Өлеңдер ✍️
Ақаң
...Сөйлетуші ек жиылып со шалды бір,
Кездерінде күлкіге қосар мұңын.
Сезілетін осалдық кей сөзінен,
Ол да бірақ мықтының осалдығы.
Жылтырата ойлар ек біз жаңаша,
жаңамызды кей ескі «тұздамаса»
Өнердің жастығы ғой деп қоямыз,
Алпыстағы атаға қыз қараса.
Жүрген адам емес қой құмарды ойлап.
Тас лақтырсаң – терең де шығар қайнап.
Үлкендердің күй күнгі ұсақтығын
Жүрміз, әйтеуір, тым жиі ұға алмай ғап.
Күшті жандар жасырғыш күшін
дейді, –
(Болады таласпауға, ісінбеуге).
Ақаң сондай.
Тереңдік – содан шығар,
Содан шығар Ақаңды түсінбеу де.
Өзін бірақ қоймады мақұлдатпай,
Жырға қостық сол үшін атын баптай,
Бәрімізді іздеді ол күні-түні,
Бірімізді маңына жақындатпай.
Қазақ жомарт деседі «қиын» ұлға,
«Қиын» бүгін – мықты боп құйылуда.
Мықты адамнан өз басым алыс жүрем,
алыс жүрген жақсы ғой сиынуға.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter