03.04.2021
  216


Автор: Лев Толстой

Аршынала

Бірінші тарау


Аспан күмбезі түндігін ысырып тастаған, таң бозарып қалыпты, шықтың күміс тамшысы түндегідей күңгірт тартпай, енді жылт-жылт етеді, айдың жүзі солғын тартқан, орман ішінде қаңғыр-күңгір көбейіп, жан-жануар ұйқыдан ояна бастаған; бариннің ат қорасында елегізген жылқының дамылсыз пысқырғаны, аяқ астындағы сабанның сыбдыры құлаққа келеді, қақпа аузына жиналып, бір-бірімен қақтығысып тұрған жануарлардың дегбірсіздене кісінегені де жиі естіледі.


— Құр-құр! Жұлқынуын! Жылан жалап бара ма екен бұларды! — деді қарт жылқышы, сықырлауық қақпаны ашып жатып. — Мына шіркін өңмеңдеп қайда барады? — Ол қақпа аузына қарай омыраулай жетіп келген шабдар байталды кейін қайырып тастады.


Жылқышы Нестер үстіне бешпент киіп, белін кіселі белбеумен буып алыпты, шыбыртқысын иығына бос тастаған, бір тілім нанды орамалға түйіп, беліне қыстыра салған. Қолында ер-тоқым мен жүген.


Оның зекіген даусынан жылқылар қаймыға қойған жоқ, осқырынып шамданғаны да байқалмады, күндегі үйреншікті байбалам болар дегендей, енжар басып қақпадан кері бұрыла берді, құлағын жымитып, тебуге ыңғай білдірген тек күдіре жал кәрі қарагер бие ғана. Мұны көрген соң шабдар байтал да тыныш қала алмады білем, оған ешқайсысы тиіспесе де өзінен-өзі осқырынып, арт жағындағы әлде біреуін қос аяқтап сарт еткізді!


— Құр-құр! — ілкіден гөрі даусы қаталдау шыққан жылқышы енді кең ауланың арғы бұрышына қарай жүрді.


Ауладағы жылқының (жүз шамалы) ішінен ең төзімдісі бұрыштағы жаппа астында тұрған жалғыз ала ат дерсің: ол екі көзін сығырайтып алып, сарайдың емен ашасын ақырын кеміре берді. Қу ағашты кеміргеннен аузының дәмін қалай алатынын кім білсін, бірақ ол өз шаруасын әйтеуір байсалды да байыпты пішінмен тындырып жатқандай.


— Кеміріп қал! — деді жылқышы тағы да даусын қатал шығарып. Ол атқа таяп келіп, тер сіңген тоқым мен ерді көң үстіне тастай берді.


Ала ат енді ағашты кеміруін қойып, Нестерден көз алмай ұзақ қарап тұрды. Оқыранбады да, құлағын жымитқан да жоқ, қабақ та шытпады, тек ішін тарта бір керіліп алды да, ауыр күрсініп теріс айнала берді. Жылқышы оны бір қолымен мойнынан құшақтап тұрып жүгендеді.


— Күрсінетіндей не боп қалды? — деді Нестер атты сауырынан сипап қойып.


Aт құйрығын шипаң еткізді, бұл оның: "жай, әншейін" дегені еді. Шал ер-тоқымды салғанда ол құлағын жымитып, тыжырынып қалды. Мұнысы, тегі, қағыр тоқымның арқасына тағы да жалп еткенін жаратпағаны болу керек, бірақ бұған қарап жатқан Нестер жоқ, өзінше мықтап бір сыбап алғасын ер-тоқымның айылдарын тартуға кірісті. Ала ат та қырсық: айыл жетпей қалса екен дегендей, қарнын қампита қоймасы бар ма, әйтсе де жылқышы мұның да қыбын тапты — атты сұлығынан тұқырта ұстап тұрып тізесімен іштен қатты нұқып қалып еді, шеңбірек атқан қарын желі шыққан бүйендей босап сала берді. Нестер шап айылды келте қайысынан мықтап тістеп алып мықшия жоғары тартқан кезде ала ат тағы да құлағын жымитты, тіпті мойнын бұрып бүйіріне бір қарап та қойды. Әрине, ол бұдан келер пайда жоғын сезеді, бірақ біле тұра осылай істеді, өйткені арқасына ер-тоқым салғанды жақтырмайтынын қашанда білдіруге тиіспін деп есептейтін. Ерттелген соң, ала ат қолаң оң аяғын сәл босатты, сосын ауыздықты шайнай бастады, жануардың бұдан ауыздың дәмі кірмейтінін сезетіндей шағы жеткен секілді еді, бірақ ол көк темірді өзінше бір парықпен малжаңдата берді.


Нестер үзеңгіге аяғын салып, әуп деп атқа қонды, шыбыртқысын қолына алды, тақымына қыстырылған бешпентінің шалғайын босатты, сөйтіп жайлап отырғасын ғана тізгінді шаужайлап, бір тебініп қойды. Ердің үстіне мығым отырысына қарағанда, оны көшір десең де, аңшы десең де, жылқышы десең де боларлықтай еді. Тізгіннің ырқымен басын жоғары көтеруін көтерсе де, ала ат бірден қозғала қойған жоқ. Мұндайда шалдың өзімен бірге істейтін Васькаға, ауладағы жылқыға бірдеңе деп дауыстап жарлық беріп, әлі біраз тұратынын білетін Нестер, шынында да, барқылдай жөнелді: "Васька! Эй, Васька! Биелерді шығардың ба? Дыбысы шықпайды ғой — мына албасты қайда жүр? Әй, қайда жүрсің? Басы іскенше ұйықтайды, бұл түге! Қораның қақпасын аш деймін, әуелі биелер өтсін" т.т.


Ақыры, сықырлап қақпа да ашылды. Екі көзі ісініп кеткен ашулы Васька бір қолында жетектеген аты бар, қақпа аузында жылқыны шығарып түр. Зерігіп қалған жануарлар сабанға тұяқ тигізбес бұрын біраз осқырынып-пысқырынып алады, тек осыдан соң ғана аяқтарын ептеп басады: жас байталдар, тай-жабағылар, құлындар, қайқы бел мама биелер қақпадан өтіп жатыр. Секектеген байталдар екеу-үшеуі таласа-тармаса өткенде бірін-бірі басып кете жаздайды, бұған ызаланған жылқышылардың сыпырта боқтағаннан басқа лажы қалмайды. Енесінен адасқан құлындар бөтен биелердің бауырына жабысып, олардың ақырын оқыранғанына шұрқырай кетеді.


Қақпадан шығуы-ақ мұң екен, шабдар байтал басын жерге сала мойнын бір жағына бұрып алып ойнақтай жөнелді де, бір кісінеп қойды; әйтседе ол әманда бар жылқының алдында жүретін қайқы бел кәрі көк биенің алдына шыққан жоқ, қарақұмық тәрізді ұп-ұсақ шұбары бар мама бие асықпай алшаң басқан қалпы, жер сызған үлкен қарнын теңселте баяу қозғала берді.


Ілкіде ғана тыпыршыған жылқыға толы аула әлгіндей болмай-ақ қаңырап қалды; бос лапастардың астында сорайған ашалар ғана көзге түседі, жылқының тезегі араласқан, езілген сабан ғана жатыр аяқ астында. Күнде таңертең ауланың осылай қаңырап қалуы ала атқа қаншама дағдылы жайт болғанмен, бүл көріністен оның да көңілі жабырқап сала берген секілді. Ол, тәжім еткендей, мойнын төмен қарай баяу созып барып, басын қайта көтеріп алды да, тырсылдаған айылдарды босатқанынша қатты бір күрсініп қойды, сосын өріске шыққан жылқының соңынан қолаң аяқтарын сүйрете басып, ілби жөнелді, қабырғасы ырсиған тулақтың үстінде бүкшиген қарт Нестер де кете барды.


"Ендігісі белгілі: жолға шыққан соң шал шақпағын шағып, шынжыр баулы, жез құрсаулы ағаш қалияның тұтатады, — деп ойға шомды ала ат. — Мұнысы маған да теріс емес, шық әлі дегди қоймаған таңертеңгі ауа қандай ғажап, ол талай-талай қызғылықты жайттарды есіңе түсіреді. Тек шалдың аузына қалиянын салса-ақ болғаны коқиланып кететіні бар, бәрінен де өзінен-өзі қопаңдап, қырындап отыратыны жаман, ердің ағашы қыр арқама батқанда жаным шығып кете жаздайды. Әйтсе де, мейлі, не көрмеген бүл бас, біреудің рақаты үшін тақсірет тартуға ет өліп кетті ғой. Мен тіпті, керек десең, осының өзінен жылқыға тән нендей бір жан рақатын тапқандай боламын. Қайтем соны, шал байғұс қоқиланып қалсын да. Ешкімнің көзіне түспей, өзімен-өзі оңаша қалғанда болмаса, ол бейшара қашан қоқандамақ, мейлі қырындап отырса отыра берсін", — деп ойлады тізесін шор басқан, маймақ аяқтарын ілби басқан ала ат.


Екінші тарау


Жылқыны өзен жағасындағы кең алқапқа айдап әкелген соң, Нестер атынан түсіп ер-тоқымды алды. Сөйткенше болған жоқ, шөп басының шығы маржандай тізілген көкмайсаға жылқылар жайыла да бастады; осынау тұяқ тимеген жасыл алқап пен оны айналып өтетін өзеннің беті бусанып, мұнартып жатыр екен.


Нестер ала аттың жүгенін сыпырды да, ақырындап оның тамағын қасыды, шалдың сипағанын ұнатып қалғандай, жануар екі көзін жұмып алып байыздап тұрған тәрізді. "Мына кәрі төбет қасығанды жек көрмейді екен!" — деді Нестер өзіне-өзі. Ал ала ат болса тамағынан қасығанды іштей тіпті ұнатып тұрған жоқ еді, жай сыпайыгерлік үшін ғана сырттай ұнатқансып, осының дұрыс дегендей, басын шұлғып қойды. Бірақ жылқышыға мына мәстекті тамағынан қасып жаман үйретсем, оған жалынышты көрініп жүрмес пе екенмін деген ой келді ме қалай, аяқ астынан, жайдан-жай, қатуланған ол атты кенет итеріп жіберіп, қолындағы жүгенді қатты сермеп қалып еді, темір ауыздық оның сырқат тізесіне сарт ете түсті. Сонан соң, өзі үн-түнсіз дөңдегі томарға қарай беттеді, ол әдетте соның түбіне барып қисаятын.


Шалдың бұл қылығына іштей ренжісе де ала ат ешбір сыр білдірген жоқ, шұнтиған құйрығын ақырын шипаңдатып, басын жерге салып әлде нені иіскеген болды, сосын жай көңіл үшін әр шөптің басын бір шалып, суға қарай жүрді. Таңғы самалға бойы сергіген жас байталдардың, тай - жабағылар мен құлындардың айнала шауып, ойнақ салғанына назар аударған да жоқ, әсіресе оның жасында ең әуелі аш қарынға мұздай, мөлдір суды сіміріп алып, көк балаусаға сонан соң ғана бас қою жөн шығар деп түйген ол, жағаның жайпақтау да кеңдеу тұсынан келіп суға кірді, шашасынан асыра барғасын тұмсығын суға көміп жіберді де, езуі жыртылған салпы еріндерін жымырып алып суды сіміруге кірісті, бүйірі шығып, сусыны қануға жақындағанда құйыршығы жалаңаштанған сирек ала құйрығын шипаңдата бастады.


Кәрі мәстекті қыбын тауып, әйтеуір бір мазақ қылуға құмар шағыр күрең байтал бүл жолы да үйреншікті дағдысынан жазған жоқ, ол ойқастай келіп суға түсті де, оның дәл тұмсығының алдынан аяғымен тарпып суды лайлап тастады. Бірақ ала ат бүл кезде су ішіп болған еді, сондықтан ол күрең байталдың бұл қысастығына тіпті мән берген жоқ, әуелі аяқтарын қайраңнан ептеп қана шығарып алды да, басын бір сілкіп қойды. Сонан соң, тай-саяқтан әрірек кетіп, оңаша оттауға кірісті. Қолаң аяқтарын алма-кезек босатып тынықтырып алып, көкмайсаны да босқа таптамай, табандатқан үш сағат бойы бас көтерместен оттады. Көк балаусаны күрт-күрт жұлып, мұжылған тістерімен бір толғағасын қашан қарны жер сызғанша көмейден асыра құлата берген ала ат бір кезде басын көтерді-ау: енді аздап көз шырымын алса да болар; ол торт аяқтан бірдей жабысқан айықпас ауыр дертін есінен шығармай, әсіресе қамшылар жақ алдыңғы аяғына салмақ онша түспейтіндей етіп торт тағандап тұрды да көзін жұмды.


Жайсаң кәрілік болады, жексұрын кәрілік болады, аянышты кәрілік болады. Жайсаңдығы мен жексұрындығы қабаттасып жататыны да кездеседі. Ала аттың басына түскен кәрілік дәл осындай кәрілік еді.


Жануар жылқы баласының ірісі еді — шоқтығына қол зорға жететұғын. Түсі ала болатын. Бірақ келе-келе бұрынғы қара ала қылшығы оңып, құлаторыға айналған. Ала болып жаратылуы да қызық: бір жақ танауынан жоғары қарай қиғаш біткен қасқасы мойынға қарай кеткен. Ошаған тұрып, ұйысып қалған бір кезде төгіліп тұратын жалының бір жері ақ та, екінші жері құла. Екінші аласы оң жақ бүйірінен бауырына қарай жайылған; дәл сауырдан басталған үшінші аласы құйымшақтың түп жағын қамти жамбастан төмен қарай түсіп барып бітеді. Күлте құйрықтан қалған жұрнақ ақшылдау, ала-құла. Екі көзінің үстіндегі шұқыршақтары үңірейіп, ауыздық жырған салпы еріндері әбден ақжемденіп кеткен, сүйекті үлкен басын етсіз, сорайған ұзын мойын әрең көтеріп тұрған тәрізді. Қарайған тілін бір жағына бұра тістеп алғаны, мұжылып біткен төменгі тістерінің сарғыш түптері салпиған еріндерінің арасынан көрініп түр. Молақ қос құлақ, біреуінің тілік ені бар, тек шыбыннан мазасы кеткенде ғана болар-болмас қимылдайтын секілді. Тоқпақтай кекілден бір шөкім ғана қалыпты, оның өзі құлақтың сыртынан ғана қылтияды, ашық маңдайы тайқиған, бұжыр-бұжыр, жақ еті суалып, терісі бос қалған. Мойнындағы, басындағы білеулеген тамырлары буылтық-буылтық, шыбын келіп қонғанда дір ете түседі. Бет әлпетінде мыңқ етпес көнбістіктің, терең ойдың, қайғы-қасіреттің ізі жатыр. Алдыңғы екі аяғы сәл бүгілген, екі тұяғына да шор байланыпты, аласы тілерсегіне қарай созылған, аяғының тізе тұсында жұдырықтай үлкен ісігі бар. Екі санының қажалғаны болмаса, артқы аяқтары дұрыс секілді; тегі, ертеректе болған ба қалай, қажалған жері тақыр болып қалған. Ұзын сирақтары арбиған арық денесіне сай емес секілді. Жұмырлау келген қабырғаларының ырсиғаны соншалық, арасына жұдырық сыйып кеткендей болып көрінді. Шоқтығы мен арқасында қамшының айқыш-ұйқыш түскен ескі іздері сақталыпты, ал жамбас жағында әлі біте қоймаған іріңдеген ісік көрініп түр; құйрық дегеннен жалаңаш ұзын қара құйыршық қана қалыпты: тегі, бір кезде айғыр шайнаған болу керек, сауырында, құйрыққа таман тұста, аппақ жүн басқан алақандай жараның орны бар, жауырын тұсында да осындай тағы бір жараның орны көрінеді.


Ішегінің бүрі кеткенсін іш тыйылмаушы еді, сол себепті екі тірсегі мен құйрығы ұдайы сауыс болып жүретін. Қашан көрсең де қылшығы үрпиіп тұратын-ды. Дегенмен, жануардың қартайған шақтағы осынау аянышты түріне қарамастан, бір көрген кісі еріксіз ойланып қалар еді, ал жылқыны танитын адам: шіркін-ай, заманында қандай тамаша ат болды екен деп бірден-ақ айтары сөзсіз.


Жылқы баласын танитын кісі тіпті: мынау неткен кең қолтық, неткен шомбал жілік пен шөген тұяқ, неткен сидам сирақ еді, — мына қаз мойын мен бір жапырақ арам етсіз басты, мына мөлдір үлкен қара көздерді қайтерсің, ең негізгісі, бас пен мойындағы білеуленген тамырларды айтсаңшы, қылшығы мақпалдай жылтыраған терісі қандай болды екен, — Ресейде мұндай ат тудыра алатын жылқының бір-ақ тұқымы болды деуі де мүмкін. Жануардың кескін-келбетінде, шынында да, тұлпарға тән асқақтық бар секілді еді, оның тұлғасында, әуелгі сұрықсыз алалығына енді келіп қаусаған кәріліктің қосылғанына қарамастан, бұрынғы сымбатты сұлулық пен өз күшіне сенушіліктің, байсалдылықтың небір ғажап белгілері айқын сезілетін-ді.


"Ат арыса тулақ" дегеннің жанды бейнесіндей жападан-жалғыз ала ат түр шық түскен көкмайса ортасында, ал оған таяу маңда тай-саяқтың дүбірі, пысқырғаны, құлын-тайдың шұрқырасқаны, жайыла өрген жылқының кісінегені естіледі.


Үшінші тарау


Күннің көзі орманнан жоғары көтеріліп, нұрлы сәулесін көкорай шалғын мен өзен иірімдеріне мейірлене төге бастаған. Шықтың тамшылары баданадай боп мөлдірей қалыпты — бұл оның дегдуге айналғаны; әр тұстан, батпақты төңірегі мен орман үстінен, жердің таңертеңгі бусанған соңғы демі көкшіл түтінше тарап кетіп жатқаны байқалады. Аспанда ақша бұлт көшіп жүр, бірақ айнала желсіз тынық еді. Өзеннің арғы бетінде сабақ тартып қалған қара бидай құрақша баяу жайқалады, төңірек түгелдей балауса көк шөп пен гүлдің хош исіне бөленген. Орман жақтан көкектің сұңқылдағаны естіледі, оның қарлығыңқырап шыққан даусына құлақ түре қойған Нестер шалқасынан жатып алып, өзіне енді неше жыл жер басып жүру қалғанын санауға кірісті. Егістік пен жасыл алқап үстінде бозторғайлар қалықтайды. Кешеу жүрген сұр көжек жылқының арасынан ашық далаға қарай зыта жөнелді де, анадай жердегі бір бұтаның түбіне шоқия қалып, айналаға құлақ тікті. Васька болса жерге басы тиісімен-ақ маужырап қалғып кеткен еді, тай-саяқ оның жатқан жерін айналып өтіп, төмен қарай беттеп еркін жайылып жүр. Сақа биелер оқта-текте бір пысқырынып, шығы дегдімеген көкмайсаны жапырып өткенде емін-еркін жайылғанды аңсай ма, қалай, әйтеуір жөнді оттап жүрген жоқ, шөптің ең дәмдісін ғана іріктеп жұлады, сөйтіп бәрі бір бағытта баяу өріп барады. Кәрі көк бие әдеттегісінше тағы да алға түсіп алған, өрістің бағыт-бағдарын көрсететін сол ма дерсің. Қара қулық бие, түңғыш рет құлын көргендіктен бе, дамылсыз оқырана береді, құйрығын шаншып алып, әлі буыны бекімеген, тәлтіректеп қана басатын қара көк құлынына бір кезде пысқырына қарап қойды. Ал анау мақпалдай жылтыраған қылшығына көз тұрмайтын оқтаудай қарагер дөнежіннің қылығын көрсеңдер ғой: ол оттаудың орнына ойнайма немене -шөпті тістеп жұлып алғасын жерге тастайды да, шашасына дейін шыққа малшынған аяқтарымен тапай береді, басын жерге салғанда қап-қара жібектей кекілі маңдайы мен көздерін жауып кетеді. Есейіңкіреген құлындардың біреуі, өзінше бір ойынның қызығына түсіп кетті ме қалай, бұйраланған шолақ құйрығын шаншып алып енесін айнала шаба береді, шаба береді, міне, ол жиырма алтыншы рет айналып шықты, енесі де құлынының бұл қылығына үйреніп қалса керек, үлкен қара көздерінің қиығын оқтын-оқтын бір тастағаны болмаса, жерден бас көтермейді. Анау жүрген үлкен басты кішкентай қара құлынның кекілі қос құлақтың арасына үрпие қалыпты, құйрығы енесінің құрсағында жатқанда қисайған қалпынан әлі түзеліп болмағанға ұқсайды, ол секектеп секіріп, кенет шегіншектей жөнелген екінші бір құлынға, әлде қызыққандай, әлде анау неге құтырады деп жазғырғандай, құлақтарын тікірейтіп, көздерін мөлите, орнынан тапжылмай қарап түр. Біреулері енесінің емшегін құшырлана еміп жатыр да, енді біреулері, неге екені белгісіз, енелерінің оқыранғанын да елеместен, бірдеңе іздегендей, шоқырақтап қарама қарсы жаққа жүгіреді, сонан соң кілт тоқтай қалады да жан ұшыра кісіней бастайды; төрт аяғын көсіліп жіберіп, рақаттанып жатқандарды да, шөпті жұлып жеуге үйреніп жүргендері де, артқы аяғының тұяғымен құлағының түбін қасып тұрғандары да бар. Анадай жерде екі буаз бие оңаша жайылып жүр, самарқау қозғалады, сірә, бұл екеуін басқалары құрмет тұтады білем, тіпті тай-саяқтың ішінен де ешқайсысының оларға жақындап барып мазалауға батылы бармайтын секілді. Егер де қайсыбір тентектің жақындағысы келе қалса, оның бүл қылығының жөнсіздігін аңғарту үшін жай құлақ жымитып, құйрықты бір шипаң еткізудің өзі-ақ жетіп жатыр.


Тай-жабағылар өзінше қызық: олар есейіп, ер жетіп қалғансиды, көп секектей бермейді енді, бірақ бастары қосыла қалса-ақ думандатып кететіні бар. Олардың шөпті тістеп жұлуының өзінен де өзгеше бір нәзіктік сезіледі, жалы күзелген жіңішке мойындарын бейнебір аққудың мойнындай иіп назданады, келте құйрықтарын шипаңдатып қоюды да ұмытпайды. Ересек жылқылар сияқты, бұлардың да кейбіреулері бір-екі рет аунап алғанды жөн көреді, немесе бірін-бірі қасуға кіріседі. Әсіресе құнажын, дөнежін байталдар мен тусыраған биелердің топтала қалғаны қызық-ақ. Олар әсте жұбын жазбайды, бойжеткен қыздарша көңілді топ құрап жүргенді ұнатады. Бұлар жүрген жерде тұяқтың дүбірі, оқырану, кісінесу, тарпыну, тебісу естілмей және қалмайды. Екі байтал қарама-қарсы келіп қалғанда бастарын бір-бірінің иығына салады да әуелі иіскеседі, сосын аспанға шапшиды, кейде тіпті осқырынып, құйрықтарын шаншып алып, кердең желіске салып немесе шаба желіп, басқаларының алдынан кербездене, назданып өтеді. Байтал біткеннің ішіндегі ең сұлуы, бүкіл осы тай-саяқтың арасында қайдағы жоқты бастаушы шағыр күрең байтал еді. Ол не қылса, басқалары да соны істейтін, ол қайда бет түзесе, бәрі жұбын жазбай соның соңынан еретұғын. Күрең байтал, әсіресе бүгін таңертең тым ойнақыланып кеткен-ді. Адамның шабыты шалқитын шағы болады ғой, оның да көңіл күйі нақ сондай еді. Суат басында ала атты мазақ қылған соң, ол судың жиегімен ойқастай берді де, әлде неден үріккендей осқырынып, далаға қарай шаба жөнелді, жалғыз кеткен жоқ, тай-саяқты соңынан ерте кетті. Амал бар ма, Васьканың оларды қайырып әкеліп, үйірге қосу үшін атқа мінуіне тура келді. Бұдан кейін шағыр күрең аузын болар-болмас шөпке тигізген болды, сонан соң аунады, сілкінді, әйтсе де бойындағы ойнақылық басыла қоймады білем, енді ол кәрі биелерге барып тиісті, біреуінің алдынан кескестей берді де, құлынын бөліп әкетіп, шайнап тастағысы келгендей, ақырын қуа жөнелді. Құлынның шұрқыраған ащы даусы шыққанда енесінің зәре-құты қалмай, жерден басын жұлып алды, бірақ күрең байтал жай қорқытқаны болмаса, құлынға тиген жоқ-ты; оның бұл қылығына қасындағы өзі секілді еріккен жас байталдар қызыға қарайтын тәрізді. Бұдан кейін күрең байталдың назары өзеннің арғы бетіндегі егіс арасынан көрінген мұжықтың астындағы бурыл тайға ауды. Оны көзі шалғанда-ақ тұла бойын құмарлық сезім билеп елең етті де, мойнын соза сәл қырындай тұрып сілкінді, сосын нәзік те назды дауыспен тебірене кісінеді. Бұл оның ерке назын, толқыған сезімін, көңілінің алабұртқанын білдіргені еді. Махаббатқа ынтыққан ынтызарлық та, іштегі тарқамаған құмарлық та, сарғайған сағыныш та бар еді бұл әуенде.


Әне қалың қамыс арасында сыңарымен табысқанша тағат таппай тартар да жүр шықылықтап, әне көкек пен бөдене де махаббат әнін шырқауда, тіпті гүл екеш гүлдер де хош иісті тозаңдарын желмен ұшырады бір-біріне.


"Бұған дейін тәтті сезімнің дәмін татып көрмегесін, балғын жас, сымбатты сұлу, шымыр денелі болғанымды қайтейін, ләззәтін татпағаным былай тұрсын, көңілдес ашынам да болмапты, күліп-ойнамаппын да" дегендей еді күрең байтал.


Оның нәзік те назды үні өзеннен асты, егін-жайға жетіп, бурыл тайға алыстан жаңғырығып естілді. Ол құлақтарын қайшылап, кілт тоқтай қалды. Мұжық оны қолындағы шыбығымен салып қалды, алайда алыстан күмістей сыңғырлап жеткен жіңішке дауыстың бурылды баурап әкеткені соншалық, енді оның өзі де шұрқырап кісінеп жіберді. Ашуланған мұжық делбені қағып қалып, тағы да бір шықпыртып еді, ол кісінегенін қойып, орнынан қозғала берді. Бурыл тайдың тұла бойын билеген тәтті сезім су сепкендей басылып, көңілі жабырқау тартып қалды, бірақ алыс егін-жайдан оның құштарлана кісінегені мен мұжықтың зіркілдеген даусы әлі көпке дейін естіліп тұрды.


Егер қылаңдаған күрең байталдың өзін көрсе, оның екі құлағын кезек қайшылап, танауларын делдиткен қалпы, дір-дір еткен сымбатты денесімен әлде қайта ұмтылып, оған соңынан еруге ишара көрсетсе, әлгі дауыстың әуенінен-ақ есеңгіреп, есінен танып қалған бурыл қайтер еді.


Бірақ күрең байтал өзінің бүл қылығы жайлы көп ойланып жатқан жоқ. Бурылдың үні өшкен соң, тағы бір рет келеке ғып кісінеген болды да, басын темен салып, жер тарпи бастады, сонан соң ала атты оятып, әурелеу үшін солай қарай кетті. Ала атты әурелеп, мазақ қылу осынау парықсыз тай-саяқ атаулының қашанғы ермегі болатын. Ол байғұстың кісіден көрген қорлығынан осылардан көргені коп. Ал өз басы бұлардың ешқайсысына қысастық жасаған емес. Ол адамға қызмет етуі тиіс, ал мыналарға не керек?


Төртінші тарау


Бұл кәрі, аналар жас; ол арық, олар тоқ: ол жабырқау, олар көңілді. Демек, мүлде бөтен, жат, мүлде басқа біреу, ендеше оны аяуға болмайды. Жылқы баласы тек өзін-өзі ғана аяйды, кейде соның басына түскен хал-жағдай менің де басыма да түсуі мүмкін-ау дегенде ғана басқаға аяныш білдіреді. Бірақ қаусаған кәрілік жетіп, тулаққа айналғанына ала ат кінәлі ме? Кінәлі емес. Әйтсе де жылқы тұрғысынан алғанда ол кінәлі еді және кімде-кім күшті, жас және бақытты болса, кімде-кімнің бар үміті әлі алда болса, кімде-кімнің бұлшық еті бұлтыңдап тұрса, жоқ нәрсеге құйрығы шаншыла қалса, соныкі қашанда жөн болмақ. Бәлкім, мұны ала аттың өзі де түсінетін шығар және өзінің өмір сүріп болғаны үшін кінәлі екендігіне, енді бұл өмірдің өтеуін беруге тиістілігіне оңаша қалған сәттерде келісетін де болар; бірақ ол дегенмен де жылқы баласы емес пе, сондықтан бір кезде өздері де қартаятынын біле тұра оны кәрілігі үшін жазғырған осынау тай-саяқты көргенде ол қорланбай, қайғырмай, күйінбей қала алмады. Мына жылқының аяныш дегенді білмеуінің себебі бір жағынан ақсүйектік сезімде болатын. Бұлардың әрқайсысының ата-тегі белгілі, әкесі немесе шешесі жағынан алғанда бәрі атақты Боз биеден өрбіген, ал ала аттың шыққан тегін ешкім білмейді, ол осыдан үш жыл бұрын жәрмеңкеде сексен сомға сатып алынған жат жердің жылқысы.


Күрең байтал жай бой жазып жүргенсіп, ала аттың дәл тұмсығының алдына келді де бөксесімен соғып өтті. Ол мұның не екенін білетін, сол себепті жұмулы көздерін аша қойған жоқ, жай құлағын жымитып, тісін ақситты да қойды. Енді байтал бұрыла беріп, тепкісі келгендей сыңай танытты. Ала ат байғұстың көзін ашып, әрірек жылжып тұрудан басқа лажы қалмады. Жусаудан береке қашқасын ол оттауға кірісті. Қасында басқа байталдар бар, шағыр күрең ала аттың жанына тағы да келді. Құнажын шыққан қасқа байтал, өзі де бір нағыз ақымақты және қашанда шағыр күреңге еліктеп, екі елі соңынан қалмайтын, бүл жолы да онымен бірге келіп, еліктеме-солықтаушылардың әдетіне басып, күрең байталдың өзінен асырып түсіре бастады. Әдетте күрең байтал ала аттың дәл тұмсығының алдынан жанап өте шығатын, оның жай жүргенін, әлде әдейі істегенін аңғармай қалғасын ала ат оған ашуланарын да, ашуланбасын да білмейтін, мұның өзі шынында да күлкілі жайт еді. Ол бүл жолы да сөйтті, бірақ оның соңынан келе жатқан қасқа байтал, өзі де тым құтырынып алған екен, ала атты тура кеудесімен соғып өтті. Ол тағы да тісін ақситып, айбат шекті де, таң қаларлық шапшаңдықпен байталдың соңынан ұмтыла беріп, санына ауызды салып жіберді. Қасқа байтал қарыздар қалар ма, ала аттың ырсиған қабырғаларынан қос аяқтап кеп тепті. Ала ат ыңқ ете түсті, ол тағы да бір сес көрсетейін деп еді, бірақ тез райдан қайтты да, қатты бір күрсінген соң, былайырақ кетті. Сірә, ала аттың қасқа байталға мұндай сес көрсетуін үйірдегі тай- саяқ атаулы өздерін көрнеу қорлағандық деп білсе керек, олар күн ұзаққа ала атты оттатқан да жоқ, оған бір сәт тыныштық та бермеді. Жылқышы оларды бірнеше рет арашалады, бірақ не болып қалғанын түсіне алмай-ақ қойды. Ала аттың ығыр болғаны соншалық, Нестер жылқыларды үйге айдап қайтуға ыңғайланғанда, пана іздегендей, шалға өзі келді. Қағыр ер-тоқым арқасына қайта салынып, жылқышы үстіне қайта қонжиғанда жануар өзін әлдеқайда бақытты да тыныш сезінді.


Қарт жылқышыны алып бара жатып кәрі ала аттың не ойлағанын құдай білсін. Тарпаң мінез тай-саяқтар жайында қайғыра ойланды ма, әлде, қарттарға тән үлкенсіген, үнсіз тәкаппарлықпен, өзін ренжітушілерді кешірді ме, бірақ ол өзінің ойындағысын үйге жеткенше ешбір сездірген жоқ.


Бір күні кешке таман Нестердің үйіне жекжаттары келгенді, жылқыны көшемен айдап отьсенде ол өз үйінің алдында бір арбалы аттың қаңтарулы тұрғанын байқады. Бұдан кейін асыққаны соншалық, жылқылар аулаға кірген соң Васькаға ала аттың ер-тоқымын сен аларсың деп айқайлады да, қақпаны жауып үйіне кетті. Жылқы заводынан сатып алынған, ата-тегі беймәлім, "жаман тулақтың" Боз биенің шөбересі қасқа байталдың намысына тиюінің, демек, бүкіл осы ауладағы асыл тектілердің ақсүйектік сезімін қорлауының салдарынан ба, әлде ер-тоқымы алынбаған аттың басқа жылқыларға бір түрлі құбыжық болып көрінгендігінен бе, әйтеуір бүл түні осы аула ішінде бір ғажайыптың болғаны рас. Жылқылардың бәрі, жасы да, кәрісі де, құлағын жымитып, тісін ақситып алып, ала атты ауланың ішіне сыйғызбады, оның ырсиған қабырғаларына тұяқтың сарт-сұрт тигені, бұдан бейшараның ыңқ етіп ыңырсыған үні естіліп тұрды. Ала аттың діңкесі құрып біткен, тебістен жалтаруға енді шамасы да жоқ. Ол ауланың қақ ортасында қалшиып тұрып қалды, осы сәтте оның бет әлпетінде мына қаусаған кәрілікке деген дәрменсіз ызаның, торыққандықтың ізі біліне қалды; ол құлағын жымитып, кенет қатты шыңғырып еді, жылқылардың бәрі тына қалды. Осыдан соң осындағы бір кәрі бие Ақбақай оның қасына келіп иіскеді де, бір күрсініп қойды. Ала ат та күрсінді.


Бесінші тарау


Айлы түнде ауланың қақ ортасында арбиған арық ала ат түр қалтиып, алдыңғы қасының жұмыр басы шошайған, биік ер-тоқымы алынбаған. Ала аттан нендей бір жаңа, ерекше жайтты естіп білгендей, жылқылар оны орталарына алып, мүлгіген меңіреу үнсіздікте міз бақпай тұрып қалған. Шынында да солай, олар ала аттан жаңа, ешкім күтпеген өзгеше жайтты естіген еді.


Олар ала аттан мынаны естіп білді.


1-ші түн


— Иә, мен Құлагер бірінші мен Тобылғы торының перзентімін. Ата-тегімнің шежіресі бойынша алғанда атым — Бота тірсек бірінші. Бұл, былайша айтқанда, менің ресми атым, ал жұрт Аршынала деп атап кеткен-ді, тұлпарға тән аяқ алысыма лайық осылай атандым, бүкіл жалпақ Ресейде менімен тең түсетін жылқы баласы болған емес. Дүниеде менен артық асыл қанды жылқы жоқ. Мұны сендерге ешуақытта айтпас та едім. Қажеті не оның? Сендер мені ешуақытта танымас та едіңдер. Хренов зауытында бірге өскен Ақбақайдың өзі де осыған дейін танымай келді, ол енді ғана танып түр. Егер Ақбақайды куәлікке тартпасам, сендер маған қазір де нанбас едіңдер. Мен мұны ешқашанда айтпаған болар едім. Сендердің жанашырлық білдіргендерің қажет емес маған. Енді айтқызған өздерің. Иә, кейбіреулер іздеп таба алмай қойған Аршыналаңыз мына біз боламыз, графтың өзі де білетін, оның сүйікті аты.


Бөкен қабақтан озып кеткенім үшін зауыттан аласталған Аршынала менмін.


Шыр етіп жерге түскенде ала дегеннің мәнісін қайдан білейін, жылқы баласымын ғой деп ойлаппын. Менің алалығым жайындағы алғашқы пікір, әлі есімде өзімді де, енемді де қайран қалдырды. Тегі, түнде тусам керек, енем жалап шаранадан тазартып кептірген соң, таң алдында аяқтанып та кеттім ғой деймін. Әлі есімде, бірдеңе ішкім келетін сияқты, айналадағының бәріне таң қаламын, бәрі жай бірдеңелер секілді көрінеді. Ұзыннан-ұзақ жылы дәліздің бір жағындағы бөлмелердің ішінде болатынбыз, торкөзді есіктен бәрі көрініп түр. Енем маған емшегін тоса береді, ал мен әлі ештеңені білмейтін болуым керек, біресе оның төсін түрткілеймін, біресе жерде жатқан ағаш науаға түртінемін. Кенет енем есік жаққа көз салды да, үстімнен ақырын аттап өтіп, былайырақ бұрылды. Күндізгі жылқышы келген екен, есіктің торкөзінен қарайды.


— Мынаны қара, Тобылғы торы құлындапты, — деді ол, сөйтіп тиекті ағыта бастады; сабан төсеніштің үстімен келіп мені құшақтады, — Тарас, мынаны көрдің бе, сауысқаннан бір айнымайды, ап-ала, — деп айқайлады ол сонан соң.


Оның құшағынан жұлқынып шығамын деп етпетімнен түстім.


— Мына сайтан неменің қылығын қарашы, — деп күңк етті ол.


Енем шыжалақтап түр, бірақ мені арашалаған жоқ, қатты бір күрсінді де, сәл былайырақ барып тұрды. Енді басқа жылқышылар да келіп, маған тесіле қарайды. Біреуі аға жылқышыға хабарлауға кетті. Менің алабажақ сиқымды көріп бәрі қарқылдап күледі, маған әр түрлі қызық ат қойып та жатыр. Ол сөздердің мәнін мен түгіл енем де түсінбеген шығар деймін. Осыған дейін арамызда, бүкіл әулетімізде бірде-бір ала құлын туған емес. Қылшықтың алалығында жамандық болар деп кім ойлаған. Денемнің бітімін, күшімді онда бәрі де мақтаған-ды.


— Пысығын қарашы, құлдыраңдап қолда тұратын емес тіпті, — деді бір жылқышы.


Біраздан соң аға жылқышы келді, ол менің түр-түсіме таң қалып жатыр, тіпті ренжіп те қалды білем.


— Алапес болып туғанын сорлы неменің, — деді ол, — генерал мұны зауытта әсте қалдырмайды. Әй, торы бие-ай, мені масқара қылдың ғой, — деп енді ол менің енеммен сөйлесе бастады. — Тым болмаса қасқа құлын тумадың ба, мына алапесің не!


Енем не десін, үндеген жоқ, осындайдағы әдеті бойынша, тағы да күрсінді.


— Алапес болған соң бота тірсек болып туғаныңды қайтейін, — деді ол сөзін жалғастырып,-қалдыруға болмас, ұяттағы мынадай құлын ұстау. — Бірақ жақсы-ақ екен, дене бітімі қандай еді. — Ол да, басқалары да маған қарап, таңдай қағысып жатыр. Арада бірнеше күн өткесін мені көрмекке генералдың өзі келіпті, бәрі тағы да күйіп-пісуде, ала болып туғаным үшін мені де, менің енемді де тағы жазғырып жатыр. Маған ғана көзі түскендері: "Жақсы-ақ екен, дене бітімі қандай еді", — деп таңданады.


Көктемге дейін биелерге арналған қорада бәріміз бөлек-бөлек, өз бөлмемізде, өз енеміздің қасында болдық, тек кей күндері ғана, қора төбесіндегі қар жіпсіп ери бастағанда, енелерімізбен бірге сабан төселген кең аулаға шығаратын. Өзімнің алыс, жақын туыстарымның бәрін сонда тұңғыш рет көрдім. Сол кездегі атағы жер жарған биелер құлындарын қасына ертіп, қорадан алшаң басып шығып жататын. Құла бие, Боз биеден туған Қара бие, Жирен бие, желгіш Сұр бие, атақ-даңқы шыққан биелердің бәрі болды, бәрі құлындарын ертіп күннің көзінде бой жазып жүретін, жаңа төселген сабанға аунайтын, кәдімгі қарапайым жылқы сияқты, бір-бірімен иіскесетін. Сол замандағы небір сымбатты сұлу биелерге толы қора осы күнге дейін көз алдымнан кетпейді. Мені жас болды, алғыр болды деп ойлау, әсіресе бұған сену, әрине, сендерге таңданарлық нәрсе, бірақ бүл рас. Әлгінде менің қасыма келген Ақбақай онда жайнаңдаған, сүйкімді, шымыр тай болатын; менің шындықты айтқаныма ол өкпелемес деп ойлаймын, сендердің араларыңда асыл текті саналып жүрген Ақбақай онда сол жылғы құлындардың ішіндегі ең нашары саналатын Мұны оның өзі де жасыра қоймас.


Жұрт соншалықты жақтырмаған түгімнің алалығын жылқы біткен қатты ұнатты; бәрі мені орталарына алып, сүйсіне қарайтын, мәз болып ойнайтын. Мен де өзімді бақытты сезіндім, ала құлын деген атақ ұмытыла да бастап еді. Амал не, көп кешікпей-ақ өмірімде алғаш рет қайғылы жағдайға ұшырадым, бұған өзімнің туған енем себепкер болды. Қар еруге айналып, жаппаның астында шымшықтар шықылықтасып, ауада көктем исі қаттырақ сезілген шақта маған енемнің көңілі суи бастады. Оның мінезі құбылып сала берді; біресе, сарқарын бие бола тұра жас байталша ойнақтайды; біресе өзінен-өзі мұңайып, кісінейді; біресе өзімен кіндіктес биелерді тістелеп, тарпи бастайды, біресе мені иіскелеп, жақтырмағандай пысқырынады; біресе күннің көзіне шыққанда басын немере сіңлісі Шомбал қара биенің иығына салып, оның арқасын үн-түнсіз ұзақ қасиды, ал мені емшегіне жолатпайды. Бір күні аға жылқышы келді де, енемді ноқталатты, сөйтіп оны қорадан алып шықты. Енем оқыранып барады, мен соңынан ұмтылып шұрқырай кісінедім; бірақ ол бұрылып та қарамады. Енем қорадан шыққасын қақпа жабыла бергенде Тарас деген жылқышы мені мойнымнан шап беріп ұстап алды. Жұлқынып қалғанымда жылқышы байғұс сабанның үстіне ұшып түсті, — бірақ, амал не, қақпа жабылып қалған еді, енемнің кісінеген даусы біртіндеп алыстай берді. Бұрын емірене оқыранғанда ыстық мейірім сезіліп тұратын дауыстан бұл жолы өзгеше әуен аңғарылды. Сонан соң, алыстан арқыраған бір дауыс естілді, бүл кісінеген, кейін білдім, жуас жирен атты айғыр екен; ол екі сағағынан жабысқан екі жылқышыны дедектете, менің енеммен дидарласуға келе жатыпты. Жабырқағаным соншалық, қасымда тұрған Тарастың қорадан қалай шығып кеткенін де аңғармаппын. Туған енемнің махаббатынан біржола айрылғандай сезіндім. Жұрттың мен жайындағы пікірі есімде қалғандықтан ба қалай, осының бәрі құдай ұрғанда ала болып жаратылғанымның қырсығы шығар деп топшыладым, сосын ішімді ыза кернеп, қашан ащы терім шығып, діңкем құрығанша қабырғаға басымды соққылап, бет — алды тарпына беріппін.


Біраз уақыт өткесін енем келді. Дәлізбен аяқтарын дікілдете ширақ басып өзіміздің бөлмеге қарай келе жатқанын анадайдан есіттім. Жылқышы есікті ашып, оны ішке кіргізгенде өз енемді өзім танымай қалдым; екі көзі жайнап, қылшығы құлпырып кетіпті. Ол мені иіскелеп, пысқырынды, сосын оқыранды. Байқаймын, бұрынғыдай емес, ол енді мені сүймейтін секілді. Маған жирен айғырдың сұлулығын, өзінің оған деген махаббатын сыр ғып айта бастады. Енем жуас жиренмен тағы бірнеше рет кездесті, кездескен сайын ол екеуміздің арамыз суи бастады.


Көп кешікпей бізді өріске шығарды. Енемнің махаббатынан айрылып жүдеп жүргенімде, жаңа қуаныш таптым. Құрбыларым, жолдастарым болды, бәріміз бірге жайылып, шөпті жұлып жеуге үйрендік, ересек жылқыша кісінеуге дағдыландық, құйрығымызды шаншып алып, енемізді айнала шауып сайран салдық. Бұл бір бақытты шақ еді. Маған бәрі кешірімді болды, бәрі мені жақсы көретін де, маған сүйсіне қарайтын, не істесем де беттен қақпайтын. Бірақ бұл қызықты өмір ұзаққа созылған жоқ. Біраз уақыттан соң, тағы бір қырсық кездесе кетті, — Ала ат ауыр күрсінді де, оны ұйып тыңдап тұрған жылқылардан шеттей берді.


Бұл кезде таң атып та қалған еді. Сықырлап қақпа ашылып, Нестер көрінді. Бәрі тарай бастады. Қарт жылқышы ала аттың ер-тоқымын түзетті де, жылқыны ауладан шығарды.


Алтыншы тарау


2-ші түн


Аулаға кірген соң, жылқылар тағы да ала аттың төңірегіне топтала қалды.


— Тамыз айында мені енемнен айырып жіберді, — деп әңгімесін жалғастырды ала ат, — бірақ мен бұған оншама қайғыра қойған жоқпын. Өйткені, енем менің інім — әйгілі Қаракөкке жүкті еді, енді бір кездегі сүйікті ерке құлынның жасынан асып кеткенім белгілі болды. Енемді қызғанғаным жоқ, жай өзімнің оған біртіндеп суи бастағанымды сездім. Оның үстіне, енемнен айрылғаннан кейін жабағылар бөліміне ауысатынымды білдім; онда біз бір бөлмеде екі-екіден, үш-үштен тұрдық, өңшең тай-жабағы күнде таза ауаға шығарғанда ойнақ салатынбыз. Ақбоз екеуміз бір бөлмеде болдық. Ол салт мінетін ғажап сұлу ат болып өсті, кейіннен патшаның тақымына бұйырды, біздің жылқы баласынан суреті салынып, мүсіні жасалған басқа төрт аяқтыны өз басым көрген жоқпын. Онда Ақбоз ат қылаң қылшық, қаз мойын, әдемі, сидам сирақ келген, өзіміз секілді кәдімгі жабағы болатын. Ол қашанда жайдары, ақкөңіл, сыпайы жүретін; ойнақ салуға, жаласуға құмар болатын, ересек жылқымен немесе адаммен ойнауға бейім тұратын. Қаншама уақыт бірге тұрғасын екеуміз достасып кеттік те, жас кезімізде осы достықтан жазбадық. Ақбоз, жайдары болғанмен, жеңілтектеу еді. Ол сол кездің өзінде-ақ махаббатқа беріліп, жас байталдарға қырындауға епті еді, менің сәбиге тән ұяңдығымды мазақ қылатын. Намыс шіркін не істетпейді, сөйтіп өзімнің сорыма оған еліктемесім бар ма; көп кешікпей-ақ мен де махаббат тұзағына түстім. Жас байталдарға тым ерте қырындауымның ақыры түбіме жетті. Қайтейін, махаббаттың отына күйдім ғой.


Оның бір жас үлкендігіне қарамастан, Ақбақай екеуміз қимас дос болып кеттік; бірақ, байқаймын, қара күзге таман ол менен сырғақтай бастады. Түңғыш махаббатымның қайғылы тарихын бастан-аяқ баяндап қайтем, ол дегенде қалай күйіп-жанғанымды, мұның ақыры мен үшін немен біткенін Ақбақайдың өзі де ұмытпаған шығар. Бір күні жылқышылар мені қамшының астына алып дүркірете қуды. Кешке бөлек қораға қамап тастады; ертеңгі халімнің не боларын сезгендей, түні бойы дамылсыз кісінеп, тыныштық таппай шықтым.


Келесі күн таңертең мен тұрған қораға, қасында аға жылқышы, жылқышылар мен бақташылар бар, генералдың өзі келіп, бәрінің әңкі-тәңкісін шығармасы барма. Генерал аға жылқышыға зіркілдейді, ол ақталған болады; ала тайды бос жібермеңдер деп қақсауым аз емес, бәрін бүлдіріп жүрген мына жылқышылар дейді. Генерал мынаны неге піштірмегенсіңдер, тілімді алмағандарың үшін бәріңді дүрелеймін деп зіркілдейді. Аға жылқышы жарлығыңызға құлдық деп жампаңдайды. Сосын бәрі тынышталды да кетіп қалды. Мен сөздерінен ештеңе ұқпадым, бірақ өзім жөнінде бір бәленің дайындалып жатқанын сездім.


Келесі күні қалған өміріме арқырап кісінеуден қалдым да, кәдімгі жұмыс атына айналдым. Көз алдымда жарық дүние төңкеріліп түскендей болды. Тіршіліктен күдер үзгесін өзіммен-өзім болып тұнжырап, ой тұңғиығына баттым. Ойын-күлкі деген қайда, тіпті ішіп-жеуден де қалдым. Кейде жер тарпынып, ойнақ салсам, арқырап кісінесем-ау, шіркін, деген ойлар да келді; бірақ сол сәтте: Неге? Не үшін? — деген сұрақтар да сап ете түседі. Сөйтіп, жігерім құм болып, қайта жуаси қаламын.


Бір күні кешке қарай мені жетектеп далада бой жаздырып жүр еді, жылқылар өрістен қайтып келе жатыр екен. Шаңдақ арасынан бұлдырап көрінген биелердің таныс бейнесі алыстан жылы ұшырап кетті. Оқыранғаны мен тұяқтарының дүбірін де есіттім. Жетектеуші ілгері тартқанда ноқталаған арқанның қылы желкеме батқанына қарамастан тоқтап тұрдым да, жақындап келе жатқан жылқыларға, бақытты өмірдің енді қайтып оралмасын, одан мәңгібақи айрылғанымды сезгендей, телміре қарай бердім. Міне, олар жақындап та қалды, тани бастадым да — бәрі көзге оттай басылды, сұлу, сымбатты, сау, қоңды. Кейбіреулері маған бұрылып қарап жатыр. Жылқышы ноқтаны қалай жұлқыса да арқанның желкеме батқанын тіпті сезетін емеспін. Есім шығып кеткен ғой деймін, бұрынғы әдетіме басып, өзімше кісінеген болып, шоқырақтай жөнеліппін; бірақ кісінегенім көңілсіз, күлкілі, күйкі бірдеңе болып шықты. Әйтсе де, менің бүл қылығыма жылқылар күле қойған жоқ, байқаймын, көбісі сыпайыгерлік үшін мені әдейі көрмегенсіп өтіп бара жатыр. Сірә, әрі жексұрын, әрі мүсәпір, әрі аянышты, ең жаманы — күлкілі көріндім ғой деймін. Шілбиген жіңішке мойным, үлкен басым (бұл кезде қатты жүдеп кетіп едім), ебдейсіз, сыйдиған аяқтарым, әсіресе, ескі әдетіммен, жылқышыны айнала одыраңдап желе жөнелгенім оларға тым оғаш көрінді білем. Кісінегенімді ешқайсысы құлағына да ілген жоқ, бәрі теріс айналып кетті. Мен енді бәрін ұқтым, олардан өзімнің мәңгіге қаншалықты алыстап кеткенімді біржола түсіндім. Жылқышының дедектетіп қораға қалай әкелгені есімде жоқ.


Салмақтылыққа, ойлағыштыққа бұрыннан бейім секілді едім, енді ішімде соған күрт бетбұрыс жасалған тәрізді. Жұртқа мені жексұрын қылған түгімнің алалығы аяқ астынан тап болған таң қаларлық бақытсыздығым, бұған қоса зауыттағы бір түрлі ерекше жағдайым, мұны өзім де сезіп жүрдім, бірақ себебін әлі таба қойған жоқ едім, — мені өзім жайында коп толғануға мәжбүр етті. Құдайдың ісі үшін мені осыншалық жазғырған адамдардың әділетсіздігі жайында ойландым, ананың, жалпы ұрғашы атаулының махаббатының баянсыздығы жайында ойға баттым, бойыңда кем-кетігің болса махаббаттан мақұрым қалады екенсің, ең бастысы, бізге соншалықты етене жақын және өзіміз адам деп атап жүрген хайуанаттың таңғажайып түрінің қасиеттерін-сезсем де, әлі анық түсініп болмаған зауыттағы жағдайымның ерекшеліктері келіп туатын қасиеттер жайында коп ойланып-толғандым. Адам бойындағы қасиеттердің ерекше мәні маған мына бір жағдайдан ашылды.


Бұл қыстыгүні, мейрам күндерінде болған еді. Бір күні қаңтарды да қойды: шоп те, су да берген жоқ. Кейін білдім, жылқышы мас болып жатыпты. Дәл сол күні аға жылқышы қораға кіріп, менің бос науаны кеміріп тұрғанымды көргенде, күтуші сол арада қолына түссе түтіп жердей сыбап-сыбап, шығып кеткен-ді. Келесі күні оттыққа шөп салуға жылқышы келді, жанында бір жолдасы бар; оның жүзі тым қуаң да жабырқау көрінді; жонынан таспа тілген бе дерсің, әрең-әрең қозғалады. Ол оттыққа бір құшақ шөпті ашумен тастады, мен кимелеп басымды апара беріп едім, жұдырығымен тұмсықтан салып жібермесі барма, шегіншектей бердім. Онымен тынған жоқ, етігімен ішімнен бір тепті де.


— Мынаның қырсығы, әйтпесе түк те болмас еді, — деді ол.


— Не болды? — деп сұрады екінші жылқышы.


— Графтың жылқысын қайтсын, ал өзінің ала тайын күніне екі рет келіп көрмесе іші кебеді.


— Немене, ала тайды оған беріп пе еді?


— Сатты ма, сыйға тартты ма, оны итім білсін бе. Графтың жылқысын аштан қырсаң да мейлің, оған қыңқ етпейді, ал оның тайына шөп салмасаң, күнің қараң. Жат етпетіңнен дейді, сонан соң сабатады-ай кеп. Нағыз діннен безгеннің өзі. Адамнан гөрі малға көбірек жаны ашиды, мойнына крест салып көрмеген қаныпезер шығар деймін, шыбықтың санын өзі санап тұрды ғой. Генералдың өзі де бұлай дүрелеткен жоқ еді, ал мынау жон терімді сыдыртып алды, сірә, христиан емес шығар бұл.


Мен олардың дүрелеу, христиандық жайында айтқандарын ұқтым, бірақ өзінің, оның тайы деген сөздердің мәні ол кезде маған мүлде қараңғы еді, мен бұл сөздерден жұрттың бәрі аға жылқышы екеумізді байланыстыратын бірдеңе барын сезетінін ғана аңғардым. Бүл байланыстың мәні неде екенін онда ешбір түсіне алмадым. Мұның мәнін әлде қайда кейінірек, өзімді басқа жылқылардан бөлген соң ғана ұқтым. Алғашында мені біреудің меншігі дегеннің шын мәнін ешбір түсіне алмағаным рас. Менің жерім, менің ауам, менің суым деген сөздер сияқты, тірі жануар мені біреудің бүл менің атым дегені сондай оғаш көрінді.


Бірақ бұл сөздердің әсері өте күшті болды. Мен бұл жайында көп ойландым, сөйтіп адамдармен алуан түрлі қарым-қатынаста болған соң ғана, ақырында, жұрттың әлгі таңқаларлық сөздерге қандай мән беретінін ұқтым да. Ол сөздердің мәні мынадай екен: адам күнделікті өмірде істі басшылыққа алмай, сөзді басшылыққа алса керек. Олар бір нәрсені тындырып тастағаннан немесе оны істемегеннен гөрі түрлі заттар жайында өздерінің арасында қалыптасқан сөздерді көбейте бергенді ұнатады. Бүл шіркіндердің аса мәнді деп есептейтін сөздерінің бірі менікі деген соз, олар түрлі заттар, мал-мүлік, тіпті жер, кісілер мен аттар жөнінде айтқанда да менікі демей тұра алмайды. Белгілі бір бұйымға келгенде олар ішінен тек біреу ғана менікі деп айтуына өзара келісіп алады. Осынау келісім бойынша кімде-кім неғұрлым көбірек заттарды менікі деп айтатын болса, сол кісі ең бақытты жан саналады. Неліктен бұлай екенін қайдан білейін, бірақ әйтеуір осылай. Бұрын, көпке дейін, мен мұны нендей бір тікелей пайдасы болғасын осылай шығар деп топшылаушы едім; бірақ мұным қате екен.


Мысалы, мені өзінің аты деп санайтын адамдардың көбісі маған аяқ артқан да емес, мені мүлде басқа адамдар мінді. Мені бағып-қаққан да олар емес, басқа жандар. Жақсылықты мені иемденіп, менікі деп жүргендерден көргем жоқ, көшірлерден, оташылардан, жалпы бөгде жандардан көрдім. Кейіннен, көкейге түйген жайттар көбейе келе, мынаған көзім жетті; менікі деген ұғымның бір ғана негізі бар, ол — адамдардың пасық, хайуандық түйсігі, мұны олар өздерінше меншіктену сезімі немесе меншіктену құқығы деп атайды және мұның өзі, байқасаңыз, тек жылқы баласына ғана қатысты емес. Адам: "менің үйім" дейді, бірақ өзі бүл үйде еш уақытта тұрмайды, тек үйді салып, оны күтіп ұстауға ғана қамқорлық жасайды. Көпес: "менің дүкенім", — дейді. Мысалы, "менің шұға сататын дүкенім", — дейді, бірақ ол осы дүкендегі ең жақсы шұғадан өзіне киім тіккізбейді. Мынау менің жерім деп күпсінетін кісілер де кездеседі, бірақ олар бүл жерді көрген де емес, оған аяқ басқан да емес. Басқа біреулерді бүл кісілер менікі еді дейтіндер де болады, сонда өздері ол адамдарды өмірінде бір көрмейді; мұндайлардың әлгі бейбақтарға қандай қатысы бар десек, оларға қиянат қылудан басқа ешбір қатысы жоқ. Қайсыбір әйелдерді менің көңілдесім еді немесе некелі әйелім еді дейтіндер де болады, сонда әлгі әйелдер басқа еркектермен уақыт өткізеді. Адам деген өмірде игі-жақсыға ұмтылуға тиісті ғой, бірақ олай емес екен; бұлардың құлқынын құртып бара жатқан нәрсе — көз тоймаушылық, менікі деп иемдене беру. Адамдардың бізден басты айырмашылығының өзі осы екеніне менің көзім жетіп болды. Адаммен салыстырғанда басқа қандай артықшылықтарымыз барын айтпағанның өзінде, жалғыз осының өзіне сүйеніп-ақ былай деп батыл айта аламыз ғой деймін: тірі жан-жануарлар арасында біздер адамдарға қарағанда жоғары тұрмыз, адамдардың — тым болмаса, өзім білетіндердің  — іс-әрекеті жалаң сөзді басшылыққа алады, ал біздер нақты істі басшылыққа аламыз. Бақсам, аға жылқышымыз мен туралы бүл менің атым деп күпсінуге құқылы болыпты, жылқышы сорлыны дүрелегені осыдан екен. Бұл жаңалық мені қатты тебірентті, сөйтіп бұған менің қылшығымның алалығы жөнінде жұрт айтатын ой-пікірлер мен өзімнің туған анамның опасыздық жасағанына қапалануым келіп қосылуы мені қазіргі байыпты, терең ойшыл ат болуға мәжбүр етті.


Мен үш бірдей бақытсыздыққа душар болдым ғой: әуелі құдай ала ғып жаратты, сонан соң ат қылды, ақыры, тірі жан-жануардың бәрі сияқты, не бір құдайдың өзінікі, не өзіммен-өзім болмай, қайдағы бір пенденің меншігі саналдым, жұрт мені осылай деп таныды.


Жұрттың мені бұлай санауының салдары коп болды. Біріншіден, мені бөлек ұстады, жақсырақ күтті, ұзын арқанмен ұстап жиірек жаттықтырды, ертерек жекті. Алғаш рет қамыт кигізгенде дөнен шыққан едім. Мені өзінің маңдайына басқан меншігі санаған аға жылқышының, қасында жолдастары бар, өзімді бірінші рет қалай жеге бастағаны, тулап, бірдеңені бүлдіреме деп қауіптенгені әлі есімде. Әуелі ерініме бұрау салды. Тертеге кіргізерде арқанмен айнала матап әуре қылды: содан соң тепкілемесін деп арқамнан тасталған айқыш- ұйқыш жалпақ қайысты тертеге байлап қойды; ал мен болсам өзімнің қамыт киюге ынтыққан ықыласымды көрсететін қолайлы сәтті іштей күтіп жүр едім.


Естияр атша шүу дегеннен дұрыс жүріп кеткеніме бәрі аң-таң болды. Мені осылай арбаға жегіп үйрете берді, мен бар ықыласыммен жаттыға бердім. Аяқ тастасымды күннен күнге жетілдіріп, айналасы үш айдан соң генералдың өзі мен басқалардың да аузына іліктім. Бірақ бір таңқаларлығы сол, — олар мені аға жылқышының меншігіндегі жай бір ат деп есептеді, сондықтан да менің жүрісіме мүлде басқаша мән берді.


Маған аға, іні саналатын айғырларды шабысқа үйретті, олардың алғырлығын сынап көрді, бүл туыстарымның шабысын қызықтауға жұрт жапатармағай шығатын еді, оларды алтынмен аптаған әдемі күймелерге жегетін, үстеріне қымбат жабу жабатын. Ал менің қожайыным бір шаруамен Чесменкаға немесе басқа хуторларға шығарда мені кәдімгі қарапайым тірәшпеңкеге жегетін. Мұның бәрі мені ала деп қорлағандықтан, ең бастысы, олардың пікірінше, мен графтың меншігі емес, қайдағы бір пенденің жаман аласы саналғандықтан осы лай болды.


Аманшылық болса, ертең сендерге аға жылқышының мені өзінің меншігі деп күпсінген құқығының нәтижесі немен біткенін баяндап беремін.


Бүл күні кешке дейін жылқылардың бәрі Аршыналаға құрмет-қошеметпен қарады. Тек Нестер ғана бұрынғысынша дөрекі болды. Мұжықтың бурыл тайы жайылған жылқыға жақындап келгенде кісінеп қоя беріп еді, күрең байтал тағы да қылымси қалды.


Жетінші тарау


3-ші түн


Жаңа туған айдың сәулесінен аула ортасында тұрған Аршыналаның тұлғасы анық көрінеді. Жылқылар оның төңірегіне жинала қалыпты.


— Бір ғажабы, графтың да, құдайдың да меншігінде болмай, жай бір атшының қолына түсуімнің салдарынан, — деді ала ат кешегі үзілген әңгімені қайта жалғастырып, — жылқы баласының басты қасиеті — оның жүрдектігі ғой, міне сол жүрдектігім менің зауыттан аласталуыма себепші болды. Бір күні Бөкен қабақты айналма жолмен желдіртіп жүргенде, Чесменкадан келе жатқан аға жылқышы мені солай қарай бұрып, айналманың жиегіне тоқтай қалды. Бөкен қабақ жанымыздан зымырап өте шықты. Желісі жақсы-ақ, бірақ дегенмен сәнқойлығы бар ма деп қалдым, мендегідей бір аяқ жерге тиер-тиместе екіншісі сермеліп жататын, күш босқа жұмсалмайтын, әрбір қимыл есептеулі оңтайлылық байқалмады. Бөкен қабақ тағы да өте берді. Делебем қозып кетіп, айналмаға түсе беріп едім, қожайыным тізгінді тартқан жоқ. "Ала атымның бағын сынап көрсем қайтеді?" — деп дауыстап жіберді ол да, сөйтіп Бөкен қабақ екінші рет теңесе бергенде, тізгінді қоя берді. Денесі қызып алған ол дес беретін емес, бірінші айналымда одан кейін қалдым, екіншісінде әуелі қуып жетіп, сонан соң қатарласып, ақырында, озып кеттім. Тағы бір рет сынасып едік, тағы да озып шықтым. Мен алымдырақ екенмін. Мұның өзі жұрттың зәресін ұшырды. Тезірек көзімді жоғалту үшін мені алысырақ бір жерге сату керек деп ұйғарысты. "Әйтпесе, граф естіп қалса — бәле болады!" — деп даурығысты олар. Сонымен, бір саудагерге тоғытты да жіберді. Бірақ ол мені көп ұстаған жоқ. Оған бір гусар келген екен, сол сатып алды. Мұндай әділетсіздікке, мұншама қаталдыққа қалай шыдап жүрерсің, Хреноводан алып шығып, туып-өскен ортамнан, туған-туысқандарымнан біржола айырғанда, шынымды айтсам, тіпті қуанып кеттім. Ондағы тірлік маған дозақпен тең болды. Оларды алда махаббат, сый-құрмет, еркіндік күтіп тұрған-ды, менің үлесім-нәлет қамыты, қорлық, қашан көз жұмғанша дамылсыз тепеңдеу еді! Сонда менің жазығым не? Құдай тағала мені ала ғып жаратыпты, сол үшін мен біреудің астындағы аты болуға тиісті екенмін, гәп осында.


Бұл түні Аршынала әңгімесін одан әрі жалғастыра алмады. Оның әңгімесін құлындайтын кезі таяу қалған Шомбал қара бие де тыңдап тұрған-ды, кенет ол бұрылып алып, мамырлай басып жаппаның астына қарай кетті; онда ол бір жатып, бір тұрды, қатты күшене бастады, жылқылар бұған назар аудармай қала алмады. Қартаң биелер оның толғатып жатқанын бірден сезді, ал тай - саяқтар елегізе қалды, енді олар ала атты қалдыра тұрып, соның төңірегіне жиналды. Таңертең аулада тағы да бір жас құлын тәлтіректей басып тұр еді. Нестер дауыстап аға жылқышыны шақырды, қара бие құлынымен бірге бөлек қораға апарылды, ал өзгелері өріске кетті.


Сегізінші тарау


4-ші түн


Кешке, ауланың қақпасы жабылып, төңірек тынышталғасын ала ат әңгімесін қайта бастады.


— Қолдан қолға көшіп жүрген кезде мен адам жөнінде де, жылқы жөнінде де талай нәрсені байқадым. Екі қожайынның қолында көбірек болдым: бірі — князь, гусар офицер де, екіншісі — Никола Явленныйда тұрған бір кемпір.


Өмірімнің ең қызықты кезеңі осы гусар офицерінің қолында болған кезім ғой деймін. Ол менің құруыма себепші болса да, ешнәрсені, ешкімді ешуақытта жақтырмаса да, мен оны жақсы көрдім және нақ осынысы үшін жақсы көремін де. Ол сұлу жігіт, бақытты, дәулетті кісі еді, сондықтан да ешкімді жақтырмады, оның бойындағы маған ұнайтын қасиет нақ осы болды. Біздің жылқы баласының бүл сезімін әрқайсың-ақ түсінетін шығарсың. Оның суықтығы, қаталдығы, өз басымның оған тәуелділігі менің оған деген сүйіспеншілігіме ерекше күш берді. Шалып жіберсең де, зорықтырып өлтірсең де еркің, саған жаным пида деп те ойлағаным бар, көңілім шалқыған ең бір бақытты шақтарымда.


Аға жылқышы мені саудагерге сегіз жүз сомға тоғытқанды, гусар офицері сол кісіден сатып алды. Ешкімде ала ат болмайтын, оның мені сатып алғаны осыдан. Бұл менің өмірімдегі ең жақсы кезең еді ғой. Офицердің көңілдес әйелі болатын. Мұны білетінмін, күн сайын оны сол әйелге апарып тұрдым, әйелді, кейде екеуін бірдей тасыдым. Ашынасы әйел затының сұлуы еді, өзі де сұлу жігіт болатын, көшірі де кем емес. Мен бұларды сұлулықтары үшін жақсы көрдім. Не керек, тұрмысым да жақсарып кетті. Таңертең үстімді тазартуға атшы келеді, бұл жұмысты көшірдің өзі емес, атшы істейтін-ді. Ол есікті ашып, әуелі буды далаға шығарады, қораны тезектен тазартады, сонан соң жабуды алып, щеткамен денемді ысқылауға кіріседі, таға тескен еденнің тақтайын қырғышпен қыра бастайды. Мен еріккесін ойнаған болып оның жеңінен тістелеймін, еденді тысырлатып қоямын. Бұдан кейін суық су құйылған үлкен науаға апарады, сөйтіп атшы жігіт менің қылшығым қылаңдаған ала денеме, тіп-тік, шөген тұяқты сирақтарыма, астаудай жаям мен жалпақ арқама сүйсіне қарап біраз тұрады. Торкөз биік оттыққа шоп салынатын да, емен науаға сұлы төгілетін. Аға көшір Феофан осыдан кейін ғана көрінетін.


Қожайын мен көшір бір-біріне ұқсас еді. Екеуі де ештеңеден қорықпайтын, өздерінен басқа ешкімді жаратпайтын, міне, осы қасиеті үшін оларды жұрттың бәрі ұнататын-ды. Феофан қызыл жейде, барқыт шалбар киіп жүретін, бүрме бешпентін үстінен бір тастамайтын. Оның мына бір әдеті маған ұнаушы еді. Мейрамдарда үстіне бешпентін киіп, бет-аузын бояп алған күйі ат қораға келеді де: "Кәне, жануарым, ұмытқан жоқсың ба!" — деп дауыстап қойып, айырдың сабымен санымнан түртеді, бірақ еш уақытта қатты батырмайды, жай қалжың үшін ғана істейді. Мен де қалжың екенін бірден сеземін де, жай құлағымды жымитып, тісімді ақситқан боламын.


Бізде бір қара айғыр болды. Түнгі мезгілде мені онымен де парлап жегетін. Тістеуік еді, әзіл-қалжыңды түсінбейтін, нағыз қыршаңқының өзі. Қорада ол екеуміздің орнымыз қатар еді, кейде шайнасып қалып та жүрдік. Феофан одан қорықпайтын. Ол қара айғырға жақындап барып ақырып жіберетін, қап, теуіп өлтіреді-ау деп ойлайсың, бірақ ештеңе болмайды. Феофан саспай ноқтаны кигізіп жатады. Бір күні қара айғыр екеумізді парлап жеккен еді, Кузнецкіні бойлай төмен қарай зулап кеп бердік. Қожайын да, көшір де сасар емес, тек қарқылдап күле береді, көшедегі халыққа айқайлайды, делбені тартқан, бір жаққа бұрған болады, бір жақсысы әйтеуір ешкімді басқан жоқпыз.


Солардың қолында жүргенімде ең асыл қасиеттерімнен айрылдым, жарты өмірімді өткіздім. Терім басылмай тұрғанда суарып ауру қылды, аяғымнан айрылдым. Бірақ осының бәріне қарамастан, бүл кез өмірімнің ең қызықты кезеңі еді. Сағат он екіде келіп тұяқтарымды майлап, кекілімді әдемілеп тараған соң жегуге кірісетін.


Шананың қамыс қорабы барқытпен тысталатын да, қамыт-әбзелдің кішкентай айылбастары күмістен соғылатын, ал делбе дегеніңіз өрнектеп тоқылатын. Әсемдік үшін істелген түрлі әлекей-шүлекейдің, қайыстардың, тартпалардың көптігі сондай, олардың бәрі тартылып, реттелген кезде қамыт — әбзел қайда, аттың өзі қайда екенін ажыратып алу қиын секілді еді. Сарайдың ішінде асықпай-саспай, баптап тұрып жегеді. Қызыл шүберек белбеуін қолтығына қыстырып, бөксесі жалпиып Феофан шығады бір кезде, ол аттың қалай жегілгенін көріп шығады да, баптанып отырады, бешпентін дұрыстайды, аяғын шіреп қояды әдеттегісінше бірер қалжың тастайды, жай тәртіп үшін қамшысын іліп қояды, оны маған тигізіп көрген жоқ-ау деймін, сонан соң: "Жіберіңдер!" — дейді. Сөйтіп, қаздаң басып мен де сарайдан шыға беремін, мені көргенде жуынды төгуге шыққан аспазшы әйел де, отын әкелген мұжықтар да аңырып тұрып қалады. Үйдің алдына қарай барғасын тоқтап тұрамыз. Үйден малайлар шығады, көшірлер келеді, сөйтіп әңгімені көйітеді-ай кеп. Бәрі үйдегілердің шыққанын күтеді, есік алдында үш сағаттай тұрып қаламыз, кейде аула ішін бір айналып келіп, қайта тұрамыз.


Ақыры есіктен шу естіледі, сосын фрак киген ақбас Тихон шығады домаланып: "Бері әкеліңдер!" Жүргенде, артқа жүрмей алға жүретінін мен білмейтіндей "алға!" деп айтатын ақымақтық әдет онда әлі жоқ еді. Феофан ернін сылп еткізеді. Шана есіктің дәл алдына келіп тоқтайды. Басына әскери қалпақ, үстіне көкшулан құндыз жағалы шинель киген князь шығады маңызданып, қою қара қасты, нарттай әдемі бетін жағасы жауып кетіпті, салбыраған қылышын, өкшелеріндегі шпорларын, кебісінің жезбен қапталған сірілігін сыртылдатып, маған, Феофанға, басқа жұрт қадала қараған нәрсенің бәріне көз салмастан кілемнің үстін асықпай басады, ол үшін мына шанада да, атта да, екі қолын алға созыңқырай ұстап, еңкіштеу отырған Феофанда да таңданарлық ештеңе жоқ секілді. Феофан ернін тағы да сылп еткізіп, делбені қағып қалғанда мен де жұлқи жөнелемін; князьға көзімнің қиығын тастап, кекілімді желп еткізіп басымды шұлғып қоямын. Князь көңілді, Феофанға бір қалжың айта ма қалай, Феофан оған мойнын сәл бұрып қана жауап береді, сосын қолын босаңсытпай, тек маған ғана түсінікті етіп делбені болар-болмас қана қағады, соқталанған қарды шананың көмейіне бұрқылдата лақтырып, желісті үдетіп әкету үшін осының өзі-ақ жетіп жатыр. Көшірдің бір жері ауырып тұрғандай, "О!" деп дауыстайтын қазіргі лайықсыз әдет те болмайтын: Феофан "Сақтаныңдар!" — "Сақтаныңдар!" — деп оқта-текте бір дауыстап қояды, мұны есіткен халық ығысып жол береді, тоқтайды, сұлу атқа, сұлу көшірге, сұлу мырзаға таңырқап қарап та жатады.


Небір керемет деген желгіш аттарды басып озуға құмартып тұрушы едім. Феофан екеуміз күш сынасуға тұрарлық-ау деген атты шананы анадайдан көзіміз шалғанда құйғытып келіп, біртіндеп жақындай береміз, жақындай береміз, сосын менің тұяғымнан ұшқан балшық алдағы шананың арқалығына сарт-сұрт тие бастайды, одан соң көшірмен қатарласа беріп төбесіне бір пысқырамын да седелкемен, доғамен теңесемін, сөйткенше болмай шана артта қала да береді. Князьда да, Феофанда да, менде де үн жоқ — үшеуміз де үндемейміз, жаман атпен итпектегендерді елең қылмай, өз шаруамызбен бір жерге асығып бара жатқан түр білдіреміз. Мен желдей ескен жақсы аттың қарсы кездескенін де ұнатушы едім; бір-біріңе көз тастап та үлгерместен, дүбірлете, сып етіп өте шығасың да, әрқайсың оз жөніңмен жеке дара кете барасың.


Сықырлап қақпа ашылды да, Нестер мен Васьканың даусы естілді.


5-ші түн


Ауа райы құбыла бастады. Күн бұлыңғыр, таңертең шық байқалмағанмен жылы еді, кешке қарай маса құтырынып кетті. Аулаға қамалған соң, жылқылар ала атты тағы да орталарына алды. Ол өзінің өмір тарихын былайша тамамдаған еді.


— Менің бақытты өмірім тез өтті. Не бары екі-ақ жыл. Екінші қыстың аяғына қарай мен үшін ең қуанышты оқиға болды, сонан соң іле-шала ең үлкен бақытсыздық та сап ете түсті. Масленица мейрамы еді, бір күні князь ат жарысына барды. Атлас пен Теңбілкөк күш сынасуға тиіс екен. Оның самалжайда не істегені белгісіз, бірақ әйтеуір одан шыққасын Феофанға атпен айналма жолға шық дегенін білемін. Әлі есімде, Атлас екеумізді айналма жолға қатарластыра қойды. Атластың доғасында сыңғырлаған кішкентай қоңырауы бар; шаһарлы жердің қарапайым шанасы менің жегілгенім. Не керек, бұрылыста-ақ оны артқа тастап кеттім; Мәз-мәйрам күліп, уман-думан болған жұрт мені құттықтап жатыр.


Бір топ адам тіпті біздің соңымыздан қалмады. Төрт-бес кісі князьға қалаған ақшаңды ал да, атыңды сат деп жабысты. Ол тек тісін ақситып күлумен болды.


— Жоқ, — деді ол, — бұл ат емес, айнымас досым менің, ол үшін ат басындай алтын берсеңдер де алмаймын. Көріскенше күн жақсы, мырзалар! — Ол түймелерін ағытып жіберіп, шанаға отырды.


— Стожинкаға тарт! — Оның көңілдес әйелінің үйі сонда болатын. Сонымен, тартып кетпесіміз барма. Бұл біздің ең соңғы бақытты күніміз еді.


Әйелдің үйіне келдік. Князь оны ғашық — жарым деп мақтанатын. Сөйткен әйел басқа біреуді сүйеді екен, сонымен қашып кетіпті. Ол мұны әйелдің үйінде бір-ақ білді. Сағат бес кезі, ол мені доғарған жоқ, бірден әйелдің соңынан қуып берді. Бұрын еш уақытта бүйтпеуші еді, бұл жолы қамшының астына алып, аямай айдай берді. Өмірімде бірінші рет желісімнен жаңылғаныма іштей ұялып, жүрісімді түзетпекші болдым; бірақ кенет арт жақтан князьдің: "Бас қамшыны!" — деп ызалана айқайлағанын есіттім. Сөйтіп, қамшы арқама тағы да сарт етті, мен шаба жөнелдім, шананың теміріне аяғымның сарт-сұрт тигеніне де қараған жоқпын. Жиырма бес шақырымнан соң әйелді қуып жеттік. Князьді үйге алып қайттым, бірақ түні бойы дірілдеп шықтым, ауызға бір тал шоп ала алмадым. Таңертең су әкелді. Сорлы басым ішіп қойыппын, сонан соңғысы белгілі — бұрынғы желгіш ала ат жаман ала болып шыға келді. Ұзақ ауырдым, жазамыз деп азаптады, қинады — мұны адамдар емдеу деп атайды екен. Тұяқтарымның көбесі сөгілді, шор байланды, тізелерім бүгілді, есіктей омырауым қушиып қалды, тұла бойым езіліп, әлсіздік пайда болды. Сосын мені бір саудагер қуға сатып жіберді. Ол аузыма сәбізді, тағы бірдеңені аямай тыққыштады, сөйтіп, ақыры, мені бұрынғы қалыпқа келтірмегенмен, бейтаныс адамды алдауға болатындай түрге келтірді. Бірақ енді менде бұрынғы күш те, желіс те жоқты. Бәрінен де оның мына бір жаман әдеті жаныма қатты батты: сатып аламын деушілер келгенде, ол қораға кіріп, ұзын шыбыртқымен аяусыз шықпыртқанда жаныңды қоярға жер таппайсың. Бұдан кейін ол қамшының ізін сипап жіберіп, далаға алып шығады. Саудагерден мені бір кемпір сатып алды. Байғұс ылғи Никола Явленныйға баратын және көшірді дүрелейтін еді. Ол бейшараның қораға келіп, көз жасы көл болып жылағанын талай көрдім. Көз жасының сортаң татитынын сонда білдім. Кейін кемпір өліп қалды да, оның приказчигі мені деревняға апарып, тағы да бір саудагерге тоғытты. Бұдан кейін бидай жеп қойып, одан жаман ауырдым. Мені бір мұжыққа сатты, онда мені соқаға жекті, ішіп-жемге жарымадым, оның үстіне аяғымды соқаның тілі кесті. Тағы да ауырдым. Сонан соң мені бір сыған айырбастап алды. Одан көрген азабымды айтып болмайды, ол мені, ақыр, осындағы приказчикке сатты. Сонымен, міне осында тіршілік етіп жатқан жай бар.


Жылқыларда үн жоқ. Жаңбыр бүрке бастады.


Тоғызыншы тарау


Келесі күні кенже өрістен оралған жылқы аула алдында қасында мейманы бар қожайынға тап болды. Қайқы бел кәрі көк бие аулаға жақындағанда қарсы келген екі кісіге одырая қарады: олардың біреуі — ши қалпақты жас қожайын, екіншісі — биік денесі тым толысып кеткен әскери адам. Көк бие одырая қараса да кісілерді таныған соң өте берді; ал тай-саяқтар қожайын мен мейман жылқының арасына кіріп, өзара әңгімелесіп, бір-біріне бірдеңені көрсеткен кезде үрпиісіп қалып еді, кейін тынышталды.


— Мен мынаны — теңбіл көкті — Воейковтан сатып алдым, — деді қожайын.


— Анау ақбақай қара байтал кімдікі? Өзі де жақсы-ақ екен, — деді мейман. Олар бірін нұсқап, бірін тоқтатып көріп, талай жылқыны сөз қылды.


— Бұл хреновтық салт мінетін жылқыдан қалған тұяқ, — деді қожайын.


Олар өтіп бара жатқан жылқының бәрін бірдей көре алмады. Қожайын айқайлап Нестерді шақырып еді, шал жаман аласын тепеңдетіп шыға келді. Ала ат бір аяғын сүйрете басады, оған осы күйінде жердің шетіне дейін тарта бер десең де ешбір қынжыла қоймайтыны жануардың қимылынан көрініп-ақ тұр. Ол керек десең шаба жөнелуге де дайын еді, тіпті ауру оң аяғын байқап та көрген секілді.


— Ресейде мына биеден артық жылқы жоқ — мен мұны кесіп айта аламын, — деді қожайын, биелердің бірін нұсқап. Мейман да мақтап қойды. Қожайын ерсілі-қарсылы жүріп, тыным таппады, әрбір жылқының тарихын, тұқымын баяндады, мақтана көрсетті. Қожайынның ұзақсонар әңгімесін тыңдай беру мейманды, сірә, жалықтырған болу керек, сондықтан ол құлақ қоймайды демесін деген оймен әншейін бір сауалдар қойып жатты.


— Иә, иә, — деді ол селсоқ үнмен.


— Сен анаған көзіңді сал, — дейді қожайын оған жауап қатпай, — сирақтарына қарашы... Қымбатқа түсті, бірақ одан туған бір ғажап құлын бар, қазір дөнен шықты, желісін көрсең ғой оның.


— Жақсы желе ме? — деп сұрады мейман.


Осылай жылқының бәрі дерлік сөз болды, енді көрсететін де ештеңе жоқ секілді. Олар үндемей қалды.


— Енді үйге барамыз ба?


— Барайық. — Екеуі қақпаға беттеді. Қожайынның жылқысын көрсетуінің біткеніне, енді үйге қайтып, тамақтанып, таңдай жібітіп, шылым шегіп тынығуға болатынына мейман көңілденген тәрізді. Қандай жарлық берілерін күтіп, ала атынан түспей Нестер әлі тұрған -ды, оның жанынан өте бере мейман быртиған қолымен аланың жамбасынан ақырын салып қалды.


— Мынау аттың аласын қарашы! — деді ол — Менің де осындай ала атым болып еді, айтып едім ғой, есіңде ме?


Қожайын бұған елең еткен жоқ, оның көңілі әлі де өз жылқысында еді, ол теріс бұрылып, сол жаққа қарай берді.


Кенет оның ту сыртынан бір ат кісінеп қоя берді — кәрі дауыс қырылдап, әлсіз шықты. Бұл кісінеген ала ат еді, ол өз даусынан өзі ұялғандай, кісінегенін кілт үзіп тастады. Мейман да, қожайын да бұған назар аударған жоқ, үйге қарай жүре берді. Ал Аршынала, толық денелі мейман өзінің бұрынғы сүйікті иесі, кезінде байлықты суша сапырған сұлу гусар Серпуховской екенін танып қалған еді.


Оныншы тарау


Далада жаңбыр әлі сіркіреп түр. Аула іші лайсаң, ал бариннің үйіндегі жағдай мүлде өзгеше еді. Мұнда қонақ күтетін жиһазға толы бөлмеде кешкі шай кезі болатын. Дастарқан басында үй иесі, оның зайыбы және бір мейман отыр.


Самауыр жанында отырған үй иесі әйел жүкті көрінді, бүл оның білініп қалған ішінен, белін тіктеу ұстаған отырысынан, толысқан денесінен, әсіресе кісіге байсалды қараған, момын үлкен көздерінен сезіліп тұрды.


Үй иесінің қолында он жылдық ерекше сигарлар салынған қағаз қорап, оның айтуынша, мұндай темекі ешкімде жоқ, сондықтан ол мейманға осы байлығын көрсетіп, бір мақтанып қалмақ. Үй иесі жасы жиырма бестер шамасындағы сыланып-сипанған сымбатты, сұлу жігіт. Үстіне ұзын етекті сюртук киген, оның өзін қалыңдау шұғадан молырақ етіп Лондонда тіккізіпті. Омырауында салбыраған әдемі, шынжырдағы қымбат салпыншақтары жылт-жылт етеді. Жейдесінің екі жеңіндегі зәпөнкелері де үлкен, салмақты, алтыннан жасалған, көгілдір асыл тастары бар. Сақалды III Наполеонша жіберіпті, жұқа мұрты Париждің дәл өзіндегідей тікірейте әдемілеп қайрылған. Ал әйелінің үстінде үлкен шоқ гүлді жұқа жібек көйлек, ақсары қолаң шашына үлкен алтын түйреуіштер түйреп қойыпты, осынау тамаша шашта аздап қоспа да бар секілді. Екі қолы толған білезік, сақина және бәрі де қымбат нәрселер. Самауыр күміс, сервиз нәзік. Ақ желеткенің үстінен фрак киіп, галстук таққан ыздиған малай жарлық күтіп босағада тұр. Жиһаз атаулы әдемілеп иіп жасалған дүниелер және шымқай ашық түсті; қабырғаларды үлкен-үлкен гүлдер салынған өрнекті қағаздармен жапсырып тастаған. Үстел маңында күміс қарғысын шылдырлатып кішкентай ит жүр, қаншырдай қатқан, атын ағылшынша қойыпты, бөтен тілді білмейтін ерлі-зайыптылар жат жердегі қиын сөзді айта алмай қиналады екен. Бір бұрышта, гүлдердің арасында, incruste1фортепьяно тұр. Бәрінен жаңаша тұрмыс құруға сән-салтанатқа, ерекшелікке құштарлық сезіледі. Мұнын бәрі жақсы-ақ, бірақ нысапсыз ысырапқорлықтың, сасық байлықтың, парасатты өмір сүруден алыстықтың белгілері де мен мұндалап тұр.


Үй иесі ойлаған ісін тындырмай тыным таппайтын шымыр денелі, өте пысық әрі жайдары адам болатын, ондайлар өмірдің қызығын да көре біледі: ішік кисе тек бұлғыннан тіккізеді, актрисаға аңсары ауса гүлшоқтың ең қымбатын сыйлайды, шарапқа зауқы соқса жаңа маркалысын әрі ең қымбатын ішеді, ең қымбат қонақүйге түседі, өз атынан жүлде тағайындайды, сұлуларды таңдағанда да сараңдық көрсетпейді.


Келген мейман, Никита Серпуховской, қырықтан асқан денелі, толық, жалтыр бас, қалың мұрты салбыраған, жақ сақалы бар кісі. Кезінде сымбатты болғанға ұқсайды. Сірә, енді азып-тозған, денедегі қуат кеміп, моральдық жағынан да, ақша жағынан да жүдеген.


Ол шаш-етектен борышқа батқасын абақтыға түспеу үшін қызмет істеуге мәжбүр болады. Енді, міне, губерниялық шаһарға жылқы зауыттарының бастығы болып бара жатыр. Бұл орынды оған бай туыстары сұрап әперіпті. Кигені әскери китель мен көк шалбар. Мұндай китель мен шалбарды, мұндай қымбат ішкі киімді бай адам болмаса басқалар кие алмайды, сағаты да қымбат — ағылшындікі. Етігінің ұлтаны да елден алабөтен — қалыңдығы бір елі.


Никита Серпуховской екі миллиондық дәулетті шашып-төгіп, оның үстіне жүз жиырма мың сом борышкер болған. Байлықты судай сапырған адамда тағы бір оншақты жылды қарызданып-қауғаланса да шайқап өтерлік мүмкіндік қашанда табыла береді емес пе. Сол уақыт енді бітуге айналып, өріс тарылып, Никитаның тұрмысы жадау тартқан-ды. Ол ішкілікке салынуға айналды, бұрынғыдай емес, қашан мас болғанша тартынбайтын әдет шығарды. Шындығында, ол ішуді бастаған да емес, тастаған да емес. Оның азып-тозғаны кісіге тура қарамай тайқып кете беретін көздерінен (екі көзі алақ-жұлақ ете бастайтын), қарлыққан даусынан, сылбыр қимылынан айқын байқалды. Бір ғажабы, бүл тайқып кетушілік оның көздерінде, сірә, жуықта пайда болған, өйткені оның өмір бойы ешкімнен, ешнәрседен қаймықпауға ұзақ дағдыланғаны, өзінің табиғатына жат қорқыныш дегенге ауыр қайғы-қасірет арқылы енді ғана жеткені көрініп тұрды. Ерлі-зайыптылар мұны байқап, сірә, бірін-бірі көз қиығынан-ақ ұғып отыр, олар бүл жайды кейін, төсекте жатып толығырақ сөз етпекке ұйғарып, дастарқан басында мейманға сыр білдірмей, оны құрақ ұшып сыйлаумен болды. Үй иесінің жас та болса мына бақытты кескін-келбеті Никитаға өзінің қайтып оралмас өткендегісін есіне түсіріп, оны кемсіткендей болды; оны күйзелген қызғаныш биледі.


— Мари, сізге сигар ештеңе етпей ме? — деді ол, көргені көп кісіге тән өзгеше, тым нәзік үнмен. Ашыналарымен сөйлескенде ақсүйек қауымда болғандардың үні, өз әйелдерімен сөйлескендегіден өзгеше, өзеуреп, сызылып шығады, бірақ құрметтеушілік әуені сезілмейді, Никитаның үні осыған ұқсастау еді. Оның әйелді әсте кеміткісі келген жоқ-ты, қайта керісінше, қайтсе де ерлі-зайыпты үй иелерінің көңілінен шыққысы келді, сөйттім-ау деп өзіне-өзі еш уақытта мойындамайтын болса да осылай етпек ниетте болды. Бірақ ол мұндай әйелдермен осылай сөйлесуге дағдыланған. Егер ол жай бір әйелмен тілдескендегідей сөйлессе, онда әйелдің өзі бұған таң қалып, тіпті қорлануы да мүмкін екенін білді. Сондықтан терезесі тең кісінің некелі әйелін құрмет тұтатынын сездіретіндей болуы керек еді. Ол бүл сипатты әйелдермен қашанда құрметпен дидарласатын, бірақ мұның себебі әрбір адамның жеке басын құрметтеу жайлы, некенің баянсыздығы жайлы журналдарда (ол бүл журналсымақтарды еш уақытта оқымайтын) уағыздалатын көзқарассымақтарға ден қоятындығында емес, ал жалпы парасатты адам атаулының бәрі осылай істейтіндігінде еді; оның өзі қаншама азып-тозып жүрсе де сондай парасатты кісі болатын.


Ол бір сигар алды. Бірақ үй иесі қағаз қораптан бір уыс сигар алды да, ыңғайсыздау ұстаған қалпы мейманға тоса берді.


— Жоқ, сен мынаны тартып көр, мынау тым жақсы сигар. Алсаңшы.


Никита алдына әкеп тосқан сигарларды қолымен кері итерді, осы сәтте оның көзінен кемсінгендік пен ұялғандықтың белгісі сәл сезіліп қалды.


— Рахмет — Ол қалтасынан өзінің сигарын алды — Менікін тартып көрсең қайтеді.


Үй иесінің зайыбы байқағыш жан еді. Ыңғайсыздықты сезіп қалған ол тез сөз бастап кетті.


— Сигар деген жақсы нәрсе ме деймін. Егер қасымда отырғандардың бәрі бірдей бұрқыратпаса, өзім де тартар ма ем, қайтер ем.


Жылы шырайлы сұлу келіншек жымия күлді. Ал мейман сәл ғана езу тартқан болды. Оның екі тісі жоқ еді.


— Жоқ, сен мынаны ал, — деді әлі де ештеңені сезе қоймаған үй иесі, — Мынау күшті сигар, Фриц, bringen sie noch eine Kasten, — деді ол, — dort zwei2.


Малай — неміс басқа қорапты әкелді.


— Саған қайсысы көбірек ұнайды? Күштірегі ме? Мынау сигар тым жақсы. Бәрін алсаңшы, — деп ол тағы да тықпалады. Өзінің өзгеде жоқ заттарын көрсетіп мақтанудың реті келгеніне ол, сірә, қуанышты болса керек, сондықтан да ештеңені сезетін емес. Серпуховской сигарын тұтатты да, басталған әңгімені жалғастырмақ болды.


— Сонымен, Атлас саған қаншаға түсті? — деді ол.


— Қымбат қой, кемі бес мың болар, бірақ өкінбеймін, есесі қайтып жатыр. Шіркіннің құлындары қандай десеңші!


— Желгіш пе? — деп сұрады Серпуховской.


— Желгіш болғанда қандай. Биыл оның баласы үш бірдей жүлде алды: Тулада, Мәскеуде және Петерборда Войековтың Қара айғырымен жарысты. Оңбаған шабандоз төрт рет бүлдіргені, әйтпесе жалаудың артында қалдыратын еді.


— Сәл жетілмеген бе деймін. Мен саған айтайын, әлі голландық бірдеңе көп секілді, — деді Серпуховской.


— Биелер ше, олар не үшін керек екенін білесің бе? Ертең саған көрсетейін мен. Жалпақ жирен бие үшін үш мыңды, Күреңтөбел үшін екі мыңды не үшін берді дейсің ғой?


Сөйтіп, үй иесі тағы да өзінің байлығын айтуға көшті. Серпуховскойдың тыңдағысы келмей, жай өтірік құлақ салғансып отырғанын сұлу келіншек көріп отыр.


— Шай ішуге қалай қарайсыздар? — деп сұрады ол.


— Ішпеймін — Үй иесі әңгімесін жалғастыра берді. Әйелі орнынан тұрып еді, күйеуі оны тоқтатып, құшақтап аузынан сүйді.


Ерлі-зайыптылардан көз алмай отырған Серпуховской олардың сый-құрметіне іштей ырзалық білдіргендей, жымиып күлген болып еді, бірақ үй иесі орнынан тұрып, әйелін құшақтап қалың перделі есікке қарай жүре бергенде Никитаның бет әлпеті өзгеріп кетті, ол ауыр күрсінді, сөйтіп оның салпиған бетінде кенет торыққандық байқалды. Жүзінен тіпті ызаланғандық та сезілді.


Он бірінші тарау


Сәлден соң қайтып оралған үй иесі жымия күліп, Никитаның қарсысынан келіп отырды. Олар біразға дейін үндемей қалды.


— Иә, сен оны Воейковтан сатып алдым дедің білем, — деді Серпуховской әншейін айтқансып.


— Иә, Атласты айтып едім ғой. Ал Дубовицкийден бие сатып алмақ ойым бар еді, бірақ өңшең нашары қалыпты.


— Соның өзі жұтап қалды емес пе, — деді Серпуховской, сосын кілт тоқтады да жан-жағына қарады. Сол жұтап қалды деп отырған кісіге оның жиырма мың берешек екені есіне түсіп кетті білем. Егер біреуді "жұтап қалды" деу керек болса, онда, сірә, мұның өзін айтқан жөн болар. Ол үндемей қалды.


Екеуі үн-түнсіз тағы да ұзақ отырды. Үй иесі мейманның алдында енді несімен мақтанарын білмей дал. Серпуховской өзін жұтағанға санамайтынын немен дәлелдеуі керек, оны толғантатын осы. Бірақ екеуіне де жөнді ой келмеді, тіпті бой сергітуге тартқан сигардың да септігі тиетін емес. "Ішіп жіберсек пе екен, қайтсек екен?" — деп ойлады Серпуховской. "Ішпей болмас, әйтпесе мынамен отырып ішің пысып өлерсің", — деп ойлады үй иесі.


— Сонымен, сен мұнда әлі көп болмақсың ба? — деді Серпуховской.


— Енді бір ай. Қалай, кешкі тамаққа бармаймыз ба? Фриц, тамақ дайын ба?


Олар ас бөлмесіне шықты. Жарқыраған шамның астында үстел түр, үстіне шырақтар қойылыпты және небір керемет нәрселер көзге түседі: сифондар, қуыршақ тәрізді ыдыстар, графиндерге құйылған көпіршіген шараптар, неше түрлі тағамдар, арақ — бәрі бар. Екеуі біраз таңдай жібіткесін тамаққа кірісті, сосын тағы да ішті, тағы да жеді, бұдан кейін әңгіме өзінен өзі басталып кете барды. Нарттай қызарып алған Серпуховской еркінси сөйлеп кетті.


Әйелдер жайында сырласты. Сыған әйелімен, бишімен, француз әйелімен ашына болғанын айтты.


— Сен, немене, Матьені тастадың ба? — деп сұрады үй иесі. Бұл сұрап отырғаны Серпуховскойды жұтатқан әйел еді.


— Мен емес, ол тастап кетті ғой. Еһ, бауырым, судай шашылған байлық есіме түскенде ішім удай ашиды! Енді мың сом қолға түскенінің өзіне мәзбін, рас, бәрінен алысқа, аулақ кеткеніме қуаныштымын. Мәскеуде тұра алмаймын. Еһ, несін айтасың.


Үй иесі Серпуховскойдың мылжыңынан зерігіп кетті. Оның өзі жайында әңгіме айтып, мақтанғысы келіп отыр. Ал Серпуховскойдың өзі жайлы, өзінің өткендегі қызықты өмірі жайлы езе бергісі келеді. Үй иесі оған шарап құйды да, өзі мен өзінің зауыты туралы, мұндай зауыттың бұрын ешкімде болмағаны туралы біраз бөсіп алу үшін оның әңгімесін тамамдауын күтіп отыр. Мари оны ақшасы үшін ғана емес, жан-тәнімен сүйетінін де қоса айтпақ.


— Саған айтпаппын ғой, менің зауытымда... — дей берді ол. Бірақ Серпуховской оның сөзін бөліп жіберді.


— Сөзің аузыңда, сен әуелі маған құлақ салшы, — деп бастады ол, — кезінде өмірдің қызығын көре білді деп мына мені айт. Ат жайында сөз қыласың, сонда сенің қандай керемет желгіш атың болды, маған соны айтшы, көне?


Үй иесі өзінің зауыты жөнінде айтып қалудың реті келгеніне қуанып кетіп, әңгімесін бастай берді; бірақ Серпуховской оның сөзін тағы да бөліп кетті.


— Иә, иә, — деді ол. — Зауытшылардың бар ойлайтыны мансап, сен де сондайсың, сендер өмірдің қызығын көре білмейсіңдер. Мына мені айтсаңдаршы. Мана саған айттым ғой: менің бір желгіш ала атым болды, анау сенің жылқышы шалыңның астындағы ала аттан ешбір айнымайтын. Оһ, ат деп, міне, соны айт! Сен оны қайдан білмексің; қырық екінші жыл болатын. Мәскеуге жаңа келген кезім; жылқы сататын саудагерге барсам — бір ала ат тұр. Жақсы-ақ екен. Қатты ұнады. Бағасы ма? Мың сом. Ақшасына қарағам жоқ, сатып алдым да, қызығын көрдім жануардың. Менде одан артық ат болған емес, сенде де жоқ және болмайды да. Мұндай желгіш, күшті әрі сұлу атты өз басым көрмедім ғой. Ол кезде сен бала болатынсың, сондықтан білмейсің, бірақ естіген шығарсың деймін. Оны бүкіл Мәскеу білетін еді.


— Иә, естігенім бар, — деді үй иесі көңілсіз үнмен, — бірақ мен саған өз жылқым жөнінде айтпақ едім...


— Ә-ә, естіп едім де. Сатып алғанда оның тұқымын да, аттестатын да сұрамаппын ғой; кейіннен білдім. Воейков екеуміз сұрап білдік. Құлагер біріншінің баласы Аршынала екен, тұлпарға тән қасиеттері үшін осылай атаныпты. Қылшығы ала болғаны үшін оны Хренов зауытынан аластап, аға жылқышыға береді, ал ол піштірген соң әлгі саудагерге сатады. Ондай ат енді жоқ қой, достым! Аһ, заман-ай. Аһ, жастық-ай! — деп ол сыған әнін айтты. Мейман мас болуға айналды — Еһ, ғажап бір кезең еді ғой ол. Жасың жиырма бесте болса, сексен мың табыс күмістей сылдырап қалтаға құйылып жатса, шашыңа қылау түспесе, аузыңдағы отыз тісің маржандай тізіліп тұрса, оның үстіне қолдан келмейтін ісің болмаса, бұдан артық не керек кісіге; енді міне соның бәрі жоқ болды.


— Ол кезде аттардың желгіштігі қазіргідей емес еді ғой, — деді үй иесі сәл үзілісті пайдаланып Мен саған айтайын, алғашқы аттарым...


— Сенің аттарың ба! Қайта сол кезде, алғырлау секілді еді.


— Қалайша?


— Иә, иә, алғырлау болатын. Әлі есімде, бір күні Мәскеуде ала атпен жарысты көруге бардым. Өзімнен жарысқа қосылып жатқан ат жоқ-ты. Желгіш ат ұстауға құмар емес едім, менің ұстайтыным Генерал, Шоле, Мұхамет сияқты асыл қанды жылқы болатын. Өзім ала атты мініп жүретінмін. Көшірім де бір тамаша жігіт еді, жақсы көруші едім. Кейін ішкілікке салынып кетті. Сонымен, жарысқа келдім. — Серпуховской, — дейді маған, — сен қашан желгіш ат ұстайтын боласың? — Оны қайтем, мынау жаман ала сендердің нағыз желгіштеріңді шаңына ілестірмейді. — Сен де бөсесің-ау, — Мың сом бәс тігемін, — Қол алыстық. Жібердік қой сосын. Ала ат бес секунд алда келіп, мен мың сомды жамбасқа бастым. Менің асыл қанды тройканы сағатына жүз шақырым жүрген кезім де болған, бүкіл Мәскеу біледі.


Серпуховской өтірікті судай сапырып отыр және жағы бір талсайшы мұның, үй иесінің арасында бір сөз қыстыруға да мұршасы келмеді, сөйтіп ол қарама-қарсы отырып алып, көңіл көтеру үшін өзіне де, оған да шарапты аямай құя берді.


Таң атып келеді. Ал олар әлі отыр. Үй иесі әбден зеріккен. Ол орнынан түрегелді.


— Ұйықтасақ — ұйықтайық, — деді Серпуховской да орнынан тұра беріп. Ол ырсылдап, шайқала басып өзіне арналған бөлмеге кетті.


Үй иесі ашынасының қойнында жатыр.


— Мына шіркінге дауа жоқ. Ішіп алады да, өтірікті судай сапырады.


— Маған да қырындаған болады.


— Ақша сұрай ма деп қорқамын.


Серпуховской төсекте киімшең жатыр, тынысы тарылғасын ырс-ырс етеді.


"Көбірек бөсіп кеттім білем, — деп ойлады ол, — Жарайды, енді бәрібір. Шарабы жақсы екен, бірақ өзі нағыз шошқа. Көзі тоймас көпес. Мен де нағыз шошқаның өзімін ғой, — деді ол өзіне-өзі, сосын қарқылдап күлді, — Заманында мен өзім басқа біреулерді асыраушы едім, енді мені басқа біреулер асырайтын болды. Иә, Винклерша асырайды ғой — мен одан ақша алып жүрмін. Шоқ-шоқ, сол еді керегі! Алайда шешінуге, етікті сыпыруға дәрмен жоқ".


— Әй! Әй, қайдасың? — деп дауыстады ол, бірақ оны күтуге қойылған адам әлдеқашан ұйықтап қалған еді.


Ол түрегеліп отырды, кителін, желеткесін шешті, шалбарын аяғына түсіріп, бірдеме ғып сыпырды әйтеуір, ал етіктерін көпке дейін шеше алмады, жуан қарны еңкейтпейді. Сыңар етігін сыпыруға ғана әлі келді, екіншісімен әуреленіп-әуреленіп, ентіккесін қойды. Сөйтіп, ол бір аяғы етігінің қонышында қалған күйі қор ете түсті; бөлменің іші темекі мен шараптың, көңілсіз кәріліктің қоңырсыған исіне толып кеткен еді.


Он екінші тарау


Егер Аршынала бұл түні тағы не болғанын есіне алар болса, онда Васьканың оны қалай әуреге салғанын айтар еді. Васька ала аттың арқасына жабуды тастай беріп, шарапханаға бір-ақ тартқанды. Ала ат шарапхана алдында бір мұжықтың атымен бірге таң атқанша қаңтарулы тұрды. Екі ат түні бойы бірін-бірі қасып шықты. Таңертең жылқыға барған соң ала ат тынымсыз қасына берді.


"Мұншама қышытқаны несі", — деп ойлады ол.


Арада бес күн өтті. Оташы шақыртылды.


— Нағыз қышыманың өзі. Сығандарға сатып жіберу керек, — деді ол.


— Қажеті не? Онан да бауыздап тастау керек, бүгіннен қалдырмай көзін құртқан жөн.


Күн ашық, ауа тымық болатын. Жылқы атаулы өріске кетті. Аршынала қорада қалды. Бір кезде үстіне сағалданған қара бешпент киген, кір-кір, қатқан қара кісі келді, ұсқыны адам шошырлық. Бүл өлімтіктің терісін сыпырушы еді. Ол Аршыналаны жетектеп қорадан шыға берді, тізгіннен ұстағанда атқа бұрылып қараған да жоқ. Аршынала да алаңсыз жүре берді, әрқашанғысындай аяқтарын сүйрете басып барады. Қақпадан шыққасын ат құдыққа қарай бұрылды, бірақ қатқан қара тізгіннен тартып қалып: "енді саған судың қажеті жоқ", — деді.


Қатқан қара мен оның соңынан ерген Васька кірпіш сарайдың арт жағындағы сайға келді де, осы арада алабөтен бірдеңе бардай тоқтады, сосын қатқан қара тізгінді Васьканың қолына ұстата салып, өзі бешпентін шешті, жеңін сыбанып жіберіп қонышынан кездігі мен қайрағын алды. Ол кездігін жалаңдатып қайрауға кірісті. Ала ат тізгінді малжаңдатпақшы болып мойнын созғанмен аузын жеткізе алмағасын, бір күрсінді де көзін жұмды. Еріндері салбырап кеткен, мұжылған сары тістері көрініп тұр, өзі қайрақтың дыбысына еліткендей мүлгіп қалған. Тек тізесінде жұдырықтай ісігі бар ауру аяғы оқтын-оқтын дір етеді. Кенет ол өзін жағынан қапсыра ұстап алып, басын жоғары көтеріп жатқандай сезінді. Ол көзін ашты. Алдында екі ит көрінді. Біреуі қатқан қараға қарай тұмсығын созып ауаны иіскелейді, екіншісі ала аттың өзінен бірдеңе күткендей жаланып дәл қарсы алдында отыр. Жануар екі итке көздерін бір тастады да, қатқан қараның қолына жағын үйкелей бастады.


"Тегі, емдемекші шығар. Мейлі!" — деп ойлады ол.


Дәл ойлағанындай, ол қыл кеңірдектен өткір бірдеңемен егеп жатқандай сезінді. Қатты ауырып барады, бүкіл денесі дірілдеп, аяқтары тыпырлап кетті, бірақ байғұс неде болса шыдап бақты, ақыры не боларын күтті. Бұдан кейін мойнына, омырауына жып-жылы бірдеңе сигектеп аққандай болды. Ол енді екі бүйірін ішіне тартып, қырылдай бастады. Денесі бір түрлі жеңілдеп барады. Өмірдің бесбатпан жүгі біржола түскендей. Ол екі көзін жұмып, басын сұлқ тастады — оны енді ешкім ұстап тұрған жоқ-ты. Сонан соң мойны да өзінен-өзі жерге жанаса берді, серейген аяқтары ербеңдеп, бүкіл денесі теңселіп кетті. Қорқыныш қаперіне кірер емес, таң қалып жатыр. Өзгеше бір сезімнің құшағына еніп бара жатқан секілді. Аң-таң болған ат бар дәрменімен бір жұлқынды. Бірақ аяқтары ербең етті де бүгіліп қалды, ал бұлқынған кезде сәл көтеріліңкіреген сүлдерсіз денесі сол қабырғасына қарай қайта құлай берді. Қатқан қара тұяқ серпер жантәсілім сәт біткенше тоса тұрды, сосын жалаңдаған иттерді қуып тастап, атты қыр арқасына аунатты да, Васькаға аяқтарынан ұстатып қойып, өзі терісін сыпыруға кірісті.


— Бұл да бір кезде ат болды-ау, ә.


— Қоңы түзу болса, терісі де дұрыс болатын еді, — деді қатқан қара.


Кешке қарай өрістен қайтқан жылқы дөңнің басымен өтіп бара жатты, олардың бергі шетінде келе жатқандарына сайдың табанында бірдеңенің қып-қызыл болып теңкиіп жатқаны, маңында иттердің жүргені, қарға-құзғынның үймелегені көрініп тұрды. Әне бір ит өлімтікке ауызды салып жіберіп, шірене жұлқылап жатыр, басын шайқап қояды. Күрең байтал тоқтап, төмен жаққа мойнын соза одырая қарады, сосын бірдеңенің исін сезгендей пысқырынып қойды. Жылқышы оны зорға айдап әкетті.


Таң алдында қара ормандағы терең жыраның түбінде, қалың бұта арасындағы алаңқайда қасқырдың жас бөлтіріктері қыңсылап қоя берді. Олар бесеу еді: төртеуі бір шамалас та, біреуі кішкентай, басы үлкен-ақ. Түлеген арық қаншық бұтаның арасынан шығып, бөлтіріктерінің алдына келіп шоқиып отырды, емшектері салбыраған, қарны жер сызады. Бөлтіріктері қыңсылап, телміре қарап қалды. Ол ең кішкентай бөлтіріктің алдына барып, құсқысы келгендей, басын еңкейтіп бірнеше рет қатты лоқсыды да, көмейінен бір кесек жылқының етін лықсытып шығарды.


Үлкенірек бөлтіріктер ұмтыла беріп еді, енесі оларды қуып тастап, етті ең кішкене бөлтірікке жегізді. Ол да осал емес, өзінің үлесін астына басып алып құныға асай бастады. Енесі екіншісіне де, үшіншісіне де, бөлтіріктердің бәріне, дәл осылайша құсып, өз үлестерін бөліп берді де, өзі жатып тынығуға кірісті.


Бір аптадан соң кірпіш сарайдың сыртында жылқының үлкен бас сүйегі мен екі жілігі ғана жатты, қалғаны ит-құстың аузында кеткен еді. Жаздыгүні даладан сүйек жинаған мұжық бүл жіліктер мен бас сүйекті де алып кетіп іске жаратты.


Жарық дүниеде жер басып жүрген, өзіне бұйырған ризығы таусылғасын дүние салған Серпуховскойдың денесі әлдеқайда кейінірек жерленді. Оның терісі де, еті де, сүйегі де кәдеге асқан жоқ. Жарық дүниені босқа ыстаған тірі аруақ жиырма жыл бойы жұрттың бәріне қандай масыл болса, енді оның өлігін жерлеу жұртқа тағы да қосымша әурешілік болды. Ол әлдеқашан ешкімге керек емес-ті, әлдеқашан жұрттың бәріне масыл болатын, бірақ дегенменде өлілерді қара жердің қойнына жасырушы пенделер осы, кеудесінен шыбын жаны шығысымен-ақ шіри бастаған, ісінген денеге жақсы мундир мен жақсы етік кигізіп, торт бұрышында жаңа шашақтары бар жаңа жақсы табытқа салып, сосын бұл жаңа табытты басқа, қорғасын табытқа салып Мәскеуге апаруды, сөйтіп онда ескі бейіттегі атамзаманғы өліктердің сүйегін бір жағына ысырып тастап, жаңа мундир мен жылтыраған етік кигізілген осынау іріп-шіріген, құрты құжынаған өлікті нақ осында көмуді қажет деп санады.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу