Өлеңдер ✍️
«Таң» журналына жаңа әнмен байғазы
Жаңа ойдан
шығарған
бір бөлек бұл ән,
Жақсы үнді,
ұғымды
жас керек бұған.
Толға, шырқа байқап жас жүрек.
Әншілерден сол тілек.
Жорғалат,
Сорғалат,
Мұңдандырып, тамылжытып сал.
Бойды еріт,
Ой кеңіт,
Әсер беріп, тыңшы жанын билеп ал!
Бос айғай,
құр ойбай –
ән деме, ойла,
Тұз-дәмсіз,
түк нәрсіз
ас жеме тойда.
Жасық еттен қандай пайда бар,
Болмас онда тәтті нәр.
Ұйқасты,
Сипатты
Ішкі сырлы жырыңды әнге қос,
Сөзі – жан,
Әні – тән,
Жарасымды болса, тыңдар оны дос.
Жыршылар
Ән салар,
Толғанып ойдан.
Мұңлы зар
Қозғалар
Байқалып бойдан.
Жаныңнан бір майда сыр шығар.
Сезімі ояу оны ұғар.
Тіл билеп,
Үн күйлеп,
Суреттесе өмір жайын ән,
Мұңлатса,
Шырқатса,
Ентелетсе, оянбай ма өлген жан?
Жаңа әнім –
Байғазым,
Құттықтап журнал,
Кәрі жан,
Салып ән,
Жыбырлап қозғал.
Алдынан шық майда ән сала,
Қабыл алсын жас бала.
Домбыра ал,
Әнге сал,
Шілдехана күзет енді сен.
Ержетсін,
Тербетсін
Елді жаңа, нұрлы, әсерлі сөзімен.
Толқынға,
Құлқынға
Соқпас бұл жас.
Зорлықтан,
Қорлықтан
Тоқтасын жолдас.
Еркіндікпен өсіп көп жаса,
Ел қамыңды ойласа.
Қаламды,
Табанды
Жастар, жатпай жақсы сөзді жаз,
Емделмей,
Жөнделмей,
Басын ашпай, сорлы еліңді қылма таз.
Тілменен,
Пұлменен
Көмектеп, қолда,
Әр бойға
Соны ойла,
Сараң болма.
Жәрдеміңнен жасқа толар ол.
Адасқанға табар жол.
Болма қор,
Үміт зор,
Хат білгенің алып оқы, бар.
Көксеген,
Жетпеген
Ойың сенің үйренеді талай зар.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter