Өлеңдер ✍️
Ат
Сен неге, тұлпар атым, кісінейсің?
Жабығып неден көңілің, түсті еңсең?
Ерігіп, ауыздығың қарш-қарш шайнап,
Бұ қалай,бұрынғыдай сілкінбейсің?
Әлде мен бабың тауып бақпадым ба?
Болмаса жемнен қысып, сақтадым ба?
Әйтпесе, әбзелдерің сәнді емес пе?
Жібектен тізгініңді тақпадым ба?
Малдырып саф алтынға үзеңгіңді,
Тағаңды шын күмістен қақпадым ба?
Жауабы иесіне берген аттың:
«Сұрайсың не себептен мен жабықтым?
Алыстан құлағыма келер дүбір һәм даусы
керней тартып, атқан оқтың.
Кісінеп себебім сол мен аһ ұрған,
Көп жүріп далада енді сейіл құрман.
Әбзелмен жарқыраған әсем басып,
Аз қалды сыйлы, сынды күндер тұрған.
Жақында жаны ашымас жау кеп шабар,
Қалдырмай әбзелімнің бәрін тонар.
Соқтырған шын күмістен тағаларды
Суырып аяғымнан, олжаланар.
Күйзеліп, жаным ашып, ауырып бек,
Қайғырып, уайым ғып, тұрмын жүдеп.
Орнына желпуіштің терінді әкеп,
Терлеген бүйіріме жабады деп».
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter