Өлеңдер ✍️

  07.04.2021
  385


Автор: Мағжан Жұмабаев

Жолдасқа

Әй, әй, жолдас, жас жігіт
Қиқу салған, лепірген,
Кетті ме әлде жын соғып,
Аузын, мұнша көпірген!
Дүниенің діңгегі
Қарын дейсің жалғыз-ақ.
Күнді көрмей көктегі,
Болма, жаным, жапалақ.
«Идеал да жоқ, Тәңір де...»
Енді не бар? Доңыз ба?
Адамсың ғой сен енді,
Ұқсама шын доңызға!
Мейлің, мейлің, доңыз бол,
Жүр қорсылдап қорада.
Сасық соқыр қоңыз бол,
Жаныма бірақ жолама.
Мен киелі Алашпын,
Іргемді, сасық, ластама.
Ойнама, жолдас, менімен,
Бар бұзыққа, басқаға.
Кіршіксіз ақ ордамын,
Сала алмассың бір тап та.
Бұзылмаған қордамын,
Бөле алмассың тап-тапқа.
Тапсыз, бүтін бір елмін,
Тәңіріге жалғыз ұсармын.
Көбікті күміс бір селмін,
Сасықты сендей басармын.
Құдықтан ішіп, жас жігіт,
Оған, сірә, түкірме.
Кетер сені сел соғып,
Басыл, жаным, көпірме. 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу