіне мынадай жағдайда әкем маған ақша беруші ме еді? Бірақ мұны қойшы, мен саған бұдан зорын да айта аламын: мен оның үш мың сом ақшаны кілең жүз сомдық қып айырып үлкен бір пакетке салған соң, сыртынан бес жерден мөр басып, қызыл шүберек баумен айқұш-ұйқыш байлап қойғанына бес күн болғанын да білемін. Тіпті егжей-тегжейіне дейін білетінімді байқаймысың! Пакетке: "Өзі келетін ниеті болса — менің періштем Грушенькаға" — деп жазылған; оңаша отырып, ешкімге көрсетпей өзі шимайласа керек, ол ақшаны малай Смердяковтан басқа ешкім де білмейді, ал оның адалдығына шал өзіндей сенеді. Оның Грушенька пакетті алуға неғып келмес екен деп үйінде күтіп отырғанына үш-төрт күн болды ғой, тегі, шал оған хабарлаған болу керек, ал ол "қайдам, мүмкін, барып та қалармын" деп өмексіткен бе қалай. Егер Грушенька біздің шалға келсе, онда мен оған қалай үйленбекпін? Менің осы арада неге жасырынып отырғанымды, нені бақылайтынымды енді түсіндің бе?
— Грушеньканы ма?
— Соны аңдып отырмын. Мына жеңіл етек қатындардың, осы үйдің иелерін айтам, бір кішкентай қуысын Фома деген жалдап алған. Ол біздің жақтан, бұрын солдат болған. Екі әйелдің қызметшісі есепті, түнде үйді күзетеді, күндіз құр аулайды, оның бар күн көрісі осы ғана. Мен осы арада тығылып отырмын; біреуді аңдып отырғанымды ол да, әйелдер де білмейді.
— Жалғыз Смердяков қана біле ме?
— Тек сол ғана. Грушенька шалға келсе, ол маған келіп айта қояды.
— Саған пакет жайында айтқан да сол ма?
— Сол бұл сұмдық құпия. Тіпті Иван да түк білмейді. Ал шал Иванды екі-үш күнге Чермашняға барып кел деп жұмсап отыр дейді: орманнан шамасы сегіз мың сомның ағашын кесіп алатын кісі табылған екен, сол себепті шал: "Өзің барып бәрін реттеп кел" — деп Иванға жалынатын көрінеді. Грушенька ол жоқта келсін дегені ғой.
— Демек, ол Грушеньканы бүгін де күтіп отыр ғой?
— Жоқ, бүгін келе қояр ма екен, бір жорамалым бар. Келе қоймас! — деді кенет дауысы қатты шыққан Митя, — Смердяков та солай ойлайды. Әкем арақ ішіп отыр, қасында Иван бар көрінеді. Алексей, сен оған барып, әлгі үш мың сомды сұрашы...
— Митя, бауырым-ау, саған не болды! — деп айқайлап жіберді Алеша. Ол орнынан атып тұрып, ызаға булыққан Дмитрий Федоровичке қарады. Бір сәтке ол ағасын жынданған жоқ па екен деп те ойлап қалған...
— Сен немене? Менің есім дұрыс, — деді Дмитрий Федорович оған қадала, тіпті өктемси қарап. — Сені әкеме жұмсағанда, мен не деп отырғанымды білемін: мен бір ғажайыпқа сенемін.
— Ғажайыпқа ма?
— Құдайдың қолынан келмейтін ғажайып жоғына сенемін. Менің жүрегім тәңірге мәлім, торығып біткенімді ол көріп отыр. Ол осының бәрін де көріп отыр. Ол жаманшылыққа неғып жол береді? Алеша, мен құдайдың құдіретіне сенемін, бар енді!
— Жарайды, барайын. Айтшы, сен мені осы арада күтіп отырасың ба?
— Тез оралмайтыныңды, кіріп барып кәне алақаныма сала ғой дей алмайтыныңды түсінсем де, күтіп отырамын. Ол қазір мас. Мен үш сағат, керек десең төрт, бес, алты, жеті сағат та күтемін, бірақ сен бүгін, тіпті түн ортасында болса да, ақшаны алсаң да, алмасаң да бәрібір, Катерина Ивановнаға барып: "Сізге дұғай сәлем айтты — деуге тиісті екеніңді ұмытпа. Мен: "Дұғай сәлем айтқан сізге" — деген өлең жолын нақ сенің айтқаныңды тілеймін.
— Митя! Ал егер Грушенька бүгін келсе ше... бүгін болмаса, ертең, не бүрсігүні келсе ше?
— Грушенька деймісің? Аңдып отырам да, дәл үстерінен түсіп айырып алам...
— Ал егер...
— Онда өлтіремін. Онсыз жер басып жүре алмаймын.
— Кімді өлтірмексің?
— Шалды өлтіремін. Ал Грушенькаға тимеймін.
— Бауырым-ау, сен өзің не деп тұрсың!
— Әзірше түк те білмеймін, қайдам... Бәлкім, өлтірмеспін де, бір есептен, өлтіруім де мүмкін. Дәл сол сәтте, оның бет әлпетін көргенімде, кенет зығырданым қайнап кете ме деп қорқа беремін. Оның жұтқыншағын, мұрнын, көзін, арсыз мысқылын өлердей жек көремін. Оны суқаным сүймейді. Менің қорқатыным осы. Шыдамай кетсем, кім біледі...
— Мен кетейін, Митя. Тәңірімнің шапағаты жамандықтан сақтайтындығына сенемін.
— Ал мен осы арада отырып, сол ғажайыпты күтемін. Егер ол болмаса, онда...
Ойға шомған Алеша әкесінің үйіне қарай кетті.
VI
СМЕРДЯКОВ
Ол барғанда әкесі шынында да әлі үстел басында отыр екен. Үйде ас ішетін арнайы бөлме бола тұрса да, ежелгі дағды бойынша, дастарқан залға жайылған. Бұл ескіше жиналған ең үлкен бөлме болатын. Жартылай жібек қызыл матамен тысталған, атам заманғы ақ жиһаз қойылған. Терезелердің аралығына ескіше оймыштай әшекей салынып, алтын жалатылған ақ жиектемесі бар айналар ілінген. Біраз жеріне жарықшақ түскен ақ түсті қағаз жапсырылған қабырғада екі үлкен сурет ілулі тұр, біреуі — бұдан отыз жыл бұрын осы өлкенің генерал-губернаторы болған кінәздің суреті де, екіншісі әлдеқашан дүние салған архиерейдің суреті еді. Қарсы бұрыштағы бірнеше иконаның алдында түн баласында балауыз шамдар сығырайып тұратын... қастерлегендіктен емес, әншейін түнде бөлменің іші жарық болсын деп қана жағылатын. Федор Павлович түнде өте кеш жататын, оның сағат үшке, кейде төртке дейін бөлмеде ерсіл-қарсыл жүретін немесе нендей бір ойға батып креслода отыратын әдеті бар-ды. Кейде ол малайларды ауладағы оңаша үйге жіберіп, жападан-жалғыз жататын, бірақ Смердяков деген малайы көбінесе оның қасында қалатын еді, ол ауыз үйдегі аласа сәкіде жататын. Алеша кіргенде түстік ішіліп бітіп, варенье мен кофе әкелінген-ді. Федор Павлович тамақтан кейін тәтті бірдеңені ауызға салып, коньяк ішкенді ұнататын. Иван Федорович те онымен бірге кофе ішіп отырған. Григорий мен Смердяков деген екі малай үстел жанында тұр. Мырзалар да, малайлар да өте көңілді екен. Федор Павлович қатты қарқылдап күледі; оның ертеден таныс шиқылдаған күлкісін ауыз үйге кірген бойда-ақ естігенде Алеша әкем, әзірше көңілі шалқып отырғаны болмаса, әлі мас емес екен деп түйді.
— Келіп қалдың ба, жоғарылат! — деп Алешаның келгеніне қуанған Федор Павлович құрақ ұшып қалды. — Кел, дастарқанға отыр, кофе іш — тақуа екеніңді білем, бірақ албырттығың мен асылдығың ұнайды! Сен тақуасың ғой, коньяк бермей-ақ қояйын, әлде ептеп ұрттағың келе ме? Жоқ, мен саған ликер берем, керемет ликер! — Смердяков, бар алып келші, шкафтың екінші сөресінде тұрған, міне кілт, тез әкел!
Алеша ішпеймін деп азарда-безер болды.
— Бәрібір әкеле берсін, сен ішпесең, біз ішеміз, — деді жайдарылана түскен Федор Павлович. — Жоқ, тоқтай тұршы, сен түстік іштің бе өзі?
— Іштім, деді Алеша; шындығында ол бір үзім нан жеп, бір стақан куәс қана ішкен еді. Бірақ бір стақан кофе ішкенім теріс болмас.
— Айналайын! Жігіт деген осындай болса керек! Ол кофе ішеді. Ысытайық па? Жарайды, қазір қайнап шығады. Керемет кофе, Смердяков қайнатқан. Менің Смердяковым кофе мен самсаға керемет шебер ғой, сосын балық сорпасына қандай ол... Тоқта, тоқта, бағана мен саған төсегің мен жастығыңды алып үйге қайт демеп пе едім? Төсегіңді әкелдің бе? Хе-хе-хе!...
— Жоқ, әкелген жоқпын, — деп Алеша да күлді.
— Ал солай ма екен, бағана дегенмен қорқып қалғансың ғой? Эһ, балам-ай, сені ренжітуге менің дәтім қалай шыдайды. Иван, мен оның көзіме бір түрлі қадала қарап күлгеніне шыдай алмаймын. Тіпті іші-бауырым елжіреп күлгім келеді, жақсы көрем оны! Алешка, бері келші, әкелік ақ батамды берейін саған.
Алеша түрегеліп еді, бірақ Федор Павлович қайтып қалды.
— Жоқ, жоқ, отыра бер, сені осы жерден-ақ шоқындырсам да жарар. Нақ сен ұнататын әңгіме, қазір бір рақатқа батасың. Күлкіге бір тоясың. Бізде Валаам есегіне тіл бітті ғой, сайрағанын көрсең оның!
Валаам есегі деп отырғаны малай Смердяков екен. Жиырма төртке енді ғана келген қылшылдаған жас жігіт нағыз үндемес, керемет тұйық болатын. Оны кісі киік немесе ұялшақ деу қиын еді, қайта, керісінше, жұрттың бәрін менсінбейтін тәкаппар секілді көрінетін. Әйтсе де, ол жөнінде, бірер сөз болса да, бірдеңе дей кетудің реті енді келген тәрізді. Оны Марфа Игнатьевна мен Григорий тәрбиелеп өсірген, бірақ бала, Григорийдің сөзімен айтқанда, "істеген жақсылықты сезбей", жарық дүниеге одырая қарап, ұялшақ боп өседі. Ол бала кезінде мысықты жіпке асып өлтіріп, сосын оны діни рәсіммен көмуді жақсы көріпті. Поптың шұбатылған бешпентіне ұқсатып ақжайманы жамылып алып, бірдеңе деп күбірлеп әндетіп, өлген мысықтың үстінен, бейне түтін шалғандай, бір нәрсені олай-бұлай шайқайды екен. Мұның бәрін ешкімге көрсетпей, жасырын істейді. Григорий бір күні оның үстінен түсіп, көк шыбықпен шықпыртып алады. Бала бұрышқа барып тығылып, бір жұма бойы оған ала көзімен қарайды. "Бұл көк соққан сен екеумізді жек көреді, бұл тіпті ешкімді жаратпайды, — деді Григорий Марфа Игнатьевнаға. — Сен адам емессің, — дейтін ол сонсоң Смердяковқа қарап, — адам болсаң бүйтер ме едің, сен моншадағы қақырықтан жаралғансың, міне сен кімсің..." Оның бұл сөздерін Смердяковтың өмір бойы кешірмей өткені кейін ғана белгілі болған. Григорий оны ептеп қара тануға үйретеді, содан кейін, жасы он екіден асқан соң, діннің тарихымен таныстыра бастайды. Бірақ оның бұл ісінен түк шықпайды. Бір күні, екінші сабақтан кейін бе, әлде үшінші сабақтан кейін бе, бала ойда жоқта мырс етіп күліп жібереді.
— Саған не болды? — деп сұрайды көзілдірігінің астынан алара қараған Григорий.
— Жай әншейін. Құдай дүниені бірінші күні, ал күннің көзін, айды, жұлдыздарды төртінші күні жаратқан дейді. Сонда бірінші күні жарық қайдан түскені?
Григорий не дерге білмей аңырып қалады. Бала ұстазына қарап жымың-жымың етеді. Одырайып қарай ма қалай тіпті. Шыдамай кеткен Григорий: "Жарық міне қайдан түскен!" — деп оны жағынан шапалақпен тартып жібереді. Бала тіл қатпастан сазарып тұрады, бірақ, бұдан соң тағы да бірнеше күн бұрышта тығылып жатып алады. Оның өмір бойы айықпаған талма ауруға шалдыққаны бір жұмадан соң басталады. Баланың ауруы барын білгеннен кейін Федор Павлович оған кенет басқаша қарайтын болады. Бұрын ол, еш уақытта ұрыспаса да, бір түрлі немқұрайды қарайтын еді, енді көзіне түскен сайын оның қолына қара бақыр ұстата салатынды шығарады. Дастарқан басында жайдары отырғанында оған тәтті-дәмдіден бірдеңе бергізетін. Баланың ауру екенін білген соң ол дәрігер шақыртып емдетіп көрді, қамқорлығын аяған жоқ, алайда, ешқандай ем қонбайтын болып шықты. Ауруы орта есеппен айына бір рет және әрқилы мерзімде ұстайды. Кейде жеңіл ғана, кейде тіпті тым қатты болады. Федор Павлович маңдайынан шертпейсің деп Григорийге қатты ескертіп қояды да, баланы өзінің жоғарыдағы бөлмесіне кіргізетін болады. Әзірше бірдеңе үйретуге де тыйым салады. Бала он беске толған кезде, бір күні, Федор Павлович оның шкафты айналшықтай беріп, әйнегінің сыртынан кітаптардың аттарын оқып жүргенін байқап қалады. Үйде жүзден астам кітап бар-ды, бірақ Федор Павловичтің өзі қолына ұстағанын ешкім еш уақытта көрген емес. Ол Смердяковтың қолына шкафтың кілтін ұстатып: "Аулада босқа сенделгенше, кітап оқы, түбінде кітапханашы боласың. Міне, мына кітапты оқып шық" — дейді де "Диканька хуторы маңындағы кештерді" алып береді.
Бала кітапты оқып шығады, бірақ көңілі толмайды, тіпті бір рет те күлмейді, қайта, керісінше, қабағы түсіп кетеді.
— Немене? Қызық емес пе? — деп сұрайды Федор Павлович.
Смердяков үндемейді.
— Неге жауап бермейсің, ақымақ.
— Жазғанының бәрі өтірік, — деп міңгірлейді ыржиып күлген Смердяков.
— Малайдың аты малай. Жоғалт көзіңді. Тоқта, мен саған Смарагдовтың "Жалпы тарихым" берейін, оқып шық, мұндағының барлығы шындық.
Бірақ, Смердяков бұл кітаптан он бет те оқыған жоқ, өйткені зеріктіретіндей көрінген. Осымен кітап тұрған шкафтың құлпы қайта жабылған. Көп кешікпей Марфа мен Григорий Федор Павловичке Смердяковтың ойда жоқта керемет жеркенгіш боп бара жатқанын айтқан: сорпаны ішпестен бұрын қасықпен оның ішінен бірдеңе іздегендей болады, еңкейіп үңіле қарайды, бір қасығын алып, жарыққа тосып қайта-қайта қарайды деген.
— Немене, тарақан түсіп пе? — деп сұрайтын ондайда Григорий.
— Әлде шыбын ба?— дейтін Марфа.
Кірпияз бозбала еш уақытта жауап қатпайтын. Бірақ ол нам, ет, басқа тамақ болсын бәрібір, бәрін де сөйтеді екен: бір жапырақ етті ауызға салмастан бұрын шанышқымен жарыққа тосып, микроскоппен тексергендей, ұзақ айналдыра қарап алады. "Мына байбатша қайдан келген", — деп күбірлейтін Григорий оған қарап. Смердяковтың осы жаңа қаспетін естіп білген соң, Федор Павлович мынау бала керемет аспаз болайын деп тұр екен деп шешіп, дереу Мәскеуге оқуға жіберген. Ол бірнеше жыл оқуда болып, қиянаты мүлде өзгеріп қайтты. Кенет күнінен бұрын қартайып, жастығына қарамастан бетіне әжім қаптап, өңі сарғайып, пішіні әтек кісіге ұқсап кетіпті. Мінез-құлқы өзгермеген, Мәскеуге оқуға кеткенге дейін қандай болса, қазір де сондай, бұрынғысынша саяқ, тірі жанмен жақындасқанды құлқы сүймейді. Ол Мәскеуде де аузын бұған өгізше жүріпті, бұл кейін белгілі болды. Оның назарын тіпті Мәскеу де мүлде аз тартса керек, жай ұсақ-түйек бірдеңелер болмаса, басқа ештеңеге көңіл бөлмеген. Тіпті бір рет театрға да барған екен, бірақ көңілі толмай, томсырайып оралыпты. Мұның есесіне ол Мәскеуден жұнттай киініп қайтты, сүртүгі мен көйлек-дамбалы тап-таза, үстіндегі киімін күніне щеткамен екі рет тазартатын болған, әсіресе бұзау терісінен тігілген әдемі етігін ағылшын ваксасымен майлап, айнадай ғып жалтыратып қойғанды жақсы көреді. Ол ғажап аспаз болып шығыпты. Федор Павлович оған жалақы төлейтін болады. Смердяков бұл ақшаны тек киім-кешек пен опа, бояу және тағы сол сияқты керек-жарағына ғана жұмсайды. Бірақ, ол еркектерді қалай жек көрсе, әйелдерді де дәл сондай жек көрсе керек, оларға менменен қарап, әсте маңайламайды. Федор Павлович енді оған сәл басқашалау қарайтын болады. Оның талма ауруы күшейе бастаған еді, ондай күндері тамақты Марфа Игнатьевна пісіретін, ал мұның өзі Федор Павловичке мүлде жайсыз-ды.
— Сен өзің жиі ауыратын болдың ғой, — дейтін кейде жаңа аспаздың бетіне зілдене қараған ол. — Бір шүйкебас әперсем, өзіңді үйлендірсем қайтеді?..
Бірақ, Смердяков оның мұндай қағытпасына ешқандай жауап қатпай, мысы құрығасын тек бозара беретін. Федор Павлович қолын бір сілтеп, айналып кете баратын. Ең бастысы, ол жігіттің адалдығына шексіз сенетін, оның біреудің ала жібін аттамайтындығына ешбір шүбәланбайтын. Бір күні Федор Павлович мас күйі жаңа ғана алған үш қызыл ала қағазды өз үйінің ауласында қоқысқа түсіріп алып, тек ертеңіне ғана есіне түсіріп, жалма-жан қалталарын ақтара бастайды, сонан соң қараса — жүз сомдықтың үшеуі де үстел үстінде жатыр. Қайдан келген? Смердяков кеше тауып алып, әкеп қойған екен. Сонда Федор Павлович: "Бауырым, сендейді мен ешқашан да көрген емен" — деп риза болғандықтан он сомды сыйға тастай берген-ді. Бұған қоса тағы бір жайтты айтқан жөн: ол Смердяковтың адалдығына сеніп қана қойған жоқ-ты, жігіт басқаларға қалай жаман көзімен қараса, бұған да солай қарап, ұдайы үндемей жүрсе де, неге екені белгісіз, бұл оны тіпті жақсы көретін. Ол біреумен өте сирек тілдесетін. Егер де сол кезде Смердяковты көрген біреу-міреу: мына жігіт немен әуестенеді екен, көбінесе нені ойлайды екен? — деп сұрағысы келсе, онда оған қарап тұрып, бұл сауалға жауап бере алмас едің. Шындығында, ол кейде үйде, аулада немесе көшеде тоқтап ойланып тұратын, сол күйі тіпті ұзақ тұратын. Оған анықтап қараған физиономияшы маман ол ойлап та, ойланып та тұрған жоқ, оныкі жай көз салу ғана дер еді. Крамской деген кескіндемешінің "Жай көз салушы" атты бір ғажап суреті бар, онда қысқы орман, оның ішіндегі жолда жападан-жалғыз тұрған мұжық бейнеленген; үстіне жыртық-тесік шапан, аяғына шабата киген шаруа оңаша ойға батып тұрған секілді, бірақ ол ойланып тұрмаған, жай бірдеңеге "көз салып тұрған". Егер оны біреу итеріп қалса, ол селк етіп, бейне ұйқыдан оянғандай таңырқап қарар еді, бірақ түкке түсінбес еді. Рас, ол тез есін жияр еді, ал егер жаңа сен нені ойлап тұрдың деп сұраса, онда ол ештеңені есіне түсіре ал мас еді, бірақ, оның есесіне ілкіде жай көз салып тұрғанында қалай әсерленгенін көкейінен шығармас еді. Ал бұл әсерлері оған қымбат-ты, ол осы әсерін байқатпай, тіпті түсінбей де жинай береді, — бірақ, оның не үшін және неге керегін өзі де білмейді: мүмкін, талай жылғы жинаған әсерлерінен кейін бәрін тәркі етіп, ел кезіп, бас сауғалау үшін аяқ астынан Иерусалимге кетіп қалар, мүмкін, кенеттен өзінің туған селосын өртеп жіберер, бәлкім, тіпті осы екеуі бірдей болар. Халықта мұндай жай көз салушылар жетіп жатыр. Міне сондайлардың бірі, тегі, Смердяков болу керек, өзінің әсерлерін неге керегін өзі де түсінбей ол да жинай беруі мүмкін ғой.
VII
ТЕРІС АЗУ
Әйтсе де, Валаам есегіне кенет тіл бітеді. Ол таңғаларлық бір оқиғадан басталған еді. Григорий таңертең көпес Лукьяновтың дүкенінен тауар алуға барғанында одан мына бір хикаяны есітеді: орыстың бір солдаты алыс шекарада, азиаттарға жақын жерде әскери қызметте жүргенінде түздіктердің қолына тұтқынға түседі, олар оны, егер христиан дінінен шығып, ислам дініне кешпесең, азаптап өлтіреміз деп қорқытады, бірақ солдат өзінің дінінен безбей, қандай азапқа болса да көнуге бекінеді, сөйтіп жон терісін сыдырған кезде Христосқа сиынған күйі өліп кетеді — оның бұл ерлігі сол күнгі газетте басылған екен. Дастарқан басында Григорий осыны әңгіме қылды. Федор Павловичтің тамақтан кейін ептеп коньяк ұрттап отырып кеңкілдеп күліп, тіпті Григориймен болса да әңгімелесетін әдеті бұрыннан бар-ды. Бұл жолы ол тіпті көңілі тасып, өте жайдары отырған. Бұл хабарды естіген соң ол: ондай солдатты дереу әулие жариялап, сыдырылған терісін монастырьға апарып қою керек қой, сонда: "Халық та көп келеді, ақша да үйіліп қалады", — деді. Федор Павловичтің аяныш білдірудің орнына, өзінің әманғы әдеті бойынша күпірлік еткенін көрген соң Григорий бетін тыржитты. Дәл осы сәтте босағада тұрған Смердяков мырс етіп күліп жіберді. Ол бұдан бұрын да дастарқан жиналуға жақындағанды үстел маңында жиі болатын еді. Ал шаһарымызға Иван Федорович келгелі бері ол түстік кезінде ұдайы дерлік осылай босаға жақта тұратын.
— Саған не болған? — деп сұрады Федор Павлович, малайдың, әрине, Григорийге күлгенін ол сол сәтте-ақ байқаған еді.
— Жай, әлгі әңгімеге күлкім келгені, — деді ойда жоқта сұңқылдай жөнелген Смердяков. — Әлгі мақтаған солдаттың ерлігі тіпті керемет-ақ дерлік, бірақ, меніңше, егер ол сондай қысылтаяң сәтте Христостың атынан, өзінің христиан боп шоқындырылғанынан бас тартса да, бұл ешқандай күнә бола қоймас еді, өйткені жан сауғалап қалса, кейін өмір бойғы ізгілікті істерімен бұл жасықтығын ақтайтын еді ғой.
— Қалай күнә болмайды? Не деп оттап тұрсың, бұл үшін сені тамұққа желкеңнен сүйреп апарып, отқа қақтайтынын білемісің,— деді іле-шала Федор Павлович.
Міне дәл осы кезде Алеша кіріп келген. Оның келгеніне Федор Павлович қатты қуанып қалды.
— Жақсы келдің, нағыз сен тыңдайтын әңгіме басталып жатыр! — деді кеңкілдеп күлген ол Алешаны отырғызып жатып.
— Отқа салады дегенге келіспеймін, бұл үшін онда түк те болмайды, егер бәрі әділеттілікпен шешілсе, ондай ештеңе болмауға тиіс, — деді Смердяков байсалды үнмен.
— Бәрі әділеттілікпен шешілсе деймісің, — Федор Павлович одан сайын көңілдене түсіп, Алешаны тізесімен түртіп қойды.
— Нағыз оңбағанның өзі бұл! — деп зекірінді шыдай алмаған Григорий. Ол Смердяковтың көзіне ызамен қадала қарады.
— Мені оңбаған деп бекерге ашу шақырасыз, Григорий Васильевич. Онан да өзіңіз ойлап қараңызшы. Христиан нәсілін азаптаушылардың қолына тұтқынға түскен мен болсам және олар құдайға тіл тигізіп, қасиетті шоқынудан бас тартуды менен талап етсе, не істеу керегіне менің өз ақылым жетпей ме, өйткені бұл арада ешқандай күнә жоқ, — деп байсалды сөйлеген Смердяков оны ұстамды ғана тойтарды.
— Сен мұны жаңа айтқансың, енді былшылдамай дәлелдеп бер!— деп зірк етті Федор Павлович.
— Мына жаман неменің қылығын-ай! — деп күбірледі терісіне сыймаған Григорий.
— Жаман неме деп те бекерге жәбірлейсіз, біреуді ғайбаттамас бұрын аздап ойлансаңызшы, Григорий Васильевич. Менің олай дейтінім, азаптаушыларыма: "Жоқ, мен христиан емеспін, көктегі хақ тағалама қарғыс айтамын" десімен-ақ, дәл сол сәтте тәңірімнің ең жоғарғы соты дереу маған қарғыс үкімін шығарып, қасиетті шіркеуден аластап тастамай ма, сол сәтте-ақ мен тілі басқа біреу боп шыға келмеймін бе, — ол - ол ма, бұл сөз аузымнан шықпақ түгіл, айтайыншы деп ойланғанда-ақ, тіпті қас қағым ішінде-ақ аласталмаймын ба шіркеуден. Осылай ма, жоқ па, Григорий Васильевич.
Шындығында ол Федор Павловичке жауап беріп тұрса да және мұны өзі өте жақсы түсінсе де, бұл сауалдарды бейне Григорий қойғандай, әдейі соған қарап көпе-көрнеу нәштеп сөйлеген.
— Иван! — деді даусы қатты шыққан Федор Павлович. — Маған құлағыңды тосшы. Ол осының бәрін сені көрсін деп әдейі істеп жатыр, мақтасын дегені бұл. Сен оны мақтауың керек.
Иван Федорович әкесінің сүйінішті хабарын өте байсалды тыңдаған.
— Тоқта. Смердяков, кішкене аузыңды жапшы, — деп ақырды тағы да Федор Павлович, — Иван, тағы да құлағыңды тосшы.
Иван Федорович тағы да байсалды пішінмен құлағын тосты.
— Алешканы қандай жақсы көрсем, сені де сондай жақсы көрем. Сені жақсы көрмейді деп ойлама. Коньяк ішесің бе?
— Ішсем ішейін. "Алайда, өзің біраз сіміргенге ұқсайсың" — деп ойлаған Иван Федорович әкесіне қадала бір қарап қойды. Ал Смердяковты ол тіпті көз алмастан бағып отырған.
— Саған онсыз да құдайдың қарғысы тиген. Сен оңбағанның қалай ғана бірдеңе деуге аузың барады, егер... — деп Григорий кенеттен бажылдай жөнелді.
— Саған не болған, Григорий, қойсаңшы енді! — деп Федор Павлович оның сөзін бөліп жіберді.
— Тоса тұрсаңызшы, Григорий Васильевич, тым болмаса азғана шыдай тұрып, одан ары неге құлақ қоймайсыз, мен айтып бітірген жоқпын ғой. Құдай маған дереу қарғыс айтқан сәтте, міне осы ең қасиетті сәтте мен бәрібір тілі басқа кісіге айналып кетпеймін бе. сонда менің христиан боп шоқындырылғанымның мәні де жойылмай ма — солай ғой?
— Шырағым-ау, болсаңшы, тезірек бітірсеңші ежіктей бермей, — деп асықтырды оны рөмкеден рақаттана бір ұрттаған Федор Павлович.
— Ал егер мен енді христиан саналмасам, онда менің азаптаушыларым: "Сен христиансың ба, әлде христиан емессің бе?" — деп сұрағанда мен, тегі, өтірік айтпаған болып шығамын ғой, өйткені тек солай ойлағаным үшін ғана, бұл ойымды тіпті айтып та үлгірмей жатып тәңірім мені христиандықтан аластап тастады емес пе. Егер осылай аласталсам, онда ол дүниеде менің христиан есебінде жауап беруімді қалай талап етуге болады, тек ойлағаным үшін ғана, өзім бас тартуға жеткізбестен мені дінімнен айырып қойса, сосын мені Христостан безінді деп жөнсіз кінәласа, бұл қалайша әділетті болмақ? Христиан саналмасам, мен Христостан қалай бас тартпақпын, өйткені безінетін ештеңе жоқ қой.
Христиан боп тумағаны үшін жексұрын татарды, Григорий Васильевич, тіпті көкте болса да кім тергеп жатады, бұл үшін оны бір өгіздің терісін екі рет сыдыруға болмайды дегенді сылтауратып кім жазалайды. Тіпті құдіреті күшті құдайдың өзі де, ол татарды өлгеннен кейін тергеген күнде де, жексұрын ата-анасынан жексұрын боп туғаны үшін кінәлы емес қой деп жеңіл-желпі бір жазамен ғана (өйткені мүлде жазасыз қалдыруға болмайды ғой) шектелер еді деп ойлаймын. Жаратқан құдай ол татарды жайдан-жай бұл да христиан болған деп айта алмайды ғой. Егер олай десе, жаратқан тәңірім шіп-шикі өтірік айтқан болар еді. Көк пен жер тәңірісі бірде-бір сөзінде жалғандық жіберуі мүмкін бе?
Мелшиіп тұрып қалған Григорий ойда жоқта сайрай жөнелген Смердяковқа одырая қарады. Не нәрсе сөз боп жатқанын жете түсінбегенмен, осынау бос мылжыңнан кенет бірдеңе ұққаннан кейін ол маңдайын жарға соққан кісіше тоқтай қалған. Федор Павлович рөмкесін босатқан соң шиқылдай күлді.
— Алешка, Алешка, байқаймысың! Ah, сұмырай неме! Иван, мынау, сірә, иезуиттермен тілдесіп келген шығар. Аһ, оңбаған иезуит, сені бұған кім үйретті? Бірақ сен, сұмырай, өтірік айтасың ғой, шімірікпестен соғасың ғой. Жылама, Григорий, біз қазір-ақ оның күл-талқанын шығарамыз. Ал, сен, есек, маған мынаны айтшы: азаптаушыларыңның алдында сенікі дұрыс-ақ болсын, бірақ сен қалай болғанда да өз дініңнен өзің бездің емес пе, мен сол сәтте-ақ құдайдың қарғысына ұшырағанмын деп өзің айтасың ғой, ендеше сені қарғыс атқаны рас болса, бұл үшін сені тамұқта маңдайыңнан сипар деймісің. Білгіш иезуитім-ау, сен осы жөнінде не ойлайсың?
— Өзім безінгенім рас, бұған күмән жоқ, алайда, мен әдейі күнәға батайыншы деген жоқпын ғой, ал егер дегенмен күнәкар болсам, онда жай әншейін бірдеңе.
— Қалайша жай кәдімгі бірдеңе!
— Қарр-ғыс-с атқанның өтірік соғуын, — деп ысылдады Григорий.
— Григорий Васильевич, төрелігін өзіңіз айтыңызшы, — Смердяков өзінің мерейі үстем болғанын түсінген соң, енді тізе бүккен дұшпанына әдейі мәулет бергісі келгендей бірқалыпты, байсалды үнмен сөзін одан ары жалғастырды, — Григорий Васильевич, төрелігін өзіңіз айтыңызшы: інжілде айтылған емес пе — құдайға тіпті тарының дәніндей сенімің бола тұрып, алдыңдағы тауға теңізге сырғып түс деп бұйырсаң, ол дереу сырғып түседі деп. Григорий Васильевич, сіз мені бәрібір ұрса бересіз, сондықтан мен-ақ дінсіз болайын, ал сіз керемет діншіл-ақ болсаңыз да, сол тауға теңізге емес (өйткені теңіз алыс қой), тым болмаса біздің бақтың сыртындағы анау кішкентай сасық өзенге сырғып түс деп көріңізші; сіз, қаншама айқайласаңыз да, ол орнынан жылжымайды, сол қалпында тапжылмай қалады. Ал бұл, Григорий Васильевич, сіздің де дініңіз шала деген сөз, сөйте тұра ғой сіз басқаларды жазғыра бересіз. Бұл заманда тек сіз ғана емес, ең жоғары мәртебелі адамдардан бастап ең жаман мұжыққа дейін тіпті ешкім де тауды теңізге сырғытып түсіре алмаса, бүкіл жер бетінде бұл бір-ақ адамның, әрі кеткенде екі-ақ адамның қолынан келсе, бірақ олардың өзі Мысырдың шел даласында жан сауғалап жасырынып жүргендіктен табылмаса, — ал қалғандарының бәрі дінсіз болып шықса, онда бұлардың бәрін, яки әлгі түзді жайлаған өксуден басқа, жер бетіндегі барлық халыққа тәңірім, рақымшылығы баршаға аян бола тұра неғып қарғыс айтар екен, ешқайсысына неғып кешірім жасамас екен? Сондықтан бір мәрте күдіктенгенім үшін тәубеге келіп көзімнен жас шыққанда маған да кешірім жасалатын шығар деп үміттенемін.
— Тоқта! — қуанғаннан Федор Павловичтің даусы саңқ етті, — дегенмен, сен тауды теңізге сырғытып түсіре алатын екі адам бар деп ойлайсың ғой? — Иван, мына сөзді ұмытпай жазып қойшы: міне мынау шын орыстың аузынан шығатын сөз!
— Халықтың дінге сену сипатын сіз әбден дұрыс айттыңыз, — деді құптағандай жымиып күлген Иван Федорович.
— Келісесің ғой! Демек, егер келіссең, солай болғаны да! Алешка, бұл шын ба? Нағыз орыс діні осындай емес пе?
— Жоқ. Смердяковтың діні орыстың дініне мүлде ұқсамайды,— деді Алеша байсалды, бекем үнмен.
— Мен оның дінін айтып отырғам жоқ, әлгі сипатын, әлгі түзде жан сауғалаушы екеуін, тек әлгі дінге сені сипатын ғана айтамын: шын орыс дінге осылай сенбей ме?
— Иә, бұл шын орысқа тән сипат, — деді Алеша жымиып күліп.
— Сен, есек болсаң да, бір татымды сөз айттың, бұл үшін мен саған бүгін он сом ақша беремін, бірақ қалған сөзіңнің бәрі жалған, шіп-шикі өтірік. Сен, ақымақ, біліп қой, мұнда біздің бәріміз тек шолақ ақылдылықтан ғана дінге сенбейміз, өйткені бұған уақытымыз жоқ: біріншіден, жұмысбастымыз, екіншіден, құдай тағалам уақытты аз берген ғой, тәуліктегі жиырма төрт сағат деген немене тәйірі, ол тәңіріге құлшылық етпек түгіл, ұйқымызды қандыруға да жетпейді. Ал сен болсаң, тек діннен өзге ештеңені ойламайтын, дінге сеніміңді көрсетіп қалатын сәтте ғой, азаптаушыларыңның алдында дініңнен безбексің! Мен міне солай ғой деймін, бауырым, ал өзің қалай ойлайсың?
— Солай екені солай ғой, Григорий Васильевич, бірақ өзіңіз ойлап қараңызшы, солай болғасын да оңай боп тұр ғой. Егер онда мен шын ақиқатқа қапысыз сеніп қалып, өз дінім үшін азап шеккім келмей, жексұрын Мұхаммедтің дініне көшіп кетсем, онда шынында да күнә болар еді. Бірақ онда мен азапқа түсе қоймас едім ғой, неге десеңіз дәл сол сәтте әлгі тауға: орныңнан қозғалып мына азаптаушымды езіп таста десем-ақ болғаны, тау оны тарақанша дереу езіп тастар еді де, тәңіріме сыйынып, түк болмағандай өз бетіммен кете берер едім. Ал егер мен сол сәтте осы амалдың бәрін істесем, тауға: мына азаптаушыларымды езіп таста деп әдейі айқай салсам, — ал тау оларды езіп тастамаса. онда, өзіңіз айтыңызшы, сондай қысылтаяңда, үрей қалмаған сұмдық өлім сәтінде қалайша күдіктенбейін? Ол дүниеде ұжмаққа күмп ете қалмайтынымды мен онсыз да білемін (өйткені менің айтқаныма бола тау орнынан қозғалған жоқ қой, ендеше ол жақта менің дініме онша сенбейтін болғаны емес пе, сосын ол дүниеде менің басыма керемет сый-сияпат жаумайтынын да білемін), олай болса, мен бостан-босқа жон терімді неге сыдыртуым керек? Жон терімді тіпті жарым-жартылай сыдырғаннан кейін де, тіпті сонда да менің айтқаныма немесе айқай салғаныма бола ол тау орнынан әсте қозғала қоймас еді. Мұндай сәтте көңіліңе күдік келмек түгіл, үрейің ұшқасын тіпті ақылыңнан адасарсың, тіпті бірдеңені ойлауға да мұршаң келмес. Ендеше, ол жақта да, бұл жақта да ешқандай пайда, сый-сияпат көрмейтін болған соң, тым болмаса жон терімді аман сақтап қалсам, бұл үшін онша күнәкар бола қояр ма екем? Сондықтан, құдай тағаланың рақымшылығын тілеп, тіпті мүлде кешірім жасалар деп те үміттенемін...
VIII
КОНЬЯК СІМІРІП ОТЫРҒАНДА
Сөз таласы біткен, бірақ, бір таңғаларлығы, бағанадан бері көңілді отырған Федор Павловичтің аяқ астынан қабағы түсіп кетті. Ол тұнжыраған күйі коньяктан тағы бір тартып жіберді, бірақ бұл мүлде артық рөмке еді.
— Эй, иезуит немелер, кәне жоғалыңдар, — деп ақырды ол малайларға. — Смердяков, сен де кет. Бағанағы он сомдықты кейін беріп жіберем, ал қазір жүре бер. Григорий, сен көз жасыңды тый да, ана Марфаңа бар, ол сені жұбатады, төсегіңе салып ұйықтатады. Бұл шіркіндер түскі тамақтан кейін тыныш отырып демалуға да мұрша келтірмейді, — деп күйінді ол өзінің жарлығымен малайлар кеткен соң. — Смердяков түстік кезінде қылқиып осында келетінді шығарыпты, саған әбден үйірсек боп алған, сен оны неге осыншама еркінсітіп жібердің? — деді ол Иван Федоровичке.
— Мен түк те еркінсіткен жоқпын, — деді Иван Федорович, — елпеңдеп тұратын өзі; малай болғасын арсыз да болмай ма. Піскен ет ауызға түскісі келіп тұрмай ма, бұл да сол секілді.
— Солай ма?
— Бұдан тәуірлеу басқалары да болады, алайда, мұндайлар да кездеседі. Әуелі осындайлары, сосын тәуірлеулері болады.
— Сонда мұның мерзімі қашан жетеді?
— Ракета лап етіп тұтанғанмен, бәлкім, жанып бітпей қалар. Халық мұндай жаман немелерді тыңдауды әзірше онша ұнатпайды ғой.
— Солай ма екен, бауырым, мынадай Валаам есегі ойлай-ойлай келе нені ойлап шығарарын кім біледі.
— Ойын түйіндеп жүргені ғой онда, — деп мырс етті Иван.
— Міне көрдің бе, оның басқалармен бірге мені де ұнатпайтынын, саған "елпеңдеп тұратын" секілді көрінгенмен, сені де жек көретінін мен білемін. Ал Алешканы тіпті мүлде жақтырмайды. Бірақ ол ұрлық қылмайды, өсек айтпайды, аузына берік, үйдегі әңгімені сыртқа шығармайды, самса пісіруге қандай керемет, әйтсе де, соны қайтеміз, шындығында, ол сөз қылуға тұра ма өзі?
— Әрине, тұрмайды.
— Оның басына іштей қандай ойлар келетініне келсек, жалпы айтқанда, орыс мұжығының басынан таяқ айырмаған жөн. Мен әман осылай деп қақсап келемін. Біздің мұжық алаяқ қой, оны аяудың қажеті жоқ, қазір де анда-санда бір сілейтіп салатындары қандай жақсы. Орыс жері қайыңымен күшті. Орманды құртып бітірсе — орыс жері де құриды. Мен парасатты адамдар жағындамын. Біз мұжыққа дүре соғуды қойдық қой, өйткені тым ақылды боп кеттік, сосын олар өздерін өздері сабап жүр. Мұнысы қайта жақсы болды. Өлшеуіші қандай болса, өлшемі де сондай емес пе, немесе тағы қалай деуші еді... Қысқасы, өлшемі табылады. Ал Ресейді доңыздық жайлаған. Егер менің Ресейді қандай жек көретінімді білсең ғой сен, достым... яки Ресейді емес, осы кесапаттың бәрін... бәлкім, тіпті Ресейді де жек көретін шығармын. Tout cela c'cst dc la cochonnerie1. Нені жақсы көретінімді білесің бе? Мен тапқырлықты жақсы көремін.
— Сіз тағы бір рөмке ішіп қойдыңыз ғой. Енді жетер.
— Тоқта, мен тағы бірін сосын тағы бірін ішейін, содан кейін өзім де қоям. Жоқ, тоқта, сен менің сөзімді бөліп жібердің ғой. Жолай Мокросға атүсті соққанымда бір шалдан сұрағанымда, ол былай деп еді: "Біз, дейді, қыздарды үкім бойынша дүрелегенді және де оларды жігіттерге дүрелеткенді көбірек жон санаймыз. Сонан соң, жігіт бүгін дүрелеген қызын ертең өзі алады, мұның өзі қыздарға сабақ болады". Маркиз де Садтар қалай, а? Қалай десең де, тапқырлық бұл барып көріп қайтсақ қайтеді, а? Алешка, сен қызарып кеттің бе? Ұялма, балам. Бағана игумендікінде түстікке қалмағанымды қарашы, тақуаларға Мокрый қыздардың қылығын әңгімелейтін едім. Алешка, бағана сенің игуменіңді ренжіткеніме ашуланбашы. Мен, бауырым, ыза боп кетем. Егер құдай тағала бар болса, ол тірі болса, — онда мен, әрине, кінәлімін және жауап беруге де әзірмін, ал 8егер ол атымен жоқ болса, онда мен сенің пірәдарларыңды қайтем? Онда олардың басын алу аз, өйткені олар алға дамуымызда аяққа тұсау. Иван, осыны сезіну мені қатты қинайтынына сен нанасың ба? Жоқ, сен бұған нанбайсың, мұны көзіңнен көріп тұрмын. Сен жұрттың мені әншейін бір сайқымазақ қой дегеніне сенесің. Алеша, сен менің тек сайқымазақ еместігіме сенемісің?
— Тек сайқымазақ қана емесіңе сенемін.
— Сенің сенетініңе және шын айтып тұрғаныңа мен де сенемін. Кісіге шын ниетпен қарап, шын ниетпен сөйлейсің. Ал Иван өйтпейді. Иван тәкаппар... Ал мен саған сол монастырсымағыңды қалай болғанда да таста дер едім. Ақымақ біткенді біржола ақылға салу үшін бүкіл орыс жеріндегі осынау мистиканы түгелдей бір-ақ жойып жіберер ме еді. Монета сарайына қаншама күміс пен алтын түсер еді сонда!
— Сонда не үшін жоймақсың? — деді Иван.
— Тезірек ақиқат үстем болуы үшін, міне не үшін жою керек.
— Егер бұл ақиқат үстем болса, онда ең алдымен сізді тонамай ма, сосын... құртып та жібереді.
— Мәссаған! Сірә, сенікі дұрыс шығар. Аһ, есек басым-ай, — деп Федор Павлович шалқая беріп маңдайын ақырын қойып қалды. —Олай болса, Алеша, сенің монастырсымағыңа тимей-ақ қойсын. Ал біз ақылды болғансын жылы үйде коньяк ішіп отыра берейік.
Білесің бе, Иван, құдайдың өзі бәрін әдейі осылай етіп қойған жоқ па екен? Иван, айтшы: құдай бар ма, жоқ па? Тоқта: шыныңды айт, байыптап айт! Тағы неге күлдің?
— Смердяковтың тауды қозғай алатын екі пірәдардың барына сенетінін бағана өзіңіз тауып айтқан жоқсыз ба, соған күлем.
— Солай боп шыққанға ұқсай ма?
— Енді қалай деп едіңіз.
— Олай болса, мен де орыспын, демек, менде де орыстың сыр-сипаты бар; сол сыр-сипат арқылы сені де ұстауға болады, пәлсапашым, қаласаң, ұстап алайын. Бәс тігуге бармын, ертең-ақ ұстаймын. Дегенмен, сен айтшы: құдай бар ма, жоқ па? Тек шыныңды айт! Маған енді шындық керек.
— Құдай жоқ деп айттым ғой жаңа.
— Алешка, құдай бар ма?
— Құдай бар.
— Иван, ал мәңгі өлмейсің деген шын ба, тым болмаса титтей шындық бар ма бұл сөзде?
— Мәңгі өлмейсің деген сөзде шындық жоқ.
— Ешқандай шындық жоқ па?
— Ешқандай.
— Яки дөп-дөңгелек нөл ғой немесе ештеңе де жоқ қой. Мүмкін, әйтеуір бірдеңе бар шығар? Ештеңенің өзі де, дегенмен, бірдеңе емес пе?
— Иә, дөп-дөңгелек нөл
— Алешка, сен айтшы: мәңгі өлмейсің деген шын ба?
— Шын.
— Ал құдайдың бары, мәңгі өлмеу шын ба?
— Құдайдың бары да, мәңгі өлмеу де шын. Құдай бар дегеннің мәні мәңгі өлмеу деген сөз ғой.
— Һм. Сірә, Ивандікі дұрыс болар. Құдай-ау, ойлап қарасаңдаршы: адам ғой осынау арманға қаншама уақыт сеніп келген, қаншама күшін зая кетірген, бұл сан мың жыл осылай ғой! Сонда адамды бұлай күлкі ететін кім? Иван? Соңғы рет және кесіп айтшы: құдай бар ма, жоқ па? Мен ақырғы рет сұрап отырмын!
— Менің де ақырғы сөзім: құдай жоқ.
— Иван, адамдарды күлкі ететін кім болғаны?
— Сайтан шығар,— деп күлді Иван Федорович.
— Сонда сайтан бар болғаны ма?
— Жоқ, сайтан да жоқ.
— Қап, бәрекелді-ай. Құдайды бірінші боп ойлап шығарушы менің қолыма түссе, оған тіпті не істерімді де білмеймін! Оны ағаштың басына аяғынан асып қою да аз шығар.
— Егер құдайды ойлап шығармаса, өркениет те атымен болмас еді.
— Шын болмас па еді? Құдайдың жоқтығынан болмас па еді?
— Иә. Тіпті коньяк та болмас еді. Әйтсе де, коньякты сіздің алдыңыздан әкету керек секілді.
— Тоқта, тоқта, жарқыным, тағы бір рөмке ішейін. Алешканың намысына тидім білем. Алексей, сен ашуланған жоқсың ба? Алексейчигім, сүйікті Алексейчигім!
— Жоқ, ашуланған жоқпын. Мен сіздің ойыңызды білем ғой. Сіздің басыңыздан гөрі жүрегіңіз асыл.
— Мына менің басымнан жүрегім асыл болғаны ма? Астағыпыраллы, оның үстіне мұны кім айтып отыр десеңізші? Иван, сен Алешканы жақсы көремісің
— Жақсы көрем.
— Жақсы көр. (Федор Павлович қатты мас боп қалған еді.) — Тыңдаймысың, Алеша, бағана мен сенің пірәдарыңның алдында дөрекілік көрсеттім. Бірақ, онда мен толқып кеткен едім. Сен қалай ойлайсың, Иван, ол пірәдар тапқыр сөйлейді емес пе?
— Солай болуы да ғажап емес.
— Иә, ғажап емес, il у a du Piron Ів-dcdans1. Ол иезуит, яки орыс иезуиті. Ізгі ниетті адам болғандықтан, оның көрінеу аярлық жасап... жұртқа әулие көрінуі керектігіне іштей зығырданы қайнайды.
— Ол құдайға сенеді ғой.
— Түк те сенбейді. Ал сен, немене, білмеп пе едің? Мұны бәріне оның өзі айтады, яки бәріне емес, өзіне келетін ақылды адамдардың бәріне айтады. Ол губернатор Шульцке: Credo2, бірақ не нәрсеге сенетінімді білмеймін, — деп турасын айтты.
— Рас па?
— Дәл осылай. Бірақ, өз басым оны құрмет тұтамын. Оның бойында Мефнетофельге тән, немесе одан да гөрі "Біздің заманымыздың батырларындағы..." Абенинге тән бірдеңе бар, немесе тағы қалай еді... яки, білесің бе, ол әйелжанды ғой; оның әйелжандылығы тіпті сұмдық, мен ондай кісіге қызымды немесе әйелімді құдайға мінәжат етсін деп жіберуге қазір де қорқамын. Оның әңгімешілдігін білсең ғой... Алдыңғы жылы ол бізді шайға шақырған, сонда ликер ішіп отырғанымызда (бай үйдің бәйбішелері оған ликер жіберіп тұрады), ертеде бастан кешкендерін айтқанда біздің күлкіден ішегіміз түйіле жаздаған... Әсіресе оның бір әлсіреген әйелді емдегені қызық. "Әттең аяғым ауырады, әйтпесе сізге бір биді билеп берер едім", — дейді. Қалай, а? "Бұл өмірімде аз афоншылаған жоқпын, дейді". Ол көпес Демидовтың алпыс мыңын жеп кеткен.
— Қалай, ұрлаған ба?
— Мұны адал адам ғой деп санаған ол: "Ертең үйімді тінтпекші еді, бауырым, мынаны тыға тұршы"— деп әкеп береді ғой. Сөйтіп бұл ақшаны алады. Сосын: "Сен шіркеудің мұқтажына жұмсауға бергенсің — депті кейіннен. Мен оған: япырмай, сен де нағыз оңбағанның өзі екенсің, — дедім. Ол маған: жоқ, мен оңбаған емеспін, менің пейілім кең... деді. Әйтсе де, ол емес екен ғой... Басқа біреу. Өзге біреуді айтайын деп отырып шатасыппын... аңдамай қалдым. Мен тағы бір рөмке ішейін, сосын жетер; Иван, шөлмекті әкетіңдерші. Иван, бөсе бастағанымда-ақ неге тоқтатпадың... өтірік айтасыз деп неге ескертпедің?
— Өзіңіз де тоқтайтыныңызды білген соң үндегем жоқ.
— Өтірік, сенің менде өшің бар, маған ызалысың. Мені жек көресің. Сен маған келдің ғой, сөйте тұра, өз үйімде маған жеккөрініш білдіресің.
— Мен кетемін; сіз мас боп қалдыңыз.
— Мен саған құдай үшін Чермашняға барып келші... бір, екі, үш күнге болса да барып келші деп жалындым ғой.
— Сонша қажет болса, ертең-ақ жүріп кетейін.
— Жүріп кету қайда саған. Осында мені андып отырғың келеді, сен қара ниеттің пиғылы белгілі, үйден шыққың келмейтіні міне осыдан, солай ғой?
Шал тынышталмады. Кейбір мастардың тып-тыныш отырғаннан кейін кенет өре түрегеліп, қалай да бір мықтылық көрсеткісі келетін әдеті болады ғой, Федор Павлович та сондай халге жеткен еді.
— Маған неге қадала қалдың? Көзіңді қарашы? Сенің көзің маған қарағанда: "Маскүнем неменің сиқын", — деп тұрған секілді. Көзіңде күдік бар, жеркеніш бар... Сен бірдеңені ойлап келгенсің. Ал Алешка басқаша қарайды, оның көзі нұрланып тұр. Алеша 9мені жақсы көреді. Алексей, сен Иванды жақсы көрме...
— Ағама неге ашуланасыз! Оны ренжіте бермесеңізші, — деді кенет өктем сөйлеген Алеша.
— Жарайды, қойдым. Уһ, басым зеңіп барады. Иван, үшінші рет айтам, коньякты алып қойшы. — Ол ойланып отырды да, кенет мекерленіп, ақырын ғана жымиды. Иван, кәрі сүмелекке ашуланып қайтесің. Мені ұнатпайтыныңды білемін, тек ренжімеші. Жақсы көретіндей қылығым да жоқ қой менің. Чермашняға барсаң, базарлығымды алып соңыңнан өзім де жетем. Онда көптен бері көзім түсіп жүрген бір қыз бар еді, соны көрсетем саған. Әзірше кәдімгі жалаң аяқ қыз. Алайда, сен ондай жалаң аяқтардан үркіп, мұрын шүйірме — олар керемет болады!...
Сөйтіп, ол ернін шошайтып саусақтарының ұшынан сүйіп қойды.
— Мен үшін — ол жанға жағатын тақырыбын енді ғана тапқандай кенет қутыңдап кетіп, бір сәтке тіпті айыққан секілді көрінді, — мен үшін... Әһ, балалар! Сендердей үрпек бастар не білуші еді, мен... көріксіз екен деп өмірімде ұрғашыдан жеріген емен, бұл менің қашаннан бергі әдетім! Түсінесіңдер ме? Сендерге мұны ұғу қайда: сендердің тамырларыңдағы — қан емес, сүт қой, сендер әлі шикісіңдер! Меніңше, кез келген әйелден, сайтан алғыр, өзгелерінің бойында кездесе бермейтін ғажап бірдеңені табуға болады, — тек оны іздей білу керек, гәп міне қайда жатыр! Бұл талант! Өз басым мовешка1 дегенді білмеймін: маған оның ұрғашы екені жетіп жатыр, мен үшін осының өзі-ақ жарты байлық... бірақ, сендер мұны түсінесіңдер ме тәйірі! Тіпті вьельфилькалардың2 өзінен де кейде таңғаларлық бірдеңе тапқаныңда ол байғұсты осыған дейін байқамай, босқа қартайтқан кейбір собалақтарға жының ұстайды! Жалаңаяқтығы мен көріксіздігіне қарамастан, оны ең әуелі, бәрінен бұрын есінен тандыра таңғалдыру керек — оған жақындасудың бірден-бір амалы міне осы. Сен тіпті осыны да білмейсің бе? Мұндай мырза мендей қара табан қызға қалай ғашық болады деп аң-таң боп, жүрегі жарыла жаздап, ұялғанынан не істерге білмей дағдарып қалсын. Бұл жалғанда дөрекі болса да мырзаның бары және дәйім бола беретіні қандай жақсы, әйтпесе әлеңкідей жаланған еден жуушы қыздар болар ма еді, ал олар болмаса, қожайын болар ма еді, бақытты өмір сүру үшін бұдан басқа не керек! Тоқта... тыңдағын, Алешка, мен сенің шешең марқұмды әман таңғалдырушы едім, тек бұл айтқанымнан сәл басқашалау. Оны еш уақытта еркелетпей жүремін де, бір күні кенеттен көңілім түскен сәтте — әлде қалай елжірей қалып, еңбектеп о жақ бұ жағына шығып, аяғынан шөпілдете сүйе бастайтынмын, сөйтіп ол әрқашан, — күні бүгінгідей есімде, — әрқашан ақырын ғана сықылықтап күле бастайтын, бірақ бұл күйгелектеген, ерекше, қатты күлкі емес-ті. Марқұмның ауруы үнемі осылай басталушы еді, мұндайда ертеңіне-ақ желікпесі ұстап қалатын, ал бүгінгі сықылықтап ақырын ғана күлгені шындығында ешқандай қуанышты білдірмейтін, ол жай алдамшы қуаныштың күлкісі болатын — мұны мен білемін. Не істесең де өз ыңғайыңды таба білуің керек деген міне осы! Осында Белявский деген бір қалтасы қалың сұлу жігіт бар еді, сұмырайдың әйеліме көңілі кетіп, біздікіне жиі келетінді шығарғаны, ол - ол ма, бір күні әйелімнің алдында мені тіпті жағымнан шапалақпен тартып жібергені де бар. Осыдан кейін қойдан жуас әйелім, — ол мені шапалақ жегенім үшін тіпті сабап тастай ма деп те қорықтым, — өзіме дүрсе қоя бермесі бар ма: "Сен, дейді, одан неге шапалақ жейсің, ол сені неге жағыңнан шапалақпен тартып жібереді! Сен, дейді, мені оған сатқансың ғой... әйтпесе менің көзімше саған қол көтеруге оның қалай батылы барады! Осыдан кейін менің көзіме қалай ғана көрінбексің, көрмегенім сен болсын! Дереу соңынан жүгір, дуэльге шақыр оны..." Желікпесі ұстап қалғандықтан оны монастырьға апарған едім, қасиетті пірәдарлар 10дұға қайырған болатын. Бірақ, Алеша, құдай куә, ауру әйелімді еш уақытта ренжіткен жоқ шығармын! Ренжітсем, онда да алғашқы жылы, бір-ақ рет ренжіткен болармын: өзі де тым дұғашыл болып кеткен еді, әсіресе Мәриям-ана мейрамында дұғасын қаза қылмайтын, ол күндері мені кабинетке қуатын. Діншіл неменің жынын қағып алайын деп ойладым! "Көремісің, деймін мынау ғой сенің иконың, қазір мен оны аламын. Қарап тұр, сен ғой оны таңғажайып бірдеңе санайсың, ал қазір мен осы иконаға көзіңше былш еткізіп түкіремін, бұл үшін маған ештеңе болмайды!..." Мұны көргеннен кейін құдай сақтасын, мені өлтіретін шығар деп ем бірақ, ол орнынан атып тұрып, екі қолын сермеп қалды, сосын қолымен бетін жаба қойып, тұла бойы дірілдеп-қалшылдап еденге құлап түсті... сұлқ түсті... Алеша, Алеша! Не болды, саған не боп қалды!
Шал қорыққанынан селк ете түсті. Ол Алешаның шешесін әңгіме ете бастаған сәттен баласының жүзі бір қуарып, бір қызарып құбыла берген еді. Сонсоң, беті алаурап, екі көзі отша жанып, еріндері дірілдеп кеткен... Сілекейін шашыратып сөйлеген шал баласының өзінен-өзі таңғаларлық халге түскенше тіпті ештеңе байқамаған, "желікпе" жайындағы жаңағы айтқаны енді қаз-қалпы Алешаның басында қайталанғанын сезбеген. Алеша үстел басынан атып тұрып, ілкіде шешесін сөз еткендегідей, екі қолын сермеп қалды да, бетін басып орындыққа сылқ етіп отыра кетті. Сосын тұла бойы дірілдеп-қалшылдап, үнсіз жылады. Оның шешесімен таңғаларлық ұқсастығына шал қатты қайран қалды.
— Иван, Иван! Анаған тезірек су ішкізіп жіберші. Құданың құдіретімен шешесінің сол жолғы ауруынан бір айнымайды екен! Мен шешесіне су бүркіп едім, сен де сөйтші. Ол шешесі үшін, шешесі үшін... — деп күбірледі ол Иванға.
— Мен ол екеуміз бір анадан туғанбыз деп ойлаушы едім, сіздіңше қалай бұл? — деді зығырданы қайнаған Иван. Оның көзі алайып кеткенде шал селк етті. Бірақ, дәл осы сәтте өте қызық оқиға болды: Алексей мен Иванның бір анадан туғандығы шалдың есінен, бір секундқа болса да, шынында да шығып кетсе керек...
— Бір анадан туғандарың қалай? — деп міңгірледі түкке түсінбеген шал. — Сен не деп тұрсың өзі? Қалай деп кеттің?.. Сен де одан туып па ең... Аһ, мені қара басқан ба! Иә, сен де содан туған едің ғой! Аһ, қара басты деген осы міне! Өмірімде бұлайша масқара боп шатасқан жоқ едім, кешіре гөр, бауырым. Менің ойымша, Иван... Хе-хе-хе! — Ол тыйылып қалды. Шалдың жүзінен парықсыз, мас, бос күлкінің табы сезілді. Міне дәл осы сәтте сенектен біреулердің алысып-жұлысып, айқайласып жатқандары естілді де, есік ашылған соң Дмитрий Федорович залға баса-көктей кіріп келді. Зәресі ұшқан шал Иванды паналады:
— Ол мені өлтіреді, өлтіреді! Арашалай гөр мені, бере көрмеші оған! — деп шырылдады ол Иван Федоровичтің шалғайынан жармасып.
IX
ӘЙЕЛЖАНДЫЛАР
Залға Дмитрий Федоровичтің соңынан іле-шала Григорий мен Смердяков кірді. Ішке жібермейміз деп сенекте онымен алысқан да осы екеуі-ді (оны үйге кіргізбеуге осыдан бірнеше күн бұрын Федор Павловичтің өзі тапсырма беріп қойған еді). Дмитрий Федорович залға кіргеннен кейін біреуді іздеген кісіше жан-жағына көз жүгіртіп тұрған кезде Григорий үстелді орағытып өтіп, ішкі жатын бөлменің жарма есігін мықтап жауып, бұл бөлмеге тек менің өлігімді аттап қана кіре аласың дегендей, екі қолын кеудесіне айқастырып қойып, сұстана тұра қалды. Мұны көрген соң Дмитрий ышқынып Григорийге тап берді, бірақ айқайлаған жоқ.
— А, осы бөлмеде екен ғой! Сонда тығып қойдыңдар ма! Кет былай, оңбаған! — Ол Григорийді жұлқып қалып еді, малай оны кейін итеріп тастады. Ыза кернеген Дмитрий малайды кеудеден құлаштап салып жіберді. Шал қалпақтай ұшып түсті, ал Дмитрий оның үстінен аттап өтіп бөлмеге кірді. Смердяков өңі қуарып, дірілдеп-қалшылдап Федор Павловичке жабысып, залдың екінші шетінде тұрған.
— Грушенька осы үйде, — деп айқайлады Дмитрий Федорович, — оның осында бұрылғанын жаңа өз көзіммен көргем, қуып жете алмай қалғаным. Ол қайда? Қайда жасырдыңдар оны?
"Грушенька осы үйде!" — деген айқайға Федор Павлович аң-таң болды. Ол қорқынышының қайда кеткенін сезбей де қалды.
— Ұстаңдар, ұстаңдар ананы! — деп айқайлаған ол Дмитрий Федоровичтің соңынан ұмтылды. Бұл кезде Григорий еденнен түрегелген, бірақ әлі де есеңгіреп тұрған. Иван Федорович пен Алеша әкесінің соңынан жүгірді. Үшінші бөлмеде бірдеңенің жерге құлап түсіп, зың етіп күл-паршасы шыққаны естілді: бұл мәрмәр тұғырда тұрған үлкен шыны зерен еді (онша қымбат емес), жүгіріп өткенде Дмитрий Федорович қағып кетсе керек.
— Ұстасаңдаршы ананы! — деп айқайлады шал. — Аттан!
Иван Федорович пен Алеша әрең дегенде шалды қуып жетіп, залға сүйрегендей ғып алып келді.
— Оның соңынан қуатындай не сор түртті! Жоқтауыңды бір-ақ асырса қайтесің! — деп зекірді Иван Федорович әкесіне.
— Ванечка, Лешечка, демек, ол осында болғаны ғой, Грушенька келгені ме, жаңа ол осы үйге келе жатқанын өзім көрдім деді емес пе...
Шал тұншығып сөйлей алмады. Ол Грушенька бүгін келер деп ойлаған жоқ-ты, енді келіп ол осы үйде дегенді естігенде мүлде есеңгіреп қалған еді. Дірілдеп-қалшылдап, есінен адасқан секілді көрінген.
— Өзіңіз көріп тұрсыз ғой, келсе жер жұтып кетті деймісің! — деп зекірді Иван.
— Мүмкін, анау есіктен кірген шығар.
— Ол есік жабық тұр ғой, ал кілті өзіңізде...
Дмитрий залға қайтып келді. Ол екінші есіктің жабық екенін, әрине, көрді, оның кілті шынында да Федор Павловичтің қалтасында болатын. Барлық бөлмелердің терезелері де түген жабық; демек, Грушенька үйге кіретін де, сыртқа шығатын да ешбір есік-тесік жоқ еді.
— Ананы ұстаңдар! — деп айқайлады Федор Павлович залдан Дмитрий Федоровичті көрген бойда, — ол менің жатын бөлмедегі ақшамды ұрлады! — Сөйтіп, ол Иваннан жұлқынып шығып, Дмитрийге тағы да тап берді. Бірақ, Дмитрий екі қолын көтере беріп, шалдың самайындағы бір тал шашынан жұлқып қап ұшырып түсірді. Содан кейін жерде жатқан әкесін дәл беттен өкшесімен екі-үш рет теуіп үлгерді. Шал шыңғырып жіберді. Дмитрийдей қарулы болмаса да, Иван Федорович оны қапсыра құшақтап зорға деп айырып алды. Дмитрийді алдынан кеп құшақтап, Алеша да әкесін арашалауға шама-шарқынша көмектесті.
— Сені жын соққан ба, өлтіресің ғой, — деп ақырды Иван.
— Оған сол керек! — деді Дмитрий ентігіп тұрып. — Өлтірген жоқпын, бірақ, мен оны өлтіруге тағы бір келемін. Күзетіп отыра алмайсыңдар!
— Дмитрий! Бұл үйден тез көзіңді жоғалт! — деді Алеша өктем үнмен.
— Алексей! Сен айтшы, мен жалғыз саған ғана сенемін: жаңа ол осында болды ма, жоқ па? Шолақ көшеден келіп шарбақты бойлай осылай қарай кеткенін жаңа ғана көріп едім. Айқайлап едім, қашып кетті...
— Саған ант етейін, ол мұнда келген жоқ, бұл үйде ол келеді деп ешкім тіпті күткен де жоқ!
— Бірақ, мен оны көргем... Демек, ол... Оны қазір іздеп табамын... Алексей, қош! Езопқа енді ақша жөнінде ләм деме, ал Катерина Ивановнаға қазір, дереу баратын бол: "Дұғай сәлем айтты де, сәлем айтты, сәлем айтты де! Нақ дұғай сәлем айтты, тағзым етті де". Болған оқиғаны айтып бер.
Бұл кезде Иван мен Григорий шалды жерден көтеріп, креслоға отырғызған. Беті қанталаған, бірақ есі дұрыс, Дмитрийдің зіркіліне бар ықыласымен құлақ салып отырған. Оған әлі де болса Грушенька шынында да осы үйдің бір жерінде секілді көрінген еді. Дмитрий Федорович кетіп бара жатып оған өшіге қарады.
— Сенің аузыңды қан жалатқаныма өкінбеймін! — деді ол, — сақтанғайсың, шалым, арманыңнан ада болып қалма, өйткені менің де арманым бар! Қарғыс атсын сені, ада-күде безіндім сенен...
Дмитрий бөлмеден жүгіріп шығып кетті.
— Грушенька осында, ол шын осында! Смердяков, Смердяков! — деп, малай жігітті саусағымен шақырған шалдың даусы қырылдап әрең шықты.
— Бұл үйде жоқ дедік қой саған, алжыған қақпас, —деп ақырды оған ызаланған Иван.
— Ол талып қалды білем! Су, орамал әкеліңдер! Қимылдасаңшы, Смердяков!
Смердяков су әкелуге жүгірді. Ақыры шалды шешіндіріп, жатын бөлмесіне апарып төсегіне салды. Басын дымқыл орамалмен таңып қойды. Коньяктан, күйіп-пісуден, соққыдан әлсіреген шал жастыққа басы тиісімен көзін жұмып, тез ұйықтап кетті. Иван Федорович пен Алеша залға оралды. Смердяков қираған зереннің сынықтарын жинап шығарып жүрген, ал Григорий тұнжыраған қалпы үстелдің жанында тұрған еді.
— Сенің де басыңа дымқыл шүберек қойсақ қайтеді, мүмкін, төсекке қисая тұрарсың, — деді Алеша Григорийге. — Мұнда оны біз қарай тұрамыз ғой; ағам сені басыңнан... қатты соқты білем.
— Ол маған қол көтерді! — деді тұнжыраған Григорий ашынып.
— Ол сен түгіл, әкесіне де "қол көтерді ғой!" — деді Иван Федорович аузын қисайтып.
— Кішкентайында астауға отырғызып шомылдырған едім... маған қол көтергені қалай! — деп қайталады Григорий.
— Албасты басқыр, мен араша түспегенде, ол өлтіріп тастайтын еді. Езоптың қанша қауқары бар дейсің? — деп сыбырлады Иван Федорович інісіне.
— Құдай сақтасын! - деп баж етті Алеша.
— Құдай неліктен сақтауы керек? — Иван ашудан бетін тыжырайтып, — тағы да сыбырлады. — Екі жексұрын бірін-бірі құртады, екеуі бірдей неге өрем қаппайды.
Алеша селк етті.
— Әлбетте, жаңа араша түстім ғой, бұдан кейін де кісі өліміне жол бере қоймаспын. Алеша, сен отыра тұр, мен далаға шығып келейін; басым ауырып кетті.
Алеша жатын бөлмедегі әкесінің қасына барып, оның бас жағындағы қоршаудың ішінде бір сағаттай отырды. Шал кенет көзін ашып, ие болғанын есіне түсіргісі келді ме қалай, Алешаға үнсіз ұзақ қараң жатты. Содан кейін оның жүзінен қатты қобалжығанды қай қалды.
— Алеша, — деп үрейлене сыбырлады ол. — Иван қайда?
— Далаға шықты, оның басы ауырады. Ол бізді сыртта күзетіп жүр.
— Ана жерде қол айна тұр еді, әперіп жіберші!
Алеша оған комод үстінде тұрған бүктемелі кішкентай дөңгелек айнаны алып берді. Шал айнаға қарады: мұрны қолағаштай боп ісіп кеткен, сол қасының үстіңгі жағына қанталаған әжептәуір дақ түскен екен.
— Иван не дейді? Алеша, сен менің ең сүйікті ұлымсың, мен Иваннан қорқамын; мен анадан гөрі Иваннан көбірек қорқам. Тек сенен ғана қорықпаймын.
— Иваннан да қорықпаңыз, ол ашулы, бірақ сізді әрқашан да қорғайды.
— Алеша, ал анау қайда екен? Грушенькаға кеткен шығар! Сүйікті періштем менің, шынын айтшы: бағана Грушенька осында келді ме, әлде келген жоқ па?
— Оны ешкім де көрген жоқ. Бәрі өтірік, келген жоқ!
— Ал Мигьқа оған үйленбекші ғой, солай емес пе!
— Грущенька оған тимейді.
— Оның рас, оған тимейді, ешқашан да тимейді!.. — Дәл осы сәтте оған бұдан артық қуанышты ештеңе айтылуы мүмкін еместей, қатты қуанған шал селк етті. Сүйсінгендіктен ол Алешаның қолын қатты қысып, өзінің жүрегіне басты. Тіпті көзіне жас та келді. Ал кішкентай иконды, бағанағы Мәриям-ананың бейнесін айтам, өзіңе бердім, ала кет. Монастырыңа оралуыңа да қарсы емеспін... бағана жәй қалжыңдағам, ренжімессің. Басым ауырып барады, Алеша. Леша, жүрегімді тым болмаса сен орнықтыршы, періштеше шынын айтшы!
— Сіз: ол келді ме, жоқ па? — деп тағы да сұрамақсыз ба, — деді шытынған Алеша.
— Жоқ, жоқ, о не дегенің, мен саған сенемін ғой. Ал қазіргі айтпағым мынау еді: сен Грушенькаға барып кең болмаса басқа амалын тауып кездес; сен одан тезірек, мүмкін-қадерінше тезірек сұрап біл, немесе өз көзіңмен шамала: ол кімді қаламақ, мені ме, әлде оны ма? А-а? Не? Осыны істей аласың ба, әлде бұл қолыңнан келмей ме?
— Егер көре қалсам, сұрап білейін, — деп міңгірледі Алеша ұялғанынан.
— Жоқ, ол саған айтпайды, ол шошаңдаған сайран емес пе, — деп шал оның сөзін бөліп жіберді. — Ол сенің де бетіңнен сүйе бастайды, саған тием дейді. Ол жыланша арбайды, ол сайқал, жоқ, саған онда баруға болмайды, жоқ, болмайды!
— Бұл жақсы емес қой, әкетай, мүлде ұят болады ғой.
— Ол бағана сені қайда жұмсады, кетіп бара жатқанында: "Барып кел" — деп айқайлаған жоқ па?
— Катерина Ивановнаға жұмсаған.
— Ақшаға ма? Ақша сұрауға ма?
— Жоқ, ақша сұрауға емес.
— Оның ақшасы жоқ, соқыр тиыны да жоқ. Алеша, мен бір түн ойланып жата тұрайын, сен жүре бер. Бәлкім, оны кездестіріп қаларсың... Тек сен ертең таңертең келетін бол, жарай ма. Ертең саған айтатын бір сөзім бар; келесің бе?
— Келемін.
— Егер келе қалсаң, менің хал-жайымды білуге өзің келгендей сыңай білдір. Менің шақырғанымды ешкімге тісіңнен шығарма. Иванға бір ауыз сөз айтпа.
— Мақұл.
— Қош, періштем, бағана маған араша түстің, мұны ғұмыр бақи ұмытпаймын. Ертең саған бір сөзімді айтамын... әлі ойланып алуым керек...
— Қазір қалайсыз, тәуірсіз бе?
— Не боп қалды дейсің, ертең-ақ тұрып кетем тәйірі, денім сап-сау, сап-сау!..
— Алеша ауладан шығып бара жатып, қақпа алдындағы орындықта қойын дәптеріне қарындашпен бірдеңені жазып отырған Иванды кездестірді. Алеша оған шалдың оянғанын, есі кіргенін, оны монастырьға барып қонуға босатқанын айтты.
— Алеша, ертең таңертең кездессек қандай жақсы болар еді, — деді түрегеле беріп жылы шырайлы сөйлеген Иван. Ол мұндай ілтипат білдіреді деп Алеша тіпті күтпеген еді.
— Мен ертең Хохлаковалардың үйіне барамын, — деп жауап берді Алеша. — Егер Катерина Ивановна бүгін үйінде болмаса, ертең оған тағы да соғуым мүмкін...
— Сонымен қазір Катерина Ивановнаға бармақсың ғой! Әлгі "дұғай сәлем айт" деген өтініші бар емес пе? — деп жымиды Иван.
Алеша қысылып қалды.
— Бағанағы сөздер мен одан бұрынғы кейбір әңгімелерден мен бәрін ұққан секілдімін. Тегі, Дмитрий сенен оның үйіне барып... өзінің... әлгі... иә, қысқасы "қош бол" дейтінін айтуды өтінді ғой деймін.
— Аға! Әкем мен Дмитрийдің арасындағы мына сұмдық кикілжің немен тынар екен? — деп сұрады Алеша даусы қатты шығып.
— Тап басып айту қиын ғой. Не болушы еді, мүмкін, біртіндеп басылар. Ол әйел — залым. Қалай болғанда да, шалды үйден шығармаған жөн, ал Дмитрийді үйге кіргізбеу керек...
— Аға, тағы бір сауалым бар еді — өзінен басқаларға бір көз салған соң өмір сүруге кімнің лайықты, кімнің лайықсыз екенін шешуге кез келген кісінің хақы болғаны ма?
— Бұл жерде лайықты-лайықсыздығына қарай шешуді көлденең тартудың қажеті не? Бұл мәселе адамның жүрегінде көбіне-көп лайықты-лайықсыздығына қарап шешілмейді, басқа, анағұрлым табиғи себептер бойынша шешіледі. Ал хақыға келсек, бірдеңе солай болсын деп тілеуге кімнің хақы жоқ дейсің?
— Алайда, басқаның өлімін тілеуге болмайды ғой?
— Тіпті біреудің өлімін тілесе де қайтеді? Жұрттың бәрі солай өмір сүрсе, тіпті басқаша тіршілік ете алмайтын болса, өзіңе-өзің жалған сөйлеп не керек. Сен менің "екі жексұрын бірін-бірі құртады" деген бағанағы сөзімді тұспалдап тұрсың ба? Онда мен де саған бір сауал қояйын: сен, Дмитрий сияқты, мені де Езоптың қанын төге алады, яки оны өлтіруге бара алады деп санайсың ба, а?
— Иван-ау, ол не дегенің! Үш ұйықтасам ойыма кірмеген нәрсе бұл! Мен тіпті Дмитрийді де... олай деп ойламаймын.
— Бұл сөзіңе де рахмет, — деді Иван күліп. — Біліп қой, мен шалды әрқашан да қорғаймын. Бірақ менің не тілейтінім өз еркімде. Ертеңге дейін қош бол. Мені сөкпе де, маған ала көзбен қарама да, — деді ол тағы да күлімсіреп.
Екеуі бір-бірінің қолын қатты қысты; бұрын еш уақытта бұлай болмаған шығар. Алеша ағасының онымен жақындасуға бірінші боп қадам жасағанын және де мұны бір есеппен, қалай да бір пиғылмен істегенін сезген еді.
X
ЕКІ БИКЕШ ДИДАРЛАСҚАНДА
Алеша әкесінің үйінен шыққанда, бағана осында келгендегіден де жаман ұнжырғасы түсіп, күйзеліп шыққан еді. Ойы тиянақ таппай, сан-саққа кеткендей, оның үстіне сол шашыранды бірдеңелердің басын біріктіріп, күн ұзаққа жанын жеген қым-қиғаш пікірлерден ортақ бір ой түйіндеуге қорқатын да секілді. Торығушылықпен шектесіп бара жатқан бір сұмдық бар ма қалай өзі, Алешаның жүрегі әлі еш уақытта тап мұндай күйге түскен жоқ-ты. Осынау зәлім әйелдің алдында әкесі мен ағасы Дмитрийдің арбасуы немен тынар екен деген ең басты, ең қатерлі, шешілмес сауал оның осы дүдамалын қара албастыдай басып-жаншып барады. Енді ол бәріне өзі куә болды. Әкелі-балалы екеуінің қалай шартпа-шұрт келгенін өз көзімен көрді. Әйтсе де, бақытсыздыққа, мұның нағыз сұмдық бақытсыздыққа ұшырайтын Дмитрий болуы да мүмкін-ау: оны бір күмәнсіз сор күтіп тұр білем. Осының барлығы кейбір адамдарға тіпті Алешаның осыған дейін ойлағанынан, бәлкім, әлдеқайда көбірек қатысты болып шыққан секілді. Әрі-беріден соң жұмбақ бірдеңе. Бұл ағасымен жақындасуды көптен бері тілеп жүр еді. Иван ондай қадамын жасады, бірақ, неге екені белгісіз, ол енді оның осы игі қадамынан сескеніп қалғандай. Ал анау әйелдер ше? Міне қызық: Бағана Катерина Ивановнаға бара жатқанында ол қатты ұялатын секілді еді, ал қазір ешбір қысылатын емес; керісінше, ақыл-кеңесті содан ғана табатындай, жеткенше асықты. Алайда, Дмитрийдің аманатын айту, сірә, бағанадағыдан гөрі қиындау болар: үш мың сом туралы мәселе біржола шешілген, ар-ұяттан жұрдай болғанын сезген соң, бәрінен күдер үзген Дмитрий, әрине, енді ешқандай азғындықтан тартынбайтын шығар. Оның үстіне әкесінің үйіндегі оқиғаны айта бар деп тапсырғаны және бар.
Алеша Үлкен көшедегі бір үлкен, жайлы үйде тұратын Катерина Ивановнаға келе жатқанда сағат жетіні соғып, ымырт үйіріле бастаған еді. Оның екі әпкесімен тұратынын Алеша білетін. Әйтсе де, олардың біреуі — апасы Агафья Ивановнаға ғана әпке саналатын; көп сөйлемейтін, осы бір тұйық әйел мен оның сіңлісі институт бітіргесін әкесінің үйіне келген Катерина Ивановнаның асты-үстіне түсіп бәйек боп жүретін. Ал екінші әпкесі, кедей тұқымынан болса да, нәштеп сөйлейтін, мәскеулік бір барыня еді. Жұрт оларды Катерина Ивановнаның қасы мен қабағына қараң отырады екен, бұл екеуі ол бикешке тек үй ішінің салиқалы сәні есепті ғана қажет десетін. Ал Катерина Ивановна ауру болғасын Мәскеуде қалған қамқоршы генералшасының ғана дегенін екі етпейтін. сондықтан да ол өзінің жай-күйін баяндап оған жұмасына екі хат жазып тұруға тиісті еді.
Алеша ауыз үйге кіргеннен кейін есік ашқан күтуші әйелге өзінің келгенін хабарлауды өтінгенде залдағылар мұның келіп тұрғанын, тегі, біліп те отырса керек (мүмкін, оны терезеден көрген шығар); ар жақтағы ыбыр-сыбырды, жүгірген әйелдің тысырын, көйлектің сусылын Алешаның құлағы шалып қалған; екі ме, әлде үш пе әнел жаққа жүгіріп шыққандай еді. Оның келуі үйдегілерді осыншама абыржытқанына ол аң-таң болды. Алайда, оны сол сәтте-ақ залға кіргізді. Үлкен бөлмеге неше түрлі әсем жиһаз қойылған екен, провинция деуге әсте болмайтын секілді. Айнала толған дивандар мен кушеткалар, кішкентай диваншалар, үлкенді-кішілі үстелдер; қабырғаларға картиналар ілінген, үстелдердің үстіне зерендер мен шамдар қойылыпты, гүл де жеткілікті екен, терезе алдында тіпті аквариум да тұр. Ымырт түскендіктен бөлме іші қаракөлеңке тартқан. Алешаның диванда жатқан жеңсіз жібек қамзолға көзі түсті, диван алдындағы үстел үстінде екі шәшкеде ішіліп бітпеген шоколад, бисквиттер, хрусталь тәрелкеде кегілжім жүзім, тағы бір тәрелкеде кәмпит тұр. Біреуге дәм беріп жатса керек. Алеша қонақ үстіне тап болғанына ыңғайсызданып қалды. Бірақ сол сәтте есіктің пердесі қайырылып тез, асығыс басып кіріп келген Катерина Ивановна қуаныштан көңілдене күлімдеп Алешаға екі қолын бірдей соза берді. Қызметші әйел сол сәтте үстелге тұтатылған екі балауыз шам әкеп қойды.
— Ақыры, келіп жеткеніңізге де шүкіршілік! Күн ұзақ құдайдан тілегенім тек сіз ғана! Жоғарылатыңыз!
Катерина Ивановнаның сұлулығы Алешаны бұдан бұрын да таңғалдырған еді, онда ол сені көргісі келеді деп, осыдан үш жұмадай бұрын Дмитрий оны алғаш рет ертіп апарып таныстырған-ды. Әйтсе де, ол кездесуде екеуінің арасында әңгіме бастала қоймаған. Онсыз да қатты қысылып отырған жас жігітті ұялта бермейінші деп аяныш білдіргендей, Катерина Ивановна онда көбіне Дмитрий Федоровичпен әңгімелескен. Алеша үндемеген, бірақ көп жайтты өте жақсы аңғарған. Ол тәкаппар қыздың өр мінездігіне, менменсіген еркіндігіне, өзімшілдігіне қайран қалған еді. Осының бәріне ешбір күмән жоқ-ты. Алеша өзінің ештеңені әсірелемегенін сезген. Ол қыздың жалтылдаған үлкен қара көздері ғажап екен және де қуан тартып, тіпті сәл қуқыл-сарғыштау ат жақты жүзіне әсіресе жарасып тұрады екен деп ойлаған, бірақ сүйкімді еріндерінің сызығында ғана емес, сонымен бірге осынау қос жанарында да ағасы шын ғашық боларлықтай, сондай-ақ оны, бәлкім, ұзақ сүюге де болмайтындай бірдеңе бар секілді көрінген. Катерина Ивановнаға барып келген Алешадан Дмитрий менің қалыңдығымнан қандай әсер алғаныңды ашық айтшы деп жалынған соң ол өзінің ойын тура айтып салған да.
— Сен оған қосылсаң бақытты боласың, бірақ қайдам... бұл бақытың баянды бола қояр ма екен.
— Солай ма екен, бауырым, мұндайлар сол қаз-қалпынан айнымайды, олар тағдырға мойынсұнбайды. Сенің ойыңша, мен оны өмір бойы сүймеймін ғой?
— Жоқ, сен оны, бәлкім, өмір бойы сүйерсің де, бірақ онымен дәйім бақытты болмауың да мүмкін ғой...
Алеша онда ағасының қолқалағанына көніп қап, басына сондай "зердесіз" ой келгеніне өкініп, пікірін қызара-қызара айтқан. Өйткені пікірін айтып салса да, мұнысы өзіне сол сәтте-ақ сұмдық ерсі көрінген. Әйел жөнінде соншалықты өктем пікір білдіргеніне өзі өлердей ұялған. Енді, міне, өзін қарсы алуға жүгіріп шыққан Катерина Ивановнаны көргенде ол ана жолы, сірә, қатты қателескенмін-ау деп онан бетер қысылғандай сезінді Бұл жолы оның жүзінен нағыз қарапайым ақ көңілділік пен ашық, албырт ақ жарқындық нұрланып тұрған еді. Ана жолы Алешаны соншалықты қайран қалдырған "тәкаппарлық пен менмендіктің" бәрінен енді тек қаймығуды білмейтін, ізгілікті жігер мен өзіне деген бір түрлі айқын, күшті сенім ғана қалғандай. Өзінің шын ғашық адамы қандай қасіретке қалдырғаны оған әсте құпия емесін, істің жайын, бәр-бәрін оның, бәлкім, толық біліп, сезіп отырғанын Алеша оны алғаш көргенде-ақ, оның бірінші сөзінен-ақ ұқты. Алайда, соған қарамастан, оның гүл-гүл жайнаған ажарынан өзінің келешегіне кәміл сенімділігі көрініп тұрған. Алеша, құдай қара бастырғанда, оның алдында ойда жоқта бір үлкен күнәға батқандай сезінді. Ол бірден-ақ басылып, жуасып сала берген еді. Бұған қоса, ол Катерина Ивановнаның бір түрлі қатты тебіреніп тұрғанын, бәлкім, тіпті әлденеге сүйсінген зор қуаныш секілді ерекше бір толқу үстінде екенін оның алғашқы сөздерінен-ақ байқаған.
— Сізді асыға күткенім, мен енді шындықты тек сізден ғана толық естіп біле аламын ғой — маған мұны өзге ешкім де айтпайды!
— Менің келгенім... — деп міңгірледі аузына сөз түспеген Алеша, — мен... мені жұмсады...
— Аһ, ол жұмсағасын келдіңіз бе, өзім де солай шығар деп шамалап ем. Мен енді бәрін білемін, бәрін! — деді жанары жалт-жұлт еткен Катерина Ивановна саңқылдап. — Алексей Федорович, сізді неліктен асыға күткенімді айтайын деп ем, сәл сабыр етіңізші. Көресіз бе, мен, бәлкім, тіпті сізден де көбірек білетін шығармын; маған керегі сізден бір хабар есту емес. Менің мынаны ғана білгім келеді: сіз өзіңіздің ол жөніндегі ең соңғы пікіріңізді, сонан соң қазір оған және бүгінгі кездесуден кейінгі хал-жайына қалай қарайтыныңызды ашықтан-ашық, әсірелеусіз, тіпті дөрекі күйінде болса да (о, қаншалықты дөрекі болса да мейлі) баяндап беріңізші. Мені көргісі де келмейтін кісімен өзім барып тілдескеннен гөрі бұл бәлкім тәуірлеу болар. Сізден менің не тілейтінімді енді түсінген шығарсыз? Ал енді ол сізді маған қандай аманатпен жібергенін (оның сізді жұмсайтынын өзім де біліп ем!) жайлап айта беріңіз, оның ең ақырғы сөзін айтыңыз!..
— Ол сізге... енді еш уақытта бармаймын деп сәлем айтты... дұғай сәлем деді.
— Дұғай сәлем? Дәл солай деді ме?
— Иә.
— Бәлкім, аңдамай, жаңсақ айтқан болар, мүмкін, қателескен шығар?
— Жоқ, ол нақ: "дұғай сәлем" деп шегелеп тапсырды. Ұмытып қалмауым үшін үш мәрте қайталады.
Катерина Ивановна қызарып кетті.
— Алексей Федорович, қол ұшын беріңіз, маған дәл қазір сіздің көмегіңіз қажет: мен сізге өз ойымды айтайын, сіз маған сол ойымның дұрыс-бұрысын айтыңыз, жарай ма? Егер ол маған дұғай сәлем деп жай айта салса, сөзін айнытпай жеткізуді талап етпесе, онда бәрі біткені болар еді... Онда бәрі бітті дер едім! Ал егер ол осы сөзге ерекше мән берсе, егер ол маған сол сәлемін айта баруды шегелеп тапсырса, онда ол, бәлкім, бір ерекше толқыған, алды-артын ойламайтын қатты күйзеліс үстінде болған шығар? Әуелі бір тәуекелге бел буып, сонсоң сол тәуекелінен қорқып кеткен шығар! Менен безгенде аяғын нық басып кетпей, дөңнің басынан тоңқалаң асқан шығар! Сөзіне ерекше мән бергені әншейін сырбаздығы болар...
— Солай, солай! — деп қостады Алеша, — менің өзіме де нақ солай секілді көрінеді.
— Егер олай болса, онда әлі құрып бітпегені! Ол тек торыққан, бірақ мен оны әлі құтқара аламын. Тоқтаңыз: ақша туралы, үш мың сом туралы сізге ештеңе деген жоқ па еді?
— Айтқаны былай тұрсын, оның жанына бәрінен де гөрі қаттырақ батқан, тегі, сол шығар. Ол абыройым айрандай төгілді, енді маған бәрібір деді. — Көкейінде үміт оты жылт етіп, ағасын тығырықтан алып шығудың бір амалы, шынында да болу керек қой деп ойлаған Алеша қызбалана жауап берді. — Сонда қалай, сіз... ол ақша жайында бәріне қанық болғаныңыз ба? — деп ол кенет мүдіріп қалды.
— Көптен бері және де анық білемін. Мәскеуге телеграмма жіберіп сұрағамын, ақшаны алмағанын әлдеқашаннан білемін Ол ақшаны жібермеген, бірақ мен үндемедім. Оның ақшадан зәрулік көріп жүргенін, тіпті қазір де мұқтаж екенін мен соңғы жұмада естіп білдім... Мен бұл істе өзіме бір ғана мақсат қойдым: ол кімге қайта оралу керегін, оның ең сенімді досы кім екенін түсінсе екен дедім. Мен оған адал доспын, бірақ, ол бұған сенгісі келмейді, менің қандай жан екенімді білуге тырыспады, ол маған әйел деп қана қарайды. Сол үшін мыңы құрғырды жұмсап қойғанына оның менен ұялмауы үшін не істеу керек? — деген оймен бір жұма бойы жаман қиналдым. Яки жұрттан, өзінен ұялса ұяла берсін, тек менен ұялмасын деп ем. Ол құдайдың алдында бәрін ұялмай-ақ жайып салады ғой. Ендеше, ол үшін менің қандай тауқыметке болса да шыдай алатынымды осы күнге дейін неге түсінбейді? Менің жан сезімімді неліктен ұқпайды, со бір оқиғадан кейін оның мені білмеуге қандай хақысы бар? Мен оны ғұмыр бақиға құтқарғым келеді. Оның қалыңдығы екенімді мүлде ұмытсын! Ол өзінің ар-намысын ойлап, менің алдыма келуге қорқады! Алексей Федорович, ол сізге өзінің сырын ашуға қорыққан жоқ қой? Осы уақытқа дейін ол маған неліктен солайша сырын айтпайды?
Катерина Ивановна соңғы сөздерін жылап отырып айтқан; оның көзінен жас ыршып кеткен еді.
— Мен, — деді Алеша даусы дірілдеп, — сізге бағана әкемнің үйінде болған оқиғаны айтуға тиістімін. — Сонсоң, Алеша ағасы мұны әкесінен ақша сұрауға жұмсағанын, кейін өзі келіп, әкесін қалай ұрғанын, бәр-бәрін түгел баяндады, ең соңында Дмитрийдің "дұғай сәлем" айт деп тағы да қатты шегелеп тапсырғанын да айтты... — Сонан соң ол анау әйелге кетті... — деді Алеша ақырын ғана.
— Мен оны сол әйелден қызғанады деп ойлайсың ба? Ол мені қызғанады дейтін шығар? Бірақ, Дмитрий оған бәрібір үйленбейді ғой, — деді Катерина Ивановна кекете күліп, — Карамазовта ондай құмарлық ұзаққа баруы мүмкін бе? Оныкі махаббат емес, жай құмарлық. Егер оған тигісі келмесе... ол қалай үйленбек, — деп Катерина Ивановна тағы да зымиян күлкіге салды.
— Ол, бәлкім, үйленер де, — деді төмен қараған Алеша мұңлы үнмен.
— Мен ол үйленбейді деп тұрмын ғой! Сіз білесіз бе, ол қыз періште ғой? Мұны неғып білмейсіз! — деді кенет мүлде қызбаланып кеткен Катерина Ивановна. — Ондай басқа бір таңғажайып әйел бола қояр ма екен! Мен оның арбап алатын сиқыры барын білемін, әйтсе де, маған оның ақ пейілді, ұстамды, адамгершіл екені де белгілі. Алексей Федорович, сіз маған неге бұлайша қарай қалдыңыз? Мүмкін, менің бұл айтқаныма таң қалатын шығарсыз, мүмкін, маған сенбейтін боларсыз! Аграфена Александровна, періштем! — деп дауыстады ол екінші бөлмеге қарап, — мында кел, бұл келген өзіміздің мархабатты Алеша ғой, ол біздің сырымызға қанық, келіп көрінсеңші оған!
— Мені неғып шақырмас екен деп өзім де ойлап ем мына шымылдықтың сыртында жасырынып тұрып, — деген сәл қылымсыған, нәзік әйел даусы естілді.
Есіктің пердесі ашылды, сонсоң... күлім қаққан, қуанышты Грушеньканың өзі шыға келіп, үстелге жақындады. Алешаның ішінде бірдеңе дір ете қалғандай болды. Ол Грушенькаға қадала қарап қалды, одан тіпті көз айыра алмады. Осыдан жарты сағат бұрын ағасы Иван сұмдық "зәлім" деген әйелді ол міне көріп те тұр. Алайда, оның алдында былай қарағанда кәдімгі, нағыз қарапайым жан — өзге сұлулардан айырмасы жоқ, "кәдімгі" әйелдердің бәріне ұқсас, ақ пейілді, сүйкімді әйел тұрған еді! Рас, Грушенька тартымды, тіпті тым ажарлы көрінді, — ауыздың суын құртатын нағыз орыс әйелінің сұлулығы. Әжептәуір бойшаң болғанмен, Катерина Ивановнадан (ол тіпті өте биік еді) аласалау әйелдің қылымсыған даусы қандай керемет нәзік болса, толықша келген жарасымды денесінің қимылы да сондай нәзік, икемді көрінді. Ол Катерина Ивановна сияқты аяғын дікілдете басып келген жоқ: керісінше, дыбыс шығармай ақырын келді, аяқ басысы тіпті естілген де жоқ. Дегенмен қара жібек көйлегі болар-болмас қана сусылдап креслоға баяу ғана отырды да, үлбіреген аппақ толықша мойны мен кең иықтарын қымбат қара жүн шәлімен қымтап қойды. Ол жиырманың екеуінде болатын, жас шамасы бет-жүзінен де сезіліп тұр. Оның бозаң-қызыл шырайлы жүзі аппақ еді. Бет әлпеті жалпақтау, төменгі жақ сүйегі сол шығыңқы ма қалай тіпті. Үстіңгі ерні қаймыжықтай, ал төменгі ерні одан екі есе қалыңдау болғасын көнтектеу, сәл салпылау көрінеді. Ал ғажап, қызыл-күрең қолаң шашы, қоңыр бұлғын қастары, ұзын кірпіктері, керемет сұр-көгілдір көздері тіпті қалың топтың ішінде, серуенде, сапырылысқан жұрттың арасында келе жатқан ең немқұрайды, есалмас адамды да амалсыздан тоқтатып бұрылып қаратқызып, талап уақытқа дейін жадынан шығармауға мәжбүр етер еді. Алешаны бәрінен гөрі көбірек таңғалдырған осы бет әлпеттен сезілген балаға тән аңғалдық пен ақ пейілділік болды. Ол балаша қарайды, балаша шаттанады, үстелге келгенде де "қуанғасын", қазір не болар екен деп балаша аңқалаңдап, аңғал әуестікпен келген. Көз қарасы көңіл қуантады — мұны Алеша сезген. Оның бойында бұл дәл солай деп айта алмайтын немесе түсіндіре алмайтын тағы бірдеңе бардай көрінді, оның бұл қасиеті, бәлкім, Алешаға санадан тыс әсер еткен, атап айтқанда, тағы да сол қимылының осынау керемет бипаздығы мен нәзіктігі, мысық табандап, сездіртпей жүретіндігі болуы да мүмкін. Алайда, ол мығым, мол денелі еді. Жұп-жұмыр кең иықтары, әлі де жас қыздың кеудесіндей томпайған қос анары шәлінің астынан сезіліп тұр. Қазірдің өзінде мүше-мүшесінің үйлесімділігі аздап бұзыла бастағаны болмаса, — бұл сезіліп тұрған, — оның дене бітімі Венера Милосскаяның мүсініне ұқсар ма еді, қайтер еді. Орыс әйелінің сұлулығын айнытпай танушылар Грушеньканы көргенде мына құлын мүше, балғын сұлулық отыздарға таман қазіргі жарасымдылығынан айырылып, денесі жайылып кетеді, беті солбырап, көзінің айналасы мен маңдайын тез әжім басады, жүзі көріксізденіп, қызыл күрең тартады деп қатесіз болжар еді, — қысқасы, бұл нақ орыс әйелдерінде жиі кездесетін тез солатын, бір сәттік сұлулық деп айтуы да мүмкін. Әлбетте, Алеша бұл жайында ойлаған жоқ-ты, бірақ ол, таң қалып тұрса да, бір түрлі ұнатпаған сезіммен және оны аяғандай болып, өзінен-өзі: төл неліктен әрбір сөзін созып айтады, табиғи сөйлемейтіні несі? — деп сұрады. Ол, тегінде, сөздің әрбір буынын әдейі бөліңкіреп, даусын мәнерлей созыңқырап сөйлеуде әсемдік бар деп ойлайтын болса керек. Бұл, әрине, тәрбиенің нашарлығын, бала кезінен инабаттылық дегенді бұрыс ұққандықты дәлелдейтін теріс әдеттің теріс дағдысы ғана еді. Алайда, осы бір сөйлеу мәнері мен әуені Алешаға оның осынау балаша аңқылдаған, қуанышты жүзіне, бейне сәбидің көзіндей бақыт нұры баяу шалқыған қос жанарға мүлде үйлеспейтін қарама-қайшылықтай көрінген! Катерина Ивановна оны Алешаға қарсы тұрған креслоға тез отырғызды да, жымиған еріндерінен бірнеше мәрте шаттана сүйді. Ол Грушенькаға бейне ғашық боп қалғандай еді.
— Алексей Федорович, біз, Грушенька екеуміз, алғаш рет дидарласып отырмыз, — деді масайраған Катерина Ивановна, — оны көрейін, танысып-білісейін деп өзім бармақшы едім, бірақ ол менің бұл тілегімді қабыл алып өзі келді. Ол екеуміз бәрін оп-оңай шешетінімізді өзім де білген едім! Жүрегім сезген... Мені бұл қадамнан сақтандырушылар болды, бірақ, мен түпкі нәтижесіне сендім, енді міне қателеспегенімді көріп те отырмын. Грушенька маған бәрін, өзінің барлық ниетін түсіндірді; ол маған жан тыныштығы мен қуаныш әкелген ақ пейілді періштедей көрініп отыр...
— Менімен дидарласуды намыс көрмегеніңізге рахмет, сүйікті, қадірлі бикешім. — деді жайдары, қуанышты күлкісінен жазбаған Грушенька әр сөзін нәштей сөйлеп.
— Маған бұлай деуге қалай дәтің барады! Сендей сиқырлы сұлумен дидарласуға мен қалай намыстанам? Міне мен қазір сіздің астыңғы ерніңізден тағы да сүйіп алам. Онсыз да көнтектеу секілді екен, енді одан да гөрі көрінсін... Оның қалай күлетініне қараңызшы, Алексей Федорович, мұндай періштеге қарап отырғаныңда жүрегің шаттанбай ма... — Алешаның беті қызарып, тұла бойы сәл дірілдеңкіреп кетті.
— Мені тым әлпештеп кеткен жоқсыз ба, сүйікті бикеш, мүмкін, мен сіздің бұлайша еркелетуіңізге тіпті татымайтын да шығармын.
— Татымайды! Сен татымайсың ба! — деді тағы да қызбаланған Катерина Ивановна.
— Білесіз бе, Алексей Федорович, бұл әйел нәсілінің басына қандай ғана қиял келмейді десеңізші, бірақ, біздің жүрегіміз, тәуекелшіл болғанмен, тәкаппар, өршіл жүрек! Алексей Федорович, біздер ізгілікті, ақ көңіл жандармыз ғой, сіз мұны білуші ме едіңіз? Біз тек алданып қалғанбыз. Біздің кейде тіпті өте нашар тұрлаусыз біреудің тұзағына тез түсіп қалатынымыз да болады. Бір жігіт болған еді, офицер, біз оны сүйгенбіз, оған бәрін құрбандық еткенбіз, бұл ертеде, осыдан бес жыл бұрын болған еді, сонан соң ол жігіт бізді ұмытып, басқа біреуге үйленген. Енді ол жесір қалыпты, хат жазған, енді осында келе жатыр, — ал біз, білгіңіз келсе, осыған дейін тек сол жігітті ғана сүйгенбіз, өмір бойы соны ғана сүйгенбіз! Ол жігіт осында келеді, сосын Грушенька өзінің ғашығымен қайта қосылып, тағы да бақытты болады, бес жыл бойғы бақытсыздығы ұмытылады. Бірақ, Грушеньканы кім cөгe алады, онымен көңілдес едім деп кім мақтана алады! Анау ақсақ көпес шал ма, — бірақ ол шындығында біздің әкеміз, досымыз, қамқоршымыз ғана болған жоқ па. Ғашық жігітіміз тастап кеткесін азап шегіп, өмірден күдер үзіп жүргенде тап болды емес пе ол шая.. онда Грушенька суға кетіп өлкемші болды ғой, ол шал мұны өлімнен құтқарып қалды ғой, өлімнен арашалады ғой!
— Сүйікті бикешім, мені тым қорғаштап кеттіңіз ғой, әйтеуір асығасыз да тұрасыз, — деді тағы да нәштеп Грушенька.
— Қорғаштаймын ба? Қорғаштай кеттім бе, сосын бұл арада менің қорғаштауым қажет пе өзі? Грушенька, періштем, қолыңды берші, Алексей Федорович, мына жұп-жұмыр, кішкентай, әдемі қолын қараңызшы; көресіз бе, осы кішкентай қол маған бақыт әкелді, мені кайта тірілтті, мен қазір осы қолды сүйемін, сыртынан да, алақанынан да сүйемін, міне, міне қарап тұрыңыз! — Сөйтіп, Катерина Ивановна Грушеньканың шынында да керемет әдемі, бірақ, бәлкім, тым жұмырлау көрінген қолынан үш мәрте сүйді. Ал Грушенька, тегі, қолын сүйгені ұнап қалды ма қалай, "сүйікті бикешке" бір түрлі тебіреніп, сықылықтап күле қарады. "Тым артық қуанып тұрған жоқ па екен", — деп ойлады Алеша ішінен. Ол қызарып кетті. Оның жүрегі бағанадан бері дүрсілдеп тұрған.
— Сүйікті бикеш, Алексей Федоровичтің көзінше менің қолымнан бұлайша сүюіңіз маған ұят емес пе?
— Қолыңнан сүйгенде сені ұялтқым келді деймісің? — деді сәл таңданған Катерина Ивановна, — ah, сүйіктім-ау, мұның қалай, мені теріс ұққаның ба!
— Сүйікті бикеш, сіздің де мені, бәлкім, онша дұрыс түсінбеуіңіз мүмкін ғой, мүмкін, мен сіздің ойлағаныңыздан әлде қайда нашар шығармын. Мен қара жүрекпін, оның үстіне тұрлаусызбын. Ана жолы сорлы Дмитрий Федорович маған жымысқы күлкісімен ғана ұнап қалған.
— Бірақ, қазір оны құтқаратын да өзіңіз емес пе. Сіз маған уәде бердіңіз. Сіз оған бәрін түсіндіресіз, көптен бері басқа біреуді сүйетініңізді, қазір ол жігіт сізге үйленбекші екенін айтасыз ғой оған...
— Аһ, жоқ, мен сізге мұндай уәде берген жоқпын. Маған мұның бәрін сіз айтқансыз, алайда, мен уәде берген жоқпын.
— Демек, сіздің айтқаныңызды менің дұрыс түсінбегенім бе, — деді өңі сәл бозарып кеткен Катерина Ивановна. — Сіз уәде...
— Ah жоқ, періште-бикеш, мен сізге ешқандай уәде берген жоқпын, — бұрынғысынша көңілді, ақ жарқын пішінмен бір қалыпты, баяу сөйлеген Грушенька оның сөзін бөліп жіберді. — Қадірлі бикеш, менің қандай жексұрын, өршіл екенімді енді көріп тұрсыз ғой. Мен ойыма келгенді істеймін, міне мен сондаймын. Бағана сізге уәде берсем, бәлкім, берген де шығармын, ал қазір: Митя маған қайтадан ұнап қалуы да мүмкін ғой, ол бір рет қатты ұнаған, тіпті бір сағаттай ұнаған еді ғой деп ойлап тұрмын. Бәлкім, мен қазір оған барып, бүгіннен бастап менімен бірге боласың дермін... Менің құбылып шыға келуім оп-оңай.
— Бағана сіз... мүлде басқаша... — деді даусы әрең шыққан Катерина Ивановна.
— Ah, бағана ма! Менің жүрегім елжірек, ақылым шолақ ғой. Оның маған бола қандай қайғы-қасіретке тап болғанын көрмейсіз бе! Үйге қайтқан соң менің оған жаным ашып кетуі де мүмкін, — сонда қайтем?
— Сіз бүйтер деп күтпеп ем.
— Эһ, бикеш, сіз менің алдымда қандай мейірімді, инабатты көрініп тұрсыз. Енді сіз мендей зердесізді осы мінезім үшін, бәлкім, жек көріп те кетерсіз. Періште-бикеш, сүйкімді қолыңызды беріңізші, — деген соң ол ілтипатпен Катерина Ивановнаның қолынан ұстады. — Сүйікті бикеш, міне қазір мен сіздің қолыңыздан сүйемін, менің қолымды ілкіде сіз қалай сүйсеңіз, мен де дәл солай сүйемін. Сіз менің қолымды үш мәрте сүйдіңіз, ал мен сізбен есеп айырысу үшін тіпті үш жүз мәрте сүйсем де артық емес. Жарайды, солай-ақ болсын, содан кейін тәңірімнің жазғанын көре жатармыз, мүмкін, мен сіздің отыңызбен кіріп, күліңізбен шығатын күңіңіз де болармын, айтқаныңызды екі етпей алдыңызда елпеңдеп жүрермін. Өзара келіскен боп, бір-бірімізге уәде беріп қайтеміз, құдай не жазса сол болсын. Қолыңыз қандай еді, сүйіктім, қолыңыз қандай еді! Сүйікті бикешім, айдай аруым менің!
Ол бикештің қолын баяу ғана өзінің ерніне қарай апарды, бірақ оның ілкіде сүйгені үшін "есеп айырысамын" дегені таңғаларлық еді. Катерина Ивановна қолын кері тартып алмады: ол Грушеньканың "айтқаныңызды екі етпеймін" деген соңғы мүлде таңғаларлық уәдесіне сенерін де, сенбесін де білмеген; тек Грушеньканың көзіне қадала қараумен болған: ол оның көзінен бәз-баяғы бір ақ пейілділік пен сенгіштікті, бәз-баяғы бір риясыз көңілділікті байқаған... Катерина Ивановнаның жүрегінде: "Оның тым аңғал болуы да мүмкін-ау!" —деген үміт жылт еткен. Бұл кезде Грушенька бейне бір елжіреген пішінмен оның "сүйкімді қолын" өзінің ерніне қарай ақырын жақындата берген еді. Бірақ, дәл ерніне тақағанда, бірдеңе кенет ойына түскендей, сәл кідіріп қалды.
— Періште-бикеш, — деді өзінің қылымсыған, нәзік даусымен нәштеп сөйлеген ол, — білесіз бе, енді қолыңыздан сүйгім келмей қалды. — Сонсоң, Грушенька сықылықтап, көңілдене күлді.
— Еркіңіз білсін... Сізге не болды? — деп Катерина Ивановна селк етті.
— Сіз менің қолымды сүйдіңіз, ал мен сіздің қолыңызды сүймедім, осыны есіңізге сақтасаңыз болмай ма. — Грушеньканың жанарында әлдене кенет жарқ еткендей болды. Ол Катерина Ивановнаға тесірейе қарап қалған еді.
— Арсыз неме! — деді бір сәтте Катерина Ивановна, сосын ол заматта бәрін ұға қойғандай, бет-жүзі күреңітіп, орнынан атып тұрды. Грушенька да баяу түрегелді.
— Сіз менің қолымды қалай сүйгеніңізді, ал мен сіздің қолыңызды сүймей қойғанымды қазір Митяға айтып барамын. Ішек-сілесі қатқанша күлер өзі де?
— Жексұрын неме, жоғал көз алдымнан!
— Бикеш-ау, мұныңыз қалай, ұят емес пе, сүйікті бикеш-ау, бұлай деу сізге әсте жараспайды ғой.
— Жоғал, сатқын малғұн! — деп баж етті Катерина Ивановна. Оның бет-жүзі әлемтапырақ болып кеткен еді.
— Мені сатқын дейсіз бе. Ал өзіңіз ше, қыз басыңмен ымырт қараңғысында ақша сұрап жігіттің үйіне барып, көркіңізді сатпақ болғаныңыз қайда, мен білмейді дейсіз бе.
Катерина Ивановна айқайлап, оған тап беріп еді, бірақ, Алеша оны ұстап қалды:
— Қозғалмаңыз, үндемеңіз! Ештеңе демей-ақ қойыңыз, жауап қатпаңыз, қазір ол өзі де кетеді!
Осы кезде бөлмеге Катерина Ивановнаның екі әпкесі мен үй күтуші әйел жүгіріп кірді. Бәрі оған жабыса кетті.
— Кетсем кетем, — деді Грушенька диванда жатқан жұқа жеңсіз қамзолын ала беріп.
— Алеша, жарқыным, мені шығарып салшы!
— Кетіңіз, тезірек кетсеңізші! — деп жалынды оған Алеша қолын жайып.
— Сүйікті Алешенька, мені шығарып салшы! Жолда саған айтатын бір ғажап сөзім бар! Алешенька, мен мұның бәрін сен үшін әдейі істедім. Мені шығарып сал, жарқыным, кейін бәрі де ұнайды саған.
Алеша қолын сығымдап, теріс айналып кетті. Грушенька қарқылдап күлген бойы үйден жүгіріп шықты.
Катерина Ивановна талып қалды. Ол еңіреп жылап, тынысы тарылды. Бәрі оның жанында не істерге білмей абыржып жүр.
— Сізге айтып едім ғой, — деді оған үлкен әпкесі, — сізді бұл кездесуден сақтандырмап па едім... тым албыртсыз... мұндай нәрсеге қалай тәуекел етуге болады! Бұл малғұндарды ғой, ал мынаны тіпті бәрінен де сұмдық дейді... Жоқ, сіз тым аңғартсыз!
— Қабаған ит ол! — деп баж етті Катерина Ивановна, — Алексей Федорович, сіз мені неге ұстап қалдыңыз, әйтпегенде мен оның бет-аузын шиедей қылатын едім ғой!
Алешаның алдында ол өзін-өзі ұстай алмай қалған еді, бәлкім, тіпті ұстамды болғысы да келмеген шығар.
— Оны көк шыбықпен шықпырту керек, эшафоттың үстінде, жендеттің қолына беріп, халықтың көзінше!..
Алеша есікке қарай шегіншектей берді.
— О, құдай тағала! — деп зарланды бір кезде Катерина Ивановна екі қолын жайып, — мұнысы несі! Сондай арамза, сондай сілімтік болғаны ма! Сол бір тауқыметті, қарғыс атқан, ғұмыр бақи қарғыс атқан күнді анау малғұнға айтып қойыпты! "Сүйікті бикеш, жігітке көркіңізді сатуға барғансыз!" — деді ғой маған. Бәрін біледі! Алексей Федорович, сіздің ағаңыз барып тұрған оңбаған екен!
Алешаның бірдеңе дегісі келіп еді, бірақ, аузына сөз түспеді. Жаны қиналғасын жүрегі сазып кетті.
— Кете беріңіз, Алексей Федорович! Қайтейін, ұялғанымнан жерге кіруге бармын! Ертең... сізден жалбарынып өтінем, ертең келіп кетіңізші! Cөгe жамандамаңыз, кешіріңіз, не қыларымды білмеймін тіпті!
Алеша көшеге сенделіп шыққандай болды. Катерина Ивановна сияқты, мұның да жылағысы келді. Кенет оның соңынан қызметші әйел қуып жетті.
— Бикеш, сізге Хохлакова ханымның түстен бері жатқан мына хатын табыс етуді ұмытыпты.
Алеша шағын қызғылт конвертті алып, ойланбастан қалтасына салды.
XI
ТАҒЫ БІР СЫР АШЫЛЫП ҚАЛДЫ
Шаһардан монастырьға дейін бір шақырымнан аз-ақ асатын. Алеша бұл мезгілде жан жүрмейтін соқпақпен келе жатқан. Ымырт қараңғылығы қоюланған, отыз қадам жерден ештеңені ажыратып болмайды. Орта жолға жеткенде көлденең кесіп өтетін бір соқпақ барды. Сол тұста, жалғыз үйеңкінің түбінде бірдеңе қараңдағандай болды. Алеша жақындап келгенде біреу ағаштың тасасынан шыға келіп:
— Ақшаңды шығар, әйтпесе өлтіремін!
— Митя, сенбісің! — деді қатты шошып кеткен Алеша таңғалып.
— Ха-ха-ха! Күтпеп пе ең? Сені қай жерден тоссам екен? Әлде анау үйдің алдынан күтейін бе? — деп ойладым. Бірақ, ол жақтан шығатын үш жол бар ғой, демек, сенен көз жазып қалуым мүмкін еді. Сонан соң, сені осы арадан күтіп алмақшы болдым, өйткені монастырьға баратын басқа жол жоқ, сенің қалай да осы арадан өтетініңді білдім. Кәне, бар шындықты жайып сап, мені тарақанша езгілеші... Эй, саған не болған?
— Жай әншейін, аға... жай қорқып кеткен соң. Ah, Дмитрий!
— Бағана әкемнің бет-аузын қан жалаттың, — деп еңіреп қоя берді Алеша, оның көптен жылағысы келген еді, енді міне ішінде бірдеңе үзіліп кеткендей сезінді. — Сен оны өлтіре жаздадың ғой... оны қарғап-сіледің... енді міне... маған қылжақтайсың... "Ақшаңды шығар, әйтпесе өлтіремін!" — деп кісінің зәресін аласың.
— А не боп қалды? Лайықсыз бірдеңе істедім бе? Беделіңді түсірдім бе?
— Жоға... әншейін...
— Тоқта. Өзін мына қараңғы түнге қарашы: көресің бе, көзге түртсе көргісіз, аспан бұлт, жел көтерілген! Осы арада, үйеңкі тасалап, ені күтіп тұрғанымда басыма: осынша жан азабын тартып, күтіп қайтем? Міне үйеңкі, қалтамда қол орамалым, үстімде жейдем бар, жыртып жіп қып есіп, ол жетпесе аспа бауым бар — арамза тірлігіммен жарық дүниені қор қылғанша асылып өлгенім артық емес пе! — деген ой келді (құдай ақына!). Дәл осы сәтте сенің келе жатқаныңды көргенімде, тәңірім, алабұртқан көңілімді заматта сап тыйды: бұл жалғанда менің де жанымдай жақсы көретін кісім бар екен ғой, ол мына келе жатқан інім, мен оны бәрінен де артық сүйемін, мен жалғыз соны ғана жақсы көремін! Жақсы көретінім сонша, тіпті мойныңнан асыла кеткім де келді! Сонан соң: "Зәресін алып, бір көңілдендірейінші"—деген ақымақтық ой келгені. "Ақшаңды шығар!" — деп айқайлағаным содан. Қылжақбастығымды кешіре гөр — жай сандырақ қой, әйтпесе... менің де жан-дүнием... қай бір оңып тұр дейсің... Жарайды, қойшы соны, онан да анда не болды, соны айтшы? Ол не деді? Мені аяма, жанышта, тілгіле! Қаһарын шашты ма?
— Жоқ, олай емес... Митя, онда мүлде басқаша болып шықты. Онда... Мен ол екеуінің бірге отырған үстіне бардым.
— Екеуі деп отырғаның кімдер?
— Грушенька Катерина Ивановнаға барған екен.
Дмитрий Федорович сілейіп тұрып қалды.
— Қой, мүмкін емес! — деп айқайлап жіберді ол, — сандырақтап тұрсың! Грушенька оған не деп барады?
Алеша өзі Катерина Ивановнаның босағасынан аттағаннан кейін болған оқиғаны түгел баяндап берді. Ол он минуттай әңгімеледі, бәрі бірдей қиюласа, үйлесе шықпауы мүмкін, бірақ, ең негізгі ойларды, ең басты қимыл-әрекеттерді, сондай-ақ өзінің қалай сезінгенін де көбіне-көп бір ғана сипаты арқылы әсерлі етіп айқын жеткізген секілді. Дмитрий оған міз бақпай тесірейе қарап үнсіз тыңдады, әйтсе де, оның бәрін ұтып, фактіні түгелдей ой таразысына салып үлгіргені Алешаға айқын еді. Алайда, әңгіме одан ары жалғасқан сайын, оның бет-жүзі түнергені былай тұрсын, тіпті сұстана түскендей көрінді. Ол қабағын түйіп, тістеніп алғанда, одан бетер тесірейе, қадала, бедірейе қарағандай болды. Сонан соң Дмитрий Федоровичтің осыған дейін қаһарланып, сұстанып тұрған бет әлпеті заматта құбыла қалып, тістенген жақтары жазылып, ойда жоқта сақылдап, рақаттана күлгені онан бетер қайран қалдырды. Ол ішек-сілесі қатқанша күлді, күлкісін тыя алмағандықтан тіпті көпке дейін сөйлей алмады.
— Ақыры оның қолын сүймеді ме! Ақыры сүймеді ғой, сол күйі шығып жүре берді ғой! — деді ол бір түрлі табалаған қуанышпен — егер ол шынымен солай қуанып тұрмаса, оның бұл қылығын арсыз қуаныш деуге де болар еді. — Анау ғой оны қабаған ит деп шапылдады! Қабаған десе қабаған ит қой ол! Эшафотқа шығарып деді ме? Иә, иә, сөйту керек-ақ, керек, мен де солай ойлаймын, оны әлдеқашан сөйту керек еді! Байқайсың ба, бауырым, эшафот десе мейлі, бірақ, ол үшін әуелі сауығу керек қой. Мен оның арсыздың арсызы екенін білемін, бұл айқын, бұл оның қолын сүймей кекірейгенінен көрініп тұр, нағыз сайқал ғой ол! Ол сайқалдың сайқалы, ондайды іздесең таппайсың! Өзінше бір мардымсығандық бұл! Не, ол үйіне кетті ме? Қазір мен... аһ...
Менің тез жетуім керек! Алеша, мені сөкпессің деймін, оны тұншықтырып өлтіру де аз дегенге... мен келісемін...
— Ал Катерина Ивановна ше? — деді Алеша мұңлы үнмен.
— Оның да кім екенін білдім, күллі жан дүниесіне шейін көріп тұрмын, оны еш уақытта дәл мұндай айқын түсінбеген шығармын! Әлемнің төрт бұрышын, яки бес бұрышын бірдей ашумен барабар ғой бұл! Сондай іске аяқ басар ма! Ол әкемді құтқаруым керек деген ізгі ниетпен сұмдық қорлыққа басын тігіп, зердесіз дөрекі офицердікіне жүгіріп келген оқымысты Катенька ғой! Бірақ, біздің өршілдігіміз, тәуекелшілдігіміз, тағдырға қыр көрсеткіштігіміз, қол жетпеске құлаш ұрғыштығымыз деген міне осы емес пе! Сен әпкесі оны сақтандырыпты дедің бе? Білесің бе, ол әпкесінің өзі бір жатқан паң болатын, ол анау Мәскеудегі генералшаның туған сіңлісі, бір кезде тіпті апасынан ары мұрын шүйірген, қазынаның ақшасына қол салғаны ашылып қап күйеуі бар байлығынан, мекен-жайы мен басқа дүние-мүлкінен жұрдай болған соң ғана тәкаппар бәйбішенің кеудесі тез басылған да, содан кейін көтерілмеген. Катяны сақтандырған екен, бірақ, ол тыңдамапты дейсің ғой. "Несі бар, менің қолымнан бәрі де келеді, бәрі менің уысымда: тілесем, Грушеньканы да арбап аламын" — деп астамшылық танытып, өктемдік көрсетсе, бұған кім кінәлы? Ол Грушеньканың қолынан сүйгенде, қулықпен бірінші боп әдейі сүйді деймісің? Жоқ, ол шын сүйді, Грушеньканы шын жақсы көріп қалды, яки Грушенькаға емес, өзінің қиялына, өзінің сандырағына ғашық боп қалды, — өйткені бұл менің қиялым, менің сандырағым ғой! Бауырым Алеша, сен олардан қалай ғана сытылып шыққансың? Шұбатылған етегіңді түріп алып қаштың ба? Ха-ха-ха!
— Аға, сен анау бір оқиғаны Грушенькаға айтып қойып, Катерина Ивановнаны қалай жәбірлегеніңе тіпті мән бермейтін сияқтысын, ол жаңа сен "жігіттерге көркіңді сатуға жасырынып барғансың!" — деп Катерина Ивановнаның бетіне соны салық қылды. Аға, бұдан артық қорлау бола ма? — Алешаның жанына қатты батқан Катерина Ивановнаның бұлайша жәбірленгеніне ағасы шынымен-ақ қуанғаны ма деген ой еді: ал оның қуануы, әрине, мүмкін емес-ті.
— Мәссаған! — Дмитрий Федорович заматта қабағын қарс жауып, алақанымен маңдайын салып қалды. Ілкіде Алеша бәрін жайып салса да, Катерина Ивановнаның оған өкпесін де, "сенің ағаң нағыз оңбағанның өзі!" — деп айқайлағанын да айтса да, бұған ол енді ғана назар аударған еді. — Иә, Катя айтқандай, сол "қатерлі күн" жайында Грушенькаға, қайдам, айтсам айтқан шығармын.
Иә, солай, енді есіме түсті, айтқам! Бұл ана жолы, Мокросға барғанда болған, мен мас едім, сығанның сұлулары ән салып жатқан... Бірақ, онда менің де еңірегенде етегім толған, тізерлеп тұрып Катяның ақ жүзіне табынғамын, менің неге бүйткенімді Грушенька ұққан да. Онда Грушенька бәрін түсінген әлі есімде, оның өзі де жылаған... А, сайтан! Енді келіп басқаша боп шығуы мүмкін бе? Онда еңіреп жылап еді, енді... Енді келіп "жүрекке қанжар салды!" Қатын біткен осындай ғой.
Ол тұнжырап, ойланып қалды.
— Иә, мен оңбағанмын! Нағыз оңбағанмын! — деді ол кенет күңіренген үнмен. — Жыласам да, жыламасам да мейлі, бәрібір оңбағанмын! Егер бұған көңілі көншісе, мені оңбаған деп атағанына тіпті қарсы болмай-ақ қояйын, солай деп айта барарсың. Ал, осы мылжыңым да жетер, қош бол! Көңіл қуантар ештеңе көріп тұрғам жоқ. Сен өз жөніңмен кет, мен өз жөніммен кетемін. Өмірімнің ақтық минутында болмаса, бұдан кейін кездесуге зауқым да жоқ. Қош бол, Алексей! — Ол інісінің қолын қатты қысты, сосын басын төмен салып, тұнжыраған қалпы, бейне иығынан бір ауыр жүк түскендей, шаһарға қарай кете барды. Оның аяқ астынан ада-күде кете баратынына сенбесе де, Алеша ағасының соңынан қарап тұрып қалды.
— Тоқта, Алексей, тек саған ғана ашатын тағы бір сырым бар! — деді кенет қайта оралған Дмитрий Федорович. — Сен маған қарашы, зерделеп қарашы маған: көресің бе, мына жерде, міне мына тұста бір сұмдық зұлымдық пісіп келеді. ("Мына жерде" дегенде, Дмитрий Федорович кеудесін қайта-қайта нұқып, сол зұлымдық нақ оның кеудесінде, бір жерде, бәлкім, қалтада тығулы жатқандай, немесе бойтұмар боп мойнында ілулі тұрғандай таңғаларлық сыңай танытты). Сен енді менің кім екенімді білесің: мен оңбағанмын, қоңыраулы оңбағанмын! Бірақ, біліп қой, бұрын, қазір немесе алда не істесем де, — нақ қазір, дәл осы сәтте менің мына кеудемде, мына көкірегімде бұғып жатқан сұмдық зұлымдықпен ештеңе де, еш нәрсе де тең келе алмайды; ол оңтайлы сәтін күтіп жатыр, оған тыйым сала алатын бір өзім ғана, оны тоқтатсам да, немесе босатып қоя берсем де өз еркім, бұл есіңде болсын! Ендеше, біліп қой, мен сол зұлымдықты істемей қоймаймын, тайсақтап қалмаймын. Бағана мен саған бұны айтқан жоқпын, ал айтпағаным, бұған тіпті менің де оспадарлығым жетпеді ғой! Әйтсе де, әлі райдан қайтуым да мүмкін: райдан қайтсам, жоғалтқан ар-ожданымды жарым-жартылап болса да ертең-ақ қайтарып алар едім, бірақ райдан қайтпаймын, зұлымдық ойымды іске асырамын, мұны саған алдын ала және мақтанып айтқаныма сен куә боласың! Мерт боп, қара түнекте жоғалу ғана қалды! Қазір түсіндіріп жатпаймын, кезі келгенде бәрін білесің. Әзірше маған шолақ көшедегі сайқалдан артық ештеңе жоқ! Қош бол. Маған дұғаңды қор қылмай-ақ қой, мен оған лайық емеспін, сосын оның қажеті де жоқ, тіпті мүлде керегі жоқ... маған мүлде қажет емес! Құрысын!..
Сөйтіп, ол тез кетіп қалды, бұл жолы қайырылған жоқ. Алеша монастырьға қарай беттеді. "Бұл қалай, оны енді еш уақытта көрмейтін болғаным ба, не деп кетті? — деп ойлады түкке түсінбеген Алеша, — оны ертең қалай да көруім керек, әдейі іздеп тауып аламын, өзі не деп кетті!.."
Алексей монастырьді орағыта, шоқ қарағай ішімен өтіп мінәжатханаға тура барды. Мұндай кешеу мезгілде ешкімді кіргізбесе де, бұған есік ашты. Пірәдардың құжырасына кіргенде оның жүрегі дірілдеп кетті: "Ол мұнан неге ғана шығып кетті екен, қасиетті қариясы мұны "дүнияуи пенделерге" неге ғана жіберді екен? Мұнда тыныштық, бұл қасиетті орын, ал анда өзіңнен-өзің қысылып жүргенің, ондағы қара түнекте бірден басың айналып, адасып кетесің..."
Құжырада мүрит Порфирий мен иеромонах Пансий пірәдар отыр екен; Зосим пірәдардың халі онан бетер төмендей бергендіктен Пансий пірәдар оған күні бойы сағат сайын кіріп -шығып тұрыпты; мұны естігенде Алешаның зәресі қалмады. Бұл күні мінәжатханадағы тақуалармен дағдылы кешкі сұхбат та өшпей қалған. Әдетте кешкілікте, ғибадаттан кейін күнде, жатар алдында, мінәжатханадағы тақуалар пірәдардың құжырасына жиналып, әрқайсысы өзінің бүгінгі болар-болмас күнәсын, күнәқарлық арманын, ойын, пендешілігін, егер біреумен ұрсысып қалса, онысын да жасырмай жайып салатын. Кейбіреулері тізерлеп тұратын. Пірәдар кесігін шығарып, татуластырып, ақылын айтып, тәубесіне келтіріп, пәтиқасын берген соң қоя беретін. Бұл арада істің мәні басқада бола тұрса да, пірәдарлықтың дұшпандары бұл мінәжат құпиясын қорлаушылық, тіпті күпірлік болады деп тақуалардың мұндай "мінәжатына" қарсылық білдірген болатын. Мұндай мінәжат ізгілікті мақсатқа жеткізбейтіні былай тұрсын, қайта, шынында да және қасақана күнәға батырады, пендешілік пиғылға итермелейді деп еиархия бастықтарының алдына мәселе де қойылған. Тақуалардың көбі шындығында пірәдарға барғысы келмейтін, әншейін өзгелер барып жатқан соң, мойынсұнғысы.
— Әлсіреген ғой, ұйықтай береді, — деп сыбырлады Алексейге Пансий пірәдар, оған пәтиқасын берген соң. — Оны тіпті ояту қиын. Бірақ, оятып қайтеміз. Бес минутқа ғана көзін ашып, тақуаларға өзінің пәтиқасын жеткізуді тапсырғаннан кейін олардан түнде өзіне арнап дұға оқуды өтінді. Таң алдында шіркеудің қасиетті дәмінен тағы бір татпақ. Алексей, ол сені есіне алды, кетіп пе еді деп сұрады, біз шаһарда жүр дедік. "Бара бер деп оған өзім батамды бергемін; әзірше оның орны мұнда емес, сонда", — деді ол сен жөнінде. Сені есіне алғанда еміреніп, жаны ашып жатты, қандай ілтипатқа ие болғаныңды сен түсінесің бе? Бірақ, сен әзірше дүнияуи тіршілікпен жүре тұр деп ол неге айтты екен? Демек, сенің тағдырыңда бірдеңені алдын ала болжағаны ғой! Алексей, дүнияуи тіршілікке қайта оралған күнде де сен күйкі тірліктің қамы мен пендешіліктің қызығына түсу үшін емес, пірәдарымыздің артқан үмітін ақтау үшін оралғаныңды ұғып ал.
Пансий пірәдар шығып кетті. Бірер күнде көз жұма қоймайтыны белгілі болса да, пірәдардың біртіндеп сөніп бара жатқанына Алеша күмәнданбаған. Ол әкесімен, Хохлаковалармен, ағасымен және Катерина Ивановнамен кездесуде уәде бергеніне қарамастан, ертең монастырьдан ешқайда шықпауға, қашан қарияның ақтық демі таусылғанша оның қасында болуға біржола бекінді. Жүрегінде оған деген махаббат оты тұтанып кеткенде ол өмірде ең құрмет тұтқан адамың жан тәсілім үстінде тастап кеткенін бағана шаһарда жүргенде қалай ғана бір сәтке есінен шығарғанына өзін-өзі қатты кінәлады. Ол шалдың жатын бөлмесіне барып, пірәдарға тізерлеп тұрып, маңдайын жерге тигізе тағзым етті. Ол қалыпты тыныс алғаны да сезілмей, қаннен-қаперсіз ұйықтап жатқан еді. Оның бет-жүзі тыныш болатын.
Алеша содан кейін пірәдар таңертең меймандарын қабылдаған екінші бөлмеге қайтып кеп, етігін ғана шешті, былғарымен қапталған, қатты, тар диваншаға киімшең қисая кетті; ол бұрыннан, көптен бері, жастықты тастай салып осы диванда ұйықтайтын еді. Бағана әкесі ұмытпай ала кел деп ескерткен төсегін әкеп астына салуды ол әлдеқашан ұмытқан-ды. Ол үстіндегі подряснигін шешіп, көрпе орнына жамыла салатын. Ол жатар алдында еденге тізерлеп кетіп ұзақ шоқынды. Бар ықыласымен шоқынғанда ол құдайдан өзінің неліктен қысылып-қымтырылатынын түсіндіруді сұрамайтын, ол тек жан сүйсіндіретін қуаныш қана бере гөр деп тілейтін, тәңіріге сыйынғанда ол өзінің жан жүйесін идіретін әманғы қуанышын ғана тілейтін, оның жатар алдындағы шоқынуының барлық мәні мен нәрі де осы болатын. Шоқынғаннан кейін ол жаны рақаттанып тәтті ұйқыға кететін. Шоқынып тұрғанында Катерина Ивановнаның қызметші қызы бағана соңынан қуып жетіп оған ұстатқан, қалтасындағы кішкентай қызғылт пакетке абайсызда қолы тиіп кеткен еді. Алеша қысылып қалды, бірақ дұғасын тәмәмдады. Сонан соң азғана ойланғаннан кейін пакетті ашты. Кішкентай хатқа Хохлакова ханымның таңертең пірәдардің алдында бұған қарап сықылықтап күлген бүлдіршіндей қызы Lise деп қол қойыпты.
"Алексей Федорович, — деп жазыпты қыз, — бұл хатымды сізге бәрінен, тіпті шешемнен де жасырып жазып отырмын: мұның жақсы емесін білемін, бірақ қайтейін. Жас жүрегімде лап етіп тұтанған сезімді сізге айтпай тұра алатын емеспін, бірақ мұны көзі келгенше екеумізден басқа тірі пенде білмеске тиіс. Әйтсе де, сізге тезірек айтуға ынтыққан ыстық сезімімді қалай ғана түсіндірсем екен? Қағаз қызармайды дейді ғой, бірақ, илансаңыз, бұл жалған, тап қазір мен қалай қызарып отырсам, қағаз да дәл солай қызарады. Сүйікті Алеша, мен сізді сүйемін, сізге тіпті бала кезімнен ғашықпын, Москвада жүргеніңізде сіз қазіргіден мүлде өзгеше болатынсыз сізді сол кезден бері сүйемін, ғұмыр бақиға сүйемін. Жүрегімнің қалағаны тек өзіңіз ғана, сізбен қосылып, екеуміз қосағымызбен қоса ағарсақ, арманым жоқ. Әрине, бұл үшін сіздің монастырьдан кетуіңіз керек. Әлі жаспыз ғой демейік, заң жүзіндегі кәмелеттікке жеткенше күте тұрамыз. Оған дейін мен науқасымнан қалай да жазыламын, аяғымды басып, тіпті билейтін де боламын. Бұған ешбір күмән келтірмеңіз.
Көріп тұрсыз, мен бәрін ойластырып қойдым, тек осы хатты оқыған кезде сіздің мен туралы не ойлайтыныңызды ғана білмеймін. Мен күлекеш, шалдуармын, бағана сізді ренжіткен жоқпын ба, бірақ, илансаңыз, жаңа, қолыма қалам алардың алдында Мәриям-анаға сиынып, тіпті қазір де соған шоқынып, екі көзіме жас тығылып отырмын.
Менің жүрек сырымды міне сіз біліп те алдыңыз; ертең бізге келгеніңізде сізге қалай қарайтынымды да білмеймін. Аһ, Алексей Федорович, егер сізді көргенде шыдамаған соң, бағанадағыдай реттейсіз күліп жіберсем қайтем? Онда сіз мені күлекеш ақымақ екен ғой деп, мына хатыма иланбай қалмайсыз ба. Сондықтан жалынып сұрайтыным, сүйіктім, егер маған жаныңыз ашыса, ертең үйге келгенде менің көзіме онша туралап қарамаңызшы, өйткені менің көзім сіздің көзіңізбен ұшырасып қалған сәтте күліп жіберемін бе деп қорқамын, әсіресе әлгі шұбатылған бешпентті киіп келсеңіз... Осыны ойлағанда тіпті қазір де арқам мұздап сала береді, сол себепті үйге кіргеннен кейін біраз уақыт маған тіпті көз салмаңызшы, шешеме немесе терезеге қараңыз...
Міне, мен сізге ғашықтық хат та жаздым, құдая тәубе, не істеп қойдым! Алеша, мені cөгe жамандамаңыз, егер де бір өте лайықсыз іс істеп, сізді ренжітіп алсам, кешіре көріңіз. Мені тіпті ғұмыр бақи жаман атаққа қалдыруы мүмкін жүрек сырым енді өзіңіздің қолыңызда.
Мен бүгін жыламай қоймайтын шығармын. Көріскенше күн жақсы, ертеңгі қиын кездесуге дейін қош бол.
P.S. Алеша, тек сіз қалай да, қалай болғанда да келіңіз! Lise".
Алеша хатты оқып аң-таң болды, оны екі мәрте оқып шықты, сосын ойланып отырды да, кенет жайлап рақаттана күлді! Бұл күлкісі күнәкарлық боп көрінді ме қалай, ол селк ете түсті. Бірақ, әлгіндей болмай-ақ тағы да жайлап, рақаттана күлді. Содан кейін хатты кішкентай конвертке ептеп қайта салып, шоқынған соң төсегіне жатты. Жан-дүниесінің тебіренісі су сепкендей тез басылған. "О тәңірім, бағанағылардың бәріне жар бола гөр, бақытсыз, албырт жандарға рақымың түсіп, өзің дұрыс жолға сала гөр. Барлығы бір өзіңнің қолыңда: бәрін бәле-жаладан өзің құтқара гөр. Махаббат та бір өзіңсің, баршаны қуанышқа бөлейтін де бір өзің!" деп күбірлеп құдайдан тілек тілеп шоқынған Алеша қаннен-қаперсіз ұйықтап кетті.
ЕКIHШI БӨЛІМ
ТӨРТІНШІ КІТАП
ЗОРЛАНУ
I
ФЕРАПОНТ ПІРӘДАР
Алеша таңертең ерте, ала төбеден оянған еді. Бұл кезде пірәдар да ояу жатқан, ол түрегеліп креслосына барып отырайын деп еді, тұра алмады — әлсіреп қалған екен. Бірақ ақыл-есі дұрыс-ты; бет-жүзі тым жадау көрінгенмен, ашық, тіпті қуанышты секілді, жанары жарқын, жылы, жайдары болатын. "Бүгінгі кешке жете алмауым да мүмкін-ау", — деді ол Алешаға; содан кейін тезірек құдайға мінәжат қылып, күнәсынан арылып үлгіргісі келетінін айтты. Мұндайда оның тәубеге келтірушісі һәманда Пансий пірәдар болатын. Осы екі росты тамамдалған соң оның денесін Зәйтүн майымен сылау басталды. Содан соң иеромонахтар келді, мінәжатханадан келе бастаған тақуалар біртіндеп құжыраға лық толды. Оның бер жағында күн де көтерілді. Монастырьдан да келе бастаған. Ғибадат аяқталғасын пірәдар жиналған жұртпен бақылдасып, бәрінің бетінен сүйді. Құжыраның тарлығынан алдыңғы келгендер ығысып, кейінгілеріне орын беріп жатты. Алеша қайтадан креслосына барып отырған пірәдардың жанында тұрған. Қария қал-қадерінше өсиетін айтып жатыр, әлсіз даусы әлі де бекем секілді. "Сіздерге осынша жыл дәріс айтып келдім, демек, алдарыңда сонша жыл сайрағаным ғой, сұқбаттасу дағдыға айналғандықтан, пірәдарлар мен тақуа бауырларым, тіпті осы әл үстіндегі сәтімде де мен үшін сөйлеуден гөрі ауыз ашпай үнсіз отырғаным ғажап болар еді", — деп әзілдеді ол жиналғандарға мейірлене қарап. Оның сондағы уағызынан кейбір жайттарды Алеша кейін жадында сақтап қалған. Бірақ ол қаншама бекемдеңкіреп, айқынырақ сөйлеуге тырысса да, сөзі онша жүйелі шықпаған еді. Пірәдар онда көп жайттарға тоқталған, тек дәріс айтып қана қоймай, бір аяғы көрде тұрған сәтінде өзінің қуанышы мен күйінішін де ортаға салғысы келген, бұ дүниедегі тағы бір жүрек сырын ақтару үшін көкейкесті ойының бәрін жайып салғысы, ішінде кетіп бара жатқан ойын тағы бір ақтарғысы келген...
"Пірәдарлар, бір-біріңе ілтипатты болыңдар, — деп ғибрат айтты қария (кейін Алешаның жадында қалғаны осындай). — Тәңірімнің пенделерін жақсы көріңдер. Осында келіп, мына мінәжатхананы паналап жатқанымыз үшін біздер былайғы дүнияуи жұрттан артық әулие емеспіз, қайта керісінше, осы шаңырақ астын паналаушының кез келгені, осы құттыханаға келуінің арқасында, өзінің анау қарапайым жұрттың бәрінен, жұмыр басты пенде біткеннің бәрінен кемшін екендігін іштей түсінді... Тақуа кісі құжырасында неғұрлым ұзақ тұрған сайын, мұны жан-тәнімен сезініп терең ұғуы керек. Әйтпесе, мұнда келіп те қажеті жоқ. Ол дүнияуи жандардың бәрінен өзінің кемшіндігін түсініп қана қоймай, пенде біткеннің бәрі үшін және іс-әрекет атаулы үшін, барлық адамдардың дүнияуи һәм жеке күнәсі үшін барша жұрт алдында ғайыпты екенін де білетін болуы керек — біз өзіміздің оқшау тіршілігіміздің мақсатына міне сонда ғана жете аламыз. Өйткені, мархабаттыларым, мынаны біліп қойғандарың жөн: әрқайсымыздың — бәріміз үшін, бұ жалғандағы әрбір іс-әрекетіміз үшін кінәлы екеніміз күмәнсыз; жалпы пендешілік күнә үшін ғана емес, жер басып жүрген жандардың бәрі үшін, тіпті кез келген пенде үшін де әрқайсымыз жеке-жеке кінәлымыз. Мұны түсіну — тақуалық жолдың, тіпті кез келген адам өмірінің ең биік мұраты. Өйткені тақуа адам — алабөтен жаралған жан емес, ол құдайдың құлы аталатын басы жұмыр пенденің қандай болу керектігінің үлгі-өнегесі ғана. Тояттамайтын, сарқылмайтын, бүкіл әлемдік махаббатқа біздің жүрегіміз тек сонда ғана елжіреп, нәр еді. Сонда сіздердің әрқайсыңыз махаббатпен күллі әлемді өздеріңе қаратып алар едіңіздер, барша әлемдік күнәні көздеріңнің жасымен шайып тазарта алар едіңіздер... Жүректерің не деп лүпілдейді, соған құлақ салыңдар, бір мезгіл өздеріңе өздерің ішкі сырларыңды ақтарып, құдайға құлшылық қылудан жаңылмаңдар. Тіпті күнәларыңды мойындағасын да одан әсте қорықпаңдар, тек тәубеге келсеңдер болғаны, бірақ тәңіріге шарт қоймаңдар. Тағы да айтам — тәкаппарланбаңдар. Кішіге де, үлкенге де менменсімеңдер. Өзіңді мансұқтағанды да, масқаралағанды да, өзіңе жала жауып, ғайбаттағанды да жек көруден сақ болыңдар. Атеистерді, жамандыққа бастаушыларды, материалистерді, олардың ішінен қайырымдыларын айтпағанда, тіпті қаскөйлерін де жек көрудің қажеті жоқ, өйткені әсіресе қазіргі заманда олардың арасында көңілі тазалары аз емес. Ғибадат үстінде оларды ауыздан тастамаңдар: жасаған ием, бата қайырар жан ашыры жоқтарға да, тіпті өзіңе құлшылық еткісі келмейтін керенауларға да бірдей жар бола гөр деп тілеңдер. Сонан соң: жаббар ием, мұны тілегенде мен өзімшілдіктен тілеп отырғам жоқ, өйткені өз басымдағы оңбағандық та өзгелерден кем емес деп қоса тілеңдер... Тәңірінің пенделеріне ілтипатты болыңдар, баққан малдарыңды келімсектер айдап әкетіп жүрмесін, өйткені, егер жалқаулық басып, немесе жексұрын өзімшілдікке беріліп, онан бетер көздерің тоймай жайбарақат ұйықтап жатсаңдар, онда жан-жақтан анталаған ашкөздер алдағы малдарыңды айдап әкетеді. Халыққа Інжілді түсіндіруден жалықпаңдар... Дүниеқоңыз парақорлықтан сақтаныңдар... Алтын мен күміске құнықпаңдар, тіпті қолға да ұстамаңдар... Құдай тағаланы медет тұтыңдар да, оның байрағын қолға берік ұстаңдар. Байрақты жоғары көтеріңдер..."
Әйтсе де, пірәдардың уағызы бұл баяндалғаны мен кейін Алешаның жазып алғанынан гөрі үздік-создықтау, көмескілеу болған-ды. Кейде ол әл жинағандай әлсін-әлі мүдіріп қалып, ентігіп отырған, бірақ сонда да жаны рақат тапқан бір қуаныш үстінде еді. Көбісі оған сүйсіне құлақ салып, оның сөзіне таң қалып, шіркін қараңғылық-ай деген... Кейін бәрі осы уағызды есіне алған. Алеша бір минутқа сыртқа шығып еді, құжыра мен оның алдына жиналған тақуалардың жаппай толқып, әлденені күтіп тұрғанына қайран қалды. Кейбіреулері не болар екен деп үрейленсе, енді біреулері мерейі үстем болардай бірдеңені күтетіндей. Бәрі қария уағызын тәмәмдаған соң дереу нендей бір ғаламат бола қалатындай сезінген. Мұның өзі, бір жағынан, парықсыздық секілді бола тұрса да, тіпті ең салмақты деген пірәдарлар да сондай сезімге беріліп қалған-ды. Иеремонах Пансий пірәдардың жүзі өзгелерден гөрі сұсты көрінген. Алешаның құжырадан шыққан себебі — шаһардан Хохлакова ханымның таңғаларлық хатын алып келген Ракитин оны шақырып келуге бір тақуаны жұмсапты; Хохлакова хатында Алешаға өте қызықты бір хабарды жазыпты. Әңгіме мынада еді: кеше пірәдарға тағзым етіп, оның пәтиқасын алуға келген қара халықтың діндар әйелдері арасында шаһардан Прохоровна деген бір кемпір, унтер-офицердің жесірі де болған-ды. Сол кемпір пірәдардан: жалғыз ұлым Васенька сонау Сібірге, Иркутскіге қызметке кетіп еді, оның хабар-ошарсыз жүргеніне бір жыл болып қалды, шіркеуге барып, соның аруағына шырақ қоюға бола ма? — деп сұрапты. Пірәдар оған: о не дегенің, бұл құдайға күпірлік етумен бірдей болмай ма деп қатты зекіп жауап қайтарған. Содан кейін ол әлгі әйелдің білместігін кешіріп, бейне "болашақты болжайтын кітапқа қарағандай" (Хохлакова ханым хатында дәл осылай деп жазыпты), оның көңілін жұбатып: "ұлың Вася аман-сау, бұған күмән жоқ, жақында келіп те қалатын шығар немесе одан хат аларсың, сондықтан уайымдамай үйіңе қайтып, балаңды күт деген-ді. Осыдан кейін не болды дейсіз ғой? — депті одан ары қуанған Хохлакова ханым, — пірәдардың сәуегейлігі шын болып шықты, оның айтқаны келді". Кемпір үйіне барса, Сібірден хат келіп жатыр екен. Бірақ, ол ол ма: жолай, Екатеринбордан жазған хатында Вася шешесіне Ресейге қайтып келе жатқанын, қасында бір шенеунік барын, осы хатты алғасын үш жұмадан кейін "шешесі баласын көріп, көзайым боп қалатынын" жазыпты. Хохлакова ханым Алешадан осы керемет "сәуегейліктің шындық боп шыққанын" игумен мен тақуалардың бәріне дереу хабарлауды өтініпті. "Бұл хабарды жұрттың бәрі естуі керек!" — деп жазыпты ол хатының соңында. Хатты тым асығыс жазғаны, қатты тебіреніп жазғаны әр жолынан сезіледі. Бірақ бәрі құлақтанып үлгергендіктен Алешаның енді оны тақуаларға хабарлауының қажеті де жоқ-ты: Ракитин тақуаны жұмсағанда, "оның аса қадірменді пірәдар Пансийге де құрмет тұтып айтатын бір аса маңызды шаруасы барын, соны кешіктірмей, неғұрлым тезірек айтқысы келіп мазалағаны үшін кешірім сұрайтынын" айта баруды қоса тапсырған болатын. Тақуасымақ Ракитиннің өтінішін әуелі Пансий пірәдарға айтқандықтан, Алешаға құжыраға қайтып келгесін хатты оқып шығып, оны тек құжат есебінде көрсету ғана қалған. Енді міне осынау сұсты, күдікшіл пірәдар да "ғажайып жайында" тұнжырап тұрып оқыған соң өзінің ішкі сезімін білдірмей тұра алмады, іштегі толғаныстан көзі жалт еткен ол кенет маңғаздана жымиып қойды.
— Мұндай ғажайыпты да көреді екенбіз ғой? — деді ол іштегі ойын абайсыз айтып қалғандай.
— Мұндай ғажайыпты бұдан кейін де көреміз, мұндай ғажайыпты бұдан кейін де көреміз! — деп кеукілдесті айналасындағы тақуалар; бірақ Пансий пірәдар қайтадан қабағын түйіп, олардан бұл жайында, тым болмаса, біразға дейін дабыраламаңдар деп өтінді, содан кейін ол: "өмірде алып-қашпа дақпырт деген бола береді, оның.үстіңе бұл әншейін дөп келген бірдеңе болуы да мүмкін ғой, әліптің артын бағайық", — деді тағы да; арым таза болсын дегендей, ептеп ескертуін ескертсе де, бұған оның өзі де сенбейтінін тыңдаушылары анық сезген еді. Әрине, бұл "ғажайып" бүкіл монастырьға және тіпті түскі ғибадатқа келген былайғы діндарлардың көбіне де заматта тараған. Бұл ғажайыпқа Қиыр Солтүстіктегі Обдорскінің кішігірім монастырларының бірі — "қасиетті Сильвестрден" кеше ғана келген тақуасымақ жұрттың бәрінен де көбірек қайран қалған. Кеше Хохлокова ханымның жанында тұрғанында, ол пірәдарға тағзым етіп, қасындағы әйелдің "ауруынан айыққан" қызын көрсетіп: "Сіз мұндай ғажайыпты қалай істейсіз? — деп шын ниеттен сұраған.
Әңгіме мынада еді: түсініңкіремегесін ол шүбәланып, иланарын да, иланбасын да білмей дағдарып қалған. Ол кеше кешке монастырдағы тақуалардың бірі Ферапонт пірәдармен оның омарта сыртындағы оңаша құжырасына барып сұқбаттасып, өзіне өте күшті әсер еткен осы кездесуге таңғалып еді. Ферапонт пірәдар — осының алдында біз оны Зосим пірәдарға, ең бастысы — пірәдарлыққа қарсы кісі деп айтып өткенбіз — оразасына өте берік, үндемейтін, ең қарт тақуа болатын; ол пірәдарлықты зиянды әрі әншейін бір болмашы жаңалық санайтын. Тірі пендеге ләм деп ауыз ашпайтындығына қарамастан, ол аса қауіпті дұшпан еді. Мінәжатханадағы тақуалардың көбісі оған толық тілектес болатын, ад шіркеуге келетін діндарлардың көпшілігі оның кәдімгі дәруіш екенін көре тұра, оны нағыз ұлы тақуа, мен шын пірәдар осы болар деп құрмет тұтатын, оның қауіптілігі осында еді. Бірақ оның кісіні баурап алатыны да осы дәруіштігі болатын. Зосим пірәдардың құжырасына ол еш уақытта бас сұқпайтын. Мінәжатханада тұрғандықтан сен біздің ережемізді сақтауың керек деп Ферапонт пірәдарды ешкім онша мазаламайтын еді, оның нағыз дәруішше жүретіндігінің бір себебі осы-тұғын. Қарияның жасы жетпістің бесеуінен аспаса, кем емес-ті; оның мінәжатхана омартасының ар жағында, бұрышқа таяу тұстағы мыжырайған ескі құжырасы сонау бағы заманда, өткен ғасырда, өзі секілді бір керемет оразашыл, үндемес тақуа Иона пірәдарға арнап салынған екен; жүз беске келген тақуаның небір ғажайып істері жайында монастырь мен осы төңіректе неше түрлі қызықты аңыз тараған-ды. Ферапонт пірәдар қоярда қоймай жүріп, ақыр-соңында, осыдан жеті жылдай бұрын осы бір оңаша құжырада, яки кішігірім дұғаханадан айнымайтын жұпыны баспанада жайғасыпты; тақуа осы құжырадағы сыйға берілген көп икондардың алдында үнемі сығырайып тұратын тағы да сыйға алынған шырағдандарды уақытында тұтатушы шырақшының қызметін атқарып жүрсе керек. Жұрттың айтуынша (бұл шындық еді), ол не бары екі қадақ нанды, одан тіпті де көп емес, үш күн қорек етеді екен; бұл нанды осындағы омарташы үш күнде бір әкеп тұрады; Ферапонт пірәдар тіпті өзіне осындай жақсылық істеген омарташымен де ете сирек тілдеседі. Оның бір жұмалық қорегі осы төрт қадақ нан мен жексенбінің ақшам намазынан кейін игумен оған әдейі беріп жіберетін кішкентай қасиетті дөңгелек ақ нан ғана. Күрішкедегі суы ғана күнде жаңартылады. Түскі ғибадатқа сирек баратын. Кейде күн ұзаққа тізерлеп тұрып, жан-жағына мойын бұрмастан құдайға құлшылық еткенін пір тұтушылары һаман көретін еді. Егер олармен тілдесе қалса, өте қысқа, келте қайыратын да, осы себептен әпенділеу, тым дөрекілеу көрінетін. Алайда, оның оқта-текте келушілермен шүйіркелесе кететін сәттері де болатын, бірақ ондайда ол көбінесе шешілмес жұмбақ тәрізді оқыс бірдеңені айта салумен тынатын, сонан соң, қаншама қолқаласаң да, ілкіде не дегенін түсіндірмей безеріп отырып алатын. Ол діни атағы жоқ, жай қарапайым тақуа-ды. Оның бер жағында, қараңғы халық арасында Ферапонт пірәдар көктегі аруақтармен тілдесіп, тек солармен ғана сұқбаттасады екен, оның жай кісілермен сөйлеспейтіні содан деген мүлде таңғаларлық сыбыс тараған еді. Омарташы да сөзге сараң, тұнжыраған тақуа еді, соның ақылымен Обдорскінің тақуасымағы бір күні Ферапонт пірәдардың құжырасына бармақшы болады. "Алыстан келді ғой деп сөйлесуі де мүмкін, немесе тіпті тіл қатпауы да ғажап емес", — деп ескертеді омарташы. Кейіннен өзі айтқандай, ол зәре-құты қалмай барады. Ымырт үйірілген мезгіл болса керек. Ферапонт пірәдар құжырасының алдында, кішкентай аласа орындықта отыр екен. Төбесінен төнген зәулім теректің жапырақтары кешкі салқын самалмен баяу ғана сыбдырлайды. Кешкі салқын түсіп келе жатса керек. Обдорскінің тақуасы дәруіштің алдына барып, басын жерге тигізе тағзым еткен соң, оның пәтиқасын сұрайды.
— Бұл не, тақуа, өзің сияқты менің де басымды жерге тигізе тағзым еткенімді қалаймысың? — деді Ферапонт пірәдар. Көтер басыңды!
Тақуасымақ басын көтерді.
— Пәтиқаңды берген де жақсы, біреудің пәтиқасын алған да жақсы. Отыр жаныма кеп. Қаңғалақтап қайдан жүрсің?
Бір түйір қара нан мен қара судан өзге нәр татпай өзін-өзі қинағанына және жасының ұлғайғанына қарамастан, Ферапонт пірәдар әлі қуаты қайтпаған әлуетті қария екен, биік бойын тіп-тік ұстайды, еңкеймеген, жадаулығы болмаса, бетінен ажары да таймаған, өңді көрінді — тақуасымақ байғұсты бәрінен де көбірек таңдандырған осы болды.Бойында әлі де едәуір күш бары күмәнсыз. Дене бітімі алабөтен ірі. Кәрілікке берілмегендігінің айғағындай, бір кездегі қалың қара шашы мен қауға сақалы ақ бурылданғаны болмаса, әлі толық ағармаған да, сиремеген де. Жанары жарқыраған, үлкен, сұр, бадырақ көздері тіпті таңғаларлық еді. Сөйлегенде о дыбысына қаттырақ екпін түсіреді екен. Үстіне ертеректегі тұтқындардың киіміне ұқсайтын күрең түсті шұбатылған ұзын шапан киіп, белін жуан жіппен буа салған. Мойны мен омырауы ашық. Айлар бойы иығынан түспеген, қап-қара кір қалың кенеп жейдесі шапанының астынан көрініп тұр. Жұрт ол мойнына салмағы отыз қадақ темір шынжыр іліп жүреді десетін. Жалаң аяғына іле салған жаман шәркесінен тамтық қалмаған.
— Обдорскідегі бір кішігірім мінәжатханадан, қасиетті Селивестрден келдім, — деп мүләйімси жауап берді жас тақуа сәл сескеніп қалған соң, алақ-жұлақ еткен көздерімен диуанаға сұқтана қарап.
— Сенің Селивестріңде болғаным бар. Онда тұрғам. Қалай Селивестрің?
Тақуа күмілжіп қалды.
— Сендерде ес жоқ! Ауыз бекіту сендердің не теңдерің?
— Мінәжатханадағы ежелгі әдет бойынша біздің қоректену тәртібіміз мынадай: ұлы ораза кезінде дүйсенбі, сәрсенбі және жұма күндері тамақ әкелінбейді. Тақуалар тек сейсенбі мен бейсенбіде ғана бір үзім ақ нан, бал салған сусын, мүк-қарақат немесе қуырған сұлы ұнтағы қосылған қырыққабатпен ғана жүрек жалғайды. Сенбі күні қырыққабат сорпасы, бұршақ салған кеспе, шырынға бөктірген ботқа ғана беріледі, бәріне бетін жылтырату үшін ғана болар-болмас май тамызады. Жұмасына бір рет қырыққабат сорпасына қоса кепкен балық пен ботқа жеуге болады. Ұлы оразаның соңғы жұмасында дүйсенбіден тіпті сенбінің кешіне дейін, алты күн бойы, нан мен судан өзге түк татпау керек, бірақ соның өзінде де тамақтан барынша тартынған жөн; бірінші жұмада тек күнара жүрек жалғап тұрса, сол жетіп жатыр. Қасиетті ұлы жұма күні тамақ ішуге болмайды, ал ұлы сенбіде сағат үшке кеткенше ауызды берік ұстап, тек сосын ғана бір үзім нан жеп, су ішуге, кейіннен бір шәшке шарапқа рұқсат етіледі. Қасиетті ұлы бейсенбіде тамағымызға май құйылмайды, шарапқа қоса тіске басарлық жай бірдеңе ғана беріледі. Өйткені бағзы замандағы Лaoдикия жиынында ұлы бейсенбі жайында: "ұлы оразаның соңғы бейсенбісіне дейін шыдамаған адам бүкіл ұлы оразаның қадір-қасиетін кетіреді", — делінген емес пе. Міне, бізде осылай. Бірақ, ұлық пірәдар, сіздердегімен салыстырғанда, бұл не тәйірі, — деді тағы да тақуасымақ қайраттанып. — Өйткені сіздер жыл бойы, тіпті қасиетті пасхада да, нан мен судан өзге нәр татпайсыздар, бізде екі күнге берілетін жартымсыз нанды сіздер бір жұма қорек қыласыздар. Сіздердің осыншама қанағатшылдықтарыңыз шынында да таңғаларлық.
— А, саңырауқұлақ ше? — деп сұрады жұлып алғандай Ферапонт пірәдар; ол "грузди" деген сөздегі "г" дыбысын "х" дыбысына ұқсата бұрмалап айтқан еді.
— Саңырауқұлақ деймісіз? — Таңырқаған жас тақуа одан қайталап сұрады.
— Иә-иә. Мен олардың бір үзім нанына көзімді сатпай-ақ, тіпті орманға да кетіп қала аламын, сонда саңырауқұлақты немесе жидекті қорек қып жүре беремін, ал олар мұнда бір үзім нанға бола омалып отырғандары, демек, оларды шайтан матап қойған. Осы күні кейбір жексұрындар тамақтан соншама тартынудың қажеті жоқ деп көкиді. Бұл менмендік, жаман ой.
— Рас айтасыз, — деп күрсінді жас тақуа.
— Сен олардан шайтанды көрген жоқсың ба? — деп сұрады Ферапонт пірәдар.
— Олардан дегеніңіз кімдер? — деп сұрады монах қипақтап.
— Мен өткен жылы қасиетті пасханың Троица күні игуменге бір кіріп шыққам, содан бері барған емен. Сонда бір шайтанның оның кеудесінде отырғанын, шұбатылған шапанының астына тығылғанда кішкентай мүйіздері ғана қылтиғанын көрген едім; қалтасынан басын сұғып қарағанда көздері алақ-жұлақ етті, менен қорықты білем; шайтан оның ішіне, жынға толы қарнына орнап алған-ды, енді біреу мойнына асылып жүрген, бірақ ол шайтанды тіпті көрмейді де.
— Сіз... көресіз бе? — деп сұрады жас тақуа.
— Көрдім деп тұрмын ғой, аржақ-бержағын түгел көремін. Игуменнен шыға бергенімде, артыма бұрылып қарасам — бір шайтан есіктің сыртында менен жасырынып тұр екен, шайтан болғанда да бір керемет үлкені, біржарым аршын немесе одан да үлкенірек болар, бурыл құйрығы сабаудай, ұп-ұзын, мен де аузымды ашып қалған жоқпын, есікті заматта сарт еткізіп едім, құйрығы қысылды да қалды. Шыңғырып, тыпырлады-ай кеп, кресімді ерніме тигізгесін, оны үш мәрте шоқындырып кеп жібердім. Езілген өрмекшідей, мүрдем кетті. Ендігі сол бұрышта шіріп те біткен шығар, бұлар оны көрмейді, тіпті иісін де сезбейді. Бармағаныма бір жыл болды. Алыстан келді ғой деп, тек саған ашылып жатқаным ғой.
— Сөзіңіз қандай қорқынышты еді! Ұлық һәм бақыт қонған пірәдар, — деді барған сайын батылдана түскен жас тақуа, — сіздің қасиетті аруақтармен әмбе тілдесіп тұрады деген даңқыңыз тіпті қияннан қиянға кетіп жатыр ғой, сол рас па?
— Олар маған ұшып келеді. Менде болып тұрады.
— Ұшып келгені қалай? Кейпі қандай өзінің?
— Құс боп келеді.
— Қасиетті аруақ көгершін боп келе ме?
— Ол қасиетті аруақ, рух болса, бұл — Святодух. Соңғысы — басқаша, ол өзге құс пішінінде де көрінеді: кейде қарлығаш, кейде пайыз торғай, кейде сары шымшық болып келеді.
— Сіз оны кәдімгі жай сары шымшықтан қалай ажыратасыз?
— Сөйлейді ғой.
— Сөйлегені қалай, қай тілде сөйлейді?
— Адамша сайрайды.
— Сонда ол сізге не дейді?
— Бүгін келгенінде саған бір ақымақ келіп, жоқ нәрсені сұрап басыңды қатырады деп еді. Тым көп білгің келеді екен, тақуасымағым.
— Сөзіңіз қандай сұмдық еді, аса бақытты һәм қасиетті пірәдарым, — деп жас тақуа басын шайқай бастады. Оның үрейлі көздерінен, әйтсе де, күдіктенушілік сезіле қалды.
— Мынау дарақты көріп тұрсың ба? — деп сұрады Ферапонт пірәдар сәл үнсіздіктен кейін.
— Көріп тұрмын, аса бақытты пірәдарым.
— Сеніңше ол шегіршін ғой, ал меніңше, басқаша көрініс.
— Сонда ол қандай көрініс? — деп сұрады оның жауабын дегбірсіздене күткен жас тақуа.
— Түн баласында аян береді. Анау бұтақты көресің бе? Түнде сол екі бұтақ бейне Христостың екі қолындай қарманады екен деймін, мені іздейді екен деймін, осыны ап-айқын көргенде зәрем ұшады. Қорқам, о қорқам!
— Егер Христостың өзі болса, оның несі қорқынышты?
— Ұстап алып, көкке алып әкетеді ғой.
— Тірі күйіңде ме?
— Илья пайғамбардың аруағы мен абыройы үшін әкетеді, немене, естімеп пе ең? Құшақтап алады да, көкке ұшып кете барады.
Обдорскілік жас тақуа осы әңгімеден кейін өзіне көрсетілген бір тақуаның құжырасына тіпті өте қатты қобалжып оралғанмен, оның жүрегі Зосим пірәдардан гөрі Ферапонт пірәдарға көбірек дауалайтын секілді көріне берді. Обдорскінің жас тақуасы ең алдымен оразаны жақтайтын еді, сондықтан ауыз бекітуге ғажап төзімді Ферапонт пірәдардың "ғажайыпты көргендігіне" тіпті ешбір күмәнданған да жоқ. Оның сөзі, әрине, көкейге қонбайтын нәрсе көрінеді, бірақ ол сөздердің мән-мағынасын құдай тағаланың өзі біледі ғой, ал Христосқа мінәжат ететін дәруіштердің бәрі де бұдан да сұмдық сөздерді айтып, бұдан да жаман іс істей береді емес пе. Есікті жапқанда шайтанның құйрығы қысылып қалғандығына тұспалды мағынада ғана емес, тіпті тура мағынасында да аңқалаңдап, шын сеніп қалуға әзір еді. Бұған қоса, ол бұрыннан, монастырьға келердің алдында, пірәдарлыққа мүлде теріс пікірде болатын; пірәдарлық жөнінде басқалардың әңгімесінен ғана білетін де, көптеген өзге тақуалардың ізінше оны зиянды жаңалық деген батыл шешімге келген. Күні бойы монастырьда болғаннан кейін ол кейбір шолақ ақыл және пірәдарлықпен келіспейтін тақуалардың іштей наразылығын да байқап үлгерген еді. Мұның үстіне ол жаратылысынан бәрін көріп, бәрін білгісі келіп тұратын епті. арсалаңдаған тақуа болатын. Зосим пірәдардың "жаңа ғажайыбы" туралы дүбірлеткен хабардан оның түкке түсінбей қайран қалғаны содан-ды. Пірәдарды көру үшін оның құжырасы алдына топталған діндарлардың арасынан обдорскілік тақуаның арсалаңдап анда да, мында да барып, бәріне құлақ тігіп, бәрінен бірдеңені сұрап жүргені бірнеше рет көзіне шалынғаны Алешаның есіне кейін ғана түскен. Бірақ онда ол жас тақуаға назар аудармаған, тек соңынан барып есіне алған... Оның бұған тіпті мұршасы да келмеген: тағы да әлсіреген соң, қайтадан төсегіне барып жатқан Зосим қария көзі ілігерде, оны есіне алып, кенет өзіне шақыртқан. Алеша тез жүгіріп барған. Оның жанында Пансий пірәдар, иеромонах Иосиф пірәдар және мүрит Порфирий ғана бар екен. Талмаусыраған көзін ашқан қария Алешаға тесіле қарап жатып:
— Балам, сені туысқандарың күтіп отырған жоқ па? — деп сұрады одан.
Алеша күмілжіп қалды.
— Бірдеңеге керек емес пе ең? Бүгін келемін деп кеше ешкімге уәде етпеп пе ең?
— Уәде еткенім рас... әкеме... ағаларыма... тағы біреулерге келемін деп едім...
— Көрдің бе. Ендеше, баруың керек. Уайымдама. Бұ жалғандағы ақтық сөзімді сенің көзіңше айтпай көз жұмбаймын, мұны біліп қой. Балам, ол сөзімді мен саған айтып, саған өсиет етем.
Саған айтам, сүйікті ұлым, өйткені сен мені жақсы көресің. Ал қазір сол уәде берген адамдарыңа бар, жарай ма.
Алеша кетіп қалуға қиналса да, пірәдардың айтқанын екі етпеді. Бірақ оның бұл дүниедегі ақтық сөзін, ең бастысы оған өсиет етілетін сөзді айтпай көз жұмбаспын деген уәдесі Алешаның жан дүниесін қатты тебіренткен еді. Ол шаһардағы барлық шаруасын тындырып, тезірек оралуға асықты. Пансий пірәдар да өзінің ақ тілегін білдіріп жатыр; оның сөзі де кенет ете қатты әсер етті. Бұл тілегін ол екеуі пірәдардың құжырасынан шығып келе жатқанда айтқан еді.
— Мынау өсиетімді жадыңда сақтағын, жас достым, — деді Пансий пірәдар тоқ етеріне бір-ақ көшіп. — Дүнияуи ғылым ұлы күш боп қалыптасып болған соң, әсіресе соңғы ғасырда, әулиелердің кітаптарында бізге өсиет етілген әуей нәрсенің бәрін талапайлап әкетті, сөйтіп бұл дүниедегі ғалымдардың қатал талқысына түскеннен кейін бұрынғы қасиетті атаулыдан түк те қалмады. Бірақ, олар бөлшектеп талапайлаған да, тұтас нәрсені байқамаған, оны қалай ғана көрмегеніне тіпті қайран қаласың. Ал тұтас нәрсе олардың көз алдында, бұрынғысынша, қаз-қалпы тұрған-ды, оған тіпті дозақтың қақпасы да түк қыла алмайды. Бұл тұтас нәрсе он тоғыз ғасыр бойы өмір сүріп келмеп пе еді, жеке адамдардың жан тебіренісінде, халық бұқарасының қозғалысында ол қазір де өмір сүріп отырған жоқ па? Ол тіпті бәрін талқандап бітірген атеистердің жан тебіренісінде де, бұрынғыша, мызғымастай берік өмір сүріп келмеп пе еді, жеке адамдардың жан тебіренісінде, халық бұқарасының қозғалысында ол қазір де өмір сүріп отыр емес пе? Өйткені христиан дінінен безіп, оған қарсы бас көтерушілер де өздерінің мән-мағынасы жағынан бәз-баяғы Христостың бейнесінен айнымайды және сол күйі қалып та отыр, өйткені осыған дейін олардың даналығы да, жүрегінің жалыны да адамға бағы заманда Христос көрсеткен бейнеден артық басқа бір лайықты, биік бейнені жасап бере алған жоқ. Ондай әрекет жасалған, бірақ одан бүлдіруден өзге ештеңе шықпаған. Жас достым, әсіресе осыны ұмытпағайсың, өйткені ақиретке кеткелі жатқан пірәдардың сені дүнияуи тірлікке бағыштап отыр. Мүмкін, осы ұлыстың ұлы күнін есіңе алғанда, менің осы айтқанымды да ұмытпассың, өйткені сен әлі жассың, ал бұ жалғанда не көп әзәзілдік көп, оның торына түсіп қалмау оңай шаруа емес, саған ақ тілегімді білдіріп жатқаным содан. Ал енді жүре бер, жетімегім.
Пансий пірәдар осылай деп ғибрат айтып, оған батасын берді. Алеша монастырьдан шыққасын осынау тосын сөздерге ой жүгірте келіп, бұған дейін өзіне қатал көрінген, сұсты тақуа енді оның қайыбынан табылған жаңа досы, мұны жақсы көретін жаңа ұстазы екенін заматта ұққандай болды; Зосим пірәдар көз жұмары алдында мұны соған тапсырып қойғандай сезінді. Ол: "Бәлкім, олар шынында да өзара осылай келіскен шығар", — деп ойлады. Алеша ілкіде ғана есіткен ғибратты сөз Пансий пірәдардың оған деген ыстық ынта-ықыласының дәлелі ғана болатын: ол жас жігіттің парасатын әзәзілдікпен күреске хал-қадерінше тезірек әзірлеуге, өзіне аманат етілген оның балғын жанын әлі өзіне де бұлыңғырлау бір берік қорғанмен қоршап қоюға асыққан еді.
II
ӘКЕСІНІҢ ҮЙІНДЕ
Алеша алдымен әкесінің үйіне бармақшы болды. Жақындап келгенде, ол кеше әкесі бірдеме ғып Иванның көзіне түспей кірудің ебін табарсың деп қатты ескерткенін есіне алды. "Неге олай деді екен?" — деп ойлады кенеттен. — Егер маған ешкімге сездірмей, оңаша айтатын әңгімесі болса, онда жасырынып кірудің қажеті не? Тегі, әкем кеше қобалжып тұрып басқа бірдеңе дегісі келген шығар, бірақ айтып үлгірмеген болар", — деп түйді ол қақпаны ашқан Марфа Игнатьевнаның (Григорий ауырып қалыпты, ауладағы оңаша үйде жатыр екен) Иван Федоровичтің үйден шығып кеткеніне екі сағаттай болды деген жауабына ол, дегенмен, қуанып қалған.
— Ал әкем үйде ме?
— Төсектен тұрған, кофе ішіп отыр, — деді сүлесоқтау жауап қатқан Марфа Игнатьевна.
Алеша үйге кірді. Шал үстел басында жалғыз отыр екен, аяғында бәтеңке, үстінде көнетоз бешпент, қайсыбір есеп қағаздарын онша ықылас қоймай, тек ермек үшін қарап отырған секілді. Бүкіл үйде одан басқа тірі жан көрінбейді (Смердяков түскі тамаққа азық сатып әкелуге кетіпті). Алайда оның ойы есеп қағаздарында емес-ті. Ол төсектен ертерек тұрып, бойын сергектеу ұстауға қаншама тырысса да, қатты қажып, әлсіреп қалғаны божыраған сықпытынан көрініп тұр. Маңдайындағы талаураған қызыл-күрең ісік түнде біраз жайыла түсіпті, үстінен қызыл орамалмен таңып қойыпты. Мұрны да долырып ісіп кеткен, бірнеше көкшіл дақ, онша үлкен болмағанмен, бүкіл бет-әлпетіне бір түрлі ашулы, ызалы рең беріп тұр. Сиқының жетісіп тұрмағанын сезген шал Алешаға тыжырына қарады.
— Кофе суып қалған, ішпей-ақ қой, — деп дүңк етті ол. — Бүгін өзім де балықтың қара сорпасынан басқа нәр татқан жоқпын, ешкімді көре қояйыншы деп өзеуреп отырғам жоқ. Неге келдің?
— Сіздің амандығыңызды білейін деп соққаным ғой, — деп күбірледі Алеша.
— А, солай ма. Иә, келіп кетерсің деп кеше саған өзім айтқан екем ғой. Бәрі сандырақ. Бекерге әуреленгенсің. Бірақ сенің өстіп жетіп келетініңді өзім де білгем...
Ол салқын сұспен өзара сөйлеген еді. Содан кейін түрегеліп, айнадағы өзінің мұрнына уайымдай көз салды (мүмкін, таң атқалы қырық рет қараған шығар). Маңдайын таңған қызыл орамалды да әдемілеңкіреп түзеп қойды.
— Осы қызылы тәуір, ақ орамал ауруханада жатқан кісіге ұқсатып жібереді, — деді тақылдап сөйлеген ол. — Қандай шаруаң бар еді? Пірәдарың қалай?
— Оның халі өте нашар, мүмкін, бүгіннен қалмас, — деп жауап қатты Алеша. Бірақ өзінің сауалын іле-шала ұмытқан әкесі оның жауабын естімеген еді.
— Иван шығып кеткен, — деді ол бір кезде. — Ол Митьканың қалыңдығын тартып алуға жанталасып жүр, тек сол үшін ғана осында тұрып жатыр? — деді тағы да зілдене сөйлеп, аузын қисайта Алешаға қараған ол.
— Сізге оның өзі осылай деді ме? — деп сұрады Алеша.
— Иә, әлдеқашан айтқан. Сен қалай ойлап ең: осыдан үш жұма бұрын айтқан. Ол да мені білдірмей бауыздап өлтіруге келді деп пе ең? Бірдеңе үшін келген шығар?
— О не дегеніңіз? Бұлай деуге қалай дәтіңіз барады? — деді қатты қысылған Алеша.
— Рас, ол менен ақша сұрамайды, тіпті сұраған күнде де соқыр тиын алмас еді. Мен, аса сүйікті Алексей Федорович, қолымнан келсе ұзақ жасағым келеді, мұны білігі қойғандарың жөн, сондықтан маған әрбір тиын қымбат, неғұрлым ұзақ жасаған сайын ол маған соғұрлым қажет болмақ. — Қолын сарғыш жолақты, кең, кір-кір жазғы пальтосының қалтасына салып, бөлмеде ерсілі-қарсылы жүрген ол сөзін одан ары жалғастырды. — Әзірше қалай дегенмен еркек атым бар, елу жас деген не тәйірі, бірақ мен әлі де жиырма жылдың қарасында тұғырдан түскім келмейді, содан кейін қартаямын — сасай боп қаламын, сонда менің қойныма жайдан-жай жата қалмайды ғой, ақша міне сонда кәдеге асады. Қара басымның қамын ойлап, ақшаны болған үстіне болса екен деп жанталасатыным содан, сүйікті ұлым Алексей Федорович, сен мұны біліп қой, өйткені мен де өле-өлгенше үйреншікті сұрқиялығымнан жазғым келмейді, бұл да құзырыңа мағлұм болсын. Сұрқиялық қандай тәтті: сұрқиялықты бәрі жазғырады, бірақ бәрі сұрқиялық өмір кешеді, тек бұны бәрі жасырын істейді, ал мен ашық істеймін. Осы аңқылдақтығым үшін сұрқиялардың бәрі мені жек көреді. Ал сенің о дүниедегі ұжмағыңа, Алексей Федорович, менің тіпті барғым да келмейді, егер сол бейішің тіпті бар болған күнде де, инабатты кісіге оған барудың өзі лайықсыз ғой деймін. Меніңше, бір күні ұйықтап кетіп оянбайсың да, жарық дүниеден ғайып боласың, сонан соң, еске алсаңдар да, алмасаңдар да маған бәрібір. Менің пәлсапам осындай. Кеше осында бәріміз мас болып отырғанда Иван жақсы айтты. Ол мақтана береді, сондай оқымысты бола ма... оның тіпті пәлендей білімі де жоқ, үндемей қарап отырып мырс ететіні бар, — ол тек осы қылығымен ғана ұтады.
Алеша үндемей тыңдап отыра берген.
— Ол менімен неге сөйлеспейді? Ал сөйлессе, бәлденіп бітеді; сенің Иван ағаң арамза! Үйленгім келсе, Грушканы қазір-ақ қатын қылар едім. Өйткені, Алексей Федорович, қалтаңда ақша барда қолыңнан келмейтін іс болмайды. Иван міне осыдан қауіптеніп, үйленіп қоя ма деп мені аңдиды, Митьканы Грушкаға үйленуге итермелейтіні де содан: сөйтіп, ол мені Грушкадан қорғап қалғысы келеді (егер мен Грушкаға үйленбесем, бар ақшамды соған қалдырады деп ойлай ма екен), екінші жағынан, егер Митька Грушкаға үйленсе, оның бай қалыңдығы Иванға қалады, оның есебі міне осындай! Сенің Иваның арамза!
— Осынша кейігеніңіз не. Кешегінің зардабы ғой бәрі: төсегіңізге барып жата тұрыңызшы, — деді Алеша. Сенің бұл сөзіңе мен ашуланбаймын, — деді шал, осы ой басына бейне бірінше рет келгендей, — ал Иван осылай десе, әрине, бұлан-талан болар едім. Менің жалғыз саған ғана мейірімім түсетін сәттерім болады, ал жалпы мен жауызбын ғой.
— Сіз жауыз емессіз, сізді бүлдірген парықсыз тірілік, — деді Алеша жымия күліп.
— Ал, мен анау Митька қарақшыны бүгін отырғызып қояйын деп едім, бірақ, қайтсем екен деп әлі түбегейлі шешімге келе алмай отырғаным. Әрине, бұл заманда балаларының өз әке-шешесін керенаусың деп қорлауы сәнге айналып кетті ғой, алайда қартайған шағында әкесінің сақалынан алып сүйрелейтін, оны өз үйінде еденге жығып салып басқа тепкілейтін, ол аз болса, кейін қайтып келіп өлтіремін деп жұрттың көзінше кеудесін қағатын заң да жоқ қой деймін. Әттең, қолым байланып тұрғаны, әйтпесе оның жынын қағып алу маған оп-оңай, кешегі иттігі үшін түрмеге тығып қояр едім.
— Шағым бермейсіз ғой, солай емес пе?
— Иванның ара түскені. Тіпті Иванға да пысқырып та қарамас едім, мені ұстап тұрған өзге бір ой...
Содан кейін ол еңкейіп, Алешаның құлағына сыбырлай бастады.
— Егер ол арамзаны отырғызып қойғанымды естісе, Грушка сол сәтте-ақ оның соңынан жүгіріп барады. Ал егер Митьканың мендей кәрі шалды өлімші ғып сабағаны бүгін құлағына жетсе, онда ол оны тастай салып, менің есендігімді білуге жетіп келуі де мүмкін... Құдайдың бізге берген мінезін қайтерсің бұл — қырсыққанда бәрін қасақана теріс істейміз ғой. Мен Грушканың аржақ-бержағын түгел білемін! Қалай, коньяк ішкің келе ме? Салқын кофе ішсеңші, балам, дәмін келтіру үшін коньяктан ептеп тамызайын.
— Жоқ, рахмет, ішпеймін. Қарсы болмасаңыз, онан да мына нанды алайын, — деді Алеша үш тиындық француз бөлкесін жұқалаң ұзын желеңінің қалтасына салып жатып. — Ал коньякты өзіңіз де ішпей-ақ қойсаңызшы, — деді шалдың жүзіне қадала қарап тұрып қысылыңқырай ақыл айтқан ол
— Айтқаның шындық, бірақ ол менің жаныма жай таптырмайды, қайта кейітеді. Тек бір-ақ рөмке... шкафтан ғана...
Ол "шкафтың" құлпын ашып, бір рөмке коньяк құйып алып, қайта жапқасын кілтін қалтасына салды.
— Ештеңе етпес, бір рөмкеден өлмеспін.
— Қабағыңыз жазылып кетті ғой тіпті, — деді жымия күлген Алеша.
— М! Сені коньяк ішпесем де жақсы көремін, ал арамзаларға мен де арамзамын. Ваньканың Чермашняға тіпті барғысы жоқ неге дейсің ғой? Мені аңдиды: Грушенька осында келе қалса, ақшаны көп берер ме екен деп дымы құрып жүр. Шетінен арамза ғой бұлар! Мен Иванды тіпті балам екен демеймін. Мұндай болып қалай туған? Біздің тұқымға мүлде тартпаған. Оған не қалдырады дейді екен? Тіпті ешқандай өсиет те қалдырмаймын, мұны біліп қойыңдар. Ал Митьканы кәдімгі тарақанша езіп тастаймын. Түнде еденде өріп жүрген қара тарақандарды бәтеңкеммен езгенімде бырт ете түседі. Сенің Митькаңды да солай бырт еткіземін. Сенің Митькаң дейтінім — сен оны өте жақсы көресің. Мейлің жақсы көрсең көре бер, айылымды жиып жатқан мен жоқ. Егер оны Иван жақсы көрсе, онда мен қауіптенер едім. Бірақ Иван тірі пендені жақтырмайды, Иван біздің адам емес, Иван сияқтылар, балам, біздің адам емес, олар кәдімгі шаң-тозаң... Жел көтерілсе, әуеге ұшып кете барады... Кеше саған ертең келіп кетерсің дегенде, басыма бір ақымақтық ой келген еді: саған Митьканың тамырын басып көрші, егер оның қолына бірер мыңды қыстырсам, сол қайыршы, сұмпайы анау Грушканы тастап, одан біржола безініп бес жылға, ең жақсысы — отыз бес жылға бір жаққа көзін жоғалтар ма екен? — демекші едім.
— Мен... мен одан сұрап көрейін... — деп күбірледі Алеша. — Егер үш мыңды түгел берсең, мүмкін, ол...
— Өтірік соқпа! Енді ештеңені сұраудың қажеті жоқ, түк те керек емес! Ол ойымнан айныдым. Кеше сондай ақымақтық қалай ғана ойыма келді екен. Ештеңе бермеймін, сымбылбай да татырмаймын, ақша менің өзіме де керек, — деп шал қолын ербеңдете бастады. — Онсыз да тарақанша бір-ақ бырт еткізем. Бірақ сен оған ештеңе деме, әйтпесе өмексіп жүрер тағы да. Саған да ештеңе жоқ бұл үйде, бар кете бер. Менен соншама ұзақ жасырып келген әлгі қалыңдығы, Катерина Ивановнасы оған тие ме, әлде тимей ме? Сен кеше оған барған сияқты едің ғой?
— Катерина Ивановнаның одан оңайлықпен айрылғысы жоқ.
— Нәустек бикештер міне дәл сондайларды, ырду-дырдушыл ішкіштер мен арамзаларды жаратады! Саған айтып қояйын, ондай бозаң бикештер түкке тұрмайды; басқаларының жөні бір басқа... Ойхой дүние-ай! Маған оның жастығын берсе, сосын өзімнің сол кездегі бет ажарымды қайтарса (өйткені мен жиырма сегізімде одан гөрі қиянатты едім), қайдам, ол сияқты мен де қырғиша тиер ме ем, қайтер ем. Ақ сайтан ғой ол! Алайда Грушеньканы менен бәрібір тартып ала алмайды, ала алмайды... Мылжа-мылжасын шығарамын оның!
Соңғы сөздерді айтқанда ол тағы да ызаға булықты.
— Бүгін саған да бұл үйде ұйлығатындай дәнеңе жоқ, сен де кете бер, — деп зірк ете түсті шал.
Алеша жақындап барып, қоштасқан боп оның иығына ернін тигізді.
— Сенің мұның не? — деп таңырқады әкесі. — Тағы көрісеміз ғой. Әлде көріспейміз деп ойлаймысың?
— Жоға, мен жай әншейін, аңдамай.
— Ештеңе емес, менікі де жай әншейін... — деді одан көз алмаған шал. — Сен естимісің, — деп дауыстады ол сосын Алешаның соңынан, — кешікпей тағы бір соғарсың, балық сорпасын, бүгінгідей емес, өзгеше сорпа пісіремін, келмей кетпе! Ертең, естимісің, ертең кел!
Алеша есікті жабысымен-ақ ол қайтадан шкафқа барып, орта рөмке коньякты тағы да қағып салды.
— Енді ішпеймін! — деп күбірледі ол. Бір қырқ еткеннен кейін шал шкафты қайтадан жауып, кілтін қайтадан қалтасына салған соң, жатын бөлмесіне барып қалжыраған күйі төсекке басын тигізуі мұң екен заматта ұйықтап кетті.
III
ШӘКІРТТЕРМЕН ҰСТАСЫП НЕСІ БАР ЕДІ
Алеша әкесінің үйінен шығып, Хохлакова ханымның үйіне бара жатып: "Грушенька жайында сұрамағанына да құдайға шүкір, өйтпесе кеше онымен қалай кездесіп қалғанымды айтып беруге тура келетін еді", — деп ойлады. Екі бақталастың бойына түнде жаңа күш жиналып, таң атқасын жүректері қайтадан қара тас боп қата қалғаны оның жанына қатты батып келеді: "Әкем ашулы, әбден өштесіп алған, бірдеңені ойлап шығарған да, соған тас түйін бекінген: ал Дмитрий ше? Түнде ол да тыңайып алып, ашуға мініп, өшігіп отырған шығар, әрине, ол да әлде нені ойлап тапқан болар... 0, бүгін оны да қалайда іздеп тауып алуым керек..."
Бірақ Алешаның ұзақ ойлануының сәті түскен жоқ: жолай ол, былайша елеусіздеу көрінгенмен, өзін қатты қайран қалдырған бір оқиғаға тап болды. Алаңнан өткесін, Үлкен көшемен қатарласа созылған, одан тек кішкентай жырамен бөлінетін (біздің шаһарда не көп жырақа көп) Михайлов көшесіне өту үшін шолақ көшеге қарай бұрылғанында, оның төмен жақтағы шағын көпір алдында тұрған бір топ шәкіртке, әрі кеткенде тоғыз бен он екінің арасындағы жас балаларға көзі түсті. Сабақтан шыққан бойда үйлеріне қайтып бара жатса керек: біреулерінің арқаларында кішкентай боқшалары, екіншілерінің иыққа асынған былғары сөмкелері бар, біреуінің үстінде кеудемше, екіншісі пальто киген, ал кейбірінің аяғында тіпті жиырылған ұзын қонышты етігі де бар — әсіресе ауқатты үйлердің еркетотай балалары осындай етік киіп сәнденіп жүргенді ұнатады. Балалар әлденені қызу талқылап, кеңесіп тұрғанға ұқсайды. Алеша көшедегі балаларды көргенде олардың жанынан жайдан-жай өте алмайтын еді, Мәскеуде болғанында ол көбінесе үш-төрт жасар балалармен сөйлескенді жақсы көретін, бірақ он-он бір жасар шәкірттермен тілдескенді де жек көрмейтін. Сондықтан, көңілі қаншама қобалжып тұрса да, оның кенет балаларға бұрылып, олармен сөйлескісі келді. Ол жақындап барып, балалардың алаулап, қызған бет-жүзіне тесіле қарағанда, олардың қолында бір-бірден, ал кейбірінде тіпті екіден тасы барын байқап қалды. Жыраның ар жағында, бұлардан отыз қадамдай жерде, дуал түбінде бойына қарағанда он жасқа келген, тіпті одан кішірек те болуы мүмкін, бірақ әсте үлкен емес, беті ауру адамдай боп-боз, қарақат көздері жалт-жұлт еткен тағы бір бала тұр екен, ол да шәкірт болса керек, оның да иығынан асынған сөмкесі бар. Ол топ құраған алты шәкірттен көз алмайды, бұл оның жаңа ғана мектептен өзімен бірге шыққан, бірақ онымен, тегі, өштесіп алған жолдастары болу керек. Алеша жақындап барып, үстіне қара кеудеше киген ақсары бұйра шашты, қызыл шырайлы балаға:
— Иығымызға мына сенікіндей сөмке асынып жүрген кезімізде, біз оң қолмен тез алуға оңтайлы болуы үшін сөмкені сол жақ бүйірден жіберуші едік; ал сенің сөмкең оң жағында екен, алуға қолайсыз емес пе, — деді.
Егер баланың, әсіресе бір топ баланың сеніміне не болғысы келсе, ересек адам олармен әңгімені нақ осылай бастауы керек, Алешаның ешқандай қулыққа салмай, әңгімені осы бір нақты ескертпеден бастағаны осыдан еді. Балалармен сөйлескенде, терезесі тең кісіше, сөзіңді байсалды, байыпты бастауың керек; Алеша мұны іштей түсінетін.
— Ол солақай ғой, — деп іле жауап қатты жасы он бірлердегі денелілеу келген, батылдау екінші бала. Қалған бесеуінің бәрі Алешаға тесірейе қарап қалған еді.
— Ол тасты да сол қолымен лақтырады, — деді үшінші бала. Жыраның ар жағындағы шәкірт барлық күшін салып, еппен лақтырған тас осы сәтте бұлардың арасына келіп түсті, бірақ солақай баланы сүйкей өткені болмаса, ешкімге тиген жоқ.
— Ал, Смуров, ананы қақ шекесінен бір қақшитшы! — деп бәрі шу ете қалды. Алайда, Смуров (солақай) есе қайтаруға өзі де дайын тұрған: ол жыраның ар жағындағы балаға тасты құлаштап кеп лақтырып еді, бірақ тигізе алмады: тасы жерге түсті. Анау да қарап қалған жоқ, оның топқа келесі лақтырған тасы бұл жолы тұп-тура Алешаның иығынан келіп сарт ете түсті. Ол қалтасын тасқа толтырып алыпты. Пәлтөсінің қалтасы қалай тырсиып тұрғаны отыз қадам жерден анық байқалады.
— Сізге тигізуін қарашы, ол әдейі сізді көздеді. Сіз Карамазовсыз ғой, Карамазов? — деп күлген балалар шуылдасып жатыр. — Ал бәріміз бірдей жаудырайық, кәне!
Сөйтіп бұл жақтан алты тас бір мезгілде атылды. Біреуінің тасы ана баланың басына тиіп еді, ол әуелі ұшып түсті, сосын қайтадан атып тұрып, бұларды өршелене атқылай бастады. Екі жақ та тасты жаудырып жатыр, бұлардың да көбінің қалтасында тасы болып шықты.
— Бұларың не! Мырзалар, ұят емес пе! Алтауың бірдей жабылып, өлтіресіңдер ғой оны! — деп айқайлады Алеша.
Ол балалардан бөлініп шығып алға таман жүгіріп барып, жыраның ар жағындағы баланы денесімен қалқаламақшы болды. Үш-төрт бала бір сәтке тыйыла қалды.
— Оның өзі бірінші болып бастаған! — деп айқайлады қызыл жейделі бала ызалы сәби дауыспен, — ол оңбаған, ол бағана Красоткинге бәкісін сұғып алды, қан шығарды. Красоткиннің тек өсекші кісіше шағынғысы келмеді, сондықтан ананы соғып алу керек...
— Не үшін ұрмақсыңдар? Өздерің мазақтай беретін шығарсыңдар?
— Әне сізді тағы да ту сыртыңыздан көздеп жатыр. Сізді таниды білем, — деп шулады балалар. — Ол енді бізге емес, сізге тас лақтырып жатыр. Жарайды, болды енді, атқылаңдар кәне, дәлдеп ат, Смуров!
Сөйтіп, тағы да атыс басталды, бұл жолы балалар өршелене түсті. Бір тас ана баланың кеудесінен тиді; ол бақырып жіберді, сонан соң жылап дөңге қарай. Михайлов көшесіне жүгірді. Бұл жақтағылар: "Aha, қорқып қаштың ба, жөке сақал!" — деп шуласып жатыр.
— Оның қандай оңбаған екенін сіз әлі білмейсіз ғой, Карамазов, оны өлтірсең де обал емес, — деп қайталады көзі оттай жанған кеудемшелі бала; бәрінен үлкені, сірә, осы болу керек.
— Ол өзі қандай бала? — деп сұрады Алеша. — Тыңшы ма?
Балалар қылмыңдасып, бір-біріне қарады.
— Сіз де сол жаққа, Михайлов көшесіне бара жатқан жоқсыз ба? — деді тағы да әлгі бала. — Ендеше, оны соңынан қуып жетпей неғып тұрсыз... Әне, көремісіз, тағы да тоқтап тұр, сізге қарайды, сізді тосып тұрған болу керек.
— Сізге қарап тұр, сізге қарап тұр! — деп іліп әкетті басқа балалар да.
— Сіз одан: моншадағы мылжаланған жөкені жақсы көресің бе? — деп сұраңыз. Одан осыны сұрауды ұмытпаңызшы.
Бәрі қарқылдап күлді. Алеша оларға қарады, олар бұдан көз алмады.
— Бармаңыз, ол сізді таспен періп қалады, — деп ескертті даусы ышқынып шыққан Смуров.
— Мырзалар, мен одан жөке жөнінде ештеңе сұрамаймын, өйткені сендер оны жөкеге байланысты бірдеңе деп мазақтайтын шығарсыңдар, бірақ мен одан сендердің оны неліктен жек көретіндеріңді сұрап білемін.
— Сұраңыз, сұраңыз, — деп күлді балалар.
Алеша кішкентай көпірден өтіп, дуалды жанамалап дөңге қарай, жәбірленген балаға тура жүрді.
— Байқаңыз, — деп айқайлады балалар оның соңынан, — ол сізден қорықпайды, ол Красоткинге істегеніндей... бәкісін сұғып алудан тайынбайды.
Бала тоқтап, оны тосып тұрған. Жақындап барғанында Алешаның алдында көп болса тоғыз жасар, әлжуаз, аласа бойлы, атжақты, жүдеу, беті бозарған бала тұрған еді; үлкен қоңыр көздері бұған ызамен қадала қалыпты. Үстіндегі тозған ескі пәлтөсі тылтиып кеткен. Жалаңаш қолы жеңінен шығып тұр. Шалбарының оң тізесінде алақандай жамауы бар, он етігінің тұмсығындағы сыя төгілген үлкен тесіктен бас бармағы қылтияды. Пәлтөсінің тасқа толған екі қалтасы тырсиып тұр. Алеша екі қадам жерде оған сұраулы көзбен қарады. Оны ұруға келмегенін сезгеннен кейін бала да қоқилануын қойып, тіпті өзі бірінші болып тіл қатты.
— Мен жалғызбын, ал олар алтау.. Бірақ мен олардың бәрін жалғыз өзім-ақ жеңе аламын, — деді ол кенет көзін алақ-жұлақ еткізіп.
— Әлгінде бір тас саған тым қатты тиді ғой, — деді Алеша.
— Ал мен Смуровтың дәл басынан тигіздім! — деп мақтанып қойды бала.
— Ана балалар сен мені біледі деді, маған не үшін тас лақтырдың? — деп сұрады Алеша.
Бала оған тұнжырай қарады.
— Мен сізді танымаймын. Ал сіз мені қайдан білесіз? — деп одан ары қазбалай сұрады Алеша.
— Мені тергейтін кім едің сонша! — деп ызаланып айқайлап жіберген бала, алайда, көзі тағы да алақ-жұлақ етіп, бұл енді қайтер екен дегендей, тұрған орнынан қозғала қоймады.
— Жарайды, мен кеттім, — деді Алеша, — мен сізді танымаймын, сосын да мазақтап тұрған жоқпын. Балалар өздерінің сені не деп мазақтайтынын жаңа айтып еді, бірақ мен сені мазақтамай-ақ қояйын, қош бол!
— Әдемі шалбарына мақтанған тақуа! — деп тағы да айқайлады ілкідегідей көзі шақырайып, шатынаған бала Алешаға ежірейе қарап; ол енді неғып тап бермес екен деп қырлана қалып еді, Алеша елең қылмай бұрыла беріп оған тағы бір қарады да, жүре берді.
Бірақ, ол үш қадам басып үлгірмей-ақ, баланың қалтасынан алып лақтырған үлкен бір тасы оның арқасынан сарт ете түсті.
— А, кісінің ту сыртынан соқтыңыз ба! Демек, әлгі балалар: ол аңдып тұрып, байқатпай соғады деп сен туралы шын айтқан екен ғой? — деді артына бұрылып қараған Алеша; құтырып алған бала бұл жолы бір тасты оның дәл бетінен көздеген еді, алайда Алеша бетін қолымен қалқалап үлгергендіктен тас оның шынтағына келіп тиді.
— Мұныңыз ұят емес пе! Мен саған не істедім? — деді даусы ышқынып шыққан ол.
Шамырқанып алған бала үн-түнсіз бір-ақ нәрсені күткен еді: Алешаның енді оған дүрсе қоя беретіні күмәнсыз көрінген; бірақ оның тап беретін түрі жоғын байқаған соң бала онан сайын ашуланып, енді Алешаға өзі жармаса кетті; басын тұқырайтып алған ызақор бала оның сол қолын қос қолдап ұстап тұрып, ортаңғы саусағын қыршып алғанын Алеша тіпті байқамай да қалды. Бала оның саусағын тістеп алып, он секундтай босатпады. Бақырып қалған Алеша бар күшімен қолын жұлқып қалды. Ақыры, бала оның саусағын босатып, өзі кейін шегініп тұра қалды. Дәл көбесінен сүйекке дейін батыра кірш еткізген екен; қан сау етті. Алеша қол орамалын алып, жаралы қолын мықтап таңды. Бұған бір минуттей уақыт кетті. Бала бәрін көріп, әлі де тосып тұрған. Ақыр-соңында, Алеша оған баяу көз тастады.
— Ал жарайды, — деді ол, — саусағымды қалай қатты тістегеніңді көріп тұрсың ба, бұл қалай, а? Енді айтшы, мен саған не істеп ем?
Бала оған таңырқай қарады.
— Мен сізді тіпті танымаймын да, бірінші көріп тұрғаным осы, — деді бұрынғысынша байсалды сөйлеген Алеша, — бірақ, кім біледі, бәлкім, мен саған бір қастандық істеген шығармын, әйтпесе жайдан-жай қыршып алмайсың ғой. Олай болса, мен саған не істедім, сенің алдында менің қандай жазығым бар, неге айтпайсың?
Оған жауап берудің орнына, бала бақырып жылап жіберді де қаша жөнелді. Алеша баяу басып оның соңынан Михайлов көшесіне қарай жүрді. Тегі, әлі де еңіреген күйі, алыста зырлап кетіп бара жатқан баланы ол көпке дейін көріп тұрды. Алеша бос уақыты болғанда оны қалай да іздеп тауып алып, осынау өзін қатты қайран қалдырған жұмбақты оған түсіндіруге ұйғарды. Қазір оның бұған уақыты жоқ еді.
IV
ХОХЛАКОВАНЫҢ ҮЙІНДЕ
Көп ұзамай ол Хохлакова ханымның үйіне жақындап келген еді, оның екі қабат қып салған, әдемі меншікті кірпіш үйі біздің шаһардағы таңдаулы үйлердің бірі саналатын. Хохлакова ханым көбінесе басқа губерниядағы мекен-жайында немесе Мәскеудегі меншікті үйінде тұратын, бірақ біздің шаһарда да ата-бабадан мұраға қалған меншікті үйі бар-ды. Біздің уездегі мекен-жайы барлық үш мекен-жайының ішіндегі ең үлкені еді, солай бола тұрса да, ол біздің уезге осыған дейін өте сирек келетін. Ол Алешаны қарсы алу үшін ауыз үйге өзі жүгіріп шықты.
— Әлгі жаңа бір ғажайып жөніндегі хатымды алдың ба, алдың ғой? — деді апыл-ғұпыл, тез сөйлеген ол.
— Иә, алдым.
— Жұртқа айттың ба, бәріне көрсеттің бе? Пірәдар шешесіне жоғалтқан ұлын тауып берді ғой!
— Ол бүгіннен қалмауы мүмкін, — деді Алеша.
— Естідім, білемін, о, менің сізбен сұқбаттасуға құштарлығымды білсеңіз ғой! Осының бәрі жайында сізбен немесе өзге біреумен әңгімелесуім керек. Жоқ, сізбен, тек сізбен ғана! Менің пірәдарды көре алмай қалатыным қандай өкінішті! Күллі шаһар дүрлігулі, бәрі әлденені күтуде. Ал қазір... Катерина Ивановнаның осы үйде отырғанын білесіз бе?
— Ол кеше маған қалайда келіп кетерсің деп еді, енді онымен осы үйде-ақ кездесетінім қандай жақсы болды! — деді қуанып кеткен Алеша.
— Мен бәрін білем, бәрін білем. Кеше Катерина Ивановнаның үйінде не болғанын... әлгі... анау малғұнның істеген барлық сұмдығын бүге-шігесіне дейін естідім... C'est tragiquc, егер оның орнында мен болсам, — сол арада не істейтінімді айта алмаймын! Бірақ сіздің ағаңыз да, Дмитрий Федоровичті айтам, оңып тұрған жоқ — о тәңірім! Алексей Федорович, мен шатыса бастадым білем, сіз мынаны қараңыз: ана жақта сіздің ағаңыз, яки кешегі жексұрын емес, екіншісі, Иван Федорович, Катерина Ивановнамен сөйлесіп отыр: маңғазсып алған екеуі де... Нанасыз ба, жоқ па, екеуінің арасында не болып жатқаны — бұл тіпті сұмдық бірдеңе, меніңше, бұл зорлану, бұл адам нанғысыз қорқынышты ертегі: екеуі өздерін не үшін құрбандық ететінін де білмейді, мұны өздері түсінеді және сөйте тұра бұл қылықтарына мәз болады. Сізді тағатсыздана күткенім осыдан! Сізді осы себепті күттім! Ең бастысы, мен бұған төзе алатын емеспін. Қазір сізге бәрін айтып беремін, бірақ алдымен басқасын, ең бастысын айтайын, — ah, ең бастысы дегенде нені айтпақшы екенімді де ұмытып қалдым ғой деймін: айтыңызшы, Lisе-нің жайдан-жай талықсып кететіні неліктен? Сіздің осында келе жатқаныңызды естісімен-ақ, лезде ауруы ұстай бастады!
— Maman, мен саумын, не істерге білмей күйіп-пісіп жүрген өзіңіз ғой! — Бүйірдегі бөлмеден Lisе-нің шіңкілдеген даусы естілді. Есіктің кішкентай тесігінен күліп жібермейінші деп өзін-өзі зорға ұстап тұрғандай қатты қысылған үн келді. Алеша ол тесікті заматта байқады, Lise сол тесіктен бұған қараң креслосында отыруы да мүмкін еді, бірақ ол қызды көре алған жоқ.
— Ғажап емес, Lise... сенің мына қыңырлығыңнан менің де ұстамалы ауруға шалдығуым әбден мүмкін, бірақ, Алексей Федорович, менің қызым ауру ғой, түні бойы денесі қызып-жанып, ыңырсып шықты! Тан атқанша зорға шыдадым, сосын дереу Герценштубені шақырттым. Ол түсіне алмай тұрғаным, аурудың аңысын аңдайық дейді. Қашан да түкке түсінбеймін дегеннен өзге ештеңе білмейді ол. Сіз осы үйге жақындағанда қызым бақырып жіберді де, талықсып бара жатып, өзінің бұрынғы бөлмесіне апарыңдар деп бұйырды...
— Мама, оның біздің үйге жақындап қалғанын мен мүлде білгем де жоқ және ана бөлмеге апарыңдар деп ол келе жатқасын айтқан жоқпын.
— Мұның өтірік, Lise, осында Алексей Фсдоровичтің келе жатқанын айтайын деп саған Юлия жүгіріп барды ғой. Ол сыртқа қарап тұрған.
— Сүйікті мамам-ау, бұл айтқаныңыз тіпті де тапқырлық болмады ғой. Егер қатеңізді түзетіп, шын ақылды бірдеңе айтқыңыз келсе, менің сүйікті мамам, онда мына мархабатты мейманымыз Алексей Фсдоровичке бүгін осында төбе көрсетуге дәті баруымен-ақ өзінің әсте зерделі емесін дәлелдегенін айтыңызшы: егер зерделі жігіт болса, кешегі оқиғадан соң және бәрі оны күлкі еткеннен кейін осында келер ме еді.
— Lise, сен тым еркінсіп барасың, бүйте берсең, менің саған қаталдық көрсете алатынымды біліп қой. Оны кім күлкі етеді, қайта оның келгеніне мен қуаныштымын, ол маған керек, өте қажет болып отыр еді. Оһ, Алексей Федорович, бұл жалғанда менен бақытсыз жан бар ма екен!
— Сүйікті мамам-ау, сізге не боп қалды?
— Ah, Lise, сенің осы қыңырлығың, тұрлаусыздығың, сенің ауруың, түні бойы күйіп-жанып шыққаның сенің жаныма қатты бататынын неғып сезбейсің, Герценштубеден де әбден мезі болдым, ең бастысы — жаныма ешбір, ешбір, ешбір маза жоқ! Ақыр-соңында, бәрі, бәрі... түптеп келгенде; тіпті әлгі бір ғажайып та! Мархабатты Алексей Федорович, сол ғажайыптың мені қалай таңырқатып, қалай таңғалдырғанын білсеңіз ғой! Сонан соң, анау қонақ бөлмесіндегі трагедия ше, мен оны бастан кеше алатын емеспін, сізге ескертіп қояйын, мен оған төзе алмаймын, төзуге шамам жоқ. Бәлкім, трагедия емес, комедия шығар. Айтыңызшы, Зосима пірәдар ертеңгі таңға жете алар ма екен? О тәңірім! Маған не болған бұл, бір сәтке көзімді жұмсам-ақ болды, бәр-бәрінің сандырақ екені елестейді.
— Саусағымды таңып алуға таза шүберек тауып бере алар ма едіңіз, — деді оның сөзін бөліп жіберген Алеша. — Қатты жарақаттан алғаным, қақсап ауырып барады.
Алеша бағана бала қыршып алған саусағын ораған орамалын жазды. Орамалына қан ұйып қалыпты. Мұны көргенде Хохлакова ханым бақырып жіберіп, көзін жұма қойды.
— Құдай сақтай гөр, жарасы үп-үлкен ғой, сұмдық-ай!
Lise есіктің тесігінен Алешаның саусағын көрісімен, бөлмесінің есігін лезде ашып жіберді.
— Мында келіңіз, менің бөлмеме кіріңіз, — деп өктемси, бұйыра дауыстады ол, — енді ақымақтықты қоя тұрыңыз! О тәңірім, осыншама уақыт үндемегеніңіз не? Мама, оның қансырап қалуы мүмкін еді ғой! Қайда, қалай жарақаттап алып жүрсіз? Әуелі су әкеліңдерші, су керек! Жараны таза сумен шаю керек, сосын қақсағанын қайтару үшін суық суға малу қажет, саусақты біраз уақыт суық суда ұстау керек... Тез, тез су әкеліңдерші, мама, үлкен кесеге құйыңдар. Тезірек қимылдасаңдаршы, — деді соңында күйгелектеген қыз. Оның зәре-құты қалмаған еді; Алешаның жарасына ол айран-асыр таңғалған.
— Герценштубені шақыртсам қайтеді? — деді зәресі ұшқан Хохлакова ханым.
— Мама, онда мені құрытқаныңыз ғой. Сіздің Герценштубеңіз келеді де: түкке түсінбей тұрғаным дейді, одан не пайда! Су, су әкеліңдер! Мама, құдай үшін, өзіңіз барыңызшы, әлгі Юлияны асықтырыңызшы, бірдеңеге жұмсасаң, еш уақытта мезгілінде келе алмайтын әдеті! Мама, тезірек, барыңызшы, менің шыдамым таусылып барады...
— Болмашы бірдеңе ғой тәйірі! — Олардың осыншама абыржығанынан қорқып кеткен Алешаның дауысы қатты шыққан еді.
Жүгіре басқан Юлия су әкелді. Алеша жаралы саусағын суға малды.
— Мама, құдай үшін, жараның бетіне қоятын жұмсақ бірдеңе тауып әкеліңізші; сосын, қалай деуші еді, әлгі кескен жараға жағатын қоймалжың ащы дәрі бар еді ғой, соны да әкеліңдерші! Ол дәрі бір жерде бар болатын... Мама, оның қайда екенін білесіз, дәрінің құтысы жатын бөлмеңіздегі кішкене шкафтың оң бұрышында тұрған, корпия1 да сонда...
— Қазір бәрін алып келем, Lise, тек өзің бақырмашы, мазасызданбашы. Алексей Федоровичтің басына түскен бақытсыздыққа қыңқ етпестен шыдап тұрғанын көрмейсің бе? Алексей Федорович, қайда мұндай ауыр жарақатқа ұшырап қалып жүрсіз?
Хохлакова ханым асығыс шығып кетті. Lise-нің күткені де осы еді.
— Ең алдымен мына сауалыма жауап беріңіз, — деді ол Алешаға асығып-үсігіп, — қайда жүріп жарақаттандыңыз? Өзгесін осыдан кейін айтамын. Кәне!
Шешесі қайтып келгенше Lisе-нің онымен оңаша сөйлесіп қалғысы келетінін іштей сезген Алеша өзінің шәкірттермен жұмбақ кездесуінің көп жайттарын бүгіп қалып, ықшамдап, бірақ дәл, айқын өтіп тез баяндады. Оны тыңдап болған соң, Lise екі қолын жайып, былай деді:
— Сіздің мұныңыз қалай, мынадай түріңізбен көшедегі жүгермектермен байланысу лайық па! — деді ол, бейне Алешаға өктем сөйлеуге хақы бар кісіше, — бұдан кейін сіздің өзіңіз баласыз, тіпті кішкентай балақансыз дер едім мен! Алайда сіз сол оңбаған баланың кім екенін маған бірдеме ғып біліп беріңізші, бәрін айтыңыз. өйткені бұл арада бір құпия бар секілді. Екіншіден, жоқ, әуелі мына сауалыма жауап беріңіз: Алексей Федорович, сіз жаралы саусағыңыз қақсап тұрғанда болмашы бірдеңелер жайында байыпты әңгімелей алар ма едіңіз?
— Бұл әбден мүмкін нәрсе, қазір мен қолымның ауырғанын тіпті сезіп те тұрған жоқпын.
— Суға малғасын сезілмейді, әйтпесе неге ауырмасын. Су тез жылып кетеді, оны алмастырып тұру керек. Юлия, тез погребтен бір кесек мұз, сосын үлкен кесеге су құйып әкелші. Әне ол да кетті, енді негізгі әңгімеге көшейік: мархабатты Алексей Федорович, сізге кеше жіберген хатымды тезірек өзіме қайтарыңызшы,— тезірек, әйтпесе қазір мамам келіп қалуы мүмкін, ал мен... тілемеймін...
— Хат қазір жанымда жоқ еді.
— Өтірік айтасыз, хат қалтаңызда. Сіздің осылай дейтініңізді өзім де біліп ем. Хат мына қалтаңызда емес пе. Әзілдеймін деп ақымақ болғаныма түні бойы қапаланып шықтым. Хатымды қазір қайтарыңыз, қайтарып беріңіз!
— Анда қалып еді.
— Бірақ, сондай дөрекі әзілдеген хатымды алғаннан кейін сіз мені түк білмейтін сәби, кішкентай қыз деп санай қоймассыз деймін! Лайықсыз әзілім үшін сізден кешірім сұраймын, бірақ хатымды өзіме қайтарып беріңіз қазір жаныңызда жоғы рас болса, онда бүгін қалайда, қайтсеңіз де әкеп беріңіз!
— Бүгін әкеле алмаймын, өйткені монастырьға қайтуым керек, сосын сіздікіне екі, үш, төрт күн келе алмауым да мүмкін, өйткені Зосима пірәдар...
— Төрт күн деймісің, бұл қай сандырағың! Сіз қызық екенсіз ғой, бұл не мені күлкі қылғаныңыз ба?
— Мазақ ету тіпті қаперіме де кірген жоқ.
— Неге?
— Өйткені мен жазғаныңыздың бәріне шын сендім.
— Бұл не, мазағыңыз ба!
— Әсте мазақтап тұрғам жоқ! Хатыңызды оқығаннан кейін бәрі дәл солай болатын шығар деген ойға келдім, өйткені Зосим пірәдар ақиретке аттанысымен-ақ мен монастырьдан кетуге тиістімін. Одан кейін оқуымды жалғастырамын, емтихан тапсыруым керек, сосын заң жүзіндегі мерзім келгенде екеуміз некелесеміз. Мен сізді шын сүйетін боламын. Ойлануға әлі мұршам келген жоқ, бірақ маған сізден артық әйел табылмас деп ойлаймын пірәдарым маған үйленуің керек деген...
— Мен кейіпсізбін, мені креслода алып жүреді ғой! — деп күлді екі беті алаулап шыға келген Лиза.
— Сізді креслоға отырғызып өзім алып жүремін, бірақ оған дейін бұл кеселден құлан-таза жазылатыныңызға мен кәміл сенемін.
— Алайда сондай әзілден кенет мынадай сандырақтаған ой түйген сіздің де ақылыңыз шамалы екен!.. — деп күбірледі күйіп-піскен Лиза. — Аһ, міне мамам да келді. Мама, сіз ылғи осылай кешеуілдейсіз де жүресіз, осыншама қайда болдыңыз! Әне Юлия мұз әкеле жатыр!
— Ah, Lise, бақырмашы, ең бастысы — сен бақырма. Айқайдан менің... Корпияны өзің басқа жерге тығып қойсаң, мен қайтейін... Айнала іздеп, әйтеуір... Сен соны әдейі істедің бе деп күдіктендім.
— Мен оның осында саусағын қыршытып алып келетінін қайдан білейін, білсем, бәлкім, шынында да әдейі тығып қойған болар едім. Періште мамам менің, кейде осындай керемет тапқыштығыңыз бар сіздің.
— Мейлің, тапқыш десең дей бер, бірақ, Lise, Алексей Федоровичей саусағын жаралатқанына, сосын осының бәріне маған қалай күйіп-піспе демексің! Оһ, мархабатты Алексей Федорович, мен әншейін бірдеңеге емес, қайдағы бір Герценштубеге де емес, осынау сорақылық атаулының бәріне назаланамын, менің жаныма қатты бататыны міне осы.
— Қойшы, мама, сол Герценштубені айта бермеші, — деді көңілдене күлген Лиза. — Мама, онан да корпияны тезірек беріңізші, суды да әкеліңіз. Алексей Федорович, бұл кәдімгі қорғасын салған су, оның қалай аталатыны енді ғана есіме түсті, шүберекті малып алып жараға басуға өте жақсы. Мама, ойлап қараңызшы, ол осында келе жатып көшеде балалармен төбелесіпті, бір бала оның саусағын қыршып алыпты, кәдімгі кішкентай бала ма дерсің оны, мама, осыдан кейін оған үйленуге бола ма, мама, ойлап қараңызшы. оның үйленгісі келеді. Оны үйленген екен делік, бұл күлкі емес пе, масқара ғой тіпті?
Алешаға қылымси қараған Lise баяу ғана сылықтап күле берді.
— Ол қалай үйленбек, Lise, несіне жетісіп үйленеді, тіпті үйленудің мүлде жөні жоқ қой... Әлгі қыршып алған бала, бәлкім, құтырған ауру шығар.
— Аһ, мама, сіз де қызық екенсіз! Құтырған бала бола ма екен?
— Неге болмасын, Lise, сен мені зердесіздік көрсетті деп тұрмысың. Әлгі баланы, мүмкін, құтырған ит қапқан шығар, сосын ол құтырған ауруға шалдыққан шығар, сондықтан оның жанына келген кісіні тістеп алуы ғажап емес. Алексей Федорович, саусағыңызды Lise тіпті керемет қып таңып берді ғой, мен ешқашан да бұлай таңа алмас едім. Қалай, енді ауырмай ма?
— Болар-болмас қана.
— Ал сіз судан қорықпайсыз ба? — деп сұрады.
— Ал, жарайды, Lise, болды енді, құтырған бала деп, бәлкім, шынында да тым асығыстау айтқан шығармын, бірақ бұл сөзімді сен іліп ала қойдың. Алексей Федорович, сіздің осында екеніңізді ести сала Катерина Ивановна менің бөлмеме жүгіріп келді, ол сізді күтіп отыр, сізбен кездесуге құштар.
— Ah, мама! Өзіңіз бара беріңізші, ол қазір бара алмайды, жарасының ауырғаны басылсын.
— Саусағым енді ауырмайды, мен бара алам... — деді Алеша.
— Бұл қалай! Сіз кетпексіз бе? Сіздің мұныңыз қалай? Сіз мені тастап кетпексіз бе?
— Онда не тұр? Бәрін лезде тындырып, саған қайтып келемін, сосын екеуміз қалағаныңызша әңгімелесеміз. Ал қазір менің Катерина Ивановнамен тезірек кездесуім керек, өйткені бүгін монастырьға да мүмкіндігінше ертерек оралуым қажет қой.
— Мама, мынаны ана жаққа тезірек алып кетіңізші. Алексей Федорович, маған қайтып келмей-ақ қойыңызшы, Катерина Ивановнамен сөйлескен соң тура монастырыңызға бір-ақ тартыңыз, жолыңыз болсын! Менің ұйқым келді, түні бойы көз ілмей шықтым.
— Ah, Lise, сенің де әзілің таусылмайды-ақ осы, бір есептен көз шырымын алғаның да жөн шығар! — деді елпілдей қалған Хохлакова ханым.
— Түсінбей тұрғаным... ренжітетіндей мен... Тағы екі-үш минут болайын, егер қаласаңыз, тіпті бес минут қала тұрайын, — деп күбірледі Алеша.
— Тіпті бес минут па! Жоқ, мама, мынаны әкетіңізші тезірек, бұл монстр!
— Lise, сенің есің дұрыс па өзі. Жүріңіз, Алексей Федорович, ол бүгін тым назаланулы, әлде неге ренжіп қала ма деп қорқам. О, Алексей Федорович, әйел затының шамшылдығынан жаман нәрсе жоқ екен ғой бұл! Бірақ, бәлкім, оның сізді көргесін ұйқысы келген шығар. Сіз оны қалай тез маужырата қойдыңыз, мұныңыз ғажап болды!
— Аһ, мама, жылы лебізіңіз жанымды жадыратты ғой, бұл үшін, мамочка, сіздің бетіңізден сүйемін.
— Lise, мен де сенің бетіңнен сүйем, құлыным. Тыңдағын, Алексей Федорович, — деді одан кейін Хохлакова ханым Алешамен бірге шығып бара жатып; ол біреу естіп қалмасын дегендей, тез-тез сыбырлап, нықтап сөйледі. — Сізді ештеңеге сендіргім де келмейді, құпияның бүркенішін де ашпаймын, не болып жатқанын бөлмеге кіргесін өзіңіз көрерсіз, бұл бір сұмдық, бұл ақыл жетпейтін бір күлкілі хикая: ол сіздің кіші ағаңыз Иван Федоровичке ғашық, сөйте тұра үлкен ағаңыз Дмитрий Федоровичті сүйемін деп өзін-өзі сөндірмекші болады. Бұл не ғаламат! Мен сізбен бірге кірейін, егер қуып жібермесе, ақырына дейін отырамын.
V
ҚОНАҚ БӨЛМЕСІНДЕГІ ЗОРЛАНУ
Бірақ қонақ бөлмесіндегі сұхбат аяқталып қалған еді; Катерина Ивановна сырт көзге бекем көрінгенмен, іштей қатты қобалжулы секілді. Алеша мен Хохлакова ханым кірген сәтте Иван Федорович орнынан түрегеліп, кеткелі тұр екен. Оның бозаңдау жүзін көргенде Алеша абыржып қалды. Оған өзінің көкейінен кетпеген көп күмәнінің бірі, біраздан бері жанын қинаған бір мазасыз жұмбақ шешілейін деп тұрғандай көрінген. Сенің ағаң Иван Катерина Ивановнаға ғашық, ең бастысы, оны Митядан шынында да "тартып алмақ" деп құлағын сарсытып, оны иландырмақшы болғандарына бір айдай уақыт өткен. Мұның өзі соңғы кезге дейін жан түршігерлік жауыздық секілді көрінгенмен, Алеша қатты қапаланып жүрген. Ол екі ағасын да жақсы көретін, сондықтан олардың арасындағы бақталастықтан жаман қорқатын. Оның бер жағында Дмитрий Федоровичтің өзі кеше бұған ойда жоқта турасын айтты: Иванның менімен бақталастығына өз басым тіпті қуаныштымын, мұның өзі оған, Дмитрийге, әжептәуір көмегін тигізуі де мүмкін деді. Сонда ол қалай көмектеспек? Оның Грушенькаға үйленуіне ме? Бірақ Алеша мұны нар тәуекел еткен, ең соңғы амал санайтын. Сонан соң, Алеша тап кешегі кешке дейін Катерина Ивановнаның өзі де Дмитрийді жан-тәнімен, шын сүйетіндігіне сеніп келген, — бірақ кешегі кешке дейін ғана сенген. Бұған қоса, неге екені белгісіз, оған Катерина Ивановнаның Иван секілді жігітті сүюі мүмкін еместей, қайта, тіпті адам нанғысыз бола тұрса да, тек Дмитрийді ғана сүйетіндей және де ол қазір қандай болса, сол күйінде сүйе алатындай көріне беретін. Ал Грушеньканың кешегі қылығын көргенде оның көзіне мүлде басқа бірдеңе елестегендей болды. Хохлакова ханымның ілкідегі "зорлану" деген сөзін естігенде ол тұла бойы тітіреніп кеткендей сезінген, өйткені бүгін түнде, таң алдында ұйқылы-ояу жатып түс көргендіктен бе, кенет; "Бұл зорлану ғой, зорлану!" — деп айқайлап жіберген-ді. Катерина Ивановнаның үйінде болған кешегі оқиға түні бойы оның түсіне кіріп шыққан. Хохлакова ханымның енді келіп Катерина Ивановна сенің ағаң Иванды сүйеді, бірақ ол қайдағы жоқ бір қылымсудан, "зорланудан", қасақана, өзін-өзі алдайды, сөйтіп, Дмитрийге өтеусіз бір ризашылықтан ғашықпын деген жалған махаббатымен өзін-өзі азапқа салып жүр деп мұны ойда жоқта, ашықтан-ашық иландырмақ болғанына Алеша қайран қалды: "Иә, ақиқат шындық, бәлкім, нақ осы сөздерде шығар!" — деп ойлады ол. Бірақ, онда Иванның халі қандай болмақ? Катерина Ивановна еркекті уысында ұстайтын өр мінез әйел екенін, демек, ол тек Дмитрийдей адамды ғана билей алатынын, ал Иван сияқтылар оның ырқына көне қоймайтынын Алеша ішкі түйсігімен сезген. Өйткені, сайып келгенде, оның алдында мойынсұнса, "өз бақыты үшін" Дмитрий ғана мойынсұнуы мүмкін (оған тіпті Алеша да осыны тілер еді), ал Иван әсте илікпейді, ол бұған көне алмайды, сонсоң бұндай көнбістік оны тіпті бақытты да етпес еді. Неге екені белгісіз, Алеша өзінің кіші ағасы жөнінде міне осындай пікірге келген. Қонақ бөлмесіне кіре бергенінде оның осы бір күдіктері мен пікірлері ойына тағы бір сап ете қалып, лезде ғайып болған. Сонан соң: "Ал егер ол екеуінің бірін де, тіпті ананы да, мынаны да сүймесе ше?" — деген тағы бір күдік келіп, көкейінде тұрып алды. Алеша өзінің осындай ойларынан ұялғанын, соңғы бір айда басына осындай ойлар келгенде ол тіпті өзін-өзі кінәлайтын болғанын айта кету керек. "Махаббат пен әйел жайында мен не түсінуші ем, ендеше мен қалайша мұндай пайымға келе аламын", — осындай әрбір ойынан немесе жорамалынан кейін ол өзін-өзі осылай жазғыратын. Алайда ойламауға да болмайтын. Енді, мысалы, екі ағасының тағдырында бұл бақталастықтың тым зор мәні барын, көп нәрсе соған байланысты болатынын ол іштей түсінген. Кеше әкесі мен Дмитрий туралы назалана сөйлеп отырып Иван: "Бір жексұрын екінші жексұрынды жалмап тынады" — деген жоқ па. Демек, Иванның ойынша Дмитрий жексұрын ғой, тегі, әлдеқашаннан жексұрын болғаны ғой? Сонда ол Катерина Ивановнамен танысқаннан бері оны солай санағаны ма? Әрине, бұл сөз кеше Иванның аузынан абайсызда шығып кетті, бірақ оның бар мәні де сол қапияда айтылғандығында ғой. Егер бұлай болса, онда қандай татулық болуы мүмкін? Керісінше, бұл олардың отбасындағы бірін-бірі жек көріп, қастасуының жаңа бір сылтауы емес пе? Ең бастысы, ағаларының қайсысына жаны ашуы керек? Әрқайсысына не тілеуі керек? Ол екеуін де жақсы көреді, бірақ мынадай қым-қиғаш қайшылықта әрқайсысына қандай тілек білдіре алады? Мұндай шым-шытырықта шатысып кету оп-оңай, ал Алешаның жүрегі беймағұлымдыққа шыдамайды, оның біреуді жақсы көрсе, жығыла жақсы көретіні қашанғы әдеті. Ол біреуді жақсы көре тұрып енжар бола алмайтын, ұнатқан адамына сол сәтте қол ұшын созатын. Ал бұл үшін ең алдымен олардың әрқайсысына ненің жақсы, ненің қажет екенін бекемдеп біліп алу керек, сосын, осы мақсаттың дұрыстығына көз жеткізгесін, әлбетте, екеуіне де тиісті көмек те беруге болады. Бірақ мұндай берік мақсат жоқ, бәрі көмескі, бәрі шатысқан. Енді келіп "зорлану" дейді! Алайда, ол тым болмаса осы зорланудан не түсіне алады? Ол бүкіл осы шатақтың тіпті алғашқы бір сөзін де ұқпайды ғой!
Алешаны көрген соң, Катерина Ивановна түрегеліп, кетуге ыңғайланған Иван Федоровичке қуанышты шыраймен тез былай деді:
— Сәл кідіріңізші! Тағы бір минут аялдай тұрыңызшы. Мен мына кісінің пікірін естігім келеді, мен оған күллі жан-тәніммен сенемін. Катерина Осиповна, сіз де кетпеңіз, — деді ол Хохлакова ханымға қарап. Ол Алешаны өзінің қасына отырғызды, ал Хохлакова оған қарсы қарап, Иван Федоровичтің жанына жайғасты.
— Осы отырған бәріңіз де маған дос адамсыздар, менің бұл дүниедегі достарым осы сіздер ғана, — деп бастады ол ішіндегі қайғы-қасіреттен дірілдеп шыққан дауыспен, сондықтан Алешаның жүрегі оған тағы да елжірей қалған еді. — Алексей Федорович, сіз кеше... әлгі сұмдықтың куәсі болдыңыз, менің өзімді қалай ұстағанымды өз көзіңізбен көрдіңіз. Иван Федорович, сіз мұны көрген жоқсыз, ал ол көрді. Кеше оның мен жайында не ойлағанын білмеймін, мен бір-ақ нәрсені білемін: бүгін, тап қазір, кешегі оқиға қайталанса, кешегі мінезімді бүгін де қайталар едім, — дәл сондай мінез көрсетіп, дәл сондай сөздерді айтып, дәл сондай қимыл танытар едім. Менің қимылым есіңізде ме, Алексей Федорович, бірінде мені сіз ұстап қалған жоқсыз ба... (Бұл сөздерді айтқанда ол қызарып кетіп, көзі алақ-жұлақ етті). Алексей Федорович, сізге айтып қояйын, мен ештеңемен келісе алмаймын. Тыңдағын, Алексей Федорович, мен тіпті қазір оны сүйетін-сүймейтінімді де білмеймін. Менің оған жаным ашыды, ал бұл махаббат үшін жаман ырым. Егер мен оны сүйсем және әлі де сүйетін болсам, онда, бәлкім, оған аяныш білдірмес едім, қайта, керісінше, оны жек көрер едім...
Катерина Ивановнаның даусы дірілдеп, кірпігінің ұшында бір тамшы жас ілініп қалды. Алеша іштей тебіреніп кетті: "Мына қыз шын сырын ақтарды, оя.. енді Дмитрийді сүймейді екен ғой!" — деп ойлады ол.
— Міне жағдай осылай! Осылай! — деді Хохлакова ханым таңдайы тақ етіп.
— Сабыр етіңіз, мархабатты Катерина Осиповна, мен әлі ең бастысын айтқан жоқпын бүгін түнде келген түбегейлі шешімімді енді ғана айтқалы отырмын. Бұл шешімім — өзім үшін — бәлкім, баянсыз да болар, мұны сеземін, әйтсе де одан енді еш уақытта, ешқашан да таймайтынымды да, оның ғұмыр бақи сол күйі қалатынын да күні бұрын сезіп отырмын. Менің мархабатты, мейірбан айнымас, ақ көңіл ақылшым, әйел жүрегінің лүпілін сезгіш, бұ жалғандағы жалғыз ғана досым Иван Федорович те менің бұл ісімді түгелдей құптап, ақыры бір байламға келгенімді мақтап отыр... Ол бәрін біледі.
— Иә, мен бұл шешіміңді мақұлдаймын, — деді Иван Федорович баяу, бірақ бекем үнмен.
— Бірақ, мен Алешаның да (ah, Алексей Федорович, сізді өзімсіп Алеша деп атағаныма кешіре көріңіз), Алексей Федоровичтің де — екі досымның көзінше осы шешімімнің дұрыс-бұрысын айтқанын қалар едім. Іштей сеземін, Алеша, сіз менің сүйікті інімсіз (өйткені сіз маған сүйікті ініммен бірдейсіз), — деді Катерина Ивановна тағы да, Алешаның суық қолын өзінің ыстық алақанына салып тұрып, — сіздің кесіміңіз, сіздің мақұлдауыңыз, қаншама азапқа түскеніме қарамастан, мені біржола тыныштандыратын шығар деймін, өйткені сіздің сөзіңізден кейін көңілім орнығып, неге болса да көнемін, — мұны күні бұрын сезіп тұрмын!
— Сіздің не жайында сұрайтыныңызды білмеймін, — деді жүзі алаулап сала берген Алеша, — менің бар білетінім: сізді жақсы көрем және дәл қазір сізге өзіме тілейтін бақытымнан да зор бақыт тілеймін!.. Бірақ мен бұл іс жайында ештеңе білмеймін ғой... — деді ол тағы да неге екені белгісіз.
— Бұл істе, Алексей Федорович, ендігі жерде ең бастысы — намыс пен парыз, бұдан басқа тағы не басты шарт екенін айта алмаймын, бірақ әйтеуір аса биік, тіпті адамның парызынан да биік бірдеңе екені күмәнсыз. Осы бір құдіретті сезім жүрегімді алып ұшады да тұрады, осы сезім мені бүтіндей билеп алды. Әйтсе де, екі-ақ ауыз сөзбен айтсам, мен енді белді бекем будым: егер ол тіпті анау... мен еш уақытта, ешқашан да кешіре салмайтын малғұнға үйленсе де, — деп бастады ол шаттана сөйлеп, — мен оны бәрібір тастамаймын! Дәл осы сәттен бастап оны еш уақытта, ешқашан да ұмытпаймын! — деді Катерина Ивановна іштей зорланған бір түрлі сүреңсіз мақтанышпен. — Яки бұл мен оның қыр соңынан қалмаймын, минут сайың көзіне түсіп, азапқа саламын дегенім емес — о, жоқ, мен басқа шаһарға, қалаған жеріңізге кетемін, бірақ өмір бойы, өле-өлгенше одан көз жазбаймын, бұған жалықпаймын. Анау әйелмен бақыты жанбағанын көргенде, ал оның көп ұзамай ондай бақытсыздыққа ұшырамай қалмайтыны сөзсіз, — ол мені іздеп тапсын, мен оны досы, қарындасы есепті қарсы аламын... Әрине, мен оған тек қарындас қана боламын және бұл ғұмыр бақи өзгермейді, сөйтіп, ақырында, мен бүкіл өмірін оған құрбандық еткен, оны шын жақсы көретін қарындасы екеніме оның көзі жетеді. Ақырында, ол мені танып білгеннен кейін маған бәрін ұялмай айтып отыратын болады, мен бұған жетпей қоймаймын! — деді ол ширығып. — Мен оның тәңіриясы боламын, ол мені пір тұтады, — маған істеген опасыздығын, сол үшін кешегі көрген қорлығымды ол тым болмаса осылай өтеуге тиіс. Оның сөзден тайып, опасыздық жасағанына қарамастан, мен оның өзіне және оған берген сертіме ғұмыр бақи адал болып өтетінімді ол өмір бойы көретін болсын. Мен... Мен оны бақытқа жеткізудің амалын табушы ғана (немесе тағы қалай десек екен) боламын, оның бақытты өмір сүруіне қажет құрал, бір тетік қана боламын және ғұмыр бақи осыдан айнымаймын ол осыны өмір бойы көріп өтуі үшін осы ниетімнен айнымаймын! Менің келген шешімім міне осы! Иван Федорович менің бұл ойымды барынша құптайды.
Катерина Ивановна ентігіп кетті. Ол өзінің ойын, бәлкім, бұдан гөрі лайықтырақ, жатығырақ та нанымдырақ білдіргісі келген де болар, бірақ тым асығыс та тым жадағайлау болып шықты. Сөзінен жастықтың албырттығы сезіліп тұрды, көп нәрсе кешегі кейістің, масаттанғысы келген менмендіктің салдары еді, мұны оның өзі де сезген. Қыздың жүзі заматта бір түрлі тұнжырап кетті де, жанары жаси қалды. Осының бәрін лезде байқаған Алешаның жүрегінде оған аяныш сезімі лүп етті. Дәл осы сәтте ағасы Иван да үстемелеп жіберген еді.
— Мен өз ойымды ғана айттым, — деді ол. — Өзге біреу болса, осының бәрін қысылып-қымтырылып, емін-еркін айта да алмас еді, ал сіз өйткен жоқсыз. Басқа біреудікі — қате болар еді, ал сіздікі — дұрыс. Мұның себебін айта алмаймын, бірақ сіздің мейлінше шыншыл екеніңізді, сондықтан да айтқаныңыздың дұрыстығын көріп тұрмын.
— Бірақ, бұл тек дәл осы сәтте ғана ғой... Ал осы сәт деген не? Ол не бары кешегі көрген қорлығым, ол міне осы ғана! — Сөзге араласқысы келмесе де, шыдамағасын киліге кеткен Хохлакова ханым ойда жоқта өте дұрыс пікір айтқан еді.
— Солай, солай, — деді сөзін бөлгенге қабақ шытқандықтан бір түрлі қызбаланған Иван, — алайда осы сәт деп отырғанымыз басқа біреуге кешегі кейістің әсері ғана, тек өткінші сәт қана болса, Катерина Ивановна сынды бикешке бұл сәт ғұмыр бойы созылмақ. Өзгелерге құрғақ уәде көрінген істі ол, қаншама қиын әрі қызықсыз болса да, ұдайы өтеуге тиісті өмірлік парызым деп біледі. Сонсоң, ол өзінің осы парызын өтеуден нәр алмақ! Катерина Ивановна, сіздің өміріңіз енді жан дүниеңізді, жанкештілігіңізбен басқа түскен уайым-қайғыңызды іштей сезіп шерменде болумен өтеді, бірақ кейіннен бұл қасіретіңіз жеңілдейді, сөйтіп өміріңіз осындай бекем, асқақ ойдың, шынында да ерекше асқақ, тіпті керемет өжеттік деуге татырлық, әйтсе де өзіңіз іске асыра білген асқақ ойдың түбегейлі орындалуының жан рақатына айналады, осыны ұғудан сіз, ақырында, толық қанағаттанғандық табасыз да, қалғанының бәрімен келісесіз...
Иван Федорович өзінің ішкі ниетін, яки жорта, мысқылмен айтқалы тұрғанын, бәлкім, тіпті жасырғысы да келмегендіктен, әдейі бір түрлі өте зілді ызамен сөйлеген еді.
— О тәңірім, мынауыңыз мүлде жөн емес қой! — деп баж ете қалды Хохлакова ханым тағы да.
— Алексей Федорович, бірдеңе демейсіз бе! Сіздің лебізіңізді естуге құштар екенімді көріп тұрсыз ғой! — Даусы қатты шыққан Катерина Ивановна жылап жіберді. Алеша диваннан түрегелді.
— Ештеңе емес, жай әншейін! —деді ол жылап тұрып, — бұл кейігендіктің, өткен түннің әсері, сіз бен сіздің ағаңыздай екі досым барда ештеңе етпес... өйткені... сіз екеуіңіз мені ешқашан да тастамайсыздар... мен білемін...
— Өкінішке қарай, ертең мен Мәскеуге жүріп кетуім мүмкін, ұзақ уақыт көрісе алмайтын шығармыз... Өкінішті-ақ, бірақ мұны өзгерту мүмкін емес, — деді кенеттен Иван Федорович.
— Ертең Мәскеуге кетемін деймісіз! — деді заматта кейпі бұзыла қалған Катерина Ивановна. — Алайда, тәңірім-ау, мұның өзі керемет болды ғой! — дегенде оның өзгере қалған даусы саңқ етіп, көз жасы әп-сәтте тыйыла қойды, жылағанының ізі де сезілмейді. Оның осыншама тез құбылғанына Алеша аң-таң болды: ілкіде ғана көңілі босап жылаған, жәбірленген бейшара қыз қас қағымда өзін өте байсалды ұстаған, әлденеге кенет қуанғандай, бірдеңеге тіпті шын риза әйел болып шыға келді.
— О, сізден айрылатыныма қуанып тұрғам жоқ, әлбетте, олай емес, — деді Катерина Ивановна жаңсақ сөзін түзеткісі келген кербез күлкімен, — сіздей дос адам олай ойламас деймін; қайта керісінше, маған сізден көз жазып қалу өте қиын соққалы тұр ғой (ол кенет Иван Федоровичке қарай ұмтыла беріп, оны екі қолынан алып құштарлана қысты); Мәскеуге барғаннан кейін әпкем мен Агашаға менің хал-жайымды, басымдағы қазіргі күллі қайғы-қасіретімді Агашаға ешбір бүкпесіз толық, ал аяулы әпкеме жұқалап қана сіздің өз аузыңыздан баяндай алатындығыңыз — бұл сіздің қолыңыздан келеді — міне, бұл мен үшін зор қуаныш. Менің кеше және бүгін таңертең оларға хат жазып, осының бәрін қалай баяндаудың амалын таба алмай жаман басым қатқанын түсіне алсаңыз ғой... өйткені хатта мұны айтып жеткізу ешбір мүмкін емес... Сіз оларға барып, бәрін түсіндіретін болғандықтан, маған енді хат жазу да оңай. О, қандай жақсы болды! Бірақ, илансаңыз, мен тек осыған ғана қуаныштымын. Бірақ сіз маған, әрине, аса қымбатсыз... Мен қазір хат жазып әкелейін, — деді ол кенеттен, сонсоң тіпті бір аттап бөлмеден шығуға да ыңғайлана берді.
— Ал Алеша ше? Ілкіде Алексей Федоровичтің пікірін қалай да естіп білуім керек дегеніңіз қайда? — деді аптыққан Хохлакова ханым. Оның сөзінен кекеткен зілді әуен сезілді.
— Мен ештеңені ұмытқан жоқпын, — деп Катерина Ивановна тоқтап тұрды, — сонсоң, Катерина Осиповна, дәл осындай сәтте сіздің маған қырын қарауыңыздың себебі не? — деді ол ренішпен, шүйлігіңкірей түсіп. — Айтқаным айтқан, айтқанымнан қайтпан. Мен оның пікірін естуім қажет, ол ол ма: маған оның шешімі керек! Ол қалай десе, солай болады — Алексей Федорович, сіздің бірдеңе дегеніңізге менің құштарлығым міне осындай... Әйтсе де, сізге не болған?
— Мен еш уақытта бұлай болар деп ойлаған жоқ едім, мына жағдай тіпті ақылыма сыймайды! — деді Алеша уайымға батып.
— Ол не, не деп кеттіңіз?
— Ол Мәскеуге кетпекші, ал сіз мұны естігенде қуаныштымын деп жорта айқайлап жібердіңіз! Сонсоң, оның кететіндігіне қуанбаймын, қайта, керісінше, досымнан көз жазатындығыма өкінемін деп іле-шала жуып-шая бастадыңыз — бірақ сіз мұны да жорта істедіңіз... театрда комедия ойнап шықтыңыз!..
— Театрда? Қалай?.. Бұл не дегеніңіз? — деді жүзі күреңітіп, қабағы қарс жабыла қалған Катерина Ивановна аң-таң болып.
— Досымнан айырылатын болдым ғой деп оны қаншама иландырмақшы болсаңыз да, сіз бәрібір оның кететініне қуанатыныңызды көзіне айтып тұрсыз ғой... — деп күбірледі бір түрлі тынысы тарылыңқыраған Алеша. Ол үстел басында түрегеп тұрған еді, сол күйі тұра берді.
— Сіз не деп тұрсыз, түкке түсінсем бұйырмасын...
— Тіпті өзім де білмей тұрғаным... Санама бір ойдың нұры құйылған секілді... Бұл инабаттылыққа жатпайтынын білемін, бірақ мен қалай да бәрін айтуға тиістімін, — деді одан ары Алеша әлгі дірілдеген, әлсіз дауысымен. — Бір ойдың нұрын сеземін дегенде, айтпағым мынау: сіз менің ағам Дмитрийді, бәлкім, мүлде сүймейтін де шығарсыз... әуел бастан... Дмитрийдің де сізді мүлде сүймеуі мүмкін... әуел бастан... тек құрмет тұтуы... Рас, қазір осының бәрін айтуға менің қалай батылым барғанын білмеймін, бірақ біреудің шындықты айтуы керек қой... өйткені бұл арада ешкім шындықты айтқысы келіп тұрған жоқ...
— Ол қандай шындық? — деп баж еткенде Катерина Ивановнаның даусынан ызаланғандық сезілді.
— Ол мынадай шындық, — деп міңгірледі Алеша шатырдан құлаған кісіше. — Қазір Дмитрийді осында шақыртыңыз — мен оны тауып әкелейін, — ол осында келсін де әуелі сіздің қолыңыздан, сосын ағам Иванның қолынан алып, екеуіңнің қолдарыңды қоссын. Өйткені сіз Иванды шын сүйгесін әуреге салып жүрсіз... ал оны әуреге салатыныңыз — Дмитрийді зорланып сүйетініңізден... шын сүймейтіндігіңізден... өйткені өзіңізді осылай деп сендіріп қойғансыз...
Алеша кілт тоқтап, үнсіз қалды.
— Сіз... сіз бар ғой... нағыз дәруішсіз, кішкентай дәруішсіз! — деп зекіргенде Катерина Ивановнаның жүзі сұрланып, ызадан аузы қисайып кетті. Иван Федорович кенет күліп жіберіп, орнынан түрегелген еді. Ол қалпағын қолына алып тұрған.
— Менің мархабатты інім, Алеша, сен қателесіп тұрсың, Катерина Ивановна мені еш уақытта сүйген емес! — деді ол Ағасының осы сәттегі албырт шыншылдық пен адуындаған ашық сезім үйіріле қалған қиянатын Алеша бұрын ешқашан да көрмеген еді. — Ол менің сүйетінімді үнемі сезіп жүрді, оған ғашық екенімді еш уақытта айтпасам да білген, бірақ ол мені сүйген емес. Мен оның тым болмаса бір мәрте, бір күндік досы да болған емен: тәкаппар бикеш менің достығыма ділгер бола қойған жоқ. Ол мені жанында матап ұстағанда, мұны ұдайы қарымта қайтару үшін ғана істеген. Оның қорлануы екеуінің алғашқы кездесуінен басталған еді, содан бері Дмитрийден ұдайы, минут сайын көрген зәбірінің есесін ол менен қайтарды... Өйткені екеуінің алғашқы кездесуінің өзі оның жүрегінде шемен болып қатып қалған-ды. Оның жүрегі міне осындай! Бұл уақыт ішінде мен оның Дмитрийге ғашықтығын баяндаған әңгімесін тыңдаумен ғана болдым. Мен енді кетіп барамын, бірақ, Катерина Ивановна, сіз шынында да тек Митяны ғана сүйесіз, менің айтарым осы. Ол сізді қорлаған сайын сіздің оған деген махаббатыңыз өсе береді. Сіздің зорлануыңыздың мәні міне осында. Сіз Дмитрийді сол қаз-қалпы, өзіңізді зәбірлеген күйі сүйесіз. Егер ол түзелсе, сіз оны сол сәтте-ақ тастап жүре берер едіңіз, оны мүлде сүймей кетер едіңіз. Бірақ ол сізге керек — шын берілген жанкештілігіңізді мақтан етіп, оның опасыздығын бетіне салық қылу үшін керек. Мұның бәрі сіздің тәкаппарлығыңыздан.
О, бұл арада кемсіту мен зәбірлеу жетерлік, бірақ мұның бәрі сол тәкаппарлықтан... Мен тым жас болғасын да сізді жанымдай жақсы көрдім. Сізге осының бәрін айтып жатпай-ақ, осы үйден үндемей шығып жүре бергенім маған әлдеқайда лайықты болатын еді, сонда сіз онша зәбірленбес те едіңіз; мұны мен білемін. Бірақ мен алыс жолға кетіп барамын және де енді еш уақытта мұнда оралмаймын. Біржола қарамды жоғалтамын... Зорланғаныңды көріп отыра алмаймын... Әйтсе де, мен енді ештеңе айта алмаймын, бәрін айттым... Катерина Ивановна, қош болыңыз, маған ренжи қоймассыз деймін, өйткені мен сізден гөрі жүз есе артық жазаландым: сізді енді қайтып көре алмайтындығымның өзі-ақ мен үшін жеткілікті жаза ғой. Қош болыңыз. Қол бермей-ақ қойыңыз. Мені қасақана азаптағаныңызды тап қазіргі сәтте әсте кешіре алмаймын. Кейін кешіре жатармын, ал қазір қол бермей-ақ қойыңыз. Сонан соң, ол:
Den Dank, Dame, begehr ich nicht1, — деді ыржия күліп; оның кенет Шиллер өлеңінің бір жолын жатқа айтқандығына Алеша таңғалды, бұған ол бұрын сенбес еді. Иван Федорович тіпті шаңырақ иесі Хохлакова ханыммен де қоштаспастан шығып жүре берді. Алеша қолын ербеңдетті.
— Иван, — деп айқайлады абыржыған Алеша оның соңынан,— кейін қайт, Иван! Жоқ, жоқ, ол енді мойын бұрмайды! — деді ол тағы да қатты кейіген пішінмен, — бірақ бәріне мен кінәлымын, бастаған мен! Ол ызаланып, әдепсіз сөйледі. Әділетсіз, ашулы сөз...
— Алеша есеңгіреген адамша бақырып сөйлеген еді.
Катерина Ивановна тез басқа бөлмеге шығып кетті.
— Сіз түк те бүлдірген жоқсыз, қайта, періштедей ғажап істедіңіз, — деп сыбыр етті іштей сүйсінген Хохлакова ханым кейіп тұрған Алешаға. — Иван Федоровичтің кетпеуі үшін... мен қолымнан келгеннің бәрін істеймін...
Оның жүзінен қуаныш нұры сезіле қалғанда, Алеша қатты опынды, бірақ Катерина Ивановна тез қайтып келген-ді. Оның қолында екі қызғылт қағаз ақша бар еді.
— Алексей Федорович, менің сізге бір үлкен өтінішім бар, — деді ол, ілкіде шынымен-ақ ыңғайсыз ештеңе болмағандай, салмақты да сабырлы үнмен Алешаға тура қарап. — Осыдан бір жұма, иә, бір жұма бұрын ғой деймін — Дмитрий Федоровичтің қызбалықпен бір әділетсіз, тым дөрекі іс істегені. Осында бір жаман жер бар, трактирді айтам. Сонда ол әлгі әскерден кеткен офицерді, сіздің әкеңіз өзінің бір шаруасына пайдаланған әлгі штабс-капитанды кездестіреді. Сол штабс-капитанға қараптан-қарап ашуланған Дмитрий Федорович оны сақалынан ұстап алып, жұрттың көзінше көшеге сүйреп шығарып, біраз сүйрелейді ғой; ол байғұстың осындағы училищеде оқитын ұлы бар екен, әкесінің қалай зәбірленгенін көрген бала айнала жүгіріп, бақырып жылап, мынадан арашаласаңдаршы деп жалынады, бірақ жиналған жұрт бұған тек күле береді. Кешіріңіз, Алексей Федорович, оның осы масқара қылығы есіме түскенде менің тіпті аза бойым тік тұрады... Ашу билеп, өзін-өзі ұстай алмағанда ғана мүмкін ғой мұндай оспадарлық, бұған тек Дмитрий Федорович қана бара алады! Мен тіпті айтып бере алмаймын, дәтім бармайды... Тілім күрмеле береді. Сол байғұстың кім екенін сұрап білген едім, кедейліктен көз ашпаған бір сорлы екен. Аты-жөні Снегирев. Қызметте бірдеңеге кінәлы болып, ақыры, жұмыстан қуылады, мен мұны тіпті айтып жеткізе алмаймын, қазір ол өзінің шиеттей бала-шағасымен — балалары ауру, әйелі жынданып кеткен, — қайыршы болып қалыпты. Ол көптен бері осы шаһарда тұрады, бір жерде песір боп істеген бе, қалай, енді оған кенет сол жарытымсыз бірдеңені де төлемейтін болыпты. Сосын сізге көзім түскені... яки енді не істесем екен деп ойладым — қайдам, бір түрлі 11жаңыла беріп тұрғаным — көріп тұрсыз ғой, Алексей Федорович, менің аса мархабатты Алексей Федоровичім, мен сізден сол кісіге барып келуді, бір сылтау тауып оның, яки сол штабс-капитанның үйіне барып, тәңірім-ау, осыншама неге жаңыла берем — сыпайылап, ептеп қана — мұны тек жалғыз сіз ғана осылай істей аласыз Алеша кенет қызарып кеткен еді — оған менің мына көмегімді, міне мына екі жүз сомды табыс етуді өтінейін деп едім. Ол неғып алмас екен... яки алуға көндіре аласыз... әлде алмай ма, қалай? Әлбетте, бұл шағым етпесін деп берілген ауыз бастырық емес, өйткені ол, тегі, шағым бермекші болса керек, бұл Дмитрий Федоровичтің өзінен емес... бұл менің, яки оның қалыңдығының әншейін жанашырлығы ғана. Қысқасы, сіз... реттей аласыз ғой деймін. Өзім-ақ, барар едім, бірақ менен гөрі сіз тиянақтырақ тындырасыз ғой. Ол Озерная көшесінде, Калмыкова деген мещан әйелдің үйінде тұрады... Алексей Федорович, құдай үшін, менің осы өтінішімді орындаңызшы, ал мен... мен шаршадым. Көріскенше күн жақсы...
Катерина Ивановнаның теріс айналып, перденің сыртына тез жоқ болғаны соншалық, Алеша тіпті ләм деуге үлгірмеді, — ал оның бірдеңе дегісі келіп тұрғаны. Ол кінәны өзіне алып, одан кешірім сұрайыншы деп ойлаған, — жүрегі күпті болғандықтан қалай да бірдеңе дегісі келген, мұнсыз кетпеуге бекінген еді. Алайда Хохлакова ханым оны қолынан жетектеп алып шықты. Ауыз үйде ол, бағанағыдай, оны тағы да тоқтатты.
— Ол тәкаппар, намысшыл болса да, өте мейірімді, керемет сұлу, ақ көңіл ғой! — деп тебірене сыбырлады Хохлакова ханым. — О, менің оны кейде қандай жақсы көретінімді білсеңіз ғой, бәр-бәріңе мен тағы да өте қуаныштымын! Мархабатты Алексей Федорович, біздің бәріміз — мен, оның екі әпкесі, бәр-бәріміз, тіпті Lise де, ол сіздің сүйікті ағаңыз Дмитрий Федоровичті тастап, білімді, аса инабатты Иван Федоровичпен қосылса екен деп тілегенімізге міне бір айдың жүзі болды; Дмитрий Федорович оны сүймек түгіл, тіпті көргісі де келмейді, ал Иван Федорович жан-тәнімен сүйеді — сіз мұны білмеуші едіңіз, енді біліп қойыңыз. Біз бәріміз Иван Федорович жағындамыз, мен тіпті бәлкім, осыған бола кете алмай жүрген шығармын...
— Бірақ, ол жылады ғой, тағы зәбірленді емес пе! — деді Алеша қатты дауыстап.
— Алексей Федорович, еш уақытта әйелдің көз жасына сенбеңіз, — мұндайда мен әрқашан ұрғашыларға қарсы, еркектер жағына шығамын.
— Мама, сіз оны шатастырып, бүлдіресіз ғой, — есіктің ар жағынан Lise-нің сызылған даусы шықты.
— Жоқ, бәрін бүлдірген мына мен, бәріне мен кінәлымын! — деп қайталай берді өзінің теріс қылығына жаман ұялғанынан жерге кіре жаздап, бетін алақанымен басып алған Алеша.
— О не дегеніңіз, сіздің істегеніңіз періштенің ғана қолынан келеді, сіз періштесіз ғой, мен бұл ойымды мың мәрте қайталауға бармын.
— Мама, оның періштеше істеуінің себебі не? — Lise-нің сызылған даусы тағы да естілді.
— Қайдам, осының бәрінен кейін маған ол Иванды сүйетін секілді көрінгені, әйтпесе ондай зердесіздік аузымнан шығар ма еді... енді не болмақ! — деді одан ары Алеша, Лизаның даусын естімегендей.
— Кімді айтасың, ол кім? — деді Lise, — мама, менің дымым құритын болды ғой. Сіз менің сұрағыма неге жауап бермейсіз.
Осы сәтте күтуші қыз жүгіріп кірді.
— Катерина Ивановна талып... Жылап жатыр... талып қалды, дірілдеп-қалшылдап...
— Не дейді, — деп айқайлап жіберді Lise үрейлі дауыспен. — Мама, мен, талып қалсам, бұл бір басқа, ал оған не жоқ!
— Lise, құдай үшін, тынышталшы, зәремді алмашы. Сен әлі жассың, сондықтан үлкендердің әңгімесіне көп құлақ тіге берме, қайтып келген соң — саған қажеттісін тәмамдап айтып берем. О, тәңірім! Қазір барам, қазір... Талып қалса — бұл жақсы ырым, Алексей Федорович, мұнысы тым жақсы болған. Нақ солай еткені керек. Мұндайда мен қашан да әйелдерге қарсымын, олардың көз жасын төгіп, дірілдеп-қалшылдағанын көргенде жыным ұстайды. Юлия, сен бара бер, мені қазір келеді де. Ал Иван Федоровичтің қоштаспай шығып кеткеніне Катерина Ивановнаның өзі кінәлы. Бірақ, ол кетпейді. Lise, құдай үшін, айқайламашы! Аһ иә, сен емес, мен екен ғой айқайлаған, мамаңды кешіре ғой, қызым; бірақ мен қатты қуаныштымын, қуанышымда тіпті шек жоқ! Иван Федорович ойындағысын іркілмей айтып салып, шығып жүре берді ғой, жігіттің сұлтаны ғана өсіте алады, Алексей Федорович, сіз мұны байқадыңыз ба! Мен оны оқымысты, академик секілді әпенділеу ме деуші едім, ал ол жастық албырттықпен кенет бәрін құштарлана, ашық айтып салды, бәрі керемет ғажап болды, тап сізше... Әлгі немісше өлеңнен қалай жатқа сұңқылдатты, дәл өзіңізше! Ал кеттім, кеттім. Алексей Федорович, әлгі тапсырманы тез тындырғасын осында келіңіз, Lise, саған ештеңе керек емес пе? Құдай үшін, Алексей Федоровичті бір минут та кешіктірмеші, ол саған қазір қайтып келеді...
Ақыры, Хохлакова ханым жүгіріп шықты. Алеша, кетпестен бұрын, Lise-нің есігін ашпақшы болды.
— Аша көрмеңіз! — деп баж етті Lise, — енді тіпті де ашуға болмайды! Есіктің ар жағынан айта беріңіз. Қалай періште бола қалдыңыз? Менің осыны ғана білгім келеді.
— Сұмдық зердесіздігім үшін, Lise! Қош бол.
— Тоқтаңыз, бұлайша қалай кетпексіз! — деген болды.
— Lise, мені ауыр қайғы басты! Қазір қайтып келем, бірақ менің қайғым тым ауыр, өте ауыр!
Сөйтіп, ол бөлмеден жүгіріп шығып кетті.
VI
ҮЙДЕГІ ЗОРЛАНУ
Ол шынында да бұрын өзіне сирек кездескен ауыр қайғыға тап болған еді. Тыныш тұрмай, "зердесіздік көрсеткенін қайтерсің",— және қандай істе десеңші: махаббат сезімінде! "Мұрныма иісі бармайтын нәрседе нем бар еді, махаббаттан мен не түсінуші ем?— деп жүз мәрте қайталады бет-жүзі албыртқан ол өзіне-өзі, — oh, ұяты түк емес тәйірі, ұятқа қалсам — бұл маған лайықты жаза болар еді, — ең жаманы, біреулердің тағы бір бақытсыздығына себепкер болғалы тұрмын ғой... Ал пірәдарым мені татуластырып, табыстырып келуге жұмсамап па еді. Осылай да табыстыра ма екен?" Осы сәтте ол "екеуінің қолын" өзінің қалай "қосқанын" тағы да есіне алып еді, онан бетер жерге кірді. Сонан соң ол кенет: "Осының бәрін ақ ниетпен-ақ істеп едім, бірақ алдағы уақытта бұдан гөрі ақылдырақ болу керек шығар", — деген қорытындыға келгеніне тым болмаса езу тартқан да жоқ.
Катерина Ивановна оны Озерная көшесіне жұмсаған-ды, ал ағасы Дмитрий сонда баратын жолда, сол көшеге жақын бір шолақ көшеде тұратын. Алеша штабс-капитанға бармастан бұрын, ағасының үйде жоғын алдын ала сезсе де, дегенмен, әуелі соған соға кеткенді жөн көрді. Ол Дмитрий енді, бәлкім, одан бірдеме ғып әдейі тығылатын шығар деп те күмәнданған, — бірақ бұл оны қалай да іздеп табуы керек. Уақыт болса өтіп барады: пірәдардың әл үстінде жатқандығы ол монастырьдан шыққалы бері бір минут та, тіпті бір секунд та ойынан кетпеген.
Катерина Ивановнаның тапсырмасында Алешаны да елең еткізген бір жайт бартұғын: ол шыжалақтап әкесін айнала жүгіріп жылаған кішкентай шәкірт баланы аузына алғанда, Алешаға ол бала, тегі, бағана ол, Алеша, мен сені қалай ренжіттім деп сұрағанда саусағын қыршып алған шәкірт шығар деген ой сап ете қалған. Енді Алеша, неге екенін түсінбесе де, бұған сенімді секілді еді. Сөйтіп, бөгде оймен еліккен ол көңілі сергіңкіреп, өзінің ілкіде "бүлдіріп алғаны" жайында "ойламауға", қапаланамын деп өзін-өзі азаптай бермей, тапсырылған істі тындыруға ұйғарған, не болғанын кейін көре жатармын деп ойлаған Осы ой оны біржола сергітіп жіберген. Айтқандайын, шолақ көшедегі Дмитрийдің пәтеріне қарай бұрылғаннан кейін ол қарны ашқан соң әкесінің үйінде қалтасына салып шыққан нанды алып жеді. Бұл оны біраз әлдендіріп тастады.
Дмитрий пәтерінде жоқ екен. Жұпыны үйдің қожалары — балташы шал, оның ұлы мен кемпірі, — Алешаға тіпті күдіктене қарады. "Үйде қонбағанына үшінші күн болды, мүмкін, бір жаққа кетіп қалған шығар", — деп жауап қатты шал Алеша қайталап сұрай берген соң. Шалдың өзіне берілген нұсқауға сәйкес айтып тұрғанын Алеша түсіне қойды. Ол: "Мүмкін, Грушеньканыкінде шығар, әлде тағы да Фоманыкінде тығылып жатыр ма?" — деп сұрағанда Алеша жорта ағынан жарылған еді үй иелерінің бәрі тіпті үрпиісе қалды. "Оны жақсы көреді екен, демек, оны қорғаштайды, бұл жақсы" — деп ойлады Алеша.
Ақырында, ол Озерная көшесіндегі Калмыкова деген мещан әйелдің үйін іздеп тапты; үш терезесі көше жаққа шығатын қисайған, ескі үй екен, қоқсыққа толған ауланың ортасында бір сиыр тұр. Алеша сенекке аула жақтан кірді; кіреберістен сол қолдағы бөлмеде кәрі қызымен бірге үй иесі кемпір тұрады екен; екеуі де саңырау болу керек. Алешаның штабс-капитан туралы бірнеше рет қайталаған сұрағына біреуі оның пәтершілерді сұрап тұрғанын, ақыр-соңында, әрең түсінген соң сенектен ары өткендегі екінші есікті қолымен нұсқаған болды-ау. Штабс-капитанның пәтері шынында да жұпыны екен. Алеша есіктің темір тұтқасынан ұстай бергенде оның ар жағындағы тылсым тыныштыққа қайран қалды. Алайда, ол Катерина Ивановнаның сөзінен отставкадағы штабс-капитанның үйлі-баранды кісі екенін білетін: "Бәрі не ұйықтап жатыр, не менің келгенімді сезген соң, бәлкім, есікті ашып кіруімді күтіп отыр; онан да мен тағы да тықылдатайын", — сөйтіп ол есікті тықылдатты. Жауап бірден бола қойған жоқ, тек он секундтай өткесін ғана естілді.
— Кімсің? — деп дауыстады ар жақтан біреу өте ашулы үнмен.
Содан кейін Алеша есікті ашып, табалдырықтан аттады. Әжептәуір кең бөлме екен, бірақ адамның көптігі мен үй ішінің қоқыр-соқырынан өте тар секілді көрінді. Сол жақта абажадай орыс пеші. Пештен сол жақ терезеге дейін бөлменің өн бойымен жіп тартып тастап, оған бірдеңелерді іліп қойыпты. Екі қабырғада тоқыма жамылғылы екі кереует тұр. Сол жақтағы кереуетке бірінен бірі кіші төрт шыт жастықты әдемілеп жинап қойыпты. Оң жақтағы екінші кереуетте кішкентай бір жастық қана жатыр. Одан ары, шымылдықпен бе, әлде қиғаштай тартылған тағы бір жіпке ілінген ақ жаймамен бе, қоршалған бергі бұрыштағы кішкентай қуыстағы тақтай сәкі мен оған тақап қойылған орындықтың үстінде тағы бір төсек бар екен. Долбарлай салған төрт бұрышты ағаш үстел ортаңғы терезеге қарай жақынырақ қойылыпты. Дым тартқан алақандай төрт көзді үш терезенің бәрі тас қып бекітілгендіктен, бөлменің іші қапырық, оның үстіне қаракөлеңке көрінді. Үстел үстінен табада қуырған жұмыртқаның қалдығы, шетінен тістеген бір үзім нан, сосын, жартылықтың түбінде көңіл ашар жарықтықтың сарқыншағы көзге түсті. Сол жақтағы кереуетке таяу орындықта шыт көйлекті бір әйел отыр. Жүзі өте жүдеу, сарғыш тартқан; жағына пышақ жанығандай түрінен ауру екендігі бірден-ақ байқалады. Бірақ Алешаны бейшара әйелдің кісінің өңменінен өткізе, сұмдық тәкаппарланып қарағандығы бәрінен де гөрі көбірек қайран қалдырды. Қашан өзі бірдеңе дегенше және Алеша үй иесімен сөйлесіп тұрған кезде әйел үлкен қой көздерің сол тәкаппар қалпынан жазбай, бірінен біріне жаутаңдата берді. Оған жақын сол жақ терезенің алдында тым кейіпсіздеу, сирек жирен шашты, жұпыны болғанмен, мұнтаздай таза киімді бір жас қыз түрегеп тұр. Ол Алеша бөлмеге кіргенде оған жиіркене қарады. Оң жақта, тағы да төсек жанында, екінші әйел отырған. Ғаріп болған бұл бейбақ, кейін Алешаға айтылғанындай, өзі құныс, оның үстіне екі аяғы бірдей семіп қалған жиырмалар шамасындағы балғын жас еді. Балдағын қасына, кереует пен қабырға арасындағы бұрышқа сүйеп қойыпты. Бейшара қыз керемет нұрлы, мейірімді көздерін бір түрлі байсалды момындықпен Алешаға аударды. Үстел басында қырықтың бесеуіне таман келген, аласа бойлы, арық, әлжуаз, қызыл шырайлы, дудыраған жөкеден айнымайтын жирен сақалды. Бұл салыстыру және әсіресе "жөке" деген сөз, неге екені белгісіз, алғаш көзі түскенде-ақ Алешаның ойына сап ете қалды, мұны ол кейін есіне түсірді, мырза отыр; ол қуырған жұмыртқаны жеп болуға жуықтап қалыпты. Ішкі жақтан "кімсің" деп дауыстаған, тегі, сол болса керек, өйткені бөлмеде өзге еркек көрінбеді. Бірақ Алеша кірген сәтте ол үстел басында отырған орындығынан атып тұрып, жыртық сулықпен аузын сүрте салып, оған жетіп келді.
— Мына тақуа монастырьға шақыра келген бе, тапқан екен кімге келуді! — деп қағытып өтті сол жақ бұрышта түрегеп тұрған қыз.
Алайда Алешаға ентелеп келген мырза әлгі қызға өкшесімен жалт бұрылып, бір түрлі сасқалақтап, қырылдаған дауыспен жауап қатты:
— Жо-оқ. Варвара Николаевна, бұл ол кісі емес, сіз жаңылдыңыз! Енді менің де өз тарапымнан сұрақ қоюыма рұқсат етіңіз, — деді ол Алешаға қайтадан жалт бұрылып, — бұл үңгірге... сізді айдап әкелген не?..
Алешаның бұл кісімен алғаш рет жүздесуі еді, сондықтан оған зерлене қарады. Дөрекілеу, аптықпа, кейігіштеу секілді. Арақ ішкені сезіліп тұр, бірақ мас емес. Бет-жүзінен барып тұрған арсыздық, сонан соң, бір таңғаларлығы — сұмдық қорқақтық бірдей байқалады. Ол ылғи бұғып жүруден әбден запы болғасын бір күні кенет басын көтеріп, енді өзін танытуға бекінген адамға ұқсайды. Немесе оны, ең дұрысырағы, егер өзінің тұмсығына да жұдырық тиіп кете ме деп қорықпаса, сені қақ шекеден салып жіберуден аянып тұрмаған кісіге ұқсатуға болатын еді. Оның сөзінен, ащылау даусының ырғағынан біресе зілді, біресе үрейлі сарынға ауысып, бір қалыпты шықпай, бұзыла берген нендей бір диуаналық әзіл сезіледі. "Бұл үңгірге" деген сауалын қойғанда оның тұлабойы дірілдеп, көзін ежірейтіп жақын төнгені соншалық, Алеша сескенгенінен тіпті бір қадам кейін шегініп қалды. Үстіндегі тозғақ жамау-жамау, қоңыр түсті, арзанқол пәлтесінің әр жеріне теңбіл-теңбіл дақ түскен. Бұтындағы өте жұқа, керегекөз матадан тігілген әлдеқашан сөннен қалған тым ашық түсті шалбарының балақтары уқаланып, тізесіне қарай жиырылып кеткендіктен баланың шалбарынша тылтиып қалыпты.
— Мен... Алексей Карамазовпын... — деп үн қатқан болды Алеша.
— Сенің кім екеніңді бек білемін, — деді, оны неғыл дейсің дегендей, келтесінен қайырған мырза. — Өзімді таныстырып қояйын, мен штабс-капитан Снегиревпін; әйтсе де, айтыңызшы, сізді мұнда не айдап келді...
— Жай кіре шығайын деп едім. Шындығында, сізге айтатын бір сөзім бар... Егер рұқсат болса...
— Онда міне орындығыңыз, жайғаса беріңіз. Көне замандағы комедияларда айтылған ғой: "жайғаса беріңіз" деп... — сөйтіп, штабс-капитан бір бос орындықты ағаштан долбарлай салған, ештеңемен қапталмаған тез көтеріп алып, бөлменің қақ ортасына таман апарып қойды; содан кейін, дәл сондай тағы бір орындықты екінші қолымен көтеріп алып кеп Алешаның дәл қарсысына әкеп қойып, оған өзі отырды, тым жақын отырғандықтан екеуінің тізелері бір-біріне тиіп тұрған еді.
— Николай Ильич Снегирев, орыс жаяу әскерінің бұрынғы штабс-капитаны-с, өзінің кесел-кесірімен масқара болса да, қалай дегенмен штабс-капитан. Мені Снегирев дегеннен гөрі штабс-капитан Словоерсов деп атаған дұрысырақ еді, өйткені өмірімнің екінші жартысынан бастап словоерспен1 сөйлейтінді шығарған едім. Бұл қорлану, кемсінуден пайда болатын әдет қой.
— Солайы солай ғой, — деп мырс етті Алеша, — бірақ бұл әдет лажсыздан пайда бола ма, әлде әдейі солай сөйлей ме?
— Құдай куә, лажсыздан пайда болып еді. Ғұмырымда олай сөйлемеуші едім, бір күні жерге жалп ете түстім де, түрегелгесін словоерспен сөйлейтін болдым. Құдайдың құдіреті шығар. Байқаймын, қазіргі заманның мәселелерімен шұғылданасыз ғой деймін. Алайда, сіздің мұнда қалай келіп қалғаныңызды түсінбедім, қонақжайлық көрсететін жағдайымның жоқ екенін байқап тұрсыз ғой.
— Мен... әлгі анау іс бойынша келдім.
— Әлгі анау іс бойынша деймісің? — деп тағатсызданған штабс-капитан іліп әкетті.
— Ана жолғы менің ағам Дмитрий Федоровичпен кездесуіңіз жайында сөйлесейін деп едім, — деді Алеша ыңғайсызданса да.
— Ол қай кездесу? Әлгі ана жолғы ма? Демек, әлгі жөке, моншаның жөкесі жөнінде ме? — деп қозғалақтағанда, оның тізелері Алешаның тізелеріне келіп тіреліп, еріндері бір түрлі жымырылып кеткен еді.
— Ол неғылған жөке? — деп міңгірледі Алеша.
— Папа, ол саған мен жөнінде шағым айтқалы келіп тұр! — деп айқайлады бұрыштағы шымылдықтың ар жағынан бағанағы таныс бала. — Бағана мен оның саусағын қыршып алғам! — Шымылдық ысырылып еді, Алешаның иконалар тұрған бұрышта, кішкентай сәкіге тақай қойылған орындық үстіндегі төсекте жатқан бағанағы тентек балаға көзі түсті. Ол өзінің шапаны мен тағы бір ескі мақта көрпені бүркеніп жатыр екен. Тегі, ауру ма қалай, шоқтай жайнаған көздеріне қарағанда, қызып-жанып жатқан секілді. Ол енді, бағанадағыдай емес, Алешаға өжеттене қарайды: "Өз үйімде бәрібір тиісе алмассың" — дейтіндей.
— Қыршып алғаны қалай? — деп штабс-капитан орнынан қозғалып қойды. — Ол сіздің саусағыңызды қыршып алып жүр ме?
— Иә, қыршып алды. Бағана көшеде ол балалармен тас лақтырысып жатыр екен; олар алтау, бұл жалғыз. Мен оның жанына барып едім, маған да тас лақтырды, екінші тасы 12басыма тиді. Мен одан: менің жазығым не? — деп сұрадым. Ол қапияда тап беріп, бір саусағымды қыршып алды, неге өйткенін білмеймін.
— Ол иттің баласын ба! Қазір дырдай ғып сабаймын! — деп штабс-капитан орындығынан атып тұрды.
— Жоқ, мен шағынып тұрғам жоқ, әншейін не болғанын ғана айттым... Сонсоң, бұл үшін баланы сабаудың да қажеті жоқ. Өзі ауырып қалғаннан сау ма...
— Сіз, немене, мен баламды сабап тастайды деп ойладыңыз ба? Сіздің қыбыңыз қансын деп көз алдыңызда тарпа бас салып, Илюшечкамды сабай бастайды деп дәмелендіңіз бе? Сізге дәл қазір керегі осы ма? — деді штабс-капитан; ол Алешаға жалт бұрылғанда, оған дүрсе қоя бергісі келгендей көрінді. — Құрметтім, саусағыңызға жарақат түскені өкінішті-ақ, бірақ дәл қазір, Илюшечкамды сабамастан бұрын, сіздің әділетті қанағат табуыңыз үшін көз алдыңызда мына лөкет пышақпен төрт саусағымды шауып тастағаныма қалай қарар едіңіз. Меніңше, кегіңіздің толық қайтуы үшін төрт саусақ жететін шығар, әлде бесіншісін де шабуды талап етесіз бе?.. — Ол кілт тоқтай қалып еді, ентігіп тұрғандай көрінді. Бетіндегі әжімінің әрбір сызығына дейін қырысып-тырысып, көзі шатынап кеткен еді. Ол буырқанып алғандай көрінді.
— Мен енді бәрін түсінген сияқтымын, — деді баяу, мұңлы үнмен Алеша сол отырған қалпы. — Демек, сіздің ұлыңыз, — өнегелі бала, ол әкесін жақсы көреді, мен сізді зәбірлеушінің інісі болғандықтан тап берген ғой маған... Мен енді бәрін түсіндім, — деп қайталады ол ойланып отырып. — Бірақ, менің ағам Дмитрий Федорович өзінің оспадарлығына қапаланып жүр, мен білемін, егер ол сізбен жолығыса алса, немесе, одан да жақсысы, сондағы орында сізбен қайтадан кездесе алса, онда ол жұрттың көзінше сізден кешірім сұрар еді... егер сіз бұған қарсылық етпесеңіз.
— Яки әуелі сақалымнан алып сүйрейді, сосын кешірім сұрайды ғой... Былайша айтқанда, енді болдым, қыбым қанды дегені ғой, солай ма?
— О жоқ, керісінше, ол бәрін істеуге әзір, сіз не қаласаңыз да, қалай ет десеңіз де, бәріне риза!
— Сонда қалай, егер мен оған сол "Астаналық шаһар" атты трактирде немесе алаңда менің алдыңда тізерлеп тұрасың десем, ол тізерлеп тұратын болғаны ма?
— Иә, ол сіздің алдыңызда тізерлеп те тұрады.
— Сіз мені елжіреттіңіз ғой. Көңілім босағандықтан, тіпті көзіме жас келтірдіңіз. Тым күйрек болып бара жатырмын ғой деймін. Үй ішімді таныстыруға рұқсат етіңіз: менің отбасым, екі қызым мен ұлым — артымда қалар ұрпағым. Ертең көз жұма қалсам, бұларға кімнің жаны ашиды? Көзімнің тірісінде мендей жексұрынға осылардан өзге кімнің жаны ашыр дейсің? Мен секілді пақырлардың әрқайсысына тәңірімнің бұйыртқан ұлы шарапаты міне осындай. Өйткені мендей пендесіне тым болмаса біреудің жаны ашуы керек қой...
— Иә, міне мына сөзіңіз шынайы шындық болды! — деді сүйсінген Алеша.
— Жә, тіл мен жағыңа сүйенгенің жетер; үйге бір ақымақ келді екен деп бәрімізді масқара қылмақшысыз ба! — деді кенет терезе алдында тұрған қыз әкесіне оны жаратпаған, жеккөрінішті пішінмен.
— Сәл сабыр етіңіз, Варвара Николаевна, мені ауыздан қағып қайтесіз, — деп зекіп тастады, даусы өктем шыққанмен, қызына өте мақұлдаған көзбен қараған әкесі. — Қайтерсің, бәріміздің мінезіміз осындай, — деді ол тағы да Алешаға бұрылып қарап.
Табиғаты солай ма,
Бата беруден бас тартты, —
Яки осы екі жол өлеңнің соңғы жолын әйелге лайықтап айту керек еді. Әйтсе де, сізді әйеліммен де таныстырып қоюға рұқсат етіңіз: Арина Петровна, екі аяғынан айырылып қалды, қырықтың үшеуіне келді, аяғы басуға әрең жарайды. Қарадан шыққан. Арина Петровна, еңсеңізді көтерсеңізші: мына кісі — Алексей Федорович Карамазов. Алексей Федорович, түрегелсеңізші, — штабс-капитан оны қолынан алып — бұндай күші бар деп кім ойлаған — заматта тік тұрғызды. — Әйелмен танысқанда орнынан тұрар болар. — Жоқ, мамасы, һм... бұл әлгі анау Карамазов емес... һм, өзгесін айтпай-ақ қояйын, бұл керемет момақан ізгілігімен ерекше көзге түскен інісі оның. Рақым етіңіз. Арина Петровна, рақым етіңіз, мамасы, әуелі қолыңыздан мен өзім сүйейінші.
Сөйтіп, ол зайыбының қолынан ілтипатпен, тіпті емірене сүйді. Терезе алдында тұрған қыз мұны көргенде ыза боп теріс айналды, ал әйелінің таңырқаған тәкаппар жүзінде таңғаларлық ерке-наз белгісі ойнап шыға келді.
— Сәлеметсіз бе, отырыңыз, Черномазов мырза, — деп күбір етті әйел.
— Карамазов, мамасы, Карамазов /біз қараданбыз ғой/, — деп сыбырлады ол тағы да.
— Карамазов па әлде басқаша ма, бірақ, мен өзім әманда Черномазов... Отырсаңызшы, сізді түрегелгізгені несі? Ол аяғынан айырылған дейді, ал менің аяғым неге болмасын, тек күпшектей боп ісіп кеткен, өзім болсам қатып-семіп барамын. Бұрын толық-ақ едім, енді ине жұтқандай... итиіп қалдым...
— Біз қараданбыз ғой, қараданбыз ғой, — деп тағы да сыбырлады капитан.
— Әке, ah әке! — деді осыған дейін орындықта үнсіз отырған бүкір қыз бір кезде; сонан соң ол қол орамалмен көзін баса қойды.
— Сайқымазақ! — деп дүңк етті терезе алдындағы қыз.
— Аналардың қандай білгішін көресіз бе, — деп қолын жайды қыздарын нұсқаған шешесі, — бейне ауған бұлт сияқты; бұлт өткен соң, қайтадан өз әуенімізге басамыз. Бұрын, әскери адамдар арасында жүргенімізде, үйімізге ондай қонақтар көп келетін еді. Мен, көкетайым, мұны бірдеңеге теңгеріп отырғам жоқ. Кім де болса сүйгенінің құлы емес пе. Бір күні дьяконның әйелі келіп: "Александр Александрович ғажап-ақ жанды ғой дейді, ал анау Настасья бар ғой, Петровна, ол нағыз сұқсырдың өзі дейді". — "Жоқ, деймін, бәрі кімнің кімді қалай ұнататынына қарай, ал сен болсаң, бәрін бытыстырып, айналаңды сасытып жүресің". — "Ал сені, дейді, тұқыртып ұстау керек". — "Эй, қара бет неме, деймін, сен өзің кімге дәріс айтпақсың?" — "Сен нассың дейді, ал мен қапырық ауаны тазартамын дейді". — "Сен барлық офицер мырзалардан сұрап көрші, деймін, менің дем алған ауам таза ма екен, әлде басқаша ма екен?" Содан бері осы бір әңгіме көкейімнен кетпей-ақ қойды, жуырда қазіргідей үйде отыр едім, әлгі қасиетті мейрамымызда келген генерал бар еді ғой, сол келіпті. "Мәртебелім, — деймін оған, — қалай ойлайсыз, инабатты ханымға самал ауа жіберуге бола ма?" — "Иә, — деп жауап қатты ол, — бөлмеңіздің терезесін немесе есігін ашқан жөн болар еді, өйткені ауасы тым қапырық екен". Бәрі солай дейді! Менің бөлмемнің ауасында не шаруасы бар екен олардың? Өліктің иісі бұдан да жаман емес пе. "Мен, деймін, сендердің ауаларыңды сасытып отырғам жоқ, башмак керегін айтқан соң кетемін". Әкетайларым-ау, көкетайларым-ау, туған аналарыңды жазғыра көрмеңдерші! Николай Ильич, көкетайым, менің саған жақпаған жерім бар ма еді, сабағынан келгесін ілтипат білдіретін Илюшечкамның барына да шүкіршілік. Кеше бір алма әкеліпті. Кешіре көріңдерші, әкетайларым, кешіре көріңдерші, көкетайларым, мені, туған аналарыңды жетімсіретпей, кешіре көріңдерші, үйден сасық иіс шығады деп неге жеркенесіңдер!
Сөйтіп, байғұс ана кенет еңіреп қоя берді, екі көзінен жас парлап кетті. Штабс-капитан оның қасына жетіп барды.
— Мамасы, мамасы-ау, қарағым-ау, мұның не, жылама! Жетімсіретпейміз. Сені бәріміз де сүйеміз ғой, бәріміз де жақсы көреміз ғой! — Ол әйелінің екі қолынан тағы да қайта-қайта сүйіп, алақанымен бетінен ептеп сипай бастады; сосын сулықты алып, бетінен сорғалаған көз жасын сүртті. Алеша тіпті өзінің көзінен де жас ыршып кеткендей сезінді.
— Міне, көрдіңіз бе? Естідіңіз бе? — деді кенет оған жалт бұрылып, мияқылау бейшараны қолымен нұсқаған ол
— Көріп, естіп тұрмын, — деп күбірледі Алеша.
— Әке, әке! Сен онымен... Әке, сен онымен сөйлеспе! — деп айқайлап жіберді төсектен басын көтеріп, әкесіне ала көзімен қараған бала.
— Сайқымазақтанғаныңыз жетпей ме енді, жөн-жосықсыз қорбаңдаудан қашан пайда тауып едіңіз, қойсаңызшы!.. — деп зекірінді әбден ыза болған Варвара Николаевна сол бұрыш жақта тұрған жерінен аяғымен еденді бір теуіп қойды.
— Варвара Николаевна, бұл жолғы ашуыңыз әбден орынды, бұл талабыңызды мен қазір-ақ қанағаттандырайын. Алексей Федорович, телпегіңізді киіңіз, мен кәртөзімді алайын, — сосын кетеміз. Сізге айтатын бір салиқалы сөзім бар, тек далаға шыққасын айтуым керек. Анау отырған бикеш — менің қызым болады, Нина Николаевна, оны сізге таныстыруды ұмытып кетіппін — тәңірімнің жердегі пенделеріне түскен... адам бейнесіндегі періштесі ме дерсің... егер мұны түсіне білсеңіз ғой...
— Тырысқағы ұстаған кісіше өсітетіні бар, — деді тағы да ашуы басылмаған Варвара Николаевна.
— Аяғымен еденді теуіп, менің сайқымазақтығымды бетіме басқан анау бикеш те тәңірімнің адам бейнесіндегі періштесі, ол мені сайқымазақсың деп дұрыс айтты. Кеттік, Алексей Федорович, әлгі шаруамызды тындырайық...
Сонан соң ол Алешаның қолынан алып, бөлмеден тұра көшеге алып шықты.
VII
ТАЗА АУАДАҒЫ ЗОРЛАНУ
— Даланың ауасы қандай таза, ал біздің құтты мекенде шынында да қапырық еді, ол тіпті қай жағынан болса да оңып тұрған жоқ, құрметтім, асықпай жүрейікші. Сіздің назар салғаныңызға лайық бола алсам жарар еді.
— Менің де сізде бір тығыз шаруам бар еді... — деді Алеша, — тек неден бастарымды білмей дағдарып келе жатқаным.
— Бір шаруамен жүргеніңізді неге сезбейін? Сіз жайдан-жай менің табалдырығымнан еш уақытта аттамас едіңіз. Әлде шынында да анау жүгірмектің тентектігіне шағым айтқалы келдіңіз бе? Олай болса, бұл таңғаларлық екен. Айтқандайын, балақан жөнінде: үйде отырғанда бәрін айта алмадым, сондағы оқиғаны сізге енді толық баяндап беруіме болады. Көресіз бе, мына жөке секілді бірдеңе осыдан не бары бір жұма бұрын, қоюлау болатын, — мен өзімнің сақалсымағымды айтып келемін; ең бастысы, бұл құрғырды жөке сақал деп атаған шәкірт балалар болды ғой. Сонымен, не керек, сіздің ағаңыз Дмитрий Федорович мені сақалымнан сүйрелеп, трактирден алаңға алып шыққан еді, дәл осы сәтте шәкірттер, олармен бірге Илюша да, мектептен шығып келе жатыр екен. Менің мүшкіл халімді көрісімен-ақ жаныма жүгіріп келген ұлымның: "Әке, әке!" — деп жан дауысы шықты. Жармаса кетіп, құшақтап алып, мені өзінше құтқаруға тырмысқан болады, менің жәбірленушіме: "Босатыңызшы, бұл менің әкем еді, босатыңызшы, оны кешіре көріңізші" — деп айқайлайды, кешіре көріңізші деп жалбарынады; кішкентай қолдарымен жалма-жан оның қолынан ұстап алып сүйіп жатыр... Оның сол сәттегі репетсіз түрі әлі есімде, еш уақытта ұмыта қоймаспын!..
— Ант етемін, — деді еліккен Алеша, — менің ағам шын ниеттен, анық өкініш білдіріп, тіпті сол алаңға барып, алдыңызда тізерлеп тұруға тура келсе де, сізден кешірім сұрайтын болады... Мен оны бұған көндіремін, мұны істемесе аға болмай-ақ қойсын!
— Aha, бұл өзі жай ниет білдіру ғана ма еді. Оның тікелей өзінен емес, сіздің албырт жүрегіңіздің ізгілігінен шыққан ниет қана болды ғой. Онда солай демейсіз бе. Жоқ, онда маған ағаңыздың асқан серілік һәм офицерлік ізгілігін сонда қалай білдіргенін айтып беруіме рұқсат етіңіз. Ол мені сақалымнан сүйрелеген соң қоя берді де, былай деді: "Сен де офицерсің, мен де офицермін, дейді, егер дені түзу секундант таба алсаң, онда кісіңді жібер — сұмпайы болсаң да, қыбыңды қандырайын!" Не дегенін аңдаймысың. Нағыз серілік емес не бұл! Қайтейік, Илюша екеуміз кете бардық, үрім-бұтағымызға түскен таңба Илюшаның көкірегіне шемен боп қатты. Жоқ, бізге ақсүйектік ар-намысымызды қорғау қайда. Тіпті өзіңіз ойлап көріңізші, ілкіде құтты мекенімде болдыңыз ғой — не көрдіңіз? Үш әйел отыр, біреуі аяғынан мүгедек, оның үстіне ақылы кем, екіншісінің де аяғы кеміс, оған қоса құныс, үшіншісінің аяғы дұрыс, бірақ тым ақылды курсистка, қайтадан Петербургке жеткенше асығулы, онда Нева жағалауынан орыс әйелінің құқын іздеп таппақшы. Илюша жайында тіпті ештеңе демеймін, ол не бары тоғыз жаста, жалғыз ұлым, ертең олай-бұлай боп кетсем — бұл сорлылардың халі не болмақ? — Сіз бұған не дер едіңіз. Ал егер мен оны дуэльге шақырсам, ол мені жалп еткізсе, бұдан не табамын? Онда қатын-балам қандай халге түседі? Одан да жаманы, егер ол мені өлтірмей, тек жарымжан етсе ше: онда мен жұмысқа жарамаймын, ал көмекей құрғырың бәрібір қалады, сонда мен кімге масыл болуым керек, анау үйде отырғандардың бәрін кім асырап-сақтайды? Әлде Илюшаны мектепке жіберудің орнына, күнде қайыр сұрауға жұмсауым керек пе? Дуэльге шақырудың мәні мен үшін міне осындай, бұл бір ақымақтық сөз, басқа ештеңе де емес.
— Ол сізден кешірім сұрайтын болады, алаңның қақ ортасында сіздің аяғыңызға жығылады, — деді тағы да Алеша көзі оттай жанып.
— Оны сотқа да шақыртқым келді, — деді сөзін одан ары сабақтаған штабс-капитан, — бірақ біздегі заң жинағын ашып қараңызшы, жеке басымның жәбірленгені үшін мен жәбірлеушімнен қаншалықты сес қайтара алар екем? Сосын ойда жоқта Аграфена Александровна шақыртып алып: "Ондай ой қаперіңе де кірмесін! Егер оны сотқа шақыртсаң, менен жақсылық күтпе: ол сені өзіңнің алаяқтығың үшін сабағаны айдай әлемге аян болады да, сот сенің өзіңді отырғызып қояды" — деп зіркілдеді. Бұл алаяқтықты кімнің ойлап тапқанын, менің бұл істе кімнің бұйрығы бойынша қолжаулық болғанымды бір құдайдың өзі көріп тұрған шығар, — мұның бәрі оның өзі мен Федор Павловичтің жарлығымен істелмеп пе еді? "Оның үстіне, деді сосын Аграфена Александровна, сені маңыма жоламастай ғып біржола қуамын, бұдан былай менен соқыр тиын да табыс алмайсың. Көпесіме де айтып қоямын / көпес шалды ол дәл осылай: менің көпесім деп атайды /, сөйтіп ол да сені қуып шығады. Амал бар ма, егер мені көпес те қуып жіберсе онда күн көрісім не болмақ? — деп ойладым. Шындығында, менің тіпті сол екеуінен өзге баратын кісім де жоқ, өйткені сіздің әкеңіз Федор Павлович, маған сенуді қойғаны былай тұрсын, жай бір болмашы себептен, берген қолхаттарымды пайдаланып мені сотқа сүйремекші. Осының бәрінен кейін, қайтейін, жым бола қойдым, үй ішін жаңа көрдіңіз. Ал енді айтыңызшы: бағана менің Илюшам саусағыңызды қатты қыршып алды ма? Ілкіде оның көзінше бүге-шігесіне дейін сұрап жатуға батылым бармаған еді.
— Иә, қатты тістеп алды, тіпті сұмдық ызаланып кеткен еді. Енді сездім, мен Карамазов болғасын, ол сіз үшін менен кек алған екен. Бірақ, егер сіз оның шәкірт жолдастарымен қалай кесек лақтырысқанын көрсеңіз? Бұл өте қатерлі, олар оны жазым етуі ғажап емес, әлі ақылы жетілмеген балалар таспен біреуінің басын жаруы мүмкін ғой.
— Басына тимегенмен, кеудесіне, жүректен жоғарырақ тұстан бір тас тиіпті бүгін, үйге келгесін жылап, күрсініп ауырып жатыр.
— Білесіз бе, бәріне мұның өзі бірінші болып тиіседі екен ол сіз үшін ызаланып алған, балалар ол Красоткин деген бір баланың бүйіріне бәкісін сұғып алды дейді...
— Мұны естідім, зәрем жоқ: Красоткин осындағы шенеунік қой, ақыры насырға шаппаса жарар еді...
— Менің тілімді алсаңыз, — деді одан ары еліге сөйлеген Алеша, — біразға дейін оны мектепке жібермей-ақ қойыңыз, аптығы басылғанша... ашуы тарқағанша...
— Ашу, нақ ашу ғой! — деп штабс-капитан оның сөзін іліп әкетті. — Жұдырықтай болып алып, ашушаңын көрмейсің бе.
Мұның бәрін сіз әлі білмейсіз. Осы хикаяны толығырақ түсіндіруіме пұрсат етіңізші. Гәп мынада: сол оқиғадан кейін мектепте шәкірттердің бәрі оны жөке сақал деп мазақтайтын болған. Мектептегі балалар аяу дегенді білмейді: жеке-жеке алғанда періште ме дерсің, ал бастары қосылса-ақ, әсіресе мектепте, бұл мұндар мүлде құтырып кетеді. Олар Илюшаны мазақтай бастаған екен, бұл намысқа мініп шыға келеді. Кәдімгі, әлжуаз бала болса, — ол жуаси қалар еді, әкесі үшін қатты ұялар еді, ал бұл әкесі үшін барлығына жалғыз өзі қарсы шықты. Әкесі үшін, ақиқат үшін, шындық үшін. Өйткені, ол ана жолы сіздің ағаңыздың қолынан сүйіп: "Әкемді кешіре көріңізші, оған ғапу етіңізші" — деп жалбарынғанда оның көкірегіне қандай ой ұялағанын — бір құдай, сосын мен ғана білемін. Біздің балаларымыз, — яки сіздердің емес, біздердің жексұрын болса да, асыл текті қайыршылардың балалары, — бұл дүниедегі шындыққа тоғыз жасынан-ақ осылай қанығып жатады. Байларға қайда: олар мұндай тереңге ғұмыр бойы бойлай алмай-ақ өтеді, ал менің Илюшам сонда алаңда, оның қолынан сүйген кезде-ақ, сол сәтте-ақ өмірдегі бүкіл шындықты ұғып та үлгерген болатын. Баланың жанына дарыған соң, бұл ақиқат оны мұрттай ұшырды, — деді тағы да қызбалана бастаған штабс-капитан бейне буырқанып кеткендей, мұның өзінде ол, "ақиқаттың" Илюшаны қалай ұшырып түсіргенін көрсеткісі келгендей, сол қолының алақанын оң қолының жұдырығымен қойып қалды.
— Ол күні балам безгек болғандай дірілдеп-қалшылдап, түні бойы сандырақтап шықты. Күні бойы маған көп тіл қата қоймады, тіпті мүлде үндемеді, бар байқағаным: бұрыш жақтан оқта-текте бір көз салып қояды, терезеден көз алмайды, сабақ оқып отырғандай сыңай танытады, ал мен оның ойындағы сабақ емесін неге сезбейін. Келесі күні, күнәкар басым, күйінгесін ішіңкіреп қойсам керек, көп нәрсе есімде жоқ. Шешесі де жылап-сықтаған еді — мен оны өте жақсы көремін — сосын, қайтейін, ақтық тиынымды араққа салыппын. Мырза-екесі, бұл үшін мені сөге көрмессіз: Ресейде ішкіштердің бәрі рақымшыл. Біздегі ең рақымшыл жандардың бәрі сонымен қабат барып тұрған ішкіштер. Ол күні Илюшаның не істегені мас болып жатқасын онша есімде қалмапты, бірақ дәл сол күні мектепте балалар оны таңертеңнен-ақ күлкі ғып мазақ ете бастапты: "Жөке сақал, трактирден сенің әкеңді жөкедей сақалынан сүйреп шығарды емес пе, сен оның жанында шыжалақтап жүгіріп жүріп, ана кісіден кешірім сұрадың ғой", — деп мазақтапты оны. Үшінші күні мектептен келгенінде, байқаймын— баламның түрі әлемтапырақ екен, боп-боз. Саған не болған? — деймін. Үн жоқ. Үйдегі әйелдердің көзінше оған ештеңе демедім, өйткені шешесі мен апалары дереу араласа кетеді, — оның үстіне қыздар барлығын алғашқы күні-ақ естіп білген. Варвара Николаевна: "Қылжақбас, сайқымазақтар өңшең, сендерден ақылды бірдеңе күтуге бола ма?" — деп бажылдай жөнелді. Мен: "Дәл солай, Варвара Николаевна, біз ақылды бірдеңе істей алушы ма едік?" — дедім. Ол жолы осылай құтылдым. Сонсоң, кешке қарай баламды серуенге алып шықтым. Білгіңіз келсе, біз оған дейін де сіз екеуміз келе жатқан осы жермен, біздің ауланың қақпасынан анау шарбақтың түбінде дөңкиіп жатқан тасқа қарай күнде кешке таман серуенге шығатынбыз, ар жағынан шаһар малының өрісі басталады: ашық, ғажап жер. Илюша екеуміз, әдеттегіше, қол ұстасып келе жатқанбыз; оның қолы кіп-кішкентай, саусақтары жіп-жіңішке, сұп-суық, — менің ұлым көкірек ауру ғой. "Әке, әке, дейді!" — "Не", — деймін мен оған, байқаймын, жанары жарқ-жұрқ етеді. "Әке, әке, ана жолы анау кісі саған неге тиісті!" — дейді. "Амалым бар ма, Илюша", — деймін. "Онымен татуласпа, әке, татуласпа, жарай ма. Балалар ол саған он сом берді", — дейді. "Жоқ деймін Илюша, мен енді одан әсте ақша алмаймын". Балам ширығып кетті де, қолымнан қос қолдап ұстап алып, тағы да сүйді. "Әке, дейді, әке, сен оны дуэльге шақыр, мектепте балалар мені әкең қорқақ қой, ол оны дуэльге шақыра алмайды, одан да он сом ақша алғанды артық көреді деп мазақтайды". — "Илюша, мен оны дуэльге шақыра алмаймын", — дедім оған, сонан соң осы жайында жаңа өзіңізге айтқан әңгімені қысқаша баяндап бердім. Ол тыңдап алды. "Әке, дейді, әке, бәрібір татуласпа: өскен соң мен оны өзім дуэльге шақырып, өлтіремін!" Кішкентай көздері жарқ-жұрқ етіп, от боп жанып барады. Қалай болғанда да, мен оның әкесімін ғой, сондықтан балама бар шындықты айтуым керек еді. "Тіпті жекпе-жекте болса да. — дедім мен оған, — кісі өлтіру күнә". — "Әке, дейді, әке, жігіт болған соң мен оны сылқитып саламын, өз қылышыммен оның қылышын қағып жіберемін де, жерге жыққан соң қылышымды сермей беріп: шауып-ақ тастар едім, бірақ, қайтем, кешірдім деймін!" Міне, сол екі күнде баланың жұдырықтай басында қандай ойлар туғанын көрдіңіз бе, мырза-екесі, ол қылыштасып кек алу керегін күндіз-түні ойлаған, ол түнде осы ойын сандырақтаған. Бірақ ол мектепте балалардан қатты таяқ жеп қайтатын болды, мұны мен бұрнағы күні естіп білдім, сіз дұрыс айтасыз; мен енді оны бұл мектепке жібермейміз. Оның бүкіл класқа жалғыз өзі қарсы шығып, бәріне өзі барып тиісетінін естігенімде өзім де ызаланып кеттім, оның жүрегінде өшпенділік тұтанған ба деп, — ол үшін жаман қорықтым. Тағы да серуендеп жүр едік. "Әке, деп сұрайды ол, әке, дүниеде ең күштілер байлар емес пе?" — "Иә, деймін, Илюша, бай адамнан мықты кісі жоқ". — "Әке, дейді, мен бай боламын, офицерлік оқуға түсемін, сөйтіп барлығын талқандап жеңемін, патша мені наградтайды, сосын үйге келемін, сонда... ешкімнің де батылы бармайды". — Біраз үнсіздіктен соң ол, еріндері бұрынғысынша дірілдеп кетсе де, қайтадан тіл қатты: "Әке, дейді, әке, біздің шаһар қандай өте жаман шаһар еді". — "Иә, деймін, Илюшечка, біздің шаһар онша жақсы шаһар емес". — "Әке, басқа бір, жақсырақ шаһарға кетсек қайтеді, дейді, бізді ешкім білмейтін жаққа кетейікші". — "Көшеміз, деймін, Илюша, көшеміз, — ол үшін менің тек аздаған ақша жинап алуым керек". Баламды жаман ойдан сейілте алғаныма өзім қуандым, сөйтіп ол екеуміз басқа шаһарға қалай көшетінімізді, өзімізге ат арба сатып алатынымызды армандай бастадық. Шешең мен апаларыңды арбаға отырғызып, күннен қалқалап қоямыз, ал екеуміз бір бүйірден жаяу жүреміз, оқта-текте сен де аяқ суытарсың, өзім жаяу жүремін, өйткені атты аямасаң болмайды, бәріміз бірдей арбаға отырып алудың қажеті жоқ, міне осылай жолға шығамыз. Балам қуанып кетті, ең бастысы енді оның өз аты болады, оны өзі мініп жүреді. Ал орыс баласы астындағы атымен бірге туатыны белгілі. Құдайға шүкір, біраз мылжыңдастық қой, баламның көңілін көтеріп, жұбатқан шығармын деп ойлаймын. Бұл бұрнағы күні кешке болатын, ал кеше кешке жағдай мүлде өзгеріп кетті. Таңертең мектепке кетіп еді, қабағы түсіп, қатты тұнжырап оралды. Кешке оны қолынан жетектеп серуендеуге алып шығып едім, тіпті үндемейді, тіл қатпайды. Самал көтеріліп, күн бұлыңғыр тартқан, ымырт үйіріле бастаған — келе жатырмыз, бірақ екеуміз де көңілсізбіз. "Ал, балам, деймін, сонымен, екеуміз жолға қалай жиналмақшы болып едік?" — Бұл оны кешегі әңгімеге қарай бұрғым келгені еді. Ол үндемеді. Байқаймын, алақанымдағы саусақтары дір ете түскендей. "Ә, деп ойлаймын, бұл жақсылық емес, демек, тағы да бірдеңе болған". Ол екеуміз, дәл қазіргідей, анау тасқа жақындап бардық, сосын мен тасқа отырдым, көкте батпырауықтар қаптап кетіпті, ызыңдап-дыңылдап тұр, ұзын ырғасы отыз шақты болып қалар. Батпырауық ұшыратын мезгіл туды ғой. "Міне, деймін, Илюша, біз де былтырғы батпырауықты ұшыруымыз керек шығар. Жөндеп берер едім, сен оны қайда тығып қойып едің?" Балам тағы да үндемейді, бір бүйірін маған беріп, қырын қарап тұр. Дәл осы сәтте жел гуілдеп, құмды ұшыра бастады... Бір сәтте ол маған жабыса кетіп, мойнымнан құшақтай алды. Білесіз бе, үндемейтін, намысшыл, көзінен жас шығармауға тырысып бағатын балалар, ауыр қайғыға тап болғанда, булыққан көз жасы ыршып кетеді де, ағыл-тегіл жылайды-ай кеп. Оның пора-пора ыстық жасы бетімді жуып кетті. Дірілдеп-қалшылдап, еңіреп жылаған балам мені мойнымнан қатты құшақтап алып өзіне қыса берді, мен болсам тасқа жабысып қалғандаймын. "Әкетай, деп бақырып жіберді ол сонсоң, әкетай, сүйікті әкетайым, ана жолы ол сені жаман жәбірледі ғой. Шыдай алмағасын енді мен де еңіреп қоя бердім, сол арада екеуміз құшақтасып ағыл-тегіл жыламасымыз бар ма. "Әкетай, дейді, әкетай!" — "Илюша, деймін мен оған. — Илюшечка!" Әкелі-балалы екеуміздің көз жасымыз көл болғанын, бір құдайдан өзге ешкім көрген жоқ, кім біледі, тәңірім сондағы көргенін, бәлкім, менің формулярыма жазып қояр. Алексей Федорович, ағаңызға рахмет айта барыңыз. Жоқ, сіздердің қыбың қансым деп мен жалғыз баламды ұра алмаймын!
Штабс-капитан сөзін өзінің бағанағы ызақорлық, әпенділік әсіреленгіштігімен тәмамдады. Алайда Алеша оның бұған сенетінін, оның орнында өзге біреу болса, ол көлденең кісімен бұлай "сөйлеспейтінін қазіргі өзіне айтқанын ауыздан шығармайтынын сезген. Оның көзіне жас келіп, жаны құлазып тұр еді, бұл оған тіпті демеу болып қалды.
— Аһ, егер сіздің балаңызбен татуласа алсам, бұл жақсы-ақ болар еді! — деді Алеша.
— Егер сіз бұған қолғабыс етсеңіз...
— Дұрыс айтасыз, дәл солай, — деп міңгірледі штабс-капитан.
— Бірақ мен енді басқа, мүлде өзге әңгімеге көшпекпін, тек құлақ салыңыз, — деді одан ары лепірген Алеша, — сөзіме құлақ салғын! Мен сізге біреудің аманатымен келдім: менің ағам, әлгі Дмитрийді айтам, өзінің қалыңдығын, бәлкім, естіген де боларсыз, бір ғажап-ақ жанды қыз еді, соны да қорлады ғой. Мұны сізден несіне жасырамын, бұған хақым бар шығар, әрі-беріден соң тіпті солай етуге де тиісті болармын, өйткені ол сіздің жәбірленгеніңізді және де осындай мүшкіл жағдайға ұшырағаныңызды естіген соң, маған ілкіде... бағана өзінің мына бір туысқандық жәрдемін сізге табыс етуді тапсырған еді... бірақ бұл бикештің тек өзінен ғана, әсте Дмитрийден емес, ол оны тастап кетті ғой, бұл сізді жәбірлеушінің інісі менен де емес, бұл оның тек өзінің ғана көмегі! Ол өзінің осы жәрдемін қабыл алуды жалынып сұрады... екеуіңізді де қорлаған бір кісі... Ол сіздің көргеніңіздей (бір де кем емес) қорлыққа өзі де ұшырағасын сізді қалай есіне алмасын! Бұл қарындасының ағасына қол ұшын бергені емес пе... Ол осы екі жүз сомды қарындасының жәрдемі деп қабыл алуға сізді бірдеме ғып көндіруді әдейі маған тапсырған еді. Мұны тірі пенде білмейді, ешбір әділетсіз өсек-аяң шығуы мүмкін емес... мына екі жүз сомды, ант етейін, сіз алуға тиіссіз, әйтпесе... әйтпесе, демек, бұл дүниеден бәрің бір-біріңмен қастасып өтерсіңдер! Бірақ өмірде бауырластық деген де бар емес пе... Сіз ізгі жанды адамсыз... сіз қабылдауға тиіссіз, қабылдаңыз!..
Сөйтіп, Алеша штабс-капитанға шытырлаған қызғылт жүз сомдықтың екеуін ұстата берді. Екеуі бәз-баяғы үлкен тастың жанында, шарбақтың түбінде тұрған, айналада өзге тірі пенде жоқ-ты. Ақшадан штабс-капитанның зәресі ұшқандай еді: әуелі таңырқағандықтан ба қалай, ол селк етті: біреуден мұндай қайырымдылық көру оның қаперіне де кірмеген, ол бұл істің ақыры бұлай болар деп мүлде күтпеген. Біреуден, әсіресе мұндай мол жәрдем алармын деп ол тіпті түсінде де армандамаған. Ол ақшаны алғасын, не дерін білмей, бір сәтке аңырып қалғанда, оның жүзінде әлдеқандай жаңа бір сезімнің табы ойнап шыға келді.
— Мынау маған ба, осыншама ақша, екі жүз сом, шын маған ба! Әкем-ау! Менің мұндай ақшаны көрмегеніме төрт жыл болды ғой, құдай сақтай гөр! Және қарындасыңнан дейді... шын айтасың ба, шын ба бұл?
— Сізге ант етемін, айтқанымның бәрі де шындық! — деді даусы қаттырақ шыққан Алеша. Штабс-капитан қызарып кетті.
— Тыңдашы, жарқыным, айтқаныма құлақ салшы, егер мен бұл ақшаны алсам, арамза болып жүрмеймін ғой? Сіздің алдыңызда, Алексей Федорович, арамза біреу болып көрінбеймін бе? Жоқ, Алексей Федорович, сіз мені тыңдап алыңыз, — деді аптыға сөйлеген ол. Алешаны екі қолымен қайта-қайта түрткілеп, — "қарындасыңыздың" беріп жібергені деп, сіз ғой мені мына ақшаны алуға көндірмекшісіз, егер мен ақшаны алсам, онда ішіңізден мені жек көріп жүрмейсіз бе?
— Жоқ, жоға! Сізге көрер жарығыммен ант етемін, олай болмайды! Мұны тек бізден: менен, сізден, оның өзінен және оның бір құрбысы, шын дос әйелден басқа ешкім еш уақытта білмейді...
— Құрбысын қойшы тәйірі! Тыңдағын, Алексей Федорович, менің сөзіме сіздің құлақ салатын сәтіңіз енді келді ғой деймін, өйткені бұл екі жүз сомның мен үшін қандай мәні бары сіздің тіпті қаперіңізге де кірмейді, — деп сөзін одан әрі жалғастырды біртіндеп жөн-жосықсыз бір ерсі қуанышқа бөленген кедей сорлы. Ол мүлде жаңылысып қалғандай еді, сонсоң да, ойындағысын түгел айтқызбай қоя ма деп қорыққандай тым асығыс, өте шапшаң сөйледі. — Сіз білесіз бе, бұл ақша аса құрметті,- аяулы "қарындастың" адал көмегі болса, мен енді шешесі мен Ниночканы — құныс періште қызымды емдете алатын болдым ғой? Біздікіне доктор Герценштубе келген болатын, қайырымды адам ғой, екеуін бір сағат бойы қарап көрген: "Түкке түсінген жоқпын", бірақ осындағы дәріханада сатылатын минералды судың теріс болмайтындығы күмәнсіз деді / ол осы суды жазып берген-ді /, содан кейін әйелімнің аяғын жылы суға салып булағанда қосылатын дәрі де жазып берген. Минералды су отыз тиын тұрады, шамамен оның қырық құмырасын ішу керек шығар. Оның рецептін алып, икона астындағы сөреге салып қойып едім, әлі сонда жатыр. Ал Ниночканы күнде, ертелі-кеш, бір ерітінді қосылған ыстық суға екі мәрте шомылдыру керек деп еді, мұны істеуге бізде жағдай болды ма? Біздің үйде қызметші де жоқ, ешкім көмектеспейді де, тіпті ыдыс-аяқ пен судың өзі де тапшы. Мен сізге айтқан жоқ едім, біздің Ниночка буын-буыны сырқырайтын ауру ғой, түн баласында денесінің бүкіл оң жақ жартысы қақсап шығады, бейшара жаман қиналады, нанасыз ба, бізді мазаламайыншы, ұйқыларын бұзбайыншы деп дыбысын шығармай шыдап бағады ол құдайдың періштесі. Біз қолға не түссе соны бұйырғанын қорек етеміз, соның өзінде әйелім итке тасталатын соңғы бір түйірді ғана алады ғой. "Мен осы бір түйір көк жасыққа да тұрмаймын, сендердің ауыздарыңнан жырамын, сендерге масыл боп отырмын". Ол өзіне міне періштеше осылай қарайды. Біз оны шамамыздың келгенінше бағып-қағамыз, бірақ, ол мұны сабытын салу деп есептейді. "Мен сендердің осы әуре-сарсаңдарыңа да тұрмаймын, мен мүгедекпін, масылмын", — дейді; өзінің періштеден момақандығымен бәрімізге тәңірімнің рақымын түсіріп отырса, өзінің үй-ішінде ол неге масыл болмақ, онсыз, оның биязы әуенінсіз отбасымыз тозаққа айналар еді, ол тіпті Варяны да жібітті ғой. Варвара Николаевнаны да сөгудің реті жоқ, ол да бір періште жүрген жаны жаралы. Ол бізге жазда келген, кейін қыркүйекте, яки қазір Петерборға қайту үшін қажет болар деп сабақ берумен тапқан он алты сом ақшасы бар екен. Ал біз оның бұл ақшасын ішіп-жеп қойдық, енді оқуына қайтайын десе, соқыр тиыны жоқ, міне қалай. Оған тіпті кетуге де болмайды, өйткені үй-ішінің бүкіл ауыртпалығы қазір соның мойнында — оған нәлет қамытын кигізіп қойдық, бәрімізді күтетін де сол, жамап-жасқайтын да, шомылдыратын да, еден сыпыратын да, шешесін көтеріп төсекке салатын да сол, ал біздің бәйбіше кінәмшіл, көз жасы дайын тұрады, оның үстіне нақұрыс!.. Мен енді мына екі жүз сомға күтуші жалдаймын, сүйікті жандарымды емдетемін, қызымды Петербордағы оқуына қайтарамын, сиыр етін жейміз, аузымызға жақсы тамақ тиеді, Алексей Федорович, сіз мұны ұғасыз ба. О құдай тағала, бұл қиял емес пе еді!
Алеша бейшара жанды қайыбынан келген жәрдемді алуға көндіріп, оны бақытты ете алғанына қатты қуанды.
— Тоқтаңызшы, Алексей Федорович, тоқтай тұрыңызшы, — штабс-капитан жаңа, кенеттен туған қиялға беріліп, тағы да жанталаса дабырлай жөнелді, — сіз білесіз бе, Илюшка екеуміз, бәлкім, тіпті арманымызға да жетер едік: ат пен күймелі арба сатып аламыз, қалай да қара ат болуы керек, ол қара ат болсын деген, сонсоң, бұрнағы күні сөз еткен сапарымызға аттанамыз. К... губерниясында менің бір бала жастан дос, таныс адвокатым бар, сенімді адамынан ол, егер маған келсе, кеңсемнен хатшылық орын тауып берер едім деп сәлем айтыпты, кім біледі, бәлкім, бірдеңе тауып та берер... Арбаға шетесін, Ниночканы отырғызсам болды, Илюшечка делбені ұстайды, ал өзім жаяу ілесемін, сөйтіп бәрін алып кетер едім... Құдай бұйыртса, осындағы бір өліп бара жатқан алашағым қолыма тисе, бәлкім, осыған да жетіп қалар еді!
— Жетеді, жетеді! — деді Алеша қуанышты үнмен. — Катерина Ивановна сізге, қалағаныңызша, тағы да береді, сонсоң, білесіз бе, менің де ақшам бар, керегінше алыңыз, сізге ініңіз, досыңыз ретінде берейін... / Сіз бай боласыз, байисыз ғой!/ Біле білсеңіз, басқа губернияға көшіп кетіңіз, бұдан артық амал таппайсыз! Сізге жалғыз ғана жансауға осы, әсіресе балаңыз үшін — білесіз бе, тезірек, қысқа дейін, суық түскенше кеткеніңіз жөн, сонсоң ана жақтан хат жазсаңыз, тіпті туыс боп кетер едік... Жоқ, бұл құрғақ қиял емес!
Алешаның ризашылығы соншалық, оны тіпті құшақтап алғысы келді. Бірақ, оған көзі түсе беріп-ақ, кілт тартына қалды: штабс-капитан мойнын созып, ернін шошайтып, шамырқанып, сұрланып алыпты, бірдеңе айтқысы келгендей, ернін жыбырлатады; дыбыс шығармай, ернін жыбырлатқаны таңғаларлық еді.
— Мұныңыз не! — деп Алеша әлденеден селк ете түсті.
— Алексей Федорович... мен... сізге... — құздың басынан тоңқалаң асуға бекінгендей, оған шүйіле қараған штабс-капитан міңгірлегенде үні кілт өшіп қалып, өзінен-өзі ыржиып күлгендей болды, — мен.. сізге... Қазір сізге бір сиқыр көрсетейін бе! — Ол кенеттен тез-тез, нықтап сыбырлады, енді үні өшіп қалған жоқ.
— Ол қандай сиқыр?
— Кішкентай ғана сиқыр, жай сиқыр-миқыр ғой, — деп тағы да сыбырлады штабс-капитан; оның аузы солға қарай қисайып, сол көзі сығырайып кеткен еді, жылан арбаған көжекше, Алешадан көз алмады.
— Сізге не болған, қайдағы сиқырды айтасыз? — Зәресі кеткен Алешаның даусы қатты шықты.
— Ол, міне, мынадай сиқыр! — деді таңдайы тақ еткен штабс-капитан.
Содан кейін ол бағанадан бергі әңгіме кезінде оң қолының ұшымен бір шетінен ұстап тұрған екі бірдей қызғылт жүз сомдықты Алешаның көзіне әкеп тосты да, кенет ашу-ызамен уқалап-уқалап, оң жұдырығына қысып алды.
— Көрдіңіз бе, міне көріп қойыңыз! — Тұла бойын ыза кернеп, сұрланып кеткен ол Алешаға айқайлап, жұмылған қолын жоғары көтерді де, уқаланған ақшаны құмның үстіне құлаштап кеп лақтырды, — міне көрдіңіз бе? — деп айқайлады ол тағы да, саусағымен ақшаны көрсетіп, — мен міне осылай етемін!..
Сонсоң, ызаға булыққан штабс-капитан оң аяғының өкшесімен ақшаны өршелене тепкіледі, айқайлап, тепкілеген сайын оның тынысы тарыла берді.
— Міне сендердің ақшаларың! Міне сендердің ақшаларың! Міне сендердің ақшаларың! Міне сендердің ақшаларың! — Сонсоң ол кейін шегініп барып, Алешаның алдында қасқайып тұра қалды. Оның бүкіл түр-тұлғасы керемет бір намысқойлықты бейнелеп тұрған еді.
— Жұмсаған адамдарыңа айта бар, жөке сақал өзінің ар-намысын сатпады! — деп айқайлады ол қолын көкке сермеп. Содан кейін жалт бұрылып, жүгіре жөнелді; бірақ бес қадам жерге бармай, бүкіл денесімен артына бұрылып қарап, Алешаға кенет қол бұлғады. Сонсоң, тағы да бес қадам жүрмей, ол артына соңғы рет бұрылып қарады, бұл жолы оның бет-жүзінен ызалы күлкі байқалмады, қайта керісінше, пора-пора жас бетін жуып кеткен еді. Жылап, кемсеңдеп, сөйлей алмаған ол асығып-үсігіп:
— Егер әулетіміздің жәбірленгені үшін сізден ақша алсам, кейін ұлыма не демекпін? — деп күйіп-пісті; сонан соң тағы да жүгіре жөнелді, бұл жолы артына бұрылып та қараған жоқ. Салы суға кеткен Алеша оның соңынан мұңайып қарап қалды. О, ақшаны уқалап, жерге лақтыратынын ең соңғы сәтке дейін оның өзі де білмегенін Алеша сезген еді. Артына қарамастан жүгіре берген бейбақтың енді қайтып мойын бұрмайтынын да білген. Оның соңынан қуып жетіп тоқтатқысы да келмеді, мұның себебін де сезді. Қашқынның қарасы жоғалғасын Алеша жерде жатқан екі жүз сомдықты көтеріп алды. Қатты умаждалып, мыжырайып, құмға көміліп қалғаны болмаса, екеуі де бүтін екен, Алеша қырыс-тырысын жазған соң тіпті үр жаңадай шытырлайтын болды. Ол ақшаны бүктеп қалтасына салды да, тапсырмасын қалай тындырғанын айтайын деп Катерина Ивановнаның үйіне қарай кете барды.
БЕСІНШІ КITАП
PRO ЖӘНЕ CONTRA1
I
СӨЗ БАЙЛАСУ
Хохлакова ханым Алешаны тағы да бірінші болып қарсы алды, Жаман абыржып, асығып-үсігіп жүр екен: енді қайтсын — Катерина Ивановна дірілдеп-қалшылдап талып қалыпты, содан кейін "жаман қалжырап, әлсірегесін сұлық жатып, көзін алартып, сандырақтай бастайды. Енді денесі күйіп-жанып барады, Герценштубені, әпкелерін шақыртыпты. Әпкелері келген, ал Герценштубе болса әлі жоқ. Бәрі бөлмесінде күтіп отыр. Әлі есі кірген жоқ, ақыры не болар екен. Ал егер бейшараның ажалына тура келген бірдеңе болса ше!"
Бұл сөздерді айтқанда Хохлакова ханымның зәре-құты қашып тұрған еді: осыған дейінгінің бөрі әншейін бірдеңедей, ол енді әр сөзінен кейін "қайдам, кәдік қой, кәдік қой" — деп қайталай берген. Алеша оны қапаланып тыңдады; содан кейін өзінің басынан кешкен оқиғаларын баяндай бастап еді, алайда, Хохлакова ханым оның сөзін ә дегеннен-ақ үзіп тастады: онымен сөйлесуге уақыты тарлықтан Lise-нің бөлмесінде күтіп отыра тұруды өтінді.
— Аса мархабатты, Алексей Федорович,— деп сыбырлады Хохлакова ханым оның құлағына аузын тақай түсіп. — Ілкіде Lise-нің мені қайран қалдырғаны, бірақ көңілім де босады, сондықтан менің жүрегім оған бәрін кешіреді. Білесіз бе, сіз кетісімен-ақ ол кеше 13де, бүгін де сізді неге ғана күлкі еттім екен деп кенет шынымен опына бастады. Бірақ ол әсте күлген жоқ-ты, оныкі жай әзіл болатын. Оның шын опынғаны сонша, тіпті көзіне жас келді, мен соған қайран қалдым. Мені күлкі еткенде, ол еш уақытта тап бұлай өкінбейтін еді. Білгіңіз келсе, ол мені минут сайын күлкі қылатын. Ал енді ол бәріне сабырлы, байыпты қарай бастаған. Алексей Федорович, ол сіздің пікіріңізді ерекше бағалайды, мүмкін болса, оған ренжімеңізші, өкпе наз білдірмеңізші. Ол өте зерделі қыз болғандықтан, өз басым еш уақытта оның көңілін қалдырмаймын — сіз бұған сенесіз бе? Жаңа ол сізді бала кезімдегі досым — "балалық шағымдағы нағыз шын досым еді" деді, пайымдасаңыз, шын досым еді деді ғой, ал мен болсам? Оның бұл достық сезімі өте терең, тіпті еске аларлықтай болу керек, ең бастысы, оның әлгі бір керемет тапқырлығын, ойда жоқта көктен түскендей ғып айта салатынын қайтерсің. Сізге жуырда қарағай туралы не дегенін айтайыншы: оның кішкентай кезінде біздің бақта бір қарағай бар-ды, бәлкім, қазір де тұрған шығар, сондықтан өткен шақта айтпаса да болады. Қарағай адам емес, ол өзгермейді ғой, Алексей Федорович. "Мама, дейді, мен ол қарағайды қарамай есіме түсіре аламын", — яки "қарағай мен қарамайды" қалай ұйқастырады — ол тіпті бір түрлі басқаша айтқан еді, себебі бірдеңе шатастырылған, "қараған" дегенде не тұр дейсің; әйтсе де, бұл жөнінде ол маған керемет айтқан еді, менің айтып жеткізуге тіпті дәтім де бармайды. Бәрін ұмыттым да. Жарайды, енді қош бол, жанымның күйзелгені сонша, бүйте берсем, жынданып та кетермін тіпті. Аһ, Алексей Федорович, мен осы өмірімде екі рет жынданып ауырдым, мені емдеген де. Lisе-гe барыңыз. Біраз көңілдендіріңіз, сіз бұған қашан да өте икемдісіз ғой. Lise, — деді ол есікке жақындап барып, — өзің қатты өкпелеткен Алексей Федоровичті ертіп әкелдім саған, нансаң, ол саған тіпті де өкпелі емес, қайта, сенің солай деп ойлағаныңа аң-таң!
— Mеrci, maman; кіріңіз, Алексей Федорович.
Алеша бөлмеге кірді. Бір түрлі қысылыңқырай қараған Lise кенет қызарып кеткен еді. Әлденеден ұялды ма қалай, осындайда мүлде басқа бірдеңені сөз қылатын әманғы әдеті бойынша, ол қазір де сондай бір бөгде ойға батып отырғандай, асығып-үсігіп сөйледі.
— Алексей Федорович, әлгі екі жүз сом мен әлгі бейшара офицер жөнінде... өзіңізге берілген тапсырма туралы хикаяны ілкіде мамамнан әлдеқалай естідім... білесіз бе, менің шешем ондай нәрсені онша байыптап айта білмейді, бірақ ол осы сұмдық хикаяны, оның қалай жәбірленгенін әңгімелегенде, мен жылап отырып тыңдадым. Қалай, не болды, оған ақшаны бере алдыңыз ба, ол бейбақтың енді халі қалай?
— Алмаса, қалай берем, бұл да бір хикая жатқан, — деп жауап берді Алеша; сол ақшаны алғыза алмағанына бәрінен де көбірек күйзелгендей сыңай танытқысы келсе де, ол көзін басқа жаққа аударып, бөгде бірдеңені сөз еткісі келіп тұрғанын Lise тым жақсы аңдаған еді. Алеша үстелдің жанына отырып сөз бастады, бірақ ол әңгімесін ә дегеннен-ақ қысылып-қымтырылмай өрбітіп, Lisе-ні еліктіріп әкетті. Ол бір күшті сезім мен ілкідегі төтенше әсерленудің ықпалында еді, сол себепті бәрін жақсы, байыпты айтып бере алды. Ол бұрын да, Мәскеуде, Lise-нің тіпті бала кезінде, оған келіп жүретін де және келген сайын бірде өзінің сол күні бастан кешкендерін, енді бірде кітаптан оқығандарын әңгімелейтін, немесе балалық шағының естеліктерін баяндайтын еді. Кейде тіпті екеуі бірігіп алып қиялдап, тұтас хикаялар ойлап шығаратын, бірақ олар көбіне-көп көңілді, күлкілі хикаялар болатын. Қазір олардың екеуі де осыдан екі жыл бұрынғы, Мәскеудегі уақытқа кейін шегінгендей еді. Оның әңгімесінен Lise-нің көңілі қатты босап кетті. Алеша оған "Илюшканың" бейнесін тебірене суреттеп берді. Ол анау сорлының жерде жатқан ақшаны қалай тепкілегенін бүге-шігесіне дейін баяндап болған соң, Lise қолын сермеп, шыжалақтай қалды:
— Қалай, сіз ақшаны бере алмағаныңыз ба, ол қашып бара жатқанда неғып тұрдыңыз! Құдайым-ау, оның соңынан неге жүгірмедіңіз, қуып жетіп...
— Жоқ, Lise, кайта соңынан жүгірмегенім жақсы болды, — деді орындықтан тұрып, ойға шомған күйі бөлмеде жүре бастаған Алеша.
— Қалай жақсы, несі жақсы? Нансыз отырса, аштан өлмей ме!
— Өлмейді, өйткені бұл екі жүз сом қалай болғанда да соларға бұйырады. Бұл ақшаны ол ертең бәрібір алады. Ертең алатын болар, — деді ойға батқан Алеша олай-бұлай адымдап. — Білесіз бе, Lise, — деді одан ары ол, кенет қыздың алдына келіп тоқтап тұрып, — бұл арада мен өзім бір қателік жібергенім, бірақ қателіктің ақыры қайырлы болып шықты.
— Ол қандай қателік, сосын ол қалай қайырлы болмақ?
— Себебі, ол қорқақ, ынжық адам. Титықтап бітсе де, өте мейірімді. Бұлайша кенет жәбірлене қалып, ақшаны тепкілеуінің себебі, маған сенсеңіз, бүйтетінін ең соңғы сәтке дейін оның өзі де білмегендігінен шығар деп ойлаймын. Меніңше, бұл арада оның ренішінің себебі көп... оның жағдайында басқаша болуы да мүмкін емес... Біріншіден, ол менің көзімше ақшаға тым қатты қуанғанына және бұл қуанышын жасыра алмағанына өкінді. Егер ақшаға онша қуана қоймаса және мұны сездірмесе, ақшаны алғанда басқаларша әсемпазданып, қылмыңдар еді де, онда намыстанбай, ақшаны алар еді, ол болса ашықтан-ашық қуанып кетті, оның шымбайына батқан осы. Ah, Lise, мұндайда ондай шыншыл әрі мейірімді адам өзін-өзі бақытсыздыққа душар етпей ме! Менімен әңгімелескенде оның даусы дірілдеп, әлсіз шықты, оның үстіне бір түрлі асығып-үсігіп сөйледі, аракідік жырқылдап күле де берді... немесе көзіне жас келді... рас, ол жылады, ал оған дейін көңілді еді... өзінің қыздары... басқа шаһарда оған қызмет бермекші екені жөнінде айтқан... Менің алдымда болар-болмас шерін тарқатып еді, жан сырын осыншама ақтарғанына заматта ұялып та қалды. Оның мені кенет жек көре қалғаны осыдан ғой деймін. Ал ол сорлы сұмдық ұялшақ. Ең бастысы ә дегеннен мені дос санап, маған бірден құлай кеткеніне күйінген болса керек; алдында ғана қыдыңдап, зәремді алып еді, енді, ақшаны көрген соң, мені құшақтай бастады. Ол мені құшақтап, риза болғандығынан қайта-қайта қолын тигізе берді. Ол өзінің қалай қорланғанын нақ осылай сезінуге тиісті еді, дәл осы сәтте мен де сорақы қателік жіберіп алдым: қара басқанда, егер басқа жаққа көшіп кетуге ақшаңыз жетпесе, сізге тағы да береді, тіпті өз ақшамнан мен де қалағаныңша бере аламын демесім бар ма. Оны кенет шалқасынан түсірген осы болды: мұның несіне бүйрегі бүлк ете қалды екен? — деп ойлады ма қалай. Білесіз бе, Lise, жәбірленген кісіге жұрттың есіркей қарағанынан қатты бататын ештеңе жоқ, мен мұны білемін, маған пірәдар қария айтқан. Қалай айтып жеткізуді білмеймін, бірақ өз басым мұндайды жиі кездестірдім. Ол ол ма, мен өзім де дәл солай сезінем. Ең бастысы, ақшаны жерге лақтырып, аяғымен тепкілейтінін ақырғы сәтке дейін білмесе де, қалай дегенмен, мұны оның алдын ала сезбеуі тіпті де мүмкін емес, бұған күмән жоқ. Ол мұны күнілгері сезгендіктен де тым қатты қуанған... Мұның бәрі жаман-ақ, бірақ қалай дегенмен әйтеуір түбі қайырлы. Мен тіпті, ақыры жақсылықпен тынса болды, бұдан артық ештеңе керек емес деп ойлаймын...
— Неліктен бұдан артық ештеңе керек емес дейсің, неліктен?— деді Алешаға қатты таңдана қараған Lise.
— Оның себебі, Lise, егер де ол ақшаны, аяғымен тепкілемей, алған болса, онда, үйіне барған соң, бір сағаттан кейін-ақ өзінің бұлайша қорланғанына күйініп жылап жіберер еді, сөз жоқ, сөйтер еді. Жылаған соң, бәлкім, ертеңіне құлқын сәріде маған келіп, ақшаны аяғыма лақтырып, бағанағыдай ызалана тепкілей бастар еді. Ал қазір ол "өзін-өзі құрытқанын" біле тұра керемет мақтанып, мерейі өсіп кетті; олай болса, оны ертең-ақ бұл екі жүз сомды алуға көндіру оп-оңай, өйткені ол ар-намысын көрсетті, ақшаны лақтырды, аяғымен тепкіледі... Тепкілеп жатқанда ол менің ертең-ақ ақшаны оған қайтадан алып келетінімді қайдан білсін. Оның бер жағында бұл ақшаға ол сұмдық зәру ғой. Кеудесіне нан пісіп қайтқанмен, ол қайыбынан келген жәрдемнен қалай айырылып қалғанын ойлап бүгін-ақ уайымға батады. Түнде одан жаман ойға батады, түсінде көреді, таң атқанша, бәлкім, маған өзі жүгіріп келіп, кешірім сұрамақшы да болар. Сол сәтте мен шыға келемін де: "Бәрі де орынды, сіз намысшыл адамсыз, мұны дәлелдедіңіз де, ал енді мына ақшаны алыңыз да, бізді кешіре көріңіз", — деймін. Осыдан кейін ақшаны алмаса, маған кел!
Алеша: "Осыдан кейін ақшаны алмаса, маған кел!" — деген сөздерді ерекше шаттана айтқан еді. Lise қол соғып жіберді.
— Аһ, бұл шындық, аһ, мен енді бәрін толық ұқтым! Аһ, Алеша, осының бәрін сіз қайдан ғана білдіңіз? Жап-жас болсаңыз да, адамның жан дүниесінің... бәрін білесіз. Мен мұны еш уақытта ойлап таба алмас едім...
— Ең бастысы, енді оны, бізден ақша алғанына қарамастан, бәрімізбен терезесі тең адам екендігіне иландыру қажет, — деді одан ары шаттанған Алеша, — оның тіпті бізден шоқтығы биік екендігіне сендіру керек...
— "Шоқтығы биік деймісің" — бұл ғажап екен, Алексей Федорович, айта беріңіз, айта беріңіз!
— Яки мен... шоқтық жөнінде... асырыңқырап жіберген жоқпын ба... әйтсе де, ештеңе етпес, өйткені...
— Аһ, иә, ештеңе етпес, әрине, ештеңе етпейді! Кешіріңіз, қымбатты Алеша... Білесіз бе, мен сізді осыған дейін онша құрметтемеген едім, яки өзіммен тең санап қана құрметтегем, ал енді өзімнен жоғары қойып құрметтейтін боламын. Қымбаттым, сен менің "ділмәрсігеніме" ренжіме, — деді ол тағы да елігіп кетіп. — Мен күлекеш, кішкентай қызбын ғой, ал сіз, сіз... Тыңдағын, Алексей Федорович, біздің, яки сіздің... жоқ, біздің-ақ болсын... бұл пайымдауымызда... осынау бақытсыз бейшараға деген жек көрініш жоқ па... біз оның жан дүниесін мұрын шүйіре сөз еткендей болып жүрмейміз бе? Ол ақшаны алатын шығар деп кесіп-пішіп қойғанымыз қалай болар екен?
— Жоқ, Lise, біз оны не деп жек көрмекпіз, — деп Алеша бұл сауалға алдын ала дайындалғандай бекем жауап қатты, — осында келе жатқанымда мен бұл жайында ойланғам. Ойлап қараңызшы, біздің өзіміз де, басқалардың бәрі де дәл сондай пенде болса, бұл арада қандай жек көрініш байқалуы мүмкін. Өйткені біз де сондаймыз, одан артық емеспіз. Артық болған күннің өзінде де, оның орнында бәрібір тап сондай болар едік... Lise, сіздің пікіріңізді білмеймін, бірақ мен өзімді көп жағынан ұсақшылмын ба деп те ойлаймын. Ал ол ұсақшыл емес, керісінше, өте сыпайыгершіл. Жоқ, Lise, бұл арада бізде ешқандай жек көрініш жоқ! Білесіз бе, Lise, пірәдар қариямның бірде: сәбилерді қалай бақсаң, адамдарды солай бағу керек, ал кейбіреулерін тіпті ауруханадағы науқасша күту қажет болады... дегені бар еді.
— Аһ, Алексей Федорович, ah, қымбаттым, адамдарды бейне науқастарша күтейікші!
— Сөйтейік, Lise, мақұл, бірақ мен бұған толық әзір емес секілдімін; кейде тым шыдамсыз болсам, кейде көзім ештеңе байқамайды. Ал сіз ондай емессіз.
— Аһ, сенейін бе, сенбейін бе! Алексей Федорович, мен керемет бақыттымын!
— Lise, жақсы лепес жарым ырыс деген.
— Алексей Федорович, сіз ғажап жансыз, бірақ кейде педант боп көрінесіз... ал шындығында сіз әсте педант емессіз. Ал енді есік жаққа барып, ептеп ашып қараңызшы, шешем тыңдап тұрған жоқ па екен, — деп сыбырлады кенеттен бір түрлі мазасыздана қалған Lise.
Алеша есікке барып ептеп ашып қараған соң, ешкім тыңдап тұрмағанын айтты.
— Алексей Федорович, маған жақындаңызшы, — деді Lise, онан сайын қызара түсіп, — қолыңызды берші, міне былай. Тыңдағын, сізге ең құпия сырымды ашайын деп ем: мен кешегі хатты сізге жай әзілдеп жазғам жоқ, шын ниеттен жазғам...
Сонсоң, ол қолымен көзін баса қойды. Іштегі сырын өзі ашқанына қатты ұялып қалғаны көрініп тұрған еді. Lise кенет оның қолынан ұстап, үш мәрте шөпілдетіп сүйді.
— Ah, Lise, бұл өзі ғажап болды ғой, — деді қуанған Алеша. — Шын ниеттен жазғаныңызға өзім де кәміл сенулі едім.
— Сенімдісін қара мұның! — Қыз оның қолын кері итергенмен, өзінің қолынан босатпады, екі беті алаулап, мәз боп ақырын сықылықтап күлді, — қолынан сүйгенге: "ғажап болды ғой" — дейді. — Бірақ ол орынсыз сөккен еді: Алеша да қатты толқып кеткен болатын.
— Lise, мен сізге әмәнда ұнағым-ақ келеді, бірақ мұны қалай істеуді білмеймін, — деп міңгірледі Алеша да қызарып кетіп.
— Алеша, қымбаттым, сіз селқоссыз әрі дөкірсіз. Білесіз бе. Ол мені өзінің жұбайы етіп таңдапты да, соны місе тұтыпты! Менің шын ниеттен жазғандығыма ол сенімді болыпты! Бірақ бұл дөрекілік қой!
— Менің сенімді болғанымның несі жаман? — деп Алеша күліп жіберді.
— Аһ, Алеша, неге жаман болсын, өте жақсы, — деп Lise оған назданып, сүйсіне қарады. Алешаның қолын ол әлі де ұстап отырған. Кенет ол еңкейіп Lise-нің ернінен шөп еткізіп сүйіп алды.
— Мұныңыз не? Сізге не болған? — деп шіңк етті Lise. Алеша мүлде сасып қалды.
— Егер дөрекілік көрсетсем, кешіре көріңіз... Бәлкім, сұмдық бір зердесіздік... Өзіңіз ғой селқоссыз деген, сосын сүйіп алдым... Бірақ мұным ақымақтық болып шыққанын көріп тұрмын...
Lise күліп жіберді де, қолымен бетін баса қойды.
— Тақуаның бешпентін киген кісі сөйте ме екен! — деп қалды қыз күліп жатып, сонсоң ол күлкісін тыя қойып, байсалды, тіпті қатаңдау бола қалды.
— Жоқ, Алеша, біз әзірше сүйісуді қоя тұрайық, өйткені екеуміз де әлі сүйісе білмейміз, біз әлі ұзақ уақыт күтуіміз керек, — деп тұжырды ол кенеттен. — Онан да мынаны айтыңызшы: сіз ғой сондай ақылды, сондай ойлы, сондай байқағышсыз, ал мен болсам ақылсызбын, оның үстіне аурумын — сонда маған несіне қызығасыз? Аһ, Алеша, сізге мүлде лайық болмасам да, мен өте бақыттымын!
— Сабыр етіңізші, Lise. Таяу күнде мен монастырьдан біржола кетемін. Дүнияуи тіршілікке көшкесін үйлену керегін де білемін. Маған ол да осылай етерсің деген. Сонда мен сізден артық кімге үйленем... мен сізден басқа кімге керекпін? Мен бәрін ойластырдым. Біріншіден, сіз мені бала жастан білесіз, екіншіден, өзімде жоқ көптеген қабілетті сізден таптым. Менен гөрі сіздің жаныңыз жайдары; ең бастысы, сіз менен гөрі бейкүнәсіз, ал мен бірталай кесапатқа жанасып та үлгірдім... Аһ, сіз білмейсіз ғой, мен де Карамазов емеспін бе! Сіздің маған күліп, әзілдегеніңізде не тұр; мейлі күле беріңіз, қайта, өте қуаныштымын... Бірақ сіз бейне сәби қызша күліп тұрып, ішіңізден қасірет шегіп ойлайсыз...
— Қасірет шегіп дегеніңіз не? Қалай?
— Иә, Lise, бағанағы сауалыңызға оралайықшы; оның жан дүниесін осыншама ақтарыстыруымызда сол бейбаққа деген бір жеккөрініш жоқ па? — дедіңіз ғой, — бұл қасіретшілдік сауал.. білесіз бе, мен айтып жеткізе алмаймын, бірақ оңдай сауал қойған адамның өзі де қасіретшіл екендігі анық әйтеуір. Креслода отырғаныңызда сіз қазір де көп жайттарды қайта ойластыруға тиісті болатынсыз.
— Алеша, қолыңыздан ұстатыңызшы, неге тартып ала бересіз,— деді Lise, қуаныштан әлсіреп, өшіңкірей бастаған үнмен. — Алеша, монастырьдан кеткен соң қандай киім кимексің, костюмің қандай болады? Бұл сұрағыма күлмеңіз де, қабақ та шытпаңыз, мен үшін мұның мәні зор.
— Lise, костюм жайында мен әлі ойланғам жоқ, бірақ өзің қандайын қаласаң, сондайын киемін.
— Үстіңе қаракөк барқыт пен жақ пен жолақты жұқа ақ желетке, басыңа жұмсақ сұр түбіт қалпақ кигеніңізді тілер едім... Айтыңызшы, кешегі хатымды қайтарып бер дегенімде, менің сүймейтіндігіме бағана шынымен-ақ сеніп қалдыңыз ба?
— Жоқ, сенгем жоқ.
— О, қыңыр, қисығым-ай!
— Білесіз бе, сіздің мені... сүйетін секілді екеніңізді сезгем, бірақ... ырқыңызға жығылайын деп... сіздің мені сүймейтініңізге өзімді-өзім сендіргім келгендей сыңай таныттым.
— Ә, бәтшағар-ай! Сонда да бәрібір жақсы болған. Алеша, мен сізді жанымдай жақсы көрем. Бағана, сізге шығарда: кешегі хатымды сұрайын, егер асықпай алып, қайтарып берсе (одан мұны әрқашан күтуге болады ғой), онда оның мені сүймегені, ештеңе сезбегені, әншейін түйсіксіз, топас болғаны, ал менің құрығаным деп ойладым іштей. Бірақ сіз хатты құжыраға тастап кетіпсіз, маған демеу болған осы. Менің хатты сұрайтынымды сезген соң, қайтарып бермеу үшін оны әдейі қалдырдыңыз ғой? Солай емес пе? Солай ғой?
— Oh, Lise, әсте олай емес, хат қазір де қалтамда, бағана да жанымда, міне мына қалтамда болатын.
Алеша күлімсірей хатты шығарып, оған алыстан көрсетті.
— Бірақ қолыңызға бере алмаймын, осылай көріңіз.
— Қалай? Сіз бағана өтірік айттыңыз ба, тақуа бола тұра, өтірік соқтыңыз ба?
— Тегі, сөйткен болармын, — деп күлді Алеша да, — сізге хатты қайтарып бермеу үшін әдейі өтірік айттым. Ол мен үшін өте қымбат хат, — деді сосын қатты тебіренген ол тағы да қызарып кетіп,— мәңгі-бақиға, мен оны еш уақытта ешкімге бермеймін!
Lise оған сүйсіне қарады.
— Алеша, — деді ол тағы да, — есіктен көз салшы, шешем тыңдап тұрған жоқ па екен?
— Мақұл, Lise, көрейін, бірақ қарамай-ақ қойсақ қайтеді, а? Шешеңіз ондай ұятсыздыққа барады деп күдіктенудің қажеті не?
— Қалайша ұятсыздық? Ол қандай ұятсыздық? Қызының жігітпен әңгімесіне сырттан құлақ салуға оның хақы бар, бұл ұятсыздық емес, — деп дызалақтай қалды Lise. — Алексей Федорович, мен өзім балалы болғанда, бой жеткен қызымның сөзіне сырттай құлақ салып жүремін, бұған иманыңыз кәміл болсын.
— Рас па, Lise? Бұл қолайсыз ғой.
— Ah, тәңірім, мұның несі сөкет? Егер әншейінгі жай әңгіме болса, мен оны есіктің сыртынан тыңдап тұрсам, онда бұл ұятсыздық, әрине, ал қазір туған қызы жас жігітпен оңаша отырған жоқ па... Тыңдағын, Алеша, екеуміз некелескеннен кейін-ақ, есіңізде болсын, мен сіздің басқан ізіңізді андып отырамын, сонан соң сізге келген хаттарды да әуелі өзім ашып оқимын... Мұны да жадыңыздан шығармаңыз...
— Иә, әрине, егер олай болса,.. — деп міңгірледі Алеша, — бірақ бұл ыңғайсыз емес пе...
— Аһ, солай ма! Алеша, қымбаттым, ә дегеннен ұрсысып қайтеміз, — онан да мен сізге бар шынымды айтайын: тың тыңдау, әрине, өте жаман әдет, бұл арада, әрине, сіздікі дұрыс, ал менікі бұрыс, бірақ мен қалай дегенмен де тың тыңдамай жүре алмаспын деймін.
— Еркіңіз білсін. Бірақ менен бәрібір теріс қылық байқай алмайсыз, — деп күлді Алеша.
— Алеша, сіз менің айтқаныма көнетін боласыз ба? Мұны да күнілгері шешіп қоюымыз керек қой.
— Ең басты мәселені есептемегенде, Lise, бар ықыласыммен, қыңқ етпей көнуге әзірмін. Ал егер сіз ең басты мәселеде менімен келіспесеңіз, онда мен қалай болғанда да өзімнің адамгершілік парызымның дегенін істеймін.
— Солай еткеніңіз дұрыс шығар. Онда айтып қояйын, тек басты мәселеде ғана емес, тіпті еш уақытта алдыңа шықпауға — барлық ісіңде ғұмыр бақи айтқаныңды екі етпеуге ант етемін, — деді тебірене сөйлеген Lise, — тек бақытымыз жансын де! Ол ол ма, біреумен әңгімеңізге еш уақытта құлақ салмауға, хатыңды бірде-бір, тіпті ешқашан да ашып оқымауға да ант етемін, өйткені сіздікі дұрыс, ал менікі қате. Тың тыңдағым келіп елеңдеп тұрсам да, мұны өзім де білемін, бәрібір құлақ түрмеймін, өйткені сіз мұны лайықсыз іс санайсыз. Сіз енді менің пірімсіз... Алексей Федорович, осы бір күндері, кешелі-бүгін, неліктен сондай мұңлысыз; сіздің әуре-сарсаң болып, күйзеліп жүргеніңізді білемін, бірақ, меніңше, одан басқа, өзге бір ерекше қайғы-мұң бар секілді, ондай құпияңыз жоқ па еді?
— Иә, Lise, ондай құпиям да бар, — деді Алеша мұңайып. — Мұны мені сүйгендіктен сезгеніңізді көріп тұрмын.
— Ол қандай қайғы-мұң? Не жайында? Айта аласыз ба? — деп сұрады Lise жасқаншақтай жалынған пішінмен.
— Кейін айтармын, Lise... кейін... — деп қысылыңқырап қалды.
— Қазір айтсам, бәлкім, түсініксіз де болар. Сосын байыптап айта алмауым да мүмкін ғой.
— Білем, оның үстіне, сізді ағаларыңыз бен әкеңіз азапқа салып қойды емес пе?
— Иә, ағаларым да, — деп күбірледі Алеша ойға шомған пішінмен.
— Мен сіздің ағаңыз Иван Федоровичті ұнатпаймын, — деді кенеттен Lise.
Алеша оның бұл пікіріне сәл таңырқағанмен, елең қылмады.
— Ағаларым өздерін өздері құртып жүр, — деді одан ары ол,— әкем де солай. Олар өздерімен бірге өзгелерді де құртады. Жуырда Пансий пірәдар айтқандай, "Карамазовтардың топырақша бұрқыраған күшінен бұл, бұл күш қара топырақ секілді, қаһарлы, дөрекі... Оған тәңірімнің рухы аян бере ме, жоқ па — мұны да білмеймін тіпті. Тек менің өзім де Карамазов екенімді ғана білемін... Мен тақуамын ғой? Lise, мен тақуамын ба? Сіз ілкіде маған тақуасың демедіңіз бе?
— Иә, солай дедім.
— Ал мен, мүмкін, құдайға сенбейтін шығармын.
— Қалай сенбейсіз, сізге не болған? — деді Lise баяу үнмен, ақырын ғана. Бірақ Алеша бұған жауап қатпады. Бұл арада, оның осы тым оқыс пікірінде өте жұмбақ, тым өзіндік, бәлкім, тіпті оның өзіне де әлі бұлыңғыр, әйтсе де, оны күмәнсіз азап шектірген бірдеңе бар-тұғын.
— Енді міне, оның үстіне, досымнан айрылғалы тұрмын, бұл дүниедегі ең ардақты адамым мәңгіге көз жұмғалы жатыр. Егер де сіз білсеңіз ғой, Lise, менің жан дүнием оның жан дүниесімен қалай біте қайнасып, бірігіп кеткенін ұқсаңыз ғой шіркін! Енді мен жалғыз қаламын... Lise, мен сіздің жаныңызға келемін... Бұдан былай екеуміз бірге боламыз.
— Иә, бірге, бірге боламыз! Бүгіннен бастап ғұмыр бақи жұбымызды жазбаймыз. Кәне, бір сүйіп алшы мені, рұқсат еттім...
Алеша оның бетінен сүйді.
— Ал енді бара бер, Христос жар болсын! (Лиза оны шоқындырды). Пірәдарыңа тезірек жет, көзі жұмылмай тұрғанда көріп қал. Сізді сұмдық бөгедім ғой деймін. Мен бүгін құдайдан оның және сіздің тілегіңізді тілеймін. Алеша, біз бақытты боламыз! Біз бақытты боламыз, солай ғой?
— Бақытты боламыз ғой деймін, Lise.
Lise-нің бөлмесінен шыққан соң, Алеша Хохлакова ханымға барып, онымен қоштасып жатпай-ақ шығып жүре бермекші еді. Бірақ ол есікті ашып баспалдаққа шыға бергенде, ханымның өзі қарсы алдынан тап бола кетті. Оның осы арада әдейі күтіп тұрғанын Алеша алғашқы сөздерінен-ақ аңғарды.
— Алексей Федорович, сұмдық қой бұл. Балалық шатпақ, әншейін сандырақ. Сіз қиялға беріліп кетпессіз деп үміттенемін... Ақымақтық, зердесіздік бұл! — деп ханым оған дүрсе қоя берді.
— Тек мұны қызыңызға айта көрмеңіз, — деді Алеша, — ол қапаланып жүрер, ал бұл оған зиянды.
— Міне бұл зерделі жігіттің зерделі сөзі. Бұл сөзіңді қызымның аурулығына жаныңыз ашыған соң, оған қарсы келіп ренжітпеу үшін ғана жай келісе салғаныңыз деп түсінуім керек пе?
— О жоқ, әсте олай емес, мен оған шын ниетімді айттым, — деді Алеша бекем үнмен...
— Бұл арада шын ниет мүмкін емес, ақылға сыймайды, сосын, біріншіден, мен сізді енді табалдырығымнан аттатпаймын, екіншіден, қызымды алып кетемін, мұны біліп қойыңыз.
— Өйтудің қажеті не, — деді Алеша, — бұл күні ертең болатын нәрсе емес қой, бәлкім, әлі жыл жарымдай күтуге тура келер.
— Аһ, Алексей Федорович, бұл шындық, әрине, жыл жарым ішінде сендер әлі мың рет жанжалдасып, ажырасып та үлгересіңдер. Бірақ мен шынында да бақытсыз-ақ жан екенмін! Мейлі мұның бәрі әншейін бірдеңе-ақ болсын, алайда ол мені есеңгіретіп жіберді ғой. Енді мен соңғы көріністегі Фамусовтың кебін кидім, сіз Чайкийсіз, ол Софья, түсінесіз бе, мен сізді осы арадан кездестірейін деп баспалдақ жаққа әдейі кетіп қалдым, анда да сұмдықтың бәрі баспалдақта болған-ды. Мен бәрін естіп, әрең шыдап тұрдым. Өйткені түнгі дүрлігістің, бағанағы талып қалудың сыры міне қайда жатыр? Қызы ғашық болады, ал шешесі өлу керек. Табытқа жата берсем де болар. Енді екіншісі және ең бастысы: оның сізге жазғаны неғылған хат, қане көрсетіңізші маған, дәл қазір!
— Жоқ, қайтесіз оны. Онан да Катерина Ивановнаның денсаулығы қалай, соны айтыңызшы, менің мұны білуім өте қажет.
— Әлі сандырақтап жатыр, есі кірген жоқ; әпкелері осында, аһылап уайымдап отыр, маған тәкаппарлана қарайды, Герценштубе келген еді, оның зәресі ұшқаны сонша, мен не істерге, оған қалай жәрдемдесуге білмедім, тіпті дәрігер шақырмақшы да болдым. Оны менің күймеммен алып кетті. Енді оған кенеттен сіздің мына хатты алғандығыңыз келіп қосылды. Рас, оның бәрі жыл жарымнан кейін болады. Дегенмен, Алексей Федорович, бұл дүниедегі күллі ұлы, қасиетті нәрсе атаулының атынан, әл үстінде жатқан пірәдарыңыздың атынан өтінем, маған, шешесіне, көрсетіңізші сол хатты! Егер қолыма бергіңіз келмесе, онда өзіңіз ұстап тұрыңыз, мен солай-ақ оқиын.
— Жоқ, көрсете алмаймын, Катерина Осиповна, тіпті оның өзі рұқсат етсе де, көрсете алмаймын. Мен ертең келемін, қаласаңыз, сізбен көп жайтты әңгіме етеміз, ал қазір қош болыңыз!
Сонымен, Алеша баспалдақтан көшеге жүгіріп шықты.
IІ
СМЕРДЯКОВ ГИТАРАСЫМЕН
Оның тіпті уақыты да жоқ-ты. Lisе-мен қоштасарда-ақ оның басында бір ой жарқ еткен. Ол ой мынау: ағасы Дмитрий, тегі, бұдан жасырынып жүр, ендеше, оны ебін тауып қалай ұстаса екен? Біраз уақыт боп қалған, түс ауып сағат үшке кеткен. Алешаның монастырьда әл үстінде жатқан өзінің "кемеңгер" қариясына тезірек жетуге аңсары ауып-ақ тұр, алайда ағасын қалай да көру қажеттігі мұның бәрінен басым түсті: бір сұмдықтың болғалы тұрғандығы туралы күдік көкейінен кетпей, сағат сайын күшейе түсті. Бірақ ол мұның нақ қандай сұмдық, екенін және қазіргі сәтте ағасына не демекші екенін, бәлкім, өзі де айта алмас еді. "Есіркеушім жан тапсырарда жанында болмағаным ештеңе етпес, оның есесіне, мүмкін, қолымнан келе тұра, арашалап қалмағаны ма, оған соқпай, мекен-жайыма асығыс кете барғаныма өмір бойы өкініп өтпеспін. Бұлай еткенде мен пірәдарымың ұлағатты сөзі бойынша істемеймін бе..."
Оның жоспары мынадай еді: Дмитрийді абайсызда тап басуы, яки кешегідей, баққа шарбақтан секіріп түскен соң, бәз-баяғы күнсаяда жасырынып отыруы керек. "Егер ол жоқ болып шықса, — деп ойлады Алеша, — онда Фомаға да, бикесіне де көрінбей, сол арада тым болмаса кешке дейін бой тасалап отырамын. Бұрынғысынша, Грушеньканың келгенін аңдып жүрсе, онда сол араға келіп қалуы да әбден мүмкін ғой..." Әйтсе де, ол жоспарының бүге-шігесіне дейін ойластырып жатпады, бірақ, бүгін монастырьға бара алмай қалса да, осы ойын қалай да іске асыруға бекінді...
Бәрі кедергісіз істелді: ол шарбақтың дәл кешегі тұсынан секіріп түсіп, жасырынып күнсаяның астына өтті. Оны ешкімнің көрмеуі керек-ті: бикесі де, Фома да (егер осында болса) ағасының жағында болып, соның дегенін істеуі мүмкін ғой, онда олар мұны баққа жібермейді, немесе оны іздеп, сұрап жүргенін ағасына дер кезінде ескертіп үлгереді. Күнсаяда ешкім жоқ екен. Алеша кешегі орнына барып күтіп отырды. Күнсаяға көз жүгіртіп еді, неге екені белгісіз, бұл жолы ол кешегіден гөрі ескілеу, тіпті жаман секілді көрінді. Күн кешегідей ашық еді. Жасыл үстелдің бетінде кеше рөмкеден шашыраған коньяктың дөңгелек дағы қалған. Бірдеңені күтіп зеріккенде басыңа қашан да іске қажетсіз, бөстекі ойлар келмей ме: мысалы, күнсаяға кіргесін, басқа жерге отырмай, дәл кешегі жерге неге отырдым? — деген ой келді оған. Ақыры, ол мазасыз беймағлұмдықтан қатты жабырқап кетті. Бірақ, ширек сағат өтпей-ақ, кенет, өте жақын тұстан, гитараның үні естілді. Бұрыннан отыр ма, әлде енді ғана келді ме, көп болса жиырма қадам жердегі бұта арасында біреу бар секілді. Кеше күнсаядағы ағасынан кетерде шарбақтың сол қапталындағы бұтаның арасынан жасыл ескі аласа орындықты көзі шалғандай болғаны Алешаның есіне түсе кетті. Демек, келген кісілер сол орындықта отыр. Бірақ кімдер? Сосын гитараға қосылып жіңішке қоңыр дауыспен ән салған бір еркектің үні естілді.
Ынтық көңіл табады
Жарға құшақ ашады.
О, тәңірім, жарылқа!
Оны да, мені де!
Оны да, мені де!
Оны да, мені де!
Ән тыйылып қалды. Малайдың жоғары даусы, әнді құйқылжытуы да соныкі секілді. Бір кезде еркелеген, ұяңдау болса да, керемет шыққан екінші, әйел даусы:
— Біздікіне көптен бері келмей кеттіңіз ғой, Павел Федорович, әлде бізді әлі күнге жек көресіз бе? — деп сұрады.
— Ештеңе етпес, — деп жауап қатты сыпайылығынан гөрі қарыспалығы мен тым намысқойлығы алдымен сезілген еркек дауыс. Тегі, басымдылық жігіт жағында болу керек, әйтпесе қыз бүйтіп қылымсымас еді. "Еркек — Смердяков болар, даусы соған ұқсайды, ал бикеш — тегі, осындағы үйде тұратын әйелдің Мәскеуден келген қызы шығар, ол артқы етегі сүйретілген сәнді көйлек киіп жүреді, Марфа Игнатьевнадан сорпа алып тұрады..." — деп ойлады Алеша.
— Маған кез келген өлең ұнайды, тек ұйқасымы болсын, — деді одан ары әйел даусы.
— Айта беріңіз, неге тоқтадыңыз?
Еркек дауыс қайтадан әндетті:
Аман болса жас жарым —
Тәжі сол ғой патшаның.
О, тәңірім, жарылқа!
Оны да, мені де!
Оны да, мені де!
Оны да, мені де!
— Өткен жолы бұдан да тәуірлеу шығып еді, — деді әйел даусы. — Сіз тәж жайында: "милая" емес, "милочка" — деп айтқансыз. Онда нәзіктеу шыққан еді, бүгін, тегі, ұмытыңқырап қалғансыз ғой.
— Өлеңді қойшы тәйірі, бәрі сандырақ, — деп кесіп тастады Смердяков.
— Жоқ, мен өлеңді бәрібір өте жақсы көрем.
— Өзі өлең болсын да, нағыз сандырақ болмасын деймісіз. Өзіңіз ойлаңызшы: өмірде кім ұйқаспен сөйлейді? Егер біз, тіпті бастықтардың әмірімен болса да, ұйқаспен сөйлесек, жарытып әңгімелесе алар ма едік? Жоқ, Марья Кондратьевна, өлең деген жай бірдеңе.
— Сіз қай жағынан болсын керемет парасаттысыз, сонда осының бәрін қайдан біле бересіз? — деп онан сайын наздана түсті әйел даусы.
— Әттең жөргекте жатқан кезімде-ақ тағдырдың тәлкегіне ұшырағаным, әйтпесе бұдан да көп нәрсе қолымнан келетін еді, бұдан әлдеқайда көп білетін едім. Сен арамзасың, өйткені сен Сасық Лизаветадан некесіз туғансың деген адамды мен дуэльге шақырып, атып өлтірер едім; Григорий Васильевичтің бықсытқан өсегі құлақтарына тигесін ондайлар мені Мәскеуде де көзге түрткен. Григорий Васильевич: "Ол сені тапқанына жазықты ма, сен оның ішінен шықтың ғой", — деп мені кінәлайды. Мейлі, солай-ақ болсын, бірақ менің бүйтіп қор боп жүру үшін туғанымнан, соның құрсағында сеспей қатқанымның өзі артық еді. Базарда естігенім аздай, сенің шешең де жыныма тиді: маған оның басы таз болатын, шашы киіз боп жүретін, бойы екі аршыннан азғана қалыңқы быртық еді деп бетіме былш еткізгені. Жұрттың барлығы сияқты, жай ғана тапал еді демей, сыпайыгершілікті ұмытып, быртық еді деп қорлаудың қажеті не еді? Көзіме жас тығылып ойымдағыны айтып салғым-ақ келді, бірақ бұл онда, былайша айтқанда, мұжықтың жыламсырауы, мұжықтың бозөкпелігі болып шықпай ма. Орыс мұжығы білімді кісіге қарсы мінез көрсете ала ма? Қараңғылығынан ол ешқандай мінез көрсете алмайды. Мен қаршадай бала кезімнен сол "быртық" деген сөзді естігенімде басымды жарға соққым келеді. Марья Кондратьевна, мен күллі Ресейді жек көремін.
— Егер әскери юнкер немесе гусар жігіт болсаңыз, бұлай демес едіңіз, онда сіз қыннан қылышты суырып, күллі Ресейді қорғаған болар едіңіз.
— Менің әскери гусар болғым келмейтіні былай тұрсын, Марья Кондратьевна, қайта, керісінше, мен солдат атаулының түгел құрып біткенін тілеймін.
— Егер ел шетіне жау келсе, бізді кім қорғамақ?
— Қорғаудың қажеті не. Он екінші жылы француздардың осы күнгі императорының әкесі император бірінші Наполеон Ресейге ұлы жорықпен келді ғой, сонда француздардың бізді басып ала алмағаны өкінішті: парасатты ұлттың зердесіз топас ұлтты бағындырып, өзіне қосып алғаны жақсы болатын еді. Онда бізде тіпті мүлде басқа тәртіп орнайтын еді ғой.
— Сонда қалай бұл, олар өз елінде біздің адамдардан артық болғаны ма? Мен өзіміздің кез келген кербез жігітімізді анау ағылшын бозбалалардың үшеуіне айырбастамаймын, — деп қылымсыды Марья Кондратьевна; бұл сөздерді оның көзін бір төңкеріп, мүләйімси қарап айтқаны күмәнсыз.
— Бұл кімнің қалай ұнататындығына байланысты.
— Ұялып тұрсам да айтайын, сіздің өзіңіз де бейне бір жат жұрттық адамша сөйлейсіз, ізгілікті шетелдіктен бір де кем емессіз.
— Білгіңіз келсе, азғындық жөнінен олар не, біздегілер не — бәрібір, ешбір айырмасы жоқ. Барлығы да сұрқиялар, тек ондағылар жылтыраған етік киіп жүреді, ал біздің қайыршы оңбаған сасып-бықсып жүреді және де бұл қылығынан тіпті ешбір арланбайды. Өзінің барлық балаларымен қоса елірген есерсоқ болса да, Федор Павловичтің кеше дұрыс айтқанындай, орыс халқының басынан таяқ айырмау керек.
— Иван Федоровичті зор құрмет тұтамын дегеніңіз қайда?
— Олар маған сасық малай деп қарайды. Оның бүлік шығарып жүруі мүмкін дейді; бұлары қателік. Егер қалтамда көп ақшам болса, мен бұл үйден әлдеқашан қарамды өшірер едім. Дмитрий Федорович мінез-құлқы, ақылы, қайыршылығы жағынан кез келген малайдан да жаман, оның қолынан түк келмейді, бірақ, солай бола тұрса да, бәріне құрметті. Айталық, менің қолымнан сорпа пісіру ғана келеді екен делік, алайда мен, сәті түсе қалса, Мәскеуде Петровкада дәмхана-мейрамхана аша аламын ғой. Өйткені мен тамақты кісінің талғамына сай пісіре аламын, ал Мәскеуде аспаздардың бірде-бірі, шетелдіктерді есептемегенде, бұлай пісіре алмайды. Ал анау жалаң бұт Дмитрий Федорович ең атақты деген графтың баласын дуэльге шақырса, ол онымен атысуға шығады, сонда оның менен несі артық? Менімен салыстырғанда ол әлдеқайда ақымақ емес пе. Қаншама ақшаны рәсуә ғып далаға шашты.
— Меніңше, дуэль деген өте қызық болуға тиіс, — деді кенеттен Марья Кондратьевна.
— Оның несі қызық?
— Әсіресе тапанша ұстаған жас офицерлердің қасқая қарсы қарап тұрып, қайсы бір қызға бола, біріне-бірі оқ атуы қорқынышты, алайда, бұл нағыз ерлік емес пе. Керемет қызық көрініс. Қыздарды жіберсе ғой онда, мен дуэльді көруге құштармын.
— Өзің мүлт жібермесең жақсы, ал егер сені нысанаға дәлдеп алса қайтесің, нағыз зердесіз ақымақтығыңды міне сонда ұғасың. Көру қайда, Марья Кондратьевна, қаша жөнелесіз.
— Ал сіз қашып кетер ме едіңіз?
Бірақ Смердяков жауап қатпады. Бір минут үнсіздіктен кейін гитараға қосылған жіңішке дауыс соңғы бір ауыз өлеңді айтты:
Байласаң да қолымды,
Кессең дағы жолымды,
Астанада армансыз
Қандырамын шөлімді.
Іркілетін жайым жоқ,
Тіптен іркер жайым жоқ,
Мүлдем, мүлдем
Іркілетін жайым жоқ!
Дәл осы сәтте Алеша абайламай түшкіріп қалды; орындықта отырғандар тына қойды. Алеша түрегеліп солай қарай жүрді. Еркек дауыстысы шынында да Смердяков екен, сәнді киінген, опа-далап жаққан, тіпті шашын да бұйралатқан ба қалай, бәтеңкесі жып-жылтыр. Гитара орындықта жатыр. Әйел дауысты бикесінің қызы Марья Кондратьевна екен; үстінде артқы етегі екі аршындай көк торғын көйлек; сепкіл басқан жүзінің тым дөңгелектігі болмаса, уыздай жас қыз, онша көріксіз де емес-ті.
— Ағам Дмитрий тез орала ма? — деді Алеша мүмкіндігінше байсалды сөйлеп.
Смердяков орындықтан созыла түрегелді; Марья Кондратьевна да түрегелді.
— Дмитрий Федоровичтің қайда екенін мен қайдан білейін; егер оның күзетшісі болсам бір сәрі? — деп ыңырана сөйлеген Смердяков қыжырта жауап қатты.
— Білмей ме екен деп жай сұрағаным ғой? — деп түсіндірді Алеша.
— Мен оның қайда екенін білмеймін және білгім де келмейді.
— Ал ағам маған сіз туралы ол үйде не болып жатқанын айтып тұрады, Аграфена Александровнаның келгенін тез хабарлай қоюға да уәде берді дегені қайда.
Смердяков оған салмақпен, баяу көз тастады.
— Қақпаның тиегі салынғалы бір сағат болды, сіз мұнда қалай кірдіңіз? — деп сұрады ол, Алешаға тесірейе қарап.
— Мен шолақ көше жақтан келдім де, шарбақтан ішке секіріп түстім. Сіз менің бұл қылығыма ғапу етіңіз, — деді ол Марья Кондратьевнаға қарап, — ағаммен тез кездесуім керек еді.
— Аһ, сізге не деп ренжиміз, — Алешаның кешірім сұрағанына масаттанған Марья Кондратьевна сызыла сөйледі, — өйткені Дмитрий Федоровичтің өзі де күнсаяға көбінесе осылай кіреді, оның сонда отырғанын біз білмей де қаламыз.
— Маған ол өте-мөте қажет, мен онымен қалай да кездесуге тиістімін немесе оның қазір қайда екенін сіздерден сұрап білуім керек. Илансаңыздар, оның өзі үшін өте мәнді бір шаруам бар оған айтатын.
— Қайда баратынын ол бізге айтпайды ғой, — деп күбірледі Марья Кондратьевна.
— Мен осында жай таныстықтан келсем де мейлі, — деп тағы да сөз бастады Смердяков, — олар мұнда да мырзасы жайында қайдағы жоқты сұрастырып, мүлде тыныштық бермейді: не болып жатыр, кім келеді, кім кетеді, басқа ештеңе айтпайсың ба?— деп шұқылайды да жатады. Өлтіремін деп екі рет қорқытты да.
— Өлтіремін дегені несі? — деп таңғалды Алеша.
— Кеше өзіңіз көрдіңіз ғой, оның мінезімен біреуге қиянат қылу түк емес. Егер Аграфена Александровнаны кіргізсең, ол сол үйде қонып шықса, тірі қалмайсың, — дейді. Мен одан қатты қорқамын, егер өлердей қорықпасам, оның бұл қорлығын шаһар бастықтарына мәлімдер едім. Оның не істей алатындығы құдайдың өзіне де аян.
— Бағана бұған: "Сені келіге салып түйемін" — деді, — қосарлана сөйлеген Марья Кондратьевна.
— Егер олай десе, бұл, сірә, жай қорқытқаны шығар... — деді Алеша. — Егер қазір онымен кездесе алсам, мен оған бұл жайында да бірдеңе дер едім...
— Мен бір-ақ жайтты хабарлай аламын, — деді кенет Смердяков ойланып қалған пішінмен. — Мен мұнда құдайы көрші болғасын ғана келемін, көрші-қолаң отырып араласпауға бола ма? Екінші жағынан, Иван Федорович құлқын сәріден мені Озерная көшесіндегі оның пәтеріне жұмсады, хат берген жоқ, Дмитрий Федоровичке бірге отырып түстену үшін алаңдағы трактирге келсін деп айтуды тапсырды. Мен бардым, бірақ Дмитрий Федорович пәтерінде жоқ екен, сағат сегіз кезі болатын. "Болған, бірақ ұшты-күйді жоғалды" — деді маған үй иелері. Олардың өзара сөз байласқан бірдеңесі бары анық. Қазір, дәл осы сәтте, ол, мүмкін, сол трактирде інісімен бірге отырған болар, өйткені Иван Федорович түскі тамаққа келген жоқ, ал Федор Павлович жалғыз өзі отырып тамақтанды да, тынығуға жатты. Алайда сізден жалынып сұраймын, мен жайында ештеңе демеңіз және менің сізге не дегенімді айта көрмеңізші, әйтпесе ол мені өлтіреді ғой.
— Ағам Иван трактирге Дмитрийді бүгінге шақырды ма? — деп Алеша қайталап сұрады.
— Иә, шақырды.
— Алаңдағы "Астаналық шаһар" трактиріне ме?
— Дәл соған.
— Бұл әбден мүмкін! — деді қатты толқыған Алеша. — Рахмет сізге, Смердяков, мұныңыз маңызды хабар болды, қазір сонда барамын.
— Тек мені ұстап бермессіз! — деп міңгірледі оның соңынан Смердяков.
— О, жоқ, саспаңыз, мен трактирге қаңғалақтап барғандай боламын.
— Тоқтаңыз, мен қақпаны ашайын, — деп дауыстады Марья Кондратьевна.
— Жоқ, мына жерден жақынырақ, мен тағы да шарбақтан секіріп өтемін.
Бұл хабар Алешаны қатты күйзелткен еді. Ол трактирге жеткенше асықты. Тақуа киімінде трактирге кіру оған лайықсыз-ды, бірақ есік алдында тұрып, оны шақыруына болатын. Алайда ол трактирге жақындап келгенде кенет бір терезе ашылып, ағасы Иван сол терезеден төмен жаққа айқай салды:
— Алеша, сен қазір мұнда кіре аласың ба? Маған бір жақсылық еткен болар едің.
— Кіре аламын ғой, бірақ мына киіммен қалай болар екен.
— Мен жеке бөлмедемін, баспалдаққа қарай келе бер, мен қарсы алайын...
Бір минуттан кейін Алеша ағасының қасында болды. Иван жалғыз өзі..түстеніп отыр екен.
IІІ
АҒАЛЫ-ІНІЛІЛЕРДІҢ ТАНЫСУЫ
Алайда, Иван жеке бөлмеде емес-ті. Ол терезе алдындағы кішкентай қоршаудың ішінде отырған да, бөгде адамдар оның ішіндегілерді көре бермейтін. Бұл бүйір жақ қабырғаға буфет қойылған, ауыз үй болатын. Трактир даяшылары ерсілі-қарсылы сапырылысып жүрген. Бұрыш жақта бір отставкадағы полковник шал ғана шай ішіп отыр. Оның есесіне басқа бөлмелерде трактирге тән дағдылы абыр-сабыр, малайларды шақырған дауыстар, шөлмектің аузын ашқандағы дыбыс, бильярд шарларының тарсылы естіледі, органның гүрілдеген үні шығады. Иванның бұл трактирге ешқашан дерлік келмейтінін, мұндай орынға оның жалпы әуестігі жоғын Алеша білетін; демек, деп ойлады ол, ағасының келген себебі, келісім бойынша осында Дмитриймен кездеспекші болған. Алайда, ол әлі келмеген.
— Шаймен ішегіңді шая бересің бе, саған балық сорпасын немесе өзге бірдеңе алғызсам қайтеді, — Алешаны алдап шақырып алғанына ризалығынан ба қалай, Иванның даусы қаттырақ шығып кетті. Оның өзі тамақтанып болып, енді шай ішіп отырған.
— Әуелі балық сорпасын алғыз, шайды сосын әкелер, қарным ашқаны рас, — деді Алеша көңілденіп.
— Ал шие вареньесін ше? Мұнда бар екен. Кішкентай кезіңде, Поленовтыкінде шие вареньесіне құмар болғаның есіңде ме?
— Ұмытпағансың ба? Варенье де алғыз, оны қазір де жақсы көремін.
Иван даяшыны шақырып алып, балық сорпасын, шай мен шие вареньесін әкелуге жарлық етті.
— Бәрі есімде, Алеша, он бір жасқа дейінгі кезіңді ұмытқам жоқ, онда мен он беске аяқ басқанмын. Он бес пен он бір бұл едәуір айырмашылық, ондай кезінде ағалы-інілілер еш уақытта бір-бірімен жолдас болмайды. Сені тіпті жақсы көрдім бе екен, білмеймін. Мәскеуге кеткеннен кейін, алғашқы жылдары, сені тіпті есіме де алған емен. Сонсоң, өзің Мәскеуге келгеннен кейін, екеуміз бір жерде, тегі, бір-ақ рет кездестік қой деймін. Ал енді менің осында келгеніме төртінші ай, екеуміз әлі тіпті ләм деп тіл қатысқан да жоқпыз. Мен ертең кетемін, сосын осында жаңа: сенімен кездесіп қоштасуым керек еді деп ойлап отыр едім, өзің өтіп бара жатыр екенсің.
— Сен мені шын көргің келді ме?
— Шын көргім келді, өзім де сенімен етене танысайын, сені де өзіммен таныстырайын деп едім. Сонсоң, қош айтыспақ болдым.
Меніңше, айырылысар алдында танысқаннан артығы жоқ. Сенің осы үш ай бойы маған қалай көз салғаныңды мен байқап жүрдім, сен үнемі әлденені күткен кісіше қарадың, ал мен ондайды жақтырмаймын, сенімен жақындаспағаным осыдан. Бірақ сені ақыры құрметтейтін болдым: жас болса да аяғын нық басқан дегендей. Байқайсың ба, мен қазір күліп отырсам да шынымды айтамын. Сен аяғыңды нық басып тұрсың ғой, а? Сен сықылды балақандар болса да мейлі, аяғын қалай нық басса да мейлі, әйтеуір осындай бекем жандарды ұнатамын. Ақыры, сенің кісіге әлденені күткендей қадала қарайтыныңа бойым үйреніп те кетті; керісінше, сенің осылай тесірейе қарайтыныңды, ақыры, тіпті ұнататын да болдым... Алеша, сен мені қайсыбір себептен жақсы көресің ғой деймін?
— Жақсы көрем, Иван. Ағам Дмитрий сен жөнінде: Иван — мүрде ғой, — дейді. Мен сен жөнінде: Иван — жұмбақ қой, — деймін. Сен маған қазір де жұмбақсың, бірақ бүгін таңертеңнен бері менің бірдеңеге көзім жетті!
— Ол не болды екен? — деп күлді Иван.
— Ашуланбайсың ба? — деп Алеша да күлді.
— О не дегенің?
— Жиырма үштегі басқа жас жігіттердің бәрі қандай болса, сен де дәл сондайсың; сондай жап-жас, уыздай, әп-әдемі, балғын баласың, былайша айтқанда, аузынан уызы арылмаған сәбисің! Қалай, тым ренжітіп алмадым ба?
— Қайта, дәл үстінен түсіп таңғалдырдың ғой! — деді көңілдене, қызына сөйлеген Иван. — Нансаң, бағана екеуміз анау үйде ұшырасқаннан кейін, мен ішімнен осы жиырманың үшеуіндегі балалығым жайында толғанумен болдым, ал сен осы ойымды тап бастың да, содан сөз бастадың. Жаңа осында отырып, өзіме не дегенімді білгің келе ме: өмірден торықсам да, сүйікті әйелден күдер үзсем де, дағдылы нәрсенің бәріне сенуден қалсам да, қайта керісінше, бұл дүниедегінің бәрі жөн-жосықсыз, қарғыс атқан, бәлкім, тіпті сайтан шатастырған былық екеніне көзім жетіп тұрса да, жан күйзелісінің барлық сұмдықтарынан бас көтермесем де мейлі — бәрібір өмірді қимаймын, шүпілдеген зеренді ауызға апарған екем, ішіп бітірмей қоймаймын! Бірақ, кім біледі, отызға келген соң ол зеренді ішіп бітірмесем де ысырып қойып, өз жөніммен кетуім де мүмкін-ау... алайда, қайда баратынымды білмеймін. Ал отызға дейін, мұны анық білем, жастық жігерім өмірден түңілу мен жеркенудің бәрін жеңеді. Бұл дүниеде менің бойымдағы өмірге деген осынау буырқанған, бәлкім, тіпті әдепсіз құштарлықты жеңе алатын торығу бар ма екен деп өзімнен өзім сан рет сұрадым да, ондай торығу жоқ шығар деп түйдім, яки бұл тағы да отызға дейін, ал одан ары өзім де құштар болмайтын сияқтымын. Бұл өмірге құштарлықты кейбір боқмұрын моральшілер, әсіресе ақындар көбінесе арамзалық деп атайды. Мұның өзі ішінара карамазовтық қасиет, бұл шындық, өмірге деген мұндай құштарлық, ештеңеге қарамастан, тіпті сенде де бар, бірақ оның арамзалық болатыны неліктен? Алеша, біздің планетада бір орталыққа тартылатын күштер әлі де сұмдық көп. Өмір сүргің келеді, сосын логикамен сыйыспаса да тіршілік етесің. Өмірде бәрі табиғи болып жататындығына мейлі сенбей-ақ қояйын, бірақ маған көктемде бүршік жарған жабысқақ жапырақшалары қымбат, көгілдір аспан қымбат, кейде, нанасың ба, оны не үшін жақсы көретініңді білмесең де қайсыбір адам да қымбат, әлдеқашаннан сенбесең де, ескі әдетің бойынша жүрегіңмен қастерлейтін адамның кейбір ерлігі де қымбат. Міне саған балық сорпасын да әкелді, ас болсын. Мұнда балық сорпасын ғажап дәмді пісіреді. Алеша, мәнің Еуропаға барып қайтқым келеді, осы арадан-ақ аттанамын; бірақ мен онда барғанда зиратқа, аса қымбатты зиратқа баратынымды білемін, міне солай! Онда қымбатты өліктер жатыр, әрбір құлпытас қайсыбір жалындап өткен өмір хақында, өзінің ерлігіне, өз ақиқатына, өзінің күресі мен өз ғылымына деген таңғажайып сенім хақында баяндайды, мен онда барғасын жерге тізерлеп отыра кетіп, сол құлпытастарға тәуеп қып егілетінімді күнілгері білемін, — соның өзінде мен мұның бәрін оның атам заманғы зират қана екенін, одан басқа ештеңе емесін жүрегіммен сезе отырып істеймін. Торыққандықтан жыламаймын, көзімнен жас төгілгенін бақыт санағандықтан жылаймын. Іштегі шерімді тарқатамын. Көктемгі жабысқақ жапырақшаларды, көгілжім аспанды сүйем, міне қалай! Бұл арада ақыл да, логика да емес, бұл арада ішкі сарайыңмен, іші-бауырыңмен сүйесің, өзіңнің тұңғыш жастық күшіңді сүйесің. Алешка, сен менің бұл былшылымнан бірдеңе түсіндің бе, жоқ па? — деді кенет күліп жіберген Иван.
— Өте жақсы түсінемін, Иван: ішкі сарайыңмен, іші-бауырыңмен сүйгің келеді деп сен ғажап айттың, сенің осылай өмір сүргің келетіндігіне мен өте қуаныштымын, — деді сүйсініп кеткен Алеша. — Мен адам бұ дүниеде ең алдымен өмірді сүюге тиіс деп ойлаймын.
— Өмірдің мәнінен гөрі өзін көбірек сүю керек пе?
— Қалайда солай, логикадан бұрын, өзің айтқандай, қалай да логикадан бұрын сүюім керек, өмірдің мәнін сонда ғана түсінемін.
Мына бір жайт көптен көзіме елестей береді. Иван, өз ісіңді жарым-жартылап атқардың және ол енді сенің өз қолыңда: сен өмірге құштарсың. Енді сол ісіңнің екінші жартысын ойластыруың керек, сонда құтқарыласың.
— Сен мені құтқарып та үлгердің, ал мен, мүмкін, өлмеген де шығармын! Бұл айтқан екінші жартыңның мәні неде?
— Оның мәні: әлгі айтқан аруақтарыңды тірілту керек, бәлкім, олар еш уақытта өлмеген де шығар. Ал енді шайыңды алғыз. Иван, екеуміздің бірге отырып әңгімелескенімізге мен қуаныштымын!
— Байқаймын, өзің бір шабыт үстіндесің ғой. Сен сықылды... мүриттерден осындай professioons dc foй1 тыңдағанды жаратамын. Алексей, сенің ділің берік. Монастырьдан кеткің келетіні рас па?
— Рас. Пірәдарым мені дүнияуи тірлікке жібермекші еді.
— Демек, дүнияуи тірлікте, мен отызға таман қолымдағы зеренді былай қоюға айналғанда тағы бір кездесетін болдық қой. Ал әкемнің жетпіске дейін ескі дағдысынан айрылғысы жоқ, тіпті сексенге дейін тартынбауды армандайды, қылжақтаса да, сүйегіме сіңіп кетті ғой дейді. Оның әйелжандылығын қайтерсің, бейне сонда басы қалғандай... рас, отыздан кейін, бәлкім, содан басқа... Бірақ жетпіске дейін өйту арамзалық, не болса да отызға дейін қимылдап қал: өзіңді-өзің алдап жүріп, "ізгілік белгісін" сақтап қалуыңа болады. Бүгін Дмитрийді көрмедің бе?
— Жоқ, көрмедім, бірақ Смердяковты көрдім. — Сөйтіп, Алеша ағасына Смердяковпен қалай кездескенін асығыс болса да, толық баяндады. Иван кенет қатты абыржып тыңдады, кейбір жайттарды тіпті қайталап сұрады.
— Бірақ, ол менен өзінің Дмитрий туралы айтып қойғанын оған сездірмеуді өтініп еді, — деп ескертті Алеша.
Иван қабағын түйіп, ойланып қалды.
— Сен Смердяковқа бола тұнжырадың ба? — деп сұрады Алеша.
— Иә, соған бола. Қойшы соны, Дмитрийді шынында да көргім келіп еді, енді қажеті жоқ... — деп күбірледі Иван зауықсызданып.
— Аға, сен шынында да осынша асығыс аттанбақпысың?
— Иә.
— Әкем мен Дмитрийді қайтеміз? Екеуінің арасындағы кикілжің немен тынады? — деді Алеша қорқынышты үнмен.
— Сен де сол сергелдеңге уайым жеп қоймадың ғой! Мен не істейін? Ағама күзетші болуым керек пе? — деп зекігісі келген Иван кенет бір түрлі кейіспен күлді. — Маған қалғаны — інісін өлтірген Каиннің құдайға қайтарған жауабы болғаны ма? Мүмкін, сен қазір осыны ойлап тұрған шығарсың? Бірақ, сайтан алғыр, мен мұнда оларды күзетіп отыра алмаймын ғой? Ісімді тындырдым, енді кетемін. Сен өзің мені Дмитриймен бақталас, осы үш ай бойы оның ғашық жары Катерина Ивановнаны өзіне қаратып алуға тырысты деп ойлаудан саумысың? Ә, жоқ, менің өз шаруам барды. Оны тындырдым, енді кетемін. Бағана бітірдім, сен көрдің.
— Бағана Катерина Ивановнаныкінде болған оқиға ма?
— Иә, сол оқиға, бәрі бір-ақ айқындалды. Онда не тұр деймісің? Менің Дмитрийде нем бар? Бұл арада оның ешбір қатысы жоқ. Катерина Ивановнада менің өз шаруам бартұғын. Өзің білесің, қайта, Дмитрий бейне менімен сөз байласқандай сыңай танытқан жоқ па. Мен одан ештеңе сұраған жоқпын, қызды маған соншама әспеттеп тапсырып, ризашылығын білдірген өзі емес пе? Мұның бәрі күлкі секілді. Жоқ, Алеша, жоқ, менің еңсем көтеріліп, бойым қалай сергіп қалғанын білсең ғой! Осында түстеніп отырып, нанасың ба, алғашқы еркіндік сағатын жуайыншы деп тіпті шампан ішкім де келді. Тьфу — жарты жылдай сергелдең кенет бір-ақ бітті, бәрі бір-ақ сап болды. Қаласам, мұның оп-оңай екенін мен тіпті кеше де сездім бе екен!
— Иван сен өз махаббатыңды айтамысың!
— Иә, махаббатымды айтамын, мен бикешке, сол институткаға ғашық боп қалып едім. Сол қызды ойлап, қанша азап шектім. Енді жан азабы бітті... бәрі сап болды. Бағана шабыттанып кетсем де, сыртқа шыққан соң, нанасың ба, өзіме-өзім күлдім. Жоқ, тура мағынасында айтамын.
— Сен қазір де көңілдісің, — деді шынында да лезде жадырап сала берген ағасының жүзіне қадала қараған Алеша.
— Оны мүлде сүймейтінімді қайдан білейін! Хе-хе! Сүймейді екем. Ал ол маған қатты ұнаушы еді ғой! Тіпті бағана сайрап кеткенімде де ұнаған. Білесің бе, қазір де керемет ұнайды, солай бола тұрса да, оны тастап жүре беруге ешбір қиналатын емеспін. Өтірік мақтанады деймісің?
— Жоқ. Тек ол, бәлкім, махаббат болмаған шығар.
— Алешка, — деп күлді Иван, — сен махаббат туралы әңгімеден аулақ бол! Саған лайықсыз. Бағана, бағана ғой сен шыдамай кеттің, ай! Сол үшін бетіңнен сүюді де ұмыттым... Ол мені қаншама азапқа салды. Әбден зорланып біттім. Оһ, менің сүйетінімді ол білді! Ол, Дмитрийді емес, мені сүйді, — деді көңілденіп Иван. — Дмитрийдікі босқа қиналу. Оған бағанағы айтқанымның бәрі ақиқат шындық. Бірақ, гәп мынада ғана: ең бастысы, оның Дмитрийді әсте сүймейтінін өзі азапқа салып жүрген мені ғана сүйетінін аңғару үшін, он бес жыл ма, әлде жиырма жыл ма керек болар еді. Тіпті бүгінгі тағлымға қарамастан, ешқашан аңғармауы да ғажап емес. Қайта жақсы болды: енді қайтып мойын бұрмастай боп түрегеп жүре бердім. Айтпақшы, ол неғып жатыр екен? Мен кеткесін не болды екен?
Алеша оған қыздың талып қалғанын, қазір ес-түссіз сандырақтап жатқанын айтып берді.
— Хохлакова өтірік айтпай ма?
— Жалған емес секілді.
— Көңілін сұрау керек екен ғой. Әйтсе де, ондайдан әлі еш уақытта, ешкім өлген емес. Талып қалса мейлі, бұл тәңірімнің әйелге деген ерекше ықыласының белгісі. Енді мен ол үйдің есігін ашпаймын. Қайта оралудың қажеті жоқ.
— Алайда сен оған бағана мені ешқашан да сүйген емессің дедің ғой.
— Жорта айттым. Алешка, мен қазір шампан алғызамын, менің еркіндігім үшін ішейік. Жоқ, сен менің қандай қуанышты екенімді білсең ғой!
— Жоқ, аға, ішпей-ақ қояйық, — деді кенеттен Алеша, — сонсоң, менің көңіл-күйім келіспей отыр.
— Иә, сен әлдеқашаннан мұңлысың, мен мұны көптен байқап отырмын.
— Сен қалай да ертең таңертең аттанасың ба?
— Таңертең бе? Мен олай дегем жоқ қой... Кім біледі, мүмкін, таңертең аттанармын. Нанасың ба, менің бүгін осында келіп түстенгенім, үйде дастарқан басында анау шалмен бірге отырғым келмеді, одан жеркенетінім сондай. Соны көрмеу үшін мұннан әлдеқашан кетуім керек еді. Менің кететініме сен неге осынша абыржисың. Мен кеткенше екеуміздің әлі қаншама уақытымыз бар. Әлі талай заман, мәңгілік тұр алдымызда!
— Ертең кетсең, ол қандай мәңгілік?
— Бізге оның қандай қатысы бар? — деп Иван күліп жіберді, — біз өзімізге керегін қалай дегенмен сөйлесіп үлгереміз ғой, біз мұнда не үшін келдік? Сен неге таңырқай қарайсың? Айтсаңшы: біз мұнда не үшін келдік? Менің Катерина Ивановнаға ғашықтығымды, шал мен Дмитрийді сөз етуге ме? Шетел туралы ма? Ресейдің қатерлі жағдайы туралы ма? Император Наполеон туралы ма? Солай ма, осы үшін келдік пе мұнда?
— Жоқ, ол үшін емес.
— Демек, не үшін келгенімізді түсінесің. Өзгелердікі өз алдына, ал біздерге, сары ауыздарға, басқа нәрсе қажет, біз алдымен мәңгілік алдындағы мәселелерді шешуіміз керек, бізге қажеті міне осы. Күллі жас Ресей қазір тек ежелгі мәселелерді сөз етуде. Қарттардың бәрі нақ қазір кенеттен практикалық мәселелермен шұғылдануға айналды. Осы үш ай бойы сен маған неге бірдеңені күткен кісіше мөлие қарадың? "Дінге қалай қарайсың, әлде оған мүлде сенбейсің бе? — деп тергеу үшін бе? — Алексей Федорович, сіздің үш ай бойы телміре қарауыңыздың мәні осы емес пе еді?
— Солай болуы да мүмкін, — деді күлімсіреген Алеша. — Аға, сен енді маған күлмейсің ғой?
— Мен күлем бе? Үш ай бойы маған телміре қараған інімді неге ренжітейін. Алеша, тура қарашы: мүрит еместігім болмаса, мен де, дәл өзіңдей, кішкентай балақанмын ғой. Орыс балақандары осыған дейін не бітіріп жүргенін білесің бе? Яки кейбіреулері? Мысалы, осында бір сасық трактир бар ғой, олар сонда жиналып, бір бұрышта отырады. Біліспеген-көріспеген адамдар одан шыққасын тағы да қырық жыл бір-бірімен кездеспейді, сонда трактирде бас қосқанда не жайында әңгімелесті екен? Тек қана әлемдік мәселелер жайында ма: құдай бар ма, мәңгі өлмеу деген қалай? Құдайға сенбейтіндері социализм мен анархизм туралы, бүкіл адамзат баласын жаңа штат бойынша қайта жасау жайында сөз етеді, сонда бұл тек екінші жағынан қойылған бәз-баяғы бір мәселе болып шықпай ма. Бізде қазіргі кезде орыстың ерекше туған балақандарының талайлары ежелгі мәселелерді сөз етумен ғана жүр. Осылай емес пе?
— Иә, құдай бар ма, мәңгі өлмеу ақиқат па деген, яки өзің айтқандай, екінші жағынан қойылатын мәселелер, — шын орыстар үшін, әрине, ең алдымен ойға келетін бірінші сауалдар, мұның өзі осылай болуы да керек, — деді ағасына бұрынғысынша ақырын күлімсіреп қана сынай қараған Алеша.
— Міне, көремісің, Алеша, орыс адамы болу кейде әсте зерделілік емес, алайда, қалай десек те, орыс балақандарының қазіргі істеп жүргенінен асқан зердесіздікті көзіңе елестету мүмкін емес. Бірақ мен бір орыс балақанын, Алешканы, керемет жақсы көремін.
— Сен ақырын ғажап қиыстырдың ғой, — деп күлді кенеттен Алеша.
— Ал айтсаңшы, неден бастайын, өзің бұйыр, — құдайдан ба? Құдай бар ма, солай ғой?
— Неден бастағың келсе, содан бастай бер, "екінші жағынан" бастасаң да мейлің. Сен кеше әкемнің үйінде құдай жоқ демедің бе, — деп Алеша ағасына сынай қарады.
— Кеше шалдыкінде түстік ішіп отырғанда, мен ызаңа тиейін деп әдейі айтқам, сонда көзің отша жайнап кеткенін де көргем. Ал қазір сенімен пікірлесуге әсте қарсы емеспін, шын айтам. Сенімен түсініскім келеді, Алеша, өйткені менің достарым жоқ, ал болғанын тілер едім. Кәне, ойлап қарашы, бәлкім, мен де құдайды мойындармын, — деп күлді Иван, — сен үшін бұл күтпеген сөз ғой, а?
— Егер қазір де әзілдеп тұрмасаң, әрине, солай.
— "Әзілдеп". Бұл сөзді мен кеше пірәдардікінде естігемін. Білесің бе, бауырым, он сегізінші ғасырда бір күнәкар қария болған, оның: егер құдай жоқ болса, оны ойлап шығару керек болар еді, s'il rfcxistait pas Dicu il faudrait Г inventor деген нақылы бар. Шынында да, құдайды ойлап шығарған адамның өзі. Құдайдың шын бар екеніне таң қалып, ғажаптанбайсың, қайта осындай ойдың — құдайдың қажеттігі туралы ойдың — адам секілді жабайы, қатал хайуанның басына қалай ғана келгендігіне қайран қаласың — бұл ойдың қасиеттілігі, әсерлілігі, даналылығы сондай, оның адам үшін абыройлылығы сондай. Мен өзім: адамды құдай жаратты ма, әлде құдайды адам жаратты ма? — бұл жайында ойлауды әлдеқашан қойғам. Әлбетте, мен орыс балақандарының бастан-аяқ еуропалық жорамалдардан туындатылған осы күнгі аксиомаларының бәрін талдап жатпаймын; өйткені ол жақтағы жай жорамалды орыс балақандары дереу аксиомаға айналдырады, балақандар ғана емес, тіпті олардың профессорлары да сөйтетін секілді, себебі бізде орыс профессорларының өздері де көп ретте сол орыс балақандары болып жатады. Сондықтан мен жорамал атаулыны орағытып өтемін. Екеуміздің бұл отырысымыздың мақсаты басқа емес пе? Мен саған өзімнің мән-мағынамды, яки неғылған жан екенімді, неге сеніп, неге үміт артатынымды мүмкін-қадерінше тезірек түсіндіруім керек — мақсатымыз осы ғой? Сондықтан мен құдайды тұпа-тура, қаз-қалпы қабылдайтынымды айтқым келеді. Әйтсе де, мынаны атап өту керек: егер құдай бар болса және жерді жаратқан шынымен сол болса, онда ол жерді эвклидтік геометрия бойынша жаратқан да, адамның ақыл-ойын кеңістіктің үш өлшемін ғана ұғатын еткен. Солай бола тұрса да, барша әлемнің, немесе одан да кеңірек алғанда, бүкіл болмыстың тек эвклидтік геометрия бойынша жаратылғанына күмәнданатын, керек десең Эвклидтің пікірінше жер бетінде бір-бірімен ешқашан қосылмайтын екі параллель сызықтың, бәлкім, шексіздіктің бір тұсында қосылуын армандайтындар, тіпті ең тамаша геометрлер мен пәлсәпашылардың арасында да болған. Бауырым, егер мен тіпті осыны да түсінбесем, онда құдай жайында ештеңе сезбейтінім анық. Мұндай сұрақтардың шешімін табуға мүлде қабілетсіздігімді, менің ақыл-ойым эвклидтік, фәнилік екенін, сол себепті біз бақи дүниелікті шеше алмайтынымызды тәубешілдікпен мойындаймын. Бұл жайында, әсіресе: құдай бар ма, жоқ па? — деген сұрақ жөнінде, достым Алеша, саған да еш уақытта ойланбауға кеңес берер едім. Мұның бәрі тек үш өлшемді ұғуға лайықталған, ақыл-парасатқа мүлде сай келмейтін сұрақтар. Сөйтіп, мен құдайды мойындаймын және де ықыласпен мойындаймын, ол ол ма, мен оның даналығын да, оның бізге мүлде беймағлұм мақсатын да мойындаймын, тәртіпке, өмірдің мәніне сенемін, бәріміз бейне бір-бірімізбен біте қайнасатын мәңгілік үйлесімге сенемін, барша әлем талпынатын, "құдайға сену", құдайдың өзі болып табылатын сөзге сенемін және тағысын тағылар, шексіз кете беретін тағы сол сияқтылар дегендей. Бұл жөнінде айтылған сөздердің қисабы жоқ. Мен, тегі, игі жолдамын ғой — а? Ал енді ойлап қарасаң, түптеп келгенде, мен осынау құдайы дүниені — мойындамаған, оның барын біле тұра әсте қабылдамаған болып шығамын. Мойындамаймын дегенде сен түсін, мен құдайды мойындамаймын деп тұрғам жоқ, мен оның жаратқан дүниесін, құдайы дүниені мойындамаймын, мойындауға келісе де алмаймын. Бірақ мынаған сәбише сенетінімді ескертуге тиістімін: адамның көрген азабы жазылар да ұмытылар, оның басындағы қарама-қайшылықтардың кісі күлерліктей өкініштілігі бұлдыраған сағымша сейіліп, атомдай кішкентай һәм дәрменсіз эвклидтік ақыл-парасаттың ойлап шығарған оңбағандық өтірігіндей жоқ болар, сөйтіп, ақыр-соңында, әлемдік финалда, мәңгілік үйлесім сәтінде адамдардың барлық жүрек лүпіліне, наразылық атаулының, төгілген қан атаулының өтеуіне толық жетерліктей, адамдардың бастан кешкендерін кешіріп қана қоймай, соның бәрін ақтауға да жетерліктей абзал бірдеңе пайда болады, — мейлі, осылай-ақ болсын, мейлі бәрі осылай-ақ істелсін, бірақ мен оны бәрібір қабылдамаймын ғой және қабылдағым да келмейді! Тіпті параллель сызықтар түйіссе де мейлі, оны өзім де көре аламын: көргенде, сызықтардың түйіскенін көріп тұрмын, алайда бәрібір мойындамаймын деймін. Менің мән-мағынам осы, Алеша, менің тезисім осы. Мен саған шынымды айттым. Екеуміздің сұхбатымызды мейлінше зердесіз бастаған жортағым да жоқ емес, бірақ шын сырымды ақтаруға дейін жеткіздім, өйткені ол тек саған ғана керек. Сенің құдай жөнінде әңгіме тыңдағың келген жоқ, сүйікті ағаңның көкейкесті ойларын ғана білгің келді. Мен айтып бердім.
Иван өзінің шалқытқан ұзақ сөзін кенет ерекше бір, толқыған сезіммен тамамдады.
— Әңгімеңді неліктен "мейлінше зердесіз" бастадың? — деп сұрады оған мұңая қараған Алеша.
— Біріншіден, орысшылдық үшін десем де болар: орыстардың бұл тақырыптағы әңгімелері сұмдық зердесіздік болып жатады. Екіншіден, тағы да неғұрлым зердесіздеу болса, соғұрлым шындыққа жақын болып шығады. Неғұрлым зердесіздеу болса, соғұрлым айқынырақ болады. Ақымақтық күрмеуге келмейді, шалымсыз, ал ақылдылық бұлаңдатып отырып, із жасырады. Ақыл — залым, ал ақымақтық — тура, адал. Мен істі өзімнің торығып бітуіме дейін асқындырдым, сонсоң оны неғұрлым ақымақтық етіп көрсетсем, маған соғұрлым тиімді болады.
— Маған түсіндірші, неліктен "...дүниені мойындамайсың?" — деп күбірледі Алеша.
— Әрине, түсіндірем, құпия емес, өзім де соған бейімдеп келе жатыр едім. Бауырым, сені аздырып, дұрыс жолыңнан тайдырып нем бар менің, бәлкім, саған қарап өзімнің түзелгім келген шығар.
— Иван кенеттен момақан сәбише күлімсіреді. Алеша оның бұлайша елжірей жымиғанын еш уақытта көрмеген еді.
IV
КҮПІРЛІК
— Менің саған айтатын сырым бар еді, — деп бастады Иван, — өз жақын-жегжатыңды қалай сүюге болатынын түсіне алмай-ақ қойдым. Меніңше, алыс туысың болмаса, ет жақыныңды жақсы көру мүмкін емес. Бірде "Мархабатты Иоанн" (бір әулие) туралы бір жерден оқығаным бар еді: ашығып, жаураған біреу оған келіп, тоңып барам деп шағынғанда, ол оны төсегіне өзімен бірге жатқызып, құшағына алып, оның бір сұмдық аурудан іріңдеген, сасық аузына жылы демін жіберіп жылыта бастапты. Оның мұны өзін-өзі зорлап, мойындағы парыз есепті сүйіспеншілікке бола және шіркеудің жазасынан қорқып қана істегеніне менің ешбір күмәнім жоқ. Біреуді жақсы көру үшін оның бетін бүркенгені жөн, жүзін көрсетіп алса-ақ болды — ынтызарың суыды дей бер.
— Бұл жайында Зосим пірәдар талай айтқан, — деді Алеша, — оның да махаббатқа машықтанбағандардың көбі кісінің жүзін көргенде өзінің ынтыққан сезімін білдіре алмай қалады дегені бар еді. Бірақ адамзат баласында Христостың сүйіспеншілігіне ұқсайтын махаббат та көп қой, мен мұны білемін, Иван...
— Ал мен мұны әлі білмеймін және түсінбеймін, менімен бірге басқа да көптеген адамдар білмейді, түсінбейді. Мұның өзі адамның бойындағы жаман қасиеттерінен бе, әлде олардың жаратылысы солай ма — гәп міне осында. Меніңше, Христостың адамға деген махаббаты бұл жалғанда жоқ бір ғажайып. Рас, ол құдай болған ғой. Ал біз құдай емеспіз. Айталық, менің ауыр қасірет шегуім мүмкін, бірақ менің қаншалықты қасірет шегетінімді басқа біреу еш уақытта біле алмайды, өйткені ол — мен емес, өзге кісі, оның үстіне, басы жұмыр пендеңіз басқаның қасіретін мойындауға (ол адамға берілетін шен бе екен) әмес келісе бермейді. Сен қалай ойлайсың, неліктен келіспейді? Оның себебі, мысалы, менен күлімсі иіс шығады, сықпытым жаман, бірде тіпті аяғын басып кеткенім де бар. Сонсоң, қасіреттің де қасіреті бар: адамды қорлайтын қасіретке, айталық, менің ашығып жүргеніме жарылқаушым илануы мүмкін. ал одан сол жоғарырақ қасіретке, мысалы, бір идея үшін азап шегуге, жоқ, бұған ол, оқта-текте болмаса, иланбайды, өйткені ол, айталық, мені көрген соң, мысалы, оның қиялындағы нақ сондай идея үшін азап шегетін адамның түріне менің қиянатым мүлде ұқсамайтынын көргеннен кейін ынтыға қалады. Сөйтіп, ол, тіпті жек көріп тұрмаса да, мені дереу өзінің шапағатынан айырады. Қайыршылардың, әсіресе асыл текті қайыршылардың еш уақытта төбе көрсетпей, қайыр-садақасын газет арқылы сұрағаны жөн. Жақыныңды, жалпы алғанда, кейде тіпті алыстан да жақсы көруіне болады. ал оны жақыннан еш уақытта сүйе алмайсың. Егер бәрі сахнадағыдай, айталық, жібек шоқпыт пен жыртық шілтердегі қайыршылар әсем билеп қайыр-садақа сұрайтын балеттегідей болса, онда оларға сүйсінуге болар. Тек сүйсінесің, бірақ әсте сүйе алмайсың. Алайда бұл жайында осы айтылғаны жетер. Сені тек өз орныма қойып көргім келгені ғой. Менің жалпы адамзаттың қасіреті хақында баяндағым келіп еді, әйтсе де онан да тек балалардың қайғы-қасіретіне тоқталып өтелік. Бұл менің дәлелдерімді он еседей кемітеді, сонда да тек осымен ғана шектелейік. Әлбетте, бұл мен үшін онша тиімді емес. Біріншіден, балаларды тіпті жақыннан да, тіпті кір-қожалақ күйі де, тіпті сұрықсыз болса да (алайда, меніңше, балалар ешқашан да сұрықсыз болмайды) жақсы көруге болады. Екіншіден, ересектер жайында сөз қозғамайтын тағы бір себебім, олардың жеккөрінішті, сүюге лайықсыз екенін былай қойғанда, олардың жазасы да бар: олар алма жеп қойып, жақсылық пен жамандықты танып біліп, "бадамша" болған. Алманы әлі де жейді. Ал балалар ештеңе жеген жоқ, сондықтан олар әзірше кінәсіз. Алеша, сен балаларды жақсы көресің бе?
Жақсы көретініңді білем, түсінеді ғой деп саған тек солар жөнінде айтып отырғаным да содан. Егер бұл дүниеде балалар да сұмдық қасірет шексе, онда олар, әрине, алманы жеп қойған әкелері үшін жазаланған, — бірақ бұл басқа дүниенің пайымдауы, фәни дүниеде адам жүрегі оны түсінбейді. Кінәсіз адамның, оның үстіне мұндай бейкүнә жанның, басқа біреу үшін қасірет шегуіне болмайды! Алеша, байқасаң, балаларды мен де жақсы көремін. Есіңде болсын, қатал, құмарпаз, зымиян кісілер, карамазовшылар, кейде балаларды тым жақсы көреді. Балалар, сәби шағында, мысалы, жетіге дейін, сұмдық жатырқағыш келеді: бейне жаратылысы бөлек, мүлде өзге жан секілді. Мен абақтыда отырған бір қарақшыны көрген едім: ол түн жамылып қарақшылық жасаған кезінде кейбіреулердің үй ішін түгел қырып тастағанда бірнеше баланы да өлтіріпті. Бір ғаламаты, ол абақтыда отырғанында балаларды өте жақсы көретін болады: аулада ойнап жүрген балаларға терезеден телміре қарайды екен. Бір баланы терезесінің алдына келуге дағдыландырған ол онымен керемет дос боп кетеді. Алеша, осының бәрін саған неге айтатынымды сезесің бе? Басым ауырып, жабырқап кеткенімді қарашы.
— Сенің есеңгіреген кісіше еліре сөйлегеніңе таң қалып отырғаным, — деді абыржыған Алеша.
— Айтпақшы, маған жуырда Мәскеуде бір болғыр әңгімелеп еді, — Иван Федорович інісінің сөзіне құлақ салмағандай, сөзін одан ары жалғастырды. — Болгарияда славяндардың жаппай көтерілісінен қауіптенген түріктер мен шеркестер барлық жерде ойрандап жатыр екен, — жағалай өртеп, қойдай бауыздап, әйелдерді зорлап, балаларды да аямай, тұтқындарды түні бойы екі құлағынан дуалға шегелеп қойып, ертеңіне дарға асады екен және тағысын тағылар, бәрін тіпті көзге елестету де қиын. Шынында да, кейде бәз біреулердің "айуандық" қаталдығын сөз етіп жатады, ал мұның өзі хайуанат жөнінде мүлде әділетсіз де өкінішті: түз тағысы еш уақытта тап екі аяқты адамдай сұмдық әккілікпен қатал бола алмайды. Жолбарыстың бар білетіні — тарпа бас салып бытырлатып шайнау. Адамдарды түні бойы құлағынан дуалға шегелеп қою оның қаперіне де кірмес еді, ол мұны қолынан келіп тұрса да істемес еді. Сонан соң, бұл түріктердің әйелдің құрсағынан қызыл шақа шарананы қанжарымен жарып алудан бастап, анасының көзінше емшектегі сәбиді жоғары лақтырып жіберіп найзаның ұшына шаншуға дейін барып, осы айуандықтарынан жан рақатын табады екен. Ең қызықтысы, осының бәрі сорлы анасының көзінше істелетіндігі болса керек. Алайда мына бір көрініс менің көз алдымнан кетпейді. Үйге кірген түріктердің ортасында сәбиін кеудесіне басып дір-дір еткен анасы тұр екен делік. Түріктер көңілденгенсіп, нәрестені еркелеткен болып өтірік күледі, бұған сәби де күледі. Түрік осы кезде баланың бетіне тапаншасын тақап апарады. Құтыңдаған бала тапаншадан ұстайын деп кішкентай қолын ербеңдетеді, осы сәтте ойнап тұрған түрік шүріппені басып қалып, баланың басын мылжа-мылжа қылады... Керемет көрініс қой, солай емес пе? Айтқандайын, түріктер тәттіге тым құмар деседі.
— Аға, осының бәрін не үшін айттыңыз? — деп сұрады Алеша.
— Менің ойымша, егер жын-пері жоқ болса, онда оны адам өз бейнесіне ұқсатып ойлап шығарған.
— Олай болса, құдайды да дәл солай ойлап шығарғаны ғой.
— "Гамлетте" Полонийдің айтқанындай, сен өзің сөздің өңін аудара қоюға керемет машықтанып алыпсың ғой, — деп күлді Иван. — Сен мені сөзден ұстадың, мейлі, қайта қуаныштымын. Егер оны адам өз бейнесіне ұқсатып ойлап шығарса, онда сенің құдайың келіскен екен. Сен жаңа: осының бәрін не үшін айттың? — деп сұрадың: көремісің, мен кейбір фактілерді жинай жүруге әуеспін, нанасың ба, газеттерден оқыған және біреуден естіген кез келген анекдот секілді нәрселерді көшіріп алып, жазып қоямын, қазір тәп-тәуір коллекциям да бар. Әрине, түріктер коллекцияға енді, бірақ оның бәрі жат жұрттық дүниелер ғой. Менде түріктердікінен қиялым артық, өзіміздің қолтума нәрселер де бар. Білесің бе, бізде көбінесе ұрып-соғуға, көк шыбықпен, қамшымен дүрелеуге әуес, мұның өзі ұлттық дағдыға айналып кеткен: біз қалай дегенмен еуропалықтармыз ғой, құлақтан шегелеп қою дегеніңіз көкейге қонбайды, ал көк шыбық, қамшы — міне мұны біздің маңдайымызға басқан, бізді одан айыруға болмайды. Қазір шетелде ұрып-соқпайтын тәрізді, әлде сондай заңдар шығарылған ба, біреу біреуге қол көтере алмайтын болыпты, бірақ олар мұның есесіне, біздегі сияқты, басқа, таза ұлттық дағдыны шығарса керек; әсіресе біздің жоғарғы қауымдағы діни қозғалыс дәуірінен бастап бізде болуы мүмкін емес делінген осынау ұлттық дағды, өйтсе де, бізге де сіңе бастаған секілді. Менде французшадан аударылған бір ғажап кітапша бар, онда Женевада, таяуда, осыдан бес-ақ жыл бұрын Ришар деген кісі өлтіруші жауыздың дарға асылғаны баяндалған; жиырма үштегі жігіт дар алдында күнәсын мойындап, христиан дініне еніпті. Некесіз туған баласын, Ришарды, алты жасар сәби кезінде әке-шешесі таудағы бір швейцар бақташыларына беріп қоя береді, олар баланы кейін малдың соңына салып қою үшін алады. Бала олардың қолында нағыз тағы болып өседі, оны ештеңеге үйретпейді, қайта, лайсаң мен суықта жалаң аяқ, жалаң бас, аш күйі мал бақтырып қояды. Әрине, бұлай еткенде олардың ешқайсысы ойланып, опынып жатқан жоқ, қайта керісінше, осылай істеуге өзінің толық хақы бар деп есептеді, өйткені Ришарды әншейін бір зат ретінде бере салған-ды, сондықтан оны тамақтандыру қажет деп те білген жоқ. Ришар ол жылдары, Інжілдегі адасқан балаша, өзінің тым болмаса сатуға бордақылаған шошқаларға берілетін былғамадан жеуге де зар болғанын, бірақ оған тіпті соны да қимағанын, шошқаның жемін ұрлап жегенінде оны ұрып-соққанын, бүкіл балалық және жастық шағын ол қашан есейіп, бойына күш жинап, өзі ұрлап тамақ асырағанша осылай өткізгенін баяндайды. Тағы болып өскен ол Женевада күндік жұмыс істеп тапқан ақшасын ішкілікке салады, жауыздық тіршілікпен жүріп, ақыры бір шалды өлтіріп, тонап тынады. Оны ұстап алып, соттап, өлім жазасына кеседі. Ол жақта елжіректікке салынбайды ғой. Сөйтіп, абақтыда оны пасторлар мен әрқилы Христостық бауырластықтардың мүшелері мен қайырымды ханымдар және басқалары дереу орталарына алады. Олар оны оқуға, жазуға үйретеді, оған Інжілді түсіндіреді, сөйтіп ұялтқан, иландырған болады, қысым жасап, жан алқымнан алып, қажытады, ақырында, қылмыс жасағанын оның өзі мақтана мойындайды. Ол сотқа өтініш жасап, мен жауыз едім, енді маған жасаған иемнің нұры жауып, рақымы түсті деп өзі жазып береді. Женевада барлығы толқып, бүкіл қайырымды, тақуа Женева абыржып қалады. Асыл текті, көргенді саналатындардың бәрі абақтыдағы оған жеткенше асығады; Ришардың бетінен сүйеді, оны құшақтап: "Сен бізге бауырсың, жасаған иемнің рақымы түсті саған!" — деп өзеурейді. Ал Ришардың көңілі босап, көзіне жас келеді: "Иә, маған құдайдың рақымы түсті! Балалық, жастық шағымда шошқаның жеміне бір тойғанға мәз болушы едім, енді маған да тәңірінің рақымы түсті, енді құдайға құлшылық етіп өлетін болдым!" — "Иә, иә, Ришар, құдайға құлшылық етіп өлгенге не жетсін, сен біреудің қанын төктің, ендеше құлшылық етіп өлуге тиістісің. Кінәсіз болсаң да мейлі, шошқаның жеміне қызыққаныңда және оны ұрлап жегеніңде (мұның әсте жақсы емес, өйткені ұрлауға болмайды ғой) құдайды мүлде білмесең де мейлі, — біреудің қанын төккен екенсің, сол үшін өзің өлуге тиіссің". Сөйтіп ақырғы күн де келеді. Әлсіреген Ришар көзіне жас алып: "Өмірімдегі ең қуанышты күнім бұл, мен құдайдың алдына бара жатырмын!" — деп дамылсыз қайталай береді. "Иә, — деп зарланады пасторлар, судьялар мен қайырымды ханымдар, — бұл сенің ең бақытты күнің, өйткені сен жасаған иемнің өзіне бара жатырсың!" Ришарды әкеле жатқан масқаралау күймесінің соңынан ерген аттылы-жаяулар эшафотқа қарай жүреді. Міне эшафотқа да жетеді: "Бауырым, енді өлсең де арманың жоқ, — деп зарланады олар Ришарға, — құдайға құлшылық етіп көз жұма бер, өйткені саған жасаған иемнің рақымы түскен!" Сөйтіп Ришарды бетінен шөпілдетіп сүйген бауырластары оны эшафоттың үстіне алып шығып, құдайдың рақымы түскені үшін басын жаңғырыққа қойып, ағайыншылықпен шауып түсіреді. Жоқ, бұл тән ерекшелік. Кітапша жоғары қауымдағы орыстың лютершілдікпен әуестенетін қайсыбір рақымшылдары орысшаға аударғаннан кейін орыс халқын ағарту мақсатымен газеттерге және басқа басылымдарға қосып тегін таратылады. Ришардың оқиғасы ұлттық ерекшелік есебінде жақсы. Бізге бауыр болдың, саған құдайдың рақымы түсті деп ағайынның басын шауып тастау бізде қисынсыз нәрсе, бірақ қайталап айтамын, біздің одан кем түспейтін өз ерекшелігіміз бар. Бізде біреуді дүрелеуден құшыры қанады, бұл ежелден сүйекке сіңген. Мұжықтың атты көзінен, "момын кезінен" қамшымен қалай ұрғаны туралы Некрасовтың бір өлеңі бар. Мұндайды кім көрмепті, орыстарға үйреншікті нәрсе бұл. Ақын болдырған аттың жүгі ауыр арбаны тарта алмай тұрып қалғанын суреттейді. Мұжық атты қамшылайды, аямай ұрады, ақыры, өзінің не істегенін де сезбестен, басқа-көзге қарамай шықпырта береді: "Арам қатқыр, арам қатамын деп тұрмысың, неге тартпайсың!" Көтерем ат жұлқынған кезде, мұжық жануарды тағы да шықпырта бастайды, жас сорғалаған "момақан көзінен" шықпыртады. Сонан соң ат жан дәрмен дегенде арбаны алып шығады, тұла бойы дірілдеп, тынысы тарылып, бір түрлі қырындап, аяғын әлдеқалай тәлтіректетіп, әзер басады — Некрасовтың суреттеуінде жан түршігерлік тіпті. Бірақ бұл кәдімгі ат емес пе, бізге оны құдайдың өзі берген қамшымен шықпыртсын деп. Бізге татарлар осылай түсіндірген де, ескерткішке қамшы сыйлаған. Бірақ адамды да ұрып-соғуға болады ғой. Зиялы, оқыған бір мырза мен оның зайыбы өздерінің жеті жасар қызын көк шыбықпен шықпыртады екен — бұл жайында толық жазып алғаным бар. Шыбықтың бұтақты болғаны жақсы, сонда, "қаттырақ батады" дейтін әкесінің туған қызына таяқ "қаттырақ батса" айызы қанады екен. Мен анық білемін, ұрған сайын құтырына түсіп, онан сайын құшыры қанатындар да болады. Бір минут ұрады, ақыры, бес минут, он минут ұрады, ұрған сайын батыра түседі. Бала бақырып жылайды, ақыры, бақыруға да шамасы келмейді, дем алмай қалады:
"Әке, әке, әкетай, әкетай!" — деп шырылдайды. Ақыры насырға шауып, іс сотқа түседі. Адвокат жалдайды. Біздің орыс халқы адвокатты — "аблакат — жалданған ар-ұждан" — деп әлдеқашан атап кеткен ғой. Адвокат өз айыпкерін қорғап қызыл өңеш болады. "Былайша айтқанда, мұның өзі әншейінгі, үй-ішіндегі үйреншікті нәрсе, әкесінің өз қызын ұрғанында не тұр, осындай істің ақыры сотқа жеткендігі тіпті ұят-ақ!" Иланып қалған присяжныйлар оңаша бас қосқан соң, ақтаған үкім шығарады. Азаптаушының ақталғандығына қуанғанынан жұрт жылап жібереді. Әттең, менің болмағаным, азаптаушының есімі құрметіне стипендия тағайындау керек деген ұсыныс енгізетін едім!.. Ғажап емес пе. Бірақ менде бұдан да тәуірі бар, Алеша, менің орыс балалары жайында жинағаным өте көп. Әкесі мен шешесі, "білімді, тәрбиелі, құрметті, әжептәуір қызметкер адамдар", бес жасар, кішкентай қызын жек көріп кетеді. Көремісің, тағы атап айтам, көптеген адамдардың бір ерекше қасиеті бар, ол — балаларды, тек қана балаларды азаптауға құмарлығы. Адамзат нәсілінің өзге пенделерінің бәріне осынау азаптаушылар, білімді, мархабатты еуропалықтар ретінде, тіпті игі ниетпен, монтия қарайды, бірақ балаларды азаптауға құштар-ақ, тіпті олардың өзін тек осы мағынада ғана сүйеді. Бұл арада азаптаушыны қызықтыратын — сәбидің өзін-өзі қорғай алмайтындығы, оның қарайған қанын қайнататын — баланың періштедей сенгіштігі мен ешқайда, ешкімге бара алмайтындығы болуға тиіс. Әрине, кез келген адамның ішінде бір хайуандықтың, ашушаңдықтан, азапталушының шыңғырғанына қаны қайнағыш хайуандықтан, бұзықтықтан тапқан аурудан, подаградан, бүйрек ауруынан және тағы басқасынан болатын хайуандықтың бұғып жататындығы күмәнсіз. Бес жасар бейшараға білімді әке-шешесінің көрсетпегені қалмайды. Олар, не үшін өйтетінін өздері де білмесе де, қызын ұрып-соғады, тепкілейді, бүкіл денесін көк ала қойдай етеді; ақыры, нағыз зымияндыққа дейін барады: сақылдаған сары аязда нәрестені түні бойы әжетханаға қамап қояды, дәретке отырғысы келетінін түнде тұрып айтпағаны үшін (періштеше қаннен-қаперсіз ұйықтайтын бес жасар сәби ондайға үйрене алатындай) — осыған бола оның нәжісін бетіне жағып, аузына тығып жегізбекші де болады, мұны істеген шешесі, туған шешесі екен! Әжетханаға қамалған бейшараның түнде ыңырсыған даусы шыққанда анасы қалай ғана ұйықтап жатты екен! Қараңғы, суық әжетханаға өзін неге қамап қойғанына тіпті ақылы жетпейтін бүлдіршін кішкентай жұдырығымен кеудесін ұрғылап, көзінен кексіз, дәрменсіз, қанды жасын төгіп тұрып "құдай тағаланың" оған араша түсуін тілейді екен — сен мұны түсінемісің, досым, бауырым, құдайға құлшылық етуші момақан мүритім-ау, сен бұл шатпақтың неге керегін және не үшін ойлап шығарылғанын түсінемісің! Онсыз адам жер басып жүре алмас еді, өйткені жақсылық пен жамандықтың не екенін білмес еді, деседі. Егер осыншама қымбатқа түссе, ол сайтан алғыр жақсылық пен жамандықты білудің керегі не? Онда күллі таным әлемі сәбидің "құдай тағалаға" жалбарынған көз жасына да татымайды ғой. Мен ересектердің қасіретін сөз етіп те отырғам жоқ, олар алма жеп қойған, өз обалдары өздеріне, күл болмаса, бүл болсын, ал мыналар, мыналар ше! Түрің өзгеріп кетіпті ғой, Алеша, сені мазалап біттім бе. Мезі болсаң, қойдым.
— Оқасы жоқ, менің де азап шеккім келеді, — деп міңгірледі Алеша.
— Бір, тек қана бір суретті көз алдыңа елестетсем қайтеді, оның сипаттылығы сондай, айтпауға тіпті дәтің шыдамайды, ең бастысы, ескілікті жинақтардың бірінен таяуда ғана оқыған едім, "Архивтен" бе, әлде "Старинадан" ба, тіпті есімде жоқ, оны анықтау керек. Бұл басыбайлылық құқықтың қара түнек заманында, ғасырдың бас кезінде болған, халыққа азаттық беруші жасасын! Сол кезде бір генерал болыпты, байланысы күшті, өте бай помещик екен, бірақ ол жайбарақат тұрмысқа шығарында енді емін-еркін өмір сүріп, бодандарыма не қылсам да өз еркім, бұл құқыққа қызметіммен ие болдым деп ойлауға әрең-әрең қалады (рас, мұндайлар сол кездің өзінде өте аз болған секілді). Онда мұндайлар болған. Сөйтіп, генерал екі мың басыбайлы шаруасы бар мекен-жайында тұрып жатады, көрші-қолаңды өзінің дастарқанынан күн көрушілер мен сайқымазақтарынша қорлап, әбден менменсіп бітеді. Жүз шақты тазы ұстайды, иттердің үстіне мундир киіп, астына ат мінген жүз шақты бапкері және болады. Күндердің бір күні басыбайлы бала, небары сегіз жасар кішкентай балақай ойнап жүріп абайсызда генералдың сүйікті тазысының аяғына тас тигізіп алады. "Менің сүйікті итім неге ақсап қалған?" Оған міне мына баланың, әлгі, тас лақтырып, аяғын ақсатқаны деп мәлімдейді. "А, ол сенбісің, — генерал балаға көз жүгіртеді, — ұстаңдар мынаны!" Баланы анасының құшағынан айырып алып, түні бойы қараңғы жерге қамап қояды, келесі күні таңертең ерте генерал сән салтанатпен аңға жиналады, атына мінеді, қасында өзінің шашбауын көтерушілері, тазылары, ит бапкерлері мен құсқа ау құрушылар бар, бәрі де атқа қонған. Тағылым алсын деп малайлар жиналған, бәрінің алдында кінәлы баланың шешесі тұр. Баланы қамаудан алып шығады. Күздің бұлыңғыр, салқын, тұманды күні саят құруға қандай жақсы. Генералдың әмірімен бала тыр жалаңаш шешіндіріледі, дір-дір етіп, зәре-құты қашқан бейшараның дыбысы шықпайды... "Қуыңдар!" — деп әмір етеді генерал "Қаш, қаш!" — деп айқайлайды балаға ит ұстаушылар, бала жүгіре жөнеледі... Генерал: "Айт, айт!" — деп айтақтайды. Жалаңдаған тазылар шешесінің көз алдында баланы талап өлтіреді!.. Кейіннен генералды есі ауысқан деп тапса керек. Ал... не істеу керек? Атып тастай ма? Адамгершілік сезімнің мерейі үстем болуы үшін ату керек пе? Айтсаңшы, Алешка!
— Атып тастау керек! — деді бозарған күйі ағасына бір түрлі рабайсыз ыржия қараған Алеша баяу ғана.
— Бәрекелді! — деді қуанып кеткен Иван, — егер сен бұлай десең, онда... Нағыз схимник болдың ғой! Көкірегіңе қандай сайтанның ұялағанын білесің бе сен, Алешка Карамазов!
— Қисынсыз нәрсені айттым, бірақ...
— А, солай ма... — Иванның даусы қатты шығып кетті. — Мүритім-ау, бұл дүниеде қисынсыздық өте-мөте қажет, мұны біліп қой. Әлем қисынсыз нәрселерге сүйенеді, қисынсыздық құрыса, онда, бәлкім, ештеңе болмас та еді. Білетініміз белгілі ғой!
— Сен нені білесің!
— Ештеңе түсінбеймін және ендігі жерде ештеңені түсінгім де келмейді, — деді одан ары Иван, сандырақтап тұрғандай болып. Фактіден көз жазбасам екен. Әлдеқашаннан ештеңені түсінгім келмейді. Егер бірдеңені түсінгім келсе, онда дереу фактіге опасыздық жасауым керек болар еді, ал менің фактіден айырылғым келмейді...
— Ақыры, айтасың ба, мені не үшін қинайсың? — деді Алеша күйінішті үнмен.
— Әрине, айтам, өзім де соған икемдеп келе жатқан едім. Сен маған қымбатсың, мен сенен айырылмаймын, сені тіпті Зосимаңа да қимаймын.
Иван бір сәтке үнсіз қалды, оның жүзі заматта өте мұңайып кетті.
— Тыңдағын: мен әңгімем нанымдырақ шықсын деп кіл балаларды ғана алдым. Адамзат нәсілінің жеті қат жер астына дейін сіңген өзге көз жасын мен тіпті сөз етіп те отырғам жоқ, әңгіме тақырыбын әдейі тарылттым. Мен мақұлықпын, сол себепті неге бұлай болып жататынын әсте ұқпай-ақ қойғанымды қорланып мойындаймын. Демек, адамдардың өздері кінәлы: ұжмақты місе тұтпай, еркіндікті көксеп, бақытсыз болатынын біле тұра, аспаннан от ұрлаған өздері, ендеше, оларды аяудың қажеті жоқ. О, мен өзімнің шолақ, тірліктегі эвклидтік ақылым бойынша қайғы-қасіреттің жететінін, бірақ кінәлілердің жоғын, барлығы бірінен бірі тікелей, өзінен-өзі туындайтынын, бәрі өзгеріп, теңесіп жататынын ғана білемін, — бірақ мұның не бары эвклидтік сандырақ екенін түсінемін, сондықтан бұл сандырақ бойынша өмір сүруге келісе алмаймын! Кінәлілердің жоқтығынан, оны менің білетіндігімнен не барқадар, — маған керегі жазасының берілуі, әйтпесе мен назаланып бітем. Және де ол жаза кейіннен шексіз дүниенің бір жерінде, қайсыбір кезеңінде емес, осы дүниеде берілуі керек те, оны менің көруім қажет. Өзім сенген нәрсені өз көзіммен көргім келеді, ал егер оған дейін өліп кетсем, мені қайта тірілтетін болсын, өйткені мұның бәрі менсіз істелсе, тым өкінішті ғой. Мен өзіммен, өзімнің зұлымдығыммен, көрген азабыммен әлде кімнің келешектегі үйлесімділігіне жағдай туғызу үшін қасірет шеккен жоқпын. Маралдың арыстанмен қатар жатқанын, қанжар тиген адамның түрегеліп, өзіне қол көтерген қанішермен қалай құшақтасқанын өз көзіммен көрсем деймін. Барлығының неліктен осылай болғанын жұрттың бәрі кенеттен білген сәтте тірі жүргім келеді. Жер бетіндегі дін атаулы осы тілекке сүйенеді, ал мен діншілмін. Алайда мен онда әлгі балаларды қайтем? Бұл мен шеше алмайтын сауал. Жүзінші рет қайталаймын — сауал өте көп, бірақ мен тек балаларды ғана алдым, өйткені бұлай еткенде айтпақ ойым әлдеқайда айқын болмақ. Тыңдағын: мәңгілік үйлесімділікке жету үшін барлығы қасірет шегуге тиісті болса, бұл арада балалардың не жазығы бар, маған осыны айтшы, кәне? Не үшін сәбилер де қасірет шегуі керек, мұндай азаппен келетін үйлесімділіктің керегі не? — Бұл мүлде түсініксіз. Әлдекімдердің келешектегі үйлесімділігіне қолайлы жағдай әзірлеуге балалардың қандай қатысы бар? Мен күнәкар адамдардың бір-бірімен ниеттестігін түсінемін, тіпті жаза беруге ниеттестігін де түсінемін, бірақ бұған балаларды әкеп араластыру әсте көкейіме қонбайды, ал егер де балалардың шынында әкелері істеген зұлымдықтың бәріне ортақтығы рас болса, онда бұл мен түсінбейтін бақи дүниелік шындық болғаны. Қайсыбір қалжыңбастың бала деген өспей ме екен, өскен соң күнәға батпай ма екен деуі де мүмкін, ал бала міне қыршынынан қиылған жоқ па, оны сегізінде итке талатып өлтірмеді ме. О, Алеша, мен құдайға тіл тигізген жоқпын ба! Көктегі мен жер астындағының бәрі мадақтаған бір ғана үнге ұласып, өлі-тірілердің баршасы: "Жасаған ием, сенікі дұрыс, өйткені сенің жолың ашылды!" — деп жар салғанда әлемнің қалай дүр сілкінетінін мен білемін. Шешесі өзінің ұлын итке талатқан жауызбен құшақтасқаннан кейін, осы үшеуі көз жасын көл ғып: "Жасаған ием, сенікі дұрыс" дегенде, онда, әpине, танымның шегіне жетеміз де, бәрі түсінікті болады. Бірақ міне дәл осы тұсқа келгенде үтір белгісін қойғым келеді, өйткені нақ осыған келісе алмаймын. Жер басып жүргенімде өз сыбағамды алып қалғым келеді. Аңдайсың ба, Алеша, егер мен шынында да соған дейін тірі жүрсем немесе соны өз көзіммен көру үшін қайта тірілсем, шешесінің өз баласын азаптаушымен құшақтасып тұрғанын көрген сәтте, жұртпен бірге: "Жасаған ием, сенікі дұрыс!" — деп айқайлап жіберер ме екем, жоқ, онда мен бұлай айқайлай қоймаспын. Өзімді алдын ала арашалап қояйын дегенім ғой бұл, сондықтан мен жоғарғы үйлесімдіктен бас тартамын. Ол, тым болмаса, сасық әжетханада қамауда отырғанда кішкентай жұдырығымен кеудесін ұрғылап, "жасаған ием" деп көз жасын көл ғып жалбарынған бүлдіршіннің азабына да татымайды! Татымайтыны, оның көз жасы өтеусіз қалған. Ол өтеуге тиіс, әйтпесе үйлесім болмайды. Бірақ сен оны қалай ғана өтерсің? Бұл мүмкін бе екен? Олардан кек алынатынымен өтеле ме? Бірақ оларды жазалаудың, азаптаушыларды дозаққа салудың қажеті не, аналар әлдеқашан азаппен өлген болса, дозақ енді нені түзете алады? Дозақ бар жерде қандай үйлесімдік болмақ: Менің кешіргім келеді, құшақтағым келеді, мен енді ешкімнің қасірет шеккенін тілемеймін. Ал егер балалардың қасіреті ақиқаттың құнын өтеуге қажет қасіреттердің жиынтығын көбейтуге керек болса, онда бүкіл ақиқаттың мұндай бағаға татымайтынын мен күні бұрын ескертемін. Сайып келгенде, мен сәбиін итке талатушымен шешесінің татуласқанын тілемеймін! Анасы бұл жауыздықты кешіре алмайды! Кешіргісі келсе, ол тек өзі үшін кешірсін, ананың ауыр қайғысын ғана кешірсін; бірақ итксе таланған сәбидің қасіретін кешіруге оның хақы жоқ, азаптаушысын баланың өзі кешірсе де, бұл кешіре алмайды! Егер бұлай болса, егер шешесі мен баласы кешіре алмаса, онда үйлесімділік қайда? Бұл жалғанда мұны кешіре алатын және кешіруге хақылы біреу бар ма екен? Мен үйлесімділікті қаламаймын, оны адамзат нәсіліне деген сүйіспеншілікке бола қаламаймын. Маған онан да қарымы қайтпаған қасіретімнің өзі артық. Менікі дұрыс болмаса да мейлі, онан да көрген зәбірім өтеусіз-ақ кетсін, ішті кернеген кегімнің есесі қайтпай-ақ қойсын. Иә, үйлесімділік тым қымбат бағаланбаған, оған кіруге біздің қалтамыз тым жұқа. Сондықтан мен кіретін билетімді тезірек қайтаруым керек. Егер адал адам болсам, билетімді мүмкіндігінше ертерек қайтаруға тиістімін. Мен соны істеп те тұрмын. Алеша, мен құдайды мойындамай тұрғам жоқ, оған тек билетімді аса зор ілтипатпен қайтарып беріп тұрмын.
— Бұл күпірлік қой, — деп күбірледі Алеша төмен қарап тұрып.
— Күпірлігің не? Мен сенен мұндай сөзді күтіп пе ем, — деді ағынан жарылған Иван.
— Күпірлікпен өмір сүруге бола ма, ал менің осылай өмір сүргім келеді. Айтшы, өтінемін — жауап берші: айталық, саған ақырында жұрттың бәрін бақытты ету, оларды сайып келгенде, тату, тыныш тұрмысқа жеткізу үшін адам тағдыры ғимаратын салу керек екен делік, бірақ ол үшін не бары бір жас бөбекті, әлгі қамауда отырып кішкентай жұдырығымен кеудесін ұрғылап зар еңіреген сәбиді қалай да азапқа салу, сөйтіп, жас баланың көз жасына қалып салынатын ғимараттың сәулетшісі болуға сен келісер ме едің? Айтшы, тек өтірік айтпа!
— Жоқ, келіспес едім, — деп күбір етті Алеша.
— Сен осы ғимаратың салынғасын әлгі босқа азаптан өлтірілген сәбидің көз жасымен келген бұл бақытты сол адамдардың қабыл алып, ғұмыр бақи бақытты болып өтеді деген оймен келісесің бе?
— Жоқ, келісе алмаймын. Аға, — деді кенет жанары жарқ ете қалған Алеша, — сен жаңа: бұл жалғанда мұны кешіре алатын және кешіруге хақылы жан бар ма екен? — дедің. Мен айтсам, ондай жан иесі бар, ол бәрін кешіреді, нені болса да, күлісіп кешіре алады, өйткені ол бәрі үшін, күллісі үшін өзінің күнәсыз, таза қанын қиған ғой. Сен оны ұмыттың әлгі ғимаратыңның тірегі сол, "Жасаған ием, сенікі дұрыс, өйткені сенің жолың ашылды!" — деп соған жар салады.
— А, әлгі "бейкүнә жалғыз" ба, соның қаны ма! Жоқ, оны неге ұмытайын, қайта, бұлардың бәрі талас кезінде әдетте әуелі соны бетке ұстап шыға келуші еді, бағанадан бері бұл неге оны ауызға алмайды деп саған таңғалып тұр едім. Білесің бе, Алеша, сен күлме, бір кезде осыдан бір жылдай бұрын мен бір поэма жазған едім. Маған тағы он минут уақытыңды қисаң, соны айтып берер едім.
— Поэма жаздым деймісің?
— О, жоқ, — деп күлді Иван, — өмірінде екі жол өлең шығармаған кісі қалай жазбақ. Бірақ поэманы ойлап шығарып, жаттап алдым. Шабыттанып кетіп ем. Сен менің бірінші оқырманымсың, яки тыңдаушымсың. Жалғыз оқырманымнан айырылып қалатын маған не болыпты, — деп мырс етті Иван тағы да. — Бастайын ба, жоқ па?
— Құлағым сенде, айта бер.
— Поэмам "Ұлы жендет" деп аталады, қисынсыз-ақ нәрсе, бірақ саған айтып берейін.
V
ҰЛЫ ЖЕНДЕТ
— Міне, бұл арада да кіріспесіз болатын емес, яки әдеби кіріспесіз дегенім ғой, тьфу! — деп Иван күліп жіберді, — мені дастан жазды дегенге кім иланады! Байқасаң, менің бұл туындымда оқиға он алтыншы ғасырда өтеді, — әйтсе де, бұл саған мектеп қабырғасынан мағлұм болуға тиіс, — ол кезде поэтикалық шығармаларда көктегі киелі күштерді жерге түсіру дағдылы нәрсе болатын. Дантені сөз етіп те отырғам жоқ. Францияда сот қызметшілері, ал монастырларда монахтар өздерінше әжептәуір қойылымдар көрсеткен болып, құдайана, періштелерді, әулиелерді, Христосты, тіпті құдайдың өзін де сахнаға алып шығатын. Онда мұның бәрі ақ ниетпен істеліп жататын еді. Виктор Гюгоның "Notre Dame de Paris"1-інде француз бекзадасының дүниеге келуі құрметіне Парижде, XI Людовиктің тұсында, ратуша залында "Lc bon jugement de la tris sainte et graciense Vierge Marie"2 деп аталатын аса тағылымды қойылым халыққа тегін көрсетіледі, онда бибі Марияның өзі келіп, bon jugement-iн өзі өткізеді. Бізде, Мәскеуде, сонау Петрге дейінгі бағы заманда, әсіресе көне өсиеттен алынған дәл сондай дерлік драмалық қойылымдар ауық-ауық көрсетіліп тұрған; бірақ, бұл қойылымдардан басқа, бүкіл жер жүзінде ол кезде түрлі хикаялар мен "бәйіттер" де ете көп тараған, бұларда да, қажетіне қарай, әулиелер, періштелер, көктегі құдіретті күштердің бәрі әрекет еткен. Біздегі монастырларда да осындай дастандарды аударған, көшірген, тіпті өздері де жазған және де осының бәрі маңғұл езушілігі кезінде істелген ғой. Мысалы, "Құдайананың азап жолын аралап көруі" деген бір монастырлық дастансымақ бар (әрине, грекшеден аударылған), керемет батыл суреттелуі жағынан Дантеден кем түспейді. Құдайана тозаққа барыпты, "азап жолын аралаған" кезінде оны жебірейіл Михаил бастап жүреді. Ол күнәкарларды, олардың азап шегуін өз көзімен көреді. Жанып жатқан бір көл бар екен, оған тасталған күнәкарлар одан шыға алмай, сонда қала береді; "оларды құдай тағала ұмыта бастаған" деген сөздерде өте терең мән мен құдірет бар. Сөйтіп, қатты қайран қалып, көзіне жас алған құдайана құдіреттің тағы алдында тізе бүгіп тұрып, тозақтағылардың бәріне, оны аралағанда көргендерінің бәріне ала-құлаламай кешірім берілуін өтінеді. Оның құдай тағаламен сұхбаты ғажап қызық, құдайана жалбарынып тұрып алады, құдай оған баласын қол-аяғынан шегелеп керіп қойғанын көрсетіп: мен оның азаптаушыларын қалай кешірмекпін деп сұрағанда, құдайана әулиелердің, дін жолында азап шеккендердің, періштелер мен жебірейілдердің бәріне өзімен бірге тізе бүгіп тұрып, тозақтағылардың бәріне түгел кешірім берілуін сұрауға жарлық етеді. Ақыры ол жасаған иемді жыл сайын, ұлы жұмалықтан троица күніне дейін, күнәкарлардың азапталуын тоқтата тұруға көндіреді, сонда дозақтағылар: "О, жасаған ием, өте дұрыс болды ғой бұлай шешкенің" — деп рахметін жаудырады. Егер сол заманда жазсам, менің дастансымағым да осы секілді бірдеңе болар еді. Менде құдай сахнаға шығады; рас, дастанда ол тіл қатпайды, тек көрінеді де, кете барады. Оның өз патшалығына келемін деп уәде еткеніне міне он бес ғасыр өтті, оның пайғамбары: "Оның келуіне көп қалған жоқ" деп жазғанына да он бес ғасырдың жүзі болды. "Оның қай күні, қай сағатта келетінін тіпті баласы да білмейді, бұл менің көктегі әкеме ғана мәлім" — жерде болған кезінде оның өзі осылай деген. Бірақ адам баласы оны бәз баяғы сенімінен айнымай, жүрегі бұрынғыша елжіреп әлі күтуде. О, тіпті бұрынғыдан да зор сеніммен күтіп отыр, өйткені адамға көктегі кепілдіктің біткенінен бері он бес ғасыр зымырап өте шықты:
Айтқанына сен жүрегіңнің
Аманат жоқ көктен түсер.
Жүрегіңнің лүпіліне сен, өзге ештеңе керегі жоқ! Рас, ол заманда түрлі ғажайыптар да көп болған. Таңғажайып тәуіптер де өткен. Кейбір тақуалардың ғұмырнамасына қарағанда, көк тәңірі жерге түсіп, олармен тілдескен екен. Бірақ пері де жайбарақат жатпаған, сөйтіп 14адам баласында әлгі ғажайыптардың шындығына шүбәланушылық туады. Дәл осы кезде солтүстікте, Алманияда, сұмдық бір жаңа күпірлік басталады. "Шырағданнан айнымайтын" (яки шіркеу секілді) орасан зор жұлдыз дәл бұлаққа келіп түсіп, оның суы кермек татып кетіпті-міс". Осындай сандырақ ғажайыптарды мансұқтап, құдайға күпірлік көрсетеді. Бірақ қалғандары құдайға онан сайын бекем сене түседі. Адам баласының көз жасы бұрынғысынша оған жетіп жатады, ол оны күтеді, оны жақсы көреді, оған сенеді, бұрынғысындай... ол үшін қасірет шегіп, шәйт болуға әзір. Сөйтіп, адам баласы: "О, жасаған ием, пенделеріңе бір көрініп кетсеңші" деп талай ғасырлар бойы үмітпен, емірене жалбарынды, талай ғасыр осылай жалынған соң, жаны ашыған құдайекең өзінің табынушыларына төмен түспекші болады. Ол бұған дейін де жанашырлық білдірген, кейбір тақуалармен, дін жолында азап шегушілермен, қасиетті диуаналармен кездескен — олардың "ғұмырнамаларында" осылай делінген. Бізде өз сөзінің шындығына кәміл сенген Тютчев былай деген болатын:
Удрученный ношей крестной
Всю тебя, земля родная,
В рабском виде царь небесный
Исходил благославляя.
Меніңше, бұл қалайда дәл осылай болған. Сөйтіп, ол азаптанып, қасірет шеккен, жиіркенішті-күнәкар, бірақ оны бейне сәби балаша сүйетін халқына бір сәтке болса да көрінбекші болады. Менің дастанымда оқиға Испанияда, Севильеде, инквизиция қаһарланып тұрған шақта, елде құдай тағаланың мерейі үшін күн сайын жүздеген жерде от лаулаған кезде өтеді; онда былай болып жататын еді ғой:
В великолепных автодафе
Сжигали злых еретиков.
О, бұл, әрине, оның берген уәдесіндегідей, заман ақырында көктегі даңқы жер жарған күйі, "шығыстан батысқа дейін жарқылдаған нажағайдай болып" келуі емес-ті. Жоқ, ол өзінің пенделеріне бір сәтке ғана көрініп кетуге құштар болады және де оларды діннен безген азғындардың оттары лаулап жатқан жерлерден көргісі келеді. Ол осыдан он бес ғасыр бұрын жұрттың арасында адам кейпінде үш жыл бойы жүргендегісіндей, мейірі тасып адамдардың арасынан тағы бір өтеді. Ол кешегі "ғажап діни ерлік" кезінде корольдің, ұлықтардың, рыцарьлардың, кардиналдар мен сарай маңындағы сұлулардың көзінше, Севильенің қарақұрым халқы алдында ұлы жендет кардинал ad majarem gloriam Uci1 үшін жүз шақты діннен безушіні бір-ақ өртеген оңтүстіктегі бір шаһардың "кешегі оттың қоламтасы суын үлгірмеген алаңына" түскен еді. Таңғаларлығы, ол ақырын, көзге түспей келсе де, бәрі оны танып қояды. Бұл, яки жұрттың оны неліктен тани кеткендігі дастанның ең сәтті тұстарының бірі болуы мүмкін еді. Бір құдіретті күш халықты оған үйіріп әкетеді де, жәмиғат оны ортаға алып. айналасына жинала береді, оның соңынан ереді. Шын жаны ашып, жымиып қана күлген ол халықтың арасынан үнсіз өтеді. Оның жүрегінде пенделеріне деген махаббат сезімі Күндей қызады, жанарынан Жарық йен Білім, Күш-Қуат нұры құйылады, сөйтіп осы шұғылалы нұрға шомылған адамдардың жүрегінде енді оған деген махаббат оты туады. Ол пенделеріме емірене қолын созып, пәтиқасын береді, ал қалың жұрт оған, тіпті оның киіміне болса да сәл жанасудан-ақ ғаламат шипагер күшті сезеді. Міне, топтың ішінен бала жасынан басыр болған бір шал оған қолын созып: "Жасаған ием, менің көзімді жазшы, сені көргім келеді" деп жалбарынып еді, қарашықты басқан шел әп-сәтте өзінен-өзі жоғалып, соқыр шал құдай тағаланы көреді. Мұны көргенде көз жасына не бола алмаған жұрт оның табаны тиген 15топырақты сүйеді. Балалар болса оның алдына гүл тастап, ән шырқайды, "Осанна!" деп жар салады. "Сол ғой, соның өзі ғой, — деп жамырасады бәрі, — сол болуға тиіс, одан басқа кім болушы еді". Ол Севилье шіркеуінің баспалдағында тұрған сәтте жылап-еңіреген бір тон адам беті ашық ақ табытты мінәжатханаға алып кіруге көтеріле береді: табытта жатқан бір ақсүйек азаматтың жеті жасар жалғыз қызы екен. Өлген бүлдіршінді гүлге көміп тастапты. Зар еңіреген анаға топтың ішінен біреу: "Жылама, қазір ол сенің қызыңды тірілтеді" деп дауыстайды. Табыттың алдынан шыққан шіркеудің имамы мұны естігенде аң-таң болып, қабағын тыжырады. Осы сәтте азалы ана құдайдың аяғына жығылып зарланып қоя береді: "Егер жасаған ием сен болсаң, жалғызымды тірілтіп бер" деп жалбарынады ол қолын созып. Қаралы топ тоқтап тұрады, кішкентай табыт баспалдаққа, құдайдың аяғына қойылады. Ол іші-бауыры елжірей қарап тұрып: "Талпфа куми" — "Қызым, кәне түрегел" дейді баяу ғана. Табытта жатқан сәби қыз басын көтереді, сосын күлімсіреп отырып, жан-жағына таңдана қарайды. Ақ раушан гүл шоғын қолына ұстаған қалпы. Халық әбігерленіп, улап-шулап, жылап-сықтап жатыр, міне дәл осы сәтте шіркеу алдындағы алаңнан кенет ұлы жендет, кардиналдың өзі өте береді. Бұл тоқсанды қусырып қалған биік бойлы әлі, тіп-тік, жақ еті солып, көзі шүңірейгенмен, оты қайтпаған қос жанары жарқ-жұрқ еткен шал еді. О, ол кеше Рим дінінің дұшпандарын отқа салғанда халықтың алдына шыққан кардиналдың сән-салтанатты киімінде емес-ті, — жоқ, бұл жолы ол кәдімгі тақуаның шұбатылған көнетоз бешпентінде болатын. Анадай жерде тұнжыраған нөкерлері мен құлдары, "қасиетті" сақшылары келеді соңынан еріп. Тобырдың алдына таман келген ол алыстан көз салады. Ұлы жендет бәрін көрген, табытты құдайдың аяғына қойғанын да байқаған, өлген қыздың қалай тірілгенін көргенде жүзі түнеріп те кеткен. Көкшулан қалың қастары түксие қалып, жанарынан зұлымдық оты жарқ-жұрқ еткен. Сонан соң ол қолын сермеп қап, сақшыларына ананы ұстаңдар деп әмір береді. Оның құдіреттілігі, оның ырқынан шықпай, айтқанына көне беруге. халықтың көндігіп алғаны сондай, тобыр қақ айырылып сақшыларға жол береді, сөйтіп кенет орнаған осынау тылсым тыныштықта сақшылар әлгі кісіні бас салып ұстап, алып кетеді. Жендет қарияның алдында тұрған тобыр маңдайлары жерге тигенше заматта бір кісідей иіліп-бүгіле қалады, ал ол болса жұртқа үнсіз бата бергенсіп өте шығады. Сақшылар тұтқынды қасиетті соттың атам заманғы ғимаратындағы күмбез төбелі, тар, түнерген абақтыға әкеліп қамап қояды. Күн батып, Севильенің "тынысыңды тарылтатын" қараңғы, қапырық түні келеді. Ауладан "лавр мен лимон иісі аңқиды". Қараңғы түннің бір уағында кенет абақтының темір есігі ашылып, шырағдан ұстаған ұлы жендет қария баяу басып ішке кіреді. Жалғыз өзі екен, ол ішке кіргесін есік іле қайта жабылады. Ол, бір минут пе, әлде екі минут пе, босағада аялдап тұрып, оның жүзіне көз салады. Ақыры, баяу жақындап келіп, шырағданды үстелге қойғаннан кейін оған былай дейді:
— Сен бе едің? Сенбісің? — Бірақ, жауап естімеген соң, іле-шала тағы былай дейді: — Жауап бермей-ақ қой, үндемесең үндеме. Не айта алушы ең? Сенің не дейтініңді өзім де бек жақсы білемін. Сонсоң, сенің баяғыда айтқаныңа қоса тағы бірдеңе деуге тіпті хақың да жоқ. Сен бізге бөгет жасайын деп келдің бе? Сен бізге бөгет жасауға келдің, мұны өзің де білесің. Бірақ, ертең не болатынын сезесің бе? Мен сенің кім екеніңді білмеймін және білгім де келмейді. Сен болсаң да, немесе оған ұқсас өзге біреу болсаң да, ертең үкім шығарып, дінсіздердің ішіндегі ең қаскүнемі есебінде отқа салып өртеймін, сөйтіп бүгін сенің аяғыңнан сүйген халық ертең-ақ мен қолымды сілтеген сәтте сені өртейтін оттың күлін көсей бастайды, сен мұны сеземісің? Иә, сен бәлкім, мұны білетін де шығарсың, — деді өзінің тұтқынынан бір сәтке де кез алмай, терең ойға батқан ол.
— Иван, мен онша түсінбедім, бұл айтып тұрғаның не? — деп бағанадан бері оны үнсіз тыңдаған Алеша күлімсіреді, — тұп-тура шексіз қиял ма, әлде егде қарияңның қандай да бір қатесі ме, әлде басқа бір қисынсыз gui pro guo?1
16— Соңғысы десең де мейлің, — деп күлді Иван, — егер осы заманғы өмір шындығы сені әбден еркінсітіп жіберіп, қиял дегенді әсте көтере алмайтын халге жетсең — gui pro guo болғанын тілесең — мейлі, солай-ақ болсын. Рас, — деді тағы да күлген Иван, — ол шал тоқсанға келген, демек, оның өз идеясымен әлдеқашан ақылдан адасуы да ғажап емес. Ал тұтқын оны өзінің кескін-кейпімен қайран қалдыруы мүмкін. Ақыр-соңында, бұл әншейінгі сандырақ, тоқсанға келген, оның үстіне кешегі жүз шақты құдайсыздар отқа өртелген діни ерліктің қызуымен есірген шалдың өлерінде көзіне елестеген бірдеңе болуы да ықтимал. Бірақ екеумізге бәрібір емес пе, gui pro guo-сы не, шексіз қиялы не? Бұл арада гәп мынада ғана: шалдың айтып қалуы керек, ақыр-соңында, ол тоқсан жыл іште сақтаған ойын бірінші рет сыртқа шығарып отыр.
— Қалай, тұтқын да үндемей ме? Ләм деместен, оған қарап тұра бере ме?
— Тіпті, әмес осылай болуға тиіс қой, — деп Иван тағы да күлді. — Бұрынғы айтылғанына тағы бірдеңе қосуға оның хақы жоқ деп шалдың өзі ескертіп қойды емес пе. Тілесең, менің пікірімше, Рим католик дінінің ең басты сипаты да нақ осында: "былайша айтқанда, бәрін папаның қолына беріп қойған өзің, демек, енді бәрі папаның құзырында. сен енді мүлде төбе көрсетпесең де болады, тым болмаса, біразға дейін бөгет жасамасаңшы". Олар осы мағынада тек айтып қана қоймай, тіпті жазып та жүр, тым құрығанда иезуиттер сөйтеді. Мұны олардың діндар ғұламаларының жазғандарынан өзім оқығанмын. Менің шалым одан: "Өзің келген әлемнің тым болмаса бір құпиясын бізге ашып беруге хақың бар ма?" — деп сұрайды да, ол үшін өзі жауап береді: "Жоқ, бұрынғы айтылғанға ештеңе қоспау үшін, жерде болғанында өзін барынша жақтаған адамдардың еркіндігін қайтып алмау үшін бұған хақың жоқ. Сенің ендігі айтатыныңның бәрі адамдардың дін бостандығына қол сұғу болады, өйткені ол ғажайып болып естіледі, ал онда, осыдан мың жарым жыл бұрын, саған олардың дін бостандығынан қымбат нәрсе жоқ-ты. Онда: "Мен сендерді ерікті еткім келеді", — деп қақсаған өзің емес пе едің. Міне енді сол "еркін" пенделеріңді көріп тұрсың, — лезде ойға батқан қария күліп жібереді. — Иә, бұл іс бізге қымбатқа түсті, — бірақ біз оны саған бола ақыр аяғына дейін жеткіздік. Біз осы еркіндікпен он бес ғасыр азапқа түстік, ал енді оның бәрі бітті, біржола бітті. Біржола біткеніне сенбеймісің? Неге жуаси қалдың, маған тіпті қабақ та шытпапсың? Біле білсең, бұл адамдар өздерінің кәміл еріктілігіне қазір қай кездегіден болса да әлдеқайда сенімді, оның бер жағында өздерінің осы еркіндігін алып келіп, біздің аяғымызға өз ықтиярымен тастаған тағы да өздері. Бірақ мұны істеген мына біздер, ал сенің тілегенің осы ма еді, осындай еркіндік пе еді?
— Мен тағы да түкке түсінбедім, — деді оның сөзін бөліп жіберген Алеша, — бұл не, мысқылдағаны ма, әлде күлкі қылғаны ма?
— Әсте олай емес. Олар, ақыр-соңында еркіндікті жеңуге қол жеткізгенде, мұның өзін адамдарды бақытты ету үшін істегенін ол өзі мен өз жақтастарының сіңірген еңбегі деп санайды. "Өйткені адамның бақыты жайында алғаш рет ойлануға енді ғана (яки ол, әрине, инквизиция туралы айтып тұр) мүмкіндік туды. Адам баласы бүлікші болып жаратылған ғой; ал бүлікшінің бақытты болуы мүмкін бе? Сені сан рет сақтандырған-ды, — деді ол оған, — сақтандыру мен ақыл-кеңестен, кейде болған жоқсың, бірақ сен оған құлақ астың ба, адамдарды бақытты ететін бірден-бір жолды еш қабылдамадың, бірақ, бақытымызға қарай, кетіп бара жатқаныңда істі бізге тапсырған едің. Уәде еткен өзің, сөзіңмен бекітіп берген де өзің, бізді байлауға да, шешуге де хақылы еткен де өзің, енді келіп біздің осы хақымызды қайтып алуды, әрине, ойлай алмайтын шығарсың. Сен бізге неге келдің, бөгет жасауға ма?"
— Сақтандыру мен ақыл-кеңестен кейде болған жоқсың деген сөздердің мәні неде? — деп сұрады Алеша.
— Шалдың іштегісін айтып қалғысы келгенінің басты себебі де осында ғой.
"Жапан түзде сенімен сұхбаттасқан қорқынышты һәм парасатты рух, өзінен-өзі құрып біту мен жоқтықтың рухы, ұлы рух болатын, — деді одан ары қария, — ол сені "арбап алыпты-мыс" дегенді біз кітаптардан оқығанбыз. Солай ма еді? Оның саған үш сауалда айтқанынан, бірақ сен қабылдамаған, ал кітаптарда "арбау" деп аталған нәрседен артық ақиқат бірдеңені тауып айту мүмкін бе еді? Оның бер жағында, егер бір кезде жер бетінде нағыз керемет ғажайып болса, ол дәл сол күні, осы үш бірдей арбау күні болған. Ғажайыптың мәні нақ осы үш сауалдың тууында. Егер жай байқап көру мен мысал үшін ғана қорқынышты рухтың бұл үш сауалы кітаптардан із-түзсіз жоғалған, сондықтан оларды қалпына келтіру керек те, қайтадан кітапқа кіргізу үшін оларды қайта ойлап шығару қажет, осы мақсатпен жер жүзіндегі барлық данагөйлерді — әмірлерді, әулиелерді, ғұламаларды, пәлсапашыларды, ақындарды жинап алып, оларға: оқиғаның ауқымына сәйкес келіп қана қоймай, оған қоса, не бары үш сөзбен, кәдімгі үш сөзбен ғана бүкіл әлем мен адамзаттың күллі болашақ тарихын бейнелейтін үш сауал ойлап табыңдар деген міндет жүктеуге болады деп ойлау мүмкін болса, — онда сен жер жүзіндегі күллі даналық жиналғанда, күші мен тереңдігі жағынан жапан түзде құдіретті һәм зерделі рух саған қойған үш сауалға ұқсас өзге бірдеңені ойлап таба алар еді деп ойлайсың ба? Бұл арада адамның күнделікті ақыл-парасаты емес, ал мәңгілік, кәміл бірдеңені сөз болып отырғанын осы сауалдардың өзінен-ақ, олардың тууының таңғажайыптығынан-ақ ұғуға болады. Өйткені осынау үш сауалда адамзаттың болашақ тарихы тұтас күйі алғанда күнілгері болжанған және бүкіл жер бетіндегі адам табиғатының шешілмес тарихи қайшылықтарының бәрі тоғысатын үш бейне көрініс тапқан. Ол кезде бұл онша байқалмайтын, өйткені болашақ беймағлұмды, ал қазір, он бес ғасыр өткеннен кейін, осы үш сауалда барлығының толық айтылып, дәл болжанғаны, әбден ақталғаны сонша, оған енді қосатын да, алатын да ештеңе қалмағанын көріп отырмыз.
Кімдікі дұрысын енді өзің шешерсің: сен бе, әлде сонда саған сауал берген бе? Бірінші сауалды есіңе түсірші: сөзбе-сөз болмағанмен, оның мәні мынадай: "Сенің дүнияуи тірлікке кеткің келеді және де оған құр алақан бармақсың, қайсыбір еркіндіктің уәдесінен өзге түгің жоқ, ал олар болса өздерінің қарабайырлығы мен туа біткен жүгенсіздігі себепті мұны түсіне де алмайды және одан қорқады, — өйткені ешқашан да адам мен адамзат қоғамы үшін еркіндіктен төзгісіз ештеңе болған емес! Күнге күйген шөл даладағы ана кесек тастарды көремісің? Сол тастарды жейтін нанға айналдыршы, сонда адамзат баласы сенің соңыңнан малша жамырайды, сен қолыңды тартып алсаң нәпақадан айырыламыз ба деп үнемі үрейленсе де, ал саған риза және көнгіш болады. Бірақ сен адамды еркіндігінен айырғың келмеді де, айтқан ұсынысты қабылдамадың, өйткені, егер бұл көнгіштік бір үзім нанға сатып алынса, ол қандай еркіндік болушы еді? — деп түйдің. Сен адам жалғыз нанмен ғана тіршілік етпейді ғой деп қарсылық білдірдің, бірақ нақ осы ырзығына бола жердің рухы саған қарсы шығып, сенімен шайқасқа түсіп жеңіп шығатынын, сонда бәрі: "Ол бізге кектегі отты әпермек, ондай ізетке қайсымыз ұқсап тұрмыз!" деп жар салып, оның соңынан кете баратынын білесің бе? Талай ғасыр өткен соң, адамзат баласының даналығы мен ілім-білімі ешқандай қылмыс болған жоқ, демек, күнә да жоқ, тек ашыққандар ғана бар деп жариялайтынын білесің бе? "Олардың әуелі қарнын тойғыз, ізгілікті содан кейін сұра!" — саған қарсы көтерілетін байраққа міне осы сөздер жазылады, сенің шіркеуің осы байрақпен қиратылады. Оның орнына жаңа ғимарат тұрғызылады, Бабылдың ғаламат мұнарасы қайта салына бастайды, бұрынғы мұнара сияқты, бұл да аяқталмай қалады, бірақ сен қалай болғанда да, осы жаңа мұнарасыз-ақ бірдеңе ғып амалдап, адамдардың қайғы-қасіретін мың жылға кемітетін едің ғой, өйткені олар өздерінің сол мұнарасымен мың жыл әуре-сарсаң болғаннан кейін бәрібір бізге келеді емес пе! Сонда олар бізді тағы да жер астындағы үңгірлерді паналаған тұрағымыздан (өйткені біз тағы да қуғын-сүргінге түсіп, азап көреміз ғой) іздеп табады да: "Бізге кектегі отты әкеп береміз деушілер уәдесін орындамады, бізге тамақ беріңдерші" — деп жалбарынады. Сонда олардың мұнарасын мына біздер тұрғызып боламыз, өйткені кім тамаққа тойғызса, оны сол аяқтайды, ал сен үшін оларды тамаққа тойғызатын біздер, мұны біз сен үшін істедік деп өтірік айта саламыз. О, еш уақытта, ешқашан да бізсіз олар өздерін асырай алмайды! Олар әзірше еркіндікте болып отырғанда, ешқандай ғылым оларға нан тауып бере алмайды, сонан соң мұның ақыры мынамен бітеді: олар өздерінің еркіндігін біздің аяғымызға әкеп тастайды да: "Онан да бізді құл еткендерің жақсы, тек тамаққа тойғызсаңдар болды" — дейді. Пенде болған соң, бас еркі мен тойып жейтін нанның екеуі бірдей бұйыруы мүмкін емесін, өйткені олар еш уақытта, ешқашан да бұл екеуін өзара бөлісе алмайтынын ақырында өздері түсінеді! Қауқарсыз, бұзық, бейшара, бүлікші болғандықтан, ешқашан да бас еркі бола алмайтындығына да көздері жетеді. Сен оларға көктің ырзығын уәде еттің, бірақ, қайталап айтам, қауқарсыз, ғұмыр бақи дөрекі, ғұмыр бақи пейілсіз адам нәсілінің көз алдында ол жердегі ырзықпен салыстыруға келер ме екен? Егер де көктің ырзығына қызыққан мыңдаған, он мыңдаған жандар сенің соңыңнан кетсе, көктегі ырзыққа бола жердегі ырзығынан айырылғысы келмеген миллиондаған, мың миллиондаған пенделердің халі не болмақ? Әлде саған тек ондаған мың кемеңгерлер мен күштілер ғана қымбат па, ал қалған миллиондар, сені жақсы көретін, теңіздің құмындай қисапсыз көп қауқарсыз қара халық кемеңгерлер мен күштілердің қажетіне ғана жарауы керек пе? Жоқ, бізге қауқарсыздар да қымбат. Олардың бұзық, бүлікші екені рас, бірақ түптеп келгенде ең көнгіш болатын нақ солар. Олар бізге қайран қалады, біздің оларға бас болып. еркіндікке көніп, оларға үстемдік жүргізуге келіскеніміз үшін бізді құдірет санайды — сайып келгенде, еркіндіктің олар үшін сұмдық азапқа айналатындығы — осындай! Бірақ біз: айтқаныңа құлдық, біз сен үшін үстемдік етеміз дейміз. Біз оларды тағы да алдаймыз, өйткені енді енді өзімізге маңайлатпаймыз. Біздің қасірет шегуіміздің мәні нақ осы алдауда, өйткені біз өтірік айтуға тиісті боламыз. Жапан түздегі бірінші сауалдың мәні осы, өзің бәрінен де жоғары санаған еркіндік үшін қабылдамай тастаған нәрсең міне осы. Оның бер жағында, бұ жалғанның ұлы құпиясы осы сауалда жатқан. "Ырзықты" қабылдаған болсаң, онда сен өз атыңнан, сондай-ақ бүкіл адамзат атынан да, екі аяқты пенде біткен ғұмыр бақи аңсаған "Кімге табыну керек?" деген сауалға жауап беруге тиісті болар едің. Еркін қалғаннан кейін жұмыр басты пендеге енді кімге табынатынын тезірек шешіп алудан қиямет, бітпес уайым-қайғы жоқ. Бірақ та, онда ол жаппай табынуға баршасы бірден-ақ келісетіндігіне күмән келтірмейтін біреуді іздейді ғой. Өйткені бұл бейшара жандардың уайымы — тек менің немесе басқа біреудің табынуына татитын кісіні іздеп табуда ғана емес, оған бәрі кәміл сенетін, бәрі бас иетін және де бәрі бірге бас иетін біреуді іздеп табуда. Міне осынау жаппай табыну қажеттігі сонау әлімсақтан бері жеке алғанда әрбір адамның, тұтас алғанда күллі адамзаттың ең үлкен ғазабы болған. Жаппай табынуға бола олар бірін-бірі семсермен тураған. Олар құдайларды ойлап шығарып, біріне-бірі: "Өз құдайларыңды тастаңдар да, біздің құдайларға табынатын болыңдар, әйтпесе өздеріңді де, құдайларыңды да қырып тастаймыз!" деп қоқаңдаған. Ақыр заман туғанша, тіпті бұл дүниеде құдай атаулы жоғалып біткен кезде де осылай болмақ: бәрібір, тым болмаса, пұтқа табынады. Адам табиғатының осы негізгі құпиясын сен білдің, мұны білмеуің мүмкін емес, бірақ сенің алдыңда бас июге барлығын сөзсіз көндіру үшін ұсынылған бірден-бір қасиетті байрақты — жердегі ырзық байрағын сен қабылдамадың, еркіндік үшін сен көктің ырзығын да ысырып тастадың. Содан кейін не істегеніңе көз салшы өзің! Тағы да бәрі еркіндік үшін! Білгің келсе, адамның осынау бақытсыз болып туған пендеге табиғат сыйлаған еркіндікті тезірек ұстатуға болатын біреуді іздеп табудан үлкен уайымы жоқ. Бірақ адамдардың еркіндігіне олардың ар-ұжданым тыныштандыра алушы ғана ие бола алады. Нанмен бірге сенің қолыңа күмәнсіз байрақ есепті нәрсе тиетін еді: бір үзім нан берсең, саған кім табынбайды, өйткені наннан құдіретті ештеңе жоқ, ал егер дәл сол сәтте біреу-міреу оның ар-ұжданын арбап алса — о, онда ол сенің наныңды лақтырып тастап, өзінің ар-ұжданын арбаушының соңынан еріп кете барады. Бұл жөнінен сенікі дұрыс. Өйткені адам болмысының құпиясы тек тіршілік етуде емес, не үшін өмір сүруде. Өзінің не үшін жер басып жүретінін бекем ұғынбайынша, адам өмір сүруге келіспейді, онда ол, тамағы тоқ. көйлегі көк тұрмысқа бөлегі қойсаң да өлгенді артық көреді. Бұл солай ғой, бірақ ақыры не болды: адамның еркіндігіне ие болуың керек еді, ал сен олардың бұл еркіндігін тіпті өсіре түстің! Әлде сен жақсылық пен жамандықты ажырата білуді еркін таңдаудан гөрі адамға тыныштықтың, керек десең елімнің де қымбат екенін ұмытқансың ба? Жұмыр басты пендеге ар-ұждан еркіндігінен ардақты ештеңе жоқ, бірақ мұнан артық қияметі және жоқ. Сөйтіп, адамның ар-ожданын біржола тыныштандыруға берік негіз болатын нәрсенің орнына — сен ғажайып, жұмбақ һәм бұлыңғыр бірдеңелерді таңдап алдың, адамның күші жетпейтін нәрсенің бәрін жинап алдың, сол себепті сен оларды мүлде жаратылғандай әрекет қылуға бардың, — сонда мұны істеген кім дейміз: олар үшін жанын пида қылуға келуші істеген! Адамның еркіндігіне ие болудың орнына, сен оны көбейтіп жібердің де, оның жан дүниесін ғұмыр бақиға салдың да қойдың. Сен адамның ерікті махаббатын көкседің, мұны сен өзіңе елігіп алып, тәнті болған пенденің саған өз еркімен еріп кетуі үшін істедің. Адам ежелгі берік заңның орнына, тек бір өзіңді пір тұтып, ненің жақсылық, ненің жамандық екенін бұдан былай еркін жүрегінің қалауымен өзі шешуге тиісті болды, — бірақ та, егер таңдау еркіндігі секілді сұмдық азаппен езетін болса, түптің түбінде ол сенің бейнеңді де, сенің шындығыңды да қабылдамай қоятынын, онымен келіспей қарсы дау айтатынын сен неғып ойламағансың? Ақыр-соңында, олар шындық сенде емес деп айқай салады, өйткені сенің оларды уайым-қайғы мен шешілмес міндеттерге душар еткенің соншалық, бұдан артық әбігерленіп, азапқа түсу мүмкін емес-ті. Сонымен, сен өз патшалығыңды күйретудің негізін өзің қалағансың, бұған енді ешкімді кінәлама. Оның бер жағында саған айтылғаны осы ма еді? Бұл қауқарсыз бүлікшілердің ар-ожданын олардың бақыты үшін мәңгі-бақи басып, тізгіндеп ұстай алатын күш жер бетінде үшеу ғана, — ол күштер: ғажайып, құпиялық және бедел. Сен біріншісін де, екіншісін де, үшіншісін де мойындамадың және бұған өзің үлгі көрсеттің. Құдіретті һәм данагөй рух сені шіркеудің мұнарасына қойып: "Егер сен құдайдың перзенті екеніңді білгің келсе, онда қазір төмен қарай құлайтын бол, өйткені адамды періштелер қағып алып, көтеріп әкетеді, сөйтіп ол жерге құлап мертікпейді делінген ғой, хақ тағаламның перзенті екеніңе сонда көзің жетеді және әкеңе қаншалықты сенетініңді де дәлелдейсің" дегенде, сен оны жай тыңдадың да қойдың, оның айтқанына көніп, төменге құлаған жоқсың. О, әрине, бұл арада сен, құдай есебінде, тәкаппарлық көрсетіп, тамаша істедің, бірақ адамдар, осынау бұлқынған қауқарсыз нәсіл — олар құдай ма екен? О, онда сен тек бір аттап, төмен құлауға оңтайлана берген сәтте-ақ, құдайды сезе қойып, оған деген сенімнен ада болғаныңды, сөйтіп өзің құтқармақшы болып келген жерге құлап өлетініңді, сонда сені азғырған данагөй рух бұған қуанып кететінін түсіне қойдың. Алайда, қайталап айтайын, сен сияқтылар көп пе? Мұндайға басы жұмыр пенделер де төзе алады деп бір сәтке болса да ойлағаның ба? Адам баласы ғажайыпты еш қабылдамайтындай, өмірінің осындай қатерлі сәттерінде, ең қорқынышты деген көкейкесті, қиын сауалдарға келгенде не істесе де тек жүрегінің қалауымен істейтіндей етіп жаратылған ба екен? О, сен ерлік істеріңнің кітаптарда сақталып, талай заманға кетіп, жер шетіне дейін жететінін білдің де, өзіңнен үлгі алған пендең де, ғажайыпты керек қылмай, құдаймен бірге болатынына сеніп қалдың. Бірақ сен адам ғажайыпты сәл ғана мойындамаса болғаны, сол сәтте ол құдайды да мойындамай кететінін өйткені ол құдайдан гөрі ғажайыпты көбірек аңсайтынын білмедің. Адам ғажайыпсыз отыра алмайтындықтан, өзіне жаңа бір ғажайыптарды ойлап табады, бұл оның өз ғажайыптары болады, сөйтіп, жүз мәрте бүлікші діннен безген, құдайсыз болса да, бақсының тәуіптігіне, қатынның сиқырына табынады. Сені қорлап, мазақтап: "Сен екендігіңе сенейік, кәне крестен түсші" — деп айқайлағанда да сен крестен түспегенсің.
Ал түспеген себебін, сен тағы да адамды ғажайыппен құлданғың келмеді, ғажайыпқа сенуді емес еркін сенімді көкседің. Аңсағаның құдіреті күштінің алдында тітіреген тұтқынның құлдық ұрып шұлғығаны емес, еркін махаббат болатын. Бірақ сен бұл жолы да адам жөнінде тым асқақ пайымдадың, өйткені адам дегеніңіз, бүлікші болғанмен, құлдыққа жаратылған ғой. Ойлап қарасаң, міне он бес ғасыр өтіпті, сол адамдарға енді барып бір қарашы: кімдерді өзіңе теңестіре көтергенсің? Адам сенің ойлағаныңнан гөрі әлсіздеу, төменшік болып жаратылған, бұған мен ант етемін! Сен істеген іс оның қолынан келер ме екен, әй қайдам? Оны соншама құрметтегенде, сен оған енді жаның ашымайтын секілді болдың, өйткені оған тым көп талап қойдың, — оны өзінен артық жақсы көрушінің бүйткені таңғаларлық! Азырақ құрметтегеніңде одан азырақ талап етер едің де, мұның өзі махаббатқа бір табан жақын болар еді, себебі оның жүгі жеңілдер еді. Ол қауқарсыз, оның үстіне арамза. Біздің билігімізге қарсы оның барлық жерде бас көтергендігінде және мұның өзін мақтан еткендігінде не тұр? Бұл баланың, шәкірттің мақтаны. Сыныпта бұзақылық жасап, мұғалімін қуып шыққан кішкентай балалар не, бұлар не. Бірақ балалардың масайрауы да бітеді, сонда олар қапы опық жейді. Олар шіркеулерді құлатып, жерді қанға бөктіреді. Бірақ, бүлікші болғанмен, қолынан түк келмейтін қорқақ, қауқарсыз бүлікшілер екенін зердесіз балалар ақыр-соңында түсінеді. Оларды бүлікші етіп жаратушы, күмән жоқ, әдейі күлкі ету үшін осылай еткенін де көз жасын көл ғып мойындайды. Олар мұны назаланып айтады, сондықтан мұның өзі құдайға күпірлік ету болып шығады, бұдан олар онан бетер бақытсыз болады, неге десеңіз, адам табиғаты күпірлікті көтермейді, сөйтіп, сайып келгенде, ол бұл үшін сазайын тарта қоймайды. С онымен, сау адамдардың үшін осыншама азап шеккеннен кейін олардың пешенесіне бұйырғаны — тынышсыздық, абыржу мен бақытсыздық болып отыр! Сенің ұлы пайғамбарын алғаш рет қайта тірілуге қатысушылардың бәрін көргенін, оларың саны әр ұрпақтан он екі мыңнан болғанын көрген түстей ғып, астарлап айтады. Алайда, егер осыншама көп болса, онда олар адамдар емес, құдайлар болғаны ғой. Олар сен душар еткен қасіретке шыдап бақты, ондаған жыл шөл далада жел обып, тамыр-тұмырды талғажау еткен аш-жалаңаш тіршілікке көнді — осынау еркіндікпен, еркін махаббат перзенттерін, олардың бір сен үшін өз еркімен осындай керемет құрбандыққа барғандығын сенің әрине, мақтанышпен айтуына болады. Бірақ олардың не бары бірнеше мың болғанын, оның өзі де құдайлар екенін есіңе алып көрші? Ал қалғандары ше? Мықтылар шыдаған азапқа төзе алмағаны үшін қалған қауқарсыз пенделер неліктен кінәлі болмақ? Осыншама сұмдық сыйлықты бойына сыйғыза алмаған дәрменсіз жандарлы не үшін кінәлаймыз? Әлде сен өзің шынында да, жақсы-жайсаңдарға бола және тек солар үшін ғана келіп пе едің? Егер олай болса, мұның өзі біз түсінбейтін бір құпия болғаны ғой. Ал егер құпия болса, онда біздің сол құпияны уағыздап, оларды ең маңыздысы — жүректің еркін қалауы емес, махаббат та емес, ал ар-ожданынан тысқары, санасыз мойынсұнуды тілейтін құпия деп үйретуге хақымыз барды. Біз солай істедік те. Сенің ерлігіңді түзетіп, ғажайыпты, құпия мен беделді оның түп негізі еттік. Сөйтіп, өздерін қайтадан малша айдағанына, осынша азапқа салған ондай сұмдық сыйлықтан бастан құлақ садақа деп, ақыры, құтыла алғанына жәмиғат қуанып қалды. Айтшы, осылай үйретіп, осылай еткенде, біз дұрыс істедік пе? Адамзат баласының дәрменсіздігін соншама мойынсұна зерделеп, оның тағдырын махаббатымызбен жеңілдетіп, оның дәрменсіз жаратылысының күнәкарлығына, біздің рұқсатымызбен болса да, мәулет берілгенде. біздің оны шынымен-ақ сүймегеніміз бе? Енді несіне келдің, бізге бөгет қылуға ма? Момақан кездеріңмен үн-түнсіз, неге мөлие қарайсың маған? Неге ашуланбайсың, сенің махаббатыңа зар емеспін, мен сенің махаббатыңа құштар болып тұрғам жоқ. Мен сенен нені жасырамын? Әлде мені кіммен сөйлесіп тұрғанын білмейді деймісің? Менің не дейтінім саған мәлім ғой деймін, мұны көзіңнен-ақ сезіп тұрмын, Сонан соң, бұл құпияны сенен жасыратын кісі мен бе? Бәлкім, сенің оны нақ менің аузымнан естігің келетін шығар, онда тыңдағын: біз сенімен бірге емеспіз, ал онымен біргеміз, біздің құпиямыз осы! әлдеқашаннан бері сенімен емес, онымен біргеміз, бұған жүзі бояды, Оған дейін сегіз ғасыр бұрын жер бетіндегі патшалық атаулының түгел көрсеткеннен кейін оның саған ұсынған ең соңғы сыйлығын сен наразы болып қабылдамаған соң, біз қабылдап алғанбыз: біз одан Рим мен билік иесінің семсерін қабылдап алып, тек өзімізді ғана жер бетіндегі патшаларымыз және бірден-бір патшалармыз және де ісімізді әлі күнге тындырып үлгермесек де, бірден-бір патшалармыз деп жарияладық. Сонда бұған кім кінәлы? О, бұл іс әлі күнге бастапқы кезеңінде қалып отыр, бірақ ол басталған іс. Оның тамамдалуына әлі талай уақыт керек, оған дейін қара жердің көрер қасіреті әлі де көп болмақ, бірақ біз мақсатымызға жетеміз, билік иесі боламыз, адамдардың бүкіл әлемдік бақыты жөнінде міне сонда ойлаймыз. Ал сен билік иесінің семсерін сонда-ақ қолыңа ала алатын едің ғой. Сен осы соңғы сыйлықты неге қабылдамадың? Құдіретті рухтың осы үшінші ақыл-кеңесін қабылдағаныңда, сен адам баласының жер бетінен іздегенінің бәрін тауып беретін едің, яки: кімнің алдында бас иіп кімге ар-ұжданын беруді, адам баласынын үшінші және ең соңғы азабы бүкіл әлемдік бірігу болғандықтан, ақыр-соңында, барлық адамдардың құмырсқа илеуіндей ұжымдасқан, күмәнсіз жалпы бірлігіне жетуді шешетін едің. Адамзат баласы тұтас алғанда қалайда бүкіл әлемдік бірлестікке әрқашан ұмтылған ғой. Ұлы тарихы бар ұлы халықтар көп болған, бірақ ол халықтар неғұрлым жоғары көтерілген сайын, соғұрлым бақытсыз болған, өйткені адамдардың бүкіл әлемдік бірігуі қажеттігін олар басқа халықтардан гөрі күштірек сезген. Жер-жиһанды жаулап алуға тырысқан ұлы жаугершілер Ақсақ Темір мен Шыңғыс хан жер бетін дауылдатып өткен, бірақ олар да, адамзат баласының бүкіләлемдік, жаппай бірлігінің нақ сол ұлы қажеттігін санасыз түрде болса да білдірген. Жер-жиһанды қабылдап алып, билік иесінің құдіретті қызыл шапанын иығыңа ілген болсаң, дүниежүзілік патшалық құрып, барша әлемде тыныштық орнататын едің ғой. Өйткені адамдардың ар-ұжданын билік етіп, олардың жейтін нанын қолында ұстаушыдан басқа кім оларға әмірін жүргізе алады. Біз билік иесінің семсерін қолымызға алдық, сонан соң, әрине, сенен теріс айналып, соның етегінен ұстадық. О, олардың еркін ақыл-парасатының, ілім-білімінің озбырлығымен, бірінің етін бірі жеген жауыздықпен әлі талай ғасыр өтеді, өйткені олар өздерінің Бабыл мұнарасын бізсіз тұрғызбақшы болғандықтан, бірінің етін бірі жеумен тынбай қоймайды. Міне, сонда хайуаның біздің аяғымызға келіп жығылып, табанымызды жалайтын болады, оның көзінен аққан қанды жас аяғымызды жуады. Сөйтіп, біз оған мініп отырып "Құпия!" деген жазуы бар зеренді көтереміз. Адамдарға тыныштық пен бақытты өмір сонда, тек сонда ғана орнайды. Сен өзіңнің қалаулыларыңды мақтан тұтасың, сенің құзырыңда тек солар ғана, ал біз болсақ баршаны тыныштандырамыз. Сосын бәрі солай ма екен өзі: осы қадауды дегендердің қаншамасы, қалаулы болуға тиісті күштілердің көбісі сені күтуден, ақыры, қажып біткен, сол себепті олар рухының күш-қуаты мен жүрегінің жалынын басқа нәрсеге бағыштады, бұдан былай да соған бағыныштайды, сөйтіп ақыры өздерінің еркін байрағын нақ сенің үстіңнен көтереді. Бірақ ол байрақты сен өзің көтеріп қойдың. Ал бізде барлығы бақытты болады, бұдан былай, сен берген еркіндік тұсындағыдай, барлық жерде бүлік те шығармайды, бірін бірі қырып-жоймайды да. О, олар өздерінің еркіндігінен бас тартып, бізге бағынғанда ғана шын ерікті болатындығына біз олардың көзін жеткіземіз. Сонда қалай, біздікі дұрыс бола ма, әлде өтірік болып шыға ма? Сенің берген еркіндігің оларды қандай сұмдық құлдық пен ашынуға душар еткенін еске түсірген соң біздікі дұрыстығына олардың өзінен-өзі көзі жетеді. Еркіндіктің, еркін ақыл-парасат пен ілім-білімнің оларды шытырманға әкеп киліктіріп, керемет ғажайыптар мен шешілмес құпияларға тап қылатыны соншалық, олардың кейбіреулері, қайсарлары мен қаталдары, өзін-өзі мерт қылады, ал басқалары, қайсар болғанмен, қауқарсыздары, бірін бірі құртады, ал үшіншілері, қалған қауқарсыздары мен бейшаралары, біздің аяғымызға келіп жығылып: "Иә, сіздердікі дұрыс екен, оның құпиясын ашқан тек сіздер екенсіздер, сондықтан біз сіздерге қайта ораламыз, тек өзімізден-өзімізді құтқарыңыздаршы", — деп жалбарынады. Нанды біздің қолымыздан алғандықтан, олардың өз нанын өзіне ешбір ғажайыптарға бармай-ақ үлестіріп бергенімізді, әрине, айқын көретін болады, біздің қара тасты нанға айналдырмағанымызды да көреді, алайда олар шындығында нанның өзінен гөрі, оны нақ біздің қолымыздан алғанына көбірек қуанады! Өйткені бізге дейін олардың тапқан наны қолға ұстай бергенде тасқа айналып кеткенін, ал енді бізге қайта оралғаннан кейін сол тастар қолға ұстаған соң қайта нанға айналғанын олар жадында бекем сақтайтын болады. Ғұмыр бақи мойынсұну дегеннің не екенін олар өте-мөте жоғары бағалайтын болады! Адам баласы қашан осыны пайымдағанша бақытсыз болмақ. Айтшы, осы түсінбеуге көбірек жәрдемдескен кім? Тобырды бөлшектеп, әр тараптағы беймағлұм жолдарға таратып жіберген кім? Алайда тобыр қайтадан бірігіп, қайтадан аяғымызға келіп жығылады және де бұл жолы біржола бағынады. Сонда біз оларға тынышталып, мойынсұнған пенденің бақытын, дәрменсіз болып жаралған пенделердің бақытын береміз. О, біз оларды ақыры тәкаппарсымауға көндіреміз, өйткені сен оларды қолпаштаймын деп тәкаппарлыққа үйреттің. Біз олардың дәрменсіздігін, олардың әлі әлжуаз сәбилер екенін, бірақ бұ жалғанда сәбидің бақытынан тәтті еш нәрсе жоғын дәлелдеп береміз. Сонда олар момақан болады, момын болады, бізге жаутаңдап тұратын, сөйтіп қорыққанда мекиеннің бауырына тығылған балапандарша, бізді паналайтын болады. Олар бізге қайран қалып, бізден зәре-құты қашатын болады, осындай мың миллиондаған тобырдың аптығын басқан біздің күш-қуатымыз бен ақыл-парасатымызды мақтан ететін болады. Олар біздің қаһарымыздан қалтырап жүреді, ақыл-ой шошынып, балалар мен әйелдерше, көзінде жасы мөлтілдеп тұрады, бірақ олар біз жылы қабақ білдірген сәтте-ақ шаттанып, күлімдеп жүре береді, балаша қуанып, мәз-мәйрам болып ән салады. Иә, біз оларға жұмыс істетеміз, бірақ қолдары босағанда біз олардың өмірін көңілді ән шырқалып, қарапайым би биленетін баланың ойыны іспеттес етеміз. О, біз олардың күнәсын да кешіреміз, дәрменсіз жандардың күнәсына көз жұмғанымыз олар бізді жас балаша жақсы көретін болады. Біз оларға, егер біз рұқсат еткен болсақ, кешірілмейтін күнә жоқ дейміз; олардың күнәкарлығына біз жақсы көргендіктен көнеміз, сонан соң бұл күнәға тиісті жазаны, мейлі, өз мойнымызға аламыз. Осылай істейміз де, өйткені жасаған иемнің алдында олардың күнәсын өзіне алған есіркеушілер деп бізді қадір тұтатын болады. Сөйтіп, олар бізден ешқандай құпия сыр сақтамайды. Олардың әйелдерімен, ашыналарымен тұру-тұрмауына, балаларының болу-болмауына рұқсат ету немесе тыйым салу да — мұның бәрі олардың мойынсұнуына қарай — біздің құзырымызда болады, олар бізге шат-шадыман болып, қуанышпен бас иеді. Олар ар-ұжданның ең қиямет құпияларын — бәр-бәрін бізге жайып салатын болады, біз бәрінің шешімін табамыз, ал олар біздің бұл шешімімізге қуана-қуана сенеді, өйткені бұл оларды жалғыз өзінің өз бетімен шешуінің қазіргі орасан уайымы мен қисапсыз қасіретінен құтқарады. Сөйтіп жүздеген мың басқарушылардан басқа, сан миллион адамдардың бәрі бақытқа жетеді. Өйткені тек біздер, құпияны сақтаушылар, біздер ғана бақытсыз болмақпыз. Мың миллиондаған бақытты сәбилер мен жақсылық пен жамандықты ажыратудың қарғысын мойнына жүктеген жүз мың қасірет шегушілер ғана қалады. Олар үнсіз кетеді, сен үшін тыныш көз жұмады, сөйтіп ақиреттің есігін ашқасын ғана өлмек. Бірақ біз құпияны іште сақтаймыз да, оларды көктегі мәңгіге есесі қайтуымен қызықтыра береміз, мұны солардың бақыты үшін істейміз. Өйткені, егер ақиретте бірдеңе бар болса, онда ол, әрине, ондайларға арналмаған шығар. Сені қайтып келіп, тағы да жеңіске жетеді, өзінің тәкаппар, құдіретті қалаулыларын ертіп келеді деп гуілдесіп, сөз қылып, сәуегейсіп жүргендер бар, бірақ біз олар өздерінің қара басын ғана құтқарған болатын, ал біздер баршаны құтқардық демекпіз. Хайуанға, аңға аттай мініп алып, құпиясын құшақтап отырған зинақор қатын масқара болады, дәрменсіздер қайта бас көтеріп, оның қызыл күрең шапанын быт-шыт қып жыртып, "Варам" тәнін жалаңаштайды деп гуілдеседі. Онда мен түрегеліп, саған әлі күнәнің дәмін татпаған мың миллиондаған бақытты сәбилерді көрсетемін. Бақытсыз болсын деп олардың күнәсын мойнымызға алған біздер сенің алдында тұрып: "Егер қолыңнан келсе және бұған дәтің барса, кәне, бізді соттап көрші" — дейміз. Білгің келсе, мен сенен қорықпаймын. Білгің келсе, жапан түзде мен де тентірегенмін, мен де жел обқанмын, тамыр-тұмырды талғажау қылғанмын, сен батаңды беріп адамдарға сыйлаған еркіндікке мен де бата бергенмін, саған ерген қалаулылардың, "санатқа ілігуге" құштар құдіреттілер мен күштілердің қатарына енуге мен де әзірленгенмін. Алайда мен тез есімді жиып, ессіз есерлікке қызмет етуден бас тарттым. Мен қайта оралып, сенің ерлігіңді түзетушілердің тобына қосылдым. Тәкаппарлардан кеттім де, момындардың бақыты үшін сол момындарға келіп қосылдым. Саған бұл айтқанымның бәрі іске асады, біздің патшалығымыз орнамай қалмайды. Қайталап айтам, бізге бөгет жасауға келгенің үшін ертең сені отқа салып өртегенімде, осынау елгезек тобырдың қолымды бір сілтеп қалғанда-ақ оттың қызыл шоғын жалма-жан көсей бастайтынын өз көзіңмен көресің. Өйткені, егер отқа салып үйтуімізге лайық біреу бар болса, ол сенсің. Ертең сені өртеймін. "Dixi!"1
Иван іркіліп қалды. Ол қызбаланып, елігіп сөйлеген еді; сөзін аяқтаған соң, кенет жымиып күлді.
Оны үн қатпастан, соңына таман тіпті қатты толқып тыңдаған, оның сөзін бөлуге талай рет оқталғанмен, тегі, өзін тежеп ұстаған Алеша, бейне бұғаудан босағандай болып сөйлеп кетті.
— Бірақ... мынауың ағаттық қой! — деді шаңқ еткен ол жүзі күреңітіп. — Дастаның, өзің қалағандай... мансұқтау болмай, Исусты марапаттау болып шыққан. Сенің еркіндік туралы айтқаныңа кім иланады? Бұл қалай, еркіндікті солай ұғу керек пе екен! Православие дініндегі ұғым солай ма екен... Бұл Рим, онда да күллі Рим емес, бұл жалғандық — католиктердің ең жексұрындары, жендеттер, иезуиттер!.. Сенің мына жендетің сияқты қиялдағы біреудің болуы тіпті мүмкін емес. Ол адамдардың қандай күнәлары — бұл күнәларды неге өздеріне алған? Құпияны сақтаушылар дегені кімдер, олар адамдардың бақыты үшін қайдағы бір қарғысқа неге ұшырайды? Оларды қашан көріпті? Біз иезуиттерді білеміз, олар туралы пікір жаман, алайда сенің иезуиттерің сондай ма? Мүлде ондай емес, әсте... Олар жер-жиһанда келешекте орнамақ Римнің бас діндары-императоры билейтін бүкіл әлемдік патшалыққа арналған кәдуілгі римдік әскер ғана... олардың ешқандай құпиясыз, қастерлеген мұңсыз мұраттары осы... Жай әншейін билікті, боқ дүниенің қызығын, өздері бай-бағлан болып алатын келешектегі басыбайлы құқық секілді құлдануды көксеу бұл.. міне бар болғаны осы ғана. Олар, бәлкім, құдайға да сенбейтін шығар тіпті. Сенің қасіретшіл жендетің бос қиял...
— Тоқта, тоқта, — деп күлді Иван, — сен өзің қызып барасың ғой. Мейлі, қиял десең дей бер! Әрине, қиял бірақ өзің ойлап қарашы: сен соңғы ғасырлардағы осынау католиктік қозғалыстың бәрі, шынында да, боқ дүниенің қызығына бола билік жүргізуді көксеу ғана деп ойлағаның ба? Мұны саған Пансий пірәдар үйреткен жоқ па еді?
— Жоқ, жоқ, Пансий пірәдар, қайта, бірде тіпті сенің осы айтқаныңа ұқсас бірдеңені... алайда, ол, әрине, мүлде басқа бірдеңе болатын, — деді сасып қалған Алеша.
— Әйтсе де сенің: "мүлде басқа бірдеңе" дегеніңе қарамастан, мынау аса бағалы мағлұмат екен. Менің сенен сұрағаным да сол: сенің иезуиттерің мен жендеттерің тек боқ дүниенің қызығына бола бірігетіні несі? Олардың арасында адамзатты шын сүйетін және ол үшін азап шегуге әзір тұратын қасіретшіл біреу неліктен болмауы керек? Былай жорамалдап көрелікші: боқ дүниенің қызығынан өзгені ойламайтындардың ішінен жапан түзде өзі де тамыр-тұмырды талғажау ғып, өзіне еркіндік алу және мінсіз жетілу мақсатында өзінің тәнін тізгіндей алғанына есірген менің жендет шалым сықылды, тым болмаса, біреу табылған екен делік; сонан соң ол адамзат баласын өмір бойы сүйіп келіп, күндердің бір күнінде санасы оянып, құдай тағаланың қалған сан миллион пенделері тек мазақ үшін жаралғандығына олар өздерінің бас еркіне еш уақытта ие бола 17алмайтындығына, бейшара бүлікшілерден мұнараны салып бітіретін алыптар ешқашан да шықпайтындығына кемеңгер идеалист үйлесімділік туралы армандағанда мұндай қаздарға үміт артпағандығына көз жеткізген соң, адамның мінсіз жетілген ерік-жігерінің жан рақаты мардымсыз екендігін көзімен көрген екен делік. Осының бәрін зерделегесін ол қайтып келіп... ақымақ жандарға қосылған ғой. Неғып осылай болмады екен?
— Кімдерге, қайдағы ақылман жандарға қосылыпты? — деп қызбалана айқайлап жіберді Алеша. — Оларда ондай ақыл да, ондай құпия мен жасырын сыр да жоқ... Олар — құдайсыздар ғой, барлық құпия осы ғана. Сенің жендетің құдайға сенбейді, оның бар құпиясы осы!
— Мейлі, солай-ақ болсын! Ақыры, сен дәл түстің. Шынында да солай, барлық құпия шынында да тек осында; бірақ бүкіл өмірін жапан түздегі ерлік ісіне сарп етсе де, адамзатқа деген сүйіспеншіліктен айықпаған, сондай біреуге болса да қасірет емес пе екен бұл? Дәрменсіз бүлікшілердің, "күлкі үшін жаратылған, шала піскен жандардың" қалт-құлт тіршілігін тек ұлы қорқынышты рухтың ақыл-кеңесімен ғана қамтамасыз етуге болатындығына оның көрер жарығы таусылар шақта ғана айқын көзі жетеді. Сөйтіп бұған көзі жеткен соң, ол зерделі рухтың, өлім мен бүліншіліктің қорқынышты рухының ақылымен жүру керегін ұғады, бұл үшін өтірік пен алдап-арбауды қабылдап адамдарды өлім мен бүліншілікке қарай бастау қажеттігін, сонсоң осынау көрсоқыр бейшаралар, тым болмаса, жолда өздерін бақытты сезінуі үшін оларды қайда апара жатқанын білмесін деп жол бойы алдау керегін де түсінеді. Байқаймысың, шалдың өмір бойы кәміл сенген мұраты алдау-арбау екен! Бақытсыздық емей не бұл? Егер "боқ дүниенің опасыз қызығынан өзгені ойламайтын" бүкіл осынау қалың қолды басқаруға сондайлардың біреуі келсе, онда қайғы-қасіретке ұшырау үшін осының өзі-ақ неғып жеткілікті болмас екен? Ол ол ма: ақыр-соңында, барлық әскерімен, иезуиттерімен қоса қабат күллі римдік іс-әрекеттің шынайы басшылық идеясы, осы істің жоғарғы идеясы табылуы үшін басшылық етуші осындай жалғыз біреудің өзі де жеткілікті. Саған турасын айтсам, қозғалыстың басы-қасында тұрғандардың арасында мұндай жалғыз-жарымдардың ешқашан азаймағандығына мен кәміл сенемін. Кім біледі, ондай бірен-сарандар, бәлкім, римдік бас діндарлардың арасында да болған шығар. Кім біледі, адамзат баласын осыншама беріле һәм елден ерек сүйетін сол қарғыс атқан шал, бәлкім, көптеген сондай жеке қариялардың тұтас бір тобыры түрінде қазір де тірі шығар және де кездейсоқ емес, бейбақыт, дәрменсіз, жандары үшін, құпияны сақтау үшін әлдеқашан құрылған жасырын одақ түрінде, келісім есебінде бар шығар. Бұл сөзсіз осылай және нақ осылай болуға тиіс те. Маған тіпті масондардың түп негізінде де дәл осы құпия тәрізді бірдеңе бар секілді, католиктер оларды сол себепті жек көріп, өздерінің бақталасы санайтын табын да біреу, бақташы да біреу болуға тиістігіне қарамастан, идея бірлігін бөлшектеу деп қарайтындар секілді болып көріне береді... Әйтсе де, мен өз ойымды қорғағанда сенің сыныңа төтеп бере алмаған жазушыға ұқсадым ғой деймін. Жетер, осымен тамамдайын енді.
— Бәлкім, сен өзің масоп шығарсың! — деп қалды Алеша кенеттен. Сен құдайға сенбейсің ғой, — деді ол сосын қатты мұңайып. Бұған қоса, ағасы оған мысқылдай қарайтындай көрінген. — Дастаның немен аяқталады, әлде бітіп те қалды ма? — деп сұрады ол кенет төмен қарап тұрып.
— Мен оны былай тамамдамақ едім: жендет сөзін аяқтағасын өзінің тұтқыны қалай жауап берер екен деп біраз күтіп тұрады. Оның үндемегеніне жендет қана болады. Бірақ оның бағанадан бері мұның жанарынан көз алмай, тегі, ешқандай наразылық та білдіргісі келмегендей, сөзін ықыласымен, тыныш тыңдағанын ол байқаған. Жанға бататын, ащы шындықты айтса да мейлі, шал оның әйтеуір бірдеңе дегенін тілеген. Алайда ол ләм деместен, тоқсандағы шалға жақындап барады да. кезерген ернінен ақырын сүйеді. Бар жауабы осы ғана. Шал селк етеді. Оның езуінен қандай да бір емеурін сезілгендей болады; ол босағаға қарай барып, есікті ашып тұрып: "Жүре бер, бірақ енді қайтып оралма... мүлде келме... ешқашанда, еш уақытта көрінбе!" — дейді оған. Сөйтіп, оны "шаһардың қараңғы алаңына" шығарып жібереді. Тұтқын кете барады.
— Ал шал қайтты?
— Ернінен сүйгені жүрегін жандырса да, шал бұрынғы идеясынан таймады.
— Онымен бірге сен де солайсың ғой? — деді Алеша күйінішпен. Иван күліп жіберді.
— Алеша-ау, мұның сандырақ екенін неғып сезбей тұрсың; өмірінде екі шумақ өлең жазбаған зердесіз студенттің парықсыз шатпағы емес пе бұл Жоқ нәрсені шын көргенің не? Оның ерлік ісін түзетуші адамдардың тобырына қосыла кету үшін мені иезуиттерге жүгіре жөнеледі деп ойлаудан саусың ба өзің? Құдай сақтасын, өйтетіндей не болыпты маған! Саған айтпадым ба: маған ілдалдалап отызға жетсем болды, ар жағында — қолымдағы зеренді жерге бір-ақ лақтырамын!
— Жабысқақ жапырақшаларды, қымбат бейіттерді, көгілдір аспанды, сүйікті аруларды қайтпексің! Қалай өмір сүрмексің, оларды қалай сүймексің? — деді күйінішпен Алеша. — Көкірегің мен басың мұндай сұмдыққа тұнып тұрғанда, бұл мүмкін бе? Жоқ, сен соларға барып қосылу үшін ғана кетіп бара жатырсың... өйтпесең, өзіңді-өзің мерт қыласың, шыдамайсың!
— Бәріне төзетін ондай күш бар! — Иван ызғарлы мысқылмен күбір етті.
— Ол қандай күш?
— Карамазовтардың... карамазовшыл арамза күш ол.
— Бұзықтыққа белшеден батып, жаныңды азғындыққа қор қылу ма, солай ғой, а?
— Мүмкін, солай да болар... тек отызға дейін, бәлкім, өйте қоймаспын, ал ар жағын...
— Қалай өйтпейсің? Қандай амалың бар? Мынадай оймен ол қолыңнан келмейді.
— Тағы да карамазовшылаймын.
— Бұл "барлығына рұқсат" етілгендіктен бе? Әй, қайдам, барлығына рұқсат бола қояр ма екен?
Иван қабағын түйді, сосын бір түрлі бозарып кетті.
— А, Миусовты шамдандырған кешегі бір ауыз сөзді енді сен іліп әкеткенің бе? — деп зілдене мырс етті ол — Сол арада Дмитрийдің аңғалдықпен киліге кетуінің жөні жоқ-ақ еді... Егер олай делініп қалса, онда: "барлығына рұқсат" дей бер. Безінбеймін. Сонсоң, Митеньканың түзеріңкірегені де жаман болған жоқ.
Алеша оған үнсіз қарап тұрған.
— Бауырым, алыс жолға аттанғалы жатқанымда бұл дүниеде, тым болмаса, сен барсың ғой деп көңілге медеу тұтып едім, — деді заматта тебіреніп кеткен Иван, — байқаймын, менің сүйкімді тақуам, енді сенің жүрегіңде де маған орын жоқ секілді. Мен "Барлығына рұқсат" деген қағидадан бас тартпаймын, онда тұрған ештеңе жоқ, бірақ осыған бола сен менен безбейтін шығарсың деймін, солай емес пе?
Алеша түрегеліп, ағасына жақындап барды да, оның ернінен ақырын ғана сүйді.
— Әдеби ұрлық қой бұл, сен мұны менің дастанымнан ұрлағансың! — деп бір түрлі шаттана қалған Иван айқайлап жіберді. — Алайда, рахмет. Түрегел, Алеша, кеттік, саған да, маған да кететін уақыт болды.
Олар сыртқа шыққасын трактирдің баспалдағында біраз тұрды.
— Былай, Алеша, — деді Иван бекем үнмен, — егер жабысқақ жапырақшаларға шынында да шамам келсе, онда мен оларды сені еске ала отырып сүйетін боламын. Осында бір жерде тірі жүргенің жетеді маған, сен барда өмірден түңілмеспін деймін. Саған осы жеткілікті ме? Қаласаң, бұл сөзімді сені жақсы.көретінімді айтқаным деп біл. Ал енді сен оңға, мен солға кетемін - жетер, естимісің, жетер. Яки, егер ертең алда-жалда кете алмасам (бірақ кететін шығармын), сөйтіп екеуміз әлде қалай тағы бір кездессек, сен бұл тақырыпта ләм деп ауыз ашпайсың. Қатты өтінемін. Сонсоң, Дмитрий жөнінде де, сенен ерекше өтінемін, менімен енді ешқашан да әңгіме бастама, барлығы таусылған, бәрі сан рет айтылған, солай емес пе? — деді тағы да ол кенет қабақ шытып. — Ол үшін мен, өз тарапымнан, саған бір уәде беремін: Отызды қусырған шақта "қолымдағы зеренді жерге бір-ақ лақтырғым" келгенде, қайда жүрсең де, тағы бір сұхбаттасу үшін саған... Америкадан болса да келемін, мұны біліп қой. Әдейі келемін. Сонда сенімен тағы бір жүздесуден артық ғанибет болар ма екен: онда сен қандай боласың? Көремісің, анау-мынау емес, салтанатты уәде бұл. Ал шындығында екеуміз, кім біледі, бәлкім, жеті, не он жылға қоштасып тұрған шығармыз. Ал енді өзіңнің Рахег Seraphicus-ыңа бар, ол әл үстінде жатыр ғой; сен жоқта өліп кетсе, мені бөгеп қалып еді деп, маған өкпелеуің мүмкін. Көріскенше күн жақсы, мені тағы бір сүйші, міне былай, сосын кете бер...
Иван жалт бұрылып, өз жөнімен кете барды, артына бір қараған да жоқ. Кеше Алешадан ағасы Дмитрий де осылай кетіп еді, бірақ оның жөні басқа болатын. Осал сәтте ақыл-ойын қайғы-қасірет билеген мұңлы Алеша бір нәрсені байқағанда қайран қалды. Ол ағасының артынан біраз қарап тұрған. Иванның бір түрлі шайқала басып бара жатқанын, артынан қарағанда, оның он иығы сол иығынан төмен секілді көрінетінін Алеша енді ғана байқады. Бұрын мұны еш уақытта сезген емес еді. Сонсоң, ол да жалт бұрылып, монастырьға қарай жүгіре жөнелді. Ымырт үйіріліп қалған, сондықтан ол қорқайын деді; оның ішінде жаңа бір сезім үдей түскен-ді, бірақ ол бұған жауап таба алмас еді. Кешегідей, тағы да жел көтерілді, ол мінәжатхана орманына кірген соң, айналадағы тұнжыраған жүз жылдық зәулім қарағайлар гуілдей жөнелді. Ол жүгіре басып келе жатқан. "Paxcr Seraphicus"— бұл есімді ол бір жерден алған, бірақ қайдан алды екен? — деп ойлады Алеша. — Иван, қайран бауырым, сені енді қашан көрер екем... тәңірім-ау, мінәжатханаға да жетіп қаппын ғой! Иә, иә, бұл соның өзі, бұл — Paxcr Seraphicus, ол мені... одан мәңгіге құтқарады!".
Иванмен қоштасқаннан кейін ол Дмитрийді таңертең ғана, не бары бірнеше сағат бұрын, қалайда іздеп таппақшы болған үлкен ағасын, тіпті сол түні монастырьға қайтпаса, көрмей кетпеуге бекінгенін қалай ғана тез ұмытқанын кейіннен бірнеше рет таң-тамаша болып есіне түсірген еді.
VI
ТЫМ БҰЛЫҢҒЫР ТҰСПАЛ
Алешамен қоштасқан соң, Иван Федорович өзі жатқан үйге, яки Федор Павловичтікіне келе жатқан. Бірақ, бір ғажабы, ол өзінен-өзі жабырқап, үйге жақындаған сайын әлдене еңсесін көтертпей езе берген. Таңғаларлығы — оның жабырқағандығында емес, ал осы жабырқауының мәнін ұға алмағандығында болатын. Ол бұрын да жиі жабығатын, сондықтан осында келуге соншама ынтықтырған нәрседен кенет ада-күде безініп, күні ертең-ақ шұғыл бетбұрыс жасауға бекініп, неден үміттенетінін білмесе де, келешегіне таудай үміт артып, өмірден күтетіні көп болса да, одан нені күтетінін де, тіпті өзінің нені тілейтінін де анықтай алмағанмен, бұрынғысынша, жападан-жалғыз жаңа, беймәлім жолға түсуге тәуекел еткелі тұрғанда оның жабырқап сала бергеніне таңданбаса да болатын еді. Оның көңіліне кірбің түсірген шындығында да осы жаңа, беймәлім жолдың қамы болғанмен, дәл осы минутта оны күйзелткен әсте бұл емес-ті. "Бұл туған әкенің отбасына жеркеніштен емес пе екен? — деп ойлады ол ішінен. — Көңілі суынып біткен секілді, бүгін сол қарғыс атқан табалдырықтан соңғы рет аттауға бара жатса да, бәрібір жеркенішті...". Жоқ, бұлай емес. Әлде Алешамен қоштасқасын, онымен әңгімелескесін бе екен: "Ел-жұртқа қаншама жыл үн қатпай, ләм демей келіп, енді кенет соншама сандырақтағаным не". Шынында да, мұның өзі жастық шақтың ысылмағандығы мен даңғойлығының жастыққа тән өкініші, өзі үлкен үміт артқан Алеша сияқты адамға іштегі сырын ақтарып үлгермегендігінің өкініші болуы да мүмкін еді. Әрине, бұл да, яки осы өкініш те жоқ емес-ті, тіпті қалай да болуға тиісті де еді, бірақ бұл да жабырқауына себепке жарамайды. "Әбден жабығып бітті деген осы, алайда, не тілейтінімді пайымдауға дәрмен жоқ, қайтем соны. Ойламай-ақ қойсам ба екен..."
Иван Федорович "ойламай" да көрді, бірақ, мұның да септігі тимеді. Ең өкініштісі, ол, бұл жабығу, сырттай қарағанда әлдеқандай кездейсоқтығымен қапаландырады; бұл сезіліп тұр. Кейде іс үстінде немесе қызу әңгіме кезінде бірдеңенің көз алдында қасарып тұрып алатыны сияқты, қазір де бір жерде дәл сондай бір зат немесе жанды нәрсе көзге шыққан сүйелдей тұрып алған тәрізді, сен оны байқамайтын секілдісің, солай бола тұрса да, тегі, ашу қысып, қиналатындайсың, сонсоң, ақыры, әлгі керексіз нәрсені итеріп тастау қажеттігін аңғарасың, ал ол затың көбіне-көп күлкілі, әншейін бірдеңе, ұмытылып орнына қойылмаған бір зат, еденде жатқан орамал, шкафқа қойылмаған кітап және т.б. бірдеңе болып шығады. Жаны құлазып, ашу кернеген Иван Федорович ақыры әкесінің үйіне де жетті, қақпаға көзі түскен сәтте өзін осыншама қапаландырып, мазасыздандырған не нәрсе екені ойына сап ете қалды.
Қақпа алдындағы ұзынша орындықта, кешкі салқын ауада малай Смердяков демалып отыр екен; Иван Федорович бағанадан бері өзінің көкейінен кетпей, жанын түршіктіре берген осы малай Смердяков екенін оны көзі шалған сәтте-ақ түсінді. Кенет бәрі айқын түсінікті болды. Бағана Алеша өзінің Смердяковпен қалай кездескенін әңгімелеген кезде жанға бататын, жеркенішті бірдеңе жүрегіне шөңгедей қадала кеткендей болып, оны лезде ашу қысқан еді. Кейін, әңгіме үстінде, Смердяков біразға дейін оның есінен шыққан, бірақ мүлде ұмытылмаған-ды; сонан соң, Иван Федорович Алешамен қоштасып, жалғыз өзі үйге бет түзеген сәтте ұмытылған сезім қайта оянып, сыртқа біліне бастаған еді. "Сол жексұрын неменің мені осыншама мазалай алғаны ма!" — деп ойлады ол ішін ыза кернеп.
Неге десеңіз, Иван Федорович соңғы кезде, әсіресе кейінгі күндері Смердяковты шынында да өте жек көріп кеткен еді. Мұның тіпті біртіндеп өшпенділікке ұласып бара жатқанын да сезген. Оның бұл өшпенділігі алғашта, Иван Федорович бізге келген кезде, екеуінің қарым-қатынасы мүлде басқаша басталғандығынан өршуі де мүмкін. Иван Федорович онда Смердяковқа кенет ерекше қайырымдылық көрсетіп, оны тіпті өзгелерге ұқсамайтын алабөтен жан деп те санаған. Оның топастау немесе дұрысырақ айтқанда, парықсыз екеніне үнемі қайран қалып, "осынау сырттай байқаушыны" не нәрсе тыныштық бермей, ұдайы мазалайтындығын байыптап жатпаса да, оны өзімен әңгімелесуге үйір қылған мұның өзі болатын. Екеуі пәлсапа мәселелері туралы да, тіпті күннің көзі, ай мен жұлдыздар төртінші күні ғана жаратылса, алғашқы күні жарық қайдан түскені және мұны қалай ұғу керектігі жөнінде де әңгімелескен: істің мәні әсте күннің көзінде, ай мен жұлдыздарда еместігіне, бұлар өте қызықты нәрселер болғанмен, Смердяковқа үшінші дәрежелі дүниелер екендігіне, шындығында оған мүлде өзге нәрсе қажеттігіне Иван Федоровичтің көп ұзамай-ақ көзі жеткен. Қалай болса да, кеудесіне нан піскен намысқойлық, қараптан-қарап қорланған намысшылдық сезіліп, біртіндеп көріне бастаған да. Иван Федоровичке бұл мүлде ұнамаған. Оның Смердяковты жек көруі осыдан басталған. Сонсоң үй іші ырың-жырың болды, Грушенька келіп килікті, ағасы Дмитрийдің хикаялары басталды, бәрі әуре-сарсаңға түсті — екеуі бұл жөнінде де әңгімелескен: Смердяков бұл жайында әманда қатты тебіреніп сөйлегенмен, осы сәтте оның өзі не тілейтінін білу бәрібір мүмкін емес-ті. Еркінен тыс сезілген бірақ әрқашан бұлыңғыр кейбір тілектерінің қисынсыздығы мен жөн-жосықсыздығы тіпті таңғаларлық еді. Ол қайдағы жоқ жанама сауалдарды ойлап тауып, бірдеңені қалай да біліп алғысы келіп тұратын, бірақ өзіне не керегін әсте түсіндірмейтін, әдетте ол әлде еместе нені шабыттана сұрап отырып кенет тына қалатын немесе сөзін басқа жаққа бұра салатын. Бірақ Иван Федоровичті ақыры ыза ғып, оны ит етінен жек көруге жеткізген басты себеп — Смердяковтың оған күннен-күнге көбірек сездіре бастаған әлдеқандай жеркенішті, алабөтен әдепсіздігі еді. Оны дөрекілік көрсетті деуге болмас, керісінше, онымен әрқашан зор ілтипатпен сөйлесетін, алайда, неге өйткенін құдай біледі, Смердяков түптеп келгенде өзін бір ыңғайда Иван Федоровичпен тілектес адаммын деп есептейтіндей, өзара келісіп алған бейне бір құпиясы бардай, екеуінің бір кезде екеуара сыр ғып айтысқан, тек өздеріне ғана мәлім, ал айналадағы басқа адамдар әсте түсіне алмайтын бірдеңе бардай әуенмен сөйлесетінді шығарған еді. Бірақ Иван Федорович өзінің оны неліктен осыншама жек көретіндігінің шын себебін көпке дейін түсіне алмаған, ақыры істің мәнісін ол тек соңғы кезде ғана пайымдаған болатын. Тұла бойын жеркеніш сезімі билеп, сескенген Иван Федорович қақпа алдында отырған малайға қарамастан, үндемей өтіп кетпекші еді, Смердяков орындықтан түрегелді, осыдан кейін оның мұнымен бір ерекше әңгімесі барын ол бірден сезе қойды. Иван Федорович оны көргесін тұрып қалды, ілкіде ғана оны байқамағансып өте шығамын деп келе жатып, енді неліктен тоқтағанына өзіне-өзі ыза болды. Самай шашын қайыра тарап, шөкімдей айдарсымағын үрпитіп қойған Смердяковтың әтектің әлпетінен айнымайтын, арса-арса бетіне ол ішін ыза кернеп, жеркене қарады. Малайдың сәл сығырайған сол көзі: "Қайда барасың, тоқтай тұрсаңшы, көрмейсің бе, екеуміз секілді зерделі жандар ұшырасып қалғанда сөйлесуі керек қой"—дегендей, қулана жымың-жымың етеді. Қалшылдап кеткен Иван Федорович:
"Аулақ жүр, оңбаған, сендей ақымақпен дос болатын мені кім деп ең!" — дегісі келіп тұрғанмен, тілінің ұшына мүлде өзге сөздің оралғанына өзі де қайран қалды, ол:
— Әкем не ғып жатыр, тұрды ма, әлде әлі ұйықтап жатыр ма? — деп жайлап қана, баяу күбір еткенін өзі де сезбеді, сонсоң орындыққа қалай отыра кеткенін де аңдаған жоқ. Сонда бір сәтке зәресі қалай ұшқанын ол кейін есіне алған. Смердяков қолын артына ұстап, оған батыл, тіпті сұстылау қарап, оның алдында тұрған еді.
— Әлі тұрған жоқ, — деді ол жайбарақат үнмен ("Сөз бастаған мен емес, өзің ғой" дегендей). — Мырзекесі, менің сізге тіпті таңым бар, — деді сәл үнсіздіктен кейін бәлдене көз салған Смердяков оң аяғын ілгері қойып, лакталған бәтеңкесінің тұмсығын қимылдатып ойнап тұрып.
— Сен маған неге таңғаласың? — деді зығырданы қайнаған Иван Федорович зілдене, үздік-создық сөйлеп; сонсоң ол өзін керемет бір әуестік сезімі билеп бара жатқанын аңғарды да, одан бірдеңені біліп алмай кетпеуге бекінді.
— Мырзекесі, сіз Чермашняға неге бармай жүрсіз? — Смердяков көзін жалт еткізіп, дөрекі ыржиды. Оның сығырайған сол көзі: "Ақылың бар болса, неге күлгенімді өзің де ұғуға тиістісің ғой" — деп тұрғандай еді.
— Мен Чермашняға неге баруым керек? — деп Иван Федорович таңғалды.
Смердяков тағы да үндемеді.
— Сізден тіпті Федор Павловичтің өзі жалынып сұрамап па еді, — деп ол, ақыры, асықпай жауап қатты; ол өзінің жауабына өзі мән бермегендей, әйтеуір бірдеңе деу керек болғасын әншейін айта салып тұрмын ғой деген сыңай танытқан еді.
— Ә, сен сайтан, ашығырақ неге айтпайсың, саған не керек өзі? — деп зекірді, ақыр-соңында, бағанадан бергі шыдамы енді дөрекілікке ауысқан Иван Федорович ыза кернеп.
Смердяков ілгері қойған он аяғын қайтадан сол аяғына тақап қойып, бойын тіктеп ұстаған соң, бәз баяғы жайбарақаттығымен оған бұрынғысынша жымия қарап тұра берді.
— Пәлендей ештеңе жоға... әншейін ғой, сөз болсын деп...
Тағы да үнсіздік орнады. Екеуі бір минуттай үн қатқан жоқ.
Иван Федорович өзінің қазір атып тұрып ашуға басатынын білді, ал Смердяков: "Ашуланар ма екенсің, ашуланбас па екенсің, қазір керейін мен сені?" — деп оның алдында күтіп тұрғандай еді. Қалай болғанда да Иван Федоровичке осылай көрінген. Сонсоң ол түрегелейінші деп шайқалып қалды. Смердяков керек сәтті дөп басты.
— Иван Федорович, менің халім мүшкіл, тіпті не қыларға да білмеймін, — деп сөзін бөліп-бөліп, нықтап айтқан ол соңғы сөзінде күрсініп қойды. Иван Федорович қайтадан отырды.
— Екеуі де әбден дарақыланған, тіпті бала болған ба дерсің, — деді одан ары Смердяков. — Әкеңіз бен ағаңыз Дмитрий Федоровичті айтамын. Міне қазір ол, Федор Павлович, төсегінен тұрады да менен: "Келген жоқ па? Неге келмеді екен?" — деп минут сайын сұрай бастайды, осылай түн ортасына дейін, тіпті түн ортасынан ауғанша маза бермейді. Аграфена Александровна тағы да келмегеннен кейін (өйткені оның, мүмкін, бұл үйге еш уақытта аяқ басқысы да жоқ шығар), ертеңіне таңертең: "Ол неге келмеді? Неліктен келмеді, қашан келеді екен?" — деп маған тағы да жабысады — сонда оның мұнда келмегеніне мен кінәлымын ба? Екінші жағынан, тағы солай, ымырт үйірілісімен-ақ, кейде одан да ерте, әкіреңдеп ағаң келеді осы маңға, қолына мылтығын алып: "Сен жексұрын сорпашы, байқа: егер оны байқамай қалсаң, оның келгенін маған хабарламасаң, — ең алдымен сені құртамын" — деп кідіңдейді. Түн етіп, таң атқан соң, Федор Павлович сияқты ол да: "Неге келмеді, қашан келер екен?" — деп мені тергей бастайды, — сонда олардың кербез бикештерінің келмегені үшін тағы да мен кінәлі болуым керек пе. Екеуінің күн сайын, сағат сайын мені жерден алып жерден салатыны сонша, кейде қорыққанымнан мұнан да асылып өлгенім артық шығар деп те ойлаймын. Мырзекесі, мен олардан үміт үздім.
— А, онда неге киліктің бұл бәлеге? Дмитрий Федоровичке неге бәрін жеткізіп тұратын болдың? —деді Иван Федорович ренішті үнмен.
— Килікпеуге мұршамды келтірді ме? Егер бәрін анық білгіңіз келсе, мен мүлде киліккен жоқпын. Қарсыласуға батылым бармаған соң, әу бастан-ақ үндемейтін болдым ғой, мені өздеріне Личарда секілді малай етіп алған олардың өздері. Содан бері: "Егер оны кіргізіп жіберсең, сен жексұрынның жоқтауыңды бір-ақ асырамын!" — деп кідіңдегеннен басқа түк білмейді. Мырзекесі, ертең оңайлықпен басылмайтын қояншығым ұстап қалмаса жарар еді.
— Оңайлықпен басылмайтыны қалай?
— Ауруым ұстағанда оңайлықпен басылмайтын, тіпті тым ұзаққа созылатынын айтам. Бірнеше сағатқа, немесе бір күнге, екі күнге де кетуі мүмкін. Бірде үш күнге созылғаны бар, онда шатырдың астынан құлаған едім; қалшылдағаным бір сәтке басылады да, содан кейін қайта басталады; үш күн бойы есімді жия алмадым. Онда Федор Павлович осындағы доктор Герценштубені шақыртып еді, ол төбеме тек мұз баса берді, сосын тағы бір дәрі берді... Өлетін шығармын деп ем.
— Қояншықтың дәл қай сағатта ұстайтынын күнілгері болжау мүмкін емес дейді ғой. Ертең ауруым ұстайтын шығар деп сен қалай айта аласың? — деп сұрады оның сәуегейсігеніне қитыға қалған Иван Федорович.
— Болжауға болмайтыны рас.
— Оның үстіне сен онда шатырдың астынан құлаған болатынсың.
— Шатырдың астына мен күнде көтерілемін, ендеше ертең тағы құламасыма кім кепіл. Одан құламасам, жерқоймаға құлауым мүмкін ғой, қажет болғанда мен жерқоймаға да күнде түсемін.
Иван Федорович оған ожырая қарады.
— Байқаймын, сен шатып кеттің білем, айтқаныңнан түк түсінсем бұйырмасын тіпті, — ол баяу сөйлесе де, үні қаһарлы шықты, — сірә, ертең қояншығым ұстады деп үш күн жатып алмақшысың ғой, а?
Жерге қарап, тағы да он аяғының ұшын қимылдатып тұрған Смердяков енді оң аяғын орнына қойып, сол аяғын ілгері басқан соң, басын көтере беріп мырс етті де, былай деді:
— Егер тіпті сол айла, яки қояншығым ұстағансып жату менің қолымнан келсе, — өйткені басынан көшірген адамға бұл онша қиын болмаса керек, — өз өмірімді ажалдан арашалап қалу үшін менің осы амалға да толық хақым бар; себебі мен талып жатқанда Аграфена Александровна оның әкесіне келген күнде де, ауру кісіден ол: "Неге айтпадың?" — деп сұрай алмайды. Ұяты жібермейді.
— Е, сайтан! — ызадан бет әлпеті бұзыла қалған Иван Федорович еңсесін тез көтеріп алды, - сенің өлтіреді деп осынша шыжалақтайтының не! Дмитрийдің бұл қоқан-лоқысының бәрі жай қызбалық, өзге түк те емес. Сені өлтіріп қайтеді; басқа біреудің өлтіруі мүмкін, бірақ сені емес!
— Шыбын құрлы көрмейді, мені ең алдымен құртады. Менің бәрінен жаман қорқатыным: алда-жалда әкесіне бір жамандық істеле қалса, мені сыбайлас деп санамай ма?!
— Сені қалай оның сыбайласы деп есептемек?
— Егер мен олардың құпия белгісін айтып қойсам, сыбайлас демегенде қайтеді?
— Ол неғылған белгі? Кімге айтып қойып едің? Жын соққыр-ау, айқынырақ айтсаңшы!
— Сізден несіне жасырайын, — деді тәптіштеп сөйлеген Смердяков, — бұл арада Федор Павлович екеуміздің бір құпиямыз бар еді. Шалың, мұны өзіңіз де білуге тиістісіз (егер тек білгіңіз келсе), түн баласында немесе тіпті ымырт жабылысымен-ақ бөлмесін іштен жауып алатынды шығарғанына міне бірнеше күн. Сіз кешке қарай ертерек ораласыз да, жоғарыдағы бөлмеңізге көтерілесіз, ал кеше тіпті ешқайда шыққан да жоқсыз, сондықтан оның бұл күндері бөлмесін іштен тас қып жауып алатынын, мүмкін, білмейтін де шығарсыз. Тіпті Григорий Васильевичтің өзі келсе де, оны даусынан танып алмай, ашпас еді. Бірақ Григорий Васильевичтің оған келетін шаруасы жоқ, өйткені енді оның жанында болып, оған қызмет ететін тек мен ғана, — Аграфена Александрамен осы сергелдең басталғалы бері шалдың өзі солай ұйғарған; бұл күндері, тағы да оның жарлығы бойынша, мен ауладағы үйге барып түнеп жүрмін, бірақ түн ортасынан ауғанша жатпаймын, ауланы аралап жүріп, Аграфена Александровнаның келгенін күтемін, өйткені оның бикешті күтіп есеңгіреп жүргеніне бірнеше күн болды. Шалың былайша пайымдайды: ол, дейді, одан қорқады; одан дегені — Дмитрий Федорович (ол оны Митька деп атайды); сондықтан Грушенька маған түннің бір уағында ауланың ішімен келуге тиіс; сен, дейді, оны түн ортасына дейін, тіпті одан да көбірек тос. Келе қалса жүгіріп маған келесің де, есікті немесе бақ ішіне қараған терезені тықылдата қоясың: әуелі екі мәрте ақырын ғана: бір-екі, сонсоң үш мәрте тезірек: тук-тук-тук. Сонда, дейді, мен оның келгенін сезе қоямын да, саған есікті ақырын ғана ашамын. Егер төтенше бірдеңе бола қалса, мұны хабарлаудың белгісі өз алдына: әуелі екі мәрте тез тықылдату: тук-тук, содан кейін, сәл кідіріңкірегесін тағы бір рет қаттырақ тықылдату қажет. Сонда ол кенеттен бірдеңе болғанын, менің оны қалай да көруге тиісті екенімді түсінеді де, маған есік ашады, мен ішке кіріп, келген шаруамды айтамын. Аграфена Александровна өзі келе алмаған соң, хабарын жеткізуге біреуді жұмсаған күнде де мен осылай етуге тиістімін; сонсоң, Дмитрий Федорович те келуі мүмкін ғой, демек, оның да үйге жақындап қалғанын ескертуім керек. Ол Дмитрий Федоровичтен жаман қорқады, ендеше, тіпті Аграфена Александровна оған келіп, екеуі бөлмеде оңаша жабылып алған кезде Дмитрий Федорович келіп жетсе, үш мәрте тықылдатып, мұны да сөзсіз хабарлауға міндеттімін; сондықтан бірінші белгінің бес тықылы: "Аграфена Александровна келді" — дегенді білдірсе, екінші белгінің үш тықылы: "өте-мөте қажет шаруам бар" — деген сөз: бәрін қайта-қайта көрсетіп, түсіндірген шалдың өзі. Бұл белгілерді ол екеумізден өзге тірі пенде білмейді, сол себепті шал ешбір күмәнданбастан және дауыстап сұрамастан (өйткені ол тіпті дыбыс шығаруға қорқады) есікті аша береді. Міне, осы белгілер енді Дмитрий Федоровичке де мәлім болды ғой.
— Неге мәлім болады? Айтып қойдың ба? Бұған сенің қалай ғана дәтің барды?
— Қорқуымның себебі де, міне, осы. Дмитрий Федоровичтен қалай жасырам, бұған батылдығым жете ме? "Сен мені алдап жүрсің, сен менен бірдеңені жасырасың, солай емес пе? Мен екі аяғыңды бірдей сындырамын!" — деп құдайдың құтты күні дігірледі де тұрды. Сосын, тым болмаса, оған жарамсақтанып тұратынымды көрсін, сөйтіп оны алдамайтыныма, көрген-білгенімді жеткізіп тұратыныма көзі жетсін деп әлгі құпия белгілерді айтып қойғаным қара басып.
— Егер ол осы белгілерді пайдаланып үйге кіруге әрекеттенеді деп күмәндансаң, оны кіргізбейтін бол.
— Сұмдық өжеттігін біле тұра, оны үйге кіргізбеуге тіпті батылдығым жеткен күнде де, ауруым ұстап жатсам, мен мұны қалай істемекпін.
— Әй, сені жын соққан ба өзі! Қояншығым ұстап қалса қайтем деп неге қақсай бересің, құдай төбеңнен ұрғыр-ау? Сен, немене, мені мазақ қылмақсың ба?
— Өзімнің зәре-құтым жоқта, сізді қалай мазақ етпекпін, сосын менде күлкі етуге дәрмен бар ма? Ауруым ұстап қалатынын сезем, аян беретін секілді, мұндайда үрейден-ақ талып түсіресің.
— Ә, құрысын! Жатып қалатын болсаң, онда күзетке Григорий шықсын. Тек оны алдын ала ескертіп қой, ол кіргізе қоймас деймін.
— Мырзаның бұйрығынсыз мен оған құпия белгілерді мүлде айта алмаймын. Григорий Васильевичтің күзетке шығуына келсек, ол кешелі бері науқастанып жатыр, Марфа Игнатьевна ертеңнен бастап оған өзінше ем-дом жасамақ. Бағана солай етуге келістік. Олардың ем-домы да қызық: Марфа Игнатьевна керемет бір тұнбаның сырын біледі, үйінде үнемі бір шөптің күшті тұнбасын ұстайды. Григорий Васильевич құяң болған кісіше белінен қимылдай алмай қалғанда, кемпірі оны жылына үш мәрте осы тұнбамен емдейді. Марфа Игнатьевна сүлгіні тұнбаға малып алып, шалының белін жарты сағаттай ысқылайды, қашан сүлгі құрғап, бел омыртқа тұсы қызарып, долырғанша ысқылай береді, содан кейін шынының түбінде қалғанын дұға оқып шала-шарпы үшкіргесін оған біраз ішкізіп жібереді, бірақ кемпірің өзін де ұмытпайды, сарқындысын өзі ішіп қояды. Сөйтіп, ішпейді дейтін шал-кемпір, сізге өтірік маған шын, сол жерге қылжия кетіп, қаннен-қаперсіз ұзақ ұйықтап жатады. Мұндайда Григорий Васильевич ертеңіне құр атқа мінгендей болып әбден сауығып кетеді, ал Марфа Игнатьевна әрқашан басы зеңіп оянады. Ендеше, егер Марфа Игнатьевна өзінің осы ем-домына кіріссе, онда Дмитрий Федоровичтің келіп жеткенін байқап, оны үйге кіргізбеуге олардың мұршасы келе қояр ма екен. Тырқиып жатады ғой.
— Не деп мыжып кеттің! Әдейі істелгендей, барлығы қалайша бірден қиюласа кетеді; сенің қояншығың ұстай қалады, ал шал-кемпір ішіп алып ұйықтап жатады! — деп зіркілдей жөнелді Иван Федорович. — Осылай оп-оңай қиюласатындай етіп жүрген сенің өзің емес пе? — деді бұдан кейін ол қабағына қара бұлт үйіріліп.
— Мен қалай қиюластырмақпын... егер бәрі тек Дмитрий Федоровичке ғана, оның басына келген ойға ғана байланысты болса, мен мұны қалай істемекпін... Ол бір бәлені істегісі келмесе, мен оны қолынан жетектеп әкеп, әкесінің бөлмесіне желкесінен итеріп кіргізбеймін ғой.
— Егер, өзің айтқандай, Аграфена Александровнаның тіпті келетін ойы болмаса, онда Дмитрий мұнда не үшін келеді, оның үстіне жасырын келіп қайтеді, — деді ызадан сұрланып кеткен Иван Федорович, — сен өзің айтып тұрсың ғой, сосын шалдікі бос қиял екендігіне, ол малғұнның мұнда аяқ баспайтынына осында келіп тұрғалы бері мен де сенімді болатынмын. Егер ол мұнда келмесе, Дмитрийдің шалда не шаруасы бар? Айтсаңшы! Мен сенің ойыңды білгім келеді.
— Менің не ойлайтынымды қайтесіз, білгіңіз келсе өзіңіз біле бермейсіз бе? Мен ауырып жатқан кезде тек өзінің ызақорлығынан келсе де, немесе өзінің күдікшілдігінен келсе де, ол кешегідей: көзге түспей бірдеме ғып өтіп кетпеді ме екен деп шүбәланып, оны бөлмелерден іздей бастайтын шығар. Ол Федор Павловичтің үлкен конвертке үш мың сомды салып, кішкене лентамен буып, үш жерден мөр басқан соң, сыртына өз қолымен: "Егер келе қалса, менің періштем Грушенькаға беріледі", — деп жазып қойғанын да анық біледі; үш күннен кейін шал: "әм балапаныма" — деп қоса жазып қойған. Мені күдіктендіре беретін міне осы.
— Сандырақ! — ызаға булығайын деген Иван Федорович айқайлап жіберді. — Дмитрий әкесінің ақшасын тонауға, бұл үшін оны өлтіруге бармайды. Құтырынған ызақор ақымақ болса, ол Грушенькаға бола әкесін өлтіргісі келсе, кеше өлтірер еді ғой, бірақ ол тонауға аяқ баспайды!
— Иван Федорович, ол қазір ақшаға аса ділгер, тіпті өте-мөте зәру. Оның қалай қатты қысылып жүргенін сіз тіпті білмейсіз де, — деп Смердяков мейлінше байсалды және өте айқын, түсіндірді.
— Сосын әлгі үш мыңды ол өзіне тиісті ақша деп есептейді. "Әкем маған артық-кемсіз тағы да үш мың сом берешек болатын", — деп маған оның өзі түсіндірген. Сонан соң, Иван Федорович, өзіңіз мына бір ақиқат шындыққа ой жүгіртіңізші: Аграфена Александровнаның тек көңілі кетпесін деңіз, көңілі кетсе, ол, керек болса, мырзаның өзіне, яки Федор Павловичке тиіп те алады, — оның бұлай етуі әбден мүмкін; бұл істің ақыры нақ осылайша тынарын сізге айтып қоймаса болмас. Ол келе қоймас деп сізге жай айтамын, кім біледі, мүмкін, келіп қалар, ол - ол ма, бәлкім, ол осы үйдің бәйбішесі болғысы да келетін шығар. Мен оның көпесі Самсоновтың оған бұл бір өте игі іс болар еді деп күлгенін де білемін. Ол соншама ақылсыз емес. Дмитрий Федорович секілді жалаң бұтқа тиіп қайтеді. Енді осының бәрін өзіңіз миға салып қараңызшы, Иван Федорович, онда әкелерің өлгеннен кейін Дмитрий Федоровичке де, тіпті ініңіз Алексей Федорович пен сізге де түк те, тіпті соқыр тиын да бұйырмайды, өйткені Аграфена Александровна шалға оның бар дүние-мүлкін, барлық капиталын басып қалу үшін тиеді. Ал егер әкелерің қазір, олай болмай тұрғанда өліп кетсе, әрқайсыңа қырық мыңнан енші тиетіні анық, тіпті шал ит етінен жек көретін Дмитрий Федорович те құр қалмайды; неге десеңіз, шал әлі өсиетін жазған жоқ... Міне, мұның бәрі Дмитрий Федоровичке жақсы мәлім...
Иван Федоровичтің түрі бұзылып, беті бүлк етті. Ол қызарып кеткен еді.
— Ендеше, осының бәрінен кейін сен маған неге Чермашняға бармайсың ба дей бересің? — деді ол кенет Смердяковтың сөзін бөліп. — Мұнымен сен не демексің? Мен кеткеннен кейін сендерде әлгінің бәрі болып жатпақ қой, сірә. Ашу қысқандықтан Иван Федоровичтің тіпті тынысы тарылып кетті.
— Әбден дұрыс айттыңыз, — деді байыптап, баяу сөйлеген Смердяков, алайда, Иван Федоровичке қадала қарай берді.
— Әбден дұрысың қалай? — деп қайталап сұрады өзін-өзі зорға ұстаған Иван Федорович жанары жалт-жұлт етіп.
— Сізге жаным ашығасын айтқаным ғой. Егер сіздің орныңызда болсам, мұндайда көріп отырғанша... бәрін баяғыда-ақ тастап кетер едім... деп жауап қатты Иван Федоровичтің жалтылдаған жанарынан көз алмаған Смердяков. Екеуі де үнсіз қалды.
— Сен, тегі, барып тұрған нақұрыссың, сонан соң... әрине, нағыз сұмпайының өзісің! — деді орындықтан атып тұрған Иван Федорович. Содан кейін қақпаға қарай жүре берген ол кілт тоқтай қалып, Смердяковқа бұрылды. Осы сәтте таңғаларлық бірдеңе болды: Иван Федорович, тұла бойы құрысып бара жатқандай, кенет ернін тістеп, жұдырығын түйіп алды — сәлден соң ол Смердяковқа тап берер ме еді, қайтер еді. Мұны байқап қалған малай селк етіп, денесін кейін тартып үлгерді. Әйтеуір, оған ештеңе болған жоқ, сөйтіп Иван Федорович, түкке түсінбеген пішінмен, үндемей теріс айналып жүре берді.
— Егер білгің келсе, мен ертең таңертең Мәскеуге жүріп кетемін, сонымен бәрі бітеді! — ызаға булыққан ол сөзін бөліп-бөліп, нықтай айтты; кейін ол сонда Смердяковқа несіне бұлай дегені үшін өзіне-өзі қайран қалған еді.
— Міне мұныңыз табылған ақыл, — деп іліп әкетті анау, бейне дәл осындай жауап күткендей, — тек бірдеңе болып қалса, Мәскеудегі сізге мұннан телеграф соғып мазалап жүрмесе болды ғой.
Иван Федорович тағы да тоқтап, Смердяковқа тағы да жалт бұрылды. Бірақ, енді малайға бірдеңе болып қалғандай еді. Оның бағанадан бергі дөрекілігі мен немқұрайдылығы сап болды; оның бар зейін-зердесімен әлденені жаутаңдап, жарамсақтана күтетіні бет әлпетінен айқын сезіледі — оның Иван Федоровичке тесірейе қарап, қадала қалған көздері: "Неғып тағы бірдеңе демейсің, тағы бірдеңені қоса айтпайсың ба" — деп тұрғандай еді.
— Бірдеңе болып қалса... Чермашнядан шақыртпас па еді? — деп зірк еткен Иван Федорович осыншама неге дауыс көтергеніне өзі де түсінбеді.
— Солай, Чермашнядан да... шақыртуы мүмкін... — Иван Федоровичтің жанарына қадала қалып, одан көз аудармаған Смердяков, сасып қалған кісіше, күбір етті.
— Бірақ Мәскеу алыс та, Чермашня жақын ғой; сонда сен, немене, маған Чермашняға бар дегенде, менің лауға төлейтін ақшамды аяйсың ба, әлде ұзақ жолдан қажиды ғой деп маған жаның аши ма?
— Дәл айттыңыз... — деп ыржия күліп, тағы да тез кейін шегініп қалуға ыңғайланған Смердяковтың міңгірлеген үні зорға шықты. Бірақ Иван Федорович оған күліп жіберді де, аяғын тез басып, сол күлген күйі қақпаға қарай жүре берді, бұған Смердяков қайран қалды. Иван Федоровичтің бетіне қараған кісі ол мәз болғасын күліп бара жатпаған шығар деп ойлар еді. Дәл сол сәтте оған не болғанын тіпті оның өзі де түсіндіре алмас еді. Ол терісіне сыймай бара жатқан-ды.
VII
"АҚЫЛДЫ АДАММЕН ӘҢГІМЕЛЕСКЕН ДЕ ҚЫЗЫҚ"
Келе жатып күбірлеп сөйлеген де. Үйге кірген бойда залдан Федор Павловичті кездестіргенде: "Мен жоғарыдағы өз бөлмеме бара жатырмын, сізбен сөйлесетін шаруам жоқ, қош болыңыз" — деп айқайлап қолын бір-ақ сілтеген ол әкесіне тіпті қарағысы да келмей өте шыққан. Осы сәтте оның шалды өлердей жек көруі әбден мүмкін, бірақ, баласы өзінің жеккөрінішін осыншама дөрекі білдірер деп Федор Павлович әсте ойламаған еді. Ал әкесі, шынында да, бірдеңені тезірек айтайыншы деп, оның алдынан залға әдейі шыққан-ды, мынадай сыпайыгершілікті естігесін аңырып қалды да, Иван Федорович баспалдақпен мезонинге көтеріліп, бөлмесіне кіріп кеткенше, оның соңынан мысқылдап қарап тұрды.
— Мұнысы несі? — деп сұрады ол Иван Федоровичтің ізінше кірген Смердяковтан.
— Бірдеңеге ренжулі ме, кім біледі, — деп малай да жалтара жауап берді.
— Жын ұрған ба! Мейлі ашулана берсін! Самаурынды әкел де, өзің тез көзіңді жоғалт. Айтатын жаңалығың жоқ па еді?
Осыдан кейін Смердяков ілкіде ғана Иван Федоровичке шағынып айтқан сұрастырулар, яки күткен әйелдің қашан келетіні жөніндегі сауалдар басталды, бұл арада біз оған тоқталып жатпай-ақ қояйық. Жарты сағаттан кейін үйдің есігі бекітілді де, есірген шал келісілген бес тықыл қашан құлағына шалынар екен деп тағат таппай, оқта-текте қараңғы терезеден сыртқа үңіліп, бірақ, түн түнегінен өзге ештеңе көрмеген соң, қаңыраған бөлмелерде жалғыз өзі сандалды да қойды.
Түн ортасынан ауып кетсе де, ұйқысы келмеген Иван Федоровичтің басына қайдағы жоқ ойлар келген еді. Бүгін түнде ол сағат екілер шамасында, өте кеш жатқан. Бірақ біз оның сан саққа кеткен ойын баяндап жатпай-ақ қояйық, сонсоң біреудің жан сарайына үңілуіміздің кезі де келмеген секілді: оның кезегі кейінірек. Егер тіпті бірдеңені сөз етуге тырысқанымыздың өзінде де, бұл өте қиын болар еді, өйткені әзірше ой дейтін ой да жоқ, бәрі әлі өте бұлыңғыр, ең бастысы — тым қатты абыржу ғана бар тұғын. Ойының бас-аяғын біріктіре алмағанын оның өзі де сезген. Оны кенеттен келген, әрқилы, таңғаларлық ойлар мазалаған еді; мысалы: түн ортасынан ауғанда оның тез төмен түсіп, есікті ашып, ауладағы кішкене үйге барып Смердяковты сабап алғысы келді де тұрды, бірақ не үшін сабамақсың деп сұрасаң, ол осы малайды ит етінен жек көремін, бұл жалғанда одан асқан жәбірлеуші жоқ дегеннен басқа, бірде-бір себебін анық айта алмас еді. Екінші жағынан, бұл түні нендей бір адам түсінбес, қорлық үрейден бірнеше рет жаны түршіккен, бұдан оның кенет бойынан әл кетіп құр сүлдері қалғанын да сезген. Басы айналып, зеңіп кеткен. Біреуден кек алғысы келгендей, көкірегін ыза кернеген еді. Алешамен бағанағы әңгімесі есіне түскенде, тіпті оны да жек көрді, кей сәттерде өзіне де зығырданы қайнады. Ол Катерина Ивановна туралы ойлауды да ұмытуға айналған еді, кеше таңертең ғана оның үйінде ертең Мәскеу кетемін деп күйінгенінде, іштей өзіне-өзі: "Мұның сандырақ, кете алмайсың, мұны істеу, сенің қазіргі бөсіп тұрғаныңдай, оңай емес"—деп сыбырлағаны берік есінде бола тұра неліктен бүйткеніне кейін өзі көп таңырқаған еді. Көп уақыт өткеннен кейін осы түн есіне түскенде, Иван Федорович өзінің диваннан кенет атып тұрып, біреу-міреу байқап қала ма деп жаман қорыққандай, есікті ептеп қана ашып баспалдаққа шыққан соң, төмендегі бөлмелерде Федор Павловичтің қыбыр-қыбыр жүргеніне қалай құлақ тіккенін, — таңғаларлық бір құмарлықпен, демін ішіне тартып, жүрегі алып ұшып ұзақ, шамасы бес минуттай тыңдап тұрғанын, әйтсе де осының бәрін не үшін істегенін, не үшін тың тыңдағанын — әрине, өзі де әсте білмегенін жаны түршіге есіне алған-ды. Осы "қылығын" ол кейінен нағыз "оңбағандық" еді деп санап, іштей, көкірегінің терең түкпірінде, егер өмірімде бір оңбағандық істесем, ол нақ осы қылығым шығар деп өмір бойы өкініп өтті. Бұл минуттарда ол, төменде әкесі неғып жүр екен, оның не істеп жатуы мүмкін, бөлмелерінің қараңғы терезелерінен сыртқа қалай үңіледі екен деп әлдеқалай құмартқаны болмаса, сосын ол бөлменің ортасында тұра қалып, біреу тықылдатпас па екен деп қалай елеңдейтінін болжап ойға батқаны болмаса, Федор Павловичтің өз басына тіпті ешқандай өшпенділікті сезген жоқ. Иван Федорович тың тыңдауға екі рет шыққан-ды. Төңірек тынышталған соң, сағат екілер шамасында Федор Павлович төсегіне жатқан, осы кезде күні бойғы жүріс-тұрыстан қатты қажыған Иван Федорович те тезірек ұйықтап кетсем жарар еді деген тілекпен жастыққа басын тигізген-ді. Шынында да тез көзі ілігіп кетіп, тұяқ серіппестен ұйықтаған ол таңертең ерте, күн шыға салысымен, сағат жетілер шамасында оянды. Ол құр атқа мінгендей болып ғажап тынығып оянғанына таңғалды, сосын төсегінен атып тұрып, тез киінді, шамаданың алып киім-кешектерін асығыс жинап сала бастады. Кір жуушы әйелдің іш киімдерді кеше әкеп бергені қандай жақсы болған. Барлығының осылай орайласа қалғанына, енді шұғыл жүріп кетуіне ешқандай бөгеттің жоқтығын ойлаған кезде Иван Федорович тіпті мырс етті. Мұның өзі шынында да аяқ астынан аттанып кету болғалы тұр. Иван Федорович кеше (Катерина Ивановнаға, Алешаға, содан кейін Смердяковқа) ертең жүріп кетемін десе де, дәл сол сәтте бұл қаперіне де кірмегені, қалай болғанда да, таңертең төсектен тұра сала жалма-жан киім-кешегін жинастырып шамаданына салуды ойламағаны кеше түнде төсекке жатарда есінде болатын. Ақыры шамаданы мен қол сөмкесі де дайын болды: Марфа Игнатьевна оның бөлмесіне көтеріліп күндегі дағдысымен: "Шайды қайда отырып ішесіз, осында әкелейін бе, әлде төмен түсесіз бе? — деп сұрағанда сағат тоғыз кезі еді. Иван Федорович төмен түсті, сөзі мен қимылынан нендей бір абыржығандық пен асығыстық байқалғанмен, ол көңілді болатын. Әкесімен жылы шырайлы амандасып тіпті оның денсаулығын да ерекше ықыласпен сұрап білген соң, оның жауап беріп үлгеруін де күтпестен, тезірек өзінің бір сағаттан кейін Мәскеуге біржола жүріп кететінін айтып, жолға аттарды дайындатуды өтінді. Баласының кеткелі жатқанына өкініш білдірмеудің лайықсыздығын ұмытқан әке бұл хабарға титтей де таңданған жоқ; қайта, ол өзінің көкейін тескен бір шаруасы есіне түсіп, кенет әбігерлене қалды.
— Аһ! Әттегене-ай! Кеше айтпағаныңды қарашы... бірақ, ештеңе етпейді, бір ретін табамыз қазір. Маған істеген бір жақсылығың болсын, көкетайым, жолай Чермашняға соға кетші. Воловья бекетінен солға бұрылсаң, ар жағында Чермашня тиіп тұр, не бары он екі шақырым.
— Кешіріңіз, соға алмаймын: темір жолға дейін сексен шақырым, ал отарба стансадан Мәскеуге кешкі сағат жетіде кетеді, соған жетіп үлгерсем де жарар.
— Бүгін болмаса ертең, не бүрсігүні кетерсің, ал бүгін Чермашняға бұрылуың керек. Әкеңнің көңіліне қарасаңшы! Егер мұнда байланып отырмасам, өзім-ақ әлдеқашан барып кайтатын едім, онда бір өте тығыз, шұғыл шаруа болып тұрғанын көрмейсің бе, менің түрім мынау... Білесің бе, ол жақта Бегичево мен Дячкинода, менің екі бірдей орманым бар ғой. Әкелі-балалы көпес Масловтар сол ормандардан кесілетін ағашқа сегіз-ақ мың береді, ал былтыр ғана біреу кез болып он екі мың берген, бірақ ол адам бұл араныкі емес, гәп міне қайда жатыр. Әкелі-балалы Масловтардың түкірігі жерге түспейді, жүз мыңнан жамбасқа басса, оларға қарсы кім ауыз ашады: қанша берсе, соған көне кетеді, қолда барды іске ұқсата алмайтынымыз да осыдан. Ильинский деген поп еткен бейсенбіде маған Горсткиннің келгенін хабарлап хат жазып жіберіпті, мен ол көпесті білуші едім, ол бұл араныкі емес, Погребовтан, басқа жақтыкі болғандықтан ол — бізге ең керегі де осы ғой — Масловтардан қорықпайды. Естимісің, сол көпес орманды он бір мыңға сатып аламын депті? Хатының соңында поп ол мұнда енді бір жұмадай ғана болады деп ескертіпті. Сондықтан сенің сонда барып, көпеспен сауданы пісіруің керек...
— Сол попқа хат жазып жіберсеңіз, ол келіспей ме?
— Бұл оның қолынан келетін іс емес. Ол аңқаудың аңқауы. Алтын адам ғой ол, егер оған қазір сақтауға деп ешбір қолхатсыз жиырма мыңды ұстатсаң, оны әсте қарап көрмейді ғой, аңғалдығы сондай, оны тіпті қарға да алдап кетуі мүмкін. Ал, біле білсең, ол оқымысты кісі. Горсткиннің сырт пішіні кәдімгі мұжық, көкшіл бүрмелі бешпент киіп жүреді, бірақ мінезі жаман, нағыз арамза, бәріміздің ортақ сорымыз да сол: өтіріктің түбін түсіреді, оған не қыларсың. Кейде өтірікті судай сапырғанында, оның неге бүйтетініне тіпті қайран қаласың. Бұрнағы жылы оның әйелім қайтыс болды, қазір басқа әйелге үйлендім деп бір бөскені бар, бақсақ, айтқанының бәрі өтірік: әйелі өлмеген, қазір де тірі, тек оны үш күнде бір сабап алатын көрінеді. Енді міне қазір де оның сөзін анықтап алу керек: орманды он бір мыңға сатып аламын деп шын айта ма, әлде өтірік соға ма екен?
— Әй, қайдам, менің де қолымнан келе қояр ма екен, менде де көз жоқ қой.
— Тоқта, асықпа, сенің де қолыңнан келеді бұл іс, саған оның, Горсткинді айтам, сөйлескендегі әдетін өзім тамамдап түсіндіріп берейін, мен онымен көптен бері істес болып келемін ғой. Сөйлескен кезде, сен оның сақалынан көз айырма; сирек, жеркенішті, жирен сақалы бар оның. Егер ол сақалын шошаңдатып, ашумен сөйлесе — онда шынын айтқаны, істі пісіруге бел байлағаны; ал егер сол қолымен сақалын сипап қойып, күле сөйлесе — онда алдағысы келіп, қуланып тұрғаны. Көзіне қарамай-ақ қой, жанарынан бәрібір ештеңе аңғармайсың, тұңғиық, алдамшы көз, онан да сақалынан көзіңді айырмағайсың. Мен оған хат жазып берейін, барғасын көрсетерсің. Аты-жөні Горсткин болғанмен оны Горсткин емес деуге де болады, өйткені оны Лягавый деп те атайды, алайда сен оған бұлай деп қойма, олай десең қытығына тиіп аласың. Егер онымен мәмлеге келіп, ниетінің дұрыстығына көзің жетсе, тез осында хат жазып жібер. "Өтірік айтпайды" деп сүйкей салсаң жетіп жатыр. Он бір мыңнан тайма, бір мыңды кеміткен ештеңе етпес, бірақ одан артыққа баспа. Өзің ойлашы: сегіз мың да он бір мың — табандатқан үш мың айырма. Үш мыңды елемейтіндей, далада жатқан ақша бар ма, сатып алатын тағы біреу қашан табылады, ал ақша өте қажет. Сатып алмақшы екенін хабарласаң болды, сонсоң өзім тез жетіп, істі бітіремін ғой. Оған бірдеме ғып уақыт табармын. Поптың хабарлағаны, бәлкім, алып-қашпа бірдеңе шығар, ендеше өзім алды-артына қарамастан несіне жетіп барам онда? Қалай, онда барасың ба, жоқ па?
— Ә, уақытым жоқ, соға алмаймын.
— Мұның не, әкеңнен бір жақсылығыңды аяғаның ба, маған да ісің түсер! Сендерде жүрек жоқ, міне, солай! Бірер күн не саған? Венецияға барасың ба сонша? Венецияң екі күнде құлап қалмас. Алешканы-ақ жұмсар ем, бірақ ол мұндай істен не түсінеді? Көрмейді деймісің, сен ақылдысың, сенен қолқалап тұрғаным да содан. Ағашпен сауда жасамасаң да, көкірегіңнің көзі бар. Оның шын айтып, не өтірік соғып тұрғанын байқасаң болды, басқа ештеңенің керегі жоқ. Сақалынан көзіңді айырма дедім ғой: сақалы шошаңдаса — шын айтқаны.
— Маған сол, қарғыс атқан Чермашняға соға кет деп қоймадыңыз ғой, а? — деп ызамен мырс еткен Иван Федоровичтің даусы қатты шығып кетті.
Федор Иванович баласының ашуын байқамады ма, әлде байқағысы келмеді ме, бірақ мырс еткенін сезіп қалды:
— Сонымен, барасың ғой, барасың ба? Бір жапырақ қағазға бірдеңе деп сүйкей салайын қазір саған.
— Қайдам, барам ба, жоқ па, білмеймін жолай ойлап көрем ғой.
— Жолда емес, мұны қазір шеш. Жарқыным-ау, бірдеңе десеңші! Көпеспен келіс те, маған бір-екі сөз сүйкей сал, сондағы поптың қолына ұстатсаң, ол маған хатыңды тез жеткізеді. Сосын Венецияңа бара бер, ұстамаймын. Сені Воловья стансасына поп өз атымен жеткізіп тастайды...
Шал мәз-мейрам болды, хатын жазып беріп, аттарды дайындауға жарлық етті, сосын жеңіл тамақ пен коньяк алғызды. Оның қуанғанда еліріп кетегін әдеті бар еді, бірақ бұл жолы ол өзін-өзі ұстаған тәрізді. Мысалы, Дмитрий Федорович туралы ләм деген жоқ. Баласының кетіп бара жатқанын уайымдамайтын секілді. Тіпті не дерге де білмейтіндей; мұны Иван Федорович те сезе қойды: "Алайда, мен оны мезі қылған шығармын", — деп ойлады ол ішінен. Шал баспалдақта баласымен қоштасып тұрғанда оны бетінен сүйгісі келгендей қалбалақтап кетті. Бірақ, Иван Федорович, бетінен сүйгізгісі келмеді ме қалай, әкесіне тез қолын соза қойды. Оның ыңғайын сезген соң шал да тартына қалды.
— Ал, жолың болсын, балам, жолың болсын! — деп қайталады ол баспалдақта тұрып. — Енді қай заманда соғар екенсің мұнда? Келетін бол, әрқашан қуанышпен қарсы алам. Ал, Христостың өзі жар болсын!
Иван Федорович тарантасқа отырды.
— Қош бол, Иван, сөге жамандамассың! — деді соңғы рет әкесі.
Шығарып салуға үйдегілердің бәрі: Смердяков, Марфа мен Григорий де шыққан. Иван Федорович бұлардың әрқайсысына он сомнан ақша берді. Жолаушы тарантасқа отырған соң, кілемнің шетін қымтайыншы деп Смердяков жақындады.
— Көремісің... Чермашняға бара жатырмын... — Бұл сөздер Иван Федоровичтің аузынан, кешегідей, өзінен-өзі, кенеттен шығып кетті, оның үстіне мысқылдап күліп те қойды. Кейіннен осы қылығы көпке дейін оның есінен кетпей жүрген.
— Демек, ақылды адаммен әңгімелескен де қызық деп жұрт шын айтады ғой, — Иван Федоровичке сұқтана қараған Смердяковтың үні бекем шыққан еді.
Тарантас орнынан қозғалып, зымырап кете барды. Саяхатшының жан дүниесі жабырқау еді, бірақ ол айналадағы жазық дала мен адыр-төбелерге, ағаштарға, зеңгір аспанда ұшып бара жатқан қаздарға құштарлана көз салып келеді. Сөйтіп, тез көңілі сергіп кеткен еді. Ол арбакешті әңгімеге тартып көрген, мұжықтың жауабынан тіпті әлденеге елеңдеп те қалған, алайда соның бәрі оның бір құлағынан кіріп екінші құлағынан шығып кеткенін, шындығында, мұжықтың сөзінен өзінің түк түсінбегенін бір минуттан кейін-ақ сезген. Сонсоң ол үнсіз қалған, онсыз да бәрі ғажап болатын: ауа қандай таза, салқын самал маңдайыңнан сипайды, аспан ашық. Оның көз алдынан Алеша мен Катерина Ивановнаның бейнелері қылаң еткендей болды; бірақ ол ақырын ғана жымия күліп, осынау сүйкімді елестерді ақырын үрлеп қалып еді, ұшып кете барды: "Олардың заманы келеді әлі" — деп ойлады ол. Бекетке тез-ақ жетіп, аттарын ауыстырған соң, Воловья қайдасың деп тартып кетті. Оны кенеттен: "Ақылды адаммен әңгімелесудің қызықтығы" неліктен, бұлай дегенде ол не айтпақшы болды екен? "Оған Чермашняға бара жатырмын дейтін нем бар еді?" — деген сауал билеп алған еді. Зымыратып отырып Воловья стансасына да жетті. Иван Федорович тарантастан түскеннен кейін оны жәмшіктер қоршап алды. Чермашняға баруға саудаласты, қырдың сүрлеу жолымен он екі шақырым жүру керек еді. Ол аттарды жеге беруге жарлық берді. Бекет басындағы үйге кірген соң айнала көз жүгіртіп қарап, қарауылшының әйеліне көзі түскендей болды да, кенет баспалдаққа қайта шықты.
— Чермашняға бармаймын. Қалай, ағайындар, сағат жетіге дейін темір жолға жетіп үлгеремін бе?
— Дәл үлгереміз. Аттарды жегейік бе?
— Тез жек. Сендерден ертең шаһарға баратын ешкім жоқ па?
— Неге болмасын, мына Митрий барады.
— Митрий, бір жақсылық істей аласың ба? Менің әкем Федор Павлович Карамазовқа барып, мені Чермашняға соқпай, тура жүріп кетті деп айтсаң қайтеді. Осы өтінішімді орындайсың ба?
— Неге орындамайын, орындаймын: Федор Павловичті талай заманнан бері білеміз ғой.
— Онда міне мынау шайлығың, өйткені ол саған ештеңе бере қояр ма екен... — деп көңілдене күлді Иван Федорович.
— Шынында да, татыра қоймас, — деп күлді Митрий. Рахмет, мырза, тапсырмаңызды қалай да орындаймын...
Кешкі сағат жетіде Иван Федорович вагонға кіріп отырып, Мәскеуге бет түзеді. "Бұрынғының бәрі бітті енді, осыған дейінгінің бәрімен мәңгі-бақи қош айтыстым, бастан құлақ садақа; жаңа әлемге, жаңа жерлерге қарайламай аяқ басам!" Бірақ, оның көкірегіне қуаныш нұры құйылуының орнына, кенет тұнжырап сала беріп, осыған дейін бүкіл өмірі бойына еш уақытта сезбеген бір қайғы-мұң басып, жүрегі сазып кетті. Ол түні бойы ойға батты: вагон зымырап келеді, тек таң алдында, Мәскеуге кіре бергенде ғана кенет есін жиғандай болды.
— Мен арамзамын ғой! — деп сыбыр етті ол өзіне-өзі.
Ал Федор Павлович болса, баласын шығарып салғасын өте көңілденіп қалған еді. Екі сағат бойы қуанышы қойнына сыймаған ол аз-аздап коньяк ұрттап қойып отырған; бірақ, қай жағынан алсаң да аса өкінішті әрі өте жиренішті оқиғаның аяқ астынан кез бола кетіп, Федор Павловичті лезде қатты абыржытып тастағаны: Смердяков бірдеңе алуға жерқоймаға барған екен жоғарғы баспалдақтан төмен қарай тоңқалаң асыпты. Бір жақсысы, сол кезде аулада жүрген Марфа Игнатьевна әйтеуір дер кезінде естиді. Кемпір оның қалай құлағанын көрмеген, алайда, өзіне көптен таныс үнді — Смердяковтың қояншығы ұстаған кездегі жан түршіктіретін, алабөтен даусын естіп қалады. Белгілі қояншықтың ауруы ол баспалдақпен төмен түсіп бара жатқанда ұстап қалды ма, — онда ол, әрине, сол сәтте-ақ ес-түссіз төмен құлап кетер еді, — әлде, керісінше, құлағаннан кейін миы шайқалғасын қояншығы ұстап қалды ма — мұны ешкім түсіне алған жоқ, бірақ бұлар төменге көз салғанда оның денесі құрысып-тырысып, тыпырлап, аузы көпіріп жатқаны анық. Әуелі ол сорлағанда мертігіп қалған шығар, қолын немесе аяғын сындырған болар деп ойлаған еді, бірақ, Марфа Игнатьевна айтқандай, оны "құдай сақтапты", ондай ештеңе болмаған тек оны жерқоймадан жоғары көтеріп, жарыққа алып шығу машақат еді. Әйтсе де, көршілерді шақырып, көптеп-көмектеп оны жерқоймадан алып шыққан. Бұл істің басы-қасында, зәре-құты қашып, сасқалақтап қалса да, Федор Павловичтің өзі жүрді, бәріне өзі жәрдемдесті. Әйтсе де, аурудың есі кіре қоймады: талмасы аздап басылғанмен, ауық-ауық қайталана берді, сонсоң бәрі бұл енді өткен жылы абайсызда шатырдың астынан құлағандағысындай болатын шығар деп ұйғарысты. Онда бейшараның төбесіне мұз басқандарын естеріне түсірді. Жерқоймадан аз ғана мұз табылды, Марфа Игнатьевна оны алғызып аурудың төбесіне басты, Федор Павлович кешке қарай доктор Герценштубеге кісі жіберіп еді, ол дереу жетіп келді. Ауруды ұқыптап көргеннен кейін ол (бұл осы губерниядағы ең ұқыпты, тиянақты дәрігер, егде тартқан, қадірменді қарт еді) аурудың халі өте нашар, ақыры өте нашар, ақыры "өте қатерлі болуы да мүмкін", әзірше ол, Герценштубе, бәрін түгел түсіне алып тұрған жоқ, бірақ, егер қазіргі ем-домның септігі тимесе, ертең ол өзге бір амалын ойластыратынын айтты. Ауруды ауладағы кішкене үйге, Григорий мен Марфа Игнатьевнаның жатын орнымен қатар қуысқа апарып жатқызды. Бұдан кейін Федор Павлович күні бойы бір қырсықтан екінші қырсыққа ұрына берді: түскі тамағын Марфа Игнатьевна әзірлеп беріп еді: сорпасы Смердяковтың пісіргенімен салыстырғанда "жуынды секілді", ал тауықтың еті тіс батпайтын қап-қатты бірдеңе болып шыққан. Мырзасының батырып айтқан орынды ренішіне Марфа Игнатьевна кәрі тауықтың еті қатты болмағанда кайтушы еді, сонсоң мен аспаздыққа оқыған кісі емеспін деп қарсы дау айтты. Кешке қарай тағы бір уайым сап ете қалды: оған үш күннен бері ыңқыл-сыңқылмен жүрген Григорийдің белі шойрылғасын аяғын баса алмай, төсекте жатқанын хабарлады. Федор Павлович кешкі шайын ертерек ішіп алып, дағанадай үйде жалғыз өзі бекініп алды. Ол зәре-құты қалмай қорқып, тағатсыздана күтті. Келетін болса, Грушенька бүгін түнде қалай да келетін шығар деп ойлаған; таңертең Смердяков: "ол барамын деп күмәнсыз уәде етті" деп оны қалай дегенмен сендірген. Тынымсыз шалдың жүрегі дүрсілдеп кеткен-ді, ол қаңыраған бөлмелерде ерсілі-қарсылы сандалып, тың тыңдаған. Оның сыртқа қаттырақ құлақ тігуі керек еді: Грушеньканы бір тасада Дмитрий Федорович аңдып тұруы да мүмкін ғой, сондықтан ол терезені тықылдатқанда (Смердяков қай жерден қалай тықылдату керегін оған түсіндірдім деп Федор Павловичке алдыңғы күні айтқан) есікті тезірек аша қою керек, оны сенекте бір секунд та босқа күттіріп қоюға болмайды, әйтпесе, құдай сақтасын, ол қорыққанынан қашып кетуі мүмкін. Федор Павлович әбден әбігер болды, бірақ дәл мұндай тәтті үмітке оның жүрегі бұрын еш уақытта бөленген жоқ-ты: оған Грушеньканың бүгін түнде келмей қалмайтынына ешбір күмәндануға болмайтындай көрінген!..
АЛТЫНШЫ КITАП
ОРЫС ТАҚУАСЫ
I
ЗОСИМ ПІРӘДАР ЖӘНЕ ОНЫҢ МЕЙМАНДАРЫ
Алеша пірәдардың құжырасына жүрегі сазып, қапаланып кірген еді, әлде неге қайран қалғандай, аңырып тұрып қалды: бұл әл үстіндегі ауру шал ес-түссіз жатқан шығар деп қорқып келсе, ол айналасындағы меймандарымен жайлап, жайдары әңгімелесіп креслосында отыр; әлсіздіктен жүзі жадау тартқаны болмаса, сергек, көңілді секілді. Ол төсектен бұл келерден ширек сағат қана бұрын тұрған еді. Пансий пірәдар: "шын жүректен сүйетін достарымен тағы бір сұхбаттасу үшін ұстазымыздың төсегінен басын көтеретіні сөзсіз — азанда өзі осылай деп уәде берген" — деп күмәнсыз сендіргесін оның құжырасына ертерек жиналған меймандар пірәдардың оянуын күтіп отырған. Бір аяғымен көрде тұрған қарияның уәдесіне кәміл сенген Пансий пірәдардың оның сөзіне күдік келтірмейтіні соншалық, егер оның тіпті ес-түссіз, керек десең тынысы тоқтап жатқанын көрсе де, оның басымды тағы бір көтеріп сенімен бақылдасамын деген уәдесі болса, ол, бәлкім пірәдардың өлгеніне де сенбей, оның есін жиып, берген уәдесін орындау үшін түрегелуін күтіп отыра берер еді. Азанда Зосим қария ұйықтайын деп жатып оған: "Сүйікті достарым, сіздермен тағы бір сұхбаттасып жаным рақаттанбай, сіздердің ақ жүздеріңді көріп, сіздерге жан сырымды тағы бір ақтармай өлмеймін" — деген. Пірәдардың осынау, бәлкім, ең соңғы сұхбатына жиналғандар оның талай заманнан бергі шын тілектес достары-ды. Олар төртеу еді: иеремонахтар Иосиф пірәдар мен Пансий пірәдар, сосын осы мінәжатхананың бастығы иеремонах Михаил пірәдар; ол қаусаған кәрі де емес, пәлендей білімі де жоқ, бірақ, қарадан шықса да діні берік, кәдімгі адал діндар, сырт көзге ызбарлы көрінсе де, жүрегі тым елжірек және де өзінің осы мейірімділігінен тіпті қысылып-қымтырылып жүретін адам еді. Төртінші мейман — қаусаған кәрі шал, кедей шаруадан шыққан қоңыр төбел тақуасымақ Анфим; қойдан жуас момын, оңайлықпен ауыз аша қоймайтын осынау үндеместі тіпті шала сауатты десе де болатын, ол өзінің ақылы жетпейтін бір дәу, сұмдық құбыжықтан ғұмыр бақиға зәресі ұшып қалған кісіге ұқсайтын еді. Зосим пірәдар осынау қорқақ шалды шын жақсы көретін, сол себепті оған өмір бойы ерекше ілтипатпен қарап келген; бұдан көп жыл бұрын, ертеректе екеуі күллі қасиетті Русьті қол ұстасып бірге кезіп шықса да, ол өз өмірінде онымен, сірә, еш уақытта шешіліп сөйлеспеген болар. Бұл атам заманда, осыдан қырық жылдай бұрын, Зосим пірәдар Кострома жақтағы жұрт біле бермейтін, бір кедей монастырьда тақуалықтың қиямет-қайым жолына алғаш түскен кезде болған-ды. сонда Анфим тақуа өздерінің костромалық кедей монастырсымағына жылу жинау үшін ел кезуге шыққанда, бұл оның соңынан ерген. Қазір бәрі, үй иесі де, меймандар да, қарияның төсегі тұрған екінші бөлмеде отырған, осыған дейін айтылғанындай, өте тар болғандықтан онда төртеуі (түрегеп тұрған мүрит Перфирийден өзгесі) ауыз үйден әкеп қарияның креслосын қоршай қойылған орындықтарда сығылысып отыр. Ымырт үйіріле бастаған, қаракөлеңке бөлмеге шырағдан мен иконалардың алдындағы балауыз шамдардың сәулесі түсіп тұрған. Босағада аңырып тұрып қалған Алешаны көргенде қуанып кеткен пірәдар оған күлімдеп қолын созды:
— Аманбысың, момыным, аманбысың, жарқыным, міне сен де үлгердің. Келіп жететініңді өзім де білгем.
Алеша оған жақындап барып, маңдайын жерге тигізе тағзым етті де жылап жіберді. Жүрегінен әлдене атылып шыққалы тұрғандай, жан дүниесі тітіреп, еңіреп жылағысы келді.
— Сенің мұның не, жоқтамай тұра тұр әлі, — оң қолын Алешаның төбесіне қойған пірәдар жымиып күлді, — сұхбаттасып отырғанымды міне көріп тұрсың, Лизавета деген сәби қызын көтеріп Вышегорьядан келген мейірімді, жылы жүзді әйелдің кешегі тілегеніндей, мүмкін, тағы жиырма жыл өмір сүрермін. Анасына да, сәбиі Лизаветаға да жасаған ием өзің жар бола гөр! (Ол шоқынды.) Перфирий, сен оның пітір-садақасын мен айтқан кісіге апарып беріп пе ең?
Бұл кеше оның пәтиқасын алуға келген жайдары келіншектің "менен де жарлы бір бейшараға" берерсіз деген он тиындықтан алты күміс ақшаны есіне алғаны еді. Мұндай қайыр-садақаны кейбіреулер қайсы бір себептермен өзін-өзі күнәкар санап, оны тек өзінің маңдай терімен тапқан ақшасымен ғана өтеу үшін береді. Жуырда осында үй-жайы өртеніп кеткен бір жесір мещан әйел шиеттей балаларымен қайыршы боп қалған еді, пірәдар кеше Перфирийді соған жұмсаған. Бұл тапсырманы тезірек орындауға тырысқан Перфирий, өзіне шегелеп айтылғанындай, "сізге жаны ашыған беймәлім әйелден әкелдім" деп ақшаны сол әйелге апарып та берген.
— Түрегел, жарқыным, — деді пірәдар одан ары Алешаға, - ақ жүзіңе бір көз салайыншы. Үйіңе бардың ба, ағаңды көре алдың ба?
Ағаларының біреуін ғана тиянақтап, анықтап сұрағанына Алеша қайран қалды, — бірақ қайсысын сұрады екен: демек, ол мұны кеше де, бүгін де, тегі, нақ сол ағасымен ғана жүздесуге босатқаны ғой.
— Біреуін көрдім, — деді Алеша.
— Кеше осында келген, мен тағзым еткен ағаңды айтам.
— Оны кеше көргем, ал бүгін іздеп таба алмадым, — деді Алеша.
— Онда оны тез іздеп тауып алуың керек, ертең тағы бар, бәрін таста да, тез іздеп тап. Мүмкін, бір сұмдықтың алдын алып үлгерерсің. Мен кеше оның келешекте басынан кешетін ауыр қасіретіне тағзым еткем.
Қария кенет тына қалып, ойға батқандай болды. Оның сәуегейлігі таңғаларлық еді. Кеше оның қалай иіліп тағзым еткенін өз көзімен көрген Иосиф пірәдар Пансий пірәдарға қарады. Алеша шыдамай кетті.
— Қасиетті әулием һәм ұстазым, сөзіңіз тым бұлыңғыр ғой... — деді қатты тебіренген ол. — Оны қандай қасірет күтіп тұр?
— Оны несіне сұрайсың. Кеше маған бір сұмдық аян бергенді... кеше оның бүкіл тағдыры жанарынан сезіліп тұрғандай көрінген еді... Ол өзін қандай азапқа душар еткелі жүргенін... көз қарасынан сезген сәтте... тіпті жүрегім зырқ етті. Кейбіреулердің тап сондай кескін-кейпін осы ғұмырымда бір ме, екі ме ғана көрген шығармын... өкінішке қарай, олардың кейіннен дәл солай болып шыққан болашақ тағдырлары бетіне жазып қойғандай көрінгенді. Інісімен жүздессе, мұның бір септігі тиер ме екен деп мен сені, Алексей, оған әдейі жіберген едім. Бірақ бәрі жасаған иемнің қолында, жазмыштан озмыш жоқ деген ғой. "Егер бидайдың дәні жерге түскесін өлмесе бұл бір басқа; ал егер өлсе, мол өнімін бермек". Осыны жадыңнан шығармағайсың. Ал саған, Алексей, қиянатыңа тәнтілігім үшін талай рет іштей ақ батамды бергем, мұны да білгенің жөн, — деді пірәдар ақырын жымиып.
— Менің сен туралы ендігі ойым: мына мінәжатханадан кеткен соң, дүнияуи тірлікте де, тақуалық өмір кешесің. Дұшпандарың көп болады, бірақ тіпті ең қас жауларың да сені жақсы көрмей тұра алмайды. Өміріңде талай бақытсыздыққа да ұшырайсың. "Әйтсе де сен осы арқылы бақытты боласың, сөйтіп өмірге алғысыңды айтасың, ең маңыздысы — бұған өзгелерді де көндіресің. Сен міне осындайсың. Пірәдарлар мен ұстаздар, — деді мейірлене жымиған ол өзінің меймандарына қарап, — мына балғын жігіттің қиянатын неліктен жаным сүйгенін мен осыған дейін тіпті оның өзіне де айтпаған едім. Енді тек мынаны айта аламын: оның бәз біреуден айнымайтын қиянаты маған әулиеліктей болып көрінген. Өмірімнің таң шапағында, тіпті сәби кезімде, ағам болған еді, бірақ ол он жетіге толған шағында, менің көз алдымда, қыршынынан қиылып кете барған. Кейіннен, өмір кеше келе, сол ағамның маған құдай тағаланың жіберген тағлымы мен тағдырындай болғандығына біртіндеп көзім жеткен-ді, өйткені егер мен оны көрмесем, егер ол өмірде болмаса, мен, бәлкім, еш уақытта тақуа да болмас едім, демек, осынау аса қымбатты тақуалық жолға да түспеген болар едім деп ойлаймын. Бала кезімде көрген ағамның сол қиянаты енді міне қартайып шау тартқан шағымды көз алдымда тағы да ап-айқын қайталанғандай болды. Пірәдарлар мен ұстаздар-ау, бұл ғажап қой тіпті: Алексейдің бет пішіні менің ағама онша ұқсамағанмен, онымен рухани өте жақындығы соншалық, мен оны өмірімнің ақырында, өткен-кеткенді еске алып, ақтарыла сырласу үшін құпия келген сондағы балғын жігіт, менің ағам шығар деп талай рет ойлағаным да бар, сол себепті тіпті өзіме-өзім қайран болып, мұндай арманның басыма қайдан келгендігіне таңғалғанмын да. Перфирий, сен естіп тұрмысың — деді ол өзіне қызмет етуші мүритке қарап. — Менің Алексейді сенен гөрі көбірек жақсы көретініме іштей ренжитініңді жүзіңнен талай байқаған едім. Енді оның себебін естідің, бірақ, біле білсең, мен сені де жақсы көремін ғой, сенің ренжігеніңді сезгенде өзімнің де талай рет уайымға батқаным бар. Енді, қадірменді меймандар, сіздерге өзімнің ағам — сол балғын жігіт жайында баяндағым келеді, өйткені өмірімде маған одан қымбат, одан артық әулиелік пен жан тебірентерлік құбылыс болған жоқ. Осы отырғанда жүрегім елжіреп, өткен өмірімді көз алдыма елестетіп, бәр-бәрін қайта бастан кешкендей халге түсіп отырмын.
Бұл арада мен пірәдардың өзімен бақылдасуға келген меймандар мен осынау ең соңғы әңгімесі ішінара жазып алынғандықтан ғана сақталғанын ескерте кетуге тиістімін. Қария дүние салғаннан кейін біраздан соң Алексей Федорович Карамазов сондағы естіген әңгімені жатқа жазып шықса керек. Бірақ мен бұл бастан-аяқ сондағы әңгіме ме, әлде ол ұстазының бұрынғы әңгімелерінен де бірдеңелерді қосып баяндады ма, мұны кесіп айта алмаймын: өйткені жазбада пірәдардың әңгімесі, ол достарына өзінің ғұмырнамасын бейне тұтас бір хикая баяндағандай, ешбір үзіліссіз сабақтастырыла береді, ал шындығында, кейінгі пікірлерге қарағанда, бәрі біршама басқашалау болғаны күмәнсыз, неге десеңіз ол күнгі кешкі сұхбат бәріне ортақ әңгіме-ді, пірәдардың сөзін меймандары онша бөле бермегенмен, өздері де бірдеңе деп әңгімеге араласқан, тіпті өздерінің іштегі сырып атқаруы да ықтимал, сосын шалдың дамылсыз қақсай беруі де мүмкін емес, кейде ол тынысы тарылып, даусы қарлыққан, тіпті ұйықтамаса да төсегіне қисайып демалған, бұл кезде меймандары оны күтіп отырған ғой. Пансий пірәдар Інжілді оқыған кезде әңгіме бір ме, әлде екі ме үзілген болатын. Бір ғажабы, күндіз ұйқысын қандырып алғасын бойына ол жинап, өмірінің соңғы кешіндегі достарымен ұзақ әңгіме үстінде сыр білдірмеген пірәдар дәл бүгін түнде өледі деп ешкім де ойламаған еді. Бұл сергектігі, тегі, оған азғана уақытқа ғажап қуат берген соңғы бой жасауы болса керек, өйткені сосын ол кенет үзіліп кеткен-ді... Әйтсе де, бұл жайында кейіннен баяндай жатармыз. Енді әңгіменің бүге-шігесіне дейін ежіктеп жатпай-ақ, пірәдардың сұхбатын Алексей Федорович Карамазовтың қолжазбасы бойынша баяндағанды артық көргенімді айтпақпын. Бұлай еткенде ықшамдау болады және онша жалықтырмайды, алайда, тағы да қайталайын, көп жайттарды Алеша оның бұрынғы әңгімелерінен алып, қоса баяндаған.
II
МАРҚҰМ ИЕРОСХИМОНАХ ЗОСИМ ПІРӘДАРДЫҢ ӨМІРІ, ОНЫҢ ӨЗ АУЗЫНАН АЛЕКСЕЙ ФЕДОРОВИЧ КАРАМАЗОВ ЖАЗЫП АЛҒАН
Ғұмырнамалық мағлұматтар
а) Зосим пірәдардың қыршын кеткен жас ағасы хақында
Сүйікті пірәдарлар мен ұстаздар, мен солтүстіктегі бір алыс губернияның В. деген шаһарында туыппын, әкем ақсүйек тұқымынан екен, бірақ атақ-даңқы шыққан, шені үлкен кісі болмаса керек. Мен екіге келгенде әкем дүние салыпты, сол себепті ол тіпті менің жадымда қалмаған. Ол шешеме кішігірім бір ағаш үй және жас балаларымен жоқшылық көрмей күн көруіне жетерліктей азын-аулақ қаражат қалдырыпты. Шешемнің қолында екі ұл қалған едік: мен — Зиновий және ағам — Маркел. Ол менен сегіз жас үлкенді, күйгелек, кейігіш мінезіне қарамастан кекетіп-мұқатуды білмейтін, мейірімді болатын, оның әсіресе үйде отырғанда менімен, шешесімен, қызметші әйелдермен жуыр маңда тіл қатыспайтын керемет үндеместігі тіпті таңғаларлық еді. Ол гимназияда жақсы оқыпты, алайда, жолдастарымен ренжісіп көрмесе де, олармен ортақ тіл де табыспайды, қалай болғанда да, ол жайында шешемнің есінде қалған әсер осындай. Шаһарымызда еркін ойшылдығы үшін саяси айып тағылып Мәскеуден жер аударылған біреу бар-ды, Маркөл өлерінен жарты жылдай бұрын — бұл кезде ол он сегізге аяқ басқан — соған барғыштауды шығарады. Жер ауып келген кісі үлкен ғалым, университетте дәріс беретін белгілі пәлсапашы екен. Неге екені қайдам, ол менің ағамды ұнатын қалады да, оны үйінде қабыл алып жүреді. Балаң жігіт қыс бойы кешқұрым үнемі сол үйде болады, сонан соң ол кісіні Петерборға мемлекеттік қызметке қайта алып кетеді, ондағы беделді қамқоршылардың шапағаты тисе керек. Содан кейін ұлы ораза басталды, ал Маркөлдің ораза тұтқысы жоқ, ұрсысып, мазақ етеді: "Мұның бәрі сандырақ, ешқандай құдай жоқ, дейді" — мұны естігенде шешем мен қызметші әйелдердің зәресі ұшты, тоғыз жасар қаршадай бала болсам да, мынадай күпірліктен тіпті мен де қатты қорықтым. Қызметшілеріміз бір таныс помещиктің атына сатып алынған басыбайлы төрт әйел еді. Шешем солардың біреуін, жасамыс ақсақ әйел, аспаз Афиньяны алпыс сомға сатып жіберіп, оның орнына басында еркі бар өзге бір әйелді жалдап алғаны әлі есімде. Сөйтіп, оразаның алтыншы жұмасында Маркөлдің денсаулығы күрт төмендеп кетті, ол онсыз да үнемі ыңқыл-сыңқылмен жүретін, жөтеле беретін, жаратылысынан әлжуаз, көкірек ауруына бейім болатын; бойы сорайған, жіп-жіңішке, тыртиған арық, бірақ өте қиянатты еді. Суық тиді ме, қалай, бірақ дәрігер келіп көргеннен кейін көкірек ауруының тез әкететіні екен, көктемге жете қояр ма екен деп шешеме сыбырлап айтып кеткен. Шешем жылап-сықтап жүріп, оған жасаған ием жар болсын десең, ораза ұстап, шіркеуге барып құдайға мінәжат қыл деп (көбіне-көп оны шошытып алмау үшін) ептеп қана жалынды, онда Маркөл әлі түрегеліп жүрген. Мұны естігенде ол бұлқан-талқан болып, қасиетті шіркеуге тіл тигізді, алайда іле-шала ойланып қалды: ауруы қатерлі екенін, сол себепті де шешесі оған, бойында қуат барда, ораза тұтып, құдайға құлшылық ет дейтінін ол бірден-ақ аңғарған. Әйтсе де, көптен сырқат екенін оның өзі де білетін, ол осыдан бір жыл бұрын дастарқан басында отырғанымызда бірде шешем екеумізге: "Жарық дүниеде сендермен бірге жүретін уақытым таусылды ма деп қорқа берем, енді бір жыл тірі жүрер ме екенмін" — деген еді жайдан-жай, енді міне сол айтқаны келді. Үш күннен кейін пасха алдындағы жұма да туды. Сөйтіп, ол сейсенбінің таңынан аузын бекітіп, шіркеуге жүре бастады. "Мен мұны, апатай, тек сізге бола, сізді қуантып, көңіліңізді орнықтыру үшін ғана істеймін," — деді ол шешем: "Бұлай тез өзгере қалғаны, тегі, күні санаулы болғанынан шығар,— деп әрі қуанып, әрі қайғырып жылап жіберген еді. Бірақ ол шіркеуге көп жүре алған жоқ, төсек тартып жатып қалды, сондықтан құдайға мінәжат еткізіп, күнәсынан арылту рәсімі үйде атқарылған-ды. Ауада хош иіс аңқыған, сәулелі, ашық күндер туған, пасханың аяқ кезі болатын. Әлі есімде, ол түні бойы жөтеліп, ұйықтамай шықса да, таңертең киініп алып, жұмсақ креслоға отыруға тырысатын еді. Ол менің жадымда ауру болса да тыныш, момын қалпы, жымия күліп, қуанышты, көңілді отырған күйі қалмақ. Тұла бойында бір ғажап түлеудің кенет басталғаны сондай — тіпті күллі жан дүниесі құлпырып кетті! Күтуші кемпір келіп: "Рұқсат етсең, жарқыным, икона алдындағы шырағданды тұтатайыншы", — дейді. Бұрын ол әсте көнбейтін, тіпті сөндіріп те тастайтын. Енді: "Тұтатсаң тұтат, әжетай, тұтата бер, бұрын сізге қарсылық білдіргенімде қандай зердесіз болғанмын десеңізші. Сіз шырағданды тұтатып жүріп құдайға сыйынасыз, ал мен сізге қуанып, жалбарынам жаратқанға. Демек, екеуміз бір құдайға құлшылық етеміз". Бізге бұл сөздер таңғаларлықтай көрінетін, ал шешем бөлмесіне кетіп қалып, оңаша отырып жылап-жылап алатын да, оған барарда көзін сүртіп, әдейі көңілдене қоятын. "Апатай, жаным, жыламашы,— дейтін ол кейде, — мен әлі ұзақ жасаймын, сендермен бірге ойнап-күліп өмір сүремін, өмір деген қандай көңілді, қандай қуанышты еді!" — "Айналайын-ау, түні бойы денең күйіп-жанып, дамылсыз жөтелгеніңде көкірегің жарыла жаздайды, ендеше, қандай қуаныш болсын". — "Апатай, — дейді ол шешеме жауап қатып, — сен бекерге жылай берме, өмір деген — ұжмақ, біздің бәріміз бейіштің бағында жүрміз, тек осыны сезгіміз келмейді. Ал егер мұны сезгіміз келсе, жер-дүниенің бәрінде ұжмақ ертең-ақ орнай қалар еді". Оның таңырқата, күмәнсыз сендіре айтқанына бәрі қайран қалатын: іші-бауыры елжіреп, көзіне жас алатын. Ал үйге келген таныстарға Маркөл былай дейтін: "Жарқындарым-ау, қымбаттыларым-ау, мендей кісіні не үшін жаратасыңдар, осыншама жақсы көретіндей, мен не тындырыппын, осыған дейін мұны неге сезбегенмін, неге елемегенмін. "Бөлмесіне минут сайын кіретін малайларға: "Жарқыным-ау, қымбаттым-ау дейтін, осыншама неге елпілдейсіңдер маған, мұндай қызметтеріңе мен өзі лайық па екем? Егер жасаған немнің рақымы түсіп, осыдан жаным қалса, сендерге өзім қызмет етер едім, неге десең пенде болғасын бәрі бір-біріне қызмет етуге тиіс." Шешем тыңдап отырып басын шайқайтын: "Балам-ау, ауру болғасын айтасың ғой олай деп". — "Апатайым, апажаным менің, — дейді, — мырзалар мен малайларсыз тіршілік жоқ, бірақ малайларымның маған қызмет еткені сияқты, оларға мен неге қызмет етпеймін. Сонан соң, апатай, тағы бір айтарым, бұл дүниеде барша жұрттың алдында кез келгеніміз кінәлымыз. ал мен бәрінен де көбірек кінәлымын". Шешем байғұс бір жылап, бір күледі: "Бәрінен де көбірек кінәлы болатындай сен не істеп едің? — дейді. — Біреулер кісі өлтіреді, екіншілері қарақшы болады, ал сен қандай күнәға батып үлгеріп ең, өзіңді-өзің осынша неге кінәлай бересің?" — "Апатай, апажаным менің, - дейді (ол онда кенет осындай аса ілтипатты сөздер айта бастаған-ды), - сүйікті апажаным менің, біле білсең, шындығында, барша жұрттың алдында — барлығы үшін кез келгеніміз кінәлымыз ғой. Мұны саған қалай түсіндірерімді білмеймін, бірақ нақ осылай екенін іші-бауырыммен сеземін. Қалай өмір кешкенбіз, бір-бірімізге қалай ашуланғанбыз, қалай түк білмегенбіз?" Ол күнде таңертең жүрегі елжіреген үстіне елжіреп, қуанышы қойнына сыймай, жаны сүйсініп оянатын еді. Оны көруге Эйзеншмидт деген бір қарт неміс дәрігері келіп тұрған: "Қалай, доктор, жарық дүниеде тағы бір күн өмір сүре алам ба?" — деп әзілдейтін ол шалмен. "Бір күнің не, әлі талай күн жарық көресің, — дейді оған дәрігер, — тіпті көп ай, көп жыл өмір сүресің әлі". — "Жылдар, айлар дейсіз, ә! — дейтін бауырым тебірене сөйлеп, — бұл арада күн санайтын дәнеңе жоқ, тіпті, бақыттың не екенін қапысыз түсіну үшін адамға бір күннің өзі де жеткілікті. Достар-ау, не үшін кіржиісеміз, бір-бірімізге неліктен күйінеміз, несіне кек сақтаймыз: онан да тұп-тура баққа барып, серуендеп, асыр салайық, бірімізге біріміз ілтипатты болып, бір-бірімізді марапаттайық, сүйейік, жер басып жүргенімізге тәубе қылайық". — "Ұлыңыздың бұл дүниеде көрер жарығы таусылған, — депті дәрігер оны баспалдаққа шығарып салған шешеме, — аурудың әсерімен саңдырақтайды". Ол жатқан бөлменің баққа қарайтын терезелеріне кәрі ағаштардың көлеңкесі түсіп тұратын, ағаштар көктемгі бүршік түйген кезді, ерте келетін құстар тура оның терезесі алдында сайрап отыратын. Ол кенет сол құстарға сүйсіне қарап: "Тәңірім жаратқан, мәз-мейрам торғайлар, сендер де мені кешіре көріңдерші, өйткені мен сендердің алдында да күнәһармын" — деп кешірім сұрай бастайтын. Онда мұны ешқайсымыз түсіне алмағанбыз, — ал ағам қуанғанынан жылап жіберген: "Иә, айналам тола жасаған иемнің ғажабы: сан алуан құс, орман-тоғай, көкорай шағын бола тұра, жалғыз мен масқара өмір кешіппін, жалғыз мен бәрін масқара етіппін ал сұлулық пен ғажапты мүлде байқамаппын". — "Өзіңді неге осынша күнәкар санай бересің", — деп көз жасын бір сығып алады шешем. "Апатай-ау, апажаным-ау, мен қайғырғаннан емес, қуанғаннан жылаймын; мен өзімді сол құстардың алдында кінәлымын деп санағым келеді, тек мұны сізге түсіндіре алмаймын. Өйткені оларды қалай жақсы көруді де білмеймін ғой. Бәрінің алдында-ақ күнәкар бола берейін, оның есесіне бәрі мені кешіреді, ұжмақ дегенің осы. Әлде мен қазір ұжмақта емеспін бе?"
Басқа да көп оқиғалар болған, олардың қайсыбірін еске түсіріп, қайсыбірін айтарсың. Бір күні оның бөлмесіне өзінен басқа ешкім жоқта кіргенім есімде қалыпты. Кешкі мезгіл болатын, аспан ашықты, батар күннің алтын шапағы бөлмеге көлбей мол түсіп тұрған. Ол мені көргесін ымдап шақырды, мен жақындап бардым, сосын ол мені екі иығымнан қос қолдап ұстап, жан-жүйесі елжіреп, сүйсіне қарады; ештеңе демеді, тек бір минуттай көз алмады: "Ал, жарайды, - дейді, - енді жүре бер, ойлай бер, мен үшін өмір сүр!" Мен бөлмеден шыққан соң ойнап кете бардым. Оның мен үшін өмір сүр деген сөзін көзіме жас алып отырып кейіннен талай рет есіме алдым. Онда біз мәнін түсіне алмаған мұндай ғажап, тамаша сөздерді ол көп айтқан-ды. Пасхадан кейін үшінші жұмада қайтыс болды, тілі байланса да, есінен жазған жоқ, тынысы таусылғанша түрі де өзгермеді: жайдары қарайды, жанары көңілді, бізді көзімен іздеп, жымиып күледі, шақыратын секілді. Оның өлімін тіпті шаһарда да көп сөз еткен еді. Бауырымның қазасын қайғырып, зират басында еңіреп жыласам да, оныңа күйзелмеген секілдімін. Сәби болсам да, жүрегіме ұмытылмастай орнапты, сезімім ішке тығылыпты. Кезі келгенде соның бәрі оянып, үн қатуға тиісті еді. Солай болды да.
б) Зосим пірәдарға Інжілдің тигізген әсері хақында
Сонымен, шешем екеуміз ғана қалдық. Біраздан кейін ізгі ниетті таныстары шешеме, шүкіршілік, отқа қарап отырған жоқсың, азын-аулақ дәулетің бар, ендеше жалғыз қарғаңды Петерборға оқуға неге бермеске — басқалар оқытып жатыр ғой — әйтпесе түбінде балаңның болашағына обал болар деп кеңес берді. Кейін императорлық гвардияға іліксін десең, ұлыңды Петербордың кадет корпусына оқуға түсір деп ақыл қосты. Шешем көпке дейін қобалжып жүрді: жалғыз қарашығымды қалай көзімнен таса қылам деп жылап-сықтаса да, менің болашақ бақытымды ойлап, тәуекел етті ақырында. Ол мені астанаға алып барып оқуға берді, содан кейін маған шешемді көруге жазбады; өйткені үш жылдан соң ол дүние салды. Марқұм осы үш жыл бойы мені және өлген ұлын ойлап қасірет шегіп өтті. Мен туған ұямнан алған алғашқы әсерлерімді аса қастерлеп еске аламын, өйткені әке-шешемнің алақаны аясында өткен балғын шақтың әсерінен қымбат естелік болуы мүмкін емес, ерлі-зайыптылар арасында тіпті болар-болмас махаббат пен ынтымақ барда, бұл дәйім осылай. Тек жан дүниең небір асылды пайымдауға қабілетті болсын де, онда сен тіпті ең ғибратсыз деген отбасында өссең де, өзіңе аса ғизатты әсерлер көкейіңде бәрібір қалмай қоймайды. Үй-іші жайлы естеліктеріме сонда қаршадай сәби кезімнен құныға бас қойған қасиетті хикаялардан алған әсерлерімді де жатқызар едім. Онда менің "Көне және жаңа өсиеттің жүз төрт қасиетті хикаясы" деп аталатын әдемі суреттері бар бір қызықты кітабым болған еді, қара тануды содан үйренгем. Ол кітап қазір де осында сөреде тұр, қымбатты естелікке балап сақтап жүрмін. Әйтсе де, онда бұрын да құдай сөзінің маған алғаш рет қалай әсер еткені әлі есімде, онда мен не бары сегізде едім. Пасха алдындағы жұмада, дүйсенбі күні, шешемнің мені ертіп (ағамның қайда болғаны жадымда жоқ) қасиетті шіркеуге сәскелік ғибадатқа барғаны есімде қалыпты. Күн ашық болатын, шайқалған кәділден хош иісті көгілжім түтін жоғары көтеріледі, төбедегі мұнараның кішкентай тесігінен іштегі адамдарға құдайдың нұры құйылып тұр, жоғарыдан түскен сәулеге жанасқан сәтте толқынданған түгін бейне еріп кеткендей болады, қазір сол күнді есіме түсіргенде, бәрі ап-анық көз алдыма келе қалады. Іші-бауырым елжірей қарап тұрып, құдай сөзінің алғашқы ұрығын тұңғыш рет зейін-зердеммен сонда қабылдаған шығармын деймін. Сонан соң бір жасөспірім үп-үлкен кітапты көтеріп шіркеудің ортасына шықты, — маған ол тіпті зорға көтеріп келе жатқандай көрінген еді, — сонсоң бала кітапты кішкентай биік үстелге қойып, ашқаннан кейін оқи бастады, қасиетті шіркеуде бүйтетінін өмірімде бірінші рет сонда ұқтым. Ун жерінде шыншыл, тақуа біреу өмір сүріпті, ол орасан мол дүние-мүліктің иесі, пәленбай түйесі, қойы мен есегі бар бай адам болса керек, балалары үнемі сауық-сайранмен жүреді екен; оларды жанындай жақсы көретін әкесі: бұл мұндар желігіп жүріп бір күнәға батпады ма екен деп қорыққандықтан солардың тілегін тілеп құдайға құлшылық етумен болады. Сөйтіп жүргенде құдайдың балаларына еріп көктегі жасаған иеме барған ібіліс оған жердің асты-үстін түгел аралап шыққанын айтады. "Менің Иов деген құлымды көрдің бе?"— деп сұрайды одан құдай. Сонан соң құдай өзінің ұлы тақуа құлын нұсқап ібіліске мақтанады. Оның сөзіне мырс етіп күлген ібіліс: "Құлынды менің қолыма беріп көрші, өзіңе күңкілдеп, қарғыс айтып шыға келсін" — дейді. Құдай өзінің өте жақсы көретін тақуасын ібіліске беріп қоя береді, ібіліс оның балаларын өлтіреді, малын қырады, дүние-мүлкін шашады, құдайдың қаһары түскендей барлығы кенет жоқ болады, сонда Иов үстіндегі киімін дал-дұл ғып жыртып: "Анамның құрсағынан жалаңаш шыққан едім, қара жердің қойнына да жалаңаш кіремін, құдайдың өзі берді, өзі алды. Жасаған иемнің есімі бүгіннен бастап мәңгі-бақи бақыт нұрына бөленсін!" — деп жерге жата кетеді. Пірәдарлар мен ұстаздар, бүгін менің көзіме жас келгеніне кешірім жасаңдар — өйткені күллі балалық шағым қайтадан көз алдыма елестеп тұрған секілді, көкірегімнің қазіргі тынысы да сол сегіз жасымдағыдай сезіледі, дәл сондағыдай таңырқап, абыржып, қуанып тұрған секілдімін. Сонда көз алдыма елестеген түйелер де, құдаймен емін еркін сөйлескен шайтан да, өзінің сүйікті құлын өлімге қиған құдай да, оның: "Мені өлімге қиғаныңа қарамастан, есіміңнен бақыт нұры мәңгі таймасын", — деп сиынған құлы да, одан кейін: — "Дұғамыз қабыл бола көрсін!" деген бейіттің әуені шіркеу ішін қалай кернеп кеткені де, сонан соң священниктің қолындағы шайқалған көңілден хош иісті көгілжім түтіннің қалай жоғары көтеріліп жатқаны да, жұрттың жапа-тармағай тізе бүгін шоқынғаны да көз алдымда тұр! Содан бері — кітапты тіпті кеше де, қолыма алдым — сол қасиетті хикаяны көзімнен жас бұршақтамай оқи алмаймын. Онда қаншама кемеңгерлік, құпия, ақыл жетпес ой бар десеңізші! Кейін мысқылшылар мен ғайбатшылардың: жасаған иемнің сүйікті тақуаларының бірін ібілістің мазағына бергені несі, оны балаларынан айырып қана қоймай, денесіндегі жараның іріңін қалақпен қыратындай мерез ауруға шалдықтырғаны несі, мұны ол: "Менің тақуам мен үшін міне осындай азапқа да төзе алады!" деп шайтанның алдында мақтану үшін ғана істеді ме екен деп тәкаппарсығанын естігемін. Бірақ бұл арадағы ұлылық та пәни дүниенің бейнесі мен мәңгілік ақиқат бір-бірімен тоғысатын құпияда жатыр. Бұ жалғандағы шындық алдында мәңгілік шындық әрекет жасайды. Бұл арада құдай, дүниені жаратқан алғашқы күндердегі сияқты, әрбір күнді: "Жарық дүниені жаратқаным қандай жақсы болған" деген мақтанышпен батырып, Иовқа көз салғанда өзінің туындысына тағы да масаттанады. Ал Иов жасаған иемді марапаттағанда тек оған ғана қызмет етпейді, сонымен бірге оның бір ұрпақ пен екінші ұрпақ мәңгі-бақи жалғаса беретін ғып жаратқан нәрсесінің бәріне қызмет етеді, өйткені Иов осыған жаратылған. О, жасаған, неткен кітап, неткен тағылым десеңізші бұл! Неткен ғажап кітап еді бұл қасиетті ғұмырнама, қандай ғаламат нәрсе еді, онда адам қандай күшті ғып көрсетілген! Бейне әлем мен адамның, адам мінезінің мүсіні іспеттес, онда барлығы тамамдалып, мәңгі бақиға көрсетілген. Шешімі табылып, ашық айтылған құпия қаншама: құдайдың Иовқа қайтадан рақымы түседі, ол қайтадан байлыққа кенеледі, тағы да талай жылдар өтеді, оның жаңадан, басқа балалары туады, ол бұл балаларын да жақсы көреді — алайда, тәңірім-ау: "Өзінің бел балаларынан бір рет айырылған әкеге кейінгі перзенттерін сондай жақсы көру оңай бола қояр ма екен? Бұларды қаншама сүйгенмен, өлген балалары есіне түскенде, тап бұрынғыдай, шын бақытты сезіну мүмкін бе?" Әйтсе де, бұл әбден мүмкін: адам өмірінің ұлы құпиясы ескі қайғы-қасіретті біртіндеп жан-жүйеңді жібітетін сүйсінген қуанышқа айналдырады; қызу қанды албырт жастықтың орнына айқын ойлы сабырлы кәрілік келеді: тек күнде арайлаған таңның атуын көруге жазсын, күннің шұғыласына менің жүрегім әлі күнге бұрынғыша лүпілдейді, бірақ мен енді алтын күннің батар шағын, оның көлбей түскен кешкі нұрлы шапағын, оған қараң отырып іші-бауырыңды елжіретіп, жаныңды сүйсіндіретін естеліктерге берілгенді көбірек ұнататын болдым — бәрі адамды мейірлендіріп, татуластыратын, кешірімшіл құдайы шындықтың құдіретінен! Менің көрер жарығым таусылуға жуық, мұны көріп, сезіп отырмын, бұл дүниедегі тірлігімнің жақындаған жаңа, шексіз, беймағлұм бақи өмірмен ақырын жанасып бара жатқанын соңғы әрбір күнімді өткерген сайын сеземін. сеземін де жан дүнием сүйсініп, ақыл-ойым нұрланып, жүрегімді қуаныш билейді... Достарым мен ұстаздар, сіздерге енді талай рет өз құлағыммен естіген, соңғы кезде тіпті жиірек сөз болып жүрген бір жайтты айтайын деп ем: біздегі құдай сөзін уағыздаушылар, әсіресе селолық жердегілері, күн көрісіміз нашар, бізді кемсітеді деп қайда болсын жыланып жүргендері. сөйтіп олар бұдан былай халыққа құдай сөзін уағыздай алмаймыз, өйтіп жанығатындай мардымды нәпақамыз жоқ, ал егер лютерандар мен еретиктер келіп тобырды шетінен жырымдай бастаса, мейлі жырымдай берсін, нәпақаға жарып жүрміз бе бұған қимамыз қышитын деседі, өз көзіммен оқыдым — олар мұны баспасөзде де мәлімдеді. О жасаған! Осынау құлқының құрғырлардың қарнын тойғыза гөр деп тілеймін ішімнен (неге десеңіз олардың да шағымы әділ ғой), бірақ ақиқатын айтсам: егер бұған біреу кінәлі болса, жарым-жартылай біздің өзіміз кінәлымыз). Өйткені, жарайды, уақыт жетпей-ақ қойсын, оның үнемі жұмыс басты боп жүргені, оның үстіне діни салт-жора мойын бұрғызбайды дегені шын-ақ болсын, алайда ол неғып бір сәтке дамылдамайды, оның бір апта бойы құдай тағалаға мінәжат қылуға тым болмаса бір сағат уақыт таба алмайтыны қалай. Сосын жыл бойы жұмыс істелмейді ғой. Аптасына бір мәрте, кешқұрым, әуелі тек балаларды жинаса жетпей ме, — естіп білген соң әкелері де келе бастайды ғой. Сонсоң бұл үшін керемет ғимарат салудың қажеті жоқ, өзін отырған баспана әбден жарап жатыр; оларды не бары бір-ақ сағатқа жинайсың, үйіңді былықтырып кетеді деп қорықпа. Егер ол кітапты жайып салып, құйтұрқы сөзден аулақ боп, тәкаппарсымай, дандайсымай, өзінің оқығанына, ал олардың тыңдап, түсініп отырғанына қуанып, іші-бауыры елжірей, тебірене оқыса, әрбір сөзіне әуелі өзі сүйсініп, оқта-текте аялдап, жай пендеге ұғынықсыз кейбір сөздерді түсіндірсе, қапа болма, олар бәрін түсінеді, православиелік жүрек бәрін ұғады! Оларға Авраам мен Сарра туралы, Исаак пен Ревек жайында, Иаковтың Лаванға барып, түсінде тәңірімен жағаласып, "Бұл қорқынышты жер" — дегені жөнінде оқып берсең, — қара халықтың діндар ақылын таңғалдырасың. Оларға, әсіресе балаларға, ағалары өздерінің кенже інісі, керемет түс көргіш, ғажап сәуегей, сүйкімді жасөспірім Иосифті құлдыққа сатып жіберіп, әкесіне оның өтірік соққаны туралы да оқып бер. Содан кейін Мысырға астық сатып алуға барған ағалары патша сарайында ұлы уәзір боп жүрген Иосифті танымай қалғаны, сөйтіп бір заманда құлдыққа сатылған інісінің ағаларын қалай азапқа салып қалай айыптағаны, сосын Вениамин деген ағасын жеке алып қалып: "Сендерді жақсы көремін, әйтпесе азаптар ма едім" — дегені, осының бәрін сендерді шын сүйгендіктен істеп жатырмын де айтқаны жайында да оқып бер. Күн айналып жерге түскен шөлдегі құдық басында өзін көпестерге қалай сатып жібергені, бөтен жұртқа құлдыққа сата көрмеңдерші деп ағаларының аяғына жығылып, қалай зар еңірегені ғұмыр бақи есінен кетпесе, өзге лажы бар ма; енді міне ол талай жылдардан кейін ағаларымен қайта жүздесіп, оларды тағы да жан-тәнімен сүйеді, бірақ солай бола тұрса да діңкелетіп, азаптап бағады, ол ағаларын сүйгендіктен осылай етеді. Ақыры, ол жүрегінің азап шегуіне шыдай алмағасын кетіп қалады, төсегіне етпетінен құлай кетіп, ағыл-тегіл жылайды; сонан соң бетін сүртіп, жайнаған, жайдары жүзбен қайта шыға келіп оларға: "Ағалар, мен сендердің інілерің Иосифпін ғой!" — дейді. Бұдан кейін сүйікті ұлының тірі екенін естігенде Иаков қарияның қалай қуанғаны, оның тіпті ата мекенін тастап Мысырға жеткенше асыққаны жайында оқып берсін; жат жерде жан тәсілім етеріндегі өсиетінде оның тұқымынан, Иудадан, әлемнің ұлы үміт-арманы, оны жарастырушы мен құтқарушы шығатыны туралы өзінің момын, су жүрегінде өмір бойы құпия сақтаған асқан кемеңгерлік сөзін мәңгі бақиға айтып кеткен ғой ол жарықтық!
Пірәдарлар мен ұстаздар, өздерің әлдеқашаннан білетін және бұл жөнінен менің өзіме жүз есе артық шебер де әсем дәріс айта алатын жайттарды менің бейне жас балаша ежіктеп айтқаныма ғапу етіңіздер, бұл үшін мені ғайбаттамаңыздар. Мұны жаным сүйсінгесін айтамын, көзіме жас келгенін кешіріңіздер, өйткені мен бұл кітапты жақсы көремін. Тыңдаушыларының жүрегі қалай лүп еткенін көргісі келсе, ол да, құдай сөзін уағыздаушы да көзіне жас алсын. Титтей, кішкентай ғана ұрық дәні болса жетіп жатыр: оны қара халықтың жан дүниесіне сенсе болды, ол өлмейді, бұл дән оның жан дүниесінде ғұмыр бақи өмір сүреді, оның бойындағы қара түнектің ішінде, жеркенішті күнәларының арасында жылтыраған ноқаттай, ғаламат ескертудей боп жасырынып жата береді. Ол бәрін оп-оңай ұғады, оған ежіктеп, көп үйретудің қажеті жоқ. Әлде сіз қара халық ұқпайды деп ойлайсыз ба? Содан кейін оған хас сұлу Эсфира мен тәкаппар Уостня туралы жан тебірентетін, өте қызық хикаяны оқып көріңіз; немесе киттің құрсағындағы Ион әулие жайындағы ғажайып аңызды оқып беріңіз. Сонсоң, көбінесе Луканың Інжілінен (мен осылай еткен едім) құдайы нақыл сөздерді де, одан кейін Апостолдар қаракетінен Савлдың сөзін (мұны қалай да, сөзсіз оқу керек), ақырында Четын-Минейден тым болмаса құдайға құлшылық етуден жаңылмаған Алексейдің және қасіреттен қуаныш тапқан ұлылардың ұлысы, құдай тағаланың дидарын көрген пайғамбарды пір тұтқан мысырлық Мәриям ананың ғұмырнамасын оқып беруді де ұмытпау керек — сонда осынау қарапайым хикаялармен қара халықтың жүрегін баурап алатының хақ, бұған аптасына не бары бір сағат қана кетеді, күнкөрістік нәпақаңның жартымсыздығына қарамастан, бір-ақ сағат уақыт жұмсайсың бұған. Халқымыздың қайырымды һәм рақымды екенін, оның жүз мәрте алғыс айтатынын сонда ол өзі де көреді; құдай сөзін уағыздаушының көрсеткен ыждағаты мен жылы лебізі жадында қалған соң ол оның қызметіне өз еркімен көмектеседі, үй ішінде де қолқабысын тигізеді, сөйтіп оны бұрынғыдан әлдеқайда көбірек құрметтейтін болады — нәтижесінде оның күнкөрістік нәпақасы да көбейеді. Мұның өзі ақ көңілден істелетін нәрсе, сол себепті де кейде оны сөз ғып жатуға да батылымыз бармайды, өйткені сені күлкі қылады, ал шындығында қандай ізгілікті іс бұл!
Кімде-кім құдайға сенбесе, ол құдайға құлшылық етуші халыққа да сенбейді. Ал діндар халыққа сенген адам, соған дейін өзінің мүлде сенбей келгеніне қарамастан, оның нені қасиеттейтінін де көре біледі. Туған жерден безген атеистерімізді тек халық пен оның болашақ рухани күші ғана қайыра алады. Сонсоң, Христостың сөзін мысалдап айтпасқа бола ма? Құдайы сөзсіз халықта тіршілік жоқ, оның жан дүниесі құдайы сөзге, небір ғажап ұғымдарды пайымдауға құштар. Жасымда, осыдан қырық жылдай бұрын тіпті ертеректе, Анфим пірәдарға еріп күллі Русьті аралап, монастырьға қайыр-садақа жинап жүргенде, бір жолы кеме қатынайтын үлкен өзеннің жағасында, балықшылармен бірге түнеген едім; бізбен бірге он сегіздердегі жылы жүзді, өскелең шаруа жігіті де қонып жатты, ол ертең азанда көпестің баржасына жегілетін жерге асығып бара жатыр екен. Байқаймын, жігіт көз салғанда жадырай, ашық қарайды екен. Шілденің май тоңғысыз, тымық, сүттей жарық түні болатын, жалпақ айдынның беті буланып жатыр, өзеннен салқын самал еседі. тек шабақ балықтың ақырын шоршығаны естіледі, құс біткен қонақтаған, айнала тым-тырыс, керемет әсем, бәрі жаратқан жалғызға тәуап қылуда. Көз ілмеген жас жігіт пен мен ғана, сөйтіп екеуміз жасағанның жарық дүниесінің ғажап сұлулығы мен оның ұлы құпиясы жайында әңгімелестік. Кез келген шөп, кез келген шіркей, құмырсқа, сарала бал арасының барлығы өзінің жолын ғажап біледі, ақылы болмаса да, тәңірімнің құпиясын дәлелдейді және оны өздері де үзіліссіз жасап жатады; байқаймын, сүйкімді жігітімнің жүрегі жалындап бара жатқандай. Маған ол орман-тоғайды, ондағы түрлі құстарды жақсы көретінін айтты; тұзақпен құс аулаған екен, құстардың шырылын ажырататын, әрбір құсқа қалай жақындаудың сырып жетік білетін болып шықты: мен, - дейді. - орман-тоғайда жүргеннен артық ғажапты білмеймін, онда бәрі керемет қой, - дейді. "Бәрі жақсы, бәрі ғажап екені рас, өйткені бәрі ақиқат қалпында, — деймін мен оған. Сонан соң: төрт аяқтыдан адамға ең жақыны жылқыға көз салшы, немесе асыраушың һәм көлігің, мыңқ етпей, ақырын тарта беретін егізге қарашы, осылардың сиқына кез тоқтатып көрші: неткен момындық, адамға қандай керемет жақындық десеңізші, көбіне-көп жазықсыз қатты таяқ жесе де қандай ғажап кексіздік, қандай ғажап сенгіштік десеңізші; түр-тұрпаты қандай сұлу олардың. Бой-басында титтей күнәсі жоқ, өйткені бәрі мінсіз, бәрі күнәсыз, күнәкар тек адам ғана, Христос бізден бұрын әуелі солармен табысқан, мұны да білген ләзім" — деймін. — "Бұл қалай, — деп сұрайды жігіт, — олар да Христосқа сиынғаны ма?" — "Енді қалай деп ең, — деймін оған, — сөз бәріне де ортақ, жан-жануардың, кез келген мақлұқаттың бәрі, әрбір жапырақ та құдайы сөзге құштар, бәрі құдайдың жырын жырлайды, Христосқа жылайды, бірақ мұны бейкүнә тіршіліктерінің құпиясына сүйеніп істейтінін өздері де сезбейді. "Әне, деймін оған, — орманда қаһарлы, қатал, қорқынышты аю кезіп жүр, бірақ бұл үшін ол әсте кінәлы емес". Содан кейін оған орман ішіндегі кішкентай құжыраны паналаған қасиетті әулиеге бір күні аюдың келгенін, оған жаны ашып кеткен әулиенің қорықпастан алдына барып: "Тәңірім жар болсын, мынаны жегесін бара ғой" — деп бір үзім нан тастағанын айтып бердім; қорқынышты көрінген аю оған тимейді, жуасыған қалпы, тыныш кете барады. Аюдың кісіге тимей кете қойғанына, Христостың оны да ебеп-жебейтіндігіне жігіттің көңілі босап кетті. "Аһ, қандай керемет еді бұл, құдайдың бұйрығымен болғанның бәрі жақсы, ғажап қой!" — деді ол. Ойға шомып, тым-тырыс, бір түрлі рақаттанып отыр. Байқаймын, ұққан секілді. Сөйтіп, ол менің жанымда қаннен-қаперсіз, тез ұйықтап кетті. Жастыққа жар бола гөр жасаған! Ұйықтар алдында ол үшін өзім дұға қайырдым. О, тәңірім, пенделеріне тыныштық пен қуаныш бере гөр!
в) Зосим пірәдардың дүнияуи тірлікпен жүрген жасөспірім және жастық шағынан естелік. Жекпе-жек.
Петерборда, кадет корпусында, ұзақ уақыт, сегіз жылға жуық болдым; балалық шақтың әсерінен ештеңені ұмыта қоймасам да, жаңа тәрбие көп нәрсені жадымнан өшіріп тастаған-ды. Оның есесіне жаңа әдеттерге, тіпті тың пікірлерге кенелгенім сонша, тағылануға жуықтаған, қаныпезер, дөрекі адам болып шықтым. Француз тілімен бірге жылтыраған әдептілік пен ақсүйек қауымның жалған сыпайыгершілігіне машықтандым, әйтсе де бәріміз, оның ішінде мен де корпуста өзімізге қызмет ететін сарбаздарға нағыз мал есегін қарайтын едік. Мен, бәлкім, өзгелерден асып түскен де шығармын, өйткені жолдастарымнан гөрі тезірек түсінетін зерек едім. Офицерлікке қолымыз жеткеннен кейін полкымыздың намысын қорлаушының қолында өлуге әзір едік, бірақ шынайы ар-намыстың не екенін ешқайсымыз білген жоқпыз деуге болады, білген күнде оны сол сәтте мен өзім бірінші болып мазақ еткен болар едім. Араққұмарлықты, жанжалқойлықты, қызбалықты өнер көрдік десек те болады. Жоқ, сұмпайы едік демеймін; бәріміз де тәп-тәуір жігіттер болатынбыз, тек өзімізді ұстай білмедік, әсіресе мен. Қалтаға ақша түскен екен, ендеше неге барынша сайрандап қалмасқа, жастық жігерін ширығып тұрғанда, ештеңеден тартынбай, неліктен емін-еркін көсілмеске. Әйтсе де, мынаған таңым бар: онда менің кітап оқитын, тіпті зейінмен оқитын кезім болатын; еш уақытта бетін ашпасам да, Інжілді қайда барсам үнемі өзіммен бірге алып жүрдім: неге өйткенімді өзім де сезбей, оны "бір күн, бір сағатқа, бір жыл, бір айға" шындап сақтаппын ғой. Төрт жылдай қызмет еткеннен кейін, ақырында, мен сол кезде біздің полк орналасқан К. деген шаһардан бір-ақ шықтым. Шаһардың дәулетті, меймандос, көңілді, сан алуан, көпшілік қауымы мені қайда болмасын жылы қабылдады, өйткені мен тумысымнан жайдары мінезді болатынмын оның үстіне бай жігіт деген атағым тарап кеткен, ал мұның ақсүйек қауымда мәні аз емес. Сөйтіп, барлығының бастамасы болған бір жағдайға ұшырағаным. Мен бір қадірменді ата-ананың қызы, ақылына көркі сай, жарқын, ізгі мінезді жас, сұлу бикешті ұнатып қалдым. Анау-мынау емес, дәулетті, ықпалды, беделді адамдар еді, мені ілтипатпен, жылы шырайлы қабылдап жүрді. Сосын маған қыз көңілі кет әрі еместей көрінді де, арманыма жеткелі тұрғандай жүрегім аттай тулады. Кейін ғана түсініп, бәрін толық аңғардым: мен оны, бәлкім, соншалық беріле сүймеген шығармын, тек оның ақылы мен асқақ мінезіне тәнті болуым керек деп түйдім. Алайда онда қызға сөз салуға менмендігім мұрша бермеді ғой деймін: қылшылдаған жастық шақта, оның үстіне ақшаң бола тұра, жынойнақ, бойдақ, еркін өмірдің қызығынан бас тарту қиын да қорқынышты көрінді. Дегенмен, ишара білдіргенмін. Қандайда бір шешуші қадамды қалай дегенмен сәл кейінге қалдырғам. Дәл осы кезде басқа уезге екі айға іссапарға кетіп қалғаным. Екі айдан кейін қайтып келсем, қыз шаһар іргесіндегі бір помещикке тұрмысқа шығып кетіпті; ол менен үлкен болса да, әлі жас, астанада, ақсүйек қауымда танымал, аса сыпайыгершіл, оған қоса білімді адам екен; ал менде ондай байланыс та, білім де атымен жоқ. Мен бұл тосын жағдайға қайран қалдым, тіпті ақылымнан адаса да жаздадым. Ғажабы сол помещик жігіт қызға әлдеқашан құда түсіп қойған екен, оның сол үйге келіп жүретінін өзім де талай рет көргенмін, бірақ менен артық жігіт жоқ деп кеудеме нан пісіп жүргенде ештеңені сезбесем керек. Көбіне-көп жаныма батқаны осы болды: бұл қалай, бәрі дерлік біліп жүргенде, жалғыз мен ғана түк сезбегенмін? Сөйтіп, мені кенет сұмдық ыза кернеп кетті. Оны сүйетінімді талай рет қалай сездіргенімді екі бетім дуылдап есіме түсіріп отырып, егер ол мені тоқтатып ескертпесе, онда мазақ еткені шығар деп ойладым. Әрине, оның мені ешбір күлкі қылмағандығы, қайта мұндай әңгімені әмсе әзілге айналдырып, өзге бірдемені сөз ете бастағандығы, кейін есіме түсіп, бәрін соңынан ұққан едім, — ал онда тұла бойымды кек алып тұрғанда мұны қайдан түсінейін. Бұл кекшілдігім мен ызақорлығым өзіме де қатты батып, мүлде ерсі көрінгенін, сосын тұзымның жеңілдігінен еш уақытта біреуге ұзақ ашулана алмауым себепті өзімді-өзім қасақана ерегістіріп, ақыр-соңында, қандай оңбаған, дөрекі көрінгенім есіме түскенде қайран қаламын. Біраз уақыт шыдап жүрдім де, бірде үлкен жиында қайдағы бір бөгде себептерді сылтауратып, кенеттен "бақталасымның" намысына мықтап бір тимесім бар ма, мен оның сол кездегі бір маңызды оқиға жөніндегі пікірін — бұл оқиға жиырма алтыншы жылы болған — мазақ еткен едім; жұрт мұндай тапқыр, епті ме едің деп те жүрді. Содан кейін оның кінәласуға мәжбүр етіп, қасақана дөрекі сөйлестім, ол екеуміздің арамыздағы үлкен айырмашылыққа қарамастан, — өйткені мен одан жас едім және шенім де төмен-ді, — менің жекпе-жекке шақыруымды қабыл алды. Анығын кейіннен білдім, ол да менің жекпе-жекке шақыруымды қызғаныш сезімінен қарсы алыпты: ол өзінің келіншегін, қыз кезінде, менен бұрын да аздап қызғанатын еді; енді ол, егер менің қорлағаныма шыдап, мені жекпе-жекке шақыруға қорыққанын естісе, әйелі жек көріп, махаббаты суып кетер деп ойласа керек. Мен секундантты тез таптым, өзіміздің полктағы бір поручик жолдасым келісті. Ол кезде жекпе-жекке шығу қатты қудаланғанмен, кейде жалған нанымдардың тамыр жайып, күшейетіндігі соншалық, жекпе-жекке шығу әскери адамдар арасында тіпті сән секілді еді. Маусым айы бітуге айналған, ертең шаһар сыртында, азанғы сағат жетіде, кездесуіміз керек — онда маған шынында да бірдеңе көрінгелі тұрғандай сезілген еді. Кешке қарай үйге теріме сыймай, бұлан-талан болып келдім де, қараптан-қарап қосшым Афанасийге тиісіп, оны құлаштап екі рет салып жіберіп, бет-аузын қан қылдым. Оның менде қызмет еткеніне аз-ақ уақыт өткен, оған бұрын да қолым тиген, бірақ ешқашан да дәл мұндай айуандыққа барған жоқ едім. Иланасыңдар ма, достарым, содан бері қырық жыл өтсе де, осы қылығым есіме түскенде ұялғанымнан жерге кіре жаздаймын. Төсекке жатып, үш сағаттай көз шырымын алдым, оянсам таң сібірлеп келеді екен. Ұйықтағым келмегесін тез түрегеліп, терезеге бардым — ол бақ ішіне қарайтын, — терезені ашып едім, таң арайлап келеді, ауа жылы, ғажап, құстың шырылдағаны естіледі. Бұл қалай, жан-дүниемді нендей бір масқаралық пен пасықтық жайлағандай болғаны несі? — деп ойлаймын. Біреудің қанын мойныма жүк қылуға бара жатқанымнан емес пе екен? Жоқ, одан емес секілді, деп ойлаймын. Әлде ажалдан қорыққандықтан, оққа ұшамын-ау деп қауіптенгендіктен бе? Жоқ, әсте олай емес, тіпті мүлде олай емес... Сонсоң, гәп неде екені есіме сап ете қалды: гәп кеше Афанасийді жазықсыз ұрғандығымда екен! Бәрі кенет көз алдыма қайта елестеп, қаз-қалпы қайталанғандай болды: ол менің алдымда тұр, мен оны тура бетінен құлаштап ұрып жатырмын, ал ол, қолдары санына жабысып қалғандай, басын тік ұстап, алдына бадырая тура қарап мелшиіп қалған, қорғану үшін қолын көтеруге де мұршасы келмей, жұдырық тиген сайын тек бүлк етеді — адамның әбден жаншылып біткендігі ғой бұл, біреу біреуді жазықсыз сабады деген не сұмдық! Неткен қылмыс десеңші! Әлдене жан дүниеме инедей қадала қалды. Есеңгіреп тұрып қалдым, ал күннің көзі жарқырап, құс атаулы қуанып, мәз болып, жарық күнді әкелген тәңірімді мадақтауда... Екі алақаныммен бетімді басып төсекке құлай кеттім де, еңіреп жылап жібердім. Осы сәтте ағам Маркелдің өлер алдында малайларға айтқан: "Жарқыным-ау, қымбаттым-ау, осыншама неге елпілдейсіңдер маған, мұндай қызметтеріне мен өзі лайық па екем?" — деген сөзі есіме түсті, сонсоң кенет: "Иә, лайық па екем", — деген ой келді. Жаратқанның өзімдей жұмыр басты екінші бір пендесі маған қызмет ететіндей одан менің қай жерім артық? Осы сұрақ сонда зейін-зердеме өмірімде бірінші рет дық еткен еді. "Апатайым, сүйікті апажаным менің, біле білсең, шындығында барша жұрттың алдында — барлық ісіміз үшін кез келгеніміз кінәлымыз, тек олар мұны білмейді, егер білсе, қазір-ақ ұжмақ орнар еді!" "Жасаған-ау, бұл дағы шындық болмағаны ма, ақиқатында мен барлығы үшін, бәлкім, бәрінен де кінәлірек болармын, бұл жалғанда менен жаман жан жоқ шығар — деп ойлаймын жылап жатып. Сөйтіп, бар шындық кенет көз алдыма келіп, санама бір ғажап сәуле түскендей болды: мен не істеуге бара жатырмын? Менің алдымда ешбір кінәсіз, жаны жайсаң, парасатты, ізгі адамды өлтіруге бара жатқан жоқпын ба, ендеше оның зайыбын ғұмыр бақиға бақытсыз етіп, бұл жалғаннан қайғы-қасірет шегіп өтуге душар етпеймін бе. Осылай төсекте бетімді жастыққа тығып жатып, уақыттың қалай өткенін де сезбеппін. Бір мезетте поручик жолдасым кіріп келді, қолында тапаншалары бар: "А, сенің түрегеліп дайын отырғаның жақсы болды, жүр, кеттік". Мен абыржып, мүлде сасып қалдым, дегенмен, арбаға отырайық деп далаға шықтық. "Осы арада сәл аялдай тұршы, — дедім оған, — мен тез үйге кіріп шығайын, әмиянымды ұмыт қалдырыппын". Сөйтіп пәтеріме, тура Афанасийдің үйшігіне жүгіріп кірдім. "Афанасий, деймін, кеше мен сені беттен екі рет салып жібердім, сен мені кешіре гөр", деймін. Ол селк ете түсіп, маған үрейлене қарайды — мұным мүлде жеткіліксіз екенін сезген соң, кенет, эполеттегі күйімде, оның аяғына жығыла кеттім де, маңдайымды жерге тигізіп: "Мені кешіре гөр!" — дедім. Енді ол мүлде қалшиып қалды: "Мәртебелі мырзам-ау, әкетайым-ау, мұныңыз қалай... садағаңыз кетейін..." — енді оның өзі жылап қоя берді, бағанағы мен құсап, бетін басып терезеге қарап тұрып еңірегенде селкілдеп кетті, ал мен жолдасыма жүгіріп шығып, арбаға секіріп отырдым да: "Кеттік" — дедім. "Көріп қой, — деймін оған, — жеңімпазың жаныңда отыр!" Қуанышымда тіпті шек жоқ, күле берем, жол бойы ауыз жаппадым, сөйлеп келем, тіпті не айтып не қойғаным есімде жоқ. Ол маған қарап: "Сен, бауырым, нағыз жігіт екенсің, мундирдің беделін түсірмейтініңді көріп келемін", — дейді. Сөйтіп, келіп те жеттік, олар бізді күтіп тұр екен. Екеумізді бір-бірімізден он екі қадам жерге қарама-қарсы тұрғызды, бірінші кезек оныкі, мен болсам оның қарсы алдында, кірпік қақпастан, көңілдене, сүйсіне қарап бетпе-бет тұрмын, не істейтінімді өзім білем. Оның атқан оғы бетімді сәл ғана жанап өтіп, құлағымды жыртып кетті. Сонсоң мен: "Құдайға шүкір, кісі өлімі жоқ!" — деп айқайлаған күйі теріс айнала беріп, тапаншамды орманға қарай аспандата бір-ақ лақтырдым: "Сенің орның сол жақта!" Содан кейін қарсыласыма былай дедім: "Қадірменді мырза, мендей зердесіз жас жігітті кешіріңіз, сізге тіл тигізгенім үшін кінәлымын, міне енді өзіме оқ атуға мәжбүр еттім. Мен сізден он есе, бәлкім, тіпті одан бетер нашар шығармын. Жан-тәніңізбен сүйетін әйелге осы сөзімді айта барыңыз". Мен ауыз жауып болғанша үшеуі бірдей дүрсе қоя берді: "Кешіріңіз, — қарсыласым тіпті ренішпен сөйледі, — егер жекпе-жекке шыққың келмесе, онда несіне мазаладың? — "Кеше ақымақ едім, — деймін оған — бүгін ақылым кірді", — мен оған көңілдене жауап қаттым. "Кешегіңе сенемін, — дейді ол, — бірақ мына пікіріңізге қарағанда бүгінгіңіз жайында бірдеңе деу қиын". — "Бәрекелді, — деймін мен қол шапалақтап, — мен бұл жөнінде де сізбен келісем, өзіме де осы керек!" — "Қадірменді мырза, кәне атасыз ба, жоқ па?" — "Атпаймын, қаласаңыз, тағы бір атыңыз, алайда атпағаныңыз да теріс болмас еді" деймін оған. Секунданттар, әсіресе менің секундантым: "Полкты масқара қылдың, барьерде тұрып кешірім сұрады деген не; бүйтетініңді білсем ғой!" — деп айқайлап жатыр. Ал мен болсам олардың алдында тұрмын, күлкім тыйылған: "Мырзаларым-ау, деймін, бұл заманда өзінің зердесіздігі үшін өзі кешірім сұрап, жұрттың көзінше өзінің кінәсын мойындаған адамды кездестіру соншалықты таңғаларлық болғаны ма?" — "Бірақ оны барьерде тұрып істемейді ғой", — деп бажылдайды тағы да менің секундантым. "Солай ма, — деймін оларға — таңғаларлығы да міне нақ осында, себебі, мен осы араға келісімен, одан оқ атқызбай тұрып кешірім сұрап, оны кешіргісіз, масқара күнәға итермеуге тиіс едім, алайда бұл дүниеде біздің өзімізді сұмдық рабайсыз ұстайтындығымыз сондай, бұл тіпті мүлде дерлік мүмкін болмас еді, өйткені менің сөзімнің он екі қадамнан атылған оққа қасқайып қарсы тұра алғаннан кейін ғана олар үшін қандайда бір мәні болуы мүмкін, ал егер оған дейін, осында келе кешірім сұрасам онда: ол су жүректің тапаншадан құты қашып тұр, оны несін тыңдаймыз дер еді де қояр еді. "Мырзалар, — деп кенет айқайлап жібердім мен жүрегім елжіреп, — айналадағы тәңірім сыйлаған жарық дүниеге қараңдаршы: ашық аспан, кәусар ауа, балауса шөп, сайраған құс, ғажап сұлу, бейкүнә табиғат, құдайдан безіп, ақымақ боп жүрген жалғыз біздер ғана, біз өмірдің ұжмақ екенін ұқпаймыз, ал егер біз мұны түсінгіміз келсе, сол сәтте бар сұлулығымен ұжмақ орнай қалар еді де, біз құшақтаса кетіп, қуанғанымыздан жылап жіберер едік...". Сөзімді одан ары жалғастырайын деп едім, бірақ мұршам келмеді, тіпті тынысым тарылып кетті, тұла бойымды бір тәтті, балаң сезім билеп, жүрегім өмір бойы сезбеген бақытқа толғандай болды. "Мұның бәрі ақылды әрі таупықты іс болды, — дейді маған қарсыласым, — қалай дегенмен сіз алабөтен жан екенсіз" — "Күле беріңіз, — деймін оған мен де күліп тұрып,— кейін өзіңіз мақтайтын боласыз". — "Мен, дейді, мақтауға қазір-ақ әзірмін, мархабат, міне сізге қолымды бердім, өйткені сіз шынында да ашық адам секілдісіз". — "Жоқ, деймін, қазір керегі жоқ, кейін мен түзеліп, сіздің құрметіңізге лайық болғасын қол берсеңіз — міне сонда жақсы істейсіз". Біз үйге қайттық, секундантым маған жол бойы ұрысты, ал мен оны бетінен сүйе бердім. Жолдастарымның бәрі бұл жайында тез құлақтаныпты да, сол күні маған үкімдерін шығаруға жиналыпты: "мундирден садаға кеткір, онан да отставкаға шықсын". Мені қорғаушылар да табылады: "Оқ атылғанда қасқайып тұрған жоқ па", — дейді олар. "Ол рас, бірақ ол екінші оқтан қорықты, сол себепті де барьерде тұрып кешірім сұрады". — "Оқтан қорықса, — дейді бұған қорғаушыларым, — кешірім сұрамастан бұрын өз кезегін бос жібермес еді ғой, ал ол оқтаулы тапаншасын орманға лақтырды, жоқ, бұл арада өзге, ерекше бірдеңе бар". Мен болсам олардың жүзін көріп, сөздерін тыңдаған сайын көңілдене түстім. Аса қымбатты достарым мен жолдастарым-ау, — деймін мен оларға содан кейін, — отставкаға шықсың деп босқа күйіп-піспеңдер, мен мұны істеп те қойдым, бүгін таңертең кеңсеге арызымды апарып бердім, отставкаға шыққасын монастырьға кетемін, сол үшін де арыз бердім". Бұл сөзіме бәрі жабыла күледі: "Сен мұны әуелде неге айтпағансың,— енді бәрі түсінікті, тақуаны соттауға болмайды", — деп барлығы қыран күлкіге батады, бірақ мысқылдамайды, назды, көңілді күлкіге басады: мені кенет барлығы, тіпті ең қатал айыптаушыларым да, жақсы көріп кетті, сосын отставкаға алғанға дейінгі бір ай бойы төбелеріне көтеріп жүрді деуге болады. "Әй, тақуам-ай", — дейтін бәрі. Содан кейін кез келгені маған жылы сөзін айтып, айныта бастады, тіпті жанашырлық та білдірді: "Сенің мұның не, өзіңе-өзің қаспысың?" — "Жоқ, ол ер жігіт, оқтан қаймыққан жоқ, өз кезегі келгенде атуыңа да болатын еді, бірақ соның алдында ғана түсінде сен тақуа боласың деп аян берген екен, бар себеп осы", — деседі ақырында. Шаһардағы қауымда да дәл осылай болды. Бұрын жылы қарсы алғандары болмаса, онша елей қоймаушы еді, енді бәрі көрген жерде шұрқыраса кетіп, қонаққа шақыратынды шығарды: өздері қызық, маған күлгенмен, жақсы көреді. Жасыратыны жоқ, біздің жекпе-жегімізді онда бәрі ашық сөз қылғанмен, бастықтар бұл істі жылы жауып қойды, өйткені қарсыласым генералдың жақын тумасы еді, сосын істің аяғы қан төгіссіз, әншейінгі қалжың секілді боп біткесін, ақырында, мен отставкаға шыққаннан кейін шынында да бәрі қалжыңға сайды. Олардың күлкісіне қарамастан, мен онда болған істі қаймықпай, ашық айтып жүрдім, өйткені бұл қалай дегенмен зілсіз, көңілді күлкі еді. Бұл әңгімелердің бәрі көбіне-көп әйел қауымы бас қосқан кештерде болып жататын, онда әйелдер менің әңгімемді тыңдауға құмар болған еді және бұған еркектерді де көндірген. "Мен барлығы үшін қалай кінәлы болуым мүмкін, — деп күледі кез келгені менің көзіме қарап, мысалы, мен сіз үшін қалай кінәлы бола алам?" — "Барша әлем әлдеқашан басқа жолға түсіп отырғанда, шіп-шикі өтірікті шындыққа балап, өзгелерден де осындай жалғандықты талап етіп отырғанымызда, сіздерге мұны ұғу қайда,— деймін оларға. Міне, мен өмірімде бір рет адалдыққа бас тігіп едім, сіздердің бәріңізге диуана көріндім: мені жақсы көрсеңіздер де, бәрібір күлкі қыласыздар". "Сіздей кісіні қалай жақсы көрмеске?" — деп күледі маған үй иесі әйел; ал оның үйіне жұрт көп жиналатын еді. Байқаймын, әйелдердің арасынан кенет уыздай жас бір келіншек көтеріліп келеді; ол мен жуырда ғана өзімнің қалыңдығым деп іштей үміттенген, жекпе-жекке де сол үшін тәуекел еткен бикеш екен, оның бұл кешке қашан келгенін байқамаппын. Ол маған жақындап келіп, қолын берді: "Мүмкін болса, дейді, сізді күлкі ету қаперіме де кірмегенін, қайта, анадағы адамгершілігіңіз үшін сізге ақ ниетпен алғыс айтып, өзіңізді құрмет тұтатынымды білдіруге рұқсат етіңіз". Сосын оның күйеуі, одан кейін бәрі жапатармағай менің жаныма келіп, тіпті бетімнен сүйе жаздады. Сонда менің бойымды қандай қуаныш билегенін көрсеңдер ғой, әйтсе де сонда қасыма келген бір мырза, жасамыс адам, бәрінен де ерекше көзіме түскен болатын, мен оның аты-жөнін бұрыннан білетін едім, бірақ еш уақытта таныс болған, тіпті осы бүгінгі кешке дейін де ләм деп тіл қатыспаған едім.
г) Жұмбақ жан
Ол біздің шаһарда көптен бері тұратын, көрнекті қызметте жүрген, бәрі құрмет тұтатын, дәулетті, қайырымдылығымен ауызға іліккен, құдайхана мен жетімдер үйінің мұқтажына едәуір ақша берген кісі еді; оның дабыраламай, жасырын түрде басқа да көптеген жақсылық істегені ол дүние салғаннан кейін ғана мәлім болды. Жасы елулер шамасында, түрі сұстылау, сөзге сараң еді; үйленгеніне он шақты жыл өткен, зайыбы әлі жас-ты, одан үйелмелі-сүйелмелі үш балақ"өрген. Ертеңіне кешқұрым үйде отыр едім, кенет бөлменің есігі ашылып, сол мырзаның өзі кіріп келді.
Бұл кезде менің жаңа пәтерде тұрғанымды айта кеткенім жөн, отставкаға шығысымен бір шенеуніктің жесірі, жасамыс әйелдің үйінен барлық күтімімді өз міндетіне алатын пәтер жалдаған едім, басқа пәтерге көшуімнің бірден-бір себебі, жекпе-жектен оралған соң, сол күні Афанасийді ротаға кері қайтардым, өйткені бағанағы қылығымнан кейін оның бетіне қарауға дәтім бармады — тұрмысқа икемделмеген дүнияуи пенденің тіпті өзінің кейбір әділетті ісінен де ұялуға бейім тұратындығы міне осындай.
"Мен, — дейді маған келген мырза, — сіздің әңгімеңізді бірнеше күннен бері әр жерде зейін қоя тыңдаған едім, енді өзіңізбен жақынырақ әңгімелесу үшін, ақырында, жүзбе-жүз танысайын деп әдейі келдім. Мархабатты тақсыр, сіз маған осындай бір үлкен қызмет көрсете алар ма едіңіз?" — "Қызметіңізге әзірмін, бұған бар ықыласымды саламын және де мұны өзіме ерекше құрмет санар едім", — деймін оған; оның мені ә дегеннен таңырқатып тастағаны сондай, сөйте тұра одан тіпті именетін де сияқтымын. Өйткені, менің әңгімеме елең етіп, құлақ қоюшылар болғанмен, мұндай байсалды, сұсты пішінмен келгендері кездескен жоқ еді. Ал мынау тіпті пәтеріме келген. Ол отырды. "Тәуекелге бел буған ісіңізде қалаған шындығыңыз үшін ақиқатқа қызмет етуден, жұртқа жек көрінішті болудан қорықпадыңыз, — деді ол әңгімесін одан ары сабақтап, — сол себепті мінезіңізде бір ғаламат тегеурін бар ма деп қалдым". — "Сіз мені, бәлкім, тым асыра мақтайтын шығарсыз", — деймін оған. "Жоқ, олай емес, — деп жауап қатады ол маған, — біле білсеңіз, мұндай іске бас тігу сіздің ойлағаныңыздан гөрі әлдеқайда қиынырақ. Шындығында, — деді ол одан ары, — мені таңырқатқан осы жайт еді, сізге келуімнің себебі де осы. Менің, бәлкім, тым ерсілеу көрінетін бұл әуесқойлығымнан жиіркенбесеңіз, жекпе-жек кезінде одан кешірім сұрауға тәуекел еткен сәтте өзіңізді нақ қандай сезім билегенін, егер ұмытпасаңыз, маған суреттеп берсеңіз қайтеді? Бұл сауалымды жеңілтектікке балай қоймассыз деймін; керісінше, мұндай сауал қойғанда бір құпия мақсатым да жоқ емес, егер екеумізге тәңірім бұдан да етене жақындасуға жазса, оны сізге кейін түсіндіріп беруім де мүмкін".
Ол маған осы сөздерді айтқан кезде мен оның жүзінен көз алмадым, сөйтіп мені кенет оған деген бір қалтқысыз сенім, сонан соң, өз тарапымнан бір ерекше құмарлық билеп кетті, өйткені маған оның жан дүниесінде өзіне тән ерекше бір құпия сыр бардай көрінген еді.
"Сіз менен қарсыласымнан кешірім сұраған сәтте өзімді нақ қандай сезім билегенін сұрадыңыз, — деп жауап қаттым оған, — бірақ сізге мен онан да бәрін басынан бастап баяндайын, мұны басқалар естіген жоқ әлі", — сонан соң оған Афанасийге көрсеткен озбырлығымды, оған басымды жерге тигізе қалай тағзым еткенімді, бәрін айтып бердім. Жекпе-жек кезінде өзімді сергек сезінгенімді, өйткені үйден шықпай жатып серги бастағанымды осыдан шамалай беріңіз, — дедім сөзімнің қорытындысында, — осы жолға түскеннен кейін одан арғының бәрі қиын болмағаны былай тұрсын, қайта, тіпті қуанышты, көңілді болды".
Ол тыңдап болғасын маған жайдарылана қарады: "Айтқаныңыздың бәрі өте қызық екен, мен сізге келіп жүремін", — дейді. Содан кейін кешке қарай күнде дерлік келетін болды. Егер ол маған өзі жайында да әңгімелесе, біз достасып та кететін едік. Бірақ ол өзі туралы ләм демеді, тек үнемі маған сұрақ қоя берді. Осыған қарамастан, мен оны өте жақсы көріп кеттім, сөйтіп оған қалтқысыз сенгендіктен ішкі ойларымды жасырмадым, өйткені: әділетті адам екенін онсыз да көріп тұрсам, маған оның құпиясының қажеті не деп ойладым. Ондай байсалды, жасы үлкен кісінің жап-жас маған келіп жүргені, мені тең көргені өз алдына. Аса парасатты кісі еді, көптеген ұлағатты іске үйрендім одан. "Өмірдің ұжмақ екені жайында мен көптен ойланып жүрмін — деді ол кенеттен, сонан соң: "Мені ойландыра беретін тек осы ғана" — деді тағы да. Менен көз алмай, күлімсіреп қояды. "Мен бұған сізден гөрі көбірек сенімдімін, неге екенін кейін біле жатарсыз", — дейді. Тыңдап тұрып, ішімнен: "Тегі, ол маған іштегі бір құпиясын ашпақшы ғой", — деп ойлаймын. Ол: "Ұжмақ біздің әрқайсымыздың ішімізде, міне қазір ол менің ішімде де бұғып жатыр, қаласам, ол мен үшін ертең-ақ бүкіл қалған өміріме шынайы шындыққа айналады", — дейді. Байқаймын: ол маған елжірей сөйлеп, бейне сауал қойғандай, сұқтана қарайды. "Сіз, дейді ол одан ары, кез келген адам, өзінің күнәларын есептемегенде, барлығы үшін және бәрі үшін кінәлі екендігі жайында әбден дұрыс пайымдағансыз, сіздің кенет бұл ойды осынша қалай толық қамти алғандығыңыз таңғаларлық. Адамдар осы ойды түсінгенде олар үшін ұжмақ қиялдағы арманнан шынайы шындыққа айналады деп өте дұрыс айтылған", "Сонда бұл қашан іске асады, — дедім мен өкінішті үнмен, — келешекте бір замандарда іске асар ма екен? Құрғақ қиял емес пе?' — "Міне, дейді, сіз енді күмәндана бастадыңыз, өзіңіз уағыздайсыз да, өзіңіз сенбейсіз. Білгіңіз келсе, өзіңіз айтқандай, бұл қиял күмәнсыз іске асады, бұған сеніңіз, бірақ дәл қазір емес, өйткені әрбір іс-әрекеттің өз заңы болады. Бұл жан-дүниеңнің қалауымен, ұғып-түсініп істелетін шаруа. Әлемді жаңаша қайта құру үшін адамдар психологиялық жағынан басқа жолға түсуі қажет. Кез келген адамға шын бауыр болмайынша, бауырластық тумақ емес. Адамдар өздерінің меншігі мен құқықтары жөнінен ешқандай ғылымның, ешқандай тиімділіктің жәрдемімен өкпе-назсыз бөлісе алмайды. Қай-қайсысына болсын бәрі аз көрінеді, барлығы үнемі наразы боп, көре алмайды, бірін-бірі жеп бітеді. Сіз бұл қашан іске асады деп сұрайсыз. Іске асады, бірақ әуелі адамның жекелену дәуірі орнауға тиіс", — "Ол неткен жекелену?" — деп сұраймын одан. "Ол қазір барлық жерде, әсіресе біздің заманымызда үстем болып отырған, бірақ әлі толық орнап үлгірмеген, мерзімі жетпеген жекелену. Неге десең, қазір кез келгені өзінің бет бейнесін көбірек ерекшелеуге құмар, өмірдің толық мәнділігін өзі байқап көргісі келеді, оның бер жағында қаншама тыраштанғанымен, толысқан өмірдің орнына, барлық іс-әрекеті өзін-өзі мерт қылу ғана болып шығады, өйткені ол өзінің мәнін қапысыз анықтаудың орнына мүлде жекеленіп алуға бой ұрады. Өйткені бұл заманда бәрі мүлде жекеленіп алған, әркім өз інінде бұғып жатады, әркім өзгелерден іргесін аулақ салып, бой тасалайды, барын тыққыштап бағады, сөйтіп, мұның ақыры өзінің өзгелерден безуімен, өзгелерді өзінен бездіруімен тынады. Жекеленіп алып байлық жинайды да, енді менен құдіретті, менен бай кісі жоқ деп ойлайды, бірақ ол бейшара неғұрлым дүниеқоңыз болған сайын өзін-өзі құртатын дәрменсіздікке белшесінен бата беретінін білмейді. Өйткені ол бір өзіне ғана сенуге дағдыланған, көптен жекеленіп алған, өзінің жан-дүниесін біреудің жәрдеміне, кісіге және жалпы адам баласына сенбеуге үйреткен, ол жинаған ақшасы мен қолы жеткен құқықтарынан айырылып қалам ба деп қалтырайды. Қайда болмасын бұл күнде адамның шын қамсыздығы оның жеке-дара тыраштануында емес, қайта, барша жұрттың ұжымдасқан тұтастығында екенін кісінің ақыл-парасаты түсінуден қалып барады. Бұл сұмдық жекеленудің де күні өтетіндігі, сөйтіп бір-бірінен қалай рабайсыз ажырап кеткендігін жұрттың бәрі бірдей ұғатындығы сөзсіз. Енді замана ағымы осындай болмақ, осынша ұзақ уақыт түнекте отырып, жарық сәулені неғып сезбегендеріне қайран қалады. Міне, сонда пайғамбарымыз көктен аян да береді... Бірақ оған дейін қалай да байрақты сақтау керек, оқта-текте, тым болмаса бір өнегелі іс істеп, жекеленген жан дүниені, тіпті диуана күйінде болса да бауырластық қарым-қатынастың ерлік жолына алып шығуға тиіс. Бұл кемеңгерлік ойдың өлмеуі үшін..."
Ол екеуміз бас қосқан кештер осындай шабытты, қызық әңгімемен өтіп жатты. Мен тіпті жұртқа көрінуден қалдым, қонаққа да өте сирек баратын болдым, оның үстіне жұрттың маған әуестігі басыла бастады ғой деймін. Бұл реніш білдіргенім емес, өйткені олар мені әлі де жақсы көріп, маған әлі де жайдары қарайтын; әйтсе де, жоғары қауымда бірдеңені сән тұту дегеннің шынында да осал дүние еместігін, міне, мұны қалай дегенмен мойындау керек. Ақыры, өзіме келіп жүретін осынау жұмбақ жанға мен сүйсіне қарайтын болдым, өйткені, оның парасатына тәнтілігім өз алдына, мен оның көкейінде бір ой барын, бәлкім, тіпті бір ұлы ерлік іске де әзірленіп жүргенін сезе бастадым. Мүмкін, оның құпиясына сырттай әуестік білдірмегенім, бұл жайында туралап та, жанамалап та сұрамағаным ұнаған шығар. Алайда мен, ақыры, оның маған бірдеңе дегісі келіп өзі де дегбірсізденіп жүргенін байқадым. Ол келгіштей бастағаннан кейін шамамен бір айдан соң бұл қалай дегенмен анық көрінген еді. "Білесіз бе, — деп сұрады ол бір жолы менен, — шаһарда екеуміз жөнінде тым көп сөз қылатын сияқты, бәрі менің сіздікіне жиі келетініме қайран қалады; бірақ мейлі, көп ұзамай бәрі айқындалады ғой". Кейде ол кенет қатты абыржитын еді, мұндайда үнемі дерлік тұрып жүре беретін. Енді бірде кісіге ұзақ сұқтана қарайтын әдеті бар еді — мен іштей: "Бұл не демекші екен" — деп ойлап отырғанда, ол кенет менің сөзімді бөліп, белгілі, әншейін бірдеңені сөз ете бастайды. Сонсоң, басының ауыратындығына да жиі шағынатын болды. Бір күні, тіпті ойда жоқта, шабыттана ұзақ сөйлегеннен кейін, байқаймын, ол заматта бозарып, түрі бұзылып кетті де, маған тесіле қарады.
— Сізге не болды, ауырып қалған жоқсыз ба? — дедім мен.
Оның басым айнала береді деп жүретіні есімде-тұғын.
— Мен... білесіз бе... мен... кісі өлтіргем.
Ол осылай деп күлімсірейді, түрі аппақ шүберектей. Бірдеңені анық пайымдап үлгірмей жатып, мұның жылмиып күлгені несі деген ой жүрегіме дық етті. Мен өзім де бозарып кеттім.
— Не деп тұрсыз? — деп айқайлап жібердім.
— Алайда, — дейді ол боп-боз күйі күлімсірей сөйлеп, — осы алғашқы сөз аузымнан шыққанша менің қандай қиналғанымды білсеңіз ғой. Енді айтарымды айтқан соң, жолға түскен сияқтымын. Енді жүріп кетемін.
Мен оған көпке дейін иланбадым, ол маған бір күн емес, үш күн қатарынан келіп, бәрін бүге-шігесіне дейін баяндап бергеннен кейін ғана сендім. Оның есі ауысқан шығар деп ойлаған едім, бірақ, кейін іштей қатты күйініп, таңырқасам да, ақыры, көзім жетті. Ол осыдан он төрт жыл бұрын бір бай ханымды, шаһарымызда меншікті үйі бар, жас, сұлу, жесір помещик әйелді өлтіріп, сұмдық, масқара қылмыс жасапты. Басы бос аруға көңілі құлаған жігіт оған ыстық сезімін білдіріп, өзіне күйеуге шығуға сөз салады. Бірақ бұл кезде әйел жүрегін өзге бір ақсүйек, әжептәуір шені бар әскери адам иемденіп үлгірген екен, қазір ол жорықта болып шығады, алайда әйел оны таяуда келіп қалар деп күтіп жүрсе керек. Ол мұның ұсынысын қабылдамайды да, одан енді келгіштеуді тоқтатуды өтінеді. Ол онда бармайтын болады, бірақ, үй ішінің жай-жапсарын білгендіктен, ұсталып қалу қаупіне де қарамастан, бақ жағынан шатырға көтеріліп, одан ебін тауып әйел жатқан бөлмеге кіреді. Бірақ, жүрек жұтқан өжеттік қылмыстардың бәрі көбіне-көп сәтте болатындығы әдетте өте жиі кездеспей ме. Ол шатырдың кішкентай терезесінен кіргеннен кейін баспалдақпен төмен түседі; баспалдақпен шатырға көтерілетін тесіктің қақпағы малайлардың ұқыпсыздығынан үнемі кілтке жабыла бермейтінін ол байқап жүреді екен. Солардың аңғалақтығына сеніп келсе, дес бергенде бүгін де жабылмапты. Тұрғын бөлмелерге қарай өткесін ол қараңғыда, әйелдің шырағдан сығырайған жатын бөлмесіне кіреді. Қас қылғандай, оның екі күтуші қызы сол көшедегі көрші құрбысының туған күнін тойлауға оған айтпай, жасырын кетіп қалған-ды. Өзге малайлар мен күтуші әйелдер өздерінің төменгі қабаттағы бөлмесі мен ас үйде ұйықтап жатқан. Қаннен-қаперсіз жатқан аруды көргенде оны бір сәтке құмарлық билеп кетеді, сосын қызғаныштың кекшіл ашуынан лезде көзі қарайып, мас кісіше, не істерін білмей, жақындап барып дәл жүрек тұсынан пышақты кірш еткізеді, әйел дыбыс та шығара алмайды. Сонан соң сұмдық арамза, зұлымдық ниетпен ол бәрін жала малайларға ауатындай етіп істейді: әуелі әйелдің әмиянын қалтасына салады, сосын жастықтың астынан алған кілтпен комодты ашып, кейбір заттарды, яки бағалы қағаздарға тимей, тек ақшаны, құны он есе қымбат кішігірім нәрселерге қызықпай, бірнеше ірірек алтын бұйымды ғана алады. Мұның бәрін ол надан малай істегендей ғып істейді. Естелік болсын деп тағы бірдеңелерді алады, алайда бұл жөнінде кейінірек айтармыз. Жан түршігерлік ісін тындырғасын ол кірген жолымен шығып кетеді. Келесі күні дабыл көтерілгенде де, одан соң бүкіл өмір бойы да нағыз зұлымның бұл екендігі еш уақытта тірі жанның қаперіне де кірмейді! Сонсоң мұның ол әйелді ұнататынын да ешкім білмейтін, өйткені ол үндемейтін, тұйық мінезді кісі-ді. сырласатын жақын досы да жоқ-ты. Оны опат болған әйелдің онша жақын да емес, жай танысы ғана деп санайды, өйткені бұл соңғы екі жұмада ол үйге бас сұқпаған. Күдік басыбайлы малай Петрге түседі, сорлатқанда жағдай осы күдікке иланатындай болып қиюласа кетеді, өйткені ол соқа қара басы, оған қоса мінезі шәлкес еді, осы себепті оны өз меншігіндегі шаруалардан алынатын рекрутқа жатқызып солдатқа бермекші екенін малай білетін, мұны марқұм ханымның өзі де жасырмайтын. Петрдің шарапханада мас боп отырып, оны өлтіремін деп елеурегенін естігендер бар екен. Әйел өлерден екі күн бұрын Петр қашып кетіп, шаһарда белгісіз бір жерде жүреді. Әйел майып болған күннің ертеңіне оны шаһардан шыға берістегі жолда удай мас боп құлап жатқан жерінен табады, қалтасында пышағы бар. оң алақаны қан екен, себебі белгісіз. Оның мұрным қанаған еді дегеніне сенбейді. Күтуші қыздар бір үйге кішкентай бастаңғыға барғанын, өздері оралғанша сыртқы есікті ашық қалдырғанын мойындайды.
Кінәсіз малайды ұстауға осы секілді басқа да көптеген сылтаулар табыла кетеді. Оны қамауға алып, сот басталады, алайда дәл бір жұмадан кейін тұтқын соқпа ауруға шалдығып, ауруханада сол есі кірмеген күйі өліп кетеді. Жазмыштан озмыш жоқ деген емес пе, осымен іс бітеді, бәрі де — судьялар да, бастықтар да, күллі қауым да қылмыс жасаған өлген малай, одан өзге ешкім емес деген сенімде қалады. Азап міне осыдан кейін басталады.
Менімен достасып кеткен жұмбақ мейманым әуелде өзінің ар-ұжданы алдында бұл үшін тіпті мүлде опына қоймағанын жасырған жоқ. Ол ұзақ уақыт азаптанады, алайда, өзі ғашық болған әйелді өлтіргеніне, ол бейбақтың бұ дүниеде жоқтығына емес, қанында құмарлық қызуы басылмай тұрғанда майып қылып, онымен бірге өзінің махаббатын да өшіргеніне өкініп қана қапа болады. Бірақ онда жазықсыз жанның қанын мойнына жүк қылғандығы оның қаперіне де кірмепті. Ол әйел басқа бір еркектің қойнында жатуы мүмкін еді ғой деген күдік көкейге қонымсыз көрінгендіктен, міне осы себепті ол басқаша істеуге менің лажым қалды ма деп көпке дейін өзін-өзі ақтауға тырысып жүреді. Ол малайдың тұтқындалғанына алғашта біраз қынжылады, бірақ ол кенет ауырып, тез өліп кеткесін тез тынышталады, өйткені малай, тегінде (онда ол осылай ойлаған-ды), тұтқындағандықтан немесе қорқыныштан өлмеген, қашып жүрген күндері удай мас күйі түні бойы сыз жерде жатқандықтан өкпесі қабынып өлсе керек. Ұрлаған заттар мен ақшаға бола да онша қысыла қоймайды, өйткені ұрласа (бұл жөнінде де дәл солай ойлаған еді), ашкөздіктен ұрламаған, мұны тек күдікті басқа біреуге аудару үшін ғана істеген. Ұрланған заттардың құны мардымсыз екен, сондықтан ол кәп кешікпей бұл ақшаның бәрін, тіпті одан да көгі соманы шаһарымызда ашылған құдайханаға садақаға береді. Ұрлығына қуыстанып жүрмейінші деп әдейі осылай етеді, сөйтіп, бір ғажабы, біразға дейін, тіпті ұзақ уақыт, шынында да, жаны жай табады — маған мұны оның өзі айтқанды. Сонан соң ол бір үлкен қызметке бүтіндей беріліп кетеді, екі жылдан бері көкейінен кетпеген машақаты көп, қиын тапсырманы орындауға өзі тіленеді; өр мінезді болғандықтан, басынан кешкен оқиғаны ұмытуға айналады; ал әлдеқалай есіне түскенде, ол жайында мүлде ойламауға тырысады. Ол қайырымдылық көрсетуден де тартынбайды, біздің шаһардың өзінде едәуір іс тындырып, көп жәрдем көрсетеді, өзін астаналарда да танытады, Петерборда сондағы қайырымдылық қоғамының мүшелігіне сайланады. Бірақ, ақырында, жан азабына салған ойдың ауыр зілі қалай дегенмен оны езуге айналады. Осы кезде оған бір сұлу, ақылды бикеш ұнап қалады да, көп ұзамай ол сол қызға үйленеді; осылай етсем жалғыздықтың жабырқаушылығынан арылармын, жаңа жолға түсіп, зайыбым мен бала-шағамның алдында парызымды адал орындасам, өткен күннің естеліктері қарасын үзетін шығар деп армандайды. Бірақ бұл үміті ақталмай, керісінше боп шығады. Ләззәт айы кезінде-ақ: "Міне, әйелім мені сүйеді, ал егер ол өткендігінің бәрін біліп қалса қайтем?" — деген ой оны дамылсыз мазалайды.
Келіншегі оған тұңғышына жүкті болғанын айтқанда, бұл өзінен өзі қатты қысылады: "Біреудің қанын мойныма жүк қыла тұра, перзент көргелі отырғаным қадай". Балалы-шағалы болады: "Оларды сүюге, оқытуға, тәрбиелеуге қалай ғана дәтім шыдайды, оларға ізгілік жайында қалай айтпақпын: мен кісі өлтірдім ғой". Сүйкімді боп өсіп келе жатқан бөбектерін еркелеткісі келеді: "Ал мен олардың бейкүнә, ашық жүзіне тіпті қарай да алмаймын; бұған лайық емеспін". Ақыры, майып болған әйелдің қаны, оның қыршынынан қиылған өмірі, сұмдық зұлымдықтың есесі қайтпағандығы оның көз алдынан кетпей, зәре-құтын қашырып елестей береді. Ол сұмдық түс көруге айналады. Алайда жүрегінің төзімділігінен бұл азапқа ұзақ шыдап жүреді: "Іштегі осы жан азабыммен барлық кінәмді өтеймін". Бірақ бұл үміті де ақталмайды: қайғы-қасіреті күн өткен сайын өрши береді. Бәрі оның қатал жабырқау мінезінен сескенсе де, қайырымдылық қызметі үшін қауымда оны құрмет тұта бастаған-ды, әйтсе де жұрт оны көбірек құрметтеген сайын, оның халі мүшкілдене береді. Ол өзін-өзі өлтіруді ойлағанын мойындаған. Алайда мұның орнына енді оған басқа бір арман алғашта өзі ақылға сыймайтын, бос қиял деп санаған, сосын, ақыры, жүрегіне біржола орнаған арман елестей бастайды. Ол бір күні тұра келіп, дүйім жұрттың алдында: мен кісі өлтіргем деп жариялауды арман етеді. Сан құбылып елестеген осы арманымен үш жыл жүреді. Сайып келгенде, өзінің қылмысын мойындауы арқылы жан дүниемді азапқа салған кеселден күмәнсіз арыламын, сөйтіп мәңгі-бақи тыныштық табамын деген ойға шын ниетімен бекінеді. Бірақ, осыдан кенін оның жүрегін тағы да қорқыныш билейді, өйткені: мұны қалай істемек? Міне осы кезде ол менің жекпе-жегімдегі оқиғаны естіп біледі. "Сізді көргеннен кейін, енді неде болса тәуекел!" Мен оған қарап қаппын.
— Сондай елеусіз нәрсе сіздің осындай тәуекелге бас тігуіңізге себеп болғаны ма? — деп қолымды сермеп айқайлап жібердім.
— Менің бұл тәуекелім үш жыл толғатқаннан кейін туды, — деді ол, — сіздің оқиға бұған тек түрткі салды. Сізді көргесін өзімді өзім кінәлап, сізге тәнті болдым, — деді ол маған тіпті сұстанған пішінмен.
— Одан бері он төрт жыл өтті, сізге сенбейді ғой, — дедім мен.
— Айғақтарым бар және де қомақты нәрселер. Соларды көрсетемін.
Енді мен де жылап жіберіп, оны бетінен сүйіп алдым.
— Маған бір-ақ нәрсені шешіп беріңізші, бір-ақ нәрсені! — деді ол (енді бәрі маған байланысты болып тұрғандай), — әйелімді, балаларымды қайтем! Әйелім, мүмкін, құса боп өлер, ал балаларым не болмақ, ақсүйек атағы мен мекен-жайдан айрылмағанмен,—өмір бойы қанішердің ұрпағы атанып өтеді ғой. Олардың жүрегінде өзім жөнінде қандай жаман ат қалдырам, мені қинайтын осы ғой!
Мен үндемедім.
— Балаларымнан қалай айрылам, мәңгі бақиға айрылам ба? Ада-күде айырылғаным ғой онда!
Мен ішімнен дұғамды қайырып, үнсіз отырдым. Сосын түрегелдім, зәрем кетті.
— Не істе дейсің? — деп ол маған қарады.
— Барыңыз да, жұртқа жария етіңіз, — дедім мен. — Бәрі өткінші, жалғыз шындық қана қалады. Мұндай керемет тәуекелшілдік үшін қанша ізгілік қажет болғанын балаларын өскен соң түсіне жатар.
Онда маған ол шынында да тәуекелге бел байлап кеткендей көрінген еді. Содан кейін ол екі жұмадай күнде кешке келіп жүрді, қаншама оқталса да, батылы бармайды. Әбден жүрегімді езіп бітті. Бірде бекемденіп келеді де, елжірей сөйлейді:
— Білем, бәрін жария етісімен-ақ ұжмаққа кіргендей болармын. Он төрт жыл тозақта өткізгенім жетер. Біраз қасірет шегуім керек. Қасіретке мойынсұнып, өмір сүре бастаймын. Жалған өмір кешсең, кейін қайтуға жол қалмас. Енді жақынымды сүймек түгіл, өз балаларыма еміренуге де батылым бармайды. Уа, құдірет, мұндай қайғы-қасіреттің маған оңай соқпағанын балаларым неғып түсінбес екен, түсінсе — мені кінәламас! Құдірет күште емес, шындықта ғой.
— Сіздің бұл ерлігіңізді барлығы түсінеді әлі, — дедім мен, — қазір болмаса, кейін түсінеді, өйткені сіз шындыққа, ең жоғарғы шындыққа қызмет еттіңіз, ақиреттік...
Сөйтіп, ол менен көңілі жадырағандай болып кетеді де, ертеңіне ызаға булығып, өңі қуарып тағы келіп, кекете сөйлейді.
— Мен келген сайын сіз: «Тегі, тағы да айта алмағансың ғой?»— деген оймен сұқтана қарайсыз. Сабыр етіңіз, онша қатты сөкпеңіз. Сіздің ойлайтыныңыздай, оп-оңай іс емес бұл Мүмкін, мен әлі бұл ниетімнен тіпті айнып та кетермін. Онда сіз мені көрсете қоймассыз, а?
Кейде мен оған жөн-жосықсыз тесіле қарамақ түгіл, тіпті жай көз салуға да сескенетін болдым. Азаптанғаным сондай, тіпті ауырып қалам ба деп те қорықтым, жаным байыз таппады. Түн баласында ұйқыдан қалдым.
— Әйелімнің қасынан келіп тұрғаным осы, — дейді ол одан ары. — Сіз жан серік дегеннің кім екенін түсінесіз бе? Шығып бара жатқанымда балаларым: "Әке, қош бол, бірақ "Балалардың оқу кітабын" бірге оқиық, тез келетін бол", — деп шуласып қалды. Жоқ, сіз мұны түсінбейсіз ғой! Бөтен біреудің қайғысы саған ақыл қоспайды.
Оның көзі алақ-жұлақ етіп, ерні дірілдеп кетті. Сосын кенет жұдырығымен үстелді қойып қалып еді, үстінде тұрған заттар ұшып түсе жаздады, аса биязы адамның бірінші рет осындай мінез көрсеткеніне мен қайран қалдым.
— Несіне жар салам? Жабулы қазан неге жабулы қалмайды? — деді даусы қатты шыққан ол. — Менің кінәмнен ешкімді соттаған жоқ, ешкім айдауға да кеткен жоқ, малай болса аурудан өлді. Ал мен болсам жазықсыз төгілген қан үшін жан азабын тартумен жазаландым. Сонсоң, менің сөзіме ешкім сенбейді, ешқандай дәлеліме де иланбайды. Қалай, жариялау қажет пе өзі? Әйелім мен балаларыма кесірім тимесе болды, төгілген қан үшін мен өмір бойы тағы да азап шегуге әзірмін. Өзіммен бірге оларды да құртуым әділетті бола ма? Біз қателесіп отырған жоқпыз ба? Бұл арада шындық қайда? Сонсоң, осы шындықтың өзін жұрт түсіне алар ма екен, оны бағалап, қадір тұтар ма екен?
"О, құдай тағала! — деп ойладым ішімнен, — адамдардың құрмет тұтуын ойлайтын сәт пе бұл!" Жаным ашығаны сондай, оның тағдырын жеңілдету үшін өзім де жан аямай ортақтасуға әзір едім. Байқаймын, ол ызаға булығып алған. Ондай тәуекелшілдіктің бар қияметін ақылмен ғана емес, жан дүниеммен де сезгенде тіпті жаным түршікті.
— Шешпеймісіз менің тағдырымды! — деп айқайлап жіберді ол тағы да.
— Барыңыз да, жариялаңыз, — деп сыбырладым оған. Менің даусым шықпай қалды, бірақ, бекемдеп айттым ғой деймін. Сосын үстелден Інжілді алып, орысша аудармасы еді, Иоанн жазған, XII тараудың 24-бәйітін көрсеттім:
"Сіздерге ақиқат шындықты айтамын: егер бидайдың дәні жерге түскесін өлмесе, бұл бір басқа; ал егер өлсе, онда ол мол өнімін бермек". Мен осы бәйітті ол келердің алдында ғана оқыған едім.
Ол оқып шықты. Содан кейін:
— Рас, — деді кейіген пішінмен мырс етіп. — Иә, бұл кітаптардан, — деді ол сәл үнсіздіктен соң, — қандай ғана сұмдықты кездестірмейсің. Оларды кісінің көзіне тықпалау оңай. Кім жазды екен, адам жазды деу мүмкін бе?
— Қасиетті әулие жазған, — деймін.
— Сіздерге мылжыңдау оңай, — деп ол тағы да мырс етті, бірақ оның күлкісінен енді өшпенділік сезілді. Мен кітапты қайтадан қолыма алып, "Еврейлерге" деген екінші жерін, X тарау, 31-бәйіт, ашып көрсеттім. Ол: "Тірі құдайдың қолына түскеннен қорқынышты ештеңе жоқ", — деген сөздерді оқып шықты.
Ол оқыған соң кітапты лақтырып тастады. Тіпті тұла бойы дірілдеп кетті.
— Қандай қорқынышты бәйіт еді, — дейді ол — әдейі таңдап алғаныңыз осы ма. — Ол орындықтан түрегелді. — Қош болыңыз, дейді, мүмкін, енді келмеспін... ұжмақта кездесуге жазсын. Демек, "менің тірі құдайдың қолына түскеніме" он төрт жыл болғаны ғой,— демек, бұл он төрт жыл осылай аталатын болды емес пе. Ертең барып, мені босатыңыз деймін.
Оны құшақтап алып, бетінен шөпілдетіп сүйейін деп едім, дәтім бармады — оның сұрқы бұзылып кетіп, бір түрлі қинала қарап тұрған еді. Ол шығып кетті. "О, тәңірім, ол қайда бармақшы екен!"— деп ойладым. Сосын иконаның алдына тізерлей кетіп, жедел жебеушіміз һәм жәрдемшіміз қасиетті Мариям-анаға табынып, досым үшін жылап жібердім. Көзімнен жас сорғалап, құдайға құлшылық етіп тұрғаныма жарты сағат өткен-ді, бұл түннің бір уағы, сағат он екілер шамасы болатын. Бір сәтте, байқаймын, есік ашылып, ол тағы да кіріп келеді. Мен бұған қайран қалдым.
— Сіз қайда болдыңыз? — деп сұрадым одан.
— Мен, — дейді, — мен, тегі, бірдеңені ұмытсам керек... қол орамалымды... Жарайды, тіпті ештеңе ұмытпасам да, тізе бүккізсеңізші...
Ол орындыққа отырды. Төбесінен төніп мен тұрмын: "Сіз де отырыңыз", — дейді. Сосын мен де отырдым. Осылай екі минуттей отырдық, ол менен көз алмады, содан кейін, әлі есімде, кенет мырс етті де, түрегеліп мені қатты құшақтап, бетімнен сүйді...
— Саған екінші рет келгенімді ұмытпа, — деді ол — Естимісің, жадыңнан шығарма!
Менімен бірінші рет сен деп сөйлесті. Сосын кетіп қалды. "Ертең болар", — деп ойладым мен.
Солай болып та шықты. Ертең оның туған күні екенін мен онда білмеген едім. Соңғы күндері ешқайда шықпағандықтан, ешкімнен естіп біле алмағам. Жыл сайын бұл күні оның үйінде ұлан-асыр той өткізілетін де, бұған күллі шаһар жиналатын. Бұл жолы да солай болады. Сөйтіп ол, қонақасыдан кейін, жұрттың алдына шығады, қолында бастықтарға жазған ресми қағазы бар. Ал бастықтары осында отырғандықтан, жиналған жұртқа қағазды дауыстап оқып береді; қылмыс бүге-шігесіне дейін баяндалған хабарламаның соңында былай делініпті: "Мынадай зұлымдықтан кейін мен адамдардың арасында бола алмаймын, маған құдай тағала аян берді, мен енді күнәмды қасірет шегіп өтеуім керек!" Содан кейін ол өзінің қылмысын дәлелдемекші болған, он төрт жыл бойы тығып ұстаған заттардың барлығын: өлген әйелдің басқа біреуге күдік түсіру үшін бұл алып кеткен алтын бұйымдарын, мойнынан алған медальоны мен айқышын, — медальонда әйелдің көңіл қосқан жігітінің суреті бар екен, — қойын дәптерін, ақырында, екі бірдей хатты: жігіттің оған таяу арада оралатынын хабарлаған хаты мен оның осы хатына әйелдің қайтарған жауабы, ертең жазып бітіріп поштаға салармын деп үстел үстінде қалдырған хатын жайып салады. Бұл екі хатты ол не үшін алған? Айғақ ретінде жойып жіберудің орнына, он төрт жыл бойы оларды не үшін сақтаған? Сонан соң не болды дейсіз ғой: бәрі таңғалып, иманы қасым болады, бәрі оны төтенше әуестікпен тыңдаса да, ешқайсысы бұған иланғысы келмейді; жұрт әуелі оның дені сау емес шығар деп ойлайды, ал бірнеше күннен кейін барлық үйлерде бейшара жынданған ғой деп ұйғарып, біржола үміт үзіп қояды. Бастықтар мен сот та іс қозғамай отыра алмап еді, бірақ олар да тежеліп қалды: көрсетілген бұйымдар мен хаттар ойландырғанмен, бұл айғақтар шын болған күнде де, олар түпкілікті айыптауға негіз бола алмайды деп ұйғарылды. Сонсоң, бұл заттарды ол, әйелмен таныс, сенімді адамы ретінде, оның өзінен алуы да мүмкін ғой. Әйтсе де, заттардың ақиқаттығы кейін өлген әйелдің көптеген таныстары мен туыстарынан сұрап тексерілгендігін, олардың тарапынан ешқандай күмән келтірілмегенін мен естіген едім. Бірақ іс тағы да аяқталмай қалды. Бес күннен кейін жұрттың бәрі байғұс ауырып қалыпты, өмірі қыл үстінде екен деген қауесетті естіді. Қандай кеселге ұшырағанын айта алмаймын, жұрт жүрегінің соғуы бұзылыпты деп жүрген, бірақ, зайыбының өтініші бойынша, дәрігерлер оның ақыл-есін де тексеріп, жындана бастаған деген ұйғарымға келгені белгілі болған-ды. Менен сұрап көріп еді, ештеңе айтпадым, ал оны көргім келеді дегенімде, көпке дейін рұқсат етпеді, әсіресе зайыбы қарсы болды: "Сіз оның көңіл-күйін бұздыңыз, — деді ол, — бұрын да жабырқау жүруші еді, соңғы бір жыл бойы оның сұмдық абыржып, оғаш қылық көрсетіп келгенін жұрттың бәрі біледі, осы кезде сіз кездестіңіз де, оның түбіне жетіп тындыңыз; сіз оны ақылынан адастырдыңыз, ол бір ай бойы сіздің үйден шықпаған еді". Осыдан кейін, оның зайыбы түгіл, күллі шаһар маған дүрсе қоя беріп, кінәлай бастады: "Бәрі сіздің кесіріңіз", — дейді олар маған. Ал, мен үндемеймін, алайда, өзіне-өзі қаһарын төгіп, өзін-өзі жазалаушыға жаратқанның күмәнсіз рақымы түскенін сезгенсін іштей қуана бердім. Бірақ ол жынданды дегенге сене алмадым. Ақырында, маған да рұқсат етілді, менімен ақылдасамын деп оның өзі шақырыпты. Оның күні санаулы екенін кірген бойда-ақ байқадым. Әлсіреп қалған екен, өңі сарғайып, қолы дірілдеп кетіпті, ентігіп тыныстайды, бірақ жанарында жаны жай тапқан, қуаныш нұры бар. Ол маған:
— Дегеніме жеттім! Сені көруге зар боп жаттым, неге келмедің? — деп күбірледі ол
Мені оған кіргізбегенін айтқан жоқпын.
— Маған құдай тағаланың рақымы түсіп, өзіне шақырып жатыр. Өлетінімді білемін, бірақ қуаныштымын, осыншама жылдан кейін бірінші рет жаным жай тапты. Жаным бейіште жүргендей, діттегенімді енді ғана атқарғандай сезіндім ғой. Балаларымның маңдайынан сипап, бетінен сүюге енді хақым бар шығар. Маған сенбейді, ешкім де, әйелім де, судьяларым да сенбейді; еш уақытта балаларым да сенбейді. Мұны балаларыма тәңірінің нұры жауғаны деп түсінем. Атыма дақ түсірмей кететін болдым. Жасаған иемнің алдын сезіп жатырмын, жүрегім бейіште жүргендей шаттанады... борышымды өтедім...
Ол ентігіп, әрең сөйледі, қолымды қатты қысып, жанарын жалқындата қарады. Зайыбы есіктен әлсін-әлі қарай бергендіктен ұзақ әңгімелесе алмадық. Дегенмен, құлағыма сыбырлап үлгерді:
— Анада, түн ортасында, саған екінші рет келгенім есіңде ме? Жадыңнан шығарма деп едім ғой? Неге соққанымды білесің бе? Сені өлтірейін деп келдім ғой!
Мен селк ете түстім.
— Онда сенің үйіңнен қараңғы көшеге шыққан соң өзіммен өзім арпалысып, даланы кездім де жүрдім. Кенет саған өшіккенім сонша, тіпті қаным қайнап кетті. "Ендігі жерде менің тағдырым соның қолында, үкім шығарушы сол, ертеңгі өзім тілеген азапкерліктен енді бас тарта алмаймын, өйткені ол бәрін біледі", — деп ойладым. Жоқ, сенің көрсетуің мүмкін деп қорыққан жоқпын (мұндай күдік қаперіме де кірген жоқ). "Егер қылмысымды әшкерелей алмасам, сенің бетіңе қалай қараймын? — деп қана уайымдадым. Сен тіпті жеті қырдың ар жағында жүрсең де, ол тірі, ол бәрін біледі, ол мені кінәлайды деген ойға бәрібір шыдай алмас едім. Бәріне бейне сен себепкер, сен кінәлідей, сені жаман жек көрдім. Әлі есімде, саған қайта оралғанымда, үстеліңнің үстінде қанжар жатыр еді. Өзім отырған соң, сенің де отыруыңды өтіндім, сосын бір минут ойландым. Егер сол арада сені өлтірсем, бұрынғы қылмысымды жария етпесем де, осы соңғысы үшін бәрібір опат болар едім. Бірақ ол сәтте бұл жөнінде ойлаған жоқпын және ойлағым да келмеді. Тек саған өшігіп, барлығы үшін қайтсем де сенен кек алсам екен дедім. Әйтсе де, жүрегімдегі әзәзілді құдай тағаланың басып үлгергені. Біле білсең, сенің өмірің тап сондағыдай еш уақытта да қыл үстінде тұрмаған шығар.
Бір жұмадан кейін ол қайтыс болды. Табытын күллі шаһар шығарып салды. Протонерей тебіреніп сөз сөйледі. Оның көрер күнін тауысқан мұндай сұмдық сырқатқа ұшырағанына бәрі көз жасын төкті. Оны жерлегеннен кейін күллі шаһар маған наразы болды, тіпті есіктен қаратпауға айналды. Рас, кейбіреулері, алғашта азғана адамдар, кейіннен олар біртіндеп көбейе берген, марқұмның өз қылмысын мойындаған сөздерінің ақиқаттығына илана бастады, сөйтіп маған жиі келіп, ананы-мынаны сұрағыштап, мәз болатынды шығарды: өйткені пенде дегенің әділетті жанның тұғырдан құлап, масқара болғанына құштар ғой бұл. Алайда мен сыр шашпадым, сосын шаһардан мүлде кетіп қалып, бес айдан кейін құдай тағаланың әмірімен, маған осы бағытты айқын нұсқаған сиқырлы саусаққа алғысымды жаудырып, берік те ғажап жолға түстім. Құдайдың қасіретшіл құлы Михаилды күнделікті ғибадатымда осыған дейін аузымнан тастамаймын.
ІІІ
ЗОСИМ ПІРӘДАРДЫҢ ӘҢГІМЕЛЕРІ МЕН РАУАЯТТАРЫНАН
д) Орыс тақуасы және оның маңызы хақында
"Пірәдарлар мен ұстаздар, тақуа дегеніміз не? Зиялы қауымда бұл сөзді кейбіреулер мысқылмен айтса, енді біреулер балағатқа да балайды бұл күнде. Және уақыт өткен сайын одан ары өршіп те келді. Тақуалардың арасында да арамтамақтар мен мешкейлер, ләззатқұмарлар мен жай арсыз кезбелер көп екені рас, бұған дау жоқ. Оқыған ақсүйектер: жалқаусыңдар, қоғамға сендерден ешқандай пайда жоқ, басқалардың маңдай терімен күн көресіңдер, сендер ар-ұяттан жұрдай қайыршысыңдар" — деп жүр. Оның бер жағында сол тақуалардың арасында оңашаланып алып, жаратқанға мойынсұнып ғибадат қылуға құштар керемет көнбіс, момындары қаншама десеңізші. Бұларды көп сөз қылмайды, тіпті мүлде ауызға да алмайды, егер мен екі талайда орыс жерін тағы бір рет апаттан құтқаратындар, бәлкім, сол оңашаланып алып ғибадат қылуға жаны құмар осы момындар болып шығар десем, жұрт қалай таңданар еді! Өйткені олар сол тыныштықта "бір күн, бір сағатқа, бір ай, бір жылға" шындап дайындалған. Олар Христостың бейнесін сонау әлімсақтан бері пірәдарлар, сахабалар мен азапкер әулиелер өсиет еткен құдайы шындықтың тазалығына сай, еш бұрмаламай, барынша қастерлеп сақтау үшін оңашаланады, кейін қажет болған уақытта оны әлемнің шайқалған шындығы алдына әкеп жайып салады. Кемеңгерлік ой ғой бұл. Шығыстан жарқырап туатын жұлдыз бұл.
Мен тақуалар жайында осылай пайымдасам, мұным неғып жалғандық, неғып тәкаппарлық болар екен? Дүнияуи пенделер мен өзін күллі құдайы қауымнан жоғары ұстайтындарға көз салыңдаршы: құдайдың бейнесімен құдайы шындық бұрмаланбады ма екен? Олар ғылымға сүйенеді ал ғылымдағының барлығы сезімнің әсеріне берілетін нәрселер ғана емес пе. Рухани әлем, адам ғұмырының ең жоғарғы жарымы мүлде терістелген, ол қайсыбір масаттанушылықпен, тіпті өшпенділікпен аласталған деуге болады. Бостандықты жариялады, әсіресе соңғы кезде, сонда олардың осы бостандығынан біз нені көріп отырмыз: тек құлдыққа түсу мен өзін-өзі мерт қылуды ғана көріп отырмыз ғой! Өйткені ол қауым былай дейді: "Сенің де өмірлік қажеттерің бар, ендеше сол қажеттеріңді барынша қанағаттандырып бақ, өйткені жақсы-жайсаңдар мен бай-бағландардың бұған қандай құқы болса, сенің де сондай құқың бар. Өз қажеттеріңді өтеуден еш тартынба, қайта, тіпті еселей түс" — адамдардың қазіргі ілімі осындай. Осыны бостандық деп ұғады. Сонда қажеттеріңді еселей беру құқынан түптің-түбінде не келіп шығады? Бай-бағландарға — басқалардан оқшаулану мен өзін-өзі рухани мерт қылу, ал жарлы-жақыбайларда — қызғаныш пен кісі өлтіру келіп шығады, неге десеңіз, құқық берілгенмен, адамның өмірлік қажеттерін қалай өтеу жолдары әлі көрсетілмеген. Адам баласы уақыт өткен сайын біріге береді, сөйтіп алысты жақындатып, ой-пікірді әуемен жеткізудің нәтижесінде бауырластық, қарым-қатынас қалыптасады деседі. Өкінішті-ақ, алайда адам баласының мұндай бірігуіне сенбеңдер. Бостандықты өздерінің қажеттерін еселеп өсіре беру және ол қажеттерді қалайда тезірек қанағаттандыру деп ұғатын болса, онда адам баласы өзінің бітім-болмысын бүлдірді дей бер, өйткені адамдар өздерінің бойында толып жатқан мән-мағынасыз, зердесіз тілектер мен теріс әдеттер, жаман ойлар туғызады. Бірін-бірі көре алмайды, мешкейлікке салынады, тәкаппар болады — олардың бар тіршілігі осы болмақ. Ағыл-тегіл мол дастарқансыз, жақсы ат, сәнді күймесіз, шен-шекпенсіз, елпең қаққан малайсыз тірліктің мәні жоқтай көрінеді, сөйтіп осыған бола тіпті жанын қиюға, ар-ұжданын сатуға, адамға деген ілтипаттан жұрдай болуға дайын тұрады, ал егер осы тілек-талаптарын өтей алмаса, тіпті өзін-өзі мерт қылуға дейін барады. Пәлендей байлығы жоқтар да өстеді, ал жоқ-жітіктер өздерінің өлмеші тіршілігі мен қызғанышын әзірге ішкілікке салынумен ұмытуға тырысады. Алайда, олар көп кешікпей арақ-шараптың орнына, адам қанына құнығып тынады, оларды осыған әкеле жатыр. Мен сіздерден: мұндай адамда бостандық бар ма? — деп сұрамақпын. Мен бір "идея жолындағы күрескерді" білетін едім, ол абақтыда отырғанында өзіне темекі бермей қойғанда, осы азапқа шыдай алмағасын темекіге бола өзінің "идеясына" опасыздық жасай жаздағанын маған өзі айтып еді. Ондай кісі: "Адамзат баласы үшін күреске шықтым", — дейді ғой. Сонда ол қайда бармақ, оның қолынан не келеді? Төзе алмағасын шыдамсыздықтан ағаттық бірдеңеге баруы мүмкін, бірақ ұзаққа шыдамайды. Ендеше, бостандықтың орнына, құлдыққа түскендері, туыстық татулық пен адамдардың бірігуі орнына, мұның керісінше, жастық шағымда менің жұмбақ мейманым һәм ұстазым айтқандай, ажырасу мен оқшаулануға тап болғандары таңғаларлық емес. Сондықтан да дүние жүзінде адам баласына қызмет ету туралы, адамдардың туысқандығы мен бірлігі туралы ой барған сайын өшіп барады, шындығында, бұл ойға қазір тіпті мысқылмен қарайтын болған, себебі сүйекке сіңген әдеттеріңнен қалай арыларсың, егер өзіміз ойлап шығарған қисапсыз қажеттерімізді өтеуге әбден құнығып кетсек, басында еркі жоқ бұл сорлы қайда бармақ? Оқшаулану жанына жағып тұрса, ол бастары біріккен бірлікті қайтсін. Сөйтіп, боқ дүниені көп жинағанмен, қуаныштары аз болды, бар жеткендері осы ғана.
Ал тақуалық жолы бір басқа. Күнәңді өтеуге мойынсұнуды, ораза тұтып, тілек тілеуді тіпті күлкі қылады, ал оның бер жағында нағыз, шын бостандыққа жетудің жолы нақ сонда: бас артық, керексіз қажеттерден арыламын да, намысқой, менменшіл ерік-жігерімді жуасытып, мойынсұнумен басамын, сөйтіп, осы арқылы, жасағанның жәрдемімен, рухтың еркіндігіне, онымен бірге рухани қуанышқа жетемін! Ұлы ойдың мерейін үстем етіп, оған қызмет етуге осы екеуінің қайсысы қабілетті, оқшауланған бай-бағлан ба, әлде боқ дүние мен әдеттердің озбырлығынан босанған тақуа ма? "Сен монастырьға барып жан сауғалап, оңашаланып алдың, адам баласына туысқандық қызмет көрсетуді ұмыттың". — деп кейде мұны тақуаның бетіне де басады. Бірақ туысқандық татулыққа кімнің көбірек ықылас білдіргенін кейін көрсек қайтер еді? Өйткені оқшауланған — біздер емес — олар, тек мұны көрмейді. Біздің арамыздан халық қайраткерлері бағзы заманда да шыққан ғой, ендеше, қазір неге шықпасқа? Бәз баяғы момын, жуас ораза тұтушылар мен үндеместер бір күні еңсесін көтеріп шыға келіп, ұлы істерге бас қояды. Русьтің құтқарушысы халық болады. Ал орыс монастыры бағы заманнан халықпен бірге болған. Егер халық оқшауланған болса, онда біздің де оқшауланғанымыз. Халық дінге біздіңше сенеді, ал дінге ден қоймайтын қайраткер, ол тіпті жүрегі таза, ақылы дана болса да, біздің Ресейде ештеңе тындыра алмайды. Бұл естеріңде болсын. Халық атеиске қарсы шығып, оны жықпай қоймайды, сөйтіп біртұтас православиелік Русь орнайды. Халықты сақтай біліңдер, оның жүрегіне жанашырлық көрсетіңдер. Оны тыныштықта тәрбиелеңдер. Сендердің тақуалық ерліктерің міне осы, болмақ өйткені бұл халық — құдайшыл.
е) Мырзалар мен малайлар және олардың бір-бірімен рухани туыстығының мүмкіндігі хақында
Құдай-ау, халықтың да күнәсі бар дейтін кімдер. Азғындаудың жалыны тіпті анық байқалып сағат сайын өршіп, жоғары жақтан шарпып жатыр. Халықтың арасында да жік-жікке бөліну басталды: құлақтар мен өсімқорлар пайда бола бастады; көпес те күн асқан сайын көбірек құрмет-қошемет көрсетуді тілеп, білім дегеннен жұрдай болса да, өзін білімді көрсетуге тыраштанады, бұл үшін ескі әдет-ғүрыпты елемейтін арамзалыққа барып, тіпті ата-бабасының дінінен ұялған болады. Өзі сасық ауыз мұжық бола тұра, кінәздарға барғыштайды. Халық маскүнемдіктен азып-тозып барады, әзірше бұл кеселден арылатын түрі жоқ. Отбасына, әйелге, тіпті балаларға да қатыгездік қаншама: мұның бәрі маскүнемдіктен. Менің фабрикаларда тіпті он жасар балалардың ішінен әбден жүдеп-жадаған, титықтаған, азғындап біткендерін көргенім бар. Тымырсық бөлме, машинаның тарсылы, ертеден қара кешке дейін дамыл көрмеу, былапыт сөзден құлақты сасыту, шараптан бас көтермеу — бұғанасы қатпаған жас өскіннің жан дүниесіне керегі осы ма екен? Оған күннің нұры, баланың ойыны, қайда жүрсе де жарқын өнеге, сонан соң тым құрығанда бір тамшы махаббат керек. Тақуаларым-ау, егер сендер бас көтеріп, тезірек жеделдете уағыздауға кіріспесеңдер, мұның бірі де болмайды, балаларды ұрып-соғу тыйылмайды. Бірақ, жасаған ием Ресейді құтқарып қалатыны хақ, өйткені қара халық азғындап, жеркенішті күнәдан енді бойын тарта алмайтын болса да, оның осы бір жеркенішті күнәсына құдайдың қарғысы тигенін, күнәға барудың жаман екенін ол бәрібір біледі. Сол себептен де халқымыз шындыққа әлі күнге сенеді, құдайды мойындайды, жылағанда іші-бауыры елжіреп кетеді. Жоғарғы қауымда бұлай емес. Олар ғылымға сүйеніп, өздерінің ақыл-парасатымен ғана әділетті өмір кешкілері келеді, бірақ бұл бұрынғыдай, Христоссыз болсын дейді, сөйтіп енді қылмыс та жоқ, күнәға бату да жоқ деп жариялап та үлгірді. Олардың ойынша мұның өзі дұрыс секілді: өйткені, егер сен құдайға сенбесең, онда қандай қылмыс болуы мүмкін? Еуропада халық байларға қарсы күш көрсетуде, сөйтіп халық жетекшілері барлық жерде оны қантөгіске бастап, оның ашу-ызасы жөн екендігін уағыздап жатыр. Бірақ "олардың бұл ашу-ызасын қарғыс атқан, өйткені олар тым қатал". Тәңірім осыған дейін Ресейді талай рет құтқарып қалған, тағы да құтқарып қалады. Халықтан, оның діні мен көнбістігінен келмек бұл құтқарылу. Пірәдарлар мен ұстаздар, халықтың иғдихатын сақтай біліңдер, бұл айтқаным әсте қиял емес: мені өмір бойы таңырқатқан ұлы халқымыздың асқақ, ақиқат ізгілігі болып келді, мұны мен өз көзімен көрдім, өзім куәмін, көрдім де қайран қалдым, мұны халқымыздың жеркенішті күнәсі мен қайыршылық халіне қарамастан көрген болатынмын. Ол жәдігөй емес және де мұның өзі оның екі ғасыр бойғы құлдықтан кейінгі қасиеті. Ол өзін еркін ұстап, еркін сөйлейді, бірақ ішінде ешқандай зілі жоқ. Кекшіл де емес, қызғаншақ та емес. "Сен ақсүйексің, сен байсың, сен іскерсің һәм таланттысың — мейлі, жасаған ием жар болсын саған. Сені құрмет тұтамын, алайда, менің де адам баласы екенімді білемін. Сені құрмет тұтқанда, менде қызғаныш болмайды, мен өзімнің ізгілігімді осылай білдіремін". Шындығында, мұны айтып жатпай-ақ (өйткені мұны айтуды әлі білмейді) қалай ететіндерін мен өз көзіммен көрдім, өзім бастан кешірдім, иланасыңдар ма: біздің орыс адамы неғұрлым кедей, төменшік болған сайын оның бойынан бұл ізгі шындық солғұрлым анық көрініп тұрады, өйткені олардың арасындағы бай-құлақтар мен алпауыттар көбіне-көп азғындап біткен, бұл арада біздің ынта-ықыласымыз бен ыждағаттығымыздың жетіспеуінен болған кемістіктер көп, өте көп! Бірақ құдай тағала өзінің пенделерін құтқарып қалады, өйткені Ресейдің ұлылығы оның осы көнбістігінде. Мен болашағымызды көрсем екен деп армандаймын, оны тіпті қазірдің өзінде анық көріп тұрған секілдімін: өйткені тіпті ең азғындаған бай-бағланның өзі кедей-кепшіктің алдында өзінің байлығы үшін ұялмай қоймайтындығы, ал кедей-кепшік оның осы именуін көрген соң, бәрін түсініп, оған бәрін қуанышпен кешіретіндігі, сөйтіп оның бұл ізгілік ұятына мейрімділігімен жауап беретіндігі күмәнсыз. Бәрі осылай болатындығына сеніңіздер: осыған икемделіп келеді. Теңдік — адамның рухани қадір-қасиетінде ғана, мұны тек бізде ғана ұғатын болады. Туыстарың болсын, сонда туысқандық та болады, ал туысқандық болмай тұрғанда еш уақытта бөлінбейді, Христостың бейнесін көкейімізде сақтап келеміз, ол барша әлемге әлі гауһар тастай жарқырайды... Солай болады, солай болмақ!
Пірәдарлар мен ұстаздар, енді сіздерге өзімнің ет жүрегімді елжіреткен бір оқиғаны баяндайын. Ел ақтап жүріп, бірде К. деген гүбірналық шаһарда өзімнің бұрынғы атқосшым Афанасийді кездестіргенім; бір-бірімізді көрмегелі сегіз жыл өткен-ді. Ол базарда мені анадайдан танып, жүгіріп қасыма келді; сонда оның қалай қуанғанын көрсеңіздер ғой: "Әкетай, барин, сіз бе бұл? Тәңірім-ау, сізді де көретін күн болады екен?" — деп қауқылдап жатыр ол. Мені үйіне алып барды. Әскерден кетіп үйленіпті, екі баласы бар екен. Зайыбы екеуі елбесіп-селбесіп, базардағы бақал саудамен күн көріп жатса керек. Кішкентай жұпыны бөлмелері мұнтаздай таза, көңілді көрінді. Мені төрге отырғызып, самауыр қойды, жоғалған туысы табылғандай қуанып, әйелін шақыртты. Сосын балаларын алдыма әкеліп: "Пірәдар, мыналарға пәтиқаңызды беріңіз", — деді. — "Қарапайым, момын тақуаның пәтиқасы қанағаттандыратын болса, онда жарайды, — деймін оған: балаларыңа жасаған ием жар болсын, ал сені, Афанасий Павлович, содан бері әрдайым, құдайдың құтты күні, ғибадат үстінде аузымнан тастаған емен, өйткені бәрі сенен басталды ғой" — деймін. Сонан соң мұны шама-шарқымша түсіндірген болдым. Ол байғұс қайтты дейсіз ғой: менен көз алмайды, өзінің бұрынғы барині, офицер — менің осындай аянышты күйде, жұпыны киіммен оның алдында отырғаныма сенерін де, сенбесін де білмейтін секілді: тіпті жылап жіберді. "Бауырым-ау, сен неге жылайсың, —деймін оған, — онан да, жарқыным, кездескеніміз үшін жаныңды жадыратып, бір шаттанбаймысың, өйткені мен қуанышты, жарқын жолға түстім ғой". Ол көп сөйлеген жоқ, тек менен көз алмай, аһылап-үһілеп, емірене басын шайқай берді. Сонсоң: "Дүние-мүлкіңізді қайттіңіз?" — деп сұрады. Мен оған: "Монастырьға бердім, онда біз жатақханада тұрамыз", — дедім. Шайдан кейін үй ішімен қоштаса бастағанымда, ол кенет бір елу тиындықты монастырьға қайыр-садақа деп ұстатқан соң, байқаймын, екіншісін де қолыма тезірек қыстырып жатыр: "Мынау ел ақтаған таңғаларлық саяхатшы өзіңізге, әкетай, мүмкін, қажет болып қалар", — дейді.
Мен садақаны алған соң, ерлі-зайыптыларға тағзым еттім де, бойымды қуаныш билеп кете бардым. Жолда: "Екеуміз, ол өз үйінде, мен жол үстінде, тәңірінің бір-бірімізбен қайта кездесуге жазғанын еске алып, басымызды шайқап қойып, тегі, жүрегіміз қуанышқа толғасын көңілдене күліп аһылайтын шығармыз", — деген ойға қалдым. Содан кейін оны еш уақытта көрген жоқпын. Мен оның қожайыны едім, ол менің малайым болған, енді, шын жақсы көріп, жан-жүйеміз елжіреп сүйіскеннен кейін, екеуміздің арамызда ұлы адамгершілік бірлік орнады. Мен осы жайында көп толғандым, ал қазір былай ойлаймын: біздің орыстардың осынау ұлы һәм ақ пейілді бірлікке дер кезінде және барлық жерде жете алатындығына неғып ақылымыз жетпейді? Бұл солай болады, мерзімі таялды, мен бұған сенемін.
Ал малайлар жайында қоса айтарым: бұрын, жас кезімде, мен "аспаз тамақты ыстық әкеліпті, малайым киімімді тазартпапты", — деп шытынай беруші едім. Бірақ, бала кезімде сүйікті ағамнан естіген: "Маған басқа біреу қызмет ететіндей одан менің қай жерім артық, ол қайыршы, қараңғы екен деп оған неліктен озбырлық көрсетуім керек?" — деген сөздер мені лезде тәубеге келтіретін. Сөйтіп, осындай қарапайым, айдан анық ойдың санамызға кешігіп кіретіндігіне қайран қалған едім. Адами тіршілікте малайсыз тұрмыс құру мүмкін болмаса, неге былай етпеске: еш уақытта малайыңның ұнжырғасы түспесін, ол тіпті саған малайлыққа келгеннен бұрынғысынан да еңсесін көтеріңкі ұстап жүрсін. Сонсоң, малайыма мен өзім неге малай бола алмаймын және де менің мұны ешбір менменсімей істегенімді ол ешбір күмәнданбай көре алатындай етіп неге істемеймін? Менің малайым маған неге туыс бола алмайды, ақыр-соңында мен оны неліктен өз туысымдай көріп, бұған шын қуанбаймын? Мұның өзі қазір де мүмкін нәрсе, бірақ ол адамдардың келешектегі ұлы бірлігіне негіз бола алады; ол кезде ешкім де өзіне малай іздемейді, өзіндей басы жұмыр пенделерді, қазіргідей малай етуді де көксемейді, қайта керісінше, Інжілге сәйкес өзі жұрттың бәріне қызметші болуға бар күшін салады. Сонда бұл сайып келгенде, адам өзінің қуанышын — қазіргідей мейірімсіз қуанышта; мешкейліктен, бұзықтықтан, менмендіктен, мақтаншақтықтан, сосын бірінен-бірі қайтсе де басым түсуге тырысуынан іздемей — тек білім мен қайырымдылық жолындағы ерлік істерден ғана табатындай қиял болғаны ма? Олай еместігіне және ондай уақыттың жақындап қалғандығына мен кәміл сенемін. Күлкі ғып: ондай заман қашан туады және оның туатын түрі бар ма өзі? — деп сұрайды. Өз басым біз Христосқа сиынып бұл ұлы істі тындыратын шығармыз деп ойлаймын. Жер бетінде, адамзат тарихында не бары он жыл бұрын тіпті ақылға сыймаған, алайда құпия мерзімі жеткен шақта кенет пайда болып, күллі жер шарын шарлап өткен идеялар қаншама болған? Бізде де нақ солай болады, халқымыз күллі әлемге маңдайы жарқырап шығады әлі, сөйтіп жұрттың бәрі: "Іргені қалаушылар керек қылмаған тас ең ділгер нәрсе болып шықты ғой", — дейді. Мысқылшылардың өздерінен: егер біздікі қиял болса, онда сендер өз ғимараттарыңды қашан тұрғызып, Христоссыз, тек өз ақылдарыңмен қашан ғаділетті өмір сүрмексіңдер? — деп сұрар ма еді. Егер олардың өздері: жоқ, біз бірігуге бет түзедік қой десе, онда бұған шынында да іштеріндегі аңқылдақ ақ көңілдері ғана сенгені деңіз, мұндай аңғалдыққа тіпті таңғаласың. Олардың құрғақ қиялшылдығы біздікінен гөрі шынымен-ақ күшті болғаны ғой. Олар ғаділет тірлікті армандайды, бірақ, пайғамбарды мойындамағасын әлемді қанға бөктірумен ғана тынады, өйткені қан қанмен жуылады, қынаптан суырған семсерден мерт болады. Егер де Христосқа берілген ант болмаса, онда жер бетінде соңғы екі кісі қалғанша бірін-бірі өлтіріп тынар еді. Тіпті осы соңғы екеуі де сұмдық менменсігендіктен бірін-бірі баса алмай, соңғысы алдыңғысын өлтіріп, сосын өзін өлтірер еді. Христосқа берген ант болмаса, бұл іс момындар мен көнбістер үшін ғана азаяр деген ниет орындалар еді. Офицердің киімі иығымнан түспеген кезде, жекпе-жектен кейін, малайлар жайындағы осы пікірімді жоғары қауымда айтқанымда, бәрінің таңғалғаны әлі есімде. Олар: "Бұл қалай, сонда біз малайымызды диванға отырғызып қойып, оған шай әкеп береміз бе?" — дескен. Сонда мен оларға: "Оның несі бар, тым болмаса оқта-текте сөйтсек, тұғырымыздан түсеміз бе?" — деп жауап берген едім. Онда бәрі күлген-ді. Олардың сауалы парықсыздық еді де, менің жауабым бұлыңғыр бірдеңе-тұғын, әйтсе де менің осы жауабымда бір шындық та болған шығар деп ойлаймын.
ж) Ғибадат, махаббат және өзге әлемдерге жанасу хақында
Жас өскін, құдайға құлшылық қылуды ұмытпағайсың. Сенің дұғаңда, егер ол шын пейілден туса, онда әр ретінде бір жаңа сезім жылт етіп, бұл сезімде өзің бұрын білмеген, енді саған қайтадан құла жігер беретін жаңа ой туады; сөйтіп ғибадаттың тәрбие екенін ұғатын боласың. Мынаны да жадыңда сақта: күн сайын, қалт еткенде: "Жасаған ием, бүгін де алдыңа келіп жатқан пенделеріңе кешірімді бола гөр", — деп ішіңнен тілей бер. Өйткені сағат сайын, әрбір сәт сайын сан мың адам жарық дүниемен қош айтысып, олардың шыбын жаны құдай тағаламның алдына барып жатады — қайғы-мұңмен өмір кешіп, артында жылап-сықтайтын жақын-жұрағаты жоқ олардың көбінің бұ дүниеде жер басып жүрген-жүрмегенін тіпті ешкім білмейді де. Сонымен, ол сені, сен оны білмейсіңдер де, екінші бір қиырдағы сенің махшар дүниеде марқұмның алды жарық болсын деген дұғаң, бәлкім, көктегі құдайға жетіп жатар. Құдіреттің алдында құты қашып тұрғанында, міне осы бір сәтте, оны жақсы көріп, оның тілегін тілейтін біреу оның артында да бар екенін сезіну ол үшін қандай ғанибет. Сонда сен екеуіңе құдай да рақымшылықпен қарайды, өйткені егер сенің оған соншалықты жаның ашып жатса, онда сенен әлдеқайда қайырымды да сүйкімді жасаған иемнің жаны онан бетер ашиды. Сөйтіп, сен үшін оны кешіреді.
Бауырларым, кісінің күнәсынан ешбір қорықпаңдар, оны күнәкар болса да жақсы көріңдер, өйткені бұл енді жасаған иемнің махаббаты іспеттес болмақ, ендеше, бұ жалғанда бұдан мәртебелі махаббат болмақ емес. Құдай тағала жаратқан нәрсенің барлығын тұтас алғанда да, оның әрбір түйіршігін де сүйетін болыңдар. Әрбір жапырақты. құдайдың көктен жауған нұрын сүйіңдер. Жануарларды, өсімдіктерді, кез келген заттың бәрін сүйіңдер. Кез келген затты сүйе білсең сол заттағы жасаған иемнің құпиясына қанығасың. Бір рет қаныққасын оны барған сайын одан ары күнде танып біле бересің. Сөйтіп, ақыр-соңында, күллі әлемді біртұтас, бүкіләлемдік махаббатпен сүйетін боласыңдар. Жануарларды сүйіңдер: құдайтағала оларға ақыл-ойдың ұштығын дарытып, алаңсыз қуаныш берген. Оларды ызаландырмаңдар, азаптамаңдар, қуанышынан айырмаңдар, құдайшылық пайымға қарсы шықпаңдар. Мен адам екенмін деп жануарларға қиянат қылма: олар күнәсыз, ал сен болсаң жаратылғалы бері өзіңнің ұлылығыңмен жердің ойран-ботқасын шығарып, артыңда ойрандаған із қалдырып келесің — өкінішке қарай, біздің барлығымыз да осындаймыз ғой!
Әсіресе, сәбилерді жақсы көріңдер, олар да періштедей күнәсыз, олар біздің қуанышымыз, олар біздің жүрегімізді тазарту үшін өмір сүреді һәм бізге үлгі-өнеге, тағылым есепті. Сәбиді қорлағанның бағы ашылмас. Анфим пірәдар мені балаларды жақсы көруге үйреткен болатын: үні шықпайтын, мейірімді байғұс еді, ел кезіп жүргенімізде жинаған болмашы қайыр-садақаға тәтті тоқаш пен кәмпит сатып алып, балаларға үлестіретін: сәбиді көргенде ол байғұстың іші-бауыры елжіреп кететін: ол міне сондай жан еді.
Әсіресе адамдардың күнәсын көргеніңде, өзге бір ойға шомып, өзіңнен өзің: "Мұны күшпен жеңсем бе екен, әлде момақан махаббатпен-ақ алайын ба?"— деп сұрайсың. Әмәнда: "Момақан махаббатпен-ақ аламын"— деп шеш. Ақи-тақи осылай шешсең, барша әлемді аузыңа қаратуың ғажап емес. Махаббатпен жуасыту — ғаламат күш, бұл жалғанда онымен теңдесетін басқа күш жоқ. Күн сайын, сағат сайын, тіпті минут сайын өзіңді-өзің бағып ұста, бой-басыңның сұлулығын ыждағаттай біл. Міне бір сәбидің жанынан өткен екенсің делік, бірақ сен ызаға булығып, боқтанып, зығырданың қайнап өттің; мүмкін, сен баланы байқамаған да шығарсың, алайда ол сені көрді, ендеше, сенің әлгі сұрықсыз, күнәкар бейнең оның пәк жүрегінде сақталып қалуы ықтимал ғой. Сен мұны сезбесең де, осы қылығыңмен оның жүрегіне жамандық ұрығын септің, оның тамыр жіберуі де мүмкін, неге десең, алды артын бағатын, пәтуалы махаббатты бойыңа сіңірмегендіктен сен сәбидің алдында сақтана білмедің. Бауырларым, махаббат — адамның ұстазы, бірақ оған қол жеткізе білуің керек, өйткені ол қиындықпен келеді, қымбатқа түседі, оған ұзақ талпынып-тырмысумен ғана жетіп, бүкіл ғұмыр бойына ұзағынан сүйінесің, себебі біржола сүйетін нәрсе бір сәттік кездейсоқ дүние емес. Ал кездейсоқ нәрсені кез келген кісі, тіпті жауыз да сүйе алады. Менің қыршынынан қиылған ағайым шымшықтардан кешірім сұраушы еді: мұның өзі ақылға сыйымсыз секілді, әйтсе де, дүниедегінің бәрі мұхит сияқты емес пе, бәрі толқып, сапырылысып жатады, мына тұсынан түртсең — әлемнің ана шетінде жаңғырып жатады. Шымшықтардан кешірім сұрау ессіздік-ақ болсын, бірақ, егер өзің қазіргіңнен тым болмаса бір тамшы ізгілеу болсаң, шымшықтарға да, сәбиге де, айналадағы кез келген жәндікке де әлдеқайда жеңіл болмас па еді. Бәрі мұхит сияқты деймін сендерге. Бейне бір қуаныш құшағына енгендей болып махаббаттың азабына бүтіндей берілсең, онда сен тіпті жұдырықтай шымшыққа да табынып, одан өз күнәларыңды кешіруді өтінер едің. Бұл шаттығың жұртқа қаншама ерсі көрінсе де, оны қадір тұта білгейсің.
Достарым менің, құдай тағала қуаныштан айырмасын деп тілеңдер. Сәби балаша, көктегі шымшыққа шаттаныңдар. Қимыл-әрекеттеріңде басқаның күнәсынан қысылып-қымтырылмаңдар, ол біздің ісімізді басып тастайды екен, оның жүзеге асуына кедергі келтіреді екен деп қаймықпаңдар. "Күнәдан, опасыздықтан, жексұрын ортадан күшті ештеңе жоқ, ал біздер жалғыз жарымбыз, дәрменсізбіз, жексұрын орта бізді тұқыртып кетеді, игілікті ісімізге бөгет болады" — демеңдер. Осы бір сары уайымнан қашыңдар, балаларым! Бұл арада саған бір-ақ амал бар: өзіңді-өзің адамдардың барлық күнәсі үшін жауаптымын деп санауың керек. Достым, мұның өзі шынында да солай, өйткені өзіңді барлығы және бәрі үшін жауаптымын деп шын ниеттен есептесең, мұның шынында осылай екенін барлығы және бәрі үшін өзің жауапты екеніңді сол сәтте-ақ кересің. Ал егер өзіңнің жалқаулығын мен дәрменсіздігіңді басқаларға аударсаң, онда сайтаннан бетер тәкаппарсып шыға келесің де, құдайға шет бола бастайсың. Сайтаннан бетер тәкаппарсу жайында мен былай ойлаймын: бұл жалғанда бізге оны ұғу қиын, сондықтан қателессең, оның үстіне нендей бір ұлы, ғажап іс тындырмақпын деп ойласаң, сұмдық тәкаппар болуың тіпті оп-оңай. Сонан соң, біз өзіміздің ең күшті сезімдеріміз бен жан тебіреністеріміздің көбін бұ дүниеде әлі толық пайымдай алмаймыз, бұған да қызықпа және мұның өзі сенің бірдеңеден ақталуыңа септігін тигізеді деп те дәмеленбе, өйткені мәңгілік төрешің сенен өзің пайымдамаған нәрсені сұрамайды, пайымдаған нәрсені сұрайды, бұған кейін көзің жетеді, сонда бәрін дұрыс бағамдап, таласпайтын боласың. Біз жер бетінде шынында да адасып жүретін сияқтымыз, егер Христостың асыл бейнесі көз алдымызда тұрмаса, онда біз құрып бітер едік, адамзат баласы топан суға тап болғанындай, мүлде адасар едік. Бұл өмірде көп нәрсе бізден құпия сақталады, бірақ оның есесіне бізге басқа әлеммен, көктегі қасиетті әлеммен жанды байланысымызды іштей сезінудің асыл қасиетін сыйлаған, сонсоң біздің ойларымыз бен сезімдеріміздің түп-тамырлары мұнда емес, махшар дүниеде ғой. Пәлсапашылардың жер бетінде заттардың ішкі мәнін ұғуға болмайды дейтіні осыдан. Құдай тағала басқа әлемдерден тұқым алып, біздің жерге әкеп егіп, өзінің бау-бағын өсірген, сөйтіп көктейтіннің бәрі көктеп шыққан, алайда бұл өркен өзге құпия әлемдермен өзінің жақындығын сезгенде ғана өмір сүріп, тірі болады, егер сенің бойыңда осы сезім әлсіресе немесе құрып бітсе, онда сенің бойыңда мәпелеп өсірілген нәрсе де өледі. Онда сен өмірге немқұрайлы қарайтын боласың, оны тіпті жек көріп те кетесің. Мен, міне, осылай пайымдаймын.
з) Өзіңдей жандардың төрешісі болу мүмкін бе?
Қалтқысыз сену хақында
Тірі пендеге төреші бола алмайтыныңды жадыңда мықты сақтағайсың. Өйткені сенің алдыңа келген кісі қандай қылмыскер болса, сенің өзің де сондай қылмысты екеніңді, оның қылмысы үшін, бәлкім, ең алдымен сен де кінәлы екеніңді ұқпайынша, бұ жалғанда ешкімге де төреші бола алмайсың. Осыны пайымдағасын ғана төрешілікке жарап кетуін мүмкін. Былай қарағанда пәтуәсіздік көрінуі мүмкін, бірақ шындық бұл. Неге десеңіз, егер менің өзім әділетті кісі болсам, онда мына қылмыскер де менің алдымда тұрмас еді. Егер сенің үкіміңді күткен кісінің қылмысын өз мойныңа алғың келсе, онда тезірек солай істе де, ол үшін өзің қасірет шегетін бол, ал оны айыпқа бұйырмай қоя бер. Оған төреші болуға енді заңмен тағайындалсаң да, кесіп айтқанда, шама-шарқыңша, осы тұрғыдан айтатын бол, сонда ол сенің алдыңнан кетерде өзін-өзі сенен гөрі әлдеқайда қатты кінәлап кетеді. Ал егер ол сенің үкіміңе селт етпестен, келемеждеп кетсе, онда бұған да күйінбе: демек, оның ұғатын мерзімі әлі жетпеген, бірақ ол уақыт кезі келгенде туады; келмесе де мейлі: ол болмаса, оның орнына өзге біреу ұғып, қасірет шегеді, өзін-өзі айыптап, кінәлайды, сөйтіп ақиқат шындық қалпына келеді. Бұған сенетін бол, күмәнсіз сен, өйткені әулиелердің бар үміті мен бар сенімі осында.
Тынымсыз қарекет қыл. Егер түнде, төсекке жатқаныңда: "Бүгін істелетін жұмыстың істелмей қалғанын" есіңе түсірсең, тез түрегеліп, сол істі тындыратын бол. Егер төңірегіңдегілер ашулы, қатыгез жандар болып, саған құлақ салғылары келмесе, онда солардың аяғына жығылып кешірім сұра, өйткені олардың бұл қылығына, шындығында, сен де кінәлісің. Егер ызалы адамдармен сөйлесе алмасаң, онда оларға қорлансаң да үндемей қызметіңді істей бер, бірақ ешуақытта үмітіңді үзбе. Ал егер бәрі сенен безініп, сені күшпен қуып жіберсе, жалғыз өзің қалған соң, жерге жата қалып топырақты сүй, оған көз жасыңды төк, сонда, оңаша қалғаныңда не істегеніңді тірі жан көрмесе де, ешкім естімесе де, көз жасың тамған топырақ өзінің жемісін бермей қоймайды. Тіпті пенде біткеннің бәрі азғындап, жалғыз өзің ғана адал болып қалсаң да мейлі — қалтқысыз сенетін бол: сонда да адалдығыңды тағы бір көрсетіп, жалғыз болсаң да құдайды мадақтап бақ. Ал егер осындай екі адам болсаңдар, онда мұны тіпті күллі әлемдей көріп, кеудесінде жаны бар кісілердің махаббат әлемі деп біліп, бір-біріңмен емірене құшақтасып, жасаған иемді мадақтай беріңдер: өйткені тым құрығанда осы екеуіңнің бойыңда болса да жаббар құдайдың шындығы қалпына келгені бұл.
Егер өзің күнәға батып, осы күнәңа немесе кенеттен күнәкар болғаныңа ғұмыр бақи өкініп өтсең де, басқа біреу үшін, пенде үшін қуан, сен күнәға батқанмен, мұның есесіне оның адал болғанына, күнәға батпағанына қуана біл.
Ал егер адамдардың зұлымдығына зығырданың қайнап, күйінгендіктен тіпті солардан қыбын тауып кек алуды ойлай бастасаң, онда ең алдымен осы сезіміңнен қауіптен; онда дереу бір жаққа кет те, олардың бұл жауыздығына бейне өзің кінәлідей, сол үшін азап шегудің бір амалын тап. Сол азапқа мойынсұнып, шама-шарқыңша шыдап бақ, сонда ғана жүрегің байыз табады және күнәсыз жан есепті сол жауыздарға өзіңнің сәулеңді түсіре ала тұрып, неге түсірмегенің үшін күнәңді да түсінесің. Егер сен сәулеңді түсірсең, өзгелердің жолын да нұрландырған болар едің де, сенің жарығың түсіп тұрғанда, бәлкім, жауыздыққа барушы өзінің жауыздығын істемес пе еді, қайтер еді. Тіпті сенің сәулең түскеніне де қарамастан, адамдардың күнәсыз жүрмейтінін көргеніңде де қапаланба, көктен тарайтын жарықтың құдіреттілігіне сен; күнәкарлықтан қазір халас болмаса, кейін халас болатынына сен. Өздері болмаса, кейін олардың ұрпақтары күнәдан тазарады, өйткені сен өлсең де, сенің сәулең өшпек емес. Тақуаның өзі кеткенімен, артында оның сәулесі қалады. Құтқарушысы дүниеден өткесін де құтқарылып жатпай ма һәманда. Адамзат баласы өзінің пайғамбарларын танымайды, оларды ұрып-соғуға да барады, бірақ адамдар өздерінің сол азапкерлерін жақсы көреді, өздері азапқа салғандарды құрметтеп-қошеметтейді. Сен біртұтастық үшін келешек үшін жұмыс істейсің ғой. Бұл үшін ешқашан да сый-сияпат күтпе, неге десең сенің бұл өмірдегі сый-сияпатың онсыз да көп: саған тек адал жанның еншісіне ғана тиетін рухани қуаныш бұйырған. Бекзадалардан да, құдіреті күштілерден де қорықпа, бірақ данагөй бол, дәйім әділ болып қал. Әр нәрсенің мөлшері мен мерзімін аңғар, осыған машықтан. Оңашада құдайға құлшылық қылған дұғаңды ұмытпа. Қара жерді құшақтап жатып, топырақты сүюге құштар бол. Сүйіп қана қойма, оны ұдайы, құмарта жақсы көр, бәрін, баршасын жақсы көр, қуанышқа, осынау еміреніп-елжіреген шамырқануға құштар бол. Жерге қуанышыңның жасын төк те, осы төккен көз жасыңды жақсы көретін бол. Бұл қуанышыңнан ұялма, оны бағалай біл, өйткені құдай сыйлайтын ұлы дарын болады, алайда ол азғана, қалаулы жандарға ғана бұйырады.
и) Тозақ пен тозақтың оты хақында
Мистикалық пайымдау
Пірәдарлар мен ұстаздар, маған: "Осы тозақ дегеніміз не?" — деген ой келеді. Сосын: "Бұдан ары сүюге мүмкіндік қалмағанын уайымдап қасірет шегу болар..." — деп пайымдаймын оны. Бірде, уақытпен де, кеңістікпен де өлшенбейтін шексіз болмыста бір жан иесіне, ол жер бетінде пайда болғаннан кейін өзіне-өзі: "Мен бармын, демек, мен оны сүйемін", — дей алатын қабілет дарыпты.
Оған жалынды жанды махаббат сәті тек бір-ақ рет, не бары бір рет қана бұйырыпты, оған бұ жалғандағы тіршілік те, бұған қоса уақыт пен мерзім де осы үшін берілген екен, сонда ол неғыпты дейсіз ғой: басына бақыт қонған жан иесі осынау баға жеткісіз сыйлықты қабылдамайды, оны бағаламайды, жек көреді, оны келемеж ғып, іші жібімейді. Сонсоң, ол осы күйі жерден ғайып болып, Авраамның құтты мекенін де көреді, онымен дидарласады да, бай-бағлан мен Лазарь жайындағы өсиет әңгімедегідей, ұжмақты да көреді, көктегі тәңіріге де бара алатын болады, бірақ ол өзі сүймесе де және оны сүйгендердің махаббатын елемесе де, солармен табысатын болып, енді сол тәңірінің алдына өзінің де баратындығына қиналады. Өйткені ол анық көріп-біліп тұрғасын өзіне-өзі енді былай дейді: "Қазір білімді болып, сүюге құмартып тұрғанмен, енді менің махаббатымда ерлік болмайды, құрбандық та болмайды, өйткені менің жердегі тіршілігім таусылған, жерде жүргенімде елемеген рухани махаббатқа анда барғасын шөлдеген сәтімде оның қызуын басу үшін Авраам жанды судың тым болмаса бір тамшысын да алып келмейді (яки жердегі бұрынғы қайнаған, қызу өмірді қайтадан тегін әкелмейді); енді көрер жарығым бітті, енді оған уақыт жоқ! Басқалар үшін жан беруге әзір болғаныммен, бұған енді мұршам жоқ, өйткені махаббат жолына құрбандық ететін өмір өтіп кетті, қазір ол өмір мен бұл болмыстың арасында түпсіз тұңғиық жатыр". Тозақтың отын бейне бір қолмен ұстайтын зат есепті сөз етеді: мен бұл құпияны зерттеп жатпаймын, одан қорқамын, бірақ, егер ол сондай бір зат болған болса, бұған шынымен-ақ қуанар едім деп ойлаймын, өйткені ондай затты ойлап азап шеккенде олар одан әлдеқайда ауыр рухани азапты бір сәтке болса да ұмытар еді деп армандаймын. Сосын оларды бұл рухани азаптан халас қылу да мүмкін емес, себебі бұл сырттағы азап емес, іштегі азап. Тіпті оны халас қылған күнде де біз, бәрібір, одан бетер бақытсыз болар едік. Өйткені олардың қалай азап шеккенін көрген соң, ұжмақтан орын тапқан күнәсіздер кешірім жасап, шын жаны ашып, өздерінің жанына шақырып алар еді, алайда бұл олардың азабын онан бетер көбейтуге әкеп соқтырар еді, себебі олар бұған өздерінің ризашылығын білдіретін ыстық махаббатпен жауап беруге мәжбүр болар еді, ал бұл әсте мүмкін емес. Алайда жүрексінсем де былай шығар деп ойлаймын: енді ондай мүмкіндік жоғын ұғудың өзі, ақыр-соңында, олардың мәулет алуына себепші болар еді, өйткені есесін қайтаратынын біле тұра, күнәсіздердің махаббаттарын қабыл алып, осы көнбістік пен осынау момындықтың әсерінен, сайып келгенде, жерде елемеген жігерлі махаббатқа ұқсайтын бірдеңені алады және де мұның өзін сол махаббат секілді бір қимыл-әрекет ретінде қабыл алады... Бауырларым һәм достарым, осы ойымды айқын жеткізе алмайтыныма өкінемін. Бірақ бұл жалғанда өзін-өзі құртудан сақтасын, өзіне-өзі қол көтергеннен сақтасын деңдер! Бұлардан асқан бақытсыз бейшара жан болмас деп ойлаймын. Бізге олар хақында құдайға мінәжат қылу күнә дейді, былай қарағанда шіркеу де оларды қабылдамайтын тәрізді, ал мен болсам тірі жанға сездірмей, ішімнен күнделікті дұғамыздан тастамауға болар еді деп ойлаймын. Жақсы көргенің үшін Христос неге ренжісін. Өз басым ондайларды іштей дұғамен ғұмыр бақи қалдырған емен, пірәдарлар мен ұстаздар, сіздерден несін жасырамын, қазір де құдайдың құтты күні ғибадат үстінде оларды әсте ұмытпаймын.
О, білігі күмәнсыз болса да және ақиқат шындықты көзімен көргеніне қарамастан, тозақта да өзінің мейманасы тасыған, мейірімсіз қаныпезер қалпынан жазбағандар да кездеседі; ібіліспен жанаса кетіп, оның өктем рухына бүтіндей беріліп алған сұмдық қорқыныштылары да жоқ емес. Олар тозаққа өздері тіленіп барады, оған тоймайды тіпті: олар өз еркімен азап шегушілер. Өйткені олар құдай мен өмірге қарғыс айтам деп өздерін қарғаған. Шөл далада қалған аш адамның өз денесінен өз қанын сора бастағаны сияқты, олар өздерінің менмендігін қорек етеді. Бірақ мәңгі-бақи бір тоймайды, кешірімді де қабылдамайды, қайта оларды өзіне шақырған құдайды қарғап-сілейді. Тірі құдайға жуықтап қарай алмайды, өмір тәңірісінің болмағанын, құдайдың өзін және өзі жаратқанның бәрін құртуын талап етеді. Сөйтіп, өз ашу-ызасының жалынында ғұмыр бақи қақталып, өлім мен жоқтықты аңсайтын болады. Бірақ ажал келмейді...
Алексей Федорович Карамазовтың қолжазбасы осымен тамамдалады. Қайталап айтайын: ол толық емес, үзік-үзік болатын. Мысалы, өмірбаяндық мағлұматтар пірәдардың жастық шағының бас жағын ғана қамтиды. Оның әр кезде, әр түрлі себептен айтылған рауаяттары мен пікірлерінің үзінділері кейін біріктірілсе керек. Ал көз жұмарда айтқанының бәрі дәл анықталмаған, егер Алексей Федоровичтің қолжазбасындағы оның бұрынғы дәрістерімен салыстырсақ, соңғы әңгімесінің де рухы мен сипаты жайында ұғым ғана берілгенін көреміз. Пірәдар шынында да кенеттен кеткен. Өйткені соңғы кеште оның құжырасына жиналғандардың бәрі қарияның сөнетін сәті жақындағанын толық түсінгенімен, ажал оны соншама тез әкетер деп ойламаған; керісінше, оның достары, жоғарыда айтып өткенімдей, бұл түні оның өзін сергек ұстап, көп сөйлегенін көрген соң, аз да болса біраз сауыққан шығар деп ойлаған. Тіпті демі бітерден бес минут бұрын да бірдемені болжау мүмкін емес-ті, пірәдардың жанында болғандар кейіннен таңырқап осылай десіп жүреді. Ол кенет кеудесі шаншығанын сезгендей, өңі қуарып, жүрек тұсын қолымен қатты басады. Бәрі өре түрегеліп, оған қарай ұмтылады; алайда ол, жаны қиналып жатса да, оларға әлі де күлімсірей қарап, креслосынан қосып тез еденге ақырын сырғып түсіп, тізерлеп тұрады, сонсоң басын төмен салып, қолын жайып, бойын қуаныш билегендей, жерді сүйіп, дұғасын бір қайырып үлгергесін (оның өзі үйреткендей), ақырын бақи дүниеге аттанып кете барады. Оның өлгені туралы хабар лезде мінәжатханаға тарап, монастырьға да жетеді. Марқұмның үзеңгілестері мен діни атақ-дәрежесіне қарай қатысуға тиістілер оның мәйітін ескілікті дәстүр бойынша арулауға кіріседі, тақуалардың барлығы бас шіркеуге жиналады. Кейін тараған қауесеттерге қарағанда, пірәдардың ақиретке аттанғаны туралы хабар таң алдында шаһарға да жетіпті. Күллі шаһар дерлік осы оқиғаны сөз етіп, топ-топ халық монастырьға қарай ағылды. Әйтсе де, бұл жайында келесі кітапта баяндай жатармыз, әзірше тек мынаны ғана айта кетелік: онда араға күн салмай жатып бір оқиға кездесіп қалған-ды, оны жұрттың бәрі не үшін күтпеген оқиға болғаны және монастырдағылар мен шаһар тұрғындарына таңғаларлық, үрейлі, әрі-сәрі әсер еткені соншалық, талайдың зәресін ұшырған сол күн осыған дейін, соншама жыл өткеннен кейін де ұмытылар емес...
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter