Өлеңдер ✍️
Жәмила
Жәмила!
Мұнша неге жүдедің?
Бетінде тамшы қан жоқ қой.
Жаралы ма жүрегің?
Тегінде, терең зар көп қой!
Жәмила!
Себебі не? Жалғанда
Серпілігі, ойнап-күлмейсің.
Түнде жұрт ұйқтап қалғанда,
Тыншып бір ұйқы көрмейсің.
Жәмила!
Кеудеңе от толды ма?
У һілеп айға қарайсың.
Өмірің у болды ма?
Жұлдыздар неге санайсың?
Жәмила!
Шапаныңды бүркеніп,
Тысқа ақырын шыққанда,
Күрсініп, ауыр күңіреніп,
Айтқаның зар ма я ән бе?
Жәмила!
Жанындағы жауызың
Айырды ма жарыңнан?
Сарғаймашы, бауырым,
Бітесің ғой зарыңнан.
Жәмила!
Түскен мынау жүзіңе
Қасірет пе, яки шашың ба?
Қайғылы қара көзіңде
Мөлдіреген жасың ба?
Жәмила!
Бетінде анау таңба не?
Аһ... имансыз ол хайуан!
Жалын, жаным, Алла де!
Бұдан басқа не хайлаң?!
Жәмила!
Қасіретті, сорлы қарындас,
Қайғыға қалай шыдайсың?
Жыла, бауырым, төгіп жас,
Мен де бірге жылаймын...
Жәмила!.. Жәмила!.. Жәмила!..
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter