Өлеңдер ✍️
Сағындым
Абақтыда айдан, күннен жаңылдым,
Сарғайдым ғой, сар даламды сағындым.
«Қарашығым, құлыным!» деп зарлаған
Алыстағы сорлы анамды сағындым.
Жатқан үйім – қабырғасы қара тас,
Жарық сәуле, жылы күнге жаны қас,
Ауыр иіс, ылғи қара көлеңке,
Ерте-кеш те, күндіз-түні арылмас.
Тапал, салқын, тым қараңғы үңгір тар,
Есігімде мықты қара құлып бар.
Кіп-кішкене терезелер темірлі,
Мұндай үйден кімге естілер ащы зар!
Алтын Күнді, қара жерді сағындым,
Жан жолдасым – жүйрік желді сағындым.
Асау тайдай еркелетіп өсірген,
Ағайынды, туған елді сағындым.
Әлдеқайда Күн шығады, батады,
Сорлы тұтқын күңіреніп жатады.
Қарар болсаң терезеден темірлі,
Көздеп тұрған күзетшілер атады.
Ас бола ма сасық сорпа, қара нан?
Алма бетте қалмады ғой тамшы қан.
Қоңырау қағып оятады ақырып,
Тым болмаса сібірлеп те атпай таң.
Бостандықта өткен күнді сағындым,
Желдей зулап кеткен күнді сағындым.
Жыл құсындай ұшсам, қонсам ерікті,
Ойдағыны еткен күнді сағындым.
Абақтының айға баға күні ұзақ.
Жанды жейтін жылға баға түні ұзақ.
Ескі мола дән дыбыс жоқ, тым-тырыс,
Тық-тық басып күзетші жүр жалғыз-ақ.
Қара жылан – қалың ойлар қаптады,
Шыбын жаным барар жерді таппады.
Ойлар жейді жас жүректі жегідей,
Тәңірі ием, таңың-дағы атпады!
Ойыны бір құрдастарды сағындым,
Тілегі бір жолдастарды сағындым.
Келешекке бірге жоспар құрысқан
Сырласатын жан достарды сағындым.
Уға толды жас жүрегім, жабықтым,
Таныс дауыс ести алмай зарықтым.
Не дегенін, не істегенін біле алмай,
Қоры болдым ғой азат жүрген халықтың!
Құшақтарға жанымжа жоқ жақын жан,
Басқа шапшып мазаны алды ыстық қан.
Жалындаған жас жүрекке не пайда,
Дене күйіп, бір жатып, бір тұрудан?
Жүрегіме жақын жанды сағындым,
Жібек мінез, ақық жарды сағындым.
Айрыларда күншығыстан ағарып,
Ақ жібектей шапақ таңды сағындым.
Не көрсем де Алаш үшін көргенім,
Маған атақ ұлтым үшін өлгенім!
Мен өлсем де, Алаш өлмес, көркейер,
Істей берсін қолдарынан келгенін!
Қалың елім, қалаң қара ағашым,
Қайраты мол айбынды ер, Алашым!
Өзі-ақ құлар, сырың берме, сабыр қыл,
Ақымақтар байқамаған шамасын.
Қазағымды, қалың елді сағындым,
Сарыарқамды – сайран жерді сағындым.
Балдай бұлақ, мөлдір күміс көбікті,
Арқадағы айдын көлді сағындым.
Қуанышта: "Әй сені ме!" - дегендер,
Күйініште мен үшін уайым жегендер,
Құтылу қиын, басқан адым аңдулы,
Тізіп қойып ертеңді-кеш түгендер.
Тәңірі ие, өзің алшы панаңа,
Тас бауырлар зарға құлақ сала ма?!
Баласынан тұтқын болып сарғайған
Кім жеткізер сәлемімді анама?
Абақтыда айды, күнді жаңылдым,
Сарғайдым ғой, сар даланы сағындым.
"Қарашығым, құлыным!" - деп зарлаған
Алыстағы сорлы анамды сағындым.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter